Тег: ‘Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ’


Тасқаланың жолдары тақтайдай тегіс болмақ

Күні: , 72 рет оқылды

Облысымызда  биылдан  бастап  мемлекеттік-жеке  меншік  серіктестігі  жобасы  аясында  жол  жөндеу жұмыстары  қолға  алынбақшы.  Бұл  бағыттағы  жұмыстарды  жүзеге  асыруды  жоспарлап  отырған  екі-үш  ауданның  ішінде  Тасқала  да  бар.

– Аудан орталығындағы алты көшені мемлекеттік-жеке меншік серіктестігі жобасы аясында жөндеуді қарастырып жатырмыз.

Есепке салып қарағанда бұл жолдарды жөндеуге 500 млн. теңгедей инвестиция салу керек. Оған әлеуетті компания болмаса, өзгелердің жүрегі дауламасы анық.

Сол себепті біз «Орал – Тасқала – РФ» жолын салып жатқан «Юнисерв» серіктестігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Көп кешікпей олар өз келісімдерін береді деп ойлаймыз. Себебі, мұндағы талап барлық тарапқа да тиімді. Нақтылап айтсам, үкімет жол жөндеуге салған қаражатты бес жыл уақыттың ішінде үстіне пайызын қосып қайтарып береді, – дейді Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Айтмағамбетов.

Айта кетейік, соңғы жылдары Тасқалада жол жөндеу қарқын алуда. Мұнда республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар жолдар жөнделуде. Яғни «Орал – Тасқала – РФ» жолының күрделі жөндеуден өтуі бұл күре жолдың бойындағы біраз ауылға игілігін әкелмекші. Одан бөлек биыл Тасқала – Мереке – Қазталов ауданы бағытындағы облыстық маңызы бар жолға да жөндеу жүргізіледі. Тақтайдай тегіс жолдар аудан орталығында да аз емес. Жалпы, Тасқалада ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу 2016 жылы басталыпты. 2016-2017 жылдары облыстық бюджеттен осы мақсатқа бөлінген 332 млн. теңге толығымен игеріліп, төрт көше, яғни  үш шақырым жол жаңа кейіпке енді. Ал 2017-2018 жылдары 7,4 шақырым жолды жаңарту жоспарланып, оның 4,4 шақырымы былтыр аяқталды. Биыл қалған жұмыстар жалғасын табуда. Сөйтіп үш жылда сегіз көше күрделі жөндеуден өтті. Енді тағы да 31 көшені осылардың қатарына қосу үшін төрт жоба жасақталып, жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды. Қазіргі таңда оның екеуі сараптамадан өтті. Соған байланысты бұл жобаларға қаражат бөлу жөнінде өтінім жасалды. Ал қалған екеуі сараптамадан өтуде. Егер осы жобалардың барлығы жүзеге асса, Тасқаладағы көшелердің тоқсан пайызы заман талабына сай жасақталмақ. Енді ауылдық округтердегі жолдардың сапасын жақсартуға мән берілмекші. Бірінші кезекте тірек елді мекендер назарға алынатынын  айтады мамандар.

– Жол – көп қаражатты талап ететін сала. Оған жол құрылысына қажет материалдардың жергілікті жерде өндірілмеуі де өз әсерін тигізуде. Қажет материалдарды тасымалдауда да қиындық бар. Жол салу жұмыстары негізінен жаз маусымында қарқынды жүретіндіктен, көрші облыстан қиыршық тас тасымалдау үшін вагонның жетіспеушілігі жиі орын алады. Кейде битумға қатысты да мәселелер болып қалады. Былтыр осындай жайттарға байланысты аудан орталығындағы бір-екі көшені жөндеу жұмыстары биылға қалдырылған еді. Дегенмен де қолымыздан келгенінше жол сапасын жақсарту бағытында жұмыстанудамыз. Қазір аудандағы 457 шақырым аутокөлік жолының 33 пайыздайы жөнделді. Бұл облыстық көрсеткіштен жоғары. Жалпы, жол құрылысының игілігін тасқалалықтар сезініп, орталық, жергілікті атқарушы билікке өз ризашылықтарын білдіріп, ортақ іске қолдарынан келгенше атсалысуда, – дейді Бауыржан Есқайырұлы.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Тасқала  ауданы


Ардақтың төскейіне ангус келді

Күні: , 52 рет оқылды

Тауарлы емес, асыл тұқымды мал ұстаған ұтады. Шыңғырлаулық шаруалар да мұны жете ұғынып, осы іске ден қоя бастады. Олардың арасында Ардақ (Полтава) ауылдық округіндегі «Жайдар» шаруа қожалығы да бар.

2014 жылы құрылған бұл қожалық 30 бас ірі қарамен жұмысын бастаған еді. Бірақ тауарлы бағыттағы малдың нарықтағы бәсінің төмендігі шаруашылық жетекшісі Нұржан Лесовті жиі мазалайтын. Елбасының асыл тұқымды мал өсіріп, ет экспортын дамыту бағытындағы тапсырмасына өз үлесін қосу мақсатында ол биыл малын тапсырып, Қостанай облысынан 60 бас абердин-ангус сиырын алып келді. Артынан Жаңақаладан осы тұқымның үш аталығын жеткізді.

– Кеңес заманында әкем осы жерде мал бақты. Сол әке таяғын ұстап, ауылда атакәсіпті жандандыру үшін қожалық құрдым. Заман көшінен қалмауды ойлап, асыл тұқымды ірі қараны өсіріп жатырмын. Осы ангустарды алуға Қостанай өңіріне, Жаңақалаға барғанда асыл малдың табыс көзі екендігіне көзім жете түсті, – дейді жас фермер.

Ғалымдардың сараптауынша, салмақ қосу, ет сапасы мен дене пішінінің жұмырлығы бойынша әлемде бірінші орында тұрған абердин-ангус ұсақталып кеткен өзге тұқымды малды асылдандыруға да тиімді. Сол себепті Нұржан ауылдағы малды тұқымдық түрлендіруге үлесін қоспақшы. Төлінің тез өсетінімен ерекшеленетін ангус қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді екен. Міне, осындай ерекшеліктерін ескере келе, Нұржан Лесов 30 млн. теңгеге жуық өз қаржысына шотландиялық сиырларды алды. Алдағы уақытта Ардақтың төскейін асыл малға толтыру жоспарында бар.

Айта кетейік, Нұржан шаруашылықты ғана жүргізіп қоймай, ауылдағы игі істерге де ұйытқы болуда. Мәселен, кеше өткен Ұлы Жеңіс күні Ардақта дала қызықтарын ұйымдастыруға атсалысты. Ол ауылдағы абаттандыру, қайырымдылық істерінен де тыс қалып жатқан жоқ. Осылайша бұл азамат ауылын өрге сүйреуге ұмтылып жүр.

– Нұржан қасына бес-алты жасар ұлын ертіп жүруі тегін емес.

Өзі де бала кезден әкесінің қасында жүріп, малшылықтың қыр-сырын үйренді ғой. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген осы. Ертең-ақ мына кішкентай Лесовтің әке ісін жалғастырып, одан әрі дамытатыны сөзсіз, – дейді сапарымыз барысында біздің қасымызда жүрген аудандық «Серпін» газетінің бас редакторы Адақ Шотпанов.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Шыңғырлау  ауданы


ҚР Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Бөкей ордасы мен Жәнібекке жол салынады»

Күні: , 189 рет оқылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі іргелі кәсіпорындарда болып, сондай-ақ жұртшылық өкілдерімен кездесті.

 

Жаңа  технология – табыс  кепілі

Президент алдымен «Квант» ЖШС-ның цехында жиынтық жиһаз жасаудың технологиялық үдерістерімен танысты. Мұнда кәсіпорынның қазіргі қаржы-шаруашылық жағдайы туралы мәлімделіп, өндіріс ауқымын ұлғайту және дайын өнім тізбесін кеңейту жоспары жөнінде айтылды.

Индустрияландыру картасына енгізілген жиһаз фабрикасын ашу үшін (жоба құны – 1,1 млрд. теңге) кәсіпорынға кезінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау көрсетілген болатын. Мұнда германиялық Nomag фирмасының жабдықтары орнатылған. Жиһаз фабрикасында жатын, ас үй және балалар гарнитурлары, басқа да түрлі жиһаздар шығарылады. Жұмсақ және жиынтық жиһаз үшін пенополиуретан мен матрастар да өндіріледі.

Фабриканы аралау кезінде Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысы, соның ішінде өнеркәсіп секторының, шағын және орта бизнестің қазіргі ахуалы мен болашағы жөнінде баяндап берді.

Бұдан бөлек кәсіпорын аумағында Елбасына индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, фин технологиясы бойынша тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін жаңғырту, ірі қара мен ұсақ малдың терісін өңдеу, нан және макарон өнімдерін өндіру, химия өндірісі, дизель отынының компоненттерін сумен тазалауға арналған  жобалар  бар.

Елбасы одан кейін Зеленов ауданы Щапов ауылында орналасқан «Жайық Агро LTD» ЖШС-ның құс фабрикасына ат басын бұрды. Жылына 7200 тонна құс етін өндіретін фабрика өткен жылы Президенттің қатысуымен болған телекөпір барысында іске қосылған. Өнімнің 90 проценті ішкі нарыққа жіберілсе, 10 проценті сыртқы  нарыққа  шығарылады.

Қабырғаға және шатырға арналған материалдарды, шыны және металл бұйымдарын шығаратын «Агран» зауытында кәсіпорынның қазіргі дамуы және мемлекеттік инвестициялық бағдарламаларға қатысу арқылы оның өндірістік қуатын арттыру жайы сөз болды. Президент кәсіпорынның өндірістік үдерісімен танысып, дайын өнім үлгілерін көрді.

Сонымен қатар «Мясодел» және «Кублей» брендтерінің ет өнімдерін дайындаумен және өндірумен айналысатын жергілікті кәсіпорындардың жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.

Елбасы «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да көмірсутегі шикізатын өндіру және тасымалдау саласында пайдаланылатын құрылғылар мен жабдықтар жасау үдерісімен танысты. Президентке кәсіпорынның технологиялық қуаты, сондай-ақ зауытта жасалған қорғаныс өнімдері – атыс қаруы мен оқ-дәрі үлгілері  көрсетілді.

«Орал – Қазақстан бойынша  экологиялық  жағынан ең  таза  қала»

Өндіріс нысандарын аралап болғаннан кейін Мемлекет басшысы Орал қаласындағы жаңа алаңға келді. Мұнда облысымыздағы Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелерімен және зиялы қауым  өкілдерімен  жүздесті.

2016 жылы пайдалануға берілген аталмыш алаң құрылысының жобалық құны 1,4 млрд. теңгені құрайды. Қала тұрғындарының демалуына, мәдени-көпшілік шаралар өткізуге арналған алаңның жалпы ауданы 7,0222 га. Алаңның қыдыруға арналған аумағы мен отыратын орындары жалпы алғанда 8-10 мыңдай адамды сыйғыза алады.

Ел Президенті осы жерде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ Орал қаласын одан әрі дамыту жоспарымен танысты.

Мемлекет басшысына ескі үйлерді бұзып, орнына жаңа үй тұрғызу, сондай-ақ әлеуметтік сала нысандарының құрылысына инвестиция тарту барысы жөнінде мәлімдеме жасалды. Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов «Ақылды қала» тұжырымдамасы аясындағы жобалардың іске асырылуы туралы да баяндады.

Жаңа алаңдағы сәулетті құрылыстарға көңілі толатындығын жеткізген Елбасы көпшілік тарапынан қойылар сұрақ, көтерілер мәселелер болса, тыңдауға әзір екенін айтты.

– Аса қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы! Бізді, әсіресе, қуантатыны – наурыз айында Парламентте мәлімдеген бастамаларыңыз. Әрбір отбасын баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі ашылып жатыр. Бұл, әрине, үлкен әлеуметтік мәселе екені даусыз. Сіз жастардың болашағына көп мән бересіз. Оларға сапалы білім беру, қала берді өзінің кәсібін ашу, студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету секілді бастамаларыңыз да көкейге қуаныш ұялатады. Сондықтан да ақсақалдардың атынан сізге үлкен рақметімді айтып, ризашылығымды білдіргім келеді. Батысқазақстандықтар сіздің барлық игі бастамаңызды қолдайтынына сеніміміз кәміл, – деді Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Рахметолла Сүйербаев.

Кездесу барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының төрайымы, ақын Ақұштап Бақтыгереева бастаған зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ этномәдени бірлестік жетекшілері Елбасы саясатына қатысты ризашылықтарын білдірді.

– Ақ Жайық өңіріне әдейі ат басын бұрып келіп тұрмын. Еліміздің қиыр батысында жатқан ағайынсыздар. Сондықтан мен ылғи көңіл бөліп отырамын. Шекарада тұрған елдің жағдайы жақсы болуы керек. Қалаларымыз жылдан жылға дамып, еліміз өркендеп келеді. Өндіріс ілгерілеп келеді. Жаңа ғана шағын, орта деңгейдегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Қазіргі таңдағы керегі де осындай жұмыс орындары. Өйткені аса ірі кәсіпорындардың заманы өткен. Өңірлеріңізге «Болашақ» бағдарламасымен білім алған жас әкімді тағайындағаныма да біраз уақыт өт-ті. Ағылшын тілін білу арқылы инвестиция тартып, түрлі жобаларды жүзеге асыруға тырысып келеді. Жаңа алаңның көрінісі тамаша. Бұл жерге сенбіліктерде молырақ тал егіп, әлі де көгалдандыруға мән берген жөн. Орал – Қазақстан бойынша экологиялық жағынан ең таза қала. Ұзақ өмір сүру үшін қажетті негізгі ұстанымдардың бірі – қай жерде қолайлы болса, сол жерде өмір сүру. Экология таза, қалғаны өзімізге байланысты. Адам денсаулығы жақсы болуының 90 проценті өзіне, ал қалған 10 проценті дәрігерлерге байланысты. Мен көп жылдан бері ел басқарып келемін. Жайық өңірі – шаруашылыққа қолайлы мекен. Батыс Қазақстан облысы – бұрыннан бері ірі қара етін өндіруші аймақ. Жаңа ғана ет өңдеуші зауытта болдым. Онда малдың сүйегіне дейін пайдаға асырып жатыр. Менің бес әлеуметтік бастамамның бірі – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту. Пәтері бар тұрғындар бұл бағдарламаға ілікпейді. Бұл бастама жұмыс жасайтын, алайда пәтерге қолы жетпей жүрген жанұяларды баспанамен қамтуға бағытталған, – деген Елбасы бес әлеуметтік бастаманың және еліміздегі жастарға, шағын кәсіпкерлікке туғызылып отырған жағдайдың қолайлы тұстары  туралы  кеңірек  әңгімеледі.

– Ал Достық үйлерінің жұмысы – біздің саясатымыздың маңызды бағыты. Қазақстан – халқының татулығымен барлық елге үлгі. Бұл – біздің ең ұлы жетістігіміз. Бақыт дегеніміз – ынтымағы жарасқан елде өмір сүру, балаларды соғысқа жібермеу. Біздің аталарымыз бірінші дүниежүзілік соғысты, төңкерісті, азамат соғысын бастан өткерді. Әкелеріміз болса, екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Аштық пен саяси қуғындаудың да теперішін көрді. Ал біздің буын бақытты ұрпақ, 74 жылдан бері бейбіт өмір кешіп келе жатқанымыздың ұлы бақыт екенін ұмытпауымыз керек.

Шекарадағы елдермен бейбіт қарым-қатынас ұстанып отырмыз. Сыртқы және ішкі тыныштық дамуға қолайлы мүмкіндік туғызады. Елімізде мұнай мен газдың қоры болуына байланысты индустриалды саясатты да жүргізіп келеміз. Алайда бұлардың бағасының қалай өзгеретінін көріп отырғандықтан, өндірістің өзге түрін де дамытуымыз керек. Инфрақұрылымға келетін болсақ, Саратов бағытына жол салынуда. Бөкей ордаға қатынайтын ішкі жолдардың құрылысын жеделдету үшін Үкіметке тапсырма берілді, – деді  Мемлекет  басшысы.

Жаңашыл  жастарға – жол  ашық

Оқушылар сарайына барған Президент алдымен балғын боксшылармен емен-жарқын әңгімелесті. Жас былғары қолғап шеберлері болашақта осы Батыс Қазақстан облысынан шыққан Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов сияқты әлемдік жарыстарда топ жаруға  уәде берді.

Сондай-ақ осы сарайда БҚО әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңірде денсаулық сақтау және білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан цифрландыру жобаларымен таныстырды. Елбасы бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысының алда екендігін, осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру керектігін  атап  өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар жаңашыл жастармен де кездесті. Жас кәсіпкер, «Fiesta» дүкендер желісінің директоры Асхат Рамазанов «Бастау» коворкинг орталығында жаңа жобалар мен идеяларға жол ашылып жатқанын мәлім етсе, «Qayir» қайырымдылық қорының жетекшісі Алпамыс Шәрімов ұлттық өнер мен мәдениетті әлемдік деңгейге шығару бағытындағы ойларымен бөлісті. «AQJAYIQ» телеарнасының редакторы Нина Павлычева «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша қазақ тіліне аударылған «Медиа этика» кітабын оқып, көкейге түйгендігін айтса, 1991 жылы Президент есімін қойған Нұрсұлтан Сақпаев ұшқыш болуды бала кезден армандағанын, қазір соның орындалып жатқанын жеткізді. Сол секілді М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Зарина Ықсанова Президенттің  «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында облыста жаңадан жатақханалар салынып жатқаны жастар үшін үлкен қуаныш екендігін жеткізді. Осы орайда облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде жеті, соның ішінде Оралда алты жатақхана салынып жатқанын атап өтті.

Елбасы жастарға қазіргі уақытта мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер жасалып отырғанын айтып, оларға жаңашылдық жолында табыс тіледі.

«Мектептер мен университеттер ғылыммен айналысуға бағдарланып отыр. Қазіргі жағдайда адам өмір бойы білім алуы тиіс. Бес-алты жылдан кейін бүгінгі көптеген мамандық жойылып, орнына жаңа мамандықтар пайда болады. Біздің бар үмітіміз – жастарда. Қарқынды дамып келе жатқан әлемнен қалып қоймауымыз үшін не істеу керектігін сіздер әрдайым ойлап жүресіздер деп сенемін», – деп түйіндеді  сөзін  Мемлекет  басшысы.

Өңір  көрсеткіштері  өсіп  келеді

Сапарының соңында Елбасы Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің 2017 жылдың және биылғы бірінші тоқсанның қорытындылары бойынша өңірдің даму барысы жөніндегі есебі тыңдалды.

Сонымен қатар облыс әкімі Қазақстан Президентінің мемлекеттік және салалық бағдарламалар аясында берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндады.

Басқосуда Нұрсұлтан Назарбаев өңірде дайын өнім шығару ісінің жолға қойылғанын айтып, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылу барысына оң  баға  берді.

«Бүгін облыстағы нысандарды аралап көрудегі мақсатымыз – мемлекеттік бағдарламалардың, соның ішінде жақында қабылданған «Бес әлеуметтік бастаманың» іске асырылу барысымен танысу. Оларды жүзеге асыру қоғам өміріне оң әсерін тигізеді», – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы «Қазақстан – 2050» стратегиясының мақсаттарына қол жеткізу ісінде барлық облыстың атқарып жатқан жұмыстарының маңызды екенін айтты.

Мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысының экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өсіп келе жатқанына тоқталып, өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Азаматтардың әл-ауқаты тұрғын үй құрылысына да байланысты болады. Соңғы бес жылда облыста бір жарым миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені қуантарлық жайт. «Бес әлеуметтік бастаманы» іске асыру арқылы біз құрылыс қарқынын арттыратын боламыз», – деді Нұрсұлтан  Назарбаев.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнеске қолдау көрсету, ауыл шаруашылығын дамыту мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселелеріне, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың проблемасына тоқталды.

Елбасы облыс басшылығына экономиканың жаңа секторларында заманауи өндіріс орындарын ашу жөніндегі жұмыстарды жандандыруды және өңірде жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды одан әрі дамытуды тапсырды.

«Ірі инвесторларды тартуға бағытталған жұмыстарды жалғастырудың да маңызы зор. Мәселен, менің АҚШ-қа сапарымнан кейін америкалық ірі бизнесмендер тобы Қазақстанға келіп, келіссөздер жүргізіп жатыр. Біз үшін олардың инвестициясы, технологиялары және нарығы маңызды», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа технологияларды пайдалану арқылы облыста «жасыл» экономиканы дамытудың қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы ауыл жастарын жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, оларды мемлекет қабылдаған бағдарламаларды жүзеге асыру үдерісіне тартуды тапсырды.

Қазақстан Президенті шағын және орта бизнес секторындағы диспропорцияға назар аударды.

«Орал қаласы мен Бөрлі ауданы шағын және орта бизнес өндіретін бүкіл өнімнің 90 процентін өндіріп отыр. Қалған 11 ауданға 10 процент тиесілі. Адамдарға бизнеспен айналысуды үйретіп, кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай мемлекеттік бағдарламалар бар екенін көрсету керек. Бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ экспорт көлемін арттыру үшін өңірдің шекара маңы әлеуетін белсенді пайдалануды тапсырып, облыс ішінде көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін атап өтті.

Жиында Бөкей ордасы мен Жәнібек аудандарына қатқыл табанды жол салу мәселесі де сөз болды. Орал қаласынан бұл аудан орталықтарына дейінгі 500 шақырым жолдың бүгінде 200 шақырымы жаңа кейіпке енді. Елбасы жолдың қалған бөлігін асфальттауға қаржы бөлу жөнінде Үкіметке тапсырма бергенін атап өтті.

– Бөкей ордасына туристерді апарамыз, көрсетеміз деп отырмыз. Ал жөнді жол болмаса, оларды қалай жүзеге асырамыз? Сондықтан осы мәселені қолға алып, бәріміз бірге шешетін боламыз, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Айта кету керек, жол бірден салынбайтыны анық. Оған қаржы бөлуге, жобалық-сметалық құжаттамаларды дайындауға біраз уақыт кетеді.  Дегенмен де көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселенің шешімін таба бастағаны қуантады.

Жиын соңында Қазақстан Президенті өңірдің даму қарқынын сақтауды және жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алып, қамтамасыз етуді тапсырды.

Ғайсағали  СЕЙТАҚ,

Нұртас  САФУЛЛИН,

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Суреттер  www.akorda.kz   сайтынан алынды


Кiтапты насихаттаудың ең тиiмдi жолы

Күні: , 31 рет оқылды

«Бүгiн кiтап оқитын балалар ертең компьютерде ойнайтын балаларды басқарады»

Н. Ә. НАЗАРБАЕВ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Бөрлі аудандық кiтапханасы «Буккросинг» кiтап алмасу іс-шарасын қолға алды. Облысымызда алғаш рет ұйымдастырылған бұл жоба аясында Ақсай қаласының алты жеріне кітап алмасу бұрыштары қойылмақшы.

Таяуда осындай бұрыштың алғашқысы Ақсай қаласындағы ХҚО-да ашылды. Оған Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Шолпан Оразаева мен Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов арнайы қатысқан.

«Буккросинг» қазақшаға аударғанда «кiтап сыйлау» немесе «кiтаптың айналыста жүруi» деген мағынаны бiлдiредi екен. Алғаш рет бұл идеяны Рон Хернбекер деген американдық бағдарлама-шы ұсыныпты. 2001 жылы ол қонақүйдің төменгі қабатына жиырма шақты кітап қойып, оның жанына «Бұл жоғалып кеткен кiтаптар емес, көпшілікке арналған әдебиеттер. Оқып болғаннан кейін оларды әрi қарай «саяхаттауға» жiберуiңiз сұралады» деген жазу қалдырған. Бұл жоба қонақ-үйге келушілердің қызығушылығын тудырған. Көп кешікпей 300 адам оның бұл ісін жалғастырып жатқандығы туралы жеке сайтына хабар келген. «Буккросинг», әсіресе, Еуропа елдерiнде қолдау тапты. Көбінесе оны жаңа кiтапқа жарнама жасау құралы ретiнде пайдаланған. Кітапты айналысқа қосу ісі Қазақстанға  2005 жылы келді.

–  «Буккросинг» жобасын Астана мен Алматыға барған сайын көріп жүрміз. Мәдени-демалыс парктеріне, аялдамаларға арнайы кітап сөресін қойып, оған түрлі бағыттағы кітаптар орналасты-рылады. Біз де солай сыртта ұйымдастырғымыз келді. Бірақ жерге рұқсат сұрау керек болды, ертең жауын-шашын, күн салқында не істейміз деген мәселелер туындаған соң, ХҚО, емхана, сауда орындары сынды халық көп келетін ғимараттардың ішіне қоюды жөн деп шештік.

Иә, қазір заман басқа ғой, еш қараусыз тұрған тегін кітаптарды біреу-міреу алып кетпей ме деген ой да болмай қалған жоқ. Дегенмен де тұрғынның бәрі бірдей ондай іске бара қоймас, кітап алып, оқып болғасын қайта орнына қойып жатқан жандарды көрген соң, одан өзгелер де үлгі алар деген ниетпен бұл істі қолға алдық. Сол сеніміміз біртіндеп ақталып жатқандай, яғни жобамыз көпшіліктің сана-сезіміне оң әсерін беруде. Алғашында 30 кітап қойған едік. Аз ғана уақыттың ішінде оннан астам кітап алыныпты.

«Буккросингтің» ережесі бойынша алынған кітап оқылғаннан соң, қайта орнына қойылуы керек немесе басқасын әкелуге болады. Бұл жердегі кітаптардың айналымын біліп отыру мақсатында, оларға «Буккросинг» деген жазу бар арнайы мөр соқтық. Сөрелерді тек кітапты емес, мерзімді баспасөзді де орналастыруға болатындай етіп дайындаттық. Сөйтіп газет-журналдарды да кеңірек насихаттайтын боламыз, – дейді Бөрлі аудандық орталықтандырылған кітапханасының директоры  Дариға  Нұрашева.

Бөрлі ауданына сапарымыз кезінде ХҚО-ға кіргенімізде мемлекеттік қызмет алушылар көп болғанымен, аталмыш кітап сөресінің жанында кісілердің аздығын байқадық. Кітап қарап жүрген жандардың бірі – Қызылтал ауылының тұрғындары Бақтығали мен Гүлбазар Балмашевтар. Бақтығали «Буккросинг» шарасы жөнінде жақында, яғни осы орталыққа келген кезде білген. Кезек күтіп отырған кезде қазақ ақын-жазушыларының екі-үш кітабын алып оқыған. Ал мамандығы педагог болып табылатын Гүлбазар болса, сөреде тұрған кітаптармен бұрыннан таныс. Дегенмен қайта көз жүгіртуде. Өзінің ұсынысы ретінде бұл жерде соңғы жылдары шыққан кітаптардың да тұрғанын қалайтынын жеткізді.

– Кітап асыл қазына ғой. Кітапты ең жақсы сыйлық ретінде қабылдаймыз. Француз ғұламасы Дени Дидро «Дүниедегi ең бақытты адам – неғұрлым көп адамға бақыт сыйлаған жан» деген екен.

Кiшкентай нәрсемен-ақ өзгелерге  үлкен бақыт сыйлауға болатынын көрсетіп жатқан кітапхана-шыларымызға ризашылығымды білдіремін, – дейді Гүлбазар Ғабиденқызы.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Бөрлі ауданы

Ғалымжан ҚАСЫМБАЕВ,

Бөрлі аудандық ХҚО-ның басшысы:

– Біз өзімізше шкаф-дүкені деп атап кеткен кітап сөресінің алғашқысы біздің ғимаратымызда орналасқанына қуаныштымыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асуына осы бағытта да септігіміз тисе екен дейміз. Бұл жаңадан басталып жатқан жоба ғой. Уақыт өте келе бұл кітаптарды көпшіліктің қызыға оқитынына үмітім зор. Қазір негізінен мұндағы шығармаларды біздің қызметкерлеріміз алуда. ХҚО-ға келіп жатқандарға бұл жоба жөнінде айтып, кітап алуға, оқуға шақырып тұрамыз. Жалпы алғанда, интернеттiң дәуiрi жүрiп тұрған қазiргi уақытта «Буккросинг» кiтапты насихаттаудың ең тиiмдi жолы деп бiлемiн.

Айша ЕСЕНЖАНОВА, Ақсай қалалық №3 кітапхана қызметкері:

– «Буккросинг» жобасына бiз бақылау жүргiзбеймiз. Онда оқырман билетi толтырылмайды. Мұны ашық кiтапхана деуге болады. Мақсаты – кiтаптарға екiншi өмiр сыйлау, олардың пайда әкелуiне жол ашу. Яғни, кiтаптар сөрелерде бекерге шаң  басып жатпауы керек. Ол «Өзiң оқы  да, басқаға бер» қағидасына негiзделген қарапайым iс-әрекеттен тұрады.

Ләззат БЕРДІҒАЛИЕВА, Ақсай қалалық №3 орта мектебінің 8-сынып оқушысы:

– Өзім тұрақты түрде кітапханаға барып тұрамын. Негізінен ертегі және фантастикалық әдебиеттерді оқығанды жақсы көремін. Жыл өткен сайын оқитын кітаптарымның саны артып келеді. «Нағыз тұлға болып қалыптасу үшiн адам жылына 100 кiтап оқу керек» деген қанатты сөзді есімде ұстап жүремін. Кезінде біздің әке-шешелеріміз, аға-әпкелерiмiз кітап оқып жарысқан ғой. Қазір ол «модадан» қалып бара жатқан тұста Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялады. Соған орай «100  жаңа оқулық», мына «Буккросинг» жобалары қолға алынып жатыр. Енді ақсайлық  жастар  да  кітаппен  дос  болады  деп  ойлаймын.


БҚО ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса ҚАПАҚОВ: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына тың серпін берді»

Күні: , 157 рет оқылды

— Ғайса Хамедоллаұлы, бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының қандай, қанша құрылымдық бөлімшелері бар, актив мүшелерінің саны қанша?

Облыстық ассамблея және оның құрылымдық бөлімшелерімен қандай  жұмыстар  атқарылуда?

– Қазір Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы – өңіріміздің әр түрлі саласында жұмыс істейтін, сан алуан салт-дәстүрді ұстанатын, жалындаған жастан бастап, елге танымал тұлғалардың, ақсақалдардың басын біріктіріп, елдің тыныштығын сақтауға, бірлік пен келісімді нығайтуға арналған жұмыстарға атсалысып отырған конституциялық құрылым.

Бүгінде ҚХА жанынан, ассамблея, қоғамдық келісім, аналар, қайырымдылық кеңестері, ақсақалдар алқасы, сарапшылық топ, журналистер қауымы, жастар қанаты сияқты құрылымдық бөлімшелер жұмыс жасауда. Олар аудан орталықтарында да, ауылдық жерлерде де ұйымдастырылған. Сондай-ақ өңірде 51 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 17-сі облыстық болып саналады. Осы құрылымдардың жұмысын қамтамасыз етумен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі айналысады. Облысымызда төрт Достық үйі бар: біреуі облыс орталығында болса, қалғаны Зеленов, Теректі және Бөрлі аудандарында.

Қазіргі кезде облыстық ассамблеяның  актив мүшелерінің саны 21 мыңнан астам адамды құрайды. Еліміздегі тұрақтылық пен татулықтың салтанат  құруында олардың еңбегі зор. Сондықтан осы сәтті пайдалана отырып, актив мүшелеріне абыройлы еңбектері үшін ризашылығымды білдіремін.

Ассамблея өз жұмысын ашық та, жария түрде атқарып отыр. Оны көпшілік ақпарат құралдары арқылы біліп жүргені аян. Тек өткен жылы облыс бойынша 800-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп, оларға облыстың барлық тұрғыны тартылды. Биылдың өзінде бекітілген жоспарға сәйкес 12 бағыттағы үлкенді-кішілі 130-ға тарта шара өткізу көзделіп отыр. Қазір сол жоспардың жүзеге асуына тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы ассамблея жұмысына жаңа тыныс, тың серпін берді десек, артық айтқандық емес. Жоспарланып отырған шаралар Ақ Жайық өңірінде татулықтың, тұрақтылықтың одан әрі өркендеуіне өз әсерін беретініне сенімдімін.

— Өткен жылы облыс әкімі, БҚО ҚХА төрағасы Алтай Көлгінов жыл сайын өңірімізде өткізіліп келе жатқан Этнос күнінің географиясын, идеялық мазмұнын байытуды ұсынып, бұл жобаны жүзеге асыру үшін тың идеялар, жаңа ракурстар керектігін мәлімдеді. Соған байланысты Этнос күндері қаншалықты  жаңаша  сипат  алды?

– Этнос күні жобасын жаңғырту мақсатында бүгінде оның көкжиегі кеңейіп, «Этнос апталығы» болып өзгертілді. Енді аптаның әр күнінде мәдени-ағарту, көпшілік-танымдық бағыттағы этностардың салт-дәстүрлеріне, өнеріне, тіліне, әдебиетіне арналған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады, яғни жоба аясында аптаның әр күні тақырыптық бағыт бойынша атап өтіледі.

«Этнос апталығы» облыс жұртшылығына әр түрлі этникалық топтардың рухани құндылықтарын танып, ұғынуға үлкен мүмкіндік береді.

Сонымен қатар апталық аясында «Қазақ тану» жобасы кеңінен насихатталмақ. Бұл жобаның негізгі мақсаты – өз ұлтымыздың салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, тарихы арқылы  қазақ  халқының болмысын тану, жан-жүрегімен сезіну, қонақжайлығын, кең пейілді дархан көңілін, бауырмалдығын, үлкенді құрметтеу қасиеттерін баршаға үлгі ету.

«Қазақ тану» жобасы қазақ халқының және қазіргі заманғы Қазақстан азаматының рухани келбетін барша әлемге таныстыру болып табылады.

– Биыл Қазақстандағы Өзбекстан жылы болып жария-ланғаны мәлім. Бұл мерейлі датаға орай облысымызда қандай іс-шаралар жоспарланып отыр? Жалпы, өңірімізде өзбек этномәдени бірлестігін құру  жоспары  бар  ма?

– Облысымызда бүгінгі таңда 600-ден астам өзбек этносы тұрып жатыр. Өткен жылы өзбек этносының өкілдері, өңірде қызмет етіп жатқан өзбек кәсіпкерлері  тарапынан этномәдени бірлестік ашу туралы ұсыныстар түсті. Болашақта облыстық ассамблеяның қатары  толығады  деп ойлаймын.

Мерейлі датаға қатысты шаралар облысымызда да өтуде. Мәселен,  Орал қаласына Өзбекстанның халық әртісі, профессор Ф. Садыков келіп, Дәулеткерей атындағы облыстық халық аспаптарының оркестрімен бірлесіп, жаңа концерттік бағдарлама жасақтап, батысқазақстандықтарға ұсынды. Қазақстандағы Өзбекстан жылының ашылу күніне арналған концерт облыстық ассамблея мүшелерінің, тұрғындардың көңілінен шыққан сияқты.

– БҚО ассамблеясының жастар қанатының жұмысы сізді қанағаттандыра ма? Бұл бағыттағы жұмыстарды дамыту мақсатында қандай қам-қарекеттер  жасалуда?

– Облыстық ассамблеяның жастар қанатының тыныс-тіршілігі бүгінде жаңа сипат алуда. Оралда республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының өңірлік жұмыс штабы құрылды. Оларға ассамблея үйі ғимаратынан арнайы орын бөлінді. 27 адамнан тұратын штаб құрамында облыстық ассамблея жастар қанатының көшбасшылары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарындағы Достық клубтарының жетекшілері бар. Таяуда штабтың бірінші отырысы өтті. Алдағы уақытта облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының І форумын өткізу жоспарлануда. Оған республикалық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының көшбасшысы Максим Споткай қатыс-пақшы.

«Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қызметі жоғары оқу орындарындағы, колледждердегі Достық клубтары және ірі мекеме-кәсіпорындардағы жастар бөлімшелері арқылы жүргізілетін болады. Бұл шара барысында аталмыш қозғалыстың құрамына жастарды кеңінен тарту өрістелмек.

– Медиация институтын дамыту бағытында қандай шаралар алынуда?

– Медиация институтын дамыту бағытында облысымызда ауыз толтырып айтатын жұмыстар бар. Бүгінде өңірімізде (барлық аудан мен ауылдық округте) 145-тен астам медиация кабинеті мен бұрыштар ашылды. БҚО ҚХА кәсіби және кәсіби емес медиаторларының тізіліміне сәйкес, оның құрамына 268 медиатор (40 кәсіби, 228 кәсіби емес) кіреді. Жақында «Батыс Қазақстан облысында медиацияның тиімді әдістері» атты медиаторлардың форумы өткені белгілі. Онда облыстағы барлық медиатор бас қосып, бірқатар көкейтесті мәселелерді талқылаған болатын. Сол алқалы жиынның қорытындысы бойынша қоғамдық медиаторлар қауымдастығын құру жөнінде ұсыныс бірауыздан  қабылданып, аталмыш ұйымның құрылуына қатысты ұйымдастыру мәселелері қарастырылды. Қауымдастықтың ережесі бекітіліп, жұмыс  жоспары  жасақталды.

— Ғайса Хамедоллаұлы, облыстағы ұлтаралық байланысты нығайту және қазақстандық біртектілік пен бірлікті дамыту мақсатындағы іс-шараларға орай БҚО ҚХА-мен жүргізілетін әлеуметтік сауалнамалар жөнінде айтып өтсеңіз…

– Биыл 17 наурызда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Этносаралық және конфессияаралық қатынастар орталығының жетекшісі А. Сәдуақасованың қатысуымен облыстық ассамблея кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда өткен жылғы «Батыс Қазақстан облысында этносаралық жағдайға мониторинг жасау» әлеуметтану зерттеуінің қорытындысы тыңдалып, құрылымдық бөлімшелердің құрамдарына өзгерістер енгізіліп, облыстық ассамблеяның биылғы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Сонымен қатар БҚО ҚХА ғылыми-сарапшылық тобы мен ассамблея кафедрасының есепті кезеңдегі жұмыстары да қорытындыланып, ағымдағы жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді. Бұл жиында облыстағы этносаралық ахуал туралы өңірлік, республикалық ауқымды өткізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері талқыланды.

Жалпы айтқанда, есепті кезеңде өңірімізде этносаралық қатынастар барысында алаңдаушылық туғызатын әрекеттер байқалған жоқ, ахуал тұрақты. Әлеуметтік сауалнамаға қатысқандардың 97,8%-ы Қазақстанның біртұтас халқының өкіліміз деп жауап берген. Респонденттердің басым көпшілігі өңірдегі этносаралық саладағы жағдайды «тыныш» деп санайды. Респонденттердің 92,1 %-ы басқа ұлт өкілдерінің оларға деген көзқарасы «жақсы» деп бағалады. Зерттеу нәтижелері бойынша сұрау салынғандардың басым көпшілігі, яғни 81%-ы Қазақстандағы этносаралық келісімді сақтау бойынша іске асырылып жатқан мемлекеттік саясатты қолдайтындарын білдіріп отыр.

– Жыл өткен сайын ассамблеяның да жұмыс бағыты жаңаша сипатқа ие болуда. Осыған кеңірек тоқталып, алдағы жоспарларыңызды да айта кетсеңіз…

– Елбасы өз сөзінде Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысы көбеймесе, азаймайды деп атап көрсеткені белгілі.  ҚХА-ның ХХV сессиясында ассамблея жұмысының жаңа бағыттары айқындалды. Олардың арасында қоғамдық келісім кеңестерін, қайырымдылықты және медиацияны дамытуды қамтамасыз ету, сол жұмысқа этномәдени бірлестіктердің әлеуетін пайдалану, сонымен қатар оларды жалпы мемлекеттік мәселелерді шешуге тарту бар.

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітіліп, облыста қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы негізгі міндеттер айқындалғаны белгілі. Тұжырымдамадағы негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында БҚО ҚХА-ның биылғы жылға арналған іс-шаралар жоспары жасақталды. 128 тармақтан тұратын жоспарда «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бес бағытты қамтитын шаралар қарастырылған.  Облыстық  ассамблеяның құрылымдық бөлімшелерімен өткізілетін іс-шараларда қоғамды толғандыратын өзекті мәселелер талқыланып, оларды шешу жолдары қарастырылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» жобасы аясында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Зеленов ауданына қарасты Көшім ауылдық округінің Өркен ауылын өз қамқорлығына алып, абаттандыру мақсатында саябақ ашу туралы шешім қабылдады. Этномәдени бірлестіктер құрылыс материалдарын, қара топырақ, тал-терек сатып алып, өз күштерімен құрылыс жұмыстарын жүргізді. «Достық» деп аталатын бұл саябақтың  аумағы 40-90 шаршы метрді құрайды, жаяу жүргіншілерге арналған жолдарға өрнектас төселіп, темір шарбақпен қоршалды. Бақтың ашылу салтанатында  340 тал-терек егіліп, екі гүлзар аллеясы жасақталды. Осындай өнегелі ісімен ассамблея мүшелері облысымызда этносаралық бірліктің мықтылығын іс жүзінде дәлелдей  білді. Сонымен қатар «Туған жер» жобасы аясында «Туған өлкем – тірегім» атты облыстық Достық клубтарының форумын, «Туған жерге – тағзым» атты меценаттар форумын өткізу жоспарда бар. Аталмыш шараларды ұйымдастырудағы мақсат – туған өлкенің өзекті мәселелеріне назар аударып, ауыл-аймақтардың абаттануына, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Ақ Жайық өңірінің тарихы мен киелі жерлерін көршілес облыс жастарына таныстыру мақсатында арнайы этнографиялық-туристік маршрут жобасы жасақталды. Жоба аясында Алаш музейіне, Ғұмар Қараштың жерленген жеріне, Жұмағазы хазірет кесенесіне, Жайық қалашығына және Хан ордасындағы тарихи-музей кешеніне бару жоспарлануда.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қазақтың ұлттық өнерін таныстыру мақсатында Ресейдің көршілес облыстарына гастрольдік сапарлар ұйымдастыру көзделуде. Екі елдің жастары арасында этносаралық байланысты нығайту мақсатында «Достық» клубтарының кездесулерін өткізуді  жоспарлаудамыз.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының облысымыз бойынша жеңімпаздарын қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік шараларға қатыстыру және жастар мен азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен кездесулер, арнайы брифингтерді  ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Этномәдени бірлестіктер арасында латын әліпбиін енгізуге байланысты семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілмекші, облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптама тобының өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылатын  болады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жоспарланған шараларды жүзеге асыруға облыстың әр тұрғыны өзіндік үлесін қосқаны жөн. Сондай-ақ батысқазақстандықтар ассамблеямен атқарылған істерді жүрегімен сезінгендері, әрі бұл істердің алдағы уақытта да жүйелі түрде жүзеге асуына атсалысқандары абзал. Бұл бағытта тиісті іс-шаралар алу – біздің негізгі міндеттеріміздің  бірі.

Сұхбаттасқан  Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


«Әлеуметтік желілердегі «артық әңгімелерге» негіз жоқ»

Күні: , 65 рет оқылды

Облысымызда  меритократия  қағидаттары  қалай жүзеге асып  жатыр,  тамыр-таныстықпен  әкiмшiлiк  мемлекеттiк лауазымдарға  келуге  бола  ма, жастарымыздың  мемлекеттік  қызметке  келуі  қалай?  Міне,  осындай  сауалдармен  облыс  әкімі  аппараты  басшысының  орынбасары Асылұлан Досжановқа  жолыққан  едік.

Елбасымыз «Бұдан былай мемлекеттік қызметші лауазымдық сатымен кезең-кезеңмен, билік иерархиясының бір сатысынан келесісіне өзінің машығын жетілдіре және кәсіби деңгейін арттыра отырып көтерілетін болады» деп атап көрсеткен еді. 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында кәсіби аппарат құру туралы нақты айтылған. Соған сәйкес облысымызда да меритократия қағидатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүруде. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілер облысішілік және деңгейаралық («орталық-өңір», «өңір-орталық») жүйе бойынша ротациялануда. Мәселен, облыс ішінде жоғары тұрған лауазымдарға ауысу тәртібіне келсек, таяуда облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалған Миржан Сатқановты айтуға болады.

Ол қызметін маманнан бастап басқарма басшысына дейін көтерілді. Он жыл Сырым ауданы әкімінің орынбасары болған Төлеген Төреғалиев қазір аудан басқарып отыр. Сегіз жылдан астам уақыт  Шыңғырлау ауданы әкімінің орынбасары болған Қалияр Айтмұхамбетов қазір облыстық жұмыспен қамту басқармасына  жетекшілік етуде. Бірнеше басқармада орынбасар болып қызмет еткен Берік Есенғалиев (ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы), Дулат Имашев (қаржы басқармасының басшысы) қазір басшылық қызметтерге тағайындалды. Сонымен қатар бірнеше жыл облыс әкімі аппаратында инспектор болып қызмет атқарған кадрлар қазір аудандарда басшылық қызметтерді атқаруда. Мәселен, Жаңақала ауданы әкімінің екі бірдей орынбасары, Бөрлі, Шыңғырлау, Қаратөбе ауданы әкімдерінің аппарат басшылары облыс әкімі аппаратынан жолданған жандар. Бір сөзбен айтқанда, білімді, білікті жастарға облыс әкімінің қолдауы ерекше, жастарға жол ашылуда. Орал қаласы әкімдігінде бөлім басқарған Еркебұлан Ихсанов (Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары), Ринат Шәуенов (Зеленов ауданы әкімінің орынбасары), Виталий Кушнер (Теректі ауданы әкімінің орынбасары) сияқты жас мамандар халықтың арасында жүріп тәжірибе жинауда.

Менің өзім де мемқызметтегі еңбек жолымды ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаментінде 2004 жылы бас маман лауазымынан бастадым. Кейін консультант, бөлім басшысы болып, департамент басшысының орынбасарына дейін өстім. 2014 жылы Зеленов ауданы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалдым, өткен жылдың желтоқсанынан бастап осы лауазымда еңбек етудемін.

«Өңір – орталық» жүйесіне тоқталсам, облыс әкімінің бірінші орынбасары болған Арман Өтеғұлов өңірде әр түрлі деңгейдегі басшылық қызметтерді атқарғанымен, орталықта жұмыс істемеген. Жуырда осы ротацияға сәйкес, ҚР Президенті жанындағы ұлттық комиссиясының шешімімен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметін атқарған Бақытжан Нарымбетов ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары болып ауысты. Облыс әкімі аппаратының орынбасары Расул Медетов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департамент басшысының орынбасары лауазымына барып, жақында аталмыш

агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы болып бекітілді. «Орталық – өңір» жүйесі негізінде орталық мемлекеттік құрылымдардан облысымызға келген облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловты, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтарды айтуға болады.

Бүгінгі таңда мемлекеттік әкімшілік қызмет персоналын дамыту жөніндегі жұмыс шеңберінде тағылымдамадан (стажировка) өткізу нысанына ерекше маңыз беріледі. Өңірлердегі мемлекеттік қызметшілер орталыққа, яғни ҚР Президентінің әкімшілігіне, Үкімет кеңсесіне, министрліктерге барып тағылымдамадан табысты өтсе, олардың мансаптық өсу перспективаларына жол ашылады. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасымен шетелде, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқуы да лауазымның жоғарылауына мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, облыста Мемлекет басшысының 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында айтылған талаптарға сай жұмыстар атқарылуда.

– Асылұлан Тұрсынұлы, қазір заңға сәйкес бірде-бір басшы өзіне жақын адамдарды айналасына топтастыра алмайды ғой…

– Әрине. ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» заңымен мұндай әрекеттер көзделмеген. Бұрынғыдай ауысу тәртібі де жоқ. Бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға тек конкурс арқылы орналасады. Өздерінің білімі мен біліктілік деңгейлерін жақсы көрсеткендер ғана конкурстан өте алады. Ал үміткерлерді бағалайтын комиссия құрамында сол мекеме қызметкерлерімен қатар, байқаушылар, сарапшылар қатысады. Бұл конкурстың ашықтығын қамтамасыз етеді.

– Жергілікті жердегі бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға өзге жердің азаматтары тағайындалса, кейде түрлі әңгіме тарап жататыны бар…

– Сұрағыңызды түсіндім. Өзім бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдарға конкурстан өтіп келген азаматтарды жергілікті, жергілікті емес деп бөлуді дұрыс деп санамаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, конкурста білімі мен біліктіктілігі жағынан бәсекеге қабілетті екендерін дәлелдегендер сол лауазымға тағайындалады.

Осы жерге айта кетейін, бірқатар басшылық қызметтерде болған кезде байқағаным, жастарымыздың мемқызметке деген талпынысы төмендеу. Конкурсқа түскендердің арасында да білім деңгейімен ерекшеленіп тұратындар да аз. Қызмет барысында  талпынып, кәсіби біліктілігін арттыруға ұмтылып жүретін, өзін көрсете білетіндер де көп емес. Оның өзіндік себептері де бар шығар. Біреулері мемқызметкердің жалақысының төмендігін айтса, екіншілері жұмыс ауқымының көптігін сөз етеді. Бірақ бұл сылтау емес деп ойлаймын. Егер әрбір азамат өз жұмысын жоспарлап, белгілі бір деңгейге қойып, соны орындай білсе, уақтылы үйіне кетуіне болады. Тіпті қазір мемлекет қызмет саласына осындай талап қойылып отыр. Мемқызметкердің еңбекақысы дүркіретіп той жасауға жетпес, дегенмен отбасын асырауға, көштен қалмауға болады. Тағы бір айта кететін жайт, биылдан бастап Астана қаласы мен Маңғыстау облысында және екі министрлікте пилоттық жоба ретінде бонустық жүйе енгізілуде. Бұл жүйе бойынша төменгі лауазымдағы мемқызметкерлердің табысы үш, одан лауазымы жоғарылардың табысы екі есеге дейін көбеймек. Жалпы, өзім мемқызметті ең тұрақты қызметтің бірі деп есептеймін. Себебі, уақтылы жұмысыңа барасың, еңбекақыңды аласың, демаласың дегендей.

Сөздің шыны керек, әлі де біраз жастарымыз ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргісі келеді. Мәселен, біреулері 4-5  сағат дәмхана-мейрамханаларда даяшы болып қызмет етіп, тапқан ақшасын алып, екі-үш күн қыдыруды көздейді. Ал айналасындағы жандар олардың бұл әрекеттеріне қарап жұмыс жоқтықтан осылай істеп жүр деп ойлайды. Сонымен қатар әлеуметтік желілердегі «бос лауазымға өздерінің адамдарын қояды» деген негізсіз сөздер де жастарымыздың мемқызметке жөнді келмеуіне себепші болуда деп ойлаймын. Соңғы жүргізген талдау нәтижелері көрсеткеніндей, облыстық мемлекеттік мекемелерде 42, қала мен аудандарда 92 бос орын бар. Осы сәтті пайдаланып, азаматтар мен азаматшаларды бос әкiмшiлiк мемлекеттiк лауазымдардың конкурстарына қатысуға шақырғым келеді. Сөйтіп,  болашақтарын мемлекеттік қызметпен байланыстырса екен деймін.

Егер жергілікті дегенге келетін болсақ, бүгінгі таңда облыстық басқармалардың басшылары да, қала мен аудандардың әкімдері  де негізінен батысқазақстандық азаматтар мен азаматшалар. Сөзіме дәлел болсын 24 облыстық басқарманың 20-сын батысқазақстандық мамандар басқарып отыр.

Ал қалған төртеуінің басшысы үш-төрт жыл көлемінде осы өңірде еңбек етіп жатқан еліміздің азаматтары. Сондықтан әлеуметтік желілерде жазып жатқан кейбір «артық әңгімелерге» негіз жоқ деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан    Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ


Кітап оқу – қоғам дамуының қайнар көзі

Күні: , 44 рет оқылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде өңірімізде «Жетістікке 100 қадам» жобасы іске аспақшы. Аталмыш жоба жастарды кітапті жанына серік етуге шақырмақшы. Соған орай әлемдік деңгейде танымал болған және әлеуметтік сауалнамалар жүргізу арқылы анықтаған 100 кітаптің тізімі жасалды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен өткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы кіші бағдарламалардың орындалу барысы жөніндегі жиында айтылды.

– Бұл 100 кітаптің ішінде қазақстандық, әлемдік әдебиеттер де бар. Олар жастарды туған жері мен елін сүюге, өмірдің түрлі сынақтарына төзе білуге, өз кәсіптерін ашуға, жаңаша ойлауға жол көрсетіп, ынталандырып, тұлға болып қалыптасуына мүмкіндік береді. Қазіргі заман талабына жауап беретін мұндай кітаптармен бірінші кезекте ауыл кітапханалары қамтылғанын қалаймыз. Соған орай аудан әкімдіктеріне осы бағытта хат жібердік. Меценаттар тарту жұмыстарынан біз де сырт қалмаймыз. Ауылдарға барған сайын кітапханаларға кіріп, ондағы кітап қорымен танысып жүрміз. Әрі осынау шараға байланысты ауыл кітапханаларындағы кітаптарды тексеріп қарағанда ондағы кітаптар негізінен ескі екендігі анықталды. Яғни ол кітаптарға жастардың қызығушылығы төмен. Сондықтан кітапхана қорын жаңартуға атсалысуымыз керек. «Жетістікке 100 қадам» жобасы бойынша тізімі жасалған 100 кітаптің бағасы орта есеппен 300400 мың теңгені құрайды. Туған  ауылын көркейтемін, ауылдағы жастардың рухани тұрғыдан баюына жол ашамын деген азаматтар осынау ізгі істен сырт қалмайды деп ойлаймын, – деді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы  Аян  Сақошев.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының орындалуы бойынша баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырованың сөзіне қарағанда, наурыздың соңында «Менің Отаным – Қазақстан» атты оқушылардың облыстық слеті өтті. Жалпы ұлттық патриотизмді қалыптастыру, туған жеріне, ауылына, қаласына, өңіріне деген сүйіспеншілікті артыру мақсатындағы шараға қатысушылар «Мен өз өлкемді зерттеймін» жобасы бойынша сынға түсті. Оған сарапшы ретінде музей саласының ардагері, ҚР мәдениет қайраткері Сара Танабаева қатысты. Аудандарда да атқарылып жатқан шаралар аз емес. Мәселен, Бөрлі ауданында «Дарындылар елі» жобасы аясында «Ұлы дала өнері» көрмесі ұйымдастырылды. Қазталов ауданында «Санамызды жаңғыртуға интернет ресурстардың ықпалы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шыңғырлауда «Театрдың ғажайып әлемі» театр өнері фестивалі болды. Ал  Ақжайық ауданында «Мен сыйға тартқан домбыра» акциясы басталды. Халқымыздың бай мұрасын түгендеуді, әке-шешенің балаға деген сүйіспеншілігін арттыруды, ата-ананың білім беру ұйымдарымен байланысын күшейтуді мақсат тұтқан бұл шарада ауыл азаматтары, кәсіпкерлер, мектеп түлектері, ата-аналар мектепке домбыра  сыйлауда.

– Былтыр өткен «Туған өлке – тірегім» форумында облыс әкімі кітап оқуға байланысты өз тәжірибесімен бөліскені белгілі. Соған орай облыстық жастар саясаты мен білім басқармалары жастарды кітап оқуға үндейтін жүйелі іс-шараларды жүзеге асыруды бастады. «Жетістікке 100 қадам» жобасы жастарға бағытталса, оқушылар үшін «Кітап оқитын мектеп» жобасы да қолға алынуда. Бұл шара Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабынан бастау алғаны дұрыс. Жас ұрпақ егемендік қалай келгенін, қандай қиындықтар мен жетістіктер болғанын білу керек. Сонымен қатар Клаус Швабтың «Төртінші өндірістік революция» сынды кітаптарын оқығандары да жөн сияқты. Мәселен, аталмыш шығармамен танысу арқылы бүгінгі әлем елдерінің бейнесін көруге, жақын болашақта бізді не күтіп тұрғанын білуге болады. Осы кітапқа мұғалімдер, оқушылар, жастар үңілсе, төртінші өндірістік революцияның мән-мағынасын түсініп, артынан еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосары сөзсіз. Шараны Орал қаласының мектептері бастап, аудандағы білім ұялары қостайды деп ойлаймыз. Жалпы «Кітап оқитын мектеп» жобасына баршамыз атсалысайық. Бір шараға мен де барайын, Орал қаласы, аудан әкімдерінің орынбасарлары, сарапшылық кеңес мүшелері де қатысып, талқыланып жатқан кітап туралы пікірлерімізді айтайық. Сонда біздің шараларымыз нәтижелі болады  деп  ойлаймын.

Жаңа Қазталов ауданының Талдыапан ауылында белгілі меценат Нұрлыбай Жолдыбаевпен «Жетістік жолы» тақырыбындағы кездесу өтетіні баяндалды. Бұл құптарлық іс. Негізі мұндай іс-шаралар әр ауданда өткізілсе, құба-құп.

Атымтай жомарт азаматтарды көпшілікке кеңірек таныстырған дұрыс.

Сонымен қатар сарапшыларға да мән беруіміз қажет. Сарапшылық кеңес құрамы жаңартылды. Енді осы сарапшыларды «Рухани жаңғыру» аясындағы шараларға қатыстыруымыз керек. Ал олар  құр қатысып қана қоймай, шараның ұйымдастырылуын, өту деңгейін бағалағандары жөн. Сондайақ сарапшылар ақпараттық насихат жұмыстарында да белсенділік танытулары керек, – деді жиын барысында облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»


«Игіліктегі» өзгеріс ауылдағы ағайынға қиын соқпақ

Күні: , 34 рет оқылды

Биыл  бюджеттен ауылдағы  кәсіпкерлікті  дамыту  мақсатында  республика  көлемінде  20 млрд.  теңге  бөлінді.  Облысымызда бұл бағытқа  қаралған  қаржы  6,5 млрд. теңгеге  жуықтайды.  Алайда  осынау  қаржының  игерілмей  қалу  қаупі  бар.

Бұл туралы бейсенбі күні қаламыздағы Достық үйінде өткен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысында шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері» атты  дөңгелек  үстелде  айтылды.

Облыс әкімінің орынбасары Мержан Сатқановтың төрағалығымен болған жиынға мемқұрылым басшылары, қаржы ұйымдарының жетекшілері, кәсіпкерлер және жұртшылық өкілдері қатысты.

Жиын барысында баяндама жасаған «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚОФ директорының орынбасары Нұрбол Жұмағалиевтің сөзіне қарағанда, «Игілік» бағдарламасы шеңберінде былтырғыдай ауылдағы барлық шаруашылық құрылымы мал өсіруге байланысты несие ала алмайды. Бұл, әсіресе, жеке кәсіпкерлерге (ЖК) қатысты. ЖК-лар құс пен ара өсіру және мал азығын алу үшін ғана бағдарламаға қатыса алады. Ал төрт түлік өсіруді мақсат тұтқандар шаруа қожалығын құрулары керек. Бұл шектеу ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан енгізіліп отыр.

Осы мәселеге байланысты жиынға қатысушылар тарапынан түрлі пікірлер айтылды. Мәселен, Қаратөбе ауданынан арнайы келген Руслан Есетовтың баяндауынша, тұрақты жұмысы жоқ болған соң, ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде мал өсірумен айналысуды биылдан бастап қолға алғысы келген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген оған мына өзгеріс жай оғындай тиді.

Өзге аудандардан келгендер де мал өсірумен салыстырғанда, құс пен омарта шаруашылықтарын жүргізу оңай еместігін айтты. Оған қосымша шығындар керек. Аудандарда олардың өнімдерін өткізу оңай емес.

– Біз өткен жылдың соңында аталмыш бағдарлама туралы айтып, ауылдағы ағайынға несие алып, мал өсіруге кеңес бердік. Соған байланысты биыл ауданымыздағы 8 ауылдық округтен 77 адам 177 млн. несие алуға ниет танытты. Олардың бәрі де жұмыссыз азамат. Біз айтқаннан соң тұрғындар қажет құжаттардың бәрін реттеп, дайындап қойды. Енді біз екі сөйлеген адам секілді ауылдағы бұл тұрғындардың бетіне қалай қарарымызды білмей отырмыз. Өздері жұмыссыз жүрген азаматтар шаруа қожалығын қалай ашады? Ашқанның өзінде қожалыққа жер берілу керек, ол үшін Жер кодексіне сәйкес конкурс ұйымдастырылады, оған мемлекеттен қаржы бөлінеді, ақпарат құралдарына хабарландыру беріледі. Жер телімінің жобасы дайындалуы тиіс. Мұның бәріне қаншама уақыт кетеді. Одан бөлек, қожалық құрылғанда оның есепшотында 250 мың теңге қаржы болуы тиіс. Егер мұндай қаржысы болса, ауыл тұрғыны осы ақшаға мал сатып алмай ма?! Сөздің шыны керек, екінші деңгейлі банктердің ауылға  несие беруі қиын. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ауылдағы қарапайым адамдардың сенімді серіктесіне айналып келе жатқан. Енді ол қор талабын қатайтса, ауылда кәсіпкерлік қайтіп дамымақ?! Елбасының бұл бағыттағы тапсырмасы қалай орындалмақшы? – деді Қаратөбе аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Нұрбол Бозов.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Мержан Сатқанов көпшіліктің ой-пікірлерін қолдайтынын айтып, соған орай бұл мәселені реттеу мақсатында облыс әкімдігі өз тарапынан, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының өңірлік филиалы да ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті хаттар жолдайтынын  мәлімдеді.

Сәкен  ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал  өңірі»


Меценаттар өткізген мереке

Күні: , 44 рет оқылды

Зеленов ауданының Достық ауылында Наурыз мерекесі биыл алғаш рет тойланды. «Қош келдің, әз Наурыз!» деген атаумен өткен шара көпшіліктің көңілінен шықты.

Тоғыз этнос өкілі, 7 мыңнан астам тұрғыны бар Достық облыс орталығынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан. Күні кешеге дейін РТС аталып келген ауылда соңғы кезде қандастарымыз айтарлықтай көбейді.

— Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл ауылымызды Ұлыстың ұлы күні кең көлемде алғаш рет тойланды. Бұған дейін мәдениет үйінде шағындап атап өтетін едік. Ал ағымдағы жылы Ернар Хайдаров сынды ұлтжанды кәсіпкер азаматтардың бастамасымен мейрам жаңаша ұйымдастырылды. Оған ауылымыздағы мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, әкімдік сынды мекемелер де өз үлестерін қосты. Ұлыстың ұлы күні болғасын арақ-шарап сатуға тыйым салдық. Міне, осының бәрін түсіністікпен қабылдап, бізге барынша қолдау көрсеткені үшін тұрғындарға ризашылығымды білдіремін, — деді ауыл әкімі Бейбіт Аманғалиев.

Шарада сөз алған ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Құмарғали Ғұбайдоллаұлы жұртшылықты мерекемен құттықтап, қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттайтын Наурыз секілді мерекелер түрлі ұлт өкілдері тұратын ауылдарда дәстүрлі түрде, кең көлемде тойлануы керектігін айтты.

Мерекелік шара барысында салт-дәстүрлерден көріністер қойылып, көже ішуден, қой көтеруден, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Ән мен күй, жыр мен би шырайын келтірген мерекеде өзге ұлт өкілдері де өнерлерін көрсетті. Шара соңында Қыдыр ата батасын берді.

— Өзге ауылдарда жыл сайын дүркіреп өтетін Наурыз мерекесі бізде де болса екен деп армандайтынбыз. Ауылда қандастарымыздың қарасы көбейіп, халықтың тұрмысы оңалғаннан соң төл мерекемізді тойлауды қолға алып отырмыз. Оған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жол ашты деуге болады. Осыдан бір ай бұрын ауылдағы іскер, пысық, елгезек, ұлтжанды жігіттердің басын қосып, Наурыз мерекесін өзіміз бастап өткізейік деп ұсыныс тастап едік. Бәрі бірауыздан қолдады. Біріміз киіз үй табуды, екіншісіміз алты бақан құруды, үшіншіміз түрлі сайысқа демеуші болуды, келесілеріміз өзге де шараларды ұйымдастыруды мойнымызға алдық. Ауызбіршіліктің, елге, ауылға деген жанашырлықтың арқасында бұл жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асқан сияқты. Ата-әжелеріміз, аға-апаларымыз, жастар бәрі алғысын айтуда. «Алғыстың алтыннан да қымбат» екенін енді жете түсініп жатырмыз. Осылайша бала кездегі арманымыз орындалды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» қимылдасақ, қойылған мақсатымызға жете алатынымызға бүгін бәріміз де куә болдық. Бұйыртса, енді Ұлыстың ұлы күні ауылымызда жыл сайын тойланатын болады. Біз тек Наурыз мерекесін атап өтумен шектеліп қалғымыз келмейді. Ауылда рухани тұрғыдан жаңғыртуды қажет ететін жұмыс көп. Соларға да ұйытқы болу ойда бар, — дейді Достық ауылының сегіз қырлы, бір сырлы тұрғыны Қуаныш Саққазов.

Сәкен   ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Зеленов   ауданы

Светлана ЕСИНА,

ауылдық  әйелдер кеңесінің мүшесі:

— Біз көп ұлтты елміз, көп ұлтты ауылмыз, сондықтан Наурыз, Маслиница сынды мерекелерді бірлесіп атап өткен жөн. Бұл, әсіресе, жас ұрпаққа керек. Олар бірінші кезекте қазақ халқының, сосын өздерінің ұлттық мерекелерін, салт-дәстүрлерін біліп өскендері дұрыс. Әдет-ғұрып туралы айту бөлек, оларды көзбен көру, сезіну тіптен басқа ғой. Былтыр біз түрлі ұлт өкілдерінен құралған «Веста» ансамблін құрып, қазір осы бағытта жұмыстанып жатырмыз.

Есет  ҒҰМАРОВ,

Достық  ауылының  тұрғыны:

— «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынған Елбасына рақмет. Осы бағдарламаның арқасында ауылымызда ұлттық бағыттағы жұмыстар қолға алына бастады. Бүгінгі Наурыз мерекесі соның айғағы. Жиырма жыл бұрын бұл ауылға көшіп келген едік, ұлттық құндылықтарымызды паш еткен мұндай шаралар осыған дейін болған жоқ. Әдемі мереке ұйымдастырған ауыл азаматтарына ризашылығымыз шексіз.


«Отбасым — алтын бесігім»

Күні: , 62 рет оқылды

Биыл Орал қалалық әкімдігі Көрісу күнінен бастап Наурыз мерекесіне дейінгі аралықта ұлттық өнерді насихаттау бағытында кең көлемді шараларды қолға алды. Соған орай бейсенбі күні Орал қаласындағы жастар мәдениет үйінде халықтық Биғалиевтар отбасылық ансамблінің 40 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті.

«Отбасым – алтын бесігім» деп аталатын бұл кеште сөз алған Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев аталмыш отбасы өңірімізге ғана емес, республикаға танымал әрі көпшілік үлгі тұтатын шаңырақ екенін атап өтті. Ақ Жайық өңірі Биғалиевтар отбасымен мақтанатынын жеткізген ол Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың алғысхатын табыстады. Сонымен қатар облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің, бірқатар оқу орындары мен саз мектептері жетекшілерінің де алғысхаттары берілді.

Концертте Қазталов ауданының құрметті азаматы, отбасылық ансамбльдің жетекшісі Марат Биғалиев «Ауылдың адамдары-ай», «Вальс» сынды әндерді орындаса, бұл шаңырақтың отанасы, «Күміс алқа» иегері Нұржамал Сұраншиева қыздарымен бірігіп, халық әні «Әгугәй домбыраны» шырқады. Ансамбльдің белді мүшелері, өнерімен батысқазақстандықтарға кеңінен танымал азаматтар Арман мен Руслан Биғалиевтардың жекелей және балаларымен әуелеткен әндері де  көпшіліктің көңілінен шықты. «Әриайдай», «Қаздар қайтып барады», «Көктем вальсі» сынды әндер мен үнді әндерінен попуриді апалы-сіңілі Биғалиевалардың триосы жоғары деңгейде орындағанын кеш соңында өңіріміздің белгілі өнерпаздары айтып өтті. Бұл отбасының сүт кенжесі Марина Биғалиева сөзі мен әнін өзі жазған «Әке» әнін де жиналғандар ерекше ықыласпен қабылдады. Кеш барысында, сондай-ақ аталмыш ансамбльдің балғын өнерпаздары да сахна төріне шықты. Айта кетейік, алты жасар Румия мен Гүфайруз Маратовалар биыл өткен «Өнерлі балақайлар» атты республикалық ән байқауының лауреаттары атанып үлгерді.

Кеш барысында Биғалиевтардың «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз, республикалық кезеңінде дипломант атану және «Хабар» арнасында өткен арнайы бағдарламаға қатысу сәттерінен бейнефильм де көрсетілді.

– Жұбайым Нұржамалмен отасқаннан кейін бір жылдан соң отбасылық ансамбль құрдық. Біздің бастамамызды балаларымыз жалғаса, енді немере-жиендеріміз одан әрі дамытуда. Шынымды айтсам, сахнада жүргенімізге 40 жыл толғанын да білмей қалдық. Осынау мерейлі датаға байланысты ауылымыз Қошанкөлде, Қазталов ауданының орталығында концерт берерміз деп ойлап жүргенімде облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасынан, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен хабарласып, облыс орталығында кеш өткізу жөнінде ұсыныс айтқанда қуанышымызда шек болған жоқ. Бізді қолдап-қолпаштап келген ел-жұртқа ризашылығымыз шексіз. Осы сәтті пайдаланып, біраз жылдан бері ансамбліміз, отбасымыз туралы жазып келе жатқан «Орал өңірі» газетіне де алғысымызды арнаймыз. Халықтық атақ алғанда бірінші болып батысқазақстандықтардан сүйінші сұраған басылымның біз үшін орны ерекше. Қашанда бірлігіміз жарасып, ынтымақтастығымыз арта берсін, – деді шара соңында бізге сұхбат берген Марат Биғалиев.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал өңірі»

Әсел МӘМБЕТОВА,

Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Концерт маған қатты ұнады. Өте жақсы дайындалғандары көрініп тұр. Екі сағат уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қалдым. Сахнаға шыққан бүлдіршіндерге қарап, бұл отбасылық ансамбльдің ғұмыр жасы ұзақ болатынына сенімдімін. Жалпы, көре білгенге, түсіне білгенге бұл кештің тәрбиелік мәні зор болды. Биғалиевтар – шын мәнінде де Ақ Жайық өңірінің бетке ұстар отбасыларының бірі екеніне бүгін анық көзім жетті.

Қабылбек ЗАЙНУШЕВ,

Орал қаласының тұрғыны:

– Биғалиевтар отбасымен ауылдаспын. Яғни бәріміз Қошанкөлденбіз. Бұрын бала кезімізде Марат ағамыз бен Нұржамал апамызсыз ауылда той өтпейтін. Өздері тойды басқарады, бет ашады, ән салады. Олар тек өз балаларының емес, ауылдағы біраз жастардың өнер жолына түсуіне ұйытқы болды. Ең бастысы, Марат ағамыздан бастап бәрінің де адамгершілік қасиеттері жоғары. Барымен бөлісіп жүреді. Сол себепті Биғалиевтардың ауылда беделі зор, бәрі сыйлайды. Биғалиевтар отбасының концерті өтетінін естіп, уақыт тауып, жанұяммен арнайы келдім. Кештен үлкен әсер алдым, туған жерден ескен самалдың лебін сезінгендей болым.

Клара ҒҰМАРОВА,

Тасқала ауданының тұрғыны:

– 2016 жылы облыстық қазақ драма театрында өткен Биғалиевтар отбасылық ансамблінің концертінде болып едік, бүгін тағы да Тасқаланың Бірлік ауылынан жолдасым екеуміз арнайы келдік. 2017 жылы «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан кезде де «смс-дауыс» беріп едік. Рухани қуат алып, кетіп бара жатырмыз. Биғалиевтар ансамблін 40 жылдық мерейтойларымен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз.


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика