Тег: ‘Бөрлі   ауданы’


Қос ауылда таза су, Бөрліде – спорттық кешен

Күні: , 78 рет оқылды

«Аймақтарды дамыту — 2020» бағдарламасы аясында Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек  және Жаңақоныс ауылдарына таза әрі сапалы ауыз су келіп жетті. Ұзақ жыл ауыз суды аудан орталығынан сатып әкелуге, көрші-көлемнің ауласындағы санаулы құдықтан тасып ішуге мәжбүр болған ағайынның тілегі орындалып, тұрмысы жандана бастады. Қос ауыл халқының қуанышына облыс әкімі Алтай Көлгінов ортақтасты.

Халықты сапалы ауыз сумен қамту — Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың  Жолдауында айқындалған басты бағыттардың бірі. Соңғы екі жыл ішінде облыстың 110 елді мекеніне 2000 шақырым орталықтандырылған су құбырын тарттық. Соның ішінде ең шалғайдағы Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайқын ауылына да су жетті. Жаңақала ауданында халықтың 80 пайызы сапасыз суды ішіп келді. Қазір Жаңақала ауданына қоса, Жәнібек және Қазталов аудандарының халқы да сапалы ауыз сумен қамтылды. Екі жылдың ішінде өңірде таза сумен қамтылған елді мекендер қата-ры бұрынғы 30 пайыздық көрсеткіштен 45 пайызға жетті. Келер жылы тағы 50 елді мекенге ауыз су жеткізілмек, – деді Алтай Сейдірұлы.

Ақсай қаласынан жиырма бес шақырым қашық жатқан Кеңтүбек ауылы жыл санап көркейіп келеді. Өткен жылы мұнда елу орындық балабақша мен  медициналық пункт салынса, жақын күндері жас мамандарға арналған жатақхана ашылмақ. Мал өсіріп, егін егуге топырағы құнарлы, шөбі шүйгін құтты мекеннен халықтың кеткісі жоқ. Керісінше ауылға көшіп келген ағайынның саны артқан.  Үш жүзге тарта ауласы бар ауылға 13 жыл бұрын «Ақбұлақ» бағдарламасымен ауыз су кірген. Алайда ескі желі заман талабына сай емес, әрі өрт гидранттары жоқ. Су құбырын қайта құру кезінде осы кемшіліктер ескерілді.

Өзекті мәселе мемлекеттің қолдауымен іске асты. Құрылысты қолға алған мердігер жөндеу жұмыстарын мінсіз атқардық деп отыр.

– Ауылда бұрыннан су бар. Дамып келе жатқан ауылға қосымша ауыз су жүргізу бағытында  биыл бюджеттен 108 млн. теңге қаражат бөлінді. Ұзындығы сегіз шақырым тұрба тартылып, қос резервуар, су мұнарасы орнатылды. Қазіргі таңда 25 үйге су кіргізілді. Оған қоса бұрын түрлі себептермен үйлеріне су кірмей қалған елу үйге су құбыры тегін тартылды. Ауылға 36 дана өрт гидранты орнатылды. Ал Жаңақоныс ауылында 50 үйге су жеткізіліп, қос резервуар қойылды, – дейді «Аяла» ЖШС-ның бас директоры Алтынбек Мергенов.

Құрылыста пайдаланылған  құбырлар, есептеу құралдары мен өзге де қосалқы бөлшектердің барлығы су жаңа отандық өнім. Аталған жұмысқа республикалық және облыстық бюджеттен  108 млн.  теңге қаражат  жұмсалған.

*   *    *

Бөрлі ауданының іргелі елді мекендерінің бірі Бөрлі ауылында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен жаңа спорттық кешен салтанатты түрде пайдалануға берілді. Спорт кешенінде спорттың бокс, қазақ күресі, волейбол, футбол, баскетбол, допты хоккей, шаңғы түрлері бойынша  үйірмелер жұмыс істейтін болады. Ауыл тұрғындарын бұқаралық спортқа тарту жұмыстары да жоспарланған. Ол  үшін аудан әкімдігі кешен жанынан хоккей мен футбол алаңдарын салуды жоспарлап отыр.

Жалпы, Бөрлі ауылының гүлденуіне көп күш жұмсалды. 4200 халқы бар ауылды көркейтуге тек өткен жылдың өзінде 5 миллиард қаражат құйылды. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауыз су кіргізіліп, мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ауылдағы басты көше тақтайдай  тегістелді.

– Бөрлі ауылы – тоғыз жолдың торабында орналасқан табиғаты ерекше мекен. Халқы да еңбекқор. Ауылдан кәсіп ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған бастамашыл жастардың қатары артып келеді. Елбасы өз Жолдауында аудан-ауылда спорттық кешендерді көбейту туралы тапсырма берді.  Жастар – сіз бен біздің болашағымыз. Сондықтан жоспарымызға сәйкес, «Нұр Отан» партиясымен бірге шалғай аудандарда жүз спорт алаңын саламыз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Бөрлі ауылының көркін аша түскен халыққа берер пайдасы мол нысан «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік жобасы негізінде салынды. Жобалық құны 321 млн. теңге болатын кешен 320 орынға лайықталды.

Шарада «ҚПО б. в.» компаниясы  бас директорының орынбасары Марат Кәрімов сөз алып, ауыл халқын жаңа спорт кешенінің ашылуымен  құттықтады.

– Биыл облыс бойынша 35 миллион АҚШ долларына 36 жоба жүзеге асты. Оның бесеуі Бөрлі ауданында  іске қосылды. Жалпы, соңғы үш жылда кәсіпорыннан бөлінетін 20 млн. АҚШ долларына қосымша 10 миллион доллар бөлінген болатын. Бұл қаржыға Бөрлі ауданында 22 жоба жемісті іске асты. Болашақта бұл жұмыстар өз жалғасын табады, –  деді Марат  Шайдоллаұлы.

Пайдалануға берілген спорттық кешенде 30  жаңа жұмыс орны ашылды. Облыс басшысы кешеннің ішін аралап көріп, спортты серік еткен жастармен теннис ойнап, естелік суретке түсуді де ұмытпады.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Ажарлы Ақсайда абыройлы іс көп

Күні: , 232 рет оқылды

Сейсенбі күні Ақсай қаласындағы №1 мектеп-балабақша кешенінің жанынан 240 орындық «Алтын бесік» бөбекжайы пайдалануға берілді. Ақсайлықтардың бұл қуанышымен облыс әкімі Алтай Көлгінов бөлісті.

Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде салынған  240 орындық бөбекжайының құрылысы өткен жылдың шілде айынан басталған болатын. Құрылысты жүргізген – «Наурыз» ЖШС.

– Бұл нысан Ақсай қаласындағы №1 балабақшасының жанындағы бөбекжай болып ашылды. Жоспар бойынша 11 топ болады деп күтілуде. Оның жетеуі қазақ тобы, қалғаны орыс тобы. Бөбекжайда бес кіші топ, екі орта және екі жоғарғы топ болады. Қазіргі таңда 70 бала тәрбиеленуде. Сонымен қатар жаңа бөбекжайға орналасуға 56 бүлдіршінге жолдама берілді. Осы айдың соңына дейін жоспарға сай тиісті орынды толтырамыз деген ойымыз бар. Бөбекжай құрылысына 614 млн. теңге бөлінді. Бұнда 3 және 6 жас аралығындағы балдырғандар қамтылуда. Сондай-ақ Аралтал ауылының үш тұрғыны жұмыспен қамтылып отыр. Жаңа бөбекжайда 56 жұмыс орны ашылды. Қазіргі күнде 46 адам жұмысқа қабылданды. Әлі де болса тәжірибелі тәрбиешілер қажет, – дейді №1 мектеп-балабақша кешенінің ди-ректоры Мерген Әбдіров.

– Елбасы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарымен қамту деңгейін 100 пайызға жеткізу қажеттігін тапсырған болатын. Осы балабақшаның ашылуымен Бөрлі ауданында 3 жастан 6 жасқа дейін балалардың мектепке дейінгі біліммен қамтылуы 100 пайызды құрап отыр. Бүгінде тек бюджет қаржысына емес, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік арқылы балабақшалар бой көтеруде. Олардың басым көпшілігі облыс орталығында. Биыл 30-ға жуық білім ұялары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында мектептер ашылды. Ал бұл мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясы бөлген қаражатқа салынды, – деді  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов.

Заман талабына сай жабдықталған су жаңа нысанның лента  қию рәсімі ардагер ұстаз В. Филипова мен «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Э. Бломға ұсынылды. Кейін өңір басшысы жаңадан ашылған ғимараттың ішін аралап көрді.

Ақсай қаласының орталығындағы Тихоненко көшесінің жолына орташа жөндеу жұмыстары ағымдағы жылдың тамыз айында басталған. 178 млн. теңге қаржы қарастырылған жол құрылысы алдағы қазан айында аяқталмақ. Бүгінгі таңда аталған көше жолын жөндеу жұмысының 80 пайызы аяқталған. Бұл көшеге ені 7 метр, ұзындығы 2,2 шақырымды құрайтын асфальт төселуде. Жаңадан салынып жатқан тас жолдың екі жақ бетіне жаяу жүргіншілер жолы салынып, көше бойына жарық шамдар орнатылады. Облыс әкімі мердігер компания «Лидер» ЖШС өкілдеріне жолдың сапасына көңіл бөлуді тапсырды.

Өңір басшысы одан әрі Ақсай шаһарындағы төртінші және бесінші шағынаудандардың жылу желілері және ыстық-салқын су жүйесін қайта құрылымдау жұмыстарымен танысты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы негізінде іске асып жатқан құрылыстың жалпы ұзындығы 32 шақырымды құрайды. Су жүйелерінің құрылысын жылу беру маусымына дейін аяқтау жоспарлануда. Аталған жоба аясында қос ықшамаудандағы сыртқы жылу жүйелері, ыстық сумен қамту желілері күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылады. Бұл өзгерістер жылудың баспаналарға дұрыс жетуіне оң ықпал етпек. Жоба бойынша былтыр басты магистрал ауыстырылып, қалған жұмыстар биыл жалғастырылуда. Құрылысқа жауапты мердігер компания өкілдері облыс басшысына өздеріне жүктелген жұмысты күн суытпай тұрып аяқтайтынын жеткізді.

– Ағымдағы жылдың маусым айында басталған жөндеу жұмыстарына биылғы жылға бөлінген қаражат 576 млн. теңгені құрайды. Бас мердігер «Лидер» ЖШС-ның жылу маусымына дейін өз жұмыстарын аяқтаймыз деп жоспарлап отыр. Әзірге жұмыс жоспарлы жүруде. Жоба бойынша 28 шақырымдық құбырларды ауыстыру орталықтандырылған жылу пунктіндегі құралдар мен жабдықтар жаңартылды. Сондай-ақ ыстық суды сақтайтын екі резервуар жаңа кейіпке енді. Дәл осындай жұмыс қаламыздың №5 шағынауданында жүргізіледі. Алдағы апталардың бірінде толықтай монтаждау жұмыстарын аяқтап, құбырларды ауыстыру жұмыстарына кірісетін боламыз, – деді «Ақсайжылуқуат» МКК бас директорының орынбасары Әнуар Мүкеев.

Сонымен қатар ауданға сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов бес қабатты 120 пәтерлік жаңа жатақхананың құрылысымен танысып, ондағы тұрғындармен кездесті.

– Бұл ғимарат кезінде Ақсай техникалық колледжінің жатақханасы болатын.  Кейін апатты жағдайдағы ғимарат деп танылып, орнына жаңадан жатақхана салынды. Қазіргі таңда көшу жұмыстары толықтай аяқталды. Өздеріңіз байқағандай жатақханаға қоныс аударған тұрғындар ризашылығын білдіруде, – дейді Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев.

Өңір басшысы жұмыс сапарының соңында облыстық маңызы бар Ақсай – Жымпиты тас жолын жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты. Өткен жылы басталған жол құрылысы жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Мердігер «Юнисерв» ЖШС жобаның бірінші кезеңін, яғни 38-53 шақырым аралығындағы (15 шақырым) жолды жөндеуде. Жоба құны 1 958,014 млн. теңге.

Ал екінші кезеңнің 53-68 шақырым (15 шақырым) жөндеу жұмыстарымен «Асфа» ЖШС ай-налысуда. Бұл жобаның жалпы соммасы 1 943,729 млн. теңге. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі  мердігер компания басшыларына жұмыстың сапалы болуын, әрі уақтылы тапсырылуын міндеттеді.

– Жол салу жұмыстарын мамыр айында бастап кеттік. Қазіргі таңда жол құрылысы жұмыстарының сексен пайызға жуығы жасалды. Негізінен, жол құрылысын қараша айына дейін жалғастыруымыз керек еді, бірақ облыс әкімінің тапсырмасы бойынша қазан айында аяқтаймыз деген ойдамыз. Ақсай – Жымпиты тас жолының 30 шақырымдық қашықтығын жасадық. Атқарылып жатқан жол құрылысына республикалық бюджеттен 800 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда 84 жұмыс күші бар. Техникамыз жеткілікті, – дейді қосалқы мердігер болып табылатын «АқсайБизнесСтрой» ЖШС-ның бас директоры Анвар Агаев.

 Темірболат    ӘНУАРҰЛЫ,

Бөрлі   ауданы


Асық ойыны – ұлтымыздың құнды мұрасы

Күні: , 56 рет оқылды

Соңғы  кездері  Бөрлі  ауданында  ұлттық спорт  түрлері  жақсы  дамуда. Соның  ішінде асықты  ересектер  де,  жастар  да  жиі ойнап  жүр. Ақсайлықтардың  бұл  ойынды  жете  меңгергендігінің  бір  дәлелі  сол,  олар республикалық  сайыстарда  облысымыздың  намысын  абыроймен  қорғауда.  Асығы  алшысынан  түсіп  жүргендердің  арасында  өзге  ұлт  өкілдері  де бар.

Баскетболшылар  да  асыққа  әуес

Ақсай қалалық №4 мектептің мұғалімі Наталья Зотова үшін асық күнделікті қолданатын зат іспеттес.  Сол себепті сөмкесінде міндетті түрде асық жүреді.

– Өткен жылы ауданымызда асықтан өткен сайысты қарап отырғанда бұл ойын маған таныс секілді көрінді. Асықты қолыма алып, ойнап көргенімде икемділігімді байқаған әріптестерім мұны қайдан үйренгенімді сұрап жатты. Осы кезде балалық шағымда асық ойнағаным есіме сап ете түсті. Өзім Ақтөбе облысының тумасы болып табыламын. Балалық шағым қазақтардың арасында өтті. Біз көбіне асық ойнайтын едік. Осылайша жарты ғасырдан астам уақыттан кейін асықты  қайта  қолға  алдым.

Жалпы, бұл ойын баланың ойлау қабілетін, ептілігін, қолдың маторикасын, қозғалыс кординациясын дамытады. Соған байланысты сабақта, қоңырау кездерінде оқушыларға асықты жиі ойнатамыз. Олардың ішінде түрлі ұлт өкілдері бар. Мен – дене тәрбиесі пәнінің мұғалімімін. Физикалық ауыртпалық түсіруге  болмайтын оқушыларға көбіне асық үйретемін. Негізгі қызметімнен бөлек баскетбол ойынынан ауданда қыздар құрамасын да жаттықтырамын. Облыстық, республикалық сайыстарға барғанда поезда, қонақүйде болған кезде қыздармен көбіне асық ойнаймыз. Шәкірттерім бұрынғыдай  картаны емес, асық ұстайтындарына қарап қуанамын, – дейді  Наталья  Зотова.

Асық  ойнаған  озады

Аталмыш ауданда ұлттық спорттың дамуына үлесін қосып жүрген жанның бірі – Рима Бекмұқамбетова. Ақсайдағы №6 мектептің мұғалімі болып табылатын ол асықтан өтетін республикалық жарыстарға жиі барады. Мәселен, биыл сәуір айында Қызылжар өңірінде болған ел чемпионатына қатысып, «Үздік ойыншы» деген аталымды иеленіп келді.

– Астана қаласы, Қызылорда, Қостанай облыстарынан келген командалар осы сайыста мықты екендерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мен өзім төрт жылдан бері республикалық сайыстарға қатысып келе жатырмын. Жыл сайын негізінен осы командалар топ жарып жүр. Олар қонақта, өзге де шараларда болсын, кез келген жерде отыра қалып асық ойнайды екен. Мәселен, астаналық спортшылар бір мектепке жиналып, күнде дайындалатын көрінеді. Ал біздің облысымыздың құрамасының сапына кіретін ойыншылар әр ауданнан болғаннан кейін бір-бірімізбен жарысқа бара жатқанда поезда танысамыз. Сайыста жекелей емес, командалық есеп бойынша сынға түсетін болғаннан соң, бірігіп дайындалмағанымыздың зардабын тартатын кездер де болады. Жалпы, асық ойыны соңғы кездері қарқынды дамуда. Ережелері жиі өзгереді. Көбіне біз мұндай өзгерістерді жарыс басталған кезде ғана біліп жатамыз. Кезегіміз келгенге дейін үлгергенімізше дайындаламыз. Сол себепті жоғары көрсеткіш туралы әңгіме айту бізге ертелеу сияқты. Алдағы уақытта осындай жайттарды құзырлы құрылымдар ескерсе екен дейміз. Енді Астананың 20 жылдығына орай елордада сайыс ұйымдастырылмақшы. Қазіргі уақытта соған дайындалудамыз, – дейді Рима Сайлаубайқызы.

Жәнібек ауданында дүниеге келген ол бала кезден асықты жанына серік етіп келеді. Міне, сол асық оның мәртебесін көтеріп, көпшілікке танытты. Яғни асық ойнаған жанның озатынын өмірдің өзі дәлелдеп берді.

Бүгінде біздің кейіпкеріміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушыларын асық ойынына дендеп үйретуде. Күні кешеге дейін мектепте волейболдан секция жүргізсе, өткен оқу жылынан бастап асық үйірмесін ашты. Оған 6-10-сыныптардан қырыққа жуық оқушы қатысады. Мұндай үйірмелер ауыл мектептерінде де жұмыс істеуде.

Көктемде мұғалімдердің шығармашылығына қатысты өткен республикалық сырттай байқауға Рима Сайлаубайқызы мектепте асық ойыны үйірмесін ұйымдастыру бойынша материалдарын жіберген екен. Оның бейнесабағы өзгелерден оқ бойы озық деп танылып, нәтижесінде байқаудың бас жүлдегері атанды. «Тек өзім емес, әріптестерім де, шәкірттерім де жетістікке жетіп жатқандығына қуанамын, – дейді Рима Сайлаубайқызы. – Мәселен, мектебіміздің педагог-психологы Нұрлы Жақсығалиева бес асықтан өткен облыстық сайыста топ жарса, информатика пәнінің мұғалімі Жайнагүл Құжатова аудан бойынша үздік болды. Оқушыларымның арасынан таяуда болған облыстық жарыста 8-сынып оқушысы Жанна Әмірова бас жүлдені иемденсе, 6-сыныптағы Дамира Бауыржанова күміс жүлдегер атанды. Ақсайдағы спорт мектептерінде, жеке спорт кешендерінде асықтан түрлі жарыстар ұйымдастырамыз. Жалпы, бұл спорт түріне де жеңіл-желпі қарауға болмайды. Біраз демалып, босаңсып кетсең, көш соңында қалып қоюың ғажап емес. Ал бізге көш соңында қалуға болмайды. Елбасымыз айтқандай, жаңарудың, өміршеңдіктің негізі жастарда. Сол себепті жастарымыз білімге, тәлім-тәрбиеге, ұлттық құндылықтарға баса мән берулері қажет. Сонда ғана еліміз экономикалық, рухани жағынан дамып, өркендеп, бәсекеге қабілетті болады».

Нұрлы  ЖАҚСЫҒАЛИЕВА,

педагог-психолог (Бөрлі  ауданы):

– Асықтың баланың тұлға ретінде дамып, қалыптасуында атқарар рөлі зор. Асық ойнайтын оқушының ойы жүйрік әрі жинақы болады. Көптеген пәнге, соның ішінде математикаға деген ынтасы артады. Компьютер, смартфондар көзге зиян болса, асық керісінше, көзді жаттықтырып, көру  қабілетін  жақсартады.

Өзім де асықты жиі ойнаймын. Облыстық, республикалық сайыстарға қатысып жүрмін. Асық ойнау маған серпіліс, тың күш, қуаныш  сыйлайды.

Галина БРАТКОВСКАЯ,

Ақсай  қалалық  №6  мектептің 9-сынып  оқушысы:

– Екі жылдан бері асық үйірмесіне қатысып келемін. Оны үйрену еш қиындық туғызған жоқ. Асық ойыны адамның бойында сабырлылық, табандылық, мақсатқа жетуге деген талпынысты қа-лыптастырады екен. Бұл спорт түрімен айналысып жүргеніме еш өкінбеймін. Ата-анам да барынша қолдау білдіруде. Соның нәтижесінде аудандағы жарыста 3-орын алдым. Қазіргі уақытта құрбыларыма, туыстарыма бес асық деген  ойын  түрін  үйретіп  жүрмін.

Сәкен  МҰРАТҰЛЫ,

Бөрлі  ауданы


100 отбасыға көмек көрсетілді

Күні: , 36 рет оқылды

Ақсай мешітінің қызметкерлері өңірдегі көп балалы, табыс-кірісі аз және жалғызбасты қарияларға азық-түлік таратты. Барлығы 100 отбасы  діни  мекеменің  жанашырлығын  сезінді.

– Рамазан айында тұрғындардан жиналған  пітір садақа есебінен мүмкіндігі шектеулі, табысы аз отбасыларға көмек беріп отырмыз. Жыл сайын оздырылатын шараның  мақсаты – мұқтаж отбасыларға аз да болса көмек көрсету. Қайырымдылық ісі мұнымен тоқтамайды. Әлі де болса мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмектескісі келетін жомарт жандардың қарасы көп болғандықтан, игі іс жалғаса береді, – дейді Ақсай мешітінің бас имамы  Қанат  Жәкенов.

Шынар Жұмалиева (суретте) – үш баланың анасы. Балаларының алды отау құрса, ортаншысы студент, кенжесі оқушы. Көмекке мұқтаж жан  жыл сайын мешіт қызметкерлерінің игі ісіне алғысын айтып келеді. «Отбасымның жағдайы төмен. Өзім қазір еңбек ете алмаймын. Осы жағдайымды біліп, маған жыл сайын азық-түлікпен көмектеседі. Барша жомарт жандарға алғысым шексіз», – дейді Шынар  Жұмалиева.

Қайырымдылық шарасы Ақсай мешітінің ауласында өтіп, оған 70-ке жуық отбасы келсе, қалған 30 отбасыға арналған көмекті мешіт қызметкерлері үйлеріне апарып берді.

Айым  НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Бөрлі ауданына жаңа әкім тағайындалды

Күні: , 129 рет оқылды

Кеше 4 маусым күні ҚР Президенті Әкімшілігі мен Бөрлі ауданының мәслихат депутаттарының келісімімен ротация бойынша Санжар Әлиев Бөрлі  ауданының әкімі болып тағайындалды.

Облыс әкімі Алтай Көлгінов Бөрлі аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысып, аудан активіне жаңа әкімді таныстырды.

Санжар Жұматайұлы Әлиев 1978 жылы туған. Білімі жоғары, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер,  2002 жылы Орталық Азия университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.

2001-2002 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің бюджетті жоспарлау және қаржы департаменті бас маманының міндетін атқарушы, бөлім бастығы, индикативтік және қаржылық жоспарлауды жиынтық талдау және қаржы басқармасының жетекші маманы.

2002-2012 жылдары қаржы полициясында,  Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары бойынша экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.

2012 жылдан ҚР Президенті Әкімшілігі құқық қорғау жүйесі бөлімінің сарапшысы, инспекторы.

2013 жылғы 18 қарашадан Тасқала ауданының әкімі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі


Бөрліде 302 млн. теңгенің 10 жобасы жүзеге аспақ

Күні: , 83 рет оқылды

Биыл  «Бөрлі  ауданының энциклопедиясын»  дайындау қолға  алынбақшы.  Сондай-ақ  Ақсай қаласындағы  қызмет көрсету  орындары, сауда  үйлері,  аурухана  тәрізді  алты  жерге  «Кітап алмасу»  шарасы ұйымдастырылады.  Яғни, кез  келген  адамға  кітапты тегін  алып  оқу үшін  арнайы  бұрыш  жасақталады.

Бұл туралы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай Ақсай  қаласында  өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жалпы, жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда атқарылып жатқан істер туралы сөз болды.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасының аудандағы үйлестірушісі болып табылатын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алпамыс Көшкінбаевтың сөзіне қарағанда, бұл бағытта бір жыл ішінде атқарылған жұмыстар туралы ауыз толтырып айтуға болады. Туған өлкенің тарихына үңіліп, кейінгі ұрпақтың ата-баба тарихын біліп, өткенді бүгінге жеткізу мақсатында ауданда штаб құрылды. «Туған жерге – тағзым» деп аталатын штаб ауданның қасиетті де киелі жерлерін аралады. Осы шара барысында Успен ауылында Айшуақ ханның ұрпағы Асфандияр сұлтанның қорымы табылды. Бұл ел тарихы үшін де маңызды екені сөзсіз. Артынан бейіттегі құлпытас жаңартылып, қоршалды. Аудандағы құлпытастарды зерттеу жұмыстары биыл да жалғасын табатын болады. Штаб жұмысының өткен жылғы атқарған жұмыстары бойынша «Аманат» атты деректі фильм түсіріліп, тұрғындарға әлеуметтік желі  арқылы таныстырылды. Сонымен қатар бағдарламаның «Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша аудан оқушылары каникул кезінде қасиетті жерлерге саяхат жасады. Білім беру саласында да өлкетану жұмыстарын жүргізіп, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру  қолға  алынбақшы.

– Этномәдени бірлестіктермен бірлесе, көршілес Ресейдің Орынбор қаласымен Елек ауданына барып, қазақ мәдениетінің бүгінгі қол жеткізген жетістігін көрсету мақсатында өткізілетін мәдени шараларды да ерекше атап  өтуге болады. Жақында аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Ихсанов бастаған топ Орынбор қаласына барып, қазақ диаспорасы өкілдері және қала әкімшілігімен  кездесіп,  мәдени шараларды өткізу жайында келіс-сөздер жүргізіп қайтты. Осыдан төрт жыл бұрын белгілі ақын Дариға Нұрашеваның жетекшілігімен ақындар мектебі ашылған болатын. Мектеп жұмысының нәтижесі ретінде аудандағы бір топ ақындардың өлеңдері жинақталып, «Жыр жазамын жүрегімнен» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтті, – деді  Алпамыс  Көшкінбаев.

«Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – өскелең ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу, ұлттық сананы қалыптастыру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттау. Аудандық білім беру бөліміндегі әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Ләззат Жолбатырованың сөзіне қарағанда, кіші бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыс үш бағытта: оқушылармен, ата-аналармен, ұстаздармен жүргізіледі. Қазіргі таңда Назарбаев зияткерлік мектебінің «100 кітап», «100 ән», «28 ілмек» жобалары барлық мектепке енгізілді. Білім ұяларында үзіліс кезінде күй ойналады.

– Облысымызда алғаш болып ЖТС жанынан мұражайтану бөлімі ашылды, мектеп мұражайы жұмысының тәжірибесі қаңтар айында республика көлемінде таратылды. Мамыр айында Қазан қаласында өтетін халықаралық конференцияға қатысу жоспарлануда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруда мектеп мұражайлары да зор үлес қосуда, қазақ тілі, Қазақстан тарихы, география пәндері бойынша мұражайдағы сабақ бағдарламасы бойынша 150 ашық сабақ өткізілді. Былтыр және биыл аудан оқушылары арасында ғылыми жобалар байқауы оздырылды. Осы байқаудың бір бағыты «Кіші отаным: білімділік-өлкетану жобасы» аясында оқушылар өзінің туған өлкесін, кіші отанының тарихи дамуын зерттеуден ғылыми жобалар қорғады. Байқау қорытындысы бойынша «Менің өлкем әйгілі» атты Бөрлі ауданының 3Д картасын жасау жоспарлануда. 130 оқушы ата-аналарының көмегімен «Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат» акциясы бойынша Түркістан қаласына барып келді. Мектептерде «Әжелер клубы» ашылуда, қазіргі таңда Ақсай қаласының №7, Бөрлі ауылының №1, Григорьев мектептеріндегі «Әжелер клубтарының» тәжірибелері аудан, облыс көлемінде таратылды. Ал Ақсай қаласының №5 мектебінде «Әкелер клубы» тұрақты түрде жұмыс жасауда жыл сайын әкелер форумы өтеді. Сонымен қатар қыздарымызға ұлттық тәрбие беру мақсатында 2015 жылдан бері барлық мектепте қыздар клубтары ашылып жұмыс жасауда. «Ұстаз – өзгерістер елшісі» жобасы аясында ұстаздардың мәртебесін көтеру және кәсіби шеберлігін арттыру бойынша көптеген кәсіби шығармашылық байқау өтуде. Тәжірибелі ұстаздарымыздың еңбегін кеңінен тарату, насихаттау мақсатында «Бөрлі ауданының 100 үлгілі ұстазы» телебағдарламасының түсірілімі басталды, – деді  Ләззат  Жолбатырова.

«Атамекен» кіші бағдарламасы әркімді өзінің туған өлкесіне немесе қызмет жасап жатқан жеріне жақсылық игі іс жасауға шақыратыны белгілі. Сол себепті бағдарлама жарияланғаннан бері Бөрлі ауданында біраз іс-шаралар жоспары жасақталып, бірнеше ауқымды істер атқарылуда. Сонымен қатар аудан кәсіпкерлерімен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне газ өткізу, протез жабдықтарын алып беру, киім-кешектермен және күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түліктермен қамтамасыз ету тәрізді көмектер көрсетілді.

– Туған өлкенің тарихы мен мәдениеті, салт-дәстүріне құрметін қалыптастыру және дамытуға бағытталған «Жастар – Отанға» жастардың саяси лагері, «Әкелер даңқы жолымен» туристік слеті, өлкентану жұмыстары, «Сұңқар» әскери-партриоттық лагерьлері, «Туған жерге – тағзым» атты жастар штабының жұмысы қорытындыланып, «Туған жер – тірегім» атты жастар форумы ұйымдастырылды. «Әлеуметтік бастамалар картасына» жалпы құны 302 476 500 теңге болатын 10 жоба облысқа ұсынылды.

Оның алғашқысы – Ақсай қаласындағы «Наурыз» саябағын абаттандыру және жаңарту. Осы мақсатта ауданның кәсіпкерлері бірлесіп, саябақта архитектуралық пішіндер орнату, жүгіру жолын төсеу, жарықтандыру, бақылау камераларын қою сынды абаттандыру жұмыстарын жүргізеді. Бұл жобаның құны 280 млн. теңге. Екінші  жоба — Ақсай қаласының кәсіпкерлерін жұмылдыра отырып, қаланың солтүстік бөлігінде «Streetworkout» спорт алаңын салу. Сонымен қатар Александров ауылы аумағындағы алма бағын қалпына келтіру мақсатында «Салеман» шаруа қожалығы алма ағаштарын отырғызу, күтіп-баптау жұмыстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Төртіншісі, Бумакөл ауылында шағын саябақ салу (2,5 млн. теңге). Ауылдың белсенді азаматы Э. Исеналиев шағын саябақтың құрылысын жүргізу мен оған ағаштар отырғызу жұмыстары жоспарланып,  бағаланып отыр. Тағы бір жоба бойынша Бөрлі ауылындағы «Жеңіс» саябағы абаттандырылмақшы. Ауыл кәсіпкерлері саябақта субұрқақ және шағын архитектуралық пішіндер орнату үшін 6 млн. теңге жұмсамақ ниетте. Бөрлі ауылында суармалы плантациялар салу және жайластыру бойынша кәсіпкер А. Агаев арнайы техникалар бөліп, жер дайындап, ауыл тұрғындарының көкөністер егуіне көмек көрсетеді. Ал Киров ауылында белсенді тұрғындарының көмегімен волейбол алаңы салынбақшы. Приурал ауылында кәсіпкерлер ауыл тұрғындары үшін Жайық өзені бойында арнайы жағажайды жайластырып, демалатын орын, ойын алаңдары және т. б. жұмыстар жүргізбекші. Пугачев ауылының кәсіпкерлерінің көмегімен саябақ салу жұмыстары қолға алынады және ауыл маңындағы бұрынғы қорым қоршалып, ағаштар отырғызылатын болады. Жаңаталап ауылындағы кітапхана мен дәрігерлік пунктінің ғимараттарын қоршау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар ауданымыздың әлеуетін арттырып, көшелерді көріктендіруге үлкен мүмкіндік берері сөзсіз, – деген «Атамекен» кіші бағдарламасының жетекшісі, аудандық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Толқын Ахметова.

Ал «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасына жауапты аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақмарал Исмағұлова еліміздің дамуы үшін қоғамның рухани бай болуы маңызды екенін айтып, атқарылған іс-шараларды жыл бойы тұрғындарға кеңінен насихаттаған БАҚ өкілдеріне алғысын білдірді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бір жыл ішінде баспасөз беттерінде 97 мақала жарияланса, соңғы үш айдың өзінде 93 мақала  жарық  көрген.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Ауласы қардан тазаланбаған үйлерге қауіп төнуде

Күні: , 385 рет оқылды

Бөрлі  ауданында  еріген  қар  суы екі тұрғын  үй  мен  төрт  аула­ға  кірді.  Төтенше  жағдай  Ақсай  іргесіндегі  Қызылтал ша­ғынауданында  орын  алды. Тұрғындарға  төтеншеліктер  көмек­ке  келіп,  арнайы  техникалар  суды  сорып  жатыр.

Сәуірдің  3-і күні кешкі­сін  Ғайниевтердің шаңы­ра­ғына қардың  суы кірген. Лап берген лай судың дең­гейі бірнеше минуттың аралы­ғын­да 15 сантиметрге дейін көте­ріл­- ген. Судың екпінінен еден кө­те­рі­ліп, қабырғалары сыз тарта бастапты. Отбасының жиһаздары мен тұрмыстық техникаларының барлығы жарамсыз. «Төтен­ше жағдай қызметіне хабарластым, телефо­нын ала алмадым. Үйде тек үлкен кісі мен зайыбым ғана болды. Қа­лалық әкімдікке де телефон шалдым. Құммен болса да көмектесің­дерші дедім. Екі үйге де су кірді», – дейді   қызылталдық Алтынбек  Ғайниев. Жылдағы  көріністен жалыққан тұрғындар бұл жағдайға осыдан екі жыл бұрын салынған ауыл­іші­лік  жолдардың  жанында  арықтар мен арнайы  тұрбалардың  салын­бауы себеп деп ашынады. Айту­ларынша, ауылдың жоғары жағынан келген қар суының ағар бас­қа жолы жоқ. «2016  жылы Қызыл­талдың көшелеріне жол салынды. Сол  кезде су ағатын жердің бар­лы­ғын бітеп  тастады. Екі жылда бес тұрғын  үй суға кетіп тұр. Арғы көшелерде қауіпті  жағдайда  тұрған  тағы үйлер бар. Тұрба салын­ған жоқ. Соның кесірінен суға кетіп жатырмыз», – дейді  тағы бір қызыл­­талдық  Орынғали Сарқұлов. Ал  билік өкілдерінің айтар өз уәжі бар. Қар суы кірген тұрғын  үйлерге арнайы келген аудан әкімі Алдияр Халелов аталған жағ­дайға тұрғындардың өздері кінә­лі екендігін айтты. «Жеке сектор­ға әр тұрғын өздері жауапты. Тіп­ті кей аулалардан қар шығарыл­ма­ған. Кешеден бері осы шағын­ауданда жүрмін. Қолына күрек алып, жылға ойып жүрген ешкім­ді көрмедім. Аудан басшысы әр үй­дің ауласындағы суды сору керек деген түсінікті қою керек», – деп  атап өтті Алдияр  Сансызбайұлы. Шынымен  де, төтеншеліктер жұмыс жасап жатқан аймақтан біз де тұрғындардың қарасын көрмедік. Тіпті ауласында су сорылып жат­қан баспананың есігі кілтеулі тұр. Аудан әкімінің тапсырмасымен аталған жағдай бойынша жедел комиссия құрылды. Орын алған жағдай бойынша арнайы АКТ жа­­салып, қорытындысын жақын күн­дері Бөрлі аудандық төтен­ше жағ­дай бөлімінің қызметкерлері береді. Бөрлі  ауданы әкімдігі  баспа­сөз қызметінің мәліметіне сәйкес, бү­гінге дейін қала бойынша 73979.9 м3  қар шығарылып, 5084.2 м3 су со­рылды, 41 шақырым арықтар та­зартылды. 33 техника  жұмылды­рылып, аудан бойынша 19 тонна жанар-жағармай,  150  тонна инерт­ті материалдар, 10  мың қап да­йындалды. Су тасқыны болған жағ­дай­да құрамында 81 адам, 39 бірлік техника  мен  қайық  дайын  тұр.  

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі  ауданы


Жаңа әкім сайланды

Күні: , 107 рет оқылды

Бейсенбі күні  Ақсай қаласына  жаңа әкім таңдау мақсатында Бөрлі  аудандық  мәслихатының  депутаттары  сайлауға  жиналды.

Бұған дейін Бөрлі аудандық халық  қалаулылары Ақсай қаласы әкімін сайлау мақсатында кандидаттар Амангелді Тоғызбаев, Наталья Хайранбаева және Замир Мырзағалиевпен кездесіп, олардың сайлауалды бағдарламаларымен танысқан болатын.

Үміткерлер  ұсынған  бағдарламаларды  тыңдай  келе,  депутаттар  бейсенбіде қайта  жиналып, өз таңдауларын  жасады. Аудандық  мәслихаттың 13 депутатының  12-сі  қатысқан  сайлаудың қорытындысында  халық қалаулыларының 75 пайызы кандидат Амангелді Тоғызбаевқа, ал 17 пайызы кандидат  Наталья Хайранбаеваға,  8  пайызы Замир Мырзағалиевке  өз дауыстарын берді.

Осылайша ең көп дауысқа ие болған Амангелді Тоғызбаев Ақсай қаласының  әкімі болып сайланды.

Амангелді Тоғызбаев 1964 жылы 21 тамызда Теректі ауданының Федоровка ауылында өмірге келген. Білімі  жоғары, 1987 жылы Алматы кеңестік сауда техникумын, 1999 жылы Батыс Қазақстан аграрлық университетін тәмамдап, АӨК экономика және  менеджмент мамандығын алып шыққан. Еңбек  жолын К.  Ворошилов  атындағы Орал машина жасау зауытында  бастаған. Әр салада басшылық  қызметте  болған  А.Тоғызбаев  2007-2014  жылдары Теректі  ауданы әкімі аппаратының басшысы болып қызмет істеді.

2014 жылдың ақпан айынан бастап осы уақытқа дейін Зеленов ауданы әкімінің орынбасары қызметін  атқарды.

Айым   НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі   ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика