Тег: ‘Футбол’


«АҚЖАЙЫҚ» неге ерден ауды?..

Күні: , 57 рет оқылды

…Әлқисса, сонымен, біздің облыстың футболдан премьер-лига командалары арасындағы  Қазақстан  чемпионатына үкілеп қосқан «Ақжайық» атты арғымағы жоғары топтан  тағы  төмен сырғыды. Маусым бел ортасынан ауғанша, тіпті соңғы турларға шейін Жайық жанкүйерлерінің басым көпшілігінде біздің команда тап биыл ерден ауады-ау деген күдік-күмән болмағаны анық. Алайда «Ақжайық» аяқдопшыларының көмбе таянған сайын кібіртектеуі, әлсін-әлсін сүрінуі тым жиіледі. Әсіресе, өткен айдың соңында ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қауіп бұлты қоюлана түсті. Мұның ақыр аяғы чемпионат бітпей жатып, оралдық футбол клубының жоғары топпен қош айтысуына келіп тірелді. Біз мән-жайды  білмек болып, «Ақжайық» клубының басшылығына хабарласқанбыз, енді осы пікірлерге зер салып көргейсіз.

Сергей   ЗАЙЦЕВ,

«Ақжайық»  командасының бас бапкері:

– Маусымның соңына таман «Ақжайықта» деңгейі жоғары ойыншылардың тым аздығы қатты сезілді. Бұл енді батысқазақстандық футбол клубының бюджетіне тікелей тәуелді фактор. Әрине, премьер-лигаға бір ілігіп, бір шығып қалып жүргенше, ойын өрнегі тұрақты  команда  қалыптастырған жөн. Бірақ «Ақжайықтың» қазіргі  қаржылық  жағдайымен  әлгіндей команда қалыптастыру қиын болып тұр…

Артур  АВАКЯНЦ,

«Ақжайық» командасы бас бапкерінің ассистенті:

– Біз әлі биылғы чемпионаттың нәтижесіне жан-жақты талдау, түбегейлі сараптама жасай қойған жоқпыз. Әзірше айтарым, тура биыл бірінші топқа түсіп қаламыз деп ойламап едік. Өйткені, күні кешеге дейін көш соңында келе жатқан командалардан ұпай жағынан әжептәуір алда  болдық. Меніңше, бізді өзімізге деген тым сенімділік құртты.

Мейрам  САПАНОВ,

«Ақжайық»  командасының  капитаны:

– Тым жақсы келе жатыр едік… Тіпті «Астананы» «үйде», ал «Қайратты» түзде,  өз алаңында ұтып, «айды аспаннан бір-ақ шығарып», жанкүйерлерімізді ұлан-асыр қуанышқа да бөлегенбіз. Осындай керемет сәттіліктерден кейін, өз-өзімізге орынсыз тым сенімді болып кеттік-ау, шамасы…

Арнайы  заң  керек-ау,  осы…

…Жайық жанкүйерлерінің жылдар бойы көріп келе жатқаны осы. Яғни жергілікті бапкер мен жергілікті жігіттер «Ақжайықты» арқа еті арша, борбай еті борша бола жүріп, жоғары топқа алып шығады. Сосын шеттен бапкер келіп, ол аннан-мұннан қағылған-соғылған біраз легионерді жинап алып, күні кеше ғана «Ақжайық» үшін жан алып, жан беріскен жергілікті футболшылардың денін кәдеге жаратпай, шетке ысырып тастап, іске «қызу кіріскендей» түр байқатады. Сөйте  тұра,  маусымның соңында команда баяғы таз қалпына түсіп, бірінші топқа сырғып, келесі жылы жасыл алаңда жергілікті жігіттер Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасын қайтадан премьер-лигаға шығару үшін екі иықтарын жұлып жеп, жанталасып  жүреді…

Жалпы, отандық футбол шаруашылығының «ауру-сырқауы» көп. Солардың бірсыпырасын назарыңызға ұсынайық. Мәселен, «Сырт көз – көреген» дегенге сайсақ, бізге Астана мен Алматыдан, шалғай облыстардан, әсіресе, аудан-ауылдардан футбол дарындарын іздеп-іріктеу, яғни  селекциялық жұмыс атаулы жүйелі түрде сауатты жүргізілмейтіндей көрінеді. Сосын біздіңше, допты ұршықша иіруге қабілетті қазақтың қарадомалақтарына жанашырлықпен қарайтын Талғат Байсофыновтай ұлттық бапкерлер толқынын үздіксіз қалыптастырып отыру мәселесі де күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Ал бұл шаруаны ҚР Футбол федерациясы әлі күнге дейін қолға алмағандай әсер қалдырады. Неге? Кең байтақ Қазақстан бойынша аяқдопқа қатысты инфрақұрылым жүйесін күрт жақсарту керектігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Ендігі бір екпін түсіріп, астын сызып айтатын мәселе, премьер-лигадағы командаларға бас-көз жоқ легионерлерді топырлатып, олардың басынан төмен қарай ақша құюды доғару керек! Осы мәселе былтыр еліміздің ең жоғарғы заң шыға-рушы құрылымы – Парламентте әжептәуір әңгіме бола бастады да, неге екені белгісіз, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан спортында бүгіндері легионерлерге арқа сүйеу белең алып барады. Бұл керітартпа әдет, әсіресе, командалық спорт түрлері бойынша әбден кең етек жайған. Мысалы, футболдан премьер-лигадағы командаларды қараңыз, келімсектер өріп жүр. Тіпті еліміздің бес дүркін чемпионы (!) «Ақтөбе» командасының қазіргі капитаны, сербиялық легионер қорғаушы Александр Симчевич. Шайбалы хоккейден Астананың «Барысының» құрамына назар аударып көріңіз, шетелдік спортшылардан көз сүрінеді.

Егер мұны азсынсаңыз, «Астана» баскетболшыларына зер салыңыз, еуропид нәсілділерді айтпағанда, зіңгіттей-зіңгіттей зәңгі жігіттер төбеңізден төне қарап тұрады… Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, «Жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, бүгіндері күрес, ауыр атлетика сықылды командалық емес спорт түрлерінде де Қазақстан азаматтығын күні кеше қабылдап, осыдан 27 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақ елінің ұлттық құрамасына кешелі-бүгінді енген шыққан тегі шетелдік спортшылар-дың қарасы қоюланып барады… Сонда деймін-ау, қазақтың спортқа ден қойған қыз-жігіттері «қайда барып күн көреді?..». Демек, жағдай біржола ушықпай тұрғанда, меніңше, құрамына шетелдік легионерлерді көптеп қабылдауды шектейтін «Командалық спорт түрлері туралы» арнайы заң керек-ау,  осы…

ТОСЫН  ПІКІР

Газет  бетінде  өзінің  аты-жөнін  көрсетпеуді  сұраған  жанкүйердің  пікірі:

– Маған сенімді дереккөздерінен мәлім болғандай, біраз жылдан бері «Ақжайық» футбол клубы үшін қазынадан жыл сайын 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін көрінеді. Бұл көп емес. Мәселен, Қызылорданың «Қайсарының» бір жылдық бюджеті 3,5 млрд. теңге көрінеді. Көрдіңіз бе, «Қайсардың» қаржылық әлеуеті біздің командадан бірнеше есе жоғары. Сондықтан да қалталы футбол клубтары команданы өрге сүйрейтін легионерлерді өз қатарына тарта алады. Ал ақшаға байланысты «Ақжайықтың» әлгіндей мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті оған бөлінген қаржы-қаражат құмға құйған сумен тең. Оның үстіне біздің облыс орталығының өзіндегі футболға қатысты инфрақұрылым сын көтермейді. Соның кесірінен «Ақжайық» жаңа маусымға даярлықты бірнеше апталап, бір-екі айлап Түркияда пысық-тауға мәжбүр. Ал бұл дегеніңіз, қыруар ақша!

Орал қаласында балалар мен жасөспірім футболшылар, сондай-ақ жас футболшылар күн суықта жаттығатын басыбайлы жабық зал атымен жоқ.

Мекемелік спортзалдар әр түрлі мекеме-кәсіпорындардың ұжымына коммерциялық негізде бекітілген кесте бойынша жыл сайын жалға беріліп, балалар мен жастар футболы үшін еш босамайды. «Ақжайық» футбол клубы жанынан облыстың бірқатар аудандарында футбол орталықтары ашылғанымен және аудан-ауылдардағы жасөспірім дарынды футболшыларды облыс орталығына тартқанымызбен, әзірге олар емін-еркін тұратын интернат жоқ. Ағайын-туысының үйінде бірер ай жатып, қаланың әр қиырынан күн суықта тоңып-шашырап біраз уақыт жаттығуға келіп жүреді де, жағдай болмағаннан кейін барлығы дерлік қолын бір-ақ сілтейді. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірде қыс айларын айтпағанда, көктем мен күздің біраз бөлігін суық әрі жауын-шашынды күндер құрайды. Осы жағдайдың өзі-ақ сақадай-сай жаттығу базасы жоқ команда үшін ілгері басқан аяғын кері тартатын фактор. Міне, осындай елеулі факторларды елеп-екшеп келіп, өз басым екі-үш жылға «Ақ-жайық» командасын таратқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жан-күйер қауымға соттың суық үкіміндей естілері сөзсіз. Бірақ сабыр сақтап, салқын ақылға жүгінейік. Мысалға, «Ақжайық» футбол клубын екі-үш жылға тараттық делік, енді жыл сайын оған бөлінетін 900 млн. теңгеден астам қаржыны тікелей облыстың футболдық инфрақұрылымын күрт жетілдіруге жұмсайық. Екі-үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады, есесіне, футболдық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытып, сықитып аламыз.  Керемет  емес  пе?!

Бауыржан   ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал   өңірі»   


«Қызылжардан» өттік, алда «Атырау»

Күні: , 91 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бас бапкердің міндетін атқарып келе жатқан Артур Авакянц осы жолы да қақпаны украиналық тәжірибелі ойыншы Евгений Боровикке сеніп тапсырды. Сондай-ақ Руслан Қайыровтың орнында Латвия ұлттық құрамасының мүшесі Артур Карашаускс ойнады.

Матчты жинақы өткізген оралдықтар екінші минутта-ақ есеп ашты. Оң қанатта алыстан пас алған Игорь Худобяк ала допты Азат Ерсәлімовке жылжытты.  Азат айып алаңына асырған допты «Ақжайықтың» сұрмергені, сенегалдық Малик Мане баспен дәл ұрды.

Қонақтар да қарап қалмай, таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Дегенмен ойын барысында алаң иелерінің басымдылығы байқалып тұрды. «Ақжайық» сапында екінші кездесуін өткізген, орта тұсты нықтауға тиісті Карашаускс негізі шабуылшы болғаннан соң ба, өз орынын таба алмай жүргендей көрінді. Оның үстіне допты қақпадан асыра тебумен болды.

Малик Мане де бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен 70-минутта Иван Антиповтың пасынан кейін Малик Мане ортаға қарай ойқастап барды да, айып алаңына кірместен шірене тепті.  Қақпа жақтауына тиіп, ішке енген доп торда тулап жатты. Бұл Маненің биылғы біріншіліктегі жетінші голы еді.

Екінші таймда «Ақжайыққа» жуырда қайта оралған хорватиялық қорғаушы Денис Главина алаңға шығып, сенімділікті үстей түсті. Ивуарлық шабуылшы Идрисса Куяте де өзінің бар екендігін көрсетті.

Осылайша екінші мәрте қатарынан жеңіске жеткен оралдықтар турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Артур Авакянц «Қызылжармен» айқастың оңайға түспегенін, қазіргі таңда әр матчтың плей-офқа тең екендігін жеткізді. Сондықтан оралдықтарға әр кездесуде ұпай алу үшін барын салуға тура келеді. Алда аса жауапты бәсекелер тұр.

«Ақжайық» 21 шілде күні Атырауда көш соңында келе жатқан, таяуда ресейлік белгілі маман Виктор Кумыков тізгінін ұстаған «Атырау» командасымен шеберлік байқасады. Өткен турда Ақтөбеде 1:5 есебімен ойсырай ұтылған атыраулықтардың шегінер жері жоқ.

Содан кейін А.Авакянцтың шәкірттері 28 шілдеде өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Құрамында жалғыз өзі 14 гол соққан армениялық легионер Маркос Пиззеллидей мергені бар ақтөбеліктердің биылғы қарқыны қатты. Егер ФИФА алты ұпайын алып тастамағанда, ақтөбеліктер төртінші орында тұрар еді. Биылғы екінші айналым 4 тамыз күні Талдықорғанда «Жетісу» командасымен өтетін бәсекемен түйінделеді, ол да осал емес, алдыңғы орындарға көз тігіп тұрған клубтардың бірі. Сосын үшінші, шешуші айналым басталады.

Батысқазақстандық жанкүйерлерге, әрине, сүйікті командасының жеңісті жолынан таймағаны керек. Лайым солай болғай!

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


Төрт ойынды түйіндесек…

Күні: , 101 рет оқылды

Бразилия  оңай  жеңді

Жаһандық доп додасының 1/8 финалы Бразилия – Мексика, Бельгия – Жапония, Швеция – Швейцария және Колумбия – Англия арасындағы 4 ойынмен түйінделді. Енді осы матчтарға кеңірек шолу жасап өтелік.

Аяқдоптың Отаны Англия болғанымен, Бразилияның бұл спорттағы көшбасшылық рөліне ешкімнің таласы жоқ. Биылғы мундиалда «селесао» (Бразилияның лақап аты) басты фавориттердің бірінен саналады. Алайда, оған қарсы тұрған Мексиканы да осал деп айта алмайсың. Қос құрама бір құрлықтан (Латын Америкасы) болғандықтан, өзара талай мәрте кездесіп, итжығыс түсіп жүрген-ді. Оның үстіне Мексика топтық кезеңде әлем чемпионы Германияны ұтқаннан кейін оған менсінбей қараудың соңы неге соқтырарын «селесао» жақсы білді.

Ойын жанкүйер күткендей аса белсенді басталды. Алғашқы минуттарда «ацтектер» (Мексиканың лақап аты) тең дәрежеде тайталасқанымен, біртіндеп Бразилия ойын тізгінін өз қолына алды. 25 минутта жұлдызды шабуылшы Неймар бірнеше қарсыласын алдап өтіп, өткір бұрыштан қақпаға доп бағыттады. Қақпашы Очоа бұған дайын болып шықты. Іле-шала Жезустың добын да кері қайтарды.

«Аңдыған жау алмай қоймайды» дегендей, үзілістен соң 51 минутта «селесао» есеп ашты. Алаң ортасынан Виллиан мен Неймар бір-бірімен алма-кезек пас алмасып, Виллианның қапталдан берген пасын Неймар құлап бара жатып голға айналдырды. Ойын соңында сол баяғы Неймар қақпашымен бетпе-бет шықты. Оның тепкен добын Очоа бұрып жібергенімен, Фирмино керек жерден табылып, екінші голды салып кетті. Сөйтіп, Бразилия көп күш жұмсамай, ширек финал  жолдамасын  қоржынға  салды.

Самурайлар  өкініші

Аса тартысты матч Бельгия – Жапония арасында өтті. Талантты жас ойыншыларды құрамына тарту жағынан ешкімге дес бермеген Бельгия топтан оңай шыққан еді. Жапония керісінше, әр матчты нағыз самурайлық мінезбен, айрықша жанкештілікпен өз пайдасына шешіп отырды. Сондықтан бір-біріне ұқсамайтын командалардың өзара текетіресін көруге жанкүйерлер көптеп жиналды.

Бірінші таймда Бельгияның басымдығы мүлде байқалмады. Құстай ұшқыр желаяқ жапондар бірде Лукакудың, енді бірде Азардың аяғынан допты қақшып әкетіп, сан мәрте қауіпті қарсы шабуылдар жасады. Ортадағы плеймейкер Кевин де Брейне әріптестерін ұрымтал паспен қамтудың жолын таба  алмады.

Екінші тайм күтпеген жерден самурайлардың қос голы-мен басталды. 47 минутта оң қапталдан сытылып шыққан Харагуси айып алаңына ене бере, допты қақпашының қолы жетпейтін алыс бұрышқа сылқ еткізді. 51 минутта Инуидің ортадан еш кедергісіз шірене тепкен добы тағы да торды бүлк  еткізді.

Енді кешіксе, масқара болатындығын ұққан Бельгия бапкері Мартинес ойынға ұзын бойлы Феллайни мен Шадлиды қосты. Тап осы тұста Жапония орны толмас тактикалық қателікке жол берді. Қорғанысқа төрттағандап жатып алып, қарсыласқа допты басы-бүтін беріп қойды. Нәтижесінде, айналасы 5 минуттың ішінде Бельгия есепті теңестірді. 68 минутта Вертонген, 73 минутта Феллайни баспен гол салды. Ойын соңына таман ортадан доп алған Де Брейне сол қапталдағы Шадлиге пас шығарып, Шадли драмаға толы матчтың нүктесін қойды. Есеп Бельгия пайдасына 3 : 2.

Өкініштен өзегі өртенген жапондар осылайша  елдеріне  қайтуға  мәжбүр.

Айтпақшы, жапондардың бекзаттығы туралы әңгіме интернетте кеңінен тарап жатыр. Бельгиямен матчтан соң жапон ойыншылары киім ауыстыратын бөлмені жуып-тазалап, орыс тілінде «Спасибо!» деген жазу қалдырыпты. Жанкүйерлері де отырған орындарындағы қоқысты қапқа салып алып кеткен. Басқа біреу болса, ұтылғанына ызаланып, айналасын тас-талқан етер ме еді, кім білсін? Міне, нағыз  мәдениет,  мықты  самурайлық  мінез!

Форсбергтің  жолы  болды

Швеция мен Швейцария арасындағы ойында кім жеңеді деген сұрақ біраз талқыланды. Еңгезердей шведтер қорғанысқа бекем, басқа берілген допты қағып алатын қасиетке ие. Швейцарлықтар жылдам, техникалық тұрғыдан жақсы «қаруланған», бойлары аласа болса да, мығым, аяққа жақсы тұратын төртпақ жігіттерден құралған команда. Қыс-қасы,  қара  күшке  әдіс-айла  қарсы  келді.

«Викингтер» бұрыннан өздеріне табыс әкелген тасқамал қорғанысты бұл жолы да ұтымды пайдаланды. Қапталдарды жауып, ортаны бөгеп, Шакиридей шапшаң шабуылшыны «ауадан» айырды. Есесіне, Тойвонен мен Берг, Классон мен Форсберг сәт сайын Швейцария қақпасына қауіп төндірумен болды. Шведтер қарапайым тактиканы ұстанды. Яғни, қорғаушылар мен жартылай қорғаушылар допты әуелетіп алға тастайды, алда жүрген Форсберг допты қақпаға тебеді. Жан-жақтан төнген қысымға қарамастан, бірінші таймда есеп  ашылмады.

  Жағдай екінші таймда да өзгерген жоқ. Шведтердің қорғанысын швейцариялықтар ара-тұра шабуылмен тек-серді. Дегенмен, Шакириге қарағанда Форсбергтің жолы болды. Тойвоненнен пас алған Форсберг ортадан шірене тепті. Доп жол-жөнекей Швейцария қорғаушысы Аканджидің аяғына тиіп, қақпадан табылды. Қалған уақытта шведтер осы есепті  ұстап  қалып,  келесі  кезеңге  жолдама алды.

 

Колумбия  ауылға  қайтты

Шынын айту керек, Колумбия – Англия матчында қос тараптан да көпке дейін мағыналы, ойлы ойын болған жоқ. Футболшылар жасыл алаңның төріне сыймай, бір-бірін іліп-шалып, құлатып, төрешіден «сары қағаз» «сұраумен» жүрді. Бұған бір жағынан әшейінде шабуылға иек артатын Колумбияның бұл жолы қорғанысты нығайтқаны себеп болғаны байқалды. Колумбия бапкері Пекерман 4 қорғаушыға көмекке 3 жартылай қорғаушыны жіберіп, алғы шепті әбден әлсіретті. Нәтижесінде бүкіл ойын бойы колумбия-лықтар Англия қақпасына қарай бар-жоғы 5-ақ рет (!) доп  бағыттай  алды.  Айып  добы  мүлде  болған  жоқ.

Өз кезегінде еркіндікті сезінген Англия комбинациялық футбол көрсетуге тырысты. Жас әрі жылдам Лингард пен Алли алда жүрген Кейнге қайта-қайта доп шығарып беріп, мазаны алды. Сондай сәттердің бірінде айып алаңында доп алған Кейнді Санчес күрес әдісімен жығып тоқтатып, өз қақпасына пенальти әкелді. Ал Кейн нүктеден мүлт кетпеді.

Ойынды құтқару үшін Пекерман тыңнан Бакку, Урибе және Муриэлді алаңға жіберді. Ақыр аяғында Колумбия дегеніне жетті. Куадрадоның әуелеткен добын Мина баспен ұрып, есепті теңестірді. Ойынның негізгі уақыты да, қосымша 30 минутта тең аяқталып, кезек пенальтилерге келгенде ағылшындар салқынқандылық танытты. Қорытынды  нәтиже  4 : 3.  Англия  ширек  финалда.

Ширек финалда 6 шілде күні Уругвай Франциямен, Бразилия Бельгиямен, 7 шілде күні Ресей Хорватиямен, Швеция  Англиямен  ойнайды.

Дайындаған  Жамал  ҒАЛИ


Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Күні: , 54 рет оқылды

Ресейде өтіп жатқан ала доп аламаны ортан беліне таяды. Бәсеке болған соң біреу жеңіп, біреу жеңіледі. Бабы келіссе де, бағы жанбаған құрамалар футбол тойынан тұнжырап тараса, «жолы» болған командалар жарысты жалғастыруда. Солардың қатарында Аргентина да бар.

Мұхит асып келген Аргентина алғашқы екі ойында қыруар ұпай жоғалтып, жағдайын қатты қиындатып алған еді. Топтан шығуы үшін үшінші матчта міндетті түрде Нигерияны ұтуы тиіс болатын. Ол өз алдына, қатар өтетін кездесуде Хорватия Исландияны тізе бүктірген кезде ғана плей-оффқа Аргентина шығады делінген. Міне, осындай шым-шытырық есепті шешу үшін бас бапкер Сампаоли додаға біраз жаңа ойыншыларды қосты.

Алдымен хорват шабуылшысы Ребичтің аяғына өз қолымен допты салып берген қақпашы Кабальероны орындыққа отырғызды. Оны Франко Армани алмастырды. Серхио Агуэро мен Пауло Дибала да негізгі құрамнан тыс қалды. Бапкер  сондай-ақ ойын сызбасын 4-3-3 жүйесіне өзгертіп, бұған дейін үзіліп қалған қорғаныс пен шабуылдың арасын  жалғастырды. Нигерия болса Виктор Мозес, Джон Оби Микел, Ахмет Мұса секілді мықтыларына мол үміт артты.

Жасыл алаңда жан алысып, жан беріскен «шайқас» болатындығы түрік төрешісі Жүнейт Чақырдың ысқырығынан кейін бірден байқалды. Жартылай қорғаушылар Банега мен Перес, Маскерано мен Ди Мария аяқтарына тиген допты кідіртпей Мессиге жеткізуге тырысты. Лео әдетінше әбжіл қимылдап, қарсы команданың екі-үш ойыншысын жол-жөнекей алдап, Нигерия қорғанысын әбден әбігерге түсірді. Ойынның 14-минутында шабуылшы ақыры дегеніне жетті. Ортадан доп алған Банега ойқастап ашылған Мессиге тамаша пас берді. Ала допты ала қашқан Лео оң аяқпен шірене тартып, қақпаның алыс бұрышын бүлк еткізді. Орындарынан дүр етіп көтерілген стадион толы жанкүйерлер де «Месси! Месси!» деп дауылдатып ала жөнелді…

Шынын айту керек, соғылған доп Нигерияны абыржытудың орнына қайта қамшылай түскендей әсер қалдырды. Әсіресе, «Челсидің» жартылай қорғаушысы, қара құрлықтың таңдаулы жас ойыншыларының бірі Виктор Мозес салқынқанды қимылымен көзге түсті. Екінші тайм басында осы Мозес 11 метрлік айып добын сәтті орындап, есепті теңестірді.

Көрініп тұрған жеңістің ауылы қайта алыстап кеткесін Сампаоли бапкер ойынға тың ойыншылар Павон мен Месаны, артынан Агуэроны қосты. Сәт сайын Аргентинаның қысымы артып, Нигерияның тынысы тарылып келе жатты. Сөйтіп, 90 минут түгесілуге таялғанда шабуылшыларға қалай гол соғу керектігін қорғаушы Маркос Рохо көрсетіп берді. Меркадоның оң қапталдан берген добын жерге түсірмей тепкен мәскеулік «Спартактың» бұрынғы ойыншысы бұл матчтың ғана емес, күллі Аргентинаның қаһарманына айналды. Қатар өткен ойында хорваттар Исландияны ұтып, Аргентинаға плей-офф жолдамасын сыйлады. Мұңайма, Месси! Алға Аргентина!

Өзге ойындарға тоқталар болсақ, «С» тобында келесі кезеңге шығып қойған, ұпайлары түгел Франция мен Дания тең ойнаса, осы топтағы Перу Австралияны 2 : 0 есебімен ұтты. «А» тобында да жағдай осы тектес. Жолдамаға қол жеткізген Уругвай Ресейді 3 : 0 есебімен жеңсе, Сауд Арабиясы Египетті 2 : 1 етіп ұтып, өздеріне жұбаныш тапты.

«В» тобында қос жолдамаға талас соңғы турға дейін сақталды. Одан Испания мен Португалия және Иран үміткер болған еді. Бірақ, Иран Португалиямен тең ойнап, келесі кезеңге шыға алмады. Испания да Мароккомен тең нәтижеге келісті. Алда бізді «F», «H», «G», «E» топтарындағы тартысты матчтар күтіп тұр.

 Жамал Ғали


Әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды

Күні: , 61 рет оқылды

Аяқдоптан әлемдік аламанда екінші айналым аяқталды. Өткен жұма-жексенбі аралығында 9 бірдей тартысты матч көпшілікті көгілдір экран алдына телміртті. «Е» тобында Бразилия Коста-Риканы күткендегідей ұтса (2 : 0), «G» тобында Бельгия Тунисті 5 : 2 есебімен, осы топтағы Англия Панаманы 6 : 1 есебімен талқандады. Көзіқарақты жанкүйер үшін бұл ешқандай тосын жағдай емес, түсінікті, күмән тудырмаған нәтиже. Сол секілді, Колумбияның Польшаны 3 : 0 есебімен ұтып, еліне қайтаруы да ешкімді таң қалдырған жоқ.

  Таң қалдырғаны қалған 5 кездесудің қорытындысы. Чемпионат басталмас бұрын «Н» тобында тоқайласқан Сенегал мен Жапония өзара топтан шығуға таласады дегенге сену қиын еді. Дегенмен, Күншығыс елінің өкілдері де, қара құрлық ұландары да әзірге үзеңгі қағыстырып, қатар келеді. Мұны аса шиеленісті өткен ойын тағы дәлелдеді. Садио мен Вагтың голдарына жапондар Инуи мен Хонда қос доппен жауап беріп, таразы басын теңестіріп кетті. Бұл топта 4 ұпай олжалаған осы екі команда көш бастап тұр.

  «F» тобында Мексикамен кездескен Оңтүстік кәріс елі  2 : 1 есебімен ұтылып, Отандарына оралған құрамалардың санын көбейтті. Екі ойында 6 ұпай алған «Ацтектердің» жағасы жайлауда. «Е» тобындағы ең маңызды текетіресте Швейцария Сербиядан басым түсті (2 : 1). Сербтер Митровичтің арқасында есеп ашқанымен Джака-Шакири жұбы жеңісті жұлып әкетті.

  «D» тобында турнирдің жұмбақ командалары – Нигерия мен Исландия кездесті. Кекілдерін күн сүйген африкалық желаяқ жігіттерді жанартаулар мен ыстық бұлақтар елінің 11 өкілі тасқамал қорғаныспен қарсы алды. Бұл ойында бұрынғы мәскеулік ЦСКА-ның ойыншысы, қазір ағылшындық «Лестерде» жүрген Ахмет Мұсаның айы оңынан туды. Ресейдің топырағына табаны үйренген, орман-орыстың жасыл алаңын талай таптаған Мұса бірінен соң бірі екі доп соғып, мергендер көшіне қосылды. Жалғыз ұпайы бар Исландия да топтан шығуға мүмкіндігін жоғалтқан жоқ. Ол үшін енді Исландия Аргентинаны ұтып, Нигерия Хорватиядан ұтылуы керек. Қысқасы, бәрі бірер күнде  белгілі болмақ.

  Ең үлкен сенсация «F» тобында тіркеле жаздады. Төрт жыл бұрын әлем чемпионы атанған Германия құрамасы азулы Швециямен алаңға шықты. Бұл не бел кетеді, не белбеу кетеді деген ойын еді. Себебі, алғашқы турда әйгілі «неміс машинасы» сыр беріп, Мексикаға есе жіберген болатын. Енді жеңілсе, нағыз масқаралары шығатындығын жақсы түсінген бас бапкер Иоахим Лев қол астындағы бар мықтыларын бәйгеге қосты. Қақпада тәжірибелі Нойер, қорғаныста Киммих, Боатенг бастаған батырлар, ортада Кроос, Ройс секілді жартылай қорғаушылар, шабуылда Мюллер, Гомес секілді шеберлер ойқастады. Соған қарамастан ойын немістер үшін өте сәтсіз өрбіді. 32 минутта Тони Кроостың өрескел қателігін пайдаланған швед шабуылшысы Тойвонен Нойерді қапы қалдырып, есеп ашып кетті. Одан әрі викингтер командалық прессингті сәтті қолданып, әдемі қорғанды. Швед қорғанысын бұзып-өту тек екінші таймда мүмкін болды. Гоместің қапталдан берген добын айып алаңына баса-көктеп енген Ройс тура теуіп, торда тулатты.

Қалай десе де, тең нәтиженің өзі Германияға тиімді емес еді. Сондықтан, «неміс машинасы» 90 минут бойы шабуылдаудан бір тынбады. Алайда, одан еш пайда болмады. Сөйтіп, матчтың негізгі уақыты бітіп, 5 минут қосылғанда немістердің жаны мұрындарының ұшына келгендігі анық еді. Дегенмен, күштіге ғана сәттілік серік болады деген рас екен. Ойын аяқталуға 30 секунд қалғанда Тони Кроос айып добын дәл соғып, тоғыздыққа топ еткізді. Біз сөзбен айтқанда, әйгілі «неміс машинасын» «бұзылудан» Кроос құтқарды…

Жамал Ғали


Орыс «ертегісінің» жалғасы бар ма?..

Күні: , 86 рет оқылды

Ресейдегі аяқдоптан әлемдік доданың 18 маусымдағы кестесіне үш ойын қойылған болатын. Алғашқы жұп Швеция – Оңтүстік Корея арасындағы бәсекеде шведтердің жеңісі күмән тудырған жоқ. Ағылшындық «Халл Ситидің» ойыншысы Себастьян Ларсен бастаған жігіттер бір доп соғып, кәрістерді қапы қалдырды.

Келесі матчта Бельгия мен Панаманың жолы түйісті. Алғашқысы аса талантты жастарды сапына тартқан құрама ретінде үлкен қызығушылық тудырса, Панама өз құрлығында (Америка) Коста-Рикадан басым болып, тарихында тұңғыш рет дүниежүзілік додаға жолдама алған еді. Шүу дегеннен Бельгия басымдығын байқатты. 47 минутта Дрис Мертенс гол салды. Артынша, 69 және 75 минуттарда Ромелу Лукаку қос доп соғып, кездесу тағдырын біржола шешіп тастады. Жалпы, мамандардың пікірінше, биылғы біріншіліктің басты жаңалығы осы Бельгия болуы әбден мүмкін.

Соңғы жұпты Тунис-Англия түйіндеп, бұл матчта 2:1 есебімен ағылшындар жеңіс тойын тойлады. Күтілген нәтиже. Таңғалудың қажеті жоқ. Ал әлемді таңғалдырған әзірге Ресей құрамасы болып отыр. Өйткені, дүниежүзілік доп-додасы басталғанша өзін-өзі «сыйлайтын» жанкүйердің бірде-бірі Ресей құрамасы топтан шығады дегенге сенген жоқ. Сенбегені былай тұрсын, мазақ қылып күлетін. Күлмегенде ше, Черчесовтың шәкірттері жолдастық кездесулерін қалай болса солай, сүреңсіз өткізіп, әбден қадірлерін қашырып алған-тұғын. Чемпионат басталмай жатып, негізгі қорғаушы Соломон Квирквелия жарақат алды. Одан қақпашы Александр Селихов «сынды». Ортада ойқастайды делінген Денис Глушаков тізімнен тыс қалды. Есесіне, жыл бойы әр клубта «жалданып» (аренда), тепкен добы жиі қиыс кетіп жүрген шабуылшы Артем Дзюба шақырылды. Осының бәрі, түптеп келгенде, бас бапкер Станислав Саламұлының атына мадақ сөздерін көбейтпегені анық.

   Сөйте  тұра,  дүниежүзілік доп-доданың беташар  ойынында  Ресей құрамасы Сауд Арабиясын 5:0 есебімен тізе бүктіріп, айды аспанға шығарды. Газинский, Головин, жоғарыдағы Дзюба бір доптан, ал Черышев қос доп соғып, жанкүйерлерін бір желпіндірді.

Екінші ойын «Африканың перғауындары» атанған Египетпен болды. Футболдан алыс ағайын Египеттің Саудтардан не айырмашылығы бар деуі де ғажап емес. Бір сәтке тоқтай тұрыңыз, мұнда «Ливерпульдің» сұрмергені, биыл Чемпиондар лигасының финалына дейін жеткен, барлық турнирлерде 36 (!) гол соққан атақты Мохаммед Салах бар. Матч алдындағы негізгі әңгіменің барлығы қайтсек Салахты «ұстап» тұрамыз дегенге сайды. Тіпті, біреулер жарақаттан жазылмаған иығынан түйіп, оны «саптан» шығарып тастау керек дегенге дейін барды. Алайда ойын барысы мүлде басқа сипат алды. Черчесов алғы шепке түйедей Дзюба мен қолтоқпақтай Черышевті қатар жұптап шығарды. Алғашқы таймда бұл екеуі «перғауындардың» қорғанысын бұзып-жарып өте алмағанымен, біраз терлеуге мәжбүр етті. Ресей нағыз күшін екінші таймға сақтаған екен. Жартылай қорғаушы Зобниннің тепкен добы жол-жөнекей мысырлық  Фатхидың аяғына тиіп, қақпадан табылды. Аутоголдан ес жия алмай жатқанда, Черышев тағы бір голды торда тулатты. Іле-шала ебедейсіз көрінген Дзюба айып алаңында әбжілдік танытып, қос қарсыласын алдап, үшінші допты енгізіп кетті. Египеттің «жұбаныш» добын пенальтиден сол баяғы Салах соқты. Осымен қос ойында ұтылған «перғауындар» еліне қайтты. Ал Ресей өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды. Соңғы ойында Уругвайға есе жіберсе де, енді көршілерге бәрібір.

Египетпен ойыннан кейін бас бапкер Черчесов бір-ақ ауыз сөз айтты. «Мен ештеңе дегім келмейді, менің әңгімемді жігіттерім жасыл алаңда іспен айтты» депті сабазың. Шынында да, бұған не алып қосарсың. Енді тек өз  елінде  өтіп  жатқан  аяқдоптың  аламанына  қатысты  орыс  «ертегісі»  әрі  қарай  жалғасар  ма екен?..

Дайындаған   Жамал   ҒАЛИ

Сурет   ғаламтордан   алынды


Қожайын «қонақжай» емес екен…

Күні: , 69 рет оқылды

Төрткүл дүниедегі теңбіл доп жанкүйерлері түгел көз тіккен ХХІ әлем чемпионаты 14 маусым күні шымылдығын ашты. Көрші Ресейде өтіп жатқан футболдан дүниежүзілік доп-доданың финалдық кезеңінің алғашқы ойыны турнир қожайындарының жойқын жеңісімен есте қалды. Мәскеудегі «Лужники» стадионына жиылған 78 мыңнан астам футбол жанкүйерімен бірге Ресей және Сауд Арабиясы құрамаларының ойынын қос елдің мемлекет басшысы, яғни Ресей  президенті Владимир Путин мен Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдул Азиз қатар отырып тамашалады.

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жинақы әрі сергек ойын өрнегін көрсетіп, жылдам шабуылдар ұйымдастырған алаң иелері матчтың 12-минутында есеп ашты. Юрий Газинский басымен соққы бағыттап, әлемдік турнирдегі алғашқы голдың авторы атанды. Бірінші тайм аяқталуға бірер минуттар қалғанда ресейліктер орайын тауып, Сауд Арабиясы құрамасының қақпасына екінші допты енгізіп үлгерді. Бұл жолы Денис Черышев қарсыластарының осал тұсын дөп тауып, берілген мүмкіндікті мүлт жібермеді. Осы орайда айта кетсек, Черышев 24минутта жарақат алған Алан Дзагоевтың орнына алаңға шыққан болатын. 71-минутта Артем Дзюба қосалқы құрамнан алаңға шыға салып, қарсыластар қақпасына үшінші допты салды. Ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Денис Черышевтың алыстан тепкен жой-қын соққысы қақпаға тура түсті. Ал матч соңында Александр Головиннің керемет асырған айып добы есепті еселей түсіп, Ресей құрамасына 5:0 есебімен ірі жеңіс сыйлады.

Осылайша Ресей құрамасы дүниежүзілік  доп-доданың алғашқы ойынында Сауд Арабиясын ойсырата жеңіп, чемпионат қожайынының «қонақжай» емес  екендігін  танытты. Ал осы ойындағы дубль авторы  Денис Чарышев матчтың үздік ойыншысы атанды.

Миллиондаған ресейлік жанкүйерлер бөркін аспанға атып қуанып жатса, Сауд Арабиясының спорт комитетінің төрағасы Турк әл-аш-Шейх жерлестерінің әлем чемпионатындағы ойынын «толық сәтсіз ойын» деп бағалады. Ал патшалық әулеттің мүшесі Саттам Халид Әл Сауд Twitter арқылы өз ойын білдіріп, «Еліміз ойыншылардың жеңуі үшін бар мүмкіндікті жасады. Өкінішке қарай, ойыншылар халқы мен Отанын құрметтемейді», – деп жазды. Сауд Арабиясы футбол федерациясының басшысы Адель Иззаттың айтуынша, жеңіліс үшін ел билігі реніш білдірген.  Шабуылшы Мохаммад ас-Сахлави, қорғаушы Омар Хавсави мен қақпашы Абдаллах әл-Майюф тәртіптік жаза алады», – деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі telegraf.com.ua басылымына сілтеме жасап.

Айта кетейік, 1998 жылы Францияда өткен футболдан әлем чемпионатында Аргентина құрамасы Ямайка құрамасын 5:0 есебімен жеңген соң, ресейлік «Чайф» тобы «Аргентина-Ямайка: 5:0» атты ән шығарған болатын. Ән аз-ақ уақыттың ішінде халық арасына  тез  тарап, 1999 жылы «Рок үлгісіндегі үздік ән» аталымын  «Алтын граммофон» байқауында жеңіп алған еді.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Үйдің іргесіндегі дүбір

Күні: , 70 рет оқылды

Футболдан Ресейде жалауын көтеретін ХХІ әлем чемпионатының басталуына бар болғаны бес-ақ күн қалды.   Жанкүйер жазғанның түн ұйқысын төрт бөлетін дүниежүзілік доп-дода көрші елде 14 маусым — 15 шілде аралығында өтеді. Төрт жылда бір айналып келетін бұл байрақты бәсеке Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Волгоград, Екатеринбург, Қазан, Калининград, Нижний Новгород, Ростов, Самара,  Саранск және Сочи сықылды 11 қаласында өтеді. 32 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысатын бұл чемпионат 14 маусым күні Мәскеудің атақты «Лужники» стадионында Ресей мен Сауд Арабиясы құрамаларының арасындағы ойынмен басталады.

Аяқдоптан әлем чемпионатына қатысу бойынша рекорд Бразилияға тиесілі. Бұл елдің құрамасы бұған дейін өткен 20 әлем чемпионатына түгел  қатысқан жалғыз команда. Ал іріктеу кезеңіндегі шешуші ойында Коста-Рика құрамасын жеңіп, соңғы 32-ші жолдамаға ие болған Панама және өз тобында ең көп ұпай жинап, әлем чемпионатына тікелей жолдама алған Исландия құрамалары аяқдоптың аламанына алғаш рет қатыспақ. Айтпақшы, Панама құрамасы ала доптың осы аламанындағы ең сақа команда саналады. Төрткүл дүние түгел көз тігетін мундиальдың топтық кезеңі 28 маусымда тәмамдалып, финалдық ойын 15 шілде күні өтуі тиіс.

Нидерланд, Уэльс, АҚШ, Чили, Словакия, Украина құрамалары әлем чемпионатынан шет қалды. Бұл Арьен Роббен, Гарет Бейл, Клинт Демпси, Алексис Санчес, Андрей Ярмоленко сынды саңлақ футболшылардың өнерін алдағы аламанда көре алмаймыз деген сөз. Есесіне жанкүйерлер Неймар, Месси, Роналду, Азар, Коутиньо, Жезус, Алли, Кейн, Вернер, Хуммельс, Кроос, Чичарито, Лукаку, Решфорд, Стерлинг, Уокер секілді көптеген аяқдоп шеберлерінің өнерін тамашалай алады.

Футболдың бұл жолғы көкпарынан Түркия, яғни түрік бауырларымыз да шет қалды. Мұны азсынсаңыз, бұрын КСРО құрамында болған елдерден Ресейден басқа бірде-бір мемлекеттің құрамасы іріктеу кезеңінен өтпегендіктен орман-орыстың еліндегі бүкіләлемдік бәсекеге қатыспайды.

Қазір Ресей тарапы «Футболшылар жасыл алаңда жан алысып, жан берісетін жаһандық жарысқа тас-түйін дайынбыз!» жер-жиһанға жар салуда. Әлем чемпионатында жеңіске жеткен құрамаға табысталатын ФИФА-ның Алтын кубогы Мәскеуге жеткізілді. Сегіз ай бойы жер жүзін шарлаған таза алтыннан құйылған кубоктың салмағы 6 келіден асады. Бұл аса құнды кубок жеңіске жеткен командаға басыбайлы берілмейді, тек уақытша табысталады. Себебі, ФИФА-ның ережесі бойынша, бұл Кубок үнемі осы ұйымның меншігіндегі дүние.

Ретті жерінде айта кетелік, Ресейде өтетін футболдан Әлем чемпионатының Қазақстан аумағындағы ресми хабар таратушылары – «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары.

Жуырда әйгілі футбол патшасы Пеле әні-міні басталатын әлем чемпионатында өз отандастарын, яки Бразилия құрамасын әлем тәжіне лайық деп санайтындығын мәлімдеді. Алайда футбол королі сүйдеді екен деп, өзге елдің аяқдопшылары Пеленің отандастарының алдында қоғадай жапырылмасы кәміл.

Осы чемпионатқа қатысты іріктеу кезеңін өте сүреңсіз өткізгендіктен Қазақстанның бас командасы әрине, өзімізбен 7 мың шақырымнан астам ортақ шекарасы бар Ресейдегі «қанмайданға» қатыс алмайды. Дүниежүзілік доп-дода бұған дейін бірде-бір рет біздің елмен шекаралас мемлекетте өткен емес. Үйіңнің іргесіндегі өтетін аламан бәйгенің дүбірін естіп тұрып, ат қоса алмайтының қандай жаман! Сөйте тұра Отанымыздың ұлттық құрамасы соңғы кездері өрнекті ойын көрсете бастады. Мәселен, осы аптадағы   жолдастық кездесуде Қазақстанның негізгі командасы Әзербайжанның құрамасын 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, айды аспаннан бір-ақ шығарды. Кім білсін, аяқдоптың келесі аламанына біздің жігіттер де қатысып, бәлкім, жасыл алаңда атой салар…

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

 «Орал өңірі»

«ӘЧ-2018» ерекшеліктері:

Ресей – мундиальді қабылдайтын он сегізінші ел. Бұған дейін тек Мексика, Франция, Италия, Бразилия, Германия екі рет әлем чемпионатын қабылдады. 2002 жылы әлем чемпионаты екі елде – Оңтүстік  Корея мен Жапонияда өтті.

Перу – 36 жыл үзілістен кейін (соңғы рет 1982 жылы қатысты), Египет – 28 жылдан кейін (1990), Марокко – 20 жылдан кейін (1998), Сауд Арабиясы 12 жылдан кейін (2006) әлем чемпионатына қатысады.

Биылғы додаға әлем чемпионы атанған құрамалар ішінен Италия ғана қатыса алмайды. Италиялықтар 1958 жылдан кейін араға 60 жыл салып мундиаль жолдамасынан тыс қалды. Басқа чемпиондар – Уругвай, Бразилия, Германия, Англия, Аргентина, Франция, Испания құрамалары дода көрігін қыздырады.

Бразилия – барлық әлем чемпионатына үздіксіз қатысып келе жатқан жалғыз құрама.

Ресейдегі додада тұңғыш рет бейнеқайталау пайдаланылады.

Жаңа талап бойынша, әлем чемпионаты кезінде қарсыласын нәсілдік тұрғыда жәбірлеген немесе шыдамдылық танытпаған оқиға болып жатса, төреші ойынды тоқтата тұруға, тіпті мүлде өткізбеуге де құқылы.

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатының бойтұмары (талисман) «Забивака» атты қасқыр болды. Оны дизайнер студент Екатерина Бочарова жасап шығарды. Бойтұмар бүкілресейлік дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. Төрт жылда бір рет өтетін доданың басты бойтұмарын таңдауға қасқыр, Амур жолбарысы мен мысық ұсынылған еді. Дауыс беру барысында ресейліктер қасқырды таңдады. Дауыс берушілердің 52,8%-ы «Забивака» қасқырын лайықты деп таныған. Амур жолбарысы 26,8 %, мысық 20,4 % дауыс жинаған.

Америкалық әнші Джейсон Дерулоның Colors  атты композициясы  әлем чемпионатының ресми гимні болып танылды.

Биылғы додада Бразилия топ жаратын болса, әлем чемпионы атағын 6-рет иеленеді. Ал Германия чемпион атағын сақтап қалса, Бразилияны қуып жетпек (5 рет).

«A Bola» басылымының мәліметі бойынша, футболдан 2018 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіндегі барлық сегіз топта «Барселона» командасының футболшылары бар. Мұндай дерек бұрын-соңды әлем чемпионаты тарихында болмаған. Биыл бірінші рет футбол жанкүйерлері осындай қызықты фактіге куә болып отыр.

Жарыстың басты символының бірі доп екені жасырын емес. Ресейдегі әлем чемпионатының ресми добы «Telstar 2018» деп аталады. Допты «Adidas» фирмасы жасаған. Ерекше үлгідегі доп алты панель мен жапсарсыз үйлесім негізінде жасалған. 1970 жылы Мексикада өткен әлем чемпионатының добы да «Telstar» деп аталған екен. Доптың тестілеу сынақтарына Аргентина, Колумбия және Мексика құрамалары мен «Манчестер Юнайтед», «Ювентус», «Реал» және «Аякс» клубтарының ойыншылары қатысқан. Ал допты Лионель Месси таныстырған болатын.

ФИФА әлем чемпионатының сыйақы қорын молайтты. Енді чемпион құрама 50 млн АҚШ долларын иеленеді. 2014 жылғы чемпион 35 млн доллар алған еді. Биыл чемпионатқа қатысатын 32 құрамаға 582 млн доллар сыйақы бөлінген. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 476 млн еді.

Ресейдегі әлем чемпионатын ұйымдастыруға 20 млрд долларға жуық ақша жұмсалды. Бұл 2014 жылы Бразилияда өткен мундиальдің шығынымен шамалас.

Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мәліметінше, әлем чемпионатының билеттерінің басым бөлігін ресейлік футбол жанкүйерлері (46,9%) сатып алған. Одан кейін АҚШ (80 161), Бразилия (65 863), Колумбия (60 199), Германия (55 136), Мексика (51 736), Аргентина (44 882), Перу (38 544), Қытай (36 841), Австралия (34 628) және Англия (30 711) елдерінің жанкүйерлері тұр. Еске сала кетейік, билет сатып алу бойынша ондыққа кірген АҚШ, Қытай елдері бұл әлем чемпионатына қатыспайды.

2018 жылдың 25 мамыр-25 шілде аралығында Ресейде әлем чемпионатының финалдық кезеңдері өтетін 11 қалада шетел азаматтары, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары үшін арнайы тіркеу ережесі енгізілді. Шетел азаматтары көрсетілген қалаларға келген күннен бастап үш күннің ішінде РФ Ішкі істер министрлігінің тиісті аумақтық органдарына немесе Мемлекеттік және муниципалдық қызмет көрсету көпфункционалды орталыққа тіркеуге өтініш беруі қажет. Тіркеу мерзімі Ресей Федерациясына келген күннен бастап емес жоғарыда аталған қалаларға келу күнінен бастап есептеледі. Ресейдің қалған аумағы бұрынғы режим бойынша жұмыс істейді – ҚР азаматтары үшін 30 күнге дейін тіркеусіз бола алады.

Мәліметтер ғаламтордан алынды


«Ертіс» — «Ақжайық» 2:0

Күні: , 91 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің ХІІІ турында Оралдың «Ақжайығы» кезекті ойынын Павлодарда жергілікті «Ертіспен» өткізді.

Бұл жолы оралдықтардың қақпасын украиналық легионер Евгений Боровик қорғады. Сондай-ақ чемпионат барысында төрт ескерту алған тағы бір украиналық, шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола кездесуге қатыса алған жоқ.

Барынша тартысты өткен бәсекеде бірінші қауіпті соққыны қонақтар жасады. Иван Антипов ұрымтал тұстан ұрғанымен, оны «Ертістің» қақпашысы Никита Калмыков тосып алды.

Бірінші таймдағы қос стандартты жағдай ойын тағдырын шешіп кетті. 23-минутта айып нүктесінен әуелете берілген допты Милош Стаменкович баспен қақпа бұрышына дәл бағыттай білді. 39-минутқа таман бұрыштамадан берілген доптан кейін Малик Мане өз айып алаңында Павел Шабалинді шалып жықты. Гболахан Саламиға 11 метрлік пенальтиді орындау қиындық келтірген жоқ. Үзіліс алдында «Ақжайықтың» есепті қысқартатындай мүмкіндігі болды, бірақ команда капитаны Мейрам Сапановқа дәлдік жетіспеді.

Екінші таймда П.Шабалиннің тепкен добын Е.Боровик қайтарып үлгерді. Доп қақпа жақтауына тиіп, кірмей қалды. Кездесу барысында М.Маненің де баспен соққан добы қақпадан қиыс кетті.

Осылайша 2:0 есебімен жеңіске жеткен павлодарлықтар турнир кестесінде 17 ұпаймен бесінші орынға көтерілді. Дәл сондай ұпайы бар оралдықтар алтыншы сатыға сырғыды.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц қос голды өткізіп алғанына қарамастан, өз ойыншыларының осы жолы да барын салғанын, оларға риза екендігін жеткізді.

Енді Қазақстан ұлттық құрамасының өнер көрсетуіне байланысты біріншілікте екі аптадай үзіліс болады. 17 маусым күні өтетін келесі турда «Ақжайық» өз алаңында көшбасшы команданың бірі «Қайратты» қабылдайды. Батысқазақстандықтар «Астанамен» кездесудегідей шеберлік көрсете ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.

Айта кетейік, бас бапкер мәселесі әлі шешіле қойған жоқ.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» — «Астана» 3:0

Күні: , 58 рет оқылды

Футболдан премьер-лига командалары арасында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда ел чемпионы «Астананы» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ХХІІ турдың алға ысырылған ойыны болатын. Ел біріншілігінде жекедара көш бастап келе жатқан астаналықтардың бәсі жоғары екендігі түсінікті еді. Дегенмен жасыл алаңда небір тосын жағдай болатындығын осы кездесу көрсетті.

«Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц чемпионаттың сұрмергені, украиналық Адеринсола Хабиб Эсеоланы бірден алаңға шығарған жоқ. Есесіне Украина елінің тағы бір өкілі, талай жыл Львовтың «Карпаты» командасының намысын қорғаған жартылай қорғаушы Игорь Худобяк 4-минутта Руслан Қайыровтың пасынан кейін Александр Мокин қорғаған қақпа бұрышын баспен дәл көздеді.

Елордалықтар шабуылдап баққанымен, «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук бастаған ойыншылар сәтті қорғана білді. Екінші таймда «Астана» капитаны Дмитрий Шомконың қателігінен кейін сенегалдық шабуылшы Малик Мане есепті 2:0-ге жеткізді.

«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян сербиялық және ганалық шабуылшылар Джордже Деспотович пен Патрик Твумасиді ойынға қосқанымен, одан көп ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше Иван Антиповтың орнына Эсеола шыққан бойда Мане екеуі алға ұмтылды. Әйтсе де, Маненің тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Дегенмен 86-минутта Эсеола оң қанаттан Абзал Бейсебековті алдап өтіп, биылғы біріншіліктегі өзінің сегізінші голын соқты.

Осылайша «Ақжайық» күтпеген жерден «Астананы» ірі есеппен ұтып кетті. Бұл батысқазақстандықтар үшін елордалықтармен ойындардағы бірінші һәм тарихи жеңіс еді.

Кездесу соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы барып, «Ақжайық» ойыншыларын жеңісімен құттықтады.

Елордалықтар 31 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келе жатқанымен, олардан алматылық “Қайраттың” екі ойыны кем. Қазір 26 ұпаймен екінші орында тұрған алматылықтар сол қос кездесуін сәтті өткізсе, астаналықтарды қуып жетеді. Ал 16 ұпай жинаған оралдықтар бесінші орынға көтерілді.

«Ақжайық» алдағы жексенбі, 27 мамыр күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. Бұл да жауапты кездесудің бірі екені анық, сондықтан босаңсуға болмайды.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика