Өткен аптада қала әкімі, «NurOtan» партиясы Орал қалалық филиалының төрағасы Абат Шыныбеков «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде болды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өткен басқосуда шаһар басшысы сол жердің тұрғындарының хал-жағдайын сұрап, нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтады.
– Бүгін біздер тағдырдың тауқыметіне мойымай, жарқын болашаққа деген зор үмітпен күн кешіп жатқан сіздердей апаларымыз бен қарындастарымызды көктемнің жарқын мерекесімен құттықтауға арнайы келдік. Өздеріңіз секілді қамкөңіл жандар мемлекеттің әрдайым назарымызда болады. Еліміздегі «Nur Otan» партиясы ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жандардың алаңсыз өсуіне, оқып, білім алуына, баспанамен қамтылуына, өмірде өз орнын тауып, еліміздің толыққанды азаматы болуы үшін қолдан келер көмекті аяған емес. Күні кешегі партиялық бақылау аясындағы кездесуімізде өздеріңіз осы үйдің ауласын абаттандыруды өтінген болатынсыздар. Сол мәселе де партия мүшелерінің қолдауымен шешімін тауып, балалар алаңын салу жоспарланып отыр. Осы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйінде тұрып жатырған барша әпкелеріміз бен қарындастарымызды, бұрымы желбіреген қыздарымызды көктемнің керемет мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық, шаңырақтарыңызға бақ пен береке тілеймін, – деді Абат Абайұлы.
Бұдан соң шаһар басшысы нәзік жандыларға «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы атынан арнайы дайындалған сый-сыяпатын ұсынды. Қыз-келіншектерге көктемнің қызғалдақтары мен тұрмыстық заттар сыйласа, балбөбектерге ана тіліндегі кітаптар мен балмұздақтар тарту етті.
Сондай-ақ сол шаңырақта тұратын Олег-Бақтыгүл есімді ерлі-зайыптылар Омар атты ұлдарының тұсауын қала әкіміне кескізді. Абат Абайұлы тәй-тәй басқан бүлдіршінге батасын берді.
Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»