Тег: ‘Батыс Қазақстан Облысы’


Үздік музейлер анықталды

Күні: , 14 рет оқылды

Бейсенбіде облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Үздік мемлекеттік музей» аталымы үшін өңірлік байқау өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Рухани қазына» атты облыстық фестиваліне бірінші кезеңінен өткен сегіз музей ұжымы қатысты.

– Музейлер – біздің саланың бір буыны. Өңірдің бүкіл мәдениет саласының қызметкерлері сияқты музей ұжымдары да Елбасымыз  Н. Ә. Назарбаевтың «Рухани  жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруда талай толымды істер тындыруда. «Рухани қазына» фестивалінің екінші кезеңі өткізілуде. Соған орай өңір музейлері ұжымының білімі мен білігін сынамақ, – деді облыстық  мәдениет және архив, құжаттамалар басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМКК жанындағы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысының орынбасары Батырхан Жұмабаев және облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаевтар байқауға қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.

Фестивальдің шарты бойынша бірінші кезеңнен іріктеліп алынған сегіз музейдің ұжымы шағын көрме ұйымдастырып, оны әділ-қазылар алқасына ұсынды. Қай музей де көне жәдігерге кенде емес екен. Біреуінен өткен ғасырда жасалған жез самаурынды көрсек, екіншісінде көне заманғы құжаттармен танысуға болады. Ал табиғат және экология музейінің экспонаттары тірі табиғаттың шағын бөлшегін көз алдыңа елестетеді. Байқаудың екінші шартында әр музей келушілерді өзіне тарту мақсатында шағын бейнебаяндарды көрсетті. Сол арқылы байқауға қатысуға іріктеліп алынған әр музейдің ерекшелігі кеңінен ашылған сыңайлы. Соңында музей басшылары музей қорын толықтыру бағытында жәдігер жинау мен ғылыми іссапары хақында толыққанды есеп берді.

«Жүзден жүйрік озады жарысқанда» дегендей,  төрт аталым бойынша жеңімпаздар анықталды. «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша Бөкей ордасы тарихи-өлкетану кешені сегіздің ішінен суырылып, алға шықты. Ал С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музейі» аталымына лайық танылды. Жәңгір хан атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұржан Төлепов «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымына ие болды. Бөрлі өлкетану музейінің меңгерушісі Алтынбөбек Сүйіндікова «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» аталымы бойынша жеңіске жетті. Осы төрт аталым иелері биыл 21 мамырда Астана қаласында өтетін байқаудың соңғы кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.

Серпін САЯҚ


Темірден түйін түюге оқиды

Күні: , 27 рет оқылды

Металды дәнекерлеу жұмысы сырт көзге оңай көрінгенмен, оған суретшінің қолының ептілігі, асқан қажырлылығы, сабырлылығы қажет. Онсыз дәнекерлеушілер өзара әзілдесіп жиі айтатындай, металл элементтерін «бір түкіргеннен» бір-біріне  жабыстыру қиын.

Қоғамда сұранысқа ие электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жастарды Оралдағы бірқатар колледжде, соның бірі Орал политехникалық колледжінде оқытады. Аталмыш колледж директорының кәсіби білім беру жөніндегі орынбасары Жанат Нұрахметованың айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде дәнекерлеуші мамандығына оқып жатқан студенттер «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік біріншілігінен жүлдесіз қайтқан емес. Студенттер Астанада өтетін ұлттық чемпионаттан жиі жүлдемен  оралады. 2016 жылы республикалық жарыста студент Максим Сумкин 2-орын алды. Бүгінде ол колледжді бітіріп, Шынарлы кен орнында шетел компаниясында жұмыс істейді. Оның өндірістік тәлімгері Валерий Лакеевтің еңбек өтіліне 35 жылдан асқан. Ал оның шәкірттері дәнекерлеушілердің кәсіби байқауында ылғи да көзге түсіп, топ жарады.  Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың дәнекерлеу ісінің сарапшылық халықаралық сертификаты бар. Жоғары санатты оқытушыдан тәлім-тәрбие алған студенттердің ішінде осы қалайы жоқ. Жалпы, дәнекерлеушілерді кәсіби тұрғыдан даярлауға бұл колледждің материалдық базасы айтарлықтай  жоғары.

– 2011 жылдан бастап кәсіптік білім беру саласына нақты көңіл бөліне бастады. Биыл 32 млн. теңге қаржыға дәнекерлеушілерді оқытуға қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды. Бес мамандықтың, 29 біліктіліктің ішінен электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жабдықтар алдық. Өйткені бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Жыл сайын дәнекерлеуші мамандығын игерген түлектеріміз 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Биыл да солай болады деп күтілуде, – деді Жанат Серғазықызы. Оның сөзіне сүйенсек, колледжде лазерлік аппараттан басқа электр доғалық, жартылай аутомат, аргондық, швециялық «МІG c200G c200і» бір фазалық және «WARIOK 500 I cc/cv» көп функциялы дәнекерлеу аппараттары студенттерді дәнекерлеу ісінің қыр-сырына үйретуде таптырмас көмекші. Негізі аталмыш колледж құрылысшы мамандығы бойынша базалық оқу орны саналады. Оған қоса биылға дейін дәнекерлеу мамандығы бойынша да базалық оқу  орны  болып  келді.

Болашақ дәнекерлеушілер кәсіпорын-ұйымдарда жаппай машықтанудан өткен кезде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, жұмыс берушілер сол студенттерге  арнайы жұмысқа шақырту береді. Мысалға, сондай шақырту алған студент Андрей Федорушкин  бүгінде «Зенит» зауытында жұмыс істейді. 2016 жылы колледж түлектерінің 26-сы өндіріс орындарына жолдама алды. 2017 жылы түлектердің 19-ы арнайы шақырту алып, кәсіпорындарда жұмысқа қалды. Сол 19-дың ішінен алты дәнекерлеушіні жеке кәсіпкерлік нысандары аттай қалап, жұмысқа алып тынды. Мысалға, Андрей Носков «Лоцман» ЖК-ға, Алексей Степаненко деген студент «Перепелкин»  ЖК-ға  жұмысқа  қабылданды.

«Жаңа жатақханамыз болады»

Жанат Нұрахметова дуальдық оқыту жүйесінің 60 пайызы машықтанудан, 40 пайызы теориялық білім беруден тұратынын айтады. Алайда мұның іс жүзінде орындала бермейтінін жасырмайды. Өйткені өзге өңірлердегі сияқты біздің кәсіпорын-зауыттарда тапсырыстар тұрақты болмағандықтан, машықтан өту мүмкіндігі бола бермейді. Студент теориядан өткен тақырыпты өндіріс орнына барып, іс жүзінде жасап, тәжірибе жинақтауы тиіс. Сондықтан дуальдық оқу ірі қалаларға, экономикасы мықты өңірлерге  арналған.

– Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін құптаймыз. Ондағы үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселелері қозғалғаны қуантты. Колледждің бұрынғы жатақханасын төтенше жағдайлар саласы қауіпті деп жауып тастады. Қазір жаңа жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, енді жатақхана құрылысына қаржы бөлінуі тиіс. Жаңа жатақханамыз болады. Бізде оқитын студенттердің 78 пайызы жағдайы төмен отбасылардан. Колледж асханасында түскі ас тегін. Бірінші курста 1-семестр аяқталғанша студенттерге 16 мың 700 теңге шәкіртақы төленеді. Ал одан кейін тек жақсы оқыған жастарға ғана шәкіртақы беріле-ді,  –  деді  Жанат  Серғазықызы.

Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың айтуынша, мұндағы студенттердің басым көпшілігі оқи жүріп, табыс табады. «Әсіресе, 3-курс студенттері дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып, отбасыларына көмектеседі. Өндірістік шеберлер оларға бағыт-бағдар береді. Жинаған қаржыларына дәнекерлеу аппараттарын сатып алып, жұмыс істеп жүрген жастарымыз баршылық», – деді Абат Нұржанов.

Әлеуметтік серіктестері мықты

Дәнекерлеуші мамандығына Батыс Қазақстан индустриалды колледжі де оқытады. Қазір алты топ студенті осы мамандыққа оқуда. Олардың 60 пайызы – ауыл-аймақтан келген жастар. Колледж басшылығы студенттерді өндіріс-тік және дипломалды практикадан өткізуге, жұмысқа орналастыруға, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін кәсіпорын базаларында тағылымдамадан өткізуге қаладағы бірқатар зауыт-кәсіпорындармен келісімшарттар жасаған. Соның ішінде «Зенит», «Орал трансформатор зауыты», «Қазтелеком», «Орал құю-механикалық зауыты» сықылды өндіріс ошақтары бар. Осындай әлеуметтік серіктестер көбінесе дәнекерлеуші мамандығын игерген жастарды  жұмысқа  қабылдайды.

– Дәнекерлеушіге оқып жатқан ұлдардың барлығы бірдей мықты дәнекерлеуші болады деуге келмес. Ол баланың қабылдауына, жеке қасиеттеріне байланысты.

Оқу орнында болашақ дәнекерлеушілердің теорияны тәжірибемен ұштастыра оқытуға барлық жағдай жасалған. Біздегі қолданыстағы кейбір заманауи аппараттарына әлі күнге дейін көптеген өндіріс орындары қол жеткізе алмай отыр. Мысалға, немістің және ресейлік өндірісшілердің «3 в 1» деген электр, аргон, аутомат сықылды үш дәнекерлеу жұмыстарын бір өзі атқаратын жабдық бар. Колледжде оқу кабинеттерімен қатар  дәнекерлеу, газбен дәнекерлеу, аргон-доғалы дәнекерлеу шеберханалары жұмыс істейді, – деді аталмыш колледж директорының оқу-өндірістік мәселелері бойынша орын-басары  Тілектес  Ахмадиев.

Директор орынбасарының сөзіне сүйенсек, 2016 жылы жергілікті бюджеттен колледж базасын нығайтуға 30 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болса, өткен жылы құрал-жабдық үшін 36 млн. теңге қаржы қаралып, үш интерактивті-виртуалды жаттығу құрылғысы мен сандық-бағдарламалық тәсілмен басқарылатын қондырғылар  сатып  алынған.

Студенттерді өндіріске баулитын өндірістік оқыту шеберлері Талап Темірғалиев, Талғат Есенғалиев, Жанғабыл Жұлымбаев, Балым Ғұбайдуллина, арнаулы пәндер оқытушысы Рәйләш Шүйіншәлиевалар – өз істерінің майталмандары. 2016 жылы колледж базасында «Үздік дәнекерлеу ісінің өндірістік оқыту шебері» атты өндірістік оқыту шеберлерінің облыстық байқауы өткен. Онда электргазбен дәнекерлеуші біліктілігі бойынша өндірістік оқыту шеберлері арасынан осы колледждің оқытушысы Талап Темірғалиев үздік деп танылды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы «Кәсіби маман – 2015» атты электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша халықаралық кәсіби шеберлік байқауында аталмыш колледж студенті Еламан Мырзағалиев ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылы «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық біріншілігіне осы колледждің студенті Заманбек Жазықбай жүлделі орынға ие болды.

Колледжде студенттердің дәнекерлеуші мамандығына терең игеруіне толық жағдай жасалған. Тек жатақханасы болмағандықтан, шәкірттер тума-туыстарының үйлерінде жатып оқиды. Өткен жылы жаңғыртудан өткен жайлы асханадан студенттер түскі асты тегін ішеді. Колледж басшылығы биыл 500 орындық жатақхана салынатынын жеткізді. Несі бар, жағымды  жаңалық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Мейірбек ЕДІРЕСОВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжі  студенті:

– Өзімнің туған жерім Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылына газ құбырын тарту, үйлерге газ кіргізу жұмыстары басталуда. Оқуымды жылдамырақ бітіріп, дәнекерлеуші мамандығым бойынша жұмысқа тұрып, өз ауылымды көркейтуге үлес қоссам деймін. Қазір ауыл-аймақтағылар тұрғын үйлерін жаңартып, аулаға темір қақпа орнатып жатыр. Алдағы уақытта сондай темір қақпа және өзге де темір бұйымдарын жасайтын цех ашу жоспарымда бар. Тек кәсіпкерлікті ашу, несие алу жөнінде кеңес беретін мамандар колледжге,  бізге  келсе  дейміз.

Дидар РАПАШЕВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті:

– Теректі ауданына қарасты Рыбцех тауылының тумасымын. Жазға салым колледжден электр дәнекерлеуші мамандығын алып шығамын. Бізде оқуға барлық жағдай жасалған әрі түскі ас тегін беріледі. Топ болып Оралдағы музейлерге, театрларға барамыз. Өндірістік машықтан өндіріс орындарынан өтіп жүрміз. Кәсібіміздің қыр-сырын барымызша меңгеріп қалдық.

Мамандығымыз  бойынша  жұмыс  табатынымызға  сенімдімін.

Қуаныш БЕКТАСОВ,

Орал политехникалық колледжінің 3-курс студенті:

– Ақжайық ауданындағы Қызылжар елді мекеніненмін. Өндірістік оқыту шебері Нұрлан Нұрышев ағайдың жөн сілтеуімен мамандығымыздың қыр-сырына қанығудамыз. Қазір жеке кәсіпкерлердің тапсырыстарын орындаудамыз. Негізінен турниктер, боксерлік ринг, балалардың ойын алаңдарын жасаймыз.  Оқи жүріп, табыс тауып жүрмін. Мамандығым  өзіме  ұнайды.

Дулат МАҒЖАНОВ,

Орал политехникалық колледжінің  3-курс студенті:

– Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылынанмын. 2-курста оқып жүріп, жұмыс істедім. Жинаған ақшама электр дәнекерлеуші аппаратын сатып алдым. Бүгінде оны сатып алуға жұмсаған шығынымды жаптым. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жеке тапсырыстарды орындап жүрмін. Темір қақпаларға ою-өрнек салғанды ұнатамын. 4-разрядым да бар. Дәнекерлеуші мамандығына  ауылда  да,  қалада  да  жұмыс  көп.


Қылмыс анықталу үстінде

Күні: , 44 рет оқылды

Қайын атасы келінін пышақтап өлтіргені туралы суық ақпарат біраздан бері әлеуметтік желіні шарлап жүр. Орал қаласында орын алған бұл оқиға туралы жергілікті баспасөз құралдарында келтірілген мәлімет бойынша, қайынатасы немересін ұлынан ажырасқан келініне бергісі келмей, осындай жантүршіктірерлік қадамға барған.

Редакциямызға облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен келіп түскен мәліметке қарағанда, пышақ жарақатынан көз жұмған К. есімді азаматшаға қатысты Орал қаласындағы Абай полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу жүруде. 8 сәуір күні аталған қылмысты жасады деген күдікпен У. есімді азамат ұсталған. Орал қалалық сотының шешімімен істің мән-жайы анықталғанша күдікті екі ай мерзімге қамауға алынған. Жедел іздестіру тобы құрылып, қылмыс анықталу үстінде.

Өз тілшіміз


Жасөспірімдер мен ардагерлер күресті

Күні: , 20 рет оқылды

Жуырда Оралда спорт ардагері, самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионаттарының бірнеше дүркін жүлдегері Тілекқабыл Қамзиевті еске алуға арналған самбо күресінен III ашық ел біріншілігі өтті. Оған 2002-2003 жылы туған жасөспірімдер және спорт шебер атағы бар ардагер балуандар да қатысты.

  Екі жүзден астам спортшы қатысқан айтулы жарысқа Қарағанды, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 15 команда өз бақтарын сынап көрді.

– Осы жарыста жасөспірімдермен бірге спорт ардагерлері де белдесті. Бұның өзі біздің жас балуандарымызға үлгі болады деп есептеймін, – дейді жарыстың бас төрешісі Нұфтолла Түменов.

        Жасөспірім балуандар арасынан Жалғас Тілекқабылов (42 келі, Жаңақала), Жантөре Мұқанбетқалиев (46 келі, спорт интернат), Елжан Мұсаев (50 келі, Қызылорда), Ержан Ортай (55 келі, Бөрлі), Бақдәулет Қыдырбай (60 келі, Жамбыл), Тайман Нұрғалиев СДБОМИ), Жемісбек Ангисинов (72 келі, Қызылорда), Әмір Қабақов (78 келі, Бөрлі), Хайролла Нышамбаев (84 келі, Жамбыл), Замир Хамзин (+84 келі, Бөрлі) үздік шықты. Жеңімпаз атанған самбошылар күз айларында Ақсай қаласында өтетін ел чемпионатына қатысады.

        Ардагер спортшылар арасынан Руслан Әубәкіров (74 келі, Теректі), Орынбасар Жұрмағанбетов (90 келі, Сырым), Әлібек Мендіғалиев (82 келі, Бөрлі), Қаймен Есендияров (+100 келі, Орал) сияқты балуандар жеңістің биік сатысынан көрініп, Қостанай қаласында өтетін ел біріншілігіне жолдама ұтып алды.

Темір БОЛАТ   


Бақалыкөлдің балығын молайтпақ

Күні: , 35 рет оқылды

Тасқала ауданында кәсіпкер Ақан Көшәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жобаны іске асыруға кірісті.

Тасқала ауданындағы Мерей ауылының іргесінде шағын Бақалыкөл бар. Оның аты айтып тұрғандай, бір кездері «бақасы қойдай шулаған» көрікті көл болатын. Балығы да көп еді. Соңғы жылдары «тайдай тулаған» балығы азайып, «қойдай шулаған» бақасының үні сап тыйылғандай болды. Өзінің ғана емес, туған жерінің де өсіп-өркендеуін ойлайтын жасқа жеткен кәсіпкер Ақан Көшәлиевті осы көлдің тағдыры қатты алаңдатты. Ойлана келе ол көлдің дәуренін қайта қалпына келтіруге бел байлады.

Мерей ауылы Тасқала ауданының орталығынан 28 шақырым жерде. Ақанның кіндік қаны тамған жер Аманкелді ауылы болса да, Мерей ауылына 1980 жылы көшіп келіп, отбасымен тіршіліктің түтінін түтетіп жүр. Бұл өзі – жері егін өсіруге шұрайлы, жайылымы мал жаюға құйқалы мекен. Жаздыгүні жылыстай ағатын бұлақтардың мөлдір суына күн сәулесі түсіп, жылт-жылт етіп, айнала ерекше нұрланып кетеді. Ақан Темірғалиұлы осы ауылға келген соң шаруа қожалығын ашты. Жайқалтып егін егумен ғана айналыспай, төрт түлік өсіріп, мал шаруашылығын да қатар алып жүр. 2002 жылдан бері өсірген малы жыл санап көбейіп келеді. Қазір оның қыстағында 200-дей қой-ешкі, 50-дей ірі қара, 200-ге тарта жылқы бағылуда.

Соңғы жылдары кәсіпкер жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алды. Өткен жылы ол Ақтөбе облысынан зейнеткер ағасы Нариман Мусиннің көмегімен Мұғалжар тұқымды жылқысын әкелді. Бұрын қазақы жылқы өсірді. Ал 2008 жылы Ресейдің Ростов қаласынан орыс-тың ауыр жүк тартатын асыл тұқымды айғырын әкеп үйірге салды және орыс жылқысын бордақылаумен айналысты. Алайда Ақан Темірғалиұлын Мұғалжар жылқысының етінің сапасы қызықтырды. Сөйтіп ол қоғамдағы рухани жаңғыру лебімен қазақ жылқысын өсіруге бет бұрды.

– Атам қазақ жылқыны төрт түлік малдың төресі деп бекерге санамайды. Шөпті таңдап жеп, судың тұнығын ішеді. Мұғалжар жылқысының еті нәрлі, тірсектен бастап май келеді, жабағыларының өзі 140-150 келі тартады, қазысы жоқ дегенде екі елідей болады. Негізі мұндай асыл тұқымды жылқы қазақтың кәдімгі жабы жылқысы мен көшім жылқысын будандасуынан туған. Мұғалжар жылқысы ірі, төзімді, небір қытымыр қыста аяқтай жайылады әрі тебінге болдыра қоймайды.

Етті бағыттағы мұндай жылқы малының басы артығын соғымға береміз, – деді Ақан Темірғалиұлы.

Кәсіпкердің иелігінде 1,5 мың гектардай жері бар, оның бір мың гектары жайылымдық жер. Жер телімі аздау болған соң, несиеге иек арта қоймайды. Шаруа адамы төрт ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмыс жасайтын адамдарды қаладан да алдырады. Ауылдан комбайншы, тракторшы мамандығы бар тұрғындарды уақытша жұмысқа тартады.

Ақан Темірғалиұлы жылқы малының өсімтал екенін, оған көп шөп дайындап әуре болмайтынын, тек аяқты малды бағудың қиындығын айтады. Әдетте жылқының сырын білетін қазақ «Жылқыны жылқыдай адам бағады» немесе «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» деп текке айтпаса керек. «Біз жылқышыларға мұқтажбыз. Ауылда жылқы бағатын адам жоқ. Басқа жақтан жылқы бағам дейтін адамды отбасымен қабылдар едік. Аулада бөлек үй-жай бар. Алдағы уақытта бие байлап, сауу жоспарда бар. Ауылды қымызбен қамтысам деймін», – деді алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпкер.

Қожалық құс шаруашылығымен де айналысады. Қолдағы 200-дей тауықтың жұмыртқасын Оралға, Тасқалаға апарып өткізеді. Өткен жылы Ақан Көшәлиев «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚФ арқылы 3 млн. теңге несие алып, құс өсіруді бастады. Зайыбы Фиагүл Төлепқалиқызы «Гүлден» жеке кәсіпкерлігін құрып, құс өсірумен өзі шұғылдана бастады. Мектептегі мұғалімдік жұмысын тастап, жұбайының көмегімен кәсіпкерлікке ден қойды.

Ауыл іргесіндегі Бақалыкөлдің суы әбден ластанған, түбі тайызданып, жазғытұрым сасыған иісі жүректі айнытады. Суының тереңдігі тізеден аспайтын көлге жаны ашыған Ақан Темірғалиұлы 2017 жылы күзде көл түбіне тазарту жұмыстарын жүргізді. «Биыл күн жылына көлдің жағалауын қазып, суды жайылмаға шығарамыз. Содан кейін арнасын тазалаймыз. Көлдің нақ орта тұсын тазалауға экскаваторды емес, сырып итеретін «Комацу», яғни бульдозер техникасын пайдаланбақпыз. Содан кейін көктемгі ағын сумен көлдің арнасы жаңадан толығады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша туған жерге осылайша тағзым етіп, өскен өңірімді көркейтуге үлес қосудамын», – деді кәсіпкер.

Айтып отырса, Ақан Темірғалиұлы 2017 жылдың егін орағынан түскен пайдасынан 2 миллион теңге қаржыны көлді қайта қалпына келтіру жұмыстарына салды. Биыл оған қоса 5 миллион теңге салуды жоспарлап отыр. «Жеті – қазақта киелі сан. Сондықтан Бақалыкөлдің дәуренін қалпына келтіруге 7 миллион салуды ұйғардым. Көлді қалпына келтірген соң, балық жіберу жағын да ойластырудамыз. Ресейден шабақ әкелуге келісім жасалды. Бұйыртса, маусым айының басында тұқы балығын жібереміз», – деді мерейлік кәсіпкер.

Ауылдың жігіттері Ақанның бастауымен қыста да көлдегі мұзды ойып, ондағы балық қырылмас үшін ауа жіберу жұмыстарын ұйымдастырды. Көлде тұқы, табан балықтар өседі. Тек соңғы жылдары көлдің экологиясы нашарлап, балық азайған. Тасқала аудандық «Рухани жаңғыру» бойынша кеңсесінің бағдарлама әкімгері Меңдібек Лұқпановтың айтуынша, «Бақалыкөлді қалпына келтіру» жобасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі. Жалпы бұл бағдарлама аясында ауданда өткен жылы жеті жобаны, биыл 14 жобаны іске асыру қарастырылған.

Сондай-ақ Ақан жеке кәсіпкер Амангелді Ахмекеевпен бірге Мерей ауылындағы мектеп оқушыларына футбол алаңы құрылысын салуды бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаны биыл Ұлы Жеңіс күніне аяқтау жоспарланған. Стадионға қойылатын көрермен орындықтарын жасатуға Оралдағы зауыттардың біріне 2,5 млн. теңгеге тапсырыс берілді. Футбол алаңына опока төселіп, тығыздалып, геодезистер көмегімен тегістелді. Өткен жылы алаңға көгал (газон) егілді, биыл көктеп шығады. Оған су бүріккіштер, шөпті тегістеп қиятын құрылғы сатып алынды. Бұл жобаның құны 6 миллион теңге тұрады.

– Мен атақ алайын немесе байлықтан асып-тасып жүргенім жоқ. «Туған жерге туың тік» демекші, ауылды көркейту – перзенттік парызым, – деді ағынан жарыла сөйлеген Ақан Көшәлиев. Ол бұдан бұрын да Бақалыкөл жағасына ауылдың жігіттері болып екі мың түп тал екті. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне егіс алқабының жиегіне, үй жанына барлығы 550 түп тал отырғызғаны да көптің ауызында жүр. Ауыл-аймақты көркейту, абаттандыру бағытында жоспар-жобасы баршылық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Ол өзінің ісімен тек өзінің үш қызы мен ұлына ғана емес, осы өңірдің барлық жасына өнеге болып жүр. Ауылды көркейтемін дейтін қазақтың осындай нарқасқа жігіттері аман жүрсе, туған жеріміз түлеп, гүлдене беретіні кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Ауыл жастармен көрікті

Күні: , 153 рет оқылды

Таяуда Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қазақтың атақты жазушысы және драматургы Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдық» атты комедиясының премьерасы болды.

Қойылым ауылдың күнделікті өмірінен басталады.    Қой маңырап, сиыр мөңіреп дегендей, елең-алаңнан басталған мазасыз тірлік. Ауылдың мәдениет үйінің режиссері Жұмат (актер Асылжан Жакин) жоғарыдан берілген нұсқау бойынша Астанада өнер көрсетуге бір топ қызды даярлау керек. Алайда сол топтың қатары толмағасын, ауыл әкімі Ыбырайдан (актер Дулат Хамитов) көмек сұрайды. Әкім ауылдағы асхана меңгерушісі, кексе әйел Сәбираны топқа қосады. Сәбира (актриса Эльмира Мақашева) қанша барғысы келмей тебінсе де, әкім мен режиссердің сұрауы бойынша топқа енді. Айта кетейік, актриса ауылдағы қарапайым әйелдің бейнесін керемет сом-дады. Ал полиция қызметкері Алтынбектің (актер Райымбек Ермек) қысылғаннан қыз болып, өнер көрсетуі жақсы бейнеленді. Қойылым барысында «бойжеткен» «әшкереленсе» де, режиссер мен әкімнің арманы орындалды. Жалпы, ауыл өнерпаздары сәтті өнер көрсеткені үшін Түркияға жолдама  ұтып  алды.

– Ауыл қашанда таланттан кенде болмаған. Танымал кинорежиссерлерінің киноға түсіру үшін актерді ауылдан іздеуі тегін емес.

Одан бөлек қаладан бақыт іздеп, жастар туған ауылдан кетіп жатыр. Бірақ қалада олардың бәрін бірдей жақсы өмір күтіп тұрған жоқ. Оны актер Жандос Бақтығалиев сомдаған қоқыс тазалаушы Болтай рөлінен айқын аңғаруға болады. Меніңше, қазақ жастарының бақыты туған ауылымен тығыз байланысты. Қойылымның айтар ойы осы, – деді  қойылым  режиссері  Самал  Әбуов.

Серпін  САЯҚ


Жеті балуан Жезқазғанға барады

Күні: , 26 рет оқылды

Жуырда Орал қаласының ОЖСШМ спорт залында қазақ күресінен 2001-2002 жылы туған жасөспірімдер  арасында облыс чемпионаты өтті.

 – Өңірімізде қазақ күресі қарқынды дамуда. Жасөспірімдер арасында да елішілік турнирлерде басқа аймақтың спортшыларымен иық тіресе күресетін балуандарымыз көптеп шығуда. Мұндай жарыстарда олар шеберліктерін шыңдайтыны сөзсіз. Бұл жас спортшыларымыз бабында екендіктерін осы сайыста дәлелдеді, – дейді жарыстың бас хатшысы Ержан Шүкіров.

Айта кетейік, аталмыш жарысқа 140-қа жуық спортшы қатысты. Ақжайық, Бөрлі, Қаратөбе, Шыңғырлау, Қазталов, Жаңақала, Зеленов, Сырым аудандары мен Орал қаласының спорт мектептерінің шәкірттерінің дайындықтары жақсы. Екі күнге созылған жарыстың нәтижесі бойынша Райымбек Өтепов (46 келі, Қаратөбе), Мерлан Қуантаев (51 келі, “Орал” спорт клубы), Данияр Мырзағалиев (57 келі, Сырым), Ильяс Ихсанов (64 келі, Бөр-лі), Құсайын Ерболатов (72 келі, Сырым), Санжар Ғинаятов (81 келі, Жаңақала), Замир Хамзин (+81 келі, Бөрлі) жеңістің биік сатысынан көрінді.

Жарыс жеңімпаздары ағымдағы айдың 18-21 күндері қазақша күрестен Жезқазған қаласында өтетін ел біріншілігінде облыс намысын  қорғайтын болады.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ  


IT-лицей ашылмақ

Күні: , 78 рет оқылды

Бейсенбі  күні Өңірлік  коммуникациялар  қызметі  алаңында  облыстық  білім  басқармасының басшысы  Шолпан Қадырованың спикерлігімен «Облыстағы  білім беру  жүйесінің  дамуы»  тақырыбында  брифинг  өтті.

Аталмыш басқарма басшысының мәлімдеуінше, облысымызда мектепке дейінгі білім беру ісімен айналысатын 490 ұйым жұмыс жасайды. Онда өңірдегі 1-6 жас аралығындағы балалардың 74 пайызы, 3-6 жас аралығындағылардың 99,9 пайызы тәрбие мен білім алуда. 2017 жылы 2033 орынға арналған 24 балабақша ашылса, оның 20-сы жеке балабақша. Биылғы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табатын болады. Облыс бойынша жеке балабақшалар үлесі өсіп, 9 пайызды құрап отыр.

– Биылғы оқу жылынан бастап орта білім саласына бірқатар оң өзгерістер енгізілді. Ата-аналардан, мұғалімдерден келген сұраныстарды қарастыра отырып, оқушыға деген жүктеме азайтылды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес үй тапсырмасын орындау 2-сыныпта 50 минуттан, 3-4-сыныптарда 70 минуттан, 5-6-сыныптарда 90 минуттан, 7-9-сыныптарда 110 минуттан, 10-11-сыныптарда 130 минуттан аспауы керек. Бескүндік оқу жүйесіне көшуге нормативтік негіздеме жасалды. Егер мектепте барлық жағдайлар жасалса, бескүндік оқу аптасына көшу туралы шешімді білім беру ұйымының әкімшілігі, ата-аналар комитеті, сондай-ақ қамқоршылық кеңестің келісімімен қабылдайды. Ал сенбі күндері оқушылар үйірмелерге қатысуға мүмкіндік алса, педагогтар өз білімдерін жетілдіріп, семинар, конкурстарға қатысады, зерттеушілік жұмыстарын ұйымдастырады. Мұғалімдерді қағазбастылықтан арылту үшін мектеп мұғалімдері, сынып жетекшісі, директордың орынбасарларының қызметтік міндеттемелеріне сәйкес жүргізу құжаттарының тізбесі бекітілді. Осыған орай мектеп мұғалімдері тек бес құжат толтырады. Атап айтқанда, сынып журналы, күнтізбелік-тақырыптық немесе орта мерзімді жоспар, сабақ жоспары, тарау бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау тапсырмалары, күнделіктер. Осыдан басқа біздің ұстаздардан ешкім ешқандай артық құжат сұрай алмайды. 2016 жылдан бастап республика көлемінде сынып журналдарының электронды нұсқасы Kundelik.kz сайты жұмыс жасауда. Облыс бойынша 143 мектеп электронды күнделікке қосылды. Сондықтан осы жобаға қосылған мектептерден қағаз нұсқасындағы журналдарды жүргізу талап етілмейді. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагог кадрларды өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді. Мысалы, мұғалімдер үйлерді аралау жұмысына қатыспайды, – дейді Шолпан Маратқызы.

Ол сондай-ақ білім беру мекемелерінде «Рухани жаңғыру» бойынша «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының «Өлкетану», «Саналы азамат», «Отаным – тағдырым» базалық жобалары арқылы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Барлық білім беру ұйымдарында «Қазақтың 100 күйі» жобасы енгізілген. Жоба аясында оқушылар күй тарихымен танысады. Ұлттық өнерді бала санасына сіңіру мақсатында қоңырау уақытында қазақтың күйі ойнатылады.

Айта кетер тағы бір жаңа жоба – жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ішкі істер органдарында есепте тұрған оқушыларды Қазақстан Рес-публикасының лайықты азаматы етіп тәрбиелеу, қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында мемлекеттік қызметкерлер, ішкі істер органдарының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері оларға қамқоршы ретінде бекітілген. Жоба негізінде қамқоршы есептегі оқушылармен тиімді жұмыстар ұйымдастырады. Нәтижесінде құқықбұзушылық дерегі азамақ. Осы жылдың сәуір айынан бастап облыстық балалар үйі мен облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының қызметін біріктіретін өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы құрылмақ. Жұмысын жуырда бастайтын бұл орталық – өмірдің қиын жағдайына душар болған балалардың әлеуметтік және психологиялық бейімделу процесінен жеңіл өтуіне  мүмкіндік  береді.

Халықтың облыс орталығына көбірек шоғырлануы себебінен Орал қаласында бес мектеп үш ауысымда жұмыс жасауда. Кейбір мектептердің пайдалану мерзімі 50 жылдан асқандықтан, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып тұр. Апатты мектептер саны төрт бірлікті құрайды. Қазіргі таңда аталған мектептер бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. 2017 жылы 1 147,4 млн. теңге мөлшеріндегі қаражатқа облыс бойынша 17 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткен.

Биыл жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен Орал қаласындағы №19 жалпы білім беретін мектеп үшін 200,4 млн. теңге және №24 балабақшаның ғимаратына 216 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі күні мердігер анықталған. Жөндеу жұмыстарын бастау сәуір айына жоспарланған.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыста IT-лицей ашу жоспарлануда.

Аталмыш лицей міндеті – интеллектуалды дамыған, ашық, тәрбиелі адамдардың жаңа буынын, IT-технологиялар саласының көшбасшыларын тәрбиелеу және оқыту болып отыр.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ


Оралда орыстілді мектептерге маман жетіспейді

Күні: , 46 рет оқылды

Таяуда  облыстық  Оқушылар  және  жастар  сарайында  ҚР  Парламенті  Сенатының  депутаттары  Нариман  Төреғалиев  пен  Ерболат  Мұқаевтар  облыс  орталығындағы  педагогтармен  кездесті. Сенаторлар  жүздесу  барысында  Елбасымыз  Н. Ә.  Назарбаевтың  бес әлеуметтік  бастамасы  туралы  кеңінен  баяндады.

– Қашанда адамдарды қолжетімді баспанамен қамту мәселесі күн тәртібінен түспейді. «Нұрлы жер» бағдарламасының барысында талай адам тұрғын үй иелену бақытына ие болды. Енді көп адамның қолжетімді пәтер алуына мүмкіндік беретін «7-20-25» бағдарламасы қабылданады. Студенттерді жатақханамен толық қамту мақсаты да ел игілігі үшін бағытталған, – дейді Нариман Төреғалиұлы.

Ал Ерболат Мұқаев елімізді газдандыру, баламалы қуат көздерін пайдалану бағытында қолға алынып жатқан шараларға тоқталды.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова мен Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратовалар әлеуметтік бес бастамаға қатысты пікірімен қатар, өз саласындағы жетістіктер және қиындықтар хақында баяндады. Мәселен, Ш. Қадырова өңірдегі жоғары оқу орындары студенттерін жатақханамен қамту негізінен шешілгенімен, колледж студенттеріне жатақхана берудің күн тәртібінде тұрғанын мәлімдеді.

– Бір қуантатыны, жыл сайын облыс орталығында бала өсімі жоғары деңгейден түскен жоқ. Жыл сайын орта есеппен 6 мыңдай балдырғанды балабақшаға қабылдап отырмыз. Қазір «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына орай электронды портал қызметі күшіне енді. Сол арқылы кез келген ата-ана ұлын немесе қызын қалаған уақытында балабақша кезегіне қоя алады. Әрі кезек қозғалысын да үнемі бақылауға мүмкіндігі бар, – деді Жансұлу Меңешқызы. Алайда олқылықтар жоқ емес. Мәселен, Оралдың орыстілді мектептерінде мамандар жетіспейді. Мектептерді жан басына орай бюджеттен қаржыландырудың да кемшін тұсы көп.

Соны мұқият ескерген жөн. Қазіргі ұстаздың беделін де көтеру қажет. Демек, әр ата-ана баласы мен мектеп, мемлекет алдындағы жеке жауапкершілігін күшейту  керек.

Н. Төреғалиев пен Е. Мұқаев басқосуда көтерілген мәселелердің өздеріне таныс екенін айтып, білім саласы қызметкерлерінің ұсыныс-өтініштерін ескеріп, Парламентте сол түйінді мәселелердің шешімін табуына күш салатындарына сендірді.

Серік  ІЗБАСАРҰЛЫ,

«Орал  өңірі»           


«ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры ауысты

Күні: , 27 рет оқылды

Бүгін  облыс  басшылығы «ҚПО  б. в.»  компаниясының  Бас директоры Эдвин  Бломмен  кездесті.  Жүздесуде  жаңа қызметке  1  сәуір  күні  ресми  түрде  кіріскен  компания  басшысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов сәттілік  тілеп,  алдағы  уақытта  жемісті еңбек  ететініне  сенім  білдірді.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының елімізге инвестиция тарту бойынша жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде 1997 жылдан бері 23 млрд. доллар инвестиция тартылды.

Жыл сайын компанияның негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 600 млн. долларды құрайды.  Соңғы үш жылда жергілікті қамту үлесі 47%-дан 54%-ға өсті. Былтыр рекордтық көрсеткіш – 32 млн.доллар бөлініп, өңірімізде 45 жоба жүзеге асырылды. Компаниямен бірлесіп, Бөрлі ауданы, Березовка, Бестау елді мекендерінің тұрғындарын көшіру жұмыстарын уақытылы аяқтадық. Сіздің басшылығыңызбен ортақ жұмыстарды одан әрі табысты түрде жалғастырамыз деген сенімдемін, – деді  Алтай  Көлгінов.

Өз кезегінде «ҚПО б.в.» компаниясының Бас директоры Эдвин Блом ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвестицияға барынша қолдау көрсетіп отырғанын жеткізіп, бизнеске жайлы климат қалыптасқан елде компания табысты жұмыстар атқаратынын атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде өңірдегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі 20 млн. доллардан 30 млн.долларға  ұлғайғанын атап өтті (5 жылға жалпы қосымша сомасы 50 млн. доллар). Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдармен келісу процесінде.

Кездесу соңында облыс әкімі компания бастамалары мен ұсыныстарына әкімдік тарапынан қолдау болатынын  жеткізді.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика