Заман көшінен қалған құрылғылар мен тар аудитория, кәріз жүйесіне қосылмаған жатақхана – бұл заманауи жүйеге қайшы, кереғар көрініс.
Бүгінгі таңда бақташыны айтпай-ақ қойғанда, «Механизаторлар азайып кетті, ауылшаруашылығы мамандары жоқ» деген әңгімені екінің бірінің аузынан естіп жүрміз. Ондай мәселенің бар екендігі де рас. Бірақ осындай мамандарды дайындауда аудандағы Сырым колледжінің ұжымы қал-қадерінше тер төгуде. Дегенмен ауылшаруашылығы саласы мамандарын баптайтын «ұстахана» саналатын бұл оқу орнында жасалған жұмыстың жөнді көрінбеуіне біраз мәселе кедергі.
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының талаптарына сәйкес білім беретін Сырым колледжінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, жастардың техникалық мамандықтарды игеруге қаншалықты құлықты екендігі, Елбасының 2018 жылғы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің үшінші бөлігінде айтылған «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» туралы тапсырмасының қалай жүзеге асып жатқаны туралы колледждің директоры Санат Берсебаевтан сұрадық.
– Бүгінгі таңда колледжімізде барлығы 125 студент оқиды. Әр мамандықта оқитын студенттерді іс жүзінде машықтандыру үшін «Сайынов-А», «Тоқсоба», «Жаңаталап», «Уайс», «Көктөбе» сияқты әлеуметтік серіктестерімізге, әрбір ауылдық округке жібереміз. Түлектерімізді жұмыспен қамтуда көштен қалмауға тырысып бағудамыз. 2019 жылы оқу бітірген 72 түлектің 56-сы жұмысқа орналасса, екі түлек ҚР Қарулы күштері қатарында қызмет етуде. Ұжымымда дәріс беретін оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері – 27 адам. Байқағаныңыздай, оқу орнының тар дәрісханалары, инженер-педагог, тамақ өнімдерінің технологі мамандарының жетіспеушілігі сықылды мәселелер шешілмей тұр, – дейді Санат Дәленұлы.
Мектептердегі мәселе колледжде де бар. Бұл жас мамандардың техникалық оқу орындарына, ауылдық жерге баруға құлықсыздығы. Шынтуайтына келгенде, аудан көлеміндегі жастар саясатын жүзеге асырудағы белсенді жастар Сырым колледжінен шығады. Қоғамдық күш ретінде алғы шептен табылып,
«Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы болатын да, аудандық шараларда жалау көтеретін де солар. Осындай жан-жақты, белсенді студенттердің жөні түзу жатақханасының жоқтығы қынжылтады. Колледж жатақханасының жайкүйін, тыныс-тіршілігімен таныспақ мақсатпен студенттер үйіне арнайы барып, жатақхана тәрбиешісі Назгүл Берсебаевамен жолықтық. Сөйтсек, бұл жерде де мәселе бар екен.
– Жатақханамыздағы студенттер тек аудан орталығының өзінен емес, сонымен қатар әрбір ауылдық округтен келгендер. Қазіргі таңда жатақханада 30 студент тұрады. Ал жатақханаға зәру студенттердің 50 пайызы орын тапшылығына байланысты орналаса алмады. Екі балаға арналған бөлмеде төрт бала жатуға мәжбүр. Соның өзінде жатақханаға мұқтаж студенттердің 50 пайызын ғана қамтып тұрмыз, – дейді тәрбиеші.
Расында, студенттерге жайлы жағдай ұсына алмай отырып, олардан білімді, мықты маман шығады деп үміттену қаншалықты орынды? Біздің пайымдауымызша, студент жастардың алаңсыз білім алуына оқу орнындағы қуықтай аудиториядан бөлек жатақханадағы әжетхананың сыртта орналасқаны да теріс ықпал етері айдан анық. Ал жатақхана ауласында тұрған сапасы сын көтермейтін, әйтсе де, қолда бар техника да жатақханаға зәру студенттердің тағдырын кешіп тұрғандай. Өйткені олардың «паналайтын» гаражы жоқ.
Қазіргі кезде күн тәртібінде «Заманауи білім» деген сөз алдыңғы қатарда тұр. Заман көшінен қалған құрылғылар мен тар аудитория, кәріз жүйесіне қосылмаған жатақхана – бұл заманауи жүйеге қайшы, кереғар көрініс. Ол ол ма, қазір жастардың рухани тәрбиесі де өзекті мәселе. Бұл мәселені шешейін десе, акт залы мен бірді-екілі спорттық құрал тұрған спортзалдың рөлін бір ғана бөлме атқарып тұр.
2018 жылы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Елбасы студент жастардың жағдайларын жақсарту тұрғысынан Үшінші әлеуметтік бастаманы іске асыру аясында 2022 жылдың соңына дейін кем дегенде 75 мың орынға жатақхана салуды тапсырған болатын. Бұл үшін, Елбасы атап өткеніндей, ЖОО-лар мен колледждерді мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаларын қолдана отырып, студенттік жатақханалар салуға және ынталандыру қажет.
Елбасының шегелеп айтқан тапсырмасы нақты қашан жүзеге аспақ? Білім алуға, сөйтіп жақсы маман болуға құлықты, бірақ жататын жайлы жатақханасы жоқ студенттердің жағдайы не болмақ?
Айжан Амангелдина