Сәрсенбі күні Оралдағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына орай облыс домбырашыларының «Нағыз қазақ — домбыра» атты кең ауқымды акциясы өтті.
Бұл шара қазақ музыка тарихында ерекше орны бар күй өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының шығармаларын насихаттауды, күй өнерін, халқымыздың ұлттық аспабы домбыраны қастерлейтін ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етті. Өнер арқылы өрелі ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған шара барысында облыстағы 1700 домбырашы бір мезгілде күйшінің «Балбырауын», «Адай» күйлерін орындады. Олардың қатарында оқушылар мен студенттер, зиялы қауым өкілдері, түрлі сала қызметкерлері және қала тұрғындары болды.
— Биыл қазақ халқы үшін ерекше тарихи жыл. Күй атасы Құрманғазы бабамыздың екі ғасырлық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтуде. Бұл — тарихи шара. Акцияға атсалысқан өңір тұрғындарына шексіз алғыс айтамыз. Шынында да, нағыз қазақ – домбыра. Домбыра – біздің ата-бабамыздан мирасқа қалған құнды байлығымыз. Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағ-
дарламасында біздің ұлттың өнерін тек елімізде ғана емес, шет мемлекеттерге паш ету керектігімізді айтқан болатын. Бүгінгі шара Құрманғазы бабамызға, жалпы қазақи өнерге, қара домбыраға көрсетілген құрмет деп білемін, — деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.
Мұнан соң домбыраның шанағынан төгіле кеткен күй Ақ Жайықтың аспанында күмбірлей жөнелді. Жаңа алаңға жиналған қалың жұрт домбырашыларға ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. Айта кетейік, осыдан тура екі жыл бұрын Атырау облысында ұйымдастырылған осындай шараға 1017 домбырашы қатысып, Қазақстанның рекордтар кітабына енген болатын.
Шараға Алматы қаласынан арнайы келген, Қазақстан рекордтар кітабына рекордтарды тіркеу департаментінің және «Ғылым» баспасының директоры Бақытжан Тастөлеков аталған акцияға 1700 домбырашы қатысқанын, сол арқылы Қазақстанның рекордтар кітабына енгенін мәлімдеді. Сондай-ақ департамент өкілі облыс әкімі мен бір топ әйгілі күйші-домбырашыларға рекордтың тіркелгені туралы куәлік пен Қазақстан рекордтар кітабын табыстады.
Нұртай ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»