Тег: ‘Динара Жұмабекқызы’


«7-20-25» – үміттерді жалғаған бағдарлама

Күні: , 27 рет оқылды

Көсілгенде  аяғы  қырықжамау  ескі  лашығына сыймай,  есіктен  сыртқа  шығып  жатса  да, «Қайран,  менің  өз  үйім, кең  сарайдай  боз үйім»  деген  ХІV  ғасырдағы  Жиренше  шешеннің  сөзі ХХІ  ғасырда  да  өзектілігін еш  жойған  жоқ.  Өйткені қазақ  жастарының  біразы  қазір «Қайран,  менің  өз үйім»  деп  айта  алмай,  қамығып жүр.

«Үйі жоқтың – күйі жоқ» екені айтпаса да түсінікті. Айлығын шайлығына әрең жалғап жүрген ортанқол отбасының жалақысының жартысына жуығы жалдамалы пәтерге жұмсалатынын, ал қалғаны күнделікті мұқтаждықтан арылмайтынын ескерсек, баспаналы болу орындалмас армандай болып көрінері хақ. Бір ғана Батыс Қазақстан облысының өзінде «Бір бөлмелі болса да, өз үйім болса екен» деп үміттерін үкілеп отырған отбасылар қаншама?!

Елбасының тапсырмасымен өңірімізде жүзеге асқан «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының шапағатын көріп, баспаналы болғандар қатары жыл санап артып келе жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр.

Демек, әрекет еткен адамға мемлекеттік бағдарлама арқылы тұрғын үйге қол жеткізу орындалмас арман емес. Бастысы, баспана алудың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған түрлі тетіктерді дөп басып танып, өз кәдеңе жарату.

Биылғы жылдың наурыз айында жарияланған «Бес әлеуметтік бастамасында» мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс  істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет екендігін баса айтып, «7-20-25» тұрғын үй бағдарламасын ұсынды. Аталған бағдарлама бойынша  1 триллион теңге қарыз беру көзделіп, арнайы «Баспана» ипотекалық  ұйымы  құрылды.

Оның қолданыстағы өзге бағдарламалардан басты артықшылығы берілетін несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16 пайыздан 7 пайызға дейін төмендеді. Бұрын банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30, кейде тіпті 50 пайызын талап етіп келсе, жаңа бағдарламаға сәйкес 20 пайызын ғана алады. Үшінші жеңілдік – несие алушының  ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жылдың орнына 25 жылға дейін ұлғайтылды. Талай жанның баспаналы болу үмітін қайта оятқан «7-20-25» бағдарламасы биылғы 4 шілдеде іске қосылып, екінші деңгейлі жеті банк, яғни «Банк Центр Кредит», «Еуразия банкі», «АТФ банк», «Банк RBK», «Халық банкі», «Цеснабанк» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» алғашқылардың қатарында ипотекалық несиелер бере бастады. Қыркүйек айының соңында серіктес банктер тізіміне «Фортебанк» те қосылды.

Шілде-қазан айлары аралығында 97 батысқазақстандық аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдірген. Орал қаласында «7-20-25» бағдарламасы арқылы несие беретін «Банк Центр Кредит», «АТФ банк» және «Цеснабанк»  76 өтінішті мақұлдаған. Қазіргі таңда 47 адам ипотекалық несиені рәсімдеп, жаңа баспанаға қол жеткізіп үлгерген.

Осы тұста облыс тұрғындарына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуда «Банк Центр Кредит» АҚ-ның көш бастап тұрғанын атап өткен жөн. «Банк Центр Кредит» АҚ-ның бөлшек бизнес кеңсесінің басшысы Аида Ипатованың айтуынша әрбір Қазақстан азаматы өзінің жеке баспанасының болғанын қалайды. Ал кейбіреулеріне бұл арман болуы мүмкін. Қазіргі уақытта бұл арманды жүзеге асыру үшін көптеген бағдарламалар бар, солардың ішіндегі ең тиімдісі «7-20-25» бағдарламасы. Бүгінгі күні аталмыш бағдарлама бойынша 50 батысқазақстандықтың өтініші мақұлданып, несиенің бұл түрі ең үлкен сұранысқа ие болып отыр. Батыс Қазақстан облысында және жалпы елімізде «7-20-25» бағдарламасы бойынша ең алғашқы несие «Банк Центр Кредит» АҚ-да рәсімделді. Бағдарламаның негізгі шарттарына сәйкес келетін қазақстандық тұрғындар несие рәсімдеуге өтініштерін бере алады. Ол үшін бұл бағдарламаға қатысып отырған банктерге хабарласып, қажетті құжаттарды жинап, өтініш беру керек. Бағдарламаға қатысушының өз атына тіркелген тұрғын үйі және ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша өтелмеген берешегі болмауы тиіс. Ипотекалық тұрғын үй қарызы тек ұлттық валютамен ғана беріледі және облыс бойынша сатып алынатын баспананың құны 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Кепілдемеге  сатып алынатын жылжымайтын мүлік  қойылады.

Оралдық Талғат Ниязғалиев пен Айнұр Тасмұханова (суретте) –  «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баспаналы болған жас отбасылардың бірі. Қаланың «Солтүстік-шығыс» шағынауданынан қос бөлмелі су жаңа пәтерге қол жеткізген отбасының ипотекалық несие үшін ай сайынғы төлемі  60  мың  теңгені  құрайды екен.

– Баспаналы болғанға дейін ата-анамызбен бірге тұрып келдік. Жұбайым «Қазақтелеком» АҚ-да инженер, өзім №26 мектепте ағылшын тілінің мұғалімімін. Сырым, Сымбат есімді қос құлыншақты  тәрбиелеп отырмыз. «Елбасының бес әлеуметтік бастамасынан» «7-20-25» бағдарламасы туралы алғаш оқығанда шарттарының қолжетімді және тиімді екенін бірден байқап, алғашқы жарнаға қажетті қаражатты жинақтай бастадық. Шілде айына дейін қаражаттың басын құрап, бағдарлама басталар уақытты күттік. Бірнеше банкті аралап шыққан соң, таңдауымыз «Банк Центр Кредитке» түсті. Өйткені құжаттарымызды тапсырған соң, ипотекалық несие ең қысқа мерзімде, яғни екі күннің ішінде рәсімделді. Бастапқыда жаңа пәтері-міздің ішкі әрлеусіз (черновой) екенін көріп, абдырап қалғанымыз рас. Есесіне, пәтерді өзіміз қалағандай әрлеп, ішкі жөндеу жұмыстарын толық аяқтап алдық.

20 пайыздық алғашқы жарна мен ипотекалық несиенің жылдық мөлшерлемесінің 7 пайыздан аспайтыны «7-20-25» бағдарламасының ең тиімді тұсы, – дейді  Айнұр  Әлібекқызы.

«7-20-25» бағдарламасы бойынша тек бірінші тұрғын үй нарығындағы, яғни жаңа баспананы ғана сатып алуға болатыны белгілі. Осы жайтты ескерген «Баспана» ипотекалық ұйымы 11 қыркүйектен бастап «7-20-25» бағдарламасынан бөлек, екінші тұрғын үй нарығындағы баспананы несиелеуге бағытталған арнайы өнімді іске қосты. Жаңа бағдарлама «Баспана хит» деп аталады.

Оған қоса Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында берілген тапсырмаларға сәйкес, «7-20-25» бағдарламасына қатысуға ниет білдірген азаматтардың алғашқы жарнасын арзандату үшін жалпы саны 50 мың данадан кем емес тұрғын үй сертификаттары шығарылатын болады. «Баспана» ипотекалық ұйымының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек,  Қазақстан халқына жыл соңына дейін 10 мыңдай сертификат тапсырылмақ. «7-20-25» сертификаттары бюджеттік сала қызметкерлері үшін алғашқы жарнаны едәуір жеңілдету мақсатында әзірленіп отыр. Сертификаттарды қала және облыс әкімдіктері өз тұрғындары арасында үлестіретін болады.

«Елбасы жергілікті бюджеттен жеңілдетілген ипотеканың алғашқы жарнасын  субсидиялау бойынша жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мәлімдегендей, мұндай тұрғын үй сертификаттарын беру мұғалімдер, дәрігерлер, полиция қызметкерлері және басқа да жергілікті өңірлерге қажетті мамандық иелері үшін ипотеканың қолжетімділігін арттыра түспек. Біз «Нұр Отан» партиясының қолдауымен алғашқы жарнаны азайту бойынша жұмыстарды бастап кеттік. Және аталған шаруаны қызу дөңгелетіп, осы аптадан бастап әр өңірлерде «7-20-25» сертификаттарын бере бастаймыз», – деді «Баспана» ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

«7-20-25» сертификатының орташа номиналы 1 млн. теңгені құрайтын болады. Демек, жергілікті атқарушы құрылымдар тарапынан «7-20-25» бағдарламасына  қатысуды ынталандыру  үшін кем дегенде 50 млрд. теңге бөлінбек.

Айта кету керек, қыркүйек айында «7-20-25» бағдарламасы аясында алғашқы жарнаны арзандату мақсатында «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері әзірленіп, олар өңірлерде іске асырыла бастаған еді. Енді өнімдер біріктіріліп, алғашқы жарнаны азайту бойынша әлеуметтік жұмыс «7-20-25» сертификаттары аясында  кеңінен  жүргізілмек.

Динара    ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Таңғы жаттығудың пайдасы орасан

Күні: , 88 рет оқылды

…Әр күніміздің өзіміз ойлағандай нәтижелі әрі табысты өтуі таңды қалай бастағанымызға байланысты екен. Жасыратыны жоқ, барлығымыз демей-ақ қояйын, бірақ басым бөлігіміз ұйқыдан ояна салысымен теледидар қосып немесе ұялы телефонымызды қолымызға алып, ақпарат әлеміне «сүңгіп» кетеміз. Қыз-келіншектер қауымы таңғы ас дайындаумен қатар бала-шағаны балабақшаға немесе мектепте дайындаудың қамына кіріседі. Осылайша, қарбаласпен жүгіріп жүріп, таңертеңгілік жаттығу жасауды ұмыт қалдырамыз. Жанымыз бен тәнімізді тәулік бойғы аса маңызды күш-қуаттан айырып жатқанымызды жете ұғынбаймыз.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда жүрек-қан тамыры жүйелерiнiң аурулары, қант диабетi, буын және сүйек аурулары сияқты  көптеген жұқпалы емес созылмалы кеселдің белең алуы адамдардың күнделікті қозғалысы аз өмiр сүру дағдысымен тығыз байланысты екен. Батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кез келген дертті болдырмаудың, оның алдын алудың ең тиімді әрі ең арзан жолын ұсынған мамандар таңғы жаттығуларды үзбей жасауды әдетке айналдыруға кеңес береді. Өйткені ұйқы кезінде адамның орталық жүйке жүйесі де тынығады. Сәйкесінше, жүрек соғысы азайып, тыныс алудың баяулайтыны анық. Ал ұйқыдан оянған соң адам ағзасындағы түрлі мүшелер (органдар) де оянып, олардың қызмет белсенділігі артады. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылып кетсе, жүйке жүйесіне салмақ түседі. Нәтижесінде адам күні бойы ұйқысынан ояна алмай, маужырап жүреді немесе өте ашушаң келеді. Спортпен шұғылданбайтын адамның ағзасындағы зат алмасу үдерісі баяулап, иммунды жасушалардың құрылуы бәсеңдейді. Нәтижесінде иммунитет төмендеп, ағза вирустарға төтеп бере алмайды.

Керісінше, таңертеңгілік кем дегенде 10 минут дене жаттығуымен шұғылданған адам күні бойы өзін сергек әрі көңілді сезінеді. Таңғы жаттығулар кезінде адамның миында сан мыңдаған үдеріс алмасып жатады. Ми дене қимылдарының әрекетін күйзеліс ретінде қабылдап, оған қарсы күрес жүргізе бастайды. Ағзадан эндорфин, яғни қуаныш пен ләззат алу гормоны мен пайдалы ақуыздар бөлініп, жүйке жүйелері мен миға тарайды. Сол арқылы адам ойы ұшқыр әрі есте сақтау қабілеті жақсара түсіп, көңіл күйі көтеріледі. Оған қоса жүйелі дене жаттығулары қан айналымы жүйесінің қалыпты қызметіне ықпал етіп, қан қысымы мен жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Физикалық жаттығулар адам бойындағы қорқыныш, мазасыздық, ұйқысыздықтан арылуға көмектеседі.  Сондай-ақ артық салмақтан арылуда да таңғы жаттығудың пайдасы орасан зор. Оған қоса жүйелі жаттығулардың арқасында денеңіздің жаңа мүмкіндіктерге ие екеніне көз жеткізе аласыз. Әдеттегідей тез шаршамайтын боласыз, әрі арқаңызды тік ұстауға дағдыланасыз. Денеңіз де ішкі жан-дүниеңізбен үйлесім тауып, бұрынғыдан иілгіш, икемді бола түседі. Физикалық белсенділіктің артуы нәтижесінде ас қорыту жүйесінің жұмысы  жақсарады.

Спорт адамның рухани әлемі үшін де маңызды. Күйзеліске ұшыраған сәттерде дене жаттығуларына ерекше ден қойсаңыз, жаңа құлшыныс пен тың серпін арқасында өзіңізге деген сеніміңіз нығайып, өмірге құштарлығыңыз  арта  бастайды.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, отбасында таңғы жаттығу жасауды дағдыға айналдыру арқылы тек өзіңіздің ғана емес, ұл-қызыңыздың да денсаулығының мықты, ерік-жігерінің мығым болуына жағдай туғызасыз. Әлемде орасан зор жетістіктерге қол жеткізген ұлы тұлғалардың барлығы ерте тұрушылар қатарынан екен. Қазағымыз да «Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деп бекер айтпаған.

Денсаулықтың баға жетпейтін басты байлық екенін ескерсек, арайлап атқан әр таңымызды дене жаттығуымен бастау арқылы өмір сапасын арттыруға, айналамыздағы адамдарға қуанышты көңіл күй сыйлап, жемісті де еселі еңбек етуге болатынын жадымыздан шығармайық.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ


Нан қымбаттамайды

Күні: , 46 рет оқылды

Екінші  қазан күні ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2018 жылдың 9 айындағы инфляция деңгейі мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын тұрақтандыру шаралары талқыланды. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу жауапкершілігі, бірінші кезекте, жергілікті атқарушы құрылымдарға жүктелген. Үкімет отырысына қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов облыстағы азық-түлік бағасының тұрақты екенін мәлімдеді.

– Ағымдағы жылдың қыркүйек айында жалпы инфляция деңгейі 3,2 пайызды құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 0,8 пайызға төмен көрсеткіш. Азық-түлік тауарларының бағасы, өткен жылмен салыстырғанда, 1,3 пайызға төмендеді. Азық-түлік емес тауарлар 1,3 пайызға, ақылы емес қызмет 0,5 пайызға өсті. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,6 пайызға төмендеді. Жыл басындағы бағамен салыстырғанда, картоп 23 пайызға, яғни 105 теңгеден 80 теңгеге дейін, пияз 10,5 пайызға – 95 теңгеден 85 теңгеге дейін, жұмыртқа 17 пайызға, күнбағыс майы 1,2 пайызға төмендеген. Өткен аймен салыстырғанда, пияз бағасы 15 теңгеге, сәбіз 30 теңгеге, картоп 10 теңгеге арзандады. Сонымен қатар қант бағасының 17 пайызға, макарон өнімдерінің 14 пайызға өсуі байқалып отыр, – деді Алтай Сейдірұлы.

Облыс басшысының айтуынша, азық-түлік нарығындағы бағаны тұрақтандыруда әр апта сайын өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесінің пайдасы зор. Жыл басынан бері облыс бойынша 127 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде жалпы құны 383 млн. теңгені құрайтын өнім сатылған.

– Жергілікті тауар өндірушілерге көкөніс және нан өнімдерін тікелей сату үшін 65 сауда орны берілді. Сондай-ақ қаладағы супермаркеттердің сөрелерінде ең аз қосымша құнмен әлеуметтік маңызы бар тауарлар сату үшін әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеуде. Бағаны тежеу үшін аймақтық тұрақтандыру қорының ресурстары тартылды. Қазір тауар интервенциясы өткізілуде. 62 тонна қант, 195 тонна ұн, 96 мың литр күнбағыс майы, 60 тонна қарақұмық жармасы және 60 тонна күріш сатылды. 980 тонна картоп сатып алуға форвардтық келісімшарттар жасалды. Сауда желілеріне өнімді делдалсыз және қосымшасыз тікелей жеткізу бағытында жергілікті тауар өндірушілермен және көтерме жеткізушілермен өнімді ең төменгі бағамен сату туралы келісімге қол жеткізілді. Өңірде 8 жыл қатарынан қуаңшылық болды.  Тұрақтандыру қорына ұн сатып алуды жоспарымызға енгіздік. Нан бағасының қымбаттауына жол берілмейді, – деп мәлімдеді баяндамасында облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Қазына қаржысы нақтыланды

Күні: , 33 рет оқылды

Кеше  облыстық  мәслихаттың  кезекті  19-сессиясында  ҚР  Бюджет  кодексінің  талаптарына  сәйкес,  Елбасының  Қазақстан  халқына Жолдауының  басым  бағыттары  және  Президенттің бес әлеуметтік  бастамасы негізінде  2018  жылға арналған  облыс  бюджеті  нақтыланды.  Сессия жұмысына  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов қатысты.

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараевтың мәлімдеуінше, әлеуметтік салаға бағытталған 301 млн. теңге шамасындағы қаражаттың негізгі бөлігі Қазталов және Сырым аудандарындағы мәдениет үйлерінің құрылысын жалғастыруға және Қазталов ауданындағы музыкалық мектептің құрылысын аяқтауға жұмсалмақ. Сонымен қатар тұрғын үй құрылысына 321,8 млн. теңге қаражат жолданбақ. Соның ішінде Теректі және Тасқала аудандарында көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысын жалғастыруға 180 млн. теңге бөлінбек. Оған қоса 141,8 млн. теңге қаражат Тасқала, Қазталов аудандарында және Орал қаласында үш нысанның құрылысын аяқтауға қарастырылды. Ал инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды  дамытуға жұмсалатын 132,2 млн. теңге қаржы есебінен Ақжайық, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Қазталов аудандары мен облыс орталығында қолға алынған жобаларды аяқтау көзделіп отыр. Облысымыздың алты ауданында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға 308,6 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар Бөкей ордасы ауданының Әжен және Кеңой ауылдарында-ғы су құбырының құрылысы да осы қаражат есебінен аяқталмақ.

Ауылдық елді мекендерді газбен жабдықтау жұмыстары да оңды жалғасын таппақ. Бұл мақсатқа 351,7 млн. теңге жоспарланып, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Жаңақала және Шыңғырлау аудандарындағы 11 елді мекен мен 32 әлеуметтік нысанды табиғи отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қорытындыланбақ. Сондай-ақ нақтыланған қаражат есебінен Ақжайық және Қазталов аудандарының ауылішілік жолдарын күрделі жөндеуді аяқтауға 93 млн. теңгеден астам қаражат бағытталды. Жалпы, қазіргі таңда облыстық бюджет 137,2 млрд. теңгені құрайды.

Сессия отырысында былтыр облыстық мәслихат депутаттары бекіткен жергілікті мемлекеттік жеке меншік әріптестік аясындағы 12 жобаның алтауын жеке әріптестер тарапынан өтінімдердің түспеуіне байланысты қысқарту және бес жаңа жобаны қосу туралы шешім қабылданды. Олардың қатарында жалпы құны 133 млн. теңгені құрайтын облыстық клиникалық аурухана ғимаратында асхананы жалға алу, күрделі жөндеу және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жобасы, Ақжайық аудандық орталық ауруханасына лизингке компьютер томографын сатып алу (жоба құны 379 млн. теңге) жобасы, қалалық көпбейінді ауруханаға құны 370 млн. теңгені құрайтын ангиографты лизингке сатып алуға, 2,2 млрд. теңгеге бағаланған Зеленов ауданының Переметный ауылындағы көлік жолдарын күрделі және орта жөндеу жобасы, Зеленов ауданында «Сұңқар смарт-сити» қондырғыларын орнату және қызмет көрсету (жалпы бағасы 452 млн. теңге) жобасы бар.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева Зеленов ауданы атауын Бәйтерек деп атау жөніндегі мәселе бойынша барлық 22 ауылдық округте жергілікті қоғамдық жиналыстар өткізілгенін, 24 қыркүйекте аудан орталығында көпшілік тыңдау ұйымдастырылғанын жеткізді. Содан кейін Зеленов аудандық мәслихатының тұрақты комиссиясында қаралып, аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың бірлескен хаттамасы қабылданды. Осыны мәлім еткен А. Мыңбаева облыстық мәслихат депутаттарынан ҚР Үкіметі жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның қарауына Зеленов ауданының атауын Бәйтерек ауданы деп қайта атау жөнінде ұсыныс енгізуді қолдауын сұрады. Халық қалаулылары Бәйтерек атауын бірауыздан мақұлдады.

Сессия отырысында 1941 жылы Астрахан облысы Краснояр ауданында дүниеге келіп, облыс және республика көлемінде көптеген басшылық қызметтерді абыроймен атқарған, соның ішінде 1986-1993 жылдары Батыс Қазақстан облысына басшылық еткен мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат Нәжімеден Есқалиевке өңірдің саяси-әлеуметтік, мәдени-экономикалық және рухани дамуына қосқан зор үлесі үшін «Батыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» атағы берілді. Марапатты иесіне табыстаған облыс әкімі Алтай Көлгінов қиын жылдарда, өтпелі кезеңде облысты басқарып, жанкештілікпен еңбек еткен Нәжімеден Ихсанұлына алғыс айтып, ақжарма тілегін арнады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Нариман ТӨРЕҒАЛИЕВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Каржы мектепке окушымен бірге келеді…»

Күні: , 84 рет оқылды

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Нариман Төреғалиев Парламентпен өткен сессияда мақұлданған маңызды құжаттардың бірі –  «Қазақстан Республикасының жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екенін айтады. Оған сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлерін қазақстандықтарға жалға беру нормасын сақтау және жетілдіру; ауыл шаруашылығы жерлерінің жалға берілетін шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу; шекара аумақтарындағы ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану талаптарын күшейту; тұрғындардың жайылым алқаптарына деген қажеттіліктерін қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелер қамтылған.

Жаңа заңнамаға сәйкес жерлерді тиімді пайдалану үшін талаптар күшейтілмек. Осы мақсатта заң жобасында тұрақты мониторинг жүргізу көзделген. Жалдау уақытының алғашқы 5 жылында жыл сайын, одан кейінгі кезеңдерде суармалы егістікте 3 жыл сайын, тәлімді жерлерде 5 жыл сайын жүргізілетін болады. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жерлер тізбесіне сәйкес беріледі. Жалдау шартындағы міндеттердің бірі орындалмағаны анықталған жағдайда келісімшартты өкілетті орган біржақты бұзуға құқылы.  Мемлекеттік шекараның аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері тек Қазақстан азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана жалға беру құқығында берілетін болады. Ал мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы жерлері қазақстандықтарға да берілмейді. Бұл аумақтарда ауыл шаруашылығы жерлерін жайылым, шабындық ретінде ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Елбасы Н. Ә. Назарбаев еліміздегі орта білім беруді жан басына қаржыландыруға сатылап көшіруді қамтамасыз ету қажеттігін баса айтып, мектептер арасындағы бәсекелестікті арттыруды тапсырған болатын. Сенатордың айтуынша, «ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы»  қабылданып,  жүзеге  асуда.

– Білім беру саласын жан басына қарай қаржыландыру жүйесі мектептер арасындағы бәсекелестікті күшейтіп, білім беру сапасын көтереді. Өйткені оқушылар мен олардың ата-аналарында жақсырақ мектепті таңдауға мүмкіндік пайда болады, ал ақша мектепке оқушымен бірге келеді. Ал, әр оқушыға бөлінетін қаржы есебінен мұғалімдердің еңбекақысы, жұмыс берушінің жарналары, қызметкерлердің жыл сайынғы төленетін еңбек демалысына бір лауазымдық жалақы мөлшеріндегі сауықтыруға арналған жәрдемақы шығындары және мектептің өзге де шығындары жатады.

Осы жерде айта кететін бір жайт – жан басына шаққандағы қаржыландыру тек қалалық және аудандық мектептерде жүзеге асады. Ал ауылдардағы аз толымды мектептерде қаржыландыру-дың бұл түрі тиімсіз деп танылып отыр. Қазір төрт облыста пилотты жоба негізінде қолға алынды. Болашақта кезең-кезеңімен бала саны аз мектептерді қоспағанда, барлық мектепте біртіндеп енгізіле бастайды, – дейді сенатор.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі денсау-лық сақтау саласы жұртшылық  тарапынан ең сынға жиі ұшырай-тын сала екенін айтады.

– Өздеріңіз білетіндей, жыл басында еліміздің бірқатар өңірінде тегін берілетін дәрі-дәрмек тапшылығы орын алды. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында қатерлі ісікпен, қант диабетімен ауыратын науқастар дәрі таппай қиналды. Өңірге ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың өзі келді, арнайы комиссия құрылып, мәселенің мән-жайы анықталды. Алайда халықпен кездесулерде осы дәрі тапшылығы, бағаның қымбаттауы сияқты сұрақ қайта-қайта көтері-ліп жатыр. Тіпті өзге облысты айтпағанның өзінде, бір қалада  дәрі-дәрмектің бағасы әр түрлі.

Осыған орай Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің ұйымдастыруымен парламенттік тыңдау өтіп, саладағы қордаланған мәселелер талқыланды. Шалғай ауылдарда дәрігерлер, әсіресе, көз дәрігері, тіс дәрігері сияқты белгілі бір салаға маманданған дәрігерлер жетіспейді. «Жедел жәрдем» көлігіне қатысты қиындықтар бар. Кешегі кездесулерде Тайпақ, Жалпақтал ауылының тұрғындары ауылдағы ауруханаларға бұрынғы аудандық аурухана дәрежесін кері қайтарып беруді сұрады. Бұл мәселені әріптесім Ерболат Рахметұлы екеуміз Сенат отырысында депутаттық сауал ретінде көтермекпіз, – дейді Нариман Төреғалиұлы.

Елбасы Жолдауын іске асыру аясында 2018 жылғы 1 шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау әдістемесі өзгергені мәлім. Бірақ халық арасында осы зейнетақы өсіміне қатысты «Менікі дұрыс есептелмеді» деген сияқты өкпе-реніштер бар. Сенатордың мәлімдеуінше, барлық зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшері еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болады. Бұл ретте зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі, біріншіден, 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін жинақталған және нақты зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынған еңбек өтілі, екіншіден, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдері негізінде есепке алынады. Мәселен, еңбек өтілі 33 жыл және одан көп болған азаматтар базалық зейнетақының ең төменгі күнкөріс деңгейінің жоғары мөлшері 100% алатын болады. Зейнетақыны есептеу барысында еңбек өтілі ғана емес, егер зейнеткер әйел адам болса, бала туып, баланы үш жасқа дейін тәрбиелеп отырған кезеңдері де ескеріледі. Және бала 16 жасқа дейін мүгедек болса, сол мүгедек баланы тәрбиелеп, асыраған ананың да еңбек өтіліне бұл жылдар қосылады. Сондай-ақ 1, 2-топтағы мүгедектерге күтім жасаған азаматтардың жылдары еңбек өтіліне енгізіледі.

– Жұртшылықпен жүздесулерде үнемі айтып жүреміз. Шаруа қожалықтары бар, кәсіпкерлер бар, көпшілігі осы зейнетақы аударымдарына мән бермей жатады. Кейбір жұмыс берушілер салықтан жалтару үшін немесе ақшаны үнемдеу үшін жалақыны жұмысшыларға конвертпен береді. Ал жұмысшы жастайынан үзіліссіз еңбек етсе де, ертең зейнет жасына жеткен кезде өкініштен санын соғып қалады, – дейді  Н. Төреғалиев.

Осы тұста елімізде зейнетақы жарналарының үш түрі бар екенін айта кеткен жөн. Міндетті зейнетақы жарналары азаматтардың,  міндетті кәсіби зейнетақы жарналары жұмыс берушілер тарапынан зиянды жағдайда жұмыс істейтін жұмысшылардың есебіне ауда-рылса, үшінші – ерікті зейнетақы түрлері өзінің зейнет жасын жоспарлап, қарттық шақтағы қажеттіліктеріне қаражат жинауға ниетті азаматтарға арналған.

– Жұртшылықпен кездесулерде, жеке қабылдау кезінде түрлі мәселе көтеріліп жатады. Батыс Қазақстан облысында халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында қыруар жұмыс атқарылуда. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында өңірде табиғи газбен, сапалы таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі біртіндеп күн тәртібінен түсіп келеді. Мәселен, жақында Жаңақала ауданында болғанымызда Жуалыой елді мекенінің тұсындағы Құлшық жерасты су қоймасы арқылы ауданның сегіз елді мекені, яғни аудан халқының 70 пайыздан астамы таза суға қол жеткізіп отырғанын көрдік.  Бұл – бір ғана мысал. Жалпы, ауыл-елдің қайсысы да «Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көріп  отыр, – дейді депутат.

Нариман Төреғалевтің айтуынша, кездесулер барысында ауыл шаруашылығы мамандары мал азығын дайындау үшін мемлекет тарапынан берілетін субсидияның екі жылдан бері тоқтап қалғанын, соны қайтадан қолға алса, дұрыс болар еді деген ұсынысын жеткізген екен. Ауылдық жерлердегі маман тапшылығы, ауданаралық және ауылішілік  жолдарды жөндеу мәселелері де  көтерілген.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі» 


«URALSK JOB FAIR – 2018»

Күні: , 38 рет оқылды

Кеше  Орал  қаласындағы  Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма театрының  фойесінде «URALSK  JOB  FAIR  – 2018» жастарға  арналған  бос  орындар  жәрмеңкесі  өтті.

Бұл жастарға арналған биылғы жылғы екінші жәрмеңке. Сәуір айындағы жәрмеңкеде 500-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған екен. Онда алпыстан астам жас тұрақты жұмысқа орналасып, екі жүзге жуығы «Жастар тәжірибесі», «Жасыл ел», «Студенттік құрылыс жасақтары» және өзге де әлеуметтік жобалар аясындағы маусымдық жұмыстарға тартылған.

– Биыл 15 мыңнан астам жас оқу орнын бітірді, соның ішінде тоғыз мыңнан астамы жоғары, бес мыңнан астамы арнаулы оқу орындарының түлектері. Біз ең алдымен қолына дипломын енді ғана алған жастарды жұмысқа орналастыруға күш саламыз. Орал қаласы мен аудандардағы бос жұмыс орындарын жинақтап ұсынумен қатар, халықаралық және мемлекеттік бағдарламалар туралы кең көлемді мағлұмат береміз.  Бұл жолы «URALSK JOB FAIR – 2018» жәрмеңкесінде 70-тен астам жұмыс беруші қатысып, 700-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды. Ірі өндірістік кәсіпорындар мен қаржы секторын айтпағанның өзінде, барлық он екі ауданның денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт мекемелерінің басшылары арнайы келіп, жастарды ауылға жұмысқа шақырды, – дейді облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аян Сақошев.

Мұғалімдер мен дәрігерлер тапшылығы – барлық ауданға ортақ түйткілді мәселе. Мәселен, бір ғана Сырым ауданына 35 мұға-лім және 7 медицина қызметкері қажет. Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиевтің айтуынша, осындай жәрмеңкелердің маман тапшылығын азайтуға  септігі  мол.

Батыс Қазақстан жоғары медициналық колледжінің түлегі Ақылбек Хамитов аталмыш жәрмеңкенің жас түлектер мен жұмыссыз  жастар  үшін аса  қажетті  шара  екенін  айтады.

– Мамандығым – фельдшер.

Еңбек жолымды ауылдан бастамақпын. Жәрмеңкеде Жаңақала, Бөрлі, Зеленов және Теректі аудандарының өкілдеріне жолықтым. Әзірге «Жастар тәжірибесінің» мүмкіндігін пайдалануды ұсынып отыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасып, баспаналы болып, ауылда тұрақтап қалғым келеді, – дейді  мақсатшыл  жас.

Орал қаласындағы «ПОШ Руно», «Орал кабель», «Орал полимер» және «As&Ar Collection» ЖШС-ларының өкілі Марат Нұрымгереев жәрмеңкеде отыздан астам бос жұмыс орнын ұсынып отыр.

– Жастардың өздеріне ұсынылып отырған мүмкіндікті молынан пайдаланып қалғандары жөн. Жәрмеңкеде тек жастардың ғана емес, орта және егде жастағы азаматтардың да түйіндемелерін қабылдадық. Өңірдегі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындар болғандықтан, бізде мамандарға ұдайы сұраныс бар. Соның ішінде, дәнекерлеуші, кабельші, тас төсеуші, кран және трактор жүргізушілері аса қажет, – дейді ол.

Ұйымдастырушылар жастар арасында жәрмеңкелердің танымалдылығы артып келе жатқанын  айтады.

Шара барысында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының бизнес-тренерлері семинар-тренингтер ұйымдастырып, жастарға жеке кәсіп ашу, кәсіпкерлік нысанын  тіркеу, несиелер мен демеуқаржы алу арқылы кәсіпті кеңейту бағытында  кеңестер  берді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Көпір қыркүйекте іске қосылады

Күні: , 119 рет оқылды

Сейсенбі күні облыс басшысы Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев шаһардағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарымен танысты.

Алдымен Депо көпірін қайта жөндеу жұмыстарының барысын қадағалаған облыс әкімі аталмыш жол өткелінің оралдықтар үшін аса маңызды нысан екенін ерекше атап өтті. Салынғанына жарты ғасырдан асқан көпір сол уақыттан бері жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен болатын. Ұзындығы 536 метрді құрайтын көпір өткелі өткен жылы толықтай бұзылып, қайта құру жұмыстары «ҚПО б. в.» есебінен қаржыландырылды. Жобалық-сметалық құжаттама бойынша күрделі жөндеу 24 айға жоспарланғанымен, бас мердігер «КА-Строй LTD» ЖШС нысанды мерзімінен бұрын тапсыруды көздеп отыр. Серіктестік прорабы Данияр Дәулетбаевтың айтуынша, көпірді қайта құру жұмыстарына 55 адам жұмылдырылған. Қажетті құрылыс материалдары мен жұмыс күші жеткілікті. Жоспарланған жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Көпір ағымдағы жылдың қыркүйек  айында  пайдалануға  берілмек.

Бұрын көпірдің ені сегіз метр болса, жөндеу жұмыстары аяқталған соң ені екі есеге ұлғаймақ.

Оған қоса ені 15 метрге жуықтайтын төрт жолақты аутокөлік жолының қос қапталында екі жарым метрді құрайтын жаяу жүргінші жолдары салынуда. Мердігер компания басшылығымен, құрылыс-шылармен тілдескен Алтай Көлгінов көпір өткелін қайта құру жұмыстарының сапалы әрі ырғақты жүргізілуін тапсырды.

Бұдан соң облыс әкімі М. Мәметова көшесіндегі аутокөлік жолын күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы құны 581 749 мың теңгені құрайтын жобаны «ҚПО б. в.» компаниясы қаржыландыруда.

Облыс басшысы мердігерлерге жөндеу жұмыстарын жаздың жауын-шашынсыз жайлы ауа райын ұтымды пайдаланып, мерзімінен бұрын аяқтау қажеттігін айтты.

«Күрделі жөндеу жасалып жатқан Неусыпов көшесінен Петровский көшесіне дейінгі М. Мәметова көшесінің бұл бөлігінде көлік қозғалысы мол, халық тығыз қоныстанған. Сондықтан жолға түсетін салмақ мол. Жол қабатының сапасы, технологиясы қатаң сақталуы басты назарда болуы  тиіс» –  деді  облыс  әкімі.

Мердігер компания «Nursat» ЖШС-ның учаске басшысы Бақтияр Қарабасовтың айтуынша, күрделі жөндеу ағымдағы жылдың сәуір айында басталып, күні бүгінге дейін жұмыстың 45 пайызы орындалған. М. Мәметова көшесінің Неусыповтан Петровский көшесіне дейінгі және Петровский көшесінің М. Мәметова көшесінен Депо көпіріне дейінгі бөлігін күрделі жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының ортасына  дейін  аяқтау  жоспарланған.

Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаевтың мәлімдеуінше, биыл қаланың 50 көшесі күрделі, орташа және қайта жөндеуден өтпек. Бұл жұмыстарға шамамен 7,5  млрд. теңге қаржы қарастырылған. Ең алдымен, қаланың орталық және қозғалыс қарқындылығы жоғары магистральды көшелері, сондай-ақ қоғамдық көлік  жүретін  жолдар  қамтылады.

Сонымен қатар биыл инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында мердігер «Уральскводстрой» АҚ облыс орталығында жалпы ұзын-дығы 2629,5 метр құрайтын қос жылу магистралін қалпына келтіруде. Жобаның жалпы құны 1,2 млрд. теңге. Қазір 106 тұрғын үй мен сегіз әлеуметтік нысанды қамтитын №2 жылу магистралін қалпына келтіру жұмыстары аяқтала келді. Биыл төрт негізгі жылу магистралінің қалпына келті-рілетінін айтқан облыс әкімі келер жылы шаһардағы жылу электр стансасын қайта құру жұмыстары қолға алынатынын жеткізді. Нәтижесінде жалпы құ-ны 1,9 млрд. теңгені құрайтын ұзындығы 4,9 метр төрт жылу магистралі жаңартылып, 255 тұр-ғын үй мен 35 әлеуметтік нысан қамтылмақ.

Бұдан соң облыс әкімі Некрасов көшесі, 22-үйдің тұрғындарымен кездесті. 1868 жылы қабырғасы қаланған 12 пәтерлік ескі  үй 2011 жылы апатты деп танылған болатын. Оның орнына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында «Батыс Қазақстан құрылыс материалдары корпорациясы» АҚ 55 пәтерлік бес қабатты   үй  тұрғызбақ.

Құрылыс жұмыстарын келер жылдың желтоқсан айында аяқтау көзделген. Апатты үйдің 12 отбасына жаңа үйден баспаналар тегін беріледі. Қалған пәтерлердің жартысы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшыларына беріліп,  жартысы  сатылады.

— Орал қаласында 40-тан астам апатты жағдайдағы, 200-ден астам ескі үй бар. Бұл үйлерде 1448 адам тұрады. Екі жылдан бері мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында апатты үйлерді модернизациялау жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір он екі апатты үй сүрілді, жыл соңына дейін тағы он үй бұзылатын болады. Мысалы, бүгін сүрілген ескі үйде адамға қажетті жағдай жоқ болатын. Оның орнына жаңа үй салынып, тұрғындарға жеке меншікке өзінің бұрынғы тұрған шаршы метріне сай жаңа заманауи  пәтерлер  береміз.

Бүгінгі күні Деповская көшесі, 18-үй пайдалануға берілді. Тағы бес көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2-шақырым, Гагарин 1, Құрманғазы 198 мекенжайларында орналасқан тағы үш үй пайдалануға беріледі. Біріншіден, тұрғындардың қауіпсіздігі мәселесі шешілуде. Екіншіден, қаламыздың көркі жаңаруда, – деді облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Алена  ДЮСЕМБАЕВА,

Некрасов көшесі, 22-үйдің тұрғыны:

– Бұл апатты жағдайдағы үйде отбасыммен 1996 жылдан бері тұрамын. Барлығы 12 отбасы, дені жас жанұялар мекендеп келдік. Үйдің жағдайын бір-екі ауыз сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қабырғалары жарылып, шатыры құлайын деп тұрды. Электр желілері жиі істен шығып, бірнеше рет өрт шықты.

Апатты деп танылғанда, жаңа баспанаға  ие боларымызға сенбегеніміз рас. Осыдан он шақты күн бұрын бәрімізді уақытша тегін баспаналарға көшірді. Бүгін облыс әкімінің өзі келіп жағдайымызды сұрап, құрылыстың басталуын қадағалап жатқанын көріп, қуанып қалдық. Жаңа баспанаға көшетін күнді асыға күтіп жүрміз.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал   өңірі»


Мал азығын өзі өсіреді

Күні: , 114 рет оқылды

Негізгі табыс көзін малдан тауып отырған ауылдағы ағайын үшін жаздың бір күні жылға азық. Соның ішінде шөп шабу және жинау науқаны – аса жауапты кезең. Мамандар биыл өңірде табиғи шөптің шығымы аз болғандықтан, сонымен қатар маусым айындағы салқындықтың шөптің көтерілуіне кедергі келтіргендіктен, мал азығының тапшылығы орын алып отырғандығын айтуда. Жан-жаққа сұрау салғанымызда, аудан-ауылдағы шаруалардың да алаңдаушылығы басым екенін аңғардық. Шөптің шығымы аз болғандықтан, мал азығының нарықтағы бағасы аспандап тұр. Мәселен, Зеленов ауданында бір арба шөптің құны 40 мың теңгеге жетсе, Ақжайық ауданында шөптің бір орамасы 5-6 мың теңгеге сатылуда.

«Жыл сайын тек табиғатқа үміт артып, алақан жайып отыра беруге болмайды. Малды құнарлы жем-шөппен қамтамасыз етудің ең тиімді жолы – мал азығын қолдан өсіру» — дейді Тасқала ауданына қарасты Шежін-1 ауылындағы «Сүндетқалиев» шаруа қожалығының басшысы Аймырза Сүндетқалиев.

Осыдан төрт жыл бұрын құрылған шаруа қожалығының иелігінде бүгінде үш «Беларусь» тракторы, бір Т-4 және бір комбайн бар. Биыл тағы бір су жаңа трактор сатып алып, техникасын түгелдеп алған шаруашылықтың әлеуеті артып, шаруасы күйленіп келеді.

Алғашында кәсібін 60 бас аналық және бір бұқамен бастаған шаруашылықта қазір тоқсан бас ірі қара бағылады. Жылына отыздан астам бұқашық бордақылауға қойылып, таза салмағы 200 келіге толғанда сойылады, ал еті көрші облыстарға саттыққа шығарылады.

Малдың жайын баққан біледі. Мал басын көбейту үшін сапалы әрі мол азық керек екенін жақсы түсінген шаруа соңғы жылдары көпжылдық және біржылдық шөп өсіруді қолға алған. Бос жатқан жерді жыртып, оның 115 гектарына көпжылдық шөп, 40 гектарына судан жүгерісін және 65 гектар аумаққа бидай отырғызған.

Мамандығы агроном болмаса да, ұзақ жыл ауыл шаруашылығы саласында абыройлы еңбек еткен әкесі Ахмет ақсақалдың ақыл-кеңесінің және тәуекелшілігі мен талабының арқасында атакәсіпті дөңгелентіп отырған азамат отбасын ғана емес, ауылдастарын да жұмыспен қамтып отыр. Қазір шаруашылықта үш адам тұрақты жұмыс істеп жүрсе, маусымдық жұмыстар кезінде жұмысшылар қатары артады.

— Маусым айында күн күрт салқындап, шілдеде керісінше аптап ыстық соққанмен, шөптің шығымы тым тәуір. Соңғы күндері жауған жаңбырдан соң тағы біраз көтеріліп қалды. Қазір көпжылдық мал азығының елу гектарынан 300 орама шөп жиналды. Бір жылдық шөптің де шығымы жақсы. Судан жүгерісі мен бидайға тамыз айының ортасында орақ саламыз деп жоспарлап отырмыз. Көбі ауыл десе, ат тонын ала қашады. Ауылды қазақтан басқа кім көтереді?! Қазір үкімет «төрт түлік мал ұстаймын, егіншілікпен, бау-бақшамен айналысамын» деген азаматтың қолын қағып жатқан жоқ.

Керісінше, түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер ұсынып, демеу болуда. «Табыстың кілті — атакәсіпте» дейді зеңгі баба тұқымын төскейге өргізіп, ырыздық-несібесін жерден тапқан Аймырза Сүндетқалиев.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Тасқала  ауданы


«5 жастан мектепке бару міндет емес»

Күні: , 1 374 рет оқылды

Биыл елімізде балаларды бірінші сыныпқа қабылдау ережесі өзгерді.  Осы уақытқа дейін алты жасқа толған балалар ғана бірінші сыныпқа қабылданатын. Ел Үкіметінің 2018 жылдың 10 мамырдағы қаулысына сәйкес ағымдағы жылдың соңына дейін алты жасқа толатын балалар да бірінші сыныпқа қабылданады.

Білім заңнамасындағы бұл өзгерісті болашақ оқушылардың ата-аналары әр түрлі қабылдап отыр. Бірі қазіргі мектеп бағдарламасының күрделілігін алға тартып, балаларының ерте бастан партаға отырғанына қарсылық танытса, өзгелері керісінше бала мектепке неғұрлым ерте барса, оқу бағдарламасын тез әрі жеңіл қабылдайды деген пікір білдіруде.

— Бірінші сыныпқа қабылдау ережесі өзгергенін тұңғышым балабақшаны бітірер кезде білдім.

Қызым желтоқсан айында алты жасқа толады. Құжаттарды алып,

Орал қаласындағы бір мектепке бардым. Мектеп директоры алғашында даярлық сыныбына қабылдаймыз деп құжаттарымызды алып қалғанымен, бірер күннен соң қызымның бірден бірінші сыныпқа қабылданатынын айтты. «Жоғарыдан келген бұйрық солай, жыл соңына дейін алты жасқа толатын балалардың барлығы даярлық сыныбына емес, бірінші сыныпқа қабылдануы тиіс» деп отыр. Қазір қызымды ақылы даярлық курсына апарып жүрмін.

Даярлық сыныбына бармағандықтан, мектеп бағдарламасын меңгеріп кетуі қиын болатын шығар, — дейді алғашқы оқу жылы жақындаған сайын көңілі алаңдаған Орал қаласының тұрғыны Бибігүл Ержанова.

Ал бес жасар Қарақаттың анасы Кәмшат Өскінова заңдағы өзгеріске қуанып отыр. «Қазан айында алтыға толатындықтан, келер жылға дейін күтудің қажеті шамалы. Қызым өз қатарластарымен бірге оқитын болды» дейді ол.

Бірінші сыныпқа қабылдау ережесіндегі өзгерістер әлеуметтік желілерде қызу талқылануда. Әсіресе, Whatsapp  желісінде «биыл алтыға толатын баламды даярлық сыныбына қабылдамай жатыр», «келер жылдан бастап даярлық сыныбы мүлдем болмайды екен» деген ақпараттар желдей есіп жүр.

Мәселенің анық-қанығын білмекке облыстық білім басқармасына бардық. Басшының орынбасары Зәуре Ғұмарованың айтуынша, осыған дейін бірінші сыныпқа ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінде толық алты жасқа толған балалар қабылданып келген еді. Алайда аталмыш талап ата-аналардың наразылығын тудырғандықтан, дайындық деңгейіне қарамастан, ағымдағы күнтізбелік жылы алты жасқа толатын барлық баланың бірінші сыныпқа қабылдануын қамтамасыз ететін жаңа талап енгізіліп отыр. Алайда бұл барлық бес жасқа толған балаларды мектепке дейінгі ұйымдардан шығару дегенді білдірмейді.

— Қазіргі таңда бұл мәселе Орал қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында көтеріліп келеді. Қалалық білім беру бөлімі бес жасқа толған балалар бойынша талдаулар жасап, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Кейбір ата-аналар заңдағы өзгерісті дұрыс түсінбей жүр. Ережеде қыркүйек-желтоқсан айларында туған балалардың биылдан бастап 1-сыныпқа бара алатыны туралы жазылған. Ешкім де бес жасар баланы даярлық сыныбына емес, бірінші сыныпқа беруге тиіссің деп міндеттеп отырған жоқ, — дейді Зәуре Базарғалиқызы.

Облыс орталығында мектепалды даярлық мектеп жанындағы 28 шағын орталықта және 42 мектептегі даярлық сыныптарында  жүзеге асырылса, олардың елуі балабақша режімінде, яғни таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді.

— Микроучаскелер бойынша сұрақтар өте көп түседі. Білім алушының ата-анасы немесе өзге де заңды өкілі білім алу үшін кез келген білім беру ұйымын таңдауға құқылы. Бірінші кезекте тұрғылықты жері бойынша сол мектеп аумағындағы балалар қабылданады,  қалған орындарға ата-анасының өтініші негізінде өзге аумақтарда тұратын балалар орналастырылады, — дейді З. Ғұмарова.

Мектепке құжат қабылдау уақыты 1 маусым мен 30 тамыз аралығын қамтиды. Қажетті құжаттар тізімінен бұған дейін міндетті болған мекенжай анықтамасы алынып тасталды. Яғни ата-ананың және өзге де заңды өкілінің өтініші, баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, денсаулық жағдайы туралы анықтама және екі дана 3х4 көлеміндегі фотосурет қажет. Білім беру ұйымына қабылдаудан бас тартқан жағдайда ата-аналар облыстық білім басқармасына 26-04-68, 26-04-65 және 26-05-04 телефондары арқылы шағымдана алады.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Есіктері құлыптанбайтын ауыл

Күні: , 642 рет оқылды

Ауыл десе, көңілі алаңдамайтын қазақ аз шығар. Өйткені ауыл мен қазақ – бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғымдар. Жасыратыны жоқ, бір кездері тірлігі қыз-қыз қайнап, шаруашылығы жайнап, атағы шекара асып дүркіреген талай ауылдың нарық заманына көшу кезеңінде бары мен нары талан-таражға ұшырады. Елдің тұрмысы тұралап, екі қолға бір жұмыс іздеген ауыл халқы қалаға үдере көшті. Ал мұндай ауылдардың еңсесін тіктеп, қатарға қосу қажырлы еңбекпен қоса, қыруар қаржыны да талап еткені рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ауылды дамытуға және ауылдық елді мекендерді көркейтуге арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, жүзеге асырылды. 2002-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы», 2004-2010 жылдардағы «Ауылдық аймақтарды дамыту», «Дипломмен ауылға», «Жұмыспен қамту – 2020» атты мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануы ауылдықтардың еңсесін көтеріп тастады. Көзделген меже, басталған іс аяқсыз қалмай, «Мал шаруашылығын дамытудың 2016-2020 жылға дейінгі» және «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламаларымен лайықты жалғасын тапты. Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында ауылдарымыз жылдан-жылға ажарына ажар, көркіне көрік қосып, заман көшіне ілесіп жаңарып келеді. Бәз баяғы қалпын сақтап, өзгермеген тек бір нәрсе бар. Ол ауыл халқының кең пейілі мен дархан көңілі, ақ ниеті мен бауырмал мінезі ғана.

Орал қаласынан 150 шақырым қашықтықта орналасқан Оян ауылы – Тасқала ауданына қарасты Қосшы ауылдық округінің орталығы. Екі мыңыншы жылдарға дейін Мартынов деп аталып келген ауыл 1961-1997 жылдары қой шаруашылығымен айналысатын «Степной» кеңшарының орталығы болған. Оян ауылында және оған қарасты Кеңжайлау елді мекенінде бүгінде 163 аула және 13 қыстақ қоныс тепкен. Тоқсан жылдық тарихы бар Оян – өзге ұлт өкілдері көп Тасқала ауданындағы жүз пайыз қазақ ұлты тұратын бірден-бір ауыл. Қазақылықтың иісі тек Оян деген атауынан ғана емес, сыйластығы мен ауызбіршілігі жарасқан берекелі тірлігінен, халқымыздың дәстүрсалтын бойларына дарытып өсіп келе жатқан саналы ұрпағынан, жанға жайлы мамыражай ауыл өмірінен де аңқып тұр.

«Ауылына қарап азаматын таны» демекші, ояндықтар барлық жеңіс пен жетістіктің кілті – татулық пен тұтастықта деп санайды. Мұнда алғаш келген адамды ауыл-ауланың жинақылығы,  көшелердің мұнтаздай тазалығы сүйсінтеді. Халқының еңбекқор екендігін сәулеті жарасқан үйлерінен-ақ көруге болады. Қаладағыдай зәулім болмағанымен, сырты әктеліп, қақпасы сырланып, тал-теректері егіліп, қыздың жиған жүгіндей жұтынып тұр. Қасбеті қасаң боп, күйі кеткен үй некен-саяқ. Ауылда көгілдір отын мен таза ауыз су мәселесі әуел бастан-ақ шешілген. Қазаны қайнап, қонағы үзілмейтін ауылдағы ағайынның дені – өзін-өзі қамтығандар. Ірі қара мал саны 3633 басты, қой мен ешкі 9061 басты, жылқы 1351 басты құрайды. Ауылдағы 32 шаруа қожалық пен екі жеке кәсіпкер де тұрғындарды ішінара жұмыспен қамтып  отыр. Ояндықтардың әл-ауқатының артып келе жатқанын соңғы бірнеше жылдан бері атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың тіркелмегенінен-ақ аңғаруға болады.

«Ауыл ажарланса, қазақтың да маңдайы жарқырағаны». Бұл ояндық азаматтардың басты ұстанымдарының бірі десек, артық айтқандық емес. Өйткені ортақ іске іркіліп қалмай, білек сыбана кірісіп кететін ояндықтар бұл үшін ақы да сұрамайды, пұл да дәметпейді. Біреу шөп түсірсе, қора салса, үй тұрғызса, қуанышты бөлісіп «асарлатып» жабыла кетеді. Жақсылықтың қайтарымы жақсылық екенін түсінеді. Әйтпесе, өзге ауылдарда қоңсы отырған көршісінің малын бақпақ түгілі, жүгін түсіргені үшін де ақша сұрайтындарды көріп, естіп жүрміз.

– Біздің ауылда ешкімнің есігі құлыптанбайды. Қонаққа кетсе де, шаруалап шықса да, есігін жәй ғана сыртынан жауып жүре береді. Бірін-бірі жақсы танитын, туыс-бауыр санайтын жандар үшін өлімнен ұят күшті. Мүлкім жоғалды деген жанды да кездестіргенім жоқ. Ауылда ұрлық-қарлық, бұзақылық деген атымен жоқ, — дейді ояндық Арман Алдамжаров.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңіріміздің әр аудан-ауылында жерлестер форумы ұйымдастырылып жатқаны белгілі. Бұл игі бастаманы іліп әкетіп, жұдырықтай жұмылған ояндықтардың өскен-өнген мекенін өркендету бағытындағы істеріне де көз қуанып, көңіл сүйсінеді. Оян жалпы білім беретін орта мектебін әр жылдары бітірген түлектер өз қаржысына ауыл өміріне тың тыныс беретін көпшілік нысанның құрылысын салуды  қолға  алған.

– Жерлестер форумына үлкен нәтижемен келдік. Ауыл мектебінен бес-он жыл бұрын түлеп ұшқан түлектерден бастап, қырық-елу жыл бұрын тәмамдаған аға буынға дейін ортақ шарадан тыс қалмады. Әр адамның ауылы – дүниедегі ең қадірлі мекен. Сондықтан әрқайсымыз өз үлесімізді қосуға тырыстық. Ауыл кәсіпкерлерінің демеушілігімен 1,5 млн. теңгеге балаларға арналған ойын алаңы салынды. Мектепті бес жыл бұрын бітірген түлектер 230 мың теңгеге оқушыларға бірыңғай үлгідегі спорттық киім тігіп берсе, жиырма жылдыққа жиылған түлектер 450 мың теңгенің басын құрап, мектеп мұражайын жаңартты. Ал, біз, 1990 жылы туған сыныптастар ауыл шетіне «Менің жүрегім, Оян» белгісін орнаттық. Түнгі мезгілде самаладай жарқырап тұратын шағын сәулет нысаны біздің туған жерге деген мәңгі өшпейтін перзенттік махаббатымыздың белгісіндей, – дейді Жеңіс Хабенов. 2015 жылы «Ақ жол» шаруа қожалығын ашып, үкіметтен демеуқаржы алып, бүгінде ірі қара өсірумен айналысып отырған жас кәсіпкердің ынтымағы жарасқан ауылдан кеткісі жоқ. Өзінің де, мәпелеп отырған ұл-қызының да болашағын Оянмен байланыстырады.

Өзге ауылдардың халқы жайлы тұрмыс іздеп, қалаға көшіп жатқанда, Оянның бұрынғы тұрғындары керісінше шуы көп қаладан мамыражай тірлігі бар туған ауылдарына оралып жатыр. Оған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында еңбек етуге келген жас мамандарды қосыңыз. Тұрғын үйге сұраныстың жыл санап артып келе жатқанын алға тартқан ояндықтардың мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңа тұрғын үйлер бой көтерсе деген арманы да бар. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы Оянға келген он жас маманның бірі – Ж. Досмұхамедов атындағы Орал педагогикалық колледжінің түлегі Махамбет Еслашев. Зайыбы  Гүлсезім Дәулетова бастауыш сынып мұғалімі болса, өзі музыка пәнінен сабақ береді. – Мектепте домбыра үйренгісі келетін оқушы көп болғанымен, аспап жетіспейтін. Биыл бір топ ауыл азаматы мектебімізге су жаңа 18 домбыра тарту етіп, зор қуаныш сыйлады. Акт залының сахнасын қайта салып, шымылдығынан бастап, жаңалап берді. Домбыра үйірмесіне келушілердің қатары артып келеді. Жаңа оқу жылында мұғалімдер оркестрін құруды жоспарлап отырмыз, – дейді Оян ЖББОМ директорының міндетін атқарушы Айгүл  Хойрашева. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, ояндықтар шетінен өнерлі. Ауыл әйелдері қазан-ошақтан қолы қалт ете қалғанда, мектептің спорт залында жиылып, волейбол ойнаса, ер-азаматтар ауылдың мәдениет үйінде үстел теннисі мен шахматтан, қол күресі мен қазақ күресінен жарыстар ұйымдастырады. Тұтас ауыл болып, бұқаралық спорттың дамуына үлес қосып жүрсе де, онысын дәреже көріп, газет немесе теледидар бетіне шығаруды да қажет санамайды. Ал ауылдың алты ауызы мен қара өлеңін нақышына келтіре орындайтын алтын құрсақты, ақ жаулықты әжелердің есімі аудан-аймаққа кең танымал. Ауылдағы мәдени көпшілік шаралардың гүлі – «Ақ бата» әжелер ансамблі көптеген аудандық  байқаудың  жеңімпазы. Ояндықтарды толғандыратын жалғыз мәселе – Ақтау ауылдық округіне дейінгі аралықты жалғап жатқан жолдың жайы. 38 шақырымдық жайдақ жолдың зары, әсіресе, көктем-күз маусымында әбден өтіп, жолаушыларды титықтатады. «Қатқыл табанды жол салынбаса да, қиыршық тасты жол салып берсе, жол азабынан құтылар едік» деседі Ояндағы ағайын. Үкімет пен билікке алақан жаймай, адал еңбек, маңдай терімен жарасымды өмір сүріп отырған шағын ауылдан жанымыз жадырап, «көптің тілегі құзырлы мекемелердің назарына ілігіп, ауылға қатынайтын қатқыл жол салынса» деген үмітімізді үкілеп аттандық.

Динара   ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика