Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аналарға тағзым» атты мерекелік кеш өтті.
Мерекелік кеште өңірімізге есімдері танымал ақындар мен әншілер, ұстаздар мен мәдениет саласының ардагерлері бір сахнада бас қосты. «Жайықтың Шолпан жұлдызы» атанған айтыскер ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова, ҚР білім беру ісінің үздігі, ақын Дариға Мұштанова, ҚР мәдениет саласының үздігі Гүлбаршын Қасиетова, ҚР мәдениет қайраткері Ырысқаным Казиханова, ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Софья Ізмұханбетова жиналған қауымға ғибратты әңгімелерін айтып, бастан кешкен әдемі естеліктерімен бөлісті.
– «Аналарға тағзым» деген мерекелік кештің мәні мен мағынасы өмір сыйлаған, қуаныш сыйлаған, біз үшін түн ұйқысын төрт бөлген, бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербеп жүрген аналарға арналуының өзі үлкен міндет жүктейді. Ана мықты болса, азамат мықты болады. Әйелдің міндеті – әлемнің тыныштығын сақтау. Азамат – тыныс, ырыс, құт, әйел – тыныштық. Әуелі үйде тыныштық орнаса, жұмыста, қоғамда тыныштық болады. Қоғам тыныш болса, әлемде тыныштық орнайды. Тыныштығымызды сақтап, ырыс-құтымызды баптап, бала-шағамызды шапағатымызға шомылдырып, мейірімге орап,аман жүрейік, аналар, – деп алғысөздің тиегін Шолпан Батырқызы ақтарды.
Ал ақын Дариға Ғазезқызы қазіргі кездегі әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны, қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесі хақында әңгіме өрбітіп, жастарға жөн сілтеді. Кеш барысында белгілі ақын, әйгілі «Анашым» әнінің сөзін жазған Қайрат Жұмағалиев туралы әдемі естелікті паш етті.
– Бір жылы бір топ ақын болып, «Ақжайық» шипажайында демалып жүргенбіз. Жанымда Шолпан Батырқызы, Қайрат аға мен оның жұбайы Софья апаймен бірге тоғай ішін аралауға шықтық. Асықпай аяңдап келеміз. Бір кезде Қайрат ағаның кілт тоқтап, тоғай ішіндегі саф ауа, сөз жетпес әдемілікті көріп, тамсанып, «Мен 100 жыл болды, мұндай әдемі жерді көрмеппін, неткен ғажап еді» деп ерекше сүйсініп, сезімге беріліп тұрған сәті еді. Сол бір сәтті күтіп тұрғандай Шолпан апам да орайын тауып «Ағатай, ендеше, осы тоғайды сізге сыйға тарттым» демесі бар ма?! Сол бір ауыз сөзге ерекше қуаттанған Қайрат ағам: «Софа, Софа, қайдасың, Шолпанжан тоғайды маған сыйға тартып жатыр» деп алға ілгерілеп кеткен Софья апаны дауыстап шақырып алып, баладай қуанғанын көрсеңіз… Ал Қайрат ағамыздың анасына деген құрметін сөзбен сипаттап жеткізе алмаспыз. Анасына деген ұлы махаббаттан туған «Анашым» әні халық әні болып, ескірмейтін әндердің қатарын толтырып кетті, – деп Дариға Ғазезқызы сөзін түйді. Артынша өзі сөзін жазған «Беу, қыздар-ай» әнін әнші Гүлбаршын Қасиетовамен қосылып, бірі домбыра, бірі баянның сүйемелдеуімен шырқап берді.
Басқосуда Ырысқаным Мұқасқызы мен Софья Салахатдинқызы қазіргі таңдағы әйел бақыты, әжелердің қоғамдағы рөлі, енелер институты, келін мен қыздар тәрбиесі жөнінде өмірден түйген ғибратты әңгімелерін ортаға салды.
Кеш соңында облысымызға танымал өнерпаздар ана туралы әндерден шашу шашып, қонақтарға гүл шоқтарын ұсынды.
Ләззат ШАҒАТАЙ,
«Орал өңірі»