2018 жылы қаламызда ауыр атлетикадан өткен жастар арасындағы ел чемпионатында серпе көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсеріп, ел рекордын жаңартқан Өтепберген Әлиев күні кеше ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында күміс медальді еншіледі. Оның жетістігі осы күні спорт жанкүйерлерінің аузында.
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – екінің бірі бара бермейтін спортты жанына серік етіп, алдына үлкен мақсаттар қойған Өтепберген Әлиев.
Спортқа құмартқан балаға «Кім боласың?» деген сұрақ қойсаң, ойланбастан футболшы, палуан не боксшы болатынын айтады. Бірақ ауыр атлет боламын дейтіндер жоқтың қасы.
2001 жылы Жаңақала ауданы Пятимар ауылында өмірге келген Өтепберген ата-анасымен бірге 2006 жылы Орал қаласына көшіп келеді. Спортшы болуды армандаған ол қаламыздағы №2 мектеп жанынан ашылған түрлі спорттық үйірмелерге барып көргенімен, көпшілігі көңілінен шықпай қояды. Грек-рим күресі ғана жанына жақын болды. Бозкілемнің «шаңын» қағып, облыстық жарыстардан жүлделі қайтып жүрді. Бірде ауыр атлетикадан БҚО-ның бас жаттықтырушысы Дәурен Байториев №2 мектепке келіп, аталмыш спорт түрінің қыр-сыры туралы айтып, спортзалға шақырады. Онсыз да ауыр атлеттердің өнерін теледидардан қарап қызығып жүрген Өтепберген бапкердің ұсынысын бірден қабыл алады. Сөйтіп, бозкілемді зілтемір залына ауыстырады. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап оның аңсары ауыр атлетикаға ауады. Содан бері жаттығуын тастаған жоқ. Тіпті осы күні зілтемірсіз өмірін елестете алмайды.
Жас спортшының ауыр атлетикаға деген қызығушылығын ата-анасы да байқап, Өтепбергеннің нөмірі бірінші жанкүйерлеріне айналған.
– Анам ауыр атлетиканың қандай спорт екенін біледі. Шұғылдана бастаған шақта «жарақат алып қала ма?» деп қорыққанымен, қолдауын аямады. Әкем де әрқашан дем беріп, намысымды жанып, масаттанбауымды ескертіп отырады, – дейді Өтепберген.
Төккен тер, тынымсыз еңбек көп ұзамай нәтиже береді. Алдымен қалалық, облыстық жарыстарға шыққан жас спортшы жанкүйерлер мен бапкер сенімін ақтап, жүлде ала бастайды.
Спортшының қарым-қабілетін байқаса керек, бапкерлері Өтепбергенді үлкен додаларға қосады. Өзіне артылған сенімді сезіне білген зілтемірші 2018 жылы екі бірдей ірі жарыста жеңімпаз атанады. Алғашқысы Алматыда өткен Анатолий Храпатыйды еске алу турнирі болса, екіншісі – Орал қаласында ұйымдастырылған жастар арасындағы ел чемпионаты. Ол кезде 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы ел біріншілігінің алтын медалін еншілеп, серпе көтеруде 124 келілік зілтемірді еңсеріп, Қазақстан рекордын жаңартады.
Қазір Өтепберген Алматы қаласында жаттығып жүрсе де, ауыратлетика әліппесін ашқызып, тырнақалды жетістіктеріне куә болған бапкері Дәурен Байториевпен ақылдасып тұруды әдетке айналдырған. Түрлі жарыстарда облысымыздың намысын абыроймен қорғап жүр.
– Өтепберген менің алғашқы шәкірттерімнің бірі десек те болады. Дене бітімі келісті тығыншықтай қара баланы көрген бойда «Осыдан бірдеме шығатын сияқты. Тек ауыр атлетикаға қызығушылығы болса екен…» деген ой келді, – дейді алғашқы бапкері. Дәурен Байториевті түйсігі алдамаған екен. Бір жылдан соң шәкірті облыстық жарыстарда қарсылас шыдатпай, Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдаманы жеңіп алған. Алғашқы ірі жарысында үздік үштікке ене алмаған Өтепберген өзін одан сайын қамшылай түскен.
– Ел чемпионатындағы төртінші орын біреулер үшін жақсы нәтиже көрінгенімен, Өтепберген оны ар санағандай. Жарыстан келген бойда демалыс алмастан жаттығуға кірісті. Мұндай жанкештілік өз нәтижесін берді, – дейді бапкер әңгімесін сабақтай келе. Өтепбергеннің тағы бір қасиеті, ол ешқашан жасымайтын көрінеді. Жұлқа көтеруден қарсыластарына есе жіберген сәттерде бапкеріне келіп: «Ағай, уайымдамаңыз! Серпе көтеруде бәрібір жеңіп шығамын», – деп басу айтып отырады екен. Бұл мінезі Оралда өткен жастар арасындағы ел чемпионатында жақсы көрінген. Басты қарсыласынан жұлқа көтеруде 5 келіге дейін есе жіберген Өтепберген тәуекелге барып рекордтық салмаққа тапсырыс берді. Нәтижесінде чемпионаттың алтынын еншіледі. Өзіне деген сенімділік, сәл ғана сәтсіздікке мойымау кейіпкеріміздің бойында бар қасиеттер.
– Ауыр атлеттердің біразы жаттығу залында тамаша нәтижелер көрсеткенімен, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарда бабы келіспей жеңіліп жатады. Ал Өтепберген керісінше жаттығу залынан гөрі, оқу-жаттығу жиындарын ұнатады. Көрсеткіштері де жаттығу жиындары барысында еселене түседі. Бұл да ауыр атлет үшін маңызды, – дейді Дәурен Байториев.
Болашақта еліміздің үздік ауыр атлеттерінің бірі болсам деген мақсат қойған спортшы қазір Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде білім алуда. Өзі үлгі тұтатын Илья Ильин, Алмас Өтешев, Жасұлан Қадырбаев сияқты еліміздің атын шығарып, әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарында өнер көрсеткісі келетінін де жасырмайды. Мақсатқа жетудің жалғыз жолы тәртіп пен еңбек екенін жете түсінетін оралдық оғлан жаттығу барысында тынбай еңбектенсе, спорттық режім мен тамақтануға да ерекше көңіл бөледі.
– Бапкерлеріміз біздің спортшы ретінде ғана емес, жеке тұлға болып қалыптасқанымызды қалайды. Сол себепті рухани тұрғыдан жетілуімізге де мән беріледі. Бос уақытымызда қызықты фильмдер көріп, кітап оқимыз, – деген жас спортшы қазір «Абай жолын» оқып жүргенін айтады. Оған дейін Абай хакімнің қара сөздерін оқып шыққан екен.
Жас болса да, алдына «артылған сенімді ақтасам, елімнің атын шығарсам» деген үлкен мақсат қойған спортшы қазір мамыр айында Орал қаласында өтетін ел чемпионатына дайындалуда. Арманы асқақ ауыр атлеттің бұл жолы да мерейінің үстем болуына тілекшіміз.
Түгелбай БИСЕН,
«Орал өңірі»