30.04.2015, 7:26
Қараулар: 509
Әліппе ұстатып, ӘРІП ТАНЫТҚАН ҰСТАЗ ЕДІ

Әліппе ұстатып, ӘРІП ТАНЫТҚАН ҰСТАЗ ЕДІ

Женис 70

Хан ордасы ауылындағы 170 жылдан астам тарихы бар Жәңгір хан атындағы орта мектепте ұзақ жыл ұстаздық еткен ардақты жандардың бірі, бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Жұмашева еді. Қырық жылдан астам уақыт ішінде оның алдынан әліппе ұстап, әріп таныған қаншама шәкірт өтті десеңізші. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған балдырғандарды қабылдап алып, есейтіп шығарып салатын жылы шырайлы, ақсары жүзді жанның бейнесі көңіл төрінен ешқашан кетпек емес.

Жәнібек ауданы Өнеге ауылында 1915 жылы дүниеге келген Шолпан Жұмашева көп балалы шаңырақтан түлеп ұшты. Өмірдегі асуларын да өзінің өжеттігімен, білімге деген құштарлығымен алуға тура келді. Таудай талаппен мектеп табалдырығын аттады. Одан кейін ата-анасы келісім бермесе де, жолаушыларға ілесіп, қияндағы Қостанайға аттанды. 1931 жылы Қостанай педтехникумына оқуға түсіп, үш жылдан кейін Ордаға бастауыш сынып мұғалімі болып оралады. Оның алғаш-қы шәкірттерінің бірі, қазір өзінің де жасы тоқсаннан асып отырған ел ақсақалы,  соғыс және еңбек ардагері Мұхтар Әжіғұловтың айтуынша, кезінде Орда ауданына қараған Азғырда 1935 жылы бастауыш мектеп ашылғанда, онда бір ғана мұғалім Шолпан Жұмашева барлық пәннен дәріс береді. Бір-екі жылдан кейін аталмыш білім ордасы орта мектепке айналғанда, 1909 жылы Бөкей ордасында өмір есігін ашып, бұған дейін де біраз қызметтің басын қайырған Хаби Сисенғалиев директор болып тағайындалады. Білім майданында бірге жүрген екі жас көңіл жарастырып, бас қосып үлгереді. Осында ерлі-зайыпты ұстаздар 1942 жылға дейін сабақ береді. Ел басына күн туған ауыр кезеңде Хаби қан майданға аттанса, Шолпан енді Орда мектебінде ұстаздық қызметін жалғастырады.

Хаби Сисенғалиевке 1931-1933 жылдары Саратов мемлекеттік университетінде оқығанының пайдасы соғыс кезінде де тиді. 3-Беларусь майданы құрамында бөлімше командирі болып тағайындалған ол талай кескілескен ұрыстарды бастан кешірді. 1945 жылдың қаңтарында Шығыс Пруссияда ауыр жараланған ордалық жауынгер Жеңісті госпитальда жатып, қарсы алды. Елге оралған соң да жарақатынан тез айығып кете алмады. Әйтеуір дәрігерлердің емі шипасын тигізбей қойған жоқ, 1945 жылдың аяғында Дзержинский атындағы балалар үйіне директор болып орналасты. Бірақ олардың отбасын соғыстан да ауыр нәубет алдан күтіп тұр  екен. 1948 жылы Хаби «халық жауы» атанып, алдымен ату жазасына кесіліп, кейін бұл үкім 25 жылмен ауыстырылады. Онымен бірге әріптестері, мектеп директорлары Мұстақ Кенжеғалиев пен Ғазиз Меңешев қамауға алынады. Бұларға «неміс басқыншылары Сталинградқа тақалғанда, оларды қарсы алуға дайындалған» деген жалған айып тағылады. Оларды көрсетіп, жазықсыз соттатып жіберген адам да жер басып, көпке дейін тірі жүрді.

«Халық жауының» әйелі атанудың қаншалықты қиын екендігін басына түскендер ғана біледі.

Колхозға жер аударылған Шолпанға шиеттей қос қызы мен жалғыз ұлын тістелеп жүріп өсіріп қана қоймай, сексен жастағы енесін де бағып-қаға білді. Бұл кезде айналасында саусақпен санарлықтай ғана адамдар қалып еді. Күні кеше жалбақтап жүргендер жалтарып, сыйластары теріс айналса, кейбіреулер бұларға жауша қарады. Соған қарамастан, партия мүшесі ретінде өз ісін адал атқарған ұстаз ерін қайыспай күтті, шындықтың түбі жеңетініне сенді.

Ақиқат іздеп, қанша арызданса да, Хаби Сисенғалиұлы Сталин заманы келмеске кеткеннен кейін ғана ақтала алды. КСРО әділет министрлігі Степной еңбекпен түзеу лагерінің бастығы 1955 жылы 3 наурызда берген анықтамасында Қазақ КСР Жо-ғарғы соты президиумының сол жылғы 9 қаңтардағы қаулысымен БҚО сотының Х. Сисенғалиевке қатысты 1948 жылғы 29 сәуірдегі үкімі қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан, қысқартылғаны жазылған. Міне, жалған жала мен заңсыз үкімнің кесірінен арыстай азаматтың сегіз жыл өмірі сергелдеңге айналды. Бұрынғы жұмысына оралу былай тұрсын, енді денсаулығын күтіп, «тыныш» жүру ғана қалып еді. 1956 жылдан зейнетке шыққанша, майдангер Орда ауылдық кітапханасының меңгерушісі қызметін атқарды. Қуынып жүріп, партиялылығын қайтарып алды. Ал зайыбы Шолпан мұғалімдік кәсібінен айныған жоқ. Бір сөзді, ұстанымы мықты ұстазды әріптестері қадірлей білетін. Осы жолда жеткен табыстары да аз емес. Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері атанып, 1969 жылы КСРО оқу министрі М. Прокофьев қол қойған құрмет грамотасын иеленді. Хаби мен Шолпан 1991 жылға дейін қол ұстасып, өмір сүрсе, қыздары Мария мен Лена ана-сының үлгісімен ұстаз болды. Екеуі де – «Алтын алқалы» ана, ал ұлы Меңдіханнан қос немере көрді. Осылайша ұрпақтарының ортасында мағыналы ғұмыр кешкен Шолпан Жұмашева 2001 жылы 86 жасында көз жұмды. Биылғы мамырда туғанына 100 жыл толғалы отырған қадірменді ұстаздың соңғы шәкірттерінің бірі біз едік. Сондықтан аз сөзбен болса да, еске алуды жөн көрдік.

Ғайсағали СЕЙТАҚ,

шәкірті,

Бөкей ордасы ауданы


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.