Тег: ‘Шыңғырлау   ауданы’


Ардақтың төскейіне ангус келді

Күні: , 52 рет оқылды

Тауарлы емес, асыл тұқымды мал ұстаған ұтады. Шыңғырлаулық шаруалар да мұны жете ұғынып, осы іске ден қоя бастады. Олардың арасында Ардақ (Полтава) ауылдық округіндегі «Жайдар» шаруа қожалығы да бар.

2014 жылы құрылған бұл қожалық 30 бас ірі қарамен жұмысын бастаған еді. Бірақ тауарлы бағыттағы малдың нарықтағы бәсінің төмендігі шаруашылық жетекшісі Нұржан Лесовті жиі мазалайтын. Елбасының асыл тұқымды мал өсіріп, ет экспортын дамыту бағытындағы тапсырмасына өз үлесін қосу мақсатында ол биыл малын тапсырып, Қостанай облысынан 60 бас абердин-ангус сиырын алып келді. Артынан Жаңақаладан осы тұқымның үш аталығын жеткізді.

– Кеңес заманында әкем осы жерде мал бақты. Сол әке таяғын ұстап, ауылда атакәсіпті жандандыру үшін қожалық құрдым. Заман көшінен қалмауды ойлап, асыл тұқымды ірі қараны өсіріп жатырмын. Осы ангустарды алуға Қостанай өңіріне, Жаңақалаға барғанда асыл малдың табыс көзі екендігіне көзім жете түсті, – дейді жас фермер.

Ғалымдардың сараптауынша, салмақ қосу, ет сапасы мен дене пішінінің жұмырлығы бойынша әлемде бірінші орында тұрған абердин-ангус ұсақталып кеткен өзге тұқымды малды асылдандыруға да тиімді. Сол себепті Нұржан ауылдағы малды тұқымдық түрлендіруге үлесін қоспақшы. Төлінің тез өсетінімен ерекшеленетін ангус қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді екен. Міне, осындай ерекшеліктерін ескере келе, Нұржан Лесов 30 млн. теңгеге жуық өз қаржысына шотландиялық сиырларды алды. Алдағы уақытта Ардақтың төскейін асыл малға толтыру жоспарында бар.

Айта кетейік, Нұржан шаруашылықты ғана жүргізіп қоймай, ауылдағы игі істерге де ұйытқы болуда. Мәселен, кеше өткен Ұлы Жеңіс күні Ардақта дала қызықтарын ұйымдастыруға атсалысты. Ол ауылдағы абаттандыру, қайырымдылық істерінен де тыс қалып жатқан жоқ. Осылайша бұл азамат ауылын өрге сүйреуге ұмтылып жүр.

– Нұржан қасына бес-алты жасар ұлын ертіп жүруі тегін емес.

Өзі де бала кезден әкесінің қасында жүріп, малшылықтың қыр-сырын үйренді ғой. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Ертең-ақ мына кішкентай Лесовтің әке ісін жалғастырып, одан әрі дамытатыны сөзсіз, – дейді сапарымыз барысында біздің қасымызда жүрген аудандық «Серпін» газетінің бас редакторы Адақ Шотпанов.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Шыңғырлаулықтар ауыз сумен толық қамтылады

Күні: , 48 рет оқылды

Ұлт саулығы тікелей сапалы ауыз суға байланысты екендігі сөзсіз. Сондықтан елімізде, соның ішінде облысымызда бұл мәселе соңғы жылдары өз шешімін табуда. Бұл бағытта Шыңғырлау ауданында да ауыз толтырып айтар істер бар.

Аудан әкімі Альберт Есалиевтің сөзіне қарағанда, Елбасының ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту турасындағы тапсырмасына сәйкес облыс басшылығының қолдауымен көптеген іс-шара алынуда. Соның бірі – ауылдағы ағайынды орталықтандырылған ауыз сумен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда қарқынды жүруде. Қазіргі таңда Амангелді, Ащысай, Ақшат (Лубен), Жаңакүш ауылдарына су желісі тартылуда. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін аудан халқы толық ауыз сумен қамтылмақшы.

Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында атқырылып жатқан бұл құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 882 млн. теңге қаржы қаралған. Оның жарысынан астамы Ащысай ауылдық округіне тиесілі. Округ орталығы мен Амангелді ауылына су желісі Сырық салды бұлағынан тартылуда. Жобаға сәйкес су бірінші Амангелдіге келеді. Содан кейін Ащысайға жеткізіледі. Қазір екі бағытта да қызу жұмыс жүруде.

Амангелдіге су тартып жатқан оралдық «Лайге» ЖШС жер қазу жұмыстарын таяуда, яғни мамырда бастаған екен. Жыл соңына таман, нақтылап айтқанда, қазан айында аталмыш ауыл тұрғындары су тасу машақатынан толық құтылмақшы. Серіктестіктің учаске шебері Нұржан Тәжмұқановтың айтуынша, жұмыс жоспарға сай жүруде, қолбайлау болып тұрған мәселе жоқ. Мұнда еңбек етіп жатқан 12 адамның жартысы жергілікті тұрғындар, олардың қатары тағы да көбеймекші.

Ал Ащысайға құбыр тартумен қызылордалық «ҚазҚұрылыс» компаниясы айналысуда. Айта кетейік, бұл серіктестік былтыр жәнібектіктердің сумен қамтылуына үлестерін қосты. Биыл Шыңғырлауға келді. Қазір мұнда үш бригада құрамында отыздан астам адам нәпақасын тауып жүрсе, соның үштен бірі ащысайлықтар. Ауыл тұрғындары бұл компания жер қазу, құбыр салу істерінде тиісті талаптарды толығымен сақтайтындарына, жұмыстарының қарқындылығына дән риза.

– Мамырдың соңында бастаған бұл жұмыстарды қазан айында аяқтап, тапсыруымыз керек. Біз оны уақытынан бұрын бітіреміз деп отырмыз. Екі ауылдың арасы 17 шақырымды құраса, қазіргі таңда он шақырымын бітірдік. Төрт экскаваторымыз күніне орта есеппен 1,5 шақырымнан қазуда. Содан кейін ауылдың ішіне кіреміз. Құрылыс жұмыстарына толығымен отандық өнімдерді қолданудамыз. Соның ішінде құбыр сынды Оралда шығарылатын өнімдер бар. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 200 мың теңгенің шамасында. Бізге барынша жағдай жасап жатқаны үшін жергілікті атқарушы билік құрылымдарына, ауыл тұрғындарына алғысымызды білдіреміз, – дейді серіктестіктің учаске шебері Нұржан Сейдахметов.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Шыңғырлау  ауданы


Торыатбасын дүбірлеткен шара

Күні: , 35 рет оқылды

Торыатбасы – тауың кие, тасыңда – құт,

Еңсеңді баса алмаған жасын уақыт.

Торыатбасы, тұлғаңмен-ақ тұрғандайсың,

Жер Ананы аспан-көкке жақындатып…

Иә, бауырындағы ел биіктігін пір, тасын кие тұтқан Торыатбасыны осылай суреттеген ләзім. Сайын даланың төрінде көлбей жайғасқан көлемді таудың ауқымы 50 га, абсолютті биіктігі 211 метр. Ересек адам еңбектеп шығатын еңселі таудың етегінде тұрып, табиғаттың ғаламатына таң қалмай тұра алмайсың. «Құдайдың құдіретін білгің келсе, тауға бар» дейді қазақ. Бабаларымыз тіршіліктен түйіп, өмірден байқап, әр сөзін бір даналық етіп қалдыра берген ғой.

Хош делік… Осы таудың баурайына елді жинаған тартымдылығы да, тағылымдылығы да аса жоғары жақсы бір шара өтті жуырда. Аудандық туризм және экология орталығы, аудандық «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы», «Шыңғырлау» спорт клубының ұйымдастыруымен аудандық «Тау туризмі техникасы» және ұлттық спорт түрлерінен аудан мекемелері қызметкерлері арасында жарыс ұйымдастырылды. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткізілген жарыста аудан көлемінде тау туризмін насихаттау, ұлттық спортты қолдау, халықтың осы спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру, осы арқылы салауатты өмір салтын насихаттау сынды негізгі мақсаттарды көздеген шара аса тартымды өтті.

Айдынды атырапта қатар орналасқан Торыатбасы мен «Қылыштау» жонының ортасына киіз үйлер тігіліп, аудан округтерінен, түрлі мекемелер мен бөлімдер ұжымдарынан жасақталған, жарыстан жеңімпаз болуға үмітті командалар бас қосты осы жерде. Тау басынан қарағанда, ақшаңқан киіз үйлер, командалардың шатырлары құдды бір жайлауға ел келіп қонғандай тамаша әсер беріп тұрды.

Жарысқа ұзын саны 10 команда қатысып, туристік біліктілік, ат үстіндегі шеберлік, садақ атудағы дәлдік, қыз қуудағы икемділік, арқан тартудағы командалық рухты шыңдау, аударыспақтағы әбжілдікті сынға салды. Шырайлы шара екі күнге созылды.

Жарыс барысында, әуелі тау туризмі техникасын білу, тау басына арқанмен өрмелеу, альпинизм элементтерін меңгеру, командада жұмыс жасауды жаттықтыру сынақтары қолға алынды. Бұл тартысты аудандық туризм және экология орталығының мамандары аса ықтиятты, мұқият ұйымдастырды. Бұл жарыста Л. Қылышев атындағы Шилі ОЖББМ командасы І орынды, Шың-ғырлау мектебінің командасы ІІ орынды, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен «Шыңғырлау» спорт клубының бірлескен командасы ІІІ орынды иемденді.

Бұдан әрі тау баурайында ұлттық ойын түрлері бел алды. Жігіттер арасында ащысайлық Асылан Қабиевтің мерейі үстем болды. ІІ орынды Л. Қылышев атындағы Шилі ОЖББМ-ның мұғалімі Қолғанат Шөпенов жеңіп алды. ІІІ орынды жастар ресурстық орталығы командасынан, ақсайлық азамат Асхат Серіков иемденді.

Бұл тұста аса мықтылық танытып, ойын талабына сәйкес бірнеше қарсыласын қатарынан ат үстінен жұлып түсірген Қолғанат Шөпеновке көпшілік қошеметі жоғары болды.

Аударыспақтың жоғары салмақтағылар арасында, яғни 80+ (80 келіден жоғары) салмақтағы кезеңінде не салмағы, не тәуе-келі жетпегендері болды, дегенмен бәс тігіп шыққандары да тамаша ойын көрсетті. Ұрандаған көпшіліктің алдында айқын же-ңісті белогорлық 51 жастағы Бауыржан Көпешов, ІІІ орынды осы тау маңындағы Торыатбасы (Марксизм) ауылының тұрғыны Жәнібек Құрымбаев, ІІІ орынды ақбұлақтық Нұртас Бөденов қанжығаға байлады.

Бұдан әрі «Теңге ілу» жарысы оздырылды. 200 метрлік қашықтықтан ат жіберіліп, аралары 5 м-ден алты жерге теңгелер (қолға тұтуға ыңғайлы етіп жасалған орамал түйіншектер) тасталынды. Осыны шабандоздар шауып келе жатырған бетте жерден іліп алып, бір көтеріп тастай беруі керек-ті. Бірнеше азамат бұл сайыстан да бақ сынап, бірі артық, бірі олқы түсіп жатты, арасынан көзге түскендер «Шыңғырлау колледжі» командасынан Мирас Асылгерей І орын, ащысайлық Асылан Қабиев ІІ орын, Ақбұлақ ауылдық округі командасынан Кәрімжан Қосжанов ІІІ орынды жеңіп алды.

Жарысқа қатысушылардың қанын қыздырған ойынның бірі – кәдімгі «Қыз қуу» болды. Жалпы, ұлттық ойынның осы түрі мен «Жамбы ату» ойыны көпшілік алдында көрсетілім түрінде ұйымдастырылды.

Жарыстың алғашқы күні кешінде командалардың сәлемдесуі, көңілді тапқырлар алаңы, кешкі дала би кешімен жалғасып, көңілді түйінделді.

Келесі күнгі таудың саф ауасы, рауанды таңы әдемі атып, шараға жиналған «шағын ауылдың» тіршілігі қарбаласа басталды, таңғы тамақтану, даладағы таңғы шай рахаты, айнала табиғаттың көз тоймас көркемдігі өз алдына бір рахат әлемі, өз алдына бір бөлек әңгіме десе боларлық.

Бұл күнгі ойындар кәдуілгі арқан тартысумен басталды. Әр командадан «мықтымын» дегендер арқан бойына тізіліп, тартыс басталып кетті.

Осылайша мәреге жеткен жарыс барысы түс ауа түйінделіп, аудандық мәслихат хатшысы Галина Волкогон жабылу салтанатында сөз сөйлеп, туризмнің жалпы еліміз үшін, оның ішінде ауданымыз үшін аса маңыздылығын, осынау аяулы табиғатты бағалау, қадірлеу, қорғау, ел игілігіне орнымен пайдалану, оны демалып, қоқыс шашып кету орны емес, жан-дүниенің тазару, рухани демалу, табиғатпен үндесу аймағына айналдыру қажеттігін еске салып өтті. Табиғат аясындағы ұлттық ойындардың соншалықты тартымды өткеніне, ауданымыз үшін бұл ойындардың маңыздылығына және оны дәстүрлі қалыпқа енгізудің қажеттігіне де тоқталды.

Бұдан соң, дала сахнасында жоғарыда аталып өткен жеңімпаздар марапатталды.

Шара сәтті өтті деп тарасты оған жиналғандар. Сәттілігі сонда, әр жүректе ұлтымызға деген мақтаныш сезімі лаулады, туған жерге деген сүйіспеншілік артты, достық аясы ұлғайды, табиғат бесігіне құрмет күшейді. Бұл тағылымды шараның дәстүрге айналуына бір себеп осы болуы керек.

Қаршыға  ЕЛЕМЕСОВ,

Шыңғырлау  ауданы


Цифрландыру мәселесі талқыланды

Күні: , 37 рет оқылды

Шыңғырлау ауданында «Цифрлық Қазақстан және мемлекеттік қызметтер көрсету» тақырыбында семинар-кеңес өткізілді.

Семинар-кеңеске ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО департаментінің басшысы Б. Исақов, БҚО бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Ж. Нұрмағамбетова, БҚО әкімі аппараты басшысының орынбасары М. Қалығұлова, «Қазақстан Халық банкі» АҚ БҚО филиалының өкілі Р. Дүйсенғалиева қатысты.

— Шыңғырлау ауданы бойынша барлық елді мекен ғаламтор желісіне қосылған. Алайда бүгінгі күнге ол кейбір ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін қанағаттандырмайды. Қазіргі таңда аудан бойынша интернет желісіне тұрғындардың 86,4 пайызы 4 мбит/сек-ке қол жеткізуде, ал 13,6 пайызы 1 мбит/сек қамтылған. Біздер цифрлық теңсіздікті төмендету мақсатында тұрғындарды 100 пайыз қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырудамыз. Басты міндет — ауылдық округтерде ғаламтор желісіне қолжетімділігін жақсарту арқылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру болып табылады. Мысалға, осы жылдың бірінші тоқсанына аудан бойынша 6263 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Соның ішінде қағаз түрінде 202 қызметтер көрсетілген. Бұл өткен жылдың І тоқсанынан 30%-ға аз. Мемлекеттік корпорация арқылы 4589 қызмет көрсетілді, бұл 2017 жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 11%-ға азайды. Электрондық нысанда 1472 қызмет көрсетілді, бұл былтырғы І тоқсанымен салыстырғанда 7%-ға өсті. Сонымен қоса барлық сегіз ауылдық округте өз-өзіне қызмет көрсету орындары арқылы 153 адам қызмет алды.

Осыған орай ауылдық округтерде электронды түрдегі мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін жоғары жылдамдықтағы ғаламтор желісімен қамтамасыз ету қажет.

Осыған дейін аудан бойынша төрт ауылдық округ ұялы байланыспен қамтылған болатын. Өткен жылдың соңында спутниктік байланыс сияқты сымсыз технологиялармен (3G) қамтамасыз ету мақсатында, Ақбұлақ ауылы ұялы байланысқа қол жеткізді. Қазіргі таңда аудан бойынша бес ауылдық округ, 13446 адам (89,3%) ұялы байланыспен қамтылып отыр.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында арнайы аудандық іс-шаралар жоспары бекітілді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің бірі – қаржы технологияларын және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту мәселесі. Осыған орай коммуналдық қызметтердің сенімділігімен ыңғайлылығын арттыру мақсатында, барлық коммуналдық төлемді тұрғындардың қалауларына қарай баламалы түрде «Қазақстан Халық банкі», «Қазпошта» АҚ-лармен, терминалдар арқылы және электронды түрде төлеу жүргізілуде. Атап айтқанда, «БатысЭнергоРесурсы» ЖШС абоненттері төрт ай ішінде, «Қазақстан Халық банкі» АҚ арқылы 190, «Қазпошта» АҚ-мен 260, қалғандары касса арқылы төлеуде. Аудандық «КазТрансГазАймақ» АҚ учаскесі бойынша аудан тұрғындарының 70 пайызы «Қазпошта» АҚ, 20 пайызы кассалар арқылы, ал 10 пайызы «Халық банк» АҚ-ның мобильді банкинг қосымшасы арқылы есеп айырысуда.

Соның ішінде «Шыңғырлаукомтехсервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ауыз суға төлемдерді қолма-қол ақшасыз жүргізу мақсатында «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамымен екі тарапты келісімге отырып, аудан тұрғындарына интернет және мобильді банкинг қосымшасы арқылы қызмет көрсету жұмыстарын бастады. Сонымен қатар аудан аумағындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарға арналған бос жерлер туралы көрсететін электрондық стационарлық карта, дәрігерге электронды жазылу және т. б. шаралар бастау алды, — деді жиында аудан әкімі Альберт Есалиев.

Бұдан әрі ауданда атқарылып жатқан істер жөнінде әр сала бойынша хабарлама жасау үшін баяндаушылар сөз алды.

Әр сөйлеуші өз мекемелерінде қолға  алынған  істерді толығымен түсіндіріп, алдағы жоспарларымен де бөлісті.

Коммуналдық төлемдерді төлеудегі оңтайландыру, жеңілдіктер туралы «Қазақстан Халық банкі» АҚ бөлімшесінің басшысы Э. Чабан баяндаса, осы жұмыстың «Қазпошта» АҚ мекемесінде қалай жүзеге асатынын Б. Ғабдуллиева айтып өтті. Электрондық қызметтің дәрігерлер мен мұғалімдердің жұмыстарын жеңілдетіп, уақытын үнемдеуге беретін мүмкіндіктер туралы, сәйкесінше науқастарды қабылдауға, оқушылармен жұмыс жүргізуге тиімді жол ашатыны туралы аудандық білім бөлімі басшысы А. Сапаров, аудандық орталықтандырылған ауруханасы директорының орынбасары М. Хамзиев түсіндірді.

Egov электрондық үкімет арқылы үшінші тұлғамен анықтама алу туралы Шыңғырлау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Э. Ығылманова айтып өтті. Аудан аумағында электронды картаның болуы да аса маңызды. Қай округте, қандай жерлер барлығы жөнінде мәліметтердің алдағы уақытта көпшілікке қаншалықты белгілі болып тұратыны туралы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы С. Қазиев мәлімдеді. Жалпы, ау-дан бойынша интернет жүйесімен қамтылу жайы, оның жылдамдығы туралы алдағы жоспарларымен «Қазақтелеком» АҚ аудандық бөлімшесінің басшысы О. Лисун ойларын ортаға салды.

Аудандағы атқарылып жатқан жұмыстарымен танысқан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов өз сөзінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға ризалық білдіріп, жаңа істер жал-ғасын тауып, жүйелі жұмыс жүруі керектігіне тоқталды. Одан әрі БҚО  бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі басқарма басшысы Ж. Нұрмағамбетова, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары М. Қалығұлованың баяндамалары тыңдалды.

Адақ   ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау  ауданы


«Чинойл» Шыңғырлауда

Күні: , 49 рет оқылды

Шыңғырлау  ауданының  орталығына  кіреберісінде орналасқан  жанар-жағармай  құю  стансасы  жұмысы жаңғыртылып,  қайта  іске  қосылды.

Бұл жерде көліктерге жоғары сапалы жанар майлар құю ісі толықтай жолға қойылды деп айтуға болады. Ең бастысы, стансаға әкелінетін өнімдер Башқұртстаннан тікелей жеткізіледі. Осы жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы алынған «КамАЗ-5490» маркалы автомашина үнемі екі ортаға қатынауда. Құрылтайшысы Мирболат Тасмағамбетов болып саналатын бұл мекемені Гүлнар Дүйсенова басқарады. Тәжірибелі маман жұмысты белгілі жүйеге қойып, «ТОО Чинойл» маркалы талондар арқылы көліктерге қызмет көрсетуін жүргізуде. Аи-92, Аи-95  маркалы  сапалы  бензин  көпшіліктің  де  көңілінен  шығуда.

– Бұрын Аи-95 маркалы бензинді машинаға құю үшін Ақсай, Орал қалаларына баратынбыз, енді өзімізден жасаймыз. Бағасы да, сапасы да тиімді. Жерлестерге ыңғайлы болды деп ойлаймын, –  дейді  аудан  тұрғыны  С. Қабиев.

Елдегі жарқын істерге жанашыр болып жүрген Мирболат Алғалиұлы алда да осы ісін жақсарту жөнінде жұмыстанатынын айтып,  ой  бөлісті.

Станса ғимаратының іші жарық та жылы. Машинаға құятын май түрлерімен қатар, түрлі сусын, жеңіл тағамдарды да осы жерден  алуға  болады.

Адақ   ШОТПАНОВ,

Шыңғырлау   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика