Өткен аптада Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында «Жұлдызды отбасы» жобасы аясында «Ғұмырсахна» атты кездесу кеші өтті. Бұл жолғы рухани кештің қонақтары Х. Бөкеева атындағы облыстық драма театрының белгілі актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосовпен театр актрисасы Елена Есендосоваболды.
Мазмұнды монологтармен, әдемі әнмен өрілген кеш «Жалт еткен бір сәуле» атты қойылымның үзіндісімен басталды. Өмірдеде, өнердеде қолұстасып, бірге жүрген жұбайлар өткен шақтан әдемі әңгімелер айтып, өнерлерін ортаға салды.
– «Кездескенде автобустың ішінде» деген ән бар ғой. Сол сияқты біз де аялдамада таныстық. Тоқсаныншы жылдар… Көшеде жарық жоқ кез еді. Ол кезде Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институының малдәрігерлік факультетінде оқып жүрмін. «Фурмачи» деген би алаңынан шығып, Пугачев аялдамасына бардым. Аялдамада Еленаны құрбылары шығарып салып тұр екен. Екеуміз бір ауданнан болғаннан кейін бір-бірімізді сырттай білеміз. Елена қыздарға: «Жүре беріңдер, мына жігітті танимын» деп, менімен бірге автобусқа мінді. Сол сәттен бастап жақын танысып, 25 жылдан бері бірге келеміз. Қадыр ағамыздың «Жылдар өтіп барады, оны қойшы, сәттер өтіп барады, осы қиын» деген өлеңіндегідей талай керемет сәттер өтті ғой. Қазір төрт перзентіміз бар, Аллаға шүкір, – деді Ербол Есендосов естелік әңгімесінде.
Тағылымды шарада театр ардагері Құжырғали Төлеуішов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сердеш Қажымұратов, актриса Бақтыгүл Жақыпова ақ батасын берді. Түрлі қойылымдардағы басты рөлдерді сахнаға сәтті алып шыққан Ербол Есендосовтың еңбекқорлығы, өнерге деген табандылығы тілеулестер тарапынан жиі айтылды. Кеш барысында өнер майталмандарына облыстық мәдениет басқармасы тарапынан алғысхат табысталды. Сондай-ақ театр директоры Салтанат Абылғазиева өнер мен өмір тоғыстырған жарасымды жұптың театр мақтанышы екендігін айтып сәттілік тіледі. Кеш кейіпкерлері Ербол Есендосовтың өзі ойнаған қойылымдардан қойған үзіндісі, биші Еленаның мың бұрала билеген биі, жұлдызды жұптың қыздары Тоғжан Мағзомова оқыған жетім қыздың монологы әсерлі шықты. Кеш соңында танымал актер Ербол Есендосовтың анасы Күлән апа әдемі кешті ұйымдастырушыларға рақмет айтып, ризашылығын білдірді.
Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,
«Орал өңірі»