Тег: ‘Гүлсезім БИЯШЕВА’


«Ешкітау етегіндегі еңселі ел»

Күні: , 29 рет оқылды

Өткен аптаның соңында Тасқала ауданының 85 жылдығы салтанатты жағдайда тойланды.

«Ешкітау етегіндегі еңселі ел» атты мерейтойлық басқосуға жиналған  жерлестер мен қонақтардың қарасы көп болды.

«Құрмет тақтасы» ашылды

Шара қонақтары алдымен Тасқала ауылының кіреберісіндегі «Азалы ана» ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қойды. Содан соң «Қазпошта» мекемесі ғимаратының жанында бой көтерген «Құрмет тақтасының» ашылуына қатысты.

— Құрметті тасқалалықтар мен аудан қонақтары! Баршаңызды ауданның мерейлі тойымен құттықтаймын. Тәуелсіздіктің 27 жылы ішінде көптеген жетістікке қол жеткіздік. Біздің басты байлығымыз ел ішіндегі тыныштық, ұлттар арасындағы ынтымақ-бірлік  және экономикалық даму екені белгілі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа-ласына орай ауданымызда түрлі шаралар жүзеге асуда. «Туған жер» бастамасы аудан тұрғындары тарапынан қызу қолдау тапты. Жомарт жүрек азаматтар ауылды көркейтуге белсене атсалысуда. Бүгін тұрғындардың игілігіне берілген «Құрмет тақтасын» жерлесіміз, жеке кәсіпкер Замир Сәрсенбаев өз қаражатына жасап берді. Тақтаға ауданымыздың көркеюіне, дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының есімдері  жазылды. Бұл өскелең ұрпаққа үлгі болсын, — деді аудан әкімі Алдияр Халелов шараның ашылу салтанатында. «Құрмет тақтасында» Тасқала ауданының өркендеуіне, әсіресе, мәдениет, білім, өнер саласының дамуына үлес қосқан Рабиға Зайнуллина, Меңдіғали Қалмұрзин, Әйіп Сүлейменов, Бақтығұл Тасмағамбетов  секілді 20-ға жуық тасқалалықтың аты-жөні жазылған.

ЖЕРЛЕСТЕР  БАС  ҚОСҚАНДА

Ауданның мерейін асқақтатқан шаралар легі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Рухани  жаңғыру» залы ашылып,   «Туған жерге тағзым» атты жерлестер форумы мен «Жомарт жүрек – 2018»  шарасы өтті. Туған жерге зор сағынышпен жеткен тасқалалықтарға ауданның бүгінгі тыныстіршілігі туралы бейнефильм көрсетілді.

17 мың тұрғынның құтты қонысына айналған аудан қазір дамудың даңғыл жолына түскен. Ауданның жалпы аумағы 8 мың шаршы шақырымнан асады. Мұнда тоғыз ауылдық округ пен 28 елді мекен бар. 900-ге тарта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың басым бөлігі – шағын бизнес өкілдері. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мал шаруашылығымен жүйелі айналысып келеді. Қазір ауданда 31 мыңнан астам ірі қара, 9 мыңға жуық жылқы, 7 мыңнан астам қой-ешкі бар екен. 339 шаруа қожалығы тіркелген. Оның тоғызы асыл тұқымды мал шаруашылығын өрбітумен айналысуда. Жылдан-жылға ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінің саны артуда.

Егін шаруашылығын да қаперде ұстаған тасқалалықтар биыл 19,08 гектарға жаздық дақыл, 4,70 гектар танапқа күздік дақыл еккен. Аудан тұрғындарының айтуынша, соңғы жылдары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көптеп көре бастаған. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде аудан да көркейіп, жол салынып,  жаңа нысандар бой көтеруде.

Жерлестер форумын Ж.  Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, осы өңірде туып-өскен Светлана Бақышева жүргізді. Шарада аудан әкімі Алдияр Халелов 85 жылдық белесті артқа тастаған аудан тұрғындарының еңсерген қиыншылықтары мен жеткен жетістіктері туралы айтты. Оның мәліметінше, 2017 жылы ауданды көркейту мақсатында құны 5 млн. 300 мың теңгенің жеті жобасы жүзеге асса, биыл 30 млн. теңгеге 16 жоба орындалмақ. Қазіргі уақытта 13 млн. теңгенің жеті жобасы жасалып, тұрғындардың игілігіне берілген. Ал облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов  туған жерден жыраққа кеткен жерлестердің басын қосатын аталмыш форумның тиімділігі мен маңызына тоқталды.

Әр мекеннің өзіндік ерекшелігі болады. Тасқала ауданында ежелгі тас дәуіріндегі адамдардың мекендегенін «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров былайша түсіндірді.

— Бірде Тасқала ауданына қарасты Бірлік елді мекенінің маңында орынборлық жас ғалымдар қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Жандарына барып жөн сұрасам, тас дәуіріне тән жәдігерлердің табылғанын айтты. Содан облыс орталығына хабарласып, біздің мамандарды шақырттық. Олар да келіп, тың жәдігерлерді облыстық өлкетану музейіне тапсырды. Осылайша тас дәуіріндегі адамдардың  Тасқала ауданы аймағында өмір сүргені дәлелденді.

Бұл ауданда кезінде кеңестік саясатқа орай бір ғана қазақ мектебі болатын. Ол Оян ауылында ғана еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін бұл олқылықты жою үшін ауданда қазақ тілінен сабақ беретін тоғыз-он айлық курстар ашылып, мектеп директорлары мен ұстаздар оқытылды. Нәтижесінде орыстануға айналған ауданның жеткіншектері қазақы тәрбие мен білімді саналарына сіңіре бастады.

Біз туған жерімізді мақтап жүрсек, рухымыз көтеріледі. Рухымыз биік болса, патриоттық сезіміміз оянып, елге қызмет еткіміз келеді — деді Табылғали Сатқалиұлы.

Форум барысында жеке кәсіпкер, «Катэк» ЖШС-ның директоры  Құндыз Нупов Тасқала ауданының өркендеуіне 2 миллион теңгенің  сертификатын табыстады.

— Жақсылық жасау үшін әрқашан себеп табуға болады. Бұл ауданда туып-өспесем де, қарашаңырағым осында тұрды. Әке-шешем 1999 жылы Тасқалаға көшіп келген еді. Сондықтан бұл аудан маған ыстық.

Қолдан келсе, туған жердің өркендеуіне үлес қосқан жөн. Ауданның мерейтойы болғандықтан, құр қол келмей,  тың істердің бастамасына деп ақшалай сыйлығы-мызды алып келдім, — деді Құндыз Шамахұлы.

ЖОМАРТ   ЖҮРЕКТЕР

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Жомарт жүрек – 2018» байқауы көпшіліктің қолдауына ие болып келеді. Аталмыш шараның аудандық кезеңі мерейтой күні Тасқала ауылында ұйымдастырылды. Өз ауыл-аймағының өркендеуіне үлес қосып, қамқорлыққа зәру жандарға қолұшын созған тасқалалық  Атымтай жомарттардың аттары аталып, марапаттарға ие болды. Байқауда «Жылдың үздік меценаты» аталымы Әлібек Сыдықовқа, «Туған ауылының жанашыры» аталымы Дәурен Нұрмағанбетовке, «Жылдың үздік азаматы» Замир Сәрсенбаевқа, сондай-ақ «Жылдың үздік қоғамдық бірлестігі» аталымы аудандық «Намыс» жастар қоғамдық бірлестігіне бұйырса, Серік Кәрімов «Жылдың батыл азаматы» атанды. Ал танымал әнші Мұрат Әмірханов Тасқала ауданының құрметті азаматы атанды.

ДАЛАДАҒЫ  ДУМАН

Ауданның мерейтойына арналған мерекелік шаралар сенбі күні дала қызықтарымен жалғасты. Қазақтың қанын қыздырып, делебесін қоздыратын ұлттық спорт түрінен аламан бәйге мен топ бәйге өтті.

Аламан бәйгеде кіл жүйріктің арасынан оза шапқан шыңғырлаулық Т. Бисенбаевтың тұлпары бірінші келіп, 1 млн. теңге жүлдені қанжығасына байлады. Екінші орын Тасқаланың Мерей ауылынан келген С. Мұхамбетрахимовтың тұлпарына (500 мың теңге), үшінші орын Ақжайық ауданынан келген  Е. Сәтпаевтың сәйгүлігіне бұйырды. Сондай-ақ отызға жуық қыл-құйрық жарысқан топ бәйгеде бірінші болып тасқалалық М. Аяпбергеннің тұлпары келсе, екінші ақжайықтық С. Ахметовтің, ал үшінші қаратөбелік К. Ысмағұловтың арғымағы келді. Қой көтеру жарысынан тасқалалық Самат Юсупов жеңімпаз атанса, қол күресінен 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде Жасұлан Бектібаев, 70 келіден жоғары салмақ бойынша Алғадай Жамбыл үздік шықты.

Даладағы думан аудан өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласып, жиналған қауым шат-шадыман күймен тарқасты.

Айта кетсек, аудан мерейтойына келген қонактар қатарында Ғайсағали Сейтақ, Айтқали Нәріков, Дариға Мұштанова, Қанатқали Қожақов, Жұмағаным Рахимова  сынды танымал тұлғалар болды.

Мерейтойдың келесі күні ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып этноауыл жасақталды. Онда тасқалалық әжелер жүн түтіп ұршық иіруден шеберлік өткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»


Балығы кетіп, бақасы қалды…

Күні: , 50 рет оқылды

Орал қаласының Зашаған кентіндегі Коминтерн елді мекеніндегі Аниськин көлінің маңы көн-қоқысқа толған. Мамандар мұны үлкен экологиялық мәселе деп санайды.

– Бұрын Аниськин көлінен адамдар  балық аулап, маңынан құс ататын. Көлдің арнасы қар мен жаңбыр суынан толатын еді. Қазір мұнда бақа-шаян ғана қалыпты. Айналасы қоқысқа толған. Бұл – үлкен экологиялық мәселе. Осы орайда біз, экологтар жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыста-рын жүргізіп, жиналыстар өткізе бастадық. Істелген жұмыстар нәтижесін береді деп сенемін. Облыста осы секілді бірнеше экологиялық мәселе бар. Солардың бірі ретінде қала мен аудандардағы көн-қоқыс төгетін арнайы полигон аймағының жоқтығын айтар едім. Кей аудан-ауыл тұрғындары зират маңдарын қоқыс төгетін жерге айналдырған. Бұл дұрыс емес. Сондай-ақ Орал – Саратов тасжолының бойындағы 1970 жылы жасақталған полигон аймағы толып, шашылған қоқыс тасжолға жеткен. Төгілген қоқыстың тереңдігін арнайы барып өлшегенімізде,  9,2 метрге жеткенін анықтадық. Қаланың шетіндегі қоқыстар кей күндері отқа оранып, ауаны бүлдіруде. Облыс әкімінің бастамасымен тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мақсатында финдермен бірлескен үлкен жоба қолға алынғаны белгілі. Болашақта ол жемісін береді деп ойлаймыз. Жалпы, өңірімізге қалдықтарды өңдейтін ірі зауыт керек. Облысымызда  қалдықтардан жаңа өнім шығарып отырған  кәсіпкерлер де жоқ емес. Зеленов ауданында Александр Жилкин деген азамат пластикалық қалдықтарды өңдеп, люктер шығаруда. Жалпы, тұрмыстық қатты қалдықтар адам денсаулығына өте зиян. Олар паразиттік  микрофаунаның көбеюіне жағдай жасайды. Сондықтан үйден шыққан керексіз қалдықтарды тек қоқыс жәшігіне төгіп, жер үйде тұратын тұрғындар ауласына бір тал терек болса да еккендері жөн, – дейді БҚО экологиялық ұйымдар қауымдастығының президенті Ғазиз  Хаймулдин.

Айта кетейік, 2000 жылы құрылған БҚО  экологиялық ұйымдар қауымдастығы қоршаған ор- таны қорғау мақсатында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық экологиялық сараптама ұйымдастырады. ҚР Экология кодексінде көрсетілген құқықтар мен мүдделердің сақталуын қадағалайды. 2004 жылы  Орал қаласында ұйымдастырылған әлеуметтік маңызы бар жобалар  конкурсында аталмыш экологиялық ұйымның «Орал – ТМД елдері ішіндегі ең таза және абаттандырылған қала» жобасы үздік болған. Сол жылы Орал қаласының әкімдігі мен экологиялық қауымдастықтың бірлескен жұмысының нәтижесінде облысымыздың орталығы ТМД елдерінің ішіндегі ең жасыл қала деп танылды.

Биыл Елбасымыз біздің өңірге сапары кезінде «Орал – Қазақстан  бойынша ең жасыл қала» деп баға беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты. Ендеше, жергілікті атқарушы билік, қоғамдық ұйым, тұрғындар болып бірлесе жұмыс атқарса, ол өз  жемісін  берері  сөзсіз.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


«Жасотандықтардың» КОВОРКИНГ ОРТАЛЫҒЫ

Күні: , 17 рет оқылды

Кеше «Нұр Отан» партиясының ғимаратында  «Жас Отан» жастар қанатының  коворкинг  орталығы ашылды. Салтанатты шараға «Нұр  Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен қатысып, орталықтың жұмысына сәттілік тіледі.

– Жастар – біздің болашағымыз және бүгінгіміз. Өйткені жас буын өкілдері қазірдің өзінде үлкен істің басы-қасында жүріп, мемлекетіміз үшін тиімді шешімдер қабылдауда. Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» негізінде жастарға қолдау көрсетіліп, жағдай жасалуда. Орал қаласында студенттерге арналған бес жатақхана бой көтермек. Биыл 15 IT сынып ашылса, облыс әкімінің қолдауымен келесі жылы оның саны 50-ге жететін болады.

Сондай-ақ  облыстағы жалпы орта білім беретін мектептердің 100 спортзалы жаңғырмақ. Бұл коворкинг орталығы – жастар мен студенттердің, жастар ұйымдарының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік туғызатын облыстағы жетінші ұжымдық кеңсе қызметі. Орталық өңірдегі жеке кәсіпкерлер есебінен жабдықталды. Болашақта облыстың барлық ауданында мұндай орталық ашылатын болады, – деді Серік Кенжебекұлы.

Айта кетсек, «жасотандықтар-дың» коворкинг орталығы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен өңірдегі «Uniserv», «Стеклосервис», «Василец»  ЖШС-лардың демеушілігімен ашылып отыр. Ұжымдық кеңседе кітап оқу алаңы, жиналыс пен басқосулар өтетін орын, ғаламторға қосылған жұмыс бұрышы және демалыс орны қамтылған.

– Коворкинг орталығында жастар ой-өрісін, шығармашылығын дамытуға бағытталған іспен айна-лысатын болады. Мұнда түрлі танымдық шаралар мен еркін форматтағы басқосулар өтеді. Әр салада жүрген жастардың, әсіресе, IT саласындағы мамандардың тың жобаларын жүзеге асыруға тырысамыз. Орталықтың есігі таңғы сағат 09.00-ден 18.30-ға дейін ашық болады, – дейді «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Нұрғали  Жолдасқалиев.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Омар ЖӘЛЕЛ, ғалым, абайтанушы: «Қорқыныш сезімі – журналистің индикаторы»

Күні: , 19 рет оқылды

«Жайық Пресс»  медиахолдингінде  «Жұмадағы  жүздесу» жобасы  аясында  ұйымдастырылған  кездесуге  елімізге танымал  абайтанушы,  филология  ғылымдарының  кандидаты, «Харекет»  кітабының  авторы Омар  Жәлел  келіп, облыстық  газеттің   тілшілерімен  емен-жарқын  тілдесті. Ел  руханиятының  дамуына  еңбек  етіп  жүрген  ғалымның журналистика  саласында,  отбасылық  құндылықтар, байлық  пен  кедейлік,  ұлттық тәрбие,  мемлекеттік  мәселе төңірегінде  айтқан орамды  ойлары  көпшіліктің  көкейіндегі сауалына  жауап  бергендей.  Кездесуде  айтылған  әңгіменің барысын  оқырмандарға  сол  күйі  беріп отырмыз.

– Қазақ сөздің қадіріне ерекше мән беріп, жауапкершілікпен қараған халық. Осы орайда қалам ұстаған журналистер нені темірқазық санауы керек?

– Кезінде Лев Толстойға Шәкәрім бабамыз хат жазған екен. Сонда оның «Жазушы қандай болуы керек?» деген сауалына Толстой: «Жазушы болатын адам шындықты көрсе, басы кетсе де шындықты жазуы керек. Егер шындықты айтпай, жанамалап өтсе,  онда ол адамның қалам ұстамағаны абзал» депті.  Журналист тек шындықты жазуы тиіс. Абай атамыз «Жүректі адам – ауыр болса да шындықты мойындаған, жеңіл болса да әділетсіз нәрседен бас тартқан адам» депті. Журналист мақала жазған кезде бойында қорқыныш сезімі болуы шарт. Яғни қорқыныш сезімі – журналистің индикаторы.  Сонда ғана халықтың жүрегіне жететін мақала шығады. Егер жәй ғана ақпарат жаза берсеңіз, онда қоғамға да әсері болмайды. Қағаз шығындап жүрген бір жансыз. Бұрын Бұқар жыраулар ешкімнен тайсалмастан шындықты бетке айтқан. Халық оны сол үшін де ерекше сыйлаған. Тілшілер сондай принциптерді ұстанған жөн. Екінші мәселе, журналистер шындықты айтқысы келсе де, айта алмайтын жағдайлар бар. Неге? Қазақ «Қанша батыр болса да жауға салма жалғызды, қанша шешен болса да дауға салма малсызды» деп  бекер айтпаған.

Журналистерінің қаламы төселіп, рухани тұрғыдан дамуы керек. Сонда мақалалары халыққа пайдалы болады. Қазір қызмет барысындағы адамдар неге дамымайды? Өйткені олар «жайлылық шеңберінен» шыға алмай, бірқалыпты өмір сүріп жатырғандар. Кез келген мүмкіндік қорқыныш арқылы келетіндіктен, тың идеяларға аяқ баспайды. Құрсақта жатқан шарана өмірге келген кезде  неге шырқырап жылайды? Өйткені оған жаңа өмір таңсық. Бауыржан Момышұлынан сұхбат алғанда «Сізді  халық батыр дейді. Сонда сізде қорқыныш сезімі жоқ па?» депті. Сонда ол «Қорқыныш сезімі тек жынды адамда ғана болмайды. Сау адамның барлығы қорқады. Батыр деп ішкі қорқынышын жеңе білген адамды айтады» деген екен. Журналистер «Айтсам өзім өлемін, айтпасам сөзім өледі» деп  жұмыс жасауы  керек.

– Қазір қоғамда бай мен кедейге бөліну құбылысы жүріп жатыр. Көпшілігі Кеңес өкіметінің көзқарасы бойынша бай, дәулетті адамды онша жақтыра бермейді. Сіздің «Харекет» кітабыңызда байды оң көзқараспен суреттейсіз. Осы турасында айта кетсеңіз…

– Біз ислам дініне дейін Көк тәңірге сендік. Бай –  тәңірдің эпитеті. Кімде-кім байлықты жоққа шығарса, ол Алланы жоққа шығарумен бірдей. Шын мәнінде кейбіреулер байлықты жамандап жатады. Мен айтар едім,  пышақпен нан кесуге де, адам өлтіруге де болады. Ол жерде пышақтың ешқандай кінәсі жоқ. Адамның ішкі мәдениетіне байланысты. Абай атамыз: «Байлықты дұрыс пайдалана білсеңіз, ол сізге көрік болады. Ал егер мақсатыңыз тек байлыққа жету  болса, онда малмен мал болып кеткеніңізді байқамай қаласыз», – дейді. Қашанда «Сұлу аттың көркі – жал, адамзаттың көркі – мал» болып қала бермек. Қазақ ертегілерінің барлығы «Бай болып, мұратына жетіпті» деп аяқталады. Қазақтың байлыққа деген көзқарастарын есімдерінен-ақ байқауға болады.

Нағашыбай, Ермекбай деп «баймен» аяқталатындар жетіп жатыр. Ешбір есімге кедей сөзі жалғанып аяқталмайды. Қазақ «Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы» деп бекер айтпаған. Кеңес өкіметі кезінде байларды құрту саясаты болды. Өйткені бай құрымай, ел құрымайтын болды. Сол кездегі байлар бір ауылды асырайтын құт еді. Байлық  – кез келген саладағы адамның шындықты қорықпай айтуына ықпал ететін дәнекер. Байлық, біріншіден, ыстықтан, суықтан, аштықтан жаныңды сақтап қалу үшін, екіншіден, жаныңның азығы ар-ұятыңды сақтап қалу үшін керек. Өйткені малың болмаса, өзгеден дәметесің, көз сүзесің, тіленесің. Үшіншіден, адамгершілік қасиетіңді біреуге көмектесу үшін пайдалана аласың. Қазақ саулық сұрасқанда «Мал-жан аман ба?» дейді. Мал – жанымыздың өмірге келгендегі миссиясын  толық орындау үшін  керек.

– Ғаламторда әр түрлі сайттардың көбеюі газет  оқырмандарының санының азаюына әкеледі дегенге көзқарасыңыз қандай?

– Бұрын газеттен басқа ақпарат құралы болмады. Қазір ақпарат көздерінде бақталастық басталып кетті. Қоғамдағы кез келген адам журналист. Неге? Өйткені әркімнің қолында смартфон болғандықтан, оқиға орнынан ақпаратты сол күйі бере алады. Журналистің бұрынғыдай ақпарат беруші рөлі аздық етеді. Халық журналистен сапалы сараптамалық мәлімет, яғни қарапайым халық айта алмайтын жаңалық күтеді. Осы күнде адамдар кітап, газет оқымайды деген жаңсақ пікір. Сіз білесіз бе, менің «Харекет» деген кітабымның бірінші бөлімі диссертациялық жұмыс екенін? Ақтау қаласына барғанда ұлттық музейдің директоры «Диссертациялық жұмыстың халыққа пайдалы болғанын өмірде бірінші рет көріп тұрмын» деді.

Сол секілді мақала жүрекпен жазылса, өз оқырмандарын табады. «Алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, керемет қазақша мақалаларды «BBC News»-та аударып алып жатады. Ақпарат айдынында аман қалу үшін  журналист көп ізденуі керек. Көзі ашық адам газет-журнал оқыса, көкірегі ояу жан газет-журналдағы мақаланың астарын түсінеді. Газет ақпараттық өнім болып бизнеске айналуы керек. Халықтың іздегенін тауып беріп, мәселесін шешу арқылы оқырман санын көбейтуге  болады.

– Қазіргі кезде  байлыққа тез жетудің жолдары мен  бақытты отбасын құрудың амал-тәсілдерін үйрететін  ақылы психологиялық тренингтер көбейді. Солардың арасында бірінші некесі сәтсіз болған қыз-келіншектер бар. Соған   көзқарасыңыз  қалай?

– Қазақ «Ақылың жетпесе, біреуден ақыл сатып ал» дейді. Қазір сол заманға жеттік. Бірінші некесі сәтсіз болған  нәзік жандылардың кеңес беруін бір жағынан дұрыс деп есептеймін. Өйткені ащы мен тұщыны татқан ғана біледі. Шәкәрім бабамыз айтады «Мен жазықтымын ба? Құдыққа құлап кетіп, құдыққа түспеңдер деп айқайласам» деп. Сонда ол өз тәжірибесімен бөлісіп отыр. Олар да «Мен неге ажырастым? Менің қателігім неде?» деген сауал төңірегінде ой қозғайды. Өмірдегі ең жаман нәрсе – өзіңнің неге қателескеніңді айтпау және мойында-мау. Ақымақ әйелдер өздері ажырасып кеткеннен кейін сіңлілеріне «тұрмысқа шықпаңдар» дейді.

– Елбасының бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жүзеге асуда. Сіздің ойыңызша, аталмыш бағдарлама қай деңгейде жүзеге асып жатыр? Екінші сауал, қазақ телевизиясына сапалы контент жетіспей жатқандай. Осыған қатысты  не  айтар  едіңіз?

– Біз Ресейдің 150 жыл отары болдық. «Ауруын жасырған өледі» демекші, мектеп оқушыларының кейбірі бұл тарихи оқиғаны білмейді. Қазақ даласын отарлау үрдісі 1721 жылы I Петр билікке келген тұста басталды. Қазақтың жері Азияға апаратын қақпа ретінде қарастырылды. XVIII ғасырда қабылданған отарлау саясаты үш ғасырға жуық жүрді. Қазақ даласын, рулық құрамын зерттеу мақсатында бірнеше экспедициялар келді. Одан кейін жер-су атаулары өзгерді. «Батпандап келген ауру мысқалдап шығатыны» рас. Идеологиямызды өзгерту керек. Тарихтан білесіздер, 1924 жылы Антанта Түркияны бөлшектеп тастауға айналғанда мемлекет басына Ататүрік келді. Сонда Ататүрік: «Ей, түрік халқы, сен әлемдегі ең мықты халықсың! Түріктің баласы, сен әлемдегі ең керемет тілде сөйлеп тұрғаныңа мақтан», – деді. Солай түрік халқының рухын көтеру арқылы Антантаның саясатын жоқ қылды. Бізге  сондай  саясат  керек.

Екінші сауал төңірегінде айтсам, мемлекет отандық БАҚ-тың кеңістігін қорғауы қажет. Украинаның ақпарат кеңістігінен Ресейдің телеарналарын алдырып тастады. Сол секілді халық қазаққа тән ақпаратты сіңіруі керек. Егер идеология әлсіз болса, қазақтың қазанына  көрінген ит тұмсығын сұғады. «Рухани жаңғыру» – ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында жүзеге асып  жатқан  бағдарлама.

– Әңгіме орайын мемлекеттік мәселеден отбасылық құндылықтарға ойыстырсақ. Бұрын қазақтың салтында ер-азамат түздің, әйел адам отбасының түтінін түтетіп, бала тәрбиесімен айналысты. Қазір заман өзгеріп, қыз-келіншектер де ер-азаматтардан қалыспай, жұмыс жасап, ақша табуда. Бала тәрбиесіне ұялы телефон ие болуда. Осы орайда ерте жүктілік, түсік тастау мәселесі өршіп кетті. Қоғамда осындай мейірімсіздіктің кездесуіне не түрткі деп ойлайсыз?

– «Есін жимаған ұлттың етегі ашық» деген сөз бар.  Мектепті жаңа бітірген 17-18 жастағы ұл-қызын шетелге оқуға жіберген ата-аналарға қарсымын. Өйткені ол жастағы бала ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп, азамат ретінде толық қалыптасып үлгермейді. Сондықтан олардың дені барған мемлекеттің мүддесін қорғап, сойылын соғады. Ақыл тоқтатып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшелей алатын жаста ғана шетелге барып білімін жетілдіруі керек. Әлихан Бөкейханов айтады «Ұлтына, жұртына қызмет ету –  білімнен емес, мінезден» дейді. Абайша айтсақ, баланы қазаққа күзетші қылу үшін оқыту керек. Сосын бізде дабыра қылып той өткізу көп. Қазақ «арсызға күнде той» деп бекер айтпаған. Той тойлап жүрген кезде адамның ойлануға мұршасы да, уақыты  да болмайды. Ұлттық тәрбие Құранға негізделуі тиіс. Құранда ер-азаматтың нәзік жандылардан жоғары тұратыны жазылған. «Байтал шауып бәйге алмас» деген бар. Бұл орайда байталды кемсітіп отырған жоқ. Байтал ішінде төлі бар жылқы екені мәлім. Оны бәйгеге қосса, өзі мен ішіндегі төлі үшін оқтай озып бірінші келеді екен. Алайда мәре сызығына жеткен бойда төл тастайды. Сондықтан байтал бәйгеге арналмаған деген мағынада айтылған. Сол секілді әйелдер өмірге ұрпақ әкеліп, оның тәрбиесімен айналысуы керек. Ал азаматтар мал табуы қажет.

«Ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт. Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт» деген. Отбасы бақытты болуы үшін әйел еріне, ері еліне қызмет еткен жөн. «Аға» сөзі түріктің титулы іспеттес. Яғни отағасы оттың қамын ойлайтын адам. Ал отанасы азаматының әкеліп берген отынын үзбей жағып отыруы керек. Егер еркек отбасынан кетсе, онда отанасының да кінәсі бар деген сөз. Өйткені шаңырақтан  жылулық  кеткенде ғана еркек үйден безеді.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

P.S.

«Жұмадағы  жүздесу» жиынының өтуіне мүмкіндік туғызған БҚО тілдерді дамыту басқармасына алғыс айтамыз.


Қыркүйек келді дегенше, қарбалас келді дегейсің…

Күні: , 43 рет оқылды

Тамыздың  соңғы  күндері  түгесіліп,  ата-аналар  үшін қарбаласқа  толы қыркүйек  айы  басталды.  Жаңа  оқу  жылы басталса  да  орталық  базардан мектеп  формасы  мен  оқулық алып жүрген  ата-аналардың қарасы  әлі  азаймаған.  Ал  шаһар орталығындағы «Жәңгір хан» кітап үйіне бас сұқсаң, оқулық сатып алып жүрген жандар жетерлік.

– Қыздарым Орал қаласындағы №10 мектепте оқиды. Осыдан екі жыл бұрын кіші қызыма 8 мың теңгеге жуық қаржыға оқулық сатып алдым. Кітаптардың бағасы қымбат. Бірінің қалтасы көтерер, ал көп балалы ата-аналардың қалтасына едәуір салмақ екені белгілі. Енді қаладағы №47 мектептің оныншы сыныбында оқитын жиеніме география, адам және қоғам пәндерінің кітаптарын сатып алуға келдім, – дейді Айнагүл есімді  жас ана.

«Жәңгір хан» кітап үйінің сатушысы Серікбаеваның айтуынша, қыркүйек айы басталғалы кітап дүкеніне келушілердің  саны күрт артқан. Соған сәйкес кітап үйі сенбі-жексенбі күндері де арнайы кесте бойынша  жұмыс жасайды екен. Мұнда «Атамұра» баспасынан шыққан оқулықтар сатылуда. Жаңартылған білім беру бағдарламасы енгізілген сыныптардың оқулықтарына қарағанда  жоғары сыныптың  оқушылары  жетіспей жатқан  не өздері жыртып алған кітапты сатып алуға жиі келеді екен. Сондай-ақ жеке мектептер де бірнеше дана оқулыққа тапсырыс беруде.

– Сатушы ретінде аңғарғаным, басқа ұлт өкілдері балаларына мамыр айынан бастап оқулықтарды сұрастырып сатып ала бастайды. Ал қаракөздеріміз оқу жылы басталғанда жанталасады. Алдағы уақытта қыркүйек айынан бұрын қамдануларына кеңес берер  едім, – дейді  ол.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»

ҚР «Білім  туралы»  заңының  5-бабы  11-тармағындағы «Мемлекеттік  білім  беру  ұйымдарының  білім  алушылары  мен  тәрбиеленушілерін  оқулықтармен  және  оқу-әдістемелік  кешендермен  қамтамасыз  ету  қағидаларын бекіту  туралы»  №647  бұйрығында: «Білім  беру  ұйымдары жыл  сайын  20  мамырға  дейін  оқулықтар  мен  оқу-әдістемелік  кешендердің  (ОӘК)  оқушылар  санына  жеткілікті болу  нысаны  бойынша  кітап  қорын  түгендеуді  жүргізеді және білім  алушыларға  оқулықтарды  және  ОӘК  келесі оқу  жылына  беруі  керек, сондай-ақ «келесі  оқу  жылына  білім  алушылардың  санын  қате  болжаған  жағдайда  және соның  салдары  ретінде  жеткіліксіз  қаржыландырылғанда, білім  беру  ұйымдарына  оқулықтар  мен  ОӘК-ны  сатып алу бойынша  іс-шараларды  бұзғаны  үшін  Қазақстан Республикасының  заңнамасына  сәйкес,  білім  саласындағы жергілікті  атқарушы  органдар  жауапты  болады»  делінген.


Әсия АМАНБАЕВА, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы: «Денсаулық – бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты»

Күні: , 45 рет оқылды

Еліміздегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында  жеке кәсіпкерлерге де кең мүмкіндік берілді. Соған сәйкес балаларын жеке спорттық секцияларға апаратын ата-аналардың да қатары көбейді. Өңірімізде спорттық секцияларға қатысып, байрақты бәсекелерде жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүрген жасөспірімдер  бар. Алайда облыста жеке секцияларға жаттығуға барған баланың жарақат алуымен аяқталған деректер де жоқ емес. Осы орайда облыстық дене шынықтыру және  спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаевамен тілдесіп, өңірдегі спорт саласының  дамуы туралы  білген едік.

– Әсия Рахымқызы, балаларын жеке спорттық секцияларға  апаратын ата-ана ең бірінші  нені  қаперге  алған  жөн?

– Жасөспірімдерді жеке спорттық секцияларға берерде алдымен жаттықтырушының кәсіби деңгейін, дайындығын, қандай оқу орнын бітіргенін, жетістіктерін және жаттығу залын тексерген жөн. Яғни, перзентіңізді кімге аманаттап тапсырғаныңызды анықтау қажет. Балалар мен жасөспірімдермен жұмыс жасайтын бапкердің міндетті түрде педагогикалық білімі болуы шарт. Өйткені ол педагогикалық білім арқылы физиологияның, психологияның, анатомияның негізін оқиды. Егер сол пәндерден хабарсыз болса, жасөспірімдердің жас ерекшелігіне байланысты берілетін жүктемені арттырып, баланың денсаулығына зиян келтіруі мүмкін. Сондай-ақ ата-ана залдың жарықтануын, бактерияға қарсы шамдардың орнатылғанын және бала денсаулығына зақым келмейтіндей сақтық шараларының толық қамтылғанын  анықтаған  жөн.

– Облыс аумағындағы ауыл спортының қанат жаю деңгейі, жалпы далада болсын, қалада болсын бұқаралық спорттың көкжиегінің кеңеюі сізді қанағаттандыра  ма?

– Бұқаралық спортты дамыту – біздің міндетіміз. Оның дамуына баға беретін халық. Бүгінгі күні облыстағы дене шынықтыру және спортпен тұрақты шұғылданушылардың саны 175 245 адам, ол облыс халқының 27,1 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға өсіп отыр. Спортпен жүйелі шұғылданатын адам деп аптасына үш мәрте спортзалға келіп жаттығатындарды айтамыз. Алайда бұқаралық спорт тек спортзалдағы жаттығу процесімен шектелмейді. Мысалы, Орал қаласында спорттық жаттығуға арналған Street Workout алаңдары бар. Қашан барсаңыз да, олардың бос тұрғанын  көрмейсіз. Сонымен қоса жыл сайын әр түрлі  сала қызметкерлері өздерінің спартакиадаларын өткізуде. Соның ішінде дәстүрлі түрде дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, журналистер күні секілді кәсіби мерекелер қарсаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Мұндай спартакиадаларға орта есеппен 1000-ға жуық адам қатысады. Жарыс барысында аудандардан келген құрама командалардың ойыншылары жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұл дегеніңіз олардың жүйелі дайындықтан өтіп, спортпен шұғылданғанын  аңғартады.

Қазіргі таңда  облыс  аудандарында  бұқаралық спорттың даму деңгейі әр түрлі. Мысалы, үздік аудандар қатарында Ақжайық, Бөрлі, Зеленовты айтуға болады, ал Бөкей ордасы, Жаңақала аудандары бұл бағыттағы жұмыстарын жандандыруы қажет. Жәнібек, Шыңғырлау аудандары ұлттық ат спорты түрлерін насихаттауда ауқымды  жұмыстар  атқаруда.

Ақжайық, Бөрлі, Зеленов, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау аудандарының барлық ауылдық округінде спорттан әдіскер нұсқаушы еңбек етуде. Қалған аудандардың ауылдық округтерінде бұқаралық спортты дамыту жұмыстарымен аудандық жастар ресурстық орталықтың мамандары айналысып жүр. Еуропа елдерінде тұрғындардың дені спортпен шұғылданады дейміз. Неге? Өйткені еуропалықтар кез келген салада бәсекеге қабілетті болуы үшін ең бірінші денсаулықтың маңызды екенін жақсы біледі. Ал бізде адамдардың көбі өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Көпшілік орындарда жаттығу жасаса да, оларды ұйымдастыратын бір адам, яғни әдіскер нұсқаушы  жандарында жүруі қажет  деп  есептейді.  Демек, денсаулық бәсекеге қабілеттіліктің ең басты шарты екендігін біз әлі ескере бермейміз.

– Өзіңіз басқаратын саладағы қандай мәселе сізді бірінші кезекте  жиі  мазалайды?

– Бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі – материалдық-техникалық база мен спорт инфрақұрылымының жеткіліксіздігі. Облысымыздың жеті аудан орталығында заманауи спорт кешені жоқ. Ең күрделі жағдай Жаңақала ауданында. Аудандық спорт мектебі кеңес заманындағы нан зауытының ғимаратын паналауда. Төбесінен тамшы ағып, қабырғасы сыз тартқан жерде балалар бірнеше спорт түрімен шұғылдануда.

Екінші кезекте облыс халқының жартысы шоғырланған Орал қаласында спорт ғимараттары жетіспейді. Әсіресе, жергілікті тұрғындар жүзу бассейнін сұрайды. Орал қаласындағы ұзындығы 25 метрлік «Жайық самалы» жүзу бассейні 2001 жылы пайдалануға берілді. Алайда халықаралық деңгейдегі жүзу жарыстарын өткізу үшін ұзындығы 50 метрлік бассейн болуы шарт. Жиырма жылға жуық уақыт өтсе де, бұл қаламыздағы жалғыз коммуналдық бассейн болып тұр. Сондай-ақ мұз айдынының пайдалануға берілгеніне де 17 жыл. Қазіргі жастардың коньки тебуі үшін мұзға қоятын талғамы биік. Мұздың беті теп-тегіс, тайғанақ болуы керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы. Оны ата-ана талап етуге де құқылы. Сол себепті біз олардың талабына сай болуға тырысамыз. Сондай-ақ П. Атоян атындағы  стадионда төселген жүгіру жолы да ескірді. Болашақта қаржы мәселесі шешілсе, осылардың барлығы  біртіндеп  жаңаланбақ.

Үшінші мәселе, осы кезге дейін айтылып келген білікті бапкерлердің жеткіліксіздігі. Оған себеп, жаттықтырушының айлық  жалақысы жалпы білім беретін  мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі алатын айлықтан  аз болуы. Осы орайда биылдан бастап облыс әкімдігінің қаулысымен шәкірттері жақсы нәтиже көрсеткен бапкерлерге қосымша ақы төлей бастадық. Қазіргі кезде байдарка мен каноэ есуден, жеңіл атлетикадан жаттықтырушылар  тапшы.

– Соңғы жылдары қазақ күресі кеңінен насихатталуда. Тіпті «Әлем барысы» деген атаумен ұлттық күресімізден әлем чемпионаттары өткізілуде. Бірақ батысқазақстандық балуандар халықаралық додаларда топ жармақ түгілі, елішілік бәсекелерде жақсы нәтижелер көрсете  алмай  жүр.  Неге?..

– Облысымыздың барлық аудан-ауылдарында жасөспірімдердің күреспен айналысуы үшін керемет жағдай жасалған деп айта алмаймыз. Кей аудандағы азаматтар балалардың жаттығуы үшін күрес залдарын өздері жабдықтауда. Дейтұрғанмен, соңғы жылдары қазақ күресімен шұғылданатын балуандарымыз тым жақсы нәтиже көрсете бастады. Мысалы, жастар арасында ҚР чемпионатында Бекайдар Меңдешев қола жүлдегер, 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы ел чемпионатында Олжас Сүлейменов қола жүлдегер, ерлер арасында ҚР кубогы үшін сайыста Нұрбол  Серіков пен Ерназар Хамзин қола жүлдегер атанды. Жақында Астана қаласында өткен «Қазақстан барысы» республикалық жарысында бөрлілік Темірлан Көлбай мен сырымдық Асқар Нұрмұханов облыс намысын қорғады. Жалпы, облыста 848 бала қазақ күресімен айналысуда. Олардың арасынан болашақта небір байрақты бәсекелерде топ жаратын балуандар шығады деп үміттенейік.

– Әсия Рахымқызы, өзіңіз халықаралық рефери ретінде рингке шығып, төрелік етіп жүрдіңіз. Жалпы, осы қыз баланың бокспен шұғылдануын өзіңіз қолдайсыз ба? Бүгінгі бойжеткен – болашақ ана. Қыз баланың көкірегіне, құрсағына соққы тиюі болашақ ана ретінде оның денсаулығына елеулі нұқсан  келтірмей  ме?

– Қыздар арасындағы әуесқой бокста барлық қорғаныс жабдығы қарастырылған. Сондықтан денсаулыққа зор нұқсан келеді деп айта алмаймын. Халықаралық аренада төреші болып алғаш шығып жүрген кездері сіз секілді таңғалатын едім. Өйткені күнделікті өмірде қолыңа, аяғыңа не бетіңе қатты бірдеңе тиіп кетсе, тез көгеріп шығады. Ал бокстағы қыздар бір-біріне қатты соққы жұмсап, жұдырықтасса да, көзі көгеріп не беті ісіп жүргендерін байқамайсың. Себебі бокспен ұзақ жыл шұғылданған қыздар әрбір қимылдың нақтылығын, соққының күші мен қарсыласының әрекетін болжап үйренеді. Қыздар боксы Еуропада, Америка елдерінде жақсы дамыған. 2003 жылдан бастап Қазақстанда қолға алына бастады. Өз басым бұл спорт түрімен қыздардың айналысуына қарсымын деп айта алмаймын. Елімізде Назым Қызайбай, Марина Вольнова, Дариға Шәкімова, Назым Ищанова секілді бойжеткендеріміз жақсы жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Бұл, әрине, жүйелі жаттығудың нәтижесі. Енді қыркүйек айынан бастап облыстағы бокс секцияларына қыздар да алынатын болады.

Сұхбаттасқан  Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Онлайн несие орға жықпасын

Күні: , 161 рет оқылды

«Онлайн» деген сөз санамызға «оңай» сөзінің баламасы ретінде сыналап еніп келеді. Интернетті ашсаңыз, «онлайн арқылы жалақыға дейін ақша береміз» деген жарнамалар жетіп артылады. Ақша алу үшін табысыңызды растаудың, туған-туысыңыздың нөмірін берудің керегі жоқ. Жеке куәлік нөмірі мен банк карточкаңызды жолдай салсаңыз жетіп жатыр. Қарыздың оңай төленбейтінін  оқырмандарға жеткізу  үшін онлайн несиеге  сұраныс жіберіп көрген едік.

Интернетті жиі пайдаланушылардың көз алдынан MoneyMan, «Тенго.кз», «Деньги клик», «Кредит 24», «Турбомани», «Заем онлайн» секілді микроқаржы ұйымдарының жарнамасы күніне сан мәрте өтетіні анық. Бір қарағанда, ұсынып отырған шарты да, пайызы да қарапайым секілді көрінуі  мүмкін. 5000 – 200 000 теңге аралығында жедел несие береді. Несие мерзімі бір айдан аспайды. Жарнамасында пайыздық мөлшерлемесі 1-2 пайыз аралығында деп тұрады. Яғни алғашқы клиенттер 2 пайызбен алса, он бірінші не он екінші рет жүгінушілер ғана жеңілдетілген бір пайызбен несие ала алады. Банктердің 13-15 пайызына көзі үйреніп қалған халық үшін бұл тегін ақшадай көрінуі мүмкін. Алайда мұндағы пайыз әр күннен алынады екен. Яғни, 50 мың теңге алсаңыз, оны 30 күннен соң кемі 64 850 теңге етіп, 150 мың теңгені 240 мың қылып қайтарасыз. Аяқ асты ақшадан қысылған адамға несиенің бұл түрі тығырықтан шығуға таптырмайтын жол болуы мүмкін. Ал қарызды уәделі мерзімде төлеп үлгермесеңіз, кешіккен сайын мойындағы қыл арқан қыса түспек.

Әр күнге 2 пайыз өсім жалғанатынын ескерсек, бір жылдың 365 күнінде қарыз мөлшері  730 пайызға дейін өсіп шыға келеді. Қарапайым тілмен  айтсақ, алған 200 мың теңгеңіз бір жылдың ішінде 1 млн. 460 мың теңге  болып  көбейеді.

Ғаламтордағы Ranking.kz порталының мәліметіне сүйенсек, қазір елімізде әрбір үшінші адам банкке қарыз көрінеді. Екінші деңгейлі банктерден несие алу қиынға соққан соң, тұрғындар микроқаржы ұйымдарына қарай лап қойған. 2017 жылы азаматтардың қаржы ұйымдарына берешегі 8,4 пайызға өсіп, 2 триллион 65 миллиард теңгеге жеткен. Онлайн қарыз беретін MoneyMan.kz компаниясының дерегі бойынша несиені, әсіресе, ер адамдар  пайдаланғысы  келіп  тұрады  екен.

Айлықтан айлыққа табысы әрең жететін  адамға  несие алма деп айту қиын. Оралдық Арайлым Болатова есімді келіншек те бір кездері онлайн арқылы 100 мың теңге несие алып, бір жылға жуық мерзім өтсе де, қарызын толық жаба  алмай  келеді  екен.

– Былтыр қыркүйек айында ұлымның үйлену тойына ақша жетпегесін, жалақыға дейін ақша беретін онлайн сайттан қомақты қарыз алған едім. Тойдан соң жауып тастармын деп ойладым. Бірақ тойдан кейін науқастанып қалып, қарыз жәйімен қалды. Жұбайым осыдан үш  жыл бұрын жол апатынан көз жұмған еді. Ұлым – студент. Екі ай өткен соң  қарызымды төлеуге барсам, берешегім 200 мың теңгеге  жуықтап тұр екен. Сол барғанда 70 мың теңгені төлеп кеттім. Онлайн қарыздың пайызы күніне өсетін болған соң жалақыға жеткенше өсімі де  еселеніп тұрады. Адамдар шамасы келгенінше  несие атаулыға жоламаған дұрыс. 100 мың теңге қарызымды  бірнеше  есе өсімін төлесем де, толық жаба алмай келемін.  Төлемді  уақытынан сәл кешіктірсем, өсім пайызы  тағы да көбейіп кететіндігін уайымдаймын, –  дейді  оралдық  тұрғын.

Сала мамандарының айтуынша, интернеттегі жедел несие беретін микроұйымдардың онлайн парақшасындағы «Қарыз алу шарттарымен келісемін» деген батырманы басуыңыз арқылы басыңызға пәле тілеп алуыңыз мүмкін. Бұл батырма құжатқа қол қоюмен бірдей әрекет. Заң алдында сіз несие берушінің талаптарын орындауға міндеттелесіз. Сондықтан қарыздың «күле кіріп, күңірене  шығатынын» ескерсеңіз, саналы шешім  қабылдаңыз.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Іскер әйелдер Оралда бас қосты

Күні: , 41 рет оқылды

Бейсенбі  күні  облыстық  мәслихатта  «Гендерлік  саясатты  іске  асыруда  мемлекеттік құрылымдар  мен үкіметтік  емес ұйымдардың  өзара  іс-қимылы. Аймақтық  ынтымақтастық  тәжірибесі»  атты  халықаралық  конференция өтті.  Шара  барысында қонақтар өңірдегі қыз-келіншектер  басшылық  ететін  кәсіпорын-дардың  өнімдері  қойылған көрмеге куә  болды.

Аталмыш басқосуды  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен бірлесіп облыс әкімдігі ұйымдастырған. Жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, жергілікті атқарушы құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және Ресейдің Орынбор, Самара, Саратов облыстарынан келген іскер әйелдер қатысты.

Нәзік жандылар ел экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Айта кетсек, облысымыз бойынша 188 әйел басшы лауазымдық қызметте жүрсе, оның екеуі ҚР Парламенті Сенаты мен  Мәжілісте депутат, біреуі облыс әкімінің орынбасары және төрт әйел аудан әкімдерінің орынбасарлары болып еңбек етуде. Сондай-ақ облыстағы 48 мың кәсіпкерлік субъектісінің 19-ын, яғни облыстағы компаниялардың 41 пайызын бизнес-ледилер басқарып  отыр.

Жиынның модераторы болған Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко еліміздегі отбасылық-гендерлік саясатты іске асырудағы қабылданған пәрменді шаралар мен жетістіктер туралы айтты.  Сондай-ақ ол елімізде отбасы және гендерлік саясатқа ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын және  Елбасының 2016 жылы отбасы институтын  қолдауға бағытталған отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына қол қойғанын жеткізді.  Тұжырымдама 2030 жылға дейін жүзеге асатын болады.

Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  гендерлік саясаттың өңірде жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

– Биыл еліміздің бас қаласы Астанаға да, халықаралық ұйымдардың тиімді алаңына айналған ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның құрылғанына да 20 жыл болып отыр. Мереке қарсаңында Елордаға Ақ Жайықтан Мәншүк Мәметованың ескерткіші сыйға тартылды. Отан үшін от кешкен қазақтың  қаһарман қызының бейнесі Астана төріне көрік беруде. Сол ескерткіш арқылы Елордаға келген шетелдік қонақтар қазақ қыздарының қайсар екенін білетін болады. Сонымен қоса осыдан 20 жыл бұрын облыста  «Жайық өңірінің әйелдер кеңесі» құрылды. Аталмыш кеңес жұмысын жүйелі жүргізіп, РФ-ның Орынбор, Астрахан, Саратов облыстарымен достық қарым-қатынас орнатты. Оннан астам халықаралық жобалар дайындады. Өңірде «Іскер әйелдер қауымдастығы», «Жайық дауысы», «Арба», «Ақ отау»  секілді қоғамдық бірлестіктер гендерлік саясатты жүзеге асыруда. Біз Орал қаласының отбасы және гендерлік саясат мәселелері талқыланатын халықаралық басқосу орталығына айналғанын  қалаймыз. Бұл орайда сала мамандарының тәжірибесі де жеткілікті. Осы кезге дейін Ақ Жайық өңірінде республикалық, халықаралық маңызы бар бірнеше форумдар ұйымдастырылды. Батыс Қазақстан облысы Елбасының «Нұрлы жер», «Нұрлы  жол» бағдарламалары бойынша жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Аудан-ауылдарға көгілдір отын, ауыз су кіргізіліп, жолдар салынуда. Енді Орал қаласында «Ақжайық» шағынауданы бой көтеретін болады. Кез келген салада қыз-келіншектерді кездестіру қиын емес. Сол себепті барша нәзік жандылардың деніне саулық, отбасына амандық, еңбектеріне жеміс тілеймін, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Құралай Қарекен әйел адамның құқықтары мен мүмкіндіктері және стратегиялық бағдарламаларға қосар үлесі туралы  ойын  жеткізді.

Ал  РФ  Орынбор облысының вице-губернаторы Павел Самсоновтың айтуынша, қазіргі қыз-келіншектер бұрынғыдай отбасы, ошақ қасында қалып қойған жоқ. Олар саясатта да, кәсіпкерлікте де, құрылыс саласы секілді ауыр жұмыстарда да межелі жетістікке  жетуде.

– Ресейде нәзік жандылардың әр салада жұмыс жасауына жағдай жасалған. Сондай-ақ оның отбасындағы ана, жар, келін ретіндегі орнына  басымдық беріліп,  насихатталуда. Өйткені қандай қайсар әйел болса да, арқа сүйейтін отағасынсыз жетістікке жете алмасы анық. Бүгінгі конференцияға қатысып отырған нәзік жандыларға айтарым, қай салада жүрсеңіз де, туған жеріңіздің гүлденуіне үлес қосып, отбасындағы берекенің бастауы екеніңізді естен шығармаңыз, — деді Павел Васильевич.

«Самара облысының әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйым төрағасының орынбасары Татьяна Ерошкинаның айтуынша, кеңестердің  құрамында сол өңірде тұратын  1739 мың  қыз-келіншек бар. Қоғамдық ұйымның мақсаты – әйелдердің шешім қабылдау қабілетін дамытып, билік құрылымдарымен байланыс орнатудың  маңыздылығын  түсіндіру.

– Кеңестегі әр сегізінші әйел ғылыми атақ қорғаған. Сондықтан ғылыми-тәжірибелік конференцияға нәзік жандылар жиі қатысып, өзіндік көзқарастарын білдіреді. Ғылыми-тәжірибелік конференциялардан соң бизнестегі  келіншектердің тәжірибесі, ақыл-кеңесі жазылған басылымдар жарияланады. Біздің облыста жыл сайын «Аналар күні», «Жылдың үздік әйелі», «Ауыл бикесі» секілді шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ «Біздің байлығымыз – ұлттық жанұя», «Балаларға денсаулық», «Ұзақ өмір сүрудің жолы» секілді әлеуметтік жобаларға гранттар бөлінеді. Ресейдегі әйелдер кеңесі «Ресей жесірлері» атты қайырымдылық акцияларын да жиі өткізеді, – дейді Татьяна Петровна.

Конференция барысында отбасының беделі, ана мен баланы қорғау, қыз-келіншектердің  мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері  кеңінен талқыланды.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»


Депутаттар – үздік орталықта

Күні: , 85 рет оқылды

Өңірімізге  жұмыс  сапарымен  келген  ҚР  Парламенті  Мәжілісінің  депутаттары Евгений  Козлов,  Глеб  Щегельский, Сергей  Симонов,  Снежанна  Имашева  Зашаған  кентіндегі мамандандырылған  халыққа  қызмет  көрсету  орталығының  жұмысымен  танысты.

Орал қалалық мамандандырылған ХҚКО-ның жетекшісі Луиза Құсайынованың  айтуынша, мұнда күніне шамамен 500-600 тұрғынға қызмет көрсетіліп, айына сегіз мыңға жуық өтініш қабылданады. 26 мамырдан бастап орталық онлайн режімде қызмет көрсете бастаған. Яғни жүргізуші куәлігі мен жеке көлікті есептен шығару үшін  үйде отырып-ақ өтініш жіберіп, дайын құжатты орталықтан немесе «Қазпошта» арқылы алуларына болады. Мұнда  азаматтар жеке  көліктерін 90 минуттың ішінде тіркеп, жүргізуші куәлігіне екі  сағатта  қол  жеткізе  алады.

– Мамандандырылған ХҚКО алғаш Қарағандыда  ашылған болатын. Бүгінде еліміз бойынша барлық өңірде бар. Бұл орталық – солардың ішіндегі ең жаңасы әрі халыққа қызмет көрсету орталықтарының ішіндегі ең үздігі. Орталық ғимаратының іші өте кең, ауласында көлік жүргізушілер үшін барлық жағдай жасалған. Электрондық қызмет стандарттарға сай жұмыс істеуде, – деді Мәжіліс депутаты  Снежанна  Имашева.

Депутаттар кездесу барысында Елбасы жариялаған әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы айтып, арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысына  оң бағасын берді.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал  өңірі»


Қала күні қарсаңында тынымбақ ашылмақ

Күні: , 93 рет оқылды

Облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  Орал  қаласындағы  бірқатар  құрылыс  нысандарын  аралап,  атқарылып  жатқан  жұмыс  барысымен танысты.

Өңір басшысы жұмыс сапарын Зашаған кентіндегі жаңадан бой көтерген көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысынан бастады. Орал – Атырау және Орал – Саратов тасжолының аралығында орналасқан тоғыз қабатты үйлер баспана кезегіндегі тұрғындар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына берілмек. «Болашақ-Т» ЖШС-ның мердігерлігімен салынып жатқан 180 пәтерлік үйдің құрылысы былтыр қазан айында басталған. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының 85 пайызы атқарылған. Енді тұсқағаз жапсырып, линолеум төсеу секілді ішкі жұмыстар мен сантехникалық құрылғыларды орнату ғана қалған. Бұл үй күзге таман тұрғындардың игілігіне берілмек. Үйдің іші жарық, кең әрі сыртынан қарағанда көз тартарлық екен. Құрылыс нысандарын аралаған облыс әкімі сала мамандарына жаңа салынған үйде мәселе болмау керектігін ескертіп, айналасын  абаттандыруды  тапсырды.

Зашаған кентіндегі келесі тұрғын үйдің жетінші қабатына бетон тұрғызылып, кірпіш қалау жұмыстары  жүріп  жатыр  екен.

– Бұл үйдің құрылыс жұмыстары сәуір айында басталды. Құрылыс нысанында 100 адам еңбек етуде. Мұнда жалпы 216 пәтер болса,  оның 144-і  – бір бөлмелі, қалған 72-сі екі бөлмелі болып келеді. Биылға бөлінген қаржы толық игерілді. Енді қалған қаржы аударылатын болса, үйді биыл тапсыруды жоспарлап отырмыз, – деді «Альтаир» ЖШС-ның құрылыс бойынша директоры  Нұрлан Қуанғалиев.

Тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі Зашаған кенттік округінің әкімі Әділбек Қадыровқа ПИК мамандарымен тығыз байланыс орнатуды және көп қабатты үйлердің кіреберісіне аутокөлік жуатын орын салуды тапсырды.

– Қала орталығына кіретін кез келген көлік таза болуы қажет. Біз сол үшін тұрғындарға жағдай жасауымыз керек, – деген облыс әкімі жұмыс сапарын Тайманов көшесіндегі  құрылыста  жалғастырды.

Аталмыш көшеде яғни Еуразия даңғылынан Сарайшық көшесіне дейінгі аралықтағы жол күрделі жөндеуден өтуде. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның мердігерлігімен қолға алынған жұмыстың барысына өңір басшысы оң бағасын берді. Жол  жөндеу жұмыстары аяқтала келген.

Болашақта бұл аумақ тынымбаққа айналмақ. Сәулеті келіскен орындықтар орнатылып, шайтанарбаға арналған жолақтар  салынатын болады. «Түркістан жол сервис» ЖШС-ның бас инженері  Жандәулет Нұрлыбаевтың айтуынша, тынымбақ  қала күні қарсаңында  ашылатын  болады.

Содан соң өңір басшысы Құрманғазы көшесі мен Мәметова көшесінің қиылысындағы №2 жылу магистралінің құрылысына барды.  Мұндағы құрылыс жұмыстары «Уральскводстрой» ЖШС-ның мердігерлігімен жүзеге асуда. Жылу құбырлары толық ауыстырылған. «Уральскводстрой» ЖШС-ның вице-президенті Тенгиз Тедеевтің айтуынша, қажетті материалдар Ақтаудан тасымалдануда. 1255 метр болатын жылу торабының  құрылыс жұмыстары  шілде айының соңында аяқталмақ.

Гүлсезім   БИЯШЕВА,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика