Сейсенбі күні Орал қалалық соты өткен жылдың соңында төрт балалы ананы қазаға ұшыратқан жол-көлік оқиғасына айыпты деп танылған Медет Рахадиловке үкім шығарды. Сот отырысында өз кінәсін толығымен мойындаған М. Рахадилов ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өз жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.
Сотта келтірілген деректерге сүйенсек, өткен жылдың 7 желтоқсанында түнгі сағат үштер шамасында құқық қорғау саласының қызметкері М. Рахадилов ішімдік ішкен күйі көлік басқарып, соңы адам өліміне әкеп соққан көлік оқиғасына жол берген. Апатты жағдай салдарынан 29 жастағы Іңкәр Бектұрғанова ашық бас жарақатын алып, облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Жол-көлік оқиғасы кезінде ауыр жарақат алған азаматша көп ұзамай ауруханада көз жұмған.
Жол апатынан қазаға ұшыраған Іңкәрдің жұбайы Серік Бектұрғанов соттың алғашқы отырысынан соң берген сұхбатында: «Сол түнде досымыздың туған күн кешінен шыққан едік. Қасымызда біздің көлікпен үйлеріне жақындап қалғысы келген ерлі-зайыптылар да бар еді. Көлік тізгінінде зайыбым Іңкәр болды. Жәңгір хан көшесі бойында машинамыздың жанармайы таусылып қалды. Қараңғы мезгіл болған соң, көліктің ескерту шамдарын қосып, жақын маңдағы жанармай бекетіне дейін итеріп баруды жөн санадық. Кенеттен қатты жылдамдықпен жүріп келген бір көлік біздің машинамызға соғылды. Біз соққыдан жол жанына құлап түстік. Қас пен көздің арасында не болғанын түсінбей де қалдық. Сәл ес жиған соң бізге соғылған үлкен жүк көлігі шығар деп ойладым. Себебі соққы сондай қатты болды. Іле-шала көлікке қарай жүгірдім. Қатты соққыдан қарысып қалған көлік есігін аша алмадым. Дереу терезені сындырып, көліктің аккумуляторын айырдым. Сол кезде Іңкәрдің көлік ішінде қысылып, қырылдап жатқан дауысын естідім. Қанша әуреленсем де, өздігімнен оны шығара алмадым. Кейін төтеншеліктер мен «Жедел жәрдем» келді. Екі тәулік ауруханада ауыр халде жатты. Дәрігерлер ота жасағанымен, оның өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Төрт бірдей бүлдіршініміз анасыз қалды. Кінәлі адамды еш кешіре алмаймын. Біз сенім артатын полиция қызметкерінің мұндай қылығы еш ақылға сыймайды. Ол мас күйінде көлікке отырғанда адамдардың өміріне қауіп тудыратындығын неге ойламады?» – деген болатын.
– Айыпталушы көлік қозғалысы ережелерін бұзуына байланысты адамның өліміне әкеп соққан ісәрекеті үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол 5 жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан шектетілді. Бұл жаза Қылмыстық кодекстің ескі редакциясымен қабылданды. Себебі аталған жол-көлік оқиғасы өткен жылдың желтоқсан айында орын алған. Қылмыстық кодекстің 6-бабына сәйкес заңның кері күші болмайтындығын ескере отырып, сол кездегі әрекет еткен заң шеңберінде сотталушыға тиісінше жаза қабылданды, – деді үкімді жариялаған судья Айжан Мырзалы.
Сондай-ақ судья сотталушының полиция басқармасының қызметкері болғандықтан, облыстық полиция департаменті басшылығының назарына осындай тектес қылмыстардың алдын алу үшін және полиция қызметкерлерінің арасында бұл мәселелерді талқылау үшін Қылмыстық кодекстің 405-бабына сәйкес жекеше қаулысының қабылданғандығын айтты. Аталған қаулыға сәйкес полиция департаменті бір ай мерзім ішінде сотқа жауап қайтаруға тиісті.
Сот отырысына қатысқан марқұмның жұбайы С. Бектұрғанов айыпталушыға барынша ауыр жаза қолданғанымен, жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтіндігіне көңілі толмайтындығын, алдағы іс-қимылын заңгерлермен ақылдасып жасайтынын мәлімдеді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Нұрбек Оразаев