Тег: ‘Ақжайық ауданы’


SMS арқылы куәлік

Күні: , 23 рет оқылды


Ақжайық ауданы орталығының тұрғындары Асұлан Төлеуов пен Баян Хамзинаның отбасына тағы бір перзент қосылды. Ол – 10 қаңтарда Орал қаласында жарық дүниеге келген Қасиет Серік Асұланұлы. Отбасы ұлына туу туралы куәлікті Ақжайық ауданы бойынша тұңғыш болып проактивті тәсілмен алды.


«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен бірігіп, өткен жылдың 29 желтоқсанынан бастап бала өмірге келгенде көрсетілетін қызметтердің проактивті әдісі бойынша пилоттық жобаны іске қосқанынан ел халқы хабардар болуда.

Енді ақпараттық жүйелердің бірігуі арқасында нәрестені тіркеу бойынша өтініш автоматты түрде келетін болады. Бала өмірге келісімен оның ата-анасына SMS-хабарлама арқылы құттықтау келіп, сәбиді тіркеу бойынша мемлекеттік қызметті пайдалануға ұсыныс жасалады.

Электрондық үкімет порталы барлық мәліметті түрлі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен жинап, ал өзге деректерді SMS-хабарлама арқылы ата-анадан сұрайды.

«Қазіргі таңда бала туғаннан кейін ата-аналар баланы тіркеу, куәлік алу, жәрдемақы тағайындау және балабақшаға кезекке қою үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына баратыны мәлім. Енді проактивті қағидаттың іске қосылуына байланысты фронт-офистерге барудың, тіпті электрондық үкімет порталына жүгінудің де қажеті жоқ. Барлық қажетті қызметтерді ол SMS-хабарлама арқылы ала алады. Бірақ SMS-хабарлама алу үшін азаматтар кез келген ХҚКО-ға барып, өздерінің телефон нөмірлерін порталдағы жеке кабинеттерінде бекітуі тиіс», – дейді БҚО бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Ақжайық бөлімінің басшысы Жәния Қарашина.

Әрине, баланы тіркеу, жәрдемақыны рәсімдеу және балабақшаға кезекке қою қызметтерін ХҚКО-дан да алуға болады. «Бала туу» композиттік қызметі проактивті тәсілмен ұсынылады. Яғни телефон арқылы шот нөмірін жіберіп, жәрдемақыларды да рәсімдеуге және балабақшаға кезекке қоюға болады. Ал халыққа қызмет көрсету орталығына баланың куәлігін алып кету үшін ғана келу керек немесе үйге жеткізу қызметін пайдалануға болады.

Чапаев ауылдық округінің әкімі Нұртаза Нәбиденов және Батыс Қазақстан облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаменті Ақжайық бөлімінің басшысы Жәния Қарашина жоғарыда аталған отбасының үйлеріне барып куәлікке қоса, естелік сыйлық табыстап, нәрестенің бауы берік болуына тілектестігін білдірді.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық ауданы


Жаңа жыл қарсаңындағы жақсылық

Күні: , 24 рет оқылды


«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының аясында Ақжайық ауданындағы Базаршолан ауылдық округіне тартылған таза ауыз су құбыры іске қосылды.


Жаңа жыл қарсаңында округ орталығының тұрғындары ғана емес, Ескіесім, Баянтөбе елдімекендерінің жұртшылығы да осындай қуанышқа кенелді. Ақжайық ауданының әкімі Әділ Жоламанов пен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Шарафуддин базаршоландықтарды маңызды оқиғамен құттықтауға арнайы келді. Құрылғыны орнатқан «Жиенбай» ЖШС-ның жұмысшы-қызметкерлеріне округ тұрғындары дән разы. Жалпы ұзындығы 30 шақырымды құрайтын таза ауыз су құбыры әр үйге тартылған. Айта кетерлігі, Ескіесім елді мекені аудандағы таза ауыз су құбырына қосылған 24-ші ауыл.

Борис МЫРЗАҒАЛИЕВ,

Ақжайық ауданы


Шарболаттай шыңдалған

Күні: , 23 рет оқылды


Біздің тұңғыш Президентіміз Н. Ә. Назарбаев жайында киноэпопеялық шығармаларды көрген сайын, ой көзінен өткізген сайын Қазақстан мен Назарбаев егіз ұғым екеніне тіпті қаныға түсемін. Кино индустрияның осы бір тамаша туындылары арқылы Елбасымыздың бойында тәрбие мен ұлағат қатар өрілгеніне, оны адами парасат биігіне шығарғанына тәнті боламын. Қуат аламын, мұны өзімнің мұғалімдік қызметімде, қоғамдық жұмысымда пайдаланып келемін.


Иә, «Елбасы жолы» фильмдер циклының барлық бөлімі де ерекше толқытпай қоймайды. «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі кәдімгі ауылдан шыққан өреннің білімге деген ұмтылысы, алға қойған мақсаты қандай! Ұл-қыздарымызға нағыз жанды тәрбие деген осы емес пе?! Бүгінде біз жиі айтатын, бірақ шынтуайтында, иіріміне бойлауды құнттамай жататын рухани түлеудің тұма бұлағы деген сол емес пе?! Балалық періште кез… Бозбала Нұрсұлтанның қимыл-қозғалысында, мінез-құлқында әке-шешеден, ауылдың басқа да үлкендерінен дарыған игі қасиеттер леп береді ғой. Құрыш о бастан-ақ қалай шыныққан деңіз?!

«Отты өзен» және «Теміртау» фильмдерінің әйгілі Теміртау қаласында түсірілгені әрине, тегіннен тек емес. Бұл Елбасының темірдей, шарболаттай шыңдалған Теміртауы ғой. Домна пешінің жанында тұрып жұмыс істеген болашақ Елиесінің аптал азамат болып қалыптасу жолы сүйсіндірмей қоймайды. Әлгі пештер жанында тұрған адамның әрбір қадамы, қимыл-қозғалысы өте қырағы, сақ болуы қажет. Мұны Елбасымыз өзінің кітаптарында да жазды. Мүлт кетуге мүлдем болмайды, мерт боласың. Өйткені пештер температурасы 2 мың градусқа дейін жетеді екен. Ал тыста – Арқаның ақырған аязы. Міне, құрыш осылай шыныққан.

Циклдің төртінші бөлімі – «Тығырықтан жол тапқан» фильмінде Мемлекет басшысының 1971-1977 жылдар аралығындағы өмір кезеңі бейнеленеді. Саясатқа енді қадам басқан азаматтың өмірден осыған дейін түйгендері, санада қорытқандары әбден пайдаға асады. Жұртына деген ықылас-пейілін, ақ жүрегін Жаратқан Ие қолдайды. Киноэпопеяны мәрелеген «Жұлдыздар тоғысқанда» атты фильмнің Оралда бірінші көрсетіліміне барып көргенімде де айрықша толқыдым. Ғұмырын елдің бақытына жұмсаған, қажет кезінде нар тәуекелге мініп, өмірін бәйгеге тіккен Президентіміздің, дүние жүзі таныған Көшбасшымыздың бүкіл бастан өткергені, қызметі ұлттық тарихымыздың ерек жарқын беттері болып табылады. Ұлағатты, тағы-лымды тарих деген осы. Ұлы мәртебелі тәуелсіздігіміздің өшпейтін парақтары деген осы. Бұл бізді өмір сүруді, еңбек етуді, халқыңа пайда әкелуді Елиесінен үйренуге меңзейді.

Валентина БОРИЧЕВСКАЯ,

Чапаев №1 орта мектебі директорының орынбасары, «Радуга» славян мәдени орталығының жетекшісі,

Ақжайық ауданы


Алмалыдағы айтыс

Күні: , 18 рет оқылды


Ақжайық ауданының Алмалы ауылында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы, Ақжайық ауданы әкімдігінің қолдауымен жас ақындардың «Елім деп өткен ер Сырым» атты облыстық айтысы өтті. Оған облыс орталығынан, аудандардан іріктелген, яғни өңірімізге, республикаға танылып келе жатқан он ақын қатысты.


Шарада аудан әкімі Әділ Жоламанов болды.

Айта кетейік, бұл айтыс Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы ұсынған жоба аясында ұйымдастырылды. Шараны аталмыш орталықтың директоры, белгілі ақын Бауыржан Халиолла кіріспесөзбен ашты.

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында ұлы даламыздың дара перзенті, қол бастаған көсем, сөз бастаған шешен Сырым Датұлының 275 жылдығына, Алаш қозғалысының 100 жылдығына орай айтыстар өткізіп келеміз. Бұл тек облыс орталығымен шектеліп қалатын іс емес. Сондықтан Теректі, Зеленов аудандарында болып, бүгін Ақжайық ауданына ат басын тіредік. Осының бәрі жыл соңында Сырым ауданында қорытындыланбақ,-деді ол.

Көпшіліктің алдында сахнаға суырылып шығып, сөз бастаған Бөрлі ауданынан келген Жарқынбек Шынтаев пен жаңақалалық Орынбек Меңдіқұлов жұртшылықты «ә» дегеннен үйіріп әкетті. Сырымдай дарабоз перзенттердің ерлігін оқып-үйрену, өткеніміз бен бүгініміздің арасындағы сабақтастықты үзіп алмау хақында екеуі де әдемі сөз саптады. Дәуір талап етіп отырған рухани түлеудің біздің жарқын тағдырымыз үшін мән-маңызы тілге тиек болды.

Сөз арасында Шынтаев Орынбектің соңғы уақытта эстрада жұлдыздарына ән жазып жүргеніне «тиіссе», қарсылас керісінше «Соғып алармын сойылмен, Бөрліден келген бөріні» деп бет қаратпады. Осылай әдемі өрбіген сөз барымтасында қос өрен да қатар шауып, Жайықтың арғы бет, бергі бетінен жиналған қалың көрермен зор ықыласына ие болды.

Жұп реті екінші болып шыққан қазталовтық Естеміс Мұхамбетов пен талай сахнада олжа салған Сырым ауданының ақыны Бауыржан Ширмединұлының арасында өткен тартыс суырыпсалмалықтың зор тегеурінін көрсеткендей болды. Ерлік пен елдік, бірлік пен еңбек, сана сергектігі мен таным салмағы туралы айтылды. Арасында екеуара әзілдесе отырып, қоғамның түйткілді мәселелерін, ауылдардың жақсылығын да, кем тұстарын да сөз етті. Мысалы, көп жастардың қалаға ағылып жатқанын айтқан Естемістің ойын Бауыржан сәтті жалғады.

…Бұрынғы алмаларың болмаса да,

Алмалы, біреуісің нар ауылдың.

Алмаға алаңдайтын ештеңе жоқ,

«Барында ойна да күл Оралыңның».

Себебі, бүгіндері біраз ауыл,

Алдында тұр емес пе жоғалудың.

Алмалары түгілі осы күні

Адамдары қалған жоқ көп ауылдың,-деп түйіндеді.

Айтса айтқандай-ау, алайда Алмалының өзінде алма қалмады деуге келмейді. Әуелден бау-бақшамен айналысатын ауылдың құнарлы жеріне алма ағашын егіп жатқандар бар. Мысалы, биыл Нұртай Сақыпов деген азаматтың осы жерге 4 мың түп алма талын еккендігін білмейтін адам кемде-кем. Сахнадан бұл да баяндалды.

Теректі ауданының ақыны Эльдар Ихсанов пен Ақжайық ауданының атынан шыққан Айнабек Бисенғалиевтың әзілге құрылған әсерлі сөз сайысы жиналғандардың көңілін тіпті жадыратты. Шымыр шумақ, тастай ұйқастарымен көпшілікті аузына қаратқан Айнабектің тосыннан жасаған «шабуылдарына» Эльдар да тосылып қалмай төтеп, бере білді.

Төртінші жұпқа шыққан жәнібектік Мұрадым Мирланов пен ақжайықтық Бекболат Қаленовтың арасындағы сөз таласы да ұтымды шықты. Жалынан сипатпайтын жүйрік сынды тәжірибелі Мұрадымның топ алдына шығып, астарлы әзілмен әрлеп айтқан шумақтары алмалылықтардың есінде ұзақ қалары сөзсіз. Қарсылас інісі Бекболатқа бағыттап айтқан әр өлеңіне жиналғандардың ішек-сілесі қатып, мәз-мейрам болды. Бұлар ауылдарда орын алып тұрған мал ұрлығы секілді қырсықты, ағайынның алға талпынған еңбегін, жұртымыздың мерейі болып табылатын кәсіпкерлерді жырларына арқау ете білді.

Мысалы, Бекболат ауылдағы жақсылықтар мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықты тізе келіп:

…Осыдан артық қандай жағдай керек,

Жұртсыңдар жілік мүжіп, май кемірген.

«Т» деген әріп жетпей тұр демесең,

Алмалы, Алматыдан қай жерің кем,-деп өнерсүйер қауымды бір сергітті.

Ал Мұрадым ақын:

Аман бол, Алмалыдай атпал елім,

Есімі алты Алашқа мақтан елім.

Мыңғырған малын айдап, баққан елім,

Өсіріп қауын-қарбыз, сатқан елім.

Моласын Махамбеттің тауып берген,

Баласын Бектұрғанның тапқан елім.

Ән салып Ғұбайдолла Хибашев боп,

Қанаш боп домбырасын қаққан елім…,- деп жұрттың рухын көтеріп тағы бір тастады.

Қыдыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының маманы, танымал айтыскер Талғат Мықи мен оралдық Алшынбек Мұқанғалиев та өнерлерімен сүйсінтті. Ата-бабаларымыз аманаттаған құндылықтарға үңіле білу, еңбекке жұмылу жырланды. Ағалы-інілі болып айтысқан олардың жырларынан бір-біріне деген сыйластығы есіп тұрды. Жат ағымдардың жетегіне кеткен азаматтарды сөз ете келіп, осындай олқылықтар болмас үшін Алмалыға да бір мешіттің керек екенін айтқан Талғат:

«Жаңғырып кетеміз» деу бекершілік,

Алланың ақ дінінен бейғам жүріп.

Өйткені елім, Рухани жаңғырудың,

Ең басында тұрады имандылық,-деді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқын рухани түлеуге шақырған мақаласын, елімізді тәуелсіздікке бастаған ұшан-теңіз еңбегін жырға қосты.

Жыр додасын тамашалаған әлеумет ақындардың шабытына шабыт қосып, қолдап отырды. Осындай ерек шараға шақыртуды қабыл алған Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Сағадат Рахметжанов сахнаға әлсін-әлі көтеріліп, ән шырқады.

Сахнада сөз алған аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев жыр бәйгесінің мән-мазмұнын әңгімеледі. Ауылдық округ әкімі Армат Хайруллин ұйымдастырушыларға барлық тұрғын атынан алғыс айтты, айтыскерлерді бастап келген ақын Б.Халиолланы, С.Рахметжановты Алғысхатпен қошеметтеді. Сонымен қатар ақындарға ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен тағайындалған қаржылай жүлдені теңдей қылып табыстады.

Алмалыда ақындар айтысы осымен бір жылдың ішінде екінші рет ұйымдастырылып отырғанын айта кеткен жөн. Жылдың басында алмалылық ақын, еңбек ардагері Жаңылғаным Ахмулдинаның «Өмір өткелдері» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне арналып облыстық айтыс өткен болатын. Осындай ілгері іске әрдайым қолдау жасап келе жатқан кәсіпкер азаматтарының, мәдениет қызметкерлерінің, жас та болса бас бола білген ауылнай Армат Сейғуатұлының ынта-ықыласынатап өткен абзал.

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ.

Алмалы ауылы.

Ақжайық ауданы.

Суреттерді түсірген Ержан ШӘКІРОВ


Жүрегін жыр кернеген ақын

Күні: , 43 рет оқылды


Сыршыл ақынның бірі Сағынтай Бисенғалиев болып табылатынына оның өлең-жырларының ел арасына кең тарағаны дәлел. Ел-жұрттың ортасында жүріп, айналасындағылардың, өлеңнен мән іздегендердің ойын тамыршыдай тап басатынының себебі – оның жырларының қарапайымдылығында. Қашанда қараша жұртпен жүздесуге асығып тұратын ол осы жылдың өзінде Жайықтың оң жағын жайлаған ауылдардың көбінде болды. Тоқтаған ауылдардың бәрінде толғана өлең оқып, оқырманын орман ойға жетеледі, қаймананың қиялын қияларға, алыстарға әкетті.


Орда бұзар 33 жасында айтысқа шығып, жасындай жарқылдаған сол  кездегі отты жырлары, суырыпсалмалылығы ел-жұрттың есінен әлі кете қойған жоқ. Мысалы, тоқсаныншы жылдары өткен бір айтыста Тайпақ ауылындағы мәдениет үйінің сахнасынан жырлаған Сағынтайдың олжалы болуы оның дарынын тағы бір айшықтады.

Өткен жылдарға бір қайырылып бір қарап, елге есеп беруді  ойлаған ақын өткен аптада Тайпағына тағы барды. Жыр кеші өтті. Өлең-жырға құмар тайпақтықтар екі сағат жарым тапжылмай отырып, Сағынтайдың сырлы әлеміне саяхат жасады. Сахна мінберіне кім шықса да «Сағынтайдың отты жырын сағынып жүреміз» дегенді айтты. Ақын Тілес Жазықбай кеш иесі жайлы тебірене сөйлеп, өлеңдеріне шолу жасады.

60 – бүгін арман жас қой талайға,

Құлап-тұрып, келдім жетіп қалайда.

Сау жері жоқ жырым жырым жазмышым,

Сынбаған тек төзім атты шарайна, – деп жырлаған ақынның адамгершілігін, азаматтығын, өнерге деген адалдығын, ақкөңілділігін Ақжайықта кімді тоқтатып сұрасаң да айтары сөзсіз.

Бұған Атамекен ауылындағы «Жерұйық» мұражайының жетекшісі Жәнібек Әбілпейісовтың «Сағынтай ақын өзіміздің Ақ Жайықтың даласы іспетті. Кедір-бұдырсыз кең жазық – Сәкеңнің  ашық мінезіндей», – деген сөзі дәлел.

Кеш мінберінен сөйлеген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Гүлбану Құлмұқанова, Тайпақ ауылдық округінің әкімі Болат Шәленов, белгілі  композитор Құбайдолла Хибашев, Краснояр орта мектебіндегі мұражайдың жетекшісі Болат Дошаев, Тайпақ колледжінің директоры Мәлік Қашымов, ақынның досы Өмірзақ Самат та жүрекжарды лебіздерін арнады.

Көршілес Атырау облысының Индер аудандық «Дендер» газетінің редакторы Жанай Амантұрлин, Жаңақала аудандық музейінің директоры Амантай Сәлімов, Қ. Байсықов атындағы орта мектептің директоры Бағдагүл Ізбасарова және Тайпақ музыка мектебінің директоры Ғайнижамал Әділованың ақынға деген сый-құрметі қашанғыдай, ерекше болды.

Алғаш айтысқа шыққандағы айтысқан жұбы Орынша Биманова, тайпақтық тұрғын Бақытқаным Әбдіғалиева ықылас-пейілдерін арнады.

Өзінің туабітті алғырлығының арқасында сөз табиғатын тереңнен толғайтын Сағынтай шайырдың өлең-жыры ән болып шалқып, даланы тербейді. Ол Құбайдолла Хибашев, Рахым Жанайысов сынды композиторлармен шығармашылық байланыста. Жыр кешінде рухани әлемдегі іні-қарындастары – Тайпақ мәдениет үйінің директоры Дәурен Ғилманов, ағайынды Әнуар, Венера Нұрғалиевтер, Асұлан Бақтығалиев кеш иесінің сөзіне жазылған бірнеше әнді орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті.

Өнер табиғаты тегінде, аса нәзік құбылыс. Әсіресе, ақындықты серік еткен жандардың белгілі бір орта іздеп, жан азығын аңсайтыны рас. Ал өлең дейтін өндірдің өзегін нәрлеген жасөспірім, балаң ақындарға дұрыс бағыт сілтеп, өнерге баулу жағынан Сағынтай ақынның ұпайы түгел. Аудандық кітапхананың жанынан «Муза» оқырмандар отауын құрып, талай бұлақтың көзін ашты. Ақынның үлкен ұлы Әсет Бисенғалиев, тайпақтық жас ақын Әнуар Аманжолов, жаңақалалық жас жүйрік Орынбек Меңдіқұлов кезек-кезек жыр оқып, оларға сүйсінбеген жан қалмады. Тайпақ мәдениет үйіндегі «Көркемсөз» үйірмесінің мүшелері, яғни бір топ мектеп оқушысы мерейтой иесінің жырларын жатқа оқыды.

Кеш соңында Сағынтай Бисенғалиев өзі де өлеңдерін зор шабытпен оқыды. Алғашқы айтысында жүлдегер боп үйіне барғанда, бір үлкен өкініші сол, соның алдында ғана бұл дүниеден өткен анасын аңсағаны-ай, сол қуанышын анасы көргенде, қандай болар еді. Сол күні құлазыған көңілінен шыққан жырын оқығанда, алпыс екі тамырды отты жырдың ыстығы кезіп, әлдебір мұң екпіні жүректерді бұлқынтқандай болды. Жанарына жас алған залдағы аналар терең күрсініп жатты. Иә, Сағынтай ақынның жүрегін жыр кернейді…

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы


Ақжелеңділер ауылға келгенде

Күні: , 20 рет оқылды


Ақжайық ауданының Тайпақ ауылдық округінде «Ақжелеңді абзал жандар» атты форум өтті. «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға кезінде Тайпақ  өңірінің денсаулық сақтау саласында қызмет жасап, бүгінде облыс  аумағында, көршілес Атырау облысында қызмет істеп жүрген 32 дәрігер келді. Ауылдық округ әкімі Болат Шәленовтың бастамасы бойынша жиналған денсаулық сақшылары алдымен Ұлы Отан соғысы боздақтарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ауылдық аурухананың тыныс-тіршілігімен танысып, осындағы емделушілермен пікірлесіп, Қ. Байсықов атындағы орта мектептің ұжымымен жүздесті. Мәдениет үйінде ыстық ықыласты кездесу өтті.


— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқын рухани түлеуге шақыруы ұлттық патриотизмге негізделгені белгілі. Осыған орай аудан көлемінде атқарылып келе жатқан тағылымды шаралардың жалғасы – бүгінгі басқосуымызды үлкен бір істің таза тұмасы деп есептеймін. Денсаулық сақтау саласы қашанда ауқымдылығымен, күрделілігімен ерекшеленетіні мәлім. Бұл сала бойынша ауданымызда көптеген жаңалық, жетістіктер баршылық. Міне, бүгін мемлекетіміздің байлығы – халық денсаулығына жанашыр, өз кәсіп, мамандықтарына адал жерлес дәрігерлер өздері түлеп ұшқан жерге келіп отыр. Осы бастама мен «Туған жер» бағдарламасын құп алу біздің тұрғындарымыздың тынысына серпіліс әкеліп, шынайы патриотизмнің зор үлгісіне айналатыны сөзсіз деп білемін, — деді  форумның  ашылуындағы құттықтау  сөзінде аудан әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев.

Аудандық орталық аурухана ұжымы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының биылғы белгіленген көрсеткіштерін орындаған. Бірыңғай денсаулық сақтау жүйесі бойынша алдағы жылдары медициналық қызметтерді біртіндеп электрондық жүйеге ауыстыру көзделуде, биылдан бастап аудандық емхана мен ауруханалар  медициналық ақпараттық жүйе бағдарламасымен жұмыс жасауда. Басқосу барысында осы және басқа да деректер тілге тиек болды.

«Елбасымыз айтқандай, дамыған елдердің қатарынан табылу үшін Қазақстанда қай салада болмасын ілгерілеуге мүдделілік мықты. Соның ішінде халық денсаулығы бірінші орында тұруы қажет деп есептеймін. Біз ауруды емдеумен емес, оның алдын алумен айналысуымыз керек. Сондықтан әрбір тұрғын өз саулығына жауапты әрі бүгінгі медицинаның мүмкіндігін пайдалана білсе, құба-құп. Айталық, Ақжайық ауданы жұртының ауруды ерте анықтауға арналған скринингтерден өту көрсеткіші жаман емес. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдетері сөзсіз», — деді өз сөзінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызметті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.

Шарада ақын Сағынтай Бисенғалиев ақ желеңді жандарға арналған жырын оқыды. Денсаулық сақтау саласының үздігі, еңбек ардагері Гүлайым Ешімова, ауылдық ауруханасының жалпы тәжірибе дәрігері, жас маман Жансая Бақытжанова сөз сөйлеп, форумның мән-маңызын сөз етті. Ұлттық сараптама орталығының дәрігер-эпидемиологі Алтын Орынғалиева, Теректі ауданы, Федоров ауруханасының лор дәрігері Алексей Мищенко тұрғындарға игі тілек арнап, ауылдық ауруханаға сыйлық табыс етті.

Кеште «Дала сазы», «Толқын» бишілер тобы, балалар музыка мектебінің хор ұжымы, «Жайық сазы» фольклорлық ансамблі, «Толқын» вокалды-аспаптық ансамблі, «Айгөлек» бөбекжайының бүлдіршіндері өнер көрсетті. Дәурен Ғилманов, Дананбек Нәсіпқалиев, Ренат Мырзахметов, Әділет Қайдаров, Асылбек Шәкенов, Мира Хамзина, Қолғанат Марат, Жандос Тасқарин, Мәрзия Мұқанова, Жұлдыз Тасқынбаева, Қоблан Жауынбаев әуелетіп ән шырқады.

Келесі күні дәрігерлер таңертеңнен кешке дейін ауыл тұрғындарын қабылдап, олардың денсаулықтарын тексерді. Олардың арасында педиатр, травматолог-ортопед, онколог, нарколог, дерматолог, гинеколог, психиатр, рентгенолог, фтизиатр, маммолог, кардиохирург және  т. б. мамандар болды. Шынтуайтында, дәрігерлерге жүгінушілерде есеп болған жоқ. Өйткені ауылдық ауруханада хирург, окулист, лор, дерматолог сынды мамандар жоқ. Сондықтан кезекке тұрған тұрғындардың бәрі де шамалары келгенше «қолға түсе бермейтін» дәрігерлердің кеңесін алуға асықты. Әсіресе, окулиске келушілердің қатары көп болды. Олардың ішінде егде жастағылармен қоса жастар жиі кездесті. Көбінің көру қабілеті нашарлаған. Үлкендерді айтпаған-да, кезекте тұрған жастар жанарларындағы кемістікті смартфон телефондардан, компьютерден көретіндіктерін мойындады.

Сондай-ақ балалар педиатрына, кардиохирургке де жүгінушілер аз болмады. Тайпақтағы жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Нұрлан Сәрсенғалиевтың айтуынша, округте ішкілікке салынып, тіркеуде тұрған 15 тұрғын бар. Олардың ащы судың арбауынан құтылып, түзу жолға түсуіне дәрігерлердің осындай қабылдауы  өз септігін тигізері сөзсіз. Нарколог Асқар Мырзағалиевқа кеңес сұрап алты  адам келді, әрқайсысымен рәуішті көңіл күйде әңгіме өтті. Жайықтың сол жағалауындағы елді мекендерден де мүмкіндікті мүлт жібермеген келушілер болды.

Шақыруды қабыл алып, көмегін аямаған медицина саласының өкілдерін ауылдық округ әкімі Б. Шәленов алғысхаттармен қошеметтеді.

Бекболат  ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық  ауданы

Ұлжан БИСЕНОВА,

тыл ардагері:

– Тайпақтың жасы ұлғайған тұрғынымын. Төрт  жылдан бері көз ауруы мазалап жүр. Көз дәрігері келді дегенді естіп, осында жеттім. Осы жаста аудан орталығына, қалаға бару оңайға түспей тұр, сол себепті адам жаны арашашыларының жиі келіп тұруын құп көреміз. Осындай игі бастаманы қолға алып жатқан ауыл әкімі Болат Шәленовке рақмет!

Нығмет ХАЙРУШЕВ,

зейнеткер:

– Менің екі көзіме де ота жасалған. Сондықтан жіті қадағалауда ұстауым керек. Алайда екі жыл бұрын аудан орталығында тексерілгеннен бері дәрігерлерге баруға мүмкіндік болмай жүр еді. Міне, өздері келіп, жұртшылықты қабылдады. Мұндай шаралар әлсін-әлі ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр. Тайпақтағы аурухана ешбір жердегі мекемелерден кем емес. Тек бір-екі маман жетіспей тұр. Мұның да реті түсер амандық болса.

Манарбек БАЛМАҒАМБЕТОВ,

ауыл тұрғыны:

– Осыдан екі жыл бұрын асқазанымдағы кеселді дәрігерлер емдеді. Дегенмен, эндоскопист маман келеді деген соң, тағы бір тексерілуді ойладым. Жыл сайын өтетін скринингтердің арқасында, мамандардың кеңесімен көп күтініп, саулығымызға мән беріп келеміз. Мұндай қабылдаулардың халық үшін пайдасы зор.


Ажары тайған аялдамалар…

Күні: , 24 рет оқылды


Қара жолдың бойындағы аялдамалардың тіршіліктегі орны һәм маңызы қандай екенін айтудың өзі артық та шығар?! Өкінішке қарай, бұлардың басым көбінің жайлылығы мен тазалығы сын көтереді деу қиын-ақ. Көп жерде солай. Ал бұған кінәлі кім?


Мәселен, Ақжайық ауданының аумағындағы аялдамалардың ұсқынсыз, аянышты халіне көз жүгіртсеңіз, біздің мәдениетіміз, қоғам мүлкіне жанашырлығымыз, ортақ дүниеге көзқарасымыз қандай деңгейде екені байқалып қалатындай.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ БҚО филиалының Чапаев селосында орналасқан №40 жол пайдалану бөлімшесіне «Орал – Атырау» тасжолының 73-шақырымынан 214-шақырымына дейінгі және «Чапаев – Жалпақтал – Қазталов» бағытындағы аутокөлік жолын қадағалау жүктелген. Жолды күтіп-баптау, яғни ағымдағы жөндеу, қыс мезгілінде қардан тазалау, белгілерді жаңарту секілді жолшылардың тынымсыз тірлігі жыл бойы жалғасып жатады. Түптеп келгенде, соның бәрі жүргізушілердің, жолаушылардың амандығын, қара жолдағы жайлылықты қамтамасыз етуге арналады. Көлік иелері көктайғақ кезінде апатқа ұшырап қалмауы үшін әлденеше жүк көлігіне тиелген құм аралас тұз бірінші кезекте жол бойындағы қауіпті деген жерлерге себіледі. Ұйтқыған боран күндерінде трактор, автогрейдерлер Шапдаржап пен Алғабас, Чапаев пен Қазталов ауылдарының арасын қардан тазалауға жұмылдырылады.

Аталған ұжым қақаған аяздарда жол бойында тұрып қалған көлік иелеріне де көмек қолдарын ұсынады. Бұл үшін Чапаев пен Тайпақ ауылдарында жылыту пунктері жұмыс жасайды. Ыстық тамақ, бірнеше адамдық жатын орын қарастырылған. Мұндай жағдайға көбіне ауыр жүк көліктерін тізгіндеген шетел азаматтары тап болып қалады екен.

Ал көктем шыға бөлімшенің жұмысшы қызметкерлері бірнеше айлық ұйымдастырып, жол бойын тазалауға, белгілерді жаңартуға кіріседі. Сала мамандарының сөзінше, жол белгілері жыл сайын ауыстыруды қажет етеді. Себебі, ауылдар маңындағы белгілерді сотқарлар таспен атқылап немесе майыстырып кетеді екен. Мұндай белгілер аңшылардың да «нысанасына» айналған. Қаруланған аңшысымақтар ой-қырды шарлап, қанжығалары майланса да, жолдағы белгілерді атқылауды тоқтатпай келеді. «Оған дәлел – белгілерді тесіп өткен оқтың іздері», – дейді бөлімше басшысы Асхат Қойшығұлов.

Міне, жолды күтіп-баптау, жол қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан қыруар қам-қарекетті бағаламаудың көрінісі. Бұдан кімге пайда, кімге зиян?

Аялдамаларға қайта оралсақ, қабырғаларға бейәдеп сөздер жазып, анайы суреттер салып кету тоқшылықтан, еріккендіктен емей, немене?! Қабырғалары жазылған адам есімдерінен көрінбейтін аялдамалар аз емес. Ал ішкі тазалығын сөз етсеңіз, жүрегіңіз айнып кетеді-ау. Толған бос шөлмек, темекінің қораптары мен тұқылдары… Тап бір настықтың табылмас үлгісі. Тағы не айтуға болады десек, оны өзіңіз де сезіп отырған шығарсыз. Аялдамалардың сарғайған іргелерін көріп, жолаушылардың дәрет үшін көп алысқа бармайтынын байқайсыз. Қайда барсын, себебі ол жерлерде салынған әжетханалар жоқ. Сондықтан аялдаманы шыр айналып жүргендерді көргенде, әжет-ханалардың орны қандай екенін бағамдай беріңіз. Аудан аумағындағы Алғабас пен Шабдаржап ауылының арасындағы 238 шақырым аралығында орналасқан 18 аялдаманың жайы осындай. Неге? Себебі, республикалық маңызы бар жолдардың құрамына кіретін Орал – Атырау тасжолын күрделі жөндеуден өткізгенде аялдама маңына әжетхана салу жобаға енбей қалыпты. Сонда республикалық маңызы бар жолдарда жүретін жолаушылардың әлгі «шаруалары» маңызды емес пе?

Осы жолмен күніне орта есеппен үш мыңға жуық көлік өтеді екен. Сонда «қажет» үшін қанша адамның тысқа шығатынын есептей беріңіз. Жол бойындағы әжетханасы бар дәмханалардың аралары тым алшақ. Бұл мәселе көпшілікті ойландыратыны айтпаса да түсінікті. Асхат Бекежанұлы осы бір мәселені қозғап, жоғарғы жаққа хат та жазған. Бірақ қозғалыс жоқ. Басқа облыстардағы жол бойындағы қолайлылықты көргенде, бізге неге бұл істі тезірек қолға алмасқа деп ойлайсыз ғой?! Әйтпесе, аялдамалардағы дақтарды кетіру үшін жыл сайын қыруар қаржы кетіп жатыр.

№40 жол пайдалану бөлімшесіндегі 22 жұмысшы-қызметкермен қоса Тайпақ ауылындағы пункттегі алты жұмыскер жол бойының тазалығы үшін жұмылып жүр. Мысалы, олар жаз маусымында жол жиегіндегі шөпті 6-7 рет шабады. Аялдамаларда орналасқан қоқыс салғыштарды толған сайын тазарту осы қызметкерлердің жұмысы. Бірақ олар жолаушылардың, жүргіншілердің салақтығы шектен шыққандықтан, жиі-жиі тазартуға үлгере алмай жатады. Қараңыз, шашылған неше түрлі қағаз, қораптар, баклажкалар… Осындайда көмек қолын созатын ауылдық округтер жоқ емес. Бударин, Чапаев, Мерген, Тайпақ ауылдық округтерінің әкімдіктері өз ауылдарының төңірегіндегі аялдамалардың маңын таза ұстауда көпке үлгі болып келеді. Қорыта айтқанда, тұрғындарға көрсетілер қызмет сапасын арттыру бұл қарапайым халықтың мемқұрылымдарға деген сенімінің артуына негіз болары хақ. Сонымен қатар жолаушылар мен көлік иелері де мәдениетке, тазалыққа жете мән бергені дұрыс.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН


Еңбекке құрмет салтанаты

Күні: , 36 рет оқылды


Еңбек жолы ауыл-аймағымыздың, Ақжайық ауданының шежіресіне айшықты жазылған, білім беру ісінің, әлеуметтік саланың үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Ақжайық ауданының құрметті азаматы Меңзипа Жұматованың 60 жасқа толуына орай Чапаевта «Өнегелі өмір» атты кеш ұйымдастырылды. Мерейтой иесін алдымен аудан әкімі Әділ Жоламанов қабылдап, қошемет көрсетті. Сосын мерейгердің әріптестері, замандастары, сыйлас аға буын өкілдері, қалың көпшілік жиналған аталмыш кеште Меңзипа Дүйсенбайқызының жылдар жүзінде жұртының игілігіне арнаған қалтқысыз қызметі, адамгершілік қадір-қасиеті жан-жақты ашылып, баяндалды.


– Ел үшін қашанда аянбай еңбек еткен аға ұрпақ өкілдерін халқы ешқашан ұмытпайтын тұлғаларды ұлықтауды жадымыздан шығарған емеспіз. Тек соңғы уақыттың өзінде осыған байланысты ауқымды істер тындырылды. Бүгінде марқұм болған Әлібек Сәтбаев, Абай Иманғалиев ардақты азаматтарды, еңбек ардагері Ерболат Нысанбаевтай мақтаулылардың құрметіне көптеген спорттық сайыстар, бұқаралық мәдени шаралар ұйымдастырылды. Сондай жандармен қызметтес болған Меңзипа Дүйсенбайқызының қолтаңбасы аудан тарихында айшықты. Оның аудан әкімінің орынбасарлығына кіріскен кезі еліміз егемендігінің елең-алаңымен тұстас келді. Сондықтан небір ауыртпалықты жеңудің жауапкершілігі қандай зілдей болғаны мәлім. Міне, ол осындай сынақтан абыроймен өтіп, тәу етер тәуелсіздігімізді нығайтуға айтулы үлес қосқандардың қатарынан орын алды.

Аудан басшысы бүгінгі басқосу осындай құдіретті еңбекке тағзым болып табылатынын айта келіп, М. Жұматоваға арналған «Ғибрат» атты кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, мерейгердің иығына камзол жапты.

«…Ақ Жайығыма оралғалы Ақжайық ауданына талай бардым. Қанша шара өтсе, бәрінің басында Меңзипа жүрді. Қанша әкім өзгерді, бәрімен қызметтес болды. Қанша жыл өтті, қанша су ақты, бәрінде бір мінезден, бір қалыптан айнымаған қазақтың қарапайым қызы өз міндетін кіршіксіз атқарып, жылы жүрегін суытпай, өмір ағысында өз болмысын сақтап қызмет атқарды», – деген екен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева кітапқа енген пікірінде. Меңзипа Дүйсенбайқызының шәкірттерінің бірі Дана Дәулетова, сонымен қатар Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов, Сенат депутаты Нариман Төреғалиев, басқа да тілектес аға-апалар, ізінен ерген шәкірттерінің естеліктері, мақалалар енгізілген басылымдағы танымал тұлғалардың тұшымды ой-толғамдарынан, мерейтой иесінің атына айтылған жылы лебіздерден үзінділер келтіре отырып, жинаққа шолу жасады.

А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының 1980 жылғы түлегі М. Жұматова алдымен ұстаздық жұмысында адамның қос қанаты – білім мен тәжірибені ұштастырып, мектептердегі жауапты қызметтерде шыңдалды. 1996 жылы аудан әкімінің орынбасарлығы лауазымында оның сөзі мен ісінің бірлігі, ұйымдастырушылық қабілет-қарымы бірден-ақ сөзсіз көрінді. Аумағы Жайықтың қос жағалауына созылып жатқан үлкен ауданды өтпелі кезеңнің нағыз қиын шағында халықты келешекке иландыра білудің, сәл де болса қол жеткен жетістікті сақтаудың маңызы зор еді. Қайсыбір салада болмасын, алға ұмтылғанды медеп, тарығып қалғанды демеп, жылағанды жұбатып, уақытпен санаспауға тура келді. Меңзипа Дүйсенбайқызы осындай майданның ортасында жүрді.

Кеште Қазақстан халқы БҚО ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов мерейгерге облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұловтың және облыстық тілдерді дамыту басқармасының құттықтауын табыстай тұрып, осы туралы айтты. «Меңзипа замандасымды сонау сыныптас болған шағымыздан білемін. Студеттік шақта да, одан кейін де сыйласып, бірге жасасып келеміз. Бір қалыптан айнымаған құрдасыма зор денсаулық, әже бақытын тілеймін!», – деді ол. Сондай-ақ Тасқала ауданы әкімінің орынбасары Люция Жұбанышқалиева, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асыланбек Сарқұлов ыстық ықыластарын арнады. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әленғали Керейтегі, еңбек ардагерлері Ғилаж Лұқпанов, Нина Гузикова, ұстазы Любовь Мәжитова, ақын Сағынтай Бисенғалиев, «Нұр Отан» партиясы Орал қалалық филиалының кеңесшісі Біржан Кухаев Меңзипа Жұматованың елге жаққан қасиеттерін жан-жақты баяндады. Салтанат мінберінен айтылған сөздің бәрі еңбекті, кәсіби биіктікті, іске адалдықты ұлықтады.

– Менің хал-қадірімше жасаған еңбегімді бағалап, құрмет көрсеткен аудан басшылығына, уақытын бөліп, ізгі тілектерін арнаған баршаға отбасымның атынан алғыс айтамын. Осы күнге жеткенім атаанамның, ұстаздарымның, сіздердей тілекші жұртымның арқасы. Қызметтес Әлібек Сәтбаев, Абай Иманғалиев, Бағдат Мұхамбетқалиұлы, Хасен Жақауұлы, Көшерғали Макаров, Раиса Мұхитова, Әділгерей Қартжанов, Сайын Құбашұлы, Жұмайша Бисекешова сынды о дүниелік болған жандарды айтпай кетсем, арыма сын. Бүгін де ауданымызда келер күнге қарышты қадам жасалып, көптеген республикалық деңгейдегі шаралар ұйымдастырылып келеді. Күннен-күнге көркейіп келе жатқан ауылдарымыздың, аудан орталығының келбетіне ажар кіргізген сіздердей қолдаушы елдің келешегі әрине зор, – деді ағынан жарылған Меңзипа Дүйсенбайқызы.

Осындай кештің көрігін қыздырған Әнуар Нұрғалиев, Дәурен Ғилманов, Жаңылсын Хасанова, Данияр Елеуов, Сұңғат Жанаев, Сәуле Таудаева, Венера Нұрғалиева, Еркін Өтегенов, Жанбота Жәрдемова сынды белгілі сахна саңлақтары, «Сымбат» би тобы көрерменнің зор қошеметіне бөленді.

Бекболат ҚАЛЕНОВ,

Ақжайық ауданы


Қос бәйтерек

Күні: , 130 рет оқылды


Мағаз Бекқайыров пен Фазила Дүйсенғалиеваның отау құрғандарына бүгінде тура 60 жыл толып отыр. Гауһар той иелерінің екеуі де А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының түлектері.


Ең алғаш сабақ берген кезінде жүрексінуді тудырған алдындағы шәкірттері де дәл осы кезге дейін естерінен кеткен емес. «Мұғалім» дегеннің өзі ол кезде үлкен абырой, биік мәртебе болатын. Бекқайыр қарияның шаңырағындағы бұл мамандыққа деген сүйіспеншілік шөбере-шөпшектері арқылы жалғасып, күні бүгінге дейін үзілмей келеді.

Олар еңбек жолын Тайпақ ауданының Талап орта мектебінен бастады. Мағаз ағай мектепте оқу ісінің меңгерушісі, кейін директоры болды. 1966 жылы Зауральный сегіз жылдық мектебіне директор болып тағайындалды. Жұмысы көзге түсті. Жазғы үш айдың шуағын пайдаланып жаңа мектеп салу қажеттігі анық еді. Себебі, бұрынғы бөлімше орталығы Жанама кеңшар орталығына айналды. Сөйтіп, Зауральный сегіз жылдық мектебінің іргесі қаланды. Мектеп жаңа оқу құрал-жабдықтармен толықты. Жұмысты ұйымдастыру талабы қойылды. Директор қызметкерлермен тіл табысып, жақсы істің ұйытқысы болды. Осындай ұйымшылдықтың арқасында сол жылғы алғашқы сабақ жаңа мектепте басталды. Ұйымдастыру қабілеті зор, білікті қызметкерге сенім артқан аудан басшылары оны аудандық мәдениет бөліміне жетекші етіп тағайындады. Мағаз ағай аталмыш ауданның мәдениет бөлімін он жылдай басқарды. Мәдени шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрсеткіштер көші алға жылжыды. Ондаған ауылдық клуб үйлері өз жұмыстарын қайта құрды. «Толқын» вокальды ансамблі республикаға танылып, «Халықтық ансамбль» атағын иеленді. Аудан орталығы Калмыковта жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Оған қажетті сахна жабдықтарын Мәскеу қаласынан алу керек еді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Мағаз Бекқайыров пен мәдениет үйінің директоры Құбайдолла Хибашев үлкен қалаға аттанды. Сахна шымылдығы мен әртістердің әсем киімдері Мәскеу қаласының тігін шеберханасында дайындалды. Халықты тұрақты және жылжымалы кино қондырғылармен қамту сапасы артты. Дала қостарында жаңа көркем әдебиеттер саны өсті. Осындай жұмыстарға ұйытқы болған мәдениет жетекшісі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» атағы мен бірнеше медальдарға ие болды. Есімі ауданның «Құрмет кітабына» жазылды.

Мәкең әке болудың бақытын қатты сезінсе де өзгелерден жасқанып, сол бақытты қасына көп жақын қылуды мақсат етпепті. Әкелік жолы тек өзіне ғана тиесілі жайды, әлдебір қымбат қазынаны басына әкеліп үйе салғандай күй кешті. Әкелік сезімді меншіктеу бар да, соны өзгелердің мойындауы да қызық құбылыс. «Қарттың баласы ғой, бұл шіркіндерге бала қайда?» деген мүсіркеушілер мен жұбатушылардың сөзі де көңілге медеу екен. Фазила екеуі екі кемпірден қатты ығысып жүретін. «Анамыздың сағы сынбасыншы» деген сыйластық ауаны кейін бойларына сіңіп, ойларына қонақтап қалыпты. Қазақтың келіндері ұстанған ғажайып тірліктің жарқын көрінісі апайдың көкірегіне солай ұя салса, еңселі ердің жан-жақты бейнесі де Мәкеңнің азаматтық жолына жарасатын.

Апаның аналық жүрегі ұрпағына деген асқақ махаббат мейірімін молынан төгетін. Көкірек тұсы перзентінің жұпар иісін сезініп, оңашада құшарлана жұтса да, жұрт көзінше оған жүрексіне жақындайтын. Бірін – әке, бірін – ана атандырған нәзік сезім әуені жандарын тербесе де өзгеден жасқанудан, қымсынудан жаңылыс таппайтын. Сөйтіп жүріп, екі ұл, үш қыз өсірді. Ұрпақтары қанат жайды. Өздері ата-енелік жасқа жетсе де, жастықтағы сол жолдарын қарашықтай қастерлепті. Балаларын да осындай әдепке дағдыландырды. Алтын асықтай ұл-қыздарын бүгінде ел таниды. Тәуелсіз елдің болашағын үкілеп, оны алға апарудың жолдарын әр кез жадыларынан шығармайды. Бәрі де әр салада еңбек етуде. Сөйтіп, ата-ана үлгісі жалғасуда.

«Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, Мағаз ағамыз бен Фазила апамыздың тым жақын көретін шәкірттерінің бірі – Зияш Аманғалиева. Ол – ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ғ. Құрманғалиев атындағы дәстүрлі әншілер байқауының бірнеше дүркін жеңім-пазы, ән қанатының қарлығашы.

– Мен олардың алдында өмір бойы шәкірт болып қаламын. Бірі – мектепте сабақ берсе, бірі – өмірде, өнерде ұстаздық етті. Бірі – әліппені, әріптерді танытса, бірі – қуаныш пен қайғыны түсіндірді. Адамға адамша қараудың қарапайым ғана жолына үңілдірді. Сол шәкірттердің қатарында Жасталап Қуанғалиев, Сергей Айтмағамбетов, Көшерғали Макаров (марқұмдар), Кеңес Оспанов, Сырым Ержанов, Құбайдолла Хибашев, Гүлжан Жұмақаева, Қайырлы Құсайынов, Серік Бақманов, Сәуле Таудаева, Мәлік Берді-Әлі, Тілес Жазықбай, т.б. өз ұстаздарын естерінен шығармас, – дейді Зияш Шайқықызы. Жоғарыда аты аталғандардың қайқайсысы да ұстаз жолын көрді, оны өнеге етті. Бәрі де республикаға танылды, өнерлері өрге жүзді.

Мектепте сабақ берудің ізгі жолы мұғалімнің келбетін ашады. Қалай болғанда да ұстаз шәкірттен бір саты жоғары болғаны керек. Білімі, ішкі мәдениеті, киген киімі өзге де қырлары өзгеден озық тұрғанда ғана ұстаз тұлғасы биіктей береді. Ал, бұл қырлары ерлі-зайыпты мұғалімдердің бойынан молынан табылып жатты. «Ұстаз» деген сөздің ұлылығы да сонда. Осы жандардың шәкірті, бірнеше жыр кітаптарының авторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Мәлік Берді-Әлінің «Ұстаз» деген өлеңінде:

Ту етіп  тұлғасымен туралықты,

Тылсымнан тірлігіңді тұрған ұқты.

Тереңнен талып жеткен ой биігін,

Тербетіп тал бесікте бір қалыпты.

 Қашанда мықты екен-ау төзім деген,

Қалайша түсінбеппін кезінде мен.

 Қалтқысыз қабағыңда таңдар қалды,

 «Қамсыздың» қамын ойлап көз ілмеген, – деп ұстаз бен шәкірт арасын әп-әдемі суреттеген.

Фазила апамыз мектепте де, үйде де, қоғамдық орында да тынымсыз істердің басы-қасында жүрді. Қай жерде жүрсе де, сол жердің партия жетекшісі еді. Халық сайлаған Тайпақ аудандық депутаттар құрамында да көптеген жауапты істерге араласты. Әсіресе, оны ана мен бала жайы қатты толғандыратын. Өсер ұрпақтың қамы бос сөзбен бітпейтін.

Сөйтіп, бірнеше мектепте мұғалім болды. Ал мұғалімдік жұмыстың жауапкершілігін айтып ешкімді таңдандыра алмаспыз. Осындай қоғамдық істердегі ізі «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздік қызметкері» деген атаққа қол жеткізді. Республикалық газеттерде ол туралы мақалалар шықты. Облыстық ІІІ-ІV мұғалімдер съезіне делегат болып қатысты. Сөйтіп, еліміздің бірқатар марапаттауларын кеудесіне қадады, төрінде ілулі тұр. Дәл бүгінгі күні де, Орал қаласы ардагер ұстаздар кеңесінің мүшесі ретінде де көптеген игі істерге ұйытқы бол жұр.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі,

Ақжайық ауданы


Тарихи романның таныстырылымы

Күні: , 17 рет оқылды

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тілші, тележурналист, кинорежиссер, публицист Мұнайдар Балмолданың «Он төрт» атты тарихи романының таныстырылымы өтті. Автор және оның тілектестерін, барлық жиналғандарды аудан әкімі Әділ Жоламанов құттықтап, сөз сөйледі. Өткен ғасырдың 40-жылдары өңіріміздің Жалпақтал ауылында белсенді әрекет еткен, кейін аяусыз басып-жанышталған «Қазақ халқын қорғаушылар ұйымы» атты жасырын ұйым, оның басшысы Ғұбайдолла Әнесовтың ерлігі жайында жазылған бұл еңбек туралы бүкіл еліміз кеңінен хабардар болуда. М.Балмолда көркем образдар арқылы жастардың қайсарлығы мен төзімділігін, батырлығы мен батылдығын беруге тырысқан. Яғни, тарихи деректерге жан бітірді. Талай ит қорлықты бастан кешірген жалпақталдық жанкештілер түрме тозағын бастан кешірді. Қазақтың, оның жерінің еркіндігі үшін күрескендердің қаһармандығы, рухы ешқашан өшпейтінін жазушы осы романы арқылы тағы көз жеткізу үшін талай уақытын сарп етіп, азаматтық танытты. Осы жайында айта келіп, аудан басшысы «бұл ел оқуға тиіс құнды еңбек»,-деді.

Өз кезегінде сөз алған автор «Он төртке» толық шолу жасады. Сонау кездегі балаң жастардың жалындаған ұлттық рухынан қуат алғанын, еліміздің өткенін қадірлеу болашаққа сеніммен қадам болып табылатыны туралы баяндады. Белгілі қаламгер Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай онлайн арқылы кітапқа ақ жол тіледі. «Муза» шығармашыл оқырмандар отауының мүшелері, 5 сынып оқушысы Алина Муса, 7 сынып оқушысы Жанболат Нығыметуллин автордың өлеңдерін мәнерлеп оқыды, өлкетанушы, жидашы Бақтығали Қоспаев, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазыбек Құттымұратұлы, ардагер ұстаз Балым Хамзина қаламгердің ізденімпаз еңбегі жайында айтты.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика