Алаштанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Жаһанша Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қорының төрайымы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры Дәметкен Сүлейменованың «Жаһанша Досмұхамедов һәм қазақ автономиясы» атты жаңа кітабы жарық көрді.
Жуырда «Ақ жол» партиясының облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында аталмыш еңбектің тұсаукесер рәсімі өтті. Шараға тарихшылар, өлкетанушылар, зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпақтары қатысты.
– Елбасы «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында әр ұлттың рухани, мәдени коды болатынын баса көрсетті. Ал рухани, мәдени кодтың сүйенетіні – тіл, әдебиет, тарих, ұлттық мәдениет. Онсыз ұлттың бет-бейнесі көрінбейді. Соның ішінде ұлтымыздың тарихы – зерттеудің қа-
сиетті бір саласы. Алаш тарихы – дәйекті, деректемелік тарихтың бір бөлшегі. Алаш тарихын зерттеу ісі – ел тәуелсіздігінің жемісі. Дәметкен Досмұханқызы Батыс Алашорда тарихын тереңдете зерттеп келеді. Оның жылма-жыл әр түрлі көлемдегі мақалалары, кітаптары жарық көруде. Ал бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жұртшылыққа құнды монографиясын ұсынып отыр, – деді жиынды жүргізген Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабыр.
Орта, арнаулы және жоғары оқу орындарының оқушылар қауымына, студенттерге, магистранттар мен тарихшыларға арналған аталмыш еңбек Алашорда Батыс бөлімінің 100 жылдығына орай шығарылған. Кітапта өлкеміздегі тәуелсіздік бастауы болған Алашорданың алғашқы мемлекеттік құрылымы – «Ойыл уәлаяты» атты Уақытша үкіметтің және 1918 жылы құрылған Күнбатыс Алашорда үкіметінің атқарған қызметі мен тарихтан алатын орны құжаттық негізде баяндалады. Сондай-ақ Жаһанша Досмұхамедовтің өмірбаяны, саяси қызметі, атқарған еңбегі туралы құнды мәліметтерге қоса, Батыс Алашорданың елу қайраткері туралы мол мәлімет архив деректері негізінде берілген.
– Бұл еңбекті жазуға бес жылдай уақытымды арнадым. Былтыр Алаш қозғалысына 100 жыл жә-
не Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдық мерейтойына орай Жымпиты – Мәскеу, Сырым – Се-
мей экспедициялары ұйымдастырылған болатын. Сондағы жинақталған негізгі құжаттық мате-
риалдарды, Жаһанша Досмұхамедовтің өмірбаянына қатысты деректерді осы еңбекке енгіздік. Біз күні кешеге дейін Жаһанша Досмұхамедовтің жерленген жерін анықтай алмаған едік. Былтырғы экспедиция барысында оның Бутово полигонында жерленгені белгілі болды.
Монография негізгі үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда ХХ ғасырдың басындағы елдегі саяси ахуал және Алаш қозғалысының тарихнамасы баяндалады. Яғни Қазақстан, соның ішінде Батыс Қазақстан өңірінің сол кездегі қоғамдық-саяси жағдайы толығымен берілген. Екінші тарауда Жаһанша Досмұхамедовтің өмірі мен атқарған қоғамдық қызметі кезең-кезеңімен алты бөлімге бөлініп көрсетілген. Осы кітапта Күнбатыс Алашорда тарихына қатысты көптеген құжаттық деректерді сол күйінде бердім. Бұл құжаттық деректер, негізінен, Орынбордан, Уфа директориясынан, Мәскеу, Алматы архивтерінен, тұлғалар тарихы туралы Президенттік архивтен алынды. Сондай-ақ өзіміздің облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған құжаттар да пайдаланылды, – дейді кітап авторы.
Дәметкен Досмұханқызы таныстырылым барысында кітаптың бұрын жарық көрген еңбектерден айырмашылығы, тың деректері мен фотоқұжаттары туралы кеңірек әңгімеледі. Зиялы қауым өкілдері аталмыш монографияның құндылығы жайлы ой-пікірлерін ортаға салса, шараға арнайы шақырылған сол Алаш арыстарының бүгінгі ұрпақтары атабабалары, әулеттерінің тарихы туралы қызықты дерек, естеліктерімен бөлісті.
Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,
«Орал өңірі»