Тег: ‘Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ’


Ғұлама Ғұмар

Күні: , 72 рет оқылды

Жақында ғана Астана қаласында ғалымдар мен студенттердің қатысуымен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Ғұмар Қараштың еңбектері мен зерттеушілердің бұрын жарық көрмеген зерттеулері топтастырылған үш томдығын таныстырдық. Бұл біздің бірнеше жылдық қажырлы еңбегіміздің нәтижесі, сондықтан бұл жинақты шығару мақсатымыз, деректерді қайдан алғанымыз жөнінде осы кітапта жазылған алғысөзді қалың оқырманға ұсынамын.

Бұл жинақты жиыстырудағы асыл мақсатымыз – Ғұмар Қараш заманында шығарған «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза, ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» жинақтарының алғысөзінде жазған ойлармен ұштасып жатыр. «Шайыр» жинағының алғысөзін былай бастайды: «Белгілі білік иесі адамдар айтыпты: «Жыр, өлең һәм билік сөздерін сақтамаған халық жансыз» деп. Бұ сөз бек дұрыс. Неге десеңіз, әр елдің елдігі, мәселен, қазақтың қазақтығы, татардың татарлығы, орыстың орыстығы өздерінің ата-бабаларынан қалған айырым тілдерін жоғалтпай қолданумен сақталады. «Әр ел өз тілін сақтау» ол елдің жыр һәм ескі сөздерін сақтамай мүмкін болмайды. Соның үшін де өнерлі, ілімді халықтарда бұ «тіл сақтау» жайында бек мұқияттық бар…». Ал «Көксілдерде» «Жыр шығарудағы бірінші дәреже мақсат: әр елдің ана тілін һәм ондағы шешендікті жоғалтпай сақтау болады. Екінші дәреже мақсат: ол тәтті жыр арқылы оқушыларға әсер беріп, «батыршылық», «жомарттық», «әлемге қызығу» секілді көркем сипаттарға үндеу болады…» деп ойын жалғаған.

Ғасыр өтіп, азаттығымызды алған соң ғана Ғұмар Қараштың айтқан сөзі, жазған жазбалары, атқарған істері бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігіне көзіміз жетіп отыр. Біздің ісіміз «Болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, Ғұмар Қараштың халықтың қамы үшін жасаған істерін мүмкіндігімізше жалғастырып, қолдарыңыздағы кітап арқылы ұрпақ үшін құрбан болған бабамызды халқымен қайта қауыштыру. Бұл кітаптар – бірнеше жылдық еңбегіміздің жемісі. Мен үшін ең басты мақсат – болашақ ұрпақ алдындағы борышымызды, Ғұмар Қараштың алдындағы парызымызды өтеумен қатар, Мәскеудегі асылдың сынығы, Ғұмар Қараштың туған немересі, ғалым Надежда Бұрханқызының алдындағы уәдемді орындау.

Ғұмар Қарашты әлі танып болмағанымыз анық. Оны тану үшін әлі талай зерттеу жұмыстары жүргізілуі қажет. Әзірге қолда бар деректер бойынша білетініміз: Ғұмар Қараш – ХХ ғасырдың басын «тар жол, тайғақ кешу» деп сипаттаған, заманының озық ойлы ақыны, философ, ағартушы. Сөзі мен ісі қабысқан ғұлама терең игерген діни білімінің арқасында сол саладағы жоғары қызметтерді атқарған. Кейін дүмше молдалардың надандығын ашық әшкерелеп, ағартушылыққа ден қойған. Еліміздің азаттығын армандап, соған қол жеткізу жолында бар күш-жігерін жұмсаған. Ағартушылық бағытта өз заманында көп іс тындырады. Қазақтың ауыз әдебиеті мен жазба әде-биетін дамытуға да елеулі үлес қосқан. «Ойға келген пікірлерім», «Бәдел-хажы», «Бала тұлпар», «Аға тұлпар», «Қарлығаш», «Өрнек», «Тумыш», «Тұрымтай» өлең жинақтарын шығарып, философиялық ой-толғамдарын жазған. 1910-1912 жылдары «Шайыр, яки қазақ ақындарының басты жырлары» және «Көксілдер, яки бұрынғы мырза ұлы һәм ноғайлы батырлары уә ғайри мағыналы жырлар» деген атаумен қазақтың батырлар жырының жинағын жариялаған. Қазақ даласында елдің мүддесін көздейтін бірде-бір газет жоқ кезде тұңғыш рет «Қазақстан» атауымен халыққа білім мен кәсіп үйретуді мақсат ететін газет шығаруды ұйымдастырды. Алғашқы ағартушылық, білім беру, сауат ашу, тәрбие бағытында «Мұғалім» атты ғылыми журналды шығаруды ұйымдастырып, басқарды. Өз дәуіріндегі халыққа кең тараған «Айқап», «Мұғалім», «Шора» журналдары мен «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», тағы басқа татар тілдеріндегі баспасөз бетінде халыққа оң бағыт-бағдар берген, бірлікке, ынтымаққа үндеген, білім, кәсіп игеруге бағытталған ой-пікірлері мен өлеңдері жарық көрді. Сол кезеңде қазақтан осынша жинақ шығарған Ғ. Қараш қана. Халыққа қызмет етуді өмірінің мақсат-мұраты санаған ақын 1918 жылы Ордадағы педтехникумда сабақ беріп, 1919 жылы Ордада қазақ жазушыларын біріктіретін алғашқы одақ негізін салып, «Дұрыстық жолы» газетін шығаруы, өзі туып-өскен өңірден «Қырқұдық» аталатын ауыл шаруашылығы артелін ұйымдастыруы Ғұмардың ел үшін еткен өлшеусіз еңбектерін таныта түседі. 1875 жылы Ішкі Бөкейлікте (қазіргі Жәнібек ауданында) Қырқұдық деген жерде дүниеге келіп, 1921 жылы небәрі 46 жасында Құнаншапқанда қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Ғұмар Қараш соңына мол мұра, өшпес із қалдырды. Өз замандастарының бірі, белгілі ғалым Есмағамбет Ысма-йылов Ғұмар Қарашты «Абайдан кейінгі ірі классик ақын…» деп бағалағанымен, 1947 жылы Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысымен Ғұмар Қараш «революцияға дұшпан буржуазиялық-ұлтшылдық Алашорда партиясы қайраткерлерінің бірі» деп көрсетіліп, мектеп оқулықтарынан алынып, болашақта зерттеуге, насихаттауға тыйым салынды. Жүйенің сорақылығы, тағдырының қасіреті сол, Ғұмар Қарашты өлтіргендерді билігі әбден орныққан Совет үкіметі іздемеді, жазаламады. Тіпті ат жалын тартып мінген үлкен ұлы Абдулқадырды да бір жылдан соң қаскөйлер өлтірді. Елдің ертеңі үшін өлшеусіз тер төккен әкені де, оның жолын қуған ұлын да құртып тынды.

2012 жылы Мәскеуде осындай текті тұлғаның тікелей ұрпағы, туған немересі бар дегенді естігенде қуансам, сол жылы арнайы барып сұхбаттасқан соң тіпті шаттанғанмын. Надежда Бұрханқызы Қарашевамен бірнеше сағат әңгімелескенбіз, ол туралы ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. Бірақ сұхбатымыздағы «Ғұмар Қарашқа қатысты құжаттар, материалдар бар ма?» деген сауалымды да, оған берген жауапты да жария етпегенмін. Себебі оның артында үлкен жауапкершілік жатты. Бұл сұрақты қойғанымда ойланбастан, бар екендігін айтып, келесі бөлмеге алып барды. Алдыма он шақты папканы әкеліп берді. Сыртымнан қалай қабылдар екен деп бақылаған да болар. Әр папканы ашып қарап, ішіндегі маңызды жазбаларды көргенімде, аса қызыққаным сырт көзге анық байқалған болуы керек. Түпнұсқаны сұрап алуға дәтім бармай, ішіндегі маңыздыларының көшірмесін алуға рұқсат сұрағанымда, көңілі босап, көзіне жас алып: «Осы жасқа келгенде мені қатты мазалайтын осы папкалардағы жиналған қағаздар еді, түрлі зерттеушілер хабарласқан, бірақ сенбедім бе, бермедім. Көзбе-көз сөйлесіп, атқарған істеріңмен таныс болған соң сенім арттым, бәрін елге ала бар, керегін кәдеңе жаратқан соң, жергілікті музейге тапсырарсың» – деп аманаттады. Дауысында толқумен қатар, ерекше жайбарақаттық байқалды. Сөзін әрі қарай жалғап, «Аллаға ризамын, жасым ұлғайды, енді не болса да, еш өкінішім жоқ, мойнымнан ауыр жүк түсті» – дей келе, аналық алғысы мен тілегін айтты. Осылайша, жас кезінен бастап өзі жинақтаған, Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева тапсырған мол мұрасын қолыма алып, елге қайтқанмын. Келген бойда әр папканы ретімен танысып, маңызды-ларын болашақ жинаққа теруге дайындадық. Мысалы, Ғұмар Қараштың «Қырғи» жинағын естігенімізбен, бізге дейінгі зерттеушілер де, біз де еш жерден таба алмағанбыз. Бұл жинақ «Жарияланбаған шығармалар Ғ. Қ.» папкасынан табылды. Басына былай деп жазылған: «Қырғи қ/б-нан, пенсионер Иманбай Жұмағалиев жазып тапсырған дәптерден көшірілді, Ғұмар Қараштың баспасөз бетіне шықпаған «Қырғи» деген шығармасын қолжазбасынан біреуден-біреу көшіріп жазып алып, 1918-20 жылдарда оқып жүрісті. Мен де оқыдым. Содан есімде қалған кейбір қысқа үзінділерін төменде жаздым. Көлемділеу тақырыптарын да ұмытыппын…». Тағы бір папкадан осыдан 106 жыл бұрын жарық көрген «Өрнек» жинағының түпнұсқасының табылуы да үлкен олжа болды. Жаза берсе, мұндай маңыздылар өте көп, әрқайсысын бір-бірлеп таныстырмай, арқалап келген дүниелердің құндылығын көзі қарақты оқырман өзі-ақ түсінеді деген ниетпен осы кітаптың соңында толық тізімін (1-кесте) ұсындық.

Тыңнан түрен салып, зерттеуімізге себепші болған Мәскеудегі бүгінде көзі тірі немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваның текті тұқымнан екендігі өмір жо-лынан анық байқалады. Ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. 1948 жылы Алматыда орыс орта мектебін алтын медальмен, 1953 жылы М. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни-верситетіндегі  филология факультетінің шығыс бөлімін қызыл дипломмен тәмамдаған. 1953-1962 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтында қызмет еткен және осында «ХХ ғасырдың басындағы қазақ көркемсөзіндегі грамматикалық тіл ерекшеліктері («Айқап» журналындағы материалдар бойынша)» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғаған. 1963 жылдан бүгінге дейін Мәскеу қаласында тұрады. Сексеннен асқан шағына дейін Ресей Білім академиясының филологиялық орталығында ғылыми хатшы қызметін атқарған. Тіл мәселелері, тілді оқыту әдіс-темелері тақырыптарында жарияланған 120-дан аса еңбектің авторы. Ғылымға қосқан үлесінен бөлек, өзінің атасын зерттеп, насихаттауда да өлшеусіз еңбек сіңірген. Ғұмар Қараштың шығармаларын орысшаға аударып, кі-тапша шығаруы, ата-тек шежіресін (2-кесте) жазып, барша ағайындарына таратуы – осының айғағы. Шыққан текті білудің де маңыздылығын ескеріп, осы жинаққа қоса беріп отырмыз.

Надежда Қарашеваның ерекше сенімі мен жылы сөздері аянбай қызмет етуге сеп болды, бірақ асылдың сынығының аманаты мойныма ауыр жүк болғаны да рас. Оны мүмкіндігімше сапалы орындауды басты мақсат еттім. Қолда барды жинақтап, ыждағаттап, жинақ шығара салуға болар еді. Бірақ оған ар жібермеді. ХХ ғасырдың басындағы баспасөз беттерінде Ғұмар Қараштың талай еңбегі жарық көргенін білген соң оларды қарамай, болса, қоспай аттап кетуді жөн санамадық. «Қазақстан» газетінен соң «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Қазақ дұрыстығы» газеттері, тағы басқаларын тауып, араб әліпбиінен аудару мақсатымыздың артында осы мәселе де бар еді. Бірақ біз толық жинадық деп айта алмаймыз. Себебі «Қазақ» газеті, «Айқап» журналы толық қаралған жоқ, оған татар тілінде шыққан баспасөздерді қосыңыз. Дегенмен қолда барды жүйелеп, топтастыруға бел будық.

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалып жатқан жұмыстың бірі – Қазақстанның киелі орындарының қатарына Ғұмар Қараштың бейіті енуі тегін емес. Ғұмар Қарашты да, ұлын да өлтіргендер – қазақты бодандықтың құрсауында қапсыра ұстауды мақсат етіп, қарсы келгенді түрлі айламен көзін құртқандар. Заманында өзін де, сөзін де, жазбаларын да құрттық деген болар. Бірақ ғасыр өткен соң аңсаған арман орындалып, азат ел болып, осы жолда шәйіт болған жандар ұрпақпен қайта қауышуда. Ұлттық идеологияның темірқазығына айналып, жатқан жерінің өзі рухына тағзым етіп, зиярат ететін қасиетті жерлердің қатарына қосылуда. Бізге рухына тағзым ету үшін жатқан жері қандай маңызды болса, сәйкесінше, оны танып-білу үшін жазған жазбалары да аса маңызды.

Осы орайда мүмкіндігінше ақын шығармаларын жинақтап, екі томдық еттік. Бірінші томына оның поэзиялық, ал екіншісіне прозалық туындылары топтастырылды. Мәскеуден келген құнды қағаздардағы Ғұмар Қараштың поэзиялық және прозалық шығармаларын сәйкесінше қостық. Ақылдаса келе, үшінші томын шығаруды жөн санадық. Онда Надежда Бұрханқызының өзі орысшаға аударған атасының өмірбаяны мен еңбектерін және Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиеваның Ғұмар Қараш туралы жазған зерттеу еңбектерін, түрлі маңызды естеліктерді енгізіп отырмыз. Себебі Надежда Бұрханқызы бар құжаттарын маған табыстағанда қалай үміт артса, қос ғалым Мұстафа Ысмағұлов пен Гүлжау Сұлтанғалиева да Кеңес заманында тырнақтап жинағандарын Мәскеуге барып, Надежда Қарашеваға тапсырған. Өздері бар деректі жиып, қалай  да ұрпаққа нар тұлғаны таныстырып кетуге ұмтылған. Тек ол заманда елдің азаттығын аңсаған, сол жолда талмай еңбек еткен тұлға қажет емес еді. Тіпті тыйым салынған-ды. Сондықтан қандай жолмен болса да, танытуға тырысқан. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романында Абайды халықпен қауыштыру үшін әкесі Құнанбайды жағымсыз етіп көрсеткендей, Ғұмар Қарашты цензурадан өткізу үшін Кеңестік идеологияны қолдаған деп те айтады. Шын мәнінде, бұл екі ғалым біз үшін бар жұмысты тындырып қойған. Тек уақыты келгенде жинақтап жариялауды қалдырған. Үшінші томда олардың атқарған еңбектері өз авторлықтары сақталып, жарық көргенін қош көрдік. Осылайша, жиған-тергеніміз үш том болды. Үш томдықты барынша сапалы етіп шығару үшін алғашқы нұсқасын Алматыдағы ғылым ордасында ғалымдарға таныстырып, алып-қосарлары болса, ұсыныстарын сұрап, алдарынан өттік.

Бұған дейін зерттеуші-ғалым Қабиболла Сыдиықовтың Ғ. Қараш туындыларын құрастырып, «Замана» кітабын бастырғаны белгілі. Біздің ісіміз – қолдан келгенше осы кітаптың ізімен әрі қарай толықтыру. Бұл істі санаулы ғана жанашырлар бас біріктіріп жасап отырмыз, арамызда ғалым атағы бар ешкім жоқ. Сондықтан кемшіліктеріміз болса, аса сөкпеңіздер. Болашақта кем-кетігін түзеп, қосарын қосып, қайта шығаруға болады.

Әр шығарманы нақты қайдан алғанымызды, араб әліпбиінде болса, кім аударғанын көрсетуді жөн санап, соңына арнайы кесте қостық.

Бұл істі ұйымдастыруда уақытпен санаспай еңбек еткен әріптестеріме алғысымды білдіремін. Іздеу, табу, келісу, ақылы болса, ақысын төлеу, алдыру, аудару, жүйелеу – аса жауапты іс. Міне, осындай қажырлы еңбектің арқасында қазақтың біртуар тұлғасы Ғұмар Қараштың шығармалары оқырманға жол тартып отыр.

Осыған дейін баспасөз тарихына, құлпытастарға арналған, басқа да рухани бағытта көптеген кітап шығардық. Бәрін де жүрек қалауымен, өз бастамамызбен атқардық. Бұл да солай, бірақ жауапкершілігі аса зор. Себебі бұл аманат ретінде тапсырылған, атқаруға уәде етілген іс еді. Міне, тектінің ұрпағы үміт еткен, оған сенген қос ғалымның үмітін ақтауға тырысып, уәдені орындап, менің де мойнымнан жүк түскендей хәлдемін.

Оқыңыз, ой түйіңіз, өзгеге таратыңыз!

Жантас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық  Пресс» ЖШС-ның  Бас директоры


Тарихи-патриоттық шаралар жалғасын таппақ

Күні: , 68 рет оқылды


Бейсенбі күні «Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалының ұйымдастыруымен «Алашорданың Батыс бөлімінің тарихы және тәуелсіз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті.


Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100 жыл және аталған бөлімнің жетекшілерінің бірі болған Халел Досмұхамедовтың 135 жылдық мерейтойына орай өткізілген шараға партия белсенділері, өңір тарихшылары мен студент жастар қатысты.

– Ағымдағы жылы өңіріміз үшін айтулы мерейтойларға толы жыл болмақ. Биыл Алашорданың Батыс бөлімінің құрылғанына 100, Халел Досмұхамедовтың туғанына 135 жыл толады. Елбасымыз жыл сайынғы халыққа Жолдауында өткенді жаңғыртып, екшелеуге, туған елдің тарихын түгендеп, келер ұрпаққа насихаттауды үнемі назардан тыс қалдырған емес. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында да облыс көлемінде бірқатар ауқымды істер қолға алынды. Бұл шаралардың басы-қасында болған өңір тарихшыларына, қоғамдық қор жетекшілеріне, бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен журналистеріне, отансүйгіш студент жастарға зор алғыс айтамын. Сол шаралар биылғы жылы да жалғасын табуы тиіс. Осы мақсатта баршамыз бірлесе атсалысуымыз керек, – деді Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменова.

Бұдан соң дөңгелек үстелге қатысушылар аталған тақырыпта өз ой-пікірлерін білдірді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы БҚО филиалы төрағасының орынбасары, ТДК-42 телеарнасының директоры Табылғали Сапаровтың тарихты зерделеу, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу бүгінгі аға буынның ортақ міндеті екендігін айтты. «Осы игі бастамаға атсалысып жүрген тұлғалардың, жастардың есімдерін көпшілікке жариялап, өзгеге үлгі боларлықтай етіп марапаттап отыру қажет. Бүгінгі ардагерлер мен аға буынның бастаған ісін кейінгі ұрпақ жалғастырса игі», – деді ол.

Басқосуда сөз алған «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин атқарылған істерге, алда тұрған міндеттерге тоқталып, осы бағытта күш біріктіріп, жасалған ауқымды шараларды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кеңінен насихаттау керек деген ұсыныс-пікірін жеткізді.

Шара соңында «Ақ жол» ҚДП БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәншүк Ишимғалиева бірқатар белсенді тұлғалар мен студент жастарға партия атынан мерекелік медальдар табыстап, алғысхаттармен марапаттады. Ұлттық құндылықтарды сақтауда, «Алаш» қозғалысын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпаққа патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Жұмағазы хазірет Дәдем Ата» қоғамдық қорының төрағасы Ғарифолла Жанбозов, Сырым аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева, «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы «Алаш» қозғалысының 100 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды.

Сонымен қатар М. Ықсанов қоғамдық қорының төрағасы Асқар Атаев, Ж. Досмұхамедов атындағы «Қайраткер» қоғамдық қорының президенті, профессор Дәметкен Сүлейменоваға, Надия Жастілек, Ботагөз Асқарова, Райымбек Саматов, Айару Мұратова, Динара Сисенова сынды бір топ студент жастарға алғысхаттар табыс етілді.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Құлпытас – тарихымыздың қайнары

Күні: , 389 рет оқылды


Үш ғасырға жуық бодандықтың қамытын киген, бодандыққа дейін де, кейін де тарихын қағазға түсіріп хаттамаған ел үшін ата-бабамыздың тасқа жазған жазбалары түсінген адамға аса құнды құжат, жазба тарихымыз екені анық. Соңғы бес жылда облысымыз бойынша құлпытастарды зерттеу жұмыстарын мүмкіндігімізше атқарып келеміз. Нәтижесінде үш мыңға жақын құлпытас табылып, суретке түсірілді. Үш ханның, сұлтандардың, ел билеген билеушілердің, батырларымыз бен әулиелеріміздің, тарихи маңызы бар талай тұлғалардың құлпытастары табылып, оқылып, шынайы тарихымызды жазуға қажет көптеген тың мәлімет айналымға енгізілуде. Көптеген замандасымыздың ата-бабалары табылды. Құлпытас аудармалары көпке жария болмағандықтан, көпшілігі әзірге хабарсыз.


«Dana.qaz» журналында «Құлпытас сырын ашайық!» айдарымен басталған ісіміз республикалық деңгейде ғалымдардың қызығушылығына ие болып, Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының қаржылай қолдау білдіруінен-ақ бұл жобаның әлем тарихында да орны бар екенін түсінуге болады. Бірақ қажет қаржы өз елімізден табылмай, өзге елден табылуы түсінген адамға қуанатын жәйт емес екені анық.

Жүйелі жұмысты құлпытастарды зерттеудің маңыздылығы мен оны ұйымдастыру жолы туралы “Орал өңірі” газетінде (11.12.2014 ж.) “Құлпытасты құрметтеу – ардың ісі” және “Приуралье” газетінде “Надгробия чтить – поступок совести” (11.12.2014 ж.) атауымен мақала жариялаудан бастадық. Одан соң барлық аудан әкімдеріне жұмыстарды бірлесіп атқару жөнінде хат жолдадық. Әр ауданда жұмыс тобы құрылды. Біз жұмыс тобына арнайы нұсқаулық дайындап, ұғынықты болуы үшін бейнероликтер жасадық. Аудандарда жасақталған жұмыс тобын Орал қаласына шақыртып, бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп, қажетті ақпараттармен қаруландырдық. Біздің бастамамызды түсініп қолдағаны да, мәніне терең бойламай, салғырт қарағандары да болды. Қолдан келгені жасалды. Нәтижесінде бүгінгі есебіміз бойынша 12 ауданның 63 ауылдық округінен 250-ге тарта қорым қаралды. Құлпытастардың көпшілігі суретке сапасыз түсірілген, нұсқаулыққа сай жасалмаған. Сондықтан бұл ісіміз өңірімізде қанша құлпытас барын анықтау бағытында жасалған қадам болды деп есептеуге болады. Тізімге алынған қорымдардың көбіне қайта барып, нұсқаулығымызға сай тазалап, сапалы суретке түсіру қажет. Оған қоса кей аудандардың тіптен жұмыстанбағанын, кейбірінің немқұрайлы қарап, салғырт жасағанын ескерсек, есепке алынбай, суретке түсірілмеген талай қорым бар екені анық.

Әзірге қолда барымыз:

  1. Ақжайық ауданының 5 ауылдық округінен 23 қорым есепке алынып, 186 құлпытас тіркелді.
  2. Бөрлі ауданының 4 ауылдық округінен 8 қорым және ескі МТС-тың іргетасына салынғандары есепке алынып, 113 құлпытас тіркелді.
  3. Бөкей ордасы ауданының 3 ауылдық округінен 9 қорым есепке алынып, 141 құлпытас және Хан зираты қорымынан 526 құлпытас суретке түсіріліп, қазіргі уақытта алматылық ғалымдармен бірге жұмыстанудамыз, барлығы 667 құлпытас тіркелді.
  4. Жаңақала ауданының аумағынан 604 құлпытас оқылып, аударылды. Бұл жұмысты Мұратбек Жахатов бір өзі атқарды.
  5. Жәнібек ауданының 4 ауылдық округінен 29 қорым қаралып, 108 құлпытас тіркелді.
  6. Зеленов ауданының 4 ауылдық округінен 7 қорым қаралып, 21 құлпытас тіркелді.
  7. Қазталов ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 56 құлпытас тіркелді.
  8. Қаратөбе ауданының 8 ауылдық округінен 73 қорым есепке алынып, 401 құлпытас тіркелді.
  9. Сырым ауданының 10 ауылдық округінен 26 қорым қаралып, 66 құлпытас тіркелді.
  10. Тасқала ауданының 1 ауылдық округінен 2 қорым қаралып, 16 құлпытас тіркелді.
  11. Теректі ауданының 7 ауылдық округінен 17 қорым қаралып, 288 құлпытас тіркелді. Бұның жартысы – алматылық ғалымдармен бірлесіп жұмыстанып жатқан Хан зиратындағы құлпытастар.
  12. Шыңғырлау ауданының 7 ауылдық округінен 20 қорым есепке алынып, 117 құлпытас тіркелді.

Тек осы құлпытастардағы тұлғаларды білу арқылы көптеген жерлестеріміз ата-бабаларын танып, тектерін түгендей алады. Бұның өзі өткеніміз бен бүгінгімізді жалғап, көпшіліктің нағыз рухани жаңғыруына сеп болары сөзсіз.

Біздің жобамыздың маңыздылығына көзі жеткен Алматыдағы Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының қызметкерлері – т.ғ.д., профессор (OIC) Әшірбек Мүмінов, т.ғ.к. Айтжан Нұрманова, т.ғ.к. Дина Медерова, Бағдат Дүйсенов арнайы жоба жасап, үш қорымды ғылыми негізде зерттеуді қолға алды. Бұл жобаға Батыс Қазақстан облысынан Қазыбек Қабжан, Жәнібек Исмурзин, Мұратбек Жахатов, Айболат Құрымбаев және мен кірдім. Институттан қарастырылған қаражат жасаған жұмыстарды кітап етіп шығаруға жетпейтін болды. Түркияда уақытша қызметте жүрген Әшірбек Мүмінов Стамбұлдағы Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеу ғылыми орталығының бас директоры, проф. (OIC) Хален Эренмен сөйлесіп, Батыс Қазақстан облысындағы құлпытастарды ислам мәдениетінің бөлшегі ретінде қарауды ұсынып, Алматы қаласында “Арал – Каспий өңірінің мұсылмандық мұрасы” атты ғылыми семинар ұйымдастырды. Жиынның қорытындысы бойынша Исламдық әріптестік ұйымы жанындағы (IRCICA) Исламдық тарих, мәдениет және өнерді зерттеудің ғылыми орталығы біздің алматылық ғалымдармен бірлесіп зерттеп жатқан құлпытастарды – “Мәулімберді білім-мемориалдық кешені”, “Жантөре хан кешені”, “Бөкей ордасының ислам мәдениеті”, “Хан зираты” атты ғылыми жинақтарды қазақ және ағылшын тілдерінде шығаруды қаржыландыруға уәде етті. Бірақ шығарылған жинақтың бір данасы да бізге берілмейді. Бәрі ұйымға мүше 56 мемлекеттің ірі ғылыми орталықтары мен кітапханаларына таратылмақ. Тәжірибелі, кәсіби білікті ғалымдармен бірлесе шығарылмақ бұл жинақтар құлпытастарды зерттеуде істі қалай жүйелі атқару және кітап етіп шығаруда үлгі болмақ.

Сыры ашылған құлпытастар

Жинақталған үш мыңға жуық құлпытастың оқылғандардың арасында хан, батыр, би, сұлтан, әулие – бәрі де табылып жатыр. Бәрін жариялап, таныстыру мүмкін емес, бірақ дәлел үшін бірсыпырасын ұсынайын.

 
  Хандар   Қорым, орналасқан жері   Қысқаша сипаттама  
1   Есім хан Нұралыұлы   Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңын­дағы көне қорымдағы №5 құлпытас. Қорымнан 5 құлпытас тіркелді.   Нұралы ханның үлкен ба­ла­сы, Ерәлі ханның мұ­ра­гері, Әбілқайыр хан­ның немересі. 1794-1797 жыл­дар аралығында Кіші жүзі ханы болған тарихи тұлға.  
2   Жантөре хан Айшуақұлы   Теректі ауданының Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 141 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы жасалды. Сонымен қатар қорымда Әбіл­қайыр тұқымынан тараған бірнеше сұлтан-төре жерленген.   Әбілғазы мен Қаратай ханның билігін жалғас­тырушы, Айшуақтың үл­кен ұлы, Әбілқайырдың не­ме­ресі. 1805-1809 жылдар ара­­лығында Кіші жүз ханы бол­ған тарихи тұлға.  
3   Жәңгір хан Бөкейханұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қарасты Хан зираты қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тілдерінде жинағы дайындалуда. Сонымен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.   Әбілқайыр ханның шө­бе­­ресі, Нұралы ханның не­мересі, Бөкей ханның ұлы. 1823-1845 жылдар ара­­­­­­лығындағы Бөкей орда­сының ханы  
4   Айшуақ хан Әбілқайырұлы   Теректі ауданы Бекей ауылы маңындағы қорымда орналасқан.   1797-1805 жылдар ара­лы­ғында Кіші жүздің ханы болған. Хандыққа 1797 жы­лы 70 жасында қол жеткі­- зіп, 78 жасында өз еркімен бас тартқан. 
       
  Батырлар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Дәуқара батыр Қарақожаұлы   Қаратөбе ауданы Егіндікөл ауылдық округіне қарасты Жігерлен ауылынан 2-3 шақырым жердегі Дәуқара батыр қорымындағы №1 құлпытас. Қорымнан 9 құлпытас тіркелді. Дәуқара батыр (1687-1751) – Кіші жүз Байұлы Сұлтансиық ішіндегі ай­бақты руының ұранына шық­қан айтулы батыр, та­рихи тұлға.  
2   Науша батыр Қаржауұлы   Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №1 құлпытас. Қорымда 2 құлпытас сақталған. Байбақты руынан шық­қан, тумысынан еш­кім­ге оз­быр­лық жа­са­ма­ған, еш­кім­ге на­мы­сын жібер­меген, ақыл­ды бол­ған. Оның жау­ға көрсеткен ерлік қай­ратынан кейін халқы «Найзагер, батыр Науша» деп атап кеткен.
3   Ерсары батыр Бегетайұлы   Сырым ауданы Тоғанас ауылдық округіне қа­расты әулие Жұмағазы қазірет қоры­мын­дағы №7 құлпытас. Қорымда 6 құлпытас Жұма­ға­зы хазірет пен ұрпақтарына қойыл­ған және 7-ші Ерсары батырдың құлпытасы оқшау жатыр. Атақты найзагер, мерген, батыр.  
4   Байбақты Тайлақ батыр   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №3 құлпытас. Қалмақтарға қарсы шық­қан батыр.  
5   Өгіз батыр Тайлақұлы   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қо­рымындағы №1 құлпытас. Батыр, Тайлақ батырдың ұлы.  
6   Толыбай батыр Тайлақұлы   Сырым ауданы Бұлан ауылдық округіне қа­расты Жамбыл ауылының іргесінде, оңтүс­тікке қарай шамамен 1 км жердегі Тайлақ қорымындағы №2 құлпытас. Атығай руынан шыққан батыр.  
7   Өтебай Сәңкібайұлы   Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауылынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қаратоған/Қарақоға қауымында орналасқан №26 құлпытас. Тана руының Қалқаман тайпасынан, старшын.  
8   Сәңкібай Тұмабайұлы   Базартөбе ауылдық округінің Қызылжар ауы­лынан 3 км шығысқа қарай орналасқан Қа­ра­қоға қауымында орналасқан №16 құлпы­тас. Бөкей сұлтанның қолбасы, қалқаман тананың баты­ры.  
9   Сатай батыр Кенжеғараұлы   Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық окру­гіндегі Байғұтты-Шолаққамыс атты көне қо­ныс маңында, Байғұтты сорының оңтүстік қабағындағы үлкен қорымда тұр. Бұл қо­­рымды жергілікті қариялар «Кенжеғара қа­уымы» деп атайды. Мұнда ХІХ ғасырға жа­та­тын 40-50 құлпытас сақталған. Старшын, алаша руы­ның биі, Махамбет Өтеміс­ұлы­ның қайын атасы.  
10   Шора Наушаұлы   Ақжайық ауданы Есенсай ауылдық округіне қарасты Тайлан қорымындағы №2 құлпытас. Науша батырдың баласы.  
11   Жетпіс палуан Бақтыбайұлы   Ақжайық ауданы Қурайлысай ауылдық ок­ру­гіне қарасты Хандық деген мекенде орна­ласқан құлпытас.   Халқының қорғаны бо­­лып, жұртының жоғын жоқ­та­ған ерен қайратты, мықты палуан.  
 
  Дін ғұламалары, әулие, ғалымдар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Дамолла Қажыәлі ибн шайх Мәулімберді   Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық округінде орналасқан.   Өте жоғары білімді, ғалым, терең білім алып, кітап жаз­ған шәйх–үлкен ғұлама  
2   Сүлеймен хазірет   Бисен мен Орда ауылдарының ара­сындағы құм жолдың бо­йын­дағы Сағи, Сүлеймен ха­зі­рет қоры­мын­да­ғы («Хазірет» атан­­ған жер) №2 құл­­пытас.   Сүлеймен хазірет Соқыран­ұлы (1800-1849) – діндар-ғұ­ла­­­ма, Бөкей ордасынан шық­қан зия­лы­лардың бірі, Самарқандағы діни медресені тә­мамдаған дамолла.  
3   Бостан   Ақжайық ауданының Қурай­лысай ауылдық окру­гіне қа­расты Сайқұ­­дық ауы­лы­нан 6 км жерде, жергі­­лік­ті жұрт «Бостан қауымы» деп атай­тын көне зи­ратта орналасқан.   Мешіт ұстаған адам, жергі­лікті тұр­ғындардың айтуы бойынша, ер­те­ректе Бостан атауымен ме­шіт болған екен.  
   
  Билер, байлар, т.б.   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Жанайбай би Еділұлы   Бөрлі ауданы Бөрлі ауылынан оң­түс­тік-шы­ғысқа қарай 40 км жерде, бұ­рынғы Аман­келді колхозының ор­­нындағы Шиесабақ деген ­жер­де, Қа­раба өзенінің жағасында Жанай ­ата қо­рымында сақталған жалғыз құл­пытас. Жанай ата өте беделді адам болған, кейін бұл жерге кісі түнеп, зиярат орнына айналдырған.      
2   Қазы би Сырымұлы Сырым ауданы Жетікөл округіне қарасты Ай­­дар соры маңындағы Сы­­рым батыр ұр­пақ­та­рының қорымы. Би болған кісі. 1770-1772 жылдары туылып, 90 жастан асқанда қайтыс болғанға ұқсайды. Тегі – Кіші жүздің Байбақты атасынан, оның ішінде Әй­тімбет, одан Шолан. Шоланнан – Түр­кеш, Дат. Даттан – Сырым батыр . Сы­­рымнан Қазы, Жүсіп болып та­ра­лады.
3   Байшеркеш   Ақжайық ауданы Базартөбе ауыл­дық окру­гін­де Мәулімберді қо­ры­мында орна­ласқан №23 құлпы­тас. Мәулімбердінің әкесі.  
4   Байболұлы Секерәлі   Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругі Қы­зылжар ауылы «Хан зираты» қорымында ор­наласқан №39 құл­пытас. Кердері руының құтсиық тайпасы Амалды немересі Байбол ұлы Се­керәлі 22 жасында 1857 жылы дү­ниеден өткен.  
5   Келалы мырза   Теректі ауданы Шағатай ауылдық ок­ругінің Қызылжар ауылы «Хан зи­раты» қорымында орналасқан №64 құлпытас. Кіші жүз Байұлы байбақты руының батан тайпасының Қара балалары Бұланның немересі Нұқабан бидің баласы, 1825 жылы 49 жасында дү­ниеден өткен. 
6   Шынәлі Сұлтанқызы Ермекжан ханым   Бөкей ордасы ауданы Хан зираты қорымында орналасқан құлпытас. Белгілі ақын Шәңгерей Бөкеевтің туған анасы. Атасы Орман сұлтан Нұралы ханның Ырыс атты қалмақ әйелінен туған. Орманның Күсеп­қа­ли деген баласынан Сүлеймен, одан Әмина тарайды. Әмина – Кеңес Ода­ғының Батыры Мәншүк Мәмето­ваның анасы.
 
  Сұлтандар   Қорым, орналасқан жері   Сипаттама  
1   Өтепәлі сұлтан Айшуақұлы   Теректі ауданы Шағатай ауылдық округі Қызылжар ауылындағы Хан зираты қорымындағы құлпытас.   Айшуақ ханның баласы, сұлтан.  
2   Асфендияр сұлтан Суғалиұлы   Бөрлі ауданы Успен ауылдық округіне қарасты Қаракемер ауылының көпшілік зиратында сақ­талған көне құлпытас. Жолбастаушы Ақсай қала­сының тұрғыны Зарлық Мусиннің айтуынша, дәл осы қорымда сұлтан-правитель Баймағамбет Ай­шуақов та жерленген.   Әйгілі Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шөбересі, Айшуақ ханның немересі.  
3   Сүйінішқали Жаналыұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық округіне қа­­рас­ты Хан зираты қорымындағы №5 құлпытас. Қо­рымда сақталған 628 құл­пытас зерттеліп, қазақ және ағылшын тіл­дерінде жинағы дайындалуда. Соны­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жер­ленген.   Сұлтан  
4   Қыдыр Жаналыұлы   Бөкей ордасы ауданының Орда ауылдық окру­гіне қа­­расты Хан зираты қорымындағы №22 құл­пы­тас. Қо­рымда сақталған 628 құлпытас зерттеліп, қа­зақ жә­не ағылшын тілдерінде жинағы дайында­лу­да. Соны­- ­­мен қатар қорымда бірнеше сұлтан-төре жерленген.  Сұлтан  
5   Шығайұлы Көшекқали   Жаңақала ауданында орналасқан №1 құлпытас   1815-1816 жылдары дүниеге келген, сұлтан.  
           

Бұрын белгісіз боп келген үш ханның құлпытасы табылды, тіпті осыған дейін әбден зерттелді деп жүрген Жәңгір хан Бөкейханұлының туған жылы тек құлпытасы оқылған соң ғана анықталып, тарихтағы қателік түзетілді. Енді құлпытасы табылған үш ханға назар аударсақ. Бұның екеуі өлтірілген, біреуі қарттықтан дүние салған. Қазақ хандығы үш жүзге бөлінген кезден-ақ Әбілқайыр өзінің ақылы мен айлакерлігі, батырлығы мен көшбасшылығы арқасында мұрагерлік жолмен емес, өз күшімен 1718-1848 жылдар аралығында Кіші жүздің ханы болды. Бақталастарының қолынан қаза тапты. Құлпытасы болмағанымен, тыңғылықты зерттеулерден кейін шамамен жатқан жері анықталды. Ақтөбе облысының аумағында. Орнына ұлы Нұралы хан болды. Ресей патшалығының бекітуімен таққа келген алғашқы билеуші еді. 1748-1786 жылдар аралығында 40 жылдан астам хан болғанымен, 1785 жылы биліктен аластатып, Уфаға жер аударды, 1790 жылы сол жақта қайтыс болды. Яғни ханымыздың сүйегі шетелде жатыр, өкініштісі, әлі басын барып қарайтып, еш құрмет көрсетпедік. Тіпті нақты қай жерде жерленгенін де білмейміз. Нұралы ханнан кейін Патшалық Ресей билеушілері хандарымызды жиі ауыстырады. Билеушімен халықтың арасын әдейі барынша араз етіп, бір-бірімен арпалыстырып, халықтың берекесін кетіріп, елді аздырады. Хандарымызға Жайықтың жағасынан ішке (Қазақ бетіне) қарай шамамен 30 шақырымнан артық баруға тыйым салады. Оларды халықтың ортасына жібермей, өз дегендерімен жүргізді. Үш бірдей ханымыздың құлпытастарының Жайық бойынан қашық болмауының сыры осыда. 1791-1794 жылдар аралығында Әбілқайырдың ұлы Ерәлі билікте болса, 1794 жылы хан боп бекіген Әбілқайыр ханның немересі, Нұралы ханның ұлы Есім 1797 жылы өлтірілген. Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округіне қарасты Ескіесім елді мекенінің маңынан табылған құлпытасымыз осы Есім Нұралыұлынікі. Қаза болған Есім ханның орнына 1797 жылы 70 жас шағына қараған Әбілқайыр ханның ұлы Айшуақты хан етіп бекітеді. 1805 жылы өзінің қарттығына байланысты Айшуақ хандықтан бас тартып, орнына ұлы Жантөрені хан етіп бекітуге ұсыныс береді. Қалауы қабыл болып, Жантөре хан болады, бірақ 1809 жылы бақталастарының қолынан қаза табады. Айшуақ Әбілқайырұлының құлпытасын Теректі ауданына қарасты Бекей ауылы маңынан тапсақ, ұлы Жантөренің құлпытасы Теректі ауданы Қызылжар ауылы маңындағы Хан зиратында. Жантөреден кейін әдейі бірнеше жыл хан етіп ешкімді бекітпейді. 1812 жылы Кіші жүзді екіге бөліп, қазақ бетіне Айшуақтың ұлы Шерғазыны, Ішкі ордаға Нұралының ұлы Бөкейді хан етіп бекітеді.

Енді хандарымызды тізбектеп қарасақ:

1718-1748 ж.ж. Әбілқайыр Қажыұлы

1748-1786 ж.ж. Нұралы Әбілқайырұлы

1791-1794 ж.ж. Ерәлі Әбілқайырұлы

1794-1797 ж.ж. Есім Нұралыұлы

1797-1805 ж.ж. Айшуақ Әбілқайырұлы

1805-1809 ж.ж. Жантөре Айшуақұлы

1812-1824 ж.ж. Шерғазы Айшуақұлы (Осымен қазақ бетіндегі хандық билік жойылды)

Ішкі ордалықта

1812-1815 ж.ж. Бөкей Нұралыұлы

1815-1823 ж.ж. Шығай Нұралыұлы

1825-1845 ж.ж. Жәңгір Бөкейұлы

Хандарымыздың шамамен қай жылдары билік құрғандарын білгенімізбен, қай жылдары дүниеге келіп, қашан қайтыс болғандары туралы нақты деректер жоқ еді. Тек құлпытастары табылып, оқылғандарын ғана қазір біліп отырмыз. Алдағы уақытта басқаларын да тауып, ақтаңдақтарды анықтау аса маңызды болмақ. Кәсіби, ісіне адал берілген тарихшыларымыз хандарымыздың атқарған істерін жан-жақты жазар, біздің мақсатымыз – оларды қолдан келгенше қажет мәліметтермен қаруландыру.

Батырларымыздың құлпытастары табылуы да көптеген жаңсақ пікір, жалған әңгімелердің таралуына тосқауыл болды. Сырым ауданы Жамбыл ауылы маңындағы Тайлақ қорымында «Қыз Жібек» жырындағы Бекежанның ұлы Тайлақ батыр жерленген деген пікір көптің аузында болды, тіпті жазушылардың өзі шығармаларына осылай арқау еткен. 2015 жылы осы қорымдағы құлпытастар оқылғанда ғана байбақты руы күшпен тайпасынан шыққан Тайлақ батыр екендігі, 1808 жылы 90 жасында қайтыс болғандығын білдік. Байбақты руының ұранына айналған Дәуқара батыр Қарақожаұлы туралы да аңыз-әңгіме көп те, нақты мәліметтер жоқ еді. Құлпытасы оқылған соң ғана 1754 жылы 64 жасында бақилық болғаны белгілі болды. Жетпіс палуан Бақтыбайұлының орыс ұлығының алдында жауырыны жерге тимеген мықтыны жеңіп, ұрпақтарына жер алып бергендігі туралы қызықты әңгіме тарағанымен, нақты деректер болмаған соң сенімсіздікпен қараушылар болатын. Құлпытасы табылып, оқылғаннан кейін 1896 жылы 84 жасында қайтқанын білдік. Оның ұлы Ғаббас Алашорданың прокуроры болғанын, «халық жауы» болып атылғанын, Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Ғаббас Жетпісұлының ісінде әкесі «палуан» деп көрсетілгенін анықтадық. Құлпытас арқылы анықталған деректер шежіре әңгіменің шамамен қай уақытта болғанын анықтауға мүмкіндік беруімен қатар, тың зерттеулерге себеп болды. Алматыдан келген ғалым Әшірбек Мүміновтың Мәулімберлі қорымындағы құлпытастарды аударуы тарихымыздағы көптеген ақтаңдақтың орнын толтырды. Сол маңдағы Қарақоға қорымында Өтебай Сәңкібайұлының, оның әкесінің, басқа да әулет мүшелерінің құлпытастарының оқылуы да үлкен жаңалық. Тарихшы Жәнібек Исмурзиннің айтуы бойынша, Жанмырзаұлы Есенгелдінің ұлы Бекей өлген соң дистанция төрбасшысы Есенгелді байдың орнына Өтебай Сәңкібайұлы осы қызметке келіпті. Ел аузында ел билеушілігінен бөлек Өтебайдың батырлығы жөнінде де көп айтылады. Бөрлі ауданы Бөрлі ауылы маңындағы ескі МТС-тың іргетасына қаланған құлпытастарды шығаруымыз да осы жобаның аясындағы ауқымды істердің бірі.

Тек бірен-саран құлпытасқа ғана қысқаша тоқталып отырмын, егер әр қорымдағы әр құлпытастағы мәліметті толық тарқатуға жұмыстансақ, атқарар ісіміздің ауқымы мен анықтар мәліметтеріміздің көлемін бағамдай беріңіз.

Әзірге барды қорытып, игерген жоқпыз, ал далада кезегін күткен құлпытастар тіпті көп. “Әй, қап!” деп санымызды соқпау үшін ісімізді әлде де ширату қажет.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ


Ғасырлық ғұмыр

Күні: , 233 рет оқылды

Жантас Сафуллин (1)6265


Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш арыстары барша қазақтың басын бір идеяға тоғыстыру үшін баспасөз ісін қолға алғаны белгілі. Елдік тұрғыда айтылған сөздері, атқарған істері сол кездегі газет беттерінде сақталды. Ол кезде халыққа насихат жүргізуге аса маңызды ең алдыңғы технология осы газет болғаны анық. 1911 жылы «Қазақстан» газетінің алғашқы нөмірінде Ғұмар Қараш: «…бізді бір ниет, бір тілекке жиятұғын зат – газет…» десе, биыл жүз алты жылдан соң Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын «Ұшқыннан» бастау алатын еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» газетіне жариялауы бүгінде баспасөздің қоғамдағы орнын анықтап тұр. Халқымыздың санасын рухани жаңғыртуда баспасөздің өткенін білу, бүгін оңды пайдалану, болашаққа дұрыс жоспарлау бірліктің кепілі болмақ.


Бастауы Кеңес өкіметі құрылғаннан соң, 17 қараша 1918 жылдан басталады деп қалыптасқан Батыс Қазақстан облысындағы «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттері ақиқатында 28 шілде 1917 жылдан екендігін дәлелдедік. 100 жыл. Бір ғасыр. Осыны батыл айту үшін біз аянбай тер төктік. Талай ұйқысыз түндер, күлкісіз күндер өткізіп еңбектендік. Атқарған істерімізге қаныққан Алматы, Астана, Орал ғалымдары: «Бір ғылыми институттың жұмысын жасап жүрсіңдер» деп марқайтып қойды. Артық болса да осылай бағалайтындай не тындырдық? Абай атамыз он бесінші қара сөзінде: «…Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәрте, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айына бір есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіпсің?…» деп есті болуға шақырады. Міне, баспасөз тарихын зерттеу жұмысымыздың есебін беретін уақыт келді.

Ғасырлап отаршылдықтың қамытын киген елдің алдымен тілі, діні бұзылып, тарихы әбден бұрмаланады. Алаштың 100 жыл-дығымен тұспа-тұс келген біздің баспасөздің де тағдыры осылай. Біз ақиқатты анықтауға бар күшімізді салдық. Тіпті іздене жүріп, газеттерді зерттеп, бастауында болған тұлғалардың өмірі мен жанкешті істерін білген сайын өзімізде соларға қарап бой түзей бастадық. Соның ішінде «Қазақстан» газетімен толық танысып, оны ұйымдастырып, тұрақты шығарған Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиевтердің қиын-қыстау заманда, өздерін қауіп-қатерге тігіп, аянбай ұлтқа қызмет етулері бізге сабақ болды. Тек алған жалақың үшін ғана қызмет етпей, бос уақытыңды ұрпаққа қажет іспен айналысу қажеттігінің дұрыстығына нақты тағы бір дәлел болды. Бізде «Болмасаң да ұқсап бақ» дегендей, ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етуге бекіндік. Шүкір, азаттығымыз қолда, енді осыны бекіте түсу үшін ұлттық рухты көтеруіміз қажет, ол үшін алдымен әбден бұрмаланған тарихымыз қайта түзілуі тиіс, біздің қолдан келері шынайы тарихымызды жазуға қажет деректерді жинақтау деп түйдік. Содан соң бір емес, бірнеше рухани бағыттағы жобаларымызды бастадық. Соның бірі осыдан бес жыл бұрын жүз жылдықты лайықты қарсылауға бағытталған баспасөз тарихын зерттеу болатын.

2013 жылы газеттеріміздің 95 жылдығын өткізу барысында тарихымызды түгендеу бағытындағы әр ісіміз басылымдардың жүз жылдығына дайындық екенін айтқанбыз. Міне, тыңғылықты маңдай тердің арқасында бес жылдан кейін емес, төрт жылдан соң жүз жылдыққа жетіп отырмыз. Әр облыста да тарихы түгенделмей жатқан талай аудандық, облыстық газеттер бар. Жаңа тарихымызды түзуге талай құнды дүниелер бәрінде сақталғаны анық. Тек құнттап, кәдеге жаратушы аз. Атқарған ісімізді егжей-тегжейлі баяндауымыздың басты мақсаты жүрген жолымызбен таныстырып, жақсы жағы болса үлгі етіп алсын, әрі қарай жалғасын деген ниет. Ал енді баспасөз тарихын зерттеу бағытындағы істерімізді ретімен баяндайын.

Бастау  «Қазақстаннан»

DSC_0041Облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығы таяғанда арнайы музей жасақтап, газеттерімізді өзіміз зерттеп, тігінділерін түгендеп, ең алғашқы нөмірлерінен бастап ұйымдастырған, шығарған тұлғаларды іздестіруден бастағанды жөн санағанбыз. Бұл ретте «Орал өңірі» газетінің елу жылдық мерекелік нөміріндегі сол кезде Мәскеу қаласында тұрған Тамимдар Сафиевтің мақаласы (1968 жылғы 17 қараша) ерекше назар аудартты. Мақалада газеттеріміздің тарихына қатысты көптеген құнды деректер келтірілген, соның ішінде көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» (1919 жыл) болып өзгертілгенде оның редакция алқасында Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиевтің де болғандығы жазылған. Біздің жұмысымыздың арнасын осы мәліметтер күрт өзгертті. Алқада мүше болған бесеудің үшеуі, яғни Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газетін шығарушылар екендігін білген соң жұмысымызды атауы мен шығарған тұлғалары маңызды «Қазақстан» газетін зерттеуден бастадық.

Тігіндісі сақталмаған, не жөнді зерттелмеген газетті елімізден таба алмадық. Талмай іздеудің арқасында Санкт-Петербургтегі М. Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік кітапханасы мен Мәскеудегі Ресей мемлекеттік кітапханасынан таптық. Он алты нөмірі қолымызға тиді. Ыждағаттап газеттің түпнұсқа көшірмесімен бірге араб әліпбиінен кириллицаға аудармасымен (аударған Қазбек Құттымұратұлы), газетті шығарушылар мен кейін зерттеген азаматтар туралы деректер және зерттеушілердің еңбектері мен осы тақырыпта түрлі басылымдарда жарияланған мақалаларды қосып «Қазақстан» 1911-1913» атауымен 2012 жылы кітап етіп шығардық. Бұл тек облыстық газеттердің емес, жалпы еліміздің баспасөз тарихына зерттеуге қосылған сүбелі іс болды. Елбасы Батыс Қазақстан облысына келген бір сапарында кітап қолына табысталды. Жиырмасыншы ғасырдың басында газеттің әр нөмірінде «Газеттің асыл мақсаты: кәсіп ету, ғылым өнер турасында» деп азат ел болуды аңсап «Қазақстан» атауымен газет шығарған тұлғаларымыздың еңбегімен 1991 жылы мемлекетіміздің атауын «Қазақстан Республикасы» деп бекітіп, бабаларымыздың еңбегін жалғап, армандарын жүзеге асырған Н. Назарбаев ғасыр өткен соң парақтап танысты. Осыдан соң Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада кең көлемде таныстырылымын өткіздік, ғалымдар зерттеумен айналысып кетті.

МаскаудеОсы кезде газет тарихына байланысты тағы бір кітапты қызу дайындық үстінде болдық. Ол тамыры тереңнен бастау алатын басылымдарымызда еңбек еткен редакторлардан бастап қарапайым қызметкерге дейін ұмыт қалдырмау мақсатындағы іс еді. Алматы, Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан алдырылған газеттер сараланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатында жасалған жұмыстардың арқасында көптеген тың деректер табылды. Кемінде бес редактордың саяси қуғын-сүргін құрбандары болып, ату жазасына кесілгендігі анықталды. Газеттеріміздің алғаш шыққан кезінен бастап бүгінгі күнге дейінгі редакторлардың тізімі жасалды.

Мүмкіндігінше басылымдарда қызмет еткен қызметкерлер туралы анықтамалық мәлімет суреттерімен және ұжымдық суреттерді де жинадық. Әр кезде редакцияда қызмет еткен әріптестеріміздің естеліктерін де ұмыт қалдырған жоқпыз. Оған Мәскеу мұрағаттарынан газеттерімізді қалай әкелгендігіміз жөніндегі жолжазбаларда енгізілді. Басылымдардың басын біріктірген «Жайық Пресс» медиахолдингінің құрылу, даму тарихы, басқарған басшылары туралы да ақпараттар топтастырылды. Жинақталған қолда бар мәліметтермен газеттеріміздің тарихына байланысты алғашқы «Қос газеттің тарихы» — «История двух газет» атауымен кітап шығардық.

2013 жылы «Жайық Престе» қызмет ететін барша шығармашылық сала қызметкерлерінің әрқайсысының өз қалауы бойынша сол жылы газет бетінде жарық көрген ең үздік мақалаларын топтастырған алғаш рет «Жайық журналистері» кітабы да жарық көрді.

Осылайша бір жылғы тынымсыз еңбегіміздің арқасында 2013 жылы «Қос газеттің тарихы» — «История двух газет», «Жайық журналистері» атты үш кітап шығардық.

Осы жылы газеттеріміздің 95 жылдығын қызметкерлеріміз, ардагерлеріміз, оқырмандарымыздың қатысуымен Орал қаласында кең көлемде атап өттік.

Өз күшімізбен «Қазақстан» газетін шығарушылар және басылымның бағыты жөнінде деректі фильм түсіріп, ол телеарналарда көрсетілді. «Жайық Пресс» ЖШС бастамасымен газеттің ресми редакторы болған Елеусін Бұйринге Зашаған кентіндегі көшеге есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатылды.

Е. Бұйриннің Алматы қаласындағы туған немересі Валерий Бұйринді Оралға алдырып құрмет көрсеттік. Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында тұратын Ғұмар Қараштың туған немересі Надежда Бұрханқызы Қарашеваны тауып, бірнеше рет арнайы сапарлап бардық. Қолындағы Ғұмар Қарашқа қатысты түрлі зерттеушілердің еңбектерін бізге табыстады. Біз де өз тарапымыздан Ғ. Қараштың еңбектерін тырнақтап жинап жүрміз, жақында прозасы мен поэзиясын бөліп екі том шығармақшымыз.

«Ұранға»  неге  бет  бұрдық?

«Қазақстан» газетін бірыңғайлаған соң сол кезде газетіміздің бастауы саналған, 17 қараша 1918 жылдан жарық көрген «Известия» — «Хабар» газеттерін зерттеуге кірісуіміз қажет еді. Солай бастап та едік. Қазақстаннан табылмай, Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелінген алғашқы нөмірлерді араб әліпбиінен кириллицаға аударуымыз жоспарымызды тағы өзгертті. Хабардың алғашқы нөмірінде араб әліпбиімен жазылған нұсқасында облыстық кіндік комитеттің №12 хаттамасы жарияланған. Онда «Баспасөз тарату ісі ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасы біріктіріліп, ол баспахананы басқару ісі жолдас Выгдорщикке тапсырылсын» делінген. Хаттамадағы «баспасөз тарату ісі ілгерілеп…» дегеннің өзі бұрын барды жаңа жүйеге ыңғайлап жалғастыруды меңзейтіні анық және «Ұран» баспаханасы» дегені «Ұран» газетінің баспаханасы» дегенді аңғартады. Осылайша «Ұранның» орнын «Известия» — «Хабар» газеті басқаны аңғарылып тұрды. Дәл осы мәлімет «Ұран» газетін зерттеуге бет бұруға түрткі болды. «Ұран» газетінің тоғыз нөмірінің түпнұсқасы Алматы қаласындағы «Республикалық кітап мұражайы» РМҚК-дан Мақсат Тәжімұрат ағамыз тауып берді. Арнайы барып алдық. Тігіндінің бетіне былай деп жазылыпты: «Халық ақыны Надралиев Андаштың (1889-1954 ж. ж.) жеке қорынан. Бұрынғы Астрахан облысы Бөкей ордасы, қазіргі Жаңақала ауданы Жаңақазан ауылында дүниеге келген». Музей қызметкерінің айтуы бойынша, газет тігіндісі 1978 жылы тапсырылған. «Ұран» газетінің кей нөмірлерінің көшірмелері Батыс Қазақстан облыстық өлкетану музейінде зерттеуші, ғалым Мұстафа Ысмағұлов жинаған қордың ішінде де сақталған екен.

Мұстафа ағамыз «Ұран» газетінің фотокөшірмелерімен қатар осы газеттің бас редакторы әрі ұйымдастырушысы Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің көптеген еңбегін жинақтап қойыпты. Музей басшылығымен келісіп, осы еңбектердің көшірмесін алдық.

Қолда бар газет көшірмелерінен түйгеніміз – «Ұранның» кемінде 38 нөмірі жарық көрген. Біз тоғыз нөмірін таптық. Нақты айтсақ, мына нөмірлер: №6, 1 қыркүйек, 1917 жыл, жұма; №7, 12 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №8, 26 қыркүйек, 1917 жыл, сейсенбі; №9, 7 қазан, 1917 жыл, сейсенбі; №20, 31 желтоқсан, 1917 жыл, жексенбі; №24, 16 ақпан, 1918 жыл, жұма; №28 (датасы белгісіз); №30, 28 (10) наурыз, 1918 жыл, бейсенбі; №38, 16(3) мамыр, 1918 жыл, бейсенбі.

2014 жылы бар тапқан нөмірлерімізді кириллицаға аударып, Мұстафа Ысмағұлов жинаған еңбектерді қосып, «Ұран» газетінің бас редакторы болған Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің басқа да басылымдарда жарық көрген мақалаларын және «Ұран» туралы жазылған материалдарды топтастырып «Ұран» газеті 1917-1918» кітабын шығардық. Газет туралы танымдық деректі фильм дайындадық.

2013-2014 жылдары шығарған кітаптарымызды Орал, Алматы, Астана қалаларындағы іргелі оқу орындарында ғалымдар мен студенттердің қатысуларымен таныстырылымдарын жасадық. Түсірген деректі фильмдерімізді көрсетіп, кітаптарымызды кітапханаларына тарту еттік. Елеусін Бұйринмен қатар Зашаған кентіндегі тағы бір көшеге Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің есімі беріліп, суреті мен өмірбаяны жазылған билборд орнатып, барша ұжым боп барып, көшеге ағаштар отырғызып, мәдени шара өткіздік.

«Хабар»

Осыдан соң «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін зерттеуге кірістік. Бұл газеттердің көшірмелерін Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан әкелген болатынбыз. «Известия — Хабар» газеті 1918 жылдың 17 қарашасынан осы жылдың 31 желтоқсанына дейін жарық көрген. Барлығы 31 нөмір болса, біздің қолымызда 4-6, 24, 26 нөмірлері жоқ. Қалғандары толық. 1919 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» атауымен осы жылдың 7 ақпанына дейін шыққан. Барлығы 24 нөмір, оның 19-ы қолда бар, жоғы 7, 12, 14, 19, 21 нөмірлер. Газеттердің орысшасы кириллица, қазақшасы араб әліпбиімен жазылған. Қолымыздағы бар нөмірді жинақтап, араб әліпбиінен кириллицаға аударып (аударған Ерсайын Мергенбаев, Мұратбек Жахатов), газетті шығарушы тұлғалар туралы деректерді қосып «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін қалың бір кітап етіп 2015 жылы шығардық.

2013 жылы 21 маусымда жұма күні жолымыз болып Мәскеудегі Ресей мемлекеттік мұрағатынан «Известия — Хабар» және «Киргизская правда» — «Қазақ дұрыстығы» газеттерін тапқан болсақ, ертеңіне Мәскеу маңындағы Химки қаласындағы Ресей мемлекеттік кітапханасының газет бөлімінен «Дұрыстық жолы» газетінде тапқанымызда қуанышымызда шек болмаған. Сол сәтте тапсырыс беріп, көшірмесін ала келгенбіз. Мұның алдыңғы басылымдардан басты ерекшелігінің бірі — қылышынан қан тамып тұрған Совет дәуірінің өзінде тек қазақ тілінде шыққандығы. Бастауында Алаштың біртуар қайраткер-ағартушылары Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер болған. 1919 жылы Ордада 20 ақпаннан 10 шілде аралығында айына екі рет, барлығы 11 нөмірі жарық көрген. Толықтай араб әліпбиінде. Барлық нөмірін аударып, шығарушылар туралы ақпаратты, газетті шығарушылардың бірі Тамимдар Сафиевтің Мұстафа Ысмағұловтың өтініші бойынша 1916-1920 жылдар арасында Бөкей ордасында болған қоғамдық-саяси оқиғаларды суреттеген араб әліпбиінде жазылған естелігін аударып (аударған Гүлмару Мырзағалиева) қоса бердік. Осылайша 2016 жылы «Дұрыстық жолы» газеті 1919» кітабын шығардық.

«Ұшқынның» тарихына неге қызықтық?

Осы жылы баспасөз тарихына қатысты тағы бір аса маңызды газетті жинақ етіп шығардық. «Қазақ жұртын билейтін өзгеріс һәм соғыс комитетінің атағынан жетісіне екі шығарылатын саяси, әдеби һәм шаруашылық газетасы» деп сипатталған, 1919-1920 жылдары сол кездегі астанамыз Орынборда жарық көрген, бүгінгі тәуелсіз еліміз, Қазақстан Республикасының бас газеті – «Егемен Қазақстанның» бастауында тұрған «Ұшқын» басылымы. Шарқ ұрып іздемеген жеріміз қалмады. Орынбордағы мұрағат пен кітапханалардағы ізденісіміз нәтиже бермеді. Әдеттегідей Мәскеудегі кітапханалар мен мұрағаттардан сұраған са-уалдарымызға оң жауап болмады. Бірақ іздегеніміз елден табылды. Алматыдағы «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасында 37 нөмірі сақталыпты. 2, 3, 5, 6, 7, 13, 32 сандары жоқ екен. Алдырдық. Аудардық. Ресейде большевиктер билігі орнаған соң пайда болған тұңғыш жалпықазақтық газет. Саяси бағыт-бағдарына қарамастан, газеттің басы-қасында жүрген азаматтар ең алдымен қазақ қамын ойлап, қазақ жерінің бүтіндігін көздеген, өз ұлтының жыртығына жамау болуға ұмтылған. Мұны газетте жарияланған мақалалардың мазмұнынан-ақ байқайсыз. «Батыс Қазақстандағы «Жайық Пресс» мекемесі Орынборда шыққан «Ұшқын» газетінің тарихына неге қызықты?» — деген сауал да тууы мүмкін. Біріншіден, біз бір ниет, бір тілектегі тұтас ел болғандықтан, қазақ басылымдарының қай-қайсысы да бізге жат емес. Екіншіден, «Ұшқын» газетін шығару үшін Ордадағы жазушылар құрамасы Ғұмар Қараш, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Мұстафа Көкебаев, Халел Есенбаев, Тамимдар Сафиевтер шығарып тұрған «Дұрыстық жолы» газетін жауып, баспаханасын Орынборға көшіргені туралы Тамимдар Сафиевтің естелігінде айтылған. Осы естелікте Сейітқали Меңдешев газеттің атауын «Ұшқын» деп қойып, осы газетті шығаруды Тамимдар Сафиев өзіне тапсырылғанын айтқан. Яғни «Дұрыстық жолы» газетін шығарушы бөкейлік Тамимдар Сафиев «Ұшқынның» алғашқы редакторы болса, сол кезде Халел Есенбаев «Ұшқынды» шығарушы жазушылар құрамында болған. Осыған дейін «Егемен Қазақстанның» алғашқы редакторы кім болғандығын зерттеушілер тап басып айта алмағанын ескерсек, бұл мәліметтер тыңнан түрен салғандай. Сондықтан аласапыран жылдарда алаш қамын ойлаған басылымның сөзін қайта тірілтіп, оқырман қолына ұстату ісін борышымыз санадық. Әдеттегідей қолымыздағы бар нөмірді араб әліпбиінен (аударған Гүлмару Мырзағалиева, Мұратбек Жахатов) кириллицаға аударып, шығарушылар туралы мәліметтерді жинап, газетке қатысты зерттеу материалдарды топтастырып, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде сақталған Тамимдар Сафиевтің естелігін қосып, 2016 жылы «Ұшқын» газеті 1919-1920» кітабын шығардық.

Тәуелсіздік   жылнамасы

2016 жылы желтоқсанда азаттық алғанымызға 25 жыл толды.

Осы атаулы датаға біз де ісімізбен нақты үлес қосуды мақсат еттік.

2013.11.12 музей (1)Жүз жыл үздіксіз жарық көрген басылымда өңірдің жүз жылдық шежіресі де хатталғаны анық. Тәуелсіздік күніне біздің тартуымыз болсын деп, 1991 жылы 16 желтоқсаннан бастап 2016 жылға дейінгі, яғни ширек ғасырды қамтитын облысымыздың хронологиялық шежіресін жасадық. Осы жинақты жасау үшін Тәуелсіздік алған күннен бастап шыққан қос газетіміздің әр нөмірін бүгінгі күнге дейін парақтап, өңірімізде атқарылған маңызды шаралар, атқарылған істер, елеулі оқиғаларды нақты күнімен көрсетіп тізбектеп шықтық. Еңбегіміз қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016) (700 бет), орыс тілінде Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет) атауымен қалың кітаптар боп жарыққа шықты.

Баспасөз тарихын зерттеумен айналыса жүріп, басқа да еліміздің тарихы үшін маңызды құжаттарға кезігеміз. Алматы қаласына газет тігінділерінің электронды көшірмесін жасауға жіберген маманымыз А. Есеналинге кезіккен 1905 жылы жазылған хат соның бірі еді. Оны да ала келуді тапсырдық. 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын араб әліпбиінен кириллицаға (аударған Сайфолла Моллақанағатұлы) аудардық. Аса маңызды екеніне көзіміз жетті. Сол кезеңдегі саяси ахуалды жан-жақты талдап, мәселені оң шешуге тырысқан ұмтылыс. Дінді сақтау арқылы жерді сақтауға, жерді сақтау арқылы отаршылдыққа тойтарыс беруге талпыныс екендігі анық байқалады. Дін мәселесі бүгінде өзекті боп тұрғанда, толық нұсқада бұрын-соңды жарық көрмеген ата-бабамыздың жеке бастың емес, елдің тағдырына орай жазған хатын «Дін үшін. Жер үшін» атауымен арнайы жинақ етіп шығардық. Бұның өзі шынайы тарихымызды жазушыларға маңызды дереккөз болмақ.

2017 жылы осы «Дін үшін. Жер үшін» кітапшасынан бөлек 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетіндегі маңызды мақалаларды іріктеп аударып, жинақ етіп шығарудамыз. Көпшілік бұл кезеңде қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің саясатын соққан болар деп ойлайды. Ақиқатында олай емес. Қиюын тауып қиыстырып, халықтың қиын жағдайын ашық жазған. Артынан көпшілік редакторлардың «Халық жауы» болуларына осы әсер еткен.

Біз  шығарған   кітаптар

PRI_2585Қорыта айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде, 2012 жылдан бері «Жайық Пресс» ЖШС жанынан баспасөз тарихын зерттеу орталығын құрып, өңірдегі баспасөз тарихын зерттеп, әр жыл сайын сериялы кітаптар шығардық.

2012 жылы әуелі Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы), кейіннен Орал қаласында шыққан «Қазақстан» газетіне арналған «Қазақстан» газеті 1911-1913» (400 бет);

2013 жылы Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 95 жылдығына арналған «Қос газеттің тарихы – История двух газет» (436 бет) және «Жайық журналистері» (257 бет);

2014 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) шығып тұрған алашшыл қазақ газетіне арналған «Ұран» газеті. 1917-1918» ( 400 бет);

2015 жылы Бөкей ордасында (қазіргі БҚО, Бөкей ордасы ауданы) Совет өкіметі орнаған соң қазақ және орыс тілдерінде шығып тұрған басылымға арналған «Хабар — Известия» 1918. «Қазақ дұрыстығы — Киргизская правда» 1919» (680 бет);

2016 жылы Бөкей ордасында құрылған «Жазушылар құрамасының» құрылтайшылығымен шыққан қазақ тіліндегі басылым тарихы туралы «Дұрыстық жолы» 1919» (300 бет) және Орынборда шыққан басылым «Ұшқын» газеті 1919-1920» (370 бет), Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай қазақ тілінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016)» (700 бет), орыс тілінде «Западно-Казахстанская область: годы свершений и побед (1991-2016)» (935 бет).

2017 жылы 1905 жылы Орал және Торғай облысының Петербургқа депутаттар болып барған ізгі ишандарының Һәм билерінің дін тұрғысындағы Һәм жер тұрғысындағы әр министрлерге жазған хатын аударып «Дін үшін. Жер үшін» жинағын және 1920-1922 жылдар аралығындағы «Қызыл ту» газетінде жарық көрген мақалалар топтастырылған «Қызыл ту» 1920-1922».

Міне, бес жылдың ішінде баспасөз тарихымен байланысты он кітап шығарыппыз! Бұл кітаптардағы деректердің маңыздылығы жыл өткен сайын арта бермек. Келер буынға құр сөз емес, нақты іспен үлгі жасап, жол салғанымызға шүкіршілік етеміз.

Газеттерді арнайы жинақтап кітап етіп шығаруымыздың мақсаты – республика бойынша байырғы басылымдардың қатарындағы біздің «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің бүгінгі қоғамда алатын орнына айрықша мән беру, 100 жыл бойы мемлекеттік саясатты халыққа насихаттап келген, елімізде бірліктің, ынтымақ пен татулықтың салтанат құруына қосқан үлесін, білім мен өнерді, ғылым мен тарихты, тәлім-тәрбие, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы рөлін, сөйтіп, әр азаматтың тұлға болып қалыптасуына тигізген ықпалын оқырманға паш ету.

Жүз  жылдық  тігінді

IMG_4831Жүз жылдық мерейлі күнімізге дейін атқаруға мақсат еткен маңызды жобаның бірі «Жүз жылдыққа — жүз жылдық тігіндімен» бастамамыз еді. Жүз жылдыққа дейін талай мерейлі жылдары атап өтілді. Бірақ бүгінгі күнге дейін толық тігіндісі жасалмаған. Осы олқылықты толтыру басты мақсатымыздың бірі санадық. Әйтпесе, «жүз жылдығымыз» деп алысқа айқайлағанымызбен, «Айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарады» дегеннің кейпінде боларымыз анық. Сондықтан электронды және қағаз нұсқасындағы толық тігіндісін жинау табан тірер нақты істердің бірі болмақ деп шештік. Бұл өте ауқымды іс екенін білдім. Жүз жыл бойы аптасына кемінде үш рет, жыл сайын орташа 150 нөмір, Кеңес заманында дені А2 форматында, кемінде төрт бет боп жарық көрген газеттің ұзын-саны неше бет болатынын долбарлай беріңіз. Қазақ және орыс тілінде шыққан екі газет болғандықтан, тағы екіге көбейтіңіз. Міне, алдымызда осындай ауқымды іс күтіп тұрды.

Істі газеттерді сканерлеуге мүмкіншілігі жоғары құрылғы сатып алудан бастадық. Содан соң алдымен Орал қаласындағы Батыс Қазақстан облысының мемлекеттік мұрағатында сақталған газеттерімізді алып, сканерледік. Жоқ нөмірлерін Ж. Молдағалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасынан тауып, электронды көшірмесін жасадық. Орал қаласында газеттеріміздің тігіндісі сақталған тек осы екі мекеме болды. Бірақ екеуінен жинасақ та, толық тігіндісін жасақтай алмадық. Алматы қаласындағы «Ғылым ордасы» РМК ғылыми кітапханасының сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет бөлімінде бізде жоқ тігінділері бар екендігін білген соң маманымызды құрылғымен Алматы қаласына аттандырдық. Бір ай жатып, бізге қажет нөмірлердің оларда барының барлығының электрондық нұсқасын жасады. Алматыдағы ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының баспасөз мұрағатында кей нөмірлеріміздің бар екендігін анықтап, салып отырып онда да барды. Барын алды. Осылай Мәскеу мен Алматыдағы кітапханалар мен мұрағаттардан денін жинадық. Қызығы, «Приуралье» газеті 1921 жылдан облыстық мемлекеттік мұрағатта бүгінгі күнге дейін ретімен сақталған. «Орал өңірі» олай болмады. Біздің Алматы мен Мәскеу асуымызға да осы «Орал өңірі» газетінің толық болмауы себеп болды. Қолдан келгенді жасадық. Қалғанын табу — болашақтың ісі. «Орал өңірі» газетінен — 56 212, «Приуралье» газетінен — 91 636 бет сканерленді, барлығы — 147 848 бет. Осының бәрін өңдеп, қағазға шығарып, түптедік. Ғимаратымыздың бесінші қабатында арнайы бөлме жасақтап, жүз жылдық тігіндіні самсатып тізіп қойдық! Дәл осы ісіміз Елбасының «Цифрлы Қазақстан» жобасымен үндесіп жатқаны және біз бұл тапсырманы орындауға нақты үлес қосқанымызға марқайа түстік. Бұл да бір біткен іс болды!

Тарихымызды  танытар  жобалар

IMG_2447цветметБаспасөз музейін жасақтау бағытында үздіксіз жұмыс әлі жалғасуда. Түрлі жәдігерлер, маңызды құжаттар, басқа да музейге жарамды дүниелерді бір жерге жинақтаудамыз. Қазір қолымызда түпнұсқадағы ескілікті газеттер, тарихи суреттер, кітаптар, қолжазбалар, түрлі құрал-жабдық-тар, жеке құжаттар және т. б. бар. Музейге лайықты арнайы бөлме де жасақтаудамыз.

Орал қаласында «Қазақстан» газетінің және Бөкей ордасы ауданы, Хан ордасы ауылындағы «Ұран» газетінің редакциясы болған үйге арнайы тақта ілдік. Қазір бұл үйлердің жанынан өткен адам бұл орынның тарихи маңызды екендігін біле жүреді.

Газеттерімізде қызмет еткен тұлғаларымызға қатысты тарихи суреттерді жинақтауды да қолға алдық. Оларды өңдеп, қағазға шығарып, рамкаға салып, ғимаратымыздың ішіне ілдік. Бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін көтерілген адам суреттерді тамашалау арқылы баспасөз тарихымен қанығады. Ғимаратымыздың іші баспасөз тарихынан сыр шертетін фотокөрмеге айналды.

95 жылдықтың қарсаңында бес редактор саяси қуғын-сүргінге ұшырағанын таптық десек, 100 жылдықтың қарсаңында 15 редакторымыздың «Халық жауы» атанып, дені ату жазасына кесілгенін анықтап отырмыз!

Бірнеше жыл қатарынан «Елеусін Бұйрин және Ғұмар Қараш атында: тілші болғың келсе» байқауын өткіздік. Мақсатымыз — аты аталған қос тұлғамызды халық арасына кеңінен насихаттау, жазуға икемі бар, қабілетті жастарды газетке қызметке алу. Осы байқаудың арқасында облыстық, аудандық газеттерге орналасқан жастарымыз өздерінің іскерлігін дәлелдеп, бүгінде бар ынта-жігерімен қызмет етуде.

Баспасөздің бастауында тұрған Ғұмар Қараштың өлеңдерінің аудионұсқасын жасап, арнайы дискілер шығардық. Мұқабасында тарихи тұлғаларымыздың суреті бейнеленген дәптерлер шығарғанбыз, оның ішінде Ғұмар Қараш та бар. www.gumar.kz  сайтын жасап, оған өмірбаяны мен шы-ғармаларынан бастап барлық ақпаратты енгіздік.

100 жылдыққа орай жасаған істеріміздің бәрінің басын тоғыстыратын маңызды жобамыз www.1911.kz сайты болмақ. Бұл сайтта шығарған кітаптарымыз, дайындаған фильмдеріміз, музей жәдігерлері, саяси қуғын-сүргін көрген журналистер туралы, тарихи суреттер, басқа да баспасөз тарихына байланысты құнды деректердің бәрі қамтылды. Кез келген қызығушыға қолымызда барды ұсынамыз.

Осы жұмыстың бәрін сайттарымызды күнделікті жаңартып, газеттерімізді уақтылы шығара отырып, өз қызметкерлеріміздің күшімен атқардық. Мұндай ауқымды іс ұжымда ынтымақ, ауызбіршілік болғанда ғана нәтижелі болары анық. Әр жыл сайын 22 наурыз, 16 желтоқсан, жаңа жыл, журналистер күні, басқа да мейрам күндерді барша ұжымның ауызбіршілігін арттыру мақсатында мазмұнды етіп, кеңінен атап өтуге тырысамыз. Ардагерлерімізге құрмет көрсету де осы асыл мақсаттан туған. Өздерінің шығармашылық бағытындағы еңбектерімен елге танылған әріптестеріміздің туған күндерін де кең көлемде ұйымдастыру — бір-бірімізге құрмет көрсетудің үлгісі. Мысалы, облыстық қазақ драма театрының залында Ұлдай Сариева, Ертай Бимұханов, Есенжол Қыстаубаев, Бауыржан Ғұбайдуллин әріптестеріміздің мерейлі жастарын шығармашылық кеш ретінде өткізуіміз осының айғағы.

Жалғасын  таппақ  жобалар

Жүз жылдыққа қатысты жұмыстар осымен тоқтап қалмайды. Жыл соңына дейін биыл бастаған бірнеше жобамызды аяғына жеткізуіміз қажет.

Тұстастары «Абайдан кейінгі ақын…» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақ. Мұнда Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсем сөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Нобайы дайын. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған елеулі үлес болмақ.

Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай толық түрлі-түсті деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірістік. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Биылғы жылдың қыркүйек айында 100 жылдыққа орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды шақырып, баспасөз тарихын зерттеу мәселелерін талқылап, болашақта бірлесе қимылдауға ақылдаспақшымыз. Негізгі салтанатты шара да осы қыркүйек айында болмақ.

Жалпы, баспасөздің дұрыс зерттелмеуіне газеттердің бұрын-соңды елге әкелініп, түсінікті әліпбиге аударылмағаны себеп болды. Осы олқылықтың орнын толтырудамыз. Енді жинақтаған дүниелерді жеделдетіп, ел игілігіне айналдыруымыз қажет. Осы орайда ғасырлық той аясында еліміздегі жоғары оқу орындарында оқитын журналистика, филология және тарих факультеттерінің студенттері мен магистранттары арасында баспасөз тарихы тақырыбында курстық, дипломдық, магистрлік жұмыс байқауын жарияладық. Мақсат – баспасөзді зерттеу объектісіне айналдыру. Байқау жөнінде алғашқы жүздесу Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарымыз ғалымдар мен студент жастар тарапынан қолдау тапты.

Елімізге белгілі ақын, баспасөздің бастау алған Орда жерінің тумасы, барша аналарға өлеңмен ескерткіш орнатқан Қайрат Жұмағалиев ағамыз өмірінің соңғы жылдары «Жайық Престе» қызмет етті. Марқұм Қайрат аға тірі болса, биыл 80 жасқа толар еді.

Осы атаулы жыл аясында Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау жарияладық. Сонымен қатар ортамыздан жастайынан кеткен, ерекше еңбекқор, өз ісінің шынайы маманы әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқауды ұйымдастырудамыз.

Мақсатымыз – еліне еңбегі сіңген азаматтарды үлгі етіп, халыққа насихаттау, әріптестікке адал болу.

Баспасөз тарихын, Ғұмар Қарашты зерттеуге үлес қосқан, сөзі мен ісі қабысқан баспасөз саласының үздіктеріне Ғұмар Қараш атындағы арнайы төсбелгі табыс ету де биылғы жылдың еншісінде.

Бүгініміз

100 жылдықтың қарсаңындағы біздің атқарған істеріміз уақыт өте тарихқа айналары сөзсіз. Осы кезеңдегі газет тарихын зерттеуден бөлек заман ағымымен, күнделікті атқарып жатқан істеріміздің бірсыпырасымен, тыныс-тіршілігіміз туралы хабар бергенде жөн болар.

Батыс Қазақстан облысындағы «Жайық Пресс» ЖШС мемлекет саясатын, ел мен облыста болып жатқан жаңалық-өзгерістерді бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жедел де мазмұнды жеткізу мақсатында өз қызметін қазіргі заманғы талаптарға сәйкес жаңашылдықпен жүргізіп келеді. «Жайық Пресс» ЖШС 2003 жылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерін біріктірген мекеме болып құрылған. Кейін ЖШС құрамына 12 аудандық газеттер біріктірілді. Ал облыс аумағында мемлекеттік саясатты тиімді жүргізу үшін ғаламтор мүмкіндіктерін тиімді пайдалана отырып, «Жайық Пресс» ЖШС ең алдымен 2012 жылдан бері ақпарат орталығын құрып, www.zhaikpress.kz сайтын жолға қоюмен бірге облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» және он екі аудандық газеттерінің жеке сайттарын жасақтады. Мұндағы басты ерекшелік – облыс көлеміндегі және барлық аудандардан келетін жаңалық — ақпарат сол бойда сұрыпталып, сайтқа орналастырылады. Бұл бағытта қазақ және орыс тілдерінде арнайы мамандар жұмыс жасайды. Облыстық және аудандық газеттердің сайттары да осылайша жаңарып отырады. Сонымен қатар маңызды жарияланымдар «Жайық Престің» әлеуметтік желілердегі арнайы парақшаларында жарияланады. Медиахолдингтің әлеуметтік желілерде мыңдаған тұрақты оқырмандары қалыптасты. Республикалық басылымдар өңірімізге қатысты өздері іздеген мақала, хабар, деректерді осы сайттан ала алады. Осы орайда «Жайық Пресс» ЖШС беделді республикалық газеттер және ақпарат агенттіктерімен өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, тығыз байланыста жұмыс жасап келеді. Яғни «Жайық Пресс» — өңірлік ақпараттық агенттік іспеттес.

«Жайық Пресс» ЖШС-ға қарасты барлық сайт материалдары екі тілде, суреттерімен жарияланады. Сайт қазіргі заманғы талаптарға сәйкес безендірілген. Облыста қалаға қоса, он екі ауданды бірдей қамтитын мұндай сайт әзірге жоқ. Бұл жерде атап өтетін жайт, әр аудандық газет өз сайтын дербес жүргізіп, жаңартып отырады. Сонымен қатар олардың әлеуметтік желілерде өз парақшалары бар. Осылайша аптасына бір рет жарық көретін аудандық газеттер көкейкесті тақырыпта жазылған мақалалары мен маңызды жаңалық — хабарларын алдымен сайт пен әлеуметтік желіде орналастырып, алыста жүрген оқырмандарымен де күні бұрын қауышып отырады. Бұл сол газеттердің танымалдылығын арттыру бағытында таптырмас мүмкіндік болып отыр. Жергілікті журналистер де өскелең заман талаптарына тез бейімделіп, осындай мүмкіндіктерді молынан пайдаланып, әлеуметтік желілерде өз белсенділіктерін көрсетіп келеді. Мұның бәрі медиахолдинг құрамына облыстық-аудандық БАҚ-тардың бірігуінен, олардың жұмысы жүйеленіп, жаңа медиа мүмкіндіктерін дұрыс пайдалана білгенінен деп есептейміз.

Жүз жылдықтың қарсаңында облыстық газеттердің логотиптері жаңартылды. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасалды. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор жаулап, жаһандану жамыраған заман да басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі талапқа сай, жаңаша болуын талап етеді. Қос газет жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырды. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «Менің газетім», «100 жылдыққа – 100 тұлға» айдарымен материалдар берілуде. «Приуралье» газетінде де «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа да айдарлар көрініс тапты.

Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді. Қазірдің өзінде оқырмандар аталмыш нөмір арқылы хабарласып, соның нәтижесінде облыстық газеттерде жедел ақпараттар берілуде.

Әлбетте, әр адам өзінің шыққан тегін білмесе, не білуге ұмтылмаса, оның мәнсіз өмір сүргені. Сол сияқты мемлекет те халқына өз тарихын терең зерделеп ұғындырмаса, оның ел ретінде тарих сахнасынан жойылары кәдік. Тап осы секілді, біздің газеттеріміздің де тарихын тыңғылықты зерттеп, тиянақтамасақ, оны газетте болашақта қызмет етер ұрпаққа жеткізбесек, басылымдарымыздың болашағы бұлыңғыр болары хақ. Өскелең ұрпақ бұл басылымдарды тірі ағза ретінде қабылдауы қажет. Егер әр қызметкер газетіміздің тарихын терең үңіліп, қоғамдағы орнын жете сезінсе, өз жұмысын жанашырлықпен, мақсат-керлікпен атқарып, газеттің о бастағы ұйымдастырушылық, насихатшылық ұлы миссиясын алға апарары сөзсіз. Әріптестерімді баспасөзіміздің бастауы болған Ордаға апаруымның басты мақсаты осы! Жиырмасыншы ғасырдың басында бүгінгі бізге жарқын өмір сыйлау үшін бастарын бәйгеге тігіп, еңбек еткен Алаш арыстарының табаны тиіп, қолдарының табы қалған қасиетті жерді көзбен көріп, қолмен ұстап сезініп, рухани жаңғыруларына сеп болу.

Қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарған істеріміз барша қазақтың қамы үшін қайғырып, қолына қалам ұстап, қиын кезде газет-журнал шығарып, елге қызмет еткен барша қаламгерлердің рухы алдындағы құрметіміз.

Жантас  НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық  Пресс» ЖШС-ның  бас  директоры


Ғасырға қадам

Күні: , 127 рет оқылды

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d1%82%d0%b0%d1%81-%d1%81%d0%b0%d1%84%d1%83%d0%bb%d0%bb%d0%b8%d0%bd


Құрметті оқырман! «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, міне, Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығын да алдағы жылы барынша кең көлемде атап өткелі отырмыз. 100 жылдықты мазмұнды қарсы алумен қатар газеттеріміздің заман көшінің алдында болып, ақпарат тарату, насихат жүргізу,  ұлттық рухты көтеріп тәрбие беру бағытындағы қызметтерін заманауи технологияларды пайдалана отырып жандандырмақпыз. Облысымызды басқарғанына алты ай болып қалған Алтай  Көлгінов мемлекеттік ақпараттық саясатпен қатар баспасөзге өңірдегі өзекті мәселелерді қозғап, халықтың көкейіндегі проблемаларды шешуге атсалысуды тапсырған болатын. Осыған орай Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы, облыстық басылымдардың 100 жылдығы қарсаңында  бүгіннен бастап қолға алынып  отырған басты жұмыстарды  әңгіме  етпекшіміз.


Ең алдымен облыстық газеттердің логотиптері жаңартылып отыр. Көлемі жағынан бұрынғыға қарағанда, кішірейтіп, соның есебінен екі жанынан және үстінен ақпараттар салуға мүмкіндік жасадық. 1911 жылы шыққан «Қазақстан» және одан кейін 1917 жылы жарық көрген «Ұран» газетінің логотиптері де осындай ықшам болған екен. Қазіргі ғаламтор саласы қарыштап дамып, жаһандану жеделдеген заман да басылымның атауы, мақалалардың орналастырылуы, безендірілуі жаңаша болуын талап етеді. Сол бағытта бар білім-білігімізді салып, қал-қадеріміз жеткенше  жұмыс-танбақшымыз.

%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8Екіншіден, қос газет тәуелсіздіктің 25 жылдығына және өздерінің мерейтойларына байланысты жаңа айдарлар ашып, соның аясында тың мазмұндағы материалдар ұйымдастырады. Мысалы, бұрыннан бар «Айналайын», «Алтын бесік», «Ардагер», «Иман», «Үзіліс», «Ине-жіп», «Бағбан», «Балға-шеге», «Гүлдәурен» сынды беттерге қоса «Хат жолға шақырады» айдарымен журналистер арнайы іссапарға шығып, соның қорытындысы бойынша сараптап, мақала береді. Газеттердің шежіресі мен тарихына орай «Қазақстаннан Қазақстанға», «100 жылдыққа – 100 тұлға» айдарымен материалдар беріледі. «Тәуелсіздік толқынында», «Ғасыр жаңғырығы», «Оқырман олжасы», «Мыңнан бір сәт» пен «Фотоайғақ», «100 жыл және бір сәт», «Менің газетім» секілді айдарлар да оқырманды тартары анық. Облыстық «Приуралье» газетінде де «Достояние Независимости», «Ұлы Дала елі», «Мәңгілік ел», «Ровесники Независимости», «Летопись Независимости», «Летопись Приуралья газетной строкой», «Вспомним всех поименно», «100 лет газеты в цифрах и фактах», «О них писала газета «Приуралье», «Приуралье» в моей судьбе» және басқа айдарлар көрініс таппақ.

100-%d0%b6%d1%8b%d0%bb-%d0%be%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%be%d0%bd%d0%b8%d1%80%d0%b8-%d0%bc%d0%b5%d0%bd-%d0%bf%d1%80%d0%b8%d1%83%d1%80%d0%b0%d0%bb%d1%8c%d0%b5Үшіншіден, газеттердегі материалдарды жаңа технологиялар арқылы тарату жобасы қарастырылады. Бұл үшін басылымдардың материалдық-техникалық базасын одан әрі нығайту жұмысы қолға алынады. Әсіресе, газет материалдарын заман талабына сәйкес оқырмандар назарына тезірек жеткізу айрықша назарда болады. Осы мақсатта газеттердің әлеуметтік желілердегі парақшаларын дамыту, жазылған мақала, ақпарат, жаңалықтардың сол бойда газет сайттарында жарияланып, барынша жедел тарауын ұйымдастыру жұмыстары жасалады.

Қазіргідей ғаламторға көбірек назар аударылған заманда сайттар мен әлеуметтік желілерді де тиімді пайдаланбасқа болмайды. Бұл ретте әлеуметтік желідегі белсенділермен  бас қосып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, тиісті шаралар алынады. Сайттарымыздың жұмысын жетілдіріп, танымалдылығын арттыру бағытындағы істеріміз жалғасады. Жүйрік ақпараттарға қоса бейнежаңалықтарды, олардың аудионұсқаларын беріп отыру қолға алынады. Өйткені кей адамдар хабар, мақалаларды оқуды қиынсынуы мүмкін, сондықтан оларға көріп, тыңдауға мүмкіндік жасалады. «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің сайттарында мерейтойлық материалдарды орналастыру үшін «Бізге – 100 жыл» арнайы бөлімі ашылады. Арнайы бөлімдегі материалдар үш бөлікке топталып орналастырылады: 1) — газет тарихы; 2) — газет қызметкерлері; 3) — мерейтойлық материалдар. Оған қоса zhaikpress.kz сайтынан қос газеттің сайтына шыққан мерейтойлық материалдар көрінетін бөлім, ал әлеуметтік желіде «Жайық Пресс» парақшаларынан бөлек газеттің 100 жылдығына қатысты арнайы парақша ашылады. Сайтқа шыққан материалдар сол парақшаға да орналастырылатын болады. Себебі жаңалықтар парақшасына орналастырылған тарихи материалдарды кейін әлеуметтік желіден табу қиындыққа түседі. Ал бұл парақша әлеуметтік желідегі архивіміз әрі тек мерейтойдан хабар беретін (тарихи материалдар, дайындық, мерейтойдың өту барысы) арнайы парақша болып қалады. Әлеуметтік желілерде газеттер тарихына қатысты интеллектуалдық ойындар ұйымдастыру ісі де қолға алынады.

Тұрғындармен тікелей байланысты жақсарту мақсатында арнайы WhatsApp нөмірі (8-707-808-48-55) іске қосылды. Осы нөмірге кез келген оқырман хабарлама жіберіп, газетке немесе сайтқа өз тақырыбын ұсына алады. Сонымен қатар шешілмей келе жатқан өзекті мәселелерді немесе оқыс оқиғаларды хабарлап, сол бойынша журналистерді іссапармен келіп, зерттеу жүргізуге шақыра алады. Бұл хаттан гөрі жедел байланыс түрі болғандықтан, шараның да неғұрлым тез алынуына септігін тигізеді.

Төртіншіден, Батыс Қазақстан облысынан шыққан тарихи тұлғаларды кеңінен таныстыру жұмыстары жалғасады. Осы мақсатта газет беттері мен сайттарда арнайы материалдар сериясы жарық көрмекші. Бұл ретте Алашорданың 100 жылдығына байланысты Алаш қайраткерлерінің өмірі мен елге жасаған қызметі ерекше назарда болып, көпшілікке жария етілмекші. Соның ішінде тұстастары «Абайдан кейінгі ақын…» деп бағалаған ұлы тұлға, ағартушы, ойшыл, «Қазақстан» мен «Ұран» газеттерін ұйымдастырушылардың бірі Ғұмар Қараштың екі томдық шығармалар жинағы 100 жылдыққа айрықша тарту болмақшы. Мұнда  Ғ. Қараштың өлеңдері, әдеби шығармалары, мақалалары, көсемсөздері, пәлсапалық ой-тұжырымдары, жинақтаған ауыз әдебиеті туындылары енгізіледі. Ғұмар Қараштың туындылары бұрын-соңды бұлайша толық көлемде жарық көрген емес. Ендеше, бұл қазақ әдебиеті мен тіл ғылымына қосылған  елеулі үлес болмақ.

Бесіншіден, соңғы жылдары қос газеттің тарихын зерттеу бағытында көптеген жұмыстар қолға алынып, бірнеше жинақ жарық көргені белгілі. Кейінгі кезде табылған тың деректер бұл кітаптарды жаңарту қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан «Жайық Пресс» ЖШС жанынан құрылған баспасөз тарихын зерттеу орталығы Ғұмар Қараштың кітабына қоса «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінің 100 жылдығына орай деректі-жылнамалық жинақ әзірлеуге кірісті. Жинақта облыстық газеттердің тарихы, кезеңдері, атаулары, негізгі тұлғалары, айтулы оқиғалар туралы деректер, құжат көшірмелері, көне фотосуреттер қамтылады. Кестелер, тізімдер беріледі. Болжалды көлемі 300-350 бет. Сонымен қатар 1919-1920 жылдары Орынбор қаласында шыққан «Ұшқын» газетінің тарихын зерттеп, жинақ дайындау, «Жайық Пресс» ЖШС ғимаратында Баспасөз тарихы музейін ұйымдастыру көзделуде. 2017 жылы облыстық газеттердің 100 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіп,  оған елге белгілі баспасөз тарихын зерттеуші ғалымдарды қатыстыра отырып, соның қорытындысы ретінде жинақ шығарсақ, бұл да бір кейінгі ұрпаққа естелік болып қалар еді.

Алтыншыдан, қос газеттің мерейтойына арналған шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізудің маңызы зор. Бұл үшін газет беделін одан әрі көтеру бағытында облыс орталығындағы іргелі мекеме-кәсіпорындар мен аудан-ауылдарда «Орал өңірі» мен «Приуралье» газеттерінің күнін өткізу арқылы жұртшылық назарын аудару жұмыстары атқарылады. Ғасырлық тойды лайықты атап өту үшін өңірдегі жетекші компания, кәсіпорындармен тиімді байланыс орнату ұдайы назарда болмақ.

Жетіншіден, облыстағы мекеме-ұйымдармен бірлесе отырып, бірнеше бағытта шаралар ұйымдастыру ойластырылуда. Атап айтқанда, облыстық басқармалармен бірге барлық мектептердің қатысуымен өңір шежіресін жинақтау мақсатында тарихи-танымдық экспедиция, облыс оқушылары арасында жеңіл атлетикадан жарыс, қалада велошеру, Қайрат Жұмағалиев атында шығармашылық байқау, өмірден ерте кеткен әріптесіміз, фотосуретші Медет Досымовты еске алуға арналған фотобайқау, облыстағы БАҚ өкілдері арасында спорттық сайыстар және басқа шаралар күн тәртібінде тұр. Жастарды газетті тұрақты оқуға тарту үшін жастар аудиториясына арналған «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыздар» беті жиірек шығып, «Жастық шақтың жарқын сәті» атты фотоконкурс ұйымдастырылып, болашақ ересек оқырмандар толқынын қалыптастыру үшін балалармен жұмысты онан әрі жандандырып, дәстүрлі балалар шығармашылығына арналған байқау жалғасады. Сондай-ақ 100 жылдық аясында «Ең елгезек мекеме» аталымы бойынша редакцияның сауал-хаттарына тез жауап беретін мекеме-кәсіпорын басшылығы, «Ең белсенді автор» аталымы бойынша ел ішіндегі ең белсенді авторлар марапатталатын болады. Редакция ардагерлерімен байланысты жетілдіріп, газет тарихынан сыр шертер тағылымды мақала-материалдар мен тартымды фотоларды жариялап отыру назарда болмақ. Қазақстанның көрші облыстық газеттерімен бет алмасу, балалар үйі түлектеріне, мүгедек балаларға қайырымдылық шарасын ұйымдастыру және басқа мың-сан жұмыстар кезегімен атқарыла бермек.

Міне, құрметті оқырман, қос газетіміздің 100 жылдығына орай атқарылатын жұмыстардың бірсыпырасын айтып өттік. Газетіміздің түр-келбеті мен мазмұнына байланысты сіздің ұсынысыңыз, алып-қосарыңыз қандай, оны да білгіміз келеді. Ең бастысы, ғасырлық тойды өз дәрежесінде атап өту үшін бар күш-жігерімізді саларымыз анық. Әрдайым жүзіміз жарқын, жолымыз айқын болсын, ағайын!

Жантас   САФУЛЛИН,

«Жайық Пресс»  ЖШС  бас  директоры


Дұғашы мен асыл мұраны сақтаушы

Күні: , 320 рет оқылды

IMG_3850


Өткен жылы екі бірдей асылдың ұрпағымен сұхбаттасқан болатынмын. Бірі – немересі, бірі – шөбересі. Бірақ күнделікті қарбаласпен жүріп, тіпті ақпарат та жазылмай қалды. Ақтөбеде болған биылғы қанды оқиғадан соң асылымызды танудың маңызды екендігі анық болды.


Қазақты дінінен, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан айыру арқылы қарусыз жаулау – отарлаудың басты құралы болғаны белгілі. Кеңес заманында терең білімділерді, соның ішінде сауатты имам, молда, тағы басқаларын да «халық жауы» деп айыптап, қуғындаудың басты себебі де осы екені анық. Соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде діни сауатсыздықтың кесірінен орын алған қанды оқиғалар – осы көп жылдық солақай саясаттың жемісі. Жақында ғана Ақтөбеде болған жантүршігерлік оқиға тіпті тәуелсіздігімізге қатер екендігін көрсетті. Қатердің алдын алып, тамырымызды тауып, қазіргі буынмен қайта жалғау үшін ағартушылықпен айналысып, халыққа білім шашқан діни терең білімді тұлғаларымызды зерттеуді қолға алу – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Өңірімізде осындай тұлғаның бірі – Мәулімберлі Байшеркешұлы.

Әлқисса

IMG_0198Осыған дейін Мәулімберлі десе, Ақжайық ауданы Базартөбе ауылының маңындағы Мәулімберлі қорымы және сол жерде мешіті болған деген әңгіме ғана ауызға ілігетін. Қорымдағы құлпытастарға тіс батпай, не жазылғанынан да хабарымыз болмады. Тек 2014 жылы өңірімізге Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтынан тарих ғылымдарының докторы Әшірбек Құрбанұлы Мүмінов бастап келген ғалымдар қорымдағы бірнеше құлпытастың мәтінін оқығаннан кейін Мәулімберлінің әкесі, өзі, ұрпақтары, өзімен аталас бірге тарағанның бәрі де оқымысты, діни сауатты, заманының озық ойлы адамдары болғанын білдік. Көзі қарақты оқырманның есінде болар, «Мәулімберлі қорымы – ғалымдар мекені» атауымен ескі қорымдарды зерттеу сапарының барысы бойынша 2014 жылғы 7 тамызда «Орал өңірі» газетінің №88 нөмірінде жариялаған мақаламыздың соңында: «Ғалымдардың өзі «Мәулімберлі қорымындағы тұлғалардың тарихи маңызы зор, болашақта арнайы мемлекеттік жоба жасап, соның аясында зерттеген жөн» дейді. Құрметті оқырман, осы Мәулімберлі қорымындағы тұлғаларға қатысты деректер, олардың ел үшін атқарған істері туралы әңгімелер білсеңіздер, тікелей ұрпақтары болсаңыздар, редакцияға хабарласуыңызды сұраймын» деп жазған болатынбыз. Алла қалауымызды қабыл алып, 2015-2017 жылдарға арналған «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (БҚО-ның эпиграфикалық ескерткіштері ретінде)» атты ғылыми жоба бекітілді. Осы жобаның аясында өткен жылы осы саланың мықты маманы, ғалым Әшірбек Мүмінов және Бағдат Дүйсенов жергілікті өлкетанушылармен бірлесе Мәулімберлі және сол маңдағы Қарақоға қорымындағы барлық құлпытасты суретке түсіріп, өлшемдерін алды. Қазір ғалымдар ол ескерткіштердің мәтінін үш тілге толық аударды, жинақ етіп шығаруға дайындауда. Ұрпақтары да табылды. Соның ішінде көзі тірі жалғыз немересі Сәруәр әжемізбен және Мәулімберлінің ұстаған таяғын көзінің қарашығындай сақтап отырған Уахит шөбересімен кездесудің сәті түсті. Заманының мықты ғалымы, әулие, мешіт ұстап, бала оқытқан, ісі мен сөзі қабысқан, ұрпағына да мықты білім, дұрыс тәрбие берген, бірнеше рет Меккеге барған асылдың ұрпақтарымен болған сұхбатымыздың кей тұстары оқырмандарға да қызық болар.

20141104_203512Дұғашы – Сәруәр әже

Асылдың сынығы Сәруәр Ғазезқызының айтуы бойынша, ол Мәулімберлінің кіші ұлы Ғазездің қызы, 1931 жылы дүниеге келген. К. Ахметовтің «Кіші жүз Асқар (Байбақты, Жанбақты, Тынбақты және Тана руларының шежіресі)» кітабындағы мәлімет бойынша, Мәулімберліден – Қажығали, Нығыметолла, Зинолла, Ғабдрахман, Халиолла, Бақыт, Ғабдос, Ғазез болып тарайды. Бұл мәліметтер Сәруәр әжеміздің әңгімелерімен де қуаттала түсті. Сәруәр әжеміздің әкесі Ғазез Мәулімберліұлы 1880 жылы дүниеге келіп, 103 жасқа қараған шағында 1983 жылы өмірден өтіпті.

— Кішкентай кезімде, шамамен 7-8 жаста болармын, соғысқа дейін көп сөйлемейтін әкем әр нәрседен үркіп, көп көшіп жүрдік. Куйбышев облысы дейді, Опа дейді, Татарстан дейді, Бугуруслан дейді, әйтеуір, ана жерден мына жерге көшіп-қонумен болдық. Бала кез, мен не білейін? Жол-жөнекей ақлөпті құрып, үстін жауып жіберіп тамақтанамыз, — деп бастады әңгімесін әжеміз.

Өткен жылы Мәулімберлі қорымына барғанда оқылған құлпытастың бірінде Мәулімберлінің екі бірдей ұлына – үлкені Қажығалиға және Абдурахимға (шежіредегі Ғабдрахман болар) қойылғаны анықталып еді. Екеуі де 1919 жылы, бірі 50, екіншісі 44 жаста қайтыс болған. Екі бірдей оқымыстының бір жылда қайтуына қарап, олардың сол заманның саясатының құрбандары болды деп топшылауға болады. Ғазез атамыздың көп сөйлемей, бір жерге тұрақтамай, көшіп-қонуы ұрпағын аман сақтап қалудың амалы екені анық.

— 1939 жылы бәрін қуып әкеліп «Қызыл ақырап» деген колхоз құрды, қателеспесем, қазіргі Северный ауданы, «Победа» совхозы, қасында Пушкин деген ауыл болды. 1940 жылы ағамды, содан соң әкемді сол жерден армияға алып кетті. Анам Мүгілсін Тасмағамбетқызы жолдасы мен бас көтерген балалары соғысқа кеткеннен кейін өзі сырқатты болуына байланысты қауіптенді ме екен, ұрпағы біле жүрсін деп мені, кішкентай інім Ғалымжанды және апамды шақырып, былай деді: «Біз Ресей жерінен емеспіз, біз Тайпақтікіміз. Атамның аты – Мәулімберлі. Сендер Мәулімберлінің немересісіңдер. Сенің әкең – Мәулімберлінің ең кіші баласы. «Молданың баласы» деп көп қуалап, қашып көштік. Атаң Мәулімберлі екі рет қажыға барды. Үшіншіде «Мен ол жақтан келе алмаймын, мені жерлеп келесің» деп інісі Серғалиды ала кетті. Інісі Серғали жерлеп келді».

Сәруәр апа Мәулімберлінің ұстаған таяғы шөбересі Уахиттің қолында екендігін айтты. Меккеге соңғы үшінші мәрте барған Мәулімберлі атаны інісі Серғали жерлеген соң қайтарда атаның таяғын ала келген екен. Бірақ әкесі Ғазез қиыншылықта көшкен кезде үйде ұмыт қалыпты. Тек 1964 жылы Сәруәр апамыздың енесі қайтқанда, Әтібектен келген Жүсіпқали (Қара молда) деген адам ұмыт қалған таяқты сақтағанын айтады. Қаласа, алуына келісім береді. Міне, содан Ғазез ағай арнайы барып алған.

— Мәулімберлінің түр-келбетіне қатысты не айта аласыз, үлкендер ол кісіні сипаттап әңгімелеген жоқ па? — деген сауалымызға мына бір қызық жайтты айтып өтті.

— Ондай әңгіме болған жоқ. Бірақ 1949 жыл шамасы болар. Өте қиын, жоқшылық кез болатын. Бір күні түс көрдім. Түсімде басына сәлде ораған, шапан киген, орта бойлы қарт есіктен кіріп келіп: «Балам, налыма, егін шығады биыл, егін шығады» деп есікті жауып шығып кетті. Артынан шығып едім, көрмедім. Түсімді әкеме айтып едім: «Атаң ғой ол келіп жүрген» деді. Сол жылы шынымен егін өте жақсы шықты.

Кішкентай кезімде түс көріппін, өзімнің есімде жоқ. Кәрім ишан (Мәулімберлінің інісі Серғалидың ұлы болу керек) атамыз менің анама келіп: «Сен Сәруәрдың түсін жорымағансың. Ол – артымыздан қалатын дұғашы» деп ұрысқан.

Өткен жылы түс көрдім, түсімде құлағыма: «Қабдолмәжит, Қабдолқаят, Тасмағамбетқызы Мүгілсін» деген дауыстар келді. Бұлардың үшеуі де дүниеден өткендер. Қабдолмәжит пен Қабдолқаят – Мәулімберлінің ұлы Қажығалидың ұлы мен қызы, Тасмағамбетқызы Мүгілсін – өз анам. Қазір ойлап отырсам, Алла Тағаланың осы уақыт, осы жасқа дейін ғұмыр бергені – дұғашылық парызды өтеу үшін болар, — дейді Сәруәр әже.

20150710_214033Асатаяқты сақтаушы – Уахит аға

— Менің есімім – Уахит. Әкемнің аты – Насыр. Насырдың әкесі – Қалилолла, Қалилолланың әкесі – Мәулімберлі. Яғни мен Мәулімберлі атаның шөбересімін. Мәулімберлі атамыз Меккеге қыс айына таман бес кісі болып сапар шегіпті. Оның ішінде Өлеңтіден бір кісі, Сайқұдықтан бір кісі болған. Ас-суын даярлауға екі жанұя кісі алып, азыққа алдарына қой салып, 25 өгізбен, бір ат-арбамен жолға шығады. Аталарымыз уақытында аса ауқатты болған екен. Мамыр айының шамасында Құрбан айты болып, Мәулімберлі ата Меккеде құрбан шалады. Содан кейін елге қарай бет түзейді. Бірақ Меккеден бері шыққасын көп ұзамай дүние салады. Сөйтіп, атаны кері қарай Меккеге апарып жерлейді. Мәулімберлі атамыздың сүйегі Меккеде. Оның жайнамаз, шапан, аса таяғы кенже ұлы Ғазезге табысталған.

Ғазез 1983 жылы ақпан айында 102 жасында қайтыс болды. Ұзақ ауырған жоқ, айналасына бейнет көрсетпеді. Оның әдеті – тек қана қолдан тігілген киімді киетін. Ақ сақалды, өте діндар адам еді.

Кеңес үкіметі кезінде тұқымымыз қатты қудалауға түсуі себепті Ғазез атамыз тіс жарып, әңгіме айтпаған күйі кетті.

Ол қайтыс боларында менің нағашым – анамның туған ағасы Қажиахмет Сыралыұлына Мәулімберлі атаның аса таяғын аманаттап, былай дейді: «Бұл таяқты уақыты келгенде Насырдың баласы Уахитке табыстарсың. Әулеттен қолайлысы сол. Оның тазалық жолына да икемі бар». Ғазез атамыздың аса таяқты өзіне құда болып келетін менің нағашыма аманаттауының сыры – олар көрші тұрып, нағашым үнемі Ғазез атамның басын жуып, шаш-тырнағын алып беретін.

Қажиахмет нағашым 2000 жылы мамырдың 17-сі күні дүние салды. Ол қайтар алдында, мамырдың 15-інде мені шақырып алып: «Мына асатаяқ сіздің әулеттікі. Мен қайтқасын өзің ұстап қал» деді. Нағашымның қарасында оның ұлы Алдан әкесінің өсиеті бойынша өздері 17 жыл сақтаған асатаяқты маған тапсырды. Осы уақыттан бері асатаяқ менің шаңырағымда. Таяқты алғаным жайында, әулетімізге ортақ мұра ретінде сақталатынын Мәулімберлі атаның немересі – Ғазезқызы Сәруәр апайға және Ғазездің Сағи деген екінші баласынан туған немересі Қайыржанға ескерттім.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ

IMG_3987«Мәулімберлі»  білім  ордасы

Құлпытастарды зерттеуді жүйелі ұйымдастыруымыздың арқасында Мәулімберлі қорымындағы құлпытастар биыл толық үш тілге аударылып, ғалымдардың зерттеуіне тапсырылды. Ғылыми жоба шеңберінде тарихшы Жәнібек Исмурзин Орынбор, Уфа қалаларындағы мұрағаттардан тың деректер әкеліп, Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы сараптамалық материал дайындауда. Терең білімді, діни сауатты, мешіт-медресе ашып, көптеген шәкірт дайындаған Мәулімберлінің зиратына жақында ұрпақтары түнек салып, арнайы садақа берді. Мәулімберлінің туған немересі Сәруәр апамыздың ұлы Кәрім ағаның еңбегі бұл. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы зират басына келгенімізде, бұрын қыз-қыз қайнаған өмірдің нышаны да болмады. Өртенген, құлазыған дала еді. Тек тынымсыз тіршілік болғандығының дәлелі құлпытастар ғана болатын. Биыл басқаша, қарақұрым адам, толған көлік, жаңа өмір басталғандай. Садақаға жүзге тарта адам қатысты. Осы қорымда ата-бабалары жерленгендерін білген ұрпақтары жан-жақтан ағылды. Тіпті Ресей аумағынан арнайы келгендері де болды.

Бұл жер тек ата-бабамыз жерленген қорым емес, сонымен қатар заманында осы маңдағы талайларды біліммен сусындатқан мешіт пен медресенің орны, яғни білім-ғылым ордасы болған жер. Жәнібек Исмурзин Мәулімберлінің әкесі Байшеркештің және баласы Қажығалидың құлпытастарының басында олардың өмірбаяны және еліміз үшін атқарған еңбектері туралы әңгімеледі (жақын арада Жәнібек Исмурзиннің Мәулімберлі және оның ұрпақтары туралы тарихымыздағы ақтаңдақтарды ашатын мақаласы жарық көреді, сондықтан естіп алғанымды алдын ала жарысып жазбадым). Үлкендер жағы көздеріне жас алып, алғыс жаудырумен болды. Туған елдің тарихы туралы дәрісті ата-бабаның басына барып алдық. Астан соң ұрпақтары көзі көрген үлкендердің айтуы бойынша деп мешіт пен медресенің орнын көрсетті.

Бұл – біздің  ата-бабамыз мақсатсыз көшіп-қонып жүрген надан емес, керісінше көшпелілік пен отырықшылықты қатар игерген сауатты, өз тілін, өз дінін, өз жерін ерекше құрметтеген, қорғаған ұлы даланың иесі екендігін дәлелдейтін орын. Сондықтан білім-ғылым ордасының орны болған бұл жерге арнайы белгі қою аса қажет-ақ. Болашақта елдің тарихынан сыр шертетін, ой салатын, ұлттық рухты көтеретін тарихи маңызды жерлерге белгі қоюды мемлекеттік деңгейде жүйелі ұйымдастыруды қолға алған жөн.


Бөрлі қырғыны

Күні: , 339 рет оқылды

сурет5-6 кулпытастарды шыгару барысы (1)


Кеңес үкіметінің қазақты елдігінен айырып, отарлау үшін жасаған сорақылығы патшалық Ресейден де асып түскен. Соның бір көрінісі – әр қазақ үшін қасиетті ата-баба зиратын қиратып, жоспарлы түрде жою. Құлпытастарды тыңғылықты зерттеуді ұйымдастыра жүріп, осының дәлелі болатын жағдайға тап болдық. Өткеннің озбырлығына кездейсоқ кездеспедік, жүйелі жасалған жұмыстардың нәтижесі бұл.


Жасалған жұмыстар

Бүгінгі атқарып жүрген істеріміздің өзі уақыт өте тарих қойнауына енер. 2012 жылдан жарық көре бастаған республикалық «DANAkaz» журналының алғашқы нөмірінен бастап «Құлпытас кілтін ашайық» арнайы айдарын бастаған болатынбыз. Осы кезден-ақ біздің өңірімізде бұл сала терең зерттелмегеніне, тіпті ешқандай жүйелі жұмыс жасалмағандығына көзіміз жеткен. 2014 жылы қоғамның назарын аудару мақсатында Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарында орналасқан елу құлпытасты кірістіріп, «Құлпытас сырын ашайық» атауымен жинақ шығардық. Осы жинақтың таныстырылымы тұсында профессор Әшірбек Мүмінов бастаған бір топ ғалым Оралға келген болатын. Оларды облыс аумағындағы бірнеше көне қорымға алып бардық. Құлпытастың көптігіне таңданыс білдірген мамандар ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтына біздің облысымыздың эпиграфикалық ескерткіштерін зерттеу үшін арнайы жоба дайындады. Ол құпталып, «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы ретінде (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты 2015-2017 жылдарға арналған ғылыми жоба бекітілді. Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы БҚОФ жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінде де бұл тақырып талқыланып, қызу қолдау тапты. Алдағы уақытта еліміздің аумағындағы барлық құлпытастың орналасу картасын жасап, толық суретке түсіріп, араб әліпбиіндегі мәтіннің бәрін кириллицаға аударып, шынайы тарихымызды жазуға қажет мәліметті бір жерге жинастырып, толық зерттеудің маңыздылығы мен оны жүзеге асырудың жолы туралы жазылған ойымыз республикалық, облыстық басылымдарда жарық көрді. Одан әрі осы бағыттағы істерді бірлесіп атқару мақсатында «Нұр Отан» партиясы БҚОФ, Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы, «Жайық Пресс» ЖШС және «DANAkaz» тарихи-танымдық журналы меморандумға қол қойды. «Орал өңірі» газетінде «Құлпытас құпиясы» айдары ашылса, аудандық газеттер де осы тақырыпқа қозғау сала бастады. Әр ауданда аудан әкімдерінің ұйымдастыруымен құлпытастарды зерттеу бойынша арнайы топ құрылды. Біз оларға арнап нұсқаулық дайындап, таныстырдық.

Осы жылдың қазан айында Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы ұлттық тарихты зерделеу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді. Қорытындысында арнайы қаулы қабылдап, барлық аудандарға нұсқаулыққа сай жұмыстануды тапсырды.

Бөрлі сапары

Биыл көктем шығысымен Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау, Зеленов аудандарындағы жұмыс тобымен арнайы кездесіп, ұйымдастыру жұмыстарын пысықтадық. Міне, осы сапарымыздың барысында Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылында жантүршігерлік жағдайға тап болдық (сурет 1).

2007 жылдары «Бөрлі ауылының маңындағы МТС ғимаратының іргетасы құлпытастан қаланған екен, соны түгел шығарып, қазіргі ауыл маңындағы қорымға апарып қойып, ас берілді» дегенді естуші едік. Осы орынды көзбен көре кетейік, шығарылған құлпытастардың тағдыры не болды екен деп арнайы соқтық. Құлпытастарды Бөрлі ауылының маңындағы мұсылман қорымына шалқасынан қойған екен. Шамамен сынықтарын қосқанда жүзден аз-ақ асады. Одан әрі Бөрлі ауылынан 500 метр қашықтықта орналасқан, 1930-1935 жылдары салынған МТС-тың орнына бардық. Ескі ғимараттың орны екендігі айналасындағы үйінділер мен іргетастан ғана байқалады. Жақындап қарасаңыз, айналасында сынған құлпытастар шашылып жатыр, қаланған іргетас та құлпытастан салынғаны анық көрінеді. Біз аң-таң болдық. Толық аралап шықтық. Істің шала жасалғанына көзіміз жетті. Артынан сұрай келе, бұл жағдайды еңбектеген жасынан еңкейген кәрісіне дейін бәрі де білетіндігін түсіндік.

 

2007-нің тарихы

 

2004 жылы алғаш рет МТС іргетасы құлпытастан салынғандығы туралы Берік Исмағұлов есімді азаматтың айтуымен Бөрлі аудандық газетіне жарияланған екен. 2007 жылы билік орындары хабардар болып, «Нұр Отан» ХДП БҚОФ бас болып, құлпытастарды шығару жұмысын ұйымдастырған. Белгілі бір бөлігі шығарылғаннан кейін арнайы ас беріліпті. Оған сол кездегі облыс әкімі Н. Әшімов, «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы М. Құлшар, Қазақстан халқы кіші ассамблеясы атқарушы хатшылығы басшысының орынбасары В. Киянский, Бөрлі ауданының әкімі Қ. Имашев, аудандық мәслихаттың хатшысы И. Ізмағамбетов, Серафим Саровский шіркеуінің иерейі Д. Носков т.б. ел азаматтары қатысыпты. Облыс басшысы Нұрғали Сәдуақасұлы: «Тастардағы жазуларды, олардың иелерін анықтауды ғалымдарымыз бен зерттеушілеріміздің еншісіне қалдырайық» — деп, құлпытастар тарихы анықталған соң, оларға Ақсай қаласынан арнайы орын бөліп, ескерткіш қорым ашылатындығы туралы айтыпты. Осыдан соң түрлі себептермен жұмыс тоқтап қалған.

 

Бүгінгі күн

 

сурет5-6 кулпытастарды шыгару барысы (4)

Мамырдың 15-і күні Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 1930 жылдары МТС құрылысы үшін қиратылған құлпытастарды зерттеу, қорғауға алу мақсатында БҚО тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиев, Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев және осы жолдардың авторы-ның қатысуымен Бөрлі ауылының жергілікті ақсақалдарымен кездесу өтті. Осы жиынға ауданнан арнайы келген ақсақал Мұхтар Боқаев ауыл тарихына байланысты көптеген әңгіме айтты. Алды сексенге келіп қалған жергілікті қарттар Сағидолла Қабиев, Нұржан Жұмағұлов, Ғауаз Мұқанов секілді ақсақалдар бұл құлпытастардың қай қорымдардан әкелінгенін де біледі екен. Солардың айтуымен жиналыстан соң бірнеше ескі қорымға арнайы бардық. Бірі ауылдың дәл маңында, қазіргі қоршалған мұсылман зиратының сыртында 200 метрдей жерде орналасқан. Жер бедерінен-ақ үлкен қорым болғандығы байқалады. Көне қорымның орта шамасында қасқайып жалғыз құлпытас тұр. Қарттар «Заманында құлпытастарды жинаушылардың тракторлары бірі сынып, бірі өшіп, бірі батып, құлпытасты ала алмапты. Сол әлі бар» деп айтып еді. Рас болып шықты. Қазыбек Құттымұратұлы оқып шықты. Құлпытаста «Тама руы Кенжебек тайпасына жататын Жаманқұл баласы Кенжеғұлдың 1865 жылы 49 жасында опат болғандығы», «тас қойған баласы» (сурет 2) екендігі жазылған екен.

Біз арнайы барған келесі қорым Бөрлі ауылынан 40 шақырымдай жердегі бұрынғы Амангелді ауылының маңында. Бізді Бөрлі ауылының тұрғыны, 1936 жылы туған Сағидолла Қабиев ақсақал шөп басқан дала жолымен дәл апарды. Бір қызығы, мұнда да үлкен қорымның орта шамасында жалғыз құлпытас тігінен тұр.

Бұның да тарихы алдыңғы құлпытаспен бірдей. Бұл таста «Тама руы Құдайғұл тайпасының биі Жанай бай Еділ баласының 1856 жылы 80 жасында дүниеден өткендігі», «ескерткішті баласы Бекайдар тұрғызғаны» (сурет 3) жазылған.

Жақында араб әліпбиіндегі жазуларды оқуды жетік меңгерген «Жайық Пресс» ЖШС қызметкері Қазыбек Құттымұратұлы мен Жаңақала аудандық мешітінің имамы Мұратбек Жахатов 2007 жылы шығарылған құлпытастарды суретке түсіріп, нөмірлеп, аудару үшін Бөрлі ауылына арнайы барды. Нөсер жаңбырға қарамай, екі күннің ішінде жұмысты бітіріп келді. Сол сапар барысында Бөрлі ауылынан 6 шақырымдай қашықтықтағы Масайтөбе деген жердегі қорымды да қарай келіпті. Бұл қорымда да жалғыз құлпытас сақталған. Онда былай жазылған екен: «Ағузу биллаһи мин аш-шайтан ир-раджим. Бисмиллаһи ар-рахман рахим, лә илаһа ил-Алла, Мухаммад расул Алла. Тама руы Құдайғұл тайпасы Қосшы Құбайұлы 1900 жылы 68 жасында өмірден өтті, бұл тасты Тайлақ мырза жаздырды (сурет 4).

Осылайша МТС салу үшін құрбан құлпытастар нақты қай жерден әкелінгенін де біле бастадық.

Мән-жайдан хабардар болған облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы жұмысты қайта жаңғыртып, құлпытастарды толық шығаруға тапсырма берді. Қазір Бөрлі ауданында бұл жұмыстардың дені еңсерілді (сурет 5).

2007 жылы сынығы мен толығы бар жүзге тарта құлпытас шығарылған, биылғы жұмыстың нәтижесінде сынықтарымен қоса алғанда жүз жетпістей құлпытас-ты құрсаудан босаттық.

 

Бөрліде саяси қуғын-сүргін құрбандары атылған

 

Мамырдың 15-і күні өткізілген жиналыстан соң Мұхтар Боқаев Бөрлі ауылы ішінде өзі әңгімелеген бірнеше жерге апарды. Соның бірі – суретте көрсетілген үй (сурет 6). Ақсақалдың айтуынша, Бөрлі ауылындағы бұл үй 1937-1938 жылдарда НКВД ғимараты болыпты. Бөрлі ауданының архивін ұзақ жыл басқарған ақсақал дәл осы жерде 40 адамның ату жазасына кесілгенін анықтаған. Үлкендер көзіне жас алып, «Талайды басына қап кигізіп, қолын артына қайырып алып бара жатқанын көзімізбен көрдік, аз уақыттан кейін жендеттер өздері кері қайтып келетін» деп айтады екен. Сонымен қатар осы үйден 250-300 метрдей жерде орналасқан (сурет 7) алып ағаштардың түбінде сот үкімімен ату жазасына кесілгендерді атып өлтіріп, сол жерде орға лақтыра салғанын да ертеректе үлкендер айтыпты. «Мына алып ағаштар – соның куәсі, бұл жерде аталарымыздың сүйегі әлі жатыр, осы маңнан өткенде бет сипап өтіңдер» деп көзі көрген қариялар тапсырған екен.

Болашақ ұрпақ ата-бабамыз қандай қанды қырғыннан өткендігін білу үшін осы жерлерге арнайы белгі қойылып, адам сүйегі жатқан жерді қоршау бүгінгінің басты істерінің бірі болуы тиіс.

Бұл қанды қырғын оқиғалар бір ауылдың маңында, 1930-1940 жылдар аралығында ғана болған. Түбін түптеп іздестірсек, әлі қаншама ақтаңдақ өз уақытын күтуде?! Санасыздық па, әлде салғырттық па, әйтеуір, болашақ үшін маңызды істердің атқарылуы баяу. Өткеннен сабақ алмай, болашаққа жылжу мүмкін емес. Бұрын біз бодан болсақ, біреудің күштілігінен емес, өзіміздің әлсіздігімізден болдық. Енді шалыс баспау үшін тарихымызды түгендеп, сабақ алғанымыз жөн.

Жантас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Жайық Пресс» ЖШС бас директоры


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика