Тег: ‘Ғайса БӘЙМЕН’


Туды Абзал алып шығады

Күні: , 21 рет оқылды


Пхенчхан қаласында өтетін қысқы Олимпиадада Қазақстан туын шорттрекші Абзал Әжіғалиев алып шықпақшы.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт істері және дене тәрбиесі комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаевтың мәлім еткеніндей, шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасы әлем кубогы кезеңдеріне қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Сөйтіп, шорттрекшілер өз тарихында алғаш рет Олимпиаданың он жолдамасына ие болды. Сондықтан ту көтеруші ретінде шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің таңдап алынуы тегін емес.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 1992 жылы дүниеге келген. Оралда 2001 жылы жабық мұз айдыны сарайы ашылғаннан кейін шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков дайындаған шәкірттерінің бірі. Ол Сочи Олимпиадасында негізін батысқазақстандық шорттрекшілер құраған ҚР ұлттық құрамасы сапында 5 мың метрлік эстафетада бесінші орынға табан тіреді. Ал 2016 жылы қарашада АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында шорт-тректен әлем кубогы кезеңінде 500 метр қашықтықта айды аспанға шығарып, жеңімпаз атанды. Ол мұндай табысқа қазақстандықтар арасынан тұңғыш рет қол жеткізді. Одан кейін өткен жылы Алматы қаласында ХХVІІІ дүниежүзілік қысқы универсиадада және Минскіде әлем кубогы кезеңінде дәл сол қашықтықта күміс жүлдеге ие болды.

А. Әжіғалиев қазіргі таңда командаластарымен бірге Голландияда жаттығуда. Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері М. Қарсыбековтің сөзіне қарағанда, Абзал Олимпиадада өзінің оң жамбасына келетін 500 метр қашықтықта сынға түседі.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» Түркияға аттанды

Күні: , 33 рет оқылды

Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінде өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияға аттанды.

«Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілхановтың айтуынша, аталмыш жиын 28 қаңтарға дейін созылмақ.

Команданы осы кезге дейін жаттықтырған Вахид Масудов кетіп, оның орнына украиналық маман Владимир Мазяр бас бапкер болып келді. Ол Қазақстанда ешкімді білмейді, ойыншыларға тың көзбен қарайтыны белгілі. Сондықтан жергілікті футболшыларға тағы да бір мүмкіндік беріліп отыр. Мысалы, бұрын «Ақжайықта» ойнап, басқа жаққа кеткен Николай Забродин, Руслан Қайыров, Сергей Шевцов бақтарын тағы бір мәрте сынап көрмек. Сол секілді Алматының «Қайратында» футболдағы жолын бастаған тәжірибелі Руслан Сақалбаев, Болгарияның «Верея» клубында доп теуіп үлгерген тағы бір жартылай қорғаушы Еркебұлан Нұрғалиев жиынға қатысады.

Жаңа маусым алдында біреулердің кетіп, екіншілерінің қалуы заңды нәрсе. Мысалы, команда капитаны Мейрам Сапанов, жартылай қорғаушы Азат Ерсәлімов, легионерлерден хорватиялық Денис Главина қалып отыр. «Оқу-жаттығу жиындары барысында өздерін жақсы қырынан көрсеткендер командаға алынады. Легионерлердің де қосылатыны анық. Олармен келісімшартқа қол қойылғаннан кейін ғана нақты айтуға болады», – деді Нұртаза Серікұлы.

Ғайса БӘЙМЕН


Темірланның төртінші жүлдесі

Күні: , 61 рет оқылды


Ресейдің Сочи қаласында ерлер мен әйелдер арасында самбодан өткен әлем чемпионатында батысқазақстандық Темірлан Ихсанғалиев (оң жақта) қола жүлдегер атанды.


Әскери самбодан 82 кг салмақта күрескен Темірлан бірінші айналымда ресейлік Алексей Ивановтан 7:3 есебімен басым түсті. Содан кейін чехиялық палуанды (9:0) айқын басымдылықпен ұтқанымен, ширек финалда беларусь Евгений Алексиевичке аса тартысты бәсекеде 2:3 есебімен жол берді. Бұл белдесуде төрешілер қарсыласына ескерту бергенде, Темірлан ұтатын еді. Бұдан кейін Е. Алексиевич финалға өткендіктен, қазақстандық палуан қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. Соңғы екі қарсыласына да соқыр ұпай бермей, мерзімінен бұрын тізе бүктірген Т. Ихсанғалиев осылайша үшінші орынға ие болды. Ал Е. Алексиевич финалда оңтүстіккореялық Сео Хиеон Кодан ұтылып қалды. Сөйтіп, оңтүстіккореялық спортшы өз елінің тарихында тұңғыш рет самбодан әлем чемпионы атанды.

Осы біріншілікте қырғыз, тәжік, түркмен палуандарының да әлем чемпионы атанғандығын ескерсек, бұл самбо спортының дүние жүзінде кең таралып келе жатқандығын көрсетеді.

Бұл – БҚО ішкі істер департаментінің қызметкері Темірлан Ихсанғалиевтің әскери самбодан әлем біріншіліктеріндегі төртінші жүлдесі. Ол 2009 жылы 74 кг салмақта Грекияның Салоники қаласында өткен дүниежүзілік додада қолаға қол жеткізсе, 2015 жылы Марокконың Касабланка шаһарында екінші орынға көтерілді. Ал өткен жылы Болгария астанасы Софияда 82 кг салмақта тағы бір қола медальді  еншілеген болатын. Оған қоса Темірлан – қоян-қолтық ұрыстан 2014 жылы Перудің Лима қаласында өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Сондай-ақ аралас жекпе-жектен де талай додадан олжалы оралып жүрген спортшы.

Сочиде өткен чемпионатта тағы бір батысқазақстандық Болатбек Райымқұлов әскери самбодан 52 кг салмақта қола жүлдені жеңіп алды.

Жалпы, бұл жолы Қазақстан құрамасына бір ғана алтын жүлде бұйырды. Ол 62 кг салмақта финалдық бәсекеде Еуропа чемпионы, Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері Аслан Мудрановты 2:1 есебімен ұтқан ақтөбелік Есет Қуановтың еншісінде. Ал бұрын әлемдік додаларда талай рет топ жарған Бейімбет Қанжанов (52 кг), сондай-ақ Әлібек Зекенов (90 кг), әйелдер арасында Гүлнұр Ерболова (52 кг), әскери самбодан Амандық Асауұлы (62 кг), Нұргелді Қиялбеков (68 кг) және Райхан Мәди  (100 кг) бұл жолы қола жүлдемен шектелді.

Ғайса БӘЙМЕН


Уһ, әйтеуір, премьер-лигада қалды-ау…

Күні: , 33 рет оқылды


Бейсенбі  күні  елордадағы  «Астана  Арена»  стадионында  премьер-лига  жолдамасы үшін  Оралдың  «Ақжайығы» мен  ОҚО-ның «Мақтаарал»  командасы  жасыл  алаңға  шықты.


Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде оралдықтар (бас бапкері Вахид Масудов) биыл оныншы, ал Қуаныш Қарақұлов жаттықтыратын Мақтаарал ауданының командасы бірінші лигада төртінші орынға ие болған еді. Бірінші лигада үшінші орынға табан тіреген «Қайрат А» командасы «Қайраттың» фарм-клубы болғандықтан, жоғары топ жолдамасы үшін таласуға құқығы жоқты, сондықтан бұл мүмкіндік оңтүстікқазақстандықтарға берілді.

Батысқазақстандықтар ойын тізгінін бірден қолға алып, Алмас Қамытбеков қорғаған қақпаны жиі нысанаға алды. Тіпті гол соғып та үлгерді. Әйтсе де, доп Предраг Говедарицаның қолына тиіп кеткендіктен, гол есептелмеді.

Есесіне 35-минутта оңтүстікқазақстандықтар күтпеген жерден  есеп ашты. Стандартты жағдайдан Эльмар Набиевтің тоғыздыққа тепкен добын «Ақжайықтың» қақпашысы Вячеслав Котляр қайтарып үлгергенімен, оған бірінші болып Самит Чулагов жетті.

Сөйтіп биылғы маусымды «Ақжайықта» бастап, «Мақтааралға» ауысқан С. Чулагов өзінің бұрынғы командасына гол соқты. Бірінші тайм осылайша 0:1 есебімен аяқталатындай көрінген. Дегенмен қосымша минутта Азат Ерсәлімовтің сол қапталдан берген добын «Ақжайықтың» шабуылшысы, украиналық легионер Константин Дудченко тордан бір-ақ шығарды. Айта кетейік, бұл матчта «Ақжайық» бірінші лиганың шартына сәйкес алаңда үш-ақ легионермен ойнауға мәжбүр болды.

Екінші таймда В. Масудов шәкірттерінің алға шығатындай керемет мүмкіндіктері болды. Әсіресе, 75-минутта С. Чулагов өз айып алаңында нигериялық қорғаушы Майкл Одибені шалып жықты. Алайда 11 метрлік айып добын К. Дудченко дәл орындамай, оны А. Қамытбеков қақшып ала білді. Дегенмен матч аяқталуға төрт минут қалғанда, тағы да А. Ерсәлімовтің пасынан кейін К. Дудченко баспен қақпаны дәл  көздеп, қос голдың авторы атанды. Бұдан кейін «Мақтаарал» қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жеткен «Ақжайық» премьер-лигадағы орнын сақтап қалды.

Ғайса  БӘЙМЕН


Өзара ынтымақтастықты нығайтпақ

Күні: , 24 рет оқылды


Пенза облысының үкіметі мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл келісім Челябі қаласында Ресей және Қазақстан елдері басшыларының қатысуымен өтіп жатқан XIV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында жасалды.


Осы жиынға қатысқан БҚО әкімі Алтай Көлгінов өңіраралық форумның екі ел үшін де тиімділігі мол екендігін жеткізді.

«Біз үшін Пенза облысының ІT технология, медицина, фармацевтика, ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырып жатқан жобалары өте қызықты. Өйткені Батыс Қазақстан облысында да машина жасау, ауыл шаруашылығы саласы жақсы жолға қойылған. Сондықтан бүгін біз жасасқан келісімнің ауқымы кең, көп саланы қамтиды. Қазірдің өзінде екі облыстың өкілдері бір-бірімізге барып, тәжірибе алмасу жөнінде уағдаластық. Жалпы, мұндай шаралар жақындастыра түседі деп ойлаймын. Мысалы, былтыр Астана қаласында қос мемлекет басшысы Н. Назарбаев пен В. Путиннің қатысуымен өткен форумда Батыс Қазақстан облысына қатысты екі құжатқа қол қойылған болатын. Оның бірі жүрдек пойыздарды іске қосу және екі ел шекарасындағы тексерістерді алып тастау болса, екіншісі Жайық өзеніне қатысты. Бүгінде жүрдек пойыздар арқылы қатынау тұрғындарға өте қолайлы болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, халық осындай келісімдер негізінде жүзеге асатын шаралардың игі жемісін көруде», — деді А. Көлгінов.

Айта кетейік, 2003 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан форумның мақсаты — екі елдің арасындағы түрлі саладағы ынтымақтастықты бекітіп, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстарды нығайту.

Географиялық орналасуы жағынан қолайлы әрі тарихи байланысы тереңде жатқан екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастар өте тығыз. Мәселен, Ресей елінің бес бірдей өңірімен шектесетін Батыс Қазақстан облысының өзінде Ресей бизнес өкілдерінің қатысуымен 160-тан аса кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Сондай-ақ соңғы үш жылдың ішінде тек Батыс Қазақстан облысының Еуразиялық экономикалық одақпен арадағы тауар айналымы 2 млрд. АҚШ долларын құраса, биылдың өзінде Ресей елімен сондай сауда-саттық көлемі 400 млн. долларға жетіп, 40 пайыз өсімді көрсетіп отыр.

Форум аясында Қазақстан мен Ресей Федерациясы облыстарының арасында өзге де арнайы келісімдер жасалды.

Форум тақырыбы «Адам капиталына инновациялар енгізу» болғандықтан, мұнда екі мемлекеттің оқу орындары мен ғылыми орталықтарының арасындағы байланыс мәселесі де талқыланды. Қазірдің өзінде Батыс Қазақсан облысының бірнеше оқу орындары мен Ресей оқу орындарының арасындағы байланыс жақсы. Студенттермен академиялық алмасу, ғалым-ұстаздардың тәжірибе бөлісуі мақсатындағы шаралар көптеп жүзеге асуда. Соның ішінде М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мен Пенза мемлекеттік университетінің арасында арнайы келісім жасалған.

Ғайса БӘЙМЕН


«Дат» театры жеңімпаз атанды

Күні: , 20 рет оқылды


Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында атақты актриса, КСРО және Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Хадиша Бөкееваның 100 жылдығына арналған облыстық халықтық театрлар фестивалі мәреге жетті.


БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған, үш жылда бір рет өтетін дәстүрлі өнер додасына барлығы 11 театр қатысып, бақ сынады. Олардың тоғызы халықтық театр болса, екеуі – драма үйірмесі.

Байқау қорытындысында Теректі аудандық «Дат» театры бас жүлдені жеңіп алды. Бұдан екі жылға жуық уақыт бұрын Теректі аудандық мәдени-демалыс орталығының жанынан құрылған «Дат» театры осетин драматургы Георгий Хугаевтың шығармасы бойынша «Қара шекпен» әфсанасын (режиссері Жамбыл Заев) сахналады. Осылайша, халықтық атағы болмаса да, тәжірибелі театрлардан озып шықты.

Қазталов аудандық С. Садықов атындағы халықтық театры белгілі жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Бейбарыс Сұлтан» тарихи драмасымен (режиссері Данагүл Жұмабаева) бірінші орынға ие болды. Қазталов ауданы Жалпақтал ауылдық М. Ғұмаров атындағы халықтық театры Рей Кунидің «Тесік тиын» комедиясын (режиссері Шалқыма Меркулова) және Тасқала аудандық халықтық театры Нұрлан Хамидің «Хан Кене» тарихи драмасын (режиссері Жанар Бисенғалиева) қойып, екінші орынға көтерілді. Сондай-ақ Жәнібек, Қаратөбе аудандық халықтық театрлары мен Бөрлі аудандық «Мұрагер» театры үшінші жүлдені бөлісті.

Ерекше көзге түскен қатысушылар арнайы аталымдармен марапатталды. Атап айтқанда, теректілік Гүлмира Төлегенова «Көрермендер көзайымы», «Мұрагер» театры «Үздік декорация», жалпақталдық Ш. Меркулова «Үздік режиссер», сырымдық Айгүл Мәмбетқұлова «Ең жас актриса», қазталовтық Мерлан Нұролла «Ең жас актер», жалпақталдық Анар Мусина «Ең үздік әйел адам рөлі», теректілік Таңат Жексенбаев «Ең үздік ер адам рөлі» аталымдарына ие болды.

Ғалым АЯН


«Ақжайық» клубы сатылды

Күні: , 29 рет оқылды


«Ақжайық» спорт клубын республикалық және облыстық допты хоккей федерациясы бірігіп, 11 млн. теңгеге сатып алды.


«Ақжайық» спорт клубының директоры Азамат Шайхының айтуынша, оның бастапқы бағасы 8 млн. 424 мың теңге болды. «Қаламызда бай тарихы бар, 1976 жылы құрылған «Ақжайық» допты хоккей клубын сақтап қалу мақсатында қос федерация осындай шешімге келді. Басқа ешкім алмас үшін баға 11 млн. теңгеге дейін көтерілді. «Ақжайық» спорт клубының базасында орталық базар аумағында Исаев көшесі бойында орналасқан офисімен бірге дүкен, әжетхана, ателье және қойма болды. Осының ішінен дүкен ғана жұмыс жасап тұр. Кәсіпкерлер оның тұрған орнына қызықты. 9 млн., 9,5 млн. теңге тіккендер болды, біз солардың бәрінің алдына түсіп кеттік. Егер кәсіпкер жеңіп алған жағдайда допты хоккейдің дамуына көңіл бөлер-бөлмесі неғайбыл еді. «Ақжайық» спорт клубы допты хоккейден жоғары лига командалары арасында Ресей чемпионатында бұрынғыша ойнай беретін болады. Ендігі басты мақсат – суперлигаға шығару. Қазір командада пәлендей өзгеріс жоқ. Бұрынғыша Владимир Кожевников бастаған мамандар жаттықтыратын «Ақжайыққа» әзірге екі легионерді алуды жоспарлаудамыз. Оған қоса келесі жылдан бастап «Ақжайық» ойыншыларынан құралатын допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы да «Жастар» стадионында жаттығатын болады. Биылғы әлем біріншілігінде қазақстандықтар бесінші орынға түсіп қалды. Мұның себебі – олардың басы қосылмады, жаттығу жиындары болған жоқ, ойыншылар бірін-бірі түсінбеді. «Жастар» стадионында «ҚПО б. в.» компаниясының қаржысына салынып жатқан жасанды мұз айдыны алдағы қараша айының соңында пайдалануға берілгелі отыр. Бұл спортшылардың мұз айдынында көбірек дайындалуына мүмкіндік береді», – деді Азамат Шайхы.

Ғайса БӘЙМЕН


Қайрат ақынға құрмет

Күні: , 29 рет оқылды


Дүйсенбі күні қазақтың көрнекті ақыны, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиевтің 80 жылдығына орай өңір кітапханаларында бір мезетте «Қазақтың Қайрат ақыны» атты шара өткізілді.


Осыған орай Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылған кешке ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, студент жастар қатысты.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Айтқали Нәріков өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында әдебиетке келген тегеурінді топтың қатарында Қайрат ақынның шоқтығы биік болып, поэзия әлемінде алдыңғы лектен көрінгендігін жеткізді.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес өңірде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Өткен аптада ғана ақын Сағынғали Сейітовтің, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің және Алашорда үкіметінің 100 жылдығы кең көлемде тойланған еді. Енді, міне, облыс кітапханаларында ақын Қайрат Жұмағалиевтің өмірлік белесі аталып өтілуде. Осының бәрі – өткенімізді қастерлеп, өлкеде жарқын із қалдырған бірегей тұлғаларымызды қадірлеу деген сөз. Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген ақын ағамыздың есімі ешқашан ұмытылмайды», деді БҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, ақын Айсұлу Қадырбаева, жазушы Мира Шүйіншәлиева, филология ғылымдарының кандидаты, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті Азамат Мамыров Қайрат Жұмағалиевтің шығармашылық қырлары мен кішіпейіл де ақжарма мінезіне, адами қадыр-қасиетіне тоқталып, ақын өлеңдері қазақ халқымен бірге жасай беретінін атап өтті.

Бөкей ордасында 1937 жылы 16 қыркүйекте өмір есігін ашқан Қайрат Жұмағалиев 1952 жылы Орда ауданы таратылып, жерінің бір бөлігі әскери полигонға берілгеннен кейін анасы Жаңылғаныммен бірге Оңтүстік Қазақстан облысына көшірілді. Алматы қаласында ҚазМУ-да жоғары білім алып, «Жазушы» баспасы мен Қазақтелерадио комитетінде, сосын Астанаға қоныс аударып, Парламент Сенатында жауапты қызметтер атқарды. Жасы жетпістен асқанда туған жері – Ақ Жайығына оралып, «Жайық Пресс» ЖШС-да бас директордың кеңесшісі болды. Оның тұңғыш жинағы 1964 жылы жарық көрсе, кейін отыздан астам кітабы басылып шықты. Соның ішінде соңғы кітабы – «Жарық дүниені» көзінің тірісінде оқырмандары мен ұрпағына табыстап кетті.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған мультимедиялық әдістемелік құрал таныстырылды.

«Қайраттың өзі болмаса да, соңында сөзі қалды. Өлеңдері қалды. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған», деп ұлы Абай айтқандай, оның 80 жылдығына арналған шаралар театр, мектеп, кітапханаларда өтуде. Міне, бұл – ақын жырларының мәңгі өлмейтіндігінің айғағы. Сол үшін алғысымды білдіремін», деді ақынның жары София Нығметоллақызы.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Күміс үзеңгі табылды

Күні: , 49 рет оқылды

Сырым батырдың үзеңгісі делінген көне жәдігер табылды.


Орал қаласында тұратын белгілі өлкетанушы, Қазақстанның құрметті журналисі Қайыржан Хасановтың айтуынша, күміс үзеңгіні осы кезге дейін қазіргі таңда Алматы қаласында тұратын Қайыпберген Дүйсенов сақтап келген. Ол Қарақалпақстанда дүниеге келген қазақ. Өзінің сөзіне қарағанда, көне бұйымдарды жинаумен айналысқан. Бірде ол өзбек кейуанадан күміс үзеңгіні сатып алған. Кейуана оны «Ғайып атанікі» деген. Бұл тарихи дерекпен сәйкес келеді. Сырым Датұлының (1742-1802) жерленген орнын анықтау мақсатында, 2007 жылдың мамыр айында БҚО тарих және археология орталығы ғылыми экспедиция ұйымдастырып, соның нәтижесінде батырдың бейіті Өзбекстанның Хорезм облысы Гүрлен ауданы «Ғайып ата» қорымында екені анықталған болатын. Өмірінің соңғы кезеңінде өзбек еліне барған Сырым батырды жергілікті жұрт ғайыптан келген баба, «Ғайып ата» деп атап кеткен. Сондай-ақ дұшпандары оның үзеңгісіне у жағып өлтірген деген әңгіме де бар.

Үзеңгімен бірге күміс шақша да сақталған, әйтсе де оның кімдікі екендігі белгісіз.

Сырым Датұлы атындағы Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаеваның нақтылауынша, Қайыпберген Дүйсенов үзеңгі мен шақшаны сырымдық мұражайға тапсырмақшы.

Оған Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған мерейтойлық шараларға шақырту жіберілді. «Үзеңгінің қай ғасырға жататынын сараптама жасап, анықтауға болады», деді А. Ойшыбаева.

Елжан ЕРАЛЫ


Қазақстан волейболшылары – күміс жүлдегер

Күні: , 194 рет оқылды

IMG-20170802-WA0011


Индонезияда ерлер арасында волейболдан мәреге жеткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы күміс жүлдегер атанды.


Қазақстандықтар финалда Жапония құрамасымен күш сынасты. Бірінші партияны жапондықтар 25:13 есебімен оңай ұтқанымен, қалғандары тартысты өтті. Екінші партияда Жапония ойыншылары 25:20 есебімен басым түссе, үшіншісін қазақстандықтар 27:25 есебімен өз пайдасына жазды. Әйтсе де жапондықтар одан әріге мүмкіндік бермей, төртінші партияны (25:23) жеңіспен аяқтады. Сөйтіп олар 3:1 есебімен Игорь Никольченко жаттықтыратын қазақстандықтарды ұтып, Азия чемпионы атанды.

Индонезия құрамасын 3:0 есебімен тізе бүктірген Оңтүстік Корея волейболшылары қола жүлдеге ие болды. Бұған дейін жартылай финалда осы оңтүстіккореялықтарды қазақстандықтар 3:2 есебімен сүріндіріп, күтпеген жерден соңғы бәсекеге жолдама алған болатын.

Қазақстандықтардың осынау жарқын табысына Батыс Қазақстанның тікелей қатысы бар. Он жыл бойы Оралдың «Конденсатын» жаттықтырған И. Никольченко команда тарап кеткеннен кейін жетекші ойыншылармен бірге Өскеменге барып, «Алтайды» ел чемпиондығына жеткізген болатын. Ал осы бапкер тізгінін ұстаған Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Орал волейболының түлектері, команда капитаны Александр Стольников, Антон Кузнецов, Виталий Вориводин және либеро Қайрат Байбеков ойнады. Соның ішінде В. Вориводин Азия біріншілігіндегі үздік ойыншылардың қатарына енді. Олардың алғашқы бапкерлері Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Александр Андриянов, жоғары санатты жаттықтырушылар Азамат Нұрмұханбетов, Алексей Шишулин екендігін айта кеткен жөн. Осылайша оралдық төрт бірдей волейболшы Азия чемпионатының күміс жүлдегері деген жоғары атаққа ие болды.

Бұған дейін Қазақстан құрамасы 1993 жылғы Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанған болатын. Онда қазақстандықтар Оңтүстік Кореяға есе жіберген еді. Ал жаңа ғасырдағы үздік көрсеткіші 2009 жылғы біріншіліктегі бесінші орын еді. Сонымен, қазақстандықтар бұдан 24 жыл бұрынғы жетістігін қайталады.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика