Тег: ‘Нұрбек Оразаев’


Депутат бағасын берген қожалық

Күні: , 33 рет оқылды


Облысымызға арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Жексенбай Дүйсебаев Ақжайық ауданындағы «Сәбит» шаруа қожалығында болып, асыл тұқымды мал өсіру жұмысымен танысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен БҚО аумақтық инспекциясының басшысы Лавр Хайретдинов астаналық мейманды қожалыққа бастап барды.


Айта кетейік, 2004 жылы құрылып, негізінен асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Сәбит» қожалығының бүгінде шаруасы мығым. Қысқы-жазғы орындардағы мекен-тұрақтарын сайлап алған. Тұрғын үйге қоса, қора-қопсысы да сақадай-сай. Бүгінде кәсібін дөңгелеткен Мирболат, Ерболат есімді ағайынды Құрманғалиевтер өңіріміздегі асыл тұқымды мал өсіруді жақсы жолға қойған маңдайалды шаруашылық. Төрт түліктің ішінен қазақтың асыл тұқымды ақ бас ірі қарасын және асыл тұқымды көшім жылқысын өсіріп, оларды өз төлдері есебінен көбейтуде. Шаруашылықтың малы төрт қыстақта орналасса, олардың бағымымен тұрақты түрде 25 адам шұғылданады. Қожалықтың негізгі малы орналасқан орында бес үй салынған. Біреуінде қожалық иесі тұрса, қалған үйлерде шаруашылықта жұмыс жасайтын төрт отбасы тұрады. Қожалық меншігінде 18 543 гектар жер болса, соның 874 гектары егістік, 811 гектары шабындық, 16 833 гектары жайылымдық жер. Егістіктен түсетін өнім орташа есеппен гектарына 15-20 центнерді құрайды. Бүгінде қожалық иелігінде ірілі-ұсақты 900 бастай асыл тұқымды мал бар. Өткен жылы өңірдің барлық аудандарынан дерлік қожалықтар осы шаруашылықтан 167 бас асыл тұқымды қашар мен бұқа сатып алған.

Түс ауа шаруашылыққа арнайы келген меймандарды ағайынды шаруа жігіттер қожалық маңындағы канал бойынан қарсылап алды. Қонақтардың көліктен түсуі сол екен, қожалық иелері шаруаларымен таныстыра жөнелді. Су арнасын бойлай өскен тал-теректің іргесінде, көпірте шашылған көк шөпті күйсеп тұрған малдың қарасы көп-ақ. Шөбі алдында, суы жанында орналасқан асыл тұқымды аналық осы жерде қыстап шығады екен. Өткен жылғы төлінен енді ажыратылып, төлдеудің жаңа кезеңіне көшкен аналық малдың қыл-майқаны білінбейді. Әр табында 120 бастан бағылады. Каналдың арғы бетінде өткен жылы жай төлдеген марқа бұзаулар анасының қасында ойнақтап жүр. Одан әрі бұрыннан «Қызыл Иван» деп аталып кеткен қожалықтың негізгі мекені орналасқан қыстаққа келіп жеттік. Қаз-қатар салынған тұрғын үйлер, тізілген қора-қопсы. Әуелі заманауи үлгіде салынған малды қолдан ұрықтандыру, ем-дом жұмыстарын жүргізуге арналған бекет, ондағы мал егу жұмыстары көрсетілді. Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасының Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстары бойынша өкілі Мақсот Балқы-баев келген қонақтарды қожалықтағы мал тұқымын асылдандыру бағытындағы атқарылған істермен, алда тұрған жоспарлармен таныстырды. Маман осы жұмыстардың барысында кездесетін қиындықтарды да атап, сол мәселелердің шешу жолдарын қарастыру керектігін де айтып өтті.

Қаңқасы темірден тұрғызылып, төбесі қымталып салынған орында өткен жылы алынған төлдер тұр. Асыл тұқымды таналар мен бұқашықтарға арналған қорада барлық жағдай жасалған. Көк шөп, құрама жем, таза сулары алдарында. Ауланың іші мұнтаздай. Бұқашықтар шағын бөлмелерге 12-15 бастан бөлініп қойылған. Әр бөлменің тұсында олардың шығу тегі туралы мәлімет, әр айда қосқан тірілей салмағы секілді барлық қажетті мағлұмат жазылған. Ауланың жанында шағын бордақылау алаңы бар. Бұл «майлы орынға» жаңағы бұқашықтар мен таналар кезектесіп, айына екі мәрте кіріп шығады екен.

Асыл тұқымды мал өсірудің кәнігі маманы Мақсот Балқыбаевтың айтуынша, заманауи үлгіде салынған мұндай станция көп жерде кездесе бермейді. Бұл істердің барлығы асыл тұқымды қазақтың ақбас тұқымды малының басын көбейту, таза қанды бұқалар шығару мақсатында жасалуда.

Өңірдегі мақтаулы қожалықтың жұмысымен жіті танысқан Мәжіліс депутаты Жексенбай Дүйсебаев та шаруашылық ісіне көңілі толғандығын айтты.

– Сонау жетпісінші жылдардың басында жоғарғы оқу орнында оқығанда, кейін еңбекке араласып, мал шаруашылығы саласында жұмыс жасағанда, асыл тұқымды мал өсіру туралы теориялық білімім болатын. Ал бүгін алғаш рет Батыс Қазақстан облысынан осы игі істің қалай атқарылатынын көзіммен көріп тұрмын. Мал шаруашылығын дамытып, сапалы өнім алуда мал басын асылдандырудың маңызы зор. Айналысып отырған істеріңіз берекелі болсын! – деді Жексенбай Қартабайұлы.

Қожалық иелері жаңа үлгідегі салынған тұрғын үйлердің аумағын кеңінен қоршап, жеміс ағаштарын егуді де қолға алған.

– Атадан мал қалғанша, тал қалсын демей ме атам қазақ. Сол мақсатта шағын болса да, бақ отырғызуды қолға алдық. Өткен жылдың көктемінде бірнеше жүздеген түп алма ағашын ектік. Бұйырса, екі-үш жылда жемісін көреміз бе деп отырмыз, – дейді Ерболат Құрманғалиев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Қаңтар айының алғашқы жұмыс күндерінен бастап Парламент депутаттары еліміздің өңірлерін аралауда. Батыс өңіріне жұмыс сапарымен келіп, бірқатар аудан-ауылдарда болдық. Бұндай кездесулер сайлаушылар үшін де, депутаттарға да қажет-ақ. Депутаттар халық пен үкіметтің арасындағы дәнекер іспеттес. Осындай жұмыс сапарларында өңірлердегі оң өзгерістерді көзбе-көз көреміз, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен мұң-мұқтаждарын құлағымызбен естиміз. Содан түйін шығарып, жоғарғы өкілеттік органдарға жеткізу – біздің басты мақсатымыз. Батыс Қазақстан облысында атқарылып жатқан бірқатар игі істердің куәсі болдық. Әсіресе, ауыл шаруашылығын дамыту, мал басын асылдандыру мен көбейту мақсатында жасалған қарқынды істердің куәсі болдық. Бүгінде қай салаға болмасын мемлекеттен үлкен қолдау көрсетілуде. Сол арқылы бірқатар түйін шешіліп келеді. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер де бар. Мәселен, бүгінде өндірілген өнімді сапалы өңдеп, уақтылы нарыққа шығарып, тиімді бағамен сату жағы ақсаңқырап тұрғаны белгілі. Өнім өндіретін адам оны өткізуге бас ауыртпауы тиіс деп ойлаймын. Бұл жерде өнімді тасымалдау, өңдеу, сақтау, сатумен шұғылданатын басқа буындар іске қосылуы керек. Ендігі жерде осы мәселеге көп көңіл бөліп, бір шешімін табуымыз қажет.


Билік пен бизнестің ынтымақтастығы

Күні: , 27 рет оқылды


Кеше  өңірдегі кәсіпкерлік  палатасында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  бір  топ  бизнес өкілдерімен  кездесті.  Кәсіпкерлермен  жеке кездесу  үрдісі  облыс  әкімінің  бастамасымен  тек  біздің  өңірде  ғана  өткізілетіндігін  айта  кетейік.


Мұндай кездесу ағымдағы жылы бірнеше мәрте ұйымдастырылып отыр. Кездесуге келген жеті кәсіпкер жұмыс барысында кездесетін қиындықтар мен өз жоба-жоспарлары жөнінде өңір басшысына тікелей айтуға мүмкіндік алды. Айта кетейік, ағымдағы жылдың наурыз айынан бері 56 кәсіпкер облыс әкімінің қабылдауында болған.

Облыс әкімімен кездесуге келген кәсіпкердің бірі айналысып отырған кәсібінің аясын кеңейтуді мақсат етсе, екіншісі, өз жобаларын жүзеге асырғысы келеді.

– Біздің кәсіпорын көп жылдан бері шынжыр табанды аэроботтар құрастырумен шұғылданып келеді. Алға қойған жоспарларымыз да аз емес. Кәсібімізді одан әрі дамытуға арнайы орынның болмауы қолбайлау болуда. Қазіргі уақытта ғимаратты жалға алып отырмыз. Оған көп шығын жұмсаймыз. Осыған орай бізге арнайы ғимарат бөлуге немесе жер телімін беруге көмектессеңіз, – деді «AIROBOT» ЖШС жетекшісі Айбар Хуспанов.

Облыс әкімі бұл мәселенің аяқ асты шешілмейтіндігін, бірақ жуық арада құзыретті органдармен ақылдаса отырып, түйіткілді шешу жағын қарастыратындығын мәлімдеді.

Кездесуге келген Гүлмира Салихова есімді жеке кәсіпкер Орал қаласынан асхана салуға жер телімін сұраса, ақсайлық Әлібек Төлепов те көлік жөндеу бекетін салуға жерден көмек керектігін  айтты. Облыс әкімі мәселені барынша шешу жолын қарастыратындығын жеткізді.

Жалпы бұл күні «Атамекен» палатасында өткен кездесуде облыс әкімі жеті кәсіпкерді қабылдады.

– Елбасымыз шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету керектігі бағытында үлкен міндеттер жүктеп отыр. Осы бағыттағы жұмыстар біздің өңірде де жақсы қарқын алуда. Облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен әкімдікте қабылдасақ, бұл жерде тек өңірдің бизнес өкілдерімен ғана кездесеміз. Бұл басқосуларда кәсіпкерлер бизнес саласындағы кездескен қиындықтар туралы, оны қолдауға қажет жағдайлар туралы өз ойларын ортаға салады. Кәсіпкерлердің іскерлігі мен ой өрістерінің өсуі, кездесуге тыңғылықты дайындықпен келуі көңіл қуантады. Бүгінгі кездесуге келген «Азия Глобал Сервис» серіктестігінің жас жігіттері оқу орталығын ашып, бизнес саласындағы білімдері мен тәжірибелерін кейінгі жастарға оқытқысы келетіндіктерін айтты. Келер жылдың ақпан айында осы тақырыпта жастар форумын ұйымдастырамыз деп жоспарладық. Биылғы өткізілген тұрақты кездесулеріміз келер жылы да өз жалғасын таппақ. Себебі билік пен бизнестің арасындағы көпір үзілмеу керек, – деді облыс әкімі  Алтай  Көлгінов.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жеңіл өнеркәсіптің жолы ауырлап тұр… оны оңалту үшін мемлекет көмегі қажет

Күні: , 10 рет оқылды


Жеңіл өнеркәсіп – ел экономикасының күретамырына айналар маңызды салалардың бірі. Жеңіл өнеркәсіп саласы өндірісін жолға қоюдың елдің импорт қауіпсіздігін қалыптастырып, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтуда үлесі зор. Finprom.kz сараптама орталығының мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың 30 пайызға жуығы жабылып қалған. Сондай-ақ киімнің 97 пайызы, аяқкиімнің  96 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 60 пайызы шетелден импортталады. Жеңіл өнеркәсіптің ауыр жағдайына шолу жасау үшін осы саладағы негізгі мәселелерді санамалап, мамандардың пікірлерін білейік.


Тәуелсіздік алған жылдарда еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы оның ішінде мақта, тоқыма өндірісі біраз тұралап қалғаны рас. Қазақстан Республикасында 1992 жылға дейін «Жеңіл өнеркәсіп» жақсы жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдардың басында нарықтық экономикалық жағдайларға байланысты жіпті өз елімізде иіріп, матаны өз елімізде тоқып, теріні илеп, киімді де өз жерімізде тіккеннен гөрі, көршілес елдер мен алыс-жақын шет мемлекеттерден сатып алған тиімді деген түсінік болды. Осылайша түрлі сылтаулар мен тағы басқа да желеулер бұл саланың қызметін тоқтатып, қолда бар өндіріс орындарын, зауыттар мен фабрикаларды жеке-меншікке өткізуге жол берілді. Кеңес уақытында бұл салада бір Қазақстанның өзінде 402 000 адам жұмыс істеген.

Кезінде бүкіл елге танылған Орал қаласының тігін-тоқыма фабрикаларының ісі бүгінде оңға басап, табысқа батып жатыр деп айту қиын. Өндіріс орнының бірі араға айлар салып, сауда орталығына айналса, енді бірі түрлі кедергілерге байланысты толық қуатта жұмыс істей алмай отыр. Аграрлы өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің бұлайша басынан бақ таюының себеп-салдары көп көрінеді. Киім-кешек пен төсек-көрпе өндірісіне қажет мал терісі мен қой жүні аймақта жетіп артылады. Әркімнің қора-қопсысында тау-тау болып үйілген жүн-жұрқаның шіріп жатқаны тағы бар. Ал тұрғындар болса, базардағы қытай мен түріктің арзанқол өнімдерін тұтынуға мәжбүр. Жеңіл өнеркәсіп сала-сының өндіріс ошақтары сапалы өнім шығаруға бек қабілетті болғанымен, ішкі нарықта шетелдік өндірісшілермен экономикалық теңсіздік жағдайында. Облыс нарығы Қытайдың, Түркияның, Қырғызстанның сапасы күмәнді контрабандалық киім-кешегіне сықап тұр. Бір қызығы, шекарадан өтетін киім-кешек тауарларының стандарттарға сәйкестігі толық тексерілмейтіндіктен, сырттағы өндірісшілер арзан киімдер өндірісіне синтетикалық материалдар мен химикаттарды пайдаланады. Жеңіл өнеркәсіп саласындағылар үкімет тарапынан отандық өндірісшіні қолдау шаралары қолға алынуы керек деген пікірде. Бастысы, контрабандалық жолмен келетін тауарларға тосқауыл қойылса дейді. Бірқатар елдерде өндірісшінің барлық шығыны мемлекетпен өтеледі. Өйткені бұл — көптеген жұмыс орындарын беретін әлеуметтік бағыттағы сала. Мысалға, Қырғызстанда киім шығаратындар салықтың барлық түрінен, Түркиядағылар қосымша құн салығынан босатылған. Рас, соңғы жылдары Үкімет жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға назар

аудара бастады. Елдегі түрлі бағдарламалар шеңберінде жеңіл өнеркәсіп саласы кәсіпорындарына өндірісті жаңғыртуға, дамытуға жеңілдетілген несиелер берілуде. Бірақ сол несиеге оп-оңай қол жеткізіп, шаруасын шалқытып отырған жеңіл өнеркәсіп саласының кәсіпкерлері жоқтың қасы. Заман ағымына ілесуге, өндірісті дамытуға, сол арқылы қарапайым халықты жұмыспен қамтуға не кедергі? Мамандардан сұрап көрелік.

Амангелді Ермекқалиев басшылық ететін «Аяз» ЖШС — облыс көлеміндегі киіз-байпақ дайындау өндірісімен айналысатын жалғыз кәсіпорын. Сонау 1924 жылдан бері өңірді табиғи жүн мен теріден жасалған бұйымдармен қамтамасыз етіп келе жатқан кәсіпорын жұмысы соңғы онжылдықта әжептәуір тұралап қалған. «Ілгері жылжуға шамамызды келтірмей отырған басты кедергі – қаржы тапшылығы», дейді кәсіпорын басшысы. Заман ағымына байланысты кәсіпорын қанша қиындықтан өтсе де, жұмысты тоқтатпаған. Қазір кәсіпорында 70-ке тарта адам жұмыс істейді.

— Тіпті тоқырау кезеңінің өзінде де айырбас жасау тәсілімен шаруаның ретін келтіріп отырдық. Мысалы, 2000 жылдарға дейін Самара, Саратов облыстарының кәсіпкерлерімен, Челябинск теміржол басқармасы мен Ижевск және Уфа қалаларының кәсіпорындарымен іскерлік байланыста болып, өнімдерімізді олар ұсынған металл бұйымдары мен мұнай өнімдеріне, басқа да керек-жараққа айырбас жасадық. Байпақтың орнына алған тауарларымызды қажетімізге керегінше пайдаландық, өзімізден ауысқанын өзгелерге саттық. Сөйтіп, тоқсаныншы жылдардың қиындығынан да аман-есен өттік. Кәсіпорын байпақ басуды ешуақытта тоқтатқан емес. Бұрын сұраныс көп болған соң, тауарымыздың өтетінін біліп, байпақты көп мөлшерде баса беретінбіз. Қазір олай емес, байпақты есеппен басамыз. Мысалы, бұрын цехта күніне 600 дана байпақ басылған болса, бүгінгі таңда әрі кеткенде 100 пар ғана басы-лады. Бұдан да артық басып шығаруға мүмкіндігіміз бар, бірақ, тапсырыс болмаған соң тауарды өндіргеннен не пайда? Кезінде 75 адам жұмыс істеген цехта, қазір 15-ақ адам қызмет етеді. Қысқы киім болғандықтан, байпақ саудасы тек желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында ғана қызады. Наурыздан бастап күн жылынады да, байпақтың елге қажеті болмай қалады. Байпақ қанша жылы болғанымен, оны киетін адам аз. Саудагерлер, жол тазалаушылар мен малшылар болмаса, жаяу жүруді білмейтін қала халқы байпаққа аяқкиім деп қарамайды. Таза, табиғи жүннен жасалған байпақтың нарықтағы құны бар-жоғы 4000 теңге тұрады. Басқаша айтқанда, қытайдың сапасыз аяқ киімінен де арзан боп қалған байпағымыздың қазіргі халі мүшкіл, — дейді кәсіпорында 20 жылға жуық басшылық қызмет атқарып кеген Амангелді Шманғалиұлы.

Орал қаласындағы «Аяз» ЖШС табиғи жүннен бұйымдар жасап қана қоймай, жаңа өнім түрлерін шығаруда. Қазақтың өзіне таңсық дүниеге айналған киіз үйді шығарып, ұлттың рухани жаңғыруына өз қал-қадерінше үлес қосуы – құптарлық іс. Қазір кәсіпорындағылар алты, сегіз, он екі қанат киіз үй жасап шығарады. Бұрын қаңқасын темірден жасайтын болса, енді оны ағаштан жасайды. Киіз үйдің ішіне ұлттық нақышта жасалған сәнді жиһаз қойып шығару да жоспарланған. Киіз үйдің уықтары шығып кетпеуі үшін шалмалап байлайтын құры-шалманы, сәндік жиһаздық сипат беретін желбауды, басқұрды, үзік бауды, белбауды, тұмарды да «аяздықтар» сәндеп, өрнектеп өздері шығарады.

— Кезінде дүркіреп тұрған кәсіпорынды алға жылжытып, шаруасын дөңгелеткізгіміз-ақ келеді. Қолбайлаушылық пен кедергілер де аз емес. Өндіруші кәсіпорын болғандықтан біздің жұмысымыз коммуналдық шығындарға тәуелді. Күнделікті тұтынатын электр жарығы, көгілдір отын бағасы жыл санап өсіп отырады. Еліміздегі өндірісі үлкен кәсіпорындармен біз секілді шағын өндіріс орындарына тариф біреу. Тапқан табысымыздың кем дегенде 30 пайызын газ, электр жарығына төлеп отырамыз. Үкімет тарапынан біз секілді жеңіл өнеркәсіппен шұғылданушыларға жеңілдік қарастырылмаған. Жұмысшылардың еңбекақысына табысымыздың 30 пайызын, қажетті шикізатты сатып алуға 30 пайызын жұмсаймыз. Сонда кәсіпорынның таза пайдасы тек он пайызды ғана құрайды. Ал, он-ақ пайыз кіріспен кәсіпті кеңейту, жаңа технология енгізіп, жұмысшылар санын арттыру мүмкін емес. Алға жылжу үшін несие алуға тура келеді. Елде берілетін несиенің пайызы жоғары. Шет мемлекеттерде біз секілді жеңіл өндіріспен шұғылданатындарға несиені 2-3 пайызбен береді екен. Біздің банктердегі несиенің жылдық пайызы 15-16 пайыздан кем емес. Сондықтан жеңіл өнеркәсіпке жан бітіру үшін алдымен мемлекет тарапынан зор қолдау қажет деп есептеймін, — дейді Амангелді Шманғалиұлы.

Кеңес дәуірінде құрылып, бірнеше жүздеген өңір тұрғындарын жұмыспен қамтып, облыстың мерейін үстем еткен жеңіл өнеркәсіп ошағының бірі — «Надежда» ЖШС — тігін-тоқыма бұйымдарын шығаратын кәсіпорыны. Оның шығарған өнімдері – ақ жаймалар, жамылғылар, төсем көрпелер, халаттар, жүн шұлықтар, қолғаптар, жұмысқа арналған киімкешектер бүгінде жоғары сұранысқа ие. Дегенмен, тоқырау заманы, әлемдік дағдарыс, жекешелендіру секілді факторлар бұл кәсіпорынға да салқынын тигізді. Сұраныс азайды, жұмысшылар қысқарды. Бірақ «надеждалықтар» келер күннен үміттерін үзген жоқ.

Кәсіпорын басшысы Замир Ғалымжановтың  пайымдауынша, батыс өңіріндегі кейбір мұнайшылар жұмыс киімдерін шетелден тасып әкеледі. Жергілікті өндірісшілердің қолынан келетін шаруаны өзге жат елдегілерге беру қисынсыз. 2003 жылы жұмыс киімін тігуге лицензия алып, содан бері киім тігумен айналысып келе жатқан «надеждалықтардың» іс тігуде тәжірибесі жеткілікті. Әдетте сырттан келетін киімнің бір стандартпен тігілетіні белгілі. Олардың кейбірінің аракідік жұмысшылардың дене бітімі ерекшелігіне қарай үйлеспей қалатыны кездеседі. Сондықтан жұмыс киімін жергілікті өндірісшіге тіктіргеннен ешкімнің ұтылмасы анық. Өйткені фабрикадағылар үйлеспеген киімді қайтадан жөндеп беруге әзір. Бүгінде «Надежда» кәсіпорны темір торға қамалғандарға да жұмыс беріп, Оралдағы екі түрмеге тігін машиналарын апарып, төсекорын жабдықтарын тігуге тапсырыс беруде.

Кәсіпорын басшылығының діттегені – өндірісті көтеру.

— Бүгін фабрика жұмысын жандандыруда кездесетін басты кедергі – мамандардың тапшылығы болып отыр. Бұрынғы «Диана», «Белошвейка» секілді ірі тігін фабрикасында жұмыс жасаған мамандардың дені зейнет жасына жетті. Олардың орнын басар мамандар аз. Өңірдегі кәсіптік колледждерде тігінші-моториске емес, киім пішушіге оқытады. Ондай мамандыққа оқыған қыз балалар өндіріс орнынан гөрі жеке ательелерді жағалайды. Ол тігін шеберханаларында шалбардың балағын қайырудан басқа күрделі тапсырыстар болмайды, яғни жұмыстары жеңілдеу. Кәсіпорын жанынан тігіншілікке оқытатын орталық жоқ. Бірақ қазір қысқа мерзімді курстар ұйымдастыру арқылы бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Болашақта шетелден мамандар шақыртып, тігіншілікке оқыту курстарын ұйымдастыру, жас мамандардың солардан тігін жұмысын көзбе-көз, қолма-қол үйрену жағын қолға алу керек. Жұмысқа орналасқан жас мамандардың өзі тұрақтамайды. Кәсіпорында жалақы жұмыс көлеміне қарай төленеді. Ал жастарымыз тәжірибе жинамай-ақ мол табысқа қол жеткізгілері келеді. Тәжірибесі мол мамандар тәулігіне 2-3 костюм тіксе, жас мамандар бір костюмді 2-3 күн тігеді. Осыдан келіп жалақы айырмашылығы туындайды. Қысқа курс оқып келіп, жұмысқа орналасқан 10 маманның біреуі тұрақтап қалса, қуанамыз. Бүгін кәсіпорнында 80 адам жұмыс жасаса, соның тек оны – жас маман, — дейді Замир Мыржақұлұлы.

Сонымен қатар кәсіпорын басшысы елімізде өндірілген өнімге салынатын құн салығының да жоғары екендігін айтады. «Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан секілді елдерде мемлекет тарапынан жеңіл өнеркәсіп саласына көптеген қолдаулар бар. Олар өндірген тауарларына құн салығын төлемейді. Біздегі құн салығы өнімнің 12 пайызын құрайды. Егер сол салық алынып тасталса, өнеркәсіп иелеріне көп көмек болар еді. Соның есебінен жұмысшылардың еңбек ақыларын арттырып, жаңа өндіріс ошақтарын ашар едік. Бүгінде тапқан табыстың басым бөлігі салыққа, коммуналдық төлемдерге жұмсалады. Өндірісті заман талабына сай дамыту үшін мол қаражат қажет. Қомақты несие алу үшін банктер кепілдік сұрайды. Ал біздің мекеме орналасқан ғимарат тарихи орын болғандықтан, оны кепілдікке қоя алмаймыз. Осындай қолбайлаушылықтар ілгері бастауға кедергі болуда», — деді фабрика директоры.

Дегенмен, фабрика басшылығына өткен жылы ғана келген Замир Мыржақұлұлы көптеген игі істерге бастамашы болуда. Жас басшының қолдауымен кәсіпорынның жұмысы алға жылжып келеді. Күні кешеге дейін фабрикадағы тігін цехтарының саны үшеу болса, бүгінде алты бірдей цех толық жабдықталған. Болашақта заманауи техника алып, өндіріс үдерісін күшейту де мекеме басшысының жоспарында бар.

Міне, күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселенің қазіргі хәлі осындай. Мамандардың айтары мен ұсыныс пікірлері де аз емес. Бір ұққанымыз, отандық өнім шығаратын кәсіпорындарға бүгінде мемлекет тарапынан көмек қажет-ақ. Бүгінгі қаузаған мәселелеріміз билік басындағыларға да жақсы белгілі. Барлығы елдегі заң талаптарына бағынады. Дегенмен, жағдай түзеліп, жеңіл өнеркәсіпке жан бітіретін кез де келер деп үміттенелік, ағайын!

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жолда жүру мәдениетін қалай қалыптастырамыз?

Күні: , 32 рет оқылды


Бүгінгі таңда жаяу жүргіншінің де, жүргізушінің де жолда жүру мәдениеті жоғары дей алмаймыз. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде соңғы он жылдың ішінде 30 мыңнан аса адам жол-көлік апатынан көз жұмған екен. Бұл дегеніңіз – бір қалашықтың халқы. Немесе бір ауылда 3-4 мың адам тұрады десек, он елді мекеннің тұрғыны. Сонда бейбіт заманда, қуғын-сүргін, соғыссыз жыл сайын бірнеше ауылдың адамы жоқ болады. Біздің мемлекеттің басындағы үлкен проблеманың бірі осы. Бүгінгі таңда күйіп тұрған мәселенің оң шешімін табу мақсатында атқарылған істер де аз емес. Жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл мөлшері өсті. Бірақ тәртіпсіз, жол ережесінің талабына бағынбайтын жүргізушіге де, жүргіншіге де айыппұл әсер ететін түрі жоқ. Көлік саны көп үлкен қалалар мен ауылдарға интеллектуалды қиылыстар жасақталып, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіштер орнатылуда. Дегенмен, адам өмірін қиятын немесе ауыр жағдайларға душар ететін келеңсіз жайттар азаяр емес. Жолда жүру мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Күн тәртібінің «күйіп тұрған» мәселесін қайтып шешеміз? Бұл туралы өкілетті мекеме өкілі, жүргізушілермен қала тұрғындарының пікірі қандай? Саралап көрелік.


Манарбек НӘЖИЕВ,

БҚО ІІД Әкімшілік полиция басқармасының әкімшілік практика бөлімшесінің басшысы, полиция подполковнигі:

–  Ағымдағы жылдың 11 айында Орал қаласында 365 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, апаттың салдарынан 463 адам түрлі дене жарақатын алып, 87 адам көз жұмды. Өткен жылы 420 жол апаты тіркеліп, 501 адам зардап шексе, 89 адам қайтыс болды. Облыс орталығының көшелерінде үш заманауи зияткерлік қиылыстар орнатылған. Сонымен қатар шаһар ішіндегі көшелер мен қала маңындағы жолдар бойында төрт жылдамдық өлшеуіш құрылғы жұмыс жасайды. Олар көлік көп жүретін аумақтарда, атап айтсақ, әуежайға барар жолдағы екі саяжай аялдамасы маңында, Зашаған кентіндегі бөген (дамба) аумағында, Жәңгір хан көшесіндегі «Бәйтерек» дүкені аялдамасының тұсында және Шаған жағалауы көшесінің бойында орналасқан. Сондай-ақ, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасында айқындалған міндеттерді өңірде жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігімен бірлесіп «2017-2018 жылдарға арналған Батыс Қазақстан облысында автоматтандыру және цифрландыру жол картасы» қабылданды.

Соған сәйкес алдағы жылдары қала көшелеріне 40 жылдамдық өлшегіш құралы, 5 зияткерлік қиылыс, оған қоса 200 көпфункционалды дербес бейнекамера орнату мәселелері қарастырылуда. Жылдамдықты өлшеу құрылғыларының тәртіп сақшыларына көмектесетіні сөзсіз. Сараптамаға сенетін болсақ, бейнекамералардың көмегі жүргізушілерді жолда өзін ұстау мәнеріне үйретуге септесетін көрінеді. Осы орайда жылдамдықты шектеу белгілерін елемеген көлік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Салынған айыппұл құқықбұзушылық жасалған күннен 30 күн ішінде төленуі тиіс. Олай болмаған жағдайда қарыз мемлекет қазынасына мәжбүрлі түрде қайтарылып алынатын болады.

Тарих ҒАББАСОВ,

«Орал Техсервис» ЖШС,  №2 маршруттағы аутобустың жүргізушісі:

– Қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмыс жасағаныма 30 жылға жуық уақыт болды. Жол жүру ережесін сақтауға байланысты елде де, біздің өңірде де бірталай жұмыстар атқарылуда. Заңдар қатайды. Үкіметтің қаулыларымен жол жүру ережесіне өзгерістер енгізілуде. Алайда, заңдардың қатаюы жоғары деңгейде нәтиже бермей жатқаны да шындық. Осы себепті, жүргіншілер мен жүргізушілердің құқықтық мәдениетін көтерудің балама жолдарын іздеген абзал. Соның біреуі – құқықтық насихат. Бұл шара науқан ретінде жүрмеуі керек. Өйткені, біздегі шаралар белгілі бір уақыттарда ғана, есеп беру үшін жасалатын сияқты. Жаяу жүргіншілер құлақтарына құлаққап киіп, жолдан қалай болса, солай өтеді. Тіпті, сигналды да естімейді. Соңғы кездері жаяу жүргінші жолағында адамды қағып өту оқиғалары жиі орын алуда. Бұл, біріншіден, жүргінші мен жүргізушінің бір-бірін сыйламайтындығының көрінісі болса, екінші жағынан, жүргізушінің заңмен белгіленген жылдамдықты сақтамауы салдарынан деп есептеймін. Қазір қалада жаяу жүргіншілерге арналған жол жолақтары көп. Бірақ он метр жүруді қиынсынып, жолдың дәл ортасынан өтетіндер жетерлік. Дамыған елдерде қай жер болса, сол жерден өту деген жоқ. Ішкі мәдениет, тәртіп сондай. Он жерден тоқпақтағанмен, жолда жүру мәдениеті әркімнің өзіне байланысты. Бірақ, қоғам, мемлекет тарапынан ішкі мәдениетті қалыптастыру шаралары үздіксіз жүруі тиіс. Мектептерде жолда жүру мәдениетіне арналған сабақ жүруі керек. Облыс орталығы мен кейбір аудандарда қойылып жатқан камералар мен өлшеуіш құрылғылар жол-көлік апатының алдын алуға өз септігін тигізуде. Кейбір жүргізушілер оған да наразылық туғызуда. Меніңше бұл заман талабына сай, уақытылы қолға алынған игі бастама. «Сақтансаң, сақтармын» деген қағида текке айтылмаған. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер белгіленген ережемен заңдылықты сақтап жүрсе, арты өкінішке соқтыратын жағдайлар әжептәуір азаяр еді.

Әділғазы КЕРЕЕВ,

 қала тұрғыны:

– Мен Орал қаласының тұрғынымын. Бір байқағаным, биыл Орал қаласында жол-көлік оқиғасы көп тіркелді. Оның ішінде жаяу жүргінші жолағында қайғылы жағдайлар жиі орын алды. Себебі, тұрғындар жаяу жүргінші жолағынан топпен емес, бір-бірлеп өтеді. Оны жүргізуші байқамай қалады. Әсіресе, бұл жағдай тәуліктің қараңғы мезгілінде қиындық тудырады. Екіншіден, көліктер үлкен жылдамдықпен жүретін Шолохов көшесі, Подстепный және Круглоозерный, Деркөл, Желаев елді мекендері бағытына шығатын негізгі тасжол бойындағы жаяу жүргінші жолақтары қала тұрғындарының өміріне өте қауіпті.

Сондай-ақ, биыл Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек кездесу өткізіп, Алматы мен Орал қаласының тұрғындарына қызмет көрсету сапасын арттыру, дамыту бағытында тәжірибе алмасып, құрылыс саласында бірге жұмыстану үшін көптеген келісімдерге қол қойды. Бұл жақсы бастама. Әрине, оңтүстік астанамыздан аларымыз көп! Алматы қаласындағы аспалы әуе жолдарының жаяу жүргінші жолағындағы жол-көлік оқиғасын азайтуға септігі мол. Сонымен қатар Алматыдағы кейбір үлкен көше бойындағы жаяу жүргіншілер жолағы тұсында бағдаршамның қызыл түсін жағуға арналған қондырғылар орнатылған. Арғы бетке өтуге келген адам сол қондырғыдағы тетікті қолымен басады. Бағдаршамның қызыл түс жанады. Бұл жүргізушіге де қолайлы. Адамды көрмесе де, бағдаршам қызылына тоқтайды. Оңтүстік астанадағы осындай оң үрдістер болашақта біздің де қаламызға орнатылса, жолкөлік оқиғасы мен жолдағы адам өлімі едәуір азаяр еді деп есептеймін.

Асылжан ҚАБЫЛ,

мектеп оқушысы:

– Мен қаладағы №20 мектептің 9-сыныбында оқимын. Күнделікті мектепке аутобуспен қатынаймын. Аутобустан мектептің тұсынан түсемін. Сол жерде жаяу жүргіншілерге арналған жолақ бар. Бағдаршамның белгісіне қарайлап жолдан өтеміз. Жолда жүру ережесін сақтап, арнайы жолақтан өтсек те өзімізді қауіпсіз сезіне алмаймыз. Себебі бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, жүйіткіп жүретін көліктер көп. Сондықтан жан-жағымызға алаңдап, сақтықпен өтуге тура келеді. Жолда жүру ережесін ұстаздарымыз бастауыш сыныпта үйреткен болатын. Сабақтан бос кезімізде қала орталығына барғанда да көшедегі жүйіткіген көліктерді көреміз. Олар тек бейнебақылау камералары бар аймаққа келгенде ғана жүрістерін баяулатады. Тұсынан өткен соң қайта зулайды. Көшеде болған жол-көлік оқиғалары, олардың салдарынан қайтыс болған немесе жарақат алғандар туралы ақпарат естігенде немесе оқығанда жаным  ашиды. Қаншама бала бір жүргізушінің кесірінен ата-анасыз қалып жатса, аналар оқыста баласынан айырылып, зар жылауда. Әр жүргізуші жол ережесін қатаң сақтаса, мұндай жағдайлар болмас еді. Машина айдаған аға-апаларымыз жол ережесін сақтамаған жағдайда тек өздерінің ғана емес, айналасындағы адамдарға да қауіп төндіретіндерін естен шығармаса екен деймін.

Владимир БОРЗИКОВ,

такси жүргізушісі:

– Көліктердің қала көшелерінде немесе сыртқы жолдарда белгіленген жүру жылдамдығын сақтамауы себебінен жол-көлік оқиғалары жиі орын алуда. Жолаушы тасымалдаумен айналысқасын, күн ұзағына көлік тізгінінде отырамын. Кей жағдайда көшедегі жол апаттарын көргенде жаның түршігеді. Көлік тізгініне отырғаныма 20 жылдан астам уақыт болды. Өз басым жолда жүру мәдениеті жылдар бойы жинақталады деп ойлаймын. Менің ойымша, жол-көлік оқиғасының көп орын алуы жүргізушілерге тәжірибенің жетіспеуі салдарынан да болады. Бүгінгі таңда жүргізуші куәлігін алу тым жеңілдеп кеткен секілді. Жүргізушілерді оқытатын, куәлік беретін жеке мектептер де көбейіп кетті. Ал ондағы білім сапасына деген қадағалау нашар деп есептеймін. Оқу қаражатын төлеп, теориялық жағын оқып шыққан адамға куәлік ұстата салу дұрыс емес. Одан кейін, жол белгілерін орналастыру жұмыстары әлі де сын көтермейді. Жаяу жүргіншілер жолағы кей жерлерде көрінбейді. Әсіресе, түнгі уақыттарда. Солардың қараңғы кезде анық көрінуін қамтамасыз ету керек. Мұның өзі жол-көлік апатына себеп болады. Қаладағы аутокөлік саны күн санап көбейіп жатыр, дегенмен қарапайым жүргізушілер мен  жүргіншілердің жолда жүруіне жағдай жасалуы керек. Жерасты жолдары аз. Үлкен қалалардағыдай жаяу адамдар өтетін аспалы жолдар салынса, жақсы болар еді. Соңғы жылдары қолға алынған интеллектуалды қиылыстар жасақтау, бейнебақылау камералары мен жылдамдық өлшеуіштер орнатудың да жол-көлік оқиғаларын азайтуға септігі мол. Осындай камералар мен өлшегіштер қалада көптеп қойылуы керек. Сонда ғана жол ережесін жиі бұзатындар айыппұл төлеуден шаршап, тәртіпке түсер еді.

Бетті дайындаған Нұрбек ОРАЗАЕВ


Жылдамдық өлшегіштің жұмысы тексерілуде

Күні: , 12 рет оқылды

Орал қаласындағы Шаған жағалауы көшесі бойында орналасқан жылдамдық өлшеуіш құралының дұрыс жұмыс жасамауы туралы көлік жүргізушілерден шағымдардың жаппай түсуіне байланысты БҚО прокурорының тапсырмасымен жұмыс тобы құрылды. Бұл туралы облыстық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары Тәжиден Найманов мәлімдеді.


Еске сала кетейік, шаһардағы «Өшпес ерлік» ескерткішінің тұсында орнатылған жылдамдық өлшеу құралына түскен жүргізушілер жол ережесін бұзбағандарын алға тартып, стационарлық құрылғының жұмысына күмән келтірген болатын. Жолдың бұл бөлігінде көлік жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспауы тиіс. Әйтпесе, жол ережесін бұзғаны үшін 10 АЕК көлемінде, яғни 22 690 теңге айыппұл салынады. Наразылық тудырушы тараптың айтуынша, көлік иелері жылдамдықты асырмаса да, «фотоаппарат» суретке түсіріп, кейін айыппұл төлеу жөнінде ұйғарымдар келген. Тіпті кейбір отбасыға бір айдың ішінде бірнеше айыппұл қағазы келген көрінеді.

– Жоғарыда аталған стационарлық жылдамдық өлшеуіштің жұмысына қатысты облыстық прокуратураға 150-ден астам шағым түсті. Күні бүгінге дейін тіркелген шағымдар облыстық ішкі істер департаменті мен Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаментіне жолданды. Облыстық прокуратура тарапынан талдау жүргізілді. Со-нымен қатар біздің тапсырмамыз бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті аталған жылдамдық өлшеуіш құралдың техникалық жағдайына, құрылғыны сертификаттаудағы заңдылықтардың сақталғандығына тексеріс тағайындалды. Осы құрылғының дұрыс жұмыс жасауына шағым түсе бастаған кезде де бірқатар тексерістер жүргізілген болатын. Сондай-ақ аталған құралды орнатқан Астана қаласындағы «Жаңа жобалар» ғылыми-техникалық орталығы ЖШС қызметі жан-жақты тексерілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде аталған серіктестік құралды орнату барысында заңсыз әрекетке бармағандығы және құрылғының еш ақаусыз жұмыс жасап тұрғандығы анықталған болатын. Аталған жайттарға қайта тексеріс жүргізу мақсатында құрылған жұмыс тобының құрамына Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті мен Қазақстан метрология институтының мамандары тартылды. Комиссия өз жұмысын бір аптаның ішінде тәмамдап, шешімін жариялайтын болады. Біз өз тараптарымыздан шығарылған шешім туралы БАҚ өкілдері арқылы тұрғындарға жеткіземіз, – деді Тәжиден Жүкенұлы.

Облыс прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжанның айтуынша, шағымданушы тарап түрлі жағдайларға байланысты жылдамдық өлшеуіш құралының қызметіне күмән келтірген. Бірі жаз мезгілінде жүргізілген жол жөндеу жұмыстары кезінде өлшеуіш құрал қызметінің зақымданған болуы ықтималдығын алға тартса, екіншісі құрылғының істен шығуы себепті барлық көлікті қатар фотосуретке түсірген деген уәж айтады. Дегенмен, құрылғыны қондырған мекеме талапқа сай жұмыс жасайды деп сертификат берген. Егер құрылған жұмыс тобы жылдамдық өлшеуіштің қызметін ақаусыз деп тапса, көлік жүргізушілерге салынған айыппұлдар заңды күшіне енеді. Керісінше шағымданушы тараптың айтқан жайттары дәлелденсе, айыппұлдар заңды күшін жоймақ.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Шаңырақтарыңыз бақ-берекеге толсын!»

Күні: , 23 рет оқылды


1  желтоқсан  – тұңғыш  Президент  күні  қарсаңында  Орал  қаласында 180  отбасы  баспаналы  болды.  Зашаған  кентінде  бой  көтерген  9  қабатты  үйде  басталған  қоныстойға  Батыс  Қазақстан  облысының  әкімі  Алтай  Көлгінов  арнайы  келіп,  тұрғындардың  қуанышымен  бөлісті.


Орал – Саратов тасжолының бойынан орын тепкен тұрғын үйдің құрылысы өткен жылдың қазан айында басталған болатын. Жобалық құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстарын «Болашақ – Т»  ЖШС  жүргізді.

– Бұл зәулім тұрғын үйлер Елбасымыздың «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда.

Өңірдегі тұрғын үй салу жұмыстарын жергілікті құрылыс компаниялары жаңа технологиямен сапалы әрі уақытылы жүргізуде. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасымен облыс орталығында 14 көп қабатты тұрғын үй және сегіз ауданда 188 пәтер салынуда. Жалпы биылғы жылы өңірімізде 1700 пәтерлі тұрғын үй бой көтеруде. Соның 1500 пәтері осы жылдың соңына дейін тұрғындар игілігіне табысталмақ. Бұл игі бастамалардың барлығы ел тәуелсіздігінің, бірліктің, еліміздегі тұрақтылықтың, халқымыздың еңбекқорлығы мен Елбасымыздың уақытылы қабылдаған мемлекеттік бағдарламаларының аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесі деп санаймын. Халықты тұрғын үймен қамту – ең өзекті мәселелердің бірі. Дегенмен, бұл түйткіл жыл санап шешімін табуда. Осыдан 5-6 жыл бұрын осы жер спортшыларымыз көкпар тартып жүрген ен дала болатын.

Бүгінде зәулім үйлермен, мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандарға толы шағынауданға айналды. Елдегі игі бағдарламалардың арқасында өңірдің мыңдаған тұрғыны жылдар бойына аңсаған өз шаңырақтарына қол жеткізіп келеді. Қазіргі таңда «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкі» АҚ салымшылары ретінде 54 мың тұрғын тіркелген. Алдағы уақытта да осы күре жолдың бойынан көп қабатты зәулім үйлер бой көтеріп, талай отбасы қоныстой тойлайтын болады. Бүгінгі қоныстой иелерін шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз бақ пен берекеге толы болсын! – деді  Алтай  Көлгінов.

Бұдан соң ашылу салтанатында шаңырақ иелеріне көптен күткен пәтерлерінің  кілттері табысталып,  жиналғандар су жаңа тұрғын  үйді  аралап  көрді.

Гүлфия  ИСЛЯМҒАЛИЕВА,

Теректі  ауданының  тұрғыны:

– Теректі ауданына қарасты Ақжайық ауылының тұрғынымыз.

Отағасы Ержан Есболатов Ақжайық орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінде жұмыс жасайды. Өзім аудандық ауруханада фармацевт болып қызмет етемін. Жанұямызда үш бала тәрбиелеп отырмыз. Екі баламыз – студент. 2014 жылдан бастап «ТұрғынүйҚұрылысЖинақБанкінің» тұрақты салымшысымыз. Ай сайын алатын еңбекақымыздан қаражат ауыстырып, есеп шотымызға салып отырдық. Бүгін екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Өз баспанамызға ие болғанымызға өте қуаныштымыз. Күре жолдың бойынан салынған тұрғын үйдің төңірегінде мектеп, балабақша сияқты  әлеуметтік  нысандар  түгел  бар.

Анна  АСТРАХАНКИНА,

қала  тұрғыны  (суретте):

– Облыстық перинаталдық орталықта мейірбике болып қызмет жасаймын. Бұл баспанаға қол жеткізу үшін үш жыл бойына қаражат жинадым. Осы уақытқа дейін ата-анамның шаңырағында тұрдым. Әрине, адал еңбекпен тапқан қаржыны үнемдеп, көңілің қалаған кейбір нәрселерден бас тартуға да тура келді. Тұрғын үйге қажет қаржының 30 пайызын жинап, іріктеуге түскенде қатты қобалжыдым. Бірақ бүгін өз алдыма бөлек үй болып, жеке шаңырақ иесі атанғаныма қуанып тұрмын. «ТұрғынүйҚұрылысЖинақ Банкі» салымшыларына берілген мүмкіндікті батыл пайдалану керек дер едім. Бүгін пәтер иелері атанып, қоныстой тойлаған барша көршілерімді қуаныштарымен құттықтаймын.

Данияр-Динара ЗҮБӘЙЫРОВТАР,  жас отбасы:

– Бұл пәтерге қол жеткізу үшін жинақ банкінен есеп шот ашып, үш жыл көлемінде қаражат салдық. Екеуміз де медицина саласында қызмет атқарамыз. Биылғы жылы шаңырақ көтердік. Бүгін пайдалануға берілген 9 қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатынан бір бөлмелі пәтер алдық. Айтулы мереке қарсаңында су жаңа пәтерге ие болғанымызға қуаныштымыз. Біз секілді жас отбасыларын баспанамен қамту мақсатында қолайлы бағдарлама қабылдаған Елбасына және облыс басшылығына дән ризамыз. Тұрғын үйдің орналасқан жері өте қолайлы. Жас отбасына қажетті балабақша, мектеп, аурухана, спорт кешені, сауда орындары бір жерге шоғырланғандығы  қуантады.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Суреттерді  түсірген Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Балдырғандар балабақшамен толық қамтылған аудан

Күні: , 21 рет оқылды


Қаратөбе аудан аумағындағы 24 мектепке дейінгі ұйымдарда барлығы 633 бала тәрбиеленуде. Бүгінгі таңда 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев мәлімдеді.


Биылғы жылдың 10 айы ішіндегі атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген аудан әкімі әр салаға жеке-жеке тоқталып өтті.

– Аудан бюджеті биылғы жылы 3 630 045,6 мың теңгені құрады. Аудандық бюджеттің барлық түсімдері есепті кезеңге 101,2 пайызға игерілді. Аудан бюджетінің шығыс бөлігінің жоспары 98,1 пайызға орындалды. Он айда өндірілген өнеркәсіп өнімінің көлемі 709,7 миллион теңге болды. Соның ішінде ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген өнім көлемі 5 341,7 млн. теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 497,0 млн. теңге болып, былтырғы жылмен салыстырғанда 254,7 пайызға артты. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 31,9 мың теңге болса, бөлшек тауар айналымы 2 111,3 млн. теңгені құрады, – деді Жанат Асылханұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, аудан экономикасының негізі мал шаруашылығы болғандықтан, бұл салаға зор көңіл бөлініп келеді. Аталған саланың бүгінгі таңдағы өсу динамикасына тоқталсақ, өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда едәуір өскен. Бүгінгі таңда ауданда 31 406 бас ірі қара малы, 78 530 бас қой мен ешкі, 7 342 бас жылқы, 15 бас түйе, 11 922 құс өсірілуде. Қазіргі таңда асыл тұқымды мал басы санын арттыру мақсатында жұмыстар қолға алынуда. Бұл бағытта аудан шаруашылықтары 223 бас асыл тұқымды бұқа және екі шаруашылығы 148 бас қазақтың ақбас сиыры асыл тұқымды малын сатып алған. Сондай-ақ «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 147 бас ірі қара мал, қой шаруашылығын дамыту мақсатында бір шаруа қожалық 300 бас асыл тұқымды саулық, 7 шаруа қожалығы 191 бас асыл тұқымды қошқар сатып әкелген. Аудан бойынша 10 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тіркеліп, жұмыс жасауда. «Қызылжар – 2», «Тобылғы», «Бесотар», «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері ірі қара малын тұқымдық түрлендіру, мал бордақылау жұмыстарымен шұғылдануда. Соның ішінде «Қаратөбе – 2017» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің құрамы бүгінгі күні 43-ке жетіп отыр. Бұл кооперативтің 35 мүшесі 97,9 миллион теңге несиеге қол жеткізіп, бордақылауға 503 бас ірі қара малын алған. Сонымен қатар Қаратөбе ауылының аумағынан «Қоржын» шаруа қожалығы 100 гектар жер алып, ауысымына 30 бас ірі қара малын союға қауқарлы мал сою бекетінің құрылысын жүргізуде. Аталмыш нысанды алдағы желтоқсан айында іске қосу жоспарлануда.

Айта кетейік, ауданның барлық елді мекендері толықтай көгілдір отынмен қамтылған. Бүгінде Қоскөл, Үшана, Төлен, Ханкөл, Ақтайсай, Дайынөткел, Алакөл ауылдарындағы мектеп, балабақша, асхана, мәдениет үйлері секілді әлеуметтік нысандарға газ тарту жұмыстары аяқталған.

Қаратөбе ауданының аумағында 41 шақырымды құрайтын республикалық және 215,2 шақырым аудандық дәрежедегі жолдар бар.

Аталған республикалық дәрежедегі жолдар қатқыл табанды болса, ауыларалық 181 шақырым жолға қиыршық тас төселген. Ағымдағы жылы жол жөндеу жұмыстары жоспарға сай жүргізілген болса, бүгінде ұзындығы 9,2 шақырымды құрайтын 11 көше жолдарын қайта жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасақталуда.

Биылғы жылы аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасымен 8 бір пәтерлі тұрғын үй, 14 коммуналдық тұрғын үй салу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар 14 пәтерлі коммуналдық тұрғын үй салу мақсатында инженерлік желілер тартылуда.

Аудандағы 22 елді мекеннің оны орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтылған. Ал он елді мекен орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған болса, Үшағаш және Үшана елді мекендеріне ауыз су тасымалдануда. Қазіргі таңда Шөптікөл, Үшағаш, Соналы, Сулыкөл, Үшана елді мекендеріне таза ауыз су тарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Бұл елді мекендер таза ауыз сумен қамтылған жағдайда ауданның орталықтандырылған ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 90 пайызға жетпек.

– Биылғы жылы 56 адам – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында ашылған жұмыс орындарына, 41 адам – әлеуметтік жұмыс орындарына, 53 адам – жастар практикасына, 332 адам – қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылса, 14 адамға несие беріліп, 152 адам – кәсіптік оқуға жолданған. Аудан бойынша жыл басынан бері 428 жаңа жұмыс орындары ашылды, оның ішінде 89 тұрақты жұмыс орындары. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» бірінші бағыты шеңберінде аудан бойынша 31 жас техникалық және кәсіби оқытуға жолданды. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 22 адамға 81407,0 мың теңге көлемінде несие беру жоспарланып, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін 14 адам 101035,0 мың теңге көлемінде несие алды. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 36 жас маманға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді. «Өрлеу» бағдарламасына аудан бойынша 8 ауылдық округтен 28 отбасы 133 адам қатысып, оларға республикалық бюджеттен 3090,4 мың теңге, жергілікті бюджеттен 2618,0 мың теңге төленді. 17 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, 15 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 8 адам әлеуметтік жұмысқа жіберілді. Жалпы «Өрлеу» бағдарламасына қатысушы отбасылар шартты ақшалай көмек ақшаға 16 бас ірі қара, 136 бас қой мен ешкі, 3 бас жылқы малдарын сатып алды, – деді аудан әкімі Жанат Асантаев.

Аудан әкімі өз баяндамасында аудандағы денсаулық, мәдениет пен білім салаларында атқарылған бірқатар игі істерге де тоқталып өтті.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Сізді тексеруге барады»

Күні: , 24 рет оқылды


Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына қарасты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің «Qamqor» мобильді қосымшасы сіздің бизнесіңізді заңсыз тексерулерден қорғайтын болады.


Бұл туралы осы тақырыпта өткен баспасөз мәслихатында ҚР БП Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті БҚО бойынша басқармасы басшысының орынбасары Асқар Капулов мәлімдеді.

Бизнесті заңсыз тексерістерден қорғау прокуратура органдарының басты жұмыс бағытының бірі болып табылады. Кәсіпкерлік қызметтерді мемлекет тарапынан реттеу және жетілдіру үшін комитет инновациялық ІТ технологиялар енгізуде.

– «Qamqor» мобильдік қосымшасы барша кәсіп иелері үшін көп көмегін тигізуде. Еліміздің Бас прокуратурасы енгізген мобильді қосымшаны бүгінде 13 мың кәсіпкер жүктеп алған. Сіз аталған мобильді қосымшаның көмегімен өз ұялы телефоныңыз арқылы Бас прокуратурамен байланыс орната аласыз. Бұл қосымшаның жұмыс механизміне келер болсақ, алдымен оны ұялы телефонға жүктеп алып, тіркеу-ден өту қажет. Егер сізге кенеттен тексеріс тағайындалған жағдайда ұялы байланысыңызға «Сізді тексеруге барады» деген мәтінде хабарлама түседі. Сонымен қатар бұл қосымшада тексеріске қатысатын тұлғалар, тексеріс мерзімі, құқықтық негіздері, тексеріс нысаны туралы толық мәлімет көрсетіледі. Бұл, біріншіден, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуды тоқтату, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша үлкен көмек. Өтініштер онлайн режімінде прокуратураға түсіп, жұмысты едәуір жеңілдетеді, – дейді Асқар Капулов.

Сала маманының айтуынша, тегін қосымшаны Android сервистік қорынан Play Market және AppStore жүйелері арқылы жүктеп алуға болады. Сондай-ақ кәсіпкерлерге онлайн режімде тексеріс тағайындау және тексеріс барысында орын алған заңбұзушылықтар туралы шағым беру мүмкіндігі ұсынылады. Заң-бұзушылықтар туралы хабарламалар шұғыл әрекет жасау мақсатында аталған комитеттің аумақтық басқармаларына лезде түсіп отырады. Тексерістің тіркелгендігі туралы ақпарат болмаған жағдайда немесе тексеріспен келіспеген жағдайда кәсіпкер ұялы телефон арқылы шағымдана алады. Ол шағымды комитеттің аумақтық басқармасы қарап, деректер расталған жағдайда істің мән-жайын анықтау үшін мобильді топты жолдайтын болады.

– «Qamqor» мобильдік қосымшасы тексеріс үрдісін қосымша бақылап отыруға, осылайша кәсіпкерлер мен бизнес иелерін тексерушілердің заңсыз әрекеттерінен қорғауға мүмкіндік береді. Алайда өңіріміздегі бизнес өкілдері мен жеке кәсіпкерлер осындай тамаша мүмкіндікті пайдалануға құлшыныс танытпай отыр. Кәсіппен шұғылданып отырған барша ағайынды баспасөз беттері арқылы мобильдік қосымшаға тіркелулерін сұраймын, – деді Асқар Жұмағалиұлы.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Жаңа дизайндағы 500 теңге

Күні: , 12 рет оқылды


Қазақстан  Республикасының Ұлттық  банкі  ағымдағы  жылдың  22 қарашасынан бастап  жаңа  үлгідегі, дизайны өзгертілген номиналдық құны 500 теңгелік банкноттарды айналымға шығарды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық банкі БҚО филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов мәлімдеді.


Айналымға енген банкнотты көгілдір экран арқылы өңір жұртшылығына таныстырған Қозыбақ Әбуұлы 500 теңгенің жаңа дизайнына жан-жақты сипаттама берді.

– Банкноттың дизайны айналыстағы «Қазақ елі» сериясының ақша белгілерімен бірыңғай стильде – бет жағында басым түрде тігінен бейнелер, ал сырт жағында көлденең түрінде бейнелер орындалған. Басым түсі – көгілдір көк. Банкноттың өлшемі – 130х62 мм. Банкноттың оң жағында «Қазақ елi» монументі және ортасында төменгі бөлікте ұшып бара жатқан көгершіндер келтірілсе, жоғары бөлігінде, ортасында және сол жағынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері: мемлекеттік Елтаңба және мемлекеттік Ту бейнеленген. Сол жақта төменде және жоғары жақта номиналдың цифрлық бейнеленуі, сол жақта ортасында номиналдың мемлекеттік тілдегі әріптік бейнеленуі орналасқан. Сол жақ жоғары бұрышында «ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ БАНКІ» деген жазба, оның астында қолдан жасағаны үшін жауапкершілік туралы ескертетін «Банкноттарды қолдан жасау заңмен қудаланады» деген мемлекеттік тілдегі жазба орналасқан. Банкноттың сырт жағындағы негізгі белгісі – Каспий теңізі, оның артында Қазақстан картасының бейнесі бар. Сол жағында төменде және оң жағында жоғарыда банкнот номиналының цифрлық бейнеленуі, ал төменде ортасында орыс тіліндегі әріптік бейнеленуі орналасқан. «Подделка банкнот преследуется по закону» деген жазба банкноттың сол жақ бұрышында орналасқан, – деді Қозыбақ Құлбарақов.

Филиал директорының айтуынша, 2006 жылғы үлгідегі және 2017 жылғы үлгідегі номиналы 500 теңгелік банкноттардың қатар қолданылу кезеңі 2017 жылғы 22 қараша – 2020 жылғы 10 маусым болып белгіленді. Яғни сол мерзімге дейін ескі және жаңа үлгідегі банкноттар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында заңды төлем құралы болып табылады және төлемдер мен ақша аударымдарының барлық түрлері бойынша қабылдануға міндетті.

Заңды төлем құралы болып саналатын банкноттар мен мәнеттерді қабылдаудан бас тарту Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық болып табылмақ.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


«Темір тұлпарым» қыста тұраламасын десеңіз…

Күні: , 29 рет оқылды


Жаздың жаймашуақ кездері артта қалып, күздің күңіренген жаңбырлы күндері мен суық түндері қыс мезгілінің жақындағанын сездіреді. Бұрын ата-бабамыз тұлпарын ерте күзден бастап баптап, шанасын сайлап, қысқыға қамдаған. Бүгінде «қыстың қыр астында» тұрғанын білетін көлік жүргізушілері де «темір тұлпарларын» қыс маусымына дайындай бастайды. Бүгінгі арнайы бетте осынау «маңызды істің» қыр-сырына тоқталып, мамандардың кеңестерімен бөліспекпіз.


Жалпы, көлік жөндейтін мамандар көлікті қыс маусымына дайындағанда көп жайтқа мән беру қажеттігін айтады. Айталық, темір тұлпардың электр жабдықтарын, майлары мен сұйықтықтарын, мотор мен жүріс бөлігін, тежегіш жүйесі мен тегершігін міндетті түрде тексерту қажет.

— Қыста көліктің аккумуляторына көп күш түседі. Егер аккумулятор ескі болса, жаңасына ауыстыратын сәт осы кез. Ал аутокөлік батареясы бір қысқа шыдайтынына көз жеткізу үшін оның қуат деңгейін тексеріп, қажетінше зарядтау керек. Қозғалтқыштың білтесін (свеча) де тексеру қажет. Білтенің ұшы күйік болса, тоттана бастаса, жаңасына ауыстыру қажет. Пеш пен жылыту жүйесін де білікті мамандарға бір тексертіп алу артық болмайды. Негізі, қыс алдында көлікті жөндеу орталықтарында тексерткен кезде мотор майын ауыстырып, тежегіш жүйесін қаратып, қажетті сұйықтықтардың (антифриз, тежегіш сұйықтығы) деңгейін де тексеру керек. Антифриздің қату температурасын да анықтауды естен шығармаған дұрыс. Антифриз машинаның жүрген жолына қарамастан екі жылда ескіреді. Сондықтан оның қату температурасының 40-тан төмен болмауы маңызды. Ал терезе шайғышты әр жүргізуші өзі де ауыстыра алады. Егер жаз мезгілінде терезе шаю үшін қарапайым су қолданылса, оны ағызып тастап, орнына құрамында мұздануға қарсы қоспасы бар сұйықтық құю қажет. Оталдыру білтесі мен жанармай сүзгілерін ауыстыру керек. Жанармай сүзгісін жиірек ауыстырса, жаман болмайды. Машинаны қысқы кезеңге дайындау үшін бұрыштық және күштік агрегаттардың техникалық жағдайын қадағалау керек. Қозғалтқыштың беріліс қорабындағы және гидрокүшейткіші болса, оның майын да тексеріп алған дұрыс. Белдікті, егер толық жетекті көлік болса, артқы белдіктің де жай-күйін қадағалауды да ескерген дұрыс, — дейді Плодоовощной ауылындағы көлік жөндеу бекетінің шебері Дархан Бахтияров (суретте).

«Темір тұлпардың доғдыры» атанған маманның айтуынша, жанар-жағармайлардың сапалылығына қатысты жанармай фильтрін ауыстырып, ауа фильтріне де көңіл бөлу керек. Сондай-ақ көліктің жүріс бөлігі жіті тексерілу қажет. Оның кілт ұяшығына мұз еріткіш сұйықтықтар құю да назарда болған жөн. Машина моторын, қыс кезінде, қатты аяздарда қымтаған жөн, әсіресе, Ресейдің заманауи машиналары қымтағанды қатты ұнатады, қымтау мотордың сууына кедергі болады. Егер көлік жаңадан алынған болса, тежегіш қаптамасы мен тежегіш сұйықтығын ауыстыру керек. Жалпы, тежегіш сұйықтығы екі жылда бір рет немесе 60 мың шақырымнан кейін ауыстырылуы тиіс. Ал сұйықтықты ауыстырғанда, тежеу жүйесіндегі ауа шығарылып, тежегіш дискілері мұқият тексерілу керек.

Сонымен қатар қыс мезгілінде ең бірінші ауыстырылатын бөлшек дөңгелектер. Адам жазғы аяқ киімін қысқыға ауыстырғандай, көліктің де қысқы дөңгелектер таққаны маңызды. Сервис орталығының қызметкерлері дөңгелеқтің қысымын да қадағалау керектігін ескертеді. Күн суытқанда оның қысымы төмендеп кетеді.

Мамандардың айтуынша, қыстыгүні қолданатын дөңгелек түрлерін: M+S (Mud+Snow — «Лай+Қар»), Winter («Қыс») немесе W. белгілері бар шиналарды қолданған жөн. Бұл жазулар бұлт не-месе қар ұшқынының пиктограммасымен бірге көрсетілуі мүмкін. AS (All Seasons – «бүкіл маусымдар») немесе AW (Any Weather – «ауа райының кез келген жағдайы») маркалы бүкілмаусымдық шиналарды оңтүстіктен басқа аймақтарда қолданбаған дұрыс, себебі олардың қыс кезіне қажетті қасиеттері тым төмен болып келеді. Негізі, қандай шина жақсы, тікенекті (шиповка) ме, әлде жабысқақ (липучка) шина ма? Бұл шиналарды қолданудың ерекшеліктері бар, тікенекті шина қар және мұз үстінде жолда жақсы ұстайды, ал жабысқақ шиналар асфальтты ұнатады. Таза асфальтта тікенекті шиналарды тежелу қасиеті төмендейді, тежелу жолы ұзарып, дөңгелектің сіресу қаупі артады. Бір қызығы, тікенекті шинаға соқыр сеніммен қарайтындар асфальт үстінде осындай шиналардан мұз бен қарға қажетті қасиетті күтеді. Қысқасы, қысқы шинаны таңдап алу машинаның қандай жол жағдайында жүретініне сай болуы керек. Кей жағдайда кей-бір жүргізушілер машинаның жетекші дөңгелектеріне тікенекті тегершік кигізіп, артқы дөңгелектеріне жазғы шинаны қалдырады. Бұл өте қауіпті, әр түрлі те-гершік болғандықтан, олардың тежелу коэффициенттері де әр түрлі болады, бұл жолдан ұшып кету қаупін көп арттырады. Көлікті қысқа дайындау қаражатты, уақытты үнемдеуге, денсаулықты, әсіресе, өмірді сақтауға себеп болатынын ескертеді мамандар.

Сонымен қатар бұрын көлікке қысқы дөңгелекті қондыру немесе қондырмау жүргізушінің өз еркінде болса, екі-үш жылдан бері ол заңмен қадағаланатын болды. Бұл — әрине, ауа райының қолайсыз күндері орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алудың бір шарасы.

— 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден одағының техникалық регламентіне сәйкес, көліктерде қыстық дөңгелектің болуы міндеттелуде. Дөңгелектердің «тікенекті» түрі әр көлікте болуы керек. Тағы бір айта кететін жайт — протектор тереңдігі төрт миллиметрден төмен болмау керек. Сондай-ақ дөңгелектерден сым шығып немесе жарылып жатқан жағдайдың кездеспегені абзал. Бұл әдетте қауіпсіздік үшін керек. Жазғы дөңгелектерді қысқы мерзімдікке айырбастамағандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 590-бабының (Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзу) 5-бөлігі бойынша бес АЕК мөлшерінде айыппұл төлеу жауапкершілігі қарастырылған, — дейді БҚО ІІД ӘПБ әкімшілік практика бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Манарбек Нажиев.

Шыны керек, көлік дөңгелегін ауыстыру қажет екені көп жағдайда жүргізушілердің есіне алғашқы қар түскенде ғана келеді. Сол кезде шиномонтаждағы шетімен шеті жоқ кезекті көресіз. Қысқы дөңгелектерге ауыстыру қызметінің құны көлік маркасына және дөңгелек резеңкесінің көлеміне байланысты 4 мың мен 10 мың теңгенің аралығында. Ал дайын дөңгелекке тікенек жапсыру арзанға шығады екен.

Қарапайым көліктердің қыс мезгілінде қондыратын тікенекті немесе жабысқақ дөңгелектерінің орташа құны 10-15 мың теңгеден басталады. Мінген темір тұлпарыңыз неғұрлым қымбат болса, оған дөңгелек сатып алу да соғұрлым қымбатқа шықпақ.

Сонымен темір тұлпар тізгіндеген ағайынға айтарымыз, көлігіңіз неғұрлым ұзағырақ әрі қауіпсіз жүрсін десеңіз, жоғарыда айтқан мамандар кеңесіне құлақ түргеніңіз жөн. Уақыт пен қаражатты үнемдеймін деп жүргенде, қайғылы жағдайға тап болудан немесе темір тұлпарыңызды пайдасыз қылудан сақтасын, ағайын!

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика