Тег: ‘Қазталов  ауданы’


Көп балалы отбасыға көмек

Күні: , 41 рет оқылды

Қайырымдылық айлығы аясында Қазталов ауданы орталығындағы  А. Оразбаева атындағы білім ошағының 1998 жылғы түлектері 7 бала тәрбиелеп отырған Мирас Меңдіғұлов пен Райхан Діленованың отбасына көмек қолын созып, үйлеріне таза ауыз су құбырын тартып, көгілдір отын кіргізіп берді.

Екі жыл бұрын шағын үй салған жас отбасы биылғы тамыз айында жағдайларын айтып, аудан әкімі Абат Шыныбековтің қабылдауына барған екен. Бұл мәселеден құлағдар болған ауыл тұрғыны Сабыржан Ізбасаров оларға көмек қолын созуды ниет етіпті.

– Шиеттей жеті бала өсіп келе жатқан бұл үйде көгілдір отын мен су болмай, отбасының қиындық кешіп жүргенін естігеннен кейін жан-жақта жүрген сыныптастарыма хабарласып, қолұшын созу туралы ұсыныс тастадым. Құрдастарым бірден қолдап, жинаған 200 мың теңгеге Мирастың шаңырағына көгілдір отын мен таза ауыз су тарту жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса  4 жақпалы газ плитасын сатып алып бердік. Осы жұмыстарды атқаруда белсенділік танытқан аудандық газ шаруашылығы мекемесіне алғысым шексіз, – деді ол бізбен әңгімесінде.

Үй иелері Мирас пен Райхан қиын шақта қолдау білдірген аудан басшысына, ауыл мектебінің түлектеріне рақметтерін жаудырып, жомарт жандардың дендеріне  саулық, еңбектеріне табыс, отбасыларына баянды бақыт тілейтіндерін жеткізді.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы


Бензин бағасы түсті, ТАКСИ НЕГЕ ҚЫМБАТ?

Күні: , 54 рет оқылды

Жуырда ауданымыз бойынша бензин бағасы арзандап, қуанып қалдық. Көпшілік аутокөліктің тұтынатын АИ-92 маркалы жанар-жағармай бағасы Қазталов ауданы орталығында  бірден 180 теңгеден 155 теңгеге төмендеді. Бірақ бұл қуанышымыз көпке  созылған жоқ. Оған себеп – Орал мен аудан орталығына қатынайтын такси бағасының 2500 теңгеден 3000-ға көтерілуі. Әншейінде жалақы мен жанар-жағармай өсе қалса, бағасын өсіре қоятын такси қызметі нарықта өзгеріс бола тұра, тарифтерін түсірмей, керісінше, көтеріп отырғаны тұрғындар арасында наразылық туғызуда.

Бүгінгі күні Қазталов – Орал аралығына қатынайтын жеке таксилердің құны – 3000 теңге, ал Жалпақтал – Орал арасы – 2500 теңге. Бұл бағаны оларға ешкім шегелеп тұрып, бекітіп берген жоқ, әрине. Десек те, бұл – такси жүргізушілердің өзара анықтап, келісіп алған ортақ бағасы. Ал осы екі араға қатынайтын аутобустың құны – 1350-1500 теңге. Дегенмен Қазталов бағытындағы 20 орындық аутобустың соңғы кездері жүруінен тұруы көбейіп кетті. Тіпті бір айға жуық мүлдем жүрмей қалғаны да рас. Сондай-ақ бұл аутобустар тұрғындарды толықтай қамти алмайды. Билетті ертемен барып алмасаңыз, құр қалатыныңыз  тағы  бар.

Осы мәселеге тікелей қатысы бар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан  Ислямовқа  жолыққан  едік.

– Жақында облыс орталығы мен аудан орталығына қатынайтын аутобус жөндеуге тұрып қалғанын пайдаланған такси қызметіндегілер жолақысын көтеріп жіберді. Бұл – олардың жеке шешімі. Бізбен ақылдасып жатқан ешкім жоқ. Тіпті такси қызметіне арнайы патент алмай жүргендері біршама, –  дейді  бөлім  басшысы.

Әрине, жоғарыдағы пікірлерді ескерсек, такси қызметіндегілердің жолақыны көтерулері жөнсіз. Бұрынғыдай Чапаев ауылына дейін шоқалақ, жайсыз жолдың асфальт жолмен жабдықталып жатқанын да алға тартуға болады. Жолаушы тасымалымен айналысып жүрген ауыл тұрғыны Мерген Малаховты әңгімеге тарттық.

– Біз өткен жылдың 21 ақпан күні өзара келісу арқылы Қазталов – Орал бағытындағы жолақыны 2500-ден 3000 теңгеге көтердік. Бұдан кейін биылғы жылы жаз айларында балалар мен студенттердің ауыл мен қалаға қатынауына жеңілдік ретінде қайтадан 2500 теңгеге түсірген болатынбыз.

Ал қазіргі күндегі нарықтық жағдайда азық-түлік, киім, құрылыс материалдары күннен-күнге қымбаттап жатыр. Ал көліктің қосалқы бөлшектері 2,8 пайызға дейін шарықтап кетті. Біз де такси қызметінде еріккен жағдайдан жүргеніміз жоқ қой. Жанұямызды асырау үшін жұмыс істейміз. Сол себептен жолақысын 3000 теңгеге  қайтадан  көтердік, – дейді  ол.

Такси қызметінде жүрген азаматтарды кінәлаудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, олардың қарапайым халықтың қалтасына тым қатты салмақ сала беруге болмайтынын  ескергені  абзал.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы


«Журналистің абырой-беделі биікте тұруы қажет»

Күні: , 210 рет оқылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарын насихаттау мақсатында «Жайық Пресс» медиахолдингі облыс көлемінде ұйымдастырған «Туған жер» этно-мәдени жобасы  8 қазан күні Қазталов ауданынан бастау алды.

Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов бастаған топ құрамында «Ана тілі» газетінің бас редакторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Жанарбек Әшімжан, облыстық «Орал өңірі» мен «Приуралье» және он бір аудандық газеттің бас редакторлары, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістері болды.

Медиахолдинг жанынан құрылған Бас редакторлар клубының көшпелі жиынының алғашқы отырысында облыстық және аудандық басылым басшылары бүгінгі таңдағы газеттің бет-бейнесі мен келешегі туралы еркін пікір алмасып, өңірлік журналистиканың жетістіктері мен қордаланған мәселелерін ортаға салды.

Жоба аясында ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан шеберлік сағатын өткізді.

– Ел мықты болу үшін  оның жаңалық жаршылары мықты болуы керек. Мен  алғашқы еңбек жолымды 1-курста оқып жүргенде, журналистің  беделі  «аһ» ұрып тұрған кезде  бастаған  болатынмын.  Ол кезде  тілшілердің беделі өте жоғары болатын. Қазір тілшілерді кез келген шараға «қолшоқпар» қылу әдетке айналған. Бұған көз жұмып қарауға болмайды. Өз тілшілеріміздің беделін өзіміз жоғары ұстауымыз қажет. Журналистер ешбір мемлекеттік бағдарламаға енбейді, мемлекеттен қолдау алмайды. Аудандық газеттерде тілшілердің жетіспеушілігі осыдан туындайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда  әлеуметтік  желіде ой-пікірлерімен бөлісіп, халық арасына танымал бола бастаған блогерлердің  дәрежесін  журналиспен теңестіру мәселесі жиі көтерілуде. Журналистің абырой-беделі әрқашан биікте тұруы қажет.

Журналист мақала жазу барысында ақпаратты аяқтай барып алғаны жөн. Қазіргі ғаламтор жүйесі дамыған уақытта біраз журналист мәліметті оңай жолмен алуға бейім болып кетті. Яғни оның бұрыс-дұрысын көзбен көріп, тексеру аз. Бұл дегеніміз, жауапкершіліктің жеткіліксіздігі немесе  тілшінің  «желкесінің қыры» жібермеуі деп санаймын. Мен өз тәжірибемде тілшілерімді  тиісті  ақпарат алу үшін жіберіп отырамын. Мысалы, бір тілшімді тұрмыс деңгейі жоғары ауылға жіберсем, екіншісін, керісінше, тұрмыс-тіршілігі кенжелеп қалған ауылға жіберіп, екеуінен де жауап күтемін.  Сонда қағаздағы мәлімет пен көзбен көргеннің айырмашылығы бек айқын болады.

Сондай-ақ  электронды  поштаға хаттар мен мақалалар жиі түсіп жатады. Әсіресе, дін тақырыбында. Бұл Қазақстанда діни ахуал көңіл қуантарлық емес екенін көрсетеді. Ұлттың үнпарағы болғандықтан,  мен  арнайы мамандардың көмегімен мақалаларды іріктеуден өткізіп аламын. Мұндай тәжірибе кез келген газетте қолданылуы қажет деп ойлаймын, – деді белгілі ақын, қарымды журналист Жанарбек Әшімжан.

Бас редакторлар клубының көшпелі жиынымен Қазталов орта мектебінде 7-11-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған шығармалар байқауы орайлас келді. Байқауда аудан мектептерінен жиылған 75 оқушы бақ сынады. «Жайық Пресс» медиахолдингі бас директорының кеңесшісі Нұрсұлтан Мықтыбай шығармалар байқауына қатысушылардың жетекшілерімен кездесіп, «Өрімтал» облыстық жас тілшілер фестиваліне іріктеу кезеңі туралы кеңінен әңгімеледі.

«Туған жер» этно-мәдени жобасы аясындағы шаралар түстен кейін өз жалғасын тапты. «Рухани жаңғыру»  кеңсесінде болып, ақсақалдармен, жастармен жүздескен жаңалық жаршылары аудандағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысып,  көрмені тамашалады.

– Газет – сіздерге берілетін пікірталас алаңы. Нарық заманына сай газет те тауар сияқты. Сіздерге сапалы тауар ұсынуға тиіспіз. Ол үшін жалпы оқырмандарымыздың жаңаша ойлары, сын-пікірлері ауадай қажет. Сол себепті біздің нағыз оқырмандарымыз, сыншыларымыз өздеріңіз. Газеттің сапалы шығуына қатысты ұсыныс-пікірлеріңіз, бізге қояр сұрақтарыңыз болса, тыңдауға әзірміз, – деді «Жайық Пресс» медиахолдингінің  бас директоры Рауан Сәбитұлы.

«Орал өңірі» газетінің тілшісі Есенжол Қыстаубаев газет саласындағы  көкейкесті мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті. Қошанкөл, Көктерек ауылдық округтерінің ардагерлері Меңдіхан Халықұлы мен Теміржан  Қажығалиев  басылымдағы мақалалар туралы ойларын айтса, Мұнайдар  Карин, Болат Бекешов сынды ақсақалдарымыз Еділбай сорының емдік қасиеті жөнінде ұсыныстарын жеткізді.  Жаңажол ауылдық округінің бастауыш  ардагерлер ұйымының төрағасы Нағым Ризуанов: «Орал өңірі» облыстық газеті жылдан-жылға жаңарып келеді. Есенжол інім – 41 жылдан бері облыстық газетте қызмет атқарып,   халықтың мұң-мұқтажын жазып, ардагерлерге арнайы бет те әзірлеп жүрген бірден-бір журналист. Сіздермен жүздескенімізге қуаныштымыз», – деп ризашылығын білдірсе, басқа да ардагерлер басылым беттерінде  қарапайым еңбек адамдары, ауыл-ел өмірі туралы және тарихи тақырыптағы мақалалар көбірек жарыққа шықса деген бұйымтайларын бүгіп қалмады.

«Орал өңірі» облыстық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин 150 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған Алма Оразбаева атындағы жалпы білім беретін орта мектеп ұжымымен кездесті. Әр түрлі тақырыпта әңгіме қозғалып, ұстаздар қауымын мазалап жүрген сұрақтарға жауаптар берілді. Осындай кездесу аудандық орталық ауруханада да өтті. Аурухана ұжымымен облыстық «Приуралье» газетінің бас редакторы Роза Сыйықова кездесті. Роза Сыйықова биыл алғашқы саны шыға бастағанына 101 жыл толған басылымдағы дәуір талабына сай серпіліс, жаңа бастамалар жайында кеңінен баяндады. Дәрігерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.

Шаралар легі аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты кешпен қорытындыланды. Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова Рауан Сәбитұлы бастаған топқа қазталовтықтар атынан алғыс айтып, «Ана тілі»  газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанға аудан әкімінің алғысхаты мен естелік сыйлық табыс етті. Кеш облыстық филармония әншілерінің мерекелік  концертімен  жалғасты.

«Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Рауан Сәбитов кезекті баспасөзге жазылу науқанында белсенділік танытып, «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне жанашырлық танытып жүрген округ әкімдері мен мекеме басшыларына арнайы алғысхаттар, қолдау көрсеткен бір топ кәсіпкерге медиахолдингтің атынан сертификат табыстады.

Облыстық және аудандық басылымдарды оқырманға уақтылы жеткізудегі еңбегі үшін аудандық «Қазпошта» бөлімінің газет таратушы қызметкері де елеусіз қалған  жоқ.

Басылымдардың сапалы әрі мазмұнды шығуына сүбелі үлес қосып, өзіндік ойларымен басылым бетінде бөлісіп жүрген авторларға «Ауыл айнасы» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі, тұшымды мақалалары газет бетінде жиі жарияланып жүрген бір топ оқушыға «Ауыл айнасы» газетінің жас тілшісі» куәлігі табысталды.

Кеш барысында Қазталов ауданы бойынша «Ғажайып өлке» шығармалар байқауына қатысқан 75 оқушының арасынан әділқазылар алқасы үш оқушыны жеңімпаз деп танып, оларға қараша айының соңында Орал қаласында өтетін «Өрімтал» облыстық жас тілшілердің фестиваліне жолдамалар берілді. Облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Ауыл айнасы» газеттеріне іс жүзінде қолдау танытқан тұрақты оқырмандар жаңа 2019 жылға газетке жазылуды осы жерден бастап кетті.

Жұлдыз АСҚАР,

Қазталов ауданы


Ұлым, сені іздеп келдім…

Күні: , 124 рет оқылды

(«Еріксіз  Ерік  еліне  орала ма?»  атты  деректі  мақалаға  орай  жазылған  әңгіме)

Жеңіл көліктен түсіп, зәулім ғимараттың ішіне кірді. Қабылдау бөлмесіндегі  хатшы  қыз:

– Сәлеметсіз бе, Назым Қадеровна! – деп иіліп сәлем берді.

Жұмыс бөлмесіндегі орнына отырып, алдындағы қағаздарға көз жіберіп еді, үйіліп қалған екен.

Бір жұмадай оңтүстік облыстарда іссапарда болғанда фирмаға қатысты шаруалар шаш-етектен болғаны көрініп тұр. Сол іссапарда болған түрлі кездесулер және өзінің сол өңірде орналасқан фирма бөлімшелерін аралап, шарашағандықтан ба, бірден қызметке кірісіп кетуге зауқы соқпады. Орнынан тұрып теледидарды қосты. Соңғы жаңалықтарды беріп жатыр екен. Жүргізуші Астанада өтіп жатқан Сирия келіссөзінің нәтижесін айта келіп, алып құрлықта өмір сүріп жатқан қазақ балалары туралы арнайы хабарды көруді ұсынды. Қазақтың жап-жас қызы мұхиттың ар жағындағы елден хабарын жүргізуді бастады. – Біз қазір сонау 2000 жылдары америкалық отбасы Аллен мен Паула асырап алған қазақ баласы Еріктің, бүгінгі күнде Эриктің шаңырағында тұрмыз. Бұл күнде жасы 18-ге келген Ерік Вирджиния штатындағы Арлингтон қаласында тұрады. Ерік, айтшы, Қазақстан деген елді  білесің  бе?..

Назымның басы айналып, көзінің алдын тұман басты. Жүрек аласұра соқты. Журналист қыздың дауысы алыстан естілгендей… Иә, сол. Бетінің оң жағындағы кішкентай меңі де сол қалпында. Ағылшынша бірдемелер айтып жатыр… Талып жеткен үні Назымның жүрегіне ине болып шаншылып жатқандай… Жүрегі бұрынғыдан да қатты соғып кеткендей болды. Бойынан бір найзағай оты жүріп өтіп, жүрегіне тұрып қалғандай… Ол от шарпи жанып, енді-енді жарылардай…

– Назым Қадеровна, қабылдау бөлмесіне адамдар келіп тұр, рұқсат па?

– Жап  есікті! Ешкімді қабылдамаймын.  Бұрын бастығының бұндай мінезін байқамаған хатшы қыз түсінбей есікті тез жапты. Теледидарды өшіріп тастады. Әрі қарай қарайтын Назымда күш жоқ еді. Аз-кем отырып, графиннен су ішті. Өзіне-өзі келгендей болды.

Терезеге қарады. Астананың зәулім-зәулім үйлері. Арқан бойы көтерілген күн нұрымен сұлулана түскендей. Көз алдына осыдан  18 жыл бұрынғы оқиғалар кино лентасындай тізбектеле бастады…

Алыс ауданнан қалаға арман қуып келді. Арманы орындалып, жоғары оқу орнына қабылданды. Өзіндей ылғи жастар. Алатаудың етегіне орналасқан қала да сұлу, жастары 20-ға толмаған бұлар да сұлу. Сабақтан бос уа-қыттарында түрлі кештерге барады. Басқа оқу орнындағы өздеріндей құрбыларымен де танысу көбейді. Бұлар да, олар да бірін-бірін шақырып, уақыттарын көңілді өткізеді. Күндер өзінің қуанышымен өтіп жатты. Иә, сол бір күн… Сол күні жатақханада бір бөлмеде жататын Анар құр-бысының туған күнін атап өтті. Туған күн қожайындары жалдаған пәтерде болып еді. Дастарқан басына жиналған он шақты жастың ішінде Назым танымайтын қонақтар бар болатын. Тілектер айтылып жатыр… Биге де, әнге де кезек берілуде. Кезекті бір тілекті Анардың ауылдасымын деп өзін таныстырған аққұба жүзді, бетінің оң жағында меңі бар Жарқын деген жігіт бастады. Ақ тілегін жеткізе келіп, ол барлығына арнап домбырамен ән орындайтынын жеткізді. Барлығы қолдай кетті. Домбыра үніне қосылған қоңыр дауыс дастарқан басындағылардың жүректерін баурай бастады…

… Әппақ  ай  төгіп жарық  шұғыласын,

Қанатын  жайды  іңірге түн  ұласып.

Мойылдай  жанарларың мөлт-мөлт  етіп,

Сендім  деп  құшағыма тығыласың!..

Әдемі ән Назымды осы бір аққұба жігітпен бірге беймәлім арал-дарға алып бара жатқандай… Жүрек түкпірінде бір шоқ сезім пайда болып, ол жалындағандай. Жанары мөлт-мөлт етіп, оның құшағына тығылғандай… Ән аяқталды. — Жарқын, тағы бір ән, тағы бір ән! – деп дастарқан басын у-шуға толтырған дауыстар. Бұдан кейін де Жарқын бірнеше ән орындап берді. Сол күні Назым Жарқынмен танысты. Әні де ұнады, өзі де ұнады. Политехта оқиды екен. Махаббат деген ұлы сезімнің хауызы ашылған қыздың бойын бақыт билеп алған еді. Осындай сезімдер жетегінде Алматының әсем кештерінде ұзақ қыдыратын, еркін сырласатын… Ақыры сезім жеңді. Бірінші курсты аяқтап, ауылға демалысқа қайтар кезде Назым өзінің жүрегі құлай сүйген Жарқынның  сезіміне қарсылық  білдіре алмады… Бұл қателік емес те еді. Өйткені екеуі де мәңгі бірге болатынына сенді. Бірақ бақыттың да өзіндік өлшеулі ғұмыры болатынын екеуі де білмепті. Жарқын ауылына бара жатқанда көлік апатынан қаза тапты. Құрбыларымен бірге Жарқынды ақтық сапарға шығарып салуға барды. Қоштасуда бетін ашқанда оның жансыз аққұба жүзінен, – Назым, кешір мені, асқақ арманға бірге ұшып бара алмадық… – деген  ойды  көргендей  болды.

Сол бір қаралы күннен кейін екі айдай уақыт өткенде, Назым бойындағы өзгерісті сезді. Дәрігерге қаралғанда Жарқыннан белгі қалғанын білді. Алғашқы ақ махаббатынан қалған айғаққа қуанды да, қиналды да. Қиналғаны – өз ата-анасының бейхабарлығы, Жарқынның ата-анасының мұны танымайтындығы… Екі ұдайы сезімде қалды. Ата-анасына айта алмады.

Ақырында қасындағы құрбыларының ақылына тоқталды. Иә, бұл өмірлік өкініш болып қалатынын Назым жастықпен сезбеді. Уақыт жетіп, ұл бала дүниеге келді. Перзентхана медбикесі ұлын алғаш емізуге алып келгенде, ұлының бетінің оң жағындағы меңін байқады. Жарқынның аққұба жүзі елестеп кетті… Өзіне айтылар барлық ғайбат сөздерді ысырып қойып, сәбиін ешкімге  бергісі  келмейтін  ой  келді…

– Өмір алда, әлі талай Жарқындай жігіттер кездеседі, тапсыр, тапсыр! – деген құрбыларының дауыстары да құлағына жеткендей болды… Кеудесінде екі  ой тайталасты. Ақыры соңғысы жеңді.

– Қарағым, бұл қателікті орнына қайтып келтіре алмассың, – деген қарт дәрІгердің сөзін естігенде, қолындағы қолхатты жыртып жіберіп, ұйықтап жатқан сәбиіне қайта жүгіргісі келді. Бірақ ұлы қалған палатаға жүгіре алмады, қос жанары жасқа толып, сыртқа жүгірді… Кешір, ұлым, кешір!..

Өмір өз ағынымен ағады. Оқуды бітіру, қызметке тұру, лауазым, жоғарылау, атақ-даңқ, бизнес… Жанына қаншама Жарқындай азаматтар кездезсе де, біреуге жар болу бақыты бұйырмады. Мүмкін бейкүнә сәбидің обалы болар, мүмкін өзінің күші жетпеген тоқтамның кесапаты болар… Мүмкін, бәрі мүмкін… Осы ағыммен өтіп жатқан уақытта, әсіре-се, оңаша қалған сәттерде ұлы елестейтін… Омырау іздеген сәті келетін… Бойын өксік қысатын… Әлі есінде, бір жылдан кейін перзентханаға барды. Ұлының хабарын білу үшін дәрігерге жолықты. – Сен өз ықтиярыңмен бас тартқаның туралы қолхат бергеннен кейін бала заңды түрде сенікі болып табылмайды. Ал қазіргі дерегі құпия сақталады, – деген жауапты естіді.

Он сегіз жыл бойы жүрегінің түкпірінде осы бір шемен болып қатып жүрген шындық бүгін ашылды. Мына жарық дүниеге өзі әкелген ұлы тірі. Америкада.

Арманда кеткен Жарқынның жалғыз тұяғы – алып елдің азаматы. Назымның жүрегін суық нәрсе қарып өткендей болды. Оған мына лауазым, мына бизнес, мына жорғалап жүрген қарауындағылар – ұлының қасында түкке татымайтын нәрселердей көрінді.Ұлымды көремін, бауырыма басып, он сегіз жыл шемен болып қатып қалған жүректегі жараны жібітемін,  қалай  да  барамын…

P.S.

Назым мінген «Қазақстан» деген жазуы бар алып лайнер он екі сағат бойы мұхитты көктей ұшып, Вирджиния штатының халықаралық әуежайына келіп қонды. Назымның басында бір ғана ой: «Ұлым, мен сені іздеп келдім.  Кешіресің  бе,  мені?!.».

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі,

Қазталов  ауданы


Сыралиевтердің сыйы

Күні: , 359 рет оқылды

Кеше Қазталов ауданының Әжібай ауылында қуанышты жағдай орын алды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пункт сыйға тартты.

Әжібай ауылында өсіп-өнген,  бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн. теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт жанды азаматтарға ел атынан алғысын білдірді.

Асқар Сыралиев фельдшерлікакушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры  Қайырбай Алтаевқа  табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар  ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.

Жаңадан салынған нысанның лентасы кесіліп, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылған, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар.

Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып,  білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Қайрат  ЖАҚЫП,

Қазталов  ауданы

Асқар  СЫРАЛИЕВ,  кәсіпкер:

— Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған ауылымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен, кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматтарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін.

Меңсұлу  БАТЫРХАНОВА,

зейнеткер, ауыл тұрғыны:

— Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатқанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім.

Гүлзира ТӨЛЕГЕНОВА,

Әжібай ауылдық фельдшерлікакушерлік пункттің фельдшері:

— Ауылымызда орналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады деген сенімдеміз.


Мойнына дорба байлаған ит көрдіңіз бе?..

Күні: , 32 рет оқылды

Осыдан екі-үш жыл бұрын көшеде келе жатсам, мойнына дорба байланған бір итті байқадым. Әлгі  ит мойнына байланған дорбадан қашқақтағандай түр танытып, бір үйдің шарбағына кіріп кетті. Осы мезетте  үлкендер айтып отыратын әңгіме  есіме түсті.

Бұрындары дүниеге келген кішкентай нәресте қырқынан шыққаннан кейін шашын, тырнағын алады және  қырқына дейін пайдаланған көйлегін алып,  оны дорбаға тәттілерді бірге қосып салып, иттің мойнына іледі. Мойнына дорба ілінген итті ауыл балалары қуып ұстап алып, тәттісін алады. Бұл сәбидің бойындағы дерт болса, итке көшеді деген ұғымды білдіретін көрінеді.  Ал осы ел есінен шыққан көне ырым. Сан ғасыр бойы  даланың  даналығын  жинаған  жұрттың  жорамалы.

Бүгінде осы бір ырым жасалып жүр ме екен?.. Өзіміз білетіндей, кей кездерде кішкене нәрестенің шашын қырқынан шықпастан бұрын алып тастау да  көрініс беріп қалып жүр. Баланың қырқынан шыққан кезде ит мойнына дорба байлау да қалып барады.  Шілдехананың өзі үйде емес, мейрамханаларда өтеді. Ал қазақтың  маңқиған төбетін әр ауладан кезіктіру де қиын.  Аулалардан кезіктіріп жүрміз – түркіменнің алабайлары, немістің дорбаны емес, өзіңді жеп қоятын овчаркалары… Бұларға дорба байлай алмайсың…

Осындайда «Болашақ сәбидің  саулығына себі тиер ырымды ұмытып бара жатқан жоқпыз ба?» деген ой келеді.

Әсем  БОЛАТ,

Қазталов  ауданы


Италиялық саяхатшы Қазталовта

Күні: , 69 рет оқылды

Жуырда Қазталов ауылындағы орталық алаңда өтіп бара жатқан тұрғындардан жөн сұрап тұрған мотоцикл мінген адам көзіме оттай басылды.

Ағылшын тілінде сөйлеп тұрған азаматты ешкім түсінер емес. Азды-көпті білетін «ағылшынымызбен» жөн сұрағанымызда білгеніміз, өзін Фабио Балдини деп таныстырған жігіт ағасы Италия елінің азаматы екен. Сол елдің Понсакко қаласынан мотоциклмен шыққан Фабио Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласына саяхаттамақ. Еуропаның Словения, Венгрия, Словакия, Польша, Украина, Ресей елдерін басып өтіп, Қазақстанға келген. Дүкеннен азық-түлік алуға және мотоциклге жанармай құю үшін Қазталовқа бұрылған екен.

— Мен әлемге саяхат жасағанды ұнатамын. Италияның Понсакко қаласында тұрамын. Ол жерде «FlexPorte» деген саяхат фирмасын басқарамын. Тарихи қала Самарқандты көру арманым. Кең даласы бар Қазақстан жері де әдемі екен. Сіздерге көп рақмет! – деп ағынан жарылды саяхатшы.

Қайрат   ЖАҚЫП,

Қазталов   ауданы


«Тарта жесең, тай қалады…» немесе Рейганның баласына жазған хаты

Күні: , 269 рет оқылды

Мынадай  бір  аңыз  бар. Бір  адам  жігіт  болған  баласына  алтын,  күміс  беріп, шебер досына  кәсіп  жасауға жібереді.  Жігіт  әлгі  шеберге келсе,  от  жағып,  бір нәрсе жасап  жатыр  екен.  Жігіт қолындағы  алтын,  күмісті  береді  де  келген  шаруасын  айтады.  Содан  кейін қалтасынан  шылым  алып, сіріңкесімен  тұтатады.  Сол кезде  шебер: –  Қарағым, сен  келген  ізіңмен  кері  қайт. Сенен  шаруа жасап,  кәсіп қуатын  адам  шықпайды. Өйткені  шылымды  тұтату  үшін  қасыңда  жанып жатқан  отты  пайдаланбай,  қалтаңдағы  сіріңкені пайдаландың.  Үнем  білмейтін   адам  байымайды, – депті.  Бұл аңыз  әңгімені  неге  келтіріп отырмын?

Наурыз мерекесінің демалыс күндері Орал қаласына бардым. Мына бір көріністің куәсі болдым.

9 шағынаудандағы көп қабатты үйлердің жанындағы контейнер тұрған жерге осыдан 5-10 жыл бұрынғы шығарылған диван мен креслоны шығарып тастаған. Шамасы бұл жиһаздың иесі жаңадан мүлік алып немесе үйіне заманауи жөндеу жасаған болар… Осыны көріп тұрғанда, ауылдағы көрініс те көз алдыма елестеді. Тума-туыстарымыздың үйлеріне бара қалсаң, әсіресе, балалар киімін үстеріне сыймай қалғандықтан, қапқа салып, өртеп жіберіп жүргендерін де көріп жүрміз. Сондай-ақ ескі жиһаздарды аула-қораның ішіне лақтырып тастап, пайдасыз жасап жатқандар да баршылық.

Егер біздер ескі-құсқы немесе қолданыстан шығып қалды деп дүниелерді лақтырып, жаңасына қол созатын болсақ, үйдің капиталы құрала ма?.. Немесе үлкеннің болсын, кішінің болсын киімдерін де орынсыз жаңарта берсе, мұнда да үнемшілдік бола ма?! Әрине, осы бір сөздерге айтар жауап та дайын. Ол – қазір дүкенде толып тұрған заманауи жиһаздар не болмаса жаңа үлгідегі киімдер тұрғанда ескіні не қыламыз?! – деген жауап. Иә, заман көшінен қалуға болмайды. Бірақ біз маңдай термен тапқан қаржыны үнемдеуді жоспарламаймыз. Мәселен, жоғарыда айтқан көшеге шығарылып тастаған диван мен креслоны жаңа үлгіде шеберге жөндетіп сатса, ол қаражат емес пе?! Немесе үлгіден қалған киімді қолы шебер тігіншілерге беріп, жаңаша киім тігуге, болмаса сол киімді өздерінен кейінгі кішкентайларға кигізсе, бұл да үйдің капиталына қосылған үлес болған болар еді. Жалпы шындығы керек, халқымыздың дархандығы сондай кең болса, шашпашылдығы да сондай. Осындайда «Ұлы адамдар өмірінен» атты кітаптан оқыған мына бір деректі келтірейін. АҚШ-тың 40-шы президенті Рональд Рейганның баласы Париждің университетінде оқыған екен. Баласына электронды пошта арқылы жазған хатында: – Балам, сабағың, тәртібің қалай?

Есепшотыңдағы қаржыны қалай жұмсаудасың? Үнемдеп жүр, – деген сөздер бар екен. Ал осыған назар аударсақ, алып Американы басқарып отырған Президент баласына ақша таба алмай отырған жоқ. Ол баласына үнем туралы  айтып  отыр.

Мейлі бай болайық, мейлі кедей болайық үнемді ойымыздан шығаруға болмайды. Бұл көреген халқымыздың «Тарта жесең, тай қалады, қоя жесең, қой қалады» деген мақалымен үндесіп  тұрған  жоқ  па, ағайын?!

Мөлдір  ӘНУАРБЕК,

Қазталов  ауданы


Қара сабын

Күні: , 79 рет оқылды

Туған ауылым Саралжынға барғанда, әжем Күләштің (2011 жылы 83 жасында қайтыс болды.) адамға ұстата бермейтін сандықшасын аштым. Сандықшада әжемнің көзі тірісінде ұстаған бұйымдары сол қалпында тұр. Көзім қағазға оралған затқа түсті. Ашып қарасам, кәдімгі қазіргі күнде біз қолданып жүрген кір сабын, қара сабын. Бірақ сандықшаның ішіндегі қара сабын сәл өзгешелеу көрінді. Анам маған бұл сабынның қалай пайда болғанын айтып берді.

– Өткен ғасырдың соңғы он жылы халық үшін де, билік үшін де өте ауыр кезең болды. Дүкендерде күнделікті қолданылатын шаруашылық тауарлары былай тұрсын, қант пен шайға дейін құрып кетті. Азық-түлікті тек арнайы талонмен беретін.

Сол кезде әжеміз үйдегілерге: «Даладан алабота жинап алып келіңдер» деп тапсырма берді. Өзі ошақтағы қара қазанға малдың сүйегін қайнатты. Даладан әкелінген алаботаны өртеп, күлін алып, суға салып тағы қайнатты. Оған қайнаған сүйектің майын қосты. Бірақ осы жұмыстарды жасап жатқанда біздерді қасына жақындатпады. Оның мәнісін соңынан түсіндік. Мұндай іс жасағанда бөтен көз болмауы керек. Өйткені ол «айнығыш» болып кетеді деген ырым бар көрінеді. Сонымен қатар  «сабындай бұзылғыш» деген сөз тіркесі де осыдан шықса керек. Жаңағы күлді  қоюланғанша қайнатып, артынан түрлі ыдыстарға құйып қойды. Ол құрғап, қатып,  сабын болып шықты. Бұл сабынның  тарихы осы, – деді анам.

Мен  осы әңгімеден соң,  жас ұрпақ халық талқысынан өткен тамыры терең ұлттық құндылықтар мен бірегей рухани игіліктер жүйесін ұмытпауымыз керек деген ойға келдім.  Елбасымыздың өзгелердің тәжірибесін, ең озық үлгілерін атап көрсете келіп, Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті  – осы мүмкіндіктерді пайдаланудың тиімді үлгісі деп өзінің «Рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткенін білеміз. Ал біз жоғарыда айтқан осы үлгілерді күнделікті өмірде іске асырмасақ та, біле жүргеніміз жөн деп есептеймін.

Мөлдір  ӘНУАРБЕК,

Қазталов  ауданы


Бершімбай соры туралы не білеміз?

Күні: , 84 рет оқылды

Бершімбай сорының маңынан қоныс тепкен «Әли» шаруа қожалығына барғанда, осы қожалықтың мүшесі Баймағамбет деген азаматтың аузынан: «Ана жақта Мырзағали көлі бар» деген сөзді естіп қалдым. «Қай Мырзағали?» деп сұрағанымда, «Саралжын ауылында тұрған Мырзағали Мусин ғой» деді.

Сәл шегініс… Мырзағали ағаны жақсы танитын едім. 70-жылдары өмірден озды. Бала кезімізде үлкендерден «Мырзағали соғыстан қашқан. Ол 1930-40 жылдары әскери комиссариатта қызмет істеген. Орыс тіліне жетік еді және сауатты жаза білген», деген әңгімені жиі еститінбіз. Бұл адамның сауатты екенін өзіміз де көрдік. Үнемі қолында «Правда» газеті жүруші еді. Оның қашқын аталуы қалай болған?

Әскери комиссариатта қызмет істеп жүрген кезінде істі болған. Себебі белгісіз. Соғыс басталған кезде оған шақырту келеді. Мырзағали ағамыз оған мойынсұнбай бой тасалайды. Басқа бір ауылға барып, колхоздың жұмысына араласады. Әлгі ауылдың адамдарына: «Мен орыспын. Орталықтан осы жаққа жұмысқа жіберді», –  деген. Расында да, ағамыздың көзі көк, өңі сары болатын. Әрі орысша мүдірмей таза сөйлегесін, ауылдың аңқаулары оны  орыс  деп  ойласа  керек…

Қашқын болып жүргенде Бершімбай сорының қамысының арасында тығылған. Қамыстың арасынан лашық (жертөле) жасаған. Қасында соғыстан қашқан өзі сияқты Қасқыр, Шолпан деген адамдар болыпты. Бір қызығы, лашық-жертөленің алдынан кіріп, артынан бірнеше метр жерден шығатын аузы да болған. Бір күні Шолпан мен Қасқырды осы жерден НКВД-ның адамдары ұстап алып кетеді. Бұл кезде Мырзағали ағамыз азық іздеп, ауылдарға қарай кетіпті. НКВД-ның адамдары екеуін ұстағаннан кейін жертөленің екінші аузын бітеп кеткен. Оның тығылатын жеріне келе жатқан кезінде құрықтамақшы болған. Соны байқап қалған ол қашып жертөлеге келеді. Екінші аузынан шығайын десе, бітеп тастаған. Ұстауға келгендер оны  жертөледен шығару үшін айналасындағы қамысты өртеген. Амалсыздан қолға түсіп, қолына кісен салынып, айдалып кете барыпты. Соғыс біткеннен кейін жазасын өтеп, елге оралған. Ауылда ұзақ жыл шопан болды. Бірақ ағамыз басынан өткерген осы хикая туралы  тіс  жарғанын  естіген  жоқпыз.

Бұл сол бір сұрапыл, қиын замандағы адам тағдырының бір көрінісі болатын. Мырзағали ағамыз бен Нұрсұлу апамыздан төрт ұл, бір қыз. Қызы Жұмабике, баласы Жұмағазы бүгінде Атырау қаласында тұрады. Ал ең кенжесі Талғат  Қызылорда  жағында.

Бершімбай сорының жанындағы ағамыз тығылған жер Мырзағали көлі атанып, бүгінгі ұрпаққа аңыз болып жетіп отыр. Ал осыны көргенде «адамзаттың Айтматовы» жазған «Бетпе-бет» хикаятындағы басты кейіпкер Смайыл – Мырзағали аға болып көзімізге  елестеді…

Серік   ЖҰМАҒАЛИЕВ,

Қазталов   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика