8 наурыз мерекесі қарсаңында Орал қаласында «GS Production» сән және кино мектебінің ұйымдастыруымен «UralskFashionWeek» балалар мен әйелдердің сән апталығы өтті.
Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен шарада Атырау, Алматы Ақтөбе, Оралдан және Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласынан келген барлығы оннан астам дизайнер түрлі стильдегі өз туындыларын ұсынды.
«GS Production» сән және кино мектебінің негізін қалаушы Гүлназ Смайлованың айтуынша, жергілікті дизайнерлерді халыққа жақыннан таныстырып, еліміздің өзге аймақтарындағы, шетелдегі білікті танымал дизайнерлерден тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған сән апталығы соңғы үш жылдан бері тұрақты өтіп келеді.
– Оралдағы биылғы сән көрсетіліміне тұңғыш рет шетелден дизайнер шақырттық. Өзбекстандық «ElmiraBatyrova» тігін үйінің иесі Эльмира Батырова бұл жолы заманауи стильдегі балалардың мерекелік киімдерін ұсынды. Одан бөлек алматылық «Chinara_Ylmuratovna» ательесінің иесі Чинара Датхабаева, атыраулық Ирина Нейбарт, оралдық Әсем Сырымова мен Жәмила Өтепқалиева сынды танымал отандық дизайнерлер де бар. Осыдан кейін Түркия елінде өтетін «StambulFashionWeek» сән апталығына әзірленетін боламыз. Оған Орал қаласынан он дизайнерге жолдама берілді, – дейді Гүлназ Нұрбергенқызы.
Айта кетелік, жылына екі мәрте ұйымдастырылатын биылғы сән әлемінің көктемгі топтамасында 4 пен 22 жас аралығындағы 60-қа жуық модель қатысты. Олардың кейбірі шетелдік сән көрсетілімдеріне қатысып, кино және жарнама өнімдеріне түсіп үлгерген.
Ләззат ҒИНИЯТҚЫЗЫ