Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен «Nur Otan» партиясының жанындағы құқықтық кеңестің бірлескен отырысы өтті.
– Қоғамдық кеңестер туралы институт Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99-қадамы төңірегінде дайындалған болатын. Бүгінде «Қоғамдық кеңестер туралы» заң орынды жүзеге асып келеді. Қазір елімізде 200-ден астам қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Іс-шаралар барысында тәжірибе жинақталып, жетістіктермен қатар, олқылықтар да кездесуде. Осыған орай Парламент Мәжілісінің қарауына Үкімет тарапынан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР заңының жобасы келіп түсті. Жобада аталған заңды қалыптастыру және өзгерту жөнінде бірсыпыра нақты ұсыныстар қарастырылған. Осы отырыс мәселенің өзекті жерлерін тауып, талқылап, нақты шешімдер қабылдауды мақсат етеді, – деді басқосуды ашып, жүргізген Нұрлан Мәжитұлы.Еліміздің барлық облысын видеоконференция арқылы байланыстырған отырысқа «Қоғамдық кеңестер: қоғамдық институтты заңнамалық дамытудың тәжірибесі мен кейінгі қадамдары» тақырыбы арқау болды. Онлайн отырысты ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің және «Nur Otan» партиясы жанындағы құқықтық кеңестің төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Әбдіров жүргізді.
Отырысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов пен Серік Сейдуманов, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі, заң жобасының мәтінімен жұмыстанатын топтың жетекшісі Нұрлан Дулатбеков және ҮЕҰ мүшелері, белсенді жұмыс істейтін қоғамдық кеңестердің төрағалары қатысты. Өз кезегінде сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин заң жобасындағы өзгерістер мен толықтырулардың қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіруге бағытталатынын ерекше атап өтті. Мысалы, 2015 жылы 2 қарашада қабылданған «Қоғамдық кеңестер туралы» ҚР заңына 2-1-бапты («қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган») енгізу ұсынылған. Аталған баптың бірінші тармағына тоқталатын болсақ, онда «мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы қоғамдық кеңестер қызметінің мәселелері жөніндегі уәкілетті орган болып табылады» делінген.
Елордадан тікелей байланыс орнатқан отырысқа мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Мұқаев бастаған облыстық қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Заң жобасында қоғамдық кеңестердің жұмысындағы нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауы жөнінде, қоғамдық кеңестердің құрамындағы жұмысшы топты жергілікті атқарушы құрылым қалыптастыруы керек деген ұсыныстар енгізілуде. Қазір қоғамдық кеңестер өз жұмысын қалыптастырды деп айта аламыз. Ол қоғамды алға дамытуға және халықтың арасында, азаматтық қоғамда айтылған мәселелерді талқылап, жергілікті мемлекеттік құрылымдарға жеткізеді деп ойлаймын. Бүгінде облыстық қоғамдық кеңестің 31 мүшесі бар. Өзге өңірлерден өзгешелігі – оның құрамына Орал қалалық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері кіреді. Бұл облыс көлеміндегі мәселелерді жан-жақты біліп, талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңестің құрамында мемлекеттік құрылымдардың өкілдері азайды. Болашақта қоғамдық кеңестер белсенділігін арттырады деп ойлаймын. Себебі қоғамда болып жатқан бар мәселе қоғамдық кеңестің отырыстарында талқыланып, шешім қабылданатын болса, мемлекеттік құрылымдардың да жұмысын жеңілдетеді деп санаймын, – деді облыстық мәслихат хатшысы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Мәлік Құлшар.
Отырысқа қатысушылар заң жобасына және қоғамдық кеңестердің жұмыстарын жандандыруға қатысты ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Басқосу соңында қатысушылар айтылған мәселелер мен ұсыныстарды талқылай отырып, ел Үкіметі мен орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы құрылымдарға ұсынымдарын дайындады.
Ясипа РАБАЕВА,
«Орал өңірі»