Тег: ‘Сырым   ауданы’


«ИНВИВОНЫҢ» игілігі

Күні: , 31 рет оқылды

Елбасының  «Қазақстандықтардың  әл-ауқатының өсуі:  табыс  пен  тұрмыс  сапасын  арттыру»  атты Жолдауында  ауылдық  жерлерде  медициналық  көмектің  қолжетімді  болу  қажеттігі  айтылды.

Ауыл халқын қалаға сабылтпай,  медициналық қызмет көрсететін нысандар пайдалануға берілуде. Жақында Сырым аудандық ауруханасында «Инвиво» («Invivo») зертханасының бөлімі ашылды. «Инвиво» елімізде жоғары сапалы технологиямен жабдықталған зертхана ретінде танымал. Өңірімізде бұл зертхананың бес бөлімі бар. Оның үшеуі Орал қаласында,  қалған екеуі Шыңғырлау  және Сырым аудандарында орналасқан. Сырымдағы «Инвивоға» көршілес Қаратөбе ауданының тұрғындары да қарала  алады. Кабинетте сынама алатын Бақытнұр Исқақова есімді зертханашы екі рет арнайы курстан өтіп келді.

Зертхана адамдардың ағзасынан алынатын биоматериал арқылы 600-ден астам талдау жасап, дәрігердің емделушіге дұрыс диагноз қойып, сапалы ем-дом жасауына көмектеседі. Жалпыклиникалық, гистологиялық, цитологиялық, биохимиялық талдау, гормондарды анықтау, паразиттерден жұғатын жұқпаларды анықтау, генетикалық, микробиологиялық зерттеулер,  антибиотиктерге деген сезімталдық, түрлі онкологиялық аурулардың алдын алу, вирустық гепатиттер, ДНҚ анықтайтын тест, басқа да түрлі зерттеулер ауданда жүргізіле бастады. Қызметі ақылы болғанымен, есесіне, науқастың қалаға бару жол шығыны үнемделеді. 18 жасқа дейінгілерге және зейнеткерлерге арнайы жеңілдіктер бар. Алынған қан сынамасы Орал қаласына екі күн сайын жіберіліп отырады. 1-2 күнде талдау қорытындысы электрондық поштамен келеді.

Ол қорытынды емдеуші дәрігер-дің қолына шығарылып беріледі.

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым   ауданы


Ұшатын «бақташы»

Күні: , 38 рет оқылды

Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту  мәселесін  ерекше  бақылауда  ұстауы  тиіс.

Қазақстан  Республикасының  Президенті  Н. Ә.  Назарбаевтың «Қазақстанның  үшінші  жаңғыруы:  жаһандық  бәсекеге  қабілеттілік»  атты  Жолдауынан

Жаһан бойынша жаппай жүріп жатқан цифрлану үрдісінен ауылдағы шаруалар да қалыс қалып жатқан жоқ екен. Алысқа бармай-ақ, бұл сөзімізге айғақ болатын нақты мысалдар Сырым ауданының өзінен табылуда. Әрине, күннің сәулесінен электр энергиясын өндіретін батареялар мен малдың бағытын ұялы телефонмен анықтауға мүмкіндік беретін GPS-трекерлер де жақсы мысал. Бірақ біз үшін «Жәдік» шаруа қожалығындағы  ұшатын «бақташы» кәдімгідей жаңалық болып көрінді.

2005 жылы құрылған «Жәдік» шаруа қожалығы о баста ірі қара мен ұсақ малдың басын көбейтумен айналысты. Марқұм Нәсіболла қарттың өзі бастаған еңбекті бүгінгі күні ұрпағы лайықты түрде жалғастыруда. Атакәсіпке адал Бисенғалиевтер кейінгі жылдары жылқыны асылдандыру мен көбейтуге ерекше ден қойды. Ол үшін қожалық өткен жылы «Құлан» бағдарламасы арқылы 19 миллион теңге несие алып, қазақы жабы тұқымды 50 жылқы сатып алды. Қыстақтың басына былтыр 600 шаршы метр қоражай мен 1200 шаршы метр аула салынды. Мал азығын дайындайтын техникалар мен агрегаттар жаңаланды.

— Жылқыға еркіндік керек қой. Еркін жүріп, еркін жайылғанды жақсы көреді. Жылқышы болудың да бір қиындығы – осы жерде. Үйірдің артынан таңнан кешке дейін ілесіп жүре алмайсың, ал малыңды бақылаусыз қалдыруға тағы болмайды. Үйірдің жайылып жүрген бағытын жиі біліп, уақтылы түгендеп отырғаның өзіңе жақсы. Көлігі мен уақыты бар адамға бұл қиын емес. Дегенмен, екі айдай болып қалды, жұмысқа ұшатын «бақташы» алдым! Жаңа «бақташы» келгелі, жылқышымның жұмысы әжептеуір жеңілдеді, – деді бізге қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев.

Бақташының кім екенін, оның немен айналысатынын жақсы білеміз ғой. Бақташылар малды көбіне атпен, кейде жаяу жүріп бағады. Ал  атқа да мінбейтін, жаяу да жүрмейтін, қызметін ұшып жүріп атқаратын бұл не деген «бақташы»?

Сөйтсек, ұшатын «бақташы» дегеніміз – әуе түсірілімдерін жасауға арналған квадрокоптер екен.

«Жәдік» шаруа қожалығы квадрокоптердің  DIJ  Mavic Pro компаниясынан өндірілген түрін таңдапты. Құны жарты миллион теңгені шамалайтын бұл құрылғы үлкен мүмкіндіктерге ие. Жиналғанда аядай қорапқа сиятын квадрокоптер қанаттарын жазғанда шағын тікұшақтан аумай қалады. Төбесіндегі төрт пропеллер оның ұшуына, ауада бір орында қалықтап тұруына мүмкіндік береді. Дронның бір жолғы қуаты әуеде 27 минут болуына жетеді, ол осы кезде сағатына 65 шақырым жылдамдықпен еркін биіктеп, радиусы 7 шақырым аумақты қамтып береді. Бұл аппаратқа 100-200 метр биіктік түк емес. Құрылғының маңдайына орнатылған 12 мегапиксельді камера бейнетүсірілім мен фототүсірілімді UltraHD сапада  жасайды.

Дрон жерден тұрып арнайы джойстикпен басқарылады. Камераның аясындағы көріністер сол джойстикке біріктірілген ұялы телефонның экранына шығады. Камерадағы ақпаратты алу үшін ғаламтордың керегі жоқ, құрылғы негізгі пультпен радиобелгі арқылы байланыс жасайды. Егер GPS байланыс болса тіпті жақсы, экранға мекеннің анықтамасы қоса шығады. Камера көзінің «өткірлігі» сондай, әуедегі оның назарынан 7 шақырымға дейінгі нысанның біреуі де «құтылмайды». Қалған ерік – басқарушыда. Керек нысанға ұшып жақындауға, төбесінен қарауға, оң немесе сол жағынан баруға болады.

Қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиев квадрокоптер ұшыруды әбден меңгеріп алыпты. Ұшатын «бақташы» да өзінің міндетін жақсы түсініп алған. Әуеге көтеріледі, үйірдің жүрген жерін анықтайды, сол жерге барып, жақсылап суретке түсіреді. Сол сурет арқылы иелері үйірді түгендейді. Ал егер үйір бытырап бара жатқан болса, қожайын ұшатын «бақташыны» жылқы қайы-руға «жұмсап» жібереді. Дрон жылқылардың қақ төбесінен ұшқан кезде, 4 пропеллердің дызылдаған дауысы оларды еріксіз үркітеді. Сөйтіп, алыстап кеткен мал әп-сәтте үйірге қосыла қояды. Әсіресе, дрон өзеннің арғы бетіне өтіп кеткен малды түгендеуге өте ыңғайлы екен.

Мақсот Бисенғалиев жаңа технологияның жылқы түгендеуден басқа да пайдалы тұстарын айтты. Жақын жерлердегі елді мекендер мен далалық жолдардың бағытын анықтау, шабындықтың шөбі қою жерін анықтау, буылған шөптерді санау жұмыстарына квадрокоптердің көмегі көп көрінеді.

Квадрокоптерді робот деуге әбден болады. Ол өзінің бастапқы ұшқан жерін  жадына сақтап, сол жерге қайтадан қона алады. Желдің жылдамдығын, қуатының шамасын, барлығын есептеп, керек кездерде апатты қонуларды жүзеге асырады. Яғни, жел ұшырып әкетеді-ау, қуаты таусылып, құлап  қалады-ау деп уайымдамауға болады.

Негізі бар ғой, квадрокоптерден гөрі қожалықтың жетекшісі Мақсот Бисенғалиевтің өзі – көбірек айтуға тұратын азамат. Ол –  шаруаға ерте араласқан адам. Мақсоттың Өлеңті орта мектебінің 8-сыныбында оқып жүрген оқушы кезінде-ақ дербес комбайн басқарғанын ауыл әлі айтады. Оның кіші авиақұрам мектебін бітіріп, Мәскеу облысындағы Чкалов әскери аэродромында әскери қызметте болғаны, біраз жыл Жымпиты аудандық ішкі істер бөлімінде еңбек еткені де Мақсоттың ер-азамат ретіндегі бейнесін аша түсетіндей.

Мақсотты былайғы жұрт «Қасқыр Мақсот» деп атайды. Меніңше, Мәкеңнің нағыз бейнесі осы жерде көрінеді. Оны «қасқыр» десе, дегендей. Ол кәсіби аңшылыққа өмірінің 35 жылын арнады. Мылтық асынып, моторлы шана мінген жылдарының бәрі қасқыр аулауға кетіпті. Апталап дала кезген, талай рет қауіп-қатермен бетпе-бет келген, талай жақсы жолдастармен сапарлас қылып, таныстырған аңшылық дәуренін ол дүниенің ешқандай қызығына айырбастай алмайды.

– Қасқырларды кезінде ұжымшардың арнайы тапсырысымен атып жүрдік. Оның ізін қуып бармаған жеріміз бертінде де аз болған жоқ. Күніне 8 көкжал алған күндер болды. Алған қасқырларымның нақты санын білмеймін, бірақ қасқырдың текті жаратылыс екенін өте жақсы білемін! –  дейді өзі.

Расымен де, қасқыр қуумен өткен 35 жыл адамды қасқыртанушыға айналдырмай қоймайды ғой.

Қасқырлар арасындағы тәртіпті, олардың бір-біріне деген адалдығын, оның қарудың тұмсығына  тіке қарай алатын айбарлы көзқарасын Мақсот талай рет сезінген. Ол аң мен құсқа өш болғаннан емес, табиғатқа деген махаббаттың арқасында аңшы болдым деп есептейді.

Табиғатқа деген махаббат болар, Мақсот Бисенғалиев 2013 жылы мал шаруашылығына қоса, балық шаруашылығын қолға алды. Сол жылы Атыраудың Индерінен алып келіп, Бұлдырты ауылдық округіндегі Жәдік тоғанына сазан мен сартұқының 3000 шабағын жіберді. Ол шабақтар көбейіп, «Жәдік» шаруа қожалығының тоғанынан ауланған балықтар бір жылдары ауданда өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінің сөресін бермеді. Тоғанда қазір Өлеңті өзенінің шортандары көбейтілуде.

Бұдан бөлек, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан  аграрлық-техникалық университетінің балық шаруашылығымен айналысатын жас ғалымдары Жәдік тоғанына африкалық жайын тұқымдарын жіберіп, тәжірибе алаңы есебінде пайдаланып  жатыр.

Қожалық иесі алдағы уақытта тоғанның маңын демалыс орнына айналдыруды, басынан бие байлап, қымыз өндірісін қолға алуды жоспарлап отыр. Біз шаруа Мақсотқа еңбегінің берекесін,  аңшы Мақсотқа қанжығасының

майланғанын, ал Қатима апамызбен бірге немере-жиендерінің қызығына бөленген ата Мақсотқа амандықты  ғана  тіледік.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Табиғатқа деген  махаббат болар,  Мақсот Бисенғалиев 2013  жылы мал шаруашылығына қоса, балық шаруашылығын қолға алды.


«Қызымыз полицияға қызметке тұрғалы жүр еді, бізді соттата көрмеңізші, ағатай…»

Күні: , 438 рет оқылды

БҚО   ІІД   басшысының   назарына!

БҚО   жеке   сот   орындаушылар   өңірлік   палатасының   назарына!

 

Сырым ауданында іссапарда жүргенбіз. «Орал өңірінің» оқырмандарымен кең отырып, келелі әңгіме қыздырған кездесу осы жаңа ғана аяқталса да, жұрт тарқай қоймады. Сан алуан пікірлерін ортаға салып, түрлі сұрақтарын қойған оқырмандарымыз жанағы ресми әңгімелерден кейін журналистерге бұрынғысынан да еркінірек «тиісіп» жатқан. Сондай мезеттердің бірінде бізге егде жастағы бір азамат келіп жолықты. Үстінде жұмыс киімі, ауылдың кәдуілгі, «қойын құрттап, көжесін ұрттап» момын жүрген қарапайым шаруа  адамдарының бірі. Тек қабағындағы кірбіңі мен пұшайман болған жүзі байқалмай қалған жоқ. Оңашалау жерге бастап, «Арызым бар айтатын, тыңдайтын уақытыңыз бар ма?», – деді. Зейін аударып, құлағымызды тігіп, тұра қалдық.

Зинедден Бисекенов ағамыз осы Сырым ауданының тумасы екен. Жасы жер ортасынан баяғыда-а-а асып, 74-ке қарай кеткен. Отанасы Бәтима апамыз екеуі 4 қыз, 3 ұлдан  алты немере, он екі жиен, төрт жиеншар сүйген ата. Сексенге маңдай түзеген жасында қолайсыз жағдайға қалып, турасын айтқанда, біреудің ала жібін аттамаған, өзі де, балалары да, басқаларды да солай деп ойлайтын Бисекеновтер бүгінде полиция мен соттың табалдырығын тоздырып жүрген жайлары бар. Қандай жағдайға тап болғандарын оқушыға түсінікті болуы үшін басынан бастап тарқатайық.

2015 жылдың 1 желтоқсанында Зинедден Бисекенов балалары Батырбек пен Тимурды қалаға малының етін  тапсырып келуге жұмсайды. Ақ-адал малы ғой, баға берсе, өсе берер ме еді? Мал болғанда қандай еді десейші… Бірақ сол жылы студент атанған сүйікті немересінің жолынан аянып қалмады. Сөйтіп, төрт жастағы торы бие мен соған қарайлас қызыл қасқа сиыр пышаққа ілінді. Оны аз десеңіз, тағы екі қой қоса сойылып, осы ұзын саны төрт бас малдың төшкесі Оралға суыт жөнелтілді. «Қате болайын десе, быламыққа да тіс сынады» деген, бәрі өзімнен болды-ау деп әлі күнге бармағын тістейді. Қызыл қасқа сиырды мөңіретіп, торы биені тулатып, қос қойды маңыратып пышаққа жыққанда, еттерін қайда, кімге тапсыратындарын да күні бұрын кесіп-пішіп қойған еді. Балаларына «Қалада қайда тапсырамыз?» деп тентіреп жүресіңдер ме, өзіміздің Моншақ (Ғұмарова Моншақ Қойшыбайқызы 1964 жылы Шыңғырлау ауданында туған) апаларыңыз бар ғой, соған тапсырсаңдар болды, ақшасын санап берер», – деген Зинекең. Бетіне шаң болып тиюді білмейтін балалары «Мақұл, әке!» деп Оралға аттанып кете барған. Балаларында кінә жоқ, әке айтты, бітті, заң, мұның бұйрығын тап-тұйнақтай етіп орындапты. Тек екеуі де Оралдан құр келіп тұр. «Не болды?», «Моншақ апай қазір ақша болмай тұр, бір аптадан кейін келерсіңдер деді», – дейді  қос ұл. «Е, жарайды, Моншақ апаларыңыз күйеуі Мәди екеуі өзіміздің құдаша-құда бала  ғой», – дейді  Зинекең  кең қолтық, адамдарға сенгіш қалпынан айнымай.

Бір аптадан соң балалары Оралдағы Моншақ  апаларына Сырымнан тағы сапарлап, тағы да ауыздарын құр шөппен сүртіп келіп тұр… То есть, қу шөппен сүрткен бұлар емес, апалары Моншақ. «Ақшасы түскірі түспей жатыр, ағама сәлем айтыңыз, тағы бір апта мұрсат берсін», – депті. Одан кейін балалары тағы барды. Жауап баяғы: күтіңіз! Сол күтіңізбен бір жыл өте шықты. Оның бедерінде балалары, Зейнекеңнің өзі Сырымнан таксилетіп, Оралға талай барды. Барғандары не керек, Моншақты да, күйеуі Ғұмаров Мәди Құбайдоллаұлының да орнын сипап, таба алмай қайтатын болды. Ақыры болмағасын, Сырым аудандық полициясына барды. Ондағылар «Ет алғандардың қолхаты бар ма, қолхат болмаса, арызыңызды қабылдамаймыз», – деп мұны тентіретіп қойды. Күндердің күнінде облыс әкімі Алтай Көлгінов облыс тұрғындары алдында есеп беріп жүрген кездерінде Сырым ауданына да келді. Қасында облыстық мекемелердің басшықосшыларының бәрі бар. Полицияның үлкен басшыларының біріне арнайы барған Зинекең: «Айналайын, аудандағы полицейлерге менің малымның етін алып, ақшасын қайтармай жүрген адамның атыжөнін, әдірісін кәнкіретіні көрсетіп берсем де, «қолхаты жоқ» деп арызымды алмайды. Бұларың қалай, оның қасында ұрыларды да іздейсіңдер ғой…

Әлде, олар да «мен ұрладым» деп аты-жөндерін, мекенжайын  көрсетіп, қолхат қалдырып кете ме?..», – деді қызынып. Оралдан келген полиция бастығы сол жерде сырымдық полицейлерге мұның көзінше «Табыңдар, ақшасын қайтартыңдар!», – деп тапсырма береді. Содан көп ұзамай Моншақ табылды. «Малдардың етін алғаным рас», – деп тергеу кезінде мойындады. Тергеген – Орал қалалық ІІБ Абай бөлімінің анықтаушысы, полиция аға лейтенанты М. Тиянақов. Ғұмарова кінәсін мойындаған тергеу кезінде оған медиатор Анар Жолымова қатысады. З. Бисекеновтің пайымдауынша, оны анықтаушы Тиянақов алдын ала шақырып қойған сияқты.

Сол жерде анықтаушы бар, медиатор бар, Моншақ Ғұмарова Бисекеновтерге сегіз ай бойына 50 мың теңгеден төлеп тұруға келісіп, келісімхат толтырып, әрі қолхат береді. «Бірақ одан қайтқан ақша болмады. Медиаторға қайта барсам, оның қолынан келмейді екен.

Сонда олардан біз құсаған шаруаларға қандай пайда?..», – дейді Зинедден ақсақал. Сырым мен Оралдың арасын шаң қылып жүріп, Бисекеновтер бұл істі ақыры сотқа жеткізді. Сот Бисекеновтердің ақшасын Ғұмаровадан өндіріп беруге шешім шығарады. Онымен сот орындаушысы Самат Тынышқалиев айналысқан. Бірақ одан да қайыр болмады. Ғұмаровтар ізім-қайым ұстатпай, жоғалды.

*  *  *

Зинекең балаларымен кезек-кезек Ғұмаровтардың Оралдағы Куренная көшесі,  8-үйдегі баспанасына талай барады.  Олардың маңайында тұратын көршілері бұларды әбден танып алған: «Е, е, Ғұмаровтарды сіздер ғана емес,  басқалар да іздеп жүр», – дейтін болды.  Соған қарағанда, малын тапсырып, бұлар сияқты ақшасын ала алмай жүргендер көп болып тұрғаны  ғой… «Ғұмаровтар Ақсайдан да үй алған екен, Овражная көшесі, 1-үйге де іздеп бардық. Орындарын сипап қалдық, жалға беріп кетіпті», – дейді Зинедден Бисекенов. – Біз сияқтылардың малын алып, ақшасын қайтармай, үй ала берген-ау деймін. Енді Астанадан да үй сатып алыпты. Оның да адресін анықтадық. Астана қаласы, Алматы ауданы, Карағанды 31-де тұратын көрінеді. Енді оған жете алмай отырмыз.

Әкелі-балалы Бисекеновтер осылайша ақ-адал малдарының ақшасын өздерінің құдаша-құда баласынан қайтара алмай, үш жылдан бері Сырым мен Оралдың арасын ақшаңдақ қылып, алаөкпе болып жүр. Содан бері әкелі-балалы Бисекеновтер талай етік пен бәтеңкенің өкшесін қисайтты, табанын тоздырды… Бірақ, әйтеуір, төзімдері  тозған  жоқ!..

Ақша десе, оның мөрін жалайтын  Ғұмаровтар сияқты алаяқтардан қарапайым азаматтың алажағын қайтаруда құқық қорғау органдары мен сот орындаушылары әзірге қауқар таныта алмай тұр… Бисекеновтердің айтуынша, бірде Ғұмарованы қиқаңдатпаудың кереметтей реті келіп қалған. Бірақ сол мезетте оны пайдалануға арлары жібермеген. Ғұмарованы тергеу кезінде малдардың етін алып, ақшасын бермегені мойнына қойылып, ол мойындап, алаяқтық баппен қылмыстық іс көтерілген еді. Сол кезде ол «Ақшаны қайтарамын, соттата көрмеңдер…», – деп Бисекеновтердің аяғына жығылады. Ауыздары әбден  күйген Бисекеновтер «Сотталсын, ақшаны қайтарсын!», – деп табан-дап тұрып алады. Әбден жаны қысылған Ғұмарова «Астанадағы қызымыз полицияға қызметке тұрайын деп, стажировкадан өтіп жүр еді… «Папа-мама, сіздер не істеп жүрсіңдер?» деп ол жылап жатыр… Сотталсақ, оған полицияның маңайын көрсетпейді ғой, әкетай, ағатай, кешіре көріңізші…», – деп еңірегенде, етектері жасқа толады. «Қыздарын айтқасын, жас адамның болашақ тағдырына тас  атып қайтеміз?» деп райымыздан қайттық, қыздарын ортаға салып тұрғасын, енді алдамас деп сеніп қалдық», – дейді Бисекеновтер.

– Сөйтсек, алаяқта ар-ұят, иман, обал-сауап деген болмайды екен. Бұған тағы бір дәлелім, Мәди Ғұмаровтың әкесінің туған апасының (менің нағашы жеңгем) қайтыс болғанына жыл толған садақасында сол Мәдимен кездесіп қалдым. Садақаның үстінде ақшамды сұрауым орынсыз болса да, «Енді мұндай мүмкіндік бола ма?» деп оңаша жерге апарып, қарызын есіне салдым. Оның үстіне оларды қуалап ұстай алмай жүрміз ғой. Сонда ол «Ағатай, жақында  2 миллион теңге алажағымды аламыз, сонда сізбен есептесеміз», – деп асты-үстіме түсті. Осы арада Зинекең басын шайқап: – Әй, ұятсыз екен… Садақаның үстінде де өтірік айтып, алдап кетті… Оны айтасыз, Ақсайда тұратын  әкесі Құбайдоллаға  да бардым. Жасы 80-дердегі ақсақал «Әй, қарағым-ай, ол сен түгілі, мына біз тұрған үйді де кепілге қойып, несие алыпты. Соны төлемей, үйден айырылып қала жаздадық. Айналғанда, өзіміз несие алып, оның несиесін жауып, үйімізді сақтап қалдық», – деді. Енді әрі қарай қандай әрекет жасайтынымды әзірге білмей тұрмын. Өзіңіз ойлаңызшы, заң орындары үшін Ғұмаровтар аспанға ұшып немесе шетел асып кеткен жоқ қой. Осы Қазақстанның жерін басып, суын ішіп  жүр емес пе?..  Заң орындарынан үмітіміз әбден жіңішкерді. Бірақ өзім бар, балаларым бар, бұл алаяқтар жердің жарығына кіріп кетсе де, қыр соңынан қалмаймыз! Ақ-адал малдарымыздың ақшасын қайтарып алмай, тыным  таппаймыз.

 

*  *  *

Қалаға осы келісінде Зинедден ақсақал сот орындаушысы Самат Тынышқалиевке барған. Ол: – Аға, біз енді ештеңе істей алмаймыз, Ғұмаровтар ұстатпай қашып жүр. Сіз жалғыз емессіз, басқаларға да бережақ сияқты. Соларды іздеп тауып алыңыз. Бәріңіз жиналып, сотқа беріңіз, – деп шығарып  салыпты.

Соттан да, оның орындаушысынан да, полициядан да  мүлдем көңілдері қалған әкелі-балалы Бисекеновтер алаяқтардың ізіне енді өздерінше мықтап түспек, басқа амалдары қалмаған…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал   өңірі»,

Сырым    ауданы


Әлеуметтік сала – басты назарда

Күні: , 40 рет оқылды

Кеше  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  Сырым  ауданына  жұмыс  сапарымен  келді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына орай Ғ. Оспанқұлов халықтың зиярат ететін орны, ел арасында «Дәдем ата» аталып кеткен Жұмағазы қазіреттің кесенесіне барып, ұрпағы Ғарифолла Жанбозовпен кездесті. Халық жиі келетін бұл жер облыстың қасиетті орындарының қатарында.  Облыс әкімінің орынбасары  қасиетті орынды  рухани, тәрбиелік, туристік әрі халық арасында туындаған дау-жанжалды бітістіретін медиациялық  орталыққа айналдыру жөнінде  тапсырма  берді.

Одан кейін облыс әкімінің орынбасары Жымпиты  ауылына ат басын бұрды. Мұнда ол күрделі жөндеуден өткізілген соң, әлеуметтік орталыққа айналатын Алашорда көшесіндегі ғимаратпен танысты.  Сырым Датұлы атындағы музей, «Рухани жаңғыру» орталығы, коворкинг орталығы,  ардагерлер кеңесі шоғырланатын орталыққа  Ғ. Оспанқұлов оң көзқарасын білдірді. Қарасу шағынауданында жаңадан ашылған спорт алаңымен,  Қ. Мырзалиев атындағы орта мектептегі ІТ-сыныппен, компьютерлік класпен танысты. Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аса маңыздылығын атап өтіп,  мектепте интернет желісінің жылдамдығын арттыру  жөнінде тапсырма  берді.

Ғабидолла Абдоллаұлы аудандық мәдениет үйінде ауылдық округтерде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  атқарылған және қолға  алынып  жатқан  шаралармен, М. Есламғалиев атындағы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің  жұмысымен танысты.

Содан соң аудан әкімдігінде өткен аудан активінің жиынына қатысты. Жиында аудан әкімі Төлеген Төреғалиев  Елбасының  «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты  Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру жөніндегі шаралар және ауданның әлеуметтік ахуалы туралы баяндама жасады.

Актив жиынында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сырым ауданына келген сапарының мақсаты Елбасы Жолдауын жүзеге асыруға қатысты ұсыныс-пікірлерді білу және ауданда шешілмей тұрған қандай мәселе барын анықтау екенін айтты. Есептік кездесулерде айтылған халықтың ұсыныс-пікірлеріне Елбасының Жолдауынан жауап табуға болатынын айтқан Ғабидолла  Абдоллаұлы әлеуметтік  салаларға баса көңіл бөлу керектігін  жеткізді. Сондай-ақ  спорттық инфрақұрылымды, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, мемлекеттік қызметшілердің жиналысты азайтып, оның орнына халықпен жүздесулерді көбейту қажеттігін  де  атап  өтті.

Актив  жиналысынан соң Ғабидолла Оспанқұлов аудандағы әлеуметтік сала басшыларымен  кездесті. Жиынға  облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Н. Даумов, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ә. Аманбаева, мәдениет басқармасының басшысы Қ. Мұсағалиев, жастар саясаты мәселелері басқармасының  басшысы А. Сақошев, білім басқармасы басшысының орынбасары З. Ғұмарова қатысты. Онда  аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Д. Тайшиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы З. Ерғазиева,  аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  басшысы С. Нұрпейісов өз салалары бойынша атқарылған  жұмыстармен таныстырды.  Ауданда интернет жылдамдығы нашар болуына байланысты облыс әкімінің орынбасары Сырым аудандық телекоммуникация торабының басшысы А. Жұмаға қараша  айына дейін олқылықтың орнын толтырып, интернет жылдамдығын  күшейтуді   тапсырды.

Шынар   МОЛДАНИЯЗОВА,

Сырым  ауданы   


Сыңғырла, сыңғырла тағы да!

Күні: , 62 рет оқылды

Биыл  12  мыңнан  астам  бүлдіршін  мектеп  табалдырығын аттап отыр.  Қазіргі таңда облысымыздағы  380  мектепте  жүз  мыңнан  астам  оқушы  білім  алуда.

Бұл туралы жаңа  оқу  жылының  басталуына орай  шаһарымыздағы  №4  мектепте  соғылған  алғашқы  қоңырау  салтанатында  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  мәлімдеді.

– Бүгін барлық мектепте алғашқы қоңырау соғылуда. Бұл дегеніміз – жаңа оқу жылының басталғанының көрінісі. Баршаңызды білім күнімен құттықтаймын! Балалардың болашағы жарқын болсын.Оқушыларға білім беруде ұстаздар қауымының еңбегі орасан. Сіздерге тек табыс тілеймін, – деді салтанатты шарада сөз алған Ғабидолла Абдоллаұлы.

Мұнан соң мектеп директоры Мәулен Ділмағамбетов «Мектепке жол» акциясына  демеушілік танытқан азаматқа алғысхат табыстады. Былтырғы желтоқсан айында жаңа ғимаратқа көшкен мектепте биыл 405 оқушы білім алмақ, соның 52-сі – мектеп табалдырығын  енді  аттап  отырған  жас  балдырғандар.

– Ескі мектептің орнына жаңа білім ошағының салынуына зор септігін тигізген облыс әкімі Алтай Көлгіновке алғысым шексіз. Бұрын оқушылар саны 250-280 болатын. Енді, міне, бала саны  көбейіп отыр.  Мектепте «ақылды кабинет», ІТ-сыныбы жұмыс істейді, – дейді  мектеп  директоры  Мәулен  Ермекұлы.

Есенжол   ЕЛЕКЕНОВ,

«Орал   өңірі»

Темірболат   ТОҚМАМБЕТОВ

*  *  *

1  қыркүйекте  Орал  қаласындағы  Назарбаев  Зияткерлік мектебінде  алғашқы  қоңырау  соғылды.  Мектеп  ұжымын  жаңа  оқу жылымен  облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  құттықтады.

– Құрметті ұстаздар, ардагерлер, ата-аналар, оқушылар, бүгін еліміздегі 7 мыңнан астам білім беру ұйымында алғашқы қоңырау соғылуда. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ең басты ресурсымыз – адами капитал, соның ішінде білім екенін айтты. Ал Назарбаев Зияткерлік мектептерінен түлеп ұшқан шәкірттер әлемнің дамыған мемлекеттерінде білімдерін шыңдап, еліміздің дамуына өз үлестерін қосуда.

Баршаңызды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Әсіресе, сынақтан сүрінбей өтіп, мектеп табалдырығын жаңадан аттаған 7-сынып оқушыларына сәттілік тілеймін. Сіздер бақыттысыздар, өйткені білім беру деңгейі жоғары ортаға келдіңіздер. Мектептерде цифрландыру жүйесі жүзеге асып келеді. Облыс қаражатының жартысынан астамы, яғни 60 миллиардқа жуық теңге білімге арналуда.

Биыл 11 мектеп құрылысы жүріп, олардың екеуі жаңа оқу жылында есіктерін айқара ашты. Мұғалімдердің де жалақылары жоғарылады. Білімге жұмсалған инвестиция бірнеше жылдан соң елге артығымен қайтарылатынына бек сенімдіміз. Жаңа оқу жылы сәтті өтсін! – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Салтанатты шарада Ту көтеру рәсімі роботтеxника жарыстарының жеңімпаздары, 12-сынып оқушысы Сабыр Арыстанға және 10-сынып оқушысы Серік Даниярға берілді. Ал 12-сынып оқушысы, роботтеxника жарыстарының жеңімпазы Динара Алманова және іріктеуде 891 ұпаймен ең жоғары нәтиже көрсеткен 7-сынып оқушысы Ерген Серікбаев алғашқы қоңырауды сыңғырлатты. Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сыныбына қабылданған Ділназ өз қуанышымен бөлісті.

– Мен осыған дейін №42 «Ақниет» гимназиясында білім алдым. Назарбаев Зияткерлік мектебіне ауысуды бір жыл бұрын жоспарлап, алдын ала дайындалдым. Математика, ағылшын тілі, қазақ тілі және орыс тілі пәндерінен емтихан тапсырып, логикалық сұрақтарға жауап бердім. Мен үшін мұндай мектепте білім алу зор мәртебе, – дейді   Ділназ  Шыниязова.

Алғашқы қоңырау салтанаты аяқталған соң, облыс әкімінің орынбасары және 7-сынып оқушыларының қатысуымен дәстүрлі алма ағашын отырғызу рәсімі өтті.

Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебі 2012 жылдың 1 қазанында ашылған болатын. Мектеп директоры Тимур Нұркешовтің мәлімдеуінше, биыл 7-12-сынып аралығындағы 29 сыныпжиынтығында 586 оқушы білім алмақ. Оның 112-сі 7-сыныпқа жаңадан қабылданған. 117 жергілікті және бес шетелдік педагог қызмет ететін Зияткерлік мектеп халықаралық мектептер кеңесінің аккредитациясынан  абыроймен  өткен.

Назарбаев Зияткерлік мектебі өткен оқу жылын сәтті аяқтаған. Мәселен, шәкірттердің бесеуі xалықаралық, 31-і республикалық, 38-і облыстық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда және түрлі  сайыстарда жеңімпаз атанған. Ал мектептің 13 педагогы жаңартылған білім беру бағдарламасы оқулықтарының авторы  болып  табылады.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

*  *  *

Бұлдырты  орта  мектебінде  өткен  «Армысың,  алтын   ұя  мектебім!»  атты  алғашқы  қоңырау  салтанатына   Сырым  ауданының  әкімі  Төлеген  Төреғалиев, «Жайық  Пресс»  жауапкершілігі  шектеулі серіктестігінің  директоры  Рауан  Сәбитов  қатысты.

Мектеп директоры Алмагүл Бисалиеваның сөзіне қарағанда, өткен оқу жылы өте сәтті болған. Түлектердің жетеуі «Алтын белгі» иегері атанып, біреуі «Үздік аттестатқа» лайық болған. 40 түлектің 17-сі жоғары, ал  12-сі арнаулы оқу орындарының білім гранттарын жеңіп алыпты. Мектеп жаңа оқу жылын 360 оқушымен бастап отыр.

– Бұлдырты орта мектебінде 33 шәкірт білім әлеміне алғашқы қадамын басты. Олар үшін бүгін алғашқы қоңырау соғылды. Әр оқушының өз арманы бар екені белгілі. Сол сияқты мемлекеттің де өз мақсат-мүддесі бар. Елбасы  Н. Ә. Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның алдына дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген ұлы міндетті қойды. Адамның арманына жетуі үшін де, мемлекеттің мақсатына жетуі үшін де білім керек. Мен жастарға озық білім тілеймін! – деді құттықтау сөзінде  аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.

Оқушылар үшін сапалы білім игерудің маңызды екенін өз сөзінде «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры  Рауан  Сәбитов те  айтты.

– Алғашқы  қоңырау салтанатына қатысушы шәкірттер сапында Бұлдырты ауылының болашағы тұр деп ойлаймын. Сіздер мүмкіндікті мүлт, уақытты қалт жібермей, келешектің даңғыл жолына бүгіннен бастап дайындалуға тиіссіздер,  – деді Рауан  Сәбитұлы.

Бір айта кетерлік жаңалық, осынау салтанатқа мектептің 1986 жылғы түлегі Яков Даршт Германиядан арнайы келіп қатысты. Ол Германиядағы Даршттар жанұясының ыстық сәлемін жеткізіп, анасы Тамараның аманаты бойынша бірінші сынып оқушыларына тәттілер үлестірді. Сонымен қатар Яков мектептің қорғаншылық қорына өз атынан 50 мың теңге аударыпты.

Жаңа оқу жылының алғашқы қоңырауын соғу құрметі 1-сынып оқушысы Томирис Берліғожина мен үлгілі оқушы Артур Маратқа ұсынылды. Салтанатты шарадан кейін әрбір сыныпта тәрбие сағаттары өтті.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Бұлдырты жағасындағы жастық мерекесі

Күні: , 118 рет оқылды

«Достығымыз  жарасқан!»  атты  Сырым  және  Қаратөбе  ауданы  жастарының ашық  аспан  аясындағы  форумы  өтті. Сарой  ауылдық  округінің  аумағындағы Бұлдырты  өзенінің  жағасынан  тігілген этноауылда  өткен  екі күндік  форумда  қос ауданның  қоғамдық  қызметте  белсенді, өз  салаларындағы  үздік  жастары  бас қосып, олар    қоғамдық  сананы  ұлттық тәрбиенің  негізінде  қалыптастыру  жөнінде  өзара пікір  алмасты.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру тек жиналыс жасай берумен шектелмейтіні белгілі. «Рухани жаңғыру» қазақ қоғамына жаңалық жасауды емес, ұлттық ерекшеліктерді жаңғыртуды талап қылып қойып отыр. Ерекшелік дегеннен шығады, форумда  ұлттық ерекшеліктеріміздің екінші тыныс алуы деп атап өтуге тұратын жақсы бастамаларға куә болдық. Мысалы, форум аясында өңірімізде тұңғыш рет қой союдан жарыс өтті. Жарысқа қатысушы жігіттер қойды бауыздау, терісін сыпыру және жіліктеу жағынан шеберлік байқасса, қыздар өз арасында қойдың ішек-қарнын тазалаудан тәжірибелік сағат ұйымдастырды. Қой союдың әдісін әбден меңгерген сырымдық Сәлімжан Әубәкіров жарыс жеңімпазы атанды. Басқа форумдарда дәстүрге айналған тренинг, секциялық отырыс деген нәрселерді бұл шарада садақ тарту, асық ату, аударыспақ, арқан тартыс, бұқа тартыс сияқты ұлттық ойындар алмастырды.

Кешке жақын форум делегаттары халықаралық журналист, тележүргізуші, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, азаматтық қоғамның өкілі Қанат Әуесбаймен кездесті. «Жас Отан» жастар қанаты БҚО филиалының төрағасы Нұрғали Жолдасқалиев жүргізген кездесуге екі ауданның әкімдері де қатысты.

Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының қоғамдық жұмыс, мәдениет және спорт салалары бойынша тығыз байланыста екені әуелден белгілі. Форум спикері, журналист Қанат Әуесбай өзінің сөзінде осы жақсы бәсекелестікті әрі қарай дамытуға шақырды. Жастар форум қонағына қазақстандық қоғамдағы медианың ахуалы, журналистика мәселелері  туралы  сауалдар  қойды.

Бүгінгі қазақ телевизиясында арзанқол, тіпті арсыздықты насихаттайтын, ұлттың болмысына бөтен дүниелердің көбейіп кетуі кәдімгідей мәселеге айналып тұр. Бұл туралы Қанат Әуесбай мынадай пікір білдірді:

– Бұл сынның негізі жоқ емес. Бар. Бірақ бұл жерде арзан мазмұнды бағдарламаларға сұраныс туғызып отырған – сол қоғамның өзі екенін де ұмытпайық. Сауданың қарапайым қағидасы бар ғой, тұтынушы нені көп сұрайды, саудагер соны сатады. Сондықтан  біздің экранымыз ессіз бағдарламалардан, бір сарынды әншілерден тазаруы үшін, халық олардан жалығуы керек. Сұраныс болмауы керек. Журналистика – нәзік мамандық. Шерхан Мұртазаның айтқанындай, шындық айту – шырқ бұзу емес. Журналистің шындығы нәтижелі іске бастауы керек. «Мақтамен бауыздау» деген тәсіл бар. Жас журналистерді сол тәсілді игеруге шақырамын. Мен өзім сол тәсілді қолданушымын.

Кездесуден кейін Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының «Достығымыз жарасқан!» атты форумы салтанатты түрде ашылды. Аталмыш шара қос аудан  көркемөнерпаздарының концертіне  ұласты.

Бұлдырты өзенінің жағасындағы жастық мерекесі қас қарая өзінің алауын тұтатты. Әсерлі әңгіме мен әдемі әннің ортасына айналған алаудың басында Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев және Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев кейінгі буынмен маман болу емес, адам болу жайында, табыс табу емес, еңбек ету жайында әңгімелесті.

Келесі күні форум делегаттарына сертификаттар табысталды.

ӘУЕСБАЙДЫҢ   Қанаты:

– Қаратөбе және Сырым ауданы жастарының «Достығымыз жарасқан!» атты форумы замандастардың пікірлер алаңына айналды деп ойлаймын. Бүгін әрбір жас өзінің идеялас, мақсаттас адамын тапты. «Бір адам мың адамға олжа салады» деген сөз бар. Бір пікір, бір сөздің өзі көп жұмыстарға себеп болу,  көп нәтиже беруі мүмкін ғой. Мен де  құр қайттым деп ойламаймын, біраз идея, біраз пікірді өзім де естідім.

Жастарда ортақ  мүдде  бар, сол  қуантады.

Осындай еркіндіктің желі ескен жақсы шаралар Батыс Қазақстанның басқа аудандарында да көрініс тапса,  қандай  ғанибет!

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


«Былғары доптан» екінші жүлдемен

Күні: , 37 рет оқылды

Сырым ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің оқушылары шілде айында Семей қаласында футболдан өткен «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңінен жүлделі ІІ орынмен оралды. Жас футболшыларды Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қабылдады.

– Оқушылар құрамасының республикалық футбол сайысындағы жеңісі аудан тарихында ең бір жарқын естелік болып қала-ды. Жеңіс еңбекпен келетін бақыт екені белгілі. Сендер – қазақ футболының болашағысыңдар, – деді аудан әкімі.

Команданың капитаны, жас футболшы Әлихан Ерсайынның айтуынша, сырымдықтар үшін топтық ойындар өте сәтті басталған. Финалдық жолдаманы сарапқа салатын жауапты ойында Атыраудың командасынан 1:0 есебімен басым түсіпті. Сырымдық шабуылшы Фархад Болат осы ойында да шешуші голдың авторы атанып, жалпы лиганың «Үздік ойыншысы» ретінде бағаланды. Команда финалда Павлодар қаласының құрама командасына есе жіберді.

Салтанатты қабылдауда болған команданың жетекшілері Ерлан мен Руслан Чукуровқа аудан әкімі Төлеген Төреғалиев ерекше алғыс білдірді. Алдағы уақытта бапкерлердің спорттық нысандарды жөндеу туралы ұсынысы бойынша жұмыстанатынын айтты. Қос жаттықтырушыға және Сырым аудандық оқушылар құрамасының сапындағы Қ. Мырзалиев атындағы орта мектеп пен Абай орта мектебінің оқушыларына аудан басшысы тарапынан арнайы сыйлықтар табыс етілді.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


Бағбан мұғалім

Күні: , 108 рет оқылды

Тельман  Исатаев  Сырым  колледжінде  алғашқы  әскери дайындық  пәнінің  оқытушысы  болып  қызмет  істейді.  Ал  жазғы еңбек  демалысында  ол  бақша  егумен  айналысады.

Мұғалім  жетекшілік ететін «Амандық» шаруа қожалығының бақшасы 6 гектарды құрайды. Үш гектар алқапқа картоптың «Королева Анна», «Лотона» және «Гала» сорттары егіліпті. Қазір алқап гүлдеп тұр. Қожалық басшысы Тельман Исатаев әр гектардан 260-280 центнер картоп өнімін алуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар пияз, қызанақ, қарбыз, қауын, асқабақ сияқты көкөністерден де жақсы өнім күтілуде. Бақша Шідерті өзені арқылы мотормен суарылуда.

– Қыркүйек айының соңында жиын-терім басталады. Бақша өнімдерін саттыққа шығарамыз. Жылдағы дәстүр бойынша аудан орталығында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қатыспақпыз. Өнімдерімізге халықтың сұранысы жоғары. Тіпті бақшаның басынан үйлеріне тікелей тасымалдауға ұсыныс білдірген тұрғындар да бар. Былтыр өнімдеріміз аудан орталығының өзінен ауыспай қалды. Биыл басқа ауылдық округтерді де қамтығымыз келеді, – дейді Тельман Исатаев.

Екі жылдық тәжірибесі бар қожалық иесі бақша еккен кәсіпкерлерге мемлекеттің қолдау көрсеткенін қалайды. Әйтпесе, тұқым сатып алу, жерді өңдеу, алқаптарды дайындау, егу, суару жүйесін жүргізу, өнімді жинау, тасымалдау сияқты жұмыстардың  шығыны аз емес. Биылғы өнім жақсы табысқа шығарса, қожалыққа трактор сатып алуды бірінші кезекте мақсат тұтып отыр.

«Амандық» шаруа қожалығы биылдан бастап бақшамен қатар құс шаруашылығын да қолға  алды.

Бауыржан   ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым   ауданы


Сырымның еңбекқор Сырымы

Күні: , 359 рет оқылды

Ауыл – алтын бесік. Ауылдың топырағына аунап өскен баланың еңбекке ерте араласатыны да жасырын емес.  Ойын баласына бір мезет ауылдың үлкендері шөп шапқызып, тезек тасытып, тас соқтыратын. Алты-жеті  баладан  біріктіріп, қариялардың үйіне көмекке жіберетін. Бір үйге шөп келсе, айырларын арқалап, көршінің балалары лезде жинала қалатын. Қарап тұрсаңыз, мұның өзінде үлкен тәрбиелік мән жатыр.  Ал қазір ше? Қазіргі таңда сол көріністерді жиі көрмейміз. Бірақ  жуырда Сырым ауданы Жырақұдық ауылына барғанымызда, Сырым есімді баланың жасап жүрген тірлігіне разы болдық. Не істейді дейсіз ғой?

Қара шаруаға жаны жақын Ұзақбайдың ұлы Сырым қой қырқу маусымында  қолынан қырықтығы түспейді екен. Өзінің үйінде қырқатын қой болмаса да, әкесінің қасынан қалмай, өзгелердің қойын қырқу кезінде үйреніп алып, содан бері тынымсыз еңбектеніп келеді. Қой қырқу кез келген адамдардың қолынан келер, бірақ көбісінің бұл кәсіпке жолағысы жоқ. Қой жүнінің жағымсыз иісі мен жүнге толған шоғайнасы қырқуға мұрша бермес. Әсіресе, қой малын көптеп бағып отырғандар үшін ол  үлкен шаруа. Айтпақшы, қырқу науқаны кезінде қойшылар Сырымды үйіне іздеп келетін болыпты. Қарапайым отбасыдан шыққан оның апасы Жанар биыл 11 жылдық мектепті сәтті аяқтаса, інісі Оралхан 8-сыныпты тәмамдады. Бұл күнде Оралхан күрестің дзюдо, самбо түрлерімен айналысып, облыстық додаларда топ жарып жүр. Жоғарыда аталған бір үйдің үш баласының ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріне ата-анасының берген тәлім-тәрбиесі  елді  сүйсінтеді.

— Осыдан үш-төрт жыл бұрын әкеме көмектесе жүріп үйреніп алдым. Кейін қой қырқу науқанында өзім шығатын болдым. Қолыма жаңа қырықтық (қой қырқатын қайшы) алып, қырдағы малшылардың қойларын қырқып беремін. Бір қойды қырқу құны — 250 теңге. Сөйтіп тапқан тиын-тебенімді өз қажеттілігіме жұмсаймын. Қазіргі таңда күніне 20-25 қой қырқамын. Ол да қой жүнінің сапасына байланысты. Егер жүні көтеріліп, бабына келген болса, қырқу кезінде еш қиындық туғызбайды. Қырықтықтың жарамдылығы – бір жыл. Келесі жылы жаңа қырықтықпен шығуға тура келеді. Өткен жылдың жазында жүздің үстінде қой қырықтым, – дейді  Сырым  Бақи.

«Еңбек етсең, емерсің» демекші, Сырымның кішкентай күнінен еңбекке араласып жүргендігі – тұрғыластарына үлгі. Қазіргі таңда кейіпкеріміз аудан орталығындағы Сырым колледжінде ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша  білім  алуда.

Темір  БОЛАТ,

Сырым  ауданы


Қособада мәдениет үйінің құрылысы басталды

Күні: , 47 рет оқылды

Кеше облыс әкімі Алтай Көлгінов жұмыс сапарымен Сырым ауданында болды. Облыс әкімі алдымен өткен жылы жөндеуден өтіп, іске қосылған Шолақаңқаты су қоймасының жұмысын көрді.

Бұл су қоймасын жаңғырту жергілікті шаруалар үшін игі бастаманың бірі болды. Мәселен, қойманың суы арқылы округтегі 850 гектар суармалы алқапты қалыпқа келтіруге мүмкіндік тууда. Көп ұзамай Тоғанас, Аңқаты ауылдарына техникалық су тарту мәселесі де шешілмек. Техникалық судың мал суару және бау-бақша шаруашылығы үшін керек екені белгілі. Облыс әкімі өзінің сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ирригациялық құрылыстарды қалпына келтіру туралы тапсырмасы осындай нақты нәтижелерге бағытталғанын айтты.

Шолақаңқаты – аудандағы мал басын бордақылаумен айналысатын санаулы округтердің бірі. Бордақылау жұмыстары бұл ауылда тек шаруашылықтарда емес, жеке қора-қопсыларда да жүргізіледі. Облыс әкімі бұл тәжірибе алдағы уақытта ауыл үшін дәстүрлі іске, нақтылап айтқанда, кәсіпке айналуы керек екендігін атап өтті. Алтай Көлгінов шолақаңқатылық шаруалармен кездесуі барысында ауыл шаруашылығының дамуына жасалған жайлы жағдайларды баяндап, іскер азаматтардың ауылға тұрақтануына себеп болып жатқанын көріп, риза болды. Екі жылдан бері Сегізүй елді мекенінде балық өсірумен айналысып жатқан Асылбек Тасболатов сөзімізге дәлел бола алады.

Осы аптада Қособа ауылдық округінің орталығында құны 90,896 млн. теңгені құрайтын 200 орындық ауылдық мәдениет ошағының құрылысы басталды. Қазір мердігер «Лидер» ЖШС ғимараттың іргетасын құюға кіріскен. Құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі қособалықтарды ауылдың басты мәселесінің оң шешілуімен құттықтады. Облыс басшысымен жүздескен ауылдың аға буын өкілдері әкімге ауыл мәдениетіне жасаған қолдауы үшін алғыстарын айтты. Қособалықтар енді ауылдан мемлекеттік бағдарламамен тұрғын үйлер салынса деген ұсыныстарын жеткізді.

Биыл аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылында да негізгі мәселенің бірі шешімін тапқалы тұр. Шілде айының ортасына дейін Өлеңті ауылының кіреберісіндегі бір шақырым жолдың орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталмақ. Мердігер «АнушҚұрылыс» серіктестігі директорының орынбасары Оганес Минасян облыс әкімі Алтай Көлгіновке осылай деді.

Осы маусым айында Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылдық округінде де жаңа су желісінің құрылысы басталды. Өңірлерді дамыту бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында жүзеге асырылып жатқан жобаның құны 324 млн. теңгені құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жобаның орындалуына жауапты мердігер «Жиенбай» ЖШС-ның директоры Александр Қарағойшиннің айтуынша, бүгінгі күні су нүктелеріне электр желісі тартылып, тиісті 31,3 шақырым су құбырының төрт шақырымы салыныпты. Жаңа су желісінің құрылысына тек өңірдегі зауыттардың өнімдері қолданылуда. Жаңа су желісі арқылы Бұлдырты ауылдық округіндегі 2500 тұрғын орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылатын болады.

Сырым ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов жергілікті билік пен мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытылы атқарылуын, мүмкіндігінше жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуын қатаң тапсырды.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика