Тег: ‘Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ’


Музей ісін дамыту – жаңашылдықты талап етеді

Күні: , 49 рет оқылды

Кеше  біздің  облыста  Елбасының «Рухани  жаңғыру» бағдарламасы  аясында  «Ақжайықтың  қасиетті  орындары» атты республикалық  өлкетанушылар  форумы   басталды.

Дүйсенбі күні Орал қаласындағы Достық үйінде аталмыш форумның ашылуы, пленарлық және секциялық отырыстары өтті. Жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова, «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс, тарих ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік тарихи-мәдени «Есік» қорық-музейінің ғалым хатшысы Ғалия Файзуллина, сондай-ақ еліміздегі музей директорлары мен өлкетанушылар, өлкемізге танымал тұлғалар мен музей  ардагерлері  қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов форумды ашқан алғысөзінде өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан істерге жан-жақты тоқталып өтті.

– Бүгінгі басқосуда өлкетану, музей ісін заманға сай жаңғырту мәселелері сөз болады. Бұл бағытта өздеріңіздің жиған білім-тәжірибелеріңіз ортаға салынады. Нәтижесінде Үкіметке нақты ұсыным жолданбақ. Елбасымыз көтеріп отырған цифрландыру бағытында музей саласына қатысты қандай істер атқара аламыз? Ұлыбританияда музейлерге ерекше көңіл бөлінеді. Онда музей ісіне қатысты менеджмент жақсы дамыған. Яғни, музей – бизнестің де қайнар көзі. Осы орайда біз де адам санасының қызығушылығын оятатын өлкетану бағытындағы аңыз-әңгімелерді жаңғыртуымыз керек. Биыл 5, 6, 7-сынып оқушыларына арналған өлкетану оқулығы дайындалып бола келді. Өте құнды кітап жарық көрмек. Біздің тарихи тұлғаларымыз, тарихи-мәдени ескерткіштеріміз туралы деректердің бәрі бір кітапқа жиыстырылған. Бұл жасөспірімдеріміздің өз өлкесін тануына, тарихына үңілуіне ықпал етеді, Отанымызды сүюге жетелейді. Сондықтан жас пен кәрі бірдей өлкетану ісіне бет бұруы қажет, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев жүргізген отырыстың барысында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі музейлер және кітапханалар басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова еліміздегі музей ісінің соңғы жылдардағы даму  қарқыны  туралы  баяндады.

– Жалпы статистикаға сүйенетін болсақ, 2001 жылы елімізде барлығы 103 музей болса, бүгінгі ресми мәліметтер бойынша 238 музей жұмыс жасайды. Оның 234-і мемлекеттік болса, төртеуі жеке музей. Музейге келушілердің саны да жыл санап артып келеді. Мәселен 2001 жылы 3 млн. 261 мың болса, 2012 жылы 5 млн.-нан артылды. Негізгі қордағы экспонаттар саны 2001 жылы 1 млн. 700 мыңнан асқан болса, бүгінгі таңда 2,5 млн.-ға жуықтады. 2011 жылы музейлеріміз 6 мың 400-ден астам көрме ұйымдастырған болса, 2017 жылғы деректе бұл көрсеткіш 10 мыңға жақындаған. Бүгінде 191 музей интернет желісіне қосылған. Олардың саны 2011 жылы 163 болған еді, – дейді Назгүл Нұржанқызы. Назгүл Қадрымбетова жиын барысында үздік музей қызметкерлерін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхатымен марапаттады. Марапатталғандар арасында музей ісінің ардагері Сара Танабаева, Сырым Датұлы атындағы  тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева бар.

БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев екі ғасырға жуық терең тарихы бар өзі басқаратын музейдің өткені мен бүгіні туралы жан-жақты баяндап, аталмыш салаға қатысты проблемалық мәселелерді де ортаға салды.

– Қазақстандағы барлық музейлердің проблемасы ұқсас. Бастысы – музей ғимараттарының жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға арналмағандығы. Қайта қалпына келтіруге мемлекеттен қыруар қаржы бөлінудің арқасында көптеген музей қайта жабдықталды. Бірақ бәрі бірдей емес. Музейге арналған арнайы ғимарат еліміздегі көп музейге арман екені шындық. Саланың басты проблемасының бірі – кадр. Бүгінде музей көбейіп келеді. Ал арнайы маман әзірлеу әлі де жеткіліксіз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақының басқа салалардан төмендігі. Бұл салада жүргендер – музейді сүйетіндер, ақшасына қызығып жүрген ешкім жоқ. Музей саласындағы проблеманың бірі  – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе алмасу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ. Музейлердің ең басты проблемасы – халық тарту. Бүгінгі таңда өзінің көрерменін музей тауарын сатып алушыға айналдырған музей ғана жеңімпаз бола алады. Ол үшін музей өзінің қызметін үнемі сапалы көрсетуге тиіс. Бұл ретте уақыт талабына сай маркетинг, менеджмент қызметін пайдалануымыз керек. Ал маркетинг, менеджмент – музей үшін жаңа ұғымдар. Бірақ заман талабына сай осы істерді де игеруге тиіспіз. Әрине, бүгінгі ғаламторлық заманда музейге адам тартуды тек жарнама арқылы шешу қиын, сондықтан заманауи жаңа технологияларды да іске қоспаса болмайды. Мысалы, шетелдік музейлердің ерекшелігі ІТ технологияларын кеңінен пайдалануы, өз жәдігерлерін техникалық тұрғыдан ұсынулары. Шетел музейлерінде жәдігерді саналы түрде ұғу үшін барлық жағдай жасалып, көрермен мен музей арасында интерактивті қарым-қатынас толық орнатылған. Мәселен, орман суретін көріп тұрса, ормандағы ағаштар сыбдырын естиді немесе музыкалық аспаптан сазды әуен шығады. Бұл көрерменге жәдігерді көріп қана қоймай, сезінуге мүмкіндік береді. Сондықтан музей ісін алға сүйреу, ІТ технологияларын ендіруді қажет етіп тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ біз осы қиын істі игеруді жайлап бастап жатырмыз. Қорда жәдігер көп, оның бәріне орын жоқ. Сондықтан біз 3D-экскурсия жасайтын құрылғы алып, сол тасада қалатын жәдігердің бұрынғы қалпын, тарихын жеткізгіміз келеді. Ішінара кейбір жәдігерлерді ғаламторға шығару арқылы ел назарын аударып, қызықтырудамыз. Музей жайлы әлеуметтік роликтер де шығардық. «Музей түні» сияқты шараларымыз халықтық мерекеге айналып келеді. Мұндағы басты мақсат – келушілер санын көбейту, тарихымызды, бастауымызды, құндылықтарымызды насихаттау. Музейдің жұмысы оның қазынаға қанша қаржы түсіргенімен өлшенбейді. Музей – мәдениет, ал мәдениет – дұрыс қоғам қалыптастырудың кілті, келешекке жол салу. Біздің мақсат – музейді заманауи, қолжетімді, қызықты ету.

Сол себепті біз музейде театрландырылған қойылым жасауды дамытып келеміз, – деді Мирболат Бижанұлы.

Жиынға қатысушы меймандар әлем елдеріндегі музей ісін басқарудың озық үлгілері туралы қызықты деректерді егжей-тегжейлі баяндай отырып, Қазақстандағы музейлердің жұмысын жаңаша қалыптастыру бағытында ой қозғады. Әрі қарай облыстық тарихи-өлкетану музейінде жалғасын тауып, өңіріміздің киелі жерлерін аралауға ұласатын форум жұмысы осы аптаның аяғына дейін  жалғаспақ.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді»

Күні: , 117 рет оқылды

Ақын, ағартушы, Алаш  қайраткері  Ғұмар  Қараштың  шығармалары мен  өмір  жолы  туралы  деректерді  қамтыған  үш  томдық жинақтың  тұсауы  кесілді.

Жинақтың таныстырылымына ардагер журналистер, ғалымдар, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Ғұмар Қараш үш томдығының жарық көруі үшін ұзақ жұмыстандық. «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына орай газеттердің алғашқы сандарын түгендеу барысында аталмыш басылымдардың бастауында көптеген тарихи тұлғалардың тұрғанына көзіміз жетті. Сондай тұлғалардың бірі Ғұмар Қараш еді. Оның қазақ жерінде газеттердің алғаш рет және жүйелі түрде жарық көріп тұруына тікелей еңбек сіңіруі біздің осы тұлғаға деген қызығушылығымызды одан сайын арттыра түсті. Сөйтіп газеттерімізбен бірге Ғұмар шығармаларын түгендеуді де қолға алдық. Осы орайда Ғұмар Қараштың Мәскеуде тұратын немересі Надежда Қарашева бізге атасының көптеген мұрасын табыс етті және олардың көпшілігі бұрын жарияланбаған тың дүниелер болып шықты. Еңбектің жинақталу барысында жобамызды Алматыдағы зиялылардың ортасында таныстырғанымызда, ғалым Светлана Смағұлова өзінің қолындағы «Айқап» газетінің аудармаларын тұтастай беріп жіберді. Сондай-ақ Ғұмар Қарашқа шәкірт болған Ақмәди Есқалиевтің ұрпақтары аталарынан мұра болып сақталған қолжазбаларды әкеліп берді. Бірнеше адаммен сұхбаттастық. Осылайша үш томдықтың толықтырылуына көптеген адам еңбек сіңірді, – деді аталмыш еңбектің жарық көруіне жетекшілік жасаған «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры  Жантас  Сафуллин.

Жинақты құрастырушылар оның іші-сыртының бірдей мағыналы болып шығуына мән берген. Кітап мұқабасына өрнек ретінде араб қарпінде «Ғұмар Қараш» деген жазулар, сондай-ақ «Қазақстан» газетінде қолданылған терең мазмұнды оюлар салынған. Бір шетіне аталмыш жинақты электронды нұсқада оқуға және Ғұмар өлеңдерін аудионұсқада тыңдауға мүмкіндік беретін gumar.kz сайтының QR-коды орналастырылса, мұқабаның келесі бетіне әдебиетші-ғалым Есмағамбет Ысмайыловтың «Ғұмар Қараш – Абайдан кейінгі дәуірдегі XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде іргелі орын алатын ірі классик ақын…» деген пікірі жазылған.

Жинақтың бірінші томында ағартушы ақынның поэзиялық шығармалары, екінші томында ой-толғамдар мен мақалалары, ал үшінші кітабында Ғұмардың көзін көрген замандастарының естеліктері, сондай-ақ зерттеу еңбектер  топтастырылған.

Қазбек  ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

журналист, баспасөз  тарихын  зерттеуші:

– Бүгінгі үш томдықтың тұсаукесері тұтас халқымыз үшін қуанышты оқиға деп ойлаймын. Бұл – алты жылға созылған жұмыстың нәтижесі. Осы бір ұжымдық еңбегіміздің нәтижелі болып, бүгінгі күнге жеткеніне қуаныштымын. Бұл кітаптың негізгі жүгі Ғұмар Қараштың немересі Надия апайдың өзі тапсырған 17 бумадан тұратын материалдары. Біздің мақсатымыз Ғұмар Қараштың осы кезге дейін жан-жақта шашылып жүрген барлық мұрасын барынша бір жерге жинақтап, зерттеушілерге, ғалымдарға ұсыну болды. Жалпы, Ғұмартануда ашылмаған бет әлі көп. Оның мысалын осы кітап шығып кеткеннен кейін де көріп жатырмыз. Мен жақында ғана Уфа архивінен келдім. Онда Орынбор мұсылмандар діни басқармасының 1860 жылдан бері қарайғы құжаттары жинақталған. Бөкей ордасындағы мешіт-медреселердің метрикалық кітаптарын қараған кезде Ғұмар Қараштың өз қолымен толтырған метрикалық кітаптары қолымызға түсті. Ол жерде 1903 жылдан бастап Тарғын қисымының бірінші ауылында имам, хатиб, мударис қызметін атқарғандығы, өз қолымен жазылған шағын өмірбаяны сақталған екен. Бұл мәліметтер әзірге ғылыми айналымға еніп үлгермеген. Ғұмар Қараштың туған жылы жайында әр түрлі пікірлер болды. Ғалымдар соңында 1875 жылы туған деген ұйғарымға келген еді. Ал біз Уфадан көрген құжатта өз қолымен 1874 жылы дүниеге келгенін жазған екен. Және Ғұмардың діни бастауыш білімді ауыл молдасынан, одан кейін Жалпақталдағы Ғұбайдолла Ғалікеев қазіреттен алғандығы айтылатын. Бірақ жоғары діни білімді қайдан алғандығы  белгісіз еді. Біреулер Қазанда оқыды десе, енді біреулері Стамбулда оқыған болуы мүмкін деді. Алайда нақты құжат жоқ еді. Енді Ғұмардың Уфада, Қазанда оқығандығы жөнінде, қандай қазіреттерден білім алғандығы жөнінде  өз қолымен жазылған құжат табылды. Мұның бәрі Ғұмардың тұлғасын анықтауда, оның еңбектерін зерттеуде әлі де көп тер төгу керек екенін көрсетіп тұр. Ғұмар Қараш аз ғұмыр кешсе де, өте белсенді қызмет еткен, көп жазған. Төңкеріске дейін-ақ он шақты кітап шығарған жан-жақты адам. Сондықтан ол кісінің өмір жолын, еңбегін, қазаққа қылған қызметін санаулы адамдар ғана емес, университеттер, ғалымдар зерттеуі керек деп ойлаймыз. Үлкен жұмыстар алда тұр. Бүгінгі жұмыстардың барлығы Жантас Набиоллаұлының ұйымдастыруымен, өте бір еңбек сіңіруімен жүзеге асқанын айта кету керек. Шынына келгенде, біздің «Жайық Пресс» тек қана газет шығарумен айналысады ғой. Бізге ғылыми жұмыстармен айналысуға арнайы қаржы бөлініп, ешқандай қолдау жасалмаса да, жекелеген азаматтардың бастамасымен, еңбегімен осындай нәтижелі істер шығып жатыр. Ғұмардың жазып кеткен хаты өлмейді. Оның көптеген пікірлері күні бүгін жазылғандай,  әлі  күнге  дейін өзекті.

 

Дариға  МҰШТАНОВА,

ақын,  ардагер  ұстаз:

– Жоғалған қазынамызды қолымызға соқырға таяқ ұстатқандай етіп жинап бергендеріңізге қатты қуанған қазақтың бірімін. Бұл руханиятқа қосылған үлкен үлес. Кітапты парақтап келіп қалғанда, тарам-тарам қазынаның бір жерге жинақталғанын бірден байқайсың. Құндылығы да осында. Өзім ұстаз болғандықтан, Ғұмар Қараштың «Дұрыс бер, дәріс берсең, теріс берме» деген сөзі көзіме оттай басылды. Ғұмардың бұл сөзі әр мектепте, тіпті министрлікте жазылып тұруы тиіс деп есептеймін. Ғұмар Қараш аумалы-төкпелі заманда басын қатерге тіге жүріп, қоғамдағы кемшіліктерді ашық айтқан, сөйтіп жүріп өзіне жау тапқан. Әйтсе де, мұқалмаған. Келеңсіздіктерді түзету жолында батыл түрде әрекет қылған қайраткер тұлға. Еңбекті оқып отырғанда бүгінгі білім саласына енгізетін тың тақырыптардың өте көп екені ұстаз көзіне айқын аңғарылады. Сөз қолдану мәнері, жоғалған сөздер, ауыз әдебиеті, дәстүрлер – бәрі қылаң беріп өтеді. Жекелеген ғылыми жобаларға сұранып тұрған тұстары аса мол. Өзі қастандықпен өлтірілген соң, мұрасының өзі бұғауда болған асыл тұлғаның еңбектерін жинақтап, қолымызға ұстатқан құрастырушыларға айтар алғысымыз шексіз. Барша қазаққа құтты болсын! Әрі қарай алып кету сіз бен бізге міндет!

 

Нұрлан  СӘДІР,  блогер:

– Ғұмар Қараш атамыздың шығармашылығымен осы ұлы ойшыл, қоғам қайраткерінің туғанына 125 жыл толу құрметіне ұйымдастырылған ақындар мүшәйрасына қатысқан кезімнен бастап таныса бастадым. Тұп-тура бүгінгі менің жасымда дүниеден өтіп кеткен Ғұмар Қараштың жанжақтылығы адамды еріксіз таңдай қақтырады. Қоғамға прогрессив дін өкілі керек болған кезде – молда болды, ақпарат құралына мұқтаж болғанда – газет шығарды, ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда – саясаткерге айналды, бір сөзбен айтқанда, оны елге қызмет етудің ғажап үлгісі ретінде ұсынуға болады. Қазір БҚО ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен, алты киелі орынның қатарында Ғұмар Қараштың өмірін, шығырмашылығын насихаттау жұмыстары қолға алынып жатыр. Мектеп оқушылары үшін Ғұмар Қарашқа арналған өлеңдер топтамасын әзірлеу, театрландырылған көрініс сценарийін жазу, шығарма тақырыбын және мазмұндама мен диктант мәтіндерін әзірлеу кіретін бұл жұмыстарға белгілі бір дәрежеде мұрындық болғанымды мақтан тұтамын. Өз басым Ғұмар Қараштай ғұламаға арналған театрландырылған көрініс сценарийіне атсалысуға әзірмін.

Бақтылы  БОРАНБАЕВА, тарихшы:

– Бұл еңбек – қазақ ұлтының тарихына қосылған жаңа үлес, ақтаңдақтардың анықталғаны. Жалпы сананы серпілту, ұлттық рухты ояту заманымен тұспа-тұс шығып отыр. Бұл – қазақтың құлдық санадан арылуына қажет дүние. Рухани жаңғыру дегеннің өзі – тарихи мұраларды жаңғырту. Сол арқылы жаңа мәдениетке көтерілу. Дүние жүзіндегі рухани жаңғырулардың бәрі осылай дамыған. Ендеше, шағын ғана ұжымның атқарған осынау еңбегі баға жетпес  құндылық  дер  едім.

Жәнібек  ИСМУРЗИН, тарихшы:

– Бүгін Батыс Қазақстан өлкесінің мәдени-рухани өміріне байланысты үлкен іс-шара өтіп отыр.

Мұны тарихымызды кейінгі ұрпаққа жеткізу үшін жасалып отырған игі іс деп білеміз. Ғұмар Қараш – тектілердің тұяғы. Тарихшы ретінде XVIII-ХIХ ғасыр маманы болғандықтан, Ғұмардың аталары, Бөкейлікте өмір сүрген Оразақай, Нияз би деген тарихи тұлғалар туралы архивтік құжаттармен жақсы таныспын. Ғұмар Қараш өзінің мақалаларында Оразақай деген бүркеншік атты қолданады. Бөкей ханның тұсында болған Нияз би кейбір билер сияқты сол дәуірдегі көлеңкелі жақтары қалған адам емес. Атақты тұлға болған. Бөкейдің хан кеңесіне ұсынған тұлғаларының бірі. Ғұмар – азаттық қозғалыстың ХХ ғасыр басындағы жаңа толқынының белді мүшесі. Жалпы, осы топырақта өмір сүріп, тұлғалық деңгейге жеткен қайраткерлердің өмірлері қым-қуыт қайшылықтарға және өзара ұқсастықтарға толы. XVIII ғасырдағы азаттық қозғалыстың басшысы – Сырым Датұлы. Сырымның сүйегі Хиуада қалған дейді, бірақ нақты анықталмай отыр. Сондай-ақ XIX ғасырдың 30-жылдарындағы атақты Исатай Тайманұлының жерленген жері әлі табылған жоқ. Қастандықпен шауып өлтірілген Ғұмар Қараштың да мүрдесінің қайда қалғаны белгісіз. Ғұмар Қарашты зерттеуге алғаш түрен салғандардың бірі, еңбектері жарыққа шықпай кеткен Мұстафа Ысмағұлов еді. Тәуелсіздік жылдары ішінде Ғұмар Қараш тақырыбына қалам тербеген әдебиетші, тарихшылардың Ысмағұловтың жазбасына соқпай кеткендері жоқ. Олардың еңбектеріндегі кейбір деректердің Мұстафа Ысмағұлов жазбаларынан алынғанын кәсіби зерттеуші анық көре алады. Бүгінгі жарыққа шығып отырған жинаққа Ысмағұлов еңбектерінің енуі – тарихқа қосылған үлкен үлес. Ғұмар Қараш ұлтының дамуына ықпал еткен энциклопедист ғалым, яғни жан-жақты тұлға. Ұлтқа қызмет еткен Әлихан Бөкейхановтың, Міржақып Дулатовтың, қазақтың маңдайына біткен тағы басқа таланттардың шығармалары жан-жақты жинақталып, жарық көрді. «Неге біздің өңірімізден сондай еңбек шықпайды екен?» деп ойлайтынбыз. Бүгінгідей жинақтың жарыққа шығуы тек біздің облыс көлемінде емес, мемлекет көлеміндегі өте қуанышты жағдай. Жалпы, ғылымның өзі шексіз. Ғұмар еңбектері үш томдық жинақпен таусылып қалды деп айта алмаймыз. Керісінше бұл жинақтар кейінгі ізденістерге, Ғұмарға қатысты шет мемлекетте шашылып жатқан архивтік мұралардың түгенделуіне жол ашады деп есептейміз. Өз басым өткен жылы жазылған Елбасы мақаласынан бері осы уақытқа дейін «Рухани жаңғыру» аясында өңірімізде атқарылған істердің ең құндысы – осы үш томдықтың жарыққа шығуы деп айтар едім. Менің жеке көзқарасым бойынша, бұл таныстырылым «Жайық Пресс» деңгейінде ғана емес, үлкен масштабта жасалуы тиіс. Жинақтың саны көбейтіліп, кітапханаларға, мектептерге таратылуы керек. Өйткені Ғұмар тек қана дінтанушы немесе философ емес, оның еңбектері телегей теңіз.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ән өнерінің майталманы

Күні: , 21 рет оқылды

Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Бүкілодақтық телевизиялық әншілер байқауының лауреаты, Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық әншілер байқауының бас жүлде иегері, дәстүрлі әнші, термеші Аманкелді

Ғұбайдуллинді еске алуға арналған «Сал-серілердің сарқыты» атты кеш өтті.

Кешке жиылған көпшілік алдымен Амангелді Ғұбайдуллиннің өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген мақала-материалдар, сондай-ақ көзі тірісінде тұтынған заттары қойылған көрмені тамашалады. Өнер иесі туралы бейне-слайд көрсетілді.

Шараға арнайы қатысқан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бас шысы Қадырболат Мұсағалиев өнерсүйер қауымға құтты болсын айтып, кештің мән-маңызына тоқталып өтті. Аманкелді Ғұбайдуллиннің жерлестері атынан сөз алған Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева әншінің жұбайы Балсекер апайға қазақы дәстүрмен шарқат сыйлап, иығына камзол жапты.

Өнер иесінің інісі, Марабай Құлжабайұлы атындағы аймақтық-республикалық әнші-термешілер байқауының лауреаты, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы медальдің иегері, әнші-термеші Мұхамбет Мамықов, шәкірті, елімізге белгілі дәстүрлі әнші, ҚР Мәдениет қайраткері Қайрат Кәкімов Аманкелді Ғұбайдуллиннің репертуарында болған дәстүрлі әндерді орындады.

Ардагер-журналист Тихон Әліпқали, ақын Сағынтай Бисенғалиев, әншінің жиен ағасы Махамбет Ерниязов, шәкірті, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші-термеші Мұсағали Бектенов Аманкелді Ғұбайдуллин туралы естеліктерімен бөлісті.

– Мен Амангелдімен жұмыс барысында танысып, білістім. Шамамен ол жетпісінші жылдардың кезі еді. Ол кезде біздің Оралда кәсіби мәдениет мекемелері аздау болды. Қазақ драма театры болған жоқ, филармония ғана бар еді. Қазақ өнерінің негізі ауылда өсіп, қаулап, гүлденіп келе жатты. Сол кезде біздер ауылдағы әнші, күйші, өнерпаздардың бәрін жадымызға түйіп, соны газет бетінде көбірек жазып отыруға, солардың мерейін өсіруге барынша атсалыстық. Амангелді алғашқы көргенімнен-ақ назарыма ілікті. Өнерпаз көп қой, солардың ішінде Амангелді кездесе қалғанда, топтың ішінен соған барып амандасатын едім. Ол көптеген байқауда үздік шығып жүрді. Мәдени үгіт бригадаларының құрамында эстрадалық бағыттағы әндер айтқанда да оған ешкім теңесе алмады. Эстраданың керемет жұлдыздарымыз деп жүргендердің бәрі оның алдында бәсең түсіп жататын. Ол өзі әзілқой да болатын. Сосын керемет ізденгіш, көп оқитын адам еді. Әншілігі өз алдына, қолынан кітап, журнал түспейді. Әсіресе, «Жұлдызды» құшақтайды да жүреді. Ішіндегі пікірлерін жасырмай, ашық айтады. Оған көп нәрсе ұнамай да жатады. «Мынаның жазғаны оңды дүние емес, осы қалай жазушы болып жүр, қалай ақын болып жүр?» деп айтып-айтып тастайтыны да бар. Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай облыстық филармонияда концерт ұйымдастырдық. Сол концертке Мекес Төрешев, қыстың көзі қырауда сонау Қазталовтан Хатимолла Бердіғалиев келді.

Аманкелді Ғұбайдуллин, Мұхит  Бірәнов секілді әнші-термешілер де болды. Өзім сол концертті жүргіздім. Кеш аяқталуға жақындағанда әншілер ұбап-шұбап әлі келіп жатыр. Әйтеуір жақсы кон-церт болды, кеш мазмұнды өтті, жұрт сүйсінді. Концерттен соң, Мекес, Аманкелді, Хатимолла – бәріміз біздің үйге бардық. Түнімен отырып ән салдық. Сонда Мекес өнер жағына келгенде Аманкелдіден өзін төмендеу санап, кәдімгідей қысылып отыратынына куә болдым. Амангелдіні ешкім ұмыта алмайды. Ол бірегей талант еді ғой. Ән әлеміндегі Мұхит, Ғарифолла мектебінің белді ту ұстаушысы болды. Сондықтан да оны әлі ұмыта алмай, бүгінде қаншама халық жиналып, зал толып отыр. Аманкелді талайдың жүрегін жылытты, жанын жадыратты, санасына шуақ сәуле құйды. Ол таза талант әрі пенде ретінде де бір таза адам. Ешкімге қастық ойлаған жоқ, ешкімнің жолын кескен жоқ. Ол туралы қаншама өлеңдер жазылды. Алдағы уақытта да Әбекеңнің рухы асқақтай берсін! – деді Тихон Әліпқали.

Кеш барысында экраннан Аманкелді Ғұбайдуллиннің өз орындауындағы «Жадыңда болсын, ерлерім» термесі тыңдалды. Сонадайдан сорғалата құйылтып келіп, ерекше екпінмен нақпа-нақтап төкпектете жөнелетін өнеріне куә болған жұртшылық, сүйікті әншісінен сандаған жыл бойы көз жазып қалған тыңдарманы өнер иесімен қайта қауышқандай күйде, айрықша ықыласпен қошемет танытты.

– Әбекеңнің бір әдеті – домбыраны тұрғызбайтын еді. Кейде қаншама әнші отырса да, пенделік әңгімеге кіріп кетіп, әзіл-қалжыңға ойысып, домбыраның жарға сүйеніп қалатын кезеңдері болады ғой. Әбекең кіріп келеді де, «Ана домбыра нағып тұр? Әкел бері қарай» дейтін. Сосын шырқап жөнеледі. Ол ән салған кезде «Терезелеріңді ашып қойыңдар. Жардың сылағы түсіп қалмасын. Дұрыстап майлап па едіңдер?» деп әзілдеп қоятынмын. Әбекең жұмбақ жан еді. Жұмбақ күйінде кетті. …96-ның қаңтарында Әбекеңнің дүние салғанын естідік. Естіген күні аудандық «Тайпақ таңы» газетіне «Өзіңді жоқтап жылады ма екен..?» деген жыр-жоқтау жаздым. Бұл өлең аудандық газетке басылғанымен, облыстық газетке жетіп үлгерген жоқ. Бүгінгі рухани жаңғыру кезеңінде Әбекеңдей талантты тұлғаның туған елінде оның есімін еске салып тұрарлықтай бір іс атқарылуы тиіс. Саз мектебіне аты берілсе немесе Амангелді сыныбы ашылса деген жүрекжарды тілегіміз бар, – деген ақын Сағынтай Бисенғалиев жоғарыда аталған, өзінің саңлақ әншіге арнап жазған  жырын  оқып  берді.

Маң-маң да басқан марғасқам едің,

Ажалға қайтіп алдырдың, аға?

Жалына ерте жармасқан едің,

Әніңді кімге қалдырдың, аға?

Астана – ауылға ғажап әніңді

Жүруші ең жиі тыңдатып, аға,

Ақ жеңешем мен балаларыңды

Кеткенің бе шын шулатып, аға?

Заман еді бұл қандай назалы,

Өзіңді жоқтап өкінеді елің.

Маңдайда соры, таңдайда зары,

Бұл өнер неткен жетімек еді.

Сағынып сені жас тамған кезде,

Түсер-ау еске мол мұраң бірақ.

Ғарекең мәңгі аттанған кезде,

Түсті деуші еді домбыраң құлап.

Жасаурап көзі қырда шынардың

Өзіңді жоқтап жылады ма екен?

Сен кеткен күні бір жас ұланның

Ақ домбырасы құлады ма екен?

Ғарифолланың дара тұяғы,

Тағдыр да өстіп мұңайтады екен.

Қайран, Әбекем, «Қанапияны»

Дәл сендей енді кім айтар екен?

Не шара, бізге жанның қалауын,

Кім берер, қош бол, жан ағам енді.

Көтеріп биік әннің жалауын,

Рухың жүрсін жағалап елді.

ХІ республикалық халық аспаптарында орындаушылар конкурсының І жүлде иегері, Аманкелді ағамыздың кіндік қызы Мөлдір Жалмұханбетова Ықыластың күйі «Жезкиікті» қылқобызда орындаса, кішкене немересі Нұрым Аманкелді атасына арнап шығарған өлеңін оқып берді. Әншінің зайыбы Балсекер апай шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтып,  ризашылығын  жеткізді.

Еске алу кеші әншінің немересі Нұршат Ғұбайдуллиннің орындауындағы Фариза Оңғарсынованың сөзіне жазылған Қалдыбек Құрманәлінің әні «Жайықтың толқындарымен»  қорытындыланды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


600 адамды қанатының астына алған ұйым

Күні: , 21 рет оқылды

Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы өңіріміздегі денсаулық сақтау мекемелерінің кәсіподақтары арасында белсенді жұмысымен көш бастап келеді.

Аталмыш ұжым өткен жылы жедел жәрдем стансасы қызметкерлерінің аймақтық сайысынан жеңімпаз атанып, байқаудың Астана қаласында өткен республикалық кезеңіне де қатысқан. Республикалық сайыста облысымыздағы жедел жәрдем стансасының жекелеген қызметкерлері үздік шығып, әр түрлі марапаттарға ие болған. Ал кәсіби саладағы қандай да болмасын байқауға қатысу сол саладағы кәсіподақ ұйымының тікелей ұйымдастыру қолдауымен жүзеге асатыны  түсінікті.

Сара Кабдушева – облыстық жедел медициналық жәрдем стансасындағы №3 қосалқы стансаның аға фельдшері, аталмыш мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы.

– Мекемемізде барлығы 700-ден аса қызметкер еңбек етеді. Осыдан екі жарым жыл бұрын бастауыш кәсіподақ ұйымына жаңадан төрайым болып сайланған кезімде аталмыш ұйым құрамында 240 қызметкер болса, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 603 адамды құрап отыр. Бастауыш кәсіподақ ұйымы мекеменің қоғамдық бағыттағы жұмыстарының бәріне тікелей араласып отырады. Мысалы, бүгінгі таңда ұжымдық жұмысымызда мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағытындағы әрекеттеріміз тиісті нәтижесін беріп келеді. 2017 жылы «Мәңгілік Ел: Қазақстанның кемел болашағы» атты II республикалық байқауда мемлекеттік тілді дамытуға үлес қосқан «Үздік мекеме» аталымын жеңіп алдық. Спорттық сайыстарда ылғи алдыңғы орыннан көрініп келеміз. Футбол командасы қандай сайыстан да бірінші орын әкеліп жүр. Ұжымда әрбір мейрам-мереке атаусыз, сый-сияпатсыз  қалмайды, – дейді ол.

Сара Күлесқызының аталмыш ұжымдағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысын жандандыру бағытындағы істері тындырымды, нәтижеге толы болғанымен, өзінің атқарған қызметтерін баяндауға келгенде мейлінше аз сөзді, тұйық жан екендігін аңғардық. Мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігі туралы оның белсенді мүшелері ашыла әңгімелейді.

– Ұжымымыздағы бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмыс жүргізу дағдысы жоғары деңгейде қалыптасқан. Былтырғы және биылғы облыстық деңгейде өткізілген салалық бастауыш кәсіподақтар сайысында біздің ұйымның жеңімпаз атануы – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Өткен жылы біздің бастауыш кәсіподақ ұйымы «Ең үздік бастауыш кәсіподақ ұйымы» деген аталымға ие болды. Кәсіпорын аясында кәсіби, мәдени, спорттық немесе әдет-ғұрыптық бағытта қандай да бір шара өтуі тиіс болса, ол шаралар мекемедегі бастауыш кәсіподақ ұйымының тікелей қолдауымен үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырылып, ұжым қызметкерлерінің көңілінен шығып отырады. Қызметкерлерді, кәсіподақтың белсенді мүшелерін, соның ішінде жас мамандарды ынталандыру бағытында әр тоқсан сайын сый-сияпат жасалады. Бастауыш кәсіподақ ұйымы ұйымдастыратын шараларға мекеме қызметкерлерінің қатысуы өте белсенді. Бізде санитарлық қызмет атқаратын Нұрбек Әбдрешов есімді жас жігіт кәсіподақ ұйымдастырған барлық шараны өзінің жеке бейнекамерасына түсіріп, монтаждайды. Ол түсірілімдер бастауыш кәсіподақ ұйымының мұрағатында мұқият сақталады. Ортақ іске қолұшын созуда белсенділік танытқан мұндай қызметкерлердің еңбегі бастауыш кәсіподақ ұйымының назарынан тыс қалмайды. Мекемеміздегі кәсіподақ ұйымы қаламыздағы, еліміздегі, сондай-ақ шетелдегі мәдени, рухани, курорттық орындарда демалыс ұйымдастыру мәселелерін де үнемі назарда ұстайды, – дейді аталмыш мекемедегі мемлекеттік тілді енгізу, дамыту және редакциялау бойынша маман Роза Дүзеева. Роза Талғатқызы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай денсаулық сақтау мекемелері арасында ұйымдастырылған «Мәңгілік Ел: Қазақстанның кемел болашағы» атты I республикалық байқауда «Денсаулық сақтау саласындағы үздік тіл маманы» аталымын иеленге-нін айта кетейік.

Аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымы жанұясында ұзаққа созылған сырқат жандары бар қызметкерлерге материалдық тұрғыда тұрақты түрде көмек көрсетіп келеді. Қызметкерлерге әр түрлі мейрамдарда сауықтыру кешендеріне тегін сертификаттар беріледі. Мұның сыртында бастауыш кәсіподақ ұйымы алдағы уақытта мекеме ауласынан қызметкерлерге арналған спорт алаңын салуды да қолға алмақшы. Сондай-ақ ұжымдағы жұмысшылардың балаларын жазғы лагерлерде демалтуға да қолдау білдіреді. Нақтырақ айтқанда, балалар лагерінде демалу қаражатының жартысын бастауыш кәсіподақ ұйымы төлейді. Бұл орайда бірінші кезекте жанұя жағдайлары, көп балалы отбасынан болуы ескеріледі.

– Өткен жылы қызым «Қазақстандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының қолдауымен «Еуразия» балалар лагерінде демалған еді. Бұл демалыстан кішкентай қызымның үлкен әсер алғаны соншалықты, жаз шыққалы «Лагерьге тағы да жолдама бермес пе екен, Сара Күлесқызынан сұраңызшы» деп мені жиі мазалайтын болды, – деп күледі аталмыш мекемедегі шақыртуларды қабылдау жөніндегі диспетчер  Нұргүл  Дүйсенбаева.

Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасындағы бастауыш кәсіподақ ұйымы мекеме жұмысшылары үшін былтыр Татарстанның Қазан қаласына саяхат ұйымдастырған. Осы сапардың медицина қызметкерлеріне сыйлаған ұмытылмастай әсері туралы орталық залалсыздандыру бөлімінің фельдшері Лариса Гриценко сағаттап әңгімелеуге  дайын.

– Біз Қазан қаласына тарихи-архитектуралық ескерткіштермен танысу мақсатында барған болатынбыз. Маған Татарстанда мұсылман және христиан діндері өкілдерінің бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқаны және аталған екі дінге қатысты тарихи ескерткіштердің бірдей сақталып тұрғаны жағымды әсер қалдырды. Қазан қаласынан 60 шақырымдай қашықтықта орналасқан, айналасын Еділ өзені айнала ағатын Свияжск аралында болдық. Бұл жер өзінің көне тарихымен орыс фольклорындағы «Буян аралын» еске түсіреді. Мұндағы ең ескі архитектуралық ескерткіш Иван Грозныйдың әмірімен тұрғызылған. Осы аралда шегесіз тұрғызылған көне шіркеу бар. Және бұл мекен шіркеулерінің көптігімен ерекшеленеді. Бүгінгі таңда осы аралға тұрғындарды қоныстандырып, таза туристік аймаққа айналдырған. Тұрғындары негізінен балық кәсіпшілігімен айналысады. Сондай-ақ жылқы шаруашылығы, ара шаруашылығы, өзге де табиғатпен үндескен көне кәсіптің түрлері ерте кездегідей табиғи қалпында сақталған. Бір сөзбен айтқанда, ертегі әлеміне тап болғандай күйге енесің. Сауда орнынан бөшкеге салып сатылатын балды көруге болады. Бұрынғыдай арбаға жегілген аттарды көрдік. Мұндағы ішіне балық салып пісірілген бәліштің дәмі тіл үйіреді. Аралдың бай тарихынан алған әсеріміз өте мол. Ондағы ескілікті көріністер мен тұмса табиғаттан айрықша қуат алғандай болдық. Айнала қарағай, шырша өскен. Кемеге міндік. Үш күн бойына аралдың таза ауасымен тыныстадық. Төртінші күні Қазан қаласына бардық. Бұл қалада әйгілі ақын Марина Цветаева жерленген. Осы қалада тарихта алғаш рет жасыл дәрі (зеленка), ацетилсалицил қышқылы, өзге де түрлі дәрі-дәрмектер ойлап табылған. Қазан қаласындағы жаңа заманғы ең ірі ескерткіштердің бірі – Құл-Шәріп мешітімен таныстық. Құл-Шәріп мешітінің әсемдігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл кәсіподақ ұйымының есебінен Астана қаласына алғаш рет барып, сондағы жаңа мешітті көргенде алған әсерімді еске салды. Сол жолы Астана қаласына кәсіподақ саласындағы көшбасшылық, менеджмент тақырыбындағы оқыту семинарына барған болатынмын. Аталмыш сапарда елорданың көрікті жерлерін аралап, айрықша әсерге бөленгеніміз де өз алдына бөлек әңгіме. Осы оқыту семинарының нәтижесі болса керек, ұжымымызда аз уақыттың ішінде бастауыш кәсіподақ ұйымына кірушілердің қатары күрт өсті. Мен бүгінгі таңда 25 жылдық еңбек өтіліммен жоғары санаттағы фельдшер ретінде 64 мың 700 теңге жалақы аламын. Менің айтқым келгені, саяхаттап демалу үшін жоғары жалақыға ие болу шарт емес. Біздің ұжымымыздағы бастауыш кәсіподақ ұйымының белсенді әрекеті нәтижесінде танымдық бағытта, тәнді сауықтыру бағытында көптеген саяхаттарға шығып тұрамыз. Былтыр жазда әріптестеріміз бастауыш кәсіподақ ұйымының белсендісі ретінде маған жолығып, Шалқар көліне барып демалғылары келетіні туралы ұсыныс айтты. Мен бұл ұсынысты кәсіподақ ұйымының төрайымы Сара Күлесқызына жеткізгенімде, ол бірден қолдау танытты. «Егер кісілер жиналса, тегін көлік мәселесін шешіп, жол азығына қаражат бөлеміз» деді ол. Сөйтіп біздің ұжымның қызметкерлері өздерімен бірге балаларын, жұбайларын ілестіріп, табиғат аясына демалысқа шықты. Далада шай қайнатуға шоқ самаурын ала шықтық. Мол етіп қарбыз сатып алдық. Мен бұл жолы Шалқар көліне де алғаш рет барған едім. Теңіздей шалқыған көлді, көл жағалай тігілген киіз үйлерді көріп, таң-тамаша болдым. Ал биылғы қыста Сара Күлесқызы бізге ерекше демалыс ұйымдастырды. Кәсіподақ қаржысынан турбаза жалдап, шаңғы, коньки және қаршанамен сырғанадық. Саяхаттан алған әсерлеріміз естен кетпейді, – дейді Лариса  Александровна.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Балаларға су жаңа спорттық алаң

Күні: , 41 рет оқылды

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Орал қаласындағы Циолковский көшесі №10 үйдің маңынан балаларға арналған спорт және ойын алаңдары ашылды.

Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, аула тұрғындары мен балаларды аталмыш мерекемен құттықтады.

— Қаламыз бойынша өткен жылдан бері осындай 20 алаңды салу жоспарланған болса, соның бірін қазір ашқалы тұрмыз. Қалалық бюджет және өзге де көздерден қаржы қарастыру арқылы спорттық алаңдар және балалар алаңқайлары бой көтеріп келеді. Жазғы демалыста оқушылар бос жүрмей, осындай алаңдарда спортпен шұғылданып, келесі оқу жылына жақсы дайындықпен келеді деп сенеміз. Бүгін осы жерде футбол, волейбол, стритбол және бүлдіршіндерге арналған ойын алаңдары қолданысқа берілуде, — деді ол.

Аталмыш спорт алаңының құрылысын жүргізген мердігер «Dizain D.A.» ЖШС аула тұрғындары мен балғын спортшыларға спорт жабдықтарын сыйға тартты. Тұрғындар қала басшылығына және алаңды салып шыққан құрылысшыларға алғыстарын білдірді. Циолковский көшесі №10 үйдің тұрғыны Дәметкен Илашева әжей жаңадан ашылған стритбол алаңына кіріп, құтты болсын айтып, қазақтың дәстүрімен шашу шашты.

— Осы спорт және ойын алаңын салып шығу үшін 42 миллион теңге қаражат бөлініп, тұтастай игерілді. Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталуы тиіс еді. Алайда уақытынан ертерек бітіріп, 1 маусым – балалар мерекесінде ашуға үлгерттік. Алаң бес бөліктен тұрады, барлық қажетті абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Алаңға бейнебақылау орнатылғанын айта кету керек, — дейді аталмыш серіктестіктің өкілі  Мейрам Ерғалиев.

Осыған ұқсас спорт және ойын алаңдары дәл осы күні қаламыздағы №19 мектепте, Қадыр Мырза Әли атындағы шағынауданда, сондай-ақ Зашаған кентіндегі Мұрат Мөңкеұлы көшесінде де ашылды.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


БҚО-дағы «Жаңғыру жолы»

Күні: , 26 рет оқылды

Қадыр  Мырза  Әли атындағы  мәдениет  және  өнер  орталығының  амфитеатрында  БҚО  Қазақстан  халқы  ассамблеясының  «Жаңғыру жолы»   жастар  қозғалысының  бастау алуына  арналған  салтанатты  шара  өтті.

Жиынға БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанаты, ауданауылдардағы белсенді жастар, студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері және еріктілер қатысты.

– Қадірменді жастар! Тұтас еліміз бойынша құрылған «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының алғашқы қадамы құтты болсын! Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Келесі ұрпаққа дамыған, бүкіл дүние жүзінде беделі бар тәуелсіз мемлекетімізді тапсыру деген үлкен жауапкершілігіміз бар. Осы міндетті атқаруда, жастар, сіздердің рөлдеріңіз ерекше.

Әлемде қазақтың дәстүрі мен мәдениеті, тілі, тарихы ұмытылмайтындай дәрежеге жеткізу «Рухани  жаңғыру» бағдарламасының негізгі мақсаты болып есептеледі. Бүгін бүкіл жастарды біріктіретін жастар қозғалысының негізгі мақсатын айқындау, түсіндіру үшін жиылып отырмыз. Өздеріңізді осы жастар қозғалысына белсенді түрде қатысады деген үмітіміз зор. Елбасымыз жуырда ғана сіздерге «Өзге қырыңды тап» деген үлкен бейнеүндеу жолдады. Мұның негізгі мақсаты – денсаулығымызды сақтау үшін әрқашанда қимылда болып, денемізді шынықтырып тұруымыз  керек екенін насихаттау. Осы бастаманы белгілі қоғам қайраткерлері, талай жастарымыз қолдап әкетуде, біздің жастарымыз да құр қалмауы керек. Жолдарыңыз ашық, жарқын болсын, еліміз дами берсін! Әрдайым осындай жақсы іс, игі бастамалардың басынан жүздесейік! – деді облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жастарды құттықтау сөзінде.

Амфитеатрға жиылған жастар «Біздің күшіміз бірлікте!», «Болашаққа бірлікпен!», «Жастар қуатты Қазақстан үшін!» деп қосыла ұрандатты.

– «Жаңғыру жолы» не себептен ассамблея жанынан құрылуда? Себебі Қазақстан халқы ассамблеясы — Елбасымыздың елдің басын біріктіру үшін ойлап тапқан әлемде жоқ институты. Елордада өткен республикалық жастар конференциясына Батыс Қазақстан облысы жастарының атынан қатысып, тың идеялармен жігерленіп, жауапкершілік арқалап келгендеймін. Республикалық дәрежеде өткен конференцияда жастар белсенділік танытты. Өйткені Елбасымыз «Ел болашағы – жастардың қолында» деп жастарға сеніп, қолдау танытып отыр. Барлық жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын бірге жүзеге асыруға шақырамын. Жаңғыру жолы – біздің жолымыз, жаңғыру жолы – жастар жолы! – деді Астанада өткен «Жаңғыру жолы» республикалық жастар конференциясына қатысып келген «ҚАЗИИТУ» ғылыми-білім кешенінің студенттік ректоры Нұрзада  Сақтағанов.

Жүргізушілер жиылған жастар үшін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы платформасының мәтінін оқып шықты. Мұнан кейін сахна төріне Игорь Спиридонов бастаған 16 этномәдени бірлестіктің  жас өкілдері, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жұмысшы штабының мүшелері көтерілді. Штаб жетекшісі Игорь Спиридонов аталмыш жастар қозғалысының жұмысшы тобын әр аудан, ауылдарда құру туралы бастама көтерді. Ол сондай-ақ облыстағы жастар қозғалысының 2018 жылы атқаратын шараларының бірқатарын атап өтті. Олардың қатарында  жастар қозғалысының жұмысшы штабтарын құру, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арнап «Тағзым» акциясын өткізу, жастарды жігерлендіретін өзге де түрлі кездесулер, байқаулар ұйымдастыру  жоспарлары  бар.

БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов штаб жетекшісі Игорь Спиридоновқа «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының жалауын табыстау үстінде қозғалыстың алғашқы қадамына сәттілік тілеп, жастарға зор сенім білдірді. Енді БҚО жастары аталмыш жалауды әрі қарай әлеуметтік желі арқылы виртуалды түрде Қызылорда облысының жастарына табыстайды.

Сөйтіп, Қызылорда жастары «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының алғашқы салтанатты жиынын өткізу эстафетасын қабылдап алады.

Салтанатты шара барысында әнші, биші жастар өнер көрсетіп, патриоттық  әндер шырқалды.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал   өңірі»


«Мәдени КВЕСТ – 2018»

Күні: , 27 рет оқылды

Еліміздегі мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында «Мәдени КВЕСТ – 2018» мерекелік шарасы өтті.

Шараға облысымыздағы мәдениет және өнер мекемелерінің – кітапханалар мен мұражайлардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, шығармашылық орталықтардың, қалалық, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың қызметкерлері, өзге де шығармашылық өкілдері қатысты.

– Бүгінгі шараның ерекшелігі – біз бұрын мәдениет және өнер қызметкерлерінің күнін әр түрлі өнер ғимараттарында мерекелік жиын немесе концерттік бағдарлама түрінде ғана атап өтсек, биыл әріптестердің ұйғаруымен «Мәдени КВЕСТ – 2018» деген атаумен қаламыздың ең бір әдемі, көрікті жері – мәдениет және демалыс саябағында ұйымдастырып отырмыз. Бұл жерге мәдениет қызметкерлерімен қатар олардың барлық жақындары, отбасы мүшелері бірге келуіне, сондай-ақ мерекелік шараны жалпы көпшіліктің тамашалауына мүмкіндік жасалып отыр. Шара саябақтың кіреберіс қақпасынан мәдениет және өнер ардагерлерін қарсылап, олармен бірге ағаш отырғызудан бастау алады. Әрі қарай облыстық кітапханалардың жұмысына негізделген «Ақпарат аллеясын», мәдениет саласындағы мекеме-ұжымдардың өзге де түрлі тақырыптағы аллеяларын тамашалауға ұласады. Жыл бойы жемісті еңбек еткен әріптестеріміз марапатталады, концерттік бағдарлама да қойылады, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев шара басталарда журналистерге берген сұхбатында.

– «Ақпарат аллеясы» арқылы облыстағы кітапханалардың жалпы жетістігі, мәдени жұмысы көрсетіліп отыр. Біздің ең басты құралымыз – кітап. Кітапхана қорындағы өлкеміздің мақтанышына айналған танымал тұлғалар туралы кітаптардың макеттерін әкеліп, сондай-ақ түрлі буклеттер арқылы кітапханада атқарылып жатқан жұмыстарды көпшілікке таныстырудамыз, – дейді Х. Есенжанов атындағы облыстық кітапхананың жұртшылықпен байланыс және бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Гүлназ Хамзина.

Бұдан бөлек мерекелік шараға келушілер ерекше безендірудегі «Ескірмейтін естеліктер», «Экскурсия», «Уақыт сиқыры», «Келешек көкжиегі», «Талант», «Этноауыл», «Өнер жағалауы», «Көңіл оты» атты аллеяларды тамашалап, әр аллеяның тұсында естелік суреттерге түсуге мүмкіндік алды.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов арнайы қатысып, мәдениет саласының қызметкерлерін құттықтап, марапаттар тапсырды.

– 21 мамыр – еліміздегі мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі құтты болсын! Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері, сіздер өздеріңіздің күнделікті қызметтеріңізбен барша халыққа үнемі мереке сыйлап жүресіздер. Бүгінгі мереке ерекше көңіл күйде өтуде. Саябақтың кіреберісінен бастау алатын аллеяларда өнердің майталмандары сурет, музыка, театр секілді сан түрлі салалар бойынша өз еңбектерінің мән-мағынасын барынша ашып көрсетуде. Тіпті өзіміз де мәдениет пен өнердің таңғажайып әлеміне еніп, қойылымдағы рөлдерімізді ойнап жүргендей күй кештік. Мерекені ерекше, креативті түрде өткізгені үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз! Ардагерлеріміздің де мәдениет, өнер саласына сіңірген еңбектерін айрықша атап өтуіміз керек. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан еліміздің мәдениет саласын дамыту бағытында көлемді қаражат бөлінуде. Мәдениет саласы Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір тармағы ретінде қарқынды дамып, әлемдік мәдениеттен өз орнын алып келеді. Кеше ғана еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Рухани қазына – 2018» республикалық байқауында «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сырым аудандық филиалы – Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жеңімпаз атанды. Сондай-ақ кәсіби мереке қарсаңында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан өңіріміздегі бірқатар өнерпаздар ерекше марапатқа ие болды. Жалпы, өңірімізде мамыр айы өздеріңіз куә болғандай, өзге де ауқымды мәдени шараларға толы болды. Осындай үлкен жетістіктермен жетіп отырған бүгінгі мереке құтты болсын, ағайын! – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әншісі Дария Бақытова, Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының артисі Эльмира Мақашева, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің құрмет грамотасымен БҚО тарихи-өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Марина Мырзағалиева, БҚО тарихи-өлкетану музейінің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің меңгерушісі Гүлзия Нағымова, БҚО тарихи-өлкетану музейінің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің ғылыми қызметкері Рысты Кажушева, БҚО тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Рухани жаңғыру» музейінің меңгерушісі Асылжан Мырзаболатова марапатталды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің алғысхаты «Қазақстан музейлері» атты құнды жинақты әзірлеудегі зор үлесі үшін БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевқа, сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дипломы мен 1 миллион теңгенің сертификаты «Рухани қазына – 2018» республикалық байқауында «Үздік аудандық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша жеңімпаз атанған БҚО тарихи-өлкетану музейінің Сырым аудандық филиалы С. Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне табысталды.

Бұдан бөлек көптеген мәдениет қызметкері облыс әкімі Алтай Көлгіновтің, БҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының алғысхаттарымен марапатталды. Сондай-ақ «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының төрағасы Айдар Батырханов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің «Еңбек даңқы» төсбелгісін, Құрмет грамотасын және мәдени аталымдарын тапсырды.

Думанды мереке соңында ән шырқалды, отшашу жасалып, көкке шарлар ұшырылды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


Астана мен БҚО арасындағы меморандум

Күні: , 30 рет оқылды

Елорданың  20  жылдығына  орай  Астананың  БҚО-дағы  күндері  аясында  Астана  қаласы  әкімдігінің  делегациясы  мен  Батыс Қазақстан  облысы  бизнес-қауымдастығының  өкілдері  кездесті.

Өткен аптаның жұма күні облыс әкімдігінде өткен жиынды ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Игорь Стексов мұндай байланыстың маңызы зор екеніне тоқталды. Астана мен БҚО арасында осыған дейін де тиімді қарым-қатынас жолға қойылғаны белгілі.

Мәселен, «ЭКСПО – 2017» көрмесі павильонын салуға батысқазақстандық «Стекло Сервис» ЖШС қатысты. Сондай-ақ Астанада көптеген кәсіпорындардың филиалдары құрылып, жұмыс жасауда.

Елбасы тапсырмасына сай өңіраралық кооперация аясында былтыр батысқазақстандық делегация бес өңірде болды. Осы бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасуда. Соның ішінде ақпан айында облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған делегация Астанада болып, меморандумдарға қол қойылды.

Кездесу кезінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев еліміздің бас қаласының 20 жылдығына орай Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кешенді іс-шаралар жоспары жасалып, көптеген істер жүзеге асып жатқанын айтты. Соның ішінде астаналық делегация өңірлерде болып, экономика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бағытында келісімдер жасалып жатқанын  атап  өтті.

Жиын барысында меймандар  тарапынан кәсіпкерлікке дем беретін өңірлік бағдарламалар, «Ақылды қала» тұжырымдамасы және экономиканы цифрландырудың Астана қаласы бойынша инновациялық шешімдері, сондай-ақ Елорданың туристік потенциалы, ПИК жұмысын электронды форматта жүргізудің тиімді жолдары туралы таныстырылымдар жасалды. Бұл орайда Астана қаласында жүзеге асырылып жатқан нақты жобалар таныстырылды. Кездесуде айтылған әңгіменің басты өзегі – тұрмыстың барлық саласына заман талабына сай смарт технологияны енгізу туралы болды. Әлемдегі адамдардың басым бөлігі қай жерде өмір сүруге қолайлы жағдай туғызылған болса, сол жерде өмір сүргенді дұрыс деп санайтын түсінікке келе жатырғаны, «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыруға басты қозғаушы күш болып отырған Елбасының бағдарламалары екені айтылды. Сондай-ақ болашақта дамуы бойынша ел мен ел емес, қала мен қала көбірек бәсекелестікке түседі деген пікір ортаға салынды. Сондықтан қалалардың жан-жақты дамығаны керек. Әсіресе, туризм саласын, шаһардағы өзге де қызмет көрсету орталықтарының жұмысын цифрландыру маңызды. Өйткені туристер мен тұрғындар қала бойынша көрсетілетін қызметтердің толық дерегін смартфон арқылы алу мүмкіндігіне ие болады. Меймандардың айтуынша, мұндай жұмыстар Астана қаласын Еуразия кеңістігі бойынша заманға сай, жан-жақты дамыған, жетекші қалалар қатарына қосу бағытында қолға алынып отыр.

Кездесу соңында Астана қаласы мен Батыс Қазақстан облысының ынтымақтастығы, кәсіпкерлікті дамыту, «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялар және мемлекеттік-жекешелік әріптестік, ішкі және халықаралық туризмді дамыту бағытындағы бірнеше меморандумға  қол  қойылды.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Суретті  түсірген  Т. ТОҚМАМБЕТОВ


Университетке жаңа 17 оқулық жетті

Күні: , 109 рет оқылды

Бейсенбі  күні  Махамбет  Өтемісов  атындағы  БҚМУ-да  «Жаңа гуманитарлық  білім.  Қазақ тіліндегі  100  жаңа  оқулық»  жобасы бойынша  жарық  көрген  жаңа  кітаптардың  таныстырылымы  өтті.

– Кеше университетіміздің кітапханасына «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген 17 оқулық, әрқайсысы бірнеше данадан барлығы 1504 дана кітап жеткізілді. Бұл жаңа оқулықтармен студенттерді 100 пайыз қамти аламыз деген сөз. Ғылыми кітапхананың қоры қазақ тіліндегі кітаптармен толығып отырғаны көңіл қуантады. Біздің кітапхананың оқу залы жазғы демалыста да жұмыс жасайтыны жаңа оқулықтармен танысқысы келген оқырманға қолайлы мүмкіндік, – дейді Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіндегі ғылыми кітапхана директоры Тотықұс  Әлімбекерова.

Жиынға қатысушы оқытушылар мен ғалымдар өз пікірлерінде жаңа оқулықтардың жоғары сапасы мен мазмұн байлығына айрықша тоқталды.

– Қазақ тіліне түпнұсқадан аударылған жаңа оқулықтардың таныстырылымы студенттер, профессор-оқытушылар қауымы арасында өткізіліп отыр. Таныстырылымға университетімізге жеткізілген жаңа кітаптардың мазмұнына сай әр саланың мамандары шақырылды. Олар – өз салаларында көптен бері қызмет етіп келе жатырған мамандар. Және ол оқытушылар студенттерге дәріс беру үрдісінде бұл оқулықтарды осыған дейін де пайдаланып келген еді. Олар бұл оқулықтармен түпнұсқа арқылы немесе орыс тіліндегі аудармасы арқылы та-ныс болатын. Енді қазақ тіліне аударылған жаңа оқулықтардың осыған дейінгі дәстүрлі оқулықтардан қандай айырмашылықтары, артықшылықтары бар, студенттердің оқу сапасын көтеруге қалай әсер етеді, жас ұрпақ бойына қандай құндылықтарды қалыптастыра алады деген сұрақтар бағытында өз ойларымен бөлісуде, – деді аталмыш оқу орнындағы ҚХА кафедрасының меңгерушісі Тұрар  Шайхиев.

Нұртас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Еркін   ЕРҒАЛИЕВ,

«Аспандау»  ғылыми  білім  беру  қоры   Батыс  аймақтық  филиалының  атқарушы   директоры:

– Гуманитарлық бағыттағы 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуын екі ірі себеппен, шынымен де, маңызды қадам деп есептеймін. Біріншіден, аударманың ағылшын тілінен тікелей ана тілімізге жасалғаны өте дұрыс болды. Бүгінгі ең көкейкесті мәселе – отаршылдық санадан құтылу екенін ашық мойындау керек. Біздің күнделікті тірлігіміз бен ғылыми ізденісімізде әлі күнге дейін орыс тілі үстемдік етіп тұрар болса, бұрынғы империялық сана-сезімнен арылу, әрине, оңайға соқпайды. Аударылған 18 жаңа оқулықтың арасында жаныма жақыны «Антропология тарихы мен теориясы» екен. Бұл кітап біздін қазақтану, өз-өзімізді түсіну мәселесін шешеді деп сенемін. Екіншіден, заманауи кітапхана жасақтаудың өте қажет іс екендігін келесі мәселелерге қарап аңғаруға болады. Мысалы, бүгінгі сарапшылар өткен ширек ғасырда жеткен табысымыз ретінде Назарбаев зияткерлік мектептері, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы және латын графикасына көшу шешімі секілді саусақпен санарлық жетістіктерді ғана атайды. Осы жетістіктердің ішінде экономика табыстары, өндіріс неге жоқ деп сұрақ қойсақ, оған жауап ретінде бүгінгі сана шикіліктеріне тірелеміз. Мұны объективті фактор деп санайық. Ал психологтар жеке адам да, қоғам да өте қатты күйзелістен өтсе, қорқақтық сезім оның қанына өтіп, генетикасы бүлінетінін айтады. Сол қорқақтық немесе жалтақтық әсер кейін тұқымға беріліп, адам санасында 75 жылдай сақталады екен. Біздін тарихымызда бұл гиперстресті ашаршылық пен саяси репрессия деп санасақ, қанына сол нәубеттің салқыны тимеген ұрпақ 2008 жылдан бастап дүниеге келген бүгінгі бүлдіршіндер екен. Егер осы «жаңа ел» қазір бастауыш сыныпта жүрсе, олар өскенше біз тек қана 100 оқулықпен шектелмей, ұрпағымызды сапалы біліммен қамтуға барымызша ат салысуымыз керек. Осы маңызды ағартушылық қызмет жолында құрылған біздің «Аспандау» ғылыми білім беру қорының ашылғанына да биылғы қазан айында 10 жыл толмақ.

Өзім аталмыш қордың өңірдегі өкілі ретінде әлеуметтік желіде, фейсбукте сананы жаңғырту бағытындағы ағартушылық істермен үздіксіз   айналысып   келемін.


Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат ТӨСЕКБАЕВ: «Денсаулық сақтау саласына 207 маман, 87 көлік жетіспейді»

Күні: , 24 рет оқылды

Өңірдің медицина саласында ақсап тұрған, күрмеуі шешілмей жүрген мәселелер бар ма? Аталмыш сала алдағы уақытта қай бағытта дамымақ, нақты белгіленген стратегиялық жоспарлар қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевты әңгімеге тартқан едік.

– Қанат Дүйсенбайұлы, облысымыздағы перинаталдық орталық 2006 жылы ресми түрде ашылғанда, аталмыш ұжым өңірдегі акушерлік, гинекология, неонтология және әйелдердің репродуктивті денсаулығы саласында ғылыми және емдеу-диагностикалық бағытта жетекші медициналық мекеме болуды мақсат еткен екен. Қанат Дүйсенбайұлы, бұл мекеме қазіргі кезде осы мұрат-мақсат үдесінен қаншалықты деңгейде  шыға  алды?

– Бүгінгі таңда облысымыздағы перинаталдық орталық жүкті әйелдермен жұмысы жөнінен көшбасшы мекемелер қатарында. Бұл орталық 2017 жылдың нәтижесі бойынша республикалық байқауда орталық денсаулық сақтауды дамыту институтының классификациясы жөнінен жоғарғы бағаға ие болды. Сонымен қатар аталмыш орталықта жүкті әйелдермен, нәрестелермен жұмыс істейтін ең жақсы мамандар шоғырланған. Жалпы облысымызда аяғы ауыр келіншектерге медициналық көмек көрсетудің негізгі үш деңгейі бар. Жүктілік кезіндегі жағдайы ең ауыр деген аналарға перинаталдық орталық қызмет көрсетеді. Ауылдық жерлердегі әйелдердің денсаулығына байланысты шұғыл, күрделі мәселелер туындаған жағдайда, оларға перинаталдық орталықтан санитарлы авиация жүйесі арқылы дәрігерлерді жіберіп отырамыз. Биылдыққа мұндай жағдай Жәнібек ауданы бойынша тіркелді. Перинаталдық орталықтан ем алғаннан кейін екіқабат әйелдің жағдайы жақсарды. Облыста балалар кардиохирургиясын және неонатальды хирургияны дамыту – алға қойған басты мақсаттарымыздың бірі. Өйткені жаңа туған нәрестелер өлімінің негізгі себептері туа біткен жүрек ақаулары болып отыр. Мұндай ақауларды күні бұрын анықтау үшін былтыр перинаталдық орталыққа заманға сай ультрадыбысты зерттеу құрылғысын орнаттық. Облысымыз бойынша жылына 15-16 балаға туабітті жүрек ақауларына байланысты ота жасалады екен. Бірақ мұндай оталарды жасайтын мамандарды Ақтөбе қаласынан алдырамыз. Сол себепті балалардың кардио-хирургиясын және жаңа туған нәрестелермен жұмыс жасайтын хирург мамандарды өзімізден даярлауды  мақсат  етіп  отырмыз.

– Туа бітетін жүрек ақаула-рының негізгі себептері неден болады?

– Оның себептері көп. Мысалы, әйел адам жүктілік кезінде тымауратып ауырса, дәрігердің қадағалауынсыз әр түрлі дәрілер қабылдаса да іштегі шаранаға зиян тигізуі мүмкін. Жалпы жүктіліктің алғашқы үш айы ерекше күтімді талап етеді. Өйткені осы үш ай кезінде нәрестенің барлық дене мүшелері қалыптасады. Осы кезеңде жүкті әйел шылым шегіп, ішімдік ішсе де, болашақ сәбиін түрлі туабітті ауруларға шалдықтырып алады.

– Өткен жылы облыстық мәслихаттың сессиясында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыстық клиникалық ауруханаға магнитті-резонансты томограф алу мәселесі қызу талқыға түсті. Осы жөнінде егжей-тегжейлі тарқата баяндап берсеңіз және алдағы уақытта мемлекеттікжекешелік әріптестік аясында тағы қандай  жобалар  жүзеге  аспақшы?

– Жалпы өткен жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асырылуы тиіс екі жоба жоспарланды. Оның бірі облыстық клиникалық ауруханаға МРТ сатып алу, екіншісі, Шыңғырлау ауданындағы Лубен ауылына дәрігерлік амбулатория салу болатын. Екі жобаға да инвесторлар табылды. Біз жергілікті бюджетті пайдаланушы өкіл ретінде мемлекеттік міндеттемелерге байланысты құжаттарға қол қойдық. Осылайша аталмыш жобаларды жүзеге асыру бағытындағы нақты қадамдар басталды. Инвесторлар МРТ-ны өз қаржыларына орнатқаннан кейін, 5 жыл 6 айға дейін сервиске қажетті қызметтердің бәрін өз қаражаттары есебінен жүргізіп отырады. МРТ-ны мемлекет бірден сатып алар болса, бағасы 550 млн. теңгеге дейін барады. Сервистік қызметін қосқан-да 1 млрд. теңгеден асып кетеді. Мұндай қаржы денсаулық сақтау басқармасының жергілікті бюджеті үшін өте ауыр. Сондықтан біз үшін мемлекеттік-жекешелік әріптестік ыңғайлы әрі пайдалы.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекешелік әріптестік Елбасымыздың Жолдауында айтылған дамытылуы тиіс басым бағыттардың бірі екені де белгілі. Әрине, инвестор аталмыш МРТ-ны доллармен сатып алады. Ал бүгінгі таңда доллар бағасы өсіп кетті. Осындай инфляциялық тәуекелдердің бәрін инвестор өзіне алады. Егер МРТ сатып алатын қаражат бюджеттен бөлген болса, бүгінде бұл құрылғыны доллар бағамының өсуіне байланысты сатып ала алмаған болар едік. Депутаттар интернетке кіріп, бағасы 100-200 млн. теңге тұратын, қолданыста болған МРТ-ларды көрген. Қолданыста болған МРТ-ларға жарты жыл әрі кетсе, бір жыл ғана кепілдік беріледі. Мұның сыртында заң бойынша қолданылған МРТ-ны сатып алуға құқымыз да жоқ. Сессия барысында туындаған қызу талқылаудың  мәні  осы  еді.

– Соңғы кездері медициналық қадағалау комиссиясына бірқатар өзгерістер енгізілгенінен хабардармыз. Мысалы, комиссия құрамына денсаулық сақтау саласының мамандарынан бөлек қоғам белсенділері, депутаттар, қаржыгерлер, блогерлер бекітілді. Комиссия мүшелерінің белсенділігін арттыру бағытында белгілі бір мөлшерде сыйақы төлеу мәселесі де айтылды. Аталмыш өзгерістер бүгінгі таңда қандай нәтиже беріп  отыр?

– Иә, жалпы мұндай жүйені корпоративті басқару деп атайды. Бұрын қадағалау кеңестерінің құрамында бас дәрігерлер ғана болатын. Осыған дейін кез келген бір аурухананың бюджеті жабық ақпарат болса, бүгінде заманауи түрде құрылған кеңестерде бұл тақырып ашық түрде талқыланады. Бізде кейбір бас дәрігерлер өздерінің айлықтарын шектен тыс көтеріп, 1 млн. теңгеге дейін жеткізіп отырғаны туралы фактілер ұшырасты. Қазіргі таңда осы мәселелер бір жүйеге келтіріле бастады. Иә, заң бойынша қадағалау кеңесінің мүшелеріне әрбір қатысқан отырысы, белсенділігі үшін сыйақы төлеу мәселесі қарастырылған. Алайда оның нақты мөлшері бүгінгі таңда әлі анықталған жоқ.

– Қанат Дүйсенбайұлы, өңірдің медицина саласында ақсап тұрған, күрмеуі шешілмей жүрген мәселелер бар ма? Мәселені шешу бағытында қандай қадамдар жасалуда?

– Медициналық жабдық, ғимарат жағынан туындаған мәселе-лер өз шешімдерін тауып келеді деп айтуға болады. Бүгінгі таңдағы негізгі екі үлкен мәселе – кадр және көлік тапшылығы. Қазіргі кезде аудандар бойынша 87 көлік жетіспейді. Былтыр 22 мәшине, сонымен қатар 7 реанимобиль сатып алған болатынбыз. Бұл көліктер қаланың қажеттілігін толықтай қамтыды. Аудандардағы көлік жетіспеушілігі мәселелерін шешу үшін облыстық мәслихаттың сессияларында жағдайды баяндап, осы бағытта қаражат бөлінуін сұрап отырамыз. Былтыр облысымыздың денсаулық сақтау саласына жаңадан 76 маман келді. Бұлардың 60 пайызы қаладан жұмыс тапса, 40 пайызын аудан-ауылдарға жібердік. Соған қара-мастан, бүгінгі таңда өңіріміз бойынша бұл салаға әлі де 207 маман жетіспейді. Негізінен невропатолог, ревматолог, акушергинеколог, сондай-ақ жалпы дәрігерлер жетіспейді Осы мәселені шешу үшін былтыр 24 студентті грант негізінде оқытуға бюджеттен қаржы бөлінді. Бұл 24 студент Қазақстанның медициналық білім беретін үш университетінде білім алуда. Олар оқуларын бітіргеннен кейін осы өңірге келіп қызмет етеді. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табады деген ойдамын. Біз сондай-ақ жергілікті бюджеттен 20 медқызметкерді денсаулық сақтау жүйесіндегі менеджментті меңгеруге бағытталған магистратураны қашықтықтан оқы-туға қосымша қаражат бөлгіздік.

– Тұрғындар тарапынан қыз-метіңізге байланысты түсетін арыз-шағымдар негізінен қандай тақырыпта болып келеді? Оған қатысты не айтар едіңіз?

– Былтыр басқармаға қатысты шағымдар алдыңғы жылмен  салыстырғанда 70 пайызға азайғаны байқалды. Ал Call-орталыққа қоңырау шалушылардың қатары 43 пайызға өскен. Шағымдардың басым бөлігі медқызметкерлердің этикасы, қызмет барысында дөрекілік танытқаны туралы болып келеді. Әрине, дәрігерлер де қарапайым  адам, жұмыс жүктемелерінің көптігіне байланысты да әр түрлі жағдайлар орын алуы мүмкін. Дегенмен медицинада этика мен  деонтология деп аталатын маңызды сала бар. Онда емделушілермен жылы шырайлы қарым-қатынас орнату, адамдардың жас ерекшеліктері мен науқас түрлеріне байланысты тиісті әдеп қағидаларын сақтауды арнайы оқытады. Алдағы уақытта облысымыздағы медқызметкерлерді аталмыш сала бойынша қосымша курстардан өт-кізіп, дәрістер ұйымдастыруды  көздеп  отырмыз.

– Редакциямызға сіз басшылық ететін басқармадағы тәжірибесі жоғары, білікті мамандардың қызметтен кетіп жатқаны туралы ақпарат түсті. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Жалпы, басқармада кадр саясатына қатысты ахуал нешік?

– Соңғы кездері маған осы сұрақ жиі қойылуда. Жалпы басқарма басшысының орынбасары қызметін атқарып келген маман-дардың бәрі жоғары қызметке ауысты. Және олардың көпшілігі осы облыстың денсаулық сақтау  саласында қызмет етеді. Ал олардың орнына тағайындалғандар осы басқармада бөлім басшысы болып, тәжірибе жинақтаған мамандар. Қаңтар айында 5-6 маман бұрынғы басшымен бірге, сол кісі қызмет ететін мекемеге жұмыстарын ауыстырды. Жалпы басқармада кадр тапшылығы бар. Осы орайда былтыр он шақты жаңа қызметкерді жұмысқа алдық. Соның өзінде бүгінгі таңда  6-7 қызметкер жетіспейді. Олардың кейбірі жүктілік, бала күтіміне байланысты уақытша бос тұрған орындар. Штаттан тыс бас мамандарға қатысты ішкі бұйрық бар. Сол бұйрық бойынша бас педиатр, бас невропотолог, бас хирург, бас акушер-гинеколог, бас кардиолог деген штаттардың бәрі бар. Бұл қаншама жылдан бері келе жатырған тізім. Сондықтан оны өзгерткеніміз жоқ.

– Мемлекеттік бағдарламалар көрсеткіші бойынша жүргізілетін мониторинг нәтижелеріне тоқталып өтсеңіз…

– Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылғы алқа отырысында Батыс Қазақстан облысының денсаулық саласы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы индикаторларының орындалуы жағынан еліміз бойынша бірінші орында келе жатқаны айтылды. Сөйте тұра, біз аталмыш бағдарлама бойынша үш индикаторға қол жеткізе алмадық. Оның біріншісі – жалпы өлім-жітімді мүмкіндігінше азайту, екіншісі – жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығу фактілерін мүмкіндігінше төмендету, үшіншісі – ана өлімін барынша болдырмау.

Алайда одан алдыңғы жылдардың көрсеткішімен салыстырғанда бұл индикаторлардың басым бөлігі бойынша оң өзгерістер бар. Тек жүрек-қан тамырлары салдарынан өлім-жітім көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Қатерлі ісіктен болатын өлім 4,7 пайызға төмендеген.

– Қанат Дүйсенбайұлы, өңіріміздегі медицина саласы алдағы уақытта қандай бағытта дамымақ? Нақты белгіленген стратегиялық жоспарларға тоқталып  өтсеңіз?

– Елбасымыздың біздің алдымызға қойған міндеттерінің ең негізгілерінің бірі – денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру. Осы орайда біздің өңірдің денсаулық сақтау жүйесі цифрландырудың қанатқақты жобасына енгізілгені белгілі. Қазіргі таңда цифрландыру бойынша «Қағазсыз аурухана» жобасын жүргізудеміз. Облысымыздағы барлық ауруханаларда 100 пайыз ақпараттық жүйе бар. Өңіріміздегі барлық 39 медициналық мекеменің 19-ы қағазсыз жұмысқа көшкен. «Қағазсыз аурухана» жобасының жүргізілуін ауылдық жерлерге қатысты айтар болсақ, Тасқала, Зеленов, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарындағы жұмыстар жақсы жолға қойылған. Ал Қаратөбе, Сырым, Ақжайық, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандары бойынша бұл бағыттағы жұмыс-тар әзірге кенжелеп тұр. Цифрландыру жұмыстарын арнайы жол картасы жоспары бойынша жүргізіп келеміз. Алдағы айларда осы бағыттағы жұмыстар біртіндеп жандана түспек. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының индикаторлары біздің жұмысы-мыздың басты көрсеткіші болып табылады. Сондықтан аталмыш бағдарламада көрсетілген меже бойынша жұмыстану алдағы уа-қыттағы қызметіміздің басты бағыттарының бірі болып қала бермек. Сондай-ақ күн тәртібінде өткір тұрған маман жетіспеушілігі мәселесін шешу бойынша жұмысымызды  жалғастыра  береміз.

– Өзіңіз оқыған шет мемлекеттегі медицина саласының ұтымды, біздің елімізбен салыстырғанда озық тұстары қандай? Осы орайда «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде білімін жетілдірген маман ретінде түйген ойларыңызбен  бөліссеңіз?

– Дамыған мемлекеттердегі денсаулық сақтау жүйесінің ең негізгі ерекшеліктері деп цифрландыру, сақтандыру жүйелерін айтуға болады. Өзім Германияда білім алдым. Жалпы Қазақстан-ның денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі таңда дұрыс жолда келе жатыр деп есептеймін. Сондықтан жақын арада біздің елде дамыған мемлекеттердегідей жақсы жетістіктерге жетеді деп ойлаймын. Біздің елдің денсаулық сақтау жүйесін әлемдік деңгейде  алып қарағанда артта қалған  деп айтуға келмейді. Өйткені жүрек-қан тамырларының дерті бойынша Астанадағы кардиохирургиялық институттың бас дәрігері Юрий Пя, нейрохирургиялық кеселдер бойынша Серік Ақшолақов секілді мамандар халықаралық деңгейде беделдері жоғары, әлем танитын дәрігерлер. Әрі олар өзіміздің Қазақстанда білім ал-ған жергілікті мамандар. Әрине, олар білім-біліктерін жетілдіру мақсатында шетелдерде де болып, оқып-тоқыған  азаматтар.

Сұхбаттасқан  Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика