Тег: ‘Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА’


Жаңа үлгідегі қабылдау бөлімшесінде жаңалық көп

Күні: , 21 рет оқылды

Облыстық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімшесі триаж жүйесі бойынша жұмыстануда. Кеше ауруханада болған облыс әкімі Алтай Көлгінов триаж жүйесі және цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Негізі қабылдау бөлімшесі келген науқастарды қабылдап, аурухананың бөлімшелеріне рәсімдейді. Мұнда маңызды емдеу-диагностика жасалады, тәуліктің 24 сағатында және мереке, демалыс күндері де келушілерге жедел дәрігерлік көмек көрсетеді. Облыс әкімі бөлімшенің жұмысымен танысуды кіреберістегі науқастарды рәсімдеу бөлігінен бастады. Шеткі компьютерде отырған мейірбике журналистердің жеке куәліктерін беріп, оның қайда тіркелгенін қарап, жұмыстың қалай жүргізілетінін сұрап білді. Аурухана директоры Арман Байдеуовтың түсіндіруінше, келген адамның жеке куәлігі арқылы базадағы мәліметтерден оның бұрын қайда қаралғаны, қандай ем алғаны, ота жасалғаны көрініп тұрады. Бұрын осының бәрі қағазға түсірілетін.

– Елбасының тапсырмасына сәйкес облыстағы 23 мемлекеттік меднысан қағазсыз жұмыс істеуге көшті.  Цифрландыру арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмек сапасы жақсарады, дәрігерлердің есеп жазудан қолы босап, науқасқа көбірек көңіл бөледі.  Ақпараттық жүйеге кірігу үрдісі жалғасады, бірінші жартыжылдықтың соңына қарай меднысандарды толықтай цифрландыруды аяқтаймыз. БҚО-ның медицина саласы – цифрландыру жобасы бойынша республикада көшбасшы. Мобильдік қосымшаны іске қосу жұмыстары аяқталады. Бұл қосымша арқылы тұрғындар дәрігерге онлайн жазыла алады, қажетті жағдайда үйге дәрігер шақыртады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Қанат  Төсекбаев.

Ғимаратқа кіреберістен-ақ еденге жасыл, қызыл, сары жолақтар жүргізілген. Аурухана басшысы бұл жолақтардың сырын ашты. Мейірбикелер бөлімшеге келген науқастарды қабылдап, жалпы жағдайын бағалайды. Триаж бойынша келушілер үш ағын түріне бөлінеді. Қызыл ағынға ауыр дәрежедегі науқастар жатады. Оларға шұғыл көмек көрсетіледі және қажет болса ота жасауға, жан сақтау бөлмесіне қызыл жолақпен әкетеді. Сары ағынға орта дәрежедегі аурулар, олар шұғыл көмекке мұқтаж емес, бірақ  тексеріледі, тиісті көмек көрсетіледі. Жасыл ағынға жататын ауруларға тексеріледі, көмек көрсетіледі, содан кейін үйлеріне жіберіледі.  Бөлімшеге күніне 160-170 адам келеді, жарақат алып келушілер саны 60-70 шамасында. Мұнда күндіз түрлі 12 дәрігер маман дәрігерлік көмек көрсетеді. Триаж бойынша науқасқа шұғыл түрде бірнеше дәрігер  қызмет  көрсетеді.

Одан кейін облыс әкімі қабылдау бөлімшесіндегі пердемен бөлінген кереуетте отырған науқастармен қал-жағдай сұрасты. Өзін Василий Катиба деп таныстырған украин ұлтының өкілі уролог-маманға тексеріліп жүргенін айтты. «Қабылдау бөлімшесінде бәрі жақсы. Дәрігерлердің көмегі шексіз», – деді 70 жастағы қария.

Өңір басшысы қабылдау бөлімшесіне қарасты нейрохирургия, травматология бөлімшелеріндегі дәрігерлермен тілдесті. Олардың барлығы да цифрландырудың арқасында жұмыстарының жеңілдегенін жеткізді. «Қазір науқастар бір құшақ етіп қағаз құшақтап жүрмейді. Ескеретін бір нәрсе тек емханаларды емес, бұл жүйеге өзге диспансерлерді, барлық ауруханаларды кіріктірсе», – деген өтініш айтты травматолог Ғалымжан Рамазанов. Бұған облыстың бас дәрігері Қанат Төсекбаев өкпе, психиатриялық, наркологиялық ауруханалардың контингенті басқа болғандықтан, қосылуға рұқсат жоқтығын айтты. Сондай-ақ облыс әкімі сәулелік диагностика бөлімшесінде болып, магниттік-резонанстық томографияның жұмысын көрді. Бөлімше меңгерушісі Асылбек Бақаевтың айтуынша, қолданыстағы МРТ аппараты 2007 жылы алынған. Қазір мұндай аппараттың түрі шығарылмайтындықтан, сынып қалса қосалқы бөлшек табу қиын. Облыс басшысы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жаңа МРТ аппараты алынатынын жеткізді. Аурухана директоры Арман Байдеуовтың айтуынша, маусым айының аяғы шілде айының басында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа МРТ жеткізіледі. Сондай-ақ лизингке  офтальмологиялық УЗИ, литотриптер (урологиялық аурулар)  аппараттары  алынады.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Суретті  түсірген Александр  КУПРИЕНКО


Қаладағы жол құрылысы қатаң бақылауда

Күні: , 22 рет оқылды

Жуырда  Орал қаласының әкімі  Мұрат  Мұқаев   жол құрылысы  саласындағы  мердігер  компаниялардың  басшыларымен  кездесті.

Бұл шаһар басшысының мердігерлермен жол жөндеу жұмыстарына дайындықты пысықтау және өзге де мәселелер бойынша екінші мәрте жүздесуі болатын. «Құрылыс, соның ішінде жол құрылысы, аулаларды абаттандыру, балалар және спорттық алаңдар құрылысы ерекше бақылауда тұр. Мемлекет тарапынан бұл жұмыстарға қомақты қаржы бөлінуде. Мердігерлерді анықтайтын конкурстық үрдістерді өткен жылдың аяғында әдеттегіден ертерек өткіздік. Мердігер компаниялар құрылысқа қажетті материалдар сатып алсын, техниканы дайындасын дедік. Көптеген құрылыс нысаны бойынша жеңімпаздар анықталды. Сондықтан құрылыс жұмыстарын ауа райының қолайлы уақытында жүргізуіміз керек. Алдағы аптада жол құрылысы жұмыстары басталады», – деді Мұрат Мұқаев. Оның айтуынша, жол құрылысы жұмыстарына барлық қаржыландыру көзінен 7 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Сондықтан жолшылардың басты міндеті – өткен жылы және биыл басталып, жалғасатын құрылыс жұмыстарын күзге дейін сапалы әрі уақытында  орындау.

Басқосуда сөз алған қалалық  жолаушы көлігі және аутокөлік жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев мердігерлердің құрылыс жұмыстарына дайындығы жаман еместігін, техниканың дайындалғанын, құрылыс материалдарының сатып алынғандығын және құрылыс жұмыстарын бастауға әзір екендіктерін баяндады. Қаладағы 69 көше жолдарының шұңқырлары жөнделеді. Жөндеу жұмыстары Шолохов, Сырым Датов көшелері, Әбілқайыр хан даңғылы жолдарынан басталып әрі қарай кестеге  сай  жүргізілмек.

Қала әкімі құрылыс нысандары паспорттарының талапқа сай болуын, онда жұмыс ауқымының, мердігердің дерегінің, телефон нөмірлерінің, өздерінің және қала әкімдігінің электронды мекенжайларының, инстаграмдағы қала әкімдігінің екі аккаунты көрсетілуін талап етті.

– Қала әкімдігінің инстаграмдағы аккаунтын 47 мыңнан астам қала тұрғыны қолданады. Бүгінде олардың тарапынан 700-ге жуық ұсыныс-шағым түсті. Сондықтан мердігерлердің шала-шарпы жасаған жұмыстары қырағы көз тұрғындардың назарында болады. Қала тұрғындарына құрылыс жұмыстарына қатысты сын-ескертпелерді қала әкімдігінің электронды поштасына жолдауды сұраймыз. «Халықтық бақылау» деп аталатын кері байланысты тиімді пайдаланамыз, – деді қала әкімі.

Қалада жылу маусымы аяқталысымен, ТМ-2, ТМ-7 жылу магистралін жөндеу жұмыстары басталады. Одан кейін тағы да екі жылу магистралі жөнделмек. Биыл төрт жылу магистралін қайта құру арқылы басты жылу магистральдарын жаңалау жұмыстары толықтай аяқталмақ. Бұл жұмыстарға облыстық әкімдіктің қолдауымен республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінген. Енді ол уақтылы игерілуі тиіс.

Жиында 2017 жылы жөндеуден өткен жолдардың сапасына зерттеу жұмыстары жүргізілгені және оның барысында бірқатар кемшіліктер анықталғаны айтылды.  Мысалға, Линейная, Автомобилистер, Жәңгір хан, Әзірбайжан, Советская, Набережная көшелері жолдарындағы жол жабынының шытынап жарылуы, жол жиегінің дұрыс салынбауы, жиектастардың бұзылуы сықылды олқылықтар орын алған. Қала басшысы мердігерлерге анықталған кемшіліктерді жоюды, жол сапасына 7 жылға кепілдік берілетінін, сондықтан қолға алған істі  бірден  сапалы жасауды тапсырды.

Биыл Оралда 494 238 245 теңге қаржыға 29 ауланы абаттандыру көзделген. Барлық аула бойынша мердігерлер анықталуы тиіс.

Мысалға, «Ануш Құрылыс» ЖШС компаниясы 13 ауланы жайландырыпты. Қала басшысының айтуынша, алдағы 2-3 жылда шаһардағы барлық ауланы абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланған. Алдағы аптада аулаларды абаттандыру жұмыстары  басталады.

– Жөндеу жұмыстары басталғанда қала тұрғындарына қолайсыздау болатынын ескертеміз. Былтыр Жәңгір хан, Гагарин көшелеріндегі, Әбілқайыр хан даңғылындағы жылу магистральдары жөнделгенде, көше жолдары жабылғанын білесіздер. Жоба бойынша құрылыс жұмыстары 2-3 айға созылады. Осындай мерзімде жұмыс сапалы жасалуы керек.

Жазда «Депо» көпірі жөнделіп, іске қосылады. Онда төрт жолақты жол қозғалысы болады, яғни көліктер ағыны бұрынғыдан екі есеге ұлғаяды. Бұл көпір іске қосылысымен, «Омега» ауданындағы елу жыл пайдаланылған көпірді жауып, толықтай бұзып, оның орнына жаңа көпір саламыз, – деген Мұрат Мұқаев көпірдің жабылуына байланысты көліктердің, соның ішінде қоғамдық көліктердің қозғалысын реттеуді, маршруттардың қалай өзгеретіні тұрғындарға ертерек жеткізу қажеттігін тиісті бөлім басшыларына тапсырды.

Жиынды қорытындылаған қала әкімі құрылыс жұмыстарына қаржы бөлінгенін, облыс басшысының тапсырмасы бойынша қала әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстарына бақылаудың қатаң болатынын тағы да еске салды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Темірден түйін түюге оқиды

Күні: , 27 рет оқылды

Металды дәнекерлеу жұмысы сырт көзге оңай көрінгенмен, оған суретшінің қолының ептілігі, асқан қажырлылығы, сабырлылығы қажет. Онсыз дәнекерлеушілер өзара әзілдесіп жиі айтатындай, металл элементтерін «бір түкіргеннен» бір-біріне  жабыстыру қиын.

Қоғамда сұранысқа ие электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жастарды Оралдағы бірқатар колледжде, соның бірі Орал политехникалық колледжінде оқытады. Аталмыш колледж директорының кәсіби білім беру жөніндегі орынбасары Жанат Нұрахметованың айтуынша, соңғы үш жылдың ішінде дәнекерлеуші мамандығына оқып жатқан студенттер «WorldSkills Kazakhstan» өңірлік біріншілігінен жүлдесіз қайтқан емес. Студенттер Астанада өтетін ұлттық чемпионаттан жиі жүлдемен  оралады. 2016 жылы республикалық жарыста студент Максим Сумкин 2-орын алды. Бүгінде ол колледжді бітіріп, Шынарлы кен орнында шетел компаниясында жұмыс істейді. Оның өндірістік тәлімгері Валерий Лакеевтің еңбек өтіліне 35 жылдан асқан. Ал оның шәкірттері дәнекерлеушілердің кәсіби байқауында ылғи да көзге түсіп, топ жарады.  Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың дәнекерлеу ісінің сарапшылық халықаралық сертификаты бар. Жоғары санатты оқытушыдан тәлім-тәрбие алған студенттердің ішінде осы қалайы жоқ. Жалпы, дәнекерлеушілерді кәсіби тұрғыдан даярлауға бұл колледждің материалдық базасы айтарлықтай  жоғары.

– 2011 жылдан бастап кәсіптік білім беру саласына нақты көңіл бөліне бастады. Биыл 32 млн. теңге қаржыға дәнекерлеушілерді оқытуға қажетті заманауи жабдықтар сатып алынды. Бес мамандықтың, 29 біліктіліктің ішінен электргазбен дәнекерлеуші мамандығына жабдықтар алдық. Өйткені бұл мамандыққа сұраныс жоғары. Жыл сайын дәнекерлеуші мамандығын игерген түлектеріміз 100 пайыз жұмыспен қамтылады. Биыл да солай болады деп күтілуде, – деді Жанат Серғазықызы. Оның сөзіне сүйенсек, колледжде лазерлік аппараттан басқа электр доғалық, жартылай аутомат, аргондық, швециялық «МІG c200G c200і» бір фазалық және «WARIOK 500 I cc/cv» көп функциялы дәнекерлеу аппараттары студенттерді дәнекерлеу ісінің қыр-сырына үйретуде таптырмас көмекші. Негізі аталмыш колледж құрылысшы мамандығы бойынша базалық оқу орны саналады. Оған қоса биылға дейін дәнекерлеу мамандығы бойынша да базалық оқу  орны  болып  келді.

Болашақ дәнекерлеушілер кәсіпорын-ұйымдарда жаппай машықтанудан өткен кезде өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, жұмыс берушілер сол студенттерге  арнайы жұмысқа шақырту береді. Мысалға, сондай шақырту алған студент Андрей Федорушкин  бүгінде «Зенит» зауытында жұмыс істейді. 2016 жылы колледж түлектерінің 26-сы өндіріс орындарына жолдама алды. 2017 жылы түлектердің 19-ы арнайы шақырту алып, кәсіпорындарда жұмысқа қалды. Сол 19-дың ішінен алты дәнекерлеушіні жеке кәсіпкерлік нысандары аттай қалап, жұмысқа алып тынды. Мысалға, Андрей Носков «Лоцман» ЖК-ға, Алексей Степаненко деген студент «Перепелкин»  ЖК-ға  жұмысқа  қабылданды.

«Жаңа жатақханамыз болады»

Жанат Нұрахметова дуальдық оқыту жүйесінің 60 пайызы машықтанудан, 40 пайызы теориялық білім беруден тұратынын айтады. Алайда мұның іс жүзінде орындала бермейтінін жасырмайды. Өйткені өзге өңірлердегі сияқты біздің кәсіпорын-зауыттарда тапсырыстар тұрақты болмағандықтан, машықтан өту мүмкіндігі бола бермейді. Студент теориядан өткен тақырыпты өндіріс орнына барып, іс жүзінде жасап, тәжірибе жинақтауы тиіс. Сондықтан дуальдық оқу ірі қалаларға, экономикасы мықты өңірлерге  арналған.

– Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін құптаймыз. Ондағы үшінші бастамада жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселелері қозғалғаны қуантты. Колледждің бұрынғы жатақханасын төтенше жағдайлар саласы қауіпті деп жауып тастады. Қазір жаңа жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамасы дайын, енді жатақхана құрылысына қаржы бөлінуі тиіс. Жаңа жатақханамыз болады. Бізде оқитын студенттердің 78 пайызы жағдайы төмен отбасылардан. Колледж асханасында түскі ас тегін. Бірінші курста 1-семестр аяқталғанша студенттерге 16 мың 700 теңге шәкіртақы төленеді. Ал одан кейін тек жақсы оқыған жастарға ғана шәкіртақы беріле-ді,  –  деді  Жанат  Серғазықызы.

Колледждегі арнаулы пән оқытушысы Абат Нұржановтың айтуынша, мұндағы студенттердің басым көпшілігі оқи жүріп, табыс табады. «Әсіресе, 3-курс студенттері дәнекерлеу жұмыстарымен айналысып, отбасыларына көмектеседі. Өндірістік шеберлер оларға бағыт-бағдар береді. Жинаған қаржыларына дәнекерлеу аппараттарын сатып алып, жұмыс істеп жүрген жастарымыз баршылық», – деді Абат Нұржанов.

Әлеуметтік серіктестері мықты

Дәнекерлеуші мамандығына Батыс Қазақстан индустриалды колледжі де оқытады. Қазір алты топ студенті осы мамандыққа оқуда. Олардың 60 пайызы – ауыл-аймақтан келген жастар. Колледж басшылығы студенттерді өндіріс-тік және дипломалды практикадан өткізуге, жұмысқа орналастыруға, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерін кәсіпорын базаларында тағылымдамадан өткізуге қаладағы бірқатар зауыт-кәсіпорындармен келісімшарттар жасаған. Соның ішінде «Зенит», «Орал трансформатор зауыты», «Қазтелеком», «Орал құю-механикалық зауыты» сықылды өндіріс ошақтары бар. Осындай әлеуметтік серіктестер көбінесе дәнекерлеуші мамандығын игерген жастарды  жұмысқа  қабылдайды.

– Дәнекерлеушіге оқып жатқан ұлдардың барлығы бірдей мықты дәнекерлеуші болады деуге келмес. Ол баланың қабылдауына, жеке қасиеттеріне байланысты.

Оқу орнында болашақ дәнекерлеушілердің теорияны тәжірибемен ұштастыра оқытуға барлық жағдай жасалған. Біздегі қолданыстағы кейбір заманауи аппараттарына әлі күнге дейін көптеген өндіріс орындары қол жеткізе алмай отыр. Мысалға, немістің және ресейлік өндірісшілердің «3 в 1» деген электр, аргон, аутомат сықылды үш дәнекерлеу жұмыстарын бір өзі атқаратын жабдық бар. Колледжде оқу кабинеттерімен қатар  дәнекерлеу, газбен дәнекерлеу, аргон-доғалы дәнекерлеу шеберханалары жұмыс істейді, – деді аталмыш колледж директорының оқу-өндірістік мәселелері бойынша орын-басары  Тілектес  Ахмадиев.

Директор орынбасарының сөзіне сүйенсек, 2016 жылы жергілікті бюджеттен колледж базасын нығайтуға 30 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген болса, өткен жылы құрал-жабдық үшін 36 млн. теңге қаржы қаралып, үш интерактивті-виртуалды жаттығу құрылғысы мен сандық-бағдарламалық тәсілмен басқарылатын қондырғылар  сатып  алынған.

Студенттерді өндіріске баулитын өндірістік оқыту шеберлері Талап Темірғалиев, Талғат Есенғалиев, Жанғабыл Жұлымбаев, Балым Ғұбайдуллина, арнаулы пәндер оқытушысы Рәйләш Шүйіншәлиевалар – өз істерінің майталмандары. 2016 жылы колледж базасында «Үздік дәнекерлеу ісінің өндірістік оқыту шебері» атты өндірістік оқыту шеберлерінің облыстық байқауы өткен. Онда электргазбен дәнекерлеуші біліктілігі бойынша өндірістік оқыту шеберлері арасынан осы колледждің оқытушысы Талап Темірғалиев үздік деп танылды. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасындағы «Кәсіби маман – 2015» атты электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша халықаралық кәсіби шеберлік байқауында аталмыш колледж студенті Еламан Мырзағалиев ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 2016 жылы «WorldSkills Kazakhstan» аймақтық біріншілігіне осы колледждің студенті Заманбек Жазықбай жүлделі орынға ие болды.

Колледжде студенттердің дәнекерлеуші мамандығына терең игеруіне толық жағдай жасалған. Тек жатақханасы болмағандықтан, шәкірттер тума-туыстарының үйлерінде жатып оқиды. Өткен жылы жаңғыртудан өткен жайлы асханадан студенттер түскі асты тегін ішеді. Колледж басшылығы биыл 500 орындық жатақхана салынатынын жеткізді. Несі бар, жағымды  жаңалық.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Мейірбек ЕДІРЕСОВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжі  студенті:

– Өзімнің туған жерім Бөкей ордасы ауданындағы Саралжын ауылына газ құбырын тарту, үйлерге газ кіргізу жұмыстары басталуда. Оқуымды жылдамырақ бітіріп, дәнекерлеуші мамандығым бойынша жұмысқа тұрып, өз ауылымды көркейтуге үлес қоссам деймін. Қазір ауыл-аймақтағылар тұрғын үйлерін жаңартып, аулаға темір қақпа орнатып жатыр. Алдағы уақытта сондай темір қақпа және өзге де темір бұйымдарын жасайтын цех ашу жоспарымда бар. Тек кәсіпкерлікті ашу, несие алу жөнінде кеңес беретін мамандар колледжге,  бізге  келсе  дейміз.

Дидар РАПАШЕВ,

Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің студенті:

– Теректі ауданына қарасты Рыбцех тауылының тумасымын. Жазға салым колледжден электр дәнекерлеуші мамандығын алып шығамын. Бізде оқуға барлық жағдай жасалған әрі түскі ас тегін беріледі. Топ болып Оралдағы музейлерге, театрларға барамыз. Өндірістік машықтан өндіріс орындарынан өтіп жүрміз. Кәсібіміздің қыр-сырын барымызша меңгеріп қалдық.

Мамандығымыз  бойынша  жұмыс  табатынымызға  сенімдімін.

Қуаныш БЕКТАСОВ,

Орал политехникалық колледжінің 3-курс студенті:

– Ақжайық ауданындағы Қызылжар елді мекеніненмін. Өндірістік оқыту шебері Нұрлан Нұрышев ағайдың жөн сілтеуімен мамандығымыздың қыр-сырына қанығудамыз. Қазір жеке кәсіпкерлердің тапсырыстарын орындаудамыз. Негізінен турниктер, боксерлік ринг, балалардың ойын алаңдарын жасаймыз.  Оқи жүріп, табыс тауып жүрмін. Мамандығым  өзіме  ұнайды.

Дулат МАҒЖАНОВ,

Орал политехникалық колледжінің  3-курс студенті:

– Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл ауылынанмын. 2-курста оқып жүріп, жұмыс істедім. Жинаған ақшама электр дәнекерлеуші аппаратын сатып алдым. Бүгінде оны сатып алуға жұмсаған шығынымды жаптым. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жеке тапсырыстарды орындап жүрмін. Темір қақпаларға ою-өрнек салғанды ұнатамын. 4-разрядым да бар. Дәнекерлеуші мамандығына  ауылда  да,  қалада  да  жұмыс  көп.


Даланы дүбірге бөлер күн таяу…

Күні: , 62 рет оқылды

Биыл  өңірдегі  ауыл  шаруашылығы дақылдары  егістігінің  жалпы  аумағы  513,5  мың  гектарды  құрайды.  Өткен  жылы  егістік аумағы  491,4 мың  гектар  шамасында  болды. Облыстық  ауыл шаруашылығы  басқармасы  басшысының  орынбасары  Сатқан Өмірзақовтың  айтуынша,  егін  шаруашылығымен  айналысатын шаруашылықтар  соңғы  жылдары  дәнді  және  майлы  дақылдар өсіруге  мән-маңыз  беріп  отыр.

2016 жылы батысқазақстандық шаруалар Қытайда сафлорға сұраныстың көп болуына байланысты өнімдерін сол елге шығар-ған. Бірақ одан кейінгі жылдары майлы дақылдарға сұраныс төмендеген. Майлы дақылдар бұдан екі жыл бұрын 50 мың 300 гектарға, өткен жылы 65 мың 300 гектарға егілген. Биыл дәнді дақылдар 259 мың гектарға (өткен жылы ол 250,1 мың га), майлы дақылдар 61 мың гектарға егіледі. Әсіресе, күнбағыс дақылы алқабын өткен жылғы 42,8 мың гектардан 48 мың гектарға жеткізу  жоспарланған.

Облыс бағбандары биыл бау-бақша өнімдерін, әсіресе, картопты көбірек егуді жоспарлап отыр. Ондай дақылдардың алқабы былтырғы 9 мың гектардан  9,5 мың гектарға жеткізілмек және соның ішінде картоп 4,2 мың гектарды, көкөніс түрлері 3,6 мың га, бақша дақылдары 1,7 мың гектарды құрайды.

Мал шаруашылығын дамыту үшін мал азықтық базаны құру – өзекті мәселелердің бірі. Мал азығын өсіруге бет бұру арқылы мал басын көбейте аламыз. Сондай-ақ сыртқы нарыққа ет өнімдерін молынан шығаруға жол ашылады. Мамандар осы бағыттағы жұмыстардың әлі де жалғасатынын айтады. Биыл мал азықтық дақылдардың егісі 184 мың гектарға, соның ішінде біржылдық шөптер 39,1 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,5 мың гектарға, көпжылдық шөптер 14 мың гектарға егіледі. Өткен жылдардан қалған көпжылдық шөптер егісі 130,4 мың гектарды құрайды. Мемлекет тарапынан шаруаларға агротехникалық шараларды жүргізуге қажетті қолдау-көмек көрсетілген. Ағымдағы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында өсімдік саласына 1 млрд. теңгеден астам  демеуқаржы бөлінді.

– Облыс тұқыммен толық қамтылған. Жаздық дәнді дақылдар тұқымына деген қажеттілік 20 мың 770 тонна болса, қолда бары – 22 мың 150 тонна. Өңірде жоғары репродукциялы тұқым өндірісімен бір элиталық және бес тұқым шаруашылығы айналысады. Тұқым шаруашылықтарымен 6,8 мың тонна тұқым өндіріліп, 3,5 мың тонна жоғары сапалы, аудандастырылған дәнді дақылдар тұқымы саттыққа дайындалған. Оның шінде жаздық бидай тұқымы 2800 тоннаны, арпа 428 тоннаны, сұлы 63 тоннаны құрайды. Шаруалар жетпейтін тұқымды  тұқым шаруашылықтарынан сатып ала алады, – деді Сатқан Ержанұлы.

Мысалға, өңірдегі жалғыз элиталық тұқым шаруашылығы «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС 209 тонна «Волгоуральская» сұрыпты бидайдың элиталық тұқымын, 424 тонна «Волгоуральская» сұрыпты 1-репродукциялы бидай, 50 тонна «Донецкий-8» сұрыпты элиталық арпа, 229 тонна «Донецкий-8» сұрыпты 1-репродукциялы және 140 тонна 2, 3-репродукциялы арпа тұқымдарын саттыққа ұсынады. Сондай-ақ «Тұлпар LTD» ЖШС 200 тонна «Волгоуральская» сұрыпты 1-репродукциялы,  300 тонна «Саратовская-42» сұрыпты  2-репродукциялы,  «Раздолье» ЖШС 1461 тонна «Альбидум-32» сұрыпты 1-репродукциялы  бидай тұқымдарын шаруаларға тиімді бағамен ұсынады. Егінмен айналысатын шаруашылықтардың майлы дақылдар тұқымына деген қажеттілігі 500 тоннаны құрайды. Бүгінде шаруашылықтар 725 тонна (145%) майлы дақылдар тұқымын дайындаған.

Биылғы жылға облысқа тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасы бойынша 192,4 млн. теңге бөлінді. Аталмыш қаржылық қолдау тауар өндірушілердің, элиталық жән өзге де тұқым шаруашылықтарының сұрыптарды жаңалау, элиталық,  1-репродукциялы және гибридті тұқымдарды сатып алу шығындарын ішінара арзандатуға бағытталған. Бұл бағдарлама аудандастырылған тұқым сұрыптарын сатып алу шығындарының 70%-ын және ауыл шаруашылығы дақылдарының аудандастырылмаған сұрыптарын сатып алу шығындарының 30%-ын субсидиялауды көздейді.

Биыл облыстағы 622 шаруашылық құрылымы егін егуге қам жасауда. Көктемгі далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4965 дәнсепкіш, 811 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы жоғары өнімді 47 егіс кешені қатысады. Өңірдегі көктемгі далалық жұмыстарды жүргізуге 12 мың тонна дизель отыны бөлінді. Сәуір айына 5 мың тонна, мамыр айына 7 мың тонна жанар-жағармай жеткізілетін болды.

Облыс диқандарына жанаржағармайды жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Аталмыш серіктестіктің дизель отынын жеткізуде тәжірибесі, өндірістік базасы бар. Келесі аптаның басынан бастап шаруашылықтар оператордан дизель отынының литрін қосымша құн салығын қоса алғанда 141 теңгеден ала бастайды.

Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Кең дала» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның «Егінжай» бағдарламалары арқылы жүргізіледі.

– Өткен жылы егін шығымы жақсы болды. Диқандар биыл да мол өнімнен үмітті. Қыстың аяғы созылып кетті. Астық өсіретін Зеленов, Теректі, Тасқала аудандарының алқаптарында қар көпке дейін кетпей қойды. Сондықтан бұл аудандарда мамыр айында, ал Шыңғырлау, Сырым аудандары сәуір айының үшінші онкүндігінде егін егу жұмыстарын бастайды. Көп нәрсе ауа райына байланысты. Жерде ылғал мол.

Ақпан айында қар мол түсті.  Сол айдың соңында 23,6 мм жауыншашын түсіп, 18 миллиметрлік межеден асып түсті, – деді Сатқан Ержанұлы.

«Көктемнің әр күні – жылға азық» дегендей, өңірімізде көктемгі далалық жұмыстарды уақтылы бастап, дер кезінде аяқтауға барлық жағдай жасалған. Қазіргі жүргізіліп жатқан дайындық шаралары  соны байқатады.

Иә, ен даланы жасампаз еңбектің  дүбіріне  бөлер  күн  таяу…

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Бақалыкөлдің балығын молайтпақ

Күні: , 35 рет оқылды

Тасқала ауданында кәсіпкер Ақан Көшәлиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында екі жобаны іске асыруға кірісті.

Тасқала ауданындағы Мерей ауылының іргесінде шағын Бақалыкөл бар. Оның аты айтып тұрғандай, бір кездері «бақасы қойдай шулаған» көрікті көл болатын. Балығы да көп еді. Соңғы жылдары «тайдай тулаған» балығы азайып, «қойдай шулаған» бақасының үні сап тыйылғандай болды. Өзінің ғана емес, туған жерінің де өсіп-өркендеуін ойлайтын жасқа жеткен кәсіпкер Ақан Көшәлиевті осы көлдің тағдыры қатты алаңдатты. Ойлана келе ол көлдің дәуренін қайта қалпына келтіруге бел байлады.

Мерей ауылы Тасқала ауданының орталығынан 28 шақырым жерде. Ақанның кіндік қаны тамған жер Аманкелді ауылы болса да, Мерей ауылына 1980 жылы көшіп келіп, отбасымен тіршіліктің түтінін түтетіп жүр. Бұл өзі – жері егін өсіруге шұрайлы, жайылымы мал жаюға құйқалы мекен. Жаздыгүні жылыстай ағатын бұлақтардың мөлдір суына күн сәулесі түсіп, жылт-жылт етіп, айнала ерекше нұрланып кетеді. Ақан Темірғалиұлы осы ауылға келген соң шаруа қожалығын ашты. Жайқалтып егін егумен ғана айналыспай, төрт түлік өсіріп, мал шаруашылығын да қатар алып жүр. 2002 жылдан бері өсірген малы жыл санап көбейіп келеді. Қазір оның қыстағында 200-дей қой-ешкі, 50-дей ірі қара, 200-ге тарта жылқы бағылуда.

Соңғы жылдары кәсіпкер жылқы шаруашылығын дамытуды қолға алды. Өткен жылы ол Ақтөбе облысынан зейнеткер ағасы Нариман Мусиннің көмегімен Мұғалжар тұқымды жылқысын әкелді. Бұрын қазақы жылқы өсірді. Ал 2008 жылы Ресейдің Ростов қаласынан орыс-тың ауыр жүк тартатын асыл тұқымды айғырын әкеп үйірге салды және орыс жылқысын бордақылаумен айналысты. Алайда Ақан Темірғалиұлын Мұғалжар жылқысының етінің сапасы қызықтырды. Сөйтіп ол қоғамдағы рухани жаңғыру лебімен қазақ жылқысын өсіруге бет бұрды.

– Атам қазақ жылқыны төрт түлік малдың төресі деп бекерге санамайды. Шөпті таңдап жеп, судың тұнығын ішеді. Мұғалжар жылқысының еті нәрлі, тірсектен бастап май келеді, жабағыларының өзі 140-150 келі тартады, қазысы жоқ дегенде екі елідей болады. Негізі мұндай асыл тұқымды жылқы қазақтың кәдімгі жабы жылқысы мен көшім жылқысын будандасуынан туған. Мұғалжар жылқысы ірі, төзімді, небір қытымыр қыста аяқтай жайылады әрі тебінге болдыра қоймайды.

Етті бағыттағы мұндай жылқы малының басы артығын соғымға береміз, – деді Ақан Темірғалиұлы.

Кәсіпкердің иелігінде 1,5 мың гектардай жері бар, оның бір мың гектары жайылымдық жер. Жер телімі аздау болған соң, несиеге иек арта қоймайды. Шаруа адамы төрт ауылдасын жұмыспен қамтып отыр. Маусымдық жұмыстар кезінде жұмыс жасайтын адамдарды қаладан да алдырады. Ауылдан комбайншы, тракторшы мамандығы бар тұрғындарды уақытша жұмысқа тартады.

Ақан Темірғалиұлы жылқы малының өсімтал екенін, оған көп шөп дайындап әуре болмайтынын, тек аяқты малды бағудың қиындығын айтады. Әдетте жылқының сырын білетін қазақ «Жылқыны жылқыдай адам бағады» немесе «Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады» деп текке айтпаса керек. «Біз жылқышыларға мұқтажбыз. Ауылда жылқы бағатын адам жоқ. Басқа жақтан жылқы бағам дейтін адамды отбасымен қабылдар едік. Аулада бөлек үй-жай бар. Алдағы уақытта бие байлап, сауу жоспарда бар. Ауылды қымызбен қамтысам деймін», – деді алдағы жоспарымен бөліскен кәсіпкер.

Қожалық құс шаруашылығымен де айналысады. Қолдағы 200-дей тауықтың жұмыртқасын Оралға, Тасқалаға апарып өткізеді. Өткен жылы Ақан Көшәлиев «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚФ арқылы 3 млн. теңге несие алып, құс өсіруді бастады. Зайыбы Фиагүл Төлепқалиқызы «Гүлден» жеке кәсіпкерлігін құрып, құс өсірумен өзі шұғылдана бастады. Мектептегі мұғалімдік жұмысын тастап, жұбайының көмегімен кәсіпкерлікке ден қойды.

Ауыл іргесіндегі Бақалыкөлдің суы әбден ластанған, түбі тайызданып, жазғытұрым сасыған иісі жүректі айнытады. Суының тереңдігі тізеден аспайтын көлге жаны ашыған Ақан Темірғалиұлы 2017 жылы күзде көл түбіне тазарту жұмыстарын жүргізді. «Биыл күн жылына көлдің жағалауын қазып, суды жайылмаға шығарамыз. Содан кейін арнасын тазалаймыз. Көлдің нақ орта тұсын тазалауға экскаваторды емес, сырып итеретін «Комацу», яғни бульдозер техникасын пайдаланбақпыз. Содан кейін көктемгі ағын сумен көлдің арнасы жаңадан толығады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша туған жерге осылайша тағзым етіп, өскен өңірімді көркейтуге үлес қосудамын», – деді кәсіпкер.

Айтып отырса, Ақан Темірғалиұлы 2017 жылдың егін орағынан түскен пайдасынан 2 миллион теңге қаржыны көлді қайта қалпына келтіру жұмыстарына салды. Биыл оған қоса 5 миллион теңге салуды жоспарлап отыр. «Жеті – қазақта киелі сан. Сондықтан Бақалыкөлдің дәуренін қалпына келтіруге 7 миллион салуды ұйғардым. Көлді қалпына келтірген соң, балық жіберу жағын да ойластырудамыз. Ресейден шабақ әкелуге келісім жасалды. Бұйыртса, маусым айының басында тұқы балығын жібереміз», – деді мерейлік кәсіпкер.

Ауылдың жігіттері Ақанның бастауымен қыста да көлдегі мұзды ойып, ондағы балық қырылмас үшін ауа жіберу жұмыстарын ұйымдастырды. Көлде тұқы, табан балықтар өседі. Тек соңғы жылдары көлдің экологиясы нашарлап, балық азайған. Тасқала аудандық «Рухани жаңғыру» бойынша кеңсесінің бағдарлама әкімгері Меңдібек Лұқпановтың айтуынша, «Бақалыкөлді қалпына келтіру» жобасы – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі. Жалпы бұл бағдарлама аясында ауданда өткен жылы жеті жобаны, биыл 14 жобаны іске асыру қарастырылған.

Сондай-ақ Ақан жеке кәсіпкер Амангелді Ахмекеевпен бірге Мерей ауылындағы мектеп оқушыларына футбол алаңы құрылысын салуды бастаған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған бұл жобаны биыл Ұлы Жеңіс күніне аяқтау жоспарланған. Стадионға қойылатын көрермен орындықтарын жасатуға Оралдағы зауыттардың біріне 2,5 млн. теңгеге тапсырыс берілді. Футбол алаңына опока төселіп, тығыздалып, геодезистер көмегімен тегістелді. Өткен жылы алаңға көгал (газон) егілді, биыл көктеп шығады. Оған су бүріккіштер, шөпті тегістеп қиятын құрылғы сатып алынды. Бұл жобаның құны 6 миллион теңге тұрады.

– Мен атақ алайын немесе байлықтан асып-тасып жүргенім жоқ. «Туған жерге туың тік» демекші, ауылды көркейту – перзенттік парызым, – деді ағынан жарыла сөйлеген Ақан Көшәлиев. Ол бұдан бұрын да Бақалыкөл жағасына ауылдың жігіттері болып екі мың түп тал екті. Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне егіс алқабының жиегіне, үй жанына барлығы 550 түп тал отырғызғаны да көптің ауызында жүр. Ауыл-аймақты көркейту, абаттандыру бағытында жоспар-жобасы баршылық. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген. Ол өзінің ісімен тек өзінің үш қызы мен ұлына ғана емес, осы өңірдің барлық жасына өнеге болып жүр. Ауылды көркейтемін дейтін қазақтың осындай нарқасқа жігіттері аман жүрсе, туған жеріміз түлеп, гүлдене беретіні кәміл.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Дауасыз дерт меңдеген қос перзенттің ата-анасы қайырымды жандардан көмек күтеді

Күні: , 47 рет оқылды

…Тоғыз жастағы Дәурен ауыл баласы болып, ащы құрт сорып көрген жоқ. Мұз кәмпиттің тәтті дәмін де білмейді. Жесе, үсті-басын қаптаған тырысқан жарасы қозып, қанайды.

Ол өзге құрбы-құрдастарымен бірге шаңды боратып доп теуіп, ойнаған емес. Тіпті бала болып, қатты дауыс шығарып жылай да алмайды.

«Құдай бір ұрғанды қос ұрады» демекші,  бесіктегі он бір айлық Мансұрдан да ағасының «пигментті ксеродерма» диагнозы анықталды. Бұл өзі – 250 мың адамның ішінде бір кездесетін сирек сырқат.

– Менің жүрегім қалай қан жылайтыны бір Аллаға аян. Туған ағам марқұм Самиғолланың жалғыз ұлы Думанның  қос құлыншағы бірдей осындай кеселге тап болды. Інім болады ғой, ол отбасымен Сырым ауданындағы Бұлдырты ауылында тұрады, – деп редакцияға келген  Орал қаласының тұрғыны Света Жақсылықова көз жасына ерік бере отырып, іштегі шемен боп қатқан шерімен бөлісті. Біз де үнсіз  құлақ  түрдік.

 – Қыс мезгілінде балапандардың тұла бойын қаптаған жара сәл-пәл азаяды. Көктем шыға сәуір туысымен қос ұлдың бойын жара қаптап, тіпті мойындарын да бұра алмай қалады. Мойындарын бұрса, тырысқан жаралар қиылып, жарылып, қанайды. Содан да тірілей азапқа түскен сәбилер мойындарын бұрмай, бар денесімен бұрылады. Үлкені Дәурен қуақылау, бірдеңе айтып сәл езу тартады, рақаттанып күлуді әсте білмейді. Ондайда жыламайыншы, көз жасымды балақандарға көрсетпейінші-ақ деймін, бірақ сондай қалыптарын көргенде шыдамаймын, – деді ақтарыла түскен Света Бисенбайқызы.

Қос бала өзге құралпы балақандар секілді бақырып-шақырып жыламайды да. Ауыздарын қатты ашса, еріндерін қаптаған сары жара қиылып кетпек. Сондықтан еріндерін сәл бұртитып, дыбыссыз жылағансиды. Сонда бақырып жылау да құлыншақтарға жарасады екен деген ойға кетесің… Кейде жәудіреген қос жанарды да  жара басып, аштырмайды. Бет-жүзіндегі жара біткен сыздап ауырып, қышитыны бар. Ондайда үлкені Дәурен жарды ұрып, қолды-аяққа тұрмай, жынданып кете жаздайды. Тоғыз жыл бойы осылай күн-күнге, түн-түнге ұласып, әйтеуір аурудың бір емі табылар деген нәзік үміттің жетегімен мысықтабандаған жылдар жылжып өтіп жатыр.

– Балалардың аурулығын айтып, Сырым ауданының әкіміне Думан Жақсылықовтың үйіне газ және су кіргізіп берулерін сұрап өтініш бергенмін. Міне, жаңа жыл қарсаңында інімнің ескі үйіне көгілдір отын кіргізілді. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевке, әкімдік қызметкерлеріне рахмет айтамыз! Енді ауыз су мәселесі шешілсе деймін. Ауладағы қырық жылғы құдық дұрыс жасамайды. Сырқат балапандардың әрқайсысына кем дегенде 4-5 шелек су керек. Келінім Эльмира балалардың бойындағы жараларға арнайы жақпамайларды күніге пәленбай рет жағады. Әрі жара жарылып, қанайтындықтан, жиі жуындыруға тура келеді. Отыз жастағы келінім төрт баланың анасы, демалыс дегенді мүлдем білмейді. Жас болса да, басына түскен сынақты сыр бермей көтеріп келеді. Басқа біреу болса, қайтеді, кім білген?! Айналайын бала өзі, бағы жанар енді. «Үмітсіз шайтан» деген, еңбегіңнің зейнетін көрерсің деп қоямын. Басқа не дейін?.. – деді Света  Бисенбайқызы.

Бірге туған бауыр бауырға қарайласпақ түгілі, амандық-саулық сұрасуға мұрсат жоқ дейтін мына заманда ағасының ұлының балапандарына қанатымен су сепкен қарлығаштай шырылдап, қайтсем көмек етем деп шырылдап жүрген Светаның жайы бөлек. «Келіннің денсаулығы мәз емес. Балаларды күту үшін олардың анасының да дені сау болғаны дұрыс. Сондықтан науқас бағып отырған ана ретінде оған қамқорлық болса деймін. Дәрігерлік тексерістен өтсе деймін. Алдағы жаз айларында демалысқа шипажайларға, мына тұрған «Ақжайық» шипажайына отбасымен төрт көзі түгел барып, демалса деп армандаймын. Адам баласы ғой, жүйкесі демалып қалар ма еді?! Ініме тұрақты жұмыс керек. Келіншегі төрт баласымен үйде отыр. Қолдарында зейнеткер әжесі бар. Сол кісінің зейнетақысы мен Дәуренге мүгедек бала санаты бойынша 59 мың теңге әлеуметтік жәрдемақы беріледі. Оның ау-руының емі жоқ деседі. Солай бола тұра, жылда тексерістен өтеді. Дәрігерлік сараптаманы балалардың сырқаты жазылмайтын болған соң өмірлік қылып неге бермейтінін түсінбеймін. Екінші ұлға 2017 жылғы қазанда емі жоқ деген диагнозды Алматыдан қойды. Мүгедектікке төрт айдан кейін шығады деген, әлі ештеңеден хабар жоқ. Оған 25 мың теңге шамасында балалар жәрдемақысы беріледі. Енді бір жасқа толатындықтан, онысы тоқтайды, – деді терең күрсінген кейіпкеріміз.

– Жедел түрде дәрігер шақыртсам, дәрігерлер өздерінің екпелерін егеді. Ал былайынша балалар мазасызданып жылағанда тыныштандыратын екпелерді дәрігердің рұқсаты-кеңесімен өзім сатып аламын. Дәрі-дәрмекті еш уақытта тегін алып көрмедім. Жараны сүртуге залалсыздандырылған салфеткалар пайдаланамыз. Жұбайым Думан ауылдағы мәдениет үйінде оператор болып уақытша жұмыс істейді. Жаз шыға жұмыссыз қалады, бірақ тас соғады, қой бағады, әйтеуір,  балалардың нанын тауып береді, – дейді сырқат балалардың анасы Эльмира Кенжеәлиева.

Өткен жылы Дәурен Самиғолланы әке-шешесі елімізде емдей алмайды деген соң бір шипасы болар деп Израильге апармақшы болды. Бірақ жеме-жемге келгенде ол жақтағылар мұндай сырқаттың жазылмайтынын, емі жоқтығын кесіп айтты. Тек диагнозын қайта нақтылауға болады десті. Елімізде мұндай сырқатқа квота да берілмейді екен. Дәрігерлер науқасты текке жолға шығарып, шаршатпауға кеңес берді. Сол тұста Оралда гранд-бал өткізуге келген «Қайыр» қорының директоры Алпамыс Шаримов та қолұшын созып, балалардың ем-домына деп қаржылай көмек берді. Сонда мейірімі азайған қоғамда әлі де қайырымды жандар барын сезінді бұл отбасы. Жас болса да, айналасына ізгілік нұрын сеуіп жүрген Алпамыс інісіне Света апасы мың алғыс айтады. Енді науқас балақайларды көлеңкелі жерге, шаң-топырағы аздау жерге қоныс аударуы керек депті. Бұлдырты ауылының топырағы құмды болғандықтан, жазда ауыл іші көкала шаң, құмды дауыл көз аштырмайды. Ондайда ұлдардың жарасына шаң тұрып, одан сайын қышынады.

– Біздің Орал – таза, жасыл қала. Осы қаладан бір пәтер алып жатсақ, балалар балконнан сыртқа қарап, сырттағы ойнаған ұл-қызды көрсе деймін. Ауылда шаң, сондықтан балалар тек түнге қарата сыртқа  шығады. Онда да қорадағы бірер сиырдан басқа не көреді?  Анасына да бала-шағасын қарау жеңілдер еді», – дейді Света.  Оның айтуынша, дәрігерлер мұндай ауруды тұқым қуалайтын ауру, тексеріп көрелік депті. «Мен әкемнен 1,5 жаста, шешемнен 15 жасымда қалғанмын. Кімнен дерің бар ма? Мүмкін, менің тұқымымнан шығар, мүмкін жеңгем жағынан болар. Енді оны кімнен, қай жақтан деп іздеудің мәнісі бар ма? Емі жоқ, жазылмайды деген соң кімнен екенін білгенде не істейсің? Қолымыздан бар келетіні сол балаларға жағдай жасау, күн түспейтін, көлеңкелі жерде күтім жасау ғана. Үкімет мұндай науқасы бар балаларға үй береді деп күт-пеймін. Мен тек Аллаға, одан кейін мына өмірдегі қайырымды, мейірімді жандарға сенемін. Інімнің бала-шағасына тұтас пәтердің құнын емес, жартысын толтыруға көмек қолдарын созса дейміз. Өзіміз де қарекет етеміз, – деді сөз арасында  Света  Жақсылықова.

Ол бұрын Сырым ауданының Жетікөл ауылындағы балабақшада жұмыс істеп, кейін  денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шықты. «Омыртқам ауырып, орнымнан тұра алмай қалдым. Апаларым келіп, аяғыма шұлығымды кигізетін. Сондайда оларға: «Мені неше күн бағасыңдар? Ертең шаршаған соң кетіп қаласыңдар» деп шұлығымды аяғымның башпайларымен алып, киюді үйрендім. Сонда таңғалған апаларыма «Менің ауруым ауру емес, аямаңдар. Сырқатымның емі Қазақстаннан табылып тұр. Құдай емі табылмаған аурудан сақтасын. Емі шетелде десе, ақша жетпей жатса, сонда не істейсіңдер?» деп ұрсатын едім. Міне, Алла Тағала бұл сондай болады, істеп көр деп сынағандай емі жоқ ауруды бауырларыма бергені. Сынақ шығар, қолымнан келген көмегімді берейін дегенім», – деді ол кетуге жиналып  жатып.

Ұлы Абай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» демекші, қаршадай ұлдардың тағдыры кімкімді де бейжай қалдырмасы анық. Бұл отбасыға қолұшымды созамын дейтін қайырымды азаматтарға отанасы Эльмира Кенжеәлиеваның ұялы телефон нөмірі мынадай: +77056383539, +77789811412, ал есепшоты  kz076010002008939652.

Ардақ МҰҚАНОВА,

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары:

 – ҚР  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы №44 бұйрығымен бекiтілген медициналық-әлеуметтік сараптама жүргiзу қағидаларының 23-тармағының 2-тармақшасына сәйкес 16 жасқа дейінгі балаларға «мүгедек бала» санаты бойынша мүгедектік алты айға, бір, екі, бес жылға және 16 жасқа толғанға дейін тағайындалады. Ал мерзімсіз мүгедектік,  яғни өмірлік мүгедектік ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, мүгедектік тобы тұрақты болғанда және бірінші топтағы мүгедекті кемінде төрт жыл, екінші топтағы мүгедекті кемінде бес жыл, үшінші топтағы мүгедекті кемінде алты жыл динамикалық қадағалаудан кейін беріледі. Сондықтан Д. Самиғоллаға қағидаларға сәйкес мүгедек бала санаты 2017 жылдың 24 тамызында тағайындалды. Ал мерзімсіз мүгедектік тобы 18 жастан кейін көрсетілген мерзімдер мен шарттар сақталған  кезде  тағайындалады.

Ал Мансұр Самиғолланың денсаулық жағдайының нашарлауын растайтын диагностикалық емдеу және оңалту іс-шаралары жүргізіліп, төрт айдан кейін медициналық мекеме оның құжаттарын медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдауы тиіс. Сәбидің апасының айтуына қарағанда, Мансұрдың диагнозы қазан айында қойылған, сондықтан төрт ай өтпегендіктен, оның  құжаттары  бізге  әлі  түспеген.

Екатерина ОЛЬХОВСКАЯ,

Облыстық тері-венерологиялық диспансерінің   директоры:

– Пигментті ксеродерма – созылмалы, ультракүлгін сәулесіне жоғарғы сезімталдығымен ерекшеленетін, тұқым қуалайтын тері ауруы. Мұндай науқастардың терісі күн сәулесінің әсерінен қызарып, қабыршақтанады, тіпті күйік алу жағдайы да кездеседі. Теріде ақшыл қоңыр түстен қара түске дейін дақтар пайда болады және тері жұқарады. Бұл дерт ультракүлгін сәулелерінен зақымданған ДНК жасушаларын қалпына келтіруге жауап беретін ағзадағы эндонуклиаз, полимераз-1 ферменттерінің  жетіспеушілігінен  туындайды. Мұндай науқастар дерматологтың, педиатордың, көз дәрігерінің қадағалауында болады. Олар күн көзіне бас киімсіз шықпауы керек.

Сондай-ақ күн сәулесінен қорғайтын «СПФ-50» сықпамайларды жағуы тиіс. Дәурен Самиғолла республикалық тері венерологиялық ғылыми-зерттеу институтына екі мәрте, Астана қаласындағы республикалық диагностикалық орталыққа  квотамен  тегін барып қаралды. Ал Мансұр Самиғолланы 2017 жылдың тамызында Алматыдағы тері венерологиялық ғылыми-зерттеу институтына жолдадық.  Оның  да  диагнозы  расталды.

Мұндай сырқат балаларға ылғалды, күн сәулесі көп түспейтін қоңыржай ауа райы жағымды және олардың терісіне күн сайын, тіпті сағат сайын  мұқият  күтім  керек.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмайық деп тілеймін» Оралдағы апатты үйдің тұрғыны 96 жастағы кейуананың тілегі осындай

Күні: , 58 рет оқылды

— Орал  қаласының  әкімі  М. Мұқаевтың  назарына!

Оралдың  Құрманғазы көшесінің бойындағы №82 үйдің салынғанына 135 жыл болды және соңғы 70 жыл бойына еш жөндеу көрмеген. Орталық базардың маңындағы бұл баспана 2011 жылы апатты үй деп танылғанымен,  әлі күнге дейін мәселе түйіні тарқатылар емес.

«Орал өңірі» газеті редакциясына сол үйдегі 21 отбасының атынан бір топ тұрғын бас тіреп келді. «Тұрғын үйдің қабырғасы қақырап, қатты жел соқса, шатыры сынып, ұшып кетуде. Пәтеріміздің төбесінен жаңбыр өтіп, құм түседі. 80-ге келген анам мен кішкентайлар бар, түнде төбеміз құлап кете ме деп қорқамыз, әр күнімізді қорқынышпен өткізудеміз», – деді №35 пәтердің иесі Күлән Аймырзина.

Аталмыш тұрғын үйді өз көзімізбен барып көрдік. Расында, бұл баспанадан өркениеттің «иісі» шықпайды: көгілдір отын, су құбыры кірмеген, кәріз жүйесі, әжетхана атымен жоқ. Екі қабатты ескі үйдің 1-қабаты түгелімен коммерциялық құрылымдарға, кәсіпкерлерге жеке меншікке берілген. Аяқ басқан сайын сықырлайтын ағаш баспалдақтардың өзі сынып кете жаздап майысып,  зәреңді  алады.

– Біздің үй заңды түрде апатты жағдайда деп танылды. Сондай-ақ аталған үй мамандандырылған  мекеме  «Архстройпроект-А» ЖШСмен  жөндеуге келмейтіндігі және бұзылу керектігі жайында берген 2010 жылғы 4 қазандағы техникалық қорытындысы қолымызда бар. 2017 жылы бұрынғы қала әкімі Нариман Төреғалиев үйіміздің жағдайын ескеріп, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы аясында №8 мектеп ауданында салынып жатқан көп қабатты үйден біздің үйдегі 21 отбасына пәтер береміз  деген болатын. Тап осындай жауапты облыс әкімдігінен де алғанбыз. Әзірге еш нәтиже жоқ. Жаңа үйлер салынды, бірақ бізге пәтер берілмеді, – деді №32 пәтердің иесі Мұхтар Сұлтанғалиев ренішті үнмен.

Апатты үйдің тұрғындары бірінші қабаттағы коммерциялық нысандардан, соның ішінде дәріха-надан, «Сэконд хэнд» дүкенінен, шаштараздан, кафеден келетін жағымсыз иістерден бастары ауыратындарын, демалудың қиынға соғатынын айтады. Айтқандай, бұл үйге 1891 жылы орыстың атақты әншісі Федор Шаляпин  тоқтаған. Сондықтан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштердің тізіміне енген. Соған орай қала әкімдігі тарихи үйді аталмыш тізімнен шығарамыз дескен. Сол мәселе әлі шешілмегендіктен және бірінші қабаттағы кәсіпкерлік нысандары келісімін бермегендіктен де үй сүруге жатпай тұр-ау деп шамалайды  тұрғындар.

Тыл және еңбек ардагері, 96 жастағы Лидия Подгорнова (суретте) бұл үйден 1961 жылы бөлме алып, қоныстанған. «Соғыс жылдарында обком партияда кеңсе меңгерушісі болып күн-түн демей жұмыс істедім. Одан кейін кооперативтік техникумында есепші болдым. Ол кездері жас болған соң, үйімнің жайсыздығын елеп-ескермедім. Апатты деп еді, көшіруден хабар жоқ. Мен жас кезімде Отаным деп еңбек етіп едім, енді кәрімін ғой. Менің сөзімді кім тыңдайды? Тек Құдайдан мына үйдің астында қалмасам деп тілеймін»,  –  деп  күрсінді  кейуана.

Аталған үй тұрғындары «Тұрғын үй қатынастары» заңына сәйкес жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. «Бірақ сол кезектің алға жылжитын түрі көрінбейді. 2017 жылы №94 болып тұр едім, биыл тек №92 болып екі санға ғана алға жылжыппын», – деді апатты үйдегі №28 пәтердің иесі Зинат  Жұбанова.

Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысының орынбасары Миржан Нұртазиев Құрманғазы көшесіндегі №82 тұрғын үйдің мәселесімен таныс екенін айтты. «Бұл апатты үйді бұзып, орнына мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобасы бойынша үй салатын инвесторды іздестірудеміз, әзірге таба алмай отырмыз. Әрі осы үйдегі кәсіпкерлік нысандары да үйді бұзуға келісім бермей отыр.

Бұл үй тарихи ескерткіштердің тізімінен шығарылған жоқ. Сондықтан бұл үйдің тұрғындары үйі апатты деп танылған азаматтар санатымен қалалық әкімдіктің тұрғын үй кезегіне қойылған. Кезектің жылжуына келсек, бәрі заңды. Оралда апатты жағдайда 43 тұрғын үй бар. Қазір мәселенің түйінін шешуге жұмыстанудамыз», – деді Миржан  Нұртазиев.

Техинвентеризация бюросы 1994 жылы бұл үйді 64 пайызға тозған десе, «АрхСтройПроект-А» мекемесі араға бес жыл салып берген техқорытындыда үйдің  жертөлесін, шатырын, ғимараттың негізгі қаңқасының әупірімдеп тұрғанын, «Велика угроза обрушения, и дальнейшее пребывание в здании людей опасно!» деп тайға таңға басқандай етіп көрсеткен. «Шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» демекші, әбден тозығы жеткен үйдің сиқы әлгіндей, демек, адам өмірі бәрінен де қымбат екенін естен  шығармалық!..

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


Аналар жыламасын…

Күні: , 91 рет оқылды


Биылғы жылдың  1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылды.


Енді отбасының табысы ескеріле отырып, оның орнына жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек төленбекші. Алайда бұл жаңалық ауыл-аймақтағы көпбалалы, табыс-кірісі аз отбасылардың кейбірінің онсыз да ыңыршығы шыққан қабырғасын сөге жаздағандай әсер етті.

Тасқала ауданының орталығындағы Ахметқалиев көшесінің бойындағы №33 үйде тұратын Нұрлыгүл Сағынғалиеваның облыстық «Орал өңірі» газеті редакциясына жолдаған шағымхаты осылай өріледі. Мәселенің мән-жайын білмекке Тасқалаға арнайы барып қайттық.

– Алты баламның үлкені 9-сыныпта, ең кішісі 1 жас 8 айда. Жұбайым Тасқала ауылдық округі әкімдігінде газ қазандығының операторы болып жұмыс істейді. Бүгінде жұбайымның 47 мың теңге жалақысы және «Күміс алқаның» 15 мың теңгесімен күнелтіп, өлместің күйін кешудеміз. Жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек қолданысқа енгенше әр балаға 23 мың теңгеден алдым. Қазір балаларға берілетін ақша неге тоқтады? Округ әкімдігінің қызметкері табысы-ңыз кедейлік шегінен асып кетті деп түсіндірді. Сонда қалай? – деп әңгімесін бастады Нұрлыгүл Сағынғалиева. Оның айтуынша, бай дейтіндей отбасының малы да, тіпті мал ұстайтын қорасы да жоқ. Бір бас сиыр ұстауға жем-шөбі қымбат, ақша ауыспайды. Тасқалада бір арба шөп 30 мың теңге тұрады. «Үйіміздің жайы мынау, қабырғалары ырсиып, бір-бірінен алшақтап барады. Тұрғын үй кезегіне тұрайық десек, кезекке қоймады. Осы уақытқа шейін ешкімнен көмек сұраған емеспін. Марқұм анам тірі болғанда көмегін беретін. Бауырларым да қарасады. Бірақ қазір қатты қиналып  кеттім.

Отбасының табысы 60 мың теңге, соның сегіз мыңын газға, екі мыңын электр қуатына, екі мыңын дәрі-дәрмекке, 500 теңгесін суға, 11 мың теңгесін «Каспий банкке» несие үшін төлеймін. Балаларды киіндіруге 80 мың теңге несие алғанбыз. Отағасының да бұрынғы несиесі тұр. Төрт бала мектепте оқиды. Оқу басталарда мектептен көмекке егіздерге киім берді. Сонда қолымда 25 мың теңге қалады. Оқу құралдары, тамағың бар.

Қазір бәрі қымбат. Кейде үй жағалап, жоғымды сұрап кететін кезім болады», – деп көзіне  жас алды көпбалалы ана.

Аумағы 40 шаршы метрді құрайтын құрқылтайдың ұясындай баспананың іші салқын, еденінің қарағайларының арасынан ескен мұздай желі сүйегіңнен өтеді. Бір тәуірі, екі бөлмелі үй газбен жылытылады. Бұрын бұл үй отағасы Саяхаттың атында болған. Кейін көпбалалы отбасыға үй беріледі дегенді естіген Нұрлыгүлдің енесі үйді өз атына аудартқан. Оған небары екі жыл болған.  Сондықтан заңға сәйкес бес жыл өтпей тұрғын үй кезегіне алынбайды. Бұл баспананың іргесі сөгілген, апатты жағдай-да. Үй салатын, үйді жөндейтін ақша ауыспайды, материалдар қымбат. Отанасының айтуынша, ауылдық округ әкімдігі ара-тұра қолдан келген көмектерін береді. Бірақ бір пакет тамақ неше күнге жетпек?!

34 жастағы Нұрлыгүл отағасының өткен жылы аулаға бақша егемін деп қарашірік төккенін айтады. «Мен жұмыс істегім келеді. Қандай шаруаны қолға алсам, іске асыра аламын деп ойланамын. Киім тігетін өнерім бар. Кейде тапсырыс алып, тігін машинаммен тігіп те жүрмін. Бірақ мата алатын ақшам болмайды. Жұмыстан қашпаймын, тек қолдау-көмек болса…», – деп тоқтады  Нұрлыгүл.

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Раушан Мұсалимованың айтуынша, қиын өтпелі кезеңде үкімет тұрғындарға жұмыс тауып бере алмағандықтан, оларға әлеуметтік қолдау көрсетті.

– «Бүгінде қиын кезең артта қалды, қазір жұмыстың түрі көп. Сондықтан жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек берудің талаптары орынды.

АӘК-ге мұқтаж болады-ау деп болжаған 112 отбасының 70-сі ғана құжат тапсырды. Ал Н. Сағынғалиевадан өтініш түспеді. Оның отбасының табысы кедейшілік шегінен 378 теңге асып кеткен. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалмады, – деді Раушан  Сабырғалиқызы.

Мамандардың айтуынша, жаңа сипаттағы АӘК-ні қолданысқа енгізу үшін екі жыл бойы «Өрлеу» бағдарламасы  жұмыс істеді. Енді жаңа бағдарлама сол бағдарламамен пара-пар көрінеді. Екінші тоқсанда кедейшілік деңгейі мен отбасының табысы  арасындағы айырма Нұрлыгүлдің отбасына төленетін  болса, соның үш айдағы ақшасын жинап бір алып, жеке  кәсіпкерлік ашуға, ісін бастауға немесе мал алуға болады.

– Ауылда қолы боста барып жасайтын жалдамалы жұмыстар бар. Уақытым бар, жұмыс жасаймын десе, көмектесуге әзірміз, – дегенді  және  айтты Раушан Сабырғалиқызы Айтқандай, Алғыс айту күніне орай біздің кейіпкеріміздің отбасына аудандық-аумақтық инспекция ұжымы қайырымдылық көмек қолын созбақ.

Бәлкім, ел ішінде сауабы мол қайырымды іске енжарлық танытпай, көпбалалы отбасыға көмек қолын созамыз дейтін азаматтар тағы табылар. Өзі де «Мемлекетке масыл болғым келмейді, жұмыс істеймін, еңбек етемін», – деп отыр. Тек жергілікті атқарушы билік пен құзырлы мемлекеттік құрылымдардан тиісті қолдау көрсетіліп, бағыт-бағдар берілсе… Қалай болғанда да, алқалы да, алқасызда  аналар   жыламасын   дейміз.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»,

Тасқала  ауданы

Мағрипа БАРМУШЕВА,

Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің  бас  маманы:

– Тасқала  ауылының  тұрғыны Нұрлыгүл Сағынға-лиеваға 2017 жылы 18 жасқа дейінгі балаларына төрт тоқсан бойынша 171 576 теңге жәрдемақы төленді. 2017 жылдың бірінші, екінші және үшінші тоқсандарында ол кісіден мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек сұраған өтініш түспеді. Тек өткен жылдың 4-тоқсанда өтініш түсіп,   21 369  теңге  көлемінде  АӘК  төленді.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы тоқтатылып, түскен өтініштерге байланысты отбасының табысы ескеріле отырып, жан басына шаққанда-ғы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға ғана атаулы әлеуметтік көмек берілуде. Кедейшілік шегі күнкөріс деңгейінің 50%-ын құрайды және күнкөріс деңгейі тоқсан сайын өзгереді. 2018 жылдың 1-тоқ-санына белгіленген күнкөріс деңгейі 22 348 теңгені, кедейшілік шегі 11 174 теңге шамасында. 2018 жылдың 1-тоқсанында Н. Сағынғалиева Тасқала ауылдық округі әкімдігіндегі ассистентке жолығып, табысын есептеткенмен, атаулы әлеуметтік көмек сұрап, жұмыспен қамту орталығына да, ауылдық округтің әкіміне де өтініш бермеген. 2017 жылдың 4-тоқсанында Н. Сағынғалиеваның көпбалалы ретінде алатын жәрдемақысы 40 616 теңге, 18 жасқа дейінгі балалар жәрдемақысы 42 894 теңге, жұбайының еңбекақысы 193 733 теңге, яғни төрт тоқсандағы жиынтық табысы  277 243 теңгені құрады. «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек» туралы заңның 6-бабы 2-тармағына сәйкес жиынтық табыс 277 243 теңгені үш айға және сегізге (Н. Сағынғалиеваның отбасындағы адам саны) бөлгенде, яғни отбасының жан басына шаққандағы табысы 11 552 теңге болды. Ал кедейшілік шегі 2018 жылдың 1-тоқсанына 11 174 теңге болғандықтан, Н. Сағынғалиеваның жан басына шаққандағы табысы 378 теңгеге асып кетті. Сондықтан оған 1-тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Алдағы 2-тоқсанда күнкөріс деңгейі өсуі мүмкін, сондықтан жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық округ әкіміне жазбаша  өтініш  беруі  керек.

Бауыржан АЙТМАҒАНБЕТОВ,

Тасқала аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Азаматша Н. Сағынғалиеваның үй кезегіне тіркеу жөніндегі арызы, құжаттары табысы аз отбасы санаты бойынша аудандық тұрғын үй комиссиясының отырысында қаралды. Сонда Н. Сағынғалиеваның жұбайы Саяхаттың 2016 жылғы 21 шілдеде өз атындағы тұрғын үйін өзге біреуге келісімшартпен (договор дарения) тарту еткен құжаты шықты. «Тұрғын үй қатынастары» туралы заңның 72-бабының 2-тармағы бойынша соңғы бес жыл ішінде қай елді мекендегі болмасын, тұрғын үйін өзгенің меншігіне берген, сонымен қатар тұрғын үй жағдайын әдейі нашарлатқан азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алу кезегіне қойылмайтыны анық көрсетілген. Осындай себептерден Н. Сағынғалиева тұрғын  үй  кезегіне  қойылмады.


Банкноттарды айырбастау аяқталды

Күні: , 93 рет оқылды


2018  жылғы  1  наурыздан  бастап  екінші  деңгейдегі  банктер  2006  жылғы  үлгідегі 1000  теңгелік  банкноттарды  айырбастауды  тоқтатады.  Бұл  туралы сәрсенбіде  өткен  баспасөз  конференциясында  ҚР  Ұлттық  банкі  Батыс  Қазақстан  филиалы  директорының  орынбасары  Сергей  Родин  мәлім  етті.


Директордың орынбасары жиында Ұлттық банк басқармасының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі №188 қаулысы бойынша «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына» валюта айырбасы бойынша уәкілетті ұйымдардың жарғылық капиталына қатысты енгізілген өзгерістер жайына тоқталып, 2018 жылғы 5 наурызда уәкілетті ұйымдардың қызметін жаңа талапқа сәйкестендіру мерзімінің аяқталатындығын мәлімдеді. – Соған орай қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру бойынша қызметті жүзеге асыру үшін уәкілетті ұйымдарда облыстардың әкімшілік орталықтарында орналасқан әрбір айырбастау пункті үшін 20 миллион теңгеден кем емес көлемінде жарғылық капиталының болуы қажет. Бұл ретте уәкілетті ұйым қосымша айырбастау пунктін ашқан кезде, оның ақшалай нысанда қалыптастырылатын жарғылық капиталы әрбір ашылатын айырбастау пунктіне жоғарыда көрсетілген талапқа сәйкес ұлғайтылуы керек. Қағиданың жаңа редакциясында демалыс және мейрам күндері валюта бағамдарын өзгерту бойынша шектеу жойылған. Бейнебақылау жүйесінің сәйкес келуін растайтын құжат көшірмесінің және кассир туралы (ТАӘ) ақпараттың болу қажеттілігі туралы талап енгізілді. Қолма-қол шетел валютасы банкнотының айналымға жарамды белгілері анықталды,  – деді Сергей  Родин.

Басқосуда екінші деңгейдегі банктердің 2006 жылғы үлгідегі номиналы 1000 теңгелік банкноттарды айырбастау кезеңінің аяқталғаны да айтылды. С. Родиннің айтуынша, 2018 жылғы 1 наурыздан бастап екінші деңгейдегі банктер 2006 жылғы үлгідегі 1000 теңгелік ақшаны айырбастауды тоқтатады. Ал Ұлттық банктің филиалдары бұл банкноттарды 2021 жылғы 28 ақпанға дейін айырбастайды. Бұл ретте Ұлттық банк заңды төлем құралы болып табылатын номиналы 1000 теңгелік ескерткіш банкноттардың айналыста екендігін хабарлайды.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»


«Зейнеткерлердің несие алмағаны дұрыс»

Күні: , 48 рет оқылды


Таяуда  Алматыда  Қазақстан  Ұлттық  банк   төрағасы Данияр  Ақышевтың  онлайн-конференциясы  өтті. Қазақ-стандықтар  үш  сағат  бойы  онлайн  режімде Алматыда  өткен  Ұлттық  банктің  қызметі,  жүргізіліп отырған  ақша-несие  саясаты,  қаржылық  қызметтер саласындағы  құқықтарды  қорғау туралы  және  басқа да  көптеген  сұрақтарға  жауап алды. Төраға  жиында азаматтардың  40-тан  аса  сауалдарына  жауап  берді.  Бұл шараға  еліміздің  өзге  өңірлерімен  бірге онлайн  режимінде  Ұлттық  банктің  Батыс  Қазақстан филиалының  директоры  Қозыбақ Құлбарақов,  филиал мамандары  және  БАҚ  өкілдері  қатысты.


Данияр Ақышев Мемлекет басшысының қаржы институтының жұмысына қатысты айтқан сыны өте орынды екенін атап өтті. «Ұлттық банк 2008-2009 жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуде қаржылық реттеуші ретінде кешігіп қалғаны рас. Статистика көрсеткеніндей, нашар не-сиелер портфелінің 90 пайызы 2006 жылдан бастап берілген. Несие қорларын дұрыс басқара алмаған банктердің жұмысы бірнеше жыл бойы қордалана  келе жақында ғана жария болды», — деді ол. Төраға дағдарыс қайталанбас үшін Ұлттық  банктің банктердің жағдайы нашарлаған кезде  превентивті әрекет ету құралдарын жетілдіретінін жеткізді. Қазір Ұлттық банктің бақылау функцияларын күшейтетін заң жобасы жасалып, оны талқылау жалғасуда.

ҚР Ұлттық банктің басшысы қаржы пирамидаларының жұмысы өте жақсы ұйымдастырылғанын, Ұлттық банктің сайтында қаржы пирамидасының «тұзағына» түсіп қалмаудың жадынамасы бар екенін еске салды. «Арнайы жадынамада қаржы пирамидаларының белгілері көрсетілген. Біріншіден,  олардың  Ұлттық банктен депозит ашу туралы арнайы лицензиялары болмайды.  Екіншіден,   мемлекеттік тіркеу туралы жарғысы жоқ. Үшіншіден, ұйымның қаржылық  ахуалы туралы ақпарат жоқ. Төртіншіден, салынған қаржының сақталуына ешқандай кепілдік берілмейді. Бесіншіден, нарық деңгейінен тым жоғары табыс ұсынылады. Алтыншыдан, әр тартылған клиент үшін бонус береді. Жетіншіден, тіркелген кезде ақша төлейсіз. Сегізіншіден, БАҚ арқылы жарнама таратады. Тоғызыншыдан, үлкен шаралар өткізіп, қымбат сыйлықтар береді. Оныншыдан, ақша айналымы, бизнес жұмысы туралы ақпарат ашық емес», – деді ол. Сондықтан төраға азаматтарға осы 10 кеңесті есте ұстап, қаржы пирамидаларының қитұртқылығынан сақтануға  кеңес берді. Сондай-ақ Данияр Ақышев онлайн-конференция барысында зейнеткерлерге несие алмауға кеңес берді. Оның айтуынша, Ұлттық банк халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында жұмыстануда. Осы мақсатта стратегия дайындау жұмыстары басталды. “Дегенмен  зейнеткерлерге бірнеше кеңес бергім келеді. Біріншісі, ақшаны үйде емес, банкте сақтаған дұрыс. Бұл ақшаның толық сақталуын қамтамасыз етеді. Оған қоса  мемлекет 10 миллион теңгеге дейін депозит салымына кепілдік береді. Екіншісі, Ұлттық банк лицензия бермеген компанияларға сенбеу керек. Үшіншіден, ақшаны бөтен адамдарға сеніп тапсырмаңыздар. Төртіншіден, несие алмаңыздар”, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасы елімізде криптовалютаны қолдануға қатысты шараларды қатаңдандыруға уәде берді. «Үкіметке өз ұсыныстарымызды жолдадық, олардың көпшілігі мақұлданды. Елімізде криптовалютаны теңгеге сатып алуға шектеу қойылуы керек. Қазақстанда криптовалютаның өндірісімен және жарнамасымен айналысатын компаниялардың қызметіне тосқауыл қою жоспарлануда», деген Д. Ақышев криптовалютаның ешқандай құндылығы жоқтығын, майнерлер мен делдалдардың цифрлық валютаны сату-сатып алу барысында еш жауапкершілігі болмайтынын түсіндірді. «Еліміздің азаматтарына ақшаларыңызды криптовалютаға салмаңыздар дер едім. Өйткені салынған инвестицияны жоғалту тәуекелі жоғары, салынған ақшаңыздың сақталатынына ешқандай кепілдік берілмейді», – деді бас банкир.

Бас банкир теңгенің қазіргі жайына тоқтала келе, оның  жыл басынан бері 4 пайызға нығайғанын, қаңтарда теңгеге сұраныстың өскенін, ЕДБ-лардың қаңтар айында 830  млрд.  теңге көлемінде несие бергенін айтты. «Несие бойынша пайыздық  көрсеткіш 14,7%-ға  жетті», –  деді Данияр Ақышев.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал   өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика