Тег: ‘Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ’


«Тәлім-тәрбие мен білім-ғылымды гаджеттен емес, кітаптан іздеу керек»

Күні: , 17 рет оқылды


Жуырда  Орал  қаласындағы  Достық  үйінің  мәжіліс залында  Елбасы  Н. Ә. Назарбаевтың  «Төртінші  өнеркәсіптік революция  жағдайындағы  жаңа  мүмкіндіктер»  атты  Жолдауын  талқылауға  арналған бірыңғай  республикалық  күн  аясында облыстық  ассамблея  активінің  кездесуі  өтті.


Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Игорь Стексов Жолдауда айтылған Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолында өңірде өнеркәсіптік кәсіпорындарды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған іс-шаралардың қолға алынғанына және АӨК өнімнің экспортын ұлғайтуға басымдық берілгеніне тоқталып өтіп, «жасыл» технологияларды инвестициялау мен тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай жою және қайта өңдеу бағытында қолға алынған жобалар туралы айтып өтті.

– Елбасы айтқандай, бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жолдауда айқындалған он басым бағытты жүзеге асыру жолында әрқайсымыз жаһандық өзгерістерге сәйкес қалай жұмыс істейтінімізді, жаңа технологиялық қалыпқа қалай бейімделетінімізді анықтап алғанымыз жөн. Мемлекет басшысы Жолдауда «Көл-көсір мұнайдың дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет» деген болатын. Бұл бағытта облыста бірқатар ауқымды жобалар іске асырылуда. Құрылыс, жобалау салаларында жаңа технологиялар енгізіліп, заманауи құрылыс материалдарын пайдалануға басымдық берілуде. Ақ Жайық өңірі құрылыс саласында атқарған жұмыстар бойынша республикада жетекші орында. «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесіндегі келіссөздердің нәтижесінде қазіргі таңда қуат үнемдегіш құрылыс материалдар өндірісі, «Жасыл экономика» аясында Орал қаласындағы қалдықтарды жою және қайта өңдеу және құрылыста 3D жобалауды енгізу бойынша фин әріптестермен бірлескен үш жоба жүзеге асырылуда дей келе, ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктер өкілдерінің білім беру мен денсаулық сақтау салаларында, сондай-ақ Орал қаласында қолға алынған «Смарт сити» жобасы аясында халықтың тұрмыс деңгейін жақсартуға бағытталған іс-шаралардан тыс қалмай, белсенді үлес қосуға және Жолдауда айтылған келелі міндеттерді бірлесіп атқаруға шақырды.

Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Нәжімеден Есқалиев Жолдауда айтылған келелі міндеттерді іске асыру үшін елдегі ұлтаралық татулық пен ауызбіршілікті сақтап, одан әрі нығайта түсудің маңызын атап өтті. Ал облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Хамза Сафин: «Жапония, Сингапур, Оңтүстік Корея, Қытай сияқты елдердің озық технологиясын үлгі етеміз, маңдайалды мемлекетке айналу үшін бізге ешкімді көшірмей, ұлттық құндылығымызды жаңғырта отырып, өз жолымызбен жүру керек. Бұл туралы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында өте жақсы айтты» дей келе, Жолдаудың жетінші басымдығына тереңірек тоқталып, қазақстандық қоғамның идеалына айналатын, өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, озық әрі жаһандық көзқарасы бар азаматтарды тәрбиелеуге аға ұрпақтың сүбелі үлес қосатынын айтты. Өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қайта жандандыру, тәлім-тәрбие мен білім-ғылымды компьютер мен гаджеттен емес, кітаптан алу мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Ақсақал сондай-ақ «Өмір бойы оқу, үздіксіз білім алу» қағидатының маңыздылығын да атап өтті.

Өңір жастары атынан сөз алған БҚО ҚХА Жастар қанатының жетекшісі Игорь Спиридонов Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа мүмкіндіктер» атты Жолдауының жаңа мүмкіндіктер мен жеңістерге жол ашумен қатар жастарға үлкен жауапкершілік жүктейтінін айтты.

– Емхана-ауруханалардағы рентген құрылғыларында фиксаж, яғни фотопластинкаға түсірілген суретті сақтау үшін қолданылатын химиялық ерітінділер пайдаланылғаннан соң қалдық ретінде қоқысқа жөнелтіледі. Біз қазір осы фиксаж ерітіндісін химиялық жолмен өңдеу арқылы оның құрамындағы күміс оксидін алумен айналысып жатырмыз. Жас ғалымдардың осы инновациялық жобасы қолдауға ие болса, тұрмыстық қалдықтарды заман талабына сай қайта өңдеуге мүмкіндік туар еді. Бұған қоса жаңартылатын және баламалы қуат көздерін алу бағытында да тың жобаларымыз бар, – дейді И. Спиридонов.

Жиында «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Данильбек Саратов, ҚазИИТУ ғылыми-білім кешенінің бөлім басшысы Айболат Сейтақовтар сөз алып, Елбасы Жолдауының басым бағыттары мен негізгі міндеттері туралы айтып, ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдарына тоқталды. Сондай-ақ облыстық ассамблея жанындағы ғылыми-сараптамалық топ пен Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасының мүшелерінен құралған сарапшылар пікірі де тыңдалды. Жиын соңында  қарар  қабылданды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Қыс қызығынан құр қалма!

Күні: , 24 рет оқылды


Табиғат аясындағы шаңғы серуен, тюбингпен сырғанау, әсем әуендердің ырғағымен коньки тебу – бұл қыстың ең қызықты шақтары. Отбасыңызбен арнайы орындарға  барып балаларыңызға қуаныш сыйласаңыз, өзіңізге де жағымды әсер қалдырады. Әсіресе, баллонмен биіктіктен төмен қарай құлдилаған кезде күнделікті күйбең тіршілікті бір сәтке болса да ұмытарыңыз сөзсіз.


Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің берген мәліметіне қарағанда,  жаңа алаңдағы сырғанақ, қалалық мәдениет және демалыс саябағы, «Еуразия» туристік орталығы, «Самал» туристік орталығы, М. Мәметова ескерткішінің маңындағы алаң, «Орал» СҮ маңы, «Светлячок» туристік базасы және Мұз сарай сияқты барлығы 31 сырғанақ алаң халыққа қызмет көрсетеді. Осы мәліметтерге көз жеткізуіміз үшін жоғарыда аталған кейбір сырғанақ алаңдарына барып, шат-шадыман көңіл күймен демалып жүрген жандарды әңгімеге тарттық.

– Үйіміз 9-шағынауданда болғандықтан, жаңа алаңдағы сырғанаққа жиі келіп сырғанаймыз. Он жасар ұлым баллонмен сырғанағанды ұнатады. Арасында коньки де тебеміз. Қазір Даниял есімді туысымды сырғанатып жүрмін. Қыс қызығынан баламды қалыс қалдырғым келмейді. Жалға берілетін коньки, баллондардың бағасы да көңілге қонымды. Таза ауада демалып, бой сергіткенге не жетсін?! – дейді қала тұрғыны Айгүл Ізтілеуова.

– Біз ұсынған демалыс орындарына балалар көптеп келеді. Әсіресе, демалыс күндері конькилерді жалға беру орнына келушілер кезекте тұрады. Өткен күндері балалар үйінен балдырғандар келіп, үш сағаттай тегін сырғанақ тепті. Кейбіреуі конькимен сырғанап, бойларын сергітсе, енді біреулері төбеден құлдилап, жақсы әсер алды. Алдағы апталардың бірінде балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тағы да тегін сырғанауға мүмкіндік жасағымыз келеді. Сауапты іс жасаудан қашпаймыз, – деген сырғанақ алаңының иесі аты-жөнін атамауды сұрады. Сондай-ақ «Метелица» сырғанақ алаңында мектеп және балалар мекемелерінен ұжым боп келген кезде оларға жеңілдік қарастырылған.

Демалыс нысандары Бір сағатқа жалға алу құны (теңге) (Ересектер мен балаларға баға бірдей)
Қаршана Шаңғы және шана Баллон, тюбинг Коньки
«Метелица»       500 (3 тюбинг – 1200, 4 тюбинг – 1500)  
Жаңа алаңдағы сырғанақ     500 Топтасып келген оқу­шылар мен сту­денттер 300 (сағат 12.00-ден 17.00-ге дейін)
«Светлячок» 500 500 500 500
«Динамо»   700 (екі сағаты)    
 

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Пеле мен Тайсон… Оралда

Күні: , 28 рет оқылды


Бейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде Санкт-Петербург қаласынан келген «Балауыз мүсіндер» көрмесі ашылды.


Көрмеге әлемге әйгілі 40 танымал тұлғаның мүсіндері қойылған. Олардың ішінде Шыңғыс хан, Ақсақ Темір, Гитлер, В. Ленин, Н. Хрущев, Л. Брежнев, М. Горбачев, В. Путин, Б. Ельцин және Б. Обама секілді тарихи тұлғалармен қатар даңқты спортшылар Пеле мен М. Тайсонның, сонымен қатар А. Семенович, С. Михаилов, Г. Лепс сияқты танымал әншілердің мүсіндері бар. Сондай-ақ көптеген балалардың сұранысы мен қызығушылығына айналған Аватар, Добби, Йода және «Золотой ключик или приключения Буратино» мультфильміндегі кейіпкерлер көрменің сәніне айналған. Келушілерге «Ұлттық аң және балық аулау», «Жұлдыздар соғысы», «Кариб теңізінің қарақшылары», «Сақиналар әміршісі», «Гарри Поттер» және т.б. фильмдерінің кейіпкерлері қатты  ұнаған. Осынау экспонаттарды дайындау үшін оның күрделілігіне қарай жарты жылдан бір жылға дейін уақыт кетеді екен. Мүсіндер балауыздан және қазіргі заманғы материал – силиконнан жасалыныпты. Ал жанарлары нағыз көз протездерінен жасалады.

– Біздің көрмеге ұсынып отырған кейіпкерлеріміз қызықты, әрі жастарға үлгі боларлықтай. Әр фигураны дайындап, көрмеге ұсыну үшін 15-ке жуық маман жұмыстанады. Алдымен мүсінші фигураны түпнұсқасына ұқсатып жасап, әрі қарай барлық антропологиялық белгілерін сақтауға тырысады. Үстеріне киген киімдерін де халықтың жадында жатталғандай бағытта айнытпай жасайды. Әсіресе, бойының ұзындығын нақты сәйкестендіреді. Аса күрделі жұмыс, ол сырт келбетінің ұқсастығы. Кез келгеннің қолынан келе бермейтін құнды дүниелерді оралдықтарға ұсынуға жәрдемдескен облыстық тарихи-өлкетану музей ұжымына рақметімді айтамын, – дейді Санкт-Петербург қаласының балауыз мүсіндер көрмесінің әкімшісі Раиса Путилина.

Санкт-Петербургтен әкелінген экспонаттарды ағымдағы жылдың ақпан айының соңына дейін және демалыссыз, күндізгі сағат 10.00-19.00 аралығында тамашалауға болатынын оқырмандарымыздың есіне саламыз.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»

 

«Аллаға сиынып, алға жылжимын», – дейді жас кәсіпкер Ербол Сейіткереев

Күні: , 37 рет оқылды

Ол бала кезінен сурет салғанды ерекше жақсы көреді. Қолы қалт еткен сәттерде ағаштан ойып, түрлі бұйымдар жасап, қолөнермен айналысады. Мектеп бітірген соң М. Өтемісов атындағы БҚМУ-ға «Бейнелеу өнері» факультетіне оқуға түсіп, бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі  мамандығын алып шығады. Отан алдындағы борышын өтеп, әскерге барып келген соң, күзет мекемелерінің біріне жұмысқа тұрды. Екі күндік демалысында дос жігітімен тапсырыс бойынша көлік сырлап, қосымша табыс тауып жүреді. Күнделікті күйбең тірлікпен дәл осылай жанбағыс үшін тиын-тебенге еңбек етіп жүрген күндерінің бірінде өз-өзіне көңілі толмаған ол өзінің қызығушылықпен жасайтын өз жұмысын таба алмай жүргендігін сезінеді.

– Күн сайын таңмен жұмысқа барасың, кешке шаршап келесің. Тапқан табысың күнделікті ішіп-жеміңе ғана жетеді. Содан неше түрлі ойлар келді. «Май-май, лас-лас болып не істеп жүрмін? Біреуге бағынып, айқай естіп жүре берем бе? Қанша уақытымды біреу үшін жұмсап жүрмін. Өз уақытымды біреуге арнағанша, неге өз-өзіме арнамасқа?» деп өз-өзімді қайрап, біраз жүрдім. Медколледждегі жерімді сатып, Деркөлден жер алып, үй тұрғыздым. Үйдің қасына шағын сауда лашығын орнатып, құрылыс материалдарын сата бастадым. Жайлап саудам жүре бастады. Сөйтіп, «Көз қорқақ, қол батыр» деп өз ісімді бастап кеттім. Бәрі де сол шағын дүкеннен басталған, – дейді ол.

Жас кәсіпкердің Деркөлдегі «Үміт» шағынауданында қазір азықтүлік, құрылыс дүкендері және дөңгелек жөндейтін арнайы шағын цехы бар. Ол осыдан екі жыл бұрын дүңгіршектен түскен ақшаны жинап, үлкен дүкен салуға шешім қабылдайды. Осы істі бастарда оған «Қарызға кіріп кетесің, жасай алмайсың, қиын ғой» деген бағытта көп әңгіме айтылады. Алайда әу бастан өз жүрегін ғана тыңдайтын тәуекелі тастай кейіпкеріміз үйінің жанынан өз қолымен дүкен тұрғызады.

– Дүкенді бір жылдай салдым. Өйткені, қандай істе де, негізгі күш өзіңе түседі. Іргетасын құйып, құрылыс жұмыстарының басым бөлігін өзім жасадым. Тек тас қалауға нағашым көмектесті. Өзімнің құрылыс салғанда өзге адамдарға сенбейтін жаман әдетім бар. Шала-пұла, шалағай жасалған жұмыстарды жек көремін. 2015 жылдың мамырында басталған дүкен құрылысы 2016 жылдың мамырында аяқталды. Бірақ ішкі жұмыстар мен тауарларды орналастыруға тағы екі-үш ай қажет болды. 2016 жылы тамыздың бірінде Деркөл кентіндегі дүкенімді салтанатты түрде аштым. Сол күні жұбайымның туған күні еді. Әрі жарыма жасаған сыйым болды, – деп жай жымиды жас кәсіпкер Ербол Сейіткереев.

Дүкен ашып, тауар сату бір қарағанда оңай секілді. Алайда бұл істі де тек ебі барлар игеріп кете алатындығын өмірде көріп жүрміз. «Сезім» деп қызының есімін берген дүкеннің бүгінде тұрақты тұтынушылары жетерлік. Жаңадан қоныстанып жатқан тұрғындардың қажетін өтеуге қызмет етіп тұрған дүкендегі тауарлардың бағасы да қолжетімді көрінеді.

– Қанша адам болса, сонша пікір бар. Дүкенге келген тұтынушылар әр түрлі пікір айтып жатады. Басында «Менің тауарым, дүкенім туралы жайсыз әңгіме айтылса, кәдімгідей ренжитінмін. Қазір жайлап үйреніп келемін. Керісінше, тұтынушының пікірін асықпай тыңдап аламын. Бірақ 100 адамның 20-сы нашар пікір айтса, 80-і жақсы пікір айтып кетеді. Ең бастысы, халықтың басым бөлігіне менің дүкенім ұнайды, – дейді ол.

Жас кәсіпкер қазіргі күнде үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Әр күн сайын 8-де тұрғаннан түнгі 2-ге дейін бел жазбай, еңбек ететін ол өз жұмысын енді тапқандығын айтады. Аз ғана уақыттың ішінде деркөлдіктердің біразының көңілінен шыққан кәсіпкердің жоспары көп. Бала кезінен еңбекпен шынығып өскен ол осы тұста өзінің азды-көпті жетістікке жетуі бірінші, Алланың, екінші, ата-анасының арқасы екендігін айтып қалды.

– Әкем Мұрат, анам Жамиға – қарапайым еңбек адамдары. Отбасымызда менен өзге төрт ұл, бір қыз бар. Ата-анамыз бізді бала кезімізден еңбекке, бауырмал болуға тәрбиеледі. Бізге адал еңбектің наны тәтті екендігін үйреткен ата-анамның алдында әр кез басымды иемін, – дейді жас кәсіпкер.

Кейіпкеріміз 11-сынып оқып жүргенде ағасымен, яғни әкесінің інісімен бірге құрылысқа жұмысқа барады. Ертеден қара кешке дейін құрылыста жүріп тапқан табысының бір тиынын да жоймай, ата-анасына әкеліп береді. Сол кездері құрылыстағы жұмысқа күніне 1500 теңге ақша төлейтін. Бұл Ерболдың ең алғашқы табысы еді.

Биыл жазда Мұраттың Ерболы дүкеннің жанынан үлкен сауда үйінің іргетасын құйып қойды. Алла бұйыртса, келер көктемде тауарларға қоса, халыққа қажетті дәріхана, тіс емдеу кабинеттері бар екі қабатты сауда үйінің қабырғасын қаламақ ниетте.

– Мен жасап жүрген жұмысты кез келген адам жасай алады. Тек ынта-ықылас пен табандылық керек. Біздің елімізде «Жұмыс жасаймын» деген адамға бар жағдай жасалған. Бәрі адамның өзіне байланысты. Жігіттер «жұмыс жоқ» деген әңгіме айтып жатады. Шын мәнінде жұмыс толып тұр. Бірақ көбі жасағысы келмейді. Мәселен, мен жаздай күніне 2500 теңге төлеймін десем де, жүк тиеуші таба алмадым. Бір ойшылдың: «Балағыңның шаңын қаға берсең, діттеген жеріңе уақтылы жете алмайсың» деген сөзі бар. Сондықтан ештеңеге қарамай тек қана алға жүру керек, – деп ойымен бөлісті кәсіпкер. Сөз арасында ол «Үлкен сауда үйін ашсам, тағы біраз адамды жұмысқа тартып, алғысын алар едім» деген ниетін де жасырмады.

Адал еңбек, маңдай терімен ағайын-туыстың көз алдында өз ісін бастап, оның игілігін көріп жүрген кейіпкеріміздің арманы көп. Мектеп жасындағы ұлы мен қызының ештеңеден тарықпай, еркін өскенін қалайды. Жеке іс ашып, ешкімге тәуелді болмаудың бір ғанибет екендігін ұл-қызының санасына қазірден сіңіріп жүр.

– Ұл-қызыма бақытты балалық шақ сыйлағым келеді. Сондықтан олардың қолын қақпаймын. Ал өзім қандай істі қолға алсам да, соны іске асырғанша тыным таппаймын. Осы ойымда жүрген істерімнің бәрін Алланың қалауымен жүзеге асырамын деген сенімдемін. Мен әр кез Аллаға, сосын өзіме сенемін. «Ақша шақырады» деп тиын тістетіп, дүкеніне бақа қойып қоятын ырымдарды түсіне алмаймын. Сондықтан әр ісімді бастарда «Береке-бірлігімізді нығайтып, ырыздық-несібемізді арттыра көр» деп Аллаға сиынып, алға жылжимын, – дейді көңілі кіршіксіз кәсіпкер.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

Суреттерді түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Олимпиадашылардың құрметіне

Күні: , 55 рет оқылды


Отызыншы  желтоқсанда  Орал  қалалық  мәдениет  және демалыс  саябағында  Жаңа  жыл  мерекесіне орай көпшілік  жүгіру  шарасы  өтті.  Оған облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  және  2000-нан астам  қала  тұрғыны  белсене  қатысты.


Аталмыш шараға жиналғандар 2,5 мың метр қашықтықты жүгіріп өтті. Мәреге жеткен соң облыс әкімі Алтай Көлгінов жүрекжарды тілегін жеткізді.

– Жерлестер, Жаңа жыл мерекесімен баршаңызды құттықтаймын! Бүгінгі іс-шараға қатысқандарыңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Елбасымыздың бұқаралық спортты дамытуға бағытталған тапсырмасын орындап келеміз. Айтулы шарамызды 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысатын жерлестерімізге арнап, сәтті қадам тілейміз, – деді шара барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, 2017 жылы тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында велошеру мен шаңғы жорықтары өткізілді. Батысқазақстандық спортшыларымыз әлемдік және республикалық додаларда топ жарды.

Шара барысында лотерея ойнатылып, ұтыс иелері бағалы сыйлықтарға ие болды.

Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал  өңірі»


Колледждер арасында өткен фестиваль

Күні: , 9 рет оқылды


Жақында  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  техникалық  және  кәсіптік  білім  беру  ұйымдарының арасында оздырылған  «Рухани  жаңғыру – болашақтың кепілі» атты  облыстық  фестиваль  өтті.  Елбасымыздың  «Болашаққа бағдар: рухани  жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласы  аясында  ҚР  Тәуелсіздік  күніне  орай  ұйымдастырылған  шараға  34  колледж  қатысты.


Студенттердің туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып,  қазақ халқының және Қазақстанда тұратын өзге де ұлт өкілдерінің тілін, мәдениетін, салт-дәстүрлерін насихаттап, колледж жетістіктерін паш етуді мақсат еткен фестивальге колледж студенттері белсенді қатысты.  Аталмыш шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Ғ. Оспанқұлов жиылған жұртшылықты Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, кәсіптік, техникалық мамандықтардың өзектілігін  ерекше  атап  өтті.

Фестиваль қорытындысында  Орал ақпараттық технологиялар колледжі «Мұражай – тарих айнасы», Зеленов колледжі «Үздік ән»,  Орал газ, мұнай және салалық  технологиялар колледжі «Үздік би», Бөкей ордасы колледжі «Үздік қойылым», Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі «Үздік көркем сөз», Орал «Сервис» технологиялар колледжі  «Үздік хор», Батыс Қазақстан жоғары медициналық  колледжі «Үздік аспапта орындаушылық өнер»,  Ақжайық аграрлық техникалық колледжі «Үздік вокалды-аспаптық ансамблі» аталымына ие болды. Жүлдеге ие болған  колледж ұжымына диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді.    Фестиваль соңы «Туған жерім – түп қазынам  байлығым!»  атты  концертке  ұласты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Шөп-шаламнан өнер тудырған

Күні: , 15 рет оқылды

Жақында Орал қаласының көрме залында «Батыс Қазақстан облысы мүгедектері ерікті қоғамының» қолдауымен ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Көркейе бер, менің өлкем» атты Михаил Старинецтің суреттер көрмесі ашылды.


Аталмыш көрмеде шөптің сабанынан (салом) жасалған 50-ге жуық туындылары қойылған. Асқан төзімділік пен шеберлікті қажет ететін бұл шығармалардың авторы Михаил Старинец өзі II топтағы мүгедектігіне қарамастан бірнеше мәрте аудандық, қалалық және облыстық фестивальдардың жеңімпазы атанған. Көрме иесінің сурет өнерімен айналысқанына 20 жыл уақыт өткен. Осы аралықта 200-ге тарта картина шебердің қолымен дүниеге келіпті.

– Шығармашылық жұмыспен айналысуда бүгінгі көрменің кейіпкері тың тәсіл ерекше бағыт ұстанғандығы таңқалдырады. Негізінен оңай шаруа емес. Суретші былай қарағанда ешкімге қажет болмай жатқан сабанның жақсыларын тауып, оны кептіріп әбден дайындап алғаннан кейін, қою түстер қажет болатын жерлерін үтікке бастыру арқылы тартымды туындыларды өмірге әкеліп отырған. Өте қиын жұмыс екендігі айтпаса да түсінікті. Бірақ соған қарамастан ойындағысын іске асырып отырған талант иесінің шыдамдылығына риза болдым. Бір картинаны салу үшін айға жуық уақыт кетеді. Әбден шарықтау шегіне жеткеннен кейін лактап, картинаның көп жылға сақталуына жол ашады. Көрменің есігі алдағы айдың екісіне дейін көрермендер үшін айқара ашық тұрады, – дейді қалалық көрме залының меңгерушісі Нұртай Жәрдемов.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»


«Шаңырақтарыңыз бақ-берекеге толсын!»

Күні: , 23 рет оқылды


1  желтоқсан  – тұңғыш  Президент  күні  қарсаңында  Орал  қаласында 180  отбасы  баспаналы  болды.  Зашаған  кентінде  бой  көтерген  9  қабатты  үйде  басталған  қоныстойға  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  келіп,  тұрғындардың  қуанышымен  бөлісті.


Орал – Саратов тасжолының бойынан орын тепкен тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Жобалық құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын «Болашақ – Т»  ЖШС  жүргізді.

– Бұл зәулім тұрғын үйлер Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда.

Өңірдегі тұрғын үй салу жұмыстарын жергілікті құрылыс компаниялары жаңа технологиямен сапалы әрі уақытылы жүргізуде. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс орталығында 14 көп қабатты тұрғын үй және сегіз ауданда 188 пәтер салынуда. Жалпы биылғы жылы өңірімізде 1700 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Соның 1500 пәтері осы жылдың соңына дейін тұрғындар игілігіне табысталмақ. Бұл игі бастамалардың барлығы ел тәуелсіздігінің, бірліктің, еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың еңбекқорлығы мен Елбасымыздың уақытылы қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп санаймын. Халықты тұрғын үймен қамту – ең өзекті мәселелердің бірі. Дегенмен, бұл түйткіл жыл санап шешімін табуда. Осыдан 5-6 жыл бұрын осы жер спортшыларымыз көкпар тартып жүрген ен дала болатын.

Бүгінде зәулім үйлермен, мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандарға толы шағынауданға айналды. Елдегі игі бағдарламалардың арқасында өңірдің мыңдаған тұрғыны жылдар бойына аңсаған өз шаңырақтарына қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ салымшылары ретінде 54 мың тұрғын тіркелген. Алдағы уақытта да осы күре жолдың бойынан көп қабатты зәулім үйлер бой көтеріп, талай отбасы қоныстой тойлайтын болады. Бүгінгі қоныстой иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз бақ пен берекеге толы болсын! – деді  Алтай  Көлгінов.

Бұдан соң ашылу салтанатында шаңырақ иелеріне көптен күткен пәтерлерінің  кілттері табысталып,  жиналғандар су жаңа тұрғын  үйді  аралап  көрді.

Гүлфия  ИСЛЯМҒАЛИЕВА,

Теректі  ауданының  тұрғыны:

– Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғынымыз.

Отағасы Ержан Есболатов Ақжайық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде жұмыс жасайды. Өзім аудандық ауруханада фармацевт болып қызмет етемін. Жанұямызда үш бала тәрбиелеп отырмыз. Екі баламыз – студент. 2014 жылдан бастап «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкінің» тұрақты салымшысымыз. Ай сайын алатын еңбекақымыздан қаражат ауыстырып, есеп шотымызға салып отырдық. Бүгін екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Өз баспанамызға ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Күре жолдың бойынан салынған тұрғын үйдің төңірегінде мектеп, балабақша сияқты  әлеуметтік  нысандар  түгел  бар.

Анна  АСТРАХАНКИНА,

қала  тұрғыны  (суретте):

– Облыстық перинаталдық орталықта мейірбике болып қызмет жасаймын. Бұл баспанаға қол жеткізу үшін үш жыл бойына қаражат жинадым. Осы уақытқа дейін ата-анамның шаңырағында тұрдым. Әрине, адал еңбекпен тапқан қаржыны үнемдеп, көңілің қалаған кейбір нәрселерден бас тартуға да тура келді. Тұрғын үйге қажет қаржының 30 пайызын жинап, іріктеуге түскенде қатты қобалжыдым. Бірақ бүгін өз алдыма бөлек үй болып, жеке шаңырақ иесі атанғаныма қуанып тұрмын. «ТұрғынүйҚұрылысЖинақ Банкі» салымшыларына берілген мүмкіндікті батыл пайдалану керек дер едім. Бүгін пәтер иелері атанып, қоныстой тойлаған барша көршілерімді қуаныштарымен құттықтаймын.

Данияр-Динара ЗҮБӘЙЫРОВТАР,  жас отбасы:

– Бұл пәтерге қол жеткізу үшін жинақ банкінен есеп шот ашып, үш жыл көлемінде қаражат салдық. Екеуміз де медицина саласында қызмет атқарамыз. Биылғы жылы шаңырақ көтердік. Бүгін пайдалануға берілген 9 қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан бір бөлмелі пәтер алдық. Айтулы мереке қарсаңында су жаңа пәтерге ие болғанымызға қуаныштымыз. Біз секілді жас отбасыларын баспанамен қамту мақсатында қолайлы бағдарлама қабылдаған Елбасына және облыс басшылығына дән ризамыз. Тұрғын үйдің орналасқан жері өте қолайлы. Жас отбасына қажетті балабақша, мектеп, аурухана, спорт кешені, сауда орындары бір жерге шоғырланғандығы  қуантады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Жеңгендер Италияға барады

Күні: , 33 рет оқылды


Орал қаласындағы «Арман» спорт кешенінде кикбоксингтен жастар арасында ҚР біріншілігі өтті.


Кикбоксингтен ел біріншілігі қаламызда осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұған дейін 2006 жылы өткізілген екен.

– Жарыста еліміздің барлық аймақтарынан келген 160-қа жуық  спортшы бақтарын сынап көруде. Озып шыққандары 2018 жылы Италияда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатына жолдама алады. Оралдық спортшылардың бет алысы жаман емес. Жалпы ересектер арасындағы жарыстарда оралдық кикбоксингшілер жақсы жағынан көзге түсіп жүр, – деді жарыстың бас төрешісі Қуандық Сұлтанғали.

Үш күнге созылған жарыс қорытындысында Бейбарыс Сұлтанбек (51 келі, Тараз), Ақбар Алматов (54 келі, ШҚО), Нұржан Сапарәлі (57 келі, ОҚО), Данияр Омар (60 келі, Қызылорда), Дәурен Әжімов (63,5 келі, Ақтөбе), Мейірхан Айтбаев (67 келі, ОҚО), Асылхан Төлембай (71 келі, Ақтөбе), Руслан Степанов (75 келі, Қарағанды), Бағдат Сағындық (81 келі, ОҚО), Никита Суходол (+91 келі, Ақтөбе), қыздар арасында (фулл-контакт) Айман Қаршыға (48 келі, Тараз), Диана Жүсіпова (52 келі, Астана), Саяна Шимирова (56 келі, Астана) чемпионы атанды. Оралдық Арнұр Нұрболатов +91 келі салмақта екінші орын алса, Ержан Рахымғалиев (67келі) үшінші орынды иеленді.

Темірболат ӘНУАРҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Еліне елеулі тұлға»

Күні: , 38 рет оқылды


Ер азамат қанша жасқа келсе де өзінің туған жеріне баруы үшін әуелі ауылдағы ағайынның алдында абыройы асқақ болып, жоғын жоқтап, әрдайым қол ұшын созудан аянбауы заңдылық. Міне, сол заңдылықты берік ұстанған жандардың бірі – Мақсот Қабышұлы. Сейсенбі күні Сырым ауданының Алғабас ауылдық округінде КСРО және ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, ҚР білім беру саласының құрметті азаматы Мақсот Бергеннің 70 жас мерейтойына арналған «Еліне елеулі тұлға» атты кездесу кеші өтті.


Алғабасқа арнайы бағыт ұстаған қонақтарды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев бастаған сырымдықтар дәстүр бойынша Сырым шыққан төбеден ақ дәммен қарсы алды. Мәдениет үйінің фойесіне жасақталған көрмедегі кітаптар композициясы анадайдан көз тартады. Шараға қатысушылар концерттік бағдарламадан бұрын бейнебаян арқылы Мақсот Қабышұлының өмірбаянымен танысты. Айтулы шараның “Еліне елеулі тұлға” деп аталуында да үлкен мән бар екендігі сол бейнекөрсетілім арқылы түсінікті болды.

– Баршаңызды ҚР тұңғыш Президенті күнімен құттықтай отырып, ауданымызға келген қонақтарға қош келдіңіз деймін. Мақсот Қабышұлы ауылдан шығып үлкен білім әлемінде ізіңізді қалдырып, қазіргі таңда өз ісіңіздің нағыз маманы атандыңыз. Жетістіктеріңізді көріп қуанып жүреміз. Сіз ел-жұрттың сый-құрметіне лайық жансыз. Аман жүріңіз, ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын! – деген аудан әкімі Төлеген Төреғалиев кеш иесінің иығына шапан жапса, мерейтой иесінің зайыбы Меруерт Елеуқызына да сый-құрмет көрсетті. Кеш барысында Донеділ Қажымов, Гүлнәр Дәукенова, Қатимолла Бердіғалиев сынды өнер саңлақтары ауыл халқының алдында ән салып кеш ажарын аша түсті.

– Мақсот ағамыз ауылмен тығыз байланыста. Шақыртуды күтпей-ақ өзі аяқтай келіп хал-жағдайымызға көз жеткізеді. Анау жылдары Мақсот ағай мектебіміздің бірқатар оқушыларына шәкіртақы тағайындаған болатын. Сол оқушылар мектеп бітіргенше ағамыздың атындағы шәкіртақыны алып тұрды және қазіргі таңда үмітімізді ақтап мемлекеттік грантқа ие болды. Әр уақытта да Мақсот Қабышұлы ауылға бүйрегі бұрып тұратын азамат, – дейді Алғабас ауылындағы М. Қаналиев атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің директоры Сәлмен Ибрагимов.

Шара соңында ауыл халқының ризашылығына бөленіп толқи да тебірене сөйлеген Мақсот Қабышұлы кешке жиналғандардың баршасына алғысын білдірді. Өңірімізге белгілі әнші, ерекше дауыс иесі Айбар Қайырханов “Атамекен” әнімен шараның шымылдығын жапты.

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ,

«Орал өңірі»,

Сырым ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика