6.02.2017, 20:45
Қараулар: 4249
Арман ҚУАНЫШБАЕВ: «Жүйелі насихат адасқандарды райынан қайтарады»

Арман ҚУАНЫШБАЕВ: «Жүйелі насихат адасқандарды райынан қайтарады»

DSC_0024


Арман Қуанышбаев 1977 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Өзбекстандағы медреседе діни білім алған. 1999-2004 жылдар аралығында Иемендегі Ислам институтында оқыған. Келгеннен соң «Нұр Мәбәрәк» институтында оқытушылық қызмет атқарды. Соңғы үш жылдан бері ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі. Жанұялы. Төрт баланың әкесі.


 

Елімізге танымал теолог, ҚМДБ жанындағы республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Арман Қуанышбаев таяуда облысымызға келіп кетті. Осы сапары кезінде онымен кездесіп, дін саласында осы кезде орын алып отырған өткір мәселелер жайында әңгімеге тартқан едік.

 

— Республикалық ақпараттық түсіндірме тобы осыдан үш жыл бұрын ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы бастамасымен құрылды. Оның басты мақсаты – еліміздегі дәстүрлі дінімізді дұрыс насихаттау. Топ құрамында отыздан аса адам бар. Олардың көпшілігі – Мысыр, Иемен сынды мемлекеттерде жоғары діни білім алып келгендер. Топ мүшелері еліміздің облыстарын аралап, халықпен кездесіп, олардың көкейіндегі діни бағыттағы сұрақтарына толыққанды жауап береді. Өңірлерде дәстүрлі дінімізге байланысты кереғар пікірі бар бауырларымызға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қазір қоғамымыздағы өзекті мәселенің бірі – кейбір жастарымыздың осы бағытқа қарай бетбұруы. Бұл құбылыс, әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде белең алуда. Дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдері халық арасына түрлі күмәнді пікірлер таратып жүргені белгілі. Соған байланысты түрлі көзқарастар қалыптасады. Түсіндірме тобының мүшелері көпшіліктің көкейіндегі түрлі сауалдарға дін тарапынан, білім-ғылым тұрғысынан жауап беріп, тұрғындарды діни тұрғыдан сауаттандыруға үлестерін қосып жүр. Біздің де Батыс Қазақстан облысына келу мақсатымыз осындай.

Сапарымыздың барысында өңірдегі діни ахуалмен танысамыз. Жергілікті дін істері басқармасының мамандарымен сұхбаттасып, имамдарға халықтың алдында қолдау көрсетеміз. Студенттермен, дін ұстанатын қызметкерлері бар кейбір мекеме ұжымдарымен кездесіп, дін мен дәстүр, бұл бағыттағы еліміздің саясаты турасында насихат айту да міндетімізге кіреді. Түзету мекемелеріне барып, онда отырған діндар азаматтармен жолығамыз. Егер олардың арасындағы теріс діни ағымдар өкілдері болса, олармен жекелей сөйлесіп, дәстүрлі дінімізді түсіндіріп, адасқан жерлерін көрсету де біздің парызымыз.

Жалпы, теріс ағымға бетбұрған жанды райынан қайтару оңай емес. Себебі олар сол ағымның қағидаттарын ақыл-ойына тоқып, санасына орнықтырып алады. Тек жүйелі түрде жұмыс жүргізудің нәтижесінде жеңіске жетесің. Құдайға шүкір, осындай іс-шаралардың арқасында ханафи мәзһабына бетбұрған жандар жетерлік. Айта кетейін, біз бұл жұмыстарымыз жөнінде үкіметке есеп береміз.

Елбасымыздың «Дәстүрлі емес діни ағымдармен күресеміз деп жүріп, өзіміздің асыл дінімізбен күресіп кетпейік» деген сөзі бар. Өз жұмысымызда бұл сөзді ұран қылып ұстап жүреміз. Бүгінгі қоғамда ислам дінін қатыгездікпен байланыстырып, адамдардың санасына қорқыныш, үрей сезімін ұялататындар бар. Исламды қаралаушылар «исламо-фобия» ұғымын орынды-орынсыз тықпалап, оны соқыр түсінікке негізделген дін ретінде көрсеткісі келеді. Соның кесірінен халық мешітке баруға, өзінің дәстүрлі дінін ұстануға қорқып қалғаны жасырын емес. Біз осы күрделі мәселенің түйінін тарқату бағытында да жұмыс істеудеміз. Көпшілікке түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Егер адам ауырғанда екпе алса, оның басқа мүшелерге зияны тимес үшін артынан дәрумен ішуі қажет. Дәл сол сияқты біз де барған жерімізде радикалды діни ағым, терроризм деген не екенін түсіндіріп қана қоймай, асыл дініміз, оның құндылықтары турасында да кең мағлұмат береміз. Өйткені екі жаққа бірдей көңіл аудармасқа болмайды.

 

— Арман Баймаханұлы, облысымыздағы діни ахуалды қалай бағамдап отырсыз?

 

— Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда қазір облыста кереғар бағыттағы азаматтар саны азайғандығы, дәстүрлі дін ұстанушылар қатарының артқандығы байқалады. Бұл енді жергілікті атқарушы билік, дін істері басқармасының, мешіттердің, қоғамдық ұйымдардың бірігіп атқарған қызметінің нәтижесі деп білеміз. Дінге қатты беріліп кеткен кейбір жандардың сотталғандығы да оң әсерін берді деп ойламын. Облыста діни ахуал тұрақты. Дегенмен де атқарылатын жұмыс әлі де көп. Мәселен, спорт кешендеріне, қоғамдық ұйымдарға барып жұмыс жасау керек. Кейбір адамдар бұл бағыттағы жұмыстарды мешітте де жүргізу қажет деп есептейді. Жоқ, мешітте ешкім астыртын жұмыс жүргізбейді. Мешіттердегі жұмыстар толық бақылауда. Сол себепті мешіттен қорқып, шошынудың қажеті жоқ. Қайта мешіт – тыныштыққа толы мекеме. Көптеген ата-ана баласының спорт үйірмесіне барып жүргенін мақтан тұтады. Не оқуын бітірген соң бір ұйымға, не мекемеге жұмысқа тұрды деп қуанады Ал ол жерде ахуал қалай? Оны көпшілігі ойлай бермейді. Міне, осындай жерлерде кері бағыттағы азаматтар жұмыс жасап жатыр. Бірге жаттығу жасағасын, не бір ұжымда жұмыс істегесін араласпай тұрмайды ғой, сөйтіп, олар жастарымыздың санасын улайды. Әрине, жоғарыда айтып өткен мекемелерде, басқа жерлерде де алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Алайда осы жұмыстарды жүйелі түрде, яғни тұрақты жүргізбесе болмайды.

 

— Жаңа баланың, жастардың санасының улануын айттыңыз. Ата-ана, болмаса тума-туыс және өзгелер олардың «уланғанын» қалай біле алады?

 

— Біріншіден, ондай жанның мінез-құлқы өзгереді, тұйықталады. Себебі олар ата-ананың, өзін қоршаған жандардың намаз оқымағандары үшін кәпір деп санай бастайды. Екіншіден, қазақтың ұлттық салт-дәстүріне қарсы шыға бастайды. Яғни «Әумин!» дегенде бет сипау, тойдағы беташар, келіннің сәлем салуы, өмірден өткен адамға Құран бағыштауға байланысты наразылықтарын танытады. Артынан мұндай жөн-жоралғыларға қатыспайтын болады. Сосын ет тағамдарын талғай бастайды. «Мына малды кім сойды, оны неге алып келдіңдер?» деп реніш білдіреді. Одан бөлек оның жан дүниесінде ұлтжандылық қасиет көмескіленеді. «Қазақ болу міндет емес қой, араб та, түрік те жақсы емес пе?!» деген сықыл-ды әңгіме айтып, үйде солардың киімдері пайда болады. Осындай белгілерден-ақ сананың уланғаны байқалады. Барлық нәрсені дінге апарып тірей береді. Міне, мұндай жайттарды байқаса, ата-ана не тума-туыс ойланулары керек. Әйтпесе ертең кеш болады. Олар дереу мешітке барғандары жөн. Имамдармен жолығып, жағдайын айтып, оларға баласын не бауырын жүздестіріп, оның қандай жолға түскенін білгендері дұрыс. Жергілікті имамдар олардың қай бағытқа түскенін бірден ажыратып береді. Егер дәстүрлі емес бағытқа түссе, имамдармен, дін істері басқармасы қызметкерлерімен бірлесіп, сауықтыру шараларын жүргізу қажет.

 

— Баланың дәстүрлі емес ағымдардың шылауына кетуіне ата-ананың діни сауатының төмендігі де үлкен әсер ететіні белгілі. Мемлекет, мүфтият тарапынан жүрзілетін ақпараттық-насихаттық бағыттағы жұмыстармен негізінен балалар, жастар қамтылады. Ал ортаңғы толқын және аға буын өкілдері не істеу керек сонда? Олар діни сауаттарын қалай жетілдіре алады?

 

— Бірінші кезекте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сараптамасынан өткен кітаптарды алғандары жөн. Мәселен, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өмірбаяны туралы шығармалардан бастап оқыса деймін. Соңынан Құран, намаз оқуға арналған кітаптарды алу қажет. Кей отырыстарда ақсақалдарымыз жөнді әңгіме айта алмай, дастарқаннан соң бата бере алмай жататынын көріп жүрміз. Рухани әдебиеттермен танысу, газет-журналдар оқу, Мәуліт мерекесі сынды кештерге қатысу арқылы осындай діни-рухани олқылықтарды жоюға болады. Сосын жұма намазға барғаны жақсы. Жұма намазда имамдар түрлі тақырыптарға арналған, соның ішінде теріс ағымдар туралы, олармен күресу турасында көп уағыз-насихат айтады. Мешітке барғаннан соң имамдарға, ұстаздарға жолығып, сауалдарына жауап ала алады.

 

— Бір ғасырлық тарихы бар газетіміздің басшылары, тілшілері ауыл-аудандарға барып, оқырмандармен кездескен кезде де осы мәселе әңгіме өзегіне айналады. Егер ауылда мешіт, молда болмаған жағдайда тым құрығанда Рамазан айында ораза ұстаған жандарды ауызашарға шақырып, дастарқан басында елдегі ақсақалдардың, дәстүрлі дінді ұстанып жүрген жандардың әңгімесі де үйдегі балаларға оң әсерін бе-ретінін айтамыз…

 

— Өте дұрыс. Арапа немесе басқа да қасиетті күндері молданы шақырып, Құран оқытып, уағыз тыңдаса, бұл да пайдалы іс. Жалпы, мұндай жұмыстарды осылайша жан-жақты әрі жүйелі түрде жүргізген жөн.

 

— Арман Баймаханұлы, қазіргі таңда дін қызметкері болуы оңай ма?

 

— Әрине, оңай емес. Қазір дін қызметкеріне қойылар талап қатаң. Біріншіден, халықтың талабы жоғарылады. Бұрын Құраннан екіүш сүре білсе, жоғары бағалайтын. Қазір ол заман келмеске кетті. Бүгінде діни шараларда, садақаларда көпшілік уағыз айтуды сұрайды және жай уағыз емес, сауатты уағыз талап етеді. Халық арасында молданың айтқан сөздері, Құранды оқуы кәдімгідей сынға түседі. Екіншіден, мемлекет тарапынан да талап бар. Дін қызметкерінде тиісті білімінің болғанына мән беріледі.

Дін қызметкері турасында сөз қозғап отырып, олардың әлеуметтік жағдайларын да айтпай кетуге болмайды. Мысалы, аудан-ауылдардағы имамдардың айлық, үй мәселелері жөнді шешілген жоқ. Сол себепті жоғары діни білімді азаматтар ауылдарға тұрақты жұмыс істеуі үшін бара алмауда. Ал жергілікті жерлерде жеткілікті білімі жоқ молдалар жүр. Олар тұрғындардың рухани сұраныстарын қанағаттандырмай отыр. «Дүмше молда дін бұзар» демекші, кейде осы бағыттағы халықтың наразылығын да естіп жатамыз. Мысалы, «Ауылымыздың молдасы ақшақұмар болып кетті, садақадан, жаназадан қолы босамай, мешіттің жұмысы тұрып қалды немесе қосымша жұмыс істеп, ақша табады» деген сөздер бар ел ішінде. Неге мұндай жағдай орын алды? Себебі ол – маман емес, кітап, ұстаз көрмеген адам, мешітте жұмыс жасауға түбегейлі бағытталмаған жан. Бұл, біріншіден, оның сауатсыздығынан болса, екіншіден, халықтың сол молдаға талап қоя алмағандығынан. Талап қою деген оны сынап, мінеу емес. Оған құрмет көрсете отырып түзету. Өйткені халқымызда молданың алдынан қарсы шықпайтын дәстүр бар. Десек те, елдің ішінде түрлі адам бар ғой, бірі «Мен университет бітірдім, ал сен не бітірдің?» деп жергілікті дін қызметкерлерін менсінбесе, екіншісі «Менің жағдайым бар, сенде жөнді айлық та жоқ» деп отыратын кісілерді көргенде қынжылатын жағдайлар да ұшырасады. Кейбір саржағал, жеңілтек басылымдар молдаға қатысты, мешіттің ішіндегі кейбір жағдайларды дабырайтып жазып, арзан сенсация жинағысы келеді. Ал ол түптің түбінде қазақтың беделі, Алланың жердегі үйінің абыройы екенін ойламайды.

 

— Жаңа ауылдағы имамдардың әлеуметтік мәселесі жөнінде баяндап кеттіңіз. Бұл біздің облыста да өзекті мәселе болып отыр. Сіз республикамыздың түкпір-түкпірін аралап жүрсіз ғой. Ауылға арнайы діни білімі бар мамандарды шақырып, олардың жағдайларын жасап отырған өңірлер бар ма? Сосын имам-молдаларға үй-жайды кім беруі керек? Мемлекет береді десек, дін мемлекеттен бөлек. Әлде кәсіпкерлер көмектесуі қажет пе?

 

— Жалпы еліміз бойынша бұл мәселе өткір тұр. Дегенмен де кей ауылдардың жамағаты ұйымшылдық танытып, имамдарға қажет жағдай жасап отыр. Сондай-ақ кейбір аудан-ауыл әкімдері жергілікті іскер азаматтар арқылы үй мәселесін ғана емес, қызметтік көлігін де, айлығын да шешіп отыр. Енді бір әкімдер «Өз күнімізді әрең көріп отырғанда, ондай жағдайды қалай жасаймыз?» деп қолын жаяды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мәселе аудан-ауыл басшылығының саяси сауаттылығына, іскерлігіне, жергілікті халықтың ынтымақ-бірлігіне және барған имамға да байланысты. Имамға деп отырғаным, ол барған жеріне «тастай батып, судай сіңе білуі» керек.

Оның елге деген жанашырлығын, білімділігін, адалдығын көргесін көпшіліктің ықыласы артып, бұл имамды жібергісі келмейді. Сөйтіп, жағдайын жасайды. Бұл ауыл-аймақтың діни-рухани бағыттағы түлеуіне әкеледі. Ол өз кезегінде өңірдің, тұтастай еліміздің бақ-берекесінің артуына себепші болады.

 

Сұхбаттасқан Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

 

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

 

ҚР Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауынан

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Нурлыбек Рахманов: Батыс Қазақстан облыстық "Орал өңірі" газеті сайтының бұл нұсқасы мұрағатқа көшірілді. Күн сайынғы жаңалықтарды енді zhaikpress.kz сайтынан оқи аласыз.