Тег: ‘Қуандық   МӘДІР’


Орпада туған оғлан

Күні: , 83 рет оқылды

Табылды Мұқат 1947 жылы Атырау облысының Исатай ауданында туған. ҚР (КСРО)  Суретшілер одағының мүшесі (1979 ж.), Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін (1968 ж.), Украинадағы И. Федоров атындағы полиграфия институтын (1973 ж.) суретші-график мамандығы бойынша бітірген. Бүкілодақтық кітап конкурсында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталған (1976 ж.), Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, ЮНЕСКО алтын медалінің иегері. Үш перзенті бар.

Сары дала төсіндегі күре жолмен аракідік сарнап, будақ-будақ түтінін әлсін-әлсін жарып өтіп, жолаушы пойызы зулап келеді. Алатау баурайынан шыққалы екі тәулік өтсе де, жанымдағы сапарлас ағам, сөзге сараңдау әдеткі қалпымен, қойған сауалға ғана жауап беріп, далиған маңғаз далаға қарап, тұңғиық ой құшағына сүңгіп үнсіз қала  береді…

Жастайынан еңбекке араласып, нәпақа айырған Мұқат әкей кеңшардағы малшы-шопандар жайлауға көшіп келгенше оларға құдық қазып дайындап қоюшы еді.  Енді, міне, өмір бойы істеген қара жұмыс қажытқан болар, сырқаттанып жатып қала беретінді  шығарды.

Новобогаттағы мектеп-интернатты 1964 жылы бітірген бозбала Табылды бір-екі жыл шопан болып еңбек етуді ұйғарды. Мал төлдетіп, қой қырқып, жазғытұрым Нарын, Мыңтөбе етегіндегі Орпа, Қаштай арасындағы шөбі шүйгін жерлерге жайлауға көшіп, кеңшардың қойын жаяды. Аралары екі жүз шақырымдай Каспий жағасындағы Қарақамыстың Шәлігінде қыстақта болатын шопандар тірлігі жылда  осылай  қайталана  беретін.

Қой бағудың қыр-сырына кәдімгідей қанығып қалған жас жігіт оқып білім алсам деген арманынан еш айнымады. Бір күні Новобогатқа барып, директор Есқали Есенғалиев пен ферма меңгерушісі Дәулет ағалар отыратын кеңшар кеңсесіне имене кіріп, мән-жайды түсіндірді.  Мұқият тыңдап алған басшылар талаптанған жастың бетін қайтармай, «Иә, оқығаның жөн шығар, айналайын, жолың оңынан болсын», – деп ақ баталарын  берген-ді.

Тез арада бар құжаттарды түгендеп, алып-ұшқан көңілі оны айдау жолға шығарды. Бір үрей, бір қуаныштан жүрегі дүрсілдеп, жол бойында біраз тұрды. Тоқтаған машинаның жүк қорабына қарғып  мінгені  есінде.

Гурьев теміржолында Ахмет ағасы бөлім бастығы болатын, Табылды бірден сол кісінің үйіне барды. Ол Алматыға іссапарға жиналып жатыр екен, бірге алып кететінін айтты. Бойды өрекпіген сезім билеп, ертесіне арман қалаға бағыт алған пойызға отырғаны сол еді, алтын балалық шағы, тап бүгінгідей, кино пленкасындай тізбектеліп, көз алдынан өтті де жатты…

Ұзақ ойланып, толғанып қылқалам шебері боламын деп шешкен ол үш тәулік жолды артқа тастап, Алматыға да келді.

Ертесіне суретшілер дайындайтын оқу орнын ұзақ іздеді, тек түс ауа «Н. Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі» деген жазуы бар ғимаратқа бас сұқты. Дәліз қабырғасында сан түрлі пейзаж туындылары мен тұрмыста қолданылатын заттар бейнелері салынған картиналар және олардың кезеңдік салу жолдары көрсетілген тақталарды қарап келе жатып,  арасындағы  хабарландыруға көзі түсті, онда: «Құрметті жас талапкерлер! Қабылдау емтиханынан сәтті өтіп, оқуға түскен барлық талапкерлерді құттықтаймыз…» – деп әдемі қаріптермен өрнектеп жазылыпты.

Жүрегі зу ете қалған Табылды, өз көзіне өзі сенбей, сәл есеңгіреп барып, есін жиды. Ұзын дәліздің шетіндегі қабылдау бөлмесін төңіректеп ұзақ жүрді. Жұмыс аяғы жақын кез еді, адамдар сәл саябырси бастаған сәтті пайдаланып, қол-аяғының дірілін әрең басып, училище директорының есігін қақты. Басшының өзі орнынан тұрып, есік ашып, бұған ішке кіруін өтінді. Қырыққа таяп қалған көркі келісті азамат, туған бауырын көргендей жылы шырай қабақ танытып, балаң жігіттің бұйымтайын асықпай тыңдады. Бар ынтасымен суретші боламын деген талпынысына разы болған ұстаз оның ауылдан өзімен бірге ала келген суреттерін парақтай бастады да, ұзақ ойланып отырып қалды. Сәлден соң қарындаш ұсынып, «өз ойыңнан еркін суреттер салып көрші», – деп алдына ақ парақты жайды. Әжесінің айтқан әңгімелері құлағында қалған талапкер құмды ауыл тірлігінен көзтаныс көріністерді лезде өрнектей қойды. Талабының таудай екенін байқаған ұстаз сәл үнсіздіктен соң: «Дарының бар екен, сені жоғары жаққа хабарласып, қалай да оқуға қабылдатуға тырысамын», – деді. Қапелімде не дерін білмеген балаң жігіт қуаныштан орнынан атып тұрып, бөлмеден шыға жөнелді. Тіпті алғыс айтуды да ұмытқан. Орпада туған оғлан осылай оқуға қабылданды…

Табылды тағдырының қалыптасуына атсалысқан ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, КСРО Суретшілер одағының мүшесі Ақырап Жұбанов  екен.

*   *   *

1966 жылы оқуға түскен дарынды жастардың бақытына орай КСРО Мәдениет министрлігінің Қазақстан жас суретшілерінің бірінші республикалық көрмесін өткізу туралы шешімі шығып, ол елдегі бейнелеу өнерінің дамуына серпін берді. Училищеде дәріс берген Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері М. Қалымов,  В. Лебедев секілді ұстаздарынан бөлек, осы кезеңдегі қазақ бейнелеу өнерінің келбетін айшықтаған С. Айтбаев, Ш. Сариев, Е. Сидоркин, Ә. Жүсіпов, М. Қисамединов, Б. Табиев, Т. Тоғысбаевтардың жұмыстарындағы декоративизм, ұлттық қолтаңба бағыттары ізденімпаз жастарға үлкен үлгі болды. Өйткені ұлттық өнерге, біріншіден, ұлттық тұрмыс сюжеттері  жақындатса, екіншіден, бейнелеу тілі тәсілдеріне еркіндік беріліп, ұлттық болмыстың жаңа бейнесін қалыптастырып, өзгеше реңдік қатынастар  табуға  жол  ашылды.

Осы мүмкіндіктерді мәнді пайдалана білген Табылды өнері қарқынды да жемісті басталды. Пластикалық стилі жүйеленіп, ұнамды тақырып ауқымы ұлғайып, ағымдары анықталды. Жас суретшінің диапазоны кеңіп, тарихи картиналар мен пейзаждар, портреттер, жанрлық көріністер жазды, кітап көркемдеу ісіне – станоктік графикаға қызығушылығы артты.

Училищені ойдағыдай тәмамдаған Табылды Мұқат Украинаның Львов қаласындағы полиграфиялық институтына түседі. Онда Кабардин Балқар елінің тумасы Владимир Овчинниковтен дәріс алып, графика саласының қыр-сырына қанықты.

Институтты бітіріп келген жас маман «Жазушы» баспасына көркемдеуші редактор болып орналасты. Өз саласының шеберлері, майталман график-суретшілер Кәрім Бекенов, Исатай Исабаев, Бақыт Машраповтармен қоян-қолтық қызмет істей жүріп, 500-ден астам кітапты иллюстрациялық суреттерімен көркемдеді. Ығылман Шөрековтың «Исатай-Махамбет» дастанындағы батыр бабаларымыздың образдық кейпін ашуға мықтап тер төкті. Махамбеттің «Жыр-семсер» кітабы мен «Ереуіл атқа ер салмай» атты жыр жинақтарындағы суреттері де өте жоғары дәрежеде бағаланып,  үлкен  абырой  әперді.

ЮНЕСКО деңгейінде атап өтілген Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай  «Жазушы» баспасынан ақынның өлеңдер жинағы жарық көрді. Ерекше шыққан осынау кітапқа Тәкең өзі ойлап тапқан «Құм жазуы» қарпімен 79 өлеңді қолмен жазып енгізді. Сол еңбегі үшін суретшіге Махамбет атындағы сыйлық берілді. Бұдан бөлек Дүниежүзілік, Бүкілодақтық, Орта Азиялық байқауларда жүлделі орындар алған Табылды туындылары Англия, Германия, Дания, Канада, Франция және т. б. елдердің жеке жинақтаушылар қорында сақтаулы.

«Табылды Мұқат – кітаптарды көркемдеу кезінде ешқашан әдебиет желісіне ілеспеуге тырысты, керісінше, оның шарықтау сәттері мен шырқау биігіне, мағыналық жағындағы негізгі ойға және эмоционалдық іс-қимылдар шоғырланған кейіпкерлердің кескіндеріне аса көңіл бөлді. Бір тақырыпқа екі қайталап оралғанда да олар бірін-бірі қайталамайды, бір-біріне ұқсамайды. Кітап безендіруде суретші кітапты ерекше көркемдік нысаны ретінде жасап шығарудың өзіндік жолын іздейді. Мұнымен ол сызба мен суреттің ерекше көркемдік-полиграфиялық табиғатын бекітті. Кітаптың рухы, оның эмоционалдық толықтығы көп жағдайда көркемдік безендірудің сапасына тікелей байланысты», – депті мәдениеттанушы Баян Алдабергенова Тәкеңнің альбом-каталогына  жазған  алғы  сөзінде.

«Бір қиындықтың да бір жақсылығы болады» демекші, тоқсаныншы жылдардағы аласапыран баспа ісіне де өз залалын тигізбей қойған жоқ. Жоспармен шығатын кітаптар таралымы күрт азайды, баспалар жабылудың аз-ақ алдында тұрды. Осы «мүмкіндікті» шебер пайдаланған Табылды көптен қолға алсам деген ойларын жүзеге асырып, өзіндік мәнері бар кескіндемелік картиналар жазуды қолға алды.

Болгария астанасы София қаласында графикалық туындыларының жеке көрмесін табыспен өткізіп, ауыл тұрмысын арқау еткен шығармалардың бірінен соң бірін өмірге келтірген Тәкең майлы бояумен салған жеке топтамасын Кино үйінде, келесі жылы Түрік елшілігі ғимаратында, Ғалымдар үйінде ашты. Елу, алпыс жылдық мерейжасына орай Ә. Қастеев атындағы өнер музейінде, Елордадағы Қазіргі заман  мұражайында дербес көрмелері өтіп, оған жүзден астам кескіндемелік жұмыстары мен графикалық  туындылары  қойылды.

Суретші шығармашылығын зерделеп жүрген өнертанушы Сәуле Бекқұлова: «Кескіндемеші, график Табылды Мұқаттың жасаған көркем дүниелері Қазақстанның рухани байлығынан лайықты орнын алады. Оның көтерген тақырыптарының көкжиегі кең, бүкіл адами асыл қасиеттерді алтын өзегіне айналдырғандай айдынды, айбынды бола тұра, осы идеялардың барлығын қылқалам иесі туған жер арқылы, соған байланыстыра көтереді…» — дейді.

Иә, расында да, құм етегіндегі елеусіз ауыл тірлігін төрткүл дүниеге паш еткен Табылдының «Ат үйретуші», «Әже», «Батырлық дастан», «Беу, балалық», «Майқаңбақ», «Жыршы», «Жусаған жылқылар», «Қайран Нарын», «Қараша інгенді сауу», «Құмдағы құдық», «Сағым», «Суат басында», «Орпа ауылы», «Шағылдағы бәйге» және т. б. көптеген картиналарын көргенде «…Менің – Меккем – Қошалақ, ескі мекен, сары жұрт. Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып, …ең тұрлаулы махаббат, Сені, сені сағынам, Қошалағым, о менің қасиетті Қағбам!» – деп жырлаған Жұмекен өлеңдері  еске  түседі.

Шығармаларында да пендешіліктен ада, Табылды ағаның құм мінезді жаратылысында да жалпы ұқсастық, жалқы  үндестік бар-ау…

Қуандық   МӘДІР,

БҚМУ-дың  қауымдастырылған  профессоры,

Қазақстан  Суретшілер одағының  және Еуразиялық  Дизайнерлер одағының мүшесі,

ҚР Мәдениет саласының үздігі, композитор, өнертанушы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика