Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік және халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, ақын, Ақұштап Бақтыгереевамен кездесу өтті. Ақын студенттерге тарихи мұра мен рухани құндылықты қастерлеу, ата-ананы сыйлау, санаға тәрбие нәрін сіңіру, ұлтқа қызмет ету парыз екенін айтты.
Ақұштап Бақтыгереева жапон қыздарының тәрбиесіне қызығатынын айтты. Қазақ қыздары дәл солардай болса екен деп армандайтынын тілге тиек етті. Осы халық табиғатынан ежелден бергі жапон мәдениетінің сәулесін таныған. Қыздары әлі күнге ұяң қалыбын сақтайды екен. Ешкімге дауыс көтеріп, дабырлап сөйлемейді. Екі қолын қусырып, үлкенге де, кішіге де, досына да ізет көрсетеді. Жапон технологиясының бәрінен биік тұрғаны осы халықтың тәрбие мен мәдениетке айрықша көңіл бөлгенінен деп есептейді ақын.лы даланың тарихын оқыңдар. Егемен елдің ұрпағысыңдар. Ата-баба тағылымынан, мәрттігінен, ерлік дәстүрінен ғибрат алыңдар. Не көрді бұл дала? Не көрді сенің ұлтың? Не үшін соғыста қырылды? Неге бізге байтақ жерді аманаттады? Соны да біліңдер. Аяқ астында кімдер жатыр? Өздерің күнде жүріп өтетін көшелерде кімнің ізі бар? Соған үңіліңдер. Қалаға кірген бетте ескерткіш болып қасқайып қарсы тұрған, атқа мінген Исатай-Махамбет деген кімдер? Жай ғана ханға қарсы шыққан ақын мен батыр ма еді? Жоқ. Олар ұлт рухы еді. Оны да ойлап жүріңдер. Төрімізде тұрған үш қыз кім? Хиуаз, Мәншүк, Әлия. Неге олар соғыста жанын шүберекке түйіп, бірі өлді, бірі жараланды, бірі далада қалды. Сіз бен біздің бақытымыз үшін бас тіккен еді олар. Одан кейін «Менің тегім кім?» деп ойланыңдар. Әсіресе, жігіттер. «Кімнің ұрпағымын? Мақсатым қандай?» деп толғаныңдар. Ендеше, ата жолына лайық болу керек. Ал өрімдей аруларымыз «Қай елдің қызымын?», «Мен кімнен кеммін?» деп өзі-не сауал қоюы тиіс, – деді ақын.
– Ұлы мәдениеті бар ұлт ұлы табысқа ие болады. Адамға сыйқұрметпен қарау біздің ұлтымыздың ділінде де бар. Көршіні сыйлау, қарғысқа ұшыраудан қорқу, адамның ала жібін аттамау, біреуге қиянат жасасаң, алдынан шығатынын ескерту — бәрі де тәрбие қайнарынан. Біздің ұлтты «оқымаған, далада жүрген көшпендісіңдер» деп көзге шұқыды. Олай емес, көшпенді салттың тарихы ғажап еді. Ала жіппен тұсауыңды кесіп, «ала жіптен аттама» деп өсірген, «ер бол, өр бол» деп ұлдың жігерін жаныған, бесік тербеп, «ақ сүтімді ақта» деп мойынға парыз жүктеген ұлы даланың ұрпағысыңдар. Қазір өзге әлемге, бірнеше ұлт бәсекеде болатын дәуірге бара жатқан жас буынсыңдар. Солардың арасында жұтылып кетпеулерің керек. Жоғалмаңдар. Себебі әр ұлт өзінің келбетін сақтағаны абзал. Қазақ қызының қасиетін жібек мінезінен, мейірбан қылығынан, жүріс-тұрысынан, әрбір әрекетінен анық байқауға болады. Досын сыйлаған адамды қазақ азаматқа теңейді. Сыйластық арқылы ғана ертең үлкен үйдің анасы, ардақты әжесі боласыңдар. Бүгінгі күнмен өмір сүрмеңдер. Қазақтың әдемі жігітіне жар болатындарыңды ойлаңдар. Ертең бір қазақтың батырының не болашақ сұлуының бесігін тербетесіңдер. Шаңырақты шайқалтпай ұстауың керек. Ұлы даланың намысын арқалауың қажет. Жасыңнан ел сенімін ақтауға ұмтыл! Ұлттың тәрбиешісі сендер боласыңдар, қыздар! – деп әр сөзіне екпін түсіріп, елеулісін екшеп айтты Ақұштап Бақтыгереева.
Ақ Жайықтың ардақты қаламгері қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы елде кеңінен атап өтіліп жатқанын, ғұламаның ғибрат сөзін жадыға тұтуды жастарға тапсырды. Абайдың ұлылығына көз жеткізіп, әр сөзін кәдеге жарата білу –
ұлтқа міндет деп түсіндірді.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым ойлап қой –
Бес асыл іс, көнсеңіз, – деген ұлы шайыр сөзінің мәніне үңіліп, күнделікті өмірде тұтынуға бе-
йім болуы керек. Абай «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деп өкінді. Соған қарамастан, Семей қаласына барып, өз бетімен білім нәрін жинады. Кітапханаға барып, әлем әдебиетіне, мәдениет мәйегіне үңілді. Орамды ой түйді. Шығыс шайыры Фирдоуси жырын тәржімалады, орыс ақындары Пушкин мен Лермонтов өлеңдерін қазақ ұғымына жатық етіп аударды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, кеш қонағы Ақұштап Бақтыгереева осылайша ұлы тұлғаны дәріптей отырып, қазіргі уақытта оқымысты адамға жол ашық екенін жеткізді.
Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған ақын жат ағым жетегіне ерген жастардың тағдырына алаңдайтынын айтты.
– Ұлы қазақ даласына тән емес киім киіп жүретіндер бар. Қазақ қыздары даланы қорғау үшін атқа қонған. Қос етегі желбіреп, дөңгеленген ақ көйлек қана киген. Жер сыпырған етегі бар киімге әуес болмаған. Қазақ қызы сәукеле мен үкілі малақай киген. «Жігіттер жауда қалды» деген хабар келгенде, бұрымдарын түйіп алып, дулығаны киіп алып, қылыш ұстап, жауға шапқан. Өжет те өр қыздардың жалғасы Мәншүк пен Әлия еді. Екеуі де осы елдің қызы. Олардың арғы жағында Тұмар ханым да біздің даланы мекендеген тайпадан шыққан. Тарихты оқымағаннан, надандық кесірінен кесапат жолға түсуде көбі. Ел аман, жұрт тынышта қап-қара киім киіп, қара жамылып, бүркеншікке оранып отырып алмай, біздің ұрпақ ғылымды игеруі керек. Мына байтақ даланы жаңғыртатын сауат керек. Ұлы даланың діні – біреу. Яғни Алладан қорқып, біреудің ала жібін аттамау, жүрегіңдегі құдайшылықты сақтап, таза жүру, өтірік айтпау, ұрлық жасамау. Абай болыңдар, айналайындар! Қаншама адасқан қазақ ұлқызын сауатсыз етіп тәрбиелеуде. Талақ деп жүргендер баласын жетектеп, мектепке бермейді. Оның бәрі – қателік. Алдымен, ұлттық мәдениетті ұлықтау, білім-ғылым сырына қанығу, ізденуге, халық кәдесіне жарайтын кәсіпке төселу – міндет. Қазақты өнер, білім, мәдениет қана құтқарады, – деп толғанды Ақұштап Бақтыгереева.
Ақын адамзат баласы ананы қастер тұту керектігін айтты. Ана алдында қарабет болу қасірет екенін ескертті. Сахнада «Ана жүрегі» атты өлеңін оқып берді. Ғашығын құлай сүйген жігіт қыздың қатал талабын орындап, түн ортасында анасының жүре-
гін кеудесінен суырып алады. Қара түндегі қасірет түнегі, шарасыз қастандық. Сұлуға жанұшыра жүгірген жігіт сүрініп құлағанда, топыраққа қолынан сусып түскен ана жүрегі қамқор үнмен елжірей тіл қатады:
Ананың кезі бар макекті болған,
Оқыста жүрек түсіп кетті қолдан.
Ұмтылса, топырақта жатқан жүрек
«Құлыным, байқасаңшы», – депті оған…
Ежелден келе жатқан аңыз желісі өлеңге арқау болыпты. Айтар ойы – ананың ұлы махаббаты бәрінен де асқақ. Ақын осы ғажап тәлімді ұғындырғысы келетінін айтты.
– Туған жерді қадірлеуден басталады ұлы Отанды сүю. Анаңды сүюден басталады адамзатты сүю. Жарыңды сүюден басталады басқаларды сыйлау. Міне, адамзатқа ең керегі – осы үш махаббат алауы. Еліне жүрегі елжіреген, анасын ардақтаған, асыл жарын аялаған адам күнделікті өмірінде бақыт табады. Махаббат деген пәк сезімді кірлетпеңдер, адал махаббаттың иесі болыңдар. Бір-біріңді аялаңдар, –деді ақын.
Өнерге қанат қақтырғаның үшін,
Өмірден орын таптырғаның үшін,
Өзіңе әр кез арқамды сүйеп,
Өткір шындықты айттырғаның үшін –
Оралдым саған, Ақ Жайық! – деп бір толғанып алды ақын ана студент қыздар өлеңдерін көз алдында жатқа оқыған сәтте. «Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры» тақырып аясында өткен кеште шайырға сауалдар қойылды.
– Еліміз өзге жұртқа отар болған кезеңнен осы күнге дейін далада қырылған қазақты, соғыс көрген қазақты, ашаршылық кезінде ботадай боздап, басы ауған жаққа босып кеткен қазақты, қасіретті Желтоқсан көтерілісінде арнамысы аяққа тапталған, соққыға жығылған өрімдей қазақты неге қорлап келді? Сіз бен біздің халқымызға, атпал азаматтарға, аяулы апа-қарындастарға неге сонша өшікті? Жерімізге неге көз тікті? – деді университет студенті Мұхаммед-Әли Қуанышкерей.
– Ұлы далаға бәрі қызықты. Өйткені жер қойнауы қазынаға толы екенін білді. Байтақ жерді батыр бабалар жатқа бермеді. Басы кесіліп, шыбын жаны шырқырап кеудесінен шығып жатса да, батырлар сертіне берік болды. Ықылым заманнан көшпенділер айналасына кәрін төгіп, қатер төндірген. Ежелден Еуропаны жаулаған. Кремльге «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген жазу қалдырған. Соғыса келе, дұшпандар «Жауынгер елдің ұрпағын қалай жеңеміз?» деп зерттеген. Содан «Бұларды аттан түсіру керек, олай етпесек, өлгенше соғысады» деп түйіндеп, осы сұмдық ойды іске асырған. Ұлы даланың ұрпағын жасыту үшін қазақты руға бөліп, арандату саясатын астыртын жүргізген. Қолдан ашаршылық жасап, елді еңіреткен. Халықтың сүт қаймағы саналатын 25 мың азаматты оққа байлаған. 1986 жылдың желтоқсан айында жалынды ұрпақ буырқанып, тегеурінді қимыл танытты. Сондықтан кеуделеріңдегі ұлы рухты өшіріп алмаңдар. «Мен қазақпын» деп құр кеуде соға беру қажет емес. Біліммен, ақылмен жеңуіміз керек. Қазақ елінің жастары, оқымыстылары – ел болашағы, –деп сөзін түйіндеді Ақұштап Бақтыгереева.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ