Тег: ‘Еркебұлан Қарақұлов’


Алғайдағы ауызашар

Күні: , 42 рет оқылды

Таяуда  көршілес  Саратов  губерниясының  Алғай  ауданына Қазақстан  мұсылмандары  діни   басқармасының  төрағасы,  Бас муфти  Серікбай  қажы  Ораз  бастаған  еліміздің  делегациясы  барды.

Құрамында БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов және өзге дін өкілдері бар қазақстандық меймандарды аталмыш ауданның  басшысы Сергей Федечкин мен Поволжье мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Мұқадес хазірет Бибарсов, жергілікті мешіт имамы Серікбай Еркінәлиев қарсы  алды.

Аудандық мәдениет саябағында өткен кездесуге алғайлықтар ғана емес, Сарытау өңіріндегі көптеген аудан тұрғындары да арнайы келді. Жалпы саны 4 мың адам қатысқан шара жоғары деңгейде өтті.

– Биыл ауданымыздың құрылғанына 45 жыл толып отыр. Осынау мерейтойлық жылдың қасиетті Рамазан айында ауданымызға Қазақстанның Бас муфти бастаған делегацияның келгеніне қуаныштымыз. Құран түскен бұл айда ауданымыздың тұрғындары да ораза ұстап, ағайын-туыс, көршікөлемге, жалпы жұртшылыққа мейірімділік танытып, аз қамтылған жандарға қайырымдылық жасайтындары қуантады. Біздегі ұлтаралық, дінаралық келісімнің салтанат құруы, достықтың өркендеуі көп ұлтты ауданымыздың ырыс-берекесінің молаюына, әлеуетінің артуына себепші болып келеді, – деді жиынды ашқан аудан басшысы Сергей Федечкин.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бүгінгі кездесу екі елдің қарым-қатынасының нығая түскенінің жарқын көрінісі екендігін айтып, осынау шараға қолдау көрсеткен губерния, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

«Рамазан – бірлік пен жақсылықтың айы, – деді Бас муфти. – Осы айда жақсылықты, ізгі амалдарды көбірек жасаған жөн. Оразада адамның сабыры да сыналады. Алланың разылығы үшін төзе білген пенде мол сауапқа кенеледі. Раббымыз баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, рақымына  бөлегей!».

БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов Рамазан айының ерекшелігі туралы уағыз айтқаннан соң, Алғай әкімшілігімен көпшілікке арнап ауызашар дастарқаны жайылды. Балаларға балмұздақ пен тәттілер беріліп, саябақтағы аттракциондар тегін қызмет көрсетті.

Мәди  ЫҚЫЛАС


Жаңа өкіл имам тағайындалды

Күні: , 96 рет оқылды


Кеше  өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  Қазақстан мұсылмандары  діни  басқармасы  (ҚМДБ) төрағасының  орынбасары, наиб  мүфти  Алау  Шайқымұлы  облыстық  орталық  мешітте өткен  жұма  намазында  біздің облыстағы  жаңа  өкіл  имамды  таныстырды.


– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі ережесіне сәйкес өңірлердегі имамдар бес жыл сайын ауысып отырады. Соған орай ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының бұйрығымен  БҚО бойынша өкіл имам болып келген Руслан Сұлтанов бұл қызметінен босатылып, Астанадағы  республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы болып тағайындалды. Руслан Тыныштықұлы өкіл имам болып қызмет еткен жылдары Ақ Жайық өңірінің рухани өмірінде көптеген игілікті іс жүзеге асқанын білеміз. Батысқазақстандықтарға  серпіліс алып келген бұл шаралардың жоғары деңгейде өтуіне Руслан Тыныштықұлының білімі мен білігі, еңбекқорлығы себепші болғаны анық. Ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып, жемісті еңбек етті, – деген Алау Шайқымұлы оған Бас мүфтидің алғысхатын табыстап, иығына шапан жапты.

Өз кезегінде сөз алған Руслан Тыныштықұлы имам болып қызмет еткен кезде тіл табысып жұмыс істеген мешіт жамағатына алғысын айтты. Бес жылға жуық уақыт аралығында біраз мәселе шешілгенін де айтып өтті. Олардың ішінде аудан-ауылдағы мешіттердегі имамдарға төленетін жалақы, облыстық мешіттің күрделі жөндеуден өтуі, өңірге «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған  теологтардың  келуі  бар.

Бас мүфтидің бұйрығымен ҚМБД-ның БҚО бойынша өкіл имамы болып тағайындалған Еркебұлан Қарақұловты таныстыра кетсек, ол – «Әл-Азхар» университетінің теология негіздері факультетін үздік тәмамдаған қазақстандықтардың бірі. Одан кейін әлФараби атындағы ҚазМҰУ-да философия және саясаттану факультетін бітіріп, дінтану магистрі ғылыми дәрежесін алды. Еңбек жолын Алматы қаласындағы орталық мешіттің ұстазы болып бастады. Одан кейін ҚМДБ-да бөлім  меңгерушісі, Атырау облыстық орталық мешітінің наиб имамы, Шымкент қалалық А. Қаттани мешітінің бас имамы қызметтерін атқарды. 2014 жылдан бері ОҚО орталық мешітінің наиб имамы. Сондай-ақ республикалық ақпараттық насихат тобының белсенді  мүшесі  болып  табылады.

Мәди   ЫҚЫЛАС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика