5.12.2015, 6:01
Қараулар: 830
Қаршадай қыз қайда кетті?..

Қаршадай қыз қайда кетті?..

DSC03437


Оралдағы №37 мектептің 7 «а» сынып оқушысы Ділнәз Әділова анасымен бірге жоғалып кетті. Бұл туралы аталмыш мектепте өткен «Отбасы, мектеп және қоғамның ұрпақ тәрбиесінде игілікті болашақ жолындағы өзара ынтымақтастығы» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды. Жиынға БҚО прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заңдылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина, БҚО дін істері басқармасының бөлім басшысы Оңғар Ташкенбаев және басқа да бірқатар сала мамандары, мұғалімдер мен ата-аналар қатысты.


— Бұл оқиға оқушылардың күзгі демалысында болды. 7 «а» сыныбында оқитын Әділова Ділнәздің дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын анасы Хасанғалиева Бақытжамалмен бірге із-түссіз жоғалып кетуі бізді қатты қынжылтуда. 4 қарашада күзгі демалысқа кетіп, 12 қараша күні сабаққа келмеген Ділнәздің анасымен сынып жетекшісі хабарласты. Алайда екеуінің де телефоны сөндірулі болды. Қыздың әкесі Жеңіс Хасанғалиев Атырауда вахталық әдіспен жұмыс істейтін еді. 13 қараша күні әкесі мектепке келіп, қызы мен әйелінің жоғалып кеткенін айтып, етегі жасқа толып жылап, бізден көмек сұрады. Біз БҚО ішкі істер департаментіне хат жазып, оқушымыздың жоғалып кеткенін хабарлап, іздеу салуын сұрадық. Олардың анықтауы бойынша, күні бүгін Ділнәздің анасымен бірге Қазақстан аумағынан шығып кеткені белгілі болып отыр. Бірақ қай елге кеткені бізге белгісіз. Бұл оқиға бізді қатты алаңдатады, — деді дөңгелек үстелді ашқан мектеп директоры Тамара Мұсақызы.

№37 мектепте 1200 оқушы білім алуда. Соның 39-ы – дәстүрлі емес діни бағытты ұстанатын оқушылар (ата-аналарының саны – 24).

Олардың ішінде 14 қыз бала хиджаб жамылады. Газетіміздің 24 қыркүйек күнгі санында (2015 жыл) аталмыш мектептегі осы хиджаб дауы туралы «Хиджаб дауының астарында не жатыр?» атты мақаламыз жарияланған болатын.

Жиында тәртібі, оқу үлгерімі жақсы оқушысын жоғалтып отырған ұстаздар қауымымен қоса ата-аналар да бұл оқиғаға қатты алаңдайтындықтарын білдірді.

«Ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын»

– Мен ата-ана ретінде қатты алаңдаулымын, — деді Айымгүл Қазиева. — Қоғамда болып жатқан неше түрлі сорақы жағдайларды естіп те, көріп те отырмыз. Ділнәзбен қызымыз бір сыныпта оқыды. Діни ағымдағы ол қыздың менің қызыммен хабарласып, оған кері әсер етпесіне кім кепіл? Балалар ғаламтор арқылы хабарласып жатады. Ділнәзда барлық сыныптасының телефон нөмірі бар. Ол қызыма, әлде басқа сыныптасына скайп арқылы шығып, «Мында керемет» деп суретін жіберіп, көңілдерін бұзып, алаңдатса қайтеміз? Қызым Ділнәздің жоғалып кеткенін жүрегіне ауыр алды. «Мама, Ділнәз жоқ, жоғалып кетіпті» деп мектептен уайымдап келді. Бұл оқиға жалғыз оған емес, барлық сыныптастарына қатты әсер етіп отыр. Қызымның телефонын тексеріп, кімдермен сөйлескенін бақылап отырамын. Алайда ата-аналардың көңілінде  үрей, қорқыныш басым…

Жиында бұдан басқа бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері — жасөспірімдер арасындағы суицид, екпе және хиджаб мәселелері қаралды. Бұдан әрі сөз алған мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ботакөз Жасанова әлем бойынша суицидтің 3 есеге артқанын, күн сайын 3 мың адам өз-өзіне қол жұмсайтынын, ал Қазақстанның 2-орында тұрғанын айтты.

«Жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу» тақырыбында Орал қалалық №5 емхана психологы Валентина Оразғалиева сөз сөйледі. Ол №5 емханаға қарайтын аумақ тұрғындары арасында 12 суицид әрекетінің болғанын, оның алтауының өліммен аяқталғанын, оның ішінде 14 жастағы жасөспірімнің қайғылы қазаға ұрынғанын, жалпы 15-24 жас аралығындағы жастардың суицидке бейім келетінін айтты. Психолог балалардың жан күйзелісі және одан арылу жолдарын мектеп ұжымымен бірлесе анықтап, қиындықтан шығар жолдарды қарастыру керектігіне тоқталды.

— Жасөспірімдердің мінезі тұрақсыз, сол себепті сенгіш келеді, жел сөзге еріп, ойланбай, әр түрлі әрекетке барады. Мектеп психологтары З. Кәрімова мен Д. Сәрсенғалиев оқушылармен жеке сөйлесіп, сауалнамалар жүргізіп, қиындықтан шығуға жол көрсетіп, бала бойында жағымсыз сипаттар көрініс тапса, оны тежеп, оң бағытқа өзгертуге күш жұмсауда. Бұл мамандар «Сенім телефоны» арқылы да қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың алдын алуда еңбектенуде, — деді мектеп директоры.

22 оқушы екпе алған жоқ

Бұдан соң сөз алған Орал қалалық №5 емхананың тәжірибелі дәрігері Абылай Төрешев екпеден бас тарту бала өміріне қауіпті екені туралы сөз тарқатты. Мектепте 22 оқушының ата-анасы вакцинадан бас тартып отыр. Жиында сөз сөйлеген мұғалімдер «Екпе алмаған балалардың алдағы өмірі қандай болады?» деп алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселе басқа ата-аналардың да наразылығын тудырды. «Дүниеге келген сәттен бастап екпе алған балаларымыз аурудан аман. Біз екпе алмаған-дар үшін алаңдаймыз. Олар ауырып қалып, біздің балаларға жұқтырмасына кім кепіл? Тіпті туберкулездің ашық түрі бар, оны жұқтыруы әбден мүмкін», — деді ата-аналар атынан сөз сөйлеген Жадыра Татпанова. Жарыссөзге қатысқан ата-аналар мектептегі екпе алмай отырған 22 оқушының міндетті түрде екпе алуына ықпал ету туралы БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қ. Ирменовтің атына хат жолдау туралы ұсыныс айтты. Тіпті «Екпе алмаған баланы мектепке кіргізбеуге бола ма?» деп прокурорға сұрақ қойды.

— Аурудың алдын алудың ең тиімді жолы – екпе алу. Бірақ заң бойынша кәмелетке толмаған балаға екпе салу ата-ананың рұқсатымен болуы керек. Екпе алмаудың кесірінен бала ауырса, ата-ананы әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы Бас прокуратураға ұсыныс бердік. Ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін арттыру туралы депутаттар да мәселе көтеруде. Ал екпе алмады деп баланы мектепке кіргізбеуге ешкімнің құқығы жоқ. Дұрысында, балабақша мен мектепте алғаш келген әр баладан екпе алғандығы туралы құжат сұралуға тиісті, — деп жауап берді БҚО прокуратурасы экстремизмге және терроризмге қарсы күрестің заң-дылығын қадағалау бөлімінің басшысы Алмас Оңаев.

Хиджаб дауы қашан бітеді?

Мектеп директоры Тамара Мұсақызы дәстүрлі емес діни бағыттағы ата-аналардың мектеп ережесіне бағынбай, мектеп киімінен бас тартып отырғанына, хиджаб дауының ұзаққа созылып кеткеніне қынжылды.

— Мұсылмандық жолды ұстап отырған ата-аналарды сыйлаймыз. Алайда дәстүрлі емес діни бағыттағы қыздар мектептің тәр-тібіне бағынуға тиісті. Мектептен тыс уақытта мешітіне барсын, хиджабын жамылсын, ал сабаққа мектеп формасын киіп, шашына бантик тағып келуге міндетті. Мектеп ата-анадан да, баладан да осыны талап етуі керек. Ал егер ата-аналар мектептің ережесіне бағынбайтын, оны орындамайтын болса, құқық қорғау мекемелер арқылы шешу керек. Алайда болашақта бұл мәселе екіжақты келісіммен оң шешімін табады деп ойлаймын, — деді Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Роза Зайнуллина.

Мектепте 10-16 жас аралығындағы оқушыларға жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 97 пайызы мектепке хиджаб киюге қарсылық білдірген. 3 пайызы, яғни діни бағыттағы 6 оқушы «хиджаб жамылу дұрыс» деп жауап берген.

«Сауалнамаға қатысқан оқушылардың бүгінгі қоғамда болып жатқан жағдайлардан толық хабардар екенін және діни көзқарастарының оң бағытта қалыптасқанын көрдік. Нәтижесінде діни бағыттағы оқушылардың алтауынан басқасы хиджаб жамылуды қолдамайтынын немесе жауап бере алмайтындарын айтты», — деді мектеп психологы З. Кәрімова.

Жиында сөйлеген ата-аналар хиджаб жамылған кішкентай қыздардың өз қыздарымен бірге жүгіріп, бала болып ойнай алмайтынына аяушылық білдіріп, олардың бір-бірінен бөлектенгенін қаламайтындықтарын айтты. «Бұл – олардың балалығына қиянат», — деді олар.

Дөңгелек үстелге діни бағытты ұстанған ата-аналар да қатысты. Олардың «Мектеп біздің балаларымызды шеттетеді» деген сөзіне мектеп директоры: «Қыздарыңыз сабақты жақсы оқиды, тәртіп бұзбайды, шетінен ибалы. Біз оларды жақсы көреміз. Егер мектеп оларды хиджаб жамылады деп шет-тетсе, олар сыныпта топ басшысы болар ма еді?» деп жауап берді.

Жиынның қорытынды шешімі құзырлы орындарға жолданбақ. Дөңгелек үстелде талқыланған бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері қалай шешімін табады? Оны болашақ көрсетер. Десек те, бұра тартқан діни ағымның жетегінде жүріп, адасып, ел асып кеткен Бақытжамал қасына қаршадай қызы Ділнәзді неге ертіп кетті? Қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан қыздың ендігі тағдыры не болады? Олар елден тыс не күйде жүр? Анасы адасқанын түсінген кезде кеш болмай ма? Бұл сауалдар біздің жүрегімізді ауыртты.

Бет қатталып жатқанда «Бақытжамал Хасанғалиева мен оның қызы Ділнәз Әділовадан не хабар бар?» деген сауалмен мектеп директоры Тамара Мұсақызымен хабарласқан едік. Директор олардың Мәскеу арқылы Сирияға кеткені туралы хабар алып отырғанын айтты…

Оңғар ТАШКЕНБАЕВ,

Дін істері басқармасының ақпараттық түсіндіру бөлімінің басшысы:

— Бүгінгі қоғамда дін бағытында кереғарлық болып жатқаны шындық. Кейбіреулер діндар азаматтарды дұрыс түсінбей, керісінше сол діни бағыттағы азаматтар зайырлы ұстанымдағы азаматтарға қарсы бетбеткей бағыт ұстануда. Елбасы Н. Назарбаев «Радикалды ағымдармен күрес барысында дәстүрлі исламмен күреспеңдер» деген. Бұл – жан-жақты ойланып, ақылмен шешілетін мәселе. Біздің жұмысымыз – исламмен емес, ислам атын жамылған радикалды ағыммен күресу. Бүгінде 400-ден астам қазақстандық Сириядағы соғысқа қатысуда. Оның 150-ден астамы – әйел. Ол елде мұсылман мұсылманды өлтіріп жатыр. Тәкпірлік жолдағы азаматтар исламды дұрыс түсінбегендіктен, осы жолға түсіп кетті. Жастарды олардан қорғау – әр ата-ананың міндеті. Бала намаз оқыса, ол қандай бағытта екенін анықтау қажет. Баланың мінезіндегі өзгерістерден-ақ, мысалы, намаз оқымаған ата-анасының қолынан тамақ ішпесе, оның адасуға бет алғанын көруге болады. Бала радикалдана бастаса, мемлекетке, имамға қарсы шыға бастайды. Баладан осындай қылықтар байқалса, ата-ана қол қусырып қарап отырмай, дереу дін істері басқармасына келіп мамандардан кеңес алуы керек. Республикалық «114 қауырт желіге» және облыстағы 24-46-46 телефонына хабарласуыңызды сұраймыз. Ал хиджаб мәселесі исламда бар. Бірақ зайырлы мемлекеттің білім мекемелерінің де өз ережесі бар. Оның үстіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы кәмелетке толмаған қыз балаға хиджаб кигізбеу туралы пәтуа шығарған. Сондықтан мектеп тәртібімен санасып, мектеп пен ата-ана ортақ бір келісімге келуі қажет.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.