Тег: ‘Бөкей  ордасы  ауданы’


Медиахолдингтің мерейлі ісі

Күні: , 85 рет оқылды

Жуырда «Жайық Пресс» медиахолдингінің «Туған жер» этномәдени жобасы аясындағы делегация Жәнібек ауданына  іссапармен келді.

Делегация мүшелерін аудан әкімі Азамат Сафималиев қабылдады. Қабылдаудан кейін  медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитов аудан ардагерлерімен, «Орал өңірі» газетінің бас редакторы  Бауыржан Ғұбайдуллин  М. Ықсанов атындағы  Жәнібек колледжінің, «Приуралье» газетінің бас редакторы  Роза Сыйықова бастаған топ №1 мектеп-лицейдің  ұжымымен  кездесті. Ұйымдастырушылар жиынмен қатар Т. Жароков атындағы орта мектепте 7-11-сынып оқушылары арасында  аудандық шығармалар байқауын  өткізді.

Ардагерлер үйінде оздырылған жиынға аудан әкімі Азамат Сафималиев қатысты. Басқосуда қариялар  аудандық, облыстық газет беттеріне журналистік зерттеулер, үлгілі жас отбасылар туралы мақалаларды жиірек жарияласа деген ұсыныстарын айтты.

Қариялар өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, сұрақтар қойып отырды. Рауан Сәбитұлы  басылымдардың негізгі оқырмандары қариялар екенін баса айтып, ұсыныстарын қарастыратынын жеткізді. Жәнібектік оқырмандармен кездескеннен кейін аудандық тарихи-өлкетану музейіне барған делегация құнды жәдігерлермен қоса Жәнібек ауданы туралы көптеген тың дерекке қанықты. Сондай-ақ қонақтар Ұлы Отан соғысы жылдары от  шарпыған су мұнарасына ат басын бұрып, тарихы терең көне ғимаратты  көрді.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде медиахолдингтің делегациясымен бірге келген Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының қатысуымен «Туған жер»  атты қорытынды гала-концерт өтті. Жәнібектік әншілер Шынар Каюпова мен Қажымұқан Хамидолла «Жәнібегім» гимнімен бастаған концертте аудандық басылымға жанжақты қолдау көрсетіп, оған жазылымды жоғары деңгейде ұйымдастырып жүрген Борсы ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекқалиева, Ұзынкөл ауылдық округінің әкімі Алтай Бақтығалиев, Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаевқа алғысхаттар табыс етілді. Сондай-ақ аталған басылымның жанашыры болып жүрген бір топ мекеме басшылары Сәуле Исмағұлова, Ғалия Елемесова, Маркс Нұфтығалиев, Светлана Жукина, Мейіржан Хабиев, Гүлмира Бекжанова, Назгүл Ситешоваға құрмет көрсетілді. Газетті оқырмандарға уақтылы және өз деңгейінде жеткізіп жүрген пошта қызметкерлері Эльвира  Айталиева, Мейрамгүл Дінимова марапатқа ие болды.

Аудандық басылымға тұрақты түрде сапалы мақалалар жазып жүрген Гүлнар Ахметова, Ақлима Қуанғалиева, Әдемі Сүлейменоваға «Шұғыла» газетінің штаттан тыс тілшісі» куәлігі, тырнақалды туындыларын жазып жүрген №1 мектеп-лицейдің  7-сынып  оқушысы Мәдина Қазбекова, Х. Халиуллин атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы  Жанбатыр Ерсайынов,  Ғ. Қараш атындағы орта мектептің 8-сынып оқушылары  Азат  Ғайнолла, Назылы Нұрмұханға  «Шұғыла» газетінің жас тілшісі» куәлігі салтанатты түрде табыс етілді.

«Ғажайып өлке» шығармалар байқауында топ жарған Ғ. Сарыбаев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Бекназар Бекқали (жетекшісі – Әсел Берікқалиева), Е. Ниетқалиев атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Динара Жанәлиева (жетекшісі – Мәдина Төлешова), Т. Жароков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы Жанаргүл Серік (жетекшісі – Бибинұр Сүйінішәлиева) облыста тұңғыш рет өтетін «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Үздік көрінген оқушылардың жетекшілеріне, ұйымдастыруға үлес қосқан аудандық білім беру бөліміне  алғысхаттар  берілді.

Кеш барысында «Қазпошта» аудандық торабы бөлімшесінің қызметкерлері  аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешевті, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиевті, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жанар Қошанованы облыстық  «Орал өңірі», «Приуралье» және аудандық «Шұғыла» газеттеріне  жаздырды.

Филармония әншілері  Алтынбек Оразов, Асланбек Қуанәлиев, Дархан Құлбабаев, Ақмарал Ахметова, Ақмарал Кемелхановалар жәнібектіктерді әнмен тербеп, рухани демалыс сыйлады.

Әсемгүл  ҚУАНҒАЛИЕВА,

Жәнібек  ауданы

*  *  *

Таяуда «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас  директоры Рауан  Сәбитов, «Орал  өңірі»  газетінің  арнаулы  тілшісі  Есенжол   Қыстаубаев  Бөкей ордасы аудандық  мәдениет  үйінде еңбек  ардагерлерімен  кездесу  өткізді.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Асқар Әжіғалиев қонақтарды таныстырған соң, Рауан Сәбитұлы жұмыс жоспарымен бөлісіп, қазіргі уақытта өңірлік және аудандық басылымдардың безендірілуін жаңалауға, газет тілшілерінің тың тақырыпты көтере білуіне баса назар аударылып жатқанын, оқырмандардан ұсыныс-пікір күтетінін айтты.

Шарада ардагер-журналист Амантай Хамзин өлкетану бағытындағы материалдар жергілікті газетте көбірек көрініс табуы қажет екенін, мақалалардың жанрлық ерекшеліктерін түрлендірудің маңызын тілге тиек етсе, ардагер-ұстаз Ноқаш Қадымов журналистер көкейкесті мәселелердің ара-жігін ашып жазып, сыни бағытта қалам тербеу үшін арнайы бет ашуды ұсынды. Оның айтуынша, аудан орталығында ет дүкені жоқ.

Үкіметтен демеуқаржы алып, мал басын өсіріп отырған шаруа қожалықтары жергілікті тұрғындарға ет-сүт өнімдерін сатуға пейілді емес.

Аудандық аурухананың салауатты өмір салтын қалыптастыру дәрігері Нәсіп Нүркенова жастар арасындағы семіздіктің белең алып бара жатқанын, аудан тұрғындарының жүрек-қан тамырлары ауруы мен қант диабетіне шалдығу дерегі көбейіп тұрғанына алаңдаушылық білдіріп, аурудың алдын алу бағытында «Дәрігер кеңесі» сынды жаңа айдар ашу қажеттігін айтты. Кездесуде аудандық балалар және жасөспірімдер туризмі орталығы директорының орынбасары Сәрсенбай Қуаншалиев кітап оқу мәдениеті төмендеп, қазақ тілінің заңдылығын бұзып сөйлеу қоғамда сәнге айналып бара жатқанын, жасөспірімдер смартфонға күні бойы телміріп, түрлі ақпаратты талғамай оқитынын, бір жағынан, дене қимылы қозғалысын азайтуы денсаулығына кері әсерін тигізуде екені жөнінде толғамды ойымен бөлісті. Зейнеткер Рахымжан Шәкіржанов ауылдарда қатары сиреген көнекөз қариялар аузынан көрген-білгенін, тағылымды әңгімесін жазып алып, басылымдарға жариялау керектігін  айтты.

«Туған жер» этномәдени жобасы аясында оқырманмен кездесу басқа мекемелерде де ұйымдастырылды. «Орал өңірі» газетінің  бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин М-С. Бабажанов атындағы орта мектептің ұжымымен кездесті. Кездесу барысында қазіргі қоғамымызды алаңдатқан діни ахуал, ауылдан қалаға жаппай көшу, яғни урбанизация жайы, педагогтердің мәртебесі және тағы басқа мәселелер төңірегінде әңгіме қозғалды.

Түстен кейін аудандық мәдениет үйінде осы шараларды қорытындылаған гала-концерт өтті. Салтанатты шара аудан басшысы Нұрлан Рақымжановтың қонақтарға деген қошемет сөзінен бастау алды.

– Аудан тұрғындарының аталмыш шараға көптеп жиналуы – жергілікті басылымдарға деген құрметтің көрінісі. Басылым беттерінен көрінер жарқын істеріміз туралы мақалалар көп болсын, – деген тілегін білдірді Нұрлан Сағынтайұлы.

– Облыс көлемінде ұйымдастырылған этномәдени жоба аясында кешелі бері Қазталов, Жәнібек аудандарында болып, қалың жұртшылықпен кездестік. Бүгін Нарын топырағының аға буынымен арнайы кездесу өткіздік. Ардагер ағаларымыздың газеттің тұрақты да негізгі оқырмандары екенін баса айту керек. Осы аға буын оқырмандарымыздың айтар сыны да, ойы да, көтерген мәселе, айтқан ұсыныстары да орынды. Алдағы уақытта басылым беттерінде көрініс табатын болады, – деді медиахолдингтің бас директоры Рауан Сәбитұлы өз сөзінде.

Рауан Сәбитұлы облыстық және аудандық басылымдарға қолдау көрсетіп жүрген ауылдық округ әкімдері мен мекеме-кәсіпорын басшыларына алғысхат табыстады.

Газетті оқып қана қоймай, өз ойларымен бөлісіп, ұдайы хат жолдап отыратын тұрақты оқырмандар – Бисен ауылдық мәдениет үйінің директоры Екатерина Мөкешева, аудандық тарихи музей-кешен директорының орынбасары Назымгүл Оразгелдиева, осы музей-кешеннің бөлім меңгерушісі Гүлмару Мырзағалиева мен ғылыми қызметкері Мира Құтышева, еңбек ардагерлері Чарльз Қойшыбаев пен Есенболат Шәпенов, Қ. Сағырбаев атындағы орта мектептің  мұғалімі Шыңғыс Ромашев пен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Исатай Құрмашевқа облыстық «Орал өңірі» газетінің редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин аудандық газеттің штаттан  тыс  тілшісі  куәлігін  тапсырды.

Орайлы сәтті пайдаланған аудан азаматтары 2019 жылға облыстық және аудандық газеттерге жазылуды бастап та кетті.

Айта кетейік, сол күні мектеп оқушылары «Ғажайып өлке» тақырыбында шығармалар байқауында бақ сынаған еді. Осы байқауға қатысқан 47 үміткердің ішінен бабы келісіп, бағы озғандардың есімдері белгілі болды. Медиахолдинг басшысы Рауан Сәбитұлы төрағалық еткен қазылар алқасына шығармалар нөмірленіп беріліп, жүлдегер шығарма иелері сахнада жария етілді. Сонымен, жәнекешевтік Ақнұр Махамбет, жәңгірхандық Талант Уәлиев, бабажановтық Нұршат Мұханбетқалиева қараша айында облыс орталығында алғаш рет өтетін «Өрімтал» жас тілшілер фестиваліне жолдама алды. Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері Ақмарал Ахметова, Асланбек Қуаналиев, Ақмарал Кемелханова, Алтынбек Оразов, Дархан Құлбабаев әсем әннен шашу шашып, кештің шырайын ашты.

Түйіндей айтсақ, медиахолдингтің бұл мерейлі ісі тілші мен басылым тілекшілерінің мерейін көтерген шара болды.

Ұлпан  ЖАКИНА,

Арайлым  ЕСМАҒҰЛОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы


Бөкейлікте той өтті дүркіреген

Күні: , 28 рет оқылды

Өткен  сенбіде  Бөкей ордасында аудан күні тойланды. Оған  облыстық  мәслихаттың хатшысы  Мәлік  Құлшар  бастаған  Жәнібек, Қазталов, Жаңақала, Зеленов  аудандарының  делегациясы, көршілес  Ресейдің  Ахтуба,  Палласов аудандары  мен  іргеміздегі әскери  полигон  өкілдері, сондай-ақ  облысымыздың  орталығынан  келген  бөкейлік  жерлестер  қатысты.

Шаралар легі  Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Аудандық мәдениет үйінде Бөкей ордасы тарихи музей-кешенінің көрмесі назарға ұсынылып, музей қызметкерлері Бөкей хандығының тарихымен таныстырды.  Кейін «Күйшілер саябағында» ауданымызды мекендеген қырғыз, шешен, грек, өзбек, татар, украин, орыс ұлттарының салт-дәстүрлері көрсетіліп, ұлттық тағамдары ұсынылды. Аудан өнерпаздары театрландырылған көрініс арқылы Бөкей сұлтан бастаған көштің бейнесін беріп, хан Жәңгірдің, ақын Махамбеттің, батыр Мәншүктің рөлін сомдап, тарихи тұлғалар туралы өлеңдер оқып, әндер шырқады.

Сахнаға облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар мен аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов көтеріліп, жиналған жұртшылықты мерейтоймен құттықтады. Аудан әкімі мен аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы басшысы, доғарыстағы полковник Исатай Бекқалиевтің иығына «Ауданымыздың құрметті азаматы» лентасын іліп, куәлігін табыстады. Сондай-ақ бір топ шаруа қожалығы жетекшілеріне облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Есенғалиевтің және аудан әкімінің алғысхаттары ұсынылды.

Сайқын ауылының солтүстік-шығыс бетінде ауыл шаруашылығы техникалары мен асыл тұқымды мал көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімінің орынбасары Рүстем Зұлқашевтың айтуынша, ауданда асыл тұқымды малды өсірумен 21 шаруашылық айналысады. Ауыл шаруашы-лығын механикаландыру ісі  жолға қойылып, соңғы жылдары 150-ге тарта ауыл шаруашылығы техникасы сатып алыныпты. Солардың бірқатары осы көрмеге қойылған.

Мерекелік шара дала қызықтарымен  айшықталды. Қазқатар тігілген ақшаңқан киіз үйлер мерекенің ажарын келтірді. Ұлттық киім киген арулар меймандарға қазақы қонақжайлықпен бауырсақ ұсынып, ақтан дәм татқызды. Аламан бәйге десе, делебесі қозатын ағайын сәйгүлік-терін баптап әкелген шабандоздардың жарысын асыға күтті. Сонымен,  24 шақырымды құрайтын аламан бәйгеде Бисен, Темір Масин, Орда және Сайқын ауылдық округтерінен келген 14 ша-бандоз арасында мықтылар анықталды. Алты айналымдық жарыста желдей жүйт-кіген тұлпарлардың дені қазақтың жабы тұқымынан болды. Айналым сайын екпіндей ұмтылған бисендік Жасұлан Еділбаевтің (шабандоз – Азат Мұратов) «Нәзік торысы» мәре сызығын бірінші болып кесті.

Дала ойындары одан әрмен боз кілем үстіндегі балуандардың белдесуімен жалғасты. «Өгіз балуан» және «Түйе балуан» аталымдары бойынша белдесуге он төрт балуан ниет білдірді. Нәтижесінде жауырыны жер иіскемеген Баймырза Меңдешов екі аталым бойынша да жеңімпаз  атанды.

Салмағы сексен келі тартатын қойды көтеруден бәсекеге түскен жігіттердің арасында Қуанғали Жанқуатұлы (31 мәрте) бәрінен басым түсті және гір тасы спорты бойынша да ешкімге дес бермеді.

Айта кетейік, Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысымен 1928 жылы 17 қаңтарда Орал округі құрылған болатын. Округ құрамына 15 аудан енді. Қазақ хандығының соңғы ізі қалған Бөкей уезі Орда ауданы болып, соның құрамына кіріпті. Биыл еліміздің көптеген өңірінде 1928 жылы әкімшілік аумақтарына  өзгеріс енгізіліп, нақтылануына байланысты аудандардың құрылу тарихын атап өтті. Осы атаулы датамен алғанда, Орда ауданының құрылғанына биыл – 90 жыл. Еділ мен Жайықтың арасында орналасқан Бөкей ордасы мерейтойын осылай сән-салтанатпен тойлады.

Каримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы

Игорь ЧЕВИЛЕНКО,

РФ Астрахан облысы Ахтуба қаласы әкімшілігі басшысының орынбасары:

– Ауданның мерейтойын тойлау деген өте жақсы үрдіс деп есептеймін. Өйткені осындай ауқымды шараларда жұртшылық туған өлке тарихынан мол мағлұмат алады. Меценаттардың жұмысы екшеленіп, даңқы асады және көршілес аудандармен байланысы одан әрі нығая түседі. Шекаралас орналасқан Ахтуба мен Бөкей ордасы аудандарының арасындағы экономикалық, мәдени, спорттық, яғни достық қарым-қатынасымыз үзіліп көрген емес. Қазақтардың қонақжайлығына қашанда риза болып жүремін. Бөкейордалықтарды  мерекемен  құттықтаймын!

Валерий  СМИРНОВ,

РФ  Волгоград  облысы Палласов  қаласының мэрі:

– Делегациямыздың құрамында Лиман ауылдық  округінің басшысы және «Самал» атты қазақ ұлттық бірлестігінің төрағасы Жарасхан Жолмұқанов, Палласов ауданы  думасының депутаты, «Кумыск» шипажайының басшысы Николай Ниеталиев келді. Жарасқан ағамыз қазақ бауырларымыздың ұлттық құндылықтарын насихаттап жүрсе, Николай Құрмашұлы да қазақтың ұлттық сусынына айналған қымыздың емдік қасиетін кең көлемде таратып жүрген азамат. Ал өзім болсам, көршілес Жәнібек ауылының тумасы боламын. Кіші Отаныма барғанымда ондағы әлеуметтік тұрғыдағы өзгерістерге риза болып, қуанып жүремін. Бұл ауданның дамуы да қуантарлық жайт. Халықтың әл-ауқатының өсуі – елдің экономикасы көтерілгендігінің көрінісі.

Біздің аймақта ұсақ малды өсіру қолға алынып жатса, сіздердің ауданда мүйізді ірі қараны көбейтуге ден қойылған екен. Сайып келгенде, екі ел де ауыл шаруашылығын дамытып, тұрғындарға қолдау білдіруде. Осы ісіміз  алға  басып,  елдеріміз  өркендей  берсін.


Арманы көп-ті Аронның

Күні: , 1 571 рет оқылды

Астанада жүргенде артымыздан «Арон дүниеден өтті» деген суық хабар жетіп, арқамызға аяздай батып, қабырғамызды қайыстырып жібергендей болды.

Күні кеше арамызда жарқылдап жүрген Аронның, Арон Кәукешевтің таң әлетінде мәңгі оралмас сапарға аттанып кете баратынын кім білген!? Ол бәріне үлгеруге асықты. Өзінің шаруашылығындағы қат-қабат шаруа былай тұрсын, ағайын-туған, құда-жегжат, дос-жаранның бірінің де көңілін қалдырғысы келмей, той-думанның ортасында жүрді. Соңғы кезде жүрегінің сыр бергенін де көп ешкімге сездірмеген секілді. Әйтеуір, жол апаты арыстай азаматты алып кетті.

Оның небәрі 51 жас ғұмыры жерлестерінің көз алдында өтті. Бөкей ордасының Бисен ауылында туып-өсіп, осындағы мектептен түлеп ұшқан Арон еңбек жолын сол алтын ұядан бастады. Кейін аудандық ішкі істер бөлімінің ауылдық учаскелік инспекторы, кеңшардың спорт саласы бойынша әдіскері қызметтерін де атқарды. 1996 жылы кеңшар тараған мезгілде абдырап қалмай, кәсіпкерлікке бет бұрды. Табанынан тозып, тірнектеп мал жинады, техника, жер алды.

Тынбай еңбектене жүріп, 2004 жылы «А. Каукешев» шаруа қожалығын құрды. Төрт түлікті жай өсіріп қана қоймай, мал тұқымын асылдандыру, бордақылау жұмыстарына ден қойды. Сөйтіп, он жылда қожалығын қазақтың ақбас тұқымды сиырын өсіретін ірі шаруашылыққа айналдырды.

Аронның бір ерекшелігі, қарауындағы жұмысшылардың тілін тауып, жұмсай білетін. Қолынан келгенше, қарайласып, еңбекақысы өз алдына, қажет болса, қарыз беруге даяр тұратын. Сондықтан шығар, малшы, механизаторлар шын көңілмен, беріліп жұмыс жасайтын.

Өз шаруашылығымен шектелмей, Бисен ауылын қайтсем гүлдендірсем, мәртебесін қайтып биіктетсем деп жүретін. 1967 жылғы құрдастарымен бірлесіп, біраз істің басын қайырды да. Бисен, Жиекқұм ауылдарындағы ауыз су нысандарын сенімгерлік басқаруға алып, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етті. Аудандағы мұқтаж  жандарға қолұшын созып, демеушілік жасап, ауылдастарына мал азығын арзан бағамен, аз қамтылған отбасыларға тегін беріп келді.

Ауыл шаруашылығын дамытудағы еңбегі Үкімет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан бағаланбай қалған жоқ. 2016 жылы бизнестегі әлеуметтік жауапкершілік бойынша өткізілген республикалық «Парыз» байқауында лауреат атанды. Дәл сол жылы, тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Ерен еңбегі үшін» медалін де өңіріне тақты.

Жақынды бауырына тартып, алысты жақын еткен көпшіл жан талай адаммен араласты. Бәрін қамқор көңілмен қамтығысы келді. Арманы көп еді, көлденең келген ажал үлгертпеді. Мың басқа арналған бордақылау алаңы бітежақ еді, басқа да атқара алмай кеткен жұмыстары қаншама!

Аронның қарасына мың шақты адамның келуінің өзі, шаңырағына ағылған жанның одан кейін де үзілмеуі оның қаншалықты бедел жинағанын көрсетеді. Ел азаматтары қайғырып көңіл айтса, құрдастары атынан Елубай Насыров:

«Болмысы бөлек азамат едің,

Кескекті ердің сойындай.

Ел жүгін артқан қазанат едің,

Тұғырың биік бойыңдай…» деп егіле өлең оқыды.

Бұдан бір жыл бұрын біз де:

Еленіп ерен еңбегің,

Қияға құлаш сермедің.

Елуің келіп еңселі,

Шығатын кезің төрге бұл!

Аяма елден барыңды,

Танысын әлем нар ұлды.

Өзіңдей жандар көбейсін

Толтырар малға Нарынды!

Ақсақалдардан бата алсаң,

Арайлап, күнде атар таң.

Азамат ерге жарасар

Атымтай жомарт атансаң.

Ақындар жырды толғатсын,

Басыңа бақыт орнап шын.

Арқырап шықса

Арғымақ,

Жарқырап алда жол жатсын!

Шындығын айтсақ, таза, нақ,

Алысқа шабар қазанат.

Елімде менің көп болсын

Арондай алғыр азамат! – деп тілек айтып едік. Бір жыл өтер-өтпесте осылайша жоқтап отырамыз деп кім ойлаған. Артында көзінің жасы құрғамай, әкесі Сатыбалды, аңырап жан жары Фарида мен бауырлары, Ерқанаты мен келіні Мөлдір, қос қарлығашы Гүлім мен Айнамкөзі қалды.

Енді әке ісін Ерқанаты жалғастырмақшы. Сірә, оның есімін тегін қоймаған шығар. Ердің қанаты, елдің панасы болсын деген шығар. Алматы ғана емес, шет ел асып, білім алып келген алғыр жас істі жаңаша ұйымдастыратын болар, бәлкім. Сонда, бәлкім, Аронның да жете алмай кеткен арманы орындалар.

Ғайсағали  СЕЙТАҚ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Кеше салынғанды бүгін бүлдірді

Күні: , 88 рет оқылды

Бұл көзге қораш суреттер өзге емес, өзіміздің Сайқын ауылында түсірілген.  Ортасынан қақ бөлінген әткеншектер, торы жыртылып, тесілген футбол қақпасы, бір жағына қисайып, сынуға шақ қалған айналмалы темір есік…

Балалар үшін әдейілеп орнатылған дүниелерге тұрғындардың салғырт қарауы арқаға аяздай батады. «Бұған кім кінәлі, неге мұндай тәртіпсіздікке барды?» деп бас қатырсақ та, ел игілігі үшін жасалған дүниені бүлдірушілер істеген істері үшін сан соғып өкінбес те. Өйткені өзінің жекесі емес, қоғамдық мүлікті қирату – ақылы таяз адамның ғана ісі.

Сәкен Сейфуллин көшесіндегі футбол алаңының (бисендік жеке кәсіпкер Ермек Меңдешевтің тартуы) пайдалануға берілгендігіне көп бола қойған жоқ. Әу бастан «Балаларымыз доп тепсін, шынықсын, шымыр болсын» деген ниетпен тұрғызылған нысанның қазіргі кейпі аянышты. Қақпаның торы ортасынан тесіліп, үңірейіп қалыпты. Аяқдопшылардың жойқын соққысынан қақпаның торы жыртылды  деуге  тағы  келмейді…

Ал балалар алаңындағы (оралдық жерлес кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың сыйы-тұғын) әткеншектерді (суреттегі) сындырған кім? Бар-жоғы екі айдың ішінде «әлдекімдер» сәбилер асыр сала ойнап жүрген құрылғыларды ортасынан қақ бөліп, тіпті есікті де жұлып алып, беттері бүлк етпестен, сол маңға тастай салыпты.

Ол ол ма, жұрт аяғы саябырсып, қараңғы таянған уақытта кей «жастарымыз» осында келіп, сыра ішетіндігін де білдік. Балалар алаңына келіп, ішімдік ішкенің қай сасқаның?.. Бұндай тәртіпсіздік шетелде орын алса, бұзақы баяғыда-ақ тиісті  жазасын  алған  болар еді.

Иә, сөзбен түзеп, көзбен тәрбиелеген халық едік… Әр ата-ана ұл-қызын ойын алаңдарын ұқыпты ұстауға, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінуге үйретсе игі. Салмақтарының ауыр екеніне қарамастан, әткеншектерге жайғасып алатын үлкендер қауымы да айналаға қамқорлықпен  қарауды  естен  шығармаса  екен.

Арайлым  ӘЖІҒАЛИЕВА,

Сайқын  ауылы,

Бөкей  ордасы  ауданы


«Әуелеп өткен саз ғұмыр»

Күні: , 36 рет оқылды

Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылдық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Халық әртісі, күйші-композитор жерлесіміз Тұяқберді Шәмеловті еске алуға арналған «Әуелеп өткен саз ғұмыр» атты кеш өтті.

Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның ұйымдастыруымен өткен мәдени шарада Дәулеткерей атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі күйші-композитордың туындыларын орындады. Сондай-ақ  Тұяқберді Шәмеловтің елге танымал әндерін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Хатимолла Бердіғалиев, Қырымгерей Қажымов, Жаңылсын Хасанова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Еркін Өтегенов, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Айбар Хайырханов нақышына келтіре шырқады. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ермек Қазиев бастаған домбырашылар да кештің көркін қыздыра, күмбірлете күй тартты.

Кеш барысында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева сөз алып, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Қажғалиевке аудан әкімі Нұрлан Рахымжановтың алғысхаты мен ықылас гүлін табыстады.  Содан соң С. Сағырбаев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Шыңғыс Ромашев «Тұяқбердіге» атты арнау өлеңін оқыды.

— Тұяқбердіні Алматының П. Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқыған кезінен бастап білемін. Кейін Құрманғазы оркестріне келіп жұмыс істеді. Тұяқтың өнерде  жасаған нақты да сәтті қадамдары менің көз алдымда өтті. Мысалы, Құрманғазы атындағы домбырашылар конкурсы алғаш өткенде Тұяқберді Қажыгерейұлы лауреат атанған еді. Қазылар алқасында болған марқұм Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Рүстем Омаров секілді танымал ағаларымыз оның өнерін үздік деп бағалады. Жалпы, байқауға дейін де Тұяқтың жақсы әндер шығарып жүргенін естігенбіз. «Сол бір жылғы тырналар», «Алғашқы махаббат» әндері ең алғаш жазылғандары болатын. Күйлері де бар.

Тұяқ өмірден ерте кетті. Өзі бір сезімтал, көңілі жас баладай ашық-жарқын, досқа мейірімді, үлкендерді «ағалап», құрдастарын, інілерін сыйлап, әсіресе, батыстан шыққан домбырашыларды өз тобына  алып, үйретті. Оны домбыра нүктесін нақты шегелеп, дайындап кетті десем, артық айтқаным емес. Сол домбырашылар қазір ізін жалғастырып келеді. Көңілімізде, жүрегімізде, көз алдымызда Тұяқтың жарқын бейнесі, ақ көңіл азаматтығы мәңгі сақталады, — деді Дәулеткерей атындағы қазақ  ұлт аспаптар оркестрінің дирижері Қырымгерей Қажымов.

Айша  ҚҰРМАШ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Күн сәулесін кәдеге жаратқан қожалық

Күні: , 150 рет оқылды

Бисен ауылдық округінде ағайынды  жігіттердің бірлігінің нәтижесінде берекесін еселеп, абысын-ажындардың ынтымағының арқасында ырыс-ырыздығын молайтып отырған  «Нұртілеу» деген шаруа қожалығы бар.

Өткен айда Бөкей ордасы ауданында іссапарда жүргенде «Нұртілеуге» арнайы ат басын бұрғанбыз. Сол кезде шаруашылық аумағынан жеңіл көлігі бар, жүк көлігі бар, тракторы бар біраз техниканың тізіліп тұрғанын байқадық. Шаруашылық тізгінін ұстап отырған Нариман Ахатаровтың айтуынша,  «Нұртілеу» бүгіндері 300-ден астам қой, 20 бас жылқы және біраз бас ірі қара өсіруде.  Мал басын құр көбейтіп қана қоймай, түлік атаулыны асылдандыру да ағайынды Ахатаровтар үшін күн тәртібінен түспейтін өте маңызды мәселе. Ең бастысы, ағайынды үш жігіттің отбасы сүттей ұйып, шаруаларын шалқытып отыр. Осы қожалықтың тілеуін тілеп отырған ағайындылардың басын құраған Нариман шаруа қамына берік, тірлігіне мығым азамат екен. Шаруаға мығымдығының бір дәлелі, қимен от жақпайды, қожалық басындағы баспанаға газ құбырын тартып алған. Бұған қоса «Нұртілеу» — облыс орталығынан 600 шақырым қашық Бөкей ордасы ауданындағы электр қуатының игілігін көріп отырған бірден-бір қожалық. Ауылдан әудемжерде оңаша тұрған үйге күн сәулесінен қуат алатын құрылғыны да орнатып алыпты.  Малды ұңғыма арқылы тартылған су  көзінен  суғарады.

– Қолымызда техника жеткілікті. Үкіметтің демеуқаржылық (субсидия)  көмегімен шөп буатын құрылғы сатып алғаныма бір жыл болды. Шаруаны ағайынды отбасылар болып дөңгелетіп отырмыз. Сабақтан бос, әсіресе, жазғы каникул кезінде бала-шағамыз да қолғабыс. Науқандық жұмыстар қызған шақта ауылдастарымызды еңбекке тартып, олардың да табыс табуына жағдай жасаймыз.

Бүгіндері алты ай қысқа мал азығын қамдаудамыз, – дейді  Ғазиздің  Нариманы.

«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, «Нұртілеу» шаруа қожалығының басшысы Н. Ахатаров өз қаржысы есебінен 2018 жылдың екінші жартысына Бисен округін мекендеген 20 отбасын «Орал өңірі» газетіне жаздырып, ауылдастарын рухани игілікпен қамтуды  да  ұмытпады.

Нұркен ҒАППАР,

Бөкей ордасы ауданы


Өн бойынан өлең жолы өрілген

Күні: , 137 рет оқылды

Мен көктен түскенім жоқ,

Жерден өрдім.

Жасымнан періште емес, пендеге ердім,

Баяулап күндерім де барады өтіп,

Ай аунап,

Жұлдыз күліп,

Дөңгелер күн, – деп жырлаған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т. Айбергенов, С. Бердіқұлов атындағы сыйлықтардың лауреаты, Бөкей ордасы ауданының құрметті азаматы, ақын Ғайса-Ғали Сейтақ асқаралы алпыс жасқа толды. Туған жердің туын биікке көтерген ағамыздың мерейжасына арналып, кіндік қаны тамған Хан ордасы ауылында «Өмірім – өлеңім» атты әдеби сазды кеш оздырылды. Онда аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын құттықтап, иығына шапан жауып, сый-сияпатын ұсынды.

Ажарынан арайланған ай сәні,

Аға жаста Жайығымның жайсаңы.

Ақындықтың антына адал ұл деп біл,

Жырға біткен Пайғамбардай Ғайсаны.

Жүрегінде өр жыры мен ел мұңы,

Тұлпар талант кеппей шапқан терлігі.

Шашасына шаң жұқтырмас шалқұйрық,

Бойында жоқ Тайбурылдың кемдігі.

Хан орданың қасиеті ойнап қанында,

Нар мінез ер  кіндік кескен Нарында.

Тектілердің тұяғындай кескіні,

Патша қыздан таңдап сүйген жарын да.

Бақ боп қонып бабасының батасы,

Салтына енген сұлтандықтың сапасы.

Өнегесі ұрпағына ұласқан,

Ұл-қызға әке, немеренің атасы.

Өлеңінен есетұғын ерлі күн,

Пір санаған Махамбеттің ерлігін.

Сертке берік серісі елдің танылған,

Тірі ескерткіш боп танылдың сен бүгін.

Өн бойынан өлең өрті өріліп,

Аруларға падишадай көрініп.

Екі отызың шабыт кұйсын жаныңа,

Қаламыңнан жыр нөсері төгіліп.

Ақын жырын арнап жүрген халқы үшін,

Жақсы ақынсың, Жайықтағы жалқысың,

Жасын жырды жарқылдатып жасай бер,

Құтты болсын, жаңа толған алпысың! – деп сырымдық ақын Махмет Қажиахметовтың Ғайса-Ғали ақынға арнауында айтылғандай, аға жасына келген ағаның әдеби кешінің шымылдығы «Шілдеде біз туғанбыз…» туындысымен түрілді.

Ақын өмірінен сыр шерткен фильмде де «Жақыным менің – жалпақ ел» деп жырлаған Ғайса-Ғали ағамыздың түрлі жыр додаларында талай тұлпарларды шаң қаптырғаны айтылып, өңіріне Ғұ-мар Қараш төсбелгісін таққандығы сөз болды. Жүргізуші Назымгүл Оразгелдиева «Жайық Пресс» медиахолдингі директорының орынбасары, “Қазақпарат” халықаралық агенттігінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі, екі ұл мен бір қыздың әкесі һәм мерейтой иесі Ғайсақаңа: «Өнерде ізіңізден ерген ұрпағыңыз бар ма?» – деп сауал тастағанда ол: «Немереден үміттіміз», – деді. Кіндігі Нарынның топырағында кесілген тұңғыш немересі Нарұл атасының визиткасына айналған «Нарынның нар ұлдары» өлеңін нақышына келтіре оқып берді. Кеш барысында жас толқын Альфия Төлегенова, Аружан Нұржанқызы мен Айдос Қадірәлі де ақын жырларын жатқа айтса, Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған (сазы Еркін Нұрымбетовтікі) «Асқақтай бер, Астана!» әнін Эльдар Құдабаев қалықтатты.

Ақын әр туындысымен жүрек лүпілін жеткізіп, ішкі жан дүниесін айқара ашады. Ал «Төртінші бала» өлеңінің мәнісін Ғ. Сейтақ әріптесінің перзентіне арналған еді деп түсіндірді. Оның қаламынан туған шығармалардың дені тарихи тұлғаларға, қасиетті орындарға, әсіресе, өзіміздің өңірдің елеулі оқиғаларына арналған. Мәселен, «Бөкей ханның бейіті», «Жәңгір ханның жазуы», «Сексен сарбаз», тіпті, жерлес Нұрғаным Байсейітованың үйінде ілулі тұрған Орданың жусаны да оның «Орданың бір түп жусаны» өлеңіне арқау болған. Өңіріміздің өткені мен бүгінгісін бір туындының ішіне сыйдырған «Павел патшаның соңғы күні»,

«Егер Бөкей көшпесе…» шығармаларында өлкеміздің тағдыры шешілген сәтті дөп басып суреттеген. Оның патриоттық рухтағы өлеңдері де  көп-ақ.

Кеш барысында сөз алған Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, ақын Аманкелді Шахин қарағайлары көкпен таласқан қасиетті топырақта дүниеге келген әріптес досын туған күнімен құттықтап, «Құдіре-тің құм Нарын» толғауын оқыды.

«Сәлемін көп достардың алып келдім,

Шалқытып әсем әнді салып келдім.

Кездескен мерейтойда ағайынға,

Алдымен ізетпенен сәлем бердім.

Орғыған Байғалиннің елігі едім,

Сағынып алдыңызға келіп едім.

Бүгінде немереге әже болдым,

Ақ маңдай Ақжайықтың келіні едім…» – деп қара домбырамен термелеткен ақын ағаның құрбысы Тілектес Байқадам жұбайы, хирург Хамит Ералиннің ыстық тілегін жырмен жеткізгендей болды. «Өксіген өз елінде ана тілдің жалауын желбіретер уақыт келді» деп те жар салды қадірменді мейман. Иә, елдік мәселені көтерген досының үніне үн қосқан мерейжас иесі Тәуелсіздік туын көтеруге шақырған «Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін» өлеңін оқыды. Сонымен қатар алдағы уақытта жарық көретін «Қасиет қонған қара жер» атты жаңа жинағына енетін бірнеше туындыларымен де  таныстырды.

«Батыста шекараны қорғап тұрған батырдың ұрпақтары барсыңдар ма?» деп ел-жұртының есендігін сұрай сөзін сабақтаған ақын қызымыз Жансая Мусина мен оның қарсыласы, тумысы саралжындық айтыскер Талғат Мықи да қалжыңдаса айтысып, өнердегі һәм өлеңдегі ағаларына шалтты да шабытты ғұмыр тіледі. Өз кезегінде көршілес Жәнібек ауданынан арнайы келген бисендік Назгүл Кәрімова да ақын ағасы өз өлеңімен Бөкей даласының картасын сызды десе, ордалық Рахметолла Ғұмаров сыныптастарының жылы сөзі жазылған құттықтау хат пен сый-сияпатын табыстады.

Бұл әдеби кеште Ғайса-Ғали аға ұстаздары Шолпан Жұмашева, Роза Әділәлиева, Сисен Байзонов, Әлима Қабдірахимова, Рәзия Жаманғарина, сынып жетекшісі Қалқаман Хайретдинов және өлеңдегі ұстазы, ұялылық арқалы ақын марқұм Жанғали Набиуллиндердің есімдерін аса құрметпен ауызға алды. Және елеген еліне, қадірлеген жұртына, ұйымдастырушыларға, округ кіреберісінен құшақ жая қарсы алған ауданның атқамінерлеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылығы мен өмір жолынан сыр шертетін көрме жасақтаған Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне қазақтың Қадыры (Мырза Әли) мен Жанғалиі ұстаған қасиетті қалам мен өзі тұтынған өзге де дүниелерді тарту етті.

Ғабит Мүсірепов: «Ақын орны – қаламы қандай биікке көтеріп шығарса, сол жерде» деген екен. Ендеше, Ғайса ағамыздың қаламы оны алда да биік шыңдарға жетелей берсін дейміз.

Раушан  БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы  ауданы


Жиһаз жасаушы Жанар

Күні: , 520 рет оқылды

Қыз-келіншектерді табиғатынан ине-жіп сабақтап, кесте төгуге, дастарқан қамдап, үй-жайды мұнтаздай ғып ұстауға бейім деп қабылдаймыз. Ал Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылында тұратын Жанар Садарова – жиһаз цехының қожайыны. Ол қарауындағы қолы іске епті ауылдастарын жиһаз жасауға  жұмылдырып қана қоймайды, екі білегін сыбанып, өзі ағаштан түйін түйеді. Бала күнінен қолөнерге бейім Жанар есейе келе, іскерлік қарым-қабілетін де жетілдірді. «Багира» кафесін ашып, кәсіпке бет бұрды. Бірақ ең басты қуанышы – былтыр 1454 мың теңге мемлекеттік грант қаржысына ие болғаны.

Осы қаржыға кафе ғимаратын жиһаз цехына лайықтап, сүйікті ісімен айналысуға мүмкіндік туды. Жаңа жабдықтармен қатар, тақтай бедеріне ою-өрнекті компьютерлік сызбамен түсіретін фрезерлік станок сатып алды.

– Қажетті шикізатты Оралдан және біздің ауданмен шекаралас Ресейдің көршілес облыстарынан алдыртамын. Тұрғындардан жиһаз жасауға тапсырыс көп түседі. Біздің тауарымыздың құны қаладағыдан арзан. Тапсырыс берушілер интернеттен қарап, үлгісін ұсынады. Соған байланысты ас үй жабдықтарын, тұрмыстық бұйымдар қоюға арналған сөре мен шкаф, орындық, үстел, кереует жасаймыз. Үйлеріне барып, құрастырылатын және қабырғаға ілінетін жиһаздарды да жинап-орнатып береміз, – дейді Жанар Бисенбайқызы.

Садаровтар отбасы қол еңбегімен ауданға кеңінен танымал. Бірі ағаш шебері, бірі темір ұстасы болып еңбек ететін ағалары қарындасына жан-жақты қолдау көрсетіп, жобаның қанат қағуына демеу болған. Жиһаз жасауға әбден төселген Жанардың қимылы ширақ, өзіне сенімді. Үш адамды жұмыспен қамтып отырған іскер келіншек алдағы уақытта цехын кеңейтуді  көздеп  жүр.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы


Он отбасының ортақ қуанышы

Күні: , 35 рет оқылды

Осыдан  бірер  күн  бұрын Бөкей  ордасы  ауданының орталығында  тұратын  он  отбасы  жаңа  баспаналы  болды.  Олар қоныс аударған  екі пәтерлі  бес  үй «Нұрлы  жер»  бағдарламасы  бойынша  бөлінген  107  миллион  теңгеге  салынды.

– Бұл үйлер  – Астана қаласының 20 жылдығына орай ауылдастарға тарту. Осы   су жаңа баспаналарға мемлекеттік қызметшілер мен әлеуметтік тұрғыдан  қолдауды қажетсінетін отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз  өскен жастар қоныстануда. Жақында ауданымызға келіп кеткен облыс әкімі Алтай Көлгінов баспананың көбеюіне қаржылай қолдау болатынын айтты. Биыл екі  пәтерлі 16 үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Одан кейін екі пәтерлі 26 үйді салу жоспарлануда. Ауданда бұдан басқа елді мекендерді абаттандыру, су және газ құбырын тарту мәселелері шешімін табуда, – деген аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов қуаныш құшағындағы тұрғындарға  жаңа үйлерінің  кілтін  табыс  етті.

Аудан орталығы Сайқын ауылындағы С. Сейфуллин көшесінің бойында құрылысы жүріп жатқан баспаналар тұсында жаңа футбол алаңы салынуда. Бұл нысан үшін «Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында 7 млн. 800 мың теңгеден астам қаражат бөлінген. Алаңға жасанды көгал төселіп, сым тормен қоршалады. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде Нарын құмы ата-бабасына құтты қоныс болған, өзінің бал  дәурен балалық шағы Бөкей ордасы ауданында өткен, біраз жылдан бері Орал қаласында тұратын Қуаныш Бірманов ауылдастарына демеушілік жасауды ұйғарған екен. Ел-жұртқа танымал азамат Нұрлыбек Бірмановтың тұңғыш перзенті Қуаныш бауырымыз 1,5 млн. теңге жеке қаражатына балалардың ойын алаңын әр түрлі әткеншектерге қоса, турник, белтемір (брусья) сықылды спорттық керек-жарақпен жабдықтап  бермек.

– Ауылдық округті абаттандыру, шырша егіп, гүлзар жасақтау, көгалдандыру жұмысына бюджеттен биыл 1 миллион теңге бөлінді. Ауданның бас жоспарына сәйкес болашақта Сайқын ауылының жаңа баспаналар салынып жатқан бетінде сауда нысаны және көп қабатты үйлер бой көтермек, – деді Сайқын ауылының әкімі Мейрамбек Аққалиев.

Бөкей ордасы аудандық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Қобылан Жанғалиевтің айтуынша, бүгінге дейін мемлекеттік бағдарламалар негізінде 23 пәтер пайдалануға берілген. Сондай-ақ жер кезегінде тұрғандар үшін биыл 34 учаскеге инженерлік-коммуникациялық  желілер  тартылмақ.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы

Айзада  ТІЛЕПОВА,

Бөкей  ордасы  аудандық  балалар  саз  мектебі   директорының  орынбасары:

– «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында баспананың берілуі – біз үшін мереке. Жаңа қонысқа ие болғандардың шаңырағына шаттық, бақ-береке тілеймін. Осындай игі іске ұйытқы болған ат үстіндегі азаматтарға және қуанышымызды бөлісіп жатқан  ауылдастарға  алғыс  айтамын.

Берік  БИСЕНҒАЛИЕВ,

Сайқын  ауылының   тұрғыны:

– Осыдан он жыл бұрын ағам өмірден  озып,  сол  себепті  оның қызы Нұрбикені қамқорлығыма алып едім. Нұрбике – бүгінде М. Өтемісов атындағы университеттің 1-курс студенті. Ол мемлекеттік бағдарлама негізінде баспаналы болғанын естігенде, Оралда жүріп қатты қуанды. Бүгін үйдің  кілті менің қолыма тиді. Жазғы демалысқа шығып, ауылға келгенде енді  қарындасымды  жаңа қоныста қар сы аламыз.


Жамантаудың материалы жол салуға жараса екен

Күні: , 665 рет оқылды

«Ауданымызға облыс әкімінің өзі келіп, Елбасы тапсырмасымен қолға алынып жатқан қатқыл табанды жол салу, құрылыс, тағы басқа жайлармен танысып, Жамантауға да барады екен» дегенді естіген сайқындық ақсақалдар кеңес дәуірінен бергі сеңді жібітіп, облыс орталығына дейін асфальт жол төсеу ісін бастатқандары үшін Мемлекет, облыс басшыларына деген ризашылықтарын жеткізбекке аудан орталығының шығыс жақ бетінде жаңадан бой түзей бастаған көшенің тұсына жиналды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған ат үстіндегі азаматтардың Бөкей ордасындағы жұмысы осы жерден бастау алды.

Жиналғандармен емен-жарқын сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасқаннан кейін Алтай Сейдірұлы Мемлекет басшысының облысымызға биылғы сапары өңіріміздің дамуына тың серпін бергеніне тоқталып, Бөкей ордасының тарихына, Жәңгір ханның Нарын құмды ну орманға айналдыру бағытындағы игі істеріне қысқаша шолу жасады. Жетілу, даму өмір заңы екенін, Елбасымыздың Қазақстанды әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосу жоспарын, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» қайыра еске салып:

«Жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдаланып, еліміздің өркендеуіне үлес қосу әр қазақстандықтың міндеті», – деді облыс әкімі. Тапсырмаға орай шағын кәсіпкерлік иелерін несиелендіруге биыл былтырғыдан екі есе көп қосымша қаржы, жоғары оқу орындарына түсушілерге 20 мың грант бөлінгенін, студенттерге арналып 7 жатақхана салынатынын айтты. Содан кейінгі әңгіме жол жайына  ауысты.

Бөкейлік зейнеткерлер бұл бағытта ауылдың үлкен-кішісінің қуанышын жамырай жеткізіп, Елбасына, облыс, аудан басшыларына шексіз алғыс жаудырды. Ауыл қарияларының бірі Ноқаш Қадымов ҚР ИДМ  Автомобиль жолдары комитеті мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-дан келгендерге айтқанын облыс әкіміне де жеткізді, яғни аудан орталығы көшелерін асфальттауды да осы жобаға қосқан жөн.

Сайқын ауылының бес көшесін асфальттауға оралдық бір жол мекемесі келіскенін естігенде: «Біздің көше ілігер ме екен?» – деп әзіл-шыны аралас аудан әкіміне қарады ол.

Ал зейнеткер Елдос Кенжеғалиев жол елдің күре тамыры екенін, ол жақсарса, бізге туристермен қатар инвесторлардың да келуі көбейетінін, сондықтан  оның сапасына баса назар аудару, кейінгі ұрпаққа мұра болатындай ету  қажеттігін  тілге  тиек  етті.

– Елбасымыз Ордаға екі рет келді. Биыл жол құрылысына жоба жасалып, оның басталуы мен қарқын алуы күзгі салқынға ілігер. Сондықтан келер жылы Нұрсұлтан Әбішұлын шақырып, ілтипат, құрметімізді білдірсек, – деген ұсыныс тастады ауданның құрметті азаматы Чарльз Қойшыбаев. Сондай-ақ ол Елбасына аудан ардагерлері атынан хат жолдағанын жеткізді.

Облыс әкімі мен жиналғандар-ды ауданымыздағы атқарылған, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов елді мекендерге ауыз су, газ құбырларын жеткізу жайларын картадан көрсете баяндап, Алтай Сейдірұлы қойған сұрақ-тарға тиісінше жауап та қайтарды. Облыс әкімі кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры Бибігүл Жұмағұлова бастаған бір топ кәсіпкермен кездесуге де уақыт тауып, жағдайларын сұрап білді. Шағын бизнестің өркен жаюына ұйытқы болуларын сұрады. Қолдан келген көмек көрсетілетінін баяндады.

Президент үндеген бес әлеуметтік бастаманың үшіншісі – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. Бұл қалаға қатысты жайт болса, ауылдарда да мектептер мен мектеп жанындағы интернаттардың, балабақшалардың көркін келістіріп, жайлылығын көтеру назардан тыс қалып жатқан жоқ. Соның бір айғағы – Сайқында салынып жатқан жаңа үлгідегі жатақхана құрылысы. Екі орта мектепке ортақ бұл интернаттағы оқушылардың ескі ғимараттың тар бөлмелерінде тығылысып жүргенін ауданымызға алғаш келгенде байқаған Алтай Сейдірұлы білім мен қаржы басындағыларға тәртіп беріп, жоспарға енгізуді шұғыл тапсырған-ды. Өткен жылдың қыркүйек айында басталған құрылыс қарқыны қыста да баяулаған емес. Бұйырса, биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға берілмек. Облыс әкімі бұл нысанды да аралап көріп, құрылысшыларға табыс тіледі.

Сайқын ауылына осылайша азмұз аялдаған қонақтар одан кейін бірден Жамантауды бетке алды.

Жолай шаруасын дөңгелентіп отырған сексенге аяқ артқан қадірменді қария Иран Дәуле-новтың «Талап» қожалығына аялдады. Өз кезегінде еңбек етемін деген адамға қазіргі күні барлық мүмкіндік туғызылып жатқандығын баяндаған шаруақор азамат негізінен ірі қара мен жылқы өсіруге бағыт ұстағандығын айтты. Жаңадан тағы бір қысқы орын әзірлеп, өрісін кеңейтуді де жоспарлап қойыпты. «Қандай бұйымтайыңыз бар?» деген облыс басшысының сауалына әзірше еш нәрсеге мұқтаждық жоқтығын жеткізді.

Бөкей ордасы ауданына сапары барысында облыс әкімі Алтай Көлгінов қиыршық тас (шебень) мен шағыл тас (гравий) қоры бар Жамантауға да арнайы ат басын бұрды. Бұл кеніште бүгіндері «БекетСадЖол» ЖШС жаңағы қос құрылыс материалына зерттеу жүргізуде. Мұндай жұмыстарды атқару үшін аталмыш мекеме БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынан лицензия алған. Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжановтың сөзіне қарағанда, Жамантаудағы қиыршық тас пен шағыл тастың күні бүгінгі болжаулы қорының өзі 3 млн. текше метрді құрайтын көрінеді. Күн ілгері дерекке қарағанда, жамантаулық қиыршық тастың құрамы осы материалдың  «М-800» түріне келеді деседі. Мұның өзі асфальт жолдың табанына төсеуге жарамды деген сөз. Ал  Жамантаудың қиыршық тасын түбегейлі асфальттың құрамына қосуға келе ме, келмей ме, оны зертханалық сараптама 1-1,5 айда  анықтап  бермек.

Иә, мұндайда атам қазақ «көрінген таудың алыстығы жоқ» деуші еді ғой. Тақтайдай жолдың үстімен жүйткитін күн де жетер. Көгілдір отынды көреміз деп ойлап па едік?! Ендеше, жүйкені жұқартқан жол азабынан құтылар күн де келер.

Каримолла  ҒАЙСИН,

Бөкей  ордасы  ауданы


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика