Тег: ‘Жаңақала  ауданы’


Оңалту орталығы оңалмай тұр…

Күні: , 57 рет оқылды

2009  жылы  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «100  мектеп,  100  аурухана»  бағдарламасы  негізінде  және  халықтың сұрауымен,  Парламенттегі  жергілікті  депутаттардың  мәселе  етіп  көтеруімен  «Капустин  Яр», «Азғыр»  полигондарынан зардап  шеккен  батысқазақстандықтарды  сауықтыру  бағытында  Жаңақала  ауданы  орталығында  100 орындық  «Ауданаралық сауықтыру  ауруханасы»  оңалту  орталығы»  салынған  болатын.

Аталмыш орталықтан сол жылдан бастап бүгінгі таңға дейін 14 мың адам ем-дом алып, денсаулығын нығайтқан екен. Оңалту орталығында қазір бес  дәрігер, 28 медбике, екі  емдік дене шынықтыру маманымен қоса 71 техникалық қызметкер, барлығы 106 қызметкер қызмет  істейді. Орталықтың негізгі емінің көзі емдік дене шынықтыру жаттығулары болып табылады. Сонымен қоса тұзды шахтамен емдеу, оттекті коктейль, балшықпен, парафинмен емдеу, қауыз, бальнеологиялық тұзды ванна, уқалау-ысу (массаж) және тағы да басқа емдеу  түрлері  бар.

Облысымыздың әр аудандарымен қоса еліміздің біраз облыстарынан, тіпті көршілес Ресей елінен ем іздеп келген науқас жандар осы оңалту орталығынан дерттеріне шипа тауып, бірнеше мәрте келіп жүргендіктері де орталықтың беретін емінің нәтижесі деп білеміз. Оның нақты дәлелі ретінде газетімізге үнемі оңалту орталығының ұжымына алғыс айтып жазған ем алушылардың хаттары мен мекемедегі төрт  томға айналған алғыс дәптерін айтар едік. Бұл орталыққа балдақпен келіп, орталықтың көрсеткен ем-домының арқасында өздігінен жүріп кеткен науқастар да баршылық. Солардың бірі – республикалық ерекше тәуекелді сарбаздар қоғамының төрағасы Есім Бектілеуов ағамыз.

Ядролық зымырандардың жарылысынан жапа шегіп немесе басқалай да ауруларына ем тап-паған жандарға үміт сыйлап, тән жарасымен бірге жан жараларына да шипа болып келген орталықтың бүгінгі жағдайы мәз емес.

Олай дейтін себебіміз, аталмыш орталықта ем алып жатқан науқастар оңалту орталығының бүгіні мен ертеңіне алаңдаушылық танытып, редакциямызға әлсін-әлсін қоңырау шалуда. Кеше ғана науқастардың алғысына бөленіп, шипалы ем-домымен көршілес елдерге дейін таныла бастаған Ақ Жайық атырабындағы жалғыз оңалту орталығының қаржысын неге қысқартып тастағанын және оның салдары неге соқтыратынын анықтау мақсатында аталмыш мекеменің директоры Қобылан  Бекеновті  әңгімеге тарттық.

– Біздің орталық 2009 жылдан 2016 жылға дейін әр адамды 20 күннен,  жылына 1500 адамды емдеуге жоспарлап, сол үдеден шығып келді. 2016 жылы бұл көрсеткішті емдеу күнін 14 күнге қысқарту арқылы, қабылданатын адам санын 2250-ге жеткізді. Сөйтіп, қаржымыз да жылдан-жылға өсе бастаған еді. Бұрын бізді медициналық қызметтерді қаржыландыру комитеті қаржыландырушы еді. Олар 2016 жылы 144 млн. теңге бөлсе, 2017 жылы бұл қаржыны 169 млн. теңгеге өсірді. Ал биыл, яғни 2018 жылдың қаңтар айынан бастап медициналық сақтандыру қорына ауысып, қаржымыз республикалық бюджеттен бөлінетін болды. Осыған орай ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2018 жылдың 5 қыркүйегіндегі №10 қаулысы негізінде жаңа стандарттар бекітілді. Осы стандартқа сәйкес қазір бізге бір күндік жатын орынға  4264,89 теңге қаржы тиесілі. Осы қаржыға ем алушының жататын орны, тамағы, емі және мекеменің газы, жарығы, суы секілді коммуналдық қызметімен қоса, қызметкерлердің жалақысы да кіреді.

Бұл қаражат, әрине, аздық етеді. Осы жағдай біздің қызметімізге кері әсерін тигізуде. Бұл мәселені біз Парламент депутаттарына да, облыс басшыларына да жеткізген едік. Қазіргі таңда мәселені шешу жолы ретінде жылына қабылданатын адам санын көбейтуді ғана тапсырып отыр. Қазір жылына қабылданатын адам санын тағы да 211 адамға көбейттік. Бұл әдістің де кемшін тұстарын көріп отырмыз. Жылына қабылданатын адам саны артқандықтан, кезек көбейіп, ем алушыларды қабылдай алмай, қолайсыз жағдай орын алып жатады. Қаржы мәселесіне байланысты бүгін орталықта оңтайландыру жүргізіп жатырмыз. Тиісті 123,5 штат болса, оңтайландыруға байланысты қазір өз еркімен жұмыстан шыққан қызметкерлердің орнына қызметкер алмай отырмыз. Сонымен қоса дәрі-дәрмекпен емдеу үдерісін тоқтатып, физиотерапияны күшейтудеміз. Қауыз арқылы емдеуді де қазір тоқтатып қойдық. Себебі, қауызды ұстап тұру үшін айына 100 мың теңге қаржы керек. Сондай-ақ ем алушыларға берілетін азық-түліктің айран, жеміс-жидек секілді түрлері де  кей кездері кешеуілдеп келеді. Өйткені, азық-түлікті тендер арқылы  жеңіп алған ауданның кәсіпкерлеріне дер кезінде ақша аудара алмай отырмыз. Ал олар айналымға түсетін қаржылары уақытында  аумағандықтан,  азық-түліктің кейбір түрлерін кешіктіріп жеткізеді. Оған науқастарымыз түсіністікпен қарап, сабырлық танытуда. Міне, бүгінгі қаржылық  жағдайымыз осындай. Елбасымыз Қазақстан халқына жолдаған жаңа Жолдауында медицина саласына көңіл бөлу қажет екендігін атап айтқаны үміт отын жаққандай болды, – деген орталық директоры оңалту орталығына Денсаулық сақтау министрлігі оң көзқарас танытпаса, оның оңалуы екіталай екенін жасырмады.

Осы мәселеге орай ем алушылардан пікір алмақ ниетпен оңалту орталығын аралап жүрген кезімізде ескіріп, тозығы жеткен жиһаздарды да көзіміз шалды. Сұрастыра келе, бұл жиһаздар орталық құрылғаннан бері еш жаңартылмағанын білдік. Жиһаздар түгілі, емдеу аппараттарының өзі де сол ашылған кезден бері ауыстырылмаған екен. Жиһаздар тек ұжымның ұқыптылығының арқасында қирап қалудан аман тұрса, емдеу аппараттары жыл сайын облыс орталығынан келген арнайы мамандардың жөндеуінің нәтижесінде жұмыс істеп  тұр. Заман бір орында тұрған жоқ.

Соның ішінде қазіргі заманда техникалар ай санап жетіліп, жыл санап жаңарып жатқаны бәрімізге аян. Ендеше, көштен қалып қойған оңалту орталығының да емдеу аппараттарын жаңарту қажет  екені  айтпасақ  та  түсінікті…

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы

Есенболат  ИХСАНОВ,

зейнеткер:

– Ауданаралық оңалту орталығына биыл алтыншы рет келуім. Бұл орталықтың емімен  қатар,  медбикелер мен дәрігерлердің мейірімділігіне біз, науқастар дән ризамыз.

«Жақсы сөз жанға дауа» дегендей, келгеннен бастап жылы қабақ танытып, үлкенге, науқасқа деген құрметтері бізге ерекше ем болып табылады. Мұнда келген әрбір науқас өздерінің ауруларына шипа тауып, тек қана алғыс айтып  кетіп жатады. Дегенмен, біз  оңалту орталығының ертеңі үшін алаңдаймыз. Медбикелерден  естіп те, күндегі алатын емдеріміздің кейбіреулерінің қысқарып жатқандығынан да біз орталықтың қаржысының кеміп кеткенін байқап  жүрміз.  Біз секілді буындары сырқырап, белдері қақсаған үлкен кісілер үшін бұл орталық – таптырмас оңалту орны. Осы орталыққа жатып, ем алып шыққаннан кейін жанымыз сауығып, тәніміз  тынығып қалады. Енді бұл орталықтың қаржы мәселесі тез арада шешілмейтін  болса, үкіметтің қыруар қаржы жұмсап ашқан мекеменің ертеңі  бұлыңғыр  болары  сөзсіз.

Амангелді  УӘЛИЕВ,

ем  алушы, Жәнібек  ауданы  ардагерлер  кеңесінің төрағасы:

–  Жәнібек ауданынан келіп, ем алып жатырмын. Оңалту орталығына бесінші  рет келуім. Бұл жердің ауасының өзі бір керемет шипа ғой. Таңертең тұрып алып ғимаратты айналып, таза ауасын жұтып, жүріп келемін. Соның өзіне керемет бір тынығып қаламын. Ал мекеме ұжымына айтар алғысымнан басқа еш уәжім жоқ. Жылда келгенде бойыма үлкен күш жинап, бір серпіліп қайтамын. Облысымызда осындай орталықтың барына біз қуаныштымыз. Ауылдас қарияларға да  үнемі келіп демалуға кеңес беріп жүремін. Шынын айту керек, кейбіреуіміз тіпті үйімізде мұндағыдай тамақтанбаймыз. Бес мезгіл тамақтанамыз, уақтылы емімізді аламыз, содан басқа біздей үлкендерге не қамқорлық керек?! Алайда көп науқастардың ауруына ем таба білген орталықтың жағдайы осы күнде  нашар екенін, жыл сайынғы бөлінетін қаржы-қаражаттың  кеміп кеткенін естідік. Әрине, бұл қуантарлық жаңалық емес. Елбасымыздың мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне жағдай туғызу керектігін айтып, жыл сайын  Жолдау жолдап жатқанын  бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырмыз. Осыған орай Жаңақаланың оңалту орталығына да тиісті деңгейде көңіл бөлінетініне мен өз басым  сенімдімін.


Бесіктің қадірін біліп жүрміз бе?

Күні: , 62 рет оқылды

«Тәрбие  тал бесіктен басталады» дейді дана халқымыз. Ол — сәбидің қаз басып кеткенше бөленетін ағаш төсегі. Қазақ — төрт түлігін бағуды кәсіп еткен, соның өнімін нәсіп еткен халық. Малына жазда шұрайлы жайылым, күзде шүйгінді күзеу, қыста ықтасынды, отты жер іздеп, үнемі ат үстінде, көшіп-қонумен ғұмыр кешті.

Әйелі көш ішінде босанып, баласы бесікте жатып өсті. Қазір жылы үйде өсіп жатқан сәби үп еткен желге ықылық атып қалады. Сол кездегі сәбилерді суықтан сақтаған бесік екенін бүгінгі ұрпаққа ұғындырудың өзі қиын.

Бұрын малсыз, дүниесіз үй болса да бесіксіз үй болмаған. Сәбиі есейіп кеткен үйдің бесігі көшсе, түйенің қомында, қонса, шаңырақта ілулі тұрды. Бесіктің ағашын отқа жақпады, үстінен аттамады.

Бесікті ең құнды дүниесі санады.

«Төрде бесік тұрса, төре де басын иеді» деген халық даналығы осының дәлелі еді. Өйткені ол – киелі, онда ана құрсағынан жарып шыққан сәбиі жатып өседі. Ата-ана үшін сәбиінен артық не бар? Сол үшін де бесік қастерлі еді.

Бүгін ше? Әр үйдің төрінен бесік көре аламыз ба? Жоқ!

— Бесік? Ол неге керек? Баланың қол-аяғын байлап… Манеж бен қоларба бар емес пе? Еркін жатады…

Бұл – бүгінгі кейбір жас келіндердің сөзі. Себебі бесік жайлы түсінігі сол, ұғындыратын кісі болмағасын қадірін қайдан білсін?!

— Бесікке не жетсін! Жылы, таза, аунап кетеді деп қорықпайсың, қауіпсіз. Емізіп, байлап тастап, алаңсыз жұмысқа кетуші едік… Қарт әжеміз бесікке шаң жуытпайды. Өйткені ол бар баласын бесікпен өсірді. Бесіктің пайдасын көріп, құндылығын ұғынған жан. Бесіктегі сәбиіне исініп отырып, бесік жырын  талай айтып еді…

Бұрын бесікті қадір тұтпайтын қазақ жоқ-ты. Кешегі одақ кезінде бесікті ескінің қалдығы деп қарап, «жаңа қазақтар» «зияндылығын» көбірек насихаттады. Бүгінгі манеж бен қоларбаның тұрмысымызға көбірек еніп, бесіктің керексіз болып қалуы содан да шығар.

Бесік,  біріншіден, сәбиге жайлы да жылы. Мұқият құндақталған сәби ашылып қалмайды. Тербетуге өте ыңғайлы, мамық төсегі аса жайлы.

Екіншіден, сәби дәреті жаялығына жайылмайды. Шүмегі арқылы түбегіне ағып кетеді. Сондықтан сәби қанша жатса да, төсегі құрғақ, жайсыздық сезінбей тыныш ұйықтайды. Қолы ораулы болғандықтан, оқыс қимылдап, шошынбайды.

Бүгін ше? Бесіктің қасиетін білмеген еріншек келіндер балаға памперс кигізіп, манежге жатқыза салады. Қанша мақтаса да, памперс киген сәбиде жайсыздық болады. Неге? Нәрестенің терісі өте нәзік, сыртқы ортаға бейімделіп үлгермеген,  түрлі химиялық, биологиялық әсерлерден тез қабынып, бөртеді, қышынып тынышсызданады.

Нәресте памперске кіші дәретті жібергенде, оның ыссылығынан денесі қызып, температурасы көтеріледі. Памперске сіңген дәрет суынғанда сәби денесі де суынады. Нәресте ағзасындағы бұл өзгеріс  оның дамуына жағымсыз әсер етпей қалмайды. Ғалымдардың айтуынша, ұл баланың табиғи бел қуатына да кері әсері  болады екен.

— Памперс деген отқа жанбайтын, суға батпайтын бір пәле екен. Қайда барсаң да торсиып жатқан памперс, — дейді бір ағамыз. Расы сол ғой. Дәрет толып, ісінген памперс сәбиге жайлы деп кім айта алады.

Манежде жатқан нәрестенің қолы мен аяғы бос. Өз қозғалысынан өзі шошынып, ұйқысын бұзады.

Қалай дегенде де, бесіктің орны бөлек-ті.

Бесік жыры десе:

Айналайын, бөбегім,

Аймалаймын, өбемін.

Азамат боп өссін деп,

Ақ бесікке бөледім.

Әлди,әлди, әлди-ай… — деп, немересі бөленген ескі ағаш бесікті сықырлата тербетіп, бесік жырын ақырын айтып отыратын әжем көз алдыма келеді.  Жаным мұңға оранады.

Ана тілінің өлшеусіз құдіреті осы бесік жыры арқылы санамызға сіңбеп пе еді?

Бесік жырының құдіретін ғалымдар зерттеп дәлелдеуде. Мысалға, психоневрология институтының негізін қалаушы академик Владимир Бехтерев «бесік жыры невроз ауруының алдын алады» десе, психолог Виталий Леутин бесік жырын тыңдау сәби ми қыртысындағы нейрондардың  дұрыс дамуына себеп болады дейді.

Бесік жырын тыңдап өспеген бала тез ашуланғыш, ойлау қабілеті төмен, жалқаулыққа бейім, аурушаң  болатынын да ғалымдар дәлелдеуде.

Бүгінгі манеж шайқаған әжелер мен аналар осындай құдіретті бесік жырын дұрыс айта ала ма? «Иә» деу қиын.

Бесік жыры – өте маңызды тәрбие құралы, ұлттық құндылығымыздың бірі. Ол сәби бойына мейірімділік, қайырымдылық, атаанаға деген махаббат сияқты ізгі сезімдерді дамытады, бала ана тілінің нәрін ұғынып, мағыналы, мәнерлеп сөйлеуге үйренеді. Ана тілін сүйеді, ұлтын, Отанын сүйеді.

Бізге керегі осы емес пе? Олай болса, баланы бесіктен бөліп, бесік жырын тыңдатпай, рухани азығынан айырмайық, ағайын!

Өмірзақ   АҚБАСОВ,

Жаңақала   ауданы

Бесікке  қатысты  тыйымдар  мен  ырымдар

— Бесікті отқа жақпайды

— Бос бесікті тербетуге болмайды.

— Бесікті сатуға болмайды, бесікті саудаламайды.

— Кез келген адамға бесікті беруге болмайды.

— Аяқ астына тастауға болмайды.

— Бесікті екеулеп көтермейді.

— Бесіктің теріс жағына отырмайды.

— Бесіктің өзін отпен аластап қояды.

— Бос бесікті ешуақытта жабусыз қалдырмау керек.


Жаңақалалықтардың қуанышы

Күні: , 39 рет оқылды

Таяуда  облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы іссапармен келіп, Жаңақала топтық су құбыры құрылысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту, еліміздің болашағы саналатын дені сау ұрпақ өсіру бағытында облыс басшылығының қолдауымен атқарылып жатқан игі істердің бірі – Құлшық жер асты су көзінен Жаңақала топтық су құбырын тарту жобасы болатын.

Осы кезге дейін Жаңақала ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамту маңызды мәселелердің бірі болып келді. Ел тілегін ескерусіз қалдырмаған өңір басшысы бұл іске үлкен қолдау көрсетіп, күрмеулі мәселені шешудің қисынын келтірді. Соның нәтижесінде өткен 2017 жылы тамыз айында Жаңақала топтың су құбырының құрылысы басталған болатын. Тапсырыс беруші ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Су ресурстары комитеті болса, бас мердігері – «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобалық құны 2 млрд. 522 млн. теңге болатын аталмыш құрылыстың келісімшарт бойынша аяқталу мерзімі 2018 жылдың желтоқсан айы.

Бұл топтық су құбыры арқылы ауданның Жаңақазан, Жуалыой, Мәстексай, Мұқыр, Жаңажол, Сарыкөл, Жаңақала, Көпжасар секілді сегіз  елді мекенінің тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған болатын.

Аталған ауылдарға су көзі – Жаңақала топтың су құбыры Құлшық жер асты су көзінен тартылады. Құбырдың ұзындығы – 145 шақырым. Су жинайтын қойманың сыйымдылығы 2000 текше метрді, ал электр желілерінің ұзындығы 32 шақырымды құрайды.

Қазіргі таңда Құлшық құмындағы су көзі басында орналасқан алты су ұңғымасы, тұрғын үй, электр желілерінің құрылысы, сондай-ақ Жуалыой елді мекенінде орналасқан екінші сорғы бекетінің құрылыстары толық аяқталды. Жуалыой елді мекеніндегі 86 үйге су құбыры тартылған.

Жалпы, ауыз су құбырын тарту бойынша ауқымды құрылыс басталғалы жоспарлы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келді. Құрылыс жұмыстарының мердігері «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС  жұмысында  кедергі-іркілістер  болмады.

Бұған дейінгі ескірген су тазарту қондырғылары жиі істен шығып, сапалы ауыз су жеткізуде белгілі дәрежеде қолайсыздықтар тудыратын еді.

– Бұл көптен күткен қуанышты жағдай. Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, біз облыс бойынша 110 елді мекенге таза ауыз суды жеткіздік. Бүгін сіздер соның нәтижесін көріп отырсыздар. Елбасы халыққа Жолдауында ауыл халқының тұрмыс-тіршілігін, өмір сүру сапасын көтеруді жергілікті атқарушы билік өкілдеріне жүктеген болатын. Себебі, біздің өңір тұрғындарының тең жартысы аудандар мен ауылдарда тұрады. Ауылда адам өмірінің сапасына әсер ететін бірден-бір нәрсе, ол – ауыз су, сапалы жол мен көгілдір отын. Жаңақалада да таза ауыз су талай жылдан бері «жыр» болып келе жатқан мәселе. Аталған түйткілді шешу барысында Елбасынан қолдау да көрдік. Соның нәтижесінде 110 елді мекенге немесе 2000 шақырым су құбыры тартылды. Ең бастысы, таза ауыз  су болса, адамның денсаулығына да пайдалы болады, өмір сүру сапасы да артады. Сондықтан  сапалы ауыз судың игілігін, пайдасын өздеріңіз көріңіздер. Жақсылығы мол болсын, – деді топтық су құбыры құрылысының ашылу салтанатында сөз алған  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Сондай-ақ өңір басшысы Жаңақала топтық су құбырының құрылысын жүргізген «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-ның директоры В. Крыловқа ақжарма алғысын жеткізді.

Алтынбек   ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала   ауданы

Серік   ЖҮСІПБЕКҰЛЫ,

Жаңақала  колледжінің  директоры, аудандық  мәслихаттың  депутаты:

– 2018 жыл біздің Жаңақала ауданы тұрғындары үшін жағымды жаңалықпен есте қалары сөзсіз. Әсіресе,  Жаңақала топтық су құрылысы арқылы үйімізге таза ауыз судың келуі үлкен қуаныш болды.  Әрине, су – бар берекенің бастауы. Бұл – ауыл халқы үшін ортақ игілік. Табиғи таза ауыз судың адам денсаулығына пайдасын айтпасақ та түсінерсіздер. Мал бағып, бақша өсіретін ауыл адамы үшін бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатса, бұдан асқан жақсы жаңалық болмас еді. Мұндай игі іске мұрындық болған Елбасымызға, облыс, аудан әкімдігіне айтар алғысымыз  шексіз. Еліміз дамып, көркейе берсін!

Шәйдолла  ТІЛЕУБЕРГЕНОВ,  зейнеткер,  Жаңақала  ауылының  тұрғыны:

– Сусыз  тіршілік жоқ екені белгілі. Ол – барлық игіліктің көзі және өмірдің  нақ өзі. Аудан тұрғындары үшін қуанышты күн. Бұрын суды сатып ішіп, көлдің лайлы суын да тұтынып келдік. Сондықтан да Жаңақала халқы орасан зор қуанышқа кенелді. Бұл күн біз үшін ерекше күндердің бірі болып қалмақ. Аудан тұрғындары енді сапалы ауыз судың игілігін көрмекші. Еліміз  өркендей берсін! Әрдайым осындай қуанышты  күндеріміз  көп  болсын!


Алыптар ұшқан алтын ұя

Күні: , 67 рет оқылды

Биыл  Жаңақала ауданына қарасты Жаңақазан ауылдық округінде орналасқан М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебіне 150 жыл толды.

Ғасыр жарым тарихы бар мектептің тамырлы тарихына үңілер болсақ, 1868 жылы Бөкей ордасында жеті мектеп ашуға Патша жарлығы шыққан екен. Сол жылы 29 қазанда жеті мектептің біреуі болып Қамыс-Самар қисымындағы  Глинянский елді мекенінен бір кластық Қамыс-Самар мектебі ашылған. Аталмыш мектепте  алғашқы мұғалім болып Шинкин деген қазақ оқытушысы болған. Кейін 1871 жылы Орынбор генерал-губернаторының келісімімен бұл жерде Новая Казанка ауылы құрылды. Алғашқы кезде  Қамыс-Самар мектебіне 1890 жылға дейін жергілікті бай балалары оқуға тартылған болса, кейін 1894-1895 жылдары қарапайым шаруа қазақтар мен татарлардың балаларына да оқуға мүмкіндік туды. 1911-1915 жылдары Қазақ ССР-ның халық ағарту ісінің үздігі Ақжан Ишанов Орданың екі кластық училищесін бітіріп келіп, шәкірттерге дәріс берді. 1916-1917 жылдары Нарын және Қамыс-Самар мектептері ірілендіріліп, оқу орыс мектебі үлгісінде жүргізіліп, оған 50 шәкірт тартылды. Қазақтың қайраткер қызы Алма Оразбаева осы мектепте еңбек жолын бастады. Ал Сейітқали Меңдешев кейін Қазанның мұғалімдер семинариясын бітіріп келіп, осы мектептің алғашқы ұстаздарының бірі болды. 1922-1923 жылдары аудан бойынша әр үйдің бір  бөлмесі алынып, он шақты баладан сауат ашу мектептері ашыла бастады. Кейін ол Дәулет есімді байдың екі қабатты ағаш үйіне жинақталып «коммуна приют» деп аталды. Коммуна приютте кедей балаларына бір киер киім, ыстық тағам беріліп, қайырымдылық жасалып, халық – ел қамқорлығына бөленді.

150 жыл толған мерейлі мерекені жаңақазандық жұртшылық пен мектеп ұжымы үш күн бойы дүрілдетіп атап өтті. Дүбірлі тойдың алғашқы күні, яғни Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында М. Жүнісов атындағы ЖОББ мектебінің 1996 жылғы түлектері ауылға кіреберіс қақпа орнатып, туған жерлеріне және өздері тәлім алған білім ордасының мерейтойына тарту жасады. Кіреберіс қақпаның ашылу салтанаты одан әрі дала қызықтарына жалғасты. Бұл жерде мерекеге жиналған жұртшылық тай жарысы, ат жарысы және аламан бәйгені қызықтап, спорттық ойындарды тамашалады.

Екінші күні мектеп оқушылары  Қазақстанның құрметті журналисі  Тихон Әліпқалиұлы, Ербол Ғұмарұлы және тағы да басқа елге танымал осы мектептің  түлектерімен  «Аталар жолымен, ағалар ізімен» атты дөңгелек үстелде кездесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, әдемі әңгіме өрбітті. Сонымен қоса бұл күні мектептің мерейтойына орай ұйымдастырылған Сатым Әбуұлы атындағы жасөспірімдер арасында еркін күрестен облыстық ашық турнир оздырылды. Халықтың қанын қыздырып, делебесін қоздырған додалы жарыс әрмен қарай мектеп ұжымы мен түлектерінің гала-концертіне ұласты. Мектептің мерейлі тойына арналған гала-концертте еліміздің үлкен-үлкен сахналарында өнер көрсетіп жүрген мектеп түлектері келіп, алтын ұя мектептеріне ән мен биден тарту тартты.

Ал думанды тойдың соңғы күнінде қазақ даласына танымал болған аталмыш мектептің түлектері өздеріне қанат бітіріп, үлкен өмірге жол көрсеткен білім ордасында бас қосты. Сонымен қоса облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі, ҚР Парламенті Сенатының 3-шақырылымының депутаты Рашит Ахметов, 2013-2017 жылдары Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымын атқарған, жерлесіміз,  генерал-лейтенант Оқас Сапаров, философия ғылымдарының докторы, профессор Тілекжан Рысқалиев, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Нәсіпқали Дәулетов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Бақыт Жасқалиева  және ұзақ жыл лауазымды қызметтер атқарған зейнеткер Ғабдірашит Қарменов жиынның құрметті қонағы болды. Олар алдымен осы мектептен түлеп ұшқан Жұмалиевтер әулеті 2 млн. теңгеден астам қаражатына жасақтап берген мәжіліс залының ашылу салтанатына қатысты. Бұл жерде алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары  Ғабидолла Оспанқұлов қазақ даласында ашылған алғашқы мектептердің тарихына шолу жасай отырып, тарихы терең М. Жүнісов мектебінің түлектері мен ұжымын аталмыш мерекелерімен құттықтады. Ал ардагер-ұстаз Нұрсұлу Галимуллина мектеп тарихын еске алып, заман талабына сай, бүгінгі таңда білім жүйесіндегі цифрландыру үрдісіне орай, мектеп оқушыларының білімдерін арттыруға өз септігін тигізетіндей тамаша мәжіліс залын жасақтап беріп отырған Жұмалиевтер отбасына алғысын білдірді. Одан әрі қонақтар жергілікті бюджеттің 7 млн. теңгесіне жасақталып, жаңартылған мектеп мұражайының ашылу салтанатына жиналды. Мектептің, қала берді ауылдың тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалаған үлкендер, өткен өмірлеріне бір сәт саяхат жасағандай әсер алды. Сонымен қоса мереке қонақтары мектеп ауласына бюджеттің 9 млн. теңге қаржысына салынған жаңа үлгідегі шағын футбол алаңының ашылуына қатысты. Мерекеге орай Ленин орденінің иегері, осы мектепте ұзақ жыл биология пәнінен сабақ берген Ғұмар Салықовтың ұлы Ербол Салықов игі іс жасауда әке жолын қуып, өз мектебінің 150 жылдығына 150 түп тал тарту етті.

Сол талдарды отырғызып, мектеп ауласын абаттандыруға өз үлестерін қосқан қонақтар одан әрі ат басын ауылдың мәдениет үйіне тіреді. Мәдениет үйінде аталмыш мерекеге орай «Тарихы шежіре, тағылымы мол оқу ордасы» атты салтанатты жиын өтті.

Нұрғали   ҒАББАС,

Жаңақала   ауданы


Атакәсіптің ахуалы қандай?

Күні: , 44 рет оқылды

Жаңақала ауданының жері жартылай шөлейтті, биылғыдай қуаңшылықтар жиі қайталанып отырады. Осыған орай аудан халқының атакәсіп – мал өсірумен айналысуға ғана мүмкіндіктері бар. Ал  сол атакәсіптің бүгінгі ахуалы қандай? Өткенімізді ескеріп, бүгінгі жайымызды сараласақ, алдағы дамуымызға бағдар айқындалары анық.  Олай болса, ой жүгіртіп көрейік.

Мал  басы  көп  пе,  аз  ба?

Аудан бойынша биылғы жылдың 1 шілдесінде 59329 сиыр, 219561 қой мен ешкі, 23504  жылқы, 914  түйе есепке алынды.  Өткен  жылмен салыстырғанда сиыр 4253, қой мен ешкі 71,  жылқы 1730 басқа көбейіп, түйе саны 20 басқа кеміді. Түйеден басқасы өсіп келеді. Көп пе, аз ба?

Қолымызға түскен бір дерек-терде 1899 жылы Қамыс-Самар қисымында 40 мыңдай адам, 60-70 мыңға дейін сиыр, 300 мыңға дейін қой мен ешкі, 30 мың жылқы, 21 мың  түйе  болған  екен.

Сол қисымның орнын басқан аудандағы мал басын жоғарыда келтірдік. Сиыр саны күні бүгін сол кездегі көрсеткішпен шендесіп қалыпты. Соңғы жылдары айтарлықтай өсе бастаған жылқы саны да енді аз жылда асып кетпесе де, жетіп қалары байқалады.

Қой саны сол кездегіден 80 мыңдай кем. Оған жеткізу мүмкіндігі де жоқ емес, бірақ қазір бұл түлік санын бұдан әрі өсіру тиімді ме, жоқ па деген сұрақ туындап жүр.

Ал түлік төресі – түйе саны сол кездегінің 4,4 пайызын ғана құрайды, яғни 20 мыңға азайып отыр. Саны жыл сайын кеміп келе жатқан бұл түліктің енді осы саны да  сақталып  қалуы  қиын  сияқты.

Мал  өсіруге  не  кедергі?

Жаңақала облыс бойынша малды аудандардың бірі саналады. Десе де, бұл саланың аудан жағдайында өз қиыншылықтары да  жоқ  емес. Тарқатып  айтайық.

Аудандық жер қатынастары бөлімінің берген мәліметі бойынша ауданның жалпы жер көлемі 2,7 млн. гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығының жер көлемі – 1,9 млн. гектар. Бұл жердің күні бүгін 1,4 млн. гектары пайдаланылуда. 346 мың гектар, яғни 24,7 пайызы игерілмей отырған  құм өңіріндегі жайылым.

Құм өңірі неге игерілмейді? Басты  себебі – судың  жоқтығы.

Бұрын, өзендердің бастауындағы елдер су қоймаларын салғанға дейін тасыған су арналарымен еркін ағып, аудан жеріндегі өзен, көлдерге құйылатын. Кейінгі жылдары жоғарыдағы су қоймаларының көптігінен аудан көлдеріне қажетті мөлшерде су түспейтін  болды.

Қараөзен мен Сарыөзенге сатып алып түсірген су қасқалдақтың  қанындай  ғана. Алып Қамыс-Самар жайылымы мен сансыз көлдері су түспегесін құрғап қалды.

Қуаңшылық жылдары мал азығы тарықтырған қыста екі-үш ауданның малын аман алып шығатын Қамыс-Самардың жайы қазір осындай.

Құрғаған көлдердің балығы қырылып, аңы мен құсы ауып, құдық шығатын жер асты суы да қашып, малға қоныс болудан қалды. Шөбі болса да, суы жоқ құм өңірінің  игерілмеуі  содан.

Судың тапшылығынан қазір Салтанат көлдері де кеуіп кетті.  Көпжасар ауылдық округінің терең жайылымдарына қазір су бармайды. Бірлік ауылдық округінің де алыс жайылымдарына дейін қазылған каналдарға су жетпейді. Сусыз жайылым қоныс бола  ма?

Биыл су жеткілікті мөлшерде келді ме? Бұл сұраққа  аудандық су шаруашылығындағылар жауап бере алмады. Олардың айтуынша, биыл 182,46 млн. текше метр су алынып, өзен-көлдерге, суармалы көлтабандарға берілген екен. «Дөңгелек» су қоймасында  да су қоры ең төмен деңгейде тұр. Күні бүгін кей округтерде су тапшылығы сезіле бастады. Мал шаруашылығын дамытудағы басты қиындық осы.  Екінші қиындық – малшы мен механизаторлардың тапшылығы.Үшінші қиындық  – жиі болатын қуаңшылық жылдарындағы мал азығының  аздығы.

Аудан бойынша 48350 гектар лиманды суармалы жер бар. Оның 43000 гектарына су шығады. Су шыққан лимандар гектарына  8 центнерге дейін өнім берсе, қырлық гектарына 4-5 центнерден артық өнім бермейді. Өнімді мо-лырақ беретін лимандар да судың молырақ түсуіне тәуелді. Мал азығының берік қорын жасау үшін лимандарға жеткілікті деңгейде су беруді және лимандарды тиімді пайдалануды жүзеге асыру  керек.

Асыл   тұқымның  артықшылығы   мол

Нарық заманы қай істің де тиімділігін, саны емес, сапасы болуын көздейді. Мал  шаруашылығы да солай. Мысалға, жергілікті үш сиырдың беретін сүтін  асыл тұқымды бір сиыр береді.  Үш сиыр өсірген тиімді ме, бір сиыр өсірген тиімді ме? Әрине, бір басты бағу жеңіл, саны емес, сапасы дегеніміз осы. Сондықтан  соңғы жылдары асыл тұқымды мал өсіруге баса назар аударылып отыр.

Бұл іске үкімет те қолдау көрсетіп, бірнеше мемлекеттік бағдарлама-лар жүзеге асырылды. Бұл бағыттағы жұмыс Жаңақала ауданында да жүйелі жүргізіліп келеді. Күні бүгін асыл тұқымды малдың үлесі сиырда 10 пайызды, қойда 11 пайызды, жылқыда 8 пайызды құрайды. Әрине, асыл тұқымды малдың үлесі әлі де аз. Көбейту үшін  жұмыстану керек.

«Сыбаға» бағдарламасымен ауданда 2016 жылы 369 бас, 2017 жылы 747 бас, биылғы жылы 701 бас сиыр, «Алтын асық» бағдарламасы арқылы 2016 жылы 179 бас, 2017 жылы 1384 бас, 2018 жылы 95 бас қой, «Құлан» бағдарламасымен 2016 жылы 15 бас, 2017 жылы 9 бас, 2018 жылы 42 бас жылқы сатып алынды.

Биыл аудан бойынша 308 бас асыл тұқымды бұқа сатып алынып, көзделген  меже 118 пайызға орындалды.

Аудандағы 15 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 12-сі тұқымдық түрлендіру үшін  2058 бас аналық сиыр, 96 бас асыл  тұқымды  бұқа  өсіруде.

Ауданның шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерлері мемлекет тарапынан мал шаруашылықтарын қолдау үшін берілетін субсидия мен басқа да мемлекеттік бағдарламаларға тиісті деңгейде қатысып келеді. Атап айтсақ, 2017 жылы ауданның ауыл шаруашылығы  құрылымдары 507,9 млн. теңге субсидия, 780 млн. теңге несие алса, биылғы жылы бүгінге дейін 398 млн. теңге субсидия, 420,1 млн. теңге несие алуға қол жеткізді. Сол сияқты ауданда ауыл шаруашылығы  техникаларын алуда да жүйелі  жұмыс бар.  2016 жылы аудан  бойынша 42  ауыл шаруашылығы техникалары (17 трактор) алынса, 2017 жылы алынған 66 ауыл шаруашылығы техникаларының 24-і трактор болды. Биылғы жылы бүгінге дейін 72 ауыл шаруашылығы техникалары (20  трактор)  жаңадан  алынды.

Аудандық статистика басқармасының жинақтаған мәліметіне сүйенсек, мал шығыны да бұрынғы жылдарға қарағанда көп азайған. Мысалға, биылғы жылдың алты айында аудан бойынша 9 сиыр, 605 қой мен ешкі, 27 жылқы ғана шығын болған. Бұл қазіргі сиырдың 0,01 пайызы, қой мен ешкінің 0,27 пайызы, жылқының  0,1  пайызы. Бұл көп деуге келмейді. Әрине, шығын болмағаны жақсы, бірақ  көп малдан шығын болатыны да заңды құбылыс.

Ал малдан алынатын өнімдер – ет, сүт, жүн жоспары орындалып келеді.

Міне, аудандағы атакәсібіміздің бүгінгі ахуалы осындай. Жоғарыда келтірілген кедергілер азайса, ауданда мал шаруашылығының  ахуалы  жаман  болмайды.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


«Бөбекжайдағы» бейқамдық

Күні: , 89 рет оқылды

Бала десе, бауыр етіміз елжіреп тұратын халықпыз. Өзі түгіл, өзгенің баласын бауырға басып, мейірімділік танытқан қазақ халқы қай кезде де бала тәрбиесіне бейжай қарамаған. Бұрын ата-бабаларымыз бала тәрбиесін бесіктен бастаған болса, қазіргі заманда бесіктен басталған тәрбие балабақшада жалғасын тауып  жатыр. Ал түлкі болып қашқан нарықтық заманды тазы болып қуамын деп жүрген ата-ана  балабақшадағы бауыр етінің тәрбиесінен алшақтап бара жатқан жоқ па? Немесе  сенім артып тапсырған балабақша балаға  тиісті деңгейде көңіл бөліп жатыр ма? Бұл сұрақтарға тереңінен үңілуімізге кеше ғана желіні шулатып, ғаламтор қолданушыларының арасында әр түрлі пікір туғызып жатқан «Бөбекжай» балабақшасындағы оқиға себепші болды. Ендеше, оқиға қалай өрбіді, әңгімемізді содан бастасақ.

Жұбайым Тілек Кенжеғалиев екеуміз отбасында төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым жұмыста,  өзім баламен отырғандықтан, екі жасар Расул және Раяна есімді егіз баламызды биылдан бастап «Бөбекжай» бала-бақшасына берген едік. Екеуі де бір топта. 3 қыркүйек күні балаларымды  балабақшаға апарып тастап, күндегіше үйіме кеттім. Сол күні кешкісін сағат 6-дан 10 минут кеткенде балаларымды балабақшадан алайын деп барсам, тәрбиешісі басқа балаларды киіндіріп жатып,  «Сіз күте тұрыңызшы, құрттай күтіңізші» деп, ішке кіруімді өтінді. Балам мені айнала жүгіріп ойнап жүр. Бір мезгілде көзім баламның бетіне түсіп, шошып кеттім. Таңертең өз қолыммен әкеліп тапсырған баламның бет-аузы көгеріп, ісіп кетіпті. Мен сол жерде тәрбиешіден не болғанын сұрадым. Ал ол баламның орындықтан құлағанын айтты. Мен сабырлы түрде сол мезгілде атаанасына, яғни маған неге хабарламағандығын сұрағанымда: «Сіздің данныйыңызды таба алмадық» деді. Мен ештеңе айтпастан, баламды көтеріп алып, үйіме кетіп қалдым. Кешкісін балам қызулап, қатты жылады. «Жедел жәрдемге» қоңырау шалып, баламның күндіз балабақшада құлағанын, қазір көзінен іріңге  ұқсас бір сұйықтықтың ағып тұрғанын айттым. Ал «Жедел жәрдемдегі» медбике: «Апа, өтірік айтпаңызшы, күндіз құлаған баланың кешкісін көзінен ірің ағуы мүмкін емес» деп сенімсіздік танытты. Содан баламды таксимен «Жедел жәрдемге» апардым.

Онда кезекші дәрігер Жарқын ағай баламды қарап, акт жазып берді. Сол кезде ішкі істер бөлімінің екі қызметкері де келді. Олармен қатар дәрігер Дариға Жұбатханқызы келіп, актіні жыртып, екі полицияға «Сіздер бара беріңіздер, біз қайтадан тексеріп, актіні кейін жазып береміз» деді. Екі полиция «Ендеше, актіні апайдан беріп жіберерсіздер» деп кетіп қалды. Одан әрі хирург дәрігерді шақыртып, баламды қайтадан тексертіп, басын рентгенге түсіріп, қағаз жазып берді. Не жазғандарын мен тіпті оқымаппын да, сол күйінде ауруханадан шығып, ішкі істер бөліміне апарып тапсырып, оқиғаның ақ-қарасын анықтап берулерін өтініп, арыз жазып кеттім.

Сол күні кештен бастап баламның тәрбиешісі кеш бата есігімді қағып мазалап,  кешірім сұрап, бірнеше рет келді. Мен оған кешірім бермейтінімді айтқанымда, ол «Неге кешірмейсіз? Біздің бала-бақшада қолы сынып қалған, құлап қалған балалардың ата-аналары кешірді ғой. Оның қасында сіздің балаңыздікі жай ісік қана ғой» деп, кешіруімді өтінді. Содан кейін ол кісілерге есігімді ашпай қойдым.

Ешкімге жамандық ойламаймын, көңіліме келгені – балам күндіз сағат 10-дардың шамасында құлаған, содан кешке дейін не балабақшаның медбикесіне қаратпаған, не маған хабарламаған. Ал тәрбиешінің менің «данныйымды» таба алмадым дегені жай сылтау ғана. Себебі мен баламды балабақшаға берерде барлық құжатпен қатар өзімнің де телефон нөмірімді жазып берген болатынмын.

Сонымен қатар арызымды қарап жатқан Фархат есімді  ішкі істер бөлімінің қызметкері балама Орал қаласындағы сот-медициналық орталық сараптама тағайындауы қажет екенін айтып, ол жердің мекенжайын тәптіштеп түсіндіріп жіберді. Ал ішкі істер бөлімінің дәлізінен кездескен Те-мірхан есімді  жергілікті полиция басшысы қазір ол мекеме «Омега» жаққа ауысып кеткендігін айтты. Екінші күні баламды алып, қалаға жол тарттым. Барып алып, Темірхан Айтекешевтің айтқан мекенжайымен әлгі мекемені іздедім. Сұраған таксистердің біреуі де ол мекемені білмейтін болып шықты. Содан бір таксист «Ақшасын төлесеңіз, тауып беремін» дегесін ақшасын төлеп, отырып алдым. Күні бойы іздеп таба алмай, Темірхан Айтекешев айтқан ауданды шарладық. Ең соңында аталмыш мекеме мүлдем басқа мекенжайда болып шықты. Сонда ол полиция  неге өтірік ақпар берді? Неге мені баламен соншама сандалтып қойды деп ренжіп, Темірханға қоңырау шалдым. Ал ол болса, «Кешіріңіз, мен қателесіп кетіппін» деп қарап тұр.

Мен ешкіммен жауласқым келмейді. Ғаламторға шығарған да, «Уральская неделя» газетінің тілшісін шақыртқан да біз емес. Оқиғаның бұлай тарап кетуі кімге қажет болғанын да білмей отырмын. Дегенмен де баламның денсаулығына зиян келді. Мен тек сол үшін тиісті адамның әділ жазасын алғанын қалаймын, – дейді Расулдың анасы Арайлым Камилашова.

Ал сол күні қоңырауды қабылдаған «Жедел жәрдем» қызметкері Арайлым ханым «сенімсіздік  танытты» деген сөзін  жоққа шығарса, Дариға Жұбатханқызы «актіні жыртып, полицияға толық тексерістен кейін актіні қайта жазып береміз» деген сөзін растап отыр:

– Ол уақытта Жарқын кезекшілікте тұрған болатын. Баланы әкеліп қарап жатқан кезде мен кезекшілікті ауыстырып, өз кезекшілігіме тұруға келген уақытым еді. Бұл уақыт сағат кешкі сегіздердің шамасы болатын. Кезекші дәрігердің емес, хирург маманның қарағаны дұрыс қой деп, жасаған актіні жыртып тастағаным рас. Бірақ мен полицияларға «жүре беріңдер» деп айтпадым. Олар өздері асығыс болды, сондықтан менен баланы тексеріп болғасын, актіні анасынан беріп жіберуімді сұрады. Одан әрі баланы тексеру үшін арнайы хирург маманды шақыртып, толық тексерістен өткіздік, басын рентгенге түсірттік. Содан кейін ғана хирург маман Дәурен Досқалиев  акт жазып беріп, оны анасының қолына ұстаттық, – деді  дәрігер.

Ал хирург Дәурен Досқалиевті әңгімеге  тартқанымызда,  ол:

– Иә, сол күні мені үйден Расул есімді баланы тексеру үшін шақыртып алды. Бала келген кезде көңіл күйі жақсы болды. «Жедел жәрдем» бөлмесін айналып жүгіріп, ойнап жүрді. Баланы толық тексерген кезде оң жақ көз асты аймағының гематомасы, бетінің жұмсақ тіндерінің соғылғандығы анықталды. Басын екі жағынан рентгенге түсірген кезде бас сүйегіне ешқандай жарақат түспегені белгілі болды. Мен актіге де солай жазып бердім. Қарап болған  соң бетіндегі ісікке мұз басып, соғылған жеріне арнайы жақпа жағып, медициналық көмек көрсеттім. Және баланы үйіне қайта-рарда анасына үйден қайталап мұз басу керектігін ескертіп айттым. Егер бала әлсіздік танытып, не болмаса, қатты қызулап тұрса ғана біз шұғыл түрде ауруханаға жатқыза аламыз. Ал ол жерде мен баланы аурухана жатқызатындай себеп көргенім жоқ. Сол себепті алғашқы медициналық көмек көрсетіп, баланы үйіне қайтардық, – деп, Арайлым Камилашованың «Баламның көзінен іріңге ұқсас сұйықтық ағып тұрды» деген сөзін жоққа  шығарды.

Расулдың анасының ішкі істер бөліміне арыз түсіргенін білгесін, істің қалай жүріп жатқанын білмек ниетпен ол жерге де бас сұқтық. Бұл жерде өз сөзімен баяндаудан бас тартқан ішкі істер бөлімінің қызметкерлері істің жүру барысын баяндап, мынандай  анықтама  жазып  берді (2-сурет).

Зерттеуміздің соңында оқыс оқиға орын алған «Бөбекжай» балабақшасына ат басын тіредік.  Бұл жерде аудандық білім беру бөлімінің қызметтік тексерісінің үстінен түстік. Сол жерде қызметтік тексеріске орай шақыртылған оқиғаға тікелей қатысы бар тәрбиеші Гүлдана Рысқалиевамен көзбе-көз жолығудың сәті  түсті:

– Сол күні, яғни 3 қыркүйек күні топта 24 тәрбиеленуші болды. Сағат 11-ден кете балалар ойнап жатыр еді. Көмекші тәрбиешім болса, балаларды әжетханаға отырғызып жатырды. Ал мен шашылып жатқан ойыншықтарды жинап жүріп, Расулдың құлағанын байқамай қалдым. Тәрбиеленуші Расул Тілекұлы орындықтан құлап кетіп, шкафқа басын соғып алды. Сол мезетте жүгіріп барып, баланы әжетхана бөлмесіне кіргізіп, салқын суға малынған орамалды бетіне бастым. Сосын  бетіндегі ісікке «Спасатель» жақпасын  жағып қойдым. Баласының құлап қалғанын айтып, ата-анасына хабарласайын деп, іс-қағаздарын қарап, құжаттарының арасынан олардың ұялы телефондарының нөмірін таба алмадым. Мұндай жағдай басымнан бірінші рет өтіп тұрғандықтан, мен қатты қорқып кеткенім соншалық, басшылыққа да, дәрігерге де көрсете қоймадым. Бар ойым атаанасына хабарласып, ескерту болды. Ал түскі ас кезінде Расул жыламай, мазасызданбай, жүгіріп ойнап, тамағын ішті. Түстен кейін  мені ауыстыратын тәрбиеші Клара Халелқызы келді. Ол кісіден де Расулдың ата-анасының телефон нөмірін сұраған едім,  онда да жоқ болды. Сағат 14:30 шамасында үйіме кеттім.

Кешкісін ата-анасынан кешірім сұрайын деп үйіне барған едім, олар ауруханаға кетіп қалыпты. Арттарынан ауруханаға іздеп бардым, бірақ анасы менімен сөйлеспеді. Одан кейін де үйіне барып кешірім сұрадым, онда да анасы сөйлескісі келмеді.

Дер кезінде медбикеге хабарлап, әкімшілікке және ата-анасына хабарласпағаным үшін өз кінәмді толық мойындаймын. Ал Расулдың анасының сіздерге айтқан әңгімесін мен айтқан емеспін. Кешкісін кешірім сұрап барғаным рас, бірақ «басқа балалардың қолы сынды, құлады» деген әңгіме айтқаным жоқ, – дейді жас тәрбиеші Гүлдана  Рысқалиева.

Ал мекеме басшысы Бегайым Есенғалиева оқиғаның мән-жайын баяндап, аудан әкімі мен аудандық білім беру бөліміне түсірген хабарламасымен таныстыра отыра, аталмыш оқиғаға байланысты өз тарапынан қолданылған шаралар жөнінде әңгімелеп, бізді тиісті  құжаттармен  таныстырды.

– Бүгінгі таңда тәрбиеленуші Расул Тілекұлын құлатып алып, ол оқиғаны әкімшілікке дер кезінде жеткізбей, өзінің функционалдық қызметін орындауда  өрескел қателік жібергені үшін тәрбиеші Г. Рысқалиева ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 4-тармақшасын негізге ала отырып, 2018 жылдың 4 қыркүйегінен бастап жұмыстан босатылды. Кезекшілікті қабылдап алу барысында баланың бетінен жарақатты көре тұра, балабақша әкімшілігіне хабарлама түсірмегені үшін  К. Рысқалиеваға ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағы 3-тармақшасын негізге ала отырып, қатаң сөгіс берілді. Сонымен қатар БҚО білім саласындағы бақылау департаментінің және аудандық білім беру бөлімінің мамандары келіп, қызметтік тексеріс өткізіп кетті. Олар тәрбиешінің лауазымдық міндетін толық атқармағандығын анықтап, өздерінің қаулыларын шығарды. Бұл жерде тәрбиешінің қателігін  біз жоққа шығара алмаймыз, оқиғаның анық-қанығы сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін мәлім болатын шығар деп ойлаймын, – деп  өз пікірін білдірді мекеме басшысы  Бегайым  Төлеуғалиқызы.

Нұрғали  ҒАББАС,

Жаңақала  ауданы


Көшіп кететіндер азайып келеді

Күні: , 56 рет оқылды

Жаңақала ауданы тұрғындардың тұрмыс кешуіне барлық жағдайы бар қолайлы қоныстардың қатарына жатады. Ұзақ жылдан бері халқы санының көп өзгермеуі осының дәлелі.

Өткен 2017 жылы бірінші шілдеде ауданда 23953 адам есепте тұрса, биыл осы мезгілде 23940 адам бар.

Десе де, ауданға көшіп келушілерден қоныс аударып кетушілер саны әлі де көптеу.

Өткен жылы алғашқы алты айда 381 адам ауданға келіп қоныс тепсе, 895 адам көшіп кетіпті. Яғни көшіп кетушілер 514 адамға көп.

Биыл да бұл үрдіс сақталып отыр. Өткен алты ай ішінде 443 адам ауданға көшіп келсе, 525 адам басқа  жаққа ірге аударған. Көшіп кетушілер саны 82 адамға көп. Дегенмен, өткен жылғыға қарағанда көшіп кетушілер санының айтарлықтай азайғаны көңілге медеу.

Сол сияқты ауданда өмірге келген сәбилер саны да демографиялық  жағдайға ықпал ететіні белгілі.

Өткен жылы алты айда 251 сәби дүниеге келсе, биыл осы мезгілде 243 сәби жарық дүние «есігін» ашты.

Өткен жылы аудан бойынша 68 адам өмірден өтсе, биыл 74 адам бақилық болды. Табиғи өсім өткен жылы алғашқы алты айда 183 адам болса, биыл 169 адам. Әйтеуір жыл сайын табиғи өсім бар.

Көшіп келу мен кету – ел ішіндегі қозғалыс. Табиғи өсімнің барлығы көңіл қуантады.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


Жүн неге жиналмайды?

Күні: , 138 рет оқылды

Бұл  сұрақ  тұрғындар  тарапынан  25-30  жыл  бойы  биліктің  алдына  мәселе  етіп  қойылып,  әлі  күнге дейін  шешімін  таппай  келеді.

Қой  жүні  қажетсіз  бе?

«Иә» деп ешкім айтпайтын шығар. Статистикалық мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жүннен иірілген жіпке деген сұраныс жыл сайын 200 тоннадан асады екен. Өкінішке орай, бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп өнімдерімен халық сұранысының тоғыз пайызы ғана өтеледі. Бұл 91 пайыз экспортқа тәуелдіміз деген сөз емес пе? Неге?

Кеңес одағының соңғы жылдарында елімізде қой саны 30-35 миллионға жетіп, 100-105 мың тонна жүн өндірілді. Оның 60 пайыздан астамы сапалы, бағасы қымбат биязы жүн болып, әлемнің 12  еліне  экспортталған  екен.

Қазіргі таңда еліміз бойынша 40 мың тоннаға дейін ғана жүн өндіріліп жүр. Оның 15 мың тоннасы  ғана  жоғары  сапалы  жүн.

Жыл өткен сайын импорттық өнімдерге тәуелділік көлемі ұлғайып бара жатқаны да жиі жазылып жүр. Экономикалық тұрғыда тәуелсіз болу үшін халық кемі 30 пайыз өз өнімімізбен қамтамасыз етілуі керек. Бұған мүмкіндік бар ма? Қытай, Үндістан, Түркия сияқты жеңіл өнеркәсіпті өрге бастыруға не кедергі?

Жүннің  пайдасы  мен  зияны

Малмен ғана күнелткен ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Оған тарихымыз куә. Өркениетке ұмтылдық, мәдениетіміз дамыды, тұрмысымыз түзелді. Киіз үй баспана болудан қалды. Тек Ұлыстың Ұлы күні алаңға тігуге іздейміз. Киіз төсеніш болудан қалды. Қазір қылшығы ұшпайтын қалы кілем, ою-өрнекті алашалар төрге шықты. Құны удай қымбат болса да соларды аламыз. Қазір малшылар да киіз төсемейді. Қыс кезінде малшы үйіне барып отыра қалсақ, астыңнан сыз өте бастайды. Биттің қабығындай кілем, алаша жылу ұстамайды. Сондайда «Қалыңдығы бір елі қара киізді кілем астынан болса да төсеп тастаса ғой, сәбилеріне салқын тимес еді. Сол қара киіз үстінде ойнап, ұйықтап өскен ұрпақ аурушаң болмап еді. Қылшығынан зиян болып, қырылып қалған жоқпыз ғой» деп ойлайсың.

Киім ретінде де солай. Бұрын жүн шұлық кигенде аяғымыз, жүн қолғап кигенде қолымыз тоңып па еді? Жылы кеңседе отырғанда ештеңе емес, ал жолға шыққанда, қайтқан адамның қарасында, зират басында сәнді шетелдік құрым бәтеңкесінен аяғы мұз болып қатып, тыпыршып тұрғандарды көргенде «байпақ киіп алса, тоңып тұрмас еді» деп еріксіз ойлайсың. Мәдениеттілікке жат деп қой жүнінен безгендегі бүгінгі сиқымыз осы.

Жүн  неге  жиналмайды?

Көптің көңіліндегі сұрақ осы. Өйткені, жүн өтпегесін, қой қотыр болмасын деп жабағы жүнін еріксіз қырқамыз. Қырқылған жүнді  қоқысқа  тастаймыз.  Неге?

Себебі жүн өтпейді, керексіз шикізат болып қалды. Рас, ауданымызда еділбай қойы ғана өсіріледі. Оның жүні сапалы биязды жүнге жатпайды, қылшықты жүн. Десе де жоғарыда біз айтқан жергілікті тұрмысқа пайдалануға болмас па еді?! Әрине,  болады.

Қазіргі аудан жағдайында киіз де, байпақ та ныпсы тұтынудан қалған жоқ. Сондықтан киіз, байпақ басатын, ұзатылар қызға көрпе жасайтын шағын цехтар ашылса және аз болса да сапалы өнім өндірсе, артық болмас еді. Қазір қаладан әкеліп сататын байпақтар өте сапасыз, тастай қатты, аяғыңды, балтырыңды қажап тастайды. Өнім сапалы болса, неге өтпесін? Киізбен қыста тракторын қымтауға, тіпті пено материал орнына үйді қаптауға да болады екен. Аудандық кәсіпкерлік бөлімі осы іске  ұйытқы  болса дейміз.

Тіпті ондай цехтар ашуға жағдай жасай алмағанның өзінде жүн қабылдау орындарын ашып, оны өткізумен жұмыстанып, тікелей шартқа отырса, халыққа да, ашқан кәсіпкерге де тиімді болар еді. Бұған дәлел – ешкі, қой жүнін жинайтын агенттердің алыс өңірлерден  келе  бастағаны.

Мысалға, қазір ешкі жүні қымбатқа өте бастады. Көктемде халықтан бір килосын бір мың теңгеден алған жинаушылар ешкі жүні бағасын 1500 теңгеге дейін көтерді.

Енді мұның астарына үңілейік. Оңтүстіктен келген сатып алушы жергілікті жерден бірнеше адамды жалдайды. Ал, олар ешкі жүнін килограмы 1500 теңгеден жинаса, келген агент оны олардан көтеріп 1600-1700 теңгеден алатыны даусыз. Жиналған жүнді келген агент өз қожасына, оңтүстікке жөнелтіп отыр. Агенттен ешкі жүнін екі-үш есе қымбатқа алатыны да ақиқат. Қомақты пайда таппаса, агент тентіреп ел кезіп келе ме? Оңтүстіктегі қожасы да Қытайға, Гонконгке біреулер арқылы өткізеді. Сонда ешкі жүнінің соңғы нүктедегі бағасы халықтан жиналған бағадан неше  есе  жоғары  болғаны?

Біздің жаман ойымыз – жүнді бейнетін көріп дайындап, бірнеше делдал арқылы аз бағаға өткізіп, жемісін біреуге жегізгенше, жүн алушыны өз адамымыздан дайындап, тікелей Қытаймен болмаса да, аз делдал арқылы өткізуге жағдай жасаса, халық көп ұтылмас еді дейміз де.

Айтпақшы, жүн, тері алатын бір жерлесіміз де бар. Өкінішке орай, ол да оңтүстіктен келген өзбектің бағасынан асырмайды. Одан не пайда? Халықтың емес, өзінің қамын ойлайтын нарық заманы ғой.

Иә, жақында «Қой жүнін аламын» деген хабарландыруды оқып, қуанып кеттім-ау. Соңын оқығанда көңілім түсіп кетті. Бір килограмы 10 теңге дейді. Су тегін, алады деген атағы ғана емес пе?

Ал біздегі еділбай қойынан 0,7-0,8 килограмм жүн түседі. Оны 10 теңгеден өткізсек, 7-8 теңге құрайды. Қазір қойды уақыт тауып, шуашына малынып кім қырқады? Қырқушыны қой басына 400 теңгеден жалдаймыз. Сонда бір қойды қырқу 392-393 теңге зиянға шығады. Жүн бағасы су тегін дегеніміз сол.

Биылға дейін қой жүнін ешкім алған жоқ. Аудан бойынша жыл басында 168 845 бас қой мен ешкі болғанын ескерсек, одан 2017 жылы 2056 центнер жүн алынған екен.

Ешқайда өтпеген жүн далаға тасталды. 20-25 жылдан бері жыл сайын осыншама қой жүні далада қалып жатыр. Сол өтпейді деген жүнді оңтүстіктің кәсіпкерлері өткізіп отырғанын көргенде, бұл іске немқұрайлы қараған басшы құрылымдарға қалай өкпе  артпайсың?!

Рас, біздің қойлар жүнінің жіңішкелілігі қазіргі әлемдегі сұранысқа сәйкес келетін 18-21 мкм. сапалы биязы жүнді емес. Десе де, қылшық жүнді де көрші елдер кәдеге асырып жатыр емес пе? Олай болса, біз неге далаға тастаймыз?

Егер жүн пайдаға асса, қойдың күзем жүні мен қозы да қырқылар еді.

Қорытып айтқанда, қой қазір елімізде еті үшін ғана өсіріліп отыр. Жүні мен терісі алынбайды.

Австралия сияқты қой шаруашылығын ғылыми негізде дамыта алмасақ та, қолда бардың қадірін кетірмей, ел игілігі үшін шикізатты өңдеуді іске асыратын мезгіл болған сияқты.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы

Серік  ХАЙЫРБЕКОВ,

«Айдархан»  ЖШС  директоры:

– Иә, бұл мәселе шешімін таппай келеді. Қой пысынап қотыр болмауы үшін қырықтықшыларға еңбекақы төлеп қырықтырамыз. Жылма-жыл 3-4 тонна жабағы жүнді жинап алып, өртеп жіберуге мәжбүрміз. Технология қанша дамыды десек те, осы мол жүнді өңдеп, кәдеге асыра алмай отырғанымыз қынжылтады…

Бұл тек біздің қожалықтың емес, қой ұстаған бар адамның  басындағы  жағдай.

Тыныштық  ӨТЕШҚАЛИЕВ,

мал  шаруашылығының  маманы:

– Бір кездерде жоғары бағаланған мал шаруашылығындағы таза да табиғи шикізат – жүннің сұранысқа ие болмай, үкімет тұрғысынан өте төмен бағалануына байланысты, оны өндірушілер тарапынан өте күрделі де кереғар түсінік, пікір пайда болып тұрғаны бесенеден белгілі. Басқа жайдың барлығын былай қойғанның өзінде, оны мал терісінен ажыратып, қырқып алудың өзі де қиындық келтіріп отыр. Қой малының жүнін адамдарды жалдап, өз қаражатына қиындықпен қырқып алу,  оның үстіне оған сұраныстың болмауына байланысты оны шұңқыр, орларға тиеп апарып төгіп, бір кездегі алтын өнімді өртеп жіберу, сөйтіп өтпейтін өнімнен қойды да, өзін де азат еткендігі. Қазір жүнді даладағы сай-салаларға лақтырып тастау жаппай дағдыға айналып бара жатыр. Желмен ұшып, далада шашылып жатқан жүнді жиі көруге болады. Бұл сайып келгенде қоршаған ортаны ластаумен пара-пар жай. Үкімет тарапынан қойылатын талап болса, экологиялық талаптардың бұзылуына жол берілмес еді. Қой малының жүнін өндіруге сұраныс болмаған соң ешқандай дотация, субсидиялар төленбейді. Бағалай білсек, таза малдың жүнін ешқандай жасанды химиялық жолмен алынған өнімдер оңды көрсеткіштермен оны алмастыра алмайды. Бұған сайып  келгенде  кім  жауапты:

– сол  аумаққа  басшылық  ететін  әкім  бе?

– өндірген өнімі үшін үкімет тарапынан ешқандай сұранысқа ие бола алмай, азапқа ұшырап тұрған  кәсіпкер  ме?

– даланың ластануына жол беріп, қадағалай, қоршаған ортаны қорғай алмай отырған құзырлы мемлекеттік  қызметшілер  ме?

– сол өнімді жергілікті жерлерде өңдеуге мемлекеттік көзқарас пен халықтың игілігі үшін өнімді ұқсатуды жүзеге асыра алмай отырған шаруашылық, аудан, облыс көлеміндегі қызмет етіп отырған аграрлық  саясатты  жүзеге  асырушылар  ма?

Қалай  дегенде  де  бұл  мәселеге  мән  беретін  уақыт  келді.


Соркөлде жағдай бар, жағажай жоқ…

Күні: , 107 рет оқылды

Жаздың шіліңгір ыстығында аудан жұртшылығының көбі түс ауғаннан кеш қарайғанға дейін Соркөл жағасынан табылады.

Бір тобы көл жағасына суға түсіп, салқындау үшін барса, енді бірі балық аулау үшін барады. Ал, ең жиі баратындар – табиғат аясына демалуға шыққандар. Олар сусындары мен тамақтарын алып, сол жерден сірне, кәуаптарын пісіріп, көл жағасында 7-8 сағатқа дейін жатуға бар. Әрине, демалған жақсы-ау. Алайда, демалушылар қауіпсіздік, тазалық деген талаптарды ескере ме, жағажай мәдениетін қалай қалыптастырамыз? Біздің демалысымыз тек көңілді ғана өтіп қоймай, қауіпсіз, жағажай этикасын сақтайтын, жанға жайлы жағдайда өтуі керек.

Жылдағы бір көрініс. Толған күл-қоқыс, шашылған шөлмектер, от жағылған орындар. Қоқыстан аяқ алып жүру мүмкін емес. Суға түсу науқанында қауын-қарбыздың қабығы, мүжілген сүйектер, шемекі қабығы, темекінің тұқылы дейсіз бе бәрін жағажайдан табуға болады. Соркөлдің осындай ахуалы туралы сөз қозғап, аудандағы мемлекеттік құрылым өкілдері, сондай-ақ қарапайым тұрғындардың пікірлеріне құлақ түріп қайтқан едік.

Абзал АХМЕТОВ, Жаңақала ауылдық округінің әкімі:

– Соркөлдің жағасын әкімдік құзырындағы ақылы қоғамдық жұмыс істейтін тазалықшылармен аптасына бір рет барып, тазалап тұрамыз. Ал, суға түсу маусымы басталғанда аптасына екі рет дүйсенбі және сейсенбі күндері баруымыз қажет. Демалу маусымында адам санының көптігі, тәртіп сақталмауы, күл-қоқыстардың көбеюі әсерінен тазалық жұмыстары жиі жүргізуді талап етеді.

Талғат ҮМБЕТОВ, аудандық жер қатынастар бөлімінің бас маманы:

– Соркөл жағасын қазіргі таңда ешкім жалға алып отырған жоқ, ауылдық округке тиесілі. Жеке бизнеске айналдырып, құм төгіп, катамаран немесе қайықтар әкеліп, туристік орталық жасауға жалға аламын деушілер ауылдық округ әкімімен келісім жасап, айналыса беруіне болады.

Тыныштық ӨТЕШҚАЛИЕВ, өлкетанушы:

– Соркөл – демалуға таптырмас орын, суының емдік қасиеті бар.    Ал балығы халыққа азық.  Бұрынырақта балық көп болатын, бертін келе азайып келеді. Соған қарамастан көлдің балығы дәмді, әрі семіз келеді. Демалыс орны дейтінім – суға шомылу маусымы басталғанда аудан тұрғындары мен қонақтардың ең бір рахаттанып табиғат аясында демалатын орны. Енді емдік қасиетіне келер болсақ, көлдің өзінен 1-2 шақырым жерде сор бар. Беті тұзды қабат, асты шамамен 1 метр қалыңдықтағы қара балшық. Шілде айында суға түсу маусымы басталғанда, яғни 10 шілдеден 10 тамыз аралығында сордың емдік қасиетін пайдаланып қалу керек. Алайда, қара балшықты жағып, тұзды суға түсудің өзіндік ережесі бар. Араға күн салып 3 рет, тамақ ішіп алғаннан кейін 10-15 минут балшықты жағып, жуып тастау керек. Сонымен қатар шелектеп балшығын алып барып, моншаға түсуге болады. Алайда моншаның бу бөлмесінде балшық жағуға немесе балшық жағып кіруге болмайды. Моншадағы әлгіндей ем-дом кезінде басыңызда бас киіміңіз міндетті түрде болуы керек. Мұнда да 15 минуттан артық балшықты денеде ұстауға болмайды, себебі жүрек қан-тамырларының жұмыс істеуіне кері әсерін тигізеді. Адам баласы жасы ұлғайған сайын буындары сырқырап, тұла бойында қан айналымы нашарлайды, дененің белгілі бөлігіне тұз жиналады. Бойдағы тұздар жас кезде денеден бөлініп шығып, ағзаның жұмыс істеу үрдісі реттеліп тұрса, үлкейген шақта тұздың уақытылы бөлінбеуі ауруға шалдықтырады. Ал, Соркөлдің балшығын жағу арқылы денедегі артық тұздарды шығаруға болады.

Осындай пайдасы мол ауданымыздың ресурсын назардан тыс шығармай,  жағдай жасасақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Жеңіс МӘМЕТОВ, ауыл тұрғыны:

– Суға түсу маусымы күні ертең басталады. Ауылға келген қонақтардың көлімізге түсіп, балығын жемейтіні кемде кем. Алайда, бізде дұрыс жағдай жасалмаған, басқа өңірлердің жағажайларына қарасаң, адам қызығарлықтай демалуға керемет жағдай жасалған. Бізде киімді ауыстырып киетін арнайы қарапайым  кабиналардың жоқтығы, тазалықты сақтау үшін қоқыс жәшіктерінің орналастырылмауы, талапқа сай суға түсетін арнайы аумақтың жасақталмауы қынжылтады. Ең аяғы, бұл жерде дәретхана да жоқ.

Жоғарыда аталған тазалық, қауіпсіздік мәселесінің негізгі шешімі – заңды жағажай жасақтау. Ал оған бізде мүмкіндік бар ма? Әрине, бар. Оған керегі, ең бірінші – табиғи ресурс. Соркөл табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр. «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, емдік қасиеті, суы, балығы секілді байлығымыздың қадірін білмейтініміз қынжылтады. Тек осы істің көзін тауып, айналдырып әкететін епті кәсіпкер керек. Өзен бойының айналасын қоршап, тазалап қойса, дайын демалыс орны болып шыға келетін жерлер жетерлік. Содан кейінгі тірлік кәсіпкердің идеясы мен іскерлігіне байланысты. Жағажайға келуді ақылы қылып, түрлі сусындарды салқындатып, кәуап пісіріп, демалушылардың жағдайын жасар болса, ақша өзі келеді. Тіпті шағын тапшандар мен киіз үй құрып, бие байлап, саумал сатуға да болады. Бір қарағанда мұның бәрі жай қиял көрінуі мүмкін. Алайда шындап кірісер жан болса, ақиқатқа айналып шыға келеді. Себебі бұл біріншіден, ауданда жоқ бизнес. Екіншіден, кәсіпкер боламын деген жанға мемлекет тарапынан жан-жақты  қолдау баршылық. Сол мақсатта түрлі бағдарламалар қабылданып, төмен пайызбен несиелер беріліп, кәсіпкерге бұрын-соңды жасалмаған қамқорлық жасалуда. Үшіншіден, осы бастама шынымен жүзеге асса, демалушылар келмей қалады деп уайымдамайсың. Себебі, сенің жағажайыңнан басқа жерлерге суға түсіп, демалыс ұйымдастыруға заңды түрде тыйым салынады. Сондықтан, дүйім жұрт сенің саудаңды қыздырып, қызметіңді пайдаланады. Міне, осы мүмкіндіктерді пайдаланып, аталмыш бизнес қолға алынса, халыққа да, көлге де пайдасы мол болар еді.

Заңды жағажай ашылар, ашылмас, бастысы, көл жағасында демалушылар тәртіп пен тазалыққа аса мұқият қарағаны дұрыс. Әйтпесе, Соркөлдің жағасында шашылып жатқан шөлмектер мен күл-қоқыс адамның да, көлдің де тынысын тарылтары рас. Жағада жатқан жартылай желінген тағамдар мен аста-төк ішілген ішімдіктер үшін бір күні сұрау болары хақ. Ысырап пен ынсапсыздықтан арылып, қолымыздағы барды бағалайық, ағайын!

Айтолқын  АСҚАРҚЫЗЫ,

Жаңақала  ауданы


«Береке бар жерге бақыт ұялайды»

Күні: , 70 рет оқылды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің аудандарды аралап, жоспарлы жұмыстардың жүргізілу барысымен танысу сапары кеше Жаңақала ауданында жалғасты.

Облыс әкімі алдымен аудан орталығында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үй құрылысы алаңына келіп, еңбек ардагерлері, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Биылғы жылы да аудан бойынша атқарылып жатқан құрылыс көлемі ауқымды еді. Соның бірі де бірегейі – халық сұранысы бойынша облыс басшылығының қолдауымен жүзеге асып жатқан Жаңақала топтық су құбыры құрылысы болатын. Былтыр тамыз айында басталған құрылыс биыл жыл соңында пайдалануға берілуі тиіс. Облыс басшысының тікелей қадағалауында тұрған құрылыс қарқынды жүргізіліп келеді. Ұзындығы 145,69 шақырым болатын су құбырын, оның қажетті нысандарын салу, әрине, жеңіл жұмыс емес. Осы су құбыры арқылы ауданның сегіз елді мекенін, онда тұратын 17 мыңға жуық адамды таза ауыз сумен қамтуды көздеген құрылыстың бүгінгі жай-күйімен танысқан әкім мердігерлерге жұмыс сапасын кемітпеуді тапсырды.

Сондай-ақ облыс әкімі А. Көлгінов тұрғындармен бірге аудандағы жүргізіліп жатқан инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй құрылыстары, жолдар мен спорт алаңдары, суармалы көлтабандардың арықтары мен су қақпаларын жөндеу жұмыстары туралы мамандардың хабарламаларын тыңдады. Мұнан кейін кездесуге жиналған тұрғындармен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында пікір алысты.

– Ең өзекті мәселе – халықты таза ауыз сумен қамту. Таза ауыз су адамдардың денсаулығын сақтау үшін қажет. Елбасы тапсырмасы бойынша облыста бұл жұмыс жоспарлы жүріп жатыр. Мақсатымыз – адамдардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, – деген Алтай Сейдірұлы  аудан әкіміне үнемделген қаржыдан жол жөндейтін қуатты техника алуды тапсырып, тұрғындарға мал басын көбейту керектігін айтты.

Мал өнімдерін өткізудегі қиындықтарды айтқан ардагерлер сауалына орай бұл бағытта облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды әңгімелеп берді.

– Кәсіпкерлікті дамыта түсіңіздер. Өз күнімді өзім көремін деген адамға ешкім кедергі жасамайды. Біздің міндетіміз – істеймін деген адамға жағдай жасау, – деп қорытты облыс әкімі бұл жердегі кездесуді.

– Облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қанықпыз және ризамыз. Жақында жұмыс сапарымен өңірімізге келген Елбасы біздің облысты экологиялық таза аймақ деп атады. Енді жемқорлықтан таза облыс атануымызға тілекшіміз, – деген аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Шайдолла Абуғали аудан жұртшылығы атынан атқарылған игі істер үшін алғыс білдірді.

Облыс әкімі мұнан кейін аудан орталығында салынып жатқан жобалық құны 220458,58 мың теңге болатын үш қабатты 24 пәтерлік жалдамалы тұрғын үй құрылысын көріп, өз қолымен қабырғасына кірпіш қалап, құрылыстың ел игілігіне айналуына тілек білдірді.

Сондай-ақ облыс әкімі аудан тұрғыны Батырбек Бердіғалиевтің жеке кәсіпкерлік нысанына ат басын тіреп, мұнда аудан кәсіпкерлерімен, жастар өкілдерімен кездесті.

Кәсіпкерлермен әңгіме үстінде облыс әкімі:

– Елбасының бес әлеуметтік бастамасының біреуі – шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қайтарымсыз демеу қаржыны көбейту. Облыс бойынша субсидия өткен жылғыдан биыл екі есе көбейді, – деп кәсіпкерлікке мемлекеттік қамқорлық жайын сөз етті.

Жастар өкілдерімен өрбіген әңгімеде «Жасыл ел» бағдарламасының аудандағы барысын тыңдап, белсенді жастар ісіне ризашылық білдірді. Жастарға жасалып жатқан қамқорлық жұмыстарына тоқталды.

– Біреу үшін емес, өзіміз үшін істейміз, – деген Алтай Көлгінов салынып жатқан құрылыс нысаны ішіне ұя салған қарлығаштарды да назарынан тыс қалдырмай, жақсылық белгісіне балады.

Сөйтіп, уақытының қауырттығына қарамай халық өкілдерімен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыс барысымен танысқан облыс әкімі аудан басшыларына нақты тапсырмалар беріп, береке бар жерде бақыт ұялайтынын, аталған үлкен құрылыстар біткенде арнайы келіп, ел қуанышын бірге бөлісетінін айтып, ауданнан аттанып кетті.

Өмірзақ  АҚБАСОВ,

Жаңақала  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика