Тег: ‘Сәкен  МҰРАТҰЛЫ’


«Жолдау – берекелі істің бастауы»

Күні: , 68 рет оқылды

Кеше  өңірімізге ҚР  Энергетика  министрі, Елбасы  Жолдауының  негізгі  міндеттерін түсіндіру  бойынша  құрылған  республикалық ақпараттық топтың  жетекшісі  Қанат  Бозымбаев жұмыс сапарымен  келді. Жолдауды  түсіндіру  және іске  асыру  шаралары  жөнінде облыс әкімі  Алтай Көлгіновтің  төрағалығымен өткен жиынға  облыс  активі, энергетика, коммуналдық қызмет  салаларының,  қоғамдық  ұйымдардың  өкілдері  қатысты.

– 5 қазанда Елбасымыз бүгінгі әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа ауқымды қадам жасау мақсатында «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын жариялады. Бұл жолы да Мемлекет басшысы тарапынан қазақстандықтар үшін маңызды мәселелерді шешу жөніндегі көптеген бастама қамтылды, – деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Өз кезегінде сөз алған министр Жолдау қазақстандықтардың болашағын баянды ете түсетін, тың серпіліс әкелетінін жеткізіп, заманауи жаңалықтарға толы болғанын айтты. Әсіресе, мұнда тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша бірқатар ауқымды мәселелерді шешу жолдары қарастырылған. Сондықтан Жолдау жүйелі жүзеге асса, халықтың кірісі мен әлеуметтік әл-ауқаты жоғарылайтынына  сенім  мол.

– Ең алдымен, Елбасы Жолдауда халық табысының өсуіне тоқталды. Ең төменгі жалақы 1,5 есеге көтеріледі. 275 мың азаматтық қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға өседі деп жоспарлануда. Бұл бағытта Үкімет қоры есебінен 2019-2021 жылдарға 96 млрд. теңге бөлінетін болады. Сонымен қатар Президент ірі кәсіпорын басшыларына төмен жалақы алатын қызметкерлердің айлық табысын арттыруға кеңес берді. Өз кезегінде, Энергетика министрлігі әкімдіктермен және өңірлердегі отын-энергетика кешені кәсіпорындарымен бірлесіп, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруға бағытталған шаралар қабылдайды. Мысалға, «ҚПО б. в.» компаниясының басшылығынан табысы төмен қызметкерлердің жалақысын көтерудің тиімді шараларын күтудеміз. Бұл ретте, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» компаниясының ел экономикасындағы маңызды орнын ерекше атап өткім келеді.

Қарашығанақ даму жылдарында Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 342 миллион АҚШ доллары бөлінді. Бұл қаржыға 14 медициналық, 28 білім беру мекемелері, ондаған инфрақұрылым, 12 мәдени-спорттық нысандар салынды. Жалпы, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жыл сайын 20 млн. доллар көлемінде қаражат бөлінеді. Бір сөзбен айтқанда, «ҚПО б.в.» компаниясы облыс экономикасының өрге  басуына  көп  үлес  қосуда.

Қарашығанақ жобасының акционерлері-серіктестерімізбен объективті индекске байланысты туындап, үш жылға дейін созылған дауды биыл өзара достық негізде реттеп, арнайы келісімге қол қойдық. Бұл құжат ел экономикасына оң серпін бермекші. Мысалы үшін айтсам, осы құжатта көрсетілген бір бөлімде аталмыш кен орнының дамуы үшін маңызды инвестжобаларды уақтылы орындау міндеттемесі бар. Сондай-ақ біз жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына көмірсутегі шикізатын жеткізу мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде де келістік. Бұл Батыс Қазақстан облысының газхимия кешені саласының ғана емес, жалпы өңір экономикасының дамуына мүмкіндік бермек.

Қарашығанақтың мысалы  негізінде отандық бизнестің өркендеуін де көруге болады. «Ерте тендерлер» жобасының енгізілуінің нәтижесінде қазақстандық компаниялар тендерлерде жеңімпаз деп танылып жүр. Осы жобасының арқасында отандық мұнайсервисі қызметінің біліктілігі мен бәсекеге қабілеттілігі артты. Биыл «ҚПО б.в.» қазақстандық компанияларға тауарлар, жұмыстар мен қызметтер үшін 208,9 млн. АҚШ долларын (барлық сатып алудың 56 пайызы) төледі. Кадрдағы жергілікті үлес 2000 жылдан бері үш еседен астам (1186-дан 3708 адамға дейін) артып, 91 пайызға жетті. Қарашығанақты одан әрі игерудегі негізгі жобалардың бірі – газ қуаттарын жаңғырту, 4-компрессор және 5-кәсіпшілікішілік тұрба құбырын салу. Инвестиция көлемі 1 млрд. АҚШ долларынан асатын бұларды 2020 жылға дейін жүзеге асыру көзделуде. Осылайша Қарашығанақ өңір дамуының драйвері болып қала бермек. Ол ел экономикасын дамытуға да сүбелі үлесін қосады. Бұл бастамалардың барлығы министрліктің тұрақты бақылауында болмақ.

Жолдауда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен табиғи монополиялардың қызметі үшін белгіленетін тарифтер саласында тәртіп орнату керектігі турасында да айтылды. Иә, коммуналдық қызмет көрсету мен тасымалдау тарифінің жасақталуы және тұтынушылардан жиналған қаржының жұмсалуында әлі күнге дейін ашықтық жоқ. Өз кезегінде біздің министрлік объективті икемді тариф деңгейін қою мақсатында электр қуатын өндіруші кәсіпорындарда талдау жүргізуді қолға алды. Сөйтіп,  қуат өндіруге кеткен нақты шығындар анықталады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 51-қадамын орындау мақсатында өңірлердегі электр желілері компанияларын ірілендіру шарасы басталды. Бұл электр қуатымен қамтуды жақсартумен қатар, бір өңірде түрлі тарифтердің болуына жол бермейді.

Елбасы экспортқа бағытталған индустрияландыру мәселесіне тоқталды. Президент тапсырмасын орындау үшін министрлік тарапынан мұнай-газхимиясы саласын дамытуға барынша жағдай жасалуда. Мәселен, жыл өткен сайын республикамызда битум өндірісінің көлемі артып келеді. Бүгінгі таңда елдің ішкі қажеттілігін толықтай отандық өнім жауып отыр. Тіпті ол көрші елдерге экспортталуда. Атырау облысында полипропилен мен полиэтилен өндіру сынды мұнай-газхимиясы саласындағы экспортқа бағытталған жобалар жүзеге асуда.

Жоғарыда айтып өткен Қарашығанақ консорциумы келісімінің аясында батысқазақстандықтар бұл сала бойынша инновациялық жобаларды  қолға  алғандары  жөн.

Инновациялық және сервистік секторларды дамытуға да ерекше көңіл бөлінген. Ол үшін баламалы қуат көздері, жаңа материалдар, биомедицина, интернет заттары, жасанды интеллект, блокчейн сынды «болашақ экономиканың» бағыттарына мән беруіміз керек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік әкімдіктермен бірлесіп баламалы қуат көздерін дамыту бағытында жұмыс жүргізуде. Қазір ел көлемінде қуаттылығы 430 МВт болатын жаңғырмалы энергияның 65 нысаны жұмыс істеуде. Биылдың өзінде Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында жаңғырмалы қуат көздері (ВИЭ) бойынша төрт  жоба жүзеге асты. Ал БҚО-да бұл бағытта нысандар салуға мүмкіндік болса да олардың құрылысы жоспарланбаған. Жаңғырмалы қуат көздерін пайдалану мемлекетіміздің басым бағыттарының бірі екенін ескерсек, облыс өз әлеуетін есептеп, инвестор тартып, бұл бағыттағы жұмыстарды бастауы керек, – деді Қанат Алдабергенұлы.

Министр сондай-ақ Жолдаудағы қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру мен өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру мәселесіне де тоқталды. Елбасы тапсырмасына сәйкес экологиялық жағдайды жақсарту бағытындағы іс-шараларға, яғни зиянды шығарындыларды азайтуға, топырақ, су, ауа құрамының талапқа  сай болуына, қалдықтарды жоюға, не кәдеге жаратуға жете мән берілуі қажет. Дегенмен облыста бұл мәселелерді шешу жайы көңіл көншітпейді. Мәселен, биылғы сегіз айдағы жағдай бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу көлемі республикада 10,5 пайыз болса, облыста 2 пайыз көлемінде. Қалдықтарды жинау және тасымалдау қызметімен қазақстандықтардың 72 пайызы қамтылса, ал батысқазақстандықтардың 60 пайызы мұндай игілікті көріп отыр. Экологиялық талаптар мен санитарлық нормаларға сай полигон саны ел көлемінде 17 пайызға жетсе, БҚО-дағы 318 полигонның тек 8-і (2,5%) талапқа сай. «Облыс үшін маңызды міндеттің бірі – Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау, – деді Қанат Бозымбаев. – Бұл бағыттағы жұмыс РФ үкіметімен арадағы 2016 жылғы келісімге сәйкес бірлесіп жүргізілуде, арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Биылғы жыл соңына дейін комиссияның алғашқы отырысы өтеді. Жалпы, экологиялық бағыттағы мәселелерге қоғамдық ұйымдарды, жекелеген азаматтарды кеңірек тартқан дұрыс. Өздеріңіз білесіздер, қазір біз жаңа Экологиялық кодексті дайындап жатырмыз. Оны орталықтағы және өңірлердегі жұртшылық өкілдерінің талқысына салудамыз. Келісіп пішкен тон келте болмайтыны анық. Дана халқымыз «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» дегендей, Елбасы Жолдауында айтылғандай, біз қоғамның дамуына тың серпін беруге, әлемдік трендке сай заманауи даму жүйесін жасауға өз үлестерімізді қосуымыз керек.  Елбасы Жолдауындағы көкейге қонған тұстарын бүгін мен барынша  талқыға салып, тақырыпты тарқатуға тырыстым. Жолдаудағы барлық міндет пен мақсаттың орындалуында баршаңызға сәттілік тілеймін. Бүгінгі жұмысымыз ертеңгі берекелі істің бастауы болсын».

Өз кезегінде сөз алған өңір басшысы министрге мазмұнды баяндамасы мен Елбасы тапсырмасын облыста  жүзеге  асыру кезіндегі жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдірді. Айта кетейік, «ҚПО б. в.» жыл сайын облысымыздың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына 20 млн. доллар бөліп келсе, келер жылдан бастап ол сома 30 млн. долларға жетпек. «ҚПО» басшыларымен мұндай келісімге келуде де Энергетика министрлігінің көмегі көп болды. Осынау қаржы өңіріміздегі біраз әлеуметтік мәселені шешуге мүмкіндік бермек.

Жиын барысында өңіріміздегі энергетика, коммуналдық қызмет құрылымдарының жетекшілері де сөз алып, Елбасы Жолдауын орындау бағытында мекеме-кәсіпорындардағы іс-шараларды баяндады.

Сәкен   МҰРАТҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Нақты егіншілік ауыл шаруашылығын тиімді дамытпақ

Күні: , 55 рет оқылды

Елімізде ауыл шаруашылығы өндірісіне нақты егіншілік технологиясы енгізілуде. Астық өнімділігі мен сапасын арттыруды мақсат тұтқан бұл жоба облысымызда да жүзеге асуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан алынған мәліметке қарағанда, бүгінгі таңда өңіріміздегі егін алқаптарының электронды картасы дайындалды, диқандар сандық технологияларды қолдана бастады.

Егіс  алқаптары  толықтай  цифрланды

– Тың жүйе атауы бізге таңсық болғанымен, өзге шетелдерде қолданыста жүргеніне біраз уақыт болды. Жаңа технологияның артықшылығы сол жерді өңдеу, тыңайтқыш себу сияқты жұмыстарды ғылыми негізде жүргізуге мүмкіндік береді. Осы жүйемен жарақтанған комбайндар және өзге де техникалар дақылдар мен қоректі элементтердің қажет көлемде түсу мөлшерлерін анықтап, көрсетіп отырады. Тіпті техниканы компьютер арқылы басқаруға болады. Бұл жанар-жағармайды және минералды тыңайтқыштарды да айтарлықтай үнемдеуге сеп болмақ. Ауыл шаруашылығы саласының бәсекелік қабілетін көтеру үшін, тиімділігін арттыру үшін біз, әрине, жаңа технологияларды қолдануымыз керек, – дейді БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығы  бөлімінің басшысы Қуанышқали Есімов.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Qoldau» атты цифрлық платформасында көрсетілген электронды алқаптардың кестесінде облысымыз 6-орында тұр.

Өңіріміздегі жалпы көлемі 473 мың гектарға жуықтайтын 2 мыңдай егістік жер толықтай (106 пайыз) цифрланған. Осынау егін алаңының жартысы Зеленов ауданының аумағында орналасқан. Зеленовтықтар 903 алқапты толықтай сандық жүйеге көшіріп қана қоймай, заманауи техникаларды пайдаланып жүр. Мәселен, биыл «Август» шаруа қожалығы жұмыс  барысында  улы химикат ерітіндісін дәл мөлшерде қолданатын, тыңайтқыш шығынын төмендететін және өнімділікті 10%-ға дейін арттыратын борттық компьютермен басқарылатын аутоматтандырылған «ақылды» бүріккіш алды. Ал «Матевосян» қожалығы ауыл шаруашылығы техникаларын бақылау мақсатында  GPS құрылғысын пайдалануда. Бұл құрылғы арқылы онлайн режімінде 10 бірлік техниканы және ондағы жүргізушілерді бақылауға мүмкіндік бар. Январцев ауылдық округіндегі «Алтын бидай» шаруа қожалығы да соңғы жылдары сандық технологияларды қолдануда. Диқандар цифрландырудың оң нәтижелерін сезіне бастады. Қожалық жыл сайын  жақсы әрі сапалы өнім алып жүр. Биыл өңіріміздегі біраз шаруашылықтың егіндері күйіп кеткені белгілі, ал «алтын-бидайлықтардың» егіс алқаптарын қуаңшылық шалған жоқ. Шаруа қожалығының басшысы Бекболат Мұқашевтың сөзіне қара-ғанда, бірінші Құдайдың, екінші осы жаңа технологиялардың арқасында қамба бос қалып көрген емес. Мәселен, биыл жаздық бидай гектарына 13,3 центнерден дән берсе, күздікті 25,5 центнерден жинады. Енді жиналып жатқан майлы дақылдардың да өнімділігі жақсы.

– «Джон Дир» кешендері ерекше жасалған. Оның ішінде тракторде емес, тікұшақта отырғандай сезінесің. Іші компьютер және басқа да басқару құралдарымен жабдықталған техника цифрландыруға толық жауап береді. Бізде осындай екі кешен, екі «К-744 Р4» тракторы бар. Оларда «Автопилот» деген бағдарлама орнатылған. Яғни техника өздігінен басқарылады. Бұл техникаларды алғалы егістік науқанына кететін жанар-жағармай көлемі 15 пайызға дейін төмендеді, дән себу шығындары азайды, ең бастысы қаншама уақыт үнемделді, – дейді Бекболат Құспанұлы.

Цифрландыруға бет бұрған осындай шаруашылықтардың алдында агрохимиялық картограмманы, арамшөптердің электронды картасын, жұмыс үдерісін басқаруды қамтамасыз ету бағдарламасын жасақтау, ауа райын болжау стансасын алу сынды іс-шаралар тұр.

168  мың  тонна астық  жиналды

Батысқазақстандық диқандар егін оруды аяқтап, майлы дақылдарды жинауға кірісіп кеткені белгілі. Көктемде дәнді дақылдар себілген 240,4 мың гектар алқаптан 168,3 мың тонна астық жиналды. Орташа өнімділік гектарына 6,9 центнерді құрап отыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты егіс алқабының 11 пайызы есептен шығарылды.

Облысымыздың ауа райы күрт континенталды болғандықтан, егін бірде жақсы, бірде нашарлау шығатыны анық. Мәселен, былтыр батысқазақстандық диқандар дәнді дақылдардың әр гектарынан 14,7 центнерден өнім жинады. Бұл еліміз тәуелсіздік алғалы облысымыз қол жеткізген ең жоғары көрсеткіш болатын. Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 360 мың тонна астық бастырылды. Ал биыл ондай жоғары көрсеткіш болмағанымен, жиналған астық көлемі облыс тұрғындарын қамтуға толығымен жететінін айтады мамандар.

Айта кетейік, биыл облыста егін егуге бес аудандағы және Орал қаласындағы шаруашылықтар қатысты. Ел ырысын молайтуға теректіліктер де айтарлықтай үлестерін қосты. Олар биыл 6340 гектарға егін салып, орта есеппен әр гектарынан 4,8 центнерден 3 мың тоннаға жуық өнім алды.  Аудандағы 15 ауылдық округтің 12-сінде егін егіліпті. Биыл мұнда 75 шаруашылық егін салған. Қазіргі таңда сондай-ақ 7306 гектарға егілген мақсарыны да жинау аяқталды. Бұл майлы дақылдың әр гектарынан 4,3 центнер өнімділікпен 3125 тоннасы орылды. Көп кешікпей күнбағысты жинау басталмақшы.

Ал Бөрлі ауданында жаздық бидайдың өнімділігі гектарына 3,4 центнерді құрады. 18521 гектар алқаптың төрттен біріне жуығы күйіп кетті. Нәтижесінде 4391 тонна бидай қамбаға құйылды. Майлы дақылдар арасында да есептен шығарылғандар бар. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсел Баймұратованың айтуынша, егістігі есептен шығарылған 19 шаруашылық сақтандыру төлемдеріне қатысты құжаттар толтырылуда. «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-мен келісімшартқа отырғандардың құжаттары Астанаға жолданды. Жалпы, аудан бойынша сақтандырылған алқап көлемі 5779 гектарды құрайды.

– Облысымызда 84777 гектар егіс алқабы сақтандырылды. Бұл – өңіріміздегі барлық егістіктің 37,6 пайызы. «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» заңға сәйкес ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер  сақтандыру компанияларымен және өзара сақтандыру қоғамдарымен 101 келісімшарт жасасты. Биылғы қуаңшылыққа байланысты егістікті есептен шығару жөнінде 36 шаруашылықтан 23660 гектарға өтінім түсті. Соған орай арнайы комиссия бұл өтінімдерді қарап, 18864 гектарын есептен шығарды. Егіні күйіп кеткен диқандарға сақтандыру компаниялары және өзара сақтандыру қоғамдары тарапынан 14,5 млн. теңге көлемінде қаржы төленді. Қалғандарының құжаттары қаралу үстінде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы Кеңес Қайдашев.

Сәкен    МҰРАТҰЛЫ,

«Орал   өңірі»

Гүлшат ШЕКТІБАЕВА,

Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасының бөлім меңгерушісі:

– Біздің станса Ақ Жайық өңіріндегі дәнді дақылдардың элиталық тұқымын шығарумен айналысатын бірден-бір кәсіпорын болып табылады. Сол себепті облысымыздағы бидайдың сапасын арттыру мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз.  Мәселен, 2016 жылы «Орал» атты жаздық бидайдың жаңа түрін шығарып, аудандастырдық. Былтыр ресейлік «Краснокут селекциялық тәжірибе стансасы» ҒЗИмен бірлесіп «Красноуральская» деп аталатын  астық сұрпын шығардық. Бұл дақылдар біздің жақтың ауа райына бейімделген, яғни қуаңшылық пен ыстыққа төзімді. Сондай-ақ ауру мен зиянкестерге қарсы тұру қабілеті жоғары. Ең бастысы, өнімділігі мен сапасы жақсы. Облысымыздағы диқандардың біразы «Альбидум-32», «Саратовская-42» сынды бұрыннан бері келе жатқан бидайларды егіп жүр. Маман ретінде жоғарыда айтып өткен жаңа тұқымдармен қатар, «Волгоуральская» жаздық бидайын да себуге кеңес берер едім. Бәсекеге қабілетті болып  саналатын бұл дақылдардың болашағы зор.

Мәди ҒАБДОЛОВ,

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың доценті, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының кандидаты:

– Нақты  егіншілік –  ғылым  мен өндірісті тиімді ұштастыру. Бұл пилоттық жобаны еліміздегі, соның ішінде батысқазақстандық диқандардың қолға алғандығы қуантады. Мұнда дән сеуіп, топырақ өңдеп, одан астық жинау сияқты барлық кезеңдер электронды бақылау құрылғылары  арқылы  реттеліп  отырады.

Биылғы тәжірибе көрсетіп отырғандай, топырақ құнарлылығы айтарлықтай төмен болса да, ғылым мен жаңа технологияға негізделген алқаптардағы өнімділік әдеттегі орташа көрсеткіштен екі есе артық болуда. Осылайша ғылыми тәсілдерге жүгінбесек, заманауи агротехнологияларды қолданбасақ, әлемдік дамудың көшіне ілесе алмай қалуымыз мүмкін.

Сондықтан еліміз экономикамыздың драйвері болып  табылатын  агроөнеркәсіп кешенін цифрландыруды бастағанына біз де  қуаныштымыз. Бұл – ел  табысын  еселей  түсері сөзсіз.


«Харекет» берекетке бастайды

Күні: , 72 рет оқылды

Кеше республикалық «Харекет» қайырымдылық қоры Орал қаласындағы тұрмыстық жағдайы төмен, әлеуметтік көмекке мұтаж отбасына үш бөлмелі үй сыйлады.

Орал қаласындағы орталық мешіттегі жұма намазының алдында болған бұл шара барысында сөз алған БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұловтың айтуынша, осынау сауапты іске біраз батысқазақстандықтың қосқан үлесі бар. Яғни жерлестеріміз садақа беру арқылы көмекке мұқтаж жанұяның баспаналы болуына мүмкіндік жасады. Сол себепті көпшілік өздерінің жасаған игі істерінің жемісін шын мұтаж жандар көріп жатқанының куәсі болсын деген мақсатта қайырымдылық шарасы жұма намазының алдында ұйымдастырылып отыр.

Құрылғанына бір жыл енді болатын «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері Құлбековтер отбасына жаңа да жайлы пәтердің кілтін табыс еткен соң, бұл жас жанұяда таяуда ғана өмір есігін ашқан нәрестеге өкіл имам азан шақырып, Темірлан деп ат қойды.

«Сабақты ине сәтімен» демекші, сәбиге Ақсай мешітінің қызметкерлері мен жамағаты атынан бесік тарту етілсе, Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінен балаға арналған арба сыйға берілді. «Назар аудар» жайдарман тобы және өзге де қайырымды жандар бұл отбасына шаңсорғыш және үй шаруасына қажетті өзге заттарды ұсынды. Отағасы Темірхан Құлбеков барша жанға отбасының атынан шын жүректен алғысын жеткізді.

–  «Әр қазақ менің жалғызым» деген ұстаным бар, қорымыздың мақсаты – халықтың демеуімен мұқтаж жандарға, яғни жетім-жесірге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы, жалғызбасты аналар сынды адамдарға үй немесе жер телімін алып беру, үй  салуына көмектесу. Қорымыз бұл істі «1000 теңге – баспанаға!» деген айдар аясында өткізуде. Егер еліміздің әр азаматы қор шотына немесе кісі көп жиналатын жерлерде орналасқан (Орал қаласында 20 жерге қойылған) арнайы жәшіктерімізге ай сайын 1000 теңгеден салып тұрса, осындай баспана беруге мүмкіндік туады. Жиналған қаражатқа міндетті түрде есеп беріліп тұрады. «Харекет» ашылған он бір ай ішінде бүгін республикамыз бойынша 30 үй , ал біздің облыс бойынша 2 үй беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – дейді «Харекет» қайырымдылық қорының БҚО бойынша өкілдігінің қызметкері Теміржан  Меңдешев.

Сәкен   МҰРАТҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


Асық ойыны – ұлтымыздың құнды мұрасы

Күні: , 65 рет оқылды

Соңғы  кездері  Бөрлі  ауданында  ұлттық спорт  түрлері  жақсы  дамуда. Соның  ішінде асықты  ересектер  де,  жастар  да  жиі ойнап  жүр. Ақсайлықтардың  бұл  ойынды  жете  меңгергендігінің  бір  дәлелі  сол,  олар республикалық  сайыстарда  облысымыздың  намысын  абыроймен  қорғауда.  Асығы  алшысынан  түсіп  жүргендердің  арасында  өзге  ұлт  өкілдері  де бар.

Баскетболшылар  да  асыққа  әуес

Ақсай қалалық №4 мектептің мұғалімі Наталья Зотова үшін асық күнделікті қолданатын зат іспеттес.  Сол себепті сөмкесінде міндетті түрде асық жүреді.

– Өткен жылы ауданымызда асықтан өткен сайысты қарап отырғанда бұл ойын маған таныс секілді көрінді. Асықты қолыма алып, ойнап көргенімде икемділігімді байқаған әріптестерім мұны қайдан үйренгенімді сұрап жатты. Осы кезде балалық шағымда асық ойнағаным есіме сап ете түсті. Өзім Ақтөбе облысының тумасы болып табыламын. Балалық шағым қазақтардың арасында өтті. Біз көбіне асық ойнайтын едік. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыттан кейін асықты  қайта  қолға  алдым.

Жалпы, бұл ойын баланың ойлау қабілетін, ептілігін, қолдың маторикасын, қозғалыс кординациясын дамытады. Соған байланысты сабақта, қоңырау кездерінде оқушыларға асықты жиі ойнатамыз. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар. Мен – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімімін. Физикалық ауыртпалық түсіруге  болмайтын оқушыларға көбіне асық үйретемін. Негізгі қызметімнен бөлек баскетбол ойынынан ауданда қыздар құрамасын да жаттықтырамын. Облыстық, республикалық сайыстарға барғанда поезда, қонақүйде болған кезде қыздармен көбіне асық ойнаймыз. Шәкірттерім бұрынғыдай  картаны емес, асық ұстайтындарына қарап қуанамын, – дейді  Наталья  Зотова.

Асық  ойнаған  озады

Аталмыш ауданда ұлттық спорттың дамуына үлесін қосып жүрген жанның бірі – Рима Бекмұқамбетова. Ақсайдағы №6 мектептің мұғалімі болып табылатын ол асықтан өтетін республикалық жарыстарға жиі барады. Мәселен, биыл сәуір айында Қызылжар өңірінде болған ел чемпионатына қатысып, «Үздік ойыншы» деген аталымды иеленіп келді.

– Астана қаласы, Қызылорда, Қостанай облыстарынан келген командалар осы сайыста мықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мен өзім төрт жылдан бері республикалық сайыстарға қатысып келе жатырмын. Жыл сайын негізінен осы командалар топ жарып жүр. Олар қонақта, өзге де шараларда болсын, кез келген жерде отыра қалып асық ойнайды екен. Мәселен, астаналық спортшылар бір мектепке жиналып, күнде дайындалатын көрінеді. Ал біздің облысымыздың құрамасының сапына кіретін ойыншылар әр ауданнан болғаннан кейін бір-бірімізбен жарысқа бара жатқанда поезда танысамыз. Сайыста жекелей емес, командалық есеп бойынша сынға түсетін болғаннан соң, бірігіп дайындалмағанымыздың зардабын тартатын кездер де болады. Жалпы, асық ойыны соңғы кездері қарқынды дамуда. Ережелері жиі өзгереді. Көбіне біз мұндай өзгерістерді жарыс басталған кезде ғана біліп жатамыз. Кезегіміз келгенге дейін үлгергенімізше дайындаламыз. Сол себепті жоғары көрсеткіш туралы әңгіме айту бізге ертелеу сияқты. Алдағы уақытта осындай жайттарды құзырлы құрылымдар ескерсе екен дейміз. Енді Астананың 20 жылдығына орай елордада сайыс ұйымдастырылмақшы. Қазіргі уақытта соған дайындалудамыз, – дейді Рима Сайлаубайқызы.

Жәнібек ауданында дүниеге келген ол бала кезден асықты жанына серік етіп келеді. Міне, сол асық оның мәртебесін көтеріп, көпшілікке танытты. Яғни асық ойнаған жанның озатынын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Бүгінде біздің кейіпкеріміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушыларын асық ойынына дендеп үйретуде. Күні кешеге дейін мектепте волейболдан секция жүргізсе, өткен оқу жылынан бастап асық үйірмесін ашты. Оған 6-10-сыныптардан қырыққа жуық оқушы қатысады. Мұндай үйірмелер ауыл мектептерінде де жұмыс істеуде.

Көктемде мұғалімдердің шығармашылығына қатысты өткен республикалық сырттай байқауға Рима Сайлаубайқызы мектепте асық ойыны үйірмесін ұйымдастыру бойынша материалдарын жіберген екен. Оның бейнесабағы өзгелерден оқ бойы озық деп танылып, нәтижесінде байқаудың бас жүлдегері атанды. «Тек өзім емес, әріптестерім де, шәкірттерім де жетістікке жетіп жатқандығына қуанамын, – дейді Рима Сайлаубайқызы. – Мәселен, мектебіміздің педагог-психологы Нұрлы Жақсығалиева бес асықтан өткен облыстық сайыста топ жарса, информатика пәнінің мұғалімі Жайнагүл Құжатова аудан бойынша үздік болды. Оқушыларымның арасынан таяуда болған облыстық жарыста 8-сынып оқушысы Жанна Әмірова бас жүлдені иемденсе, 6-сыныптағы Дамира Бауыржанова күміс жүлдегер атанды. Ақсайдағы спорт мектептерінде, жеке спорт кешендерінде асықтан түрлі жарыстар ұйымдастырамыз. Жалпы, бұл спорт түріне де жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біраз демалып, босаңсып кетсең, көш соңында қалып қоюың ғажап емес. Ал бізге көш соңында қалуға болмайды. Елбасымыз айтқандай, жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Сол себепті жастарымыз білімге, тәлім-тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса мән берулері қажет. Сонда ғана еліміз экономикалық, рухани жағынан дамып, өркендеп, бәсекеге қабілетті болады».

Нұрлы  ЖАҚСЫҒАЛИЕВА,

педагог-психолог (Бөрлі  ауданы):

– Асықтың баланың тұлға ретінде дамып, қалыптасуында атқарар рөлі зор. Асық ойнайтын оқушының ойы жүйрік әрі жинақы болады. Көптеген пәнге, соның ішінде математикаға деген ынтасы артады. Компьютер, смартфондар көзге зиян болса, асық керісінше, көзді жаттықтырып, көру  қабілетін  жақсартады.

Өзім де асықты жиі ойнаймын. Облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүрмін. Асық ойнау маған серпіліс, тың күш, қуаныш  сыйлайды.

Галина БРАТКОВСКАЯ,

Ақсай  қалалық  №6  мектептің 9-сынып  оқушысы:

– Екі жылдан бері асық үйірмесіне қатысып келемін. Оны үйрену еш қиындық туғызған жоқ. Асық ойыны адамның бойында сабырлылық, табандылық, мақсатқа жетуге деген талпынысты қа-лыптастырады екен. Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме еш өкінбеймін. Ата-анам да барынша қолдау білдіруде. Соның нәтижесінде аудандағы жарыста 3-орын алдым. Қазіргі уақытта құрбыларыма, туыстарыма бес асық деген  ойын  түрін  үйретіп  жүрмін.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Бөрлі  ауданы


Оба үстіндегі окоп

Күні: , 178 рет оқылды

Тасқала ауданында қазба  жұмыстарын  жүргізіп  жатқан   БҚО тарих  және  археология  орталығының  мамандары 25 маусым  күні  Азамат  соғысы  кезінде  қаза  болған  жауынгерлердің  мүрделерін  тапты.

Айта кетейік, 2016 жылы Тасқала ауылының солтүстік бөлігінен жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру басталған еді. Кей учаскелерде орналасқан төбешіктер мен обаларға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдері тұрғындар үй салмас бұрын БҚО  тарих және археология орталығына хабарласып, осы обаларға зерттеу жүргізу жөнінде өтініш түсірген. Орталық мамандары сол маңнан ерте темір, қола дәуірлеріне жататын алты оба тапқан. Аталмыш мекеменің бас ғылыми қызметкері Яна Лұқпанованың сөзіне қарағанда, 2016 жылы төрт оба қазылды. Ішінен шыққан адамдардың мүрделері мен заттар алынып, обаның орындары тегістелді.

– Түрлі себептерге байланысты былтыр бұл бағыттағы жұмыстар жүрмей қалып, биыл жалғасын тауып жатыр. Өткен аптаның соңында қалған екі обаны қазуды бастадық. Біреуінің үстінен окоп табылды. Азамат соғысы кезінде бұл окопты қазғандар мұның оба екенін білмеген болулары керек. Оба биіктеу тұрғасын, ұрыс жүргізуге қолайлы екені анық. Сол себепті осы жерден әдейі қазған. Окоптың тиянақты қазылғанына қарағанда, бұл жерде Шипов селосы үшін ақтар мен қызылдар арасында қиян-кескі ұрыс болған сияқты. Теміржол бекеті, соның ішінде бірнеше теміржолдың түйіскен торабы қашанда стратегиялық маңызға ие ғой. Соған байланысты бұл жер бірде ақтарға, бірде қызылдарға өтіп отырған. Мына мүрделер сондай шайқастың бірінде қаза болған жауынгерлердікі. Оларды ешкім жерлемеген. Яғни қаза тапқан күйде топырақ астында қалған. Бір сөзбен айтқанда, хабарсыз кеткен жауынгерлер. Енді олардың кім екендеріне келсек, біздің алдын ала болжамымызша ақ гвардияшылар сияқты. Мүрденің бірінің аяғындағы сақталып қалған керзі етік ерекше. Шетелде шығарылғаны байқалып тұр. Одан бөлек топырақ астынан шыққан сарғыш жасыл түсті гимнастерканың қиығы бар. Іші оқ-дәріге толы былғары оқшанқан да табылды. Ал қызыл әскерде мұндай  киім-кешек, қару-жарақ болған  жоқ. Сонымен қатар бір жауынгердің қасынан мойынға ілетін шармақ  (крест) шықты. Зерттеу жұмыстары барысында әлі де біраз құнды дүниелер шығады деп ойлаймын. Жалпы бұл макет емес, тірі тарих қой, – дейді Яна Амангелдіқызы.

Зерттеуден соң жауынгер мүрдесінің бәрі қазылып алынып, дін өкілдерінің қатысуымен бауырластар зиратына жерленеді, ал табылған заттар музейге табысталмақшы.

Тасқала аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Ғұбашевтің айтуынша, бұл жердегі жеке тұрғын үй салуға арналған 118 учаскенің бесеуі аталмыш обаларға байланысты әзірге берілмей тұр. Бес учаскенің мәселесі БҚО тарих және археология орталығы мамандарының қорытындысына  сәйкес  шешілетін  болады.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Тасқала  ауданы


Мұғалім мәртебесі артса, ел мерейі асқақтайды

Күні: , 54 рет оқылды

«Рухани  жаңғыру»  білімнің  салтанат құруына  да  бағытталған бағдарлама  екені  белгілі. Қазір  республикамыздағы  білім  жүйесі пассионарлық  дүмпудің  жаңа  жолына  түсуде.  Бұл  істе  мұғалімнің  де  иығына  артылар  жүк  ауыр. Соған орай  елімізде, соның ішінде  облысымызда  мұғалімді  әлеуетті  мамандыққа, қоғамның  қадірлі  мүшесіне  айналдыру  үшін қажетті  іс-шаралар біртіндеп  қолға  алынуда. Педагогтарды  қолдау  шарасы  Бөрлі ауданында  да  сәтті  жүзеге  асуда.

«100  ұстаз»

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық білім бөлімі іске асырып жатқан жобаның бірі дәл осылай аталады. Аудандағы мұғалімдердің мәртебесін көтеру мақсатындағы аталмыш жоба бойынша жергілікті «Қарашығанақ» телеарнасы арқылы үздік педагогтар насихатталып жатыр.

– Қоғамда мұғалім беделінің төмендеп кеткені жаныма батып жүретін. Педагогикалық бағыттағы мамандықтарға бұрынғыдай мектептің үздік түлектері емес, сабақты нашарлау оқығандар баратыны да көңіліме кірбің ұялататын. Тіпті физика-математика сынды факультеттерге түскісі келетін жастардың азаюы, соның салдарынан мектептерде пән мұғалімдерінің жетіспеуі де ойландырмай қоймайды. Осынау мәселені жоғары жаққа айтып қана қоймай, біз өз тарапымыздан не істей аламыз деген ой да мазалайтын. Ақылдаса келе, «100 ұстаз» жобасын қолға алдық.

Соған орай аудан әкімдігінің келісімімен білім бөлімі өз бюджетіндегі үнемделген қаржы есебінен 3 млн. теңге бөлетін болып, телеарнамен келісімшартқа отырдық, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Орынбасар Төлемісов.

Сәуір айында басталған жобаға шәкірттері, не өздері түрлі жетістікке жеткен 100 мұғалім қатысуда. Үш минуттық эфир уақытында сол жетістікке жетуіне үлестерін қосқан мектеп басшылығы, әдістемелік кабинет мамандары туралы да айтылады. Сөйтіп, жыл соңына дейін 100 мұғалім насихатталады. Жоба аяқталғаннан кейін телеарна арнайы бейнеальбом дайындап береді. Осылайша «Бөрлі ауданының 100 ұстазының тарихы» жасақталмақшы.

Орынбасар Төлегенұлының айтуынша, негізі ауданда 1637 мұғалім бар. Олардың көпшілігі мұндай жобаға қатысуға лайық. Бірақ бәрін бірдей телевидениеге шығаруға мүмкіндік жоқ. Соған орай қалған мұғалімдер басқа жобаларға тартылмақшы. Мәселен, енді «100 ұстаздың» кітап  түріндегі нұсқасын дайындау жоспарлануда. Оған тележобаға ілікпей қалғандар қатысады. Қазір аудандағы әр мектепте соған іріктеу жүріп жатыр. Бұйыртса, бұл жоба келесі  жылы  қолға  алынбақшы.

Педагогтарды  қолдаған ұтылмайды

ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен елімізде «Үздік педагог» байқауы өткізіліп жүргені белгілі. Шығармашыл педагогтарды анықтау, олардың кәсіби шеберліктерін арттыруға қолдау көрсетуді мақсат тұтатын бұл республикалық байқаудың аудандық кезеңі биыл Бөрліде де ерекше ұйымдастырылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұстаз – өзгерістер елшісі» жобасы аясында өткен сайыстың бас жүлдесіне 100 мың теңге, 1-орынға 50 мың теңге, 2-орынға 30 мың теңге, 3-орынға 20 мың теңге тігілді. Сол себепті бұл білім бәсекесі тартысты болды. Оған республикалық, облыстық олимпиадаларда оқушылары жүлделі орын алып жүрген мұғалімдер, өздерінің шығармашылық еңбектерімен жетістікке жеткен балабақша тәрбиешілері қатысты. Сайыстың алғашқы кезеңінде 23 педагог бақ сынап, оның 12-сі келесі кезеңге өтті.

– Нәтижесінде түрлі жетістіктерге қол жеткізген, жаңа білімді меңгеру қабілетінің жоғары, өзгерістерге үнемі бейім екендігін дәлелдеген, педагогтық ситуациялық сұрақтарға ұтымды жауап берген аудан орталығындағы №5 мектептің физика пәнінің мұғалімі Ләззат Ақашева бас жүлдені алды. Көпшілік оның испандық «Кармен» биін әдемі орындап шыққанына да тәнті болды. Өнер демекші, Ақсай қалалық №5 орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Гүлдана Мақсотованы біз актерлік қырынан таныдық. Александр Пушкиннің «Евгений Онегин» өлеңін оқығанда жиналған жұртшылықпен бірге біз де ХІХ ғасырға тап болғандай сезіндік.

Өйткені, сахнаның безіндірілуі, мұғалімнің өлеңдегі бас кейіпкердің образына еніп, өлеңді шын ықыласпен оқуы сол кезге жетелемей қоймайды. Ол 1-орынға лайық деп танылды. Ақсайдағы №4 «Айгөлек» балабақшасының тәрбиешісі Гүлсая Жұмашеваның да өлеңді әдемі оқитынына куә болдық. Мұхтар Шахановтың «Қасымды қабылдамаған адам хақында» өлеңін оқыған кезде бойымызда тас бауыр, даңғой адамдарға деген жиіркеніш сезімі көрініс берді. Жас өнерпаз әріптесімізге 3-орын бұйырды. Ал 2-орын алған №3 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Есмағұлова мұғалім-оқушы-ата-ана байланысын ерекше бейнелеумен есте қалды. Таяуда Оралда өткен аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде Ләззат Ақашева ауданымыздың намысын абыроймен қорғап келді. Тамыз айында шығатын байқау қорытындысында жүлделі орындардың бірінен көрінеміз бе деген үмітіміз жоқ емес. Аудандық байқауға қатысқан он шақты педагогымызды түрлі аталымдар бойынша марапаттадық. Жалпы, мұндай байқаулар, мұғалімдерді марапаттау шаралары оларға тың күш, жұмысқа деген талпыныс беретіні белгілі. Сол себепті қолдан келгенше педагогтарымызға қарасып тұрамыз. Мәселен, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай педагогтарға да, техникалық құрамдағы қызметкерлерге де сыйақы берген облыс көлеміндегі бірден-бір аудан болып табыламыз. Еңбекақылары 30 мың теңгені құрайтын техникалық құрам қызметкерлері үшін сыйақы ретінде берілген 20 мың теңгенің өзі аз да болса көмек екені анық. Қысқа жіп күрмеуге келмей, қиналып жүргендер сапалы жұмыс істей алмайтындары белгілі. Соған орай оларды қолдау шаралары назардан тыс қалып жатқан жоқ.

Жалпы, педагогтардың еңбекақысын өсіріп, әлеуметтік жағдайларын оңалту шараларын алғаннан мемлекет ұтылмайды. Қолдау күшейсе, мұғалімдікке бет алушы буынның қатары артады ғой. Білім саласындағы кадр жетіспеушілігі де тыйылады. Ең бастысы, рухани тұрғыдан жаңғырудың түпкі  мақсатын өзі де  жете біліп, өзгеге де  түсіндіре  алатын әріптестеріміздің қатары көбейер еді. Қорыта  айтқанда, мұғалім мәртебесі артатын күн де қашық емес деп ойлаймын, – дейді Орынбасар  Төлегенұлы.

 

Амангелді БИЖАНОВ,

Ақсай қаласының тұрғыны:

– Биыл – біз үшін ерекше жыл. Мұғалім болып қызмет атқаратын зайыбым Ләззат Ақашева Бөрлі ауданының «Үздік педагогы» атанды. Облыстық байқауға қатысты. Таяуда оны жергілікті телеарнадағы «100 ұстаз» хабарынан көрсеткен соң, туысқандарымыз, достарымыз хабарласып, құттықтап жатты. Біз де қуанып қалдық. Жалпы, ауданымызда ұстаз мәртебесін көтеру үшін атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мұғалімдерді насихаттау, олардың еңбегін бағалау мақсатындағы іс-шаралар үшін аудандық білім бөліміне отбасымның атынан үлкен алғысымды айтамын. Барша ұстаздар қауымына шығармашылық табыс, отбасыларына  амандық  тілеймін!

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Шыңғырлаулықтар ауыз сумен толық қамтылады

Күні: , 66 рет оқылды

Ұлт саулығы тікелей сапалы ауыз суға байланысты екендігі сөзсіз. Сондықтан елімізде, соның ішінде облысымызда бұл мәселе соңғы жылдары өз шешімін табуда. Бұл бағытта Шыңғырлау ауданында да ауыз толтырып айтар істер бар.

Аудан әкімі Альберт Есалиевтің сөзіне қарағанда, Елбасының ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту турасындағы тапсырмасына сәйкес облыс басшылығының қолдауымен көптеген іс-шара алынуда. Соның бірі – ауылдағы ағайынды орталықтандырылған ауыз сумен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар ауданда қарқынды жүруде. Қазіргі таңда Амангелді, Ащысай, Ақшат (Лубен), Жаңакүш ауылдарына су желісі тартылуда. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін аудан халқы толық ауыз сумен қамтылмақшы.

Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында атқырылып жатқан бұл құрылыс жұмыстарына ел қазынасынан 882 млн. теңге қаржы қаралған. Оның жарысынан астамы Ащысай ауылдық округіне тиесілі. Округ орталығы мен Амангелді ауылына су желісі Сырық салды бұлағынан тартылуда. Жобаға сәйкес су бірінші Амангелдіге келеді. Содан кейін Ащысайға жеткізіледі. Қазір екі бағытта да қызу жұмыс жүруде.

Амангелдіге су тартып жатқан оралдық «Лайге» ЖШС жер қазу жұмыстарын таяуда, яғни мамырда бастаған екен. Жыл соңына таман, нақтылап айтқанда, қазан айында аталмыш ауыл тұрғындары су тасу машақатынан толық құтылмақшы. Серіктестіктің учаске шебері Нұржан Тәжмұқановтың айтуынша, жұмыс жоспарға сай жүруде, қолбайлау болып тұрған мәселе жоқ. Мұнда еңбек етіп жатқан 12 адамның жартысы жергілікті тұрғындар, олардың қатары тағы да көбеймекші.

Ал Ащысайға құбыр тартумен қызылордалық «ҚазҚұрылыс» компаниясы айналысуда. Айта кетейік, бұл серіктестік былтыр жәнібектіктердің сумен қамтылуына үлестерін қосты. Биыл Шыңғырлауға келді. Қазір мұнда үш бригада құрамында отыздан астам адам нәпақасын тауып жүрсе, соның үштен бірі ащысайлықтар. Ауыл тұрғындары бұл компания жер қазу, құбыр салу істерінде тиісті талаптарды толығымен сақтайтындарына, жұмыстарының қарқындылығына дән риза.

– Мамырдың соңында бастаған бұл жұмыстарды қазан айында аяқтап, тапсыруымыз керек. Біз оны уақытынан бұрын бітіреміз деп отырмыз. Екі ауылдың арасы 17 шақырымды құраса, қазіргі таңда он шақырымын бітірдік. Төрт экскаваторымыз күніне орта есеппен 1,5 шақырымнан қазуда. Содан кейін ауылдың ішіне кіреміз. Құрылыс жұмыстарына толығымен отандық өнімдерді қолданудамыз. Соның ішінде құбыр сынды Оралда шығарылатын өнімдер бар. Жұмысшылардың орташа еңбекақысы 200 мың теңгенің шамасында. Бізге барынша жағдай жасап жатқаны үшін жергілікті атқарушы билік құрылымдарына, ауыл тұрғындарына алғысымызды білдіреміз, – дейді серіктестіктің учаске шебері Нұржан Сейдахметов.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Шыңғырлау  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика