Тег: ‘Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ’


«Мұңаймаңыз, Мақсот аға…»

Күні: , 30 рет оқылды

Редакциядағы  бөлмемізге  егде  жастағы  қария  кіріп  келді. Орта бойлы,  қаршыға  денелі,  қара  торы.  Жасына  қарамастан, қимыл-қозғалысы  ширақ. Амандық-саулықтан  соң  жақынырақ таныстық.

«Жұбан  еліненмін,  Өлеңтіденмін!» «Өлеңтіден»  деген сөзді  ерекше  әуезбен  айтты. Мақтанышы  да  сезілмей  қалған жоқ.  Сөйлесіп  отырып,  адамға  шүйіле  қарап  алатыны  қызық көрінді. Кеңес халқының ішінде  қазағымыз  да  бар  ғой,  тілмен айтып  жеткізе  алмас  традегиясы – Ұлы  Отан  соғысынан  11 жыл бұрын,  яғни  1930  жылы дүниеге  келіпті.  Былайша  айтқанда, Мақсот  Шәкімов  бала  күнінен бастап  соғыс  кезіндегі  барлық қиямет-қайымды  сол  кездің  жеткіншектері  сияқты  үлкендермен бірдей  бөлісіпті.  Есейгесін  трактор  тізгіндепті,  машина айдапты. Машина  дегеннен  шығады,  кейін  «Өлеңті» совхозының  директоры  Тәтібай  Сұлтанғалиевтің  ат  қосшысы  (шопыры)  болып,  біраз  жыл  қасында  жүрген. Директор  Тәкең  Жұбан  ақынның  жанына  жақын  көрген  достарының  бірі  ғой.  Мақсот  ағамыздың:  «Жұбан  елінен,  Өлеңтіден»  деп  әуездетуі  сондықтан.  Жұбан  ағамызды  қарсылап алып, шығарып  салып дегендей, ақынмен талай  кездескен.  Тіпті,  1962 жылы Жұбан  ақын  жанұясымен туған ауылына келіп  жатқанда екі  ай  қасында  жүріпті. Аңыз  ақын  туралы  әр кездескенінде  көрген-білгенін, естігенін  ұзақ  таңға  қиналмай айтуға  бар. Бірақ  бұл  жолында  редакцияға  мүлдем  басқа  шаруамен  келіпті.

Кешегі қанды қырғынға бір үйден үш ағасы бірдей қатысыпты. Солар жайлы әңгімелеп, реті келсе, газетке жариялағанды қош көреді. Сол ағаларының ішінде Бақытжан Ғатауов жайлы бір дерек шығып қала ма деп әлі күнге елеңдейді .

– Мен бәрін ретімен баяндайын, – деді мақсот ағамыз асықпай орындыққа жайғасып жатып. – Айтарымды мына дәптерге де түсіріп әкелгенмін. Бірақ жазуымды түсінбей қалуың әбден мүмкін, өз аузымнан айтайын, тыңдайтын уақытың болса. «Сізге уақыт таппағанда… Айтыңыз, айтыңыз…» дедік.

Иә, бұл сонау сұм  соғыстың мақсот ағамыздың жүрегіне соғыс  салып кеткен, мәңгі жазылмайтын  жарасы.

– 1940 жылы бір үйде 11 жан ғұмыр кешіп жатқанбыз. Өз әкем 1938 жылы қайтыс болып кеткен еді. Анамыз, екі аға-жеңгем, үлкен ағаның үш баласы, мен және апам мен інім бар. Бәріміз бір отбасы едік. Бәріміздің басшымыз ең үлкен аға – Ғатауолла (Ғатау), 1897 жылы туған. Екінші ағамыз Шәкімов Бектемір, ол 1920 жылы туған. Сосын Бақытжан, яғни үлкен ағамыз Ғатауолланың баласы 1924 жылғы еді. Осы қарайған 11 жан сиыр фермасын басқаратын Ғатау ағаммен, мұғалім Бектемір ағамыздың табысымен күн көріп жаттық. Мен мектепте оқимын. Шекеміз шылқып тұрмаса да біз өзімізше бақытты едік. Аштан өліп, көштен қалған жоқпыз. Бірақ біздің сол бақытты күндеріміз ұзаққа бармады ғой… Мен бастауыш мектепті бітірген, 1941 жылы дүние төңкеріліп, соғыс басталды. Осыдан бір жыл бұрын Бектемір ағай борышын өтеуге әскерге аттанған еді. Оны сол жақтан соғысқа алып кетті. Оқуымыз жайына қалды. 1942 жылы үлкен ағай Ғатауды баласы Бақытжанмен бірге майданға алып кетті. Бақытжан тәтем 7-класс бітіріп, колхозда жұмыс жасап жүрген еді ғой. Содан арада бір жыл өтті ме, өтпеді ме, 1943 жылы қазан айында тәтемнен қара қағаз келді. Онда «Ваш сын младший сержант Гатауов Бакиджан убит 12.Х.43 г. похоронен сев. окр. дер. Жеребная, Н. Белицкого района, Гомельской области.» делінген. Одан басқа Бақытжан ағамыз туралы ешқандай мәліметіміз болмады. Біз, ауылдың адамдары ағамызды қайдан, қалай іздейміз, қайда жазамыз, тіпті дұрыс білмей тұрмыз ба, әлде қанымызға сіңген жайбарақаттығымыз ба, әйтеуір кейінге қала берген ғой. Бірақ бағымызға қарай сонау Гомель жағында да Құдайға қараған жандар бар екен. Ағамызды іздеген жандар сол жақтан шықты. Сөйтіп, 1987-1990 жылдары Гомель қаласының облыстық мұражайынан Ақжайық аудандық әскери комиссариатына кіші сержант Бақытжан Ғатауов туралы мәліметтер сұрап, қайта-қайта хаттар келіпті. Ол хаттарда мұражай қызметкерлері Бақытжан ағаның толық өмірбаянын,  фотосуретін, туысқандарының  аты-жөндері мен тұрғылықты жерлерінің адрестерін сұратыпты. Мұндай мәліметтер ерлікпен қаза тапқан жауынгердің есімін мәңгі есте қалдыру үшін және туысқандарын сол Гомель жеріне келіп қайтуға шақыру үшін қажет болыпты. Шіркін-ай, Бақытжан ағамыздың бір суреті сақталмапты. Айтпақшы, комсомол билетіне түскен суреті болушы еді, оны да таба алмай қалдық. Ол кезде, соғыстың алдында деймін, колхозда фотограф қайдан бол-сын?! Ағамыз суретке түсе алмаған қалпында соғысқа кете барыпты. Аудандық әскери комиссариат Бақытжан ағамыздың өмірбаянын, соңында қалған туысқандары жөніндегі барлық мәліметтерді бізден алып, сонау Гомельдің мұражайына жіберді. Беріректе,  2015 жылы аудандық әскери комиссариат арқылы «Ағамыз қандай ерлік жасады, қандай наградасы бар?» деп жаңағы мұражайға 2015 жылдың 9 ақпанында сұрау хат жібердік. Ол жақтағылар мұндай шаруаға өте мұқият болып тұр ғой, көп ұзамай, дәлірек айтсам, сол 2015 жылдың 2 наурызында «Гомельский дворцово-парковый ансамбль» мемлекеттік тарихи-мәдениет мекемесінің бас директоры А. Гостевтің қолы қойылған хат келді. Оған қоса ағамыздың ерлігі туралы «Комсомольская правда» газетіне жазылған мақаланы және ағамыздың командирлерінің бірі полковник В. Гречконың  соғыс туралы жазған естелік кітабынан Бақытжан ағамның қалай қаза тапқандығы жөнінде, соңғы сәтіндегі ерлігіне дейін тәптіштеп  баяндаған беттерінің көшірмесін қоса салыпты. Бұл жауапқа Бақытжан ағамның өзі тіріліп келгендей қуандық. Мұражайдың мың болғыр қызметкерлеріне рақметімізді жаудырдық.

*  *  *

Иә, Қазақстанның бір қиырындағы шағын ауылда тұратын Шәкімовтер өздерінің бауырларының соғыста қалай қаза тапқандығынан 70 жыл бойы бейхабар болыпты. Тіпті, жасырып қайтеміз, боздақтың майдандағы жөнжосығын, қалай, қайдан іздестірудің жолдарын білмеген. Сөйтсе,  Гомель қаласындағы мұражай қыз-меткерлері бұл шаруамен әлдеқашаннан бері айналысып келеді екен.  Олар өздерінің хаттарында  Гомель қаласын жаудан азат ету кезінде 1943 жылы қазан айында қаза тапқан Орал облысы, Тайпақ ауданы, Кеңсуат ауылдық кеңесінің тумасы, 194-атқыштар дивизиясы 616-атқыштар полкінің кіші сержанты Ғатауов Бақытжан туралы іздестіру жұмыстарын көптен бері жүргізіп келе жатқандарын, ол үшін мұрағатта 605-нөмірлі іс түзілгенін  баяндапты. Онда негізінен мұрағаттың жауынгер туралы жер-жерге сұрау салып жолдаған құжаттары тіркеліпті. Сондай-ақ ол туралы жазылған материалдар да бар болып шықты. Солардың бірқатарын Шәкімовтерге арнайы жолдапты. Мысалы,  «Комсомольская правда» газетінің 1943 жылғы 27 қарашадағы «Он отдал жизнь за родину» атты мақалада пулемет расчетінің командирі Бақытжан Ғатауовтың Гомель қаласын жаудан азат ету кезіндегі қаһарман ерлігі егжей-тегжей баяндалған. Сол күнгі ұрыста қайран ер өзінің пулемет расчетімен бекініп алған позициясынан бір қадамда шегінбей шайқасқан. Немістерді күні бойы аттатпай, төрт дүркін шабуылын тойтарады. Қасындағы көмекшісі қаза табады. Жалғыз өзі қалғанына қарамастан, бесінші рет қарсы шабуылға көтерілген жауды дәл көздеп атып, талайын жер жастандырады. Сол күнгі ұрыста Бақытжан Ғатауовтың оғынан 50 шақты фашист ажал құшқан. Немістердің жаяу әскері Ғатауов бекінген позицияны ала алмағасын, оған минометтері мен өздігінен жүретін зеңбірегінен  мина мен снарядты аямай төгеді. Сол жерде Бақытжан ағамыз қаза табады. «Комсомольская правда» газетіндегі мақаланың мағынасы қысқартып баяндағандай осындай.

Ал, Бақытжан Ғатауов құрамында болған 616-атқыштар полкі командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник В. П. Гречконың 1979 жылы шыққан «Единственная привилегия» атты кітабында да 19 жасар жігіттің қаһарман ерлігі жазылыпты. Музей қызметкерлері сол кітаптың Бақытжан жайында жазылған беттерінің фотокөшірмесін жіберіпті. Сол хатта жерлесіміздің сүйегі Гомель облысы, Гомель ауданы, Чёнки деревнясындағы бауырластар зиратына қайта жерленгенін де хабарлапты. Мәрмәр тасқа есімі қашалып жазылған суретті де қоса жолдаған,  мың болғырлар!

Мақсот ағай әңгімесін қайта жалғады: – Үлкен ағамыз Ғатауолла 1943 жылы соғыстан мүгедек болып оралды. Бір көзіне снаряд жарқыншағы тиіп, ағып түскен. Екінші көзіне де зардабын тигізген. Жарасы жазыла қоймаған  бір солдат үлкен ағамызды үйге жетектеп әкелді. Менің кейін қайран қалғаным, ағамыз мүгедекпін деп отырып қалмады. Көзі көрмесе де, ыңғайын көрсетіп берген барлық жұмысты істей беретін еді. Кемпірі екеуі колхоздың тауығын бақты. Шөп шапты, қи ойды. Ол кезде қи дегеніңіз – таптырмас отын. Оны ойып, кептіріп, колхоздан еңбекақы алды. Атқа мініп жүре беретін. Өмірден өткенше бәріміздің ақылшымыз, қамқоршымыз болды. Сол кісінің ақыл-кеңесімен біз өсіп-өндік. Өзінің кіндігінен өрген Орынша мен Сайын бауырларым бүгінде аманесен ортамызда. Олардың да 20-30-ға тарта немере-жиендері, шөберелері бар, шүкір!

Бектемір ағамыз соғыстан  аман-есен 1946 жылы келді. Оны Сағира жеңгемізге үйленгеніне жыл толмай жатып, 1940 жылы әскерге алып кеткен еді ғой. Онжылдық мектеп бітірген Сағира жеңгеміз арасында мектепте жұмыс жасап, ағамызды алты жыл тапжылмастан күтті. Ақыры арманына жетіп, ағайды күтіп алды. Ғаббас, Ғалия деген перзенттері дүниеге келді. Олардан бүгінде  он шақты немере, шөбере бар. Әттең, алты жыл әскерден аман-есен келген Бектемір ағайым  1950 жылы аяқ астынан соқырішектен көз жұмды. Ол кезде ауылдық жерде жөнді доғдыр  болмады ғой…

*  *  *

– «Сол жаққа барып қайтуға қолдың қысқалығынан (қаражат деп түсініңіз) бір ыңғайы шықпай-ақ қойды-ау…», –  деді Мақсот ағамыз бізбен қоштасарда мұңайып. Біз болсақ, «Мұңаймаңыз, Мақсот аға, Ақжайық ауданынан бір азамат шығар, Беларусь елінде жатқан бауырларыңыздың басына барып қайтуға қажетті қаражаттан көмектесетін..» деп жұбатқаннан басқа  ештеңе  айта  алмадық…

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

Өлеңті  ауылы,

Ақжайық  ауданы


Еңбекпен өткен ғұмыр

Күні: , 28 рет оқылды

Кезінде Ақжайық өңірінде ілкімді істердің ізашары болып, ел назарында, халықтың ортасында жүрген, талай лауазымды қызметтерді абыроймен атқарған, соның арқасында бұқараның ілтипатына бөленген    осынау жанның есімін ел есінде қайта бір жаңғыртып қойғанның еш артықтығы болмас. Оған себеп те жоқ емес. Өйткені, тірісінде айтулы азамат болған оның туғанына жақында 110 жыл толады екен. Сонымен әңгіме арқауы – Медхат Батырұлы Дәулетжанов туралы.

Ең әуелі кезінде иық түйістіріп, қатар жүрген, сырлас, қатарлас болған тұстастары ол туралы не дейді? Соған құлақ түрсек. Көзінің тірісінде Ақжайықтың айдарлы азаматтарының бірі болған, талай лауазымды қызметтердің тізгінін ұстаған Бижан Тілешұлы Иманғалиев төмендегідей естелік қалдырыпты.

«1948 жылы Алматының мемлекеттік заң институтын бітіріп, Батыс Қазақстан облысына сот жұмысына жолдандым. Сол бойда Камен ауданының халықтық сотына жұмысқа тағайындалдым. Арада екі айдай мерзім өткенде аудандық партия комитеті мені уәкіл ретінде Шежін МТС-қа күзгі жер жырту жұмыстарының  барысын тексеруге жолдады. Директоры Медхат Батырұлымен кабинетінде алғаш рет сонда таныстым. Қасымда аудандық партия комитетінің бөлім меңгерушісі бар, сапарымыздың мақсатын айттық. Медхат Батырұлы қазақтың сөзімен айтқанда батыр тұлғалы, денесіне сай асықпай қозғалатын сабырлы жан екен. Сөзімізді байыппен тыңдап алды. Сүдігер көтерудің барысы жайлы егжей-тегжей әңгімеледі. Былайша айтқанда бізді маңызды науқанның қалай жүріп жатқандығымен, арасында қиыншылықтарды да жасырмай баяндады.

Тап біз келердің алдында облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұнайдар Салинмен телефон арқылы сөйлескенін, ол азаматқа да жұмыстың барысын егжей-тегжей баяндағанын бізден бүгіп қалмады. Ал, екінші рет аудандық соттың ғимаратында кездестік. Медхат Батырұлы мені МТС-қа шақырып, жұмысшы еңбеккерлермен, қызметкерлермен кездесуімді өтінді. Олардың алдында еңбек тәртібін сақтау, жұмыс уақытын тиімді пайдалану жайлы әңгіме өткізуімді және еңбек тәртібін бұзған бірен-саран азаматтардың ісін қарап беруімді сұрады. Мұндай өтінішпен аудандық сотқа кез келген басшы келе бермейді. Көбісі «Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға» тырысады. Ал, Медхат Батырұлы болса, еңбек тәртібін бұзушыларды ұжым алдында сот талқысына салып, басқаларға сабақ болсын деген принципті ұстанса керек. Мұның әсері  мықты болды. МТС-тағы еңбек тәртібіне біз кейін мүлдем қайта айналып соққан жоқпыз. Өйткені, ондай жағдай туындаған жоқ. Сол күні жұмыс аяғында Медхат Батырұлы мені кешкі асқа үйіне шақырды. Қазақтың қонақжайлығымен барлық ниетін салып қарсы алды. Жанұясымен жақын таныстым. Медхат Батырұлы мені жатырқамай, мен де оны жатсынбай біраз сырластық. Әңгіме барысында мен оның Ташкенттің жоғары оқу орнын бітіргенін білдім. Жан жары Қамаш та қонақжай, қабағы ашық жан екен. Дәулетжановтармен менің таныстығым осылай басталып, кейін жақсы қарым-қатынасқа ұласты. Қамаш екеуінің тәрбиелеп өсірген үш ұл, үш қызы да  халық алдында қалтқысыз қызмет атқарған қалаулы жандар болғаны мені қуантады», – депті Бижан ағамыз 2011 жылы 6 маусымда жазып  қалдырған  естелігінде.

Енді, Медхат Дәулетжановтың фәнилік ғұмыр жолына, атқарған қызметтеріне шолу жасап көрсек. Ол 1908 жылы сол кезде Жымпиты қисымына қараған Ақбақай жерінде (қазір Қаратөбе жерінде) дүние есігін ашыпты. Айтпақшы, Медхаттың әкесі Батыр қазақтың қадірменді ұлы әрі мақтанышы, Дума депутаты, заңгер Бақытжан Қаратаевпен бірге туған. Бәлки, тым жас болса да, Бақытжандай заңғар адамды көре қалғаны бар, оқыған адамның жерде қалмайтынын ерте түйсінгені шығар, құйттай күнінен оқимын деп талпыныпты. Бірақ Медхаттың жасы 11-ге толар-толмаста әкесі қайтыс болып, анасы екеуі қалады. Қазақ жетімін жылатпаған, жатқа жалтақтатпаған. Медхатты ағасы Мұхтар өзінің қамқорлығына алады. Әкесінің орнын жоқтатпауға барын салған Мұхтар жас баланың оқимын деген арманына қарсы болмайды. Қайта қолдап, мүмкіндігінше көмектесіп отырады. Сөйтіп, 15 жасында Ақбақайдан арман арқалап аттанған жас өрен 1923 жылы Орынборға сапарлап, жасөспірімдер мектебіне оқуға қабылданады. Мұнда екі жыл жақсы үлгеріммен оқып бітіріп, 1925 жылы сол Орынбордағы мал дәрігерлік-зоотехникалық техникумға оқуға түседі. Мұнда да сабаққа алғыр болған жасөспірім, қоғамдық жұмыстардың да бел  ортасында жүреді. Сол кезде бәлки, кейін бүкіл ғұмырына азық болатын көшбасшылық қасиет қалыптасқан шығар?! Әйтеуір, қалай болғанда да Орынборда оқыған жылдар жас жігіттің болашағына үлкен жол салып, көңіл көкжиегін кеңейткені даусыз. Сонау Ақбақайдан білімге шөлдеп келген жас жігіт техникумда да үздік  оқиды. Озат үлгеріммен оқуын 1929 жылы бітіреді. «Енді елге қайтып, жұмыс істеуім керек» деп жиналып жүргенде Қазкрайкомға шұғыл шақыртылады. Ондағылар да мұның құжаттарымен алдын ала танысып қойса керек, мәселені қабырғасынан қойып: – «Ташкентке оқуға барасың!» – дейді. Сөйтіп, жас жігіт 1930 жылы қаңтар айынан бастап, арнайы жолдамамен Ташкенттің ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға қабылданады. Мұндағы оқуында да студенттердің алды болып, барлық пәндерді тек «5»-ке оқыпты.

Агроном-жоспарлаушы мамандығы бойынша диплом алғаннан кейінгі алғашқы еңбек жолы Шымкент қаласындағы «Қазтрактор» орталығында басталады. Мұнда да жас маман өз міндеті мен жұмысына адал қарайтындығымен басшыларының бірден назарына ілігеді. Жаңа ортаға жатырқамай үйреніп кетеді. Алайда, Медхат Батырұлының бір бүйірінде туған жерге деген сағыныш ылғи бұғып жатыпты. Оның үстіне, жас күнінде оқимын деп, аш-жалаңаш шет жақта жүргенінде көрген қиыншылықтары да денсаулығына әсер етпей қалмапты. Шымкенттің ми қайнатар ыстығы денсаулығындағы кінәратты асқындырып жіберуі мүмкін екен. Сондықтан үйренісіп қалған ортамен қимай-қимай қоштасып, елге, Ақжайыққа маңдай түзейді. Мұндағылар оқу-тоқуы сайлы маманды қуана қарсы алып, сол бойда Ілбішін ауданының (қазіргі Ақжайық) Волошин МТС-қа агрономдық қызметке тағайындайды. Араға бір жыл салып, аудандық атқару комитетінің шешімімен аудандық жер бөлімінің бас агрономы етіп қояды. Одан әрі жас маман сол кездегі партия қайда жұмсаса, сол жерден табылып, барған жерінде ылғи да абыройлы болған. Өзіне тапсырылған міндеттер мен тапсырмаларды жеріне жеткізіп орындауы арқасында мақтау-марапаттан да кенде болмапты. Қызмет сатысымен тек жоғарылап отырған. 1938 жылы тамыз айынан бастап, облыстық атқару ко-митетінің қаулысымен облыстық жер бөлімі бастығының бірінші орынбасары лауазымына бекітіледі. Медхат Дәулетжанов бұл қызметін алты жыл абыроймен атқарыпты. Соның арқасы шығар, кейін облыстық партия комитеті өзінің бюросының арнайы қаулысымен оны облыстық жер бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Ол кезде жер бөлімі деп аталғанмен бұл өте үлкен, экономикалық маңызы зор, жауапкершілігі батпандай мекеме.

Өйткені, оған тек жер ғана емес, облыстың бүкіл ауыл шаруашылығы саласы түгел қарайды.  Міне, осы қызметте жүріп, ол «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.  Бұл орден негізінен әскери награда болғандықтан, әскери ерлігі үшін беріледі.

Арнайы бронмен тылда қалдырылған Дәулетжановқа аталмыш әскери марапат сол тылдағы  жанқиярлық еңбегі үшін берілгені даусыз. Бұдан басқа да алған  медалдары мен Құрмет грамоталары  өз  алдына  бір  төбе.

Алға озыңқырап айтсақ, азаматтың әлі талай лауазымды қызметтерді атқарып, халық алдындағы абыройы аспандай беруі кәміл еді. Бірақ оған денсаулығы мүмкіндік бермейді. Соған байланысты 1947 жылы Медхат Батырұлы өз еркімен Сүттіген МТС-на саяси бөлім бастығының орынбасары қызметіне барады. Одан әрі яғни араға бір жыл салып, облыстық партия комитеті Дәулетжановты Шежін МТС-на директор етіп жолдайды. Соғыстан кейінгі жылдар болғандықтан, Шежін ауылы да облыстағы ең артта қалған ауылдардың бірі еді. Адамдары  кедейшілікте тұрмыс кешіп жатты. Ең алдымен ауылда мал мен егін шаруашылығын өркендету, материалдық-техникалық базаны нығайту, дәнді дақылдар алқаптарын ұлғайту, ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту сынды кезек күттірмейтін міндеттер тұрды. Көптеген ер-азаматтар соғыстан оралмағандықтан, жұмыс қолы жетіспейтін. Міне, осы қиындықтардың бәрін жеңу Медхат Дәулетжановқа жүктелген еді. Өзі де нар тұлғалы азаматқа нардың жүгінен де ауыр жүк артылды. Айта кету керек, атпал азамат ол ауырлықты қайыспай көтерді. Ауылдың ажары біртіндеп кіре бастады. Алғаш рет ауылда электр жарығы жар-қырады. Мал басы өсті, егістік алқабы ұлғайды. Соған орай еңбеккерлердің тұрмыстары да түзелді. Дәулетжанов басқарған МТС – облыста таңдаулылардың көшін бастады. Содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтіп кетсе де, Дәулетжановты көре қалған, жұ-мыстас болған  көнекөздер Тасқала өңірінде (Шежінде) құдайға шүкір, әлі бар. «Азамат еді ғой, Медекең!» – деп әлі күнге әңгімелеп отырады.

Тіпті, алысқа бармай-ақ, оны білетіндерді осы Орал қаласынан да кездестіруге болады. Дәулетжановтың сол бір жұлдызды жылдары туралы қазір ортамызда жүрген қадірменді ақсақал, Ұлы  Отан соғысының ардагері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген құрылысшысы, Орал қаласының құрметті азаматы Сафин Хамза ағамыз былай деп еске алады: – Мен сонау 50-ші жылдарда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының күрделі құрылыс бөлімін басқара жүріп, МТС директоры болып жүрген Медхат ағаймен талай кездестім. Ол кісінің адамдармен жұмыс істеу тәсілі бөлек еді. Өз алдына бір мектеп еді. Мен ол ағамнан көп нәрсе үйрендім. Мен ол кезде 30-ға да толмаған жас едім. Ал, МТС-қа басшылыққа ол жылдарда ең таңдаулы адамдарды, өздерін жақсы жағынан көрсеткен тәжірибелі ұйымдастырушыларды тағайындайтын. Медхат ағай да сол сүзгіден, сол таңдау-дан өтіп барған басшылардың бірі еді. Шежіннің МТС-ін 7 жыл басқарғанда Медхат ағамыз оны облыстың таңдаулы шаруашылықтарының біріне айналдырды. Социалистік жарыстың алдынан кө-рініп, облыста абыройға бөленді. Мен үшін Медхат Батырұлы талантты басшы, мәдениеті биік, ой-өрісі кең, беделді азамат ретінде есімнен кетпейді.

*  *  *

Иә, осынау жосын жан небәрі 53 жыл ғұмыр кешіпті. Әлі талай биіктерден көрінетін жұлдызды сәттері алда абзал азаматқа тағдыр ең болмаса зейнет жасына жетуді жазбапты. Көңілге медеті соңында халқы айта жүрер еңбегі қалды, ұрпақ көшін жалғастырар Тамара, Сәния, Серік, Баян, Болат және Аманкелді сынды алты перзенті қалды. Олар да өмірден өз орындарын тауып, әке салған ізбен еліне, халқына қалтқысыз қызмет етті. Бірқатары зейнеткер, бірқатары әлі сапта. Сәния атты жоғары білімді дәрігер қызы ұзақ жылдар бойы Шыңғырлаудың денсаулық саласында еңбек етті. Сапалы қызметі үшін облыс халқы оны 1972 жылы Қазақ КССР Жоғарғы кеңесіне депутат етіп сайлады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген  осы ғой…

Ал,  Медхат ағамыздың ең кенжесі Аманкелді – әке жолын жалғастырып, жоғары лауазымды қызметтер атқарып жүрген Ақжайық-тың белгілі азаматтарының бірі. «Ат тұяғын тай басар» деген де осы ғой…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Механизатор мен малшыға мемлекеттік қолдау керек!

Күні: , 49 рет оқылды


ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев Сырым ауданында жұмыс сапарымен болды. Депутат мырза әуелі Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешеніндегі  музей  бөлмесін  және  аудан  орталығы Жымпиты ауылындағы  Алаш  музейін  көрді.


Осы күні Сырым аудандық әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің төрағалық етуімен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша жиналыс өтті. Жиналысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруа-шылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиев және округ әкімдері, шаруашылық құрылымдарының басшылары, ауыл шаруашылығы кооперативтердің мүшелері, ветеринар мамандар қатысты.

Жексенбай Дүйсебаев өзінің жиналыстағы негізгі сөзінде Елбасы  Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына  тоқталды.

– Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы Қазақстандағы рухани серпіліске екінші тыныс берді. Бұл мақаланың негізгі мәні – адамды драйверге айналдыру. Сондықтан «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақала тек елдің рухани әлеуетінің көтерілуіне ғана емес, экономика болсын, ауыл шаруашылығы болсын, қай сала үшін де дамудың тың бағытын белгіледі деп ойлаймын.

Қазіргі заман – пайданы ойлайтын заман. Пайда табу – адамға да, мемлекетке де тиімді. Әрбір әкімді, әрбір кәсіпкерді, әрбір шаруаны қаржымды қалай кө-бейтемін деген сұрақ ойлантуы тиіс. Бұл сұрақ дамуға, жетілуге деген ықыласты оятады, – деді Мәжіліс депутаты өзінің сөзінде.

Жиналыста аудан шаруалары Мәжіліс депутатына негізінен ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша сауал қойды. «Шідерті» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Хамидуллиннің айтуынша, оның қожалығы бүгінгі таңда ірі қараның аналық басын көбейтумен және бордақылаумен айналысуда. Шаруашылық мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысушылардың да қатарында. Қожалық жетекшісі үшін қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы техникаларының құнының қымбаттауы кәдімгідей мәселе болып отыр. Несиеге алған тиімсіз.

Алмаса, қолың байланады. Ал, «Тоқмырза» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Жонысов ветеринарлық жұмыстарға жауапты қарайтын уақыт жетті деп есептейді. Жауапкершілік ветеринар мамандардың да, жеке тұрғындардың да тарапынан керек.

Сырымдық шаруа Исламбек Өзбековтың көтерген мәселесі – ауыл шаруашылығы саласының мамандарын мемлекеттік қолдау туралы.

Бүгінгі күні агросектор шаруа кадрлардың жетіспеушілігін кешуде. Өзбеков осы мәселені шешу үшін механизатор, малшы секілді мамандық иелеріне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша тиімділіктер ұсыну керек деп отыр. Бұл ұсыныс өте орынды  деп  ойлаймыз.

Көтерілген мәселелер бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жексенбай Дүйсебаев әріптестерінің де пікірін тыңда-ды. Жиналыстан кейін Мәжіліс депутатының жұмыс сапары Шолақаңқаты ауылдық округінде жалғасты. Бұл жерде Жексенбай Дүйсебаев Қайрат Меңдіғалиев жетекшілік ететін «Правда» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

Бауыржан  ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым  ауданы

Мақалаға  жалғас  ой

 

Масылдыққа итермелемейміз  бе?..

Елбасымыз  Н. Ә. Назарбаев  кешегі  халқымызға  арнаған  Жолдауында «көл-көсір  мұнайдың  дәуірі  аяқталып  келеді.  Елімізге дамудың  жаңа  сапасы  қажет»  деп  шегелеп тұрып айтты. Мұның ішінде азық-түлік өндірудің  аса  маңызды  орын алатыны даусыз. Президентіміз «бүкіл әлемге  танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи  азық-түлік  брендін  қалыптастырып,  ілгерілеуіміз керек» деді.  Азық-түлік  бренді  дегенде,  оған  мал  шаруашылығы да кіреді. Ал,  оның  төңірегінде  ертеңге  созбай осы  бүгіндері  шешетін  мәселелер  баршылық.  Соның  бірі – малды  бағып-қағып,  ит-құсқа  жем қылмай өсіретін малшы-шопан мәселесі.

Сырымдық шаруа Исламбек Өзбековтің айтқан ұсынысы бізді де ойлантып тастады. Қозғап отырған мәселесі бүгінде ауылда әжептәуір шаруасы бар деген шаруаларды алаңдатып қана қоймай, арқаларына аяздай батып келе жатқан жәйт. Өйткені, мал бағуға баратын адамды ауылда іздеп табу жыл санап қиындап барады. Шопырларды білмейміз, тракторшы механизаторларды да табу қиын дейді, тағы да сол ауылдағы шаруа ағайын.

Ал, Исламбек Өзбеков болса, мал бағуға баратындар мен тракторшыларға «Дипломмен ауылға» бағдарламасында жас мамандарға көрсетілетіндей жағдай туғызу керек дейді. Әуелі мәселенің басын ашып алайық. Оқу бітіріп, мамандық алып, «Дипломмен ауылға» деп бел буып, алыс-алыс ауылдардағы мектептерге, денсаулық сақтау мекемелеріне және тағы да басқа мемлекеттік мекемелерге соңғы жылдары жастар көп келе бастады. Оған, әрине, барған жерінде ең алдымен мамандығы бойынша жұмыс табылып, қаржылай көмек және баспана жәйінің оңтайлы шешілуі оң әсерін тигізуде. Бұл енді мемлекеттік мекемелер ғой. Ал, Исламбек айтып отырған малшылар мен механизаторлар қайда барады?! Әрине, олардың баратыны мемлекеттік мекеме емес, жеке меншік нысандарға, яғни жеке кәсіпкерлерге, шаруа қожалықтарына, серіктестіктерге жұмыс істеуге барады. Нақтылай айтсақ, соларға жұмысқа жалданады. Енді сонда ол мамандарға мемлекет не үшін ақша төлеуі керек, баспананы кімнің есебінен беруі керек? Анау жұмысқа жалдап отырған қожалық иесі, серіктестік басшысы бермей ме? Солай болуы керек қой. Өйткені, әлгі шаруашылық, қожалық, серіктестік үкіметтен түрлі қаржылай қолдау алып отырған жоқ па?! Енді келіп, тағы да сол үкімет ол шаруашылықтардың жалдаған адамына да көтерме қаржы төлеп, үй салып беруі керек пе?.. Түбі солай болар дегеннің өзінде оның жуырдағы жылдарда шешіле қоюы екіталай екені даусыз. Сонымен, ауылда жұмыссыз жүргендер бола тұра, мал бағуға келгенде адам табылмауы қалай?!

 Осыдан екі-үш жыл бұрын қалаға жақын орналасқан шаруашылықтардың бірінде болып, малшылармен әңгімелесудің орайы келді.

Кеңестік кезеңде атағы дүркіреген шаруашылық кейін жекешелендірудің тұсында жекенің қолына өткен. Әрине, жекенің аты жеке, шаруашылықты қалай жүргізеді, өз еркінде. Жылдар өте бұрынғы үлкен шаруашылық етек-жеңін жинап, шағындалып шыға келген. Соған сай ондағы мал табындарын бағатын малшының, қойын жайғайтын шопанның, механизаторлардың саны да азайған. Малшылардың бірімен сөйлесіп тұрып, «Қандай айлық аласыз?», – деп сұрадым. Малшы мүдіріп, қасымызда еріп жүрген серіктестік басшысына қарады. Әлденеге жалтақтап тұрғаны сезілді.

«Аз дегенде.., 70-80 мың теңгедей алатын шығарсыз?..», – деп тақымдап қоймадық. Малшы: «Қайдағы 70-80 мың?..», –  деп шошып кетті де, сөзінің аяғын жұтып қойды. Осы арада серіктестік басшысы қолтығына қыстырған жуан қарын папкіні сырт еткізіп ашты да, қобыраған қағаздарды алдымызға тосты.

Ылғи келісімшарт. Серіктестік директоры мен оның малын бағатын малшылардың қолдарын қойысқан, сөйтіп 15 мың теңге айлыққа пәтуаласқан, бұлтақ-сұлтақты көтермейтін құжат. Малшымен оңашалау қалған бір тұста «Енді өзіңіз 15 мың теңге айлыққа келісемін деп қол қойыпсыз ғой», – деймін мен. Ол: «Қалай қол қоймайсың, ауылда жұмыс жоқ. Серіктестік басшысы 15 мың теңге айлығыңның сыртында жеке малыңның жем-шөбі менен болады деді. Қыста соғымыңа ет беремін деді. Сосын, құрысын, 15 мың балалардың кітабы мен дәптеріне жетер, қалғанын көрерміз дедік…». Кейін сұрастырып білсек, әлгі серіктестік барлық малшыларымен осындай келісімшартқа отырған. Малшылардың бәрі де өз еріктерімен ақ қағазға әдіптеп тұрып, қолдарын қойған. Әрине, бұл арада малшыларды ешкім «Солай істеңіз!» деп күштемеген, зорламаған. Бірақ серіктестік иесі жасырып қайтеміз, 5-6 қойы мен бірер сиырына қарап, жанын баққан ауылдағы жандардың жағдайын өзінің пайдасына шебер пайдаланған. «Барлық беретінім 15 мың теңге! Артық бір теңге де бере алмаймын! Келісесің бе, келіспейсің бе, өз шаруаң…», – деп шалқайған. Басқа баратын жері жоқ, істейтін жұмысы тағы жоқ, ауылдағы ағайын қайтсын, келіскен, көнген. Тіпті, малшылардан «Соғымға қандай түлік және қалай береді?», – деп сұрағанымды жасырмаймын. Естіген жауабым таңдандырмай қоймады. Екі жасқа дейінгі бір баспақты төрт малшыға бөліп береді екен. Осылардың бәрін неге тәптіштеп отырмыз? Өйткені, көп жерлерде анау 15 мың теңге айлыққа, (қазір ол 30-40 мың теңгеге жеткен көрінеді) бола мал бағуға ешкім бармайды. Бармайтыны, жалақысы жартымсыз дейді екен. Іссапарларда болғанымызда осы мәселенің жай-жапсарын білмек болғанбыз. Жалақы неге аз төленеді деген сұрағымызға шаруашылық иелері «Айлығынан басқа, үш мезгіл тамағы, темекісіне дейін менің мойнымда ғой», – дейді. «Сонда қанша төлейсіз?» – дейміз біз тақымдап. «40-45 мың теңге төлеймін» – дейді қожайын, рас айтып тұрса. Әрине, жыл он екі ай мал соңынан салпақтау оңай жұмыс емес. Анау 40-45 мың теңге сол бейнеттің өтеуіне жарай ма, қымбатшылық қысып тұрған мына заманда ол неге жетеді деген сұрағымызды да бүгіп қала алмадық. Шаруашылық қожайыны «Үйінде бос жатыр ғой, солай жата берсе, оған ешкім 45 мың теңге түгілі, 45 тиын бермейді ғой…», – деді. Былай қарағанда қате айтып тұрған жоқ. Оның үстіне жеке шаруа. Еңбекақыны қалай төлеймін десе де өзі біледі. Ал, «Есектің құйрығын жусаң да табыс тап!» – деп дігірлеп тұрған мына заман еріншектікті, масылдықты (үйдегі бала-шағасына масыл болып отырған қол-аяғы балғадай азаматтарды айтамыз) көтермейді. Сондықтан қалай болғанда да, «қара қазан, сары баланың» қамын ойламай, қарап жата беруге тағы болмайды.

Облысқа белгілі жылқышымен де бұл бағытта әңгімелесіп көрдік. Соңғы кезде ірі қара мен қой өсіретіндер «малшы жоқ» деп жыласа, жылқы бағатындар олардың арғы жағында – «балшықтан адам жасап» ала алмай отыр… Жылқышы айтады: – «Жылқыны жылқыдай адам бағады», – деген екен ата-бабамыз. Бүгінде жылқыдай адам түгілі, жылқы бақпақ түгілі, шынын айтайын, атқа дұрыстап мінуді білетіндер азайып кетті. Бара-бара мал бағатын адам қалмайтын сияқты. Осы өзімнің ауылымда қол қусырып отырған зіңгіттей жігіттер баршылық. Бала-шағалары бар. Бірақ жұмыс істемейді. Еңбекақыңды жақсылап төлеймін, үш мезгіл тамағың тегін. Қыста бір бас соғымың менен болсын, – деп әлгілерді көрген сайын жұмысқа шақырамын. Зыр-зыр қашады. «Мынау не жүріс, одан да маған болысып жылқы бағыс, жанұяңа көмек болады» – деймін. Келіспейді. Тіпті болмағасын, вахталық әдіспен бақтырсам, қалай болар екен деп кісі іздедім. Яғни 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демалады. Бұған да ауылдан ешкім шықпады.

Сонда дейміз-ау, ауылдағы жекенің малын жалданып бағу үшін де үкімет көмектесуі керек пе? «Міне, ақшаң, міне, баспанаң» – деп, біреулерді масылдыққа итермелесек, екінші біреулерді (шаруашылық иелерін) үкіметтің есебінен асырап, мемлекет әбден шығынға батпай ма?

Сонда не істеуіміз керек, ауылдағы мал баққан ағайын?.. Сіз бұған не дейсіз, қандай ой қосасыз?..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


«Аққу-маққу, қарлығаш-марлығаш дегенше…» (қаз-қалпында)

Күні: , 764 рет оқылды


Газет мәртебесі мен беделінің  биік болуы алдымен білікті журналистердің қажырлы еңбегі екені аян. Таяуда бір ғасырлық мерейтойын атап өткен газетіміздің мерейін асырып жүрген алдыңғы толқын  ағалардың бірі һәм бірегейі – Есенжол Қыстаубаев. Бүгінде «Орал өңірі» десе, оқырмандарымыздың ойына Есақаң, ал Е. Қыстаубаев десе, «Орал өңірі» оралатыны белгілі.


Кезінде  өзі де  ағалардың тәлімін көрген, адамгершілігі де, білім-білігі де мол Есенжол Жұмағұлұлы осыдан  бірер күн  бұрын пайғамбар жасына толды. Алпыстың асқарына шыққан әріптесіміздің журналистика саласында әлі де талай асуларды бағындырарына сенімдіміз.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,   ҚР Мәдениет қайраткері,  Қазақстанның құрметті журналисі,  Ақжайық  ауданының құрметті  азаматы болып табылатын Есенжол ағамыздың мерейлі жасына орай оның «Аққу-маққу, қарлығаш-марлығаш» дегенше…» деген естелік мақаласын оқырман қауымның назарына ұсынып отырмыз.

Төртінші сыныптан бастап күнделік жаза бастағаным есімде. Өйткені сол тұста «Жазушы-журналист боламын» деп ақи-тақи шешіп қойғанмын. Жазушы болатын кісі бірдеме жазып жүруі керек, сондықтан күнделік жазуға кірісіп тұрмын ғой. Сол төртінші сыныптан бастап қолыма түскен кітаптарды шетінен оқи беретінмін. Қазақтың жазушылары өз алдына, олардың шығармаларын ауылдағы кітапханада барын шетінен, бірін қалдырмай оқып шығып, қызды-қыздымен Михаил Шолоховтың «Тынық Донын», Михаил Лермонтовтың «Біздің заманның батырын» түгестім. Алған әсерімді жұбымыз жазылмас бала дос Әбдиев Серікке әңгімелеп, «Шіркін-ай, ертерек туғанымызда екеуміз Аксинья мен Бэлаға ғашық болып, төртеуміз қол ұстасып, бірге жүретін едік қой…» деп өкінішімді жасырмадым. Бірақ әншейінде мен десе, жанын беруге анттасқан Серік досым: «Орысша білмейміз ғой, олармен қалай сөйлесеміз?..» деп біздің бала «махаббатымызға» маздамай жатып нүкте қойды. Өйткені орысшаға мақұрым екеніміз шындық еді. Ал жазудың шалығына 7-сыныптан бастап мықтап шалдықтым-ау деймін. Әуелі бұрқыратып өлең жазғаным есімде. Мектептің қабырға газетіне «Жамбыл атаға» деген өлеңім шығып, «Ойбуй, білмей келіппіз ғой, мынау Қыстаубаев дегенің ақын екен ғой» деген жел сөздің буымен біраз жерге барып қалдым. Соның екпінімен Тайпақ аудандық «Ленин жолы» газетіне бір топ өлеңдерімді жолдап келіп жіберейін. Ол өлеңдерім негізінен сыныптағы жақсы көретін қызыма арналған, яғни махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына жазылған еді. Сондықтан мектепте оқитындығым туралы ештеңе жазған жоқ едім. Бір күні сыртында «Ленин жолы» деген тасқа басқан жазуы бар конверт келіп тұр. Жүрегім дүрсілдеп, әлгіні ашып келіп жіберсем, газеттің редакторы Бақтығұл Ойшыбаев деген ағай бір бетке жақындатып, тасқа басып, «Есенжол інім!» деп хат жазып жіберіпті. «Талабың бізді қуантты» деп мақтапты. Бұған, әрине, мен жүрегім жарылардай қуандым. Тек «Өлеңдеріңнің бір қайнауы ішінде екен, бұл күйінде жариялауға мүмкін болмады, ізден, көп оқы» дегеніне көңілім түсіп кетті. Жауап хаттың аяғына қарай «Сен әлі жассың, махаббат туралы жазуға ертерек, Отан, партия, комсомол, пионер туралы, ауылың, мектебің жайлы, достарың жөнінде жаз, сабағыңды жақсы оқы, өтірік айтпа, түзу сөйлеп, дұрыс жүрсең, сенен түбі бірдеңе шығады» деп жазыпты. «Апырым-ай, ағай менің оқушы екенімді қайдан біліп қойды екен?» деп айран-асыр қалдым.

Жазуыма қарап сыныптастарым өтініш жасай бастады. «Сыныптағы ана қызды жақсы көремін… Сен ақынсың ғой, соған хат жазып берші?..» дейді кезек-кезек оңашалап. Бәлсінбеймін, өздерінің қалауына қарай не өлеңмен, не қарасөзбен жазып беремін. Бір партада отыратын Нұрсат көршім бір күні сыныптағы А. деген қызға хат жазып беруімді өтінді. Кластағы Құдай қосқан көршім, өтінішін қалай жерге тастайсың әрі болашақ «ақын, жазушы-журналиспін», Нұрсатқа ғашықтық хатын мен жазып бермегенде, кім жазып береді. Өзімше «төгілтіп тұрып» жаздым. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты А…! Сендей қызбен бір сыныпта оқитыныма мақтанамын. Мектепті үздік бітіруіңе тілектеспін. Мектепті бітіргеннен кейін де өзіңмен бірге оқуды армандап жүрмін дей келіп, әрі қарай жұмбақтап, «Қарлығаштар неге қосарланып ұшады, аққулар неге жұптасып жүзеді?» деп (сірә, бір жерден оқыған болармын) қоя қоймай, «Біздер де солардай болып, неге жұптасып жүрмейміз?» деп мәселені төтесінен қойдым. Нұрсат оқып шығып, партаға етпеттей жатып алып, сабақ сұрап жатқан мұғалімге естіртпей, шиқылдап тұрып күлді. Бас бармағын көрсетті «Во!!!». Ол да мен сияқты малшының баласы еді. Сол «профессиональный болезнь» ұстамай тұра ма, малдың төңірегінде жүретін бірдеме қосқысы келіп кетті-ау деймін, «Ұялас күшіктердей болайықшы» деп қосып жазуымды қиылды. Мен оған «Махаббатқа итті араластырмайық» деп, үзілді-кесілді қарсы болуға, әйтеуір, ақылым жетті. Нұрсат сол хатты обалы не керек, он көшірді-ау… Сауатсыздығын сіз сұрамаңыз, мен айтпайын. А. сабаққа алғыр қыз, өте жақсы оқиды. «Оған қатесі өріп жүрген хат жазсақ, ұят қой» деп мен күйіппісіп, Нұрсатқа әлденеше рет көшірттім. Хат үлкен үзілісте А.-ның сөмкесіне сүңгіді… Жақсылық жасағасын ақырына дейін дұрыстап жасайын деп, сүңгіткен мен. Байқамай, түсіп қалар деп «Физика» оқулығының арасына, мұқияттап құтты жеріне қондырдым. Ілгері барыңқырап айтсақ, Нұрсаттың махаббат хаты екеумізге, әсіресе, оған тап-таза машақат болды, бейнет шектірді. Екеуміз терезелерге жағалай орналасқан үш қатарлы парталардың үшінші қатарында және ең соңғы партасында отырушы едік. Етпеттеп алып, бақылап жатырмыз. А. «Физиканың» арасынан сумаң етіп шыға келген хатты көрді. Оқып жатыр. Нұрсат екеуміздің жүрегіміз «тоқтап» қалды. Сабаққа алғыр, ортадан жоғары бойлы, тығыншықтай, сүйкімді келген қыз еді А. Өзі қайратты-ақ, балалармен алысып-жұлысқанда, біразын қанкөбелек шиырып жібереді, қолы да темірдей. Нұрсат та ғашық болатын қызды тапқан екен, анау киіктің асығындай Р. (класымыздағы ең нәзік қыз-тұғын) тақиясына тар келетін бе еді деп ішімнен ойлап қоямын. Бірақ қайтесің, махаббатқа дауа бар ма, болар іс болды енді. А. махаббат хатының аяғына жетті-ау деймін, бір кезде бізге қарай жалт қарады. Астағыпыраллай, әлем-тапырық жүзіне қарау мүмкін емес. Әншейіндегі қарақаттай көздерінен бет қаратпас, алапат вулкан атқылап барады. Екеуміз партамызға бұқтық. Бірақ тәрбиелі, тәртіпті оқушы ғой, ашу-ызасын тежей білді. Сабақ үстінде шу шығармады, хатты сол бойда мұғалімге апарып бермеді. Апарып берсе, мұғалім қысса, Нұрсат «топсасы бостау» бала еді, «Мен емес, хатты Қыстаубаев жазған» деп шырылдауы кәміл еді. Үзілісті күтіп отырмыз, қас қылғандай мұндайда уақыт өте ме? Содан ух, Алла-ай, қоңырауы түскір де соғылды-ау… Сыртқа зыттым… Болған жәйтті кейін естідім. «Мұғалім кластан шыққан бойда көздеріндегі вулкандары бұрқ-сарқ қайнаған А. Нұрсатқа таялып келді», — деді көргендер. «Қолында қалыңдығы екі елі «Физика», — деді А.-ның қасында тұрғандар. «Сол «Физикамен» Нұрсатты басынан төмпештеп тұрып ұрды», — дейді көріп тұрған бүкіл класс. Әр ұрған сайын «Мә, саған аққу! Мә, саған қарлығаш!» — дейтін көрінеді. «Солай төмпештеп-төмпештеп алып, бір уақытта «Физиканы» бұрынғысынан да басынан асырып, әуелете көтеріп алды», — дейді тағы да сол көріп тұрғандар. Сосын… «Хат жазғанша, сабағыңды оқып ал!» деп бұған дейінгі ударларынан да жойқын концовкасын беріпті. «Бір раундтың жартысына да жетпейтін уақытта Нұрсатымыз махаббаттың құрбандығына айналып, партада етпеттеп (бәлки есеңгіреп) жатып қалды», — дейді мұны көргендер жағасын ұстап. Сыртта соңымнан қуып жеткен жайсыз хабардың растығын класқа кіргенімде көрдім… Нұрсатым айра-жайрасы шығып, партада жатыр етпеттеп. «Технический нокаут» алған ғой, сірә (қанша дегенмен «еркек қарға» деген аты бар емес пе, егер қарсыласса, тап бұлай таяқ жемес еді… Алайда махаббаты түскірі қолын байлады ма, саусағының ұшын да қимылдатпапты). Аяп кеттім… Қапсыра құшақтап, жұбата бастадым. «Айттым ғой саған… Аққу-маққу.., қарлығаш-марлығаш… дегенше, ұялас күшіктердей болайық деп жазайық дедім ғой», — дейді Нұрсатым кемсеңдей, зорға сыбырлап.

Сөйтіп, Нұрсаттың енді маздай бастаған «махаббаты» лаулай алмай жатып сөнді… Оның сөнуіне хатты жазып берген мен себепкер болдым-ау деп парталасымның алдында біразға дейін кінәлідей сезініп жүрдім… Содан қайтып, кластастарыма машақаты көп, махаббат хаттарын жазып беруді мүлдем доғардым…

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


«Сендерге ұрсып алып, соңынан өкінетінмін»

Күні: , 72 рет оқылды


Мәжит ағайды көп білемін деп те, аз білемін деп те айтуға болады. Аз білемін деп отырғаным, жалауы жығылуды білмейтін жалт-жұлт жиырмадан енді-енді асып жүрген кезімде көрдім Мәжақаңды. Айтпақшы, Мәжақаң деп отырғаным – Мәжит Қайырғалиұлы Қайырғалиев ағамыз ғой. Сонау ала-топалаң, алмағайып 90-жылдарда «Орал өңірі» газетінің 12 жылға жуық ноқтасын ұстаған бас сарапшысы.


 Жалаулы жиырмам деп отырғаным, сол тұста «Орал өңірінің» есігінен енді-енді еніп, тұлабойдағы дірілді баса алмаған, алакөбең шағым. Ондай кезде  жасы қырыққа таялып тұрған, мүйізі қарағайдай журналист ағаларға  өз бетіңмен жақындай аласың ба? Ал  жан-жағына биіктен көз салатын, кез келгенмен шүйіркелесе кетпейтін, айтарын ешкімнің бет-жүзіне қарамай, сарт еткізетін Мәжақаңмен «тем более». Маған ол кісі бірден қатал, тәкәппар көрінген. Сондықтан алыстан ғана сәлем беріп жүретінбіз біздер, жастар. Бұл аз білемін деп отырғанымнан шығып отыр ғой.

Сонымен келесі жылы қарашада 80-нің сеңгіріне аяқ басқалы отырған Мәжақаңмен «Орал өңірі» газетінің ғасырлық тойы қарсаңында шұрайлы әңгіменің шүйкесін созудың ыңғайы келді.

— «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасыңыз қай кезден бастау алады, аға?

— Сонау 50-жылдары кеңес елі бойынша Қазақстанның тың өлкелеріне аттаныстың дүркіреп тұрған шағы еді. Мектептегі кезімнен өлең жазатынмын. Содан 1956 жылы, Калмыков орта мектебінің 9-сыныбында оқып жүрген кезімде, «Тың батырларына» деген арнау өлеңімді «Орал өңірі» газетіне жолдап келіп жібердім. Күндердің күнінде ол жарияланды. Хамидолла Қыдыров, Әмин Фатихов деген ағаларымды газеттегі жазғандарынан білуші едім. Солар өлеңімді ұнатса керек. Содан бастап облыстық газет менің бір бүйірімді жылытып жататын. Мектепті көбі бес және төрттік бағамен тәмамдап, сол 1957 жылы Оралдың педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне еркін түсіп кеттім. Айтпақшы, кешегі алапат соғыстан елдің иіні әлі бүтінделе қоймаған жылдар ғой. Біздің үйдің де жағдайы сол елмен бірдей, оқуға баратын қаражат жоқ, пұлдай қоятын басы артық мал тағы жоқ. Алғашқыда «жұмыс істеймін бе?» — деп дағдарып жүргенімде, марқұм анам «Балам, бір қалсаң, қалып қоясың, қарайлама, бір жөні болар» — деген сөзін арқаланып аттанғанмын. Анамның сол ақылы дұрыс болғанын кейін түсіндім. Институттың екінші курсына дейін, яғни 1959 жылға дейін газетке ештеңе жаза қоймаппын. Бір күні ұстазымыз Тілеужанов Мәтжан ағай сабақ үстінде «Мәжит, сен редакцияға бірдеңе жазып па едің?» дегені. Мен ештеңе жазбағанымды айттым. «Сені шақырып жатыр, барып келші» — деді. Редакция ол тұста Карев үйіне қарсы жатқан, қазіргі №3 емхананың ауласында. Жүгіріп бардым. Ол кезде сырттай білуімше, бас редактор Байкенов Қарқабат ағай. Хамидолла ағай: «Сені редактор іздеп жатыр» — деді де, мені бірден  бас редакторға ертіп кірді. Амандық-саулықтан кейін Қарқабат ағай: «Сен өлең жазады екенсің ғой?» — деп сұрады. «Иә, жазамын» — дедім, қысыла үн қатып. Сол уақытта облыстық ақындар айтысы өтейін деп жатыр еді, мені соған қатыс деп шақырған екен. Мен бұрын-соңды айтысқа қатысып көрмегенімді айтқанмен, Қарқабат ағай мені қатысуға көндіріп тынды. Сонымен мен қаладағы ет комбинатының атынан, қарсылас ақын механикалық зауыт атынан облыстық ақындар айтысына қатысқанбыз. Араға бір жыл түскенде, 1960 жылы «Орал өңірінде» топтама өлеңдерім шықты. Менің редакциямен байланысым осылай басталған еді.

— Өлеңге бейімі бар жас ретінде танылып қалдыңыз. Институтта жүре береміз бе, аға, оқуды бітірмейміз бе?..

— Иә, содан 1962 жылы институтты бітіріп, Тайпақ ауданының «Котельников» кеңшарындағы сегізжылдық мектепке жолдамамен жұмысқа келдім. Бұл ауылда басқа ұлт өкілі басым еді, соған орай мектепте қазақ мұғалімдері де аз екен. Маған көп сағат берілді. Бір күні ауылдың көркемөнерпаздар үйірмесін құрайын деген ой келді басыма. Айтпақшы, институтта оқып жүргенімізде, біздер, студенттер «Қыз Жібек» операсын қойған едік. Сонда операны сүйемелдеп отыратын өнерлі студенттерден құрылған ансамбльді мен басқардым. Домбырада, скрипкада, мандолинада ойнайтынмын. Әлгі ансамбліміз операны қойғаннан кейін атағы дүрілдеп, қалаға жақын аудандарға, мысалы, Камен (қазіргі Тасқала) ауданына барып, концерт қойғанымыз есімде. Содан сөздің қысқасы, мектепте тек мұғалім болып жүре бермей, ауылдағы өнерлі жастардың басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін құрдым. Бара-бара ауыл өнерпаздарының фестивальдарына қатыстық. Ансамбліміздің атағы ауданнан да асып кетті. Оның алдында Тайпақ ауданы таратылып, Чапаевқа қосылған еді. Бірақ көп ұзамай, аудан өз алдына құрылғалы жатыр деген хабар тарады. 1964 жылдың желтоқсанында мені ауданға шұғыл шақыртты. Барсам, Жұмақаев Төлеген ағай, Тәжімұқанов Мырзахмет ағай және сол кезде облыстық партия комитетінің хатшысы болып істейтін Жұмағалиев Бисен ағай, Табылдиев Тобанияз ағай төртеуі отыр екен.  «Апырмай, мені клуб немесе мәдениет үйінің меңгерушісі боласың» — деп шақыртты-ау  деп ойладым.

Сөйтсем, ағаларым одан да асырып жіберді. Аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындады. Баяғыда аудан тарағанда, тек кітапхана қалған, қалғаны быт-шыт. Бәрін қайтадан бастауға тура келді ғой. Қысқарта айтсам, 1965 жылдан 1971 жылға дейін осы қызметті атқардым. Қазан төңкерісінің 50 жылдығы, Лениннің туғанына 100 жыл деген сол кездегі ұлы мерекелерді абыроймен өткіздік. Тайпақ аудандық мәдениет бөлімі облыста Орал қаласынан кейін екінші орын алып, атағымыз алысқа кетті.

— «Орал өңірі» газетіне қай жылы келіп едіңіз?

— Мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жеті жыл істегеннен кейін, әр түрлі себептермен Орал қаласына қоныс аударуға тура келді. Облыстық кинофикация басқармасының бастығы, марқұм Рахметова Мәжитқызы Ғарифа апай бір тамаша жан еді. Мені жұмыс бабында жақсы білетін. Сол кісінің қарауында жұмыс істедім. Бара-бара ол апамыз сол кездегі қаладағы ірі кинотеатр «Мирге» директорлыққа жұмсады. Сөйтсем, оның қарауына тағы үш кинотеатр («Аврора», «Ленин комсомолы», Гагарин атындағы) кіреді екен. Әрине, «Жаңадан келген адамды бірден директорлыққа қойды» — деп күндеушілер де болмай қалған жоқ. Бірақ ер мінезді Ғарифа апамыз оларды құлағына да ілген жоқ, маған «Қысылма, жұмыс істей бер!» — деді.

Ол кісінің жақсылығын ұмытпаймын, өмір бойы қарыздармын… Осы жылдарда «Орал өңірі» газетімен қарым-қатынасымды үзген жоқпын, жазып тұрдым. Ол  уақытта журналистер Ғарифолла, Тихон, кейін марқұм болып кеткен Ораз Мұсақұлов, Азамат Иманбаев бар, жақсы байланыста болдық. Марқұм Қабдырахим Өтепбергеновпен жақын сырластым. Тихон бастап, осы жігіттер газеттің сол кездегі редакторы Нұрмұхамедов Хабер ағайға айтқан ғой, қолынан жазу келетін жігіт деп мені. Содан 1972 жылы тамыз айында редакцияға түпкілікті  жұмысқа келдім. Кіші әдеби қызметкер болып Орынбасаров Қосаман ағайдың бөліміне жұмысқа қабылдандым. 1977 жылы  мамыр  айынан  бастап газетке  редактор  болып Бақтыбай Далабайұлы келді ғой. Ол азамат газетке, ұжымға зор еңбек сіңірді. Жұмысты жаңаша ұйымдастыруға күш салды. Есіңде ме, журналистердің ауыр еңбегін жеңілдетуге, газеттің ұшқырлығын арттыруда жаңаша әдістер ойлап, оны тәжірибеге енгізді ғой. Қызметкерлердің тұрмыстық жағдайын, оларды тұрғын үймен қамту да бар ызбынын салды. Сол тұста аға тілші болдым. Бөлім меңгерушісі, сәл кейін бас редактордың орынбасары болғанымды өзің жақсы білесің. Одан   беріректе  бас  редакторлыққа  тағайындалдым.

— Сол кездегі облыс басшысы Нәжімеден Есқалиевтің редакцияға келіп, сізді бас редакторлыққа тағайындаған жиналыста мен де болдым…

— Иә, 1991 жылдың 25 қарашасы ғой… Редактор Ғарифолла Көшенов  облыстық телерадио комитетіне төраға болып тағайындалып, орнына мені қойды ғой. Келесі күні туған күнім болатын, соған жасаған сыйлықтай болды (күлді).

— Менің сұрайын дегенім… Сол жиналыстан кейін сіздің тұстастарыңыз, құрдастарыңыз көбі сыпырылып, жұмыстан өз еріктерімен босап кетті ғой?..

— Жалпы, ол жиналыста кейбір тұстастарым «Редакторды сайлап қою керек» — деп қарсы болғанын сен де естідің ғой… Мен облыс басшысына «Мені редактор етіп қойыңдар» — деп сұрап бармағанымды сен жақсы білесің.

Редакторлықтан дәметіп жүргендер ренжісе, ренжіген шығар… Мен ешкімді жұмыстан қуған жоқпын. Сол кетіп қалғандардың бірқатары кейін қайтып келді, оны да жақсы білесің.

Редакторымыз  сол  кездегі  нарықтық  қатынастың  қыспағынан  ұжымды  аман  алып  шығу үшін  қолдан  келгеннің  бәрін  жасады. Жалақыны  айлап  алмаған  журналистер  де елмен  бірге  қоңылтақ  тұрмыстың  қамытын  киді. Газетке шаруашылықтар  жөнінде  ақылы материалдар,  арнайы  беттер  беріп, орнына сиыр,  жылқы  алып, оны  ұжымға  бөліп  беріп, амалдап отырдық. Қызметкерлердің   жалақы  алмағандықтан, пәтерлеріндегі  жылу  мен  ыстық  суға  қордаланған  қарыздарынан  құтылу  үшін  бас  редакторымыз  осы  жолдардың  авторын бұл  жұмысқа  басы  байлы  жекті.  Жылу беретін  мекемемен  арнайы  келісімшарт  жасалып,  ақылы  беттер,  материалдар  ұйымдастырылып,   қарыздарымыздан  құтылдық.

Сұхбатымыз аяқталып, Мәжақаң қайтуға жиналды. Жылы қоштастық. Күлтеленген толқынды шаштары бір кезде желкесінде жалданып тұратын. Қазір әбден сирепті. «Анау шаштың талайының ағарып, сиреуіне мен де себепкер болдым-ау, аға!..» — дей жаздап, тілімді тістеп қалдым…  Оның орнына «80 деген немене, қыр астында тұр, аға! Жасаған ие, сізге 100-ге жетуді бұйыртқай?» — дедім  іштей.

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ

 

Осындайда ойға оралады:

Мәжақаң обалы қайсы, орайы келіп жатса, ұжыммен арқа-жарқа отыруды онша жек көрмейтін. Арнайы жиһаздалған шағын демалыс бөлмеміз болды. Ол жерге газетте бұрын қызмет атқарып кеткен зейнеткер ардагерлерімізді шақыртып, мерекелерде қонақасы беретін. Қаржылық жағдайдың қиындығына қарамастан, қарияларға аз да болса, ақшалай сый-сияпат жасауға тырысатын, бас редактор. Ал тым жиі болмаса да, үлкен жұманың соңына қарай, жұмыстың аяғына таман ұжым болып, өзіміз кейде жинала қалатынбыз. Өзі шағын бөлмені жиырма шақты қызметкер шүпілдете толтырып, талай шалқып отырып едік, шіркін-ай!  Бірақ бас редакторымыз ертеңіне ештеңе болмағандай, жұмысқа келгенде екі аяғымызды бір кебіске тығып жіберетін. Сол қылығы жанымызға әбден батты. Күндердің-күнінде менің саяжайымда бір демалудың реті келіп қалды. Мысық табандап барып, оған бас сарапшымыз Мәжақаңды да шақырдым. Келісті. Жақсы отырдық. Түннің біруағы болып қалса да, асықпадық. Көңіл шіркін, әбден асып-тасып ернеуінен шөпілдеп тұрғанда, Мәжақаңды сейілдеп келуге шақырайын. Бастығымыз да көңілді, келісе кетті. Сүттей төгілген ай сәулесіне шомылып, екеуміз әрлі берлі қыдырайық. Содан «Аға, біз сізді өте жақсы көреміз, тек бізге көп ұрыспасаңызшы» — деппін. «Иә, ондай мінезім бар, кейде сіздерге ұрсып алып, соңынан өкінетінім рас…» — деп ағамыз жайылып түссін. Қысқасы, бас редакторымыз енді бізге мейіріммен қарайтын болды деп мен мәз-мейраммын. Одан әрі сүт пісірім уақыт отырғаннан кейін Мәжақаң үйіне қайтып кетті. Біз әрі қарай жалғастырдық… Келесі күні саяжайда қара басып, ұйықтап қалыппыз. Түс қайта жұмысқа келсек, Мәжақаң «Орал өңірі» ұжымы отыратын екі этажды дірілдетіп жатыр екен. Қабылдау бөлмесінде отыратын хатшы қыз Кенжегүлдің: «Мәжит Қайырғалиевич қамшысын суға малып, сендерді күтіп отыр» — дегені бізді одан сайын дірілдетті. Қалай кіргенім есімде жоқ, Мәжақаңның алдына. Бас редактордың қос иығында ашудың қос  айдаһары, Алла-ай, бет қаратпайды-ай… Кешегі ай сәулесінің астында айқұшақ болып қыдырған  ағамыз жоқ, оның орнында басқа Қайырғалиев отыр… Қысқасы, «Жұмыстан кешіккенің жөнінде түсініктеме жаз» — деген әмірді арқалап, ағамыздың кабинетінен жердің астымен шықтым. Түсініктеме жазылды. Бірақ обалы қайсы, Мәжақаң жағдайды одан әрі ушықтырмады. Сірә, бізді қорқытып алайын дегені шығар. Ол кезде түсінбедік пе?.. Сонысы дұрыс болған-ау,  дейміз бүгінде.

 * * *

«Жұт жеті ағайынды» дегендей, сол кезде электр жарығы да жиі өшетін. Бір күні баспахана, редакция ғимараты жарықсыз қалды. Ол ұзаққа созылатын болды. Сонда бас редакторымыз не істеді дейсіз ғой. Редакциядағы үш компьютерді үш операторымен көлігіне тиеп, өз үйіне алып кетті. Оларға қоса, кезекшілер мен корректорлар бірге кетті. Содан газеттің бірнеше санын редактордың үйінен теріп, құрып, қаттап дегендей, Оралдағы жеке баспаханалардың бірінен тоқтаусыз шығарып тұрдық. Тап сол сәтте редактор Қайырғалиевке «Газетті қалай шығарсаң, олай шығар» — деген ешкім болған жоқ. Алайда  редактор газетті қиындықтарға қарамастан, ақшаларына жаздырып алып күтіп жүретін оқырмандарын сыйлағандықтан, осындай шалт қадамға барған ғой. Айтпақшы, редактордың үйінде жатып алып, газетіміздің кезекті сандарын әзірлегендер: «Гүлмария жеңгеміз үш мезгіл тамағымызды дайындап, жұмысқа барлық жағдайды жасады» — деп мәз болып келді.

 * * *

Газет үшін қате кетсе, «катастрофа». Сол пәлеңіз бір күні кетіп қалды. Тура бірінші бетте. Бас тақырыпта. Келесі күні баяғы «Дастанның» «Орал өңіріне» тиесілі қос қабаты Мәжақаңның қаһарынан қақ айырылардай болып жатты. Айқай шабыспен поштада аудандарға жөнелтілгелі  жатқан «Орал өңірінің» түнде баспаханадан шыққан бумаларын «тұтқындап», редакцияға кері тасыдық. Оларды әкеліп қате кеткен бірінші бетпен оған ілесіп жүретін соңғы бетті жұлып алып көзін құртып, баспаханада қайта бастыртып, қолмен қайта бумаладық. Ол кезде қиын жағдайға байланысты газетіміздің таралымы төмендеп, бес мыңды төңіректеп қалған-тұғын. Бірақ сол бес мыңға жуық таралымның өзі көп болады екен. Таңертеңнен екінті ауғанша ақ тер, көк тер болдық. Бұл жұмысқа журналистер өз алдына, редакцияның еден жуушысы мен шопырына дейін жұмылдырған бас редакторымыз арасында өзі де келіп, қолдап көмектесіп кетеді. Қате жібергендерді қалай жазалаймын десе де, редактордың еркінде еді. Оның үстіне газеттің беттерін қайта бастыруға кеткен қағаз, бояу, электр қуаты, тасымал сияқты  қосымша шығын бар, ол дегеніңіз қарайған ақша. Шындап келгенде,  оларды қатені жіберген кінәлілер (корректор, кезекші тілші, бет құрушы және т.б.) өтеуі тиіс.  Бірақ обалы қайсы, Мәжит Қайырғалиұлы мұның да тігісін жатқызып жіберді. Қатеге кінәлілерді жазаламады.

* * *

Бас редакторымыздың жұмысымызға енгізген бір талабы біздің арқамызға әбден батты. Ол кезде нарықтық қарым-қатынастың енді-енді еніп жатқан кезі. Қай-қай салада да қиындық бастан асады. Жалақы, зейнетақы дегенді жұрт ұмыта жаздаған кезең. Газеттің де жағдайы мүшкілденіп, аптасына бір рет (айлап шықпай қалған кезіміз де болды) тәлтіректеп, әрең шығатын жағдайға жетті. Журналистер екі қолын қайда қоярға білмей отыратын апталар көбейген. Сондай шақтарда күн сайын әр журналист 250 жол авторлық мақала ұйымдастырып (мамандардың, еңбеккерлердің атынан) тапсырып отыруы тиіс. Ол үшін қабылдау  бөлмесінде тапсырылған материалдарды күн сайын сағат кешкі 18-00-де тіркеп отыратын журнал қойылды. Егер 250 жол материал тапсырылмаса, Мәжақаң қаһарына мінеді. Мәліметтерін алып, біреудің атынан мақала жазу дегеннің қандай «оңбаған» жұмыс екенін қаламдастарым жақсы білетін шығар. Мұны да Мәжақаң журналистер «қаламсапқа сүйеніп»  отырмасын деп әдейі ойлап тапқан. Қолы бос журналистің «желіп кететінін» бас редакторымыз жақсы біледі. Сөйтіп, күн сайын 250 жол мақала тапсырамыз деп талай «желіп кетуден» аман қалыппыз. Мұны да кейін түсіндік қой…


«…Мен жастарға сенемін!»

Күні: , 643 рет оқылды

Есенжол Кыстаубаев_2016_июнь


Арыстандай  айбатты,

Жолбарыстай  қайратты.

Қырандай  күшті  қанатты,

Мен  жастарға  сенемін!

Мағжан  ЖҰМАБАЕВ


Осыдан тура 40 жыл бұрын айналайын, «Орал өңірінің» табалдырығынан имене аттаған жас жігітке, яғни осы жолдардың авторына (жалғыз маған емес, мен құралпы жастардың бәріне де)  газеттің сол кездегі бас редакторы Бақтыбай Далабайұлы осылай деп еді-ау… Тура дәл осылай демегенмен, осыған жақындатып, «Сендердің журналистикадағы болашақтарыңа сенемін» — деуші еді. Тым  жиі болмағанмен,  ілуде бір болса да, оңаша шақырып алып, бұған дейін газетте шығып кеткен мақалаларымыздың ішінде сәтімен құраған сөйлемдерімізді, орнымен қолданған сөзімізді, сұлу шыққан суреттемелерімізді кішкентай қойын кітапшасынан мәністеп отырып, оқып беруші еді. Өзіміз жазғанмен, өзіміз ұмытып қалған әлгі сөздерді өзімізге қайта оқып бергенде (майысқақ қаламымыздан туған әр мақаламызды айтасыз, әр сөзімізді безбендеп, кітапшасына әдейі көшіріп алып жүретінін айтсайшы…),  көңіліміз көкті тесіп өтердей болушы еді-ау! Алдыңғы ағаның кейінгі жалғасының жігерін жану деп осыны айт! Содан бері неше жыл аунады, қанша су ақты. Енді, міне, біз де ақсақалдар ауылына ат туарып жатқан сәтімізде сол сөздерді бізге де айтуға тура келіп тұр. Оны айтқызғалы тұрған «Орал өңірінің» ғасырға толған жасы, онда қызмет атқарып жүрген бүгінгі легі, бұла толқын жастары.

 Иә, заман өзгерді, уақыт, орта  адам танымастай бөлек. Соған орай газеттің де бедері бөлек. Өзгермегені мақсат-мұраты – оқырман көңілінен шығу, талап-тілегінен қия баспау, соның мұңын мұңдау, оның жоғын жоқтау. Сәт санап құбылып, жөңкілген ақпараттар ағынынан қалып қоймай, оны анау ауылдың қыры мен ойындағы, ағайынның ауанына жеткізу. Осы мақсаттардың үдесінен шығып, өздерінің де мерейі үстем, газеттің де абыройын аспандатып жүрген жастар баршылық бүгінде «Орал өңірінде»! Дәлел қажет пе? Мархабат! Өзі редакцияда отырса да, көңіл дүрбісі ауылда шаруа баққан ағайынның ортасында жүретін қай жерде қай қой егіз тауып, қай шаруаның қай сиыры бошалап кеткенін «біліп» отыратын, мақалалары қазір ғана сол ауылдан келгендей жазылатын «зоотехник», «веттехник», «агроном», «финансист», «бизнес-леди» Гүлбаршын Әжігереева, барған жерінде көрген нәрсесін тәптіштеп сұрамай, діттеген дерек-дәйегін алмай, жазатын нәрсесіне әбден қанықпай, соңына түскеннің қыр соңынан «өлсе де» қалмайтын «экономист», «кәсіпкер» және тағы бір «бизнес-леди» Айша Өтебәлі, қаламының қарымы арқасында «Орал өңірінің» де маңдайын жарқыратып, өзінің де маңдайы жарқырап, Еуропа асып, талай жерді басып, Лондонға барып қайтқан Сәкен Әбілхалықов, алдына сақалы, аузынан мақалы төгілген ақсақалдың алдынан қия өтпейтін, қайта қисайып жата кетіп, әңгімесін тыңдағысы келіп тұратын, оба, қорған, ескі қорым, құлпытас тұсынан «қарасыншылап» өте алмайтын, ескі әңгіме, тәмсіл, аңыз десе, айналшықтап шыға алмайтын, күй күмбірлеп, жыр жырланған жерден табылатын, қолтығынан әдеби кітаптар түспейтін  Нұртас Сафуллин, мектеп өмірінен, білім саласынан жазса, айдынын аңсап жеткен аққудай тербелетін, тебіренетін Гүлжамал Кенжеғалиева, тың тақырып, жаңа дүние жазсам деп құлшынып жүретін, ертеңді кеш ерттеулі пырақтай елеңдеп тұратын күміс қалам, қарлығаш қарындастарымыз Ләззат Шағатай, Гүлсезім Бияшева, Айымгүл Төлеуғалиева, бас редактор қайда жұмсаса да, қыңқ етпей аттанатын, барған жерлерінен тап-тұйнақтай дүние әкелетін Нұртай Текебаев, Нұрбек Оразаев, мойнынан асай-мүсейлері түспейтін, үнемі етегіне сүрініп, шауып жүретін фототілші Темірболат Тоқмамбетов, жұмысы ертеңді-кешті айтасыз, күні-түні  «өртеніп» жататын секретариаттың тас құманын шоқтан түсірмейтін Жаннат Есполаева мен Назгүл Ізтілеуова, газеттің енді  шығатын  нөмірінің  беттерін  безендірумен таңды  атырып, күнді  батыратын Жасұлан Көшекқалиев пен Азат  Есенаманов, қылт еткен қатемізді корректурадан шығармай, көзін құртатын қырағы корректор қарындастарымыз Нұргүл Сұлтанова, Динара Шанкишева. Міне, біз  осындай  жастарға  сенеміз!!!

 Бір жерден оқыдым ба, әлде естідім бе, әйтеуір өзімнің сөзім емес, көңілге көрікті лепес ретінде мөрдей болып дөп түскен, сол күйінде қалып қойған бір тәмсіл көлбеңдейді осындайда. Желке жағымнан топ-топ түсіп, дүсірлетіп келе жатқан  тұяқтардың дүбірі келеді. Дүбірін айтасыз, кейде демі де арқамды қарып-қарып кетеді. Енді болмаса, шаңдарына көміп өте шығардай, шымыр да тегеурінді тұяқтардың, жас «перілердің» дүбірі. 100 жасаса да, қартаймаған, оқырманымен әлі де жасай беретін  бүгінгі «Орал өңірінің» бүгінгі жас қаламгерлерінің дүбірі ғой, бұл!!! Шабыстарыңнан талмаңдар, айналайындар!  Бір ысынып, бір суынып, «өліп-өшіп» отырып, жазатын дүниелерің көп болғай, сендердің!!!

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі» газеті бас  редакторының орынбасары, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері,   ҚР Мәдениет қайраткері,  Қазақстанның  құрметті журналисі,  Ақжайық  ауданының  құрметті  азаматы


Жайық бойынан еңбек лебі аңқиды

Күні: , 169 рет оқылды

Паромшылар   династиясы

2589+


Өзін Жамбыл Щурин деп таныстырған азамат паромшылар династиясынан екен. Жәкеңнің әкесі Шөре Құмашев осы совхоз құрылған жылы, яғни 1966 жылы паромщик жұмысына тұрған. Сол жылдан бастап 1991 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін халықты Жайық өзені бетінен әрлі-берлі тасымалдауға қызмет жасаған.


Зейнет жасқа жеткен әкесі өмір бойы айналысқан ісін үлкен ұлы Нұрбол Щуринге тапсырған. Көп кешікпей Жамбыл да осы жұмысты өзіне лайық көріпті. Совхоз тарағаннан кейін паром жекенің қолына өткен. Бүгін паром ауылдың азаматы, жеке кәсіпкер Нұрлан Мұхамбетжановтың иелігінде екен. Жайықтан әрлі-берлі көлік және ауыл тұрғындарын өткізуді алты адам ауысыммен атқарады. Ерте көктемде қар еріп, Жайық арнасынан тасып, қайта өз деңгейіне келгенде басталатын жұмыстары қара күз түсіп, мұз қатқанға дейін жалғасады. Күніне облыс, аудан-ауылдар арасына қатынайтын 30-даған көлік осы паромның қызметіне жүгінеді. Әр көлікті бір жағадан екінші бетке өткізу құны – 1000 теңге.

– Ағамыз екеуміз осы қызметте жасағанымызға біраз жыл болды. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Әкем де өмірінің біраз жылын осы паромда өткізді. Паромды сүйрейтін катер 1980 жылдарда жасалынған. Қолымыздан келгенше жөндеп, тозған  бөлшектерін  ауыстырып  салып  жүргізіп келеміз. Таңертең басталған жұмысымыз кешке дейін жалғасады. Ауыл-аймақ болғасын, неше түрлі жағдай болады. Кей кезде түн қараңғысында ауыр науқасты ауданға немесе облысқа жеткізу қажеттігі туады. Ондайда жылы төсегімізді суытып, катерге бет аламыз. Жақында ғана бүйрегі ауырып, қансыраған адамды таңғы сағат 4-те арғы бетке жеткізуге тура келді. Бір минөт те  ойланбастан, тартынбастан  көмекке  ұмтылдық. Себебі ол – менің жұмысым, атакәсібім. Басты мақсатымыз – халыққа сапалы да қауіпсіз қызмет көрсету,  –  дейді Жамбыл.

Сөзге сараңдау, мінезі салмақты Жамбылдан есте қаларлықтай қызықты деректерді суыртпалап сұрап келеміз.

– Менің әкем 1928 жылы туған. Ел-жұрттың айтуынша, әкем 1945 жылы соғыстан аман қайтқан солдаттарды да Жайықтан өткізген. Бұл туралы әкемнің өзі әңгімелемеуші еді. Ол жылы әкеміз 17 жаста екен. Ширек ғасыр, сирек мамандықта жұмыс істеген әкеміз қандай қиын-қыстау уақыт болса да, жұмысын ауыстырмаған. Бүгінде ағамыз екеуміз әке жолын жалғап, ел-жұртқа қызмет атқарып жүрміз. Ауыл-аймақтағы ағайын біздерді «Паромшылар династиясы» деп атап кетті, – дейді Жамбыл  Щурин.

Бүгінде өз істерінің мамандары болып алған паромшы  жігіттер біздерді көзді ашып жұмғанша арғы жағалауға жеткізді. Көлігімізді қара жерге түсіріп, жігіттерге алғысымызды айтып, Базартөбе  ауылына  бет  алдық.

Жарастың  жарасымды  шаруасы

DSC_0219Базартөбеде  болғанымызда,  ауылға  жақын  орналасқан Қарабек  елді  мекенінен  қоныс теуіп,  қожалық  құрып,  бүгінде шаруасын  дөңгелентіп  отырған  Жарас  Ситимов  есімді  жігітпен  де  танысқан болатынбыз.

Орда бұзар отыз жасқа енді толатын Жарастың бүгінгі тірлігі жарасып-ақ тұрғандай. Осыдан тура  бес жыл бұрын Атырау қаласындағы білдей бір мекемеде ағаш шебері болып жұмыс жасап жүрген кейіпкерімізді қожалық құрып, өз алдына шаруа күйттеуге әкесі Ержан үгіттепті.

– Әкем бір жылдары жекеден мал қабылдап, ет комбинаттарына тасумен айналысты. Мен мектепте 9-сыныпта оқитынмын. Әкем сол кезден бастап-ақ жеке шаруа ашып, мал өсіргеннің пайдасы туралы жиі айтып, менің де осы бағытқа бет бұрғанымды қалаушы еді. Мамандық игеріп, жұмыс та жасап көрдім. Әкем: «Шет жерде жұмыс жасап қашанғы жүресің? Ауылға қайтып, шаруамен айналыссаңшы», – деді күндердің күнінде. Алғашында жүрексінгенмен, кейін пайдалы іс екеніне көзім жетті. Өз алдыңа шаруа болғанына ештеңе жетпейтіндігін енді түсінгендеймін. Себебі ешкімге тәуелді емессің. Өз ырыздығың өз қолыңда. Тек аянбай еңбек етсең  болғаны, – дейді Жарас.

Алғашында қолда бар, ірілі-ұсақты отыз бас ірі қарамен, ескі техникамен басталған істе бүгін береке бар. Қазіргі таңда «Жаннұр» қожалығында жүзге тарта сиыр, үш асыл тұқымды бұқа бар.

Кейіпкеріміздің айтуынша, биылғы төл алу науқаны да ойдағыдай өткен. Мал басы да жылданжылға асылданып келеді. Қыс мезгілінде 10-15 малды бордақылауға қояды. Алғашында елдегі «Сыбаға» бағдарламасымен 8,5 миллион несие алса, бүгінде мемлекет қаражатын толықтай қайтаруға жақындаған. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорынан лизингке су жаңа трактор, шөп шапқыш пен маялағыш алған. Қожалық үш ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Бүгінде «жеке шаруа» атанған Жарастың шаңырағында үш бүлдіршін өсіп келеді. Үйдегі келін – ауыл мектебінде мұғалім. Жазғы демалыс уақытында бала-шағамен бірге жайлауға келіп, сиыр сауып, қаймақ-май жинауды да дәстүрге айналдырған. Үйдегі бүлдіршіндер әзірге қой бағып, құйрық жемесе де, табиғи өніммен тамақтанатындықтары бет-жүздерінен-ақ білініп тұр. Биылғы жаз айлары салқындау болса да, балақайлардың шырайы келісіп, әжептәуір қарайып қалыпты.

– «Мал баққанға бітеді» демекші, жылдың қай мезгілі болмасын, күні-түні бағып-баптасаң, малдың басы өсері хақ. Өзім шамалас құрбы-құрдастарыма да мемлекеттік қолдаулардан тартынбай, өз кәсіптерін ашуға кеңес берер едім. Аз ғана жылдың ішінде тер төгіп, еңбек еткеннің бағы жанатындығына көзім жетті.

Алдағы мақсатым – шаруашылығымды одан әрі дамытып, отбасым мен ұрпағыма бақуатты өмір сыйлау, – дейді  Жарас.

Базартөбенің «базар жоқ»  Бауыржаны

DSC_018056Базартөбе ауылының азаматы Бауыржан Молдашев 1997 жылы осы ауылдан мектеп бітірген. Сол кездегі үлкен өмірге қадам басқан бозбала қатарластары секілді жоғары оқу орнына түсуге талпынбапты. Оның бала күнгі арманы жастайынан еңбекке араласып, ата-анасына қарайласу болатын. Арман-мақсаты алға жетелеген мектеп түлегі Орал қаласына келіп, темір бұйымдарын жасайтын жеке кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Алғашында қара жұмысқа түскен ол кейін темір дәнекерлеуді үйренді. Сол саладан мол тәжірибе жинады. Көп кешікпей өзі жинақтаған қаражатпен, жора-жолдастарының қолдауымен өз алдына жеке кәсіп ашқан. Он шақты жылдан бері Орал қаласындағы «Б.И.Құрылыс» ЖШС-ны бас-қаратын Бауыржан Маратұлы газ қазандықтарын құрастырумен шұғылданады.

Ағымдағы жылы кейіпкеріміздің мектеп тәмамдағанына 20 жыл толды. Кәсіпкерлікке бір кісідей төселіп қалған Бәукең бұл тойдан қалыс қалмады. Соңғы қоңырау салтанатына арнайы барған ауылдың түлегі өз алтын ұя мектебіне сый-сияпат жасады. Өзінің цехында жасалған темірден иілген 15 гүл орнату тұғырын, мектеп дәлізіне аяқ киім қоятын сөрелер, қоқыссалғыштар мен саябақ  орындықтарын  сыйға  тартты.

– Елбасымыз ағымдағы жылы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Ол отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтқан болатын. Мен де бүгінгі өз алтын ұя мектебіме қолымнан келгенше сый-сияпат жасадым. Әрине, адам баласына байлық пен мансап жеткізген бе? Бірақ бір мезгіл туып-өскен, білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан, ауыл-аймақтың өніп-өсуіне, гүлденуіне де шама-шарқымызша көмектесуіміз керек. Болашақта да осы іс өзге де ауылдастарыма үлгі болса екен деймін. Бұл – аз  ғана демеушіліктің бастамасы. Өз басым аман жүріп, кәсібім алға басса, туған  ауылыма, мектебіме әлі талай көмегімді беремін деген ойдамын, – дейді Бауыржан.

Бәукең сонымен қатар мектеп бітіргендерінің 20 жылдық мерейтойына арналып, ауыл жастары арасындағы волейбол, футбол, гір тасын көтеру секілді спорттық сайыстар ұйымдастырып, жеңіске жеткендерге 80 мың теңге қаржылай демеушілік көрсетті.

Әке ізін  жалғаған  ағаш  шебері

DSC_0051Тайпақ  ауылының  тұрғыны  Абай  Сағынғалиев  2012  жылы  «Жұмыспен қамту  – 2020»  бағдарламасымен 2 миллион  теңге несие алып,  ағаштан  бұйымдар  жасайтын  шағын  цех  ашқан.  Кеңес  заманы  құлаған  соң  қаңырап  бос  қалған,  ауыл шаруашылығы  техникаларына  арналған  тұрақтардың  бірін  мемлекет  тарапынан жекешелендіруге  алыпты.  Бүгінгі  күні  ағаш  шебері  ауыл-аймақтағы  ағайынның тапсырысымен  құрастырмалы  қаңқалы  тұрғын  үй,  сарайлар  мен  қора-қопсы  жасап  сатуда.

Менің әкем Аманжол – осы өңірге танымал ағаш шебері, сандықшы болған жан. Мен де көз ашқалы шеберханада өсіп, балға-шегені бала жастан меңгердім. Осыдан бес жыл бұрын кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін естіп, үш адам бірігіп, серіктестік құрдық, қажет құжаттарды жинадық. Мен ағаштан есік-терезе жасаумен шұғылданбақшы болдым. Бірақ аталмыш бағдарламадан өз үлестерін алып, кәсіп ашқысы келетіндердің қарасы көп болғандықтан, сұраған сомамызды ала алмадық. Дегенмен тапсырыс берген үш миллион қаржының орнына екі миллион несие алдым. Жоспарым көп еді. Алған несиемнің бір миллионына Ресейден қажет құрал-жабдық алсам, қалғанынан сапалы ағаш аламын деп есептегенмін. Несие алмастан бұрын Ресейге барып, 80 шаршы метр ағашқа тапсырыс беріп, келісімшартқа да отырып қойғанмын. «Айтылған сөз – атылған оқ»  дегендей, межелі күні тапсырыс берген ағаштарымды алып келді. Ал заманауи құрал-жабдық алуға қаражатым қалмады. Жоғарыда айтқанымдай,  есік-терезе жасауды мақсат еткенмін. Себебі қазіргі уақытта бақуатты адамдар үйлеріне пластиктен гөрі, экологиялық таза ағаштан жасалған есік-терезе қондыруға ниетті. Көршілес Атырау, Ақтау облыстарынан да тапсырыс көп болатын.  Дейтұрғанмен қол қусырып қарап отырмай, ағашқан құрастырмалы-қаңқалы үй жасай бастадым. Бағдарламадан үлес алған соң тұрғындарды жұмыспен де қамтуға тиіс едік. Бастапқы жылы бірнеше жұмысшы да алдым. Кейін кіріс аз болғандықтан, оларға еңбекақы төлеу жайы қиындады. Содан бері жалғыз өзім жұмыс жасаймын. Бағырлай өзенін жағалап, қамыс шабамыз. Жаз мезгілінде бақша егеміз. Әйтеуір, еңбек еткен жанға күнкөріс көзі бар. Тек Орал қаласынан әкелетін ағашымыздың бағасы мықтап өсіп отыр. Күні кеше ғана ағаштың әр текше метрін 36-37 мың теңгеден алғанбыз. Кешегі барғанымызда 49 мың теңгеге көтеріп жіберіпті. Олардың ағашы қымбаттаған сайын біздер де баға өсіруге  мәжбүр  боламыз, – дейді  Абай  Сағынғалиев.

Бет  материалдарын  дайындағандар  Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,  Нұрбек  ОРАЗАЕВ


Сыр тұнған қос кітап

Күні: , 72 рет оқылды

кошенов китап


Ғарифолла Көшенов пен Алмагүл Әбікенқызының есімдері батысқазақстандықтарға жақсы таныс.


Ғарекең тай кезінен «облыс ақыны» атанып, Тайыр ақынның көз «қырына» іліккен. Ауылда шопыр болып жүрген жас жігіт көп ұзамай, қазақтың маңдайына біткен жалғыз университетіне оқуға түсіп, студент атанады. Сол университетте болашақ жары алматылық Алмагүлді Алланың әмірімен жолықтырып, жоғары оқу орнын бірге, «үздік» бітіргеннен кейін екеуі де Ақ Жайыққа келеді. Облыстық «Орал өңірі» газетіне қатардағы тілші болып орналасқан Ғарекең кейін сол үнқағаздың бас редакторлығына дейін жоғарылайды. Талай жас журналистерді тәрбиелеп, ақпарат айдынына қосты. Олардың дені бүгінде қазаққа белгілі ақын, жазушы, журналист атанып, ұстаз ағаларының мақтанышына айналған. Ал Алмагүл Әбікенқызы Өмірбекова ұзақ жылдар Оралдың облыстық радиосында диктор болып абыройлы қызмет атқарды. Бүгінде екеуі де Алматы қаласында, ұл-қыздарының қасында зейнеткерлік демалыстарының қызығын бірге кешуде. Зейнеткер болса да, қаламдарын туармай, ақ қағазға сөз кестелеп, өткен жылдардың бедерінде жолыққан жайсаң ағалары жайлы, ұстаздары туралы, қашықта қалса да, қызуы әлі қаритын қайран күндердегі бірге жүрген курстастары, құрдастары, жұмыстас әріптестері жөнінде төгілдіре сыр шертетіндері қандай… Сол сырлар әп-әдемі тұнып, қыз жиған жүктей жұтынып, қос кітапқа айналып, оқырмандарына жол тартты.

Алмагүл Әбікенқызы – кешегі сұм соғыстың жалыны қанатын шарпыған қарлығаштардың бірі. Қырғын соғыстың өтіне аттанған офицердің жарының ішінде қалған перзентінің «Періштем болып жебей жүр» кітабы – әкесіне арнап көркемсөзбен соққан мәңгілік ескерткіші… Жетім қалған қызды арқалап жүріп жеткізген марқұм атасы  Омарқали Өмірбековтің рухына арнаған алғыс еңбегі. Әжелері мен апаларына деген ғұмыр бойғы сыздаған сағынышы.

Ал ақын-журналист, аудармашы Ғарифолла Көшеновтің «Сүмбіленің салқыны» да оқырманын бей-жай қалдырмайды. Әсіресе, журналистік мамандықты өмірлік мұратына айналдырған жазарман жандарға берері де, үйретері де мол еңбек. Шұрайлы тілі, жалт-жұлт етіп орайы келе қалатын теңеулері, өмірде болған, ізі суып үлгере қоймаған оқиғалары мен бірқатары әлі де ортамызда жүрген кейіпкерлері оқырманын баурап, құшағынан шығармайды. Айтып, айтпай не керек, құрметті оқырман, қос кітап та тұшынып отырып оқитын көркем дүние! Аталмыш шығармалардың ізіне түскен жан болса, оны кітапханалардан табады.

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ


Бұл неғылған жауап?..

Күні: , 91 рет оқылды

Облыстық  ішкі  істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры М. Аблазимовтың  назарына!

жауап 1жауап 2


Оқырмандарымыз біледі, осы жылдың басынан бермен қарай, «Орал өңірі» газеті мал ұрлығына байланысты жиі-жиі жазып келеді. Солардың біріне («Бірі «Ақшаңды апарып береміз десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп Батыр Ананы сенделтіп қойды» «Орал өңірі» 13. 05. 2017 ж.) БҚО ІІД-дан 2017 жылғы 24 мамырда төмендегідей жауап келді. Оны үтір, нүктесіне дейін және стилистикасы мен грамматикасын сол күйі өзгертпей беріп отырмыз.


«Құрметті Бауыржан Файзоллаұлы! Сіздің 18.05.17 ж. шығыс №28 Қаратөбе ауданы Алакөл ауылының тұрғыны Қ. Дәулетиярованың 14 бас қой малдарының ұрлану қылмысы жөнінде шағымы бойынша жіберілген хатыңыз Батыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаменті басшылығымен қаралып, қылмыстық істі зерделеу арқылы тексеру жүргізілді. Тексеру барысында анықталғанындай, 2016 жылдың қыркүйек айының 18-інен 19-на қараған түні белгісіз аламдар бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру мақсатында БҚО Қаратөбе ауданы Қаракөл ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылының тұрғыны Қ. Дәулетиярованың мал қорасына заңсыз кіріп, қора ішінен соңғыға тиесілі 14 бас қой малдарын жасырын ұрлап, жәбірленушіге барлығы 350 000 теңге материалдық залал келтіріп оқиға болған жерден бой тасалаған.

09. 2016 ж. аталған дерек Қаратөбе АІІб-нің тергеу бөлімі ҚР ҚК-нің 188-бабы, 2-бөлігі 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген.

02.11.2016 ж. осы қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталмауына байланысты, ҚПК-нің 45бабы, 7-бөлімі 1-тармағымен қылмыстық істің мерзімі уақытша тоқтатылды.

29.11.2016 ж. жәбірленуші Қ. Дәулетиярова Қаратөбе ауданының прокуратурасына қылмысты ашу бағытындағы жұмыс жүргізілмегені туралы шағымданып, аудан прокурорымен қылмыстық істің мерзімін үзу туралы қаулының күші жойылып, қосымша тергеп-тексеруге жолданған.

Тергеу барысында жәбірленуші Қ. Дәулетиярованың уәждерін тексеру және қылмысты ашу мақсатында жәбірленушінің дәйектеріне сай, күдіктеніп отырған ауыл тұрғыны, яғни жәбірленуші Қ. Даулетиярованың көршілері И. Мұжықпанов пен Е. Шуйншалиевтің қылмысқа қатыстылықтары тексерілді. Алайда, оларды қылмысқа әшкерлейтін дәлелдемелер табудың мүмкіншілігі болған жоқ.

Жедел-іздестіру іс шаралары барысында қылмысты жасауға әуес тұлғалар, ауыл көлеміндегі ет тасымалымен айналысатын адамдардың қатыстылықтарын тексеру мақсатында жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатырғанын қатеріңізге саламыз. Құрметпен, Батыс-Қазақстан облысы ІІД бастығының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаев». Жауапты орындаған Қ. Жанболатов деген. Осылай деп жазылуын жазылған, бірақ оған уақыты болмады ма, әлде қажет деп таппады ма, мүмкін анау Жанболатов көрсетпеді ме, Төлебаев қолын қоймаған. Бұған «Бұл неғылған жауап?» — деп бір таңғалсақ, хаттың мазмұнына «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» және таңғалдық. Оның себебі мынау. Әуелі, оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін бәрін басынан бастайық. Сөзбе-сөз жариялап отырған мынау аталмыш хат «Орал өңірі» газетінің 2017 жылғы 13 мамырдағы 50-санында жарияланған «Бірі «Ақшаңды апарып береміз» десе, екіншісі «Ұрыны тауып беремін» деп, Батыр Ананы сенделтіп қойды» атты журналист Есенжол Қыстаубаевтың мақаласына байланысты жолданып отырған облыс полициясының жауабы. Мақалада Батыр Ана Қалампыр Дәулетиярова қаратөбелік полицияның табалдырығын тоздырып, әбден әуре-сарсаңға түскеніне шағымданған еді. Күндердің күнінде қаратөбелік азамат Жалғас Тінәлиевтің малы жоғалуына байланысты полициялардың сергелдеңге салып қойғандығы туралы «Орал өңірі» газетінде мақала жарияланады («Орал өңірі», 2017 ж. 14. 02. №17). Осы мақаланы арқаланған Қалампыр апай малы ұрланғаннан бергі жарты жыл бойы сергелдеңнен мезі болып, қаратөбелік полицейлерге «ұрыны тауып бермесеңдер, газетке барамын» — дейді. Бұған Қаратөбе аудандық ІІБ-ның басшысы Нұрмағанбетов бар, оның қосшылары бар «Ұрыны тауып береміз» деп уәдені үйіп-төгеді. Сол кезде ағайынды Мұса, Ескендір Бисекешевтердің алдыңғысы Қалампыр апайдың Ақтөбедегі баласына 2017 жылдың 26 ақпанында «Сүйінші, мамаңның қойлары табылды» деп телефон соғады. «Сүйінші сұрап» тұрып, ұрланған қойларының құнына қанша сұрайтынын білгісі келеді. Апайдың баласы: «Менің малым болса, сендерден 700 мың теңге талап етер едім. Мал анамдікі, сол кісімен сөйлесіңдер» — дейді. «Әйтеуір, газетте 14 ақпанда Жалғас Тінәлиевтің малы туралы мақала шыққаннан соң, милиция Ескендірді қысты ма, әлде өздерінің жандары қысылды ма, Мұса Бисекешев звондап тұр ғой, балама» — деген еді бізбен кездескенде Қалампыр Дәулетиярова. Одан әрі «сүйіншілеткен» Бисекешевтер тып-тыныш қалады. Қалампыр апай тағы да қаратөбелік тәртіп сақшыларына: «Газетке барамын, сендер туралы жаздыртамын» — деп айтуға мәжбүр болады. Осыдан кейін көп ұзамай Қаратөбе АІІб бастығының орынбасары Ермұқан Жұмағалиев қасында Асхат Мусин деген тергеушісі бар Ескендір Бисекешевті Қалампыр апаймен беттестіруге алып келеді. Апайдың айтуы бойынша ол беттестіруде ешқандай хаттама толтырылмайды. Керісінше полицейлер апайға: «Ескендірді алып келдік, терге» — дейді. Амал жоқ, азаматша Дәулетиярованың «тергеуші» болуына тура келеді. Анау Бисекешев 14 қойды ұрлаған жоқпын деп тұрып алады. «Сенен күдіктенген жоқ едім, күдікті өзің тілеп алдың басыңа. Ағаңа хабарлап, ағаң маған звондап, балам Оразбекке звондап. «Қанша сұрайды?» — деп бір звондадыңдар. «700 мыңды төлей алмаймын, 350 мыңын» беремін» — деп екі звондадыңдар. Ұрламасаңдар, неге звондайсыңдар?» — деген бағытта Ескендір Бисекешевті полицияның өздері айтқандай «тергейді». Анау мелшиіп үндемей тұра береді. «Тергеуші» Дәулетиярова:

— Сенің үндемегенің, мойындағаның ғой, — дейді. Сонда Ескендір деп отырғаны осылай айтсам, құтыламын деді ме, әлде жаны қысылды ма, «Мен ағама айтқан жоқпын. Мұса өтірік айтады» — деп қашқақтап, ағасын «құрбандыққа шалып жібереді». Одан әрі бір хабарын «Мына кісілерден күт» — деп полицияларды көрсетіп, жөніне кетеді. Ал полициялар болса, Бисекешевке «Бізден не күтеді? Ұрлаған сен, ұры сен, жауабын сен бер!» — деп айтуға жарамай, үндемей олар қалады (бұл Қалампыр Дәулетиярованың бізге айтқаны. Бейнебаянға түсірілген, диктофонға жазулы). Міне, осыдан көп ұзамай (10.05.2017 ж.), бір азамат «Сізге бережақ кісі беріп жіберді» — деп Дәулетияроваға 350 мың теңгені әкеліп тастайды. Оған дейін Бисекешевтер Батыр Анаға телефон соғып:

— 10 мамырға дейін 350 мың теңгеңді апарып береміз. Ешкімге ештеңе деме, полициядағы арызыңды алма, жата берсін, — дейді.

 Ал құрметті оқырман облыстық ІІД-ның басшысының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаевтың жоғарыдағы жауабындағы соңғы сөйлемді «…жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатырғанын қатеріңізге саламыз» — дегенін қалай түсінуге болады? «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» — деп отырғанымыз сол ғой. Өйткені өткен мамыр айының 10-ы күні кейуананың 14 қойын ұрлағандар тоғыз айдан кейін қойдың құнын (350 мың теңге) апарып тастаған. Ал 24 мамыр күнгі облыстық ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғ. Төлебаевтың бізге жолдаған жоғарыдағы жауабында «Жедел-тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр» — дейді. Ал түсініп көріңіз, кімді-кім алдап отырғанын?..

Әлде мал ұрлығына байланысты арыз-шағымнан шаршаған қаратөбелік полицейлер облыстағы басшыларына қате ақпарат беріп жіберді ме екен?..

Дәулетиярованың 14 қойын түн жамылып барып ұрлаған ұрылар алдағы уақытта да ұрлықтарын жалғастырып, ұсталып қалып жатса, құнын төлеп, әрі қарай да ойларына келгенін істей бере ме?..

Есенжол ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал өңірі»


Жайық бойын жайлаған елдің жақсылығы мол

Күні: , 60 рет оқылды

Талай  жерді  «жаулаған»  «Тайпакский»  қауын-қарбыз…

Нұрлан бақшашы5


Жұбан  еліндегі  іссапарымыз  бұған дейін  жазылды  («Орал өңірі», №57, 30.05.2017 ж.).  Одан әрі қарайғы  сапарымыз  ауылы  жанға, өрісі  малға, Бағырлайының  бойы  бау-бақшаға  толған  Алмалы ауылында жалғасты. Көргіміз  келетін  жерлеріміз, кездесіп,  сұхбаттасқымыз  келетін  жандарымыз баршылық. Соларды молынан  қамтығымыз  келеді.  Іссапардың  мерзімі  тығыз. Соған  байланысты  күндіз  ашық-жарықта молынан «жортып» алсақ дейміз.  Өйткені  мұндай  іссапарлар  екі күннің  бірінде  бола  бермейді. Сондықтан  Алмалының әкімдігіндегі  азаматтарға  кеңседе  жүздескеннен  гөрі, шаруалармен, кәсіпкерлермен кездесуге тіке  тартайық   деп  қоңыраулатып  қойғанбыз.  Ауыл  әкімі  Армат   Хайруллин  оқуда  болғандықтан, әкімдіктің  бас  маманы  Жарқынғали  Ахметпен  ауылға кіреберісте  кездесіп,  қырға,  шаруа   жасап  жатқан  жандармен  кездесуге  аттандық.


Жәкең ауылдың әңгімесін айтады, біз тыңдаймыз.  Округте 2100-дей тұрғын болса, соның 600-ден астамы жұмыспен қамтылған және сондай тұрғын бүгінде өз-өзін еңбекпен қамтып отыр. Алмалыда, оның Атамекен, Жантемір елді мекендерінде кәсіп жасаймын деген жандарға, әсіресе, мал өсіріп, бау-бақша баптаушыларға мүмкіндік баршылық. Округ әкімдігі  бас маманының дерегіне сүйенсек, бұл елді мекенде 3,5 мың ірі қара, 1100-дей жылқы, оның үстінде түйе, 12 мыңға жуық қой мен ешкі малы бар екен. Өткен жылы еліміздегі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасымен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамыту мақсатында төрт адам мал шаруашылығын дамыту бағытына 10 миллион 500 мың теңге несие алуға қол жеткізген. Ауылдық округте тіркелген 74 шаруа қожалығының 40-ы көкөніс және бау-бақша өнімдерін шығарумен  шұғылданады. Жаз шыққанда ауылдың еңбек еткісі келетін, табыс тапқысы келетін еңбекқор азаматтары Бағырлайдың бойын екінші мекендеріне айналдырады. Жарықтық Бағырлай – бұл өңірдің  асыраушысы әрі мақтанышы. Су көп келген жылдары Алмалы ауылы азаматтарының көңілдері де  аспандайды.

– Өзіңізге белгілі, біздің өңір бау-бақша егумен аты алысқа кеткен Алмалы ғой. Көктемнің шуақты күндері әбден қызғанда, несібесін жерден тапқан бағбандар іске кіріседі. Олар өздері ғана табыс тауып қоймай, ауылдағы жұмыссыз жүргендерді де еңбекпен, табыспен қамтып отыр, — деп бас маман Жәкең біздерді бау-бақша салып жатқан қожалықтардың біріне бастады.

Бас маманнан тағы бір білгеніміз – келешекте Атамекен ауылына су құбырын тарту күн тәртібінде тұр. Елді мекендерді абаттандыру және тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу бағытында Алмалы, Атамекен ауылдарына қосымша электр шамдарын тарту – басты шаруалардың бірі. Қазір бұл ауылдарда 21 шам ғана бар. Енді ұзын-саны 60 шам орнатылмақшы. Ол үшін жобалық-сметалық құжат дайындалған, енді алдағы тамыз айында бұл шаруа түпкілікті шешілмек. Атамекенде өткен заман мен тарихтың қойнауына жетелейтін музей бар. Ондағы жәдігерлерді ауылдың азаматы, өлкетанушы Жәнібек Әбілпейісов сан жыл тірнектеп жинап, ескі ғимараттың ішіне топтастырған. «Ақ қашып, қызыл қуған» аласапыран заманнан да бұрын салынып, тіпті Махамбет батырды қамаған қапас болған бұл үй бүгінде әбден «қартайып» тұр… Күрделі жөндеуден өткізіп, сыңғырлатып қойса, келер ұрпаққа да қалар еді, кәделеріне әбден жарар еді… Алмалы түгілі, Ақжайық ауданының  азаматтарына дейін ауыз толтырып айта жүрер мақтанышқа айналар еді…

Әке кәсібін жалғаған азамат

DSC_0088Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген жылдың келесі көктемінде Алмалы ауылының азаматы Абай Жұмашев алғашқылардың бірі болып, «Балауса» шаруа қожалығын құрыпты. Сол жылдардың өзінде табыс тауып, жұрт қатарлы ғұмыр кешуді мақсат еткен ол көкөніс шаруашылығымен айналысуды қолға алады. Абай ағамыздан тараған ұл-қыздар да еңбекпен, маңдай термен келген адал асты ішіп өседі. Ағамыз өмірден озған соң, осынау кәсіпті үлкен ұлы Нұрлан жалғастырады.

Нұрекеңнің меншігінде бүгінгі таңда 460 гектар жер болса, соның 50 гектарын көкөніс шаруашылығына пайдалануда. Суы есіліп аққан Бағырлайды бойлай орналасқан көкөніс бақшаларында бүгінде қызу жұмыс жүруде. Шеті мен шеті көрінбейтін егістікте бақша отырғызумен шұғыл-данған адамның қарасы  қалың.

– Өздеріңіз көріп тұрғандай, биылғы көктем өте кеш шықты. Әлі күнге дейін таңертеңгілік салқындық түсіп тұр. Сол себепті бақша отырғызу жұмыстары да кешеуілдеуде. Мұндай уақытта біз үшін әр күн бағалы, – дейді Нұрекең.

Бұл қожалықтың басқа бағбандардан ерекшелігі – өткен жылдан бастап заманауи тамшылатып суару жүйесіне көшкендігінде. Аталған 50 гектар алқаптың 27-сі көне әдіспен, яғни арық арқылы суарылса, 23 гектары тамшылатып суарылады. Қожалық заманауи суару жүйесімен қамтылған алқапқа сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, асқабақ пен қауын-қарбыз отырғызып та қойылған. Ал қарапайым әдіспен суарылатын алқапқа түгелдей қауын-қарбыз егілуде.

– Тамшылатып суару жүйесі – жерді үнемдеуге, оның құнарлылығын ұзағырақ сақтауға таптырмайтын мүмкіндік. Жер өңдеу жұмыстары үшін де тиімді. Жер бедерін де таңдамайды. Жұмыс күшін де көп қажет етпейді. Бұл жүйемен қамтылған 23 гектар жерді бір ғана адамның суаруына болады. Арықпен суарылатын сондай көлемдегі алқапта кемі 15 адам жүреді. Тамшылатып суаруға қажет құрал-жабдық пен көкөніс тұқымдарының денін Ресейден аламыз. Заманауи жүйеге жұмсалған қаражаттың 30 пайызын мемлекет демеуқаржы ретінде кері қайтарады. Яғни су айдағыш құрылғыға, негізгі және қосалқы құбырларға кеткен қаражатымыздың белгілі бір бөлігін қайта ала аламыз. Ендігі жерде айтарым, тамшылатып суару тек егісті полиэтилен пакетімен жапқанда ғана тиімді болмақ. Ал жайын жерге, күннің астына ашық еккеннен еш нәрсе ұтпаймыз. Сондықтан өзім секілді шаруалардың атынан айтарым, сол полиэтилен пакетіне кететін шығын да демеуқаржыға есептелсе екен, — дейді шаруа иесі.

Нұрекеңнің айтуынша, қазіргі таңда бақша отырғызу жұмыстарына 15 адамды жұмысқа алса, науқан уақытында олардың саны 35-40 адамға дейін көбейеді екен. Бұл шаруалардың өніміне деген сұраныс та жоғары. Бұлар өсірген көкөніс, әсіресе, қарбыз-қауын тек біздің өңірде ғана емес, көршілес Ақтөбе, Ақтау, Атырау облыстарында сұранысқа ие көрінеді. Оған еңбекқор азамат мақтанышын жасырмайды. «Сірә, Нұрекең табиғатынан ақжелең азамат-ау» деп қалдық. Әңгімелескенде әзіл-қалжыңын араластырып, онысын сүйкімді күлкісімен «тұздықтап», өзіне еліктіріп әкетеді  екен.

– Өткен жылы жолымыз түсіп, Шымкентке апарып қызанақ саттық. Шымкент деген көкөністен біздің Оралдың базарларын иемденіп алған өңір ғой. Жүрексініп барып едік. Бірақ біздің өніміміздің сапасы ол жақтағы ағайынға ұнап, барған еңбегіміз ақталды, шүкір. Содан ол жақтағы біз секілді шаруалар шығарған қызанақтарын «Тайпакский» деп сататын көрінеді, – деп күліп алды Нұрекең.

Шаруа азаматтың сөзінің жаны бар. «Бақша – байлық бір айлық» қызған кезде өзіміздің Оралда қауын-қарбыз сатып жатқан саудагерлердің кез келгеніне барыңызшы, «Тайпакский» деп тақылдайды. «Мата даңқымен бөз өтеді» дегендей, қауын-қарбызы Тайпақтікі болмаса да, осы Нұрекең сияқты азаматтар түлеген өңірдің атын жамылып, өнімін өткізіп жіберуге тырысады саған. «Қалай болғанда да, маркамызды түсіруге тиісті емеспіз», – деп Нұрекең шеті мен шеті жоқ егістік алқабына көзін қыдырта күлімдейді.

Әкесінен қалған кәсіпті Нұрекең қолына алғалы бері де 15 жылдай уақыт өтіпті. Осы жылдардың ішінде алғашында еңбекқор жанға көмекші болып бақшада жұмыс жасап, келесі жылы өз алдына қожалық ашқандар да жетерлік екен.

– Өңір кәсіпкерлерімен өткен бір келелі жиында көптеген қожалық иелері қашан, қанша бас малмен бастағандарын, қазір қандай дәулетке жеткендерін мақтанышпен айтып шықты. Сөз кезегі маған келгенде: «Менде ондай мақтанатын асып бара жатқан шаруам жоқ. Мен тек өзімде жұмыс жасап бастап, кейін өз алдына қожалық ашқан 17 шәкіртіммен мақтана алатын шығармын», – дедім. Шынымен де, солай. Басқасын айтпағанда, әкемізден тараған ұл-қыздар бүгінде бір-бір шаңырақ болдық. Бәріміз осы саладамыз. Себебі біз осы бақшамен өсіп-өндік, — дейді қожалықтың  иегері  Нұрлан  Жұмашев.

*     *     *

Нұрекең егістігінің шетінен жер үйлер салып қойыпты. Енді тағы бір екі-үшеуін салса, бір көше болғалы тұр. Бақшашылардың көшесі. Ертең жиын-терін басталғанда, 35-40 адамға дейін науқанға қатысады, соларға арналған «қонақүй». «Мынау біздің «кафеміз», қалада ылғи жер үстіндегі кафелерден тамақтанатын шығарсыздар… Жер астына да түсіп көріңіздер», – деп Нұрекең лекіте күліп, сол үйлердің бірінің күрекпен кертіп жасаған жер баспалдағымен  төменге  бастады…

Ақжайық  орталығында – ауқымды  құрылыстар

DSC_0104Ақжайық  ауданының  әкімі  Әділ  Жоламанов  орынбасарларымен,  бірқатар  бөлім  басшыларымен,  қоғамдық  ұйымдар өкілдерімен  бірге  Чапаевта  жүргізіліп  жатқан  құрылыстардың барысымен  танысты.

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Чапаевта екіпәтерлік бес тұрғын үй салу басталды. Бұдан бөлек аудан бюджетінен қарастырылған қаражатқа алты ауылда бірпәтерлік баспаналар салынатын болады. Аталған бағдарлама бойынша Ерболат Сәрсенғалиев басқаратын мердігер «Қалдығайты» ЖШС құрылысқа жергілікті сегіз тұрғынды тартқан. Әрқайсысының жалпы аумағы 110 шаршы  метр үйлердің іргетасы құйылуда. Бұл үйлер кезекте тұрған әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға беріледі.

– Осы жылы көлемді қаражат бөлініп, алуан ауқымды құрылыс жұмыстары жүргізілетінінен тұрғындар хабардар. Осыған орай қандай іс болса да, оның сапалы болуын қатты қадағалауымыз керек, — деді аудан әкімі Әділ Жоламанов мердігер өкілдерімен әңгіме барысында.

Осы айда құрылысы аяқталатын дене шынықтыру және спорт алаңының жұмыстары біте келді. Мереке Молдағалиев басқаратын мердігер «Жайық Сити» ЖШС салып жатқан кешенге жұртшылық жақсы баға беруде. «Оқушылардың демалыс уақытын тиімді өткізуде әрі спортқа баулуда бұл кешеннің салынуы орайы келген іс болды. Үлкен қалаларда оқып жатқан студенттеріміз де демалысқа келіп жатыр. Жас буынның жаз маусымын қызықты өткізу үшін мұны тезірек тәмамдауымыз керек», — деді аудан әкімі.

Республика, Қазақстан көше-леріне ұзындығы 2,6 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолын төсеуде жергілікті 21 адам жұмыс жасауда. Соны аяқтау тамыз айының орта шеніне белгіленіп отыр. Әзірге сол аумақтар тегістеліп, қиыршық тас төгілуде. Бұл да, әрине, ырғақты атқарылуға тиісті, іркіліске жол беруге болмайды. Жұртымыз ортақ игілігіміз болып табылатын барлық істе құрылысшыларға зор сенім жүктейді. Қонаев және Республика көшелерінің қиылысында орнатылып жатқан бағдаршам құрылысына қатысты да осы жайында айтылды. Жалпы сомасы 7,1 млн. теңгені құрайтын мұны Қайратқожа Қожамұратов иелік ететін «Жайық жарығы» ЖШС  атқаруда. Алдағы күндері нысанды электрмен жабдықтау орындалады. Айта кетерлігі, бұл бағдаршамның дыбысты бағыттағышы бар, яғни зағип жандар үшін де жолдан өту уақытын еске салып тұрады.

Данияр Сұлтанғалиев басқаратын «Расулстройсервис» ЖШС О. Исаев атындағы көше бойында, орталық базар тұсында құны 6.9 млн. теңгені құрайтын қиынды тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Оның аумағы 1700 шаршы метрді құрайды. Осы істің барысын байқастаудан соң Есенжанов атындағы көшедегі №111 үйді күрделі жөндеуден өткізудің жай-жапсары жайында әңгіме болды. «Жайық Сити» ЖШС қолға алған құрылысқа жергілікті бюджеттен 3,4 млн. теңге қаражат бөлінген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автожол бөлімінің басшысы Сәкен Ашабаевтың айтуынша, бұл үйге Панфилов атындағы көшедегі апатты жағдайда тұрған №20 үйдің тұрындарын көшіру жоспарлануда.

Чапаевта жүргізіліп жатқан мешіт құрылысын аяқтау да басты назарда ұсталып отыр. Осы күні тұрғындар сенбілік ұйымдастырып, мешіттің айналасын тазалауға шыққан. Ғимараттың бөлмелерін әрлеу, еденін төсеп, жылу жүйесін жүргізу сияқты қам-қарекет қалып отыр. Осы жерде де істі тездету  жайында  әңгіме  болды.

Базартөбенің  базары  тарқамайды

Аудан  әкімдігіндегі  бие  сауым уақыт  ғана  кездесуімізде Ақжайық  әкімі  Әділ  Жоламанов  әңгіме  арасында  «Арғы бетке өтпей,  осы  бетпен  қайтасыздар ма?»  –  деп қалды.  Жасыратыны жоқ, біздер  Ақжайық  ауданына  жол  түссе,  Орал – Атырау күре  жолымен  ызғытып,  сол бойдағы ауылдарды сүзіп шығып, кері қайтамыз. Әкімнің  «Жайықтың арғы  бетінде  де  ел  бар» деп  сыпайы  құлаққағыс етіп отырғанын  ішіміз  сезіп,  біз  де  бір саусағымызды  бүктік.  Сөйтіп,  Тайпаққа  барып тірелетін іссапарымызды  жолшыбай  өзімізге-өзіміз  «бұйрық  шығарып» өзгертіп,  Базартөбеге  дейін  ұзарттық.

Жайық, жарықтықтың, биылғы бедері  жосын. Арнасы тола, анау-у-у Атырауға қарай аңқылдап жөңкіліп жатыр. Бұқар бетті жайлаған ел, ішінде базартөбеліктер де бар, Орал мен Атырауға Жайықтан пароммен өтіп қатынайды. Алмалы ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Ахмет Жарқынғали  Ғалымұлы бізді ат-көлігімізбен  ырғай сапты найзадай (еңсегей бойлы дегеніміз ғой) солқылдап тұрған Базартөбенің жас әкімі Артур Ермұхановтың қолына «аман-есен» тапсырып, арғы бетте, «то есть орыс» бетте қол бұлғап, қалып барады. Түп тамыры тасқалалық, бірақ  1974 жылдан бері Алмалыға судай сіңіп, тастай батқан Жарқынғалимен де кәдімгідей бауыр басып қалып едік, алайда іссапар мерзімі мойын бұрғызбады…

Ала жөнелер  азбан  ағыс пен  ақжал толқындарды қақ айырып тыпыршып тұрған паром біздің «Нивамызды»  бұйым көрмей, Бұқар бетке ән сағатта өткізіп тастады (Жайықтың екі жағын жалғап, халықтың алғысына бөленіп жүрген базартөбелік паромшы жігіттер жөнінде әңгіме өз алдына бөлек. Ред.).

Арнасы суға толған Жайықтың ажары қандай жайсаң болса, базартөбеліктердің  көңілдері де арнасынан асып, кемерінен төгілердей болып жүр екен. Айтатын әңгімелерін «Жақында облыс әкімі келіп кетті», — деп мәністеп бастайды. Өңір басшысы Алтай Көлгінов: «Ауылдарыңызға келесі жылы көше-көшелерге су құбырларын тартамыз. Жайықтан таңдайын жібітіп отырған Қызылжар мен Қадырқұлдық жамағатқа да су барады. Биыл жобасы жасалады», — деп айтты десе, бірі: «Орталықпен бірлесіп, «Азынабай – Тайпақ» каналын қайта қалпына келтіруді қолға аламыз»  деді», —  дейді екіншісі. Судың тапшылығынан  мал шаруашылығын шырайландыра алмай отырған базартөбеліктер бұған қатты қуанулы. Бұқар беттегі күре жолдың биылдан бастап жөнделетіндігі туралы облыс әкімінің аузынан шыққан ақжолтай хабар да бүгінде ба-зартөбеліктердің бөркін аспанға аттырып тұрғандай. Әрине, ол бір-екі жылдың бедерінде шешіле қалатын оңай шаруа емес екенін облыс басшысы да айтқан. Дегенмен «Сең қозғалды», – дейді ауыл адамдары. Елу жылдан бері күрделі жөндеу көрмей, әбден мәужіреген» орта мектеп жайы да базартөбеліктердің уайымы еді. 260-қа жуық шәкірт білім алып жатқан ілім ұясын өз көзімен көрген Алтай Сейдірұлы «Есенсайдан кейінгі ер кезегі сіздердікі»  деп аттанды», – дейді мұғалімдер қуаныштарын жасырмай. Айтпақшы, Базартөбеге қарайтын қос ауыл – Қадырқұл мен Қызылжарды қосқанда үш мектепте 78 ұстаз білім беріп жатыр. Әлі де тоғыз мұғалім қажет. Дәрігерлер жеткілікті.

Базартөбеде бесіктен белі шықпаған сәбиден бастап еңкейген егделерді қосқанда 1787 тұрғын  бар. Осылардың 481-і жұмыс жасап, бұйырған несібелерін тауып жүр. 179 зейнеткер бақуатты тұрмыс кешуде. Шаруаларын күйттеген 24 шаруа қожалығы бар. Олардың бәрі де мал шаруашылығы-мен айналысады. Ауылдың ойы мен қырында 4171 ірі қара, 9167 қой-ешкі жайылып,  1077 жылқы жусайды. Осыларға 780 бұзау, 1878 қозы-лақ, 76 құлын ілескен (бұл биылғы 1 мамырға дейінгі мәлімет, төл алу жалғасып жатыр). Мысалы, Бүркіт  Бисембаевтың («Жәнібек  ШҚ»)  әр жүз саулығына 130  қозы алыныпты. Осы қожалық иесі Бисембаев пен  Жарас  Сейтімовтің «Жаннұр»  шаруа қожалығы  жақында  лизингке   техникаларын  жаңалап  алып,  шаруаларын  одан  әрі  шырайландыруға  кіріскен.

 Ауылдық округке әкім болып сайланғанына көп бола қоймаған жас жігіт Артур Ермұхановтың (суретте) арманы көп. Ол жоғарыда айтып өткеніміздей, «Орта мектепті сыңғырлатып жөндеп алсақ» дейді. «Азынабай – Тайпақ» каналын қалпына келтірсек, тек Базартөбе ғана емес, іргелес жатқан ауылдар да бөрікті алшысынан киер еді-ау» дейді. Ауылға кіреберіс жолға жөндеу жүрсе, тіпті қатып кетер еді. Жеке тұрғын үйлерге көгілдір отын тарту бағасын арзандатса, тіпті көрім. Базартөбенің «балалары» – Қадырқұл мен Қызылжарға таза су жетсе, ғаламтор байланысын жолға қойса, кіреберіс жолдары жосылып  жатса,  ту,  шіркін-ай!..

Жас әкім Артур Ермұхановқа түнде ұйқы, күндіз күлкі бермей жүрген арман-мақсаттар бұл. («Сырт  көз – сыншы» деген, ал біздің  бір байқағанымыз, ауыл халқы үшін «Ақ орда» саналатын округ  әкімінің  кеңсе  үйі  тозып  тұр екен. «Базартөбеліктер  соны  келген-кеткеннен  ұялмайтындай етіп  жөндеп  алса, шіркін-ай» деп  кеттік  ішімізден). Облыс әкімі Алтай Көлгінов келіп кеткеннен бері Артур  әкімнің анау армандары жақындай түскендей… Ендеше, Базартөбенің базарлы күндері  де  иек  астында  тұр  делікші!..

Айқарма  бет  материалдарын  дайындағандар 

Есенжол   ҚЫСТАУБАЕВ,  Нұрбек  ОРАЗАЕВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика