Тег: ‘Шыңғырлау ауданы’


Депутаттардың Шыңғырлауға сапары

Күні: , 64 рет оқылды

Шыңғырлау ауданында Қазақстан Республикасы Президенті  Н. Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауы және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тақырыбындағы халыққа үндеуін талқылауға арналған жиын оздырылды.

Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Сапархан Омаров, Аманжан Жамалов, сонымен бірге «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Мирас Тұяқбаев қатысып, кездесу жиынды аудан әкімі Альберт Есалиев жүргізіп отырды.

Мекеме, бөлім басшылары, қоғамдық бірлестік өкілдері қатысқан алқалы жиында сөз алған Мәжіліс депутаттары Аманжан Жамалов, Сапархан Омаров Елбасы ұсынған бес бағдарламаның мақсатын, оны іске асырудың тиімді жолдарын айтып, түсіндіріп  берді. Сонымен қатар ауданның мақтан тұтар тұстарын ескеріп, мысалы,  газбен қамтудың 100 пайызға, ауыз сумен қамтылу мәселесінің 80 пайызға орындалғандығын тілге тиек етіп, алдағы күндерде де осындай бірлікпен, ұйымшылдықпен жұмыс істеуге, ауданның одан әрі көркеюіне  тілектестік  білдірді.

Айсұлу АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау ауданы


Арман ауылға келді

Күні: , 142 рет оқылды

Шыңғырлау ауданы Лубен ауылдық округінің мәдениет үйінде жерлесіміз, әнші-сазгер Арман Дүйсеновпен кездесу кеші өтті. «Туған жерге тағзым» атты ша­ра­да мәдениет үйі көрермендерге лық толы болды. Кездесу барысында қо­йыл­ған сауалдарға Арман Дүйсенов қы­зық­ты жауап беріп, өмірбаяны, шығар­ма­­шылығы және алдағы жоспарлары жөнінде айтты.

Аудан өнерпаздары да ком­по­зитордың әндерін шырқады. Кеш иесі туған жеріне, жерлесте­ріне деген сағыныш сезімін ән­­мен жеткізді. Әншіні көгілдір экран­­­нан ғана көріп тыңдайтын ауыл тұрғындары оның жанды да­уыс­пен ән айтып бергеніне ерек­ше қуанып, қошемет көр­сетті.

Кездесуге қатысқан аудан әкі­­мі­нің орынбасары Ержан Тұрма­­ғам­бе­тов уақытын арнайы бөліп, ауылға келіп, әдемі кеш сый­ла­ға­ны үшін алғысын білді­ріп, аудан әкімінің алғысхатын табыстады. Сонымен қоса, сазгер­ге Лубен (Ақшат) ауылына ар­­нап әнұран жазып беруін сұ­ра­­­ды. Кеш со­ңын­да ауыл тұр­ғын­да­ры да ал­­ған әсерімен бө­лісті.

Биыл ауданымыздың құрыл­ға­нына 90 жыл. Жерлесіміз осы дүбірлі тойға арнайы келіп, тарихи күнді аудан тұрғындарымен бірге атап өтуге уәдесін берді. Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» ма­қа­­ла­­сын­­да: «Туған жерге деген сүйіс­пен­шілік, туған елге – Қа­зақ­станға деген патриоттық сезімге ұла­сады» делінген. Болмысынан қа­рапайымдылық лебі есіп тұрған сондай ардақты азаматтардың өмірі көпке өнеге.

Гүлжамал ЖҰМАҒАЗИЕВА,

Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінің директоры


Шыңғырлау ауданындағы азаматтық қорғау айлығы

Күні: , 57 рет оқылды


2018 жылдың 9 ақпан күні БҚО ТЖД Шыңғырлау ауданының ТЖБ қызметкерлері арқылы  Дүниежүзілік Азаматтық қорғау айлығы аясында ауданның оқу орындарында Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебі, Л.Қлышев атындағы Шилі орта жалпы білім беретін мектебі мен Шыңғырлау колледжінің оқушылары арасында «Баршаңыздың назарына!» төтенше жағдай кезіндегі дабылы бойынша қауіпсіз жүріс-тұрысқа дағдыландыру жұмыстары жүргізілді. Оқу күні уақытында оқушылармен әңгіме жүргізіліп, төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылы бойынша бейне фильмдер көрсетілді.


Біздің күнделікті күйдең тіршілігімізде ешкім төтенше жағдайға тап болудан сақтандырылмаған. Өз халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында 1 наурыз күні барлық әлемде мемлекеттер төтенше жағдайлар,  техногендік апаттар не болмаса табиғи апаттар, террористік қауіп сияқты жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға оқыту және дағдылы жұмыстануды белгілеген. ТЖ кезіндегі шұғыл дабылдар бойынша оқушыларға таныстырылды.

 Оқушыларға өрт қауіпсіздігі бойынша әңгімелер айтылып, осы қауіпті жағдай бойынша практикалық дағдылы қимылдар түсіндірілді. Төтенше жағдайлар кезіндегі жүріс-тұрыс ережелері бойынша бейне, оқу филимдері көрсетілді. Сондай-ақ оқушыларға танымдық әңгімелер жүргізілу арқылы төтенше жағдайлар кезінде жарақат алғандарға қарапайым түрдегі медициналық алғашқы көмек көрсету ережелері түсіндірілді. Барлық балаларға осы тақырып жөнінде әсерлі материалдар таратылды. Сабақтың соңында қызметкерлермен мектеп оқушыларына мектеп ғимаратынан көшіру эвакуациясы бойынша жаттығу жүргізілді.

Батыс Қазақстан облысының ТЖ департаменті               

Шыңғырлау ауданы ТЖБ бас маманы азаматтық қорғау аға лейтенанты М.С. Назаров


Ашық есік күні

Күні: , 82 рет оқылды


12 ақпан 2018 жылы өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс айлығы шеңберінде жастарға кәсіби бағдар беру, ҚР ІІМ ТЖК қатарына жаңа кадрлардың келуіне жағдай жасауға, дұрыс имиджді қалыптастыру, өрт сөндіруші және құтқарушы маманының беделін арттыру мақсатында, БҚО ТЖД Шыңғырлау аудандық «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ №22 өрт сөндіру бөлімінде Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінің оқушыларына «Ашық есік күні» ұйымдастырылды:


Мұнда балаларға өрт сөндірушілер жұмысының тыныс — тіршілігі және де өрт сөндіру техникалары мен өрт сөндіруге қолданылатын құрал-жабдықтар түрлерімен жақын таныстырылды. Арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар практикалық түрде көрсетілді:

  • «Дабыл бойынша жиналу және шығу» дабылы бойынша іс- әрекет;
  • күш және құралдарды өрістету арқылы автоцистернаны өрт гидрантына орнатып бір магистралды сызық бойынша екі РСК-50 оқпандарына су беру;
  • жарақат алған адамдарды және өз -өзін құтқару әдістері көрсетілді.

     Осы аталған шараларды ұйымдастырудың басты мақсаты — өрт сөндіру мамандарының беделін арттырып, жас жеткіншектерді осы мамандыққа тарту, өмір тіршілігінің қауіпсіздігін мәдени түрде насихаттау болып табылады.

 Батыс Қазақстан облысының ТЖ департаменті                

Шыңғырлау ауданы ТЖБ бас маманы

азаматтық қорғау аға лейтенанты М.С. Назаров


«Халықтық бақылау» жобасы дайындалуда

Күні: , 100 рет оқылды


Бейсенбі күні Шыңғырлау ауданында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексовтың және бірнеше облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен аудан әкімі Альберт Есалиевтың тұрғындар алдындағы есептік жиыны өтті.


Жиынға дейін лауазымды қонақтар ауданда өткен жылдың аяқ шенінде пайдалануға берілген 30 жаңа үйде болып, жаңа қоныстың жалпы жағдайымен танысты. Тұрғындармен тілдесіп, баспана жайына қанықты. Бұдан соң аудан орталығында жеке кәсіпкерлік күшімен бой көтеріп жатқан фармацевтика орталығына соғып, құрылыс жұмыстарына куә болды. Бұдан әрі жаңадан ашылған аудандық тарихи-өлкетану музейіне барды. Бес бөлімнен тұратын музей жәдігерлерінің тарихын, маңызын баяндаған Т. Қалиев пен Н. Хрипченконың әңгімелеріне қаныққан И. Стексов музейдің рухани дамуға берері мол екенін, әсіресе, оған Елбасы өмірі мен еңбек жолына арналған бөлімнің ұнағанын айтып, мұның балаларға алға ұмтылу, үлгі ету бағытында зор ықпалы болатындығын атап өтті. Бұдан соң аудан халқы бас қосқан аудандық Мәдениет үйіндегі жиынға келді.

Жиын кәдуілгі қалыпта аудан әкімі Альберт Есалиевтың өткен 2017 жылы атқарылған жұмысы туралы баяндамасымен басталды. Баяндама арнайы даярланған бейнеслайдпен қоса жүргізіліп, жиын қатысушыларына аса түсінікті форматта баяндалды.

Әрине, атқарылған жұмыс, нәтижелі істер көп. Бір ғана мысал, ауданымыздың 100 пайыз газбен қамтылып, тұрғындардың түгел көгілдір отынға қол жеткізуінің өзі үлкен нәтиже. Бұдан басқа тыныс-тіршілікке қажетті жағдайдың бәрі кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Айталық, Шыңғырлау ауылының ауылішілік жолдарын жөндеу, Тасмола ауылын  ұялы байланысқа қосу, Аманкелді елді мекенін ауыз сумен қамту мәселелері өз шешімін тапты.

Есептік кезеңде аудан бюджетіне 1 млрд. 584 млн. теңге кіріс кірген. Мұның 36 пайызы жеке инвестициядан түскен түсім.

Тасмола, Лубен ауылдарына «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз су құбыры тартылуда. Қазірдің өзінде Тасмолада ауыз суды үйлеріне кіргізіп алып, игілігін көріп отырғандар бар. Ал Лубенге сапалы  су жеткізу жұмыстары аяқталса, ауданның таза ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жетпек.

Аудан кәсіпкерлері несиелер алып, шаруашылығын кеңейтуде, мал басын асылдандыру жұмыстары да қарқынды. Жаңадан іс бастап, түрлі бағытта кәсіпкерлікті қолға алған тұрғындар да жергілікті әкімшілік қолдауын жоғары бағалап отыр.

Аудан орталығындағы көшелерді асфальттау жоспарға сай жүргізілуде. Биыл да бұл бағытта жұмыстар жалғаспақшы. Мәселен, ағымдағы жылы сегіз көшенің 3,2 шақырым жолы жөнделеді деп жоспарланып отыр. Оған облыстық бюджеттен 243 млн. теңге бөлінді. Ал аудан бюджеті есебінен 1,3 шақырым жаяу жүргіншілер жолы және төрт көше жөндеуден өтеді.

Шыңғырлаулықтарды техникалық сумен қамту да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Есепті кезеңде 1750 метр су құбыры тартылды.

– Елбасы тапсырмасына сәйкес Үкіметпен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бұл коммуникацияны дамытуға, ғаламторға еркін шығуға мүмкіндік берері анық. Соған орай ауданымызда көптеген іс-шара атқарылатын болады. Ал былтыр Ақбұлақ ауылдық округіне ұялы байланыс қызметі қосылды. Енді қалған үш ауыл да көп кешікпей осындай игілікке қолжеткізеді.

Облыстық мемлекеттік қызмет департаментімен бірігіп, барлық ауылда мемқызметтерді алу бойынша арнайы бұрыштар аштық. Яғни электронды-сандық қолтаңбасы бар жеке тұлғалар ауылдан ұзап шықпай-ақ, жергілікті әкімдік ғимаратының ішінен қажет мемқызметтерді ала алады. Интернет желісі сапасының төмендегі бұл істердің толыққанды жүзеге асуына кедергі болары рас. Дегенмен уақыт өте келе ол да өз шешімін табары анық.

«Смарт сити» бағдарламасы аясында да аудан орталығында жұмыстар басталды. Соған байланысты көшедегі бейнекамералар саны артпақшы және өзге де жоспарланған шаралар бар.

«Халықтық бақылау» жобасы дайындалуда. Бұл жоба құқықбұзушылыққа қоғамның нөлдік төзімділігі мен оны алдын алудың тиімділігін көтеруге бағытталмақшы.

Жоғарыда аталған мәселелерді уақтылы шешу үшін бүгінгі таңда аудан әкімдігі аппараты жанынан құрылымдық бөлімше құру жайы қарастырылып жатыр, – деді Альберт Есалиев.

Осындай ізгі істерді қорытып өткен баяндамадан соң облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов жалпы облыс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, шолу жасады.

Аудан халқын сумен қамту, Шыңғырлау – Сегізсай бағытындағы жолдың жөнделуі, Шыңғырлау мектебінің күрделі жөндеуден өтуі және теміржол бекетінің айналасын абаттандыру хақында жазбаша-ауызша сауалдар түсіп, бұл сұрақтарға аудан басшылығы тарапынан тиянақты жауаптар берілді.

Облыс әкімінің орынбасары И. Стексов халықтан мәселе көтерген, проблема айтқан көп сауал-өтініштердің болмауын аудан халқының тұрмыс-тіршілігінің бақуаттылығы деп бағалап, аудан әкімі А. Есалиевке нәтижелі жұмыстары үшін ризашылық білдірді.

Адақ ШОТПАНОВ,

Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау ауданы


Ілиястың жылыжайы

Күні: , 111 рет оқылды


Аманкелді стансасы – аудандағы ірі елді мекендердің бірісі. Сәйкесінше, тұрғындары да көптеу. Теміржол бойына орналасқан халықтың жаңалыққа, жаңаруға құштарлығы да басым.


Жуырда осы мекенде жақсы жаңалық бой көрсетті. Аманкелді ауылының бұрынғы тұрғыны Ілияс Хайрушин есімді азамат ауыл шетінен жылыжай салып, іске қосты. Жаңа құрылысқа соңғы үлгідегі материалдар пайдаланылып, сапалы әрі сәнді шықты. Сыртқы көрінісіне іші де сай. Жарқыраған сымдар, әдейі ультракүлгін сәуле шашатындары, жылу бөлетіндері бар. Көгілдір отын өткізген, едені жылытылатын жылыжай іші ұядай. 300-ге жуық қияр көшеттері жап-жасыл болып, көздің жауын алады. Жылыжайдың жалпы көлемі 35х7 шаршы метр. Жалпы, құрылыс жұмысын азамат өз қаржысына жүргізіп, 25 млн. теңге қаражат жұмсапты.

 «Ауылымда ісімді ашып көрмек болдым. Қазір әркім еліне, жеріне оралуда. Атам Кенжеғали осы ауылда көп жыл бойы еңбек еткен. Астық қабылдау мекемесінде бас бухгалтер болды. Мен атамның тәрбиесінде болдым. Ол бізді еңбек етуге, адалдыққа үйретті. Еліммен бірге жұмыс жасап, ауылымды гүлдендіруге үлес қоспақпын», – дейді Ілияс. Жүзінен жайдары күлкісі мен жылылық төгіліп тұрған жігітке риза болдық. Тағы бір айтарымыз, жылыжаймен бірге жаңа тұрғын үй құрылысын қатар жүргізген екен. Екі пәтерлі тұрғын үй де жаңа үлгіде. Газы, суы ішінде, әдемі дизаинмен әрленген. Ақтөбедегі інісі Рустам Кенжеғалиев те ағасын қолдап, елге келіпті. Оның келіншегі мен кішкентай сәбиі бар екен. Міне, ауылға бетбұрыс осы! Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын нақты істің көрінісі.

Екі азамат отбасымен ауылға келді, ісін бастады. Ертең жұмысы жүйеге түссе, қосымша жұмыс орындары ашылады, алдағы уақытта Амангелді мектебіне баратын бір оқушысы да әзірше осы үйде. Нағыз көпке үлгі болатын үрдіс. Тек қолдау ғана қажет. Ауылдың округ әкімі бастап келген аудан азаматтары жылыжай құрылысымен танысып, ақыл-кеңес беріп, ой бөлісті. Аудан әкімі А. Есалиев жас кәсіпкерлерге басқа жердегі осы іспен айналысушылармен тығыз байланыста болуы, топырақтың сапасы, мал ұстау, үйрек-қаз, балық өсіру сияқты жұмыстарды қатар алып жүру жөнінде ақыл-кеңес берді. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы А. Бисембаев жер рәсімдеу, құжаттарды дұрыс толтыру барысында көмек беретінін айтты. Аудан басшысының өзі келіп, жұмысына сәттілік тілегеніне Ілияс қатты риза болды. Мамандығы теміржолшы болса да, іздену, оқу арқылы жылыжай жайын жақсы білетіні көрініп тұр. Аз сөйлеп, көп тындыратын азамат екені де сезіледі. Біз оның бастаған ісінің сәтті боларына сендік.

Адақ  ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Ауылдағы азғындық

Күні: , 83 рет оқылды


Шыңғырлау ауылындағы Рабочая көшесінің бойында 10 қаңтар күні сағат 20.30 шамасында белгісіз біреу кәмелетке толмаған қыз баланы зорламақ болған.


Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері іздестіру-тергеу шаралары барысында күдікті «Н»-ны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамаған.

Аталмыш факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.


Үш мың жәдігері бар жаңа музей

Күні: , 123 рет оқылды


Шыңғырлау ауданының орталығында тарихи-өлкетану музейі ашылды.


Өткен жылдың соңғы күндерінде тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде үш мыңға жуық жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Шыңғырлаудың өткені мен бүгіні көрініс тапқан.

Музей бес залдан тұрады. Келушілер арнайы экраннан Шыңғырлаудың әсем табиғаты мен көз тартар орындарынан түсірілген бейнебаянды да тамашалай алады.

Дәл сол күні өңірдегі зираттарда сақталған тарихи ескерткіштер – араб жазулы көне құлпытастардың құпиясы шертілген арнайы жинақтың да тұсауы кесілді.

Шыңғырлау ауданы үшін есте қаларлық осы оқиғаға орай өзге өңірлерден туған жерге арнайы жиналған бір топ ардагер музей ғимараты алдына қарағай көшеттерін отырғызды. Бұл көшеттерді олар өз қаржысына сатып алып, туған жерге тарту ре-тінде ала келген екен.

Ержан ТҰРМАҒАМБЕТОВ, аудан әкімінің орынбасары

– Ауданымыздың тарихы әлі де толығымен зерттеліп болған жоқ. Десек те, осы музейдің ашылуы адамдарға үлкен бір серпіліс беріп, өткен тарихымызға тереңірек үңіліп, қолда барды жиып-теріп, келер ұрпақ үшін жұмыстануға себеп болуда. Себебі, осы музейді жасақтауда жұмыстанған топтың байқағаны – Шыңғырлауға байланысты әлі де көптеген тың дерек көздерінің шығуы. Сонымен қатар экспонаттардың біразы сонау Санкт-Петербургтен бастап, облыстық музейлерден табылуы ізденушілерге үлкен ой салды. Осыған бір мысал, ауыз әдебиеті арқылы бізге дейін келіп жеткен жыршы-жыраулардың шығармаларын зерттей келе, тарихшылар Асан Қайғының осы Шыңғырлау жерін мекен еткенін дәлелдеуде. Елді жаудан қорғаған Махамбет батырға қатысты да тың деректер табылып, әлі де зерттелу үстінде. Бұл тек қана қолда дәлелдері бар мәліметтер, ал, көнекөз қариялар айтып кеткен аңыз оқиғалары қаншама?! Осыған қарап, Шыңғырлау өңірі тарихқа тұнған, талай құпиясы қойнында жатқан киелі мекен екеніне тағы да көзіміз жетуде. Қойнауы сырға толы, шежіресі ғасырларды қамтыған аудан тарихына көп болып атсалысқанда, бірге жұмыстанғанда ғана үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатыны сөзсіз. Тек осы жұмысты тиянақты қолға алып, зерделеп-зерттеп, кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдыратындай жағдай туғызуымыз қажет. Қазіргі уақыттың талабы мен заманның түрлі өзгерістерін бағамдай отырып, кенжелеп кейін қалмай немесе жаңашылдықтан көш соңында жүрмей, алға басу үшін бәрібір өткенімізді толық білмесек, өзгеру, жаңару мүмкін емес.

Жаңылсын ТҰЯҚОВА, аудан тұрғыны, зейнеткер-ұстаз:

– Музей үшін қуанышымыз шексіз! Жас кезімде Сегізсай ауылындағы кішкене музейге жәдігер жинауға үлес қосқанмын. Содан келе жатқан заттардың бірсыпырасы жаңа музей ішінде көзіме оттай басылды. Тарих қойнауынан жеткен жәдігерлер жойылмауы тиіс. Себебі, ол – біздің өткеніміз, оны артымыздан ерген ұрпағымыз білуі, көруі, құрметтеуі тиіс. Тарих осылай жасалады.

Тілеген ҚАЛИЕВ, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

– Археологиялық қазба жұмыстарына рұқсаттары бар мекемелермен келісімшартқа отыру қажет. Сөйтіп күн жылына келе аудан аумағында талай жұмыстарды атқару ойымызда бар. Ал оған дейін тұрғындардың көмегімен қолда бар жәдігерлерді жинақтап, арнайы картотека жасамақпыз. Тұрғындар арасында насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Тағы бір айта кетерлік жәйт, бұл – аудандық тарихи-өлкетану музейінің тек қана музей емес, оны ғылыми-зерттеу орталығы іспеттес, яғни зиялы қауым мен тарихшылардың басын қосатын жиындар, ғылыми семинар-конференциялар өтетін бір орталыққа айналдыру, рухани орта жасау жоспарымызда бар. Музейге келген әрбір жан өзіне қажетті мәлімет пен рухани азық алатындай болуы үшін қолдан келер жұмыстарды атқармақпыз.

Надежда ХРИПЧЕНКО, аудандық мұрағаттың директоры:

– Музей қорына біздің мұрағат қолдан келгенінше көмектесуде. Оның үстіне қолдағы бар құжаттарды сұрыптап, реттеп, тіпті іздену жұмысымен де айналыстық. Біз, әсіресе, Қазан төңкерісі және Ұлы Отан соғысы жылдарындағы құнды мәліметтер мен шыңғырлаулықтардың жеке архивтерінен алынған құжаттарымен жұмыс істеп, фотодеректерді молынан жинақтадық. Музейге келгендердің осы дереккөздерді ерекше ықыласпен қарап-көріп, ризашылықтарын білдіргенде, еңбегіміздің зая еместігін сездік.

Әлі де жұмыстанып, музей жұмысына қолдау білдіреміз.

Серік ОТАРҒАЗИЕВ, еңбек ардагері, Орал қаласының тұрғыны: 

– Шыңғырлау мен үшін аса қымбат. Шилі орта мектебінде оқып, тәрбие алдым. Алғашқы еңбек жолым да осында басталды. Шыңғырлау астық қабылдау кәсіпорнында еңбек еттім. Мектепте оқып жүрген кезде де көше бойына, мектеп ауласына тал-теректерді көптеп егуші едік.

Сол үрдіс бүгін әдемі жалғасын тапқанына қуаныштымын. Жаңадан ашылған музей алдына қарағай ағаштарын егуге қатысқаныма қуаныштымын.

Ел тарихын түгендеп, кеше мен бүгінді жалғайтын жәдігерлері мол музейдің болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Музей экспонаттары көбейіп, мән-мазмұны арта берсін деп тілеймін!

Адақ  ШОТПАНОВ,

Айсұлу  АРЫСТАНОВА,

Шыңғырлау  ауданы


Көпір көптің тілегі еді

Күні: , 78 рет оқылды


Кеше Шыңғырлау ауданы Белогор ауылы маңындағы жаңадан салынған көпірдің ашылу салтанаты өтті.


«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асқан бұл жоба ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы еді. Белогорлықтардың бұл қуанышымен бөлісу үшін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы келді.

– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алу керектігін ұсынған болатын. Соған орай республикамызда, соның ішінде облысымызда көптеген игі іс қолға алынуда. Жалпы, былтыр өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2,6 млрд. теңгенің жобалары жүзеге асты. Оған үлес қосқан меценаттарды облыс әкімі марапаттағаны белгілі. Бағдарлама бойынша биыл да біраз жоба іске қосылмақ. Міне, бүгін сол жобалардың бірінің ашылу салтанатына қатысудамыз, – деді құттықтау сөзінде Ғабидолла Абдоллаұлы.

Айта кетейік, бұл көпірдің орнында бұрын топырақ үйіндісі болатын. Көктемде Шыңғырлау өзені тасыған кезде ол шайылып кетіп жүрді. Бұл тұрғындарға қиындық тудыратын. Ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен жергілікті кәсіпкерлер мен азаматтар жер кепкесін оны қалпына келтіргенімен, көктемде қайта таз қалпына түсетін. Мәселен, жеке кәсіпкер Мият Еспембетовтың «КамАЗ» көлігімен 11 мәрте бор, 4 мәрте топырақ тасытып, жөнге келтірген еңбегі зая кеткен.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын оқыған әкелі-балалы Алғали мен Мирболат Тасмағамбетовтер өздерінің туған жеріне көмек көрсетуге бел буады. Яғни белогорлықтардың «бас ауруына» айналған көпір мәселесін шешуге атсалысты. Осылайша 7 млн. теңгеге  су жаңа  көпір  салынды.

Ауыл ақсақалы, ауданның құрметті азаматы Клим Бексейітовтың айтуынша, көктемде Шыңғырлау өзені бір ай өткел бермейтін, тұрғындар ай бойына қайықпен қатынайтын еді.

Су тасығанда кісі өлімі де болған. «Жыл сайын жаздың бір айы осы көпірді жөндеуге кетеді. Ол көпірдің «ғұмыры» ұзақ болмаса да, амал жоқ жөндейтінбіз, – дейді Клим Нұғманұлы. –  «Туған жер» бағдарламасы аясында осынау қиындықтан құтылғанымызға қуаныштымыз. Елбасы мақаласында жазғандай, туған жерін ұмытпайтын кәсіпкерлердің қатарына біз Алғали мен баласы Мирболатты да қосамыз. Олар жетекшілік ететін «Жарас» ЖШС-ның ұйытқы болуымен Торыатбас ауылына қатынайтын көпір де салынды. Туған жеріне туын тіккен азаматтар  осындай  болса  керек!

Қаршыға  ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау  ауданы


100% газбен қамтылды

Күні: , 78 рет оқылды


Жыл  басында  ауданның ең  шалғай, әлі  көгілдір отынға қосылмаған  соңғы елді  мекені  Ақсуат  ауылына  көгілдір отын желісі  жетіп,  тұрғындар қуанышында  шек болмады.  Осылайша Шыңғырлаудың  барлық  елді  мекені от  жағып,  күл  шығарудың бейнетінен  толықтай  құтылды.


Ақсуаттық ағайынның бұл қуанышын бөліскен аудан әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов Елбасы тапсырмаларынан туындап отырған нақты жоспарлы қадамның бірі осы ауқымды жұмыс болғанын және оның нәтижелі аяқталып, халық игілігіне берілуін атап айтты. Аталмыш ауылға газ құбыры көршілес жақын орналасқан Сырым ауданы аумағынан тартылды. Оны тартқан «Әлия-Сервис» ЖШС-нің  жігіттері.

Замана жетістігі мен ел дамуының жарқын көріністеріне куә болып, бек қуанған ақсуаттықтар ел, облыс, аудан басшылығына алғыс білдіруде. Бүгінде Шыңғырлау ауданының сегіз ауылдық округі мен елді мекендері 100% кө-гілдір  отынмен  қамтылды.

Қаршыға  АСУ,

Шыңғырлау  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика