Тег: ‘Орал қаласы’


«14» реквиемінің тұсаукесері

Күні: , 12 рет оқылды


Х. Бөкеева атындағы Батыс  Қазақстан облыстық қазақ  драма  театрында  «14» реквиемінің  премьерасы болды.


Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында 1940-1941 жылдары «Қазақ халқын қорғаушылар одағы» ұйымы жасырын қызмет етіп, оның жетекшісі Ғұбайдолла Әнесов ату жазасына кесіліп, қалғандары түрлі мерзімге сотталған болатын. Осы оқиғаға орай батысқазақстандық қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты туындысын режиссер Мұқанғали Томанов  сахналады.

Қойылымды қою барысында осы тақырыпты арнайы зерттеп, облыста алғаш көтерген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин кеңес берсе, суреттерін Мұрат Мәмбетов салды. Ғұбайдолла Әнесовтің рөлін театрдың жас әртістерінің бірі Жасқайрат Валиуллиев сомдады. Ғ. Әнесовке жол сілтеген Сатымовтың бейнесінде Айдар Жарылғапов көрінсе, Сталинді мәдениет саласының үздігі Теміржан Матаев шығарды. Сол секілді Сейітқали Бажекеновті Жылқыбай Жұбатов, Сатқали Молдағалиевті Жамбыл Заев, Қайырғали Сапаралинді Салауат  Түменов  сахналады.

Спектакльде он төрт жалын жастың қазақ халқына азаттық алып бермек болған ой-жоспарлары мен астыртын іс-әрекеттері, сол үшін түрмеде азапталған сәттері айқын көрініс тапқан. Арасында он бесінші болып сатқын Ғабиден Қолбасов (әртіс Асылжан Жакин) та жүр. Соңғы сөзінде «Қазақ халқы бәрібір бостандық алады» деп кеңестік озбыр саясатқа қасқая қарсы тұрған Ғұбайдолла Әнесов бірден атылса, айыбын мойындамаған Қайырғали Сапаралин Оралдың түрмесінде қаза тапқан. Бес жылға сотталған Мәззап Әлиев пен Мәннап Ахметов Ақтөбенің еңбекпен түзеу  лагерінде  көз  жұмды.

Он жылға сотталып, кейін жер аударылған Сейітқали Бажекенов туған жеріне аяқ баса алмай, өмірінің соңына дейін, яғни 1999 жылға дейін Өскемен қаласында тұрды. Жалпақталдық жастар ұйымының жарыққа шығуы үшін қолы жетер жерлердің бәріне барып, жанын салған, міне, осы азамат еді. 10 жылға сотталған Сатқали Молдағалиев та 2003 жылға дейін өмір сүріп, ұйым мүшелерінің ақталып, олар туралы Аманкелді Шахиннің «Сол бір сүргін» атты кітап шығарғанын көріп кетті. Сондай-ақ алды 10, соңы 5 жылға сотталған Ғұмар Тұрымов, Сайдолла Шорабаев, Мұхамбетжан Нұралин, Иғали Мұхамбетқалиев, Қамал Мақұлбаев, Сүндетқали Қаражанов, Өтеген Аманов, Иманғали Насыровтың есімі енді тәуелсіз ел тарихында құрметпен аталары сөзсіз.

Премьера соңында ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева мұндай қойылымдардың, әсіресе, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеудегі орны ерекше екендігін жеткізді.

Елжан  ЕРАЛЫ


Құрметті батысқазақстандықтар!

Күні: , 16 рет оқылды


Сіздерді еліміздің қастерлі мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!


Жиырма алты жыл бұрын біз Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық.

Дүниежүзіне тәуелсіздігімізді жария еттік.

Бұл – ата-бабаларымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті күн.

Тәуелсіздік тарихында ел есінде қалатын ұлан-ғайыр істер атқарылды. Осы жылдардағы барлық жетістік – әрбір қазақстандықтың ерен еңбегінің, бірлігінің және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатының нәтижесі екені сөзсіз.

Тәуелсіздік – тілімізді жаңғыртып, ділімізді қайтарған, тарихымызды түгендеп, тағдырымызды таңдаған ұлы уақыт. Ширек ғасырдан сәл астам уақыт ішінде Қазақстан өзіндік дамудың даңғыл жолына түсіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан зор жетістіктерге жетті. Біздің облысымызда да жыл сайын халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асуда.

Сіздерді әлемге халқымыздың азаттық сүйгіш, рухы биік екендігін паш еткен Тәуелсіздік күнімен тағы да құттықтай отырып, әрқайсыңызға мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, береке-бірлік тілеймін!

Еліміздің келешегі кемел, болашағы жарқын болғай!

Батыс Қазақстан облысының әкімі       А. КӨЛГІНОВ


«Тәуелсіздік – бабалардың аңсаған арманы, қайсар рухының жемісі»

Күні: , 16 рет оқылды


Кеше облыс орталығындағы Салтанат сарайында ҚР Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиналыс өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов, мемлекеттік құрылым, саяси партия, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.


ҚР Мемлекеттік Гимні орындалғаннан кейін мінберге көтеріліп, баяндама жасаған облыс әкімі Алтай Көлгінов тәуелсіздік тарихында ел есінде қалар ұланғайыр істер атқарылғанын, осы жылдар аралығындағы жетістіктер әрбір қазақстандықтың ерен еңбегінің нәтижесі екенін атап өтті.

– Жиырма алты жыл бұрын біз Мәңгілік ел болудың бірегей қадамын жасадық. Дүние жүзіне тәуелсіздігімізді жария еттік. Тәуелсіздік – бабалардың аңсаған арманы, қайсар рухының жемісі, халықтың бақ жұлдызы, мемлекетшілдіктің алтын діңгегі. Біз зайырлы, өркениетті, индустриалды-инновациялық жолға түскен, қарқынды дамып келе жатқан әлеуметтік мемлекетке айналдық. Қазақстанымыздың болашағы айқын, бағыты анық.

2017 жыл еліміз үшін ерекше оқиғаларға толы жыл болды. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Сөйтіп БҰҰ-ның саяси құрамына Орта Азия елдерінің ішінде бірінші болып енді. Республикамыз посткеңестік елдер ішінде тұңғыш рет қысқы универсиада өткізді. Ал «ЭКСПО – 2017» сынды көрме ТМД мемлекеттерінде бұрын-соңды болған емес. Бұл көрме ел экономикасының одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосқаны сөзсіз.

Жыл өткен сайын ел экономикасының барлық саласында сандық технологиялардың рөлі артып келе жатқаны белгілі. Яғни мемлекеттік, жеке меншік қызмет көрсету салалары осы бағытта жұмыс істеп, бәсекелестік, өнім өндіру көлемі артуда. Мұның бәрі адамның өмір сапасының жақсаруына мүмкіндік жасауда. Елбасы айтып өткендей, ең бастысы біз бейбітшілік пен келісімге негізделген тәуелсіз мемлекет құрып, экономикалық даму жағынан жыл сайын халықтың әл-ауқатын арттыратын қазақстандық модельді қалыптастырдық. Қазақстандықтардың жасампаз еңбегі мен бірлігінің арқасында ғана осындай жетістіктерге жеттік. Біз еркін, тәуелсіз, мықты мемлекеттің азаматтары болып табылатынымызды мақтан тұтамыз.

Тәуелсіздік жылдары ішінде облысымыздағы өнім өндіру көлемі үш мың есе өсіп, 60 мектеп, 80 балабақша, 105 емдеу мекемесі ашылып, 4 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал өңірлік жалпы өнім көлемі 2300 есеге артты. Өңірлік жалпы өнім көлеміндегі өнеркәсіптің арасалмағы екі есеге жуық жоғарылады. Шағын және орта бизнес те қарқынды дамуда. Соңғы он жыл ішінде кәсіпкерлікке бет бұрғандар саны 2,5 есеге көбейді. Тек биылдың өзінде 300 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл былтырғы көрсеткіштен 70 пайыз жоғары. Жалпы облыс бойынша 500 шақырым шамасындағы аутокөлік жолдары жөнделу үстінде. Барлық қаржыландыру көздері арқылы 24 білім нысаны салынуда, соның оннан астамы жеке инвестиция есебінен бой көтеріп жатқан балабақшалар. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Орал қаласы мен аудандарда 1700 үй салынуда. Сондай-ақ өңіріміздің ауылдарын, әсіресе, алыс аудандардағы елді мекендерді газдандыру мен сумен қамту жұмыстары да жүруде. Мәселен, бес ауданның 35 елді мекені, соның ішінде 106 әлеуметтік нысан көгілдір отынға қосылса, 35 мың тұрғыны бар 55 елді мекенді орталықтандырылған ауыз суға қосу жұмыстары жүруде.

Ару Ақ Жайық – Жұбан мен Қадырдың поэзиясы өрбіген, Дина мен Құрманғазының күйі, Махамбеттің жыры төгілген, Жәңгір хан мен Жаһаншаның жаңашылдығымен жалғасқан рухани мекен. Егемендігіміздің еңселі, тәуелсіздігіміздің тұғыры әрқашанда биік болуы үшін әрқайсымыз ұлы халқымыздың біртуар перзенті Бауыржан Момышұлы айтқандай «елім деп еміреніп, жұртым деп жұмылып қызмет етуге тиіспіз!». Сондықтан да бабаларымыздың аманатын алып жүру – бізге парыз, – деді Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес облыс әкімі мемлекеттік және қоғамдық қызметтерде сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар батысқазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде «Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Яхия Чудров («Парасат» ордені), облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева («Құрмет» ордені), «Ақсайгазсервис» АҚ-ның машинисі Ермек Ықласов (ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені), «Вайнах» шешен-ингуш мәдени-ағарту қоғамының төрағасы Данильбек Саратов, «Аруана – Жайық» қоғамдық қорының төрайымы Ұлдай Сариева, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла («Ерен еңбегі үшін» медалі), «Демеу» мүгедектерді қолдау қоғамының төрағасы Біржан Қожақов («Шапағат» медалі), Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Жаңылсын Хасанова («Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы), М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың доценті Максим Попов, Орал қалалық «Жайық үні» газетінің директор-редакторы Мира Шүйіншәлиева («ҚР-ның Құрмет грамотасы») бар.

Жиын барысында құттықтау сөз сөйлеген «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин жаңа ғана өңіріне тағылған «Ерен еңбегі үшін» медалін биыл шыға бастағанына 100 жыл толған облыстық «Орал өңірі» газетінің шерменді шежіресіне, қасіретті де қасиетті тарихына тағзым, редакцияның бүгінгі ұжымының қажырлы еңбегіне құрмет және басылымның болашағына сенім деп қабылдайтынын айтты. Ал ҚПО б.в. компаниясының бас директоры Ренато Мароли Қазақстандағы ұлық мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен өзінің «Құрмет» орденімен марапатталғаны мәртебе екенін жеткізді. Бұл марапат Қарашығанақ жобасының Қазақстанның дамуына, соның ішінде БҚО-ның экономикасының нығаюына қосып келе жатқан үлесінің зор екенін көрсетсе керек. Мінберге көтерілген белгілі айтыс ақыны Жансая Мусина ел тәуелсіздігі тарихымыздағы хандарымыздың өрлігімен, ұлтым деп қасқайған қасқыр ұлдар-батырларымыздың ерлігімен, Алаш арыстарының қанымен, кешегі 1986 жылы алаңда табандап тұрған желтоқсан көтерілісшілерінің намысымен келгенін айтты. Сол бабалардың, аға-апалардың қаны мен тері, ерен еңбегінің арқасында ол да өңіріне «Ерен еңбегі» медалін тағып отыр. Мұның бәрі егемендіктің жемісі.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Кәрім ӨТЕҒҰЛОВ,

Ақпәтер тарихи-өлкетнау музейінің меңгерушісі (Қазталов ауданы):

– Саналы өмірімді білім, ауыл шаруашылығы салаларына арнадым. Үш жыл бұрын өз қаражатыма ауылымда музей салып, соны мемлекеттің теңгеріміне бердім. Оның қасынан ҰОС ардагерлеріне арнап ескерткіш тұрғыздық. Енді ашық аспан астындағы техникалардың музейін ашумен жұмыстанудамыз. Сондай-ақ кезінде елімізді басқарған азаматтарға арнап аллея ашу да ойда бар. Міне, мемлекет осы бағыттағы еңбектерімді ескерсе керек, бұған дейін «Құрмет» орденімен марапаттаған еді, бүгін «Парасат» ордені беріліп отыр.

Жанар БИСЕНҒАЛИЕВА,

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры:

– Еліміздің Тәуелсіздік күні мерекесіне орай ҚР-ның Құрмет грамотасын алғаныма қуаныштымын. Мұны мәдениет саласындағы 20 жылдық еңбегімнің жемісі деп қабылдаудамын. Өзім Тасқала ауданында алғаш рет халық театрын ашып, онда жеті жыл жұмыс істедім. Қазір бұл театр облыстық, республикалық байқауларға қатысып, алдыңғы лектен көрініп жүр. Жалпы ауданның мәдениет саласында да табыс көп. Өзімнің алғашқы марапатымды тасқалалық өнерпаздарға мемлекет тарапынан берілген баға деп қабылдаймын.

Вячеслав СОЛОДИЛОВ,

Яик-Орал казактары одағының төрағасы:

– Еліміздегі, соның ішінде облысымыздағы этномәдени орталықтар республикамызда ұлтаралық татулық пен қоғамдық ынтымақтың нығайған үстіне нығая түсуіне зор үлес қосып келеді. Елбасы, ҚХА төрағасының, облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасының, олардың орынбасарларының тапсырмаларын орындап, елдегі реформаларды халыққа түсіндіру бағытында еңбектенудеміз. Бұл бағыттағы қызметіміз ескерілмей қалған жоқ. Міне, бүгін «Ерен еңбегі үшін» медалін алдым. Алғашқы мемлекеттік марапат болған соң бұл медаль маған ыстық. Мен осынау марапатымды таяуда 90 жасқа толатын анама арнаймын. Себебі, өмірде азды-көпті жетістікке жетуіме анамнан алған тәрбиенің көп әсері болды. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!


Жолда жүру мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Күні: , 13 рет оқылды


Бүгінгі таңда жаяу жүргіншінің де, жүргізушінің де жолда жүру мәдениеті жоғары дей алмаймыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде соңғы он жылдың ішінде 30 мыңнан аса адам жол-көлік апатынан көз жұмған екен. Бұл дегеніңіз – бір қалашықтың халқы. Немесе бір ауылда 3-4 мың адам тұрады десек, он елді мекеннің тұрғыны. Сонда бейбіт заманда, қуғын-сүргін, соғыссыз жыл сайын бірнеше ауылдың адамы жоқ болады. Біздің мемлекеттің басындағы үлкен проблеманың бірі осы. Бүгінгі таңда күйіп тұрған мәселенің оң шешімін табу мақсатында атқарылған істер де аз емес. Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсті. Бірақ тәртіпсіз, жол ережесінің талабына бағынбайтын жүргізушіге де, жүргіншіге де айыппұл әсер ететін түрі жоқ. Көлік саны көп үлкен қалалар мен ауылдарға интеллектуалды қиылыстар жасақталып, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіштер орнатылуда. Дегенмен, адам өмірін қиятын немесе ауыр жағдайларға душар ететін келеңсіз жайттар азаяр емес. Жолда жүру мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Күн тәртібінің «күйіп тұрған» мәселесін қайтып шешеміз? Бұл туралы өкілетті мекеме өкілі, жүргізушілермен қала тұрғындарының пікірі қандай? Саралап көрелік.


Манарбек НӘЖИЕВ,

БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі:

–  Ағымдағы жылдың 11 айында Орал қаласында 365 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апаттың салдарынан 463 адам түрлі дене жарақатын алып, 87 адам көз жұмды. Өткен жылы 420 жол апаты тіркеліп, 501 адам зардап шексе, 89 адам қайтыс болды. Облыс орталығының көшелерінде үш заманауи зияткерлік қиылыстар орнатылған. Сонымен қатар шаһар ішіндегі көшелер мен қала маңындағы жолдар бойында төрт жылдамдық өлшеуіш құрылғы жұмыс жасайды. Олар көлік көп жүретін аумақтарда, атап айтсақ, әуежайға барар жолдағы екі саяжай аялдамасы маңында, Зашаған кентіндегі бөген (дамба) аумағында, Жәңгір хан көшесіндегі «Бәйтерек» дүкені аялдамасының тұсында және Шаған жағалауы көшесінің бойында орналасқан. Сондай-ақ, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айқындалған міндеттерді өңірде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігімен бірлесіп «2017-2018 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысында автоматтандыру және цифрландыру жол картасы» қабылданды.

Соған сәйкес алдағы жылдары қала көшелеріне 40 жылдамдық өлшегіш құралы, 5 зияткерлік қиылыс, оған қоса 200 көпфункционалды дербес бейнекамера орнату мәселелері қарастырылуда. Жылдамдықты өлшеу құрылғыларының тәртіп сақшыларына көмектесетіні сөзсіз. Сараптамаға сенетін болсақ, бейнекамералардың көмегі жүргізушілерді жолда өзін ұстау мәнеріне үйретуге септесетін көрінеді. Осы орайда жылдамдықты шектеу белгілерін елемеген көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Салынған айыппұл құқықбұзушылық жасалған күннен 30 күн ішінде төленуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қарыз мемлекет қазынасына мәжбүрлі түрде қайтарылып алынатын болады.

Тарих ҒАББАСОВ,

«Орал Техсервис» ЖШС,  №2 маршруттағы аутобустың жүргізушісі:

– Қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс жасағаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Жол жүру ережесін сақтауға байланысты елде де, біздің өңірде де бірталай жұмыстар атқарылуда. Заңдар қатайды. Үкіметтің қаулыларымен жол жүру ережесіне өзгерістер енгізілуде. Алайда, заңдардың қатаюы жоғары деңгейде нәтиже бермей жатқаны да шындық. Осы себепті, жүргіншілер мен жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтерудің балама жолдарын іздеген абзал. Соның біреуі – құқықтық насихат. Бұл шара науқан ретінде жүрмеуі керек. Өйткені, біздегі шаралар белгілі бір уақыттарда ғана, есеп беру үшін жасалатын сияқты. Жаяу жүргіншілер құлақтарына құлаққап киіп, жолдан қалай болса, солай өтеді. Тіпті, сигналды да естімейді. Соңғы кездері жаяу жүргінші жолағында адамды қағып өту оқиғалары жиі орын алуда. Бұл, біріншіден, жүргінші мен жүргізушінің бір-бірін сыйламайтындығының көрінісі болса, екінші жағынан, жүргізушінің заңмен белгіленген жылдамдықты сақтамауы салдарынан деп есептеймін. Қазір қалада жаяу жүргіншілерге арналған жол жолақтары көп. Бірақ он метр жүруді қиынсынып, жолдың дәл ортасынан өтетіндер жетерлік. Дамыған елдерде қай жер болса, сол жерден өту деген жоқ. Ішкі мәдениет, тәртіп сондай. Он жерден тоқпақтағанмен, жолда жүру мәдениеті әркімнің өзіне байланысты. Бірақ, қоғам, мемлекет тарапынан ішкі мәдениетті қалыптастыру шаралары үздіксіз жүруі тиіс. Мектептерде жолда жүру мәдениетіне арналған сабақ жүруі керек. Облыс орталығы мен кейбір аудандарда қойылып жатқан камералар мен өлшеуіш құрылғылар жол-көлік апатының алдын алуға өз септігін тигізуде. Кейбір жүргізушілер оған да наразылық туғызуда. Меніңше бұл заман талабына сай, уақытылы қолға алынған игі бастама. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағида текке айтылмаған. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер белгіленген ережемен заңдылықты сақтап жүрсе, арты өкінішке соқтыратын жағдайлар әжептәуір азаяр еді.

Әділғазы КЕРЕЕВ,

 қала тұрғыны:

– Мен Орал қаласының тұрғынымын. Бір байқағаным, биыл Орал қаласында жол-көлік оқиғасы көп тіркелді. Оның ішінде жаяу жүргінші жолағында қайғылы жағдайлар жиі орын алды. Себебі, тұрғындар жаяу жүргінші жолағынан топпен емес, бір-бірлеп өтеді. Оны жүргізуші байқамай қалады. Әсіресе, бұл жағдай тәуліктің қараңғы мезгілінде қиындық тудырады. Екіншіден, көліктер үлкен жылдамдықпен жүретін Шолохов көшесі, Подстепный және Круглоозерный, Деркөл, Желаев елді мекендері бағытына шығатын негізгі тасжол бойындағы жаяу жүргінші жолақтары қала тұрғындарының өміріне өте қауіпті.

Сондай-ақ, биыл Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кездесу өткізіп, Алматы мен Орал қаласының тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыру, дамыту бағытында тәжірибе алмасып, құрылыс саласында бірге жұмыстану үшін көптеген келісімдерге қол қойды. Бұл жақсы бастама. Әрине, оңтүстік астанамыздан аларымыз көп! Алматы қаласындағы аспалы әуе жолдарының жаяу жүргінші жолағындағы жол-көлік оқиғасын азайтуға септігі мол. Сонымен қатар Алматыдағы кейбір үлкен көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолағы тұсында бағдаршамның қызыл түсін жағуға арналған қондырғылар орнатылған. Арғы бетке өтуге келген адам сол қондырғыдағы тетікті қолымен басады. Бағдаршамның қызыл түс жанады. Бұл жүргізушіге де қолайлы. Адамды көрмесе де, бағдаршам қызылына тоқтайды. Оңтүстік астанадағы осындай оң үрдістер болашақта біздің де қаламызға орнатылса, жолкөлік оқиғасы мен жолдағы адам өлімі едәуір азаяр еді деп есептеймін.

Асылжан ҚАБЫЛ,

мектеп оқушысы:

– Мен қаладағы №20 мектептің 9-сыныбында оқимын. Күнделікті мектепке аутобуспен қатынаймын. Аутобустан мектептің тұсынан түсемін. Сол жерде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бар. Бағдаршамның белгісіне қарайлап жолдан өтеміз. Жолда жүру ережесін сақтап, арнайы жолақтан өтсек те өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз. Себебі бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жүйіткіп жүретін көліктер көп. Сондықтан жан-жағымызға алаңдап, сақтықпен өтуге тура келеді. Жолда жүру ережесін ұстаздарымыз бастауыш сыныпта үйреткен болатын. Сабақтан бос кезімізде қала орталығына барғанда да көшедегі жүйіткіген көліктерді көреміз. Олар тек бейнебақылау камералары бар аймаққа келгенде ғана жүрістерін баяулатады. Тұсынан өткен соң қайта зулайды. Көшеде болған жол-көлік оқиғалары, олардың салдарынан қайтыс болған немесе жарақат алғандар туралы ақпарат естігенде немесе оқығанда жаным  ашиды. Қаншама бала бір жүргізушінің кесірінен ата-анасыз қалып жатса, аналар оқыста баласынан айырылып, зар жылауда. Әр жүргізуші жол ережесін қатаң сақтаса, мұндай жағдайлар болмас еді. Машина айдаған аға-апаларымыз жол ережесін сақтамаған жағдайда тек өздерінің ғана емес, айналасындағы адамдарға да қауіп төндіретіндерін естен шығармаса екен деймін.

Владимир БОРЗИКОВ,

такси жүргізушісі:

– Көліктердің қала көшелерінде немесе сыртқы жолдарда белгіленген жүру жылдамдығын сақтамауы себебінен жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Жолаушы тасымалдаумен айналысқасын, күн ұзағына көлік тізгінінде отырамын. Кей жағдайда көшедегі жол апаттарын көргенде жаның түршігеді. Көлік тізгініне отырғаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Өз басым жолда жүру мәдениеті жылдар бойы жинақталады деп ойлаймын. Менің ойымша, жол-көлік оқиғасының көп орын алуы жүргізушілерге тәжірибенің жетіспеуі салдарынан да болады. Бүгінгі таңда жүргізуші куәлігін алу тым жеңілдеп кеткен секілді. Жүргізушілерді оқытатын, куәлік беретін жеке мектептер де көбейіп кетті. Ал ондағы білім сапасына деген қадағалау нашар деп есептеймін. Оқу қаражатын төлеп, теориялық жағын оқып шыққан адамға куәлік ұстата салу дұрыс емес. Одан кейін, жол белгілерін орналастыру жұмыстары әлі де сын көтермейді. Жаяу жүргіншілер жолағы кей жерлерде көрінбейді. Әсіресе, түнгі уақыттарда. Солардың қараңғы кезде анық көрінуін қамтамасыз ету керек. Мұның өзі жол-көлік апатына себеп болады. Қаладағы аутокөлік саны күн санап көбейіп жатыр, дегенмен қарапайым жүргізушілер мен  жүргіншілердің жолда жүруіне жағдай жасалуы керек. Жерасты жолдары аз. Үлкен қалалардағыдай жаяу адамдар өтетін аспалы жолдар салынса, жақсы болар еді. Соңғы жылдары қолға алынған интеллектуалды қиылыстар жасақтау, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіштер орнатудың да жол-көлік оқиғаларын азайтуға септігі мол. Осындай камералар мен өлшегіштер қалада көптеп қойылуы керек. Сонда ғана жол ережесін жиі бұзатындар айыппұл төлеуден шаршап, тәртіпке түсер еді.

Бетті дайындаған Нұрбек ОРАЗАЕВ


Үздіктер сапынан табылғандар

Күні: , 16 рет оқылды


Биылғы жылдың «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары»  көрме-байқауының үздіктері анықталды. Олардың арасында батысқазақстандық компаниялар мен кәсіпкерлер бар.


Биыл «Алтын сапа» сыйлығынан 101 компания үміткер болса, «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына өңірлік кезеңінің жеңімпаздары болған 144 компания қатысты. Еліміздің тауар өндірушілері 2001 жылдан бері «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысады. 2006 жылдан бері ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығы отандық өндірісті дамытуда, тауар мен көрсетілетін қызмет сапасын үздіксіз арттыруда жетістікке жеткен кәсіпорындарға беріліп келеді.

2015 жылы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өз тауарларын жетілдіруге және сапасын жақсартуға ұдайы көңіл бөлетін кәсіпорындарға «Іскер» арнайы сыйлығын бекітті. Биылғы «Алтын сапа» сыйлығымен марапаттау рәсімінде батысқазақстандық «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ға осы «Іскер» сыйлығы тапсырылды. Валерий Крылов басшылық жасайтын компания бұдан бұрын да үлкен марапаттарды иеленіп үлгерді. Мысалға, 2014 жылы «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша

және «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауында жеңімпаз атанды. «Қазақстанның үздік тауарлары» өңірлік байқауында әлденеше мәрте үздік деп танылды. Сондай-ақ компания – «Мінсіз» халықтық сапа белгісінің иегері.

«Биыл Көшім деген жерден Жаңақала жағына су құбыры құрылысын бастадық. Қазір жұмысымыз қарқынды жүруде, бес ұңғыма тұрғызуымыз керек. Сонда Жаңақала ауылына дейінгі сегіз елді мекенді түгелдей қамти отырып, жеті мың тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Бұл компаниямыздың даму жолындағы жаңа бағыт болып табылады», – дейді кәсіпорынның басшысы Валерий Крылов.

Компания су құбыры құрылысына байланысты Көшім кен орнына 10 киловаттық электр тасымалдау желілерін тартты, 70 адамға жаңа жұмыс орнын берді. Компаниядағылар қысқы уақытта құрылыс жұмыстарын жүргізе отырып, алдағы жылдың күзіне дейін жобаны толықтай аяқтамақ. Осылайша «ОСӨК» ЖШС «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасына үлестерін қосуда. «Жыл сайын өндіріске жаңалық енгізуге тырысамыз. Құрылыс жұмыстарын жүргізе отырып, неміс компаниясынан құрал-жабдық күтіп отырған жайымыз бар. Жаңа жабдық механикалық зақымданудан қорғайтын полипропилен қаптамадағы полиэтилен тұрбаларын өндіруге мұрсат береді. Әдетте тұрбаларды төсегенде майыспасын деп олардың бетін құмды-қиыршықты қоспамен жабады. Енді ондай қоспаның орнын полипропилен қабаты басады, яғни тұрба тартудың шығыны азаяды. Сондай-ақ құрылыс бюджеті үнемделеді, өйткені құмды қоспа таситын көлік шығыны болмайды», – дейді Валерий Юрийұлы.

Серіктестіктің тағы бір жұмыс бағыты – ыстық сумен және жылумен қамтуға арналған полиэтилен тұрбалары өндірісі. Мұндай тұрба 115 градусқа дейінгі ыстыққа шыдайды. Оның алғашқы легі дайындалып, жөнелтілген. «Бұрын елімізде ыстық сумен қамтуға болат тұрбалар қолданылатын. Полиэтилен тұрба ыстыққа шыдамайтын. Полиэтиленді және біздер әкеп орнатқан неміс жабдығын өндірушілер ыстыққа шыдайды деп кепілдік берген еді. Сертификат алып, Оралдағы жылу қуат орталығындағы екі учаскеге жаңа сипаттағы тұрбаларды орнатып, сынаққа қойғанбыз. Өніміміз жылу өндірушілердің сынағынан табысты өтті. Енді полиэтилен тұрбасын қаладағы барлық жылу желісіне қоюға болады», – деді В. Крылов.

Компания басшысының айтуынша, полиэтилен тұрбаның қызмет көрсетуі болат тұрбаға қарағанда екі есе ұзақ. Ондай тұрба сыртқы әсердің кесірінен тозбайды, таттанбайды. Оның кепілді мерзімі 50 жылды құрайды. Оның үстіне оны қолданудың шығыны аз. Қазір зауыттықтар жылына 30 мың тонна полиэтилен өндіреді. «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» – Қазақстандағы 1600 мм-ге дейінгі диаметрлі тұрба шығаратын жалғыз компания. Ал ТМД елдері бойынша мұндай диаметрлі тұрба өндіретін үштікке кіреді. Аталмыш жобаны компания «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының көмегімен іске асырды.

«Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауына қатысушылар арасынан «Нұржанар» ЖШС компаниясы «Үздік азық-түлік тауарлары» аталымына лайық деп танылып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Зауытта 2004 жылдан бастап жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Бүгінде оның қуаттылығы бес есеге өсті. Соңғы кездері өнім өткізу көлемі де ұлғайып келеді. Бұдан үш жыл бұрын кәсіпорында 170 адам еңбек етсе, қазіргі уақытта жұмысшылар саны 230 адам. Компанияның «Нұржанар» брендімен шығарылатын өнімдері Ақтөбе, Атырау облыстарына, Ресейдің іргелес облыстарына жіберіледі. Зауыттағылар экспортты ұлғайтуды жоспарлап отыр.

«Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауында батысқазақстандық «Белес Агро» ЖШС «Экологияға қосқан үлесі үшін» аталымы бойынша үздік деп табылып, марапатқа ие болды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Тау көтерген Толағай»

Күні: , 15 рет оқылды


Жаңабек   Жаңабайұлы  ЖАҚСЫҒАЛИЕВ.  1975  жылы  туған. 1995 жылы  Орал  педагогикалық  институтын  үздік  дипломмен тәмамдаған. Республикалық  «Жыл  мұғалімі – 99»  байқауының  Гран-при жүлдегері. ҚР  Білім  беру  ісінің  үздігі.  Тарих ғылымдарының кандидаты,  доцент. «ҚР Білім беру  ісінің  құрметті  қызметкері»  төсбелгісінің  иегері.


Құба жонның құланындай зымырап бара жатқан «Шіркін, уақыт-ай!» демеске лажың жоқ. Жалпақтал топырағында антикеңестік мақсатта құрылған жасырын жастар ұйымының көшбасшысы Ғұбайдолла Әнесов хақындағы мұрағат деректеріне негізделген сараптамалық мақаламызды «Орал өңірі» газетіне ұсынып, оны Жантас бауырымыз жарты жылдай жұмыс үстелінің суырмасында «сары майдай сақтап», сол материал негізінде «DANA kaz» журналының алғашқы саны жарқ ете түскені күні кеше сияқты еді. Содан бері табаны күректей бес жыл мерзім сынаптай сырғанап өте шығыпты.

Журналдың тұңғыш санының тұтасқа жақын бөлігі «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбеков сынды саңлақ ұлмен тағдырлас Ғ. Әнесов бастаған он төрт оғланға арналып, көтерілген мәселенің халыққа белгісіз жұмбақ күйінде жатқан көптеген қырлары қосымша журналистік зерттеулермен толықтырылып, Әнесовтанудағы тарихи һәм әдеби ізденістерге тың серпін берілгені сондай, аталмыш тақырып жергілікті жазушылардың суреткерлік шеберлігімен ұштасып, күні бүгінге дейін қаламгерлердің қаламы суымаған өзекті дүниеге айналды.

Өлке тарихына арналған алғашқы қарлығаш басылым болғанына қарамастан, аз уақыт ішінде халық арасында беделді басылымға айналып үлгерген журнал  күн өткен сайын сүбелі зерттеулер мен кесек дүниелерді іркес-тіркес жариялап, оны оқырман қауым асыға күтетін дәрежеге жетті. Бұл – аксиома! Бұған ешкімнің таласы жоқ.

Тағы бір назар аударарлық нәрсе, уақыт өте келе басылым облыс шеңберінен шығып, аймағымыз бен еліміздің түкпір-түкпіріндегі танымал тарихшылар мен белгілі өлкетанушылардың басын қосатын ғылыми алаңға айнала бастады. Әсіресе, облысымызда өлке тарихын жоғарғы кәсіби деңгейде саралап, ғылыми тұрғыда талдап-тарқататын жас та жаңашыл, жігерлі буынының қалыптасуына оң ықпал етті.

Ойымызды жинақтап, журналда жарияланып жатқан қыруар ізденістерді жүйелей келе, олардың негізгі екі басым бағытына тоқталғым келеді.

Біріншісі, «Құлпытас сырын ашайық!» жобасы негізінде Батыс Қазақстан облысының арғы-бергі тарихында бұрын-соңды болып көрмеген өте ауқымды һәм кешенді зерттеулердің қолға алынып, өзінің алғашқы нәтижелерін бере бастауы.

Оған дәлел, соңғы үш жылда бірінен соң бірі Кіші жүзді билеген үш ханымыздың құлпытасының табылуы. Тарқатып айтсақ, Ақжайық ауданынан Есім Нұралыұлының (1795-1797), Теректі ауданының аумағынан Жантөре Айшуақұлы (1805-1809) мен Айшуақ Әбілқайырұлының (1797-1805) асыл сүйектерінің мәңгілік тыным тапқан жері анықталып, нақтылануы бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді дүр сілкіндірген еді.

Бұған қоса тағы бір жағымды жаңалық, бүгінде хандар тарихын тиянақты зерттеп, іргелі еңбектерін үзбей жариялап жүрген республикамыздағы «мүйізі қарағайдай» жетекші тарихшыларымыздың Батыс Қазақстан облысына арнайы ат басын бұрып, жаңадан табылып жатқан құлпытастарды  көруге аңсарының ауып отырғаны.

Екінші, өлкеміздің мерзімдік баспасөз тарихын жүйелеп, оны түгендеп, халыққа насихаттауда ерекше белсенділікпен қимылдаған, соңғы бес жылдың ішінде он кітап шығарған нағыз сайыпқырандардың атан тартпас ауыр жүкті арқалап, басылым беттерінде үздіксіз мақалалар топтамасын ұйымдастыруы ерекше назар аударарлық құбылыс. Аталмыш мәселе облыстық қос басылымның 100 жылдығына арналған салтанатты жиында жасаған баяндамамызда егжей-тегжейлі талдауға алынғандықтан, бұл жо-лы оны қайталап жатқымыз келмейді.

Сайып келгенде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Туған жерге туыңды тік» жобасын жергілікті жерде жүзеге асыруға әлдеқашан білек сыбана кірісіп кеткен басылымның төл тарихымызды түгендеудегі тау қопарардай талпынысы ел сүйсінерлік.

Иә, өзінің мүмкіндігінен әлденеше есе ауыр рухани жүкті арқалауды өзіне парыз санаған «DANA kaz» тарихи-танымдық ба-сылымының аяқ алысы, бейнелеп айтсақ халық аңызындағы «Тау көтерген Толағайды»  көз алдыңа әкеледі.

Ертегі желісінде «Толағай ай санап емес,  күн санап өседі. Төрт жасында нағыз батырға айналып, жетіге келгенде белдесуге шақ адам табылмайды. Бірде олардың мекеніне жұт келеді. Шөл мен қуаңшылықтан қаталаған қалың елі шыбынша қырылып жатқанда, анасымен әңгімелесіп, Толағай одан жаңбырлы жерді сұрайды. Анасы қиыр шетте өткен жастығын еске алып, ешқашан құрғақшылықты білмейтін, шөбі шүйгін мекеннің бар екенін айтады. Ол көп жүріп шыңдарын қар басқан асқар тауды тауып алып, қатты ырғап, арқасына салып, еліне қарай қайтып, шаршамай ұзақ жүреді. Халық жылжып келе жатқан үлкен тауды көреді. Оны көтеріп келе жатқан Толағай екенін біледі. Найзағай ойнап, күн күркіреп, жауын селдетеді. Халық «Толағай» деп ұрандап, қуанышпен қарсы алады. Қуарған шөп көтеріліп, жан-жануар мөңіреп-азынап шулайды. Шаршаған батыр тау астынан шыға алмай «Апа!» деген жалғыз ауыз сөзге ғана шамасы келеді де, мәңгіге тау астында қалады…»

Соңғы сөзімізді небәрі бес жыл ішінде халықтың сүйікті журналына айналып үлгерген бірегей басылымға Толағайдың қамшының сабындай қысқа ғұмырын емес, халқының бақытты болашағы жолында ел сенімін ақтаған  күш-қайратқа толы өнегелі өмір жолын берсін! – деген тілекпен түйгіміз келеді.


«Жедел жәрдемге» жаңа көліктер

Күні: , 12 рет оқылды


БҚО  денсаулық  сақтау  саласы  21  жаңа  аутокөлікпен  толықты. Соның жетеуі Орал қалалық жедел жәрдем стансасына берілсе, қалғандары аудандарға аттанады.


Жаңа аутокөлік кілттерін тапсыру рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, оларға денсаулық пен бақыт тіледі. Жергілікті бюджет қаржысына алынған жаңа аутокөліктер дәрігерлер мен фельдшерлерге науқасқа тез жетуге мүмкіндік береді.

Өңірде қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жедел жәрдем қызметін жаңғырту бағытында да жұмыстар жасалуда. Диспетчерлік қызмет аутоматтандырылып, қалалық жедел жәрдем стансасы базасында ситуациялық орталық құрылды. Орталық қала ғана емес, әр ауданда бригаданың қайда жүргенін бақылап отырады.

Қалалық жедел жәрдем стансасы директорының орынбасары Гүлнәр Жұмағалиеваның айтуынша, күн сайын 24 бригада жұмысқа шығады. Кешкісін қосымша тағы алты бригада қосылады. Кешкі 20.00-ге дейін алты қалалық емханада өздерінің бригадалары да жұмыс жасайды. Қазір стансада 40 жедел жәрдем көлігі бар, бұл қала мен оған қарасты кенттерді қамтуға  мүмкіндік  береді.

Арман  БОЛАТҰЛЫ


Ерлікті көзбен көрген күн

Күні: , 13 рет оқылды


Желтоқсан – 86, ызғарлы күн,

Мұз бен қар жылжығандай құздан бүгін,

Өттің де астаң-кестең ойда жоқта

Артыңа ұмытылмас із қалдырдың.


Айтамыз ертегі етіп ол күндерді,

Батыр деп мадақтаймыз жөн білгенді,

Халыққа Жаңа жылдық сәлем жолдап,

Жазушылар үйіне Колбин келді.

Біреулер бастық көрсе қуанатын,

Біреулер жалпылдайды сұрап атын.

Бір кезде жазушылар мінбесіне

Барады көтеріліп Жұбан ақын.

Қазақша акцент, толқыған қатал үнмен:

«Замандаспыз!» – деді оған, қатар жүрген.

Желтоқсанның көргенше он алтысын

Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен.

– Қорғағанмын жаудан мен Совет елін,

 Әлі күнгі Отанды ән етемін.

«Мен қазақпын!» – деуші едім біле тұра,

«Шовинизм» дегеннің бар екенін.

Ұрпағыма халім бар не дер енді,

Қорладыңдар бұл қазақ деген елді.

Қыздарымды сүйретіп бұрымынан

Ит таласын деп пе едім немеремді?

Ақынша айтсам, «ұлы елдің» бұл мазағын

Менің далам көтерді күллі азабын.

Тың жерімді игерген бауырларың

Тракторге таптатты қыр қазағын.

Оныңа да шыдады халқым менің,

Берді емес пе билігін, алтын кенін.

Тұңғыш тұрсың алғашқы дәмін татып,

Түсінбейсің замандас, салтын елдің.

Бір еместей өзіңмен жолым бүгін

Мен айтпасам паш етер сорымды кім,

70 жылдай, замандас, келесіңдер

Пайдаланып қазақтың момындығын.

Деп үйреттің мәңгүртсің, бәрің надан,

Тіл мен діннен айырылды елім, далам,

Кеше алаңда сабаған – сенің тегің,

Ал таяқты жегендер менің балам.

Ақын жүрек тартуда содан қайғы,

Шыдамаспын айтпауға жарам жайлы,

Кешір мені, замандас, осы жолы

Жұбан саған пікірлес бола алмайды.

Намыс пен кек түнеріп қабағында,

Мұң аралас жас тұнып жанарында.

Ел алдында арқадан жүгі түсіп,

Ақын тұрды тазарып ар алдында.

Тынып қалды зал тегіс күбірлемей,

Бір адамның жанары күлімдемей.

Біз отырдық төбеден жай түскендей,

Арқамыздан құмырсқа жүгіргендей.

Кетті залды ақынның өртеп демі,

Әлі есімде, біреулер селт етпеді.

37 қуғынын көрген сорлы

Қол соғудан сескеніп, жер тепкені.

Жұбан – бөрі, өзгелер – қояндардай,

Колбин жүзі сөл қанға боялғандай,

Зал гуілдеп, бір кезде жер солқ етіп,

Ұйқысынан бар қазақ оянғандай…

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

1986 жыл,

Алматы қаласы


Бибігүл ИСАЛИЕВА: «Көтеріліс әлі толық зерттелген жоқ»

Күні: , 22 рет оқылды


Ол сол бір күндер туралы айтқанды ұната бермейді. «Ол кездің бәрін айту мүмкін емес. Алаңға шыққанда біз ерлік жасағанымыз жоқ. Бізді алаңға баруға ешкім үгіттеген де жоқ. Өз еркімізбен, өз қалауымызбен әділдік іздеп бардық» – деді менің қолқалауымнан кейін әңгімеге көніп.


Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының белгілі актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Исалиева сол кездері Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының жанындағы вокалдық студияның ІІ курс студенті еді. Елді сағынып, қапа болып жүрген студенттің Алматыға бауыр басып, енді үйреніп келе жатқан кезі тұғын. Ол жылдарда қазіргідей ұялы телефон, гаджеттердің бірі жоқ. Олардың бөлмедегі будильнигі радио болатын. Радионың дауысымен таңғы сағат алтыда ұйқыдан оянған ол шайын қайнатып, сабаққа дайындала бастайды. Сол кезде таңғы жаңалықтардан «Д. Қонаевтың зейнетке шығуына байланысты, оның орнына Г. Колбин сайланды» деген жаңалықты естиді. Студенттің таңғы асы, қара нанмен қара шайды ішіп отырған 19 жасар бойжеткеннің санасына «Қазақ елін басқаратын бір қазақ табылмады ма?» деген ой да қылаң ете қалады.

– Сол күн әлі күнге дейін көз алдымда. Сағат сегізде сабақ басталатындықтан жеделдетіп, бөлмеден шығып кеттім. Әдеттегідей түске дейін сабақта болдым. Вокалға бардым. Кешкі алтыда хор болатын еді, соған дейін бөлмемде болайын деп И. Байзақов көшесіндегі жатақханама келдім.

Жатақхананың кіреберісінде хабарландырулар ілінетін тақтайшада «Бойында қаны бар қазақпын деген жастар, сағат төртте алаңға шығыңдар!» деп жазылыпты. Біз топырлап қарап үлгерген-ше, комендант ол қағазды жұлып үлгерді. Бәрімізді «Бөлмеге барыңдар!» деп, есікті жауып жатыр. Бірақ шыдай алмай, Айгүл деген курстасым екеуміз кері түстік. Комендант оралдық еді. Бізге сыртымыздан қамқор болып жүретін. Ол кісіні «сізбен бірге барайық» деп көндіріп, үшеуміз алаңға бет алдық, – дейді Бибігүл апай.

Олар Пушкин атындағы кітапхананың жанымен жоғары көтерілгенде алаңға біраз жастар жиналып қалады. Жиналған жастар жай ғана «Атамекен», «Заман-ай», «Елім-ай» әндерін шырқап тұр екен. «Ұлдарымның қайда кеткен құрығы, қыздарымның қайда кеткен бұрымы» деген ән жолдары, жастардың зарлы, мұңлы дауысы кейіпкеріміздің әлі күнге жадында.

– Алыстан-ақ әндерді естігенде жүрегіміз езіліп, алаңға жеткенше жылап келдік. Келген бойда курстастарымызды тауып алдық. Жұбан ағамның «Мен қазақпын!» өлеңі оқылды. Президиумға Роза Бағланова апамыз шығып: «Сіздер бәрің де менің балаларымсыңдар, тізе бүгіңдер!» – деді. Бәріміз тізерлеп, жерге отырдық. Бибігүл Төлегенова, өзге де зиялы қауым өкілдері «Тараңдар!» деп, жанашырлықпен айтып жатты. Жиналған жастар «Қонаев атамыз өзі шығып, тараңдар десе, кетеміз» деген бір-ақ талап қойды. Сарбаздар қару қолданып, ұрып-соға бастағанда бәрі кері қашты. Шерушілердің бірқатары құлап жатты. Біз де қашып бара жатып, артымызда құлап жатқан қыздарды көріп, кері қайттық. Қыздардың құлағанын көрген жігіттер де жүгіріп келіп, көмектесті. Бірін-бірі танымайтын өрімдей жастар мойнындағы шарфтарын алып, жараланған жігіттердің басын орап, таңып, жанашырлық танытып жатты. Ерекше есімде қалғаны сарбаздардың ішінен орыс жігіті басындағы шлемін, қолындағы дубинкасын лақтырып, ортамызға қосылды. «Мен Қазақстанда өстім. Достарымның бәрі қазақтар. Сондықтан мен сіздерді ұрып-соға алмаймын» деп жылады. Оған қосылып, біз де жыладық. Тынышталып қалған сәтте сарбаздардан: «Бізді не үшін ұрып-соғып жатырсыңдар?» – деп сұраймыз. Олар үндемейді. Шеруші жігіттер қазақ сарбаздарына «Бойларыңда қазақтың қаны болса, «Менің елім» әніне қосылыңдар» деді. Сол сәтте қолына дубинка ұстаған сарбаздар әнге қосылып, жылап тұрды. 16 желтоқсан күні түн ортасына дейін алаңда болдық. Біз әскерге барып қайтқан жігіттердің арқасында аман қалдық. Арықтарға тығылып, қашып, еңбектеп, түнделетіп жатақханамызға жеттік, – деп еске алды сол кезді Бибігүл Мақсотқызы.

Сол бір сұрапыл сәттерде өрт сөндіргіш машинамен су шашып, жасақшылардың жастарға қару қолданғаны тарихтан белгілі. Үстері малмандай су болған олар, бөлмеге келіп, жылынып, тамақтанып отырғандарында сырттан шыққан дауыстарды естиді. Кері шығуға вахтер жібермейді. Ақыры ақ жамылғыларды жалғап байлап, терезеден жерге түсіп, алаңға барады. 18 желтоқсаннан бастап сабақ жатақханада өтеді. Мұғалімдер жатақханаға қонып жүрді.

КГБ-ден кісілер келді. Бәрімізден жеке-жеке жауап алды. Жауабымыздың бір жерден шығуы да аман қалуымызға көмектесті.

– Ауылға демалысқа келгенімде, әкем меннен «Алаңға шықтың ба?» деп сұрады. Мен күмілжіңкіреп, «шықтым» деп айтып алып, «Енді ұрсатын болар» деп қорқып отырдым. Бірақ 17 жасында сұранып, соғысқа аттанған, 1949 жылға дейін Кеңес үкіметін жапондардан қорғауға атсалысқан әкем: «Мен болсам да, осы балдағыммен алаңға барар едім» дегенде, кәдімгідей жеңілдеп қалдым. Әкемнің қолдағаны маған күш-қуат берді. Өз көзіммен көргенім, алаңға шыққандардың арасында ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелер де жүрді. «Бастаған істерің оң болсын! Біз сіздермен біргеміз! Тек жазым болып қалмаңдаршы!» деп ақ тілегін айтып жүрген үлкен кісілер көп болды арамызда. Өкініштісі, Желтоқсан көтерілісі әлі толық зерттелген жоқ, – дейді актриса.

1993 жылдан бері театрда еңбек етіп келе жатқан Бибігүл Мақсотқызы – белгілі өнер саңлағы Хадиша Бөкеева есімін иеленген облыстық қазақ драма театрының іргесін қалаушылардың бірі. Өз мамандығын жанындай жақсы көретін ол, 25 жылдан бері 80-ге жуық рөлде ойнаған. Қазақ және шетел драматургтерінің классикалық шығармаларының басты кейіпкерін ойнап жүрген актрисаның бағындырған белестері аз емес. Оның ішінде М. Әуезовтың «Айман – Шолпан» комедиясында – Айман, С. Балғабаевтың «Біз де ғашық болғанбыз» мұңды драмасында – Зияда, В. Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасында – Ана рөлі, А. Камюдің «Калигула» трагедиясында – Цезония сынды тағы басқа рөлдерді шебер сомдап, көрермен ықыласына бөленіп жүр. Бибігүл Мақсотқызы республикалық байқаулардан бөлек, халықаралық байқауларда да өнерімен танылған. Мәселен 2015 жылы Керчь қаласында өткен «Боспорские агоны» атты ХVІІ халықаралық фестивалінде Еврипидтің «Троя арулары» трагедиясымен қатысып, театр Гран-при, Бибігүл Мақсотқызы «Ең үздік әйел» образына ие болды. Македония мемлекетінде өткен «Стоби – 16» XV халықаралық антикалық фестивалінде де театр ұжымы бас жүлде, біздің кейіпкеріміз «Ең үздік әйел образы» жүлдесіне ие болды. Әсіресе, Керчь қаласында өткен байқауда ресейлік танымал актерлар В. Коренев, А. Голобородько, В. Ливанов, В. Лановой сынды кино және театр саңлақтары актрисаның өнеріне жоғары баға береді. Біз де өз тарапымыздан тарихи сәттің куәгері болған, талантымен көпке танылған өнер иесіне тек сәттілік тілейміз!

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Тәуелсіздіктің тәтті жемістері

Күні: , 9 рет оқылды


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Зеленов және Бөрлі аудандарында бірқатар нысандар халық игілігіне берілді. Аталмыш нысандардың ашылуына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысты.


Облыс әкімі алдымен Зеленов ауданы Переметный ауылдық округіне қарасты Калинин ауылындағы «Менің елім» монументінің салтанатты ашылуында болды. Биіктігі 14, ені 1,3 метрді құрайтын монументтің құрылысына 18 млн. теңге жұмсалған. Жергілікті кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған аталмыш монументтің авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ерғали Бекешев.

– Елбасымыз жариялаған рухани жаңғыру бағдарламасы, Алаш қозғалысының 100 жылдығы және Тәуелсіздігіміздің 26 жылдығы аясында кәсіпкерлеріміздің қолдауымен салынған «Менің елім» монументін ашқалы тұрмыз. Бұл құрылысқа мемлекет тарапынан қаражат жұмсалған жоқ. Жас ұрпаққа өнеге болар іс тындырғандары үшін кәсіпкерлерімізге ризашылығымызды білдіреміз. Бұл жерде халықтың, қоғамдық кеңестің де қолдауы бар. Қадірменді ағайын, ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жиырма алты жылдың ішінде халықтың бірлігі, жасаған еңбектің нәтижесі арқасында Қазақстанды әлемге танымал етті. Тәуелсіздігіміздің тұғыры берік болсын! – деді Алтай Сейдірұлы құттықтау сөзінде.

Монумент авторы Ерғали Бекешев және Зеленов ауданының құрметті азаматы, еңбек ардагері Есенкелді Мұсаұлы лента қию рәсімін жасады.

Аталмыш ауылдағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуына Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымов және Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов, сондай-ақ 2011 жылғы «Жас барыс», 2017 жылғы «Қазақстан барысы» турнирлерінің жеңімпазы Еламан Ерғалиевтің арнайы қатысқаны жергілікті тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Толықтай облыстық бюджеттен қаржыландырылған жобаның құны 281, 234 млн. теңгені құраған. Сыйымдылығы 160 орындық, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында салынған кешеннің құрылысы жарты жыл мерзімде аяқталған. Ғимараттың жалпы алаңы 1247, 2 шаршы метрді құрайды.

– Ашылғалы тұрған спорттық кешен Елбасымыздың бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бағдарламасы аясында, ел-жұрттың сұрауы бойынша салынды. Осы жерде денсаулықтарын нығайтып, шеберліктерін шыңдайтын спортшыларымыз еліміздің көк байрағын әлемдік дәрежеде жоғары көтере берсін деп тілеймін. Осы игі шараға қос бірдей олимпиада чемпиондары, еліміздің мақтаныштары, біздің батырларымыз – Ермахан Ибрайымов және Данияр Елеусіновтің қатысып отырғаны зор мәртебе. Елге үлгі болар чемпиондар алдағы уақытта да көптеп шығып, осындай игі шаралар жалғасын таба берсін, – деді облыс әкімі кешеннің салтанатты ашылуында.

Шараның құрметті қонағы, бокстан олимпиада чемпионы Ермахан Ибрайымов сөз алып, тұрғындарға ыстық ықыласын жеткізді.

– Спорт кешенінің ашылуымен барша аудан жұртшылығын құттықтаймын! Мұндай кешендер Тәуелсіздігіміздің арқасында жер-жерде ашылып жатыр. Осы кешенде жаттыққан жас спортшылар болашақта еліміздің намысын қорғап, олимпиада чемпионы болатынына кәміл сенеміз! Осындай тамаша кешеннің салынуына жағдай жасаған Елбасына, облыс, аудан басшылығына сіздердің атыңыздан алғыс айтуға рұқсат етіңіздер! Мектеп жасындағы балаларыңыздың бәрі спортпен айналысуы керек. Керемет жағдай жасалуда, неге чемпион болмасқа?! Оның үстіне өз жерлестеріңіз Данияр Елеусіновтің олимпиада чемпионы болғанын жақсы білесіздер. Алға, Қазақстан! – деп ұрандата сөйледі ол.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар және зеленовтық спорт ардагері, республикалық спорттық сайыстардың төрт дүркін чемпионы Иван Юнусов жаңа ғимараттың лентасын салтанатты түрде қиды. Мұнан кейін меймандар мен ауыл тұрғындары ашылған кешеннің ішіне еніп, аталмыш ауданда ел Тәуелсіздігінің 26 жылдығына орай өтіп жатқан қазақ күресінен республикалық турнирдің финалдық бәсекелерін тамашалады. Финалдық сайыста астаналық қонақ Еламан Ерғалиев пен зеленовтық Олжас Сүлейменов белдесіп, Еламанның мерейі үстем болды. Ал үшінші орынды қаратөбелік Дархан Темірханов жеңіп алған еді. Құрметті меймандар Ермахан Ибрайымов және Данияр Елеусінов сәйкесінше үшінші және екінші орын алған палуандарды, ал облыс әкімі турнир жеңімпазы Еламан Ерғалиевті марапаттады.

Турнирден соң Ермахан Сағиұлы жас жеткіншектерге бокстан шеберлік класын өткізді.

Түстен кейін облыс әкімі Бөрлі ауылындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы шешімін тапқан «Таза су» ауыз су жүйесін іске қосу салтанатты рәсіміне қатысты.

– Еліміздегі ұлы мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында аудандарда, жалпы мемлекетімізде көптеген игі істер жүзеге асырылуда. Соның бірі – өз елді мекендеріңізге көптен күткен қуаныш – таза орталықтандырылған ауыз су келуде. Ол үшін Елбасымыздың «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша жарты миллиард теңге шамасында қаражат бөлінді. Жазда басталған құрылыс жұмыстарын тәмамдап, Тәуелсіздік мерекесіне орай ашып отырмыз. Бұрын әр көшеде орталықтандырылған ауыз су болмаған еді. Бұл жұмыстарды жеке кәсіпкерлеріміз мемлекеттік тапсырыс аясында атқарып шықты. Сыйымдылығы бес жүз текше метрді құрайтын екі резервуар, жергілікті зауыттардан шыққан еуропалық үлгідегі қондырғылар орнатылды. Осы елді мекеннің азаматтары жұмыспен қамтылды. Биыл тек Бөрлі ауданында 57 нысанның құрылысына 12 млрд. 500 млн. теңге қаражат бөлінді. Бұл үлкен қолдау. Ал тұтас өңіріміз бойынша 55 елді мекенді орталықтандырылған таза су жүйесіне қосу үшін 11 млрд. теңге қаражат мемлекеттен бөлінді. Бұл – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей бақылауымен жасалып отырған үлкен игілікті іс. Қуаныштарыңыз құтты болсын! – деді облыс әкімі құттықтау сөзінде. Алтай Сейдірұлы мемлекеттік тапсырманы уақытылы және сапалы атқарған мердігер мекеме – «KazConstructionGroup» ЖШС өкілдеріне тұрғындар атынан ризашылығын білдірді.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі ауылындағы күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің ашылуында да болып, ауылдық өнерпаздардың өнерлерін тамашалады. Мұнан кейін ол Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек ауылындағы ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бисенғали Өтегеновпен бірге аталмыш ауылда салынған су жаңа елу орындық балабақшаның лентасын қиды.

– Биыл Кеңтүбек ауылына екінші рет келіп отырмыз. Жазда келгенімізде осы балабақша кірпішінің қалануына қатысып едік. Енді мінекей, Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні қарсаңында балабақшаны өздеріңізбен бірге ашып тұрмыз. Биыл біздің өңірімізде 24 білім беру нысаны салынуда. Оның оны жеке балабақша болса, онның үстінде жаңа мектеп салынып отыр. Мұның бәрін Елбасымыздың, мемлекетіміздің жастарға, мұғалімдерге деген қамқорлығы деп айтуға болады. Мерекелеріңіз құтты болсын! – деді облыс әкімі салтанатты жиында.

Облыс әкімі сондай-ақ Ақсай қаласының Қарашығанақ-1 шағынауданынан салынған бес қабатты, 75 пәтерлік тұрғын үй кілттерін пәтер иелеріне салтанатты түрде табыс етті.

– Елбасы қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған пәтерлердің кілттерін сіздерге табыстағалы тұрмыз. Бұл сіздерге деген мемлекеттің қамқорлығы. Биыл өңірімізде Елбасы бағдарламаларына сай он төрт көп қабатты үй құрылысы салынуда. Осының нәтижесінде барлығы 1700 отбасы өз пәтерлеріне қоныстанатын болды, – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов осы сапарында «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Маролимен бірге аталмыш компанияның әлеуметтік жауапкершілігі аясында Ақсай қаласынан березовтық тұрғындарға арнап салынған тұрғын үйге бас сұғып, пәтер иелерімен тілдесті. Сонымен қатар Березовтан көшірілгендерге арнап салынған 300 орындық мектеп құрылысымен танысты.

– Төрт бөлмелі пәтерге ие болдық. Отбасымыздың барлық мүшелеріне жетеді. Бөлмелер кең. Аудан орталығынан осындай жайлы пәтерге ие болғанымыз үшін қуанышымыз шексіз. Елбасы бастаған ел азаматтарына үлкен алғысымызды білдіреміз, – дейді Березов мектебінде тарих пәнінен сабақ беретін жас маман Қамар Әленова.

Осыған дейін облыс әкімі Алтай Көлгінов өзінің Twitter парақшасында Березов ауылының оқушыларына арналған жаңа мектеп алдағы қаңтар айында пайдалануға берілетінін мәлімдеген болатын.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика