Ерлермен бірге иық тірестіре еңбек етіп жүрген нәзік жанның бірі – Дина Ғалиметденова. Ол жайдары қалпымен айналасына жылылық сыйлайды. әр үйдің электр жарығымен қамтамасыз етілуіне де мүдделі. Өйткені ол – облыс халқын энергиямен жабдықтап отырған «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ның бас директоры.
Орал қаласында қарапайым отбасында өскен Дина Ерсейітқызының әкесі инженер, ал анасы фельдшер болып еңбек етті. Отбасындағы үш қыздың ортаншысы сол кезде қаладағы мықты мектептердің бірі болған №35 мектеп-лицейді 1997 жылы үздік бітіреді. Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясының құқықтану факультетіне түскен Дина Ерсейітқызы үздік оқып, «Конденсат» АҚ-ның шәкіртақысын иеленеді. Ал екінші курста сол компанияда тәжірибеден өткен студент алғашқы еңбек жолына қадам басады. Білікті мамандардың қасында теорияны практикамен ұштастырған ол үшінші курста-ақ компанияға жұмысқа қабылданады. Танымал ірі компанияның жұмысы жан-жақты білімді қажет еткендіктен, академияның қаржы және несие факультетінде сырттай білім алады. Әр жылдары «Конденсат» АҚ-да бас заң кеңесшісі, осы кәсіпорынның кадр және әлеуметтік мәселелер департаментінің, кейін директорлар кеңесі аппаратының басшысы болып еңбек етеді. Жауапты да ауқымды жұмыс барысында техникалық, құқықтық және кадрлық, экономикалықмәселелерді үйлестіріп, өмірлік тәжірибе жинайды.
– 2016 жылы маған «Батыс Энергоресурсы» ЖШС-ын басқаруға ұсыныс түсті. Басшылық қызметтің жауапкершілігі көкейге қорқыныш ұялатып, ұжымның қалай қабылдайтыны қобалжытқанымен, осы кезге дейінгі тәжірибеме сендім. Ұжымның ауызбіршілігі мықты. Бір айта кететін жайт, біздің қызметкерлер спортқа бейім, облыстағы қоғамдық шараларға белсенді қатысады. Әлеуметтік жобалармен де айналысады. Ұжымымыз «жас», яғни қызметкерлердің сексен пайызы 40 жасқа дейінгілер. Бізде достық қарым-қатынас, корпоративті мәдениет қалыптасқан, – дейді Дина Ерсейітқызы.
Бүгінде интернационал отбасында Арина және Тимур есімді ұл-қыз тәрбиеленуде. Отбасы мүшелері де спортқа ден қойған десе болады. Жұбайы Игорь Никольченко – волейболдан ұлттық құраманың бапкері. Ал он екі жастағы Арина анасы секілді бадминтонмен және волейболмен айналысып жүр.
Бір шаңырақтың ұйытқысы болып отырған Дина Ерсейітқызы негізінен ер адамдарға тән кәсіп болып саналатын энергетика саласын ұршықша үйіріп жүр. Жауапты қызметімен қоса, ол облыстағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Іскер әйелдер кеңесінің» мүшесі. «Қазірбизнес ашып, мекеме де басқарып, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласып жүрген нәзікжандылар көп. Мысалы, құрылыс саласында Валентина Михно, таза су өндіретін компанияға жетекшілік ететін Лилия Хайруллина, «Конденсат» АҚ-ны басқаратын Нурия Муфтеева секілді басқа да мықты белсенді әйелдер бар. Елімізде нәзік жандыларға отбасы-ошақ қасында отыра бермей, жаңа бастамаларды қолға алуына берілетін мүмкіндік зор», – дейді кейіпкеріміз.
Дина Ерсейітқызы – 2016 жылдан бері облыстық мәслихаттың депутаты. Оған дейін Орал қалалық мәслихат депутаты болып сайланып, қоғамдық жұмыстар барысында тәжірибе жинақтаған. Өткен жылы қазан айында депутаттың қарамағындағы №29 Әбілқайыр хан сайлау округіндегі№39 мектептің айналасын жарықтандыру мәселесі оң шешімін тапты. Ал бұл мәселені ата-аналар мен мұғалімдер көп жылдан бері айтып келе жатқан болатын.
– Бүгінде Оралдағы көшелерді жарықтандыру, абаттандыру өзекті мәселелердің бірі саналады. Аталған №39 мектептіңалдына бағдаршам қою да күн тәртібінде тұр. Ол жердегі жаяу жүргінші жолы жарық болғанымен, көлік өте көп жүреді. Сондықтанқауіп әлісейілген жоқ. Осы мәселе бойынша депутаттық сауал жолдадым. Құзырлы мекеме таяуда бұл мәселенің шешілетінін айтып отыр. Сондай-ақ №39 мектептің ауласын абаттандыру да өзекті.Осы округтен депутат болып сайланған жылы мектепті күрделі жөндеуге мүмкіндік алған едік. Бірақ ол қаражатқа мектеп айналасын абаттандыру жұмысы кірген жоқ. Жалпы, бұл мектептің маңында ойнайтын балалар көп. Алайда сол айналадағы №4 және 16 мектептер ауласында лайықты спорт алаңы жоқ. Ең болмаса, №39 мектептің ауласында спорт алаңы болса, балалардың уақытын тиімді өткізуге мүмкіндігі болар еді. Мен мұндай алаңдар салудың маңызы зор деп ойлаймын. Өйткені балалардың физикалық күш-қуатын дер кезінде дұрыс пайдалануға мүмкіндік беру керек. Олар спортқа деген қызығушылығын жоғалтпағаны жөн. Сондықтан депутаттар да, қала басшылығы да балалардың спортпен шұғылдануына жағдай жасау жағын назардан тыс қалдырмайды. «Батыс Энергоресурсы» ЖШС «Конденсат» компаниялар тобының әлеуметтік серіктесі ретінде спортты дамытуға көп көңіл бөліп келеді. Менің қамқорлығымдағы №39, №23 және №16 мектептерде бадминтон секциясын дамытып келеміз. «Мен елімді сүйемін» деген жалаң сөзді айта бергенше, тиянақты іс атқарып, патриоттық нақты іс-әркетпен көрінуі керек, – дейді Дина Ерсейітқызы.
Білдей мекеменің басшысы Дина Ерсейітқызы «Nur Otan» партиясының белді мүшесі болып табылады. Елімізде үрдіс алған цифрландыру, қағазбастылықтан құтылу, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүргізу секілді жұмыстар үнемі депутаттардың назарында.
– Қоғамда күнделікті көріп жүрген әрі негізгі мәселенің бірі жұмысқа орналасудағы қиындық екенін айту керек. Өйткені жоғары оқу орнын бітіріп, мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмай жүрген жастар бар. Менің ойымша, Білім және ғылым министрлігі нарықты жете зерттемейді. Өйткені қажетті маманға тапсырыс беруші кім? Бизнес өкілдері. Бос жұмыс орындары да бизнеске тиесілі. Нарықта қай мамандықтың қажет екенін білетіндер де – бизнес өкілдері. Сондықтан да министрлік елімізде қандай мамандықтың тапшы екенін біліп қана қоймай, алдағы бес жылға болжам жасауы керек деп ойлаймын. Қазір жастар қандай мамандықтар сұранысқа ие екенінен хабарсыз. Заңгерлер мен бухгалтерлер, экономистер тым көп. Оқу орындарын бітірген жастар өндіріс орнына «шикі» болып келеді. Дипломға сай маман болып қалыптасуы үшін кадрды тағы бір жыл ширату қажет. Әр мекеме кадрларды өз қаражаты есебінен қайтадан оқытып, үйретеді. Министрлік бизнес саласымен тығыз байланыста болып, жоғары оқу орындары заман талабына сай қажетті мамандар дайындауға бейімделуі керек, – дейді Дина Ерсейітқызы.
Біздің кейіпкеріміз мектептерде кәсіптік бағдар берілмейтінін де сынға алады. Сондықтан да ел деңгейінде айтылып жүрген мәселені шешуге жергілікті жердегілердің де үн қосуын маңызды санайды. Депутаттың қамқорлығындағы мектептерде екі жылдан бері кәсіптік бағдар беру жұмысы жүргізіліп келеді екен. Бұл жөнінде депутат: «Қырық шақты оқушының арасынан біреуі болса да энергетика маманы атанып, жұмысқа орналасса, соның өзі үлкен жетістік болар еді», – дейді.
Энергетика саласында да атқаратын іс көп. Бар мәселе тарифке тірелетіндіктен, кәсіпорында қиын жағдайлар болып тұрады. Дина Ерсейітқызының сөзінше, кәсіпорын экономикалық тұрғыда табысқа қарық болып отырған жоқ. Сондықтан да энергетиктердің алдындашығынды жабу бағытында жұмыстану міндеті тұр. Ал бұл – облыс тіпті республика көлемінде «бас ауыртып» шешілетін үлкен мәселе. Алайда «Батыс Энергоресурсы» ЖШС бір орында тұрған жоқ. Кәсіпорын желтоқсан айында коммуналдық төлем жасайтын бірыңғай төлем құжатын жасап шығарды. Алдағы уақытта тұтынушыға сапалы да ыңғайлы болатын бірыңғай есеп айырысу орталығын ашуды жоспарлап отыр.
– Биыл қызмет етіп, еңбек жолында шыңдалғаныма 20 жыл толады. Осы жылдар ішінде талай қиындықты да, қуанышты да көрдім. Алайда мектептегі ұстаздардан бастап, оқу орнындағы оқытушылардың, жұмыстағы тәлімгерлердің менің қызмет сатысында білікті маман ретінде қалыптасуыма қосқан үлесін үнемі есіме алып отырамын. Бүгінде ерлерге тән жұмысты әйелдер де атқара алады. Адам өзінің білімі мен күшіне сенуі керек. Ұжымдағы жас мамандарға ерінбей, қоғамдық өмірге атсалысу қажеттігін айтып отырамын. Бұл олардың одан әрі шыңдалып, кәсіби маман ретінде қалыптасуына себеп болады. Ең бастысы, алаңсыз жұмыс істеп, отбасының шаттығына бөлену үшін еліміздің тыныш болғаны абзал. Сондықтан халқымыздың амандығын, аспанымыздың ашықтығын тілеймін. Қолда барға қанағат етіп, қадірін білген жөн. Қазіргі жиырма бірінші ғасырда адамның дамуы, ісін жүзеге асыруы үшін барлық мүмкіндік бар. Әйелдердің бәрі басшы болуы шарт емес. Әйтсе де, кәсіп ашып, өзі қалаған, жанына жақын қызметті қолға алуына жол ашық, – дейді Дина Ерсейітқызы.
Ясипа Рабаева