Тег: ‘Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ’


Дін саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізілмек

Күні: , 13 рет оқылды

Сәрсенбі  күні  облыс  әкімдігі  жанындағы  діни  бірлестіктермен  байланыстар  жөніндегі  кеңестің  отырысы  өтті.  Облыс  әкімінің  орынбасары  Ғабидолла  Оспанқұлов  төрағалық  жасаған  отырысқа  кеңестің  тұрақты  мүшелері,  қоғамдық  және  діни  бірлестіктердің  басшылары,  БАҚ  өкілдері  қатысты.

Облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Мақсат  Раманқұлов ҚР Парламенті Мәжілісінде дін саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу қарастырылып, бекітілу үстінде екендігін  мәлімдеді.

– Заң аясында төрт кодекске және сегіз заңға 117 өзгеріс енгізілмек. Оның ішінде деструктивті діни ағымдардың (ДДА) сыртқы белгілеріне қатысты өзгеріс те болмақ. Осы мәселе бойынша биыл облысымыз бойынша жеті әкімшілік бұзушылық дерегі анықталды. Заң жобасында тек деструктивті ағымдардың атрибуттары мен сыртқы белгілерін пайдалану мен жариялауға тыйым салу ғана емес, ең бастысы, деструктивті діни ағымдардың идеологиясын таратуға және насихаттауға тыйым салынады. Сонымен қатар жастардың шетелде діни білім алуына жағдай жасау, бақылау мен қадағалау функцияларын күшейту, мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің діни саладағы мінез-құлқын реттеу, діни бірлестіктердің қызметін жеңілдететін нормаларды енгізу, әкімшілік санкцияларды гуманизациялау және  басқа да өзгерістер бар. Мәселен, заң жобасында неке қию немесе некені тоқтату (ерлі-зайыптылық) бойынша діни жоралар мен рәсімдерді ғибадат ету ғимаратынан тыс жерлерде жүргізуге жол бермеу туралы норма енгізілді. Сондай-ақ кәмелетке толмаған жасөспірімдерді діни қызметке заңсыз араласудан қорғау күшейтілді. Балалар мен жасөспірімдер ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салт-жоралар мен рәсімдерге тартылмау қажеттігі нормативтік түрде белгіленді, – деп өзгерістер енгізілетін құқықтық құжат туралы кеңінен мәлімет берген Мақсат Аралбайұлы заң жобасы қабылданған соң, облыс тұрғындары арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетіндігін  айтты.

Облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысы Аян Сақошевтің айтуынша, өңірімізде жастармен жұмыс жөніндегі 14 ресурстық орталық жұмыс жасайды. Желілік кестеге сай, жылына 127 шара жоспарланған. Ресурстық орталықтардың штатында сегіз теолог бар. Олар Жәнібек, Қаратөбе, Сырым, Қазталов, Тасқала, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында жастармен бірлесе жұмыс жасап жүр. Биылғы жылы  теологтардың кеңесіне  320 жас жүгінген. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында әр түрлі форматтағы шаралар өткізіледі. «Арнайы кеңес» жобасы аясында халық көп жиналатын «Мирлан», «Московский» базары мен «Сити центр» сауда үйлерінде түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

– Шыны керек, жат ағымда жүрген жастар орталықтан  ауданға арнайы барған ақпараттық топпен кездесуге келмейді. Сондықтан бұл мәселеге аудан әкімшілігі араласу керек деп ойлаймын. Базар маңында дін ұстанған (қай дін екенін білмейміз) жастар шоғырланған жерлер бар. Олар бір-біріне қаржылай қолдау көрсетеді. Тұрғын үй, жұмыс мәселесін шешіп береді. Біз өз тарапымыздан оларға өз бизнесін ашу, жұмысқа қалай орналасу керектігі жөнінде кеңес береміз, – деп сөзін сабақтаған Аян Қажимерұлы өзге де аудандар жастар ресурстық орталығына теолог алу мәселесін қарастырса деген ұсынысын айтты.

Кеңесте Сырым, Қаратөбе аудандарының әкімдері аудандағы діни ахуал, дін саласында жасалып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Екі ауданда атқарылған жұмыстарды саралаған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Абдоллаұлы Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтен екпе алмай жүрген балалар мен аудандағы имамы жоқ  үш мешіт мәселесінің  шешілу барысын сұрады.

– Ауданда жыл басынан бері 82 бала екпе алмағаны рас. Оның 10 пайызы дінге қатысы жоқ азаматтар. Қазіргі күнде оларға түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аралтөбе мен Жосалы ауылдарындағы мешітте әзірге діни сауаты бар ауыл азаматтары жұмыс жасауда. Тоғанас ауылындағы мешітте имам жоқ. Бұл мәселе бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Медреседе оқып жатқан жергілікті  балаларды тартамыз, – деп жауап берді Сырым ауданының әкімі  Төлеген  Төреғалиев.

Кеңес мүшелері дін саласындағы заңнамаға енгізілетін өзгерістер және діни білім алып жүрген студенттерді елге тарту жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

– Қоғамда жастардың білім алуына, спортпен айналысуына толығымен жағдай жасап, олардың теріс ағымдарға түсіп кетпеуін назарда ұстауымыз керек. Ең бастысы, жастар өз-өзімен, өз мәселесімен  қалып қоймауы тиіс.

Дін мәселесі өте өзекті. Сондықтан жат ағымдармен тек мемлекеттік құрылымдар ғана емес, қоғам болып күресуіміз қажет. Мешіттерде жастарға жөн сілтеп, дұрыс бағыт-бағдар беретін имамдар міндетті түрде болуы керек. Аудан-ауылдағы мешіттерде жетіспейтін имамдардың санына талдау жүргізіліп, бұл мәселені бір ай  ішінде шешу аудан әкімдеріне тапсырылсын, – деді отырысты түйіндеген Ғабидолла Абдоллаұлы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


«Құлақтандырудың заңды күші жоқ» дейді мамандар

Күні: , 64 рет оқылды

Арнайы  мониторингтік топ  мүшесі,  блогер  Мәлік Жұмағалиевтің  айтуынша, облыс  орталығындағы  жеті  балабақша  бес  жастағы  150  балаға   балабақшадан шығару  жөніндегі құлақтандыру  таратқан. Балаларының  мектепке дайын  емес  екендігін  айтып, дабыл  қаққан  ата-аналардың  жанайқайы  әлеуметтік  желілерде  қоғамдық  пікір  туғызды.

Осы мәселеге орай өткен аптаның соңында  ҚР 20152025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы облыстық мониторингтік тобының отырысы өтті. Бұл жиында  сөз алған Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова көтерілген мәселе бойынша қызметтік тексеру жүріп  жатқандығын  мәлімдеді.

– Жақында ғана осы мәселе туындаған мектепке дейінгі ұйым директорларымен жиын өткізілді. Одан бөлек шағымданған әр ата-анамен кездесіп, мәселенің мән-жайын анықтап, мектепалды даярлық топтары туралы түсінік бердім. Жоғарыдағы мәселе бойынша қалалық білім бөлімі тарапынан мектепке дейінгі ұйымдарға орта топтағы балаларды балабақшадан шығарыңыз деген нұсқау берілген жоқ. Қазіргі таңда бұл нұсқауды кім бергендігін анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілуде, – деді Жансұлу Меңешқызы. Отырыста бірнеше ата-ананың құлақтандыруға қол қойып қойғандығы белгілі болды. Алайда «Бұл құлақтандырудың заңды  күші  жоқ» дейді мамандар.

ҚР білім саласын реттеуші заңдар туралы баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова туындаған мәселеге қатысты өз пікірін білдірді.

– Бұл түсініспеушілік бес жастағы және жыл аяғына дейін алты  жасқа толатын орта топтың балаларына қатысты туындап тұр. Орта топтағы балалар жоғары топқа енді өтіп, мептепке дейінгі тәрбиені балабақшада жалғастыра береді. Ал жоғарғы топты аяқтаған балалар мектепалды даярлық топқа барады. Бұл мәселе бойынша облыстық білім басқармасы тарапынан қалалық білім беру бөліміне түсініктеме ретіндегі хатымызды жолдадық. Бізге келген ата-аналардың бәріне түсінік жұмыстарын жүргіздік. Осы мәселені туғызған білім бөлімінің жауапты мамандарына қала әкімдігі шара қолданады деп ойлаймыз. Жаңа оқу жылында қаламыздағы 30-ға жуық білім ошағындағы мектепалды даярлық тобы толық күнді, яғни ұзартылған топтарымен қамтамасыз етілмек, – дейді Шолпан Маратқызы.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Өзгеге өмір сыйлаған АБЗАЛ жан

Күні: , 120 рет оқылды

Осы  мақаланы  жазбас  бұрын  бірнеше  адамға:  «Сіз  бір  бүйрегіңізді  танымайтын  адамға  берер  ме  едіңіз?»  деген  сұрақ қойып,  шағын  сауалнама  жүргіздім. Сұрақ  қойған  жандардың басым  бөлігі: «Құдай  сақтасын,  балама,  жұбайыма,  бауырларыма  беруім  мүмкін, ал  танымайтын  адамға… Егер  менің  денсаулығыма  зиян  келсе,  балаларымды  кім  асырайды?» деген  бағытта  сырғытпа  жауап  берді.

Шынында да, танымайтын адамға бір бүйрегін бере салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Олай болса, өз қалауымен өзгеге өмір сыйлап, қуанышқа бөлеген кейіпкеріміз Абзал Әділовті бейбіт күннің батыры деп бейнелесек те жарасады. Әңгімеміздің басы «Танымайтын адамға бүйрегіңізді беруге шешім қабылдарда қиналған жоқсыз ба?» деген  сұрақпен  басталды.

Жай жымиып алған кейіпкерім  әңгімесін  бастады.

– Бірде теледидардан «Жан жылуы» бағдарламасынан қызылордалық Жанар Базарбекова деген қыздың  бүйрекке зәру екенін естіп қалдым. Сол бойда ақшам болғанда, қаражат салып, көмектесермін деп телефон нөмірін жазып алдым.  Бұл 2016 жыл болатын. Екі-үш айдан соң Жанарға хабарласып, қал-жағдайын сұрадым. Бір жылдай амандығын біліп, телефон арқылы  сөйлесіп жүрдім. Сөйтіп, оған бүйрегімінің бірін беруге шешім қабылдадым. Ол, әрине, оңай болған жоқ. Бір жылдай ойландым.

Бірақ әу бастан-ақ, жаны қиналған жандарға көмектессем деген ой  барлық қорқынышымды жеңді. 2017 жылдың маусымында жолға шығайын деп дайындалып жүргенмін. Бірақ Жанар хабарласып, өзіне күйеуінің бүйрегі келіп тұрғанын айтып, «Мүмкін болса,  шымкенттік Жәмила деген қызға көмектессеңіз» деген ұсыныс айтты. Мен бірден келісіп, Шымкентке жолға шықтым. Ол жақта мені Жәмиланың анасы мен еріктілер тобы күтіп алды. Бір-екі күн қонақ болып, олармен танысып-біліскен соң, анализдерімді тапсыра бастадым. Анализдерімнің қорытындысы  жақсы болып  шықты. Дегенмен, бізге ота Шымкентте емес, Алматыда жасалатын  болды. Өткен жылдың 20 қазанында  бізге ота жасалып, менің бір бүйрегімді Жәмилаға салды. Ота сәтті өтті. Қазіргі күнде Жәмиланың жағдайы жақсарып келеді. Мен оған хабарласып, бүйрегімді сұрап тұрамын, – деп жымиды әңгімесінің соңын әзілге шаптыра сөйлеген  Абзал.

Ол – Ақжайық ауданы, Алмалы ауылының тумасы. Ата-анасы екі бөлек кеткендіктен, 5 жасынан бастап нағашы ағасы мен жеңгесінің қолында  тәрбиеленген. Сондықтан да ол нағашы жеңгесін «Мама» деп атайды. Өзін нағашысының  баласымын деп есептейтін Абзал қаламыздағы №40 орта мектепте білім алған. Ол бала кезінде тентектеу болғанын, балалыққа тән кішігірім бұзақылық жасап, нағашыларының көңіліне  қаяу түсірген сәттер де болғандығын жасырмайды. Әйтсе де, оның ақкөңіл, мейірімді,  өзгеге қолұшын беруге дайын тұратын қарапайым азамат болып қалыптасуына өскен ұясы ықпал еткені анық. «Осындай игі қадамға баруыма нағашыларымның тәрбиесі де әсер еткен шығар. Өйткені, олар «Біреудің ала жібін аттама, өтірік айтпа» деп  жиі  айтатын»  дейді ол.

Адамдарға тек жақсылық жасауға ұмтылатын кейіпкерімізден жаңа басталған отбасылық өмірі туралы  сұрадық.

– Жұбайым Әйгеріммен ғаламтор арқылы таныстық. Екі айдай сөйлесіп жүріп, бірден ғашық болдым. Ол да Шымкенттің қызы. Мінезі ашық, өзі қарапайым. Қаламыздағы балабақшалардың бірінде қызмет етеді. Тойымыз «Sky» кафесінде өтті. Бір қуанғаным, тойды өткізген асаба, фото, бейнеоператорлар, көлік жүргізушілері өз қызметі үшін ақша алған жоқ. Мейірімді адамдарға алғысым шексіз. Той жақсы өтті. Алдағы уақытта өз баспанамызды алып, бақытты отбасының қатарын  көбейткіміз  келеді, – дейді  сөзге  сараң  кейіпкеріміз.

Біз шымкенттік Жәмиланың анасы Құрманкүл Құлмырзаевамен ұялы телефон арқылы хабарласып, Жәмиланың қал-жағдайын  сұрадық.

– Жәмиламның жер басып, аман-есен жүргені әуелі Алла, сосын Абзалымның арқасы. Аллаға мың да бір шүкір.  Сонау алыстан «Алла разылығы үшін» деп  арнайы келіп, қызыма бір бүйрегін беріп,  екінші өмір сыйлаған Абзалыма екі дүниенің жақсылығын тілеймін.  Осыдан екі-үш жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда Жәмиламның жағдайы жақсы. Денсаулығы жайлап,  қалыпқа түсіп келеді. Абзалым жаныма жалау болып, менің баламдай болып кетті. Төрт-бес ай,  бір үйдің адамдарындай бірге тұрдық. Қиналып, жыласам: «Апа, жылама, бәрі жақсы болады» деп демеу болып, қамқорлық танытты. Ол келіп, «бүйрегін беремін» дегенінде де, әрі қуандық, әрі қорықтық. Бірақ ол күндердің бәрі артта қалды. Қазіргі күнде «Сіздің ауру балаңызға бүйрегімді сыйлаймын» дейтін адам миллионның ішінде біреу шығар, – дейді ерекше толқып тұрған  Жәмиланың  анасы.

– Мен қарапайым пендемін. Жастықпен, балалықпен біліп, білмей жасаған қателіктерім де болды. Ең бастысы, жүрегім адамдарға жақсылық жасағанымды қалады. Менің қолымнан келгені осы болды. Бір адамға бүйрегімді сыйладым. Енді Жәмила да өмірдің қызығы мен қуанышын көріп, бақытқа бөленсе екен деймін, – дейді мейірімді  жігіт.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Трансплантация  тарихы

Трансплантация мәселесі 1902 жылы-ақ ғалымдар арасында қызығушылық тудырған болатын. Сол жылы австриялық зерттеуші Э. Ульман жануарлардың бүйрегін ауыстыруды тәжірибе жүзінде іске асырған болатын. Әлемде адамға тұңғыш трансплантация отасын хирург Ю. Вороной жасаған. 1950 жылдың 17 маусымында АҚШ-та бүйрек трансплантациясының отасы жасалды. Бұл отадан соң емделуші бес жыл өмір сүрген. Ең алғашқы трансплантациялық оталардың тек бүйрекке жасалуының өзіндік себебі бар. Адамның екі бүйрегі бар, сондықтан бір бүйректі донорға ешбір кедергі келтірмей алып, екінші адамға салуға болады. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, трансплантациялық отадан кейін 37 жыл өмір сүрген адам да болыпты.

Бұрынғы КСРО аумағында да трансплантация кеңінен дамыған. Мәселен, 1951 жылы ғалым В. Демихов тұңғыш рет иттің жүрегін ауыстырған. 1967 жылы Біріккен Араб Әмірліктерінің ғалымы Кристиан Барнард адамның жүрегін ауыстыру отасын тұңғыш рет жүзеге асырған  екен. Міне, осы уақыттан бері өмірге қажетті мүшелердің трансплантациясы дами түсті. Бүгінде әлемде адам ағзасының мүшесін жасанды мүшемен немесе жасанды тінмен ауыстыру тәжірибесі де бар.

Бұл – медицина  саласының заман  ағымына сай  дамуының  нәтижесі.

(Мәлімет  ғаламтордан  алынды)


Тәуелсіздігіміздің жауһары

Күні: , 22 рет оқылды

Астана  күні  қарсаңында ҚР  Тұңғыш  Президенті  алаңында    «Астана – ұлы дала  елордасы»  атты  мерекелік  концерт  өтті.

Бүлдіршіндерін ерткен қала тұрғындары мерекелік шараны тамашалауға арнайы жиналды. Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов жиылғандарды Астананың 20 жылдық мерекесімен құттықтады.

– Астана – біздің ұлы даламыздың, тәуелсіздігіміздің жауһары іспетті. Көзді ашып жұмғанша өте шыққан 20 жылда Астанада қаншама еңбек атқарылды. Аз ғана уақыттың ішінде дүние жүзіне белгілі ғимараттар бой көтеріп, дүниежүзілік шаралар, бітімгершілікке шақырған жиындар өтті. Күні кеше ғана Астананың төрінде, «Жеңіс» даңғылының бойында М. Мәметованың ескерткіші бой түзеген «Ақжайық» тынымбағын астаналық тұрғындарға  табыстадық.  Тынымбақтағы бүлдіршіндерге  арналған ойын алаңы мен әуенді субұрқақты тамашалаған астаналықтар батысқазақстандықтарға шынайы ризашылығын білдіруде. Астанамыздың 20 жылдық мерекесі құтты болсын! – деді  Ғабидолла Абдоллаұлы.

Мерекелік шарада  ҚР Президентінің Жарлығымен әр салада еңбек етіп жүрген бірнеше  өңір тұрғындары еліміздің  қалыптасуы мен дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Астанаға – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Олардың қатарында «Домостроитель» өндірістік кооперативінің директоры В. Власов, облыстық клиникалық аурухананың дәрігері  С. Қайыпбергенов, №8 облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектебінің мұғалімі С. Шаяхметова, облыстық экологиялық-биологиялық орталығының директоры  Ф. Кержикова  бар.

Мерекелік концертте жергілікті өнерпаздарға қоса, өзге облыстардан арнайы келген әншілер қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.  Әсіресе, «Тәуелсіз елміз»  композициясы, дәстүрлі әндер шеруі жиылған жұртшылыққа  әдемі  әсер  сыйлады.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Шабдаржаптың шырайлы мектебі бар

Күні: , 66 рет оқылды

Өткен  аптаның  соңында  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов   жұмыс сапарымен  Ақжайық  ауданының  Шабдаржап  ауылында  болды.  Аталмыш  ауылда  құрылысы  аяқталған  мектепті  аралап  көрген облыс  басшысы  ауылдағы  еңбек  ардагерлерімен  кездесіп,  аудан көлемінде  атқарылған  жұмыстармен  танысты.

Ауыл шетінен өткен жылдың тамыз айында бой көтерген 198 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарына «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы есебінен 635,7 млн. теңге қаражат бөлінген.

– Харькин орта мектебінде 35 мұғалім қызмет етеді. Заманға сай жабдықталған жаңа мектепке кіріп, қуанып жатырмыз. Әр сынып қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Су жаңа мектепке жаңа оқу жылында 160-тан астам бала келеді деп күтудеміз.  Мұғалімдердің сапалық құрамы өте жақсы. Жаңа мектепте тек балаларға  емес, мұғалімдердің де жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасалған.  Болашақта оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында түрлі үйірмелер іске қосылмақ. Сондай-ақ  мектебімізде  «Рухани жаңғыру» бағдарламасына арналған арнайы алаң бар. Бұл алаңда балаларымыз ұлттық ойындар ойнап, ұлттық құндылықтарымызды сезініп өседі деген ойдамыз. Психолог кабинетінде де баланың мінез-құлқына сай жұмыс жасауға қажетті бар жағдай жасалған. Жаңа асханамыз  42 орындық. Экологиялық тәрбие беру мақсатында «Қысқы бақ» алаңы бар. Биыл ҰБТ-дан жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Үш түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанды, – дейді Шабдаржап ауылындағы Харькин орта мектебінің директоры Бекзат  Иманғалиева.

Мектеп құрылысын жүргізген мердігер «Наурыз» ЖШС-ның директоры Азамат Ғұбайдуллиннің айтуынша, жыл бойы қарқынды жүрген құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Құрылысшылардың басым бөлігі – жергілікті ауыл тұрғындары. Тек күннің тым ыстығына орай көгалдандыру жұмыстары күзге қалдырылған. Құрылысы біткен мектеп нысанын аралап көрген облыс басшысы заман талабына сай салынған білім  ошағына  оң  баға  берді.

Жаңа мектептің басты ерекшелігі –  «Білім book»  бағдарламасы енгізілген компьютерлермен жабдықталған. «Білім bookта»   интернетті қажет етпейтін 40 мыңнан астам интерактивті сабақтар үш тілде орналастырылған.

– Өткен жылы өздеріңізбен кездескенде мектеп сұрап едіңіздер. Астананың 20 жылдығы қарсаңында мектебіміздің құрылысы толықтай аяқталды. Елбасы білім саласына ерекше мән беріп, көңіл бөлетіні  баршаңызға да белгілі.  Білім беру саласындағы ауыл мен қаланың алшақтығын азайту бағытында көптеген жұмыс жүргізілуде. Жаңа оқу жылында облысымыздағы 223 шағын жинақталған  мектепке «Білім book» бағдарламасы енгізілген компьютер орнатамыз. Өйткені бала  заман талабына сай  жаңа технологияларды, электронды бағдарламаларды  біліп өсуі керек. Сіздер Жайық бойын жағалай қонған елсіздер. Біз сіздердің өтініштеріңізді орындауға тырысамыз. Қазір ауылға ауыз су кіргізу жұмыстары жүріп жатыр. Енді тек одан әрі  еңбек ету керек. Мәселен,  Бағырлай өзені бойында бос жатқан жер көп. Бақша егіп жүрген адам аз. Неге сол жерлерді игермеске? Бау-бақшаны  көбейту керек. Сіздерде су бар. Табиғат өзі беріп  тұр. Тек сол игілікті пайдаланып,  жұмыс жасау қажет, – деді облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесу  кезінде.

Ақжайық ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен таныстырған әкім Әділ Жоламанов Шабдаржап және Томпақ ауылдарына ауыз су құбырларын тарту  жұмыстары басталғанын атап өтті. Бұл жобаға республикалық бюджеттен 445,7 млн. теңге (2018 жыл бөлінген қаражат – 92,5 млн. теңге) қарастырылған. Нәтижесінде  екі ауылдың 1000-нан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылмақ.  Сондай-ақ  ауданның 14 елді мекенінде ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Чапаев кентінде үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй салу жұмыстары басталған. Жалпы, биыл ауданда барлығы 4000 шаршы метрлік тұрғын үй  бой көтермек.

– Шабдаржап ауылында бұрынғы мектеп өте ескі болды. Бір қапталы апатты жағдайда тұрды. Енді, міне, еңселі, қос қабатты, балаларға білім алу үшін бар жағдай жасалған әдемі мектеп бой көтерді. Ауыл тұрғындары қатты қуанып жүр. Негізі, бұл ауылдың тұрғындары еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен, ауызбіршілігімен көпке үлгі. Ауылда бала саны жыл сайын өсіп келеді, демографиялық өсім жақсы, – дейді Тайпақ ауылдық округінің әкімі  Болат  Шаленов.

«Бұрын біз от жағатын мектепте, қиын уақытта  жұмыс жасадық. Біздің кезімізде мынадай игіліктің бірі де жоқ еді. Қазір қандай керемет! Бар жағдай жасалған мектепте тек жұмыс жасау керек. Осы жеткен жетістігіміздің бәрі – Тәуелсіздігіміздің арқасы» дейді жаңа мектепті облыс басшылығымен бірге аралап көрген  ар-дагер  ұстаздар.

Харькин орта мектебінің әр жылғы түлектері жаңа мектепке ұлттық домбыра күні қарсаңында он домбыра тарту етті. Балалары мен немерелерінің заманға сай мектепте білім алатынына қуанып жүрген ауыл тұрғындары облыс басшылығына шынайы ризашылықтарын  жеткізді.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Ардагерлер – алтын тұғыр

Күні: , 27 рет оқылды

Орал  қаласындағы  Достық   үйінде  облыстық  ардагерлер  кеңесінің  ІV  пленумы өтті. «Елбасының  болашаққа  бағдар:  рухани жаңғыру»  бағдарламалық  мақаласын  жүзеге  асыру  жөнінде пікірлер тоғысқан  жиынға  облыстық, қалалық  және  аудандық  ардагерлер  кеңестерінің  мүшелері  қатысты.

Бүгінгі жас буынның жеткен жетістіктері аға буынның еңбегінің арқасы екендігін тілге тиек еткен облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қоғамдағы  көпшілікті алаңдатып жүрген  мәселелерге тоқталды.

– Күні кеше ғана ҚР Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері  террористік актіге дайындалып жүрген жастарды құрықтады. Бұл – алаңдатарлық мәселе. Кешегі ұсталғандардың ішінде өрімдей жастардың бірі әлі кәмелеттік жасқа да толмаған. Қаруларын дайындап, қай жерде жарылыс жасаймыз деп жүрген жастардың жанымызда жүргені қауіпті. Сондықтан біз осы дерттің алдын алу үшін қоғам болып күресуіміз қажет. Екінші мәселе қазіргі күнде қоғамда дау-дамай, жастардың ажырасуы белең алып барады. Осы жерде медиацияның алар орны зор. Бұрын ата-бабаларымыз дауласқан тараптарды бітімгершілікке шақырып, татуластырып жіберген. Статисткаға сүйенсек, медиация пайда болғалы ажырасудың да саны азайғаны байқалады. Өйткені сот көп жағдайда ажырастырып жіберетін болса, медиация оларды бітімгершілікке шақырып, татуластырып жіберуді негізгі мақсат етеді. Еліміздің бүтіндігі, отбасының бүтіндігінен басталады. Ерлізайыптылар ажырасқан жағдайда қоғамда  толық емес отбасы, әкесіз немесе шешесіз өсетін тірі жетім балалар көбейеді. Ең бақытты бала –  ата-анасының қасында өскен бала. Сондықтан сіздер де медиатор болып, игі іске атсалыссаңыздар, қоғам  үшін зор пайда болар  еді, – деді пленумда сөз алған  Ғабидолла  Абдоллаұлы.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзағали Мұхамбетовтің айтуынша, облыстық ардагерлер кеңесі ардагерлердің  қоғамдық өміріне белсене қатысып, үкіметтік емес ұйымдармен, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясымен, жастар ұйымдарымен бірлесе жұмыс жасап келеді. Аға буын өкілдері ұлттық, отбасылық құндылықтарымызды, өмірден көрген-түйгенін  жастардың санасына сіңіру бағытында бірқатар жұмыстар атқарып жүр. Жастарға үлгі ретінде ардагерлерді мәдени-көпшілік, спорттық шараларға тартып, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында түрлі байқаулар, сайыстар ұйымдастырылуда. Мәселен, әжелер ансамблі былтыр «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қайран, біздің әжелер арды ойлаған» атты аудан, қала, облыс деңгейінде өткен сайысқа қатысып, өнер көрсетті. Нәтижесінде Зеленов аудандық әжелер клубы бас жүлдеге ие болды. «Ата сөзі – бата сөзі» батагөй ақсақалдар байқауы да жоғары деңгейде өтті. Республикалық батагөй қариялар сайысына қатысқан қаратөбелік Ертай Сердалин бас жүлдеге ие болып, 250 мың теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен  марапатталған.

Жиында бүгінгі қоғамдағы аста-төк ысыраппен жасалатын жастардың үйлену тойлары, сүйек жөнелтудегі келеңсіз көріністер де қариялардың назарынан тыс қалған жоқ.  Қоғамның өзекті мәселелері туралы  жиында сөз алған еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай: «Жастарымыз рухты болып өсу үшін оларға республика, әлем деңгейінде жетістікке жеткен тұлғаларымызды көбірек насихаттаған жөн. Мәселен, олимпиада чемпионы  Данияр Елеусінов, тауы жоқ жерде өсіп, биік шыңдарды бағындырып жүрген Мақсот Жұмаев сынды біздің даңқты жерлестерімізді өсіп келе жатқан жастарға жеткілікті деңгейде дәріптей алмай жүрміз» деген ой айтты.

Кейінгі буынға тұрақтылық  пен тәуелсіздіктің нәтижесінде еліміз қол жеткізген игіліктерді насихаттауда ардагерлер де зор үлесін қосып жүр. Олар тек облыс орталығында емес, аудан-ауылдарда да әр түрлі тақырыптағы семинар, конференциялар, спорттық шараларды жиі өткізеді. Қазіргі күнде олар Астананың 20 жылдық мерейтойына орай ауыл-аудандарда мәдениет бөлімдерімен бірлесіп, «Ел жүрегі – Астана!» атты облыстық фестиваль  өткізуде.

Халқымыздың әдет-ғұрып, салтдәстүрін сан ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келген ақсақалдар мектебі бүгінгі күнге дейін құндылығын жойған емес.

«Жастарға тәлім-тәрбие беру бағытындағы жұмыстарымыз одан әрі жалғаса береді», – дейді  көнекөз  қариялар.

Жиын  барысында  бірқатар  ардагер орталық кеңес тарапынан марапатталды.  Мәселен,  Сәлім Кукашев, Орынғали Ермекқалиев, Уалиолла  Әбешевтер «Еңбек  ардагері»  медаліне  ие болды.

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал   өңірі»


Орташа балл – 81,80

Күні: , 59 рет оқылды

Өңірімізде  ҰБТ  20-22  маусым  аралығында  тоғыз  тестілеу орталығында  өтті.  Биылғы  оқу  жылын  облыс  бойынша  5192 түлек  тәмамдады.  Ағымдағы  жылдың  10  наурыз  бен  10  мамыр аралығында  өз  еріктерімен  3750  оқушы  ҰБТ  тапсыруға  өтініш  берді.  Алайда  ұлттық  бірыңғай  тестілеуде  олардың  3652-сі  ғана қатысты.  Олардың  ішінде  216  түлек  шығармашылық  емтихан тапсырды.  1540  бала ҰБТ-ға  қатысуға  ниет  білдірмеді.

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және орта жалпы білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиеваның айтуынша, биылғы тест сынағы барысында шәкірттердің орташа балы 81,80 болды (өткен жылы 80,34), 100-ден жоғары балды 823 мектеп бітіруші жинаса, 130 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізген 30 оқушы бар (IT-лицейінде – 13, Теректі ауданында – 7, Орал қаласында – 6, С. Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатында – 2, Тасқалада – 1, Қазталовта – 1).

Облыс бойынша ең жоғары 138 балл облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған ақпараттық-технологиялар мектеп-лицей-интернатының (IT-лицей) түлегі Нарқыз Базарғалиеваға тиесілі. Нарқыздан кейін жоғары ұпаймен екі түлегіміз дараланды. Олар  137 балл жинаған қаладағы №47 орта мектептің түлегі Анжелика Степанюк пен теректілік Мейрамбек Қадырбеков. Бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша 253 түлек шекті балды (50  балл)  жинай  алмаған.

 Гүлжамал    ЖОЛДЫҒАЛИ


Мейрам қарсаңындағы марапат

Күні: , 53 рет оқылды

Сейсенбі күні «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин мекеме ұжымы мен ардагер журналистерді БАҚ қызметкерлері күнімен құттықтады.

– Осы кезге дейін газеттің тарихын терең зерттеу бағытында көп жұмыстар жасалды. Биылғы жылдың үлкен жетістігі – біз газетіміздің бастауында тұрған ұлттық баспасөздің негізін қалаушылардың бірі, ақын, ағартушы Ғұмар Қараштың шығармашылығы мен өмір жолына арналған  үш томдық жинақ  шығардық.  Сондай-ақ шілде айынан бастап жаңа жобалардың бірі – газетке электронды жазылу жүйесі іске қосылмақ. Басты мақсатымыз – заман талабынан қалмау. Ақпарат саласында мемлекеттік саясатты жүргізуде газеттеріміз бен ақпарат орталығының өз орны бар. Ғұмар Қараш бастаған сара жолды бір кездері құрметті ардагерлер, сіздер жалғасаңыздар, кейінгі буын сіздердің іздеріңізді басып, жолдарыңызды жалғап келеді. Біз сіздердің еселі еңбектеріңізді жас буынға әрдайым үлгі етеміз, – деп сөзін сабақтаған Жантас Набиоллаұлы ардагерлерге ақшалай сыйлық табыстады.

Мерекелік басқосуда Мәжит Қайырғалиев, Ғилаж Наурзин, Ұлдай Сариева, Аманкелді Ақмурзин, Владислав Ярлов сынды сала ардагерлері сөз алып, іргелі ұжымның жетістіктеріне қуанып, қолдап отыратындықтарын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған Владислав Петрович «Журналист – өзі өмір сүрген қоғамдағы мәселелерді айнытпай жеткізе білуі тиіс. Өз кәсібіне адал болып, еңбек еткенде ғана олардың есімдері ұмытылмайды» деген өрелі ой өрбітті.

Кәсіби мереке қарсаңында «Жайық Пресс» медиахолдингінің бірқатар қызметкерлері марапатталды. Олардың қатарында Ясипа Рабаева, Нұрлыгүл Сұлтанова, Назгүл Ізтілеуова, Динара Киндербаева, Галина Самойлова, Светлана Гусакова, Нұрлыбек Рахманов, Дархан Оразов бар. Дәл осы шара барысында танымал ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғайсағали Сейтаққа Ғұмар Қараштың медалі табыс етілді.

– Біз жыл сайын еңбегімен дараланған әріптесімізге Ғұмар Қараштың медалін табыстауды мақсат еттік. Ең бірінші медалді белгілі журналист Қазбек Құттымұратұлына табыстап едік. Биылғы ерекше сыйлыққа журналистика майталманы, белгілі, мықты ақындардың бірі – Ғайсағали ағаны лайық деп шештік, – деді «Жайық Пресс» ЖШС директоры Жантас Сафуллин.

Назгүл  ІЗТІЛЕУОВА, «Орал  өңірі» газетінің дизайнері:

– Кәсіби мереке қарсаңында азды-көпті еңбегімізді бағалап, марапаттап жатқан ұжым басшылығына ризашылығымды білдіремін. Аптасына үш рет шығатын газеттің әр саны біздің қолымыздан өтеді. Бет құру барысында заман талабына сай идеяларымызды іске қосуға тырысамыз. Газеттің беттеріндегі ақпарат, мақала-материалдарға қоса, оның дизайнының өзі  оқырмандар назарын бірден тартуы шарт. Фотосуреттер мен материалдарды сауатты орналастырып, бірден көз тартатындай безендіре білудің өзі үлкен өнер. Осы жолда үнемі ізденісте жүреміз. Әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтап, шығармашылық табыстар тілеймін!

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңір»


Ғайсағали СЕЙТАҚ: «Өлеңде өтірік айтуға болмайды»

Күні: , 1 052 рет оқылды

Белгілі  қаламгер, «Маңдай», «Аман бол, атамекенім!», «Нарынның нар ұлдары», «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр», «Жақыным менің – жалпақ ел» атты жыр жинақтарының авторы Ғайсағали Сейтақ санаулы күндерден соң асқаралы 60 жасқа толмақ. Біз мерейтой қарсаңында ақын ағамызбен қазіргі әдебиет, поэзия тақырыбында әңгімелескен едік.

— Қаламгерлік мамандық емес. Ол жанның қалауы, тәңірдің сыйы деп жатамыз. Жалпы, сіздің әдебиетке келуіңізге кімдер ықпал етті? Алғашқы өлеңдеріңіз есіңізде ме?

— Мен тарихи өңір — Бөкей ордасы ауданының тумасымын. Жәңгір хан негізін қалаған Орда орта мектебінде білім алдым.  Бастауыш сыныптан әдебиетке құштар болдым. Кітапханадан әдеби кітаптарды оқып, осы жолға түстік.  Бұл, әрине,  ұстаздарымның арқасы. Алғашқы ұстазым Шолпан  Жұмашева, жоғары сыныптарда Роза Әділәлиева, Қалқаман Хайретдинов, Әлима Қабдірахимова, Қалимат Такесов, Эмма Сағынбекова, Сисен Байзонов есімді ұстаздар сабақ берді. Әсіресе, қазақ тілінен дәріс берген Роза апамыздың әңгімесі де, әдебиетке баулуы да ерекше еді. Оқиғаларды әдемі суреттеп, бізді әдебиет әлеміне қызықтыра білді. Сабақты жақсы оқыдым. Бірде студент-практиканттар сабақ беріп, ең алғаш «Қыс» деген өлең шығарғаным есімде. Бірақ ол сақталған жоқ. Мектеп бітірген соң, Орал  педагогикалық  институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетіне оқуға түстім. Ал негізінен өлеңді студент кезімнен жаза бастадым. Алғашқы өлеңдерім 40 жыл бұрын аудандық газетте, кейін облыстық, республикалық басылымдарда жарық көре бастады.  Батыс Қазақстан облысындағы ақын-жазушылардың көбі Жанғали Нәбиуллин ағамыздың шекпенінен шықтық деп айтып жатады. Біз де сол Жәкеңнің алдын көрдік. Ол кісіден тәлім алдық. Институтты бітіргеннен кейін Тасқала аудандық «Екпін» газетінде жұмыс жасауға кеңес берді. Сол жерде екі жылдай еңбек еттім. Бірте-бірте журналистика саласына келдік. 1982 жылдан бері «Орал өңірі» газетіндемін, қазір «Жайық Престемін».

— Қаламгерлер арасында әдебиетке адалдық  деген ұғым бар.  Сіздің ойыңызша ол немен өлшенеді?

  — Жәкеңнің «Өлең деген бар менің бір құдайым» өлеңінің бір жолының өзі  көп мағына береді. Қадыр ағамыз да  «Өлеңге айтып қойыппын, өмірдің айтпа дегенін» деп толғанған. Біздер журналистикада жүрген соң, түрлі тақырыпқа қалам тартамыз, мемлекеттің саясатын жүргіземіз. Ал өлеңнің табиғаты  бөлек. Мәселен, тәуелсіздік алғанымызға 27 жыл болды. Бірақ сол тәуелсіздігімізді қалай сақтап қаламыз деген әңгіме әлі күнге күн тәртібінен түспей тұр. «Ертең қандай ел боламыз?» деген мәселе толғандырады.   Қоғамдағы  орын алып жатқан оқиғаларға байланысты өлең туып жатады. Бұл кей адамдардың көзқарасына, саясатқа  қайшы келуі мүмкін. Бірақ  бұл ақынның жан сыры. Негізі, өлеңге адал болу керек.  Өлеңде өтірік айтуға болмайды. Өлеңге, әдебиетке адалдық деген осы.

  — Қазір жас қаламгерлер қазақ әдебиеті менеджментті үйрену керек, әр ақын-жазушы өзі менеджер болуы тиіс деген пікір айтып жүр. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?

Кеңес үкіметі кезінде жоспар бойынша ақын-жазушылардың кітабы басылып шығып, елге таралатын. Ол кезде қаламақы көлемі де тым тәуір болды. Сол кездегі ақын-жазушылар қаламақыға өмір сүре алатын еді. Қазір олай емес. Қазір кітап шығару үшін қаржыны өзің табуың керек. Кітап шыққан соң тарату да қиын. Кітап дүкендерінің желісі де бұрынғыдай емес, үзіліп қалған. Сол себепті, жас қаламгерлер заманға сай менеджментті игергені дұрыс. Қазір Жазушылар одағында жақсы өзгерістер болып жатыр ғой. Енді бір серпіліс болар деп сенеміз.

Өз басым соңғы жылдары жазған жырларымның басын қосып, «Қасиет қонған қара жер» деген атпен баспаға бердім, қаржы мәселесі шешілсе, шығып қалар.

Соңғы кезде кітап оқылмайды деген қағида қалыптасқан. Осы тұста сіздің де «Көшің қайда барады, ей адам деп, қолын бұлғап тұрғандай кітапхана» деген жыр жолдарыңыз бар…

Кітап оқылмауының басты себебі — қазір көпшілік  ғаламторға тәуелді болып алды. Тойда да, жиында да, автобуста да телефонға үңіліп отырған бір адам. Бәрі осының салқыны деп ойлаймын. Кітап құндылығы жоғалып барады. Оқырман керек ақпаратты әлеуметтік желіден, ғаламтордан оқып алады да, кітап оқуға кежегесі кері тартады. Жастарды кітап оқуға тарту үшін заманауи әдіс-тәсілдер керек деп ойлаймын.

— Сіздің Нарынға арнаған өлеңдеріңіз жетерлік. Осы Нарын құмында қалған балалық шағыңыз туралы айтып берсеңіз? Сіз қандай бала  болдыңыз?

Нарын құмында ойнап өстік. Сол құмда ізіміз қалды. Бала  кезімізде қуыспақ, асық ойнайтынбыз. Спортқа жақын болдым. Жоғары сыныптарда дене шынықтыру пәнінен дәріс берген Береген Қожағалиевтің жетелеуімен жарыстарға қатысып жүрдім. Тәртіпті бала болдым. Сабақты жақсы оқыдым. Ата-анамыз қарапайым еңбек адамдары еді. Әкем — майдангер. Өмір бойы орманшы болды, жылқыны да жаны сүйетін. Біз мектепте оқып жүрген шағымызда, ата-анамыз далада жұмыста болғаннан кейін, нағашы әжеміз Күлшіннің қолында өстік (ол кісі өмірден өткеннен соң бір-бірімізге көз болып, өзіміз тұрдық). Әжемнің суырыпсалма, өлең шығаратын қасиеті бар деп өзінің тұстастары айтатын. Үйдің тұңғышы Ғарифолла деген ағам да өлең жазатын еді. Ағам бірінші сыныптағы менің аяқалысымды байқап,  әжемнің көзінше: «Егер 10-сыныпқа дейін үздік оқысаң, 100 сом ақша беремін» дегені есімде. Ағамның сөзі де әсер еткен болуы керек, сол қалпымнан танған жоқпын. Ол уәдесінде тұрып, 100 сом ақша берді. Мектеп бітірген соң, ақ жол тілеп, оқуға шығарып салды. Қазір ойлап қарасам, ол  мені ынталандырған екен. Өкініштісі, сол ағам 27 жасында суға кетіп, өмірден ерте өтті.

— Сіз тек ақын ғана емес, танымал журналиссіз. Өзіңіз еңбек етіп келе жатқан облыстық газетке қоса, 24 сағат бойы хабар тарататын «Қазақпарат» агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісіз. Сіздің жеделдігіңіз, өнімді еңбек ететініңіз жас журналистерге үлгі. Өзіңіз  оларға қандай кеңес айтар едіңіз? 

— Қазіргі заманның журналистері кез келген тақырыпқа жаза алатын,  ұшқыр болуы керек.   Бұрынғы Кеңес кезеңімен салыстырғанда, қазір  журналистика дамыды. Бүгінгі заманның журналистері тек мақала жазып қоймай, өзі суретке түсіріп, өзі бет құратындай дәрежеге жетуі тиіс. Әрине, тез жазамын деп қасаңдыққа ұрынып қалатын сәттер де болады. Әдеби жағынан көркемдік жетіспейді. Оған қоса, кадр дайындау да көкейтесті мәселе. «Қазақпарат» агенттігінде 18 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Бүгінгі журналистикада бәсекелестік мықты. Кім ақпаратты жедел берсе, соның рейтингі көтеріледі. Түрлі тенденциялар бар. Өмірдің көлеңкелі тұстарын беруге тура келеді. Бұл — заман талабы.  Жедел ақпарат алған кезде қателесуге болмайды. Бір емес, бірнеше дереккөзіне сүйеніп, дұрыс болған жағдайда ғана оқырманға ұсыну қажет. Сондықтан бірінші анық-қанығына жетіп алып, ақпаратты жіберген дұрыс.  Ең бастысы, ақпарат анық әрі қанық болуы керек.

Поэзия әлемінде  бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жүрген шәкірттеріңіз бар ма? Олар кімдер? Жас ақындардан кімдерді оқисыз?

— 1990 жылдары дарынды балаларға арналған мамандандырылған  С. Сейфуллин атындағы №11 мектепте журналистикадан сабақ бердім.  Сол кездері Бауыржан Халиолла мен Талант Арғынғалиға жол сілтедік. Алматыға барарда ақ жол тілеп, шығарып салдық. Екеуі де үмітімізді ақтады. Қазір көптің көзіндегі белгілі ақындар.  Одан бөлек алдымызға келген жастардың талабын қайтармай, барынша білген-түйгенімізді айтамыз. Сұраса, Қазақстан Жазушылар одағына өтуге кепілдік те беріп жатамыз. Жалпы, Қазақстан Жазушылар одағына біздің облыстан он шақты адам мүше. Жастар жағынан толықтыруды қажет етеді. Жансая Мусина, Талғат Мықи, Марлен Ғилымханов, Бауыржан Ширмединұлы, Әділет Орынбасаров секілді жас ақындардан  үміт күтеміз.  Ең бастысы — жастар өлеңге адал болып, айтарын айта білуі қажет.

— Белгілі ақын Жарас Сәрсек:  «Өлең жазу тау басына шығып, отын әкелумен бірдей. Қатты қиналамын. Тән емес, жаным терлейді» депті. Сіз өлеңді қалай жазасыз?

— Өлең жазу оңай емес. Жас ұлғайған сайын талғам да жоғарылай түседі. Аз жазу керек, сосын саз жазу керек деп ойлаймын. Кейде шыны керек, қол да тимейді. Мойнымызда журналистика жүгі болғаннан кейін, өлең жазуға уақыт тапшы. Бірақ сәті келгенде жыр туады. Мен  өлеңді көбіне түнде жазамын.

— Соңғы кездері сізді не мәселе толғандырып жүр?

— Соңғы кездері  мені ұрпақ тәрбиесі көбірек ойландырып жүр. Қандай ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз?  Білім саласындағы реформалар нәтижесін бере ме?  Мысалы, үштілділікті қолға алып жатырмыз. Оның оқытылу дәрежесі қалай?  Біз бірінші сыныптан бастап үш тілде оқытамыз. Бұл дұрыс па?  Немерем қазір  балабақшаға барып жүр. Үш тілде сөздер айтып келеді. Бірақ ол сол сөздердің  мән-мағынасын ұғып жатыр ма? Әлі санасы қалыптасып үлгермеген бала қай тіл өз тілі екенін білмей қала ма деп алаңдаймын. Сондықтан Жапониядағыдай бірінші ана тілін баланың бойына сіңіріп, жоғары сыныптарда оқытса да жеткілікті болар еді. Қазір кейбір пәндерді ағылшынша оқытамыз деп жатыр. Мамандандырылған, дарынды балаларға арналған мектептерде дәл солай оқытуға болатын шығар. Алайда шалғай ауылдардағы немесе осы қаладағы орта мектептерде нақты пәндерді оқытуға кадрдың білім-білігі жеткілікті ме? Мұғалімдерді оқытамыз деп бөлінген қыруар қаржы желге ұшып жатқан жоқ па? Оқулықтардың сапасы сын көтере ме? Білім саласы «Ақша құйдық, нәтижесі қалай?» дейтін бизнес емес. Ол — өте нәзік сала. Ол ұрпақ тәрбиесі, ұлт тәрбиесіне келіп тіреледі. Ұлтқа қатысты басқа да мәселелер мені жиі толғандырады.  Жүрекке тиген жайттар жыр болып өріліп жатады.

Немерелеріңізге жиі айтатын сөзіңіз қандай?

— Мен оларға «Айналайын»  деп жиі айтамын.

— Әңгімеңізге  рақмет!

Гүлжамал   ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Басталды…

Күні: , 55 рет оқылды

Кеше өңірімізде ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы басталды. Бірінші лекте М. Өтемісов атындағы БҚМУ-да  – 608, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да – 459  түлек ҰБТ-ға қатысты.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың №48 ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пунктінің басшысы Диляра Әмірғазинаның айтуынша, талапкерлер сегіз аудиториямен қамтылған. Ең бастысы, балаларға қажетті бар жағдай жасалған. Әр аудиторияның алдына су қойылып, талапкерлерге өздерімен бірге су алып кіруге рұқсат  берілген.

– Барлық аудитория бейнебақылау камерасымен, мобильді, радиотехникалық құралдарды бұғаттайтын құрылғылармен қамтамасыз етілген. Дәрігерлер мен құқық қорғау құрылымдарының мамандары ҰБТ аяқталғанша талапкерлердің жанында болмақ. Жалпы балалардың көңіл күйі орнықты, – дейді  Диляра Ахатқызы.

Биылғы жылдың ерекшелігі – мектеп бітірушілерге  алғаш рет өз қалауы бойынша ағылшын тілінде тапсыруға мүмкіндік берілді. Сондай-ақ тест тапсырушыларға арналған жағдайды жақсарту мақсатында әр түлекке ҰБТ  пәндерінің  комбинациясы бар ақпараттық парақша және қандай мамандықтарға баруға болатыны туралы мамандықтар тізілімі ұсынылады. Ерекше оқытуға қажеттілігі бар балалар жеке көмекші және ымдау тілі маманымен қамтамасыз етіледі. Қазақстан бойынша тегін қоңырау шалуға болатын бірыңғай саll-орталығы (8 800 080 71 77) іске қосылды.

Кеше Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов, Қаратөбе, Сырым, Тасқала, Шыңғырлау ауданы және І кезеңде Орал қаласы мен Теректі, Зеленов ауданының оқушылары тест  тапсырды. 21 маусымда Жаңақала, 22 маусымда Зеленов, Теректі аудандары және Орал қаласының оқушылары екінші кезеңде  ҰБТ  тапсырады. Тест тапсырмалары 120 сұрақтан тұрады. Ең жоғары балл – 140, конкурсқа өту үшін төменгі шекті  балл – 50.

Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша мектеп бітірген 5198 түлектің 3748-і ҰБТ-ға қатысуға  өтініш  білдірген.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика