Тег: ‘Нұртай ТЕКЕБАЕВ’


15 ІТ-сынып бар

Күні: , 24 рет оқылды

Оқушылар сарайында «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз IT-сынып» жобасы аясында IT-сынып ашылды.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси бөлімінің меңгерушісі Мирас Тұяқбаевтың мәліметінше, облыста ашыл-ған 15 ІТ-сыныпты жабдықтауға бюджеттен 49,8 млн. теңге бөлінген. Жоба бойынша үш жылда мұндай сыныптардың саны 45-ке жеткізіліп, 8-16 жас аралығындағы 9 мың бала робот техникасы мен бағдарламалау негіздерін меңгеріп шығады. Қазіргі уақытта М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың ІТ-орталығында сыныпқа жетекшілік ететін 30 маман STEM Academi Болашақ Инжиниринг бағдарламасы бойынша оқу курсынан өтті. Соның бірі – Нұрлан Қырықбаев Оралдағы оқушылар сарайында сабақ береді. Нұрланның айтуынша, балалар халықаралық стандартқа сай робот техникасы, бағдарламалау, 3D-моделдеу бағыттары бойынша білім алады. ІТ-сыныпта шағын 3D-баспасы бар. Құрылғыда балқыған пластмассадан қаламсап жасап алуға болады.

Алдағы уақытта шахмат тақтасын басып шығаратын модель әзірленуде. Курс аяқталғанша жоспарға сай тапсырмалар да күрделеніп отырады. IT-сыныптың ашылуында оқушылар бағдарламалар арқылы түрлі кескіндегі роботтарды қозғалта отырып, оларды басқару жолдары жөнінде баяндады.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Теріс пиғылды сайтқа тыйым салынды

Күні: , 38 рет оқылды

Орал қалалық №2 соты діни экстремизм материалдарын таратқан шетелдік www.cnl.tv сайтының ел аумағында таралуына тыйым салды. Сот материалында «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің мамандары сайтта Артур Симонянның бейнежазбалары орналасқанын анықта-ғаны жазылған. Интернет деректеріне сүйенсек, Артур Симонян  –  Армениядағы «Өмір сөзі»  евангелдік христиан  шіркеуінің аға пасторы. Евангелдік сенім протестантизмнің тармағы – баптистерге тән. Шешендігімен танымал Артур «CNL», «ТБН Россия» және АҚШ-тағы «ITN», эстондық «LIVE» атты христиандық спутниктік телеарналарда діни уағыз айтады және бағдарламаларын жүргізеді. Симонян бұрын Мәскеуде бизнеспен айналысқан. Бір сұхбатында түсінде «тозақты көріп», Құдайға бет бұрғанын айтады. Содан туған жері – Арменияға оралып, миссионерлікпен шұғылданған. Артур Симонян 2015 жылы Қазақстанға келіп, Алматы қаласындағы «Жаңа өмір» шіркеуіне келіп, уағыз айтқан.

Орал қалалық №2 сот www.cnl.tv сайтында діни экстремизмге үгіттейтін материалдың белгілері бар деп таныды. CNL христиандық телеарнасының негізін пастор Максим Максимов 2000 жылы қалаған. Сол жылы Алматы қаласындағы ірі кабельдік желілер арқылы хабар  таратқан. 2002 жылы спутник арқылы хабар тарата бастаған телеарна қазіргі уақытта евангелдік  сенімді үгіттейтін бағдарламаларын Сібір мен Орталық Азиядан бастап Израильге, Солтүстік Африка, Еуропа, Америка елдеріне көрсетеді.

Сот материалдарына сәйкес, С. Асфендияров  атындағы  қазақ  ұлттық медициналық университетінің мамандары зерттеуі қорытындысында  А. Симонян адам санасын өзгертуге бағытталған нейролингвистикалық бағдарламалау (НЛП) және психотүзету әдістерін қолданатыны анықталған. Бұл әдістер медицина саласында кеңінен қолданылады және оған арнайы лизенция қажет. А. Симонянның психологиялық психотерапевтік әдісі адамның тұлға ретінде дамуына кедергі келтіріп, әлеуметтік күйзеліске ұрындыратын жағдайға душар етіп, тіпті ес-түсінен айырылатындай деңгейде ықпал ете алады. Уағызшы өз іліміне сенушілердің санасын жаулай отырып,  тыңдаушылардың психологиялық жай-күйіне ұдайы кері әсерін тигізеді. Симонянның үгіт тәсілдері тыңдаушылардың санасына жағымсыз ықпал етіп, денсаулығына зиянын тигізетіні анықталған.

ҚР «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңының 1-бабының 5-тармақшасында экстремистiк әрекеттерге «экстремистiк ұйымдардың нышандарын насихаттау, үгіттеу» кіретіні жазылған, ал 7-тармақшасында «экстремистiк материалдар – экстремистік әрекет-тердiң белгілерін және (немесе) оны жүзеге асыруға шақыруды қамтитын не оларды жасау қажеттігін негiздейтiн немесе ақтайтын кез келген ақпараттық материалдар» деп анықтама берген. ҚР «Бұқаралық ақпарат туралы» заңының 2-бабының 3-тармақшасында «экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, на-сихаттауға тыйым салынатыны» көрсетілген.

Қалалық сот ҚР Азаматтық процестік кодексінің 381-бабына сәй-кес, «Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келетін ақпа-раты бар шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өнімі заңсыз болып табылады деп танып», А. Симонянның бейнежазбалары орналасқан www.cnl.tv интернетресурсына тыйым салу, Қазақстан аумағына таратпау жөнінде «Жайық» деструктивті ұйымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы атынан түскен шағымды мақұлдады.

Облыстық дін істері басқар-масының бас маманы Жәнібек Мукателовтың мәліметінше, Батыс Қазақстан облысында сот арқылы шетелдік интернет-ресурсқа тыйым салу алғаш орындалып отыр. Басқармаға қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығы  теріс діни ағымдардың идеологиясын насихаттайтын интернет-ресурстардың мазмұнына сараптамалық талдау жасауда. Биыл аталмыш орталықтың мамандары ресми сайттар мен әлеуметтік желілерде, бейнехостингтерде деструктивті діни ұйымдардың сойылын соғатын, экстремистік қақтығыстарға шақыратын 817 материалға қатысты сілтемелерді бұғаттау үшін  ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитетіне ұсыныс-хат жолдаған.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Интеллектуалдық игілік иесіз болмайды

Күні: , 123 рет оқылды

Дамыған елдерде зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселесі бірнеше ғасыр бұрын шешілген. Зияткерлік меншікке өнертабыс, әдеби және көркем туындылар, сауда жүйесіндегі  белгі, сурет, фирма атаулары жатады. Мұндай меншік құқығын қорғау өнер мен мәдениеттің, әдебиеттің өркендеуіне, ғылым мен техника саласында жаңа жобалардың жүзеге асуына, шығармашылық табысты паш етіп, әлемдік нарыққа шығаруға зор септігін тигізеді. Мақаламызда зияткерлік меншікке қатысты кейбір мәселелерді қозғамақпыз.

Қазақстанда «Авторлық құқық және сабақтас құқық» туралы заң 1996 жылы қолданысқа енгізілген. Заң бойынша авторлық құқық әдеби, музыкалық, драмалық, хореографиялық туындылар, сәулет жобасы, мүсін, графика, ән, фильм, компьютерлік бағдарламалар, баспа өнімдеріне иелік етуге беріледі. Авторлық құқық ғұмыр бойына және туынды иесі қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойына сақталады. Құқықты қолдану мерзімінің аяқталуы шығарманың қоғам игілігіне айналғанын білдіреді. Берн конвенциясына сәйкес авторлық құқық аутоматты түрде беріледі. Бірақ кейбір ұлттық мекемелер оны тіркетуді талап етуі мүмкін. Мәселен, Қазақстан заңнамасына сәйкес композитор бір әнді рәсімдеп алу үшін үш айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша төлейді. Немесе альбом ретінде жинақтап, мемлекеттік тіркеуге осы мөлшерде төлем жасап, әндерінің барлығына авторлық құқығын бір-ақ белгілеп алуына болады. Авторлар туындыларын жариялауға, өңдеуге, таратуға келісім береді немесе тыйым салады. Және көпшілік алдында қолданылғанда, авторлық сыйақысын алып, қаржы табуға құқылы.

Бүгінде жерлесіміз, ақын, тележурналист Мұнайдар Балмолда сөзін жазған әндер жиі орындалады. Жақында композитор Гүлнұр Нұрасыловамен бірігіп шығарған «Анамның жаққан ошағы» әні көптің көңілін баурап алды. Гүлнұр оны асыл жары, әнші Әліби Бекайдармен бірге орындап жүр. Халық алдында әндері кең қанат жайып, өнер ордаларында шырқалып жүргенімен, ақын әлі күнге табыс таба қоймапты. Төрт жыл бұрын «Абырой» авторлық қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі келіп, Мұнайдар Балмолданың  құжатын рәсімдеп, авторлық құқығы қорғалатынына  уәде  берген.

– Бауыржан есімді жігіт құжаттарымды жинап алып кеткен соң, бір ай өтпей, «Абырой» қорынан 16 мың теңге төленді. Ол кезде әжептәуір ақша болатын. Қуанып қалдым.  Уақыт өте өрекпіген көңілім су сепкендей басылды. Авторлық қоғамның өкілінен кейін хабар болмады.

Менің шалған телефон қоңырауларыма жауап бермеді. Көптеген композитормен әндер мәтінін жазумен шұғылданамын. Бірқатары елімізге танымал әншілердің репертуарында бар. Мысалы, миллиардтаған көрерменнің сүйікті әншісіне айналған Димаш Құдайберген «I am a Singer» жобасының гала-концертінде талғарлық композитор Айгүл Бажановамен бірге жазған «Махаббат бер маған, тағдыр» атты әнімді орындады.

Сол жобадан композитор миллион теңгеден астам қаржы алып, пайдаға кенелді. Ал маған қаламақы төленбеді. Жақында құжаттарымды «Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігіне өткіздім, – деді Мұнайдар Балмолда.

Айта кетейік, ҚР «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңының 46-бабында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері көрсетілген. Мұндай ұйымдар авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептер беріп тұруға, жиналған сыйақы сомасын нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге, еліміздегі авторлық және сабақтас құқық иеленушілеріне тоқсанына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті. «Абырой» авторлық қоғамының www.abyroy.kz сайтындағы дерекқордан өнерпаздар Ербол Ақбасов, Армат Алдамжаров, Талант Арғынғали, Мұнайдар Балмолда, Қайнар Алагөзовтың аты-жөндері көзге жылы ұшырады. «Абырой» авторлық қоғамының облыстағы өкілі Алтынай Масалимованың  айтуынша, Ақ Жайық өңірінен 20 автор  тіркелген.

– Авторлар бірлестікке интернет арқылы тегін тіркеле  береді. Олар жайында кең көлемді ақпаратты Алматыдағы уәкілетті орган ғана бере алады.

Кейбір авторлар немесе құқық иегерлері есепшоттарын жаңартқаны жөнінде хабарламайды.

Сондықтан аударылған қаражат кері қайтарылады. Мысалы, биылғы маусым айында Мұнайдар Балмолдаға қаламақы аударылған. Есепшоты дұрыс болмағаны себепті кері қайтарылғанын бухгалтер айтты, – деді ол. Масалимованың сөзінше, авторлық құқықты пайдаланушылар қатарына телекомпания, радио, кабельді операторлар, концерт пен түрлі шараларды ұйымдастырушылар, қоғамдық көліктер, кафе, ресторан, сауда үйі, дыбыс жазу студиялары, түнгі клуб, ойын-сауық орталықтары кіреді. «Көптеген мекеме-ұйымдар, кәсіпкерлік нысандары келісімшарт жасасуға құлықсыз.

Ал бізбен келісімге отырған авторлардың туындысын пайдалана бермейді. Олардың аудиториясы ресейлік немесе шетелдік орындаушыларға ықыласты, – деді  Алтынай  Зейінқызы.

Жаңақалалық әнші-композитор Ербол Ақбасовтың «Сәлем, елім!», «Фәни жалған» әндерін «Жігіттер» квартеті, «Мен саған жетемін» туындысын Тамара Асар, «Ғашығымды» Данияр Сағынтаев секілді белгілі әншілер орындап жүр. Ербол да «Абыройдан» біраз уақыт қол үзіп қалғанын, былтыр бірлестік әкімшілігіне хабарласып, мәселені қайтадан қозғағанын, нәтижесінде биыл 100 мың теңгедей қаламақы алғанын айтты. «Әндерім Астана, Алматы қалаларында орындалуына байланысты қаражат түсті. Біздің облыста авторлық құқықты қорғау жүйесін ширату керек-ақ.

Оған авторлар да бейжай қарамай, бұл бағытта қызмет ететін ұйымдармен тығыз байланыста болуы қажет. Мен «Абыройға» соңғы уақытта шыққан әндерімнің нотасын тапсырдым. Олар әндерімнің орындалып жатқанынан хабардар екенін айтты», –  деді  композитор.

«Қазақстан авторлар қоғамы» РҚБ Батыс Қазақстан бөлімшесінің тексеруші-уәкілі Айдар Қоқабаевтың айтуынша, ақылы түрде өтетін мәдени-көпшілік шаралардан түскен қаражаттың 4 пайызы пайдалану жиілігіне орай туынды авторларына бөлінеді.

Ұйымдастырушылар оның есебін шығару үшін шағын баянат парағын (рапортичка) толтырып отыруы тиіс. Мұндай есепке «Шағала» қонақүйі мейрамханасы әкімшілігі мен Ақсайдағы «Қарашығанақ» телестудиясы берік екен. Кафе, тойханалар секілді кәсіпкерлік нысандары айына бір есептеседі. Егер олардың сыйымдылығы 40 орындықтан кем болса, елдегі жалақының төменгі шегі (28 284 теңге) облыс бойынша белгіленген 0,75 пайыз төмендету коэффициентімен есептеліп, бір айға 21 213 теңге төлем жасалады. Қырықтан астам кісі қабылдайтын нысандарда осы төлем мөлшері екі еселенеді (42 426).

Жеке кәсіпкерлер, әлбетте, мұндай соманы қалтасынан шығаруға құлықсыз болатыны белгілі. Тіпті, облыстағы ірі мәдени ошақтар да баянат парағын тапсыруға бей-жай қарайды екен.

Авторлар құқын ескеруде Айдар Қоқабаев  А.  Островский атындағы орыс драма театры тиянақты екенін айтты. Қазақстан авторлар қоғамына біздің өңірден 20-дан астам автор  мен құқық иегері тіркеліпті.

Еуропа елдері өнер адамдары мен қаламгерлердің, шығармашыл тұлғалардың құқын қорғауға әбден машықтанған. Автор құқын қорғау кітап сату және баспа ісінен бастау алыпты. Германияда мұндай құжаттар 1686 жылы пайда болған. 1837 жылы бүкілгерманиялық алғашқы заң жарияланған. Суретшілердің авторлық құқығы туралы заң Англияда 1735 жылдың өзінде қабылданды. Қызықты дерек айта кетейік, туған күн құрметіне шырқалатын «Happy Birthday to You» әні 1893 жылы жазылып, АҚШ заңына сай 1935 авторлық құқығы бекітілген. 2030 жылға дейін құқық мерзімі өткенше, әнді пайдалану ақылы. Құқық қорғау органдары әннен жылына 2 млн. доллар табыс табады.

Елімізде зияткерлік меншік   құқығына қатысты мәселе өте өзекті. Интернет кеңістігі дамығалы идея ұрлау кең етек жаюда. Мұндай оқиғаға мысал көп. Қаратөбе ауданының тумасы, белгілі журналист, жазушы Құрманғазы Қараманұлының қызы Аңсаған Мұстафа елімізде мықты иллюстратор ретінде танымал. Биылғы шілде айында облыстық тарихи-өлкетану музейінде суретшінің көрмесі өтті. Аңсаған Мұстафаның әлеуметтік тақырыпта салған суреттері әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланып, қалалардағы билбордтарда орналастырылуда. Айта кетейік, Аңсаған Мұстафа өзіндік ізденісімен безендірген жейделерді ansa.kz сайты арқылы жарнамалап, табыс түсіре бастағанына үш жылға жуық уақыт болыпты. Бірақ кәсіпкер фейсбук әлеуметтік желісінде былтырдан бастап Қытайдан Алматы базарларына жейде көшірмелері арзан қақпен сатылып жатқанын хабарлады.

– ҚР Әділет министрлігінен патент алу үшін құжат жинап, рәсімдеуге бір жылдай уақыт кетті. Мемлекеттік тіркеуге 190 мың теңгеден астам қаражат төледім. Бірақ отандық патент көрші елдердің аумағында қолдануға жарамсыз болып шықты. Базарлардағы сауда нүктелерінде отырғандар уәжімді құлағына ілмеді. Олар Қытай мен Қырғызстанға тапсырыс беріп, алдыртады. Плагиат жолмен тапқан пайдаға көтерме саудамен шұғылданатындар қарық болуда. Түсінгенім, елімізде отандық тауарды қолдайтын заңгерлік қызмет  әлі дами қоймаған. Тауарлық таңбамды халықаралық тіркеуге қыруар қаражат керек, – деді Аңсаған Мұстафа.

Орал қаласындағы «Mirmanov@Partners» компаниясының басқарушы серіктесі Еркебұлан Мирманов мұндай жағдайда ҚР Қаржы министрлігі бекіткен «Зияткерлік меншік объектілерінің кедендік тізілімі нысаны және оны жүргізу» қағидаларына сүйенуге болатынын айтты. Тауар таңбасын патенттеп, бекіткеннен кейін, оны кедендік тізілімге енгізу қажет.

Сол кезде шетелден келетін көшірме тауарларға бірден тосқауыл қойылады.  Кедендік тізілімге енгізу халықаралық стандарттарға сәйкес ұзақ зерттеліп жүргізеді және қыруар қаржы талап етеді. Контрафактінің алдын алудың басқа жолы бар. Ол үшін елдегі арнайы бағалау агенттігіне жолығып, тауар құнын айқындатып алуға болады. Тауар құнының белгіленген мөлшеріне қарай әділет немесе ішкі істер құрылымы сауданы заңсыз жүргізгендермен шұғылданып, көлеңкелі кәсіп иелеріне айыппұл салады. Еркебұлан Мирмановтың сөзінше, отандық кәсіпкерлердің көбі бренд қалыптастыруда тауар таңбасын, фирма атауын, логотиптерді меншіктеудің мәні зор екенін жете біле бермейді. Оның компаниясы облыстағы  және өзге өңірлердегі 200-ден астам кәсіпкердің тауар таңбасын халықаралық  деңгейде тіркеткен.

Облыстық әділет департаментінің зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің басшысы Алтай Маштақов кейбір шаруашылық субъектісі құқық иегерінің келісімінсіз тауар белгісі мен фирмалық атауларды қолданатынын айтты. Биыл ҚР халықаралық компания өкілдерінен түскен шағымға байланысты «Тауар таңбалары, қызмет көрсету таңбалары және тауар шығарылған жерлердің атаулары» туралы заңына сәйкес жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, «Старлайн», «Reebok», «Adidas», «Toyoto» FIFA – «QUALTY – PRO» тауар таңбаларын компаниялар келісімінсіз жарнама жасау мақсатында пайдаланғандар анықталды. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 158-бабына сәйкес жеті кәсіпкердің әрқайсысына 30 АЕК көлемінде айыппұл өндіру жөнінде әкімшілік сот шешімі шыққан.

–  Жергілікті кәсіпкерлер зияткерлік меншік құқығын бұзудың салдары өте ауыр екенін біле бермейді. Қазақстан бұл бағытта халықаралақ  заңнама талаптарымен жұмыстанады. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша еліміздің позициясын нығайтуда әділет құрылымдарының рөлі зор. Бұл бағытта облыс бойынша түсінік жұмыстарын белсенді жүргіземіз. Зияткерлік меншік құқығын сақтаудың маңызы зор екеніне тоқталамыз. Айта кетейін, ҚР Қылмыстық кодексінің 198-бабы (авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу) мен 199-бабы (өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсіптік үлгілер, селекциялық жетістіктер) бойынша құқықбұзушылық жасағандар бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартумен жазаланады, – деді Алтай Маштақов.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

nurtai_din@mail.ru


Инсульттық орталық ашылмақ

Күні: , 40 рет оқылды

Ақжайық  ауданында  жыл соңына  дейін  инсульттық  орталық  ашылмақ. Инсульттық   орталықтың аталмыш  аудан  аумағында орналасуы   облысымыздың оңтүстік   аудандарының тұрғындарына  қолайлы. Медициналық  нысанда емделушілер  диагностикадан  өтеді  және  алғашқы науқастарға  жәрдем көрсетіледі.  Орталықта  қызмет  ететін  маман  мәселесі  алдын  ала  шешімін тапқан.  Бұл  жайында  сейсенбіде  БҚО  өңірлік  коммуникация  қызметі  өткізген  брифингте  Ақжайық  ауданының  әкімі  Әділ   Жоламанов айтты.  Сондай-ақ  алдағы уақытта  аудандық  емханада  электронды  кезек  жүйесі іске қосылады.  Мобильді  қосымша  арқылы  дәрігер  қабылдауына жазылу  жүргізіледі.

Аудан әкімі Әділ Жоламанов Астана қаласының 20 жылдығы қарсаңында 198 орындық Шабдаржап мектебі және 100 балдырғанға лайықталған жеке балабақша пайдалануға берілгенін тілге тиек етті.

Аудан бойынша сегіз мектепте электронды күнделік іске қосылған. Интернет желісіне қосылмаған мектептерде «Bilim book» бағдарламасы қолданылады. Чапаев ауылында 300 орындық мектеп-гимназия салу үшін құжаттар рәсімделуде. Оның жанынан ашылатын интернат 100 баланы қабылдайтын болады. Жоба құны – 1426,3 млн. теңге. Былтыр бұқаралық спортты дамыту мақсатында барлық ауылдық округте street workout үлгісінде алаңдар салынған.

– Бүгін көше жаттығуларынан аудан біріншілігі өтуде. Командасы жеңіске жеткен ауылға 4 млн. теңгенің жаттығу құрылғылары сыйға беріледі, – деді әкім.

Биыл ауданның 11 елді мекенін газдандыру сәтімен аяқталса, Ақжайық жұртшылығы толығымен көгілдір отынмен қамтылмақ. Дегенмен елді мекендердегі әлеуметтік нысандарға көгілдір отын құбырын тарту үшін қосымша қаражат қажет екен. Аудан бойынша жеті ауылға таза ауыз су жеткізілген. Бұл бағытта басқа ауылдарда су құбырын тарту, қайта жаңғырту, сумен жабдықтау жүйесін жаңалау жұмыстары жалғасын таппақ. Биыл аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үш қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй салынуда, тағы да дәл осындай екі үйді тұрғызу жоспарлануда. Тайпақ ауылына екі қабатты 12 пәтерлік коммуналдық үйдің және  жеті ауылға екі пәтерлі баспананың жобасы жасақталуда.

Айта кетейік, 2014 жылы Самара – Шымкент аутотрассасына тікелей шығу үшін аудан орталығы Чапаев тұсынан Жайық өзені үстіне тартылатын көпір құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып еді. Былтыр облыстық тексеру комиссиясының отырысында  ЖСҚ-ға үш жыл ішінде түзету енгізілмесе, оған қыруар қаржы шығын болатыны жөнінде жауапты құрылым өкілдеріне ескертілді. Жобаның нақты қашан жүзеге асатыны жайында аудан әкімі Әділ Жоламановқа  сауал  қойдық.

– Жасыратыны жоқ, көпір құрылысының жобасы ауқымды болған соң, оны жүзеге асыру бірнеше жылға созылуда. Бұл  мәселе – облыс әкімінің тікелей қадағалауында. Жоба құжаттары қазіргі кезде толығымен мемлекеттен сараптамадан өтуде. Сараптама аяқталған соң қажетті қаражат бөлінеді, – деді Әділ Жоламанов.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

«Орал   өңірі»


Айбар ЖАҢАБАЕВ: «Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын»

Күні: , 224 рет оқылды

Шілденің  12-сі  күні  БҚО  әдеп жөніндегі  кеңесінің  кезекті отырысында  Зеленов  ауданы Рубежин  ауылының  әкімі  А. Жаңабаевқа  қатысты  тәртіптік  іс  материалы  қаралды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Думан Ермановтың мәліметінше, ауыл әкімі қарауындағы қызметкерлердің іссапар қаражатынан екі жыл бойына бес мың теңгеден қаржы жинап отырған. Бұл  қаражаттың нақты әкімшілік қажеттілігіне жұмсалған-жұмсалмағаны беймәлім. «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР заңының 52-бабы мен 1-тармағы бойынша мемлекеттiк қызметшілерге ҚР Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға арналған шығыстары өтеледi. Әкім мемлекеттік қызметшілер құқын бұзып, олардан заңсыз жолмен қаржы жинаған. 2018 жылғы сәуірдің 9-ында ауыл әкімі аппаратының бас маманынан бес мың теңге жинағаны анықталды. Тексеру барысында куәгер ретінде жауап алынған бас маман, бухгалтер Аймурзиев аппарат қызметкерлерінен ақша жиналатынын растады. Әкімшіліктің «Ford Mondeo» қызметтік көлігінің жүргізушісі Байғазиев бірнеше мәрте өз еркімен 5 мың теңгеден бухгалтерге ақша бергенін айтты. Оған бұл қаржы қаладан газет тасуға және интернет модеміне бірлік салуға, көлікті жөндеуге жұмсалатыны түсіндірілген. Бас маман Әбікешевтің сөзінше, Айбар Жаңабаев 2015 жылы желтоқсан айынан бастап әкім болып тағайындалғалы мемлекеттік қызметшілердің іссапар ақысынан қаржы жинау басталған. Куәгерлер мен алдын ала тексеру материалы есебінше іссапар қаражатынан шамамен 190 мың теңге жиналған. Осы жерде басын ашып айта кетелік, жиналған қаражат ауыл әкімінің жеке мүддесіне емес, ауыл әкімі аппаратының ортақ шаруасына жұмсалғандығы анықталған. Сөйте тұра, ауыл әкімінің қарауындағылардан ақша жинауы  заңға  қайшы  әрекет.

– Әкім болып келгеннен кейін бір маман үш интернет модеміне өз қалтасынан ылғи ақша салып отыратынын айтып шағымданды. Сосын ұжымды жинап, ортақ қаражат шығарып отыруды ұсындым. Сонымен қатар  қызметтік көлік жиі бұзылатын болған соң, жөндетуге тура келеді. Бұл ісімнің заңсыз екенін мойындаймын, – деді Айбар Жаңабаев.

– Сіз әкімсіз. Ұжым ұсынысыңызды заңды бұйрық ретінде қабылдайды. Басшыға кім қарсы шығады?! Оларды қорғаудың орнына құқығын бұзып отырсыз, – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінің басшысы, әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Зеленов ауданының әкімі Асхат Шахаровқа Рубежин ауылының әкімі Айбар Жаңабаевты мемлекеттік қызметке кір келтіретін заңға қайшы әрекетке жол бергені үшін атқаратын лауазымына толық сәйкес еместігі жөнінде әкімшілік шараға тарту жөнінде ұсыныс хат жолдауды мақұлдады.

Кеңес отырысында көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау департаменті Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыровтың тәртіптік ісі қаралды. Орал көлік прокуратурасының өкілі Шаһзада Әлібекованың түсіндіруінше, биылғы мамыр айында Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Оралдан басқа қалаларға қатынайтын пойыздарды тексеру барысында жыл басынан алты әкімшілік іс қозғаған. Наурыз айында Орал – Алматы бағытында жүретін жолаушылар пойызын тексеріп, акт құжатында ішек құртының бактериясы табылуына қатысты төрт фактіні және басқа да бұзушылықтарды көрсеткен. Сол  үшін жолсерікті ғана жауапқа тартып,  оған  айыппұл  салған.

– Арнайы қолғап болмағаны, су шүмегінің бұзылғаны немесе басқа бұзушылықтар болғаны үшін неге жолсеріктер ғана кінәлі? Тексерушілер ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, хаттама толтырған кезде жауапқа тартылғандарға, жеті күн ішінде төлеген жағдайда айыппұлдың 50 пайызын ғана өтеуге болатынын түсіндірмеген. Және бактерияның табылуына байланысты кешенді тексеру жүргізіп, заңды және лауазымды тұлғаларды, мәселен, бұл іске жауапты «Жолаушылар тасымалы» АҚ басшылығын жауапқа тартуды ұсынбаған.

Яғни тексеру жүйелі ұйымдастырылмаған, – деді Шаһзада Әлібекова.

Орал бөлімшелік қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айтқали Батыров басқарма мамандары пойызды бір сағат ішінде тексеріп үлгермейтінін айтып ақталды.

– Мемлекеттік қызметші өзінің міндетін тиімді атқарып, жұмыс уақытын дұрыс ұйымдастыра білуі тиіс. Сондықтан ұжым қызметкерлерін жауапты іске жүйелі жұмылдырмай, міндетіне салғырт қарағаны үшін Айтқали Батыровқа қатаң сөгіс ретінде ескерту беруге ұсыныс жасаймын, – деді облыстық әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов. Төраға ұсынысын кеңес мүшелері  бірауыздан  қолдады.

Кеңес отырысында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев жер телімдерін бөлуді заңға сәйкес жетілдіру және бұл үрдіске жариялық пен ашықтық сипат беруді қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатырған жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар осы жиында әдеп кеңесінің төрағасы Болат Исақов облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары, осы мекемедегі тәртіптік комиссияның төрағасы Нұрлыбек Мұсаевқа тәртіптік комиссияның жұмысын жетілдіруді және сыбайлас жемқорлыққа жол бермейтін жұмыстарды  ширатуды   тапсырды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жәнібектің Жанары

Күні: , 825 рет оқылды

Жәнібек ауданының орталығы жылдан жылға көркейіп, мекеме ғимараттары әрленіп, әлеуметтік нысандар көбеюде. Ауылға келгендерді қош алатын Ғұмар Қараш көшесінің бойы күнде қарбалас. Әсіресе, «Қазпошта» мекемесі, «Бәйтерек» бой түзеген орталық алаң, қос базар маңы қайнаған тірлік.

Ауыл ішінде ерсіліқарсылы ағылған жұртшылық арасында «шайтан арбаны» тізгіндегендер де жиі ұшырасады. Жәнібектіктер велосипедті тұрмыс қажеттілігіне ғана пайдаланбай, қызметтік көлікке айналдырып үлгерген. «Шайтан арбаны» ерттеп мінгеніне қысылып-қымтырылмай, қайта қарапайым болмысымен велосипедпен жүруді қолдап-қуаттайтын, шенеунік есебіне кіргенімен, халық шекпенінен шыққанын ұмытпайтын жандар бар. Солардың бірі – Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар  Қошанова.

Жанар Диясқызының өмірі мемлекеттік қызметпен біте қайнасқан. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңінде де ауданда атқамінер азаматтармен бірге еңбек етті. Еңбек жолында бірнеше салада басшылық қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ішкі саясат бөліміне екінші мәрте басшы болып оралды. Саяси салмағы басым, аудандағы барлық қоғамдық-әлеуметтік мәселемен тығыз байланысты саланың суығына тоңып, ыстығына төзіп жүрген Жанар Қошанованың болмысы қайсар екені ширақ қимылынан бірден аңғарылады. Жүзі шуақты, ақжарқын көңілмен жарқырай амандасып жүретін жігерлі әйелді қашан да көпшілік ортасынан көресің. Аудандағы қоғамдық-саяси, мәдени, спорттық шараларға белсене қатысады. Жауапкершілігі мол маңызды міндетті орындауды өз белсенділігімен мойнына алып, оны тиянақты атқарып, іскер қабілетімен ұршықша үйіріп әкететін қасиеті бар. Бір ерекшелігі, бөлім басшысы жұмыс орнына велосипедпен келуді тұрақты әдетке айналдырған. Бұдан бөлек, жұмыс аяқталғаннан кейін басқа да спорт түрлерімен шұғылдануға  уақыт табады. Әуесқой спортшы үстел теннисін жақсы игерген, волейболда белсенді, тіпті, қол күресіне қатысып, күш сынасуға да әзір тұрады. Саламатты өмір салтын насихаттап, жан-жағына жылу сыйлап жүретін жанның еңсесі түсіп, бордай үгітіліп жүргенін көрмейсің. Үнемі емен-жарқын мінезімен көпке жігер сыйлап жүреді. Кейде көңіліндегісін бүкпей айтатын тік мінезі де бар. Жанар Диясқызы – мемлекеттік қызметтен қол үзбей жүріп, төрт баланы тәрбиелеп өсірген еңбекқор  ана.

– Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты маусым айында мемлекеттік қызметкерлер арасында облыстық спартакиада өтті. Спартакиадада волейболдан жәнібектік әйелдер құрамасы екінші орын алып, жүлделі оралдық. Аудан орталығында велосипед тебуді әдетке айналдырғанмын. Күнделікті  қарбаласқа үлгеруге өте қолайлы. Маңызды жиналыс болғанның өзінде қызметтік көлікті пайдалана бермеймін. «Шайтан арбамен-ақ» діттеген жеріме шапшаң барып, шұғыл шаруаларға үлгеремін. Есесіне, таза ауа жұтып, тұлабойыма қан жүгіріп, бір жасап қаламын. Жақында әріптестеріме, әсіресе, мемлекеттік қызметкерлер арасында «Автокөліктен велосипедке» деген акция өткізуге ұсыныс жасадым. Сол арқылы өзіміз бастама көтеріп, велосипед тебуді кеңінен насихаттағымыз келеді, – деді Жәнібек аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Жанар  Қошанова.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Сәбилерге – домбыра

Күні: , 60 рет оқылды

Ұлттық домбыра күніне байланысты Орал қаласындағы ҚР Тұңғыш Президенті алаңында шаралар ұйымдастырылды. Алаңға киіз үй тігіліп, өнер ұжымдары, жыршы-термешілер, күйші-домбырашылар əн-күй төкті.

Қадыр ақынның ескерткішіне гүл қойылғаннан кейін мерекелік концерт басталды. Облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов рухани жаңғырудың нағыз үлгісі домбыраны ұлықтау екенін айтты.

– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланғанда өңірдегі сарапшылар кеңесі ұсыныс-пікірлерін білдірді. Біздің кеңес жылдың бір күнін домбыраны кеңінен насихаттауды ұсынып, соған байланысты Президент Әкімшілігіне хат жолдадық. Биыл Елбасы шілденің алғашқы жексенбісін «Ұлттық домбыра күні» ретінде атап өту туралы жарлыққа қол қойды. ҚР Тұңғыш Президенті алаңында Домбыра күнін мерекелеу үшін «Нағыз қазақ қазақ емес, Нағыз қазақ – домбыра!» деп өлең өрнектеген Қадыр Мырзалиевтің ескерткішіне гүл шоғын қойдық. Биыл мектептерде үзілісте қоңырау орнына күй ойнауды енгіздік. Бұл үрдіс – ұрпақ санасына баба үнін сіңірудің тамаша жолы. Қазақ үшін жаһандану үрдісінде ұлт болмысын сақтаған өте маңызды, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Мерекелік концертте «Орал сазы» фольклорлық ансамблі Баламайсаңның күйі «Қыз Ақжелеңді», халықтық «Шежіре» ансамблі Құрманғазының «Саранжабын» тартты. Жыршы Фархат Оразов халық әні «Ақеркені» шырқады. Домбырашы Едіге Нəбиев пен жас өнерпаздар Мəдина Ғазезова мен Ақтоты Қабиева ұрпақ сабақтастығы ретінде «Ақсақ құлан» күйін ойнады.

Сол күні БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері көпбейінді Орал қалалық аурухананың перзентханасына барып, жарық дүниеге сəби əкелген аналарды құттықтап, олардың құрметіне домбырамен əуелетіп қазақ əндерін орындады. Оның ішінде орыс халқымен достыққа дәнекер Мәриям Жагорқызының әні «Дудар-ай» да шырқалды. Облыс əкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов мереке маңызын түсіндіріп, киелі өнер ұрпаққа мирас болып қалатынын тілге тиек етті. Перзентханаға келген ассамблеялық топ аналарға домбыра табыстады.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


Айтыстың арқауы – 60 жылдық

Күні: , 240 рет оқылды

Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Ақ Жайық айтысының 60 жылдығына арналған «Жалындаған Жайық-жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Оған Астана қаласы мен Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 20 ақын қатысты. Сөз додасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғарифолла Көшенов, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын Шолпан Қыдырниязова, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері, ақын Дариға Мұштанова, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ақын Үзілдік Елеубаева, айтыскер ақындар Талант Арғынғали мен Жібек Болтанова және халықаралық ақын-жыршылар одағының мүшесі Бауыржан Халиолла қазылық етті.

Айтысты бөрлілік қу тілді Жарқынбек Шынтаев қарсыласы ақжайықтық Естеміс Мұхамбетовті қағытумен бастап, құрдастық қалжыңмен «ауыздан авария болмауды» ескертті. Оған саспаған  Естеміс ер:

Авария сіздің жақта көп болады,

Көрдік қой жолдарыңның жамауларын.

Әйтпесе, асыққан ауылыңа,

Шарасыз кетіп жатыр «шарандарың», – деп көлік жүр-гізушілерінің сақтық шараларын ескермеуінен жол апаты көбірек орын алып жатқанын мысқылдап жеткізді. Екеуі де той тізгінін ұстаушыларға қарата сын айтып, елеусіз қалып жүрген тақырыпқа түрен салды. «Асабаң айқайлатып той бастаса,  кем емес ел шетіне жау келгеннен. Халықты жынды қылып жібереді, Сыланып өзі тойға сау келгенмен», – деген Естеміс есті сөз айтып үлгерді.

Сахнаға Бөкей ордасынан ат арытып келген Жоламан Сисенғалиевке қарсы Ақжайық ауданының адуынды ақыны Мейірман Шәкенов сөз сойылын көтере келіпті. Тілі тақылдаған Мейірман ұтымды ұйқас, оралымды ой, ұтқыр уәж айтып, жекпе-жекте басым шықты. Ал Оралдың жас серісі Орынбек Меңдіқұлов пен оның айтуынша «Төлегенін іздеп келген» Қызылорданың аруы Жібек Шахмарданқызының сөз шарпысуы қыз бен жігіт айтысының озық үлгісіндей көркем шықты.

Жігіттің қызға дұрыс қырындауы,

Жыбырлап бара жатыр мұрын жағы.

Бұл қызға сөз салмасам айып болмас,

Салтымен серілердің бұрындағы,  – деген Орынбектің екпінін:

Бойында Жайық деген ізгі өткелдің,

Дүбіріне үн қосып біз жеткен күн.

Сені ешкім сұраған жоқ, айналайын,

Керісінше, талайды іздеткенмін, – деген Жібек бойдағы күшті елдік мәселелерді шешуге арнау керек екенін айтып, жігіттің арынын басты.

Оралдық жерлесіміз Талғат Мықи Маңғыстау облысы Жаңа-өзен қаласынан келген Арғынбек Қалбаевпен айтысында өзекті мәселелерді көтерді.

Қысық көзді қытайлар толып жатыр,

Қар астына жасырып қақпан бүгін.

Көрдік қой сол жақтағы қандастардың,

Қабағына қар болып қатқан мұңын.

Көшеден  ұстап  алып  көрінгенді

Жазықсыз темір торға жапқандығын.

Атажұртқа өтуге рұқсат бермей,

Әр басқан қадамын баққандығын, – деп қазіргі уақытта қоғамда өзекті тақырып болып тұрған шетелдегі қандастар мұңын толғады.

Бірқатар айтыскер ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай журналистер қауымына өкпе-назын айтып үлгерді. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың студенті Алшынбек Мұқанғалиев қуақы тілмен Ақжайық аудандық газетінің тілшісі Бекболат Қаленовке «түймедейден түйедей дау қылатын, төбедей мағлұматты тау қылатын» журналистердің қаптап кеткенін айтып «тиісті». Қоңыр  үнді, қараторы, асықпай толғап,  Айбек Қалиевше өткір тілетін Бекболат қарсыластың «жұлқымасына» саса қоймады.

Жамандап журналистің барлығын да,

Сүйреңдеп бара жатыр тілі мүлдем.

Жартысы қазылардың журналист қой,

Жақсы балл алмайсың-ау бүгін мүлдем,

Журналист – қоғамның тамыршысы,

Түйткілді көп жайттың тілін білген, – деп әріптестер намысын қорғай отырып, «Мал қораны көрмеген магистрант, айыр мен күректі айыра ала ма?» деп мысқылдап қойды. Мэлстің шәкіртімін деп келген маңғыстаулық Абай Жалмағамбетовтың Алшынбектің ойымен сарындас сыни сұрағына «Сырым елі» газетінің тілшісі, жас дауылпаз Бауыржан Шимердинұлы «өсек-өтірікті сөз қылудан аулақ» аудан тілшілерінің мұң-мұқтажы бар екенін тілге тиек етті.

«Дипломмен ауылға»

Бара  алмайтын тілшілер,

Қызметтік пәтерді

Ала алмайтын тілшілер, – деп журналистердің баспанасыз жүргенін Бауыржан баса айтты. Аламанда оралдық Жансая Мусина мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаровтың сөз қағысуы әзіл-қалжың аралас өрбігенімен, екі дүлдүл әлеуметтік мәселелерді  аса қаузай қоймады. Ал Қаратөбе ауданынан келген 11-сынып оқушысы Райымбек Өтепов бозбала болса да, шикі өкпе емес екенін аңғартып, азулы ақын Мұрадым Мирлановты «ағалай» отырып, «жағаласып та алуға» әзір екенін аңғартты. Сахнада жалын тіктеп, еркін атой салған жас саңлақтың жігерін жасытпай, қалжыңмен демей отырып айтысып, аға мен іні арасындағы әдеп шегі мен әдемі қайырымнан аспаған Мұрадым соңғы сайыста да жаңаөзендік Қалбаевтан сан алуан мақам, сал-мақты ой, ұтымды уәжімен жүйрік шықты. Жаңаөзен оқиғасын толғамай жайбарақат жүргенін «бетіне басқан» ақынға Арғынбек іні ретінде жол берді.

Ақ Жайық айтысының 60 жылдығына арналған өнер аламанында ақындар алдыңғы буын айтыскерлердің есімдерін тілге тиек етті. Облыстың шалғай аудандарына жол тартылғалы жатырғанын қуанышпен жырға қосты. Айта кетерлігі, республикалық айтысқа соңғы кезде сөз майданында көрінбей жүрген  жас перілердің көбірек қатысуына мүмкіндік жасалыпты. Мысалы, өткір тілімен көзге түскен дауылпаз Мейірман Шәкенов қазылар мықтыларды іріктеген екінші кезеңде қызылордалық Жібекпен де әдем айтыс жасады. Қазылар алқасына төрағалық еткен Ғарифолла Көшенов бүгінгі буынның қарымы кеңестік кезеңде айтысты жандандырған ақындар арынынан көш ілгері екенін айтып, жастардың ата дәстүрін дәріптеп, даңқын көтеріп жүргеніне ризашылық білдіруін өнер өрісіне берілген зор баға деп білеміз. Алайда Ақ Жайық атынан қатысқан жас ақындарға бірсарындылыққа ұрынбай, әр сәтін ізденіспен өткізуге, әлеуметтік мәселелерді тереңірек толғауға, өлең мәні мен ұйқасын мығымдап шегендеуге көңіл бөлу керек екені аңғарылып тұрды. Сахнада кейбірінің сөз саулатып отыруы алдын ала дайындық шеңберінен шықпай жүргенін айғақтайды.

Сонымен, «Жалындаған Жайық-жыр» республикалық айтысында бас жүлдені жеңіп алған жәнібектік Мұрадым Мирланов 500 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Бірінші орынға (350 мың) бөкейордалық Жансая Мусина лайық деп танылды. Екінші тұғырдан (200 мың) ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен қызылордалық Жібек Шахмарданқызы көрінді. Үшінші орынды оралдық Орынбек Меңдіқұлов пен маңғыстаулық Арғынбек Қалбаев алды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ,

Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ


Айтыстың мерейтойы

Күні: , 47 рет оқылды

Биыл – Ақ Жайық  атырабында қазақ өнерінің күретамыр бір саласы айтыстың қайта жанданғанына 60 жыл.

Сейсенбі күні осыған байланысты Салтанат сарайында «Айтыс – ұлттық құндылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған өңірдегі айтыс өнерін жандандырған буын өкілдері және жас ақындар қатысты.

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  айтыс  өнері – ұлттық  дәстүр сабақтастығы, қазақ мәдениетінің өзегі екенін, өңірімізде айтыс ақындары мектебі сәтті қалыптасып жатқанын, облыс әкімдігі тарапынан бұл үрдіске қолдау білдіріп отыратынын атап өтіп, Орал қаласында өтетін сөз додасына қатысатын ақындарға сәттілік тіледі. Жиын барысында айтыс айдынында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардагерлер – қазылар алқасына төрағалық ететін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ардагер-журналист Ғарифолла Көшенов, «Құрмет» орденінің иегері Шолпан Қыдырниязова, ҚР Білім беру саласының құрметті қызметкері Дариға Мұштанова сөз өнеріне қойылатын талап, ақындардың ақиқатты айтуда алмастай жарқылдай білуі, қазіргі айтыстың бағыт-бағдары жөнінде айтты. Өңірімізде ақындар айтысы ресми түрде 1958 жылы өткен. Айтыста қаратөбелік Хамит Әбілов бірінші, жымпитылық Жаңыл Жұрмағамбетова екінші орын алған. Басқосуда алдыңғы буынғы айтыс өкілдері Мектеп Досқалиев, Нығмет Нағымов, Сағынғали Мұқанов, Шолпан Текебаева, Кенжеғали Балабасов, Асқар Сұлтанов, Шәки Қайырғалиев туралы естеліктер айтылды.

Шарада бір топ ақын мен жер гілікті өнерпаздарға «Жайық айтысына – 60 жыл» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында бүгінде әр салада қызмет етіп жүрген Қатимолла Бердіғалиев, Сағынтай Бисенғалиев, Үзілдік Елеубайқызы, Махмет Қажиахметов, Ұлдай Сариева, Талап Таймасұлы, Ертай Бимұханов, Дариға Нұрашева, Талант Арғынғали, Жібек Болтанова, Гүлжайна Бисенғалиева, Назгүл Кәрімова, Лұқпан Елеу секілді аға буын өкілдері мен халықаралық, республикалық айтыстарда облыс намысын қорғап жүрген жас ақындар Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов, Талғат Мықи, Эльдар Ихсанов, Бауыржан Мұстафиев, Орынбек Меңдіқұлов  марапатталды.

Ертеңіне «Жалындаған Жайық жыр» республикалық ақындар айтысы өтті. Айтысқа Астана қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан 20 ақын қатысты.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»


«Салалық кәсіпорындар бәсекелестікке сай жабдықталуы керек»

Күні: , 53 рет оқылды

Кеше  ҚР  Қорғаныс  және  аэроғарыш  өнеркәсібі  министрі  Бейбіт  Атамқұлов  жұмыс  сапарымен  Орал  қаласына келді. Министр  облыс  әкімдігі ғимаратында  өткен  жиында облыс бойынша  индустрияландыру  және  қорғаныс  өнеркәсібіне  қатысты  тапсырмалардың  уақтылы  орындалуын Елбасы  басты  назарда ұстап отырғанын айтты.  Жиынға  облыс  әкімі   Алтай Көлгінов, қорғаныс  саласына  қатысты  өнім  шығаратын  зауыттардың  басшылары,  шекара  қызметі  және  құқық  қорғау  құрылымдарының өкілдері  қатысты.

– Бір ай бұрын мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын көріп, оларды жаңғыртуға байланысты нақты тапсырмалар берген еді. Бүгін соған қатысты негізгі бағыт-бағдарды саралап, көтерілген мәселелерді талқылаймыз. Оның ішінде салалық кәсіпорындарды бәсекелестікке сай жабдықтау жайы қамтылады. Облыста қорғаныс өнеркәсібінің төрт кешені орналасқан. Бұл бағытта 2 мыңдай адам еңбек етеді. Өңірдегі қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындары былтыр 13 млрд. теңгеге жуық өнім шығарды, – деді  ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министр сол күні «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ кешені мен «Зенит» зауытында болды. Айта кетейік, «Зенит» зауытында 1993-2017 жылдар арасында еліміздің Қарулы күштеріне сыйымдылығы 240 тоннаға дейін жететін 27 катер мен кеме шығарған. Былтыр кәсіпорын шығарған өнім құны 8,7 млрд. теңгені құрады. Биылғы қаңтар-мамыр айларында 640 млн. теңгеге жуық өнімді шығарды. Бұл өткен жылғы есептік көрсеткіштен 87,7%-ға төмен. ҚР ҰҚК шекара қызметі сұранысы үшін «Барыс» кемесін шығаруға және екі кемені жеткізуге келісім жасалған. Қазіргі уақытта кәсіпорын жүктемесінің 25%-ын құрайтын  бұл  тапсырыс  жеткіліксіз  көрінеді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ кешенінде 500-ден астам адам еңбек етеді. Бұл компания Орталық Азия мен Қазақстан аумағына қару-жарақ пен оқ дәрі, сонымен қатар мұнай-газ жабдықтарын шығарады.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында кешен өнімінің көлемі 1813,4 млн. теңгені құраған. Яғни, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,9%-ға аз.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

Орал   қаласы

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика