Тег: ‘Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН’


«АҚЖАЙЫҚ» неге ерден ауды?..

Күні: , 57 рет оқылды

…Әлқисса, сонымен, біздің облыстың футболдан премьер-лига командалары арасындағы  Қазақстан  чемпионатына үкілеп қосқан «Ақжайық» атты арғымағы жоғары топтан  тағы  төмен сырғыды. Маусым бел ортасынан ауғанша, тіпті соңғы турларға шейін Жайық жанкүйерлерінің басым көпшілігінде біздің команда тап биыл ерден ауады-ау деген күдік-күмән болмағаны анық. Алайда «Ақжайық» аяқдопшыларының көмбе таянған сайын кібіртектеуі, әлсін-әлсін сүрінуі тым жиіледі. Әсіресе, өткен айдың соңында ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қауіп бұлты қоюлана түсті. Мұның ақыр аяғы чемпионат бітпей жатып, оралдық футбол клубының жоғары топпен қош айтысуына келіп тірелді. Біз мән-жайды  білмек болып, «Ақжайық» клубының басшылығына хабарласқанбыз, енді осы пікірлерге зер салып көргейсіз.

Сергей   ЗАЙЦЕВ,

«Ақжайық»  командасының бас бапкері:

– Маусымның соңына таман «Ақжайықта» деңгейі жоғары ойыншылардың тым аздығы қатты сезілді. Бұл енді батысқазақстандық футбол клубының бюджетіне тікелей тәуелді фактор. Әрине, премьер-лигаға бір ілігіп, бір шығып қалып жүргенше, ойын өрнегі тұрақты  команда  қалыптастырған жөн. Бірақ «Ақжайықтың» қазіргі  қаржылық  жағдайымен  әлгіндей команда қалыптастыру қиын болып тұр…

Артур  АВАКЯНЦ,

«Ақжайық» командасы бас бапкерінің ассистенті:

– Біз әлі биылғы чемпионаттың нәтижесіне жан-жақты талдау, түбегейлі сараптама жасай қойған жоқпыз. Әзірше айтарым, тура биыл бірінші топқа түсіп қаламыз деп ойламап едік. Өйткені, күні кешеге дейін көш соңында келе жатқан командалардан ұпай жағынан әжептәуір алда  болдық. Меніңше, бізді өзімізге деген тым сенімділік құртты.

Мейрам  САПАНОВ,

«Ақжайық»  командасының  капитаны:

– Тым жақсы келе жатыр едік… Тіпті «Астананы» «үйде», ал «Қайратты» түзде,  өз алаңында ұтып, «айды аспаннан бір-ақ шығарып», жанкүйерлерімізді ұлан-асыр қуанышқа да бөлегенбіз. Осындай керемет сәттіліктерден кейін, өз-өзімізге орынсыз тым сенімді болып кеттік-ау, шамасы…

Арнайы  заң  керек-ау,  осы…

…Жайық жанкүйерлерінің жылдар бойы көріп келе жатқаны осы. Яғни жергілікті бапкер мен жергілікті жігіттер «Ақжайықты» арқа еті арша, борбай еті борша бола жүріп, жоғары топқа алып шығады. Сосын шеттен бапкер келіп, ол аннан-мұннан қағылған-соғылған біраз легионерді жинап алып, күні кеше ғана «Ақжайық» үшін жан алып, жан беріскен жергілікті футболшылардың денін кәдеге жаратпай, шетке ысырып тастап, іске «қызу кіріскендей» түр байқатады. Сөйте  тұра,  маусымның соңында команда баяғы таз қалпына түсіп, бірінші топқа сырғып, келесі жылы жасыл алаңда жергілікті жігіттер Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасын қайтадан премьер-лигаға шығару үшін екі иықтарын жұлып жеп, жанталасып  жүреді…

Жалпы, отандық футбол шаруашылығының «ауру-сырқауы» көп. Солардың бірсыпырасын назарыңызға ұсынайық. Мәселен, «Сырт көз – көреген» дегенге сайсақ, бізге Астана мен Алматыдан, шалғай облыстардан, әсіресе, аудан-ауылдардан футбол дарындарын іздеп-іріктеу, яғни  селекциялық жұмыс атаулы жүйелі түрде сауатты жүргізілмейтіндей көрінеді. Сосын біздіңше, допты ұршықша иіруге қабілетті қазақтың қарадомалақтарына жанашырлықпен қарайтын Талғат Байсофыновтай ұлттық бапкерлер толқынын үздіксіз қалыптастырып отыру мәселесі де күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Ал бұл шаруаны ҚР Футбол федерациясы әлі күнге дейін қолға алмағандай әсер қалдырады. Неге? Кең байтақ Қазақстан бойынша аяқдопқа қатысты инфрақұрылым жүйесін күрт жақсарту керектігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Ендігі бір екпін түсіріп, астын сызып айтатын мәселе, премьер-лигадағы командаларға бас-көз жоқ легионерлерді топырлатып, олардың басынан төмен қарай ақша құюды доғару керек! Осы мәселе былтыр еліміздің ең жоғарғы заң шыға-рушы құрылымы – Парламентте әжептәуір әңгіме бола бастады да, неге екені белгісіз, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан спортында бүгіндері легионерлерге арқа сүйеу белең алып барады. Бұл керітартпа әдет, әсіресе, командалық спорт түрлері бойынша әбден кең етек жайған. Мысалы, футболдан премьер-лигадағы командаларды қараңыз, келімсектер өріп жүр. Тіпті еліміздің бес дүркін чемпионы (!) «Ақтөбе» командасының қазіргі капитаны, сербиялық легионер қорғаушы Александр Симчевич. Шайбалы хоккейден Астананың «Барысының» құрамына назар аударып көріңіз, шетелдік спортшылардан көз сүрінеді.

Егер мұны азсынсаңыз, «Астана» баскетболшыларына зер салыңыз, еуропид нәсілділерді айтпағанда, зіңгіттей-зіңгіттей зәңгі жігіттер төбеңізден төне қарап тұрады… Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, «Жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, бүгіндері күрес, ауыр атлетика сықылды командалық емес спорт түрлерінде де Қазақстан азаматтығын күні кеше қабылдап, осыдан 27 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақ елінің ұлттық құрамасына кешелі-бүгінді енген шыққан тегі шетелдік спортшылар-дың қарасы қоюланып барады… Сонда деймін-ау, қазақтың спортқа ден қойған қыз-жігіттері «қайда барып күн көреді?..». Демек, жағдай біржола ушықпай тұрғанда, меніңше, құрамына шетелдік легионерлерді көптеп қабылдауды шектейтін «Командалық спорт түрлері туралы» арнайы заң керек-ау,  осы…

ТОСЫН  ПІКІР

Газет  бетінде  өзінің  аты-жөнін  көрсетпеуді  сұраған  жанкүйердің  пікірі:

– Маған сенімді дереккөздерінен мәлім болғандай, біраз жылдан бері «Ақжайық» футбол клубы үшін қазынадан жыл сайын 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін көрінеді. Бұл көп емес. Мәселен, Қызылорданың «Қайсарының» бір жылдық бюджеті 3,5 млрд. теңге көрінеді. Көрдіңіз бе, «Қайсардың» қаржылық әлеуеті біздің командадан бірнеше есе жоғары. Сондықтан да қалталы футбол клубтары команданы өрге сүйрейтін легионерлерді өз қатарына тарта алады. Ал ақшаға байланысты «Ақжайықтың» әлгіндей мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті оған бөлінген қаржы-қаражат құмға құйған сумен тең. Оның үстіне біздің облыс орталығының өзіндегі футболға қатысты инфрақұрылым сын көтермейді. Соның кесірінен «Ақжайық» жаңа маусымға даярлықты бірнеше апталап, бір-екі айлап Түркияда пысық-тауға мәжбүр. Ал бұл дегеніңіз, қыруар ақша!

Орал қаласында балалар мен жасөспірім футболшылар, сондай-ақ жас футболшылар күн суықта жаттығатын басыбайлы жабық зал атымен жоқ.

Мекемелік спортзалдар әр түрлі мекеме-кәсіпорындардың ұжымына коммерциялық негізде бекітілген кесте бойынша жыл сайын жалға беріліп, балалар мен жастар футболы үшін еш босамайды. «Ақжайық» футбол клубы жанынан облыстың бірқатар аудандарында футбол орталықтары ашылғанымен және аудан-ауылдардағы жасөспірім дарынды футболшыларды облыс орталығына тартқанымызбен, әзірге олар емін-еркін тұратын интернат жоқ. Ағайын-туысының үйінде бірер ай жатып, қаланың әр қиырынан күн суықта тоңып-шашырап біраз уақыт жаттығуға келіп жүреді де, жағдай болмағаннан кейін барлығы дерлік қолын бір-ақ сілтейді. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірде қыс айларын айтпағанда, көктем мен күздің біраз бөлігін суық әрі жауын-шашынды күндер құрайды. Осы жағдайдың өзі-ақ сақадай-сай жаттығу базасы жоқ команда үшін ілгері басқан аяғын кері тартатын фактор. Міне, осындай елеулі факторларды елеп-екшеп келіп, өз басым екі-үш жылға «Ақ-жайық» командасын таратқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жан-күйер қауымға соттың суық үкіміндей естілері сөзсіз. Бірақ сабыр сақтап, салқын ақылға жүгінейік. Мысалға, «Ақжайық» футбол клубын екі-үш жылға тараттық делік, енді жыл сайын оған бөлінетін 900 млн. теңгеден астам қаржыны тікелей облыстың футболдық инфрақұрылымын күрт жетілдіруге жұмсайық. Екі-үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады, есесіне, футболдық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытып, сықитып аламыз.  Керемет  емес  пе?!

Бауыржан   ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал   өңірі»   


Ұялшақ махабаттың ғұмыры ұзақ

Күні: , 116 рет оқылды

(повестен үзінді)

Бирге журдик бирталай,

Ол күндерим жырғалай

Азир жоқсың жанымда сен,

Еңсеп жүрек қинады-ай…

Қырғыздың әні «Арман-ай»

…Алматының тамылжыған мизам шуақты күзгі күндерінің бірі еді. Қазақтың мемлекеттік университетіне қарасты журналистика факультетінің үшінші курсының студентіміз. Қай пән екені дәл қазір есімде жоқ, философияның, жоқ әлде саяси экономияның лекциясы ма екен, әйтеуір қос топтан құралған курстастардың қарасы мол көрінді. Бұлай болатын да жөні бар. Өйткені Политэкономия пәнінен дәріс оқитын ағай мен Философиядан дәріс оқитын апайымыз өзге оқытушыларға қарағанда тым талапшыл болғандықтан біз ол кісілердің сабағынан себепсіз қалмауға тырыратынбыз. Сондай «төрт көзіміз түгел» жиналған лекциядан үлкен үзіліске шыққан бетіміз еді. Әскерге барып келгеннен кейін оқуға түскен біздің топтың бес-алты жігіті кімнің қалтасында қанша тиын-тебен бар екендігін анықтап алып, сосын бар қаражатты бір қолға жиып, жүрек жалғамақ ниетпен буфетке беттеу үшін оқшауланған едік. Бұл жоспарымызға бізге таяна келіп, тіл қатқан екі жігіттің сөзі бөгет болды. Біреуі қой көзді, дөңгелек жүзді, мұртты, мығым денелі тапал қара да, екіншісі бұйра шашты, ашаң жүзді сіліңгір ұзын.

  • Жігіттер, үшінші курстансыңдар ма?-деді қос жігіттің мұрттысы.
  • Иә.

 —  Бізге старосталарыңыз керек еді…

— Міне, мына жігіт,-деді Мақсұт өзіміздің мұртты Қаныбекті нұсқап. Осыдан кейін бейтаныс жігіттер Қаныбектен бастап, жағалай қолымызды алып, есімдерін атап, оларға қолымызды ұсына бере біз де өз атымызды атап шықтық. Сонан соң төртпақ келген тапал қарасы сөз бастады:

— Жігіттер, жаңа айтқандай менің атым – Кеша, Керімбай. Мен де, мына Әлібек те Бішкектегі Қырғыздың мемлекеттік университетінде оқимыз. Сіздер секілді болашақ журналистерміз, біз де үшінші курстың студенттеріміз. Қазақстанға, Алматыға келген мақсатымыз, сіз бен біздің аталарымыз «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» дегендей, қазақ курстас құрбы-құрдастарымызбен достық қарым-қатынас орнату. Бізде сіздің дегідей өз тілімізде жоғары білім беретін топ екеу емес, бір-ақ топ. Мен сол топтың старостасымын,-деп зып-зып ете сөйлеп, бір тыныстады Кеша-Керімбай. Біз мұндай күтпеген  ұсынысқа жөпелдемде не айтып, не қоярымызды білмей аз-кем дағдарып қалдық. Сөйтіп ананы-мынаны айтып тұрғанда келесі сабаққа кіруге белгі беріліп, әуен ойналды. «Енді не істемек керек?..» «Ханда қырық кісінің ақылы бар» дегендей, бізді бұл тығырықтан, стартостамыз Қаныбек алып шықты.

— Кеша, Әлібек, біздің жігіттер сабаққа кіре берсін. Сендер жолдан келдіңдер ғой, қарындарың ашқан шығар. Жүріңдер, қалған әңгімені буфетке барып  жалғайық. Ал сен Қайреке, сабақтан соң курстың «ақсақалдарын» біздің бөлмеге жина, 301-топтың старостасы Біржанға айтуды ұмытпассың. Бұл саған профорг ретінде тапсырма,-деді Қаныбек сөзінің соңын маған қарата. Осылайша «жүрек жалғаймыз» деп жинаған тиын-тебеніміз Қаныбектің уысында кетіп, қонақтарға бұйыратын болды да,  біз аудиторияға беттедік…

Қос қонағымыз Алматыда бір қонып, ертеңіне күн еңкейгенше Алатаудың баурайындағы ақшаңқан қаланы аралатып, екіндідегі аутобуспен екі мейманымызды Бішкекке шығарып салдық. Алдымен келер жылғы сәуір айының үшінші сенбі-жексенбісіне қонаққа олар келетін боп келісілді. Қырғыз бауырлар бірінші боп достық ұсынғасын, «Сіздерге әуелі мейман болып өзіміз барамыз» деп өзеуреуге біз ыңғайсыздандық.

…Қонақтарымыздың келетін күні таянған сайын курстастар арасындағы абыр-сабыр көбейді. Әсіресе, курстың көшбасшылары әбігер. Үзіліс кезінде қонақтарды қалай қарсылап, қайда қыдыртатындығымыз аудиторияда айтылар әңгіменің ең басты тақырыбына айналды. Күн тәртібінде әсіресе, ақша мәселесі өте өткір тұр. Кім қандай керемет ұсыныс айтса да, ақыр аяғы қаржы-қаражатқа келіп тіреле береді. Алатын стипендиямыз сол кездегі кеңестік ақшамен 40-50 сом. Кеңес одағының мемлекет ретінде күн санап тынысы тарылып, инфляция дегенің күн өткен сайын қарқын алып, ақшаның құны қалмай барады. Бір ай бойы күткен ырыздығынан әр курстасымыз әрі кетсе 15 сом ғана бөліп берер. Одан әрі қинаудың өзі қисынсыз. Екі группаның старосталарына қоса, қос профорг пен қос комсорг* жатақханадағы бөлмелеріміздің бірінде оңаша талқылағанда «Курстастардың бәрі бірдей 10-15 сомнан бере қояр ма?» деген қауіп те айтылған-ды. Жеме-жемге келгенде әлгі күдік-күмән орынды болып шықты. Елу студенттен құралған екі топтан қызы бар, жігіті бар 12 курстасымыз қырғызстандық қонақтарды қарсылауға қаржылай қолдау көрсете алмайтындықтарын алға тартты. Олардың әрқайсысының өзіндік орынды уәжі бар екен. Бірі бөлмесіне несиеге алған теледидардың ақшасын екі айдан бері төлей алмай жүр, енді бірі денсаулығы сыр беріп, біраз дәрі-дәрмек алуға мәжбүр, тағы бірі ата-анасы пошта арқылы салған ақшаға стипендиясын үстемелеп, киім-кешегін   барынша жаңғыртып-жаңаламақ ниетте. Иә, КСРО-дай алып мемлекеттің шаңырағы шайқалып, үйреншікті қоғамдық формацияға қоса, меншіктік қатынастар күрт өзгеріп, инфляция құрық көрмеген асаудай жалынан сипатпаған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары білім қуған студент түгілі, жұмыс істейтін адамның өзіне оңай тимеді. Алайда ақшаның орайы келді әйтеуір. Курстың әскерге барып келіп, оқуға түскен 11 жігіті былтырдан бері Алматыдағы үлкенді-кішілі газет-журналдардың редакциялары мен радиотелеарналарда жарты ставкада қызмет істейтінбіз. Стипендиямыздан беретін 15 сомның үстіне жаңағы он біріміз наурыз айына қатысты жалақымыз бен қаламақымыздан және 25 сомнан ортақ қазанға қосатын болдық. Бұған қоса екі топтың екі профоргі университеттің студенттік кәсіподағының төрағасына жағдайды жазбаша баяндап, курстың ортақ мүддесі үшін 200 сом қаржылай көмек алып бердік. Осылайша қонақ күтуге жарайтындай біраз ақшаның басы құралып, курс көшбасшыларының көңілі көншігендей болды…

       Межелі күні қонақтарымыз жеті жігіт, тоғыз қыз болып, Бішкек – Алматы автобус қатынасының алғашқы рейсімен келді. Оларды үш-төрт жігіт болып қарсылап, жатақханаға әкеліп, алдын-ала қамдалған таңғы шайды бергеннен кейін екі топтың қос-қостан староста-комсоргтары бастап, меймандырымызды қыдыртуға алып кетті. Әуелі екі-үш сағаттай қала аралалап, сосын Медеуге бармақ. Ал екі  топтың екі профоргі Нұрлан екеуміз ұйымдастыру шараларына бас-көз болып іште, жатақханада қалдық. Бәрі алдын-ала ойластырылып, кімнің қандай шаруаға жауапты екендігі күн ілгері белгіленіп қойылғандықтан, ұйымшыл курсымыздың қыз-жігіттері бірі-біріне қолғабыс болып,  Нұрлан екеумізге еш салмақ салған жоқ. Қайта қыздар жағы әзілді-шынды «Қырғыз қыздар қолтықтап кетпей, бізбен қалған қос профоргіміздің қарны ашып қалмасын» деп біздің алдымызға дәм тосып, шай құюумен болды. Қайран, сол бір жыл – он екі ай бойы аспаны ашық, жаймашуақ жаздай жайдары студенттік дәрен-ай…

Қазағы бар, қырғызы бар қыдырып кеткен құрбы-құрдастарымыз кешкі сағат алтыдан кете оралды. Бәрі мәз-мәйрам, бәрі шат-шадыман. Әсіресе, конькимен алғаш рет сырғанаған қырғыз қыз-жігіттер Медеуден алған әсерлерін бірі-бірімен жарыса айтып, тауыса алар емес. Сондай керемет көңіл күймен дастархан басына жайғастық. Біздің қыздар құйған шай мен дайындаған дәм-тағам қонақтарымызға өте ұнады. Қырғыз жігіттер біздің қыздарға, біз қырғыз бойжеткендерге көз салып, әдемі әзіл, орынды қалжың айтып, әуелете ән шырқап, арамыздағы ақындарымыз өлең оқып, несін айтасың, керім бір жарасты отырыс болды. Сосын көктемнің керімсал кешінде қырғыз қыз-жігіттермен бірге жастық шақтың мәңгі жасыл жайлауы – ҚазМУ қалашығында серуендеп, көз байлана би кешін ұйымдастырдық. Ал ертеңіне Алатаудың арғы жағынан келген замандастарымызға ару қала Алматының біраз көрікті жерін аралаттық. Әсіресе, ақ шаңқан қала Алматының төріндегі 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Мәңгілік алау мен батырларға арналған ескерткіштер ансамблі қырғыз құрбы-құрдастарымызға қатты әсер етті. Бүгінгі ашық аспан, бейбіт күн  үшін мерт болған аталарымыздың ерлігін қастерлеп, олардың мәрмәрдан қашалған тұлғаларына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойдық. Сәске түс ауа КазГУ-градқа қайтып келіп, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровпен біздің университеттің бас корпусында өткен кездесуге қатыстық. Бұл жеті қат көкке самғап қайтқан батырдың ғарыштан оралғаннан кейінгі ел-жұртпен алғашқы жүздесуі еді. Дидары нұрлы, жүзі шуақты Тоқтар аға өзінің өнегелі өмір жолынан, сынақшы-ұшқыш ретінде қалыптасу кезеңінен, ғарышкерлер қатарынан қабылдануы мен ғарышқа ұшу сапарынан естеліктер айтып, студенттер қойған сұрақтарға шынайы жауап берді. Шынайылық қашан да әсерлі ғой, біз қазақтың қыранымен кездесуден қазақ-қырғызымыз бірдей ерекше қанаттанып шықтық.  Көк жүзінен оралған қаһарманмен кездесуден кейін Көктөбеге көтеріліп, Алматыны төбе басынан біраз тамашаладық. Сосын «Ауыл» ресторанынан ұлттық дәм-тағаммен ауқаттанған соң, Көктөбенің етегіндегі «Арман» кинотеатрынан қазақтың танымал режиссері Талғат Теменовтың «Махаббат бекеті» фильмін көрдік. Романтикалық сипаттағы бұл кинотуынды біздің бәрімізге ұнады. Кинодан шығысымен сол маңдағы кафелердің бірінен жүрек жалғап, аутовокзалға бет алып, соңғы рейспен қырғыз қыз-жігіттерді елдеріне шығарып салдық. Олар аттанарда мамыр айының алғашқы аптасының демалыс күндеріне  бізді қонаққа шақырды, біз бұл ұсынысты қуана хош алдық.

             …Міне, біз сапар-саяхатқа шығатын күн де келіп жетті. Сенбі күні таңғы сағат сегіздегі автобуспен біздің курстың жеті жігіті мен он бір бойжеткені айыр қалпақты ағайындардың астанасы – Бішкекке бағыт ұстадық. Асфальт жолмен «Икарус» автобус жүйткіп келеді. Алматы мен Бішкектің арасы 4-5 сағаттық жол. Билетте көрсетілген орындарымызға жайғасып, көңіліміз жайланған соң біздің курстың өнерлі жігіттерінің бірі Ерлан өзімен бірге ала шыққан домбырасының құлақкүйін келтіріп алып, сол жылдары студенттік ортада жиі шырқалатын композитор Мэлс Өзбековтың «Тобылғысайын» сызылтты.

                      Сұрасаң ауылымды Белтұрғанда,

                      Майысар қайың ағаш жел тұрғанда-ай,

                      Сұлуын өзге ауылдың неғылайын,

                      Бұралып сәмбі талдай сен тұрғанда-ай…

Қайырмасына келгенде келгенде курстың қыз-жігіттері қосыла шырқады,

                      Жұлдызымсың нұрын шашқан-ай,

                      Атыңнан айналайын Тобылғысай…

Алғашқы әннің бел ортасы ауа гитарасының құлақкүйін келтіруге кіріскен Қаныбек-староста «Тобылғысай» аяқтала бере, халық әні «Ой, көкті» әуелетті. Осы ән тәмамдала бере Ерлан «Маусымжанға» басты:

                       Қыз қосылса, теңімен жыламасын-ай,

                       Көздің жасын тектен-тек бұламасын-ай..,

 Бұл әннің қайырмасын тек біздің қыз-жігіттер ғана емес, автобустағы өзге жолаушылардың біразы қосыла шырқады:

                        Маусымжан, Маусымжан,

                        Танимын қалқам, даусыңнан…

Іле-шала «Маусымжанның» сөзін білетіндер оның шумағын да Ерланмен бірге шырқауға көшті. Осы ән аяқталысымен автобустың алдыңғы жағында отырған бір келіншек «Жайдарманды» бастады.

                          Жан көрінбес көзіме өзіңдей боп, ей,

                          Жаңа шыққан егіннің көгіндей боп, ей

                          Жайдарман, жақын кел,

                          Жан жар етем, қолың бер!..

«Жайдарманнан» кейін әлгі келіншек қазақ арасына кең таралған қырғыз әні «Жылқычының ырын» таза қырғыз тілінде шырқай жөнелді:

                           Асыл бир туқым мингеним,

                           Салқын төр жайлао жургеним,

                           Эрикпен жылқы қайтарып,

                            Қайдасың, келчи суйгеним?!

                              Жылқы оттайд шоптин турлерин,

                              Мен жуптайым жупар гулдерин

                              Санадан тақыр чықпайсың,

                              Сағындым келчи, суйгеним

                               Ырғыздар желге жалбырап,

                               Ырғыштан үркед арғымақ

                               Қамықпа келед дегендей,

                               Ай қарайд көктен жалдырап

                                Қуанам жылқы баққанға,

                                Қиялым учуп аспанға

                                Жаныма келсең болмой ма,

                                Жылқылар жушап жатқанда

                                Мен жылқычы, сен шопан,

                                Қиқырып тобын жөн салам,

                                Өлкемиз учун иштерден,

                                Өркендеп өссин гул заман

                                Боздақ бир төрди жай қылып,

                                Бос кезде жорға салдырып,

                                Чаршаған кезде демалсақ,

                                Жалыққан атты шалдырып

Не деген назға толы әуезді ән еді! Қайта-қайта тыңдай бергің келеді, қосылып шырқап кеткің келеді!.. Осы әннен кейін жөн сұраса келсек, қолында әлдилеген бөпесі бар әлгі әнші келіншек Жамбыл облысының жігітіне тұрмысқа шыққан қырғыздың Чолпан есімді қызы екен. Чолпан жеңешеміздің төркіні Алатооның арғы жағындағы айыр қалпақты ағайынның Нарын өңірі болып шықты. Отағасы екеуі бір жастан енді асқан тұңғыштары Дәуренді алып, балдырғанның нағашы жұртына қыдырып бара жатқан бойы екен. Мамыражай мамыр айында төркіндеп бара жатқан Чолпан жеңешеміз алдындағы балбөбегі «ақ мамасын» сұрап қыңқылдағанша, кезектестіріп қазақ пен қырғыздың төрт-бес әнін шырқап үлгерді. Бізден бірер жас үлкен отағасы Еркін Кеңес одағы кезінде Отан алдындағы азаматтық әскери борышын Фрунзеде* өтеген көрінеді. Сол жылдары ол Қырғызстанның астанасындағы консерваторияда оқитын болашақ жарымен қала бойынша әскери патрульдік қызметте жүргенде саябақта танысқан болып шықты.

  • Қаныбек, «Қызыл гүлім-айды» айтайық,-деп әнге қатысты алғашқы ұсынысты біздің курстың тықылдаған ең пысық қызы ақтөбелік Алтын айтты. Қанекеңде қайт жоқ, лезде «Қызыл гүлім-айды» қалықтатты.

                   Кездескенде жан еркем назданасың,

                   Жасыра алмай сырыңды көзқарасың,

                   Жадыратшы жанымды жаз боп келіп,

                   Қол жетпейтін Қызыл гүл сен ғанасың

Бұл әннің де қайырмасын курс болып, қосыла шырқадық:

                           Қызыл гүлім-ай, ай-ай,

                           Қызықтырдың-ай, ай-ай,

                           Аппақ гүлім-ай,

                           Ардақтымсың-ай…

  Кезек сол жылдары КазГУградқа қоса, бүкіл Алматыны тербеп тұрған Табыл Досымовтың әндеріне келді.

  Ақ дидарың-ай, сенің ақ дидарың-ай,

  Жүрек сырын сезбедің көп қинадың, еркем-ай,

  Жүрек сырын сезбедің, көп қинадың-ай,

                                                             ақ дидарың-ай…

  Қас-қабағың-ай сенің, қас-қабағың-ай,

 Жанарыңа қарауға жасқанамын еркем-ай,

 Ару қызы сен бе едің, астананың-ай,

                                                            қас-қабағың-ай…

 Назды күлкің-ай сенің, назды күлкің-ай,

 Назды күлкің көңілдің жазды бұлтын-ай, еркем-ай,

 «Сүйем» деген айтармын сөзді бір күні-ай,

                                                           назды күлкің-ай…

 Көзқарасың-ай сенің, көзқарасың-ай,

 Неге сонша мәз болып назданасың, еркем-ай,

 Көрмеппін едің қазақтың бозбаласын-ай,

 Қайтем сені маңдайға жазбағасын-ай,

                                                              көзқарасың-ай…

Біздің журфактың студенттері өзіміздің факультеттің түлегі Табылдың бір әнімен шектелуші ме еді?! «Астананың аруынан» кейін «Ұнатамын мен сені…», «Кешіккенің қайткенің», «Күнікей қыз», «Солдат сағынышы», «Сәйгүлік көрем…» секілді біраз ән әуеледі. Бір кезде біз шырқап отырған әндердің көш-керуенін терезеден сыртқа көз салып отырған Гүлнәрдің, — Қырғызстанның аумағына кірдік,-деген даусы үзді. Бәріміз жапатармағай тысқа көз тіктік. Қазақстаннан еш айырмашылығы жоқ көрініс. Сол таулар, сол дала, ерке самалмен тербелген сол гүлдер. Егіз қозыдай ұқсастық.  Тіпті, жолай ұшыраған айылдардың* тыныс-тіршілігі де қазақ ауылдарынан айнымайды. Әнебір төңіректің төрін бермей құлдыраңдаған құлыншақ, анабір өріске бұзау айдаған бала, сәске түс шамасында көлден иінағашпен су алып келе жатқан балауса бойжеткен… Бәрі-бәрі бала кезімізден көзіміз үйреншікті көріністер. Осылайша біз әндетіп отырып, Бішкекке қалай жеткенімізді байқамай қалдық. Аутовокзалдан бізді Кеша-Керімбай бастаған үш жігіт қарсылап, екі шағын «Рафик» аутобуспен Қырғыз мемлекеттік университетіне қарасты қалашыққа жеткізді. Бір жатақхананың алдына тоқтай бергенде бір топ қыз-жігіт бізді көліктің есігі ашылар-ашылмастан әрқайсысымызға бір-бір шоқ қызғалдақтан ұсынып, құшақ жая қарсылап, бұрыннан танитындарымыз амандық-саулық сұрасып, бірден мәре-сәре бола кеттік. Іле-шала жаңағы жатақхананың үшінші қабатына көтерілдік. Тура өткендегі біз секілді қырғыз  достарымыз өздері тұратын жатақхананың кеңірек бір бөлмесінен дастархан қамдап қойған екен. Шіркін, жастық шақтың шырқау шыңы  – студенттік дәурен-ай, күн сайын қызық, күн сайын думан, күн сайын мереке, күн сайын мейрам! Бір-екі кәсе шай ішіп, біз таңдай жібітісімен Кеша-Керімбай отырысты үйіріп ала жөнелді,

     — Әуелі Қанеке, меймандарды өзіңіз таныстырып өтсеңіз.

Мұндайға біздің Қаныбек-староста қамшы салдырған ба?! Әп сәтте бәріміздің аты-жөнімізге қоса, студенттік қоғамдық жұмысымызды, тіпті кең байтақ Қазақстанның қай өлке-өңірінен екенімізге дейін айтып шықты. Өз кезегінде Кеша-Керімбек,

        — Мені бәріңіз білесіздер, екі тарап та түгелдей таниды. Сол себепті мен таныстыру рәсімін біздің топтың профоргі Құрманжан қарындасымыздан бастайын. Өткенде біз сіздерге барғанда Құрманжан Финляндияға жарысқа кетіп, Алматыға бара алмай қалды. Сонымен, біздің топтың профоргі, көркем гимнастикадан КСРО-ның спорт шебері Құрманжан Жанаева,-дей келе өзінің оң жағындағы бойжеткенге көз қиығын салды. Іле-шала елік жанар, гүлдей нәзік, сәмбі талдай сымбатты бойжеткен орнынан көтеріліп,

     — Құрманжан,-деп күлімсірей басын изеген мезетте қырғыз жігіттердің бірі, — Сіздің профорг кім еді?-деп сұрап қалды. Мен орнымнан көтеріліп,

     — Қайырхан,- деп атымды атадым.

            — Міне, сәйкестік!-деп тағы килікті жаңағы жігіт, — Қызметтері бірдей, оған қоса, тіпті есімдеріне дейін ұқсас, Қайырхан – Құрманжан. Демек, қос профоргті қатар отырғызу керек!

Бұл сөзге өзге қыз-жігіттер ду күлісті, ал екеуміз бір-бірімізге сол сәт жылышырай қарап, сен маған жанарыңнан нұр шаша жымиып тұрдың. Екеуміз осылай танысып едік, жаным!..

         — Мына біздің жігіттердің ішіндегі ертелетіп боза ішкенді ең жақсы көретін Эркен менің миссияма  килігіп кетіп жатыр. Оны айыпқа бұйырмаңыздар. Бірақ сөйте тұра, Эрекең жөн сөз айтты. Неге бірі-бірімізді жатсынып-жатырқағандай қазақ-қырғыз болып бөлініп отырмыз? Қанкеки, Қайырхан мен Құрманжанды қатар отырғызайық, қалғанымыз үзілістен кейін көрерміз,-дегені Кеша-Керімбайдың. Сол-ақ екен айналамдағы қыз-жігіттер ысысырыла орын беріп, Құрманжанның менің жаныма төрлетуіне жағдай жасады.

         — Міне, енді қазақ пен қырғыздың, яки Қайырхан мен Құрманжанның тойында отырғандай болдық!-деп бір арманына жеткендей желпінді Эркен. Бөлменің ішін тағы күлкі кернеді. Ал сен жүзің алаулап, жанарыңды төмен салдың…

        — Керімбек, сен жаңа Құрманжанның спорт шебері екенін айтың ғой. Ал біздің Қайырхан да көптің бірі емес, жастар арасынан бокстан Қазақстанның үш дүркін чемпионы, халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Біздің жігіт те спорт шебері,-деп тәптіштеді Алтын. (Негізі, Алтын менің мерейімді үстем етем, мәртебемді биіктетем, абыройымды асқақтатам деп отырып, сәл-пәл артық кетті. Бірді-екілі халықаралық жарыстардың жеңімпазы екенім рас, тек Қазақстанның үш дүркін емес, екі мәрте чемпионымын. Он жыл бокспен шұғылданғанда бір сыр бермеген оң қабағым биылғы финалда қайта-қайта жарылып, қан тоқтамай, ақыры төреші ақырғы айқасты мерзімінен бұрын тоқтатып, мен сол жолы күміс медальды місе тұтуға мәжбүр болдым…)

       — Енді былай істегеніміз жөн болар,-деді Кеша-Керімбек, — Бірі-бірімізге тезірек бауыр басуымыз үшін ән шырқайық. Қазақ бауырлардан қонақкәде сұрамас бұрын айылдың алты ауызы бізден болсын, қанеки!

Сол сол-ақ екен қырғыз достарымыз әуелі өз тілдерінде махаббат сезімі тұнған ән «Жаңбырлы түнді», сонан соң қазақ пен қырғызға ортақ тұлға Ілия Жақановтың «Жайлаукөл кештерін» сызылтты. «Адамзаттың Айтматовы» атанған дүние жүзіне танымал қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовтың біраз шығармаларындағы басты кейіпкерлерге арнап, бірінен бірі өткен бірнеше ғажайып ән жазған композитор Ілия Жақановтың қырғыз елінде де өте танымал екендігінен біз бұрыннан хабардар едік. Енді міне, соның айшықты мысалындай алатоолық* бауырлар «Жайлаукөл кештерін» сондай шынайы беріле шырқап, бәрімізді толқытып, тебірентті. Ән аяқтала бере дуылдата қол соғып, бірі-бірімізбен жарыса әсерімізді ортаға салуға көштік. Сөзге біраз қонақ берген Кеша-Керімбай сәлден соң тізгінді қайта қолға алды: — Алыс жолдан келген достар,  шай ішіп, дәм алып отырыңыздар. Дұнған халқының ұлттық тағамы мына лағманды ұлты дұнған құрбымыз, біздің топтың ең сұлу бұрымды бойжеткендерінің бірі Зүлфияның өзі сіздер үшін арнайы пісірді. Алдарыңызға келген ас суып қалмасын, алып отырыңыздар. Кеша-Керімбайдың тап осы сөзін күтіп отырғандай, біздің курстың тағы бір тобының профоргы Нұрлан Қалқа, — Ой, Кереке, сен әлі білмейсің ғой, мен дұнған халқының ұлттық тағамы лағманды әуелден, ал сол лағманды керім дәмді ғып пісірген Зүлфия сұлуды бүгіннен бастап жақсы көремін,-деп шалқыды. Осыдан соң баршамыз ыстық дәмнен алуға кіріскендей едік, алайда айыр қалпақты ағайындардың комсоргі жаңағы Эркен тағы да аяқасты «шу» шығарды.

         — Тамада мырза, мені әлеуметтік әділеттілік мәселесі қатты мазалап, жаныма жай таптырар емес.

Бәріміз дерлік ішер асымызды жерге қойып, аңтарыла қалдық.

       — Егер сені мазалаған әлеуметтік әділеттілік мәселесі болса, ондай шаруаны кейінге қалдыруға болмайды, айт-қын, — деді староста-тамада.

       — Бәрің қараңдаршы, қос профорг Қайырхан мен Құрманжан қатар отырып, қалай жарасым тапты! Ал неге екі комсорг өмірі дүрдараз күшік пен мысық құсап, екі жақта отыруы тиіс? Осы да әлеуметтік әділеттілік пе, достар? — деп жан-жағына жорта бейкүнәмсіп қарап алып, сонан соң тосын ұсынысына тек содан ғана қолдау күткендей біздің топтың комсоргі Гүлжанарға жымия қарады.

          — Е-е-е, бәсе, манадан бері сені «Қайырхан мен Құрманжанды неге лиро-эпостық жырдың басты кейіпкерлеріне айналдыруға құмар бола қалды?» десем, сен өз мүддеңді алыстан орағытып отыр екенсің ғой, — деп группаласын тобықтан бір қағып өтті Айбек. Алайда Эркен Айбектің бұл зілсіз қағытпасын шыбын шаққан құрлы көрмей ақыры Гүлжанардың қасына жайғасып тынды.

         — Біздің жігіттер, сендер байқаңдар, менің нағашыларымда «Түркімен төрін бермейді» деген мәтел бар. Менің нағашы жұртымнан келген сұлулармен қатар отырамыз деп, өздерің түгел төрге шығып алып жүрмеңдер, — деп әзілді-шынды ескерту жасады қырғыз бойжеткендердің бірі шырайлы Шынар.  Өткенде Айбек те, Шынар да бізге қонаққа келген-ді. Сол себепті олардың екеуі де бізге көзімізге ескі таныстардай жылыұшырайды. Әрі екеуінің сөз байласқан ғашықтар екендігін де естуліміз. Сәлден соң Айбек баянмен сүйемелдеп, Шынар екеуі «Таңсәрі» әнін шырқады. Өмірде де, өнерде де көрген көз сүйсінетіндей сондай жарасымды жұп! Махаббаттарың мәңгілік, бақыттарың баянды болсын, достар!

      …Бішкектің төріндегі алғашқы отырысымыз да тап Алматыдағыдай әдемі әзіл, орынды қалжың әрі әуезді әндермен өріліп, екі сағаттың қалай өтіп кеткенін аңдамай қалдық. Қазақ-қырғызға тән ата-баба салтымен ас қайырып, бата жасап, дастарқан басынан тұрған соң қырғыз елінің астанасын араладық. Біздің Алматы сияқты Алатаудың баурайындағы Бішкек те көрікті қала екен. Әсіресе, бірнеше метрлік биік тұғырда орнатылған Манас батырдың еңселі ескерткіші қандай керемет! Халқының ар-намысын, ел-жұртының бірлігі мен теңдігін бәрінен биік қойған халық батыры тақымындағы тұлпары қыранға айналып, күллі қырғызын жарқын болашақ, кемел келешекке бастап ұшып бара жатқандай. Қырғыз елінің орталық мемлекеттік музейіне барып, бүгінгі күнге жеткенше қазақ халқы құсап, мың өліп, мың тірілген айыр қалпақты ағайынның тақсіретті тағдыры, шерменді шежіресімен таныстық. Алматылық студенттер, әсіресе, Жүсіп Баласұғын, Тоқтағұл, Аалы Тоқамбаев, Шыңғыс Айтматов сынды руханият әлемінің шамшырақтарына қатысты деректер мен жәдігерлердің тұсына көбірек кідірдік. Сондай-ақ біз осы музейде ХІХ ғасырда ел басқарған көсемдігімен, сөз бастаған шешендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, ер жүрек батылдығымен ерекшеленген қырғыз халқының арғы-бергі жылнамасындағы ең ұлы тұлғалардың бірі Құрманжан датқаның өнегелі өміріне біраз қанықтық. Сенің есіміңді «Халқына Құрманжан датқадай қалтқысыз қызмет қылсын» деген ниетпен әжең қойғандығын екеуміз музей жәдігерлерін тамашалап жүргенде өзің айтқансың, жаным!

         Шынымды айтсам, Бішкектегі бас музейге бас сұққанша, қырғыз жастарының арасынан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Қаныбек Османәлиевтың 1980 жылы Мәскеуде өткен ХХІІ жазғы олимпиада ойындарында жеңіске жеткендігінен басқа атақ-даңқын білмейді екенмін. Сөйтсек, 1953 жылдың қарашасында жарық дүниеге көрінген Қаныбек ағамыз ауыр атлетикадан бірнеше рет КСРО чемпионатында топ жарғандығына қоса, Еуропаның екі мәрте, ал әлемнің төрт дүркін чемпионы екен!

       Музейден шыққасын Жүсіп Баласұғын атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің бір аудиториясында 1986 жылы Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасында қазақ жастарын ұрып-соғудан бас тартқан КСРО Қарулы күштерінің сол кездегі қатардағы жауынгері Талайбек Ысқақтегімен кездестік.

        — Ол бір қазақ елінің аспанын еңсені езер, жан-жүрегіңді жаншыр сұр бұлт тұмшалаған сұрқай күндер еді ғой. Қаншама иығыңа погон ілген, командиріңнің бұйрығын бұлжытпай орындауы тиіс әскери болсаң да, туған бауырға, туысқан халықтың ұл-қызына қол көтеру мүмкін емес екен, — деп тебіренді сол жолы Талайбек бауырымыз.

         — Ұлттық намыстың екпінімен алаңға шығып, «Менің Қазақстаным!» әнін ұлттық ұранға айналдырып, теңдік талап еткен қазақтың  өндірдей жігіт, өрімдей қыздарын әскерилер қабаған итке талатып, сапер күрегімен соғып, бастарын жарып, жаппай ұрып-соғып, әсіресе, зіңгіттей-зіңгіттей түр-түсі шикіл сары солдаттардың қазақ қыздарын шаштарынан сүйреп, құдды әкесінің құны кеткендей қаракөз қарындастарымызды іш-құрсақтарынан аяусыз тепкілегенін көргенде жаным түршікті. Тіпті шарасыздықтан жынданып кетем бе деп ойладым. Сөйте тұра «Суға кетер кісі тал қармар» дегендей, әйтеуір әупірімдеп жүріп, қазақтың төрт-бес қыз-жігітінің қанды қасаптан біртіндеп сытылып шығуына жағдай жасай алғаныма әлі күнге дейін тәубе деймін, — деп терең тыныстап, ауыр күрсінді Талайбек азамат.

      – Жайшылықта адамның бәрі батыр, ал қазақтың басына «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» қайта төніп, ақырзаман орнағандай болған алмағайып кезеңде ағайынға деген ақ пейіл, адал ниетіңнен айнымай, тау көтерген Толағайдай табандылық танытқан саған мың алғыс, Талай-тұлға! Қазақ-қырғыздың бірлігі бекемденіп, берекесі еселеніп, ынтымағы нығайып, ырысы молая берсін, бауырлар! — дедім мен Талайбек замандасыма біздің делегацияның атынан алғыс айтып.

        …Талайбектей үлкен жүректі азаматпен ғибратлы кездесуден кейін біз Бішкектің орталық саябағында серуендедік. Кешкі самал санамызды сергітіп, сезімді қытықтады. Сол кеште мен сенің қарлығаштың қанатындай нәзік алақаныңнан алғаш рет аялай ұстап, екеуміз қатар жүріп қыдырдық, Құрманжаным менің – құралайым менің! Желдей есіп, көбіктей көпіріп, көп сөйлеген жоқпыз. Жан-дүниемізбен ұғыстық, көз-жанарымызбен тілдестік, бірі-бірімізге әлсін-әлсін жымия қарап, қол ұстасып келе жатқан саусақтарымыз арқылы түсіністік. Жүрегіміздің үлпілі қол ұстасып келе жатқан саусақтырымыздың ұшынан сезіліп тұрды! Сол сәт маған егер екеуміздің ең нәзік тамырларымызды кесіп, бірі-біріне жалғаса, бірден жарасып, бірден үндесе бүлкілдеп соға жөнелетіндей көрінді. Саябақтағы гүлдер кешкі самалмен жәй ғана ырғалып, екеуміздің қатар жүріп қыдырғанымызға қуанышты екендіктерін сездірді. Самал жел бізге «Екеуің бір-бірің үшін жаралғансың!» деп желпіне сыбырлады. Біздің әр қадамымызды қатар өскен жапырақ-жүрек жас қайыңдар иіле құптады. Мен бастап, сен қостап, «Әселім-әнімді» ыңылдай сызылттық:

                                Самалы жұпар жазғы бір кеште,

                                Ойласаң болды Ыстықкөл жақты.

                                Айтылған сырлар түседі еске,

                                Оятқан сонда ақ махаббатты.

                                      Тулайды жүрек толқындай шалқып,

                                      Аңсайды жүрек өзіңе тартып,

                                      Сағынтқан әнім,

                                      Әселім — жаным…

Сол шақ қандай керім кез, керімсал сәт еді жаным! Бішкек шаһары өзінің алқаракөк аспанын жамылып, мың-сан жұлдыздар бізді көріп мәз болып, жымыңдай бастағанда жатақханаға оралдық.

      Біз қала аралауға кеткенде іште қалған қырғыз құрбыларымыз дастарқанды тағы да жайнатып қойған екен. Жігіттер жағы сәске түстегідей боза қоюды да ұмытпапты. Қырғыз бен қазаққа ортақ осы ұлттық сусынның өзім сол күні өмірімде бірінші рет дәмін татсам да, боза маған бірден ұнады. Ежелгі шығыс шайырларының бірі Омар Һәйәм жарықтық,

                               Қойса да білім шіркін басқа қонбай,

                              Өтейік уайымшыл қасқа болмай.

                              Түсірмей қолдан келсе, шарап ішіп,

                              Шалқиық сау да болмай, мас та болмай, — деп гөзәл жыр тізгендей, қырғыз достардың меймандос пейілінен, оған қоса өзімнің жанымда аспан-көктің жұлдызындай, өзен-көлдің құндызындай Құрманжан құрбым жүргендіктен, сол күндері мен, шынында да, саудың да санатында емес, мастың да есебінде де емес, әйтеуір шаттықтан миым шайқалып, бақыттан басым айналғандай  керемет бір күй кешкенмін. Бәлкім, бұған онсыз да алып-ұшып тұрар жас көңілді онан сайын желпінткен боза шіркіннің де әсері болған шығар… Кім білген, қазақтың қайсар да арқалы ақыны Қасым, Біз келеміз күйге малып аяқты,

                         Қолтығыңнан қанат біткен сияқты, — деп шалқығанда, мүмкін ол да мен сияқты ғашықтық ғаламатын бастан өткерген шығар…

         Сірә, бірі-бірімізге үйренісе бастағанбыз-ау, кешкі дастарқан басында  әзіл-қалжың манағыдан молырақ айтылып, ән де жиірек шырқалды. Отырыс бел ортасына ауа достарымыз кезекті әнді қосыла шырқауға көшкенде екеуміз балконға шықтық. Бішкектің барқыт түні алқаракөк айлы аспанында мың-сан жұлдызын жымыңдатып, екеумізді қуанышты қарсылады. Сан мыңдаған шақырым  қашықтықтағы жұлдыздар екеумізге «Жұптарың жазылмасын, жұптарың жазылмасын!» деп жымыңдайтындай. Сырласып біраз тұрдық. Бір кезде мен саған жұмбақ жасырдым,

          — Құрманжан, ана қатар тұрған ерекше жарық екі жұлдызға ат қойшы.

Сен бірден бірнеше нұсқа ұсындың, — Алматы мен Бішкек, Алатоо мен Алатау, Ауыл мен айыл… Қалай ұнады ма?

       — Ұнады, бірақ?..

       — Не бірақ?

       — Мен өз ұсынысымды айтайын ба?

       — Ооба¹…

       — Қайырхан мен Құрманжан!

Менің ұсынысыма сен аяқасты қуанған балдырғандай алақаныңды шапалақтай күліп, мәз болдың. Мөлдір бұлақтың сылдырындай, күміс қоңыраудың сыңғырындай сенің шынайы күлкің түнгі саф таза ауамен жаңғырып, бөлменің ішіне ерекше естілді-ау деймін, іле-шала Нұрлан Қалқаның әзіл-шыны аралас өктемсіген даусы естілді,

         — Мәссаған, қашан да, қайда да халықпен бірге болуы тиіс кәсіподақтың қос көсемі неге біздің көзімізді ала бере көптен бөлініп кеткен? Мен құсап қалың бұқарамен бірге отырмай ма? Қайырхан, Құрманжан, қане, кіріңдер, ішке!

        — Азир,  -деп сен әнтек бұрылғанда иығыңнан төгілген шашың менің бет-жүзімді желпи өтті. Сенің қолаң шашыңнан менің туған ауылым Қызылжардың қырына көктем сайын құлпырып шығатын қызғалдақтың жұпар иісі аңқыды… Балконды ашуға соза берген сол қолыңның білегіне менің оң қолым қонды. Білегіңнен ұстап, бері қаратқасын, қыпша беліңнен тартып, өзіме жақындатып едім, нұрлы жанарыңмен наздана жымидың да, кірпігіңді төмен түсірдің. Жігіттің ойы жүйрік қой, сол бір ауасы мақпалдай жұмсақ түннің жұлдыздары жымыңдаған алқаракөк айлы аспаны аясында мен сенің ақ жүзіңнен алғаш рет өбіп, гүл ерніңнен тұңғыш рет сүйдім. Не деген барқыт түн еді, не деген балшырын сәт еді, жаным!..

 Екеуміз балкон есігінің жәймен ашылғанын байқамаппыз, сықырлай жабылғанда ғана селк ете түстік. Есік қайыра толық жабылмай сәл саңылау қалғандықтан, іштегі әңгіме бізге анық естілді.

       — Сүйінші! (бұл біздің тықылдақ Алтынның даусы. Демек, жаңа балконның есігін ашып-жапқан осы пысықай болды).

       — Не үшін сүйінші? — деп сұрады даусында қызғаныштың табы бар біздің топтағы сүйкімді бойжеткендердің бірі Гүлнұр.

       — Той болатын түрі бар!

       — Немене, қазіргі заманғы қазақ-қырғыз лиро-эпосының басты кейіпкерлері сүйісіп тұр ма екен? (бұл емін-еркін сөйлей беретіндігіне біз де үйреніп қалған Эркеннің даусы). Егер тап осы сәтте біз кіріп келе жатпағанда, әлгі сұраққа зуылдақ Алтынның не деп жауап берерін кім білсін?! Ол балконнан қол ұстасып кіріп келе жатқан бізді байқады да,  лезде ойын да, бойын да жинақтап, біз жаққа қулана жымиып, көзін қысып үлгеріп,

        — Жоға, сүйісуге әлі ерте емес пе?! Міне, тура осы қазір кіріп келе жатқандарындай екеуі қол ұстасып, бірі-біріне қарап, өмірге риза қалыпта мәз болып тұр…

Біздің курстың маңдайалды юморист-сатиригі Ермахан  бозаға қызып қалғанға ұқсайды.  – Менде бір ұсыныс бар, — деп ол оң қолын көтерген күйі орнынан көтеріле берді: — Көзімізді ала бере, бізден бөлініп кеткені үшін Қайырхан мен Құрманжанға музыкалық айып, а, то есть, музыкалық салық салу керек!

          — Жақсы, ат-шапан айып бізден, достар, — дедім мен Құрманжан ыңғайсызданып тұрған әңгімені әрі қарай созғым келмей. — Қай әнді айтамыз, Құрманжан?

          — «Әселім-әнім».

          — Құрманжанға сырнай беріңдер, жігіттер, — деді қырғыздың сұңғақ бойлы сұлуы Аймира.

          — Қайрекеңе – гитара, — деді біздің комсорг Гүлжанар.

 Екеуміз қатар тұрып, қос аспаптың  құлақкүйін келтіруге кірісе бергенде сен,

      – Соңғы екі шумағын айтпай-ақ қояйық, — дедің маған ғана естірте. Мен үнсіз басымды изедім. Сөйте тұра әдемі әннің әсерімен сенің жаңағы өтінішіңді ұмытып кетіппін. «Әселім-әнімнің» екінші шумағын мен бастай бергенде, сен бірер секунд маған наздана қарап бұртиып тұрдың да, іле-шала қосыла шырқадың:

                   Тағдырмен қатал ойнатқан сонда,

                   Қайдасың менің армансыз күнім?

                   Бақ құсы едің, қонбадың қолға,

                   Қапыда қалдым зар толып үнім.

                          Тулайды жүрек,

                          Толқындай шалқып,

                          Аңсайды жүрек,

                          Өзіңе тартып,

                          Сағынтқан әнім,

                          Әселім – жаным…

                   Алыссың, жатсың білемін, сәулем,

                   Тағдырға нала не керек айтып?

                    Шіркін-ай, сол бір жарқ еткен дәурен,

                    Әселім бізге келер ме қайтып?..

                          Тулайды жүрек,

                          Толқындай шалқып,

                          Аңсайды жүрек,

                          Өзіңе тартып,

                          Сағынтқан әнім,

                          Әселім – жаным…

Сен екеуміз көптің көзінше алғаш рет шырқаған ән керім әсерлі шықты. Сырнайдың сызылған, гитараның сыңғырлаған үні онсыз да әдемі әнге онан сайын ерекше әр берді.

       — Керемет!

       — Супер дуэт!

      — Жарасымды жұп!

      — Идеальная пара!

 Біреуі, – Жұп болсын! — десе, екіншісі, – Құрманжан мен Қайырханның танысқаны, қырғыз бен қазаққа құт болсын! — деп іліп әкетіп, несін айтасың, қаумалап отырған құрбы-құрдастарымыз қазақша-қырғызшаға қоса, тіпті орысша мадақ-мақтауларын бірінен-бірі асыра дуылдата қол соқты. Орнымыздан тұра бергенде Құрманжан, «Ошы бизге коз тийбесе жакшы болот эле…¹» деп тек маған естілердей сыбырлап үлгерді. Достардың сұрауымен екеуміз қос халықтың ел ішінде, халық арасында танымал төрт әнін орындап бердік. Сол күнгі би кешінің соңын ала қыз-жігіттер бізден және ән сұрап, екеуміз қатарынан қос ән шырқадық. Не керек, сол күнді біз әнмен батырып, сол таңды біз әнмен атырдық. Не деген, көңілді күн, көгілдір түн еді! Не деген әсерлі күн, әдемі түн еді, жаным!..

       Ертеңіне таңғы шайдан кейін және екі сағаттан аса қала аралап, түскі  дәм-ырыздықтан соң біз қайтуға жиналдық. Алматыға аттанарда біз қырғыздың халық әні «Арман-айды», ал сендер қазақтың халық әніндей болып кеткен «Қызыл гүлім-айды» шырқадыңдар.

      — «Арман-айды» енді айтпаңдаршы, — деп қиылдың сен.

      — Неге?

      — «Арман» деген қазақ тілінде қандай мағына береді?

      — Арман деген арман, мечта, романтика.

      — Ал «арман» деген сөз қырғызша «қайғы-қасірет», «біржола қоштасу» деген ұғымды білдіреді. Енді айтпаңдаршы, жарай ма?

      — Жақсы.

Мен сенің «Әселім – әнімнің» соңғы екі шумағын екеуміздің неге қосылып айтқанымызды  қаламағаныңды осы диалогтан кейін түсіндім. «Алыссың, жатсың білемін сәулем, Тағдырға нала не керек айтып…» Кездейсоқ өзі жолықтырған тағдыр бізді енді алыстатып, жат қылмаса екен…

       Қоштасарда сені құшағыма алып, қызғалдақтың жұпары аңқыған сенің қолаң шашыңнан тағы да құшырлана иіскегім келген. Сен айналадағылардан ыңғайсыз екендігін көзқарасыңмен ұқтырып, көпшіліктің көзін ала бере, «Ұялшақ махаббаттың ғұмыры ұзақ екендігін ұмытпағайсың, Қайырхан» деп сыбырладың. Жанарыңа тұнған жастан өзімді көрдім, сен де менің жүрегіме қоныстанып үлгердің, жаным! Енді үш аптадан кейін жазғы сессия, ізінше өндірістік практика басталады, сосын жазғы каникул. Өндірістік практиканы мен өзімнің туған өлкеме, Алматыдан «алты айшылық» жердегі Орал өңіріне алдым. Себебі, соңғы кезде әкемнің сырқаты үдеп кетті, барынша қасында болып, көз алдында жүрейінші деген ой еді… Ал сен болсаң, жазғы каникулға шығысымен, Ыстықкөл жайлауының төріндегі ата-әжеңе жол тартасың. «Атам мен әжемді қатты сағындым, әрең шыдап жүрмін…» дегенсің кеше. Енді біз араға айлар салып, ауыл шаруашылығы жұмыстарынан оралып, сабақ кестесі бір жүйеге түскен, студент біткен жатақханаға орналасып, әбден көңілі жайланған күрең күзде бір-ақ кездесеміз. Ғашықтардың гүл жайнаған көктемге қоса, жадыраған жаймашуақ жаздың да тез өтіп, күздің лезде келгендігін аңсайтын кезі  болады екен-ау. Мен саған сөз айтып, сен маған серт беріп үлгермедің. Бірақ жан-жүрегімен ұғынысқан жандарға ондай шарттылықтың не қажеті бар?! Онсыз да бәрі түсінікті емес пе?.. Қол бұлғап сен қалып барасың, қол бұлғап мен кетіп барамын. Күрең күз тез келсе екен, жаным!..

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН

   

Фрунзе¹ — Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласының КСРО кезіндегі атауы.

комсорг* – Кеңес өкіметі кезіндегі жастар жетекшісі.

айыл* (қырғызша) ауыл деген сөз.

Алатоо – Алатау

Ооба  – иә

«Ошы бизге коз тийбесе жакшы болот эле…» * – Осы бізге көз тимесе жарар еді…


Құм – ойдың қазынасы

Күні: , 121 рет оқылды

Су түбінде жатқан тас

Жел толқытса, шығады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқытса, шығады.

Асан қайғы

Мыслю, следовательно существую.

Рене Декарт

Көркем әдебиеттің адамзат қоғамындағы негізгі мұрат-мақсаты – ізгі ниетті адамды қалыптастыру, яғни жақсы адам тәрбиелеу арқылы аспан асты, жер үстіндегі жақсылықты үздіксіз еселей түсу. Кіндік қаны Нарын құмында тамып, жарық дүниеге көрінгелі бері Ақ Жайық атырабында ғұмыр кешіп келе жатқан ақын Ғайсағали Сейтақ – әдебиеттің әлгіндей ұлы міндет-миссиясын бүкіл жан дүниесімен ұғынған шайыр. Сондықтан та оның өз өлеңдеріне деген талғамы асқақ, талабы қатал. Ал өз-өзіне  ішкі цензурасы мықты қаламгер ғана талғампаз оқырманның, кірпияз қауымның көңілінен шығатындай шығарма жаза алады. Енді мәселені бірден қабырғасынан қойып, оқырман қауымға күні бүгінге дейін онға жуық жыр жинағын ұсынып үлгерген Ғайсағали ақынның өлеңдері не себепті оқылымды екендігін елеп-екшеп, талдап-таразылап көрелік.

Әлқисса, әп дегеннен айта кетелік, Ғайсағали Сейтақ – өмірді жақсы білетін ақын. Әрине, әдебиет әлеміне енді қадам басқан кезде барша балауса дарын, балаң талантта болатын еліктеу-солықтау «дәуірінен» біздің бүгінгі кейіпкеріміз де өтті. Бірақ бірден екпін түсіріп айтар болсақ, ол үшбу үдерістен тез әрі сәтті өтті. Бұған, сірә, Ғайсекеңнің ақын Жанғали Набиуллин, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Серікқали Шарабасов сынды рухани ұстаздарының дер кезінде көрсеткен бағыт-бағдары оң ықпал етсе керек.

Біз жаңа ғана Ғайсағали ақынның шуағы мен ызғары, күнгейі мен көлеңкесі, қызығы мен шыжығы қатар жүретін бұл дүниені жақсы білетіндігін айтып өттік. Осы уәжімізді енді оның өлеңдерінен үзінді келтіре отырып, дәлелдеп көрелік. Ғайсекеңе дейін қаншама шайыр  сәбиді өмірге әкелу және оны аман-есен өсіруге қатысты Ананың ұлы еңбегі мен құла бейнеті туралы қанша өлең-жыр жазды десеңізші. Демек, осыны ескерсеңіз, бұл тақырып бойынша тосын теңеу тауып, тың ой айту мүмкін еместей көрінеді. Алайда шын жүйрікке тұсаудың жоқтығы ақиқат екен. Мәселенки, Ғ. Сейтақ Ана туралы бір өлеңінде өзге ақындар құсап, жылаған сәбиін жұбату үшін түн ұйқысын төрт бөлген, балбөбегі аман-есен өсіп кетуі үшін бар қызықты тәрк еткен, сөйте жүріп, ата-анасының аялы қамқорлығындағы өзінің қыз күнін еріксіз аңсап сағынған келіншектің Ана ретіндегі мехнатын жыр жолдарымен кестелей келе,

Тұрса да тіпті жас парлап,

Жанарын алға тіктейтін.

Отырмас әсте ол ас талғап,

Шаруа барда бітпейтін.

Жүректің қылы төзбейді-ау,

Көп ойлар кетсе мазалап.

Бәрін де соның сезбейді-ау,

Жұмыстан келген Азамат.

Бақытын ойлап баланың,

Сөз қуып, өсек термейтін,

Еңбегі қанша Ананың

Стаж боп есептелмейтін! – деп түйіндейді. Иә, бұл тосын түйінді сіз де бірден мақұлдай тұра, іле-шала санаңызда бір сұрақ бой көтерері хақ: «Сәбиін әуелі тоғыз ай, он  күн  көтеріп, сосын өмірге әкеліп, аман-есен өсіріп, тұлға ретінде қалыптастырудағы Ананың ұлы еңбегі, құла бейнеті неге ресми түрде еңбек өтілі, еңбек стажы болып есептелмейді екен?..»

Самиғолланың Ғайсағалиының өмірдің өзінен  өрмек  тоқып,  өлең  өретіндігіне

Қонақ келер…

Түсті өрмекші төбеден

Сезер оны жүрек көзі көреген.

Есігімді шат күлкімен шалқайтып,

Кірген жанға қуанбаймын неге мен?! – деп басталатын «Өрмекші» деген төрт шумақ өлеңі арқылы және бір мысал. Қазақ арасында үйдің төбесінен, яки шаңырақтан өрмекші түссе, қонақ келеді және анау-мынау емес, міндетті  түрде құтты қонақ келеді деген жақсы ырым бар. Ықылым заманнан бері әлі күнге дейін «Әр мейман өзінің ырыс-ырыздығымен келеді» деп есептейтін қазақ үшін есікті ашып, табалдырықтан аттап, қонақтың келуінің өзі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заманның ең басты қағидасы іспетті. Күнделікті қазақы қоңыр тіршілікке келген қонақпен бірге жаңа серпін, өзгеше леп, ерекше шуақ ілесе жетіп, айналаны жаймашуақ бір нұрға бөлейді. Міне, қазақ қонақты не үшін күтеді!

… «Кім келсе де, бар байлықты үйіп-төк,

Қалар сонда шаңырағың биіктеп»

Деген сөзін үлкендердің ұмытпай,

Отырамын, төбем көкке тиіп кеп.

Адамдармен бақытты сәт өтер көп,

Желпінтеді жақсы қонақ төтен кеп.

Күнде елеңдеп, қарап қоям, өрмекші

Түсіп келе жатқан жоқ па екен деп…

Көрдіңіз бе, өзі қонаққа баруды емес, өз үйіне қонақтың келуін күткен ақ-адал пейіл, көл-көсір көңіл, қазақы дүниетаным. Ұлттық ұғым-түсінік өзек болған қоңыр өлең жан дүниеңе  сондай  жақын,  сондай  етене!

Жырлары жаныңды желпір жібек самалдай Төлеген Айбергеновтің «Ақын болу оңай деймісің, қарағым, Аузында жүру сыздаған барлық жараның» деп келетін өлең жолдары ендігі бәріңізге дерлік таныс болса керек. Иә, сергек сана, сезімтал жүрексіз ақын болып қалыптасу мүмкін емес.

Кездесердей жаңа бір істер алдан,

Келе жаттым, мазалап іштегі арман.

Кенет менің алдымнан мысық өтті

Көгершінді аяусыз тістеп алған.

Қас-қағым сәт, зу етіп мысық өтті,

Бұл да жыртқыш екен ғой пысық, епті.

Өз жемі үшін бәріне баратұғын

Тырнақтының қашан да күші көп-ті.

Тыныштықтың бұзылған көркін көрем,

Көңілімнің сөндірем өртін немен?!

Көкірегімді қақ жарып бара жатты

Көгершіннің көздері мөлтілдеген…

Бұл – «Көгершін тістеген мысық» атты бес шумақ өлеңнің алдыңғы үш шумағы. Жыртқыштың тісіне ілінген кептердің көзіндегі мөлтілдеген өмірді ақынның сезімтал жаратылысы, сергек санасы, нәзік жүрегі өлеңге айналдырған. Алайда осыдан кейін де ақынның көңілі байыз, жаны жай тапты дейсіз бе?.. Егер тап осыған күдік-күмәніңіз болса, ендігі кезекте «Қозы мен лақты»  оқып  көрелік.

Білген емен бұрын мұндай естіні,

Қалмас енді жадымда бұл ескіріп.

Бірде ауылға барған кезде таңғалдым

Қозы мен лақ еміп жатыр ешкіні.

Бірте-бірте сырына мен қанықтым,

Жүрек қылын қозғап кетті анық бұл.

Қарай бердім көздеріне ешкінің

Көргендей бір мейірім мен жарық нұр.

Ақсақ болып туған екен лақ мынау,

Өмір бойы арман енді шапқылау.

Енесі оны таса етпейді көзінен

Кемтарлығы  батса-дағы  қаттылау.

Ал қара  қой  өз  қағынан  жеріген,

Оған ешкім таба алмапты «берік» ем.

Алмаған соң, анам жетім қозыны

Сүті көп деп ақ ешкіге теліген…

…Сәби даусын тыңдап көрсек құлақ сап,

Талай мұңлық аналарын жүр аңсап…

Мына екеуін егіз демей, не дерсің,

Болса-дағы бірі жетім, бірі ақсақ.

Шындық осы!

Бұл да құйттай өмір-ау,

Күмбір етті жүректе бір қоңырау.

…Үлкендердің махаббаты жетсе егер,

Сәбилерге жетеді екен омырау.

Тап осы өлеңге арқау болған аналық ешкінің мейірімі арқылы ақын поэтикалық параллель жүргізіп, адам баласын, адам-зат қоғамын ойға, ойлануға жетелеп, тәубаға келуге шақырады. Осындай ізгі ниет Ғайсағали Сейтақтың бүкіл шығар машылығына тән. Біз бұған ақынның «Қарт пен жапырақ», «Саратовтағы бөбектер үйі», «Соғыс тұтқыны»,  «Оқ пен арман», «Ауылдағы кітапхана», «Адамдар мен маймылдар», «Дарын мен қарын», «Патша мен пенде», «Күйкентай мен қарлығаш» секілді біраз өлеңін оқи отырып, біржола көз жеткіздік.

Бұрындары тарихи тақырыпқа қалам тартатын қаламгер некенсаяқ болса, бүгіндері жетіп артылады. Әрине, төл тарихыңды тануға деген құлшыныс – құп-тарлық құбылыс. Дегенмен де тарихи тақырыпқа бару, тарихты жазу кім-кімнен де ішкі дайындықты, білім-білікті және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Міне, мәселеге осы тұрғыдан келгенде Самиғолланың Ғайсағалиы – бағзы мен бүгінгінің һәм болашақтың алдындағы ұлы жауапкершілікті сезініп, ұлт тарихын уақыттың шаң-то-заңынан тазарта отырып, таразылап жүрген қаламгер. Тарих тұңғиығына үңілгенде ол өзі әбден ой елегінен, сана сүзгісінен өткізген, белгілі бір тарихи оқиғалар мен фактілердің ақиқаттығына түбегейлі көз жеткізген жайттарды ғана жауһар жырға айналдырады. Ақынның тарихи сипаттағы жыр-өзені, негізінен, екі арнадан құралады. Бірі – ақынның өзі  жарық дүниеге көрінген Нарын құмының қилы тарихы, қым-қиғаш тағдыры, ал екіншісі – Ғайсағали шайырдың түп-тамыры болып табылатын Ноғайлы хандығының дәурені жүріп тұрған сән-салтанатты заманы және ағайынның ала-уыздығы мен бақталастығының кесірінен ноғай жұртының басынан бақ тайған шерменді шежіресіне қатысты поэзиялық туындылар. Асылы, тарихи мазмұндағы әдеби шығармалар өткен дәуірлерге тиесілі айтулы оқиғалар мен елеулі тұлғаларға тікелей қатысты сүйсініс пен күрсініс тұрғысынан жазылатындықтан, кім-кімді де бей-жай қалдырмауы тиіс. Ғ. Сейтақтың тарихи негіздегі өлең-жыры, міне, осы үдеден шығып келеді. Біздің бұл уәжімізге ақынның «Алтын орда», «Сарайшық», «Сарытау», «Егер Бөкей көшпесе…», «Қаройдың қабағында», «Бас пен доп», «Сырым шыққан төбе», «Қайта оралған кемеңгер», «Салық пен тас «құдай», «Саржаланың сауыты», «Күйшіден кешірім» секілді көптеген өлең-жыры – айқын дәлел, айшықты мысал. Тарихи тақырыпқа қалам тартқан қаламгердің түпкі мақсаты, басты нысанасы ханды да, қалың бұқараны да тарихтан тағылым алуға шақыру болса керек. Ендеше, мына жыр жолдарына зер салып көргейсіз:

«Қаройдың қамшым қалды  қабағында», –

деп өткен бабамыз көп заманында.

Данышпан қариядай, жатқан сынды

Қалың бір ойға батып дала мұнда.

Қара бұлт ұлыларға төнді кілең,

Бас тартпай Махамбет те өрлігінен,

Пейілдің тарлығынан кеткен шығар

Даланың опа таппай кеңдігінен…

Бұл – «Қаройдың қабағында» атты өлең-нің алдыңғы қос шумағы. Ал Қарой – от тілді, орақ ауызды Махамбет ақынның жер-ленген жері, мәңгілік мекені. Енді үшбу үзіндінің соңғы екі жолын қайталап оқып көрейік:

Пейілдің  тарлығынан  кеткен  шығар,

Даланың  опа  таппай кеңдігінен…

Жайшылықта «Даламыз кең байтақ» деп төсімізді ұрғанда, кеудемізді кергенде керімбіз, ал бір-бірімізге деген ниетіміз түзу, пейіліміз кең бе?.. Бұл – қазақ үшін қай заманда да, қандай қоғамдық формацияда да, тіпті әлі күнге дейін өте-мөте көкейкесті мәселе…

Көкбөрінің ұрпағы ұлыды ма Ұрымнан,

Көкті тіреп төбеміз, біз кеткенбіз Қырымнан.

Қолшоқпары патшаның қоймаған соң ұрғыштап,

Қобаннан да көшкенбіз, бетімізді күнге ұстап.

Кезек бермей кек пен қан, ақыл кейін қонды ма,

Кеңдігі әлде көңілдің, талақ еттік Донды да.

Қайығымыз батпады, қалса-дағы ауырлап,

Құран ұстап ант еттік, бөлтірікті бауырға ап.

Көмдік талай батырды, тұрды арулар мұңдана,

Кімдер едік… белгілі, болған жоқпыз құл ғана…

Үшбу үзінді – Ғайсекеңнің «Қырымнан да кеткенбіз» өлеңінің ілгергі жолдары. ХV ғасырдың соңғы онжылдығының орта шенінде Доспамбеттей жауынгер жыраудың кіндік қаны тамған Донның төменгі сағасындағы анау Азау шаһарын айтпағанда, құйқалы Қобан (Кубань), қырмызыдай Қырым, ен тоғайлы Еділ, ақ шаңқан Қажытархан (Астрахан), сарытап сағынышқа айналған Сарытау-Саратов һәм қазіргі заманғы Қазақстанның алғашқы астанасы болған Орынбор… еһ-һ-һ-һ, әрісі күллі Дешті-Қыпшақ, берісі түркі жұртына түгел құтты қоныс, киелі мекен болған, бертін келе уыстан шығып, көзден бұл-бұл ұшқан өлке-өңірлердің  қайсыбірін айтайын?.. Осының бәрін ғазал жырға тізе келіп, бүгінгі өз қазағына қоса, күллі түркі әлемін тұтастыққа, барша мұсылман дүниесін бірлік-бүтіндікке насихаттап, тарихтан тағылым,  өткеннен сабақ алуға шақырады пайғамбарлардың  бірімен  аттас  Ғайса-шайыр.

Ғайсекең Тарих ғаламшарына поэзиялық жорық жасау барысында Ақбұлақ, Беляев болып өзгерген Бөрте, Житкурға айналған Жетікүрең, Сақмар сықылды Ресейдің Ақ Жайық атырабымен шекаралас губернияларындағы шығу төркіні қазақ пен ноғайға барып тірелетін жер-су атауларын тілге тиек ете келе, сөздің жақсы мағынасында ономастикалық-топономикалық тұрғыдан ескі жараның аузын орынды тырнай отырып, бүгіндері ресми түрде өзімізге тиесілі жер атаулының қадірін білуге, жерді игеру, пайдалану мәдениетін түпкілікті меңгеруге, жалпы, экологиялық мәдениетімізді күрт көтеруге үндейді. Иә, Жер-ананы нақты іс жүзінде қадірлеу Мәңгілік ел болуды көксейтін барша қа-зақ үшін ең қасиетті парыздың, ең басты борыштың  бірі  болуы  тиіс!

Сезсе де өзін патша қорғамасын,

Жайықтың аңсап келіп оң жағасын,

Еліме түбі қоныс бола ма деп

Ойлапты Әбілқайыр Ор қаласын, –  деп басталатын «Орынбор» өлеңінде көп жылдан бері орман-орысқа тиесілі Ақбұлақ, Бөрте, Қуандық, Елек сықылды қазақы жер-су  атауларын  тізбелей  келе,

Тұрғандай мүлгіп терек те,

Шет жақта қалған қабір көп.

…Еркелей алмай Елекке,

Жайыққа жеттім «Жаным!» деп күрсінеді, күңіренеді ақын. Қайыр-қош, болған іс болды, бояуы сіңді. Қазтуған жырау айтқандай, қаншама «Қайырлы болсын сіздерге, Бізден де қалған Еділ жұрт…» десек те, ата-бабамыздан «Талай-талай заман болар, Қарағайдың басын шортан шалар…» деген де сөз қалғанын жадымызда  жаңғырта  жүрейік…

Біз бұл жолы арнайы ат басын бұрып, ой шалдырмасақ та, Ғ. Сейтақтың шығармашылығында махаббат пен табиғат лирикасының айтулы орны бар. Сөйте тұра, біз тұтастай алғанда Ғайсекең ойдың ақыны, сыршылдан гөрі ойшыл шайыр деген тоқтамға келдік. Оның ойшыл ақын ретінде қалыптасуына туған жері – Нарын құмының табиғаты тікелей әсер еткені шүбәсіз. Негізі, нағыз ерте көктемде болмаса, құмнан лирика іздеу қисынсыз. Есесіне, құм ойға, философиялық пайымдауға жетелейді. Ал философия – ойдың нәрі, ойдың қазынасы ғой. Бұрынғылар «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген екен. Өйткені, алпысқа келген кісінің өмірден көргені де, көңіліне түйгені де көп болса керек. Ендеше, алпыстың асқарына көтерілген ақыннан бұған дейін жазғандарынан бетер оқырманының ойлау көкжиегін кеңейтер, интеллектуалдық деңгейін биіктетер ойлы, нәрлі дүниелер күтеміз.

Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

Қазақстан  Жазушылар одағының  мүшесі,   

ҚР  Ақпарат  саласының  үздігі


«Қызыл кітап» – табиғатқа берілген қызыл мандат!

Күні: , 598 рет оқылды


   …Отыра алмас ұл шыдап,

   Қызың шыдап.

   Жоғалғандар тізімі – ұзын шұбақ.

   Қызыл кітап –

   Мезгілсіз кеткендердің

   Бастарына қойылған қызыл шырақ!

   Келеді кез,

   Күрделі біздің бұл кез!

   Жаутаңдайды адамға түзде мың көз,

   Қызыл кітап –

 Опат боп кеткен аңның,

 Бастарына қойылған қызыл күмбез.

 Қашқан кезде адамнан

 Ізін қандап,

 Тау ешкісі өтеді құзыңды аңдап.

 Қызыл кітап –

 Тірі жан тимесін деп,

 Хайуанатқа берілген қызыл мандат!.. 

                                                                                    

Қадыр МЫРЗА ӘЛИ

(«Қызыл кітап» поэмасынан)


«Қызыл кітап» – бұл жер бетінен жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жәндіктер, құстар мен аңдар туралы қысқаша сипаттамалық жинақ. Өкінішке орай, бүгіндері әлгіндей зауал төніп тұрған табиғат перзенттері аз емес. Тіпті жылдан жылға олардың қатары көбейіп, сондықтан да «Қызыл кітап» атаулы әр шыққан сайын күрт қалыңдап барады.

1948 жылы құрылған Халықаралық табиғатты қорғау қоғамы сиреп кеткен өсімдіктер мен хайуа-наттардың тізімін жасауға кірісті. Араға бір жыл салып, тым сирек ұшырасатын түрлерді қорғауды мақсат тұтқан комиссия құрылды. Осы комиссия мүшелерінің жылдар бойғы қажырлы еңбегінің нәтижесінде 1963 жылы алғашқы халықаралық «Қызыл кітап» шықты. Үшбу комиссияның төрағасы, ағылшын эколог-орнитологы Питер Скотт «Қызыл түс қауіп-қатердің түсі, сол себепті адамдардың назарын бірден аударуы тиіс» деген ұйғарымға келіп, құрып кету қаупі төнген табиғат перзенттеріне арналған алғашқы жинақ қызыл түспен һәм сондай атаумен шықты. Содан бері халықаралық «Қызыл кітап» толықтырылып, бірнеше рет қайта басылған көрінеді. Бұған қоса әр мемлекет өзінің «Қызыл кітабын» шығаруды жолға қойды. Керек десеңіз, Ресей Федерациясы сияқты жер көлемі тым үлкен мемлекеттер өзінің құрамындағы әр аумақтық бөлініске қатысты дербес «Қызыл кітап» шығаруды дағдыға айналдырған. Ерекше екпін түсіріп айта кетерлік бір мәселе, қай жылы, қай мемлекетте, қай тілде, қандай көлеммен шықса да, «Қызыл кітап» атаулының бір-ақ басты мақсаты бар, ол – жер бетінен жойылып кету қаупі төнген табиғат перзенттерін (өсімдік, жәндік, құс, аң, балық, т.с.с) біржола құрып, мүлдем жойылып кетуден арашалап қалу. Осы тұста бәлкім, балаң, жасөспірім-көкөрім санада «Құдай жаратқан жәндік пен өсімдікке, аң мен құсқа мүлдем жойылып, тып-типыл құрып кететін қауіп-қатер қайдан?!» деген сауал қылаң беруі әбден кәдік. Иә, ондай қауіп-қатер негізінен адамнан, яғни адамның ашкөздігі мен адам қолымен жасалатын техногендік үрдістер кең дүниенің апшысын қуырып, тынысын тарылтып, жайпап барады.

Қазақстандық қоғамда қазіргі кезде сана сергектігі, рухани жаңғыру, рухани түлеу мәселесі өткір тұрға-ны мәлім. Демек, туған еліңнің, туған өлкеңнің табиғатына жанашыр болу әрі перзенттік парыз, әрі Отанның ортақ шаруасына оң иығыңды тосу деген сөз. Осындай ұғым-түсінікпен біз бүгін «Қызыл кітап» деген арнайы айдар ашып отырмыз. Бұл айдар аясында Ақ Жайық атырабы, яғни біздің Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қызыл кітапқа» енген табиғаттың төл перзенттерінің сипаттамасы беріліп тұрмақ. Дала-қала, аудан-ауыл, ел-жұрт тегіс білсін, туған өлкеміздің қай өсімдігі мен қай хайуанатының тағдыры қыл үстінде тұрғандығын. Біліп қана қоймай, олардың жер бетінен мүлдем жойылып, біржола құрып кетуіне жол бермей, үлкен-кішіміз бірдей жанашыр болайық, әлеумет! Осы идеяны қағазға түсірмек ойда жүргенде, ең болмаса қолымызға ұстап, парақтап көрейік деп «Қызыл кітапты» іздегенбіз. Облыс орталығындағы кітап дүкендерінен бірде-бір үшбу жинақты таппадық. Содан табиғатты қорғау, эколо-гиялық ахуалды қадағалау тікелей міндет-миссиясы болып табылатын облыстық деңгейдегі барлық мекемеге хабарластық. «Қызыл кітап» олардың барлығында дерлік жоқ болып шықты. Іздегенімізді тек Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен М. Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың кітапханасынан ғана таптық. Көрдіңіз бе, табиғаттың қай перзентіне адамның аялы алақаны, жанашыр көзқарасы керек екендігі жөнінде мәлімет беретін «Қызыл кітаптың» өзі қасқалдақтың қанындай қат болып тұр. Негізі мұндай жинақ әр мекеме, тіпті әр үйде тұрса да, еш артықтық етпес еді…

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

 

Ақ тұңғиық

Саны азайып бара жатқан сирек түрлердің бірі.

Ақ тұңғиық азықтық, өндірістік, шипалық және эстетикалық маңызға ие. Көпжылдық шөптесін су өсімдігі. Сабағы жоқ. Жапырақтары ұзынсағақты, суда қалқып жүреді, қалақтары тең бүйірлі емес, жапырақтарының үстіңгі беті жасыл, ал төменгі беті күлгін түсті. Тостағаншасының түбі дөңгелек. Гүлдері ақ түсті, біртіндеп аталыққа айналады, саны көп. Аналығы сары түсті, жалпақ. Гүлдері таңғы сағат 7-лерде ашылып, кешкі бесте жабылады. Түнде су астына кетеді. Жапырақтарының устьицалары тек үстіңгі бетінде болады және олардың саны орасан көп – 1 мм-ге 460-тай устьице келеді. Вегетативті  көбеюі ірі тамырсабағы арқылы жүзеге асады. Маусым-тамыз айларында гүлдеп, шілде-қыркүйекте жеміс береді. Табиғи жағдайы Батыс Қазақстанда (Жайық өзенінің бассейні) тоғандарда, қақ суларда, ағысы баяу өзендердің тоғандарында, көлдерде кездеседі. Кішігірім өзендердің арналарының кеуіп кетуі, су қоймаларының таяздануы, суының ластануы және өсімдіктің әсем гүлдерін көптеп жинау кесірінен тамырсабағының зақымдалуы түрдің сақталуына теріс әсер етеді. Қолдан өсіруге келмейді. Сирек су өсімдіктерін: сальвиния, тұңғиық, сарытұңғиық сияқты өсімдіктерді сақтау үшін Жайық өзенінің тармақтарының бірінде (Быковка, Прорва) қорықша құрылуы тиіс.

Алып көртышқан

Сирек, таралу аймағы шағын, Каспий өңірінің эндемигі. Солтүстік Каспий өңірінде таралған, Қазақстанда Жайық, Жем өзендерінің аралығында мекендейді. Әр түрлі типтегі құмдардың ылғалы мол жазықты және дөңесті бөліктерінде, терең сайлардың беткейлері мен құрғап қалған өзен арналарында ұшырасады. Қазақстанда жалпы саны белгісіз. Қоныстау тығыздығы 1 га-да 0,26-дан төрт басқа дейін ауытқып отырады. Шектейтін негізгі себептер – малды шектен тыс жаю, қатал қыс пен құрғақшылық. Батыс Қазақстан облысының Қарағаш құмды алқабында қорықша ұйымдастыру қажет.

Бұйра бірқазан

Саны кеміп келе жатқан түр. Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарындағы және Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі кейбір өзен-көлдерде жекеленіп ұялайтын топтары кездеседі. Тіршілік мекенінің нашарлауы және қасақылықтың (браконерліктің) әсерлерінен республикамызда бар-жоғы осы құстың ұялайтын 2 мыңға жуық жұбы ғана сақталып қалған. Ең алдымен Іле өзенінің бойында, сол сияқты Торғай өзенінің көлдерінде қорғалатын территорияларды ұйымдастыру керек.

Еділ майшабағы

Республика суларында, өзендердегі уылдырық шашатын жерлерінің жойылуынан және ретсіз аулаудың нәтижесінде саны өте жылдам кеміп келе жатқан өтпелі балық. Солтүстік Каспий су алқабында тіршілік етеді, бұрын онда ауланатын майшабақтардың негізін құраған. Жайық (бұрын 300 шақырымға дейін өрістейтін), Еділ, Терек өзендерінде уылдырық шашатын. Теңізде жайылып, ұзындығы 40 см, салмағы 600 г жететін. Таралу аймағының қазақстандық бөлігінде бұрын да көп болмайтын, ал қазір өте сирек кездеседі. Табиғи көбеюіне қамқорлық жасап, қолдан өсіру биотехникасын іске асыру қажет.


Бауыржан Ғұбайдуллин: «Ұлы далаға қазақтың саны сай болуы шарт»

Күні: , 155 рет оқылды

губайдуллин


…Белгілі жазушы-журналист, қоғамның қордаланған мәселелерін аршып,  көптің көкейіндегі өзекті тақырыптарды қаузап жүрген қарымды қаламгер Бауыржан Ғұбайдуллинмен әңгімелескеннен  кейін  көкейге түйгеніміз, арқалап қайтқан олжамыз көп.  Қазақтың шежірелі өлкесі – Батыс Қазақстан облысының айнасы, биылғы жылы ғасырлық тойын тойлайтын тарихи һәм тағылымды басылым  – «Орал өңірі» қоғамдық-саяси  газетін талай жылдан бері басқарып келе жатқан білікті басшымен сұхбатымыз тек қалам мен қағаз төңірегінде өрбіген жоқ. Жанашыр азамат өз өңірінің әлеуметтік-экономикалық  түйткілдерін де қаузады.


– Бауыржан Файзоллаұлы,  журналистік жолыңыздың бастауында кімдер тұр? Қалам ұстауыңызға кім ықпал етті?

– Бұл сұрағыңызға барынша толыққанды жауап беру үшін әңгімені әріден бастауға тура келеді-ау. Мен 1965 жылғы қыркүйектің бірінде Шағатай ауылдық округіне қарасты  жүз түтінді Қызылжар деген ауылда жарық дүниеге келіппін. Бұл ауыл-аймақ бұрын Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қараған еді, қазір Теректі ауданының құзырында. Қызылжар – іргесінде Жезбұға деген көл бар, ал 3-4 шақырымдай жерде ерке сылқым Ақ Жайық өзені ағып жатқан айналасы табиғи жасыл желекке жомарт, табиғаты керемет ауыл.

Әкем Файзолла ұзақ жыл егіс бригадасының бригадирі болып жемісті еңбек етті. Жылдар бойы жер баптаған диқанның өңірінде бірнеше орден-медальдың жарқырайтындығы балаң көңіліме қаршадайымнан мақтаныш ұялататын. Анам Сағира негізінен үй шаруасында болып, алты перзентінің тәрбиесімен айналысты. Бірақ жаз айларында пішеншілерге көже дайындау, кірпіш басу, шаруашылықтың қоғамдық малының қорасын майлау сықылды науқандық  жұмыстарға атсалысатын. Ата-анам қарапайым еңбек адамдары болса да, көзі ашық, көкірегі ояу жандар еді. Әкем үйге «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Мәдениет  және  тұрмыс», «Қазақстан әйелдері», «Орал өңірі», «За рулем», «Сельский механизатор» секілді бірнеше газет-журналды жаздыртып алатын. Сол мерзімді баспасөз өнімдерінің арасында «Балдырған», «Қазақстан  пионері» және Мәскеуден шығатын «Пионерская правда» сияқты балаларға арналған, яғни біздер үшін жазылған басылымдар да болатын. Мен осылайша әріп тани бастағаннан-ақ,  әкемнің арқасында  газет-журнал оқуға машықтандым. Қасына отырғызып  алып, әкем әуелі газет-журналдардағы материалдардың ірі әріппен жазылған атауларын оқытатын.

Әкем маңдай тері маржан дәнге айналар диқандардың жетекшісі болғандықтан, жыл-он екі ай бойы бірі бітсе, іле-шала екіншісі басталып жататын, мәселен, көктемде жер жырту, топырақты тырмалау, дән себу, жаз ортасы ауа егін жинау, егінжайдан қырманға жеткізілген өнімнің кебегін ұшырып, дәнін жауын-шашынға ұрындырмай, қаладағы элеваторға жеткізу, күз түсе қайтадан жер жырту, тырмалау, күздік бидайды себу, қыста қар тоқтату сықылды қарайған жұмыстың басы-қасында жүретін. Ол, әсіресе, көктемгі егін егу мен жаз ортасы ауа басталатын егін жинау науқаны кезінде үйден гөрі, дала қосында жиі түнейтін. Ал әкем қыстыгүні жұмыстан кешкі сағат алтыдан кете үйге келгеннен кейін анам алаулатып от жағып қойған ошақтың пешіне арқасын сүйеп, дауыстап кітап оқуға кірісетін. Әкем кітапты кешкі тамақтың қамымен жүрген немесе иірілген жүннен бізге қолғап-шұлық тоқып отырған анам есту үшін дауыстап оқушы еді. Әкемнің осындай мәнермен Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясын», Александр Бектің «Арпалысын», Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызын», Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндерін» оқығаны жадымда. Сірә, соғыстың ауыртпашылығын бастарынан өткерген ұрпақ болғандықтан шығар, ата-анам әскери-патриоттық тақырыптағы әдеби шығармаларды ерекше жоғары бағалайтын. Әсіресе, даңқты қолбасшы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы әке-шешемнің ең сыйлы әдеби кейіпкері еді.

Анам марқұм ретті жерінде әдемі әзіл, орынды қалжыңға қонақ беріп, айналасын күлкіге қарық қылып отыратын ақжарқын адам еді, жарықтық. Өлең де жазып, замандастарының басы қосылған қонақтықтарда ән де салатын. Анашым Махамбеттің жыр-термелерін, халық әндерін, халық композиторларының әндерін, әсіресе, Ақан серінің әндерін ерекше сүйсініп тыңдайтын.

Темірге салсаң, нағыз ұста, ал ағашқа салсаң, хас шебердің өзі, төрт кластық оқумен-ақ өзін-өзі жетілдіру арқылы ауыл шаруашылығының техникасына бірнеше техникалық жаңалық енгізген әкем марқұм өте сабырлы кісі еді.  Ол түскі асқа келген күндері радиодан әуелі жаңалықтарды тыңдап алып, сосын Шәмшінің әндері жазылған күйтабақты (пластинка) қоятын. Айтпақшы, 4-5-класта оқып жүрген кезімде біздің үйде «Қобыланды батыр» эпостық  жырының күйтабағы болды. Соны сабақтан кейін рухтанып, арқаланып отырып тыңдайтынмын. Сондай-ақ бала күнімде аңыз-ертегілерді құмартып оқушы едім. Жалпы, біздің толқын кітапқұмар болды. Шағын ауылымыздағы шағын кітапхананы түгесіп, көбіне оқитын кітап таппай дал болатынбыз. Баламыз ғой, бір-бірімізден жақсы кітапты қызғанатынбыз. Мәселен, «Үйіңдегі бөпең  жыртып тастайды» деген желеумен маған Алтай деген кластас досым белгілі балалар жазушысы Аркадий Гайдардың «Тимур және оның достары» деген кітабын, ал Қайыржан атты кластасым «Бозінген» деп аталатын ертегілер жинағын оқуға бермей қойғаны әлі күнге дейін жадымда.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, күндердің күнінде журналистикаға, әдебиетке келуіме ата-анамның тәлім-тәрбиесі көбірек әсер еткені анық. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде,  үлкендер жағы бүгіндері «Қазіргі балалар кітап оқымайды» деп кінәлауға бейім. Өз басым ұл-қызым төменгі кластарда оқитын кездерінде кітап дүкеніне ертіп барып, өздері қалаған немесе өзім кеңес берген балаларға арналған кітапты сатып алып, сосын сол кітаптан бір-екі әңгімені немесе бірер ертегіні әуелі өзім оқып беріп, кітап оқуға қызықтыратынмын. Бүгіндері ересектердің өздері кітап оқи ма және перзенттерін кітап оқуға баули ма, жетелей ме? Дастарқан басында оқыған кітабынан алған әсерін бала-шағасына әңгімелей ме? Міне, мәселе қайда?..

Бүгіндері қыстың аязды немесе боранды кешінде ата-анам жып-жылы үйде кітап оқып отырған шуақты сәттерді сарқылмас сағынышпен еске аламын…

Біздің бала, бозбала кезімізде, жас шағымызда мереке-мейрамдарда немесе туған күнге әдеби кітап сыйлау үрдісі болды. Керек десеңіз, «Ең жақсы сыйлық  –  кітап» деген көзқарас бар-ды. Орынсыз ұмытылған осы жақсы дәстүрді сіз болып, біз болып жаңғыртсақ, жақсы болар еді…

– Мектепті  бітіре салып, зауытта жұмыс істепсіз. Одан кейін әскер, қайтадан өндірістегі, құрылыстағы еңбек. Шалғайдағы Алматыға екінің бірі жете алмайтын кез. Арман қалаға сіз қалай тап болдыңыз?

– Орта мектепті 1982  жылы тәмамдадым. Мектепте жалпы жақсы оқыдым. Біздің Қызылжардағы мектеп сегізжылдық болатын. Тоғызыншы, оныншы кластарды совхоздың орталығындағы мектеп-интернатта  жалғастыратынбыз. Тоғызыншы класта бүйрегіме қатты суық тигізіп алдым, оның үстіне сол жылы анам айықпас дертке шалдығып, келесі жылы дүние салды. Міне, осы екі жағдай, яғни өзімнің сырқаттануым, анамның  ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болуы менің сабағымды қатты құлдыратып жіберді. Мектеп бітіргеннен кейін бір жыл бойы әкемнің ас-суын дайындап, өзімнен кіші бауырларыма қарап, үйдің бүкіл ішкі-сыртқы шаруасын істеп үйде болдым. 1983 жылдың мамырында өзімнің алдымдағы ағам әскерден оралды да, мен Орал қаласындағы «Металлист» зауытына үйренуші-токарь ретінде жұмысқа тұрып, еңбек жолымды бастадым.  1983 жылдың күзінде әскерге алынып, екі жылдан соң аталмыш өндіріс ошағына қайта оралдым. 1988 жылы ҚазМУ-ге оқуға түскенше, «Металлист» зауытында слесарь, «Уральскпромстройтрест» құрылыс бірлестігінде арматура кесуші болып жұмыс істедім. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын, енді соған келейік. Зауытта станоктың басында тұрайын, әскер қатарында болайын, құрылыста жұмыс істейін, әйтеуір өмірден өз орнымды түпкілікті таппағанымды сезінумен болдым.

Бала кезімде футболды өте жақсы ойнадым. Бозбала шағымда мектептің құрама командасына қабылдандым. Өзім қызмет еткен әскери бөлімнің, сондай-ақ  жұмыс істеген кәсіпорын командаларының да жасыл алаңда намысын қорғадым. Бірақ оқушы кезімде футбол-хоккей ойнап жүріп, сол аяғымды тізеден үш рет шығарып алған едім. Жиырма бір жасымнан бастап, үшбу жарақат (травма) футболшы ретінде тым жиі мазалай бастады. Шамасы зауытта бірнеше сағаттап станоктың басында екі аяғымнан тік тұрып жұмыс істегенім ескі жарақатқа жағымсыз әсер етті-ау деп ойлаймын. Әскерге  алынған күздің қараша айының соңында казарманың жылу жүйесі істен шығып, жүз қаралы солдат бұрыш-бұрышына қалың қырау тұрған мұздай казармада қыстап шыққанымыз бар. Түнде тоңып, бүрісіп ұйықтап жатқанда көбіне аяғымыз құрысып қалып оянатынбыз. Бұған әскерде табаннан өткен сызды және қосыңыз. Сонымен «Жақсы ат аяқтан қалады» дегендей, ақыры сол жақ тіземнің үш рет шығуы мені футболшы болсам деген аяулы арманыммен біржола қоштасуға мәжбүр етті. Оның үстіне ол кездері қазақтың қабілетті баласының  арқасынан қағып, қанаттандыратын ұлттық маман Ресейдің бес бірдей губерниясымен шектесетін біздің Орал облысында мүлдем жоқ-ты.

Енді менің қолымнан не келеді? «Атақты футболшы бола алмадым, енді ең болмаса, балалар бапкері болсам…» деген ой иектей бастады. Сөйтіп жүргенде, зауытта бірге істейтін жігіттердің бірінен Ресейдің Саратов облысына қарасты Вольск қаласындағы педагогикалық училищеде футболдан балалар бапкерін даярлайтын бөлім бар деп естіп, 1986 жылдың жазында сонда құжат тапсыруға бардым.  Алайда әлгі ақпарат қате болып шықты да, Оралға оралып, жұмысымды жалғастыра бердім. Міне, сол кездері маған «Неге  ҚазМУ-дың  журналистика факультетіне барып, бақ сынамаймын?» деген ой келді. Осылайша аудандық, облыстық, республикалық  газет-журналдарға  мақала  жазып, арман қала – Алматыға аттануға дайындық басталды. Содан «Нартәуекел!» деп, 1988 жылдың жазында кезекті еңбек демалысымды алып, Алматыға тартып, Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне құжат  тапсырып, оқуға түстім. Алайда  шынымды  айтсам, біраз уақытқа дейін сенер-сенбесімді білмей жүрдім. Өзіңіз ойлаңызшы, мектептен кейін алты жылдан соң, әскерге барып келгеннен үш жылдан кейін ақ-адал еңбегіңмен анау-мынау емес, ҚазМУ-дың студенті атану, шынында, бақыттан бас айналатын жағдай ғой. Қазіргі уақытта мектептен кейін алты жылдан соң, әскерден келгеніңе үш жыл өткенде университетке өз біліміңмен түсу мүмкін бе?..

Бүгінде өмірден өз орнымды тапсам деген жас кезімдегі сөздің жақсы мағынасындағы өлермендігіме, жанкештілігіме еріксіз сүйсінемін. Сол жылы бір орынға қанша талапкерден келгені қазір жадымда жоқ, әйтеуір, журфакқа түскісі келетін абитуриент көп болғаны есімде. Сол жылдары факультет деканының орынбасары болған Әбілфайыз Ыдырысов ағай бірінші курстың бірінші семестрінде, сабақ үстінде бүкіл курстың көзінше «Егер естеріңде болса, биыл сендер оқуға түсерде шығармашылық турдағы жазбаша емтихан бойынша келген еркін екі тақырыптың бірі «Қайта құруды қалай түсінесің?» деген тақырып болатын.

Осы тақырыпқа шығарма жазған 17 абитуриенттің ішінен оқуға түскен мына Ғұбайдуллин ғана», – деп маған мейірлене қарады.

Иә, мен шығармашылық турдағы жазбаша емтиханда жаңағы тақырыпқа шығарма жазып, КСРОның сол кездегі басшысы, СОКПның бас хатшысы Михаил Горбачевтің қайта құру саясаты алып елдің ішкі саясатына, қоғамдық-әлеуметтік  тыныс-тіршілігіне әуелгіде тың серпін бергендігін нақты дәлелдер келтіріп, бірақ соңғы кездері тиянақты істен гөрі, Горбачевтің өзінен бастап көпсөзділіктің етек жая бастағандығын, егер осылай кете  берсе, қарайған  халық үміттеніп отырған қайта құрудан қайыр болмайтындығын жазғанмын. Әрине, бұл белгілі бір дәрежеде батылдық болатын, бірақ абитуриент үшін өте қауіпті батылдық еді. Өйткені ол жылдары КСРО секілді алып империяның ішінде де, сыртында да Горбачевтың айдарынан жел есіп тұрған-ды…

– Батылдығыңыздың тағы бір дәлелі – журфакта оқып жүрген кездің өзінде  Оралхан Бөкеевтен сұхбат алғаныңызды қатарлас дос-құрбыларыңыз күні бүгінге дейін аңыз қылып айтады. Әлі қаламы ұшталмаған студент сөз зергерінің алдына барудан жүрексінбеді ме?

– 1992  жылдың көктемінде Алматыдағы кітап дүкендерінің бірінен Оралхан Бөкеевтің 1990 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Ұйқым келмейді» атты кітабын сатып алып, бас алмай оқып шықтым. Үшбу жинаққа Оралхан ағамыздың бұрынырақта жазған бірқатар шығармаларына қоса, «Атау кере» атты жаңа повесі енген екен. Бұл жазушының суреткерлік  шеберлігі кемеліне келген кезде жазған, сондықтан да төрт құбыласы сай, төрт аяғы тең жорға тың туындысы еді. Әрине, ол кезде «Атау кере» Оралханның соңғы шығармасы болып қаларын ешкімнің білмегені хақ. Жинақы, шымыр һәм шынайы жазылуымен «Атау кере» маған қатты ұнады. Оқыған адамның жан дүниесіне рухани азық болар философиялық нәрге, санасына ой салар психологиялық иірімге бай шығарма атақты жазушыдан сұхбат алуға жетеледі.

Ол кезде төртінші курстың студентімін. Бірақ күндізгі бөлімде оқысам да, Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде жарты ставкада қосымша қызмет істейтінмін. Ал Оралхан ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болатын. «Атау керені» оқып шыққаннан кейін көп ұзамай Оралхан ағайға хабарласып, «Алматы ақшамы» газетінің тілшісі ретінде сұхбат алғым келетінін айттым. Ол кісі өзінің кабинетінде жолығар уақытты белгіледі. Межелі уақытта барып, амандық-саулық  сұрасқан соң, Орағаң қай оқу орнын, қашан бітіргенімді сұрады. Әлі студент екенімді, қалалық  газетте қосымша қызмет істейтіндігімді айтып едім, ол кісінің бет әлпетінде маған деген сенімсіздік пайда болғандай көрінді. Дегенмен сұрақтарымды қоюға рұқсат берді. Мен сұрақ қойып, ол кісі жауап берген сайын Оралхан ағаның сұхбат алуға атүсті келмей, іштей тыңғылықты дайындықпен келгеніме риза бола бастағандығын аңғардым. Қанша уақыт сөйлескеніміз қазір жадымда жоқ, бірақ кетерімде Орағаң: «Интервью газетке шықпай тұрып, маған бір оқытып аларсың»  —  деді. Алайда оқытып үлгере алмадым.

Себебі ол кездері «Алматы ақшамы» үлкен форматпен аптасына бес рет шығатын. Құдды комбайн сияқты еді, көп жағдайда қазір жазып болған материалың редакция басшылығы оқып, қол қойысымен бетке қатталып, өндіріске кетіп жататын. Менің сұхбатымның да тағдыры солай болып, «Алматы ақшамының» 1992 жылы 14 мамырда жарық көрген санында жарияланды. Тура күні ертең шығатын нөмірге кететінін білісімен, Орағаңның қабылдау бөлмесіне хабарласып едім, ол кісі орнында болмай шықты. Ал ол кездері қазіргідей ұялы байланыс әлі жоқ-ты. Бірер күннен кейін Орағаңмен көкбазарға қарама-қарсы редакциялар ғимаратының дәлізінде кездейсоқ кездесіп қалдым. Берген сәлемімді алғаннан кейін ол кісі салған жерден: «Мен саған әуелі маған оқытып ал деп едім ғой» деді түсін суытып. Не себепті оқытып үлгере алмағанымды айттым. Сол кезде барып түсі жылып, «Рақмет, сұхбат өте жақсы шыққан!» деп қайтадан қолымды алды. Айтпақшы, сұхбат барысында жазушы «Атау керенің» жарық көргеніне екі жылдың жүзі болса да, әлі ешкім жазбаша пікір білдірмегендігін ренішті рәуішпен тілге тиек еткен-ді…

– Оралхан Бөкеев сізге берген сол сұхбатында: «Халыққа қалқан болатындар бар да, халықты қалқан тұтатындар да бар», – деген екен. Қазақтың бүгінгі қалқаны кім? Ел кімнің сөзіне сүйенеді? Кімге арқа сүйейді?

– Бүгіндері әлемнің алпауыт елдері  жер-жаһанды  қайта бөліске, ханталапайға салып  жібергендей көрінеді. Халықаралық саясатқа ықпалы зор, әскери күш-қуаты ересен державалардан келетін кесірді ескермеген Ирак, Египет, Ливия, Сирия, Украина секілді мемлекеттердің бүгінгі тағдырынан хабардарсыз ғой. Біз даламыз байтақ, жеріміз кең болғанымен, саны аз ұлтпыз. Сол себепті әлгіндей саяси қақпақылға ұрынбаудың жай-жапсарын ұдайы естен шығармауға тиіспіз. Сөйте тұра,  ешкімге есемізді де жібермеуіміз керек. Демек, дәл қазір «Мынаның сөзіне құлақ асайық, ананың соңынан ерейік» деп көлгірсіп, қоғамдық-саяси әркелкілікке ұрыну өте қауіпті. Ондай жағдайда біз қазіргі күнімізге зар болып, ішкі-сыртқы жымысқы ниетті, мысық- тілеулі керітартпа күштердің мазағына айналуымыз әбден кәдік. Сондықтан біз екі-үш қарап, бір-ақ шоқуға тиіспіз.

Дәл қазіргі жағдайда Қазақстанның халқы көп ұлтты, көп дінді болғандықтан, осындай мемлекетті басқару тәжірибесі бар әрі халықаралық саясатта да абырой-беделге ие тұлғаның маңына топтасқаны жөн-ау деп ойлаймын. Қазақстанның бүгінгі басшылығы еріккеннен көп векторлы саясат жүргізіп отырмағандығын алдымен қазақтардың өздері түсінуі шарт.

Ал нағыз қазақ қандай болу керек десеңіз, көз алдыма бірден нар тұлғалы, мәрт мінезді, білім десең, білімді, батыр десең, батыр қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров келеді. Сөйте тұра, қайталап айтамын, қысқа күнде қырық құбылатан қазіргі қитұрқы саясатта мәселенің бәрін батырлық шешпейді. Тіпті көзсіз батырлық немесе орынсыз батырлық  жағдайды біржола ушықтырып  жіберуі  әбден ықтимал…

Қазақстанның ресми билігінің барлық буындарында қияндағыны көретін, қиядағыны шалатын ұлтжанды һәм табанды қайраткерлер көбейген үстіне көбейе берсе екен деген ұлы арманым бар.

– «КазТАГ», «Айқын», «Ақжелкен», «Зерде», «Алтын Орда». Әр ақпарат құралының саясаты, ұстанған бағыт-бағдары бөлек. Қызмет ететін редакцияны бірнеше рет ауыстыру жеке көзқарас пен ұстанымыңызды қаншалықты өзгертті?

–  Сіз тілге тиек етіп отырған бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеу мен үшін кәсіби тұрғыдан қалыптасу, шыңдалу, кәсіби білім-білігімді жетілдіру мектебі болды. Бұл БАҚ-тардың қай-қайсысына да өзім сұранып емес, қызметке шақырылып бардым және олардан дүниетанымдық көзқарас-ұстанымым  жапа шекті деп айта алмаймын.

– Бауыржан аға, біраз жылдан бері Батыс Қазақстан облысының айнасы – «Орал өңірі» газетінің бас редакторысыз. Басылымның тыныс-тіршілігі қалай? Оқырманы кім?

– Биылғы шілде  айының соңына таман Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» қоғамдық-саяси  газетінің шыға бастағанына 100 жыл толады.  Бұл басылымның бастауында қазақты өзгелермен терезесі тең ел қылсам деп армандаған, өткен ғасырдың басында  халқымызды отырықшылық  мәдениет пен білім бұлағына жетелеген Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев сынды Алаштың біраз ардақты  азамат, аяулы тұлғалары тұр. «Орал өңірінің» тарихын  зерттеуде соңғы жылдары әріптесіміз Қазбек Құттымұратұлы ерекше қажырлы еңбек етуде. Ретті жерінде айта кетейін, біздің газеттің тарихының жүйелі зерттелуіне «Жайық  Пресс» медиахолдингінің басшысы Жантас Сафуллин мүдделілік танытып  келеді. Бір ғасырлық тарихы бар басылымның шежіресін тарқата берсек, тым ұзаққа кетеміз. Сол себепті сіздің жаңағы сұрағыңызға барынша нақты жауап беруге көшейін.

«Орал өңірінің» қазіргі тыныстіршілігі әрі қалыпты, әрі қарбалас. Қалыпты болатын себебі облыс басшылығының қолдауымен қаржыландыру тұрақты, материалдық-техникалық әлеуетіміз айтарлықтай жақсы. Дегенмен қазынадан қаржы бөлінеді екен деп, біз қол қусырып, қарап отырмаймыз, заң аясынан шықпайтын өзіміздің жарнамалық-коммерциялық іс-әрекеттеріміз арқылы мекемеміздің ортақ қазанына тым жақсы кіріс түсіріп отырамыз.

Ал енді қарбалас болатын себебі аптасына үш рет кемі 40 бет болып, 16 мың данамен шығатын газеттің күнделікті шаруасының өзі шаш-етектен. Оның бәрін тізіп, оқырман қауымды жалықтырмай-ақ қояйын. Еңбектеген сәбиден еңкейген кәріге дейін, сөздің тура мағынасында, «Орал өңірі» газетінің оқырманы. Өйткені біз балдырғандарға бағыштап, «Айналайын», «Балаларға базарлық» арнайы беттерін, ал жасөспірімдер мен жастарға арнап, «Кім болам?», «Гүлдәурен», «Студент», «Жұлдыздар», жанұя жарастығын насихаттайтын «Отағасы», «Айнамкөз»,  аға толқын үшін «Ардагер» арнайы бетін шығарып тұрамыз. «Бағбан», «Балға-шеге», «Ине-жіп», «Жаңа технология», «Өмір-өзен», «Әдебиет әлемі», «Әзілтерапия», «Керуен сарай» секілді шығармашылық  жобаларымыз да оқырман қауымның ықыласына ие. Ал нақты фактілерге негізделген сыни сипаттағы материалдар мен орынды мәселе көтерген мақалалар «Ақ-қара», «Көкейкесті», «Мәселе», «Қылмыс пен жаза», «Жемқорлық – індет, оны жою – міндет» айдарлары аясында жарық көреді.

Мемлекеттік тапсырысты орындау үшін бюджеттен қаржы бөлінетін ресми сипаттағы бұқаралық  ақпарат құралдарын бәсекеге қабілетті қылатын  көңілге қонымды, ақылға сыйымды дәреже-деңгейдегі либерализм. Жалпы, менің түсінігімде либерализм дегеніміз, ол жаңа  ғана айтқандай, басқа біреудің ақылға сыйымды, көңілге қонымды көзқарасына  берісі түсіністікпен, әрісі құрметпен қарау.

1924 жылы АҚШ-та жарық көрген «Журнализм канондары» деп аталатын журналистердің  алғашқы кәсіби кодексінің өзінде «Журналистің басты міндеті – халыққа билікті бақылауға көмектесу» деп жазылған екен. Меніңше, ресми сипаттағы БАҚ-тың өкілдері де осы басты міндет-миссияларын ешқашан естен шығармауы тиіс.

– Интернеттің даму қарқыны күн санап артып, газетті оқыту мұңға айналған уақыт қой. Жаңа заман талаптарына бейімделу, басылымның таралымын арттыру жолында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Өз басым айлап-жылдап кабинетінен шықпай отырып алатын редакторлардың қатарынан емеспін. Ал Камал Ысмайылов айтқандай, «Басылым  басшысына тартады».  Жылына кемі үш-төрт рет ең алыс аудан, шалғай ауылдарға дейін барып, тұрғындармен жүздесіп, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрамын. Осындай жүздесулер барысында ел-жұрттың алдында қазақстандық қоғамдағы және өзіміздің өңірдің тыныс-тіршілігіне қатысты көкейкесті тақырыптардың тінін тарқатып, жетістіктер мен кемшіліктер жөнінде алма-кезек әңгіме өрбітемін. Орайы келгенде, халықаралық  жағдайды  да қамти кетемін. Мұның бәрін құрғақ баяндамай, тыңдап отырған әлеуметтің санасына әсер етер факті-факторлармен  байытамын.

Жергілікті жұрт болса, билік құрылымдарына немесе редакция басшылығына айтар талап-тілек, өкпе-назына, алғыс-реніштерін  алға тартып, тілге тиек етеді. Бас редактор, жалпы журналист ретінде оқырмандардың аманатын аяқасты етпеймін. Сын жазу керек болса, сын жазамыз, мәселе көтеріп, қоғамдық пікір туғызып, биліктің назарын аудару керек пе, одан да қашпаймыз. Міне, біздің редакция мен оқырман қауым арасында осындай жанды, жүйелі, екіжақты тиімді һәм шынайы байланыс орнаған. Менің түсінігімде, кез келген БАҚ өз оқырман-көрермендерінің талап-тілегіне әр кез сергек қарап, өз аудиториясы үшін шынайы қызмет істеуі тиіс. Сонда ғана халықтың алдында БАҚ өкілдерінің жүзі жарқын болады. Ақпараттық  технологияның даму қарқынына сәйкес осыдан үш жылдай бұрын газетіміздің электрондық  сайтын аштық және «Орал өңірінің» фейсбук әлеуметтік желісінде парақшасы бар.

– Бауыржан Файзоллаұлы, Батыс Қазақстан халқының барлық мұң-мұқтажы сіздерге мәлім. Жергілікті жұрттың қай мәселесі орталық назарынан тыс қалып жүр? Жалпы, сізді жазушы, журналист, ұлтжанды, елжанды азамат ретінде қандай мәселелер қатты мазалайды, жиі толғандырады?

– Шүкір, мың өліп, мың тіріліп жүріп, осыдан ширек ғасыр бұрын қазақ елі ұлы мәртебелі тәуелсіздікке ие болды. Өз тізгініміз өз қолымызға тигелі бері қол жеткізген жетістігіміз  аз емес, әрине. Сонымен қатар қадау-қадау кемшілігіміз де баршылық. Сірә, соның ең бастысы, онсыз да ат төбеліндей аз ғана қазақты діни әркелкілікке  ұрындыруға жол бергеніміз болар. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1999 жылғы төртінші маусым күні жарық көрген санында «Ұл-қызыңыз қай дінде?» («ҚӘ», №23. 04. 06. 1999 ж.) атты мақалам жарық көрді. Бұл қазаққа діни әркелкіліктің қауіп-қатері төнгендігі  туралы  жазған алғашқы мақалам еді. Үшбу тақырыпты менен бұрын қаузаған әріптестерім де баршылық. Әсіресе, «Жас алаш» газеті тоқсаныншы жылдардың орта шенінен бастап аталмыш тақырыпқа қатысты жиі-жиі дабыл қаққаны жадымда. Егер сол кездері қазақстандық ресми билік ұлтжанды  журналистердің жанайқайына уақтылы  құлақ асқанда, қазақ арасындағы бүгінгі әсіре діни әркелкілік  жергөгінде тұншығып, жағдай қазіргідей ушықпас еді ме деймін.

Біздің билік «Бұлардан пәлендей зиян-залал бола қоймас» деген оймен  кейбір жат ағымдарға әлі де болса, әсіре көңілшектік танытып отырғандай көрінеді маған. Осыны сезген әлгілер сырт көзге әдейі бетегеден биік, жусаннан аласа көрініп, жақтастарын көбейтуге астыртын түрде жанталаса әрекет етуде. Меніңше, Қазақстанның ресми билігі мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы «Ислам дінінің Әбу-ханифа мәзһабы күллі  қазақ үшін мәңгі ортақ діни ұстаным» деген пәтуаны қазақ арасында, қазақтың ұлттық санасында біржола берік бекітуге белсенді әрекет жасауы шарт. Күн тәртібінде мемлекет құраушы ұлттың діни тұтастығы өткір тұрғанда «Біз зайырлы мемлекетпіз, бізде заң бойынша дін мемлекеттен бөлінген» деген қасаңдыққа ұрынудың еш қажеті жоқ. Өзіңіз салқын ақылға салып көріңіз, әгәрки аз ғана қазақтың өзі діни әркелкілікке айықпастай ұрынса, біз қалайша Мәңгілік ел боламыз?

Бізге демографиялық тұрғыдан күрт көбею керек! Ұлан-ғайыр далаға қазақтың саны сәйкес болуы шарт. Сөйте тұра, бүгіндері қаланың қазағына қоса, даланың қазағы да бір-екі баламен, әрі кетсе үш перзентпен шектелуге үйір болып барады. Бұл бағыт бойынша үкімет тарапынан айтулы әлеуметтік  қолдау болса, жағдайдың оңалары шүбәсіз деп сенейік.

2001 жылы «Ақсай – Үлкен Шаған – Атырау» газ құбырын тарту барысында Орал қаласының маңынан  бұрын беймәлім болып келген ескі шаһардың жұрты табылды. Зерттей келе, тарихшы ғалымдар мен археологтар үшбу шаһарды түркі жұртының құтты қонысы болған, ХІV ғасырға тиесілі елді мекен деген түбегейлі тоқтамға келді. Осыдан біраз жыл бұрын көне шаһардың жұртын аспан асты музейге айналдырудың керемет жобасы жасалды. Осы жобаны жүзеге асыру өте маңызды екендігін 2007 жылдан бері, Батыс Қазақстан облысының әкімдері ауысқан сайын айтып келемін. Дегенмен ол үшін әлі күнге дейін үкімет тарапынан жеткілікті қаржы бөлінер емес. Ал аталмыш жобаны жүзеге асыру не үшін қажет?

Біріншіден, Горбачевтың тұсында Кремльге арқа сүйеген кейбіреулердің  Орал өңірі Қазақстанға емес, Ресейге тиесілі деп көкігені мәлім. Әне, Оралдың түбіндегі көне шаһардың жұртын аспан асты музейге айналдырсақ, әлгі әпербақандардың аузына біржола құм құйылар еді.

Екіншіден, ішкі-сыртқы туристердің қарасы күрт көбейіп, қазынаға түсім артар еді.

Енді біразырақ болса да, экономикалық мәселелерді сөз етейік.

Аудан-ауылдарға барғанда халық  алдымызға кесе-көлденең тартатын мәселенің бірі – тері-терсек, жүн-жұрқа сықылды агрошикізаттың текке рәсуа болып жатқандығы. 2006 жылы отандық жеңіл өнеркәсіптің аянышты ахуалы хақында «Соры қайнаған сала», «Жұртта  қалған жеңіл өнеркәсіп» деген атаулармен сын мақалалар сериясын жазып, проблема көтергенмін. Содан бері он жылдан аса уақыт өтсе де, жеңіл өнеркәсіпке қатысты жағдай әлі түбегейлі жақсарып кете қойған жоқ. Біздің жақтың фермерлері  қойларын қырыққаннан кейін ешкім алмайтындықтан, тонна-тонна қой жүнін өртеуге немесе жерге көмуге мәжбүр. Міне, әлемдік нарықта (рынокта) жеңіл өнеркәсіп үшін баға жетпес шикізат – қой жүнінен біз әлі күнге дейін осылай құтыламыз! Қойдың жүнін өртегеннің де, көмгеннің де экологиялық зиян-залалы орасан.

Өртеген кезде түтін арқылы ауаға қыруар улы зат тарайды, ал қой жүнін жерге көмгеннен топырақтың  құнары күрт кемиді. Егер қойдың  бір жылда екі рет қырқылатындығын ескерсек, шаруа адамы қарайған қой жүнінен басқалай қалай құтылады?

Кеңес одағы кезінде Оралда Клара Цеткин атындағы тігін фабрикасы болды. Бұл өнеркәсіп нысаны 1800 қыз-келіншекті тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 1 миллион өте сапалы шалбар тігіп, өнімдерін ішкі нарыққа шығаруға қоса, экспортқа да жөнелтетін. КСРО ыдырағаннан кейін біздің үкімет тарапынан жылдар бойы лайықты қолдау болмады. Ақыры кезінде сапалы өнімдерімен аты шыққан фабриканың ғимараты осыдан 5-6 жыл бұрын халық пен мемлекеттің мүддесін тым тайыз ойлайтын шенеуніктердің кесірінен тұрмыстық техника сататын сауда үйіне айналып тынды. Ал оған дейін де алақандай Оралда әлгіндей сауда үйлері аз емес-ті…

Жеңіл өнеркәсіпке қажетті ресурс-резерв бойынша Қазақстанның кез келген облысының әлеуеті орасан зор. Демек, жеңіл өнеркәсіп бойынша біздің елдің кез келген өлке-өңірінде экономикалық  кластер қалыптастыруға болады. Әсіресе, аумағы шағын болғанымен, бір өзі Ресейдің бақандай бес губерниясымен шектесетін Батыс Қазақстан облысының  жеңіл өнеркәсіп жөнінен шикізаттық  та, экспорттық  та әлеуеті өте зор.

Соңғы кездері 6 миллиардтан астам әлем халқы жыл сайын 1,4 пайызға көбейе түсуде. Ал азық-түлік өнімінің артуы жылма-жыл 0,9% деңгейінде қалып отыр. Халықаралық сарапшылар қазірдің өзінде әлемнің 40-тан астам елі азық-түлік дағдарысын қатты сезініп отырғандығын айтып жүр. Бұл көрсеткіш 2030 жылға дейін кемі екі еселенетін көрінеді. Демек, Қазақстан егін өнімділігін арттырып, мал мен құс етінің сапасын еуростандартқа жеткізіп және жеңіл өнеркәсібін жүйелі жолға қою арқылы өз өнімдерімен дүние жүзінің біраз жерін «жаулай» алады.

– Тарихтың шежірелі қатпарларын біраз аршығаныңызды білеміз. Бекежанды арашалап алғаныңыз жұрттың жадында. Қазір қай тақырыпқа үңіліп, қандай оқиғаны індете зерттеп жүрсіз?

– Биыл ересектерге арналған прозалық шығармаларымды  жеке кітап қылып шығарсам деген ой жиі мазалап жүр.

– Балалар жазушысы ретінде балдырғандарға талай тамаша дүниелер сыйладыңыз. Әдебиеттің бұл саласының бүгінгі аяқ алысына көңіліңіз тола ма? Бүлдіршіндерге кімнің шығармасы қорек?

– Бірауыз сөзбен жалпы қазіргі заманғы қазақ балалар әдебиетіне баға беру мүмкін емес. Бұл тақырыптың өзі бір сұхбатты немесе көлемді мақаланы талап етеді.  Балалар әдебиетіне билік тарапынан аялы қамқорлық, жүйелі жанашырлық бар екендігін әлі күнге дейін сезінген емеспін.

Мен ресейлік балалар жазушысы Эдуард Успенскийдің 2003 жылы Мәскеудегі «Оникс 21 век» баспасынан шыққан «Дядя Федор, пес и кот» кітабын қолыма алған сайын сүйсінемін әрі қызығамын. Безендіру қандай, қағаздың сапасы қандай, шіркін! Орайы келгенде айта кетейін, ресейлік мамандар Э. Успенскийдің аталмыш повестьертегісі желісімен бірінен бірі өткен бірнеше мультфильм түсірді. Менің де «Ойыншықтар көтерілісі», «Жиһанкез» Ақкербез», «Ақ көбелек», «Кішкентай «командир», «Әке көрген оқ жонар…», «Абзалдың күшігі», «Кішкентай «Карлсон», «Көк «құлыншақ», «Ауылдан келген Ақтөс», «Чук» пен «Гек» секілді әңгімелерім мультфильм түсіруге сұранып тұрған туындылар. Бірақ оған біздің елде кім көңіл бөліп, назар аударып жатыр? Мультфильм өндірісіне келгенде, біз қазақ балаларын әлі күнге дейін фольклормен алдарқатып жүрміз. Ал бүгінгі балдырғандардың көңілін үнемі ауыз әдебиетімен аулау мүмкін бе?..

Бала кезінде кітап оқымаған адам өскесін кітап оқымайды. Сол себепті балалар әдебиетін үлкен әдебиеттің берік, мығым іргетасы деп қарау керек. Ал жалпы, асқақ гуманизмді ту еткен әдебиетсіз иманды орта, жібі түзу қоғам қалыптастыру мүмкін емес. Сол себепті билік те, халық та әдебиет әлеміне оралғаны ләзім. Бұған, әрине, бірінші кезекте билік мүдделілік танытуы тиіс.

– Жазғыңыз келмейтін тақырыпта жазған кезіңіз болып па еді? Тапсырыспен жазатын қаламгерлер қатарында барсыз ба?

– Елудің екеуіне келгенше ондайға барған емеспін, енді бара қоймасым анық.

– Білікті басшы, қарымды қаламгер ғана емес, үлгілі отағасы екеніңіз көпке мәлім.  Қандай да бір істе табысқа жеткен адамдардан бас салып рецепт, формула сұрайтын заман болды ғой.  Қит етсе,  қисайып, жарын сотқа сүйрей жөнелетін жастарға үлгі ретінде отбасылық бақыттың құпиясын бөліссеңіз…

– Ақыл айту оңай ғой, алайда өзім ақыл айтқанды жаратпаймын. Сөйте тұра, сұрақ қойылғасын, жауап беруге ықылас танытқан абзал. Ең әуелі айтарым, шаңырақ көтеріп, отау құруға бекінген екі жастың, қыз бен жігіттің арасында шын мәнінде шынайы сезім мен нық сенім болуы шарт. Абай айтпақшы, «Махаббатсыз дүние бос…».

Француз жазушысы Антуан де Сент-Экзюперидің «Махаббат дегеніміз қыз бен жігіттің бірі-біріне қарауы емес, екеуінің бір бағытқа қарауы» деген қанатты сөзге айналған көзқарасы бар. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, ерлі-зайыптылардың өмір бойы арман-тілегі, мұрат-мақсаты бір болуы керек. Өмір сүргіленген теп-тегіс тақтай емес. Неше түрлі жағдайлар орын алуы ықтимал, сондай кезде ерлі-зайыптылар бірі ашу болғанда, бірі басу болып, сабыр сақтаса, дүние орнына келеді. Жұбайлар арасындағы өзара сыйластық шаңырақтың шаттығын еселеп, жанұя жарасымын арттырып, ынтымақты нығайтып, ырысты молайтады. Бірлік бар жерге береке үйір. Ешқандай негізі жоқ орынсыз қызғанышқа берілмеу керек. Табиғат аясына демалуға, саяжайға еңбек етуге мүмкін болса, бірге барыңыздар. Табиғатпен тікелей байланыс адамды ақжарқын, мейірімді қыла түседі. Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар, өйткені перзенттеріңіз «Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі».

Ал баланы кішкентайынан еңбекқорлыққа тәрбиелеген ләзім. Сондай-ақ «Өнерліге өріс кең» дегендей, ұл-қызыңызды өнерге баулысаңыз, оған өмірден өз орнын табу жеңілдей түседі, айналасындағы адамдармен тіл табысу оңай болады.

– Сұхбатыңызға  рақмет!

Сұхбаттасқан Анар  ЛЕПЕСОВА

«ТҮРКІСТАН»  халықаралық саяси апталық газеті №15, 13 сәуір 2017 жыл

(Фотосурет  «ТҮРКІСТАН»  халықаралық  саяси  апталық газеті мұрағат қорынан алынған)


Сырым ауданының әкімі Абат ШЫНЫБЕКОВ: «Күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің ту тіккен жері – Жымпиты»

Күні: , 149 рет оқылды

Абат Шыныбеков-04.01.2015 1


– Абат Абайұлы, сіз басқаратын аудан биыл 1783-1797 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі, сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының туғанына 275 жыл толуын, қазақ халқын өзгелермен терезесі тең ел қылуды көксеген «Алаш» партиясының 100 жылдығын және Алашорда көсемдерінің бірі Жаһанша Досмұхамедовтің 130 жылдық мерейтойын атап өтуге ұйытқы болмақ. Үшбу үш мерейтой аясында қадау-қадау қандай іс-шаралар ұйымдастырылмақ? Дайындық барысы  қалай?


– Сырым ауданының шежіресі – қазақ елінің тарихымен үндес, тағдырлас рухани дүние. Тәуелсіздіктің туын алғаш көтеріп, атқа қонған Сырымдай батырдың кіндік қаны тамған ауыл-аймақта кешегі күні күнбатыс Алашорданың да жасыл туы желбірегені тегіннен-тегін емес.

Иә, жаңа өзіңіз сұрағыңызда айтып өткендей, биылғы жылы сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем Сырым Датұлының туғанына 275 жыл, Батыс Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтің туғанына 130 жыл және  қазақ әлеуметін тәуелсіз ел қылуды аңсаған Алаш өкіметінің құрылғанына 100 жыл. Міне, осы мерейтойлар аясында бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жыл басынан бері бірқатар тағылымды шаралар өткізіліп келеді. Мәселен, ағымдағы жылдың қаңтар айында Астана, Алматы, Орал қалаларындағы кітапханалар мен Сырым аудандық орталықтандырылған кітапханада онлайн-конференция ұйымдастырылып, Сырым бабамыздың мерейтойына арналған шаралар бастау алды. «Сырым Датұлының 275 жылдығы» мерейтойына арналған жаңа үлгідегі логотиптің байқауы жарияланып, нәтижесінде суретші  Бекжан Жұмабаевтың туындысы үздік деп танылып, осы логотип мерейтойға қатысты барлық шараларда қолданылуы жөнінде облыстың аудандарына, облыстық мекемелерге ұсынылды. Сонымен қатар Алаш партиясының белсенді мүшесі, көрнекті қайраткер, жоғары білімді алғашқы қазақ заңгерлерінің бірі Жаһанша Досмұхамедұлының 130 жылдығына арналған «Мақтанымыз – Жаһанша» атты әдеби-сазды кеш Ж. Досмұхамедов атындағы мектептен бастау алды. Осы шаралармен қатар елдің теңдігін, азаттығын аңсаған Алаш өкіметінің 100 жылдығына орай ақпан айында «Алаш қозғалысына – 100 жыл» атты Семей, Орал қалаларының және Сырым ауданы кітапхана оқырмандарының онлайн конференциясы өтіп, көптеген ғалымдардың Алаш өкіметі және оның қайраткерлері жөнінде көрікті ойлар айтылып, осы ой-пікірлер БАҚ арқылы ел-жұртқа таратылды. Осындай ауқымды шаралар қатарында Алашорда өкіметінің 100 жылдығына орай наурыз айында Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Қаратөбе аудандарының және Орал қаласы музей қызметкерлерінің семинаркеңесі өтті. Осыдан бірер апта бұрын ауданымызда алғаш рет аймақтық Қадыр оқуларын ұйымдастырып, бұл шараны да Сырым Датұлының 275 жылдығы мен  Алаш партиясының 100 жылдығына бағыштадық. Бұл байқауға Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарының өрендері қатысып, ел тарихы мен қайраткер тұлғаларға қатысты өлеңжыр оқып, үлкен-кіші осы патриоттық мән-маңызы зор шарадан ұмытылмас әсер алды. Аталмыш ауқымды іс-шараларға қоса мектептерде, мәдениет үйлері мен кітапханаларда көптеген тағылымдық-танымдық  шаралар  өтуде.

Таяу уақытта әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі батыр Сырым бабамыздың өмір жолын одан әрі зерттеу, кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында іс-шаралар жоспары бойынша тарихшылар және жастар өкілдерін қатыстыра отырып, Өзбекстанның Гүрлен ауданы аумағындағы Сырым батыр зиратына экспедиция ұйымдастыру, республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу және осы шара аясында жергілікті «Жымпиты» және «Бұлан» халық театрларының сомдауымен ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Тар кезең» атты тарихи романының желісінде «Сырым батыр» қойылымының тұсаукесерін  өткізу және деректі фильм түсіру  жоспарымызда  бар.

Алашорданың 100 жылдығын атап өтуде Сырым ауданының алар орны ерекше десем, артық айтқандық, асыра сілтегендік емес. Себебі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде қазақ халқының болашағын ойлап, тәуелсіз мемлекет болуды армандаған асыл бабаларымыздың, күнбатыс Алашорда қайраткерлерінің ту тіккен жері – Жымпиты. Шығыс пен Батысты байланыстыра отырып, тың деректер жинақтау мақсатында «Алаш жолымен» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Бұл экспедицияға тарихшылар мен өлкетанушылар, музей қызметкерлері мен жастар тартылды. Сондай-ақ Орал қазақтарының сиездері өткен Ойыл – Қаратөбе – Жымпиты – Қызылқоға бағытына да экспедиция шығармақ ойымыз бар.

Аудан орталығындағы салынғанына 150 жылдан асқан, кезінде Алаш қайраткерлерінің қызметтік үйі болған, мемлекет қорғауындағы нысан – көпес Таракановтың үйі Батыс Қазақстан облысының аумағындағы тарихи мән-маңызы зор нысандардың бірі. Бүгінгі таңда бұл ғимарат Алаш қайраткерлеріне арналған музей болып жабдықталған. Осы тарихи нысанды ағымдағы жөндеуден өткізіп, музей жәдігерлерін жүйелеп, толықтырып, ғимарат айналасын абаттандыруды қолға алғалы отырмыз. Бұған қоса «Алашым – арыстарым ардақты» атты облыстық ақындар мүшәйрасын, «Алаш идеясы – тәуелсіздік тұғыры» атты театрландырылған қойылым қою, Алаш қайраткерлерінің елдік идеясын  кеңінен насихаттау мақсатында «Алаш һәм Алашорда: ізденістер, зерттеулер, тұжырымдар» атты облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция және күзде «Алаш идеясы – мәңгілік» деп аталатын облыстық жастар  форумы  ұйымдастырылмақ.

Батыс Алашорда үкіметінің қайраткері Ж. Досмұхамедовтің 130 жылдығына орай туған жері Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Қарақұдық елді мекені тұсына ескерткіш белгі орнатып, конференция  өткізуді  жоспарлап  отырмыз.

Мұның сыртында аудандағы білім беру және мәдениет ошақтарында атаулы даталарға арналған түрлі деңгейдегі шаралар өз кезегімен атқарыла беретін болады.

– Сырым елінде қандай мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда? Биыл сіз тізгінін ұстаған ауданға қарасты қай елді мекендер үшін таза су, табиғи газ, сапалы жол секілді инфрақұрылымдық игіліктер жүзеге аспақ?

– Тоғыз жолдың торабында орналасқан аудан үшін барлық мемлекеттік бағдарламалардың маңыздылығы жоғары. Мемлекеттік бағдарламалардың қайсысын алып қарасақ та, тұрғындардың  әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылып отырғанын білеміз. Аудан экономикасы соңғы жылдары мал шаруашылығы бағытында қарқынды дамып келеді. Осы орайда агросекторға қатысты бағдарламалар сәтті жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды  пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру және азық-түліктік қауіпсіздік мәселелерін шешу шаралары»  бағдарламасы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын» іске асыру жөніндегі шаралары қолға алынып, нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында ауданда жұмыс тобы құрылып, ауылдық округтерде түсінік жұмыстарын жүргізді.  Бүгінгі  таңда «Береке» бағдарламасы арқылы «Береке-Болашақ»,  «Атамекен-Сырым» және «Отан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, 34 жеке кәсіпкерге 76,6 млн. теңге несие берілді. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулардың арқасында аудан кәсіпкерлері алған несиелеріне 334 бас ірі қара бордақылануда.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 2017 жылдың бірінші тоқсанында үш шаруа қожалығы 37,8 млн. теңгеге 195 бас аналық ірі қара, сегіз бас асыл тұқымды аталық мал сатып алды. Жалпы, бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табатын болады.

Әлеуметтік салада кірісі аз, тұрмысы төмен отбасылардың әл-ауқатын арттыруға қоса, еңбекке ынталандыруға арналған «Өрлеу» бағдарламасы бойынша биылғы жылдың  есептік кезеңіне 18 отбасына 3,7 млн. теңгенің шартты ақшалай көмегі тағайындалып, 1,7 млн. теңге төленді.

Жоғарыда аталған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша 93 азамат жобаларын дайындап, ұсыну қамында.  Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамыту бағытында. Әрине, бұл жоба-жоспарлардың қай-қайсысы да ауданға қарастырылған қаржы көлеміне қарай қолдау таппақ.

Коммуналдық шаруашылық саласы бойынша да мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар жұмыстар атқарылатын болады.

Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы негізінде Қоңыр, Тамды елді мекендерінің ауыз су желісін қайта жаңғырту, ал Аралтөбе ауылына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша сапалы су құбырын жаңарту жүргізілмек. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде Жымпиты ауылынан 10 тұрғын үй, Бұлдырты ауылынан 14 тұрғын үй бой көтермек. Жымпиты ауылынан екі көшеге жаңадан аутожол және жаяусоқпақ (тротуар) салу көзделуде. Ауданымызда көгілдір отынмен қамту мәселесі толықтай шешімін тауып келе жатқанын атап өткен жөн. Сол жұмыстардың жалғасы биыл алты ауылдың халқы, яғни Тоғанас, Аңқаты, Қарағанды, Құспанкөл, Сасықкөл және Жаңаөңір елді мекендері көгілдір отынның игілігін көретін болады.  Бұған қоса жалпы білім беретін Сырым орта мектебі күрделі жөндеуден өтеді.

– Абат Абайұлы, Сырым ауданы бойынша қандай салаларға қанша маман жетіспейді?

Келген мамандарға аудан басшылығы тарапынан қандай жағдай  жасалуда?

– Әрине, ауданда маман жетіспеушілік мәселесі бар. Атап айтқанда, көпшілігі білім беру саласында, әсіресе, шалғай елді мекендердегі мектептерде жастардың тұрақтап жұмыс жасауы – өзекті мәселе. Қазіргі уақытта математика және орыс тілі пәндері бойынша мұғалімдер жетіспейді. Денсаулық сақтау саласын айтатын болсақ, бір жалпы тәжірибе дәрігері және екі фельдшерлік-акушерлік пункттерге фельдшерлер жетіспейді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда десек, білім саласына мамандар тарту мақсатында осы сәуір айының басында М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін бітіретін аудан жастарымен кездесулер өткізіп, туған ауыл-аймағына келіп жұмыс жасауға ұсыныстар жасадық. Ал денсаулық сақтау саласы бойынша М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің түлектерімен кездесуді таяу уақытқа  жоспарлап  отырмыз.

Мамандарды ауылдық жерлерге тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жақсы білесіздер. Келген мамандардың барлығы дерлік осы бағдарлама арқылы көтерме жәрдемақыларын және ниет білдірушілер тұрғын үй несиесін ала алады. Өткен жылы ауданымыз бойынша білім беру саласына келген 23, денсаулық сақтау саласына келген тоғыз  жас маман көтерме жәрдемақы алса,  тұрғын үй несиесімен  білім беру саласы бойынша жеті, денсаулық сақтау саласына қатысты төрт маман қамтылды. Жалпы, 2016 жылы 45 маманға 5,3 млн. теңгенің көтерме жәрдемақысы,  16 маманға 44,5 млн. теңгенің тұрғын үй көмегі берілді. Сонымен қатар келген дәрігер мамандар тұрғын үймен міндетті түрде қамтылады.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында 19 жас маманға 3,0 млн. теңге  көтерме  жәрдемақы берілді.

– Біраз аудандармен салыстырғанда Сырым елінде бұқаралық спорт кең қанат жайғандығынан хабардармыз. Осы жақсылық жөнінде тарқатыңқырап айтып берсеңіз? Спорттың қай түрі бойынша көпшілік жарыстар жиі ұйымдастырылады? Ұлттық спорт түрлері назардан тыс қалып жатқан жоқ па? Өзіңіздің бүйрегіңіз спорттың қай түріне бұрыңқырайды?

– Бұқаралық спорттың даму үрдісі – үнемі ізбасарлықты ізет тұтқан спорт ардагерлері мен бапкерлердің еңбектері. Әрі біз ауданымыздағы спорт нысандарының жүйелі жұмыс жасауын күн тәртібінен түсірген емеспіз.

Қазіргі таңда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі, еркін күрес, самбо, дзюдо және футбол, жеңіл атлетика, үстел теннисі, бокс, тоғызқұмалақ сықылды спорт түрлерінен секциялар жұмыс істейді. Ауданымыздан бой көтерген 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені және спорт алаңдары тұрғындардың спортпен шұғылдануына еш кедергісіз қызмет етуде. Егер 2016 жылдың қорытындысына зер салсақ, аудан тұрғындарының 27 пайызы – спортпен тұрақты шұғылданушылар. «Қайсар» спорт клубы ересектер арасында бұқаралық-спорттық жарыстарды ұйымдастырып келеді. Осы бағыттағы жұмыстарды нығайту мақсатында көктемгі, күзгі, ардагерлер және жастар арасында спартакиадалар өткізу үрдіске айналды. Нәтижесінде облыстық деңгейде ауданның беделі көтеріліп, жүлделі орындарды иеленіп, республикалық, халықаралық спорт додаларында спортшыларымыз сәтті өнер көрсетуде. Ауданымызда жоғарыда атап өткендей, үш бірдей мерейтой аясында біраз спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. Сырым Датұлының 275 жылдығы, Жаhанша Досмұхамедовтің 130 жылдығы және Алашорданың 100 жылдығына арналған 2004-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық ашық  турнир  өткізіп  үлгердік.

Ұлттық спорт түрлерінен аудан халқының ат спортына ықыласы айрықша. Биылғы жылы тұрғындар тарапынан үш рет тай жарысы мен аударыспақ сынды сайыстар ұйымдастырылды. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру мақсатында ат спортын дамыту үшін үйірме ашуды көздеп отырмыз. Тек осы бастаманы іліп әкетер кәсіпкер болса болғаны. Бұл үйірменің мақсаты – ұлттық ат спорты түрлерін дамыту және жасөспірімдердің салт атқа мініп серуендеу арқылы тірек-қимыл жүйесіне қатысты әр түрлі дерт атаулының алдын алу.

Спорт саласына қатысты материалдық-техникалық әлеуетті нығайту жұмыстары биыл да жалғасады. Мысалы, Жымпитының Қарасу ықшамауданында және Бұлан ауылында спорт алаңдары салынбақ. Орталық стадионды жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық  құжаттамасы  жасақталуда.

– Абат Абайұлы, «Халық айтса, қалып айтпайды» дегендей, Сырым ауданы бойынша мал ұрлығына қатысты пәрменді шаралар күн тәртібіне қойылып, арнайы іс-әрекеттер жиынтығы түзілді деп естідік. Естіген құлақ елең етер осы мәселе жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

– Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 30 қылмыс тіркелді. Соның 11-і – мал ұрлығы фактісі бойынша жасалған қылмыстар, оның екеуі ашылды. Былтыр мал ұрлығына қатысты тұрғындар тарапынан бірқатар сын-ескертпелер   айтылғанын жақсы білесіздер. Бұл жөнінде ауданның құқық қорғау құрылымдары тарапынан елжұртпен кездесулер өткізіліп, түсінік жұмыстары жүргізілді. Енді мал ұрлығының алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда, соған келейік.  Облыс әкімімен бекітілген «Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл жөніндегі жол картасын» жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарының, сондай-ақ меншік құқығын қорғау және мүлік ұрлығымен күрес жөніндегі іс-шаралардың ведомствоаралық жоспары аудан деңгейінде жасақталып, бұл бағыттағы жұмыстардың орындалуы аудан басшылығы тарапынан үнемі бақылауда. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында аудандық ішкі істер бөлімі және жергілікті атқарушы орган қызметкерлері бірігіп құрған жұмыс тобы рейдтік іс-шаралар жүргізіп, облыстық және республикалық маңызы бар тасжолдарда жылжымалы бекет ұйымдастырылуда. Осы бағытта күні бүгінге дейін 25 рейд өткізілді. Сырым ауданы бойынша 59 бағытта мал бағымы ұйымдастырылып, қараусыз жайылып жүрген малдарды уақытша ұстауды ұйымдастыру үшін 21 келісімшарт жасалды.

Жалпы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Жымпиты ауылында жеті бақылау камерасы орнатылған болса, алдағы уақытта бұл қондырғыларды көбейтпек  ниеттеміз.

Сұхбаттасқан  Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


«Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын армян

Күні: , 191 рет оқылды

IMG-20170511-WA0037


Әдетте «Ассалаумағалейкум!» деп амандасу исі мұсылманға ғана тән. Ал армян атаулы есте жоқ ескі заманнан бері христиан дінін  ұстанатын ұлт. Сөйте тұра мұсылман баласымен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатын армян да бар. Ол – Орал қаласының тұрғыны, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Ақ Жайық атырабын мекендеген армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айдана» ЖШС-ның директоры Аветик Рубенұлы Амирханян.


…Әлқисса, былтырғы қазан айының сегізі, күн сенбі еді. Мезгіл қара күз болғандықтан, күн суық-ты. Ызғырық жел қойны-қонышыңды аралап, қалтыратып-ақ жібереді. Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңының маңында Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестігінің жетекшілері һәм студент жастар бар ағаш егіп, көшет отырғызып, жүргенбіз. Шынтуайтына келгенде, күн суық болғандықтан, сенбілікке жиналған жұрт белгіленген шаруаны тезірек тындырып, үйлеріне қайтуға асық. Сол себепті де сенбілікке қатысушылар екі-үшеуден топтасып, жас көшеттерді жайғастыруға барынша қызу кіріскен жайы барды. Ара-арасында олар қолдарын ысқылап, аяқтарын бірі-біріне қағып, тіпті кейбіреуі бой жылыту үшін тұрған орындарында секіріп-секіріп қояды. Міне, осындай күздің қара суығында сенбіліктің соңын ала төңіректі шуаққа бөлеген көрініске куә болдық. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, Ақ Жайық атырабын мекендеген армяндардың «Масис» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аветик Амирханян жергілікті әзірбайжандардың этномәдени бірлестігінің жетекшісі Нәжаб Мәмедовты өзі шақырып, екеуі бірлесіп шырша көшетін екті. Былайғы жұрттың санасында, тіпті көптеген армян мен әзірбайжанның өздерінің санасында үшбу екі халық бітіспес дұшпан, ата жау ретінде бейнеленетіні хақ. Әсіресе, Кеңес одағы ыдырар-ыдырамастан әзірбайжан мен армян арасындағы біраздан келе жатқан жер дауы қайтадан күрт өршіп, содан Қарабах үшін қырғынның өрті тұтанғаны мәлім…

Жаңа сөз болған сенбілікке дейін де біраз батысқазақстандықтан Аветик Рубенұлы туралы жылы лебіз, мақтаулы пікірді жиі естіп жүргенмін. Ал сол сенбіліктегі шуақты сәт мені армян отандасыммен сұхбаттасуға жетеледі. Ендігі әңгімені Аветик Амирханянның өзінен естиік…

-Мен алғаш рет Оралға Арменияның астанасы Еревандағы құрылыс техникумын жол құрылысы маманы бойынша бітіріп, 1973 жылы жазда келдім. Бұл 18 жастағы жап-жас жігіттің жалпы Қазақстанға алғашқы келуі еді. Оралға келуіме жыл сайын жаз шыға осы жаққа құрылыс жұмыстарына аттанатын әкем себепкер болды. Бастапқы уақытта өзімнен жиырма жастай үлкен Өмірзақ Сырымұлы деген қазақ ағайдың үйінде тұрдым. Өмірзақ ағаның өзі де, отбасы да керемет еді. Өкінішке орай, осыдан 5-6 жыл бұрын ағайдың өзі қайтыс болды. Ағай өмірден өткенше сыйластығымыз, аралас-құраластығымыз үзілген жоқ. Бертін келе, өзім құрған жол жөндеу және құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын ЖШС-ны Өмірзақ ағаның қызының есімімен «Айдана» деп атадым. Мұны сіздердің менің Қазақстанға сіңісіп, осы елдің бір азаматы болып кетуіме ықпал еткен бауырмал отбасыға көрсеткен бір құрметім деп қабылдағандарыңызды қалаймын.

«Айдана» ЖШС-да жыл – он екі ай бойы 50-ден астам кісі еңбек етеді. Маусымдық жұмыстар барысында және 150-дей кісіні жұмысқа тартамыз. Біздің ұжымда қазақ, орыс, армян, әзірбайжан, татар, неміс, украин, тіпті грузин де еңбек етеді. Шағын мекемеміз сан алуан ұлттан құралса да, біз өзара өте татумыз. Өйткені біз қазақстандықтармыз! Тәуелсіз Қазақстанымызды бір атаның балаларындай татулықпен жасампаз еңбекке жұмылған отандастарымыз гүлдендіретінін бізге әр кез Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтып келеді.

…Негізі менің еңбек жолым Теректі ауданына қарасты «Красный октябрь» колхозындағы клуб пен мал қораны жөндеуден басталды. Сол кездің өзінде-ақ жергілікті жұрттың арасынан өзіме дос-жаран, жолдас-жора таба бастадым. Жалпы, өмір жолымда маған жақсы адамдар көп жолықты. Әсіресе, «Красный октябрь» колхозының майдангер төрағасы, көптеген орден-медальдың иегері Сағын Кенжебаев менің адам, маман ретінде қалыптасуыма әкемдей мүдделілік танытты десем, артық айтқандық емес. Ол кісі шаруаны тиімді жүргізудің білгірі еді әрі жалқауларға жаны қас болатын. Сондықтан да ол басқаратын шар-уашылық социалистік жарыста ылғи алдыңғы қатардан көрінетін. Сағын ағай үшін адам баласына көмектесу, қайырымдылық жасау ең басты өмірлік қағида болды. Мен керемет сусын – қымыз бен дәмі тіл үйірер асты ең алғаш рет осы кісінің дастарқанынан таттым. Аманкелді атындағы колхоздың төрағасы болған Темірболат Баетовпен ұзақ жыл аралас-құралас болдық. Ол басқарған шаруашылық әрі егін, әрі мал шаруашылығымен айналысты. 1978 жылы Теректі ауданында, соның ішінде менің Темірболат досым басқаратын Аманкелді атындағы колхозда да егін бітік шығып, елдің сол мол ырыздығын көруге Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзі келіп, Димаш ағайды көрудің сәті түскені бар.

Кезінде мен жетекшілік еткен бригада Пойма элеваторына қатысты нысандарды салуға атсалысты. Сондай-ақ біз Жайық стансасында, «Придорожный» совхозында, Теректінің орталығы Федоровкада, тіпті бүкіл Одаққа мәшһүр Социалистік Еңбек Ері Виктор Шубин басқаратын «Правда» газеті атындағы совхозда да құрылыс жұмыстарын жүргіздік. Отыз жылдан астам құрылыс саласында басшылық қызметте болып, абыройға бөленген Алдияр Молдашұлы Рахметов өзі «Уральсксельстрой» тресін басқарып тұрған кезде мені 1981 жылы ПМК-801 құрылыс учаскесіне өндіріс шебері етіп жұмысқа алды. Өз басым Алдияр Молдашұлынан еңбек тәртібін қатаң сақтауды, тапсырыс берушінің талабына сәйкес сапалы жұмыс істеуді, заман талабын сезіне білуді және өз салаңа қатысты ғылыми-техникалық жетістіктерден дер кезінде хабардар болып отыру сықылды қадір-қасиеттерді сіңірдім. Міне, менің Қазақстанда біржола тұрақтап қалуыма, қазақ арасына біржола сіңуіме осындай керемет кісілердің ықпал-әсері зор болды.

— Сіздің қазақтармен «Ассалаумағалейкум!» деп амандасатыныңызға талай куә болдым…

— Бұл менің қазақ отандастарыма күнделікті көрсетер құрметімнің бірі. Өз басым қазақтардан көп жақсылық көрген адаммын. Оның бірсыпырасын жаңа ғана айтып өттім. Қазақ халқының меймандостығының, қайырымдылығының, тек өзіне ғана емес, өзгеге де болсын дейтін кең пейілінің арқасында мен бүгінгі дәреже-деңгейге жеттім.  Ал жақсылықты ұмытар кісің мен емес! Қазақ халқынан көрген жақсылығымды өз ұл-қызыма қоса, бүгіндері немерелеріме де жыр қылып айтып отырамын. Өткен айдың он екінші жаңасында өзіммен аттас тұңғыш немерем Аветик 9 жасқа толды. Жылда оның туған күнін отбасымызбен атап өтетінбіз. Осы жолы ол туған күнін өзінің достарымен «Галактика» ойын-сауық отауының балаларға арналған бөлігінде атап өтуге рұқсат сұрады. Біз келістік. Немеремнің туған күніне жиырма шақты бала жиналды. Аветиктің достарының 97 пайызы қазақ балалары болып шықты. Бұл мені өте қуантты, әрине.

КСРО мемлекет ретінде ыдырап, жылдар бойы қалыптасқан экономикалық қарым-қатынастар үзіліп, дүниенің астан-кестені шығып жатқан кезде мені Мәскеудегі, Ереван мен Волгоградтағы, Самара мен Саратовтағы және де басқа қалалардағы достарым кәсіпті бірге бастауға шақырумен болды. Бірақ ол ұсыныстардың бірде-біреуін қабылдамадым. Өйткені өз басым Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егер қазақстандықтар елдің ішіндегі татулық пен түсінісушілікті қамтамасыз ете алса, біз бұл қарайған қиындықтарды еңсереміз» деген сөзіне имандай сендім. Көрдіңіз ғой, сенімім алдаған жоқ. Сол бір қиын-қыстау уақыт, өтпелі кезең, өліара шақтың өзінде ешқайда кет-пеген мен енді Қазақстаннан ешқайда кетпеймін. Себебі, қазақ елі маған, менің отбасыма өмір бойы қуаныш пен баянды бақыт сыйлаумен келеді. Осы Оралда жоғары заңгерлік білімге қол жеткіздім. Жол-құрылыс саласындағы еңбегім бағаланып, орден-медальдармен марапатталдым, азамат, депутат ретіндегі қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесім де елеусіз қалмай, Қазақстан Республикасының Президентінің екі мәрте Алғысхатын алдым. Зайыбым Лала екеуміз қазақ жерінде ұл сүйіп, қыз сүйіп, ата-ана атанып, перзенттерімізді ешкімнен кем қылмай жеткіздік. Енді, міне, немерелеріміздің қызығына кенеліп отырмыз. Осының бәрі Елбасымыздың парасатты, көреген саясатының және отандастарымыздың сүттей ұйыған ынтымағы мен жасампаз еңбегінің арқасы.

— Сізді Арменияның астанасы Ереванда Қазақстанның туын орнатқан деп естідім?..

— Иә, ол былай болған еді, 2009 жылы қызым Ереван қаласына тұрмысқа шықты. Қызымның ұзатылу тойы осында, өзіміздің Оралда, ал жігіттің, яғни күйеу баламыздың тойы Еревандағы «Латар» мейрамхана-қонақүй кешенінде  өтті. Қазақстандағы өзіміз бар, Ресей мен Армениядағысы бар, біз біраз ағайын-туыс, дос-жаран жігіт-тің тойы өтетін аумағы ат шаптырымдай керемет сәулетті кешенге бармаймыз ба. Барсақ, кешеннің тал-терегі жайқалған, гүлдері жайнаған, бірнеше субұрқағы атқылаған әдемі де кең ауласында 10 шетелдің туы желбіреп тұр. Бірақ менің Қазақстанымның туы жоқ. Содан құдама, «Бұл жерге Қазақстанның туы орнатылмай, мен мейрамханаға кірмеймін!» деп қиғылықты салдым. Басында құдалар жағы мені әзілдеп тұр деп ойлап қалды. Ал менің сөзімде әзіл-қалжыңның ұшқыны жоқ екендігін түсінгесін, құда жақ Қазақстанның туын іздеп, ала-шапқынға түсті. Әйтеуір сағат жарым дегенде, Қазақстанның туын алып келіп, қай ел екені қазір есімде жоқ, әйтеуір бір шетелдің туын түсіріп, соның биік тұғырында біздің көк байрақты желбіретті! Содан кейін барып қана күйеу жігіттің үйлену тойы басталды…

 — Аветик Рубенұлы, былтырғы күздегі сенбілікте әзірбайжан ұлтының өкілі екеуіңіз бірлесіп, шөже-шырша еккендеріңіз көрген кісіні сүйсіндірді…

— Армения мен Әзірбайжан арасындағы жерге қатысты дау-дамай қантөгіске ұласқанша Арменияда 800 мыңға жуық әзірбайжан, ал Әзірбайжанда 800 мыңға тарта армян тұрды. Мен Қарабахта өмірі болып көрген кісі емеспін. Бірақ білетін кісілердің айтуынша, Қарабах тұрғындарының басым көпшілігі әуелден армян ұлтының өкілдері көрінеді. Есесіне КСРО кезінде Арменияның Варгенен ауданы тұрғындарының негізін әзірбайжандар құрағандықтан, сол аудан деңгейіндегі 35 лауазымды қызметтің отызын әзірбайжан ұлтының өкілдері атқаратын. Мәселен, райкомның бірінші хатшысы әзірбайжан, аудан прокуроры әзірбайжан, аудандық білім бөлімінің басшысы әзірбайжан болып, жалғасып кете беретін. Тіпті Арарат алқабында негізінен әзірбайжандар тұрды. Кеңес одағы кезінде Арменияның базарларында жеміс-жидек сатушылар негізінен әзірбайжандар болатын. Мен бұл мысалдарды ықылым заманнан бері Қап тауын мекендеген қос халық бейбіт қатар өмір сүре алатындығына нақты уәж ретінде алға тартып отырмын. Оның үстіне ол жақта жергілікті әзірбайжандар мен армяндар әлдеқашаннан бері бірі-бірімен қыз алысып, қыз беріскен құдандалы әрі нағашылы-жиенді болып кеткен.

Көп жағдайда халықты соғысқа ұрындыратын тайыз ойлайтын әсіре ұлтшылдар мен солақай саясатшысымақтар. Сол себепті қайда жүрсем де, мейлі атамекенім Арменияға қыдырып барайын немесе алысты-жақынды шетелдерде жүрейін өзім Нұрсұлтан Әбішұлының бейбітшілік пен ынтымақты ту еткен жасампаз саясатын және барлық тараптарға тиімділігін ескеретін экономикалық сипаттағы бастамаларын үнемі насихаттап, қазақстандық екенімді мақтанышпен айтып жүремін. Енді бір сәт жалпыдан жалқыға көшер болсақ, осы өзіміздің Оралдағы біздің оң жақтағы көршіміз – әзірбайжан отбасы. Біз бұл көршілерімізбен жанұя болып қонаққа шақырысып, бала-шағамызбен араласамыз. Оған қоса Оралдағы әзірбайжан қауымдастығының басшы-қосшысымен сыйластық қарым-қатынастамыз. Ал өзім құрып, басқаратын «Айдана» ЖШС-да өзге ұлт өкілдерімен қатар әзірбайжандар да еңбек ететіндігін жоғарыда айтып өттім.

Арменияда биылғы сәуір айының екісінде өткен Парламент сайлауына Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов екеуміз халықаралық бақылаушы ретінде барып қайттық. Осы сапар барысында маған қандастарым анау жылы ұлтаралық жағдай қатты ушыққандықтан, Әзірбайжанға көшіп кеткен бұрынғы әзірбайжан көршілерін жақында балаларының тойына шақырғандығын, бірін-бірі бірнеше жыл көрмеген көршілер жылап көріскендігін, байырғы әзірбайжан көршілер армян қоңсыларының қуанышын шынайы бөліскендерін тебірене әңгімелеп берді. Көрдіңіз бе, қалың бұқараға соғыстың керегі жоқ. Қарапайым халыққа қажеті ашық аспан, бейбіт өмір аясында ұл-қыз өсіріп, ұрпақ өрбіту және адал еңбегінің зейнетін көру. Демек, ең бастысы Қап тауындағы мемлекеттердің қай-қайсысының басшылары да Қазақстандағыдай дұрыс стратегиялық саясат жүргізуі шарт.

Сұхбаттасқан  Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі»

Ғайса ҚАПАҚОВ,

Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:

— «Өзі жақсыға қай-қайда да бір кісілік орын бар» дегендей, Аветик Амирханян біздің өңірге 18 жастағы өндірдей жігіт кезінде келіп, бүгінде Жайық жұртының арқа сүйер бір азаматына айналып үлгерді. Ол жол-құрылыс саласына қатысты кәсіпорынның басшысы ретінде біраз жылдан бері облыс орталығының көркейе түсуіне сүбелі үлес қосып келеді. Сонымен қатар Аветик Рубенұлы «Ардагерлерді аялайық», «Мектепке жол», «Мейірімділік айлығы» секілді қайырымдылық шараларына үнемі атсалысады және жаны жайсаң, ізгі ниетті азамат ретінде батысқазақстандықтардың бірлігінің бекемдене түсуіне де айтулы ықпал етіп жүр.


Ұя жасауды ұмытпайық!

Күні: , 102 рет оқылды

SONY DSC

SONY DSC


Иә, бүгін – Халықаралық құстар күні. Бұл интернационалдық экологиялық мереке 1894 жылы АҚШ-тан бастау алған екен. Үшбу мейрамның басты мақсаты – табиғаттың бір перзенті – құс атаулыға жүйелі жанашырлық танытып, қамқор көзбен қарау.


Асқар-асқар тауларды, айдын шалқар көлдерді һәм құм сусыған шөлдерді артқа тастап, алты айшылық жерден туған өлкесіне әбден шаршап-шалдығып, өліп-талып іңкәр сағынышпен жететін жыл құстарының келер кезі таяу. Биыл байтақ Қазақстан бойынша көктемгі құс ату-аулау маусымына заңды түрде тыйым салынды. Осы үшін алдарынан шығып, қуаныштан қолымызды бұлғап, бөркімізді аспанға атып, қанаттылардан сүйінші сұрар ма еді, шіркін!

100 жылдық шежірелі тарихы бар «Орал өңірі» газеті редакциясының соңғы 5-6 жыл бедерінде қалыптасқан бір игі дәстүрі бар. Ол – таңменен құйқылжыта  сайрағанда, жан сарайыңды шаттыққа бөлейтін қараторғайға арнап ұя жасау.

Редакцияның басшы-қосшысы шынайы ынта-ықыласпен үлес қосатын осы бастамаға былтыр қаладағы-даладағы біраз жастар ұйымы барынша атсалысқан еді.

Олар биыл да қалыс қалмас деген үміттеміз. Ал біздің жігіттер өздері жасап жатқан ұяларға соңғы шегелерін қағуға кірісті…

IMG-20160309-WA0003

Бауыржан ФАЙЗОЛЛАҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Ғайниден КӘРІМОВ: «Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ…»

Күні: , 213 рет оқылды

IMG_6155


Осыдан 28 жыл бұрын, яғни 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО әскерін Ауғанстан аумағынан шығару операциясы аяқталды. Талай жас жігітті қыршыннан қиған осы соғысқа қатысып, екі мәрте жараланған Кәрімов Ғайниден Бауеденұлын біз таяуда әңгімеге тартқан едік.  Ол 1965 жылдың 17 наурызында Ақжайық ауданына қарасты Өлеңті ауылдық округінің аумағында жарық дүниеге көрінген. Кіндік қаны Жыландыда тамған. Ал бұл елді мекен – қазақтың асқақ рухты өр ақыны Жұбан Молдағалиевтың туған ауылы.


— Ғайниден құрдас, сен үшін Ауғанстандағы соғыс қашан, қалай басталды?

— Өзің сияқты Бауке, мен де ауылда өскен қазақтың қарапайым баласымын. Ал біздің бала кезімізде қыр баласы қалаға жетуге ынтық еді ғой. 1982-84 жылдары Оралдағы медициналық училищеде оқып, фельдшер мамандығын алып шықтым. Оқуымды тәмамдаған 1984 жылдың мамыр айының алғашқы аптасында әскерге алындым. Бірақ араға үш-төрт күн салып, дәлірек айтқанда, оныншы мамыр күні бірге аттанған 12 жігіттің, ішінде мен де бармын, Оралға кері қайтарды. Сол жылдары Ақтөбе төңірегіндегі Богословка деген елді мекеннің маңында Қазақстанның айналадағы алты облысынан әскерге алынғандарды жинап, Венгрияға аттандыратын арнайы жинау бекеті болды. Алғашында бізді сонда апарды. Алайда сол жолы бізді кері қайтаруларына қарағанда әскерге алынушыларды Венгрияға аттандырылуы тиіс мөлшерден көп жинап қойса керек. Оралға келгеннен кейін екі күннен соң, 12 мамырда жаңағы қайта оралған 12 жігітке және 13 жігіт қосып, бізді Ашхабадқа аттандырды. Сөйтіп, біз Ашхабадтың маңындағы Ауғанстанға аттандыру үшін дайындайтын арнайы әскери оқужаттығу орталығынан бір-ақ шықтық. Мұнда келіп, оқу-жаттығу машығына кірісер-кіріспестен командирлеріміз бізге алты айдан кейін Ауғанстанға аттанатынымызды ашық айтып, сол себепті оқу-жаттығу үдерісіне өте-мөте жауапкершілікпен қарауымыз шарт екендігін бірден қатаң ескертті. Сонымен генералиссимус Суворов айтқандай, «Тяжело в учении, легко в бою» деген қағидамен әскери дайындыққа қызу кірістік. Өзің де кезінде Отардың учебкасынан өткен екенсің, оқу-жаттығу, үйрену бағытындағы бөлімде әскери қызметтің қаншалықты қиын екендігін білесің ғой. Оның үстіне бізді тікелей ашықтан-ашық соғысқа дайындады ғой, өте қиын болды. Сонымен, араға алты ай салып, барша емтиханды сәтті тапсырып, сержант шенімізді алып, әскери өмірдің қыр-сырына ауыздандырған командирлеріміз бізді 1984 жылғы қазан айында ұшақпен Қабылға (Кабулға) аттандырды. Ауғанстанның астанасында бір түнеп, ертеңіне бізді тікұшақпен советтік әскерилер «Ажал алқабы» атап кеткен Черекар алқабына жеткізді. Осы жерге келгеннен кейін біздің ендігі бағытымыз Пәнжшер шатқалы (Панджшерское ущелье) екендігін білдік.

Пәнжшер шатқалы – Ауғанстанның солтүстік-шығысындағы Пәкістанмен шектесетін Парван провинциясының аумағында. Ал Пәнжшер шатқалында ол кезде таулы жерде соғысу тактикасын өте шебер меңгерген, бертін келе «Пәнжшер жолбарысы» атанған Ахмад Шах Масұдтың жасағымен қиян-кескі шайқас жүріп жатқандығын біз сол қасаптан ауыр жараланып шығып, жергілікті госпитальда ем-дом алып, беті бері қарағасын енді Ташкенттегі госпитальға жөнелтуді күтіп жатқан солдат-сержанттардан естідік. Ал негізі мен алғаш рет Пәнжшер шатқалы туралы Ауғанстаннан елге 24 жасында Совет Одағының Батыры болып оралған капитан Игорь Плосконостан естідім. Ол Ауғанстаннан елге оралысымен Ашхабадтағы біздің барлаушылар батальонына командир болып келген-ді. Комбат бізбен әңгіме барысында Пәнжшер шатқалындағы жағдайдың өте күрделі екендігін жасырмады…

Қайыр-қош, сонымен, «Ажал алқабында» бір түнегеннен кейін бізді тікұшақпен Пәнжшер шатқалының аумағындағы Руха қышлағына жеткізді. Бізді апарған тікұшақ қонған жоқ. Тікұшақ жерге екі метр таяп келгенде алдын ала ескертілгендіктен, сақадай-сай отырған біздерге «Секіріңдер!» деген бұйрық берілді де, кезек-кезек секіріп, табанымыз жерге тиісімен әскери әмір бойынша жалма-жан алдын ала қазылып қойылған окоптарға бой тасалауға тиіс болдық. Осылайша КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстандағы шектеулі әскери контигентінің құрамындағы 682-мотоатқыштар полкіне қарасты 2-барлаушылар батальоны сапындағы біздің жауынгерлік жорық жылнамамыз басталды…

— Бірінші рет қандай жағдайда жараландың?

— Жағдайды барлап-бағдарлап, барлаушылардың негізгі әскери күштен біраз алда жүретінін өзің де білесің ғой. 1985 жылдың жетінші наурызында әдеттегідей біздің взвод барлауға шықты. Алдымызды орап, алдын ала бізден биік жерге жақсылап орналасып алған дұшпандар тұтқиылдан майдан ашты. Қоршауда қалдық. Оқ қарша борап, бас көтертпейді. Біз тау-тасты паналап, оқта-текте ғана жауап қатамыз. Бір кезде жаудың оғы саябырсығандай болды. Ұрымтал сәтті пайдаланып, енді біз күш ала бастадық. Алайда осы шабуыл барысында өзім сол жақ тіземнен жараландым. Бұл ештеңе емес, өмір бойы өзекті өртер өкініш, сол ұрыста мен Вячеслав Зимин (Ресейдің Свердлов облысынан), Анатолий Коньков (Кемеров облысынан) және өзіммен учебкада бірге болған татарстандық Роман Хадиев сынды керемет достарымнан айырылдым. Сол кезде Слава мен Толяның елге қайтып, дембельге кетулеріне бар болғаны жиырма шақты күн қалған болатын. Ал олардың жансыз денесі елге «№200 жүк» ретінде мырыш табытпен оралды…

Осыдан үш жыл бұрын мен ғаламтор арқылы Вячеслав Зиминнің ата-анасының телефонын таптым. Мереке-мейрамдармен құттықтап, ара-тұра Славаның анасымен әлі күнге дейін хабарласып тұрамын. Ананың аты ана ғой, мен хабарласқан сайын жылайды. Солай екен деп, мүлдем хабарласпай қоюға тағы болмайды. Ұлдары Ауғанстанда қаза тапқан аналардың көз жасы әлі құрғаған жоқ, бауырым. Сірә, өмір бойы құрғамайтын шығар…

— Ғайнеке, жаңа қарап отырсам, Ауғанстанда түскен фотоларыңның арасында жергілікті тұрғындармен түскен фотолар да бар екен. Олармен қарым-қатынастарың қалай болды?

— Олар бізді күндіз керек кезде көмек сұрап, «шурави, шурави» деп айналшықтап жүретін. Сөйте тұра сол кездері советтік әскерилердің арасында жергілікті тұрғындарға қатысты «Днем декханы, а ночью душманы» деген күдік-күмән болды. Шынтуайтына келгенде, бұл көзқарас әсте негізсіз емес-ті…

— Екінші рет жаралануыңа қарағанда алғашқы жарақаттан кейін біраз ем-дом алып, майданға қайта кірген болып тұрсың ғой…

— Қаншама ауыр, біраз жігіттің өмірін жалмаған қасіретті болса да, біздің взвод мен бірінші рет жараланатын ұрыстан абыроймен шықты. Соның айғағындай, мысалы, менің шешенстандық қандыкөйлек қарулас досым Алқа Абдолқадыров «Қызыл жұлдыз» орденімен, өзім «За боевые заслуги» медалімен марапатталдым. Басқа жігіттердің де ерлігі лайықты бағаланды. Дегенмен жаңағы шайқаста алған жарақаттың кесірінен мен 20 жасымды госпитальда қарсылауға мәжбүр болдым.

Жарты айға жуық Черекар қышлағындағы госпитальда емделіп, өзімнің батальоныма оралдым.

Екінші рет 1985 жылдың 18 қарашасында жараландым. Бұл жолғы жарам ауыр болды, оң жақ шабымнан екі оқ тиді. Бір апта Черекар госпиталінде жатып, 24 қарашада Ташкенттегі округтік әскери госпитальға аттандырды. Мұнда екі ай емделіп, 1986 жылдың алтыншы қаңтарында денемнен қос оқты алып, мені ауыр жаралануыма байланысты әскерден біржола босатты. Сөй-тіп, 1986 жылдың жиырма екінші қаңтарында «Ташкент–Мәскеу» пойызына отырып, елге бет алдым. Жиырма бесінші қаңтар күні таңда Оралда болдым. Сол күні кешкісін таяққа сүйеніп, аяғымды сылти басып, өзімнің Өлеңтіме жеттім. Әкем менің бала кезімде дүние салған-ды. Ал мен мүгедек болып оралсам да, сол күні анам мен бауырларымның қуанышында шек болған жоқ. Айтпақшы, мен туған ауыл-аймағыма жеткен күні болашақ қалыңдығым, біздің ауылдың менен бір жас кіші бойжеткені Светаның туған күні болып жатыр екен. Бір аптадан кейін ол менің елге оралуыма орай өткен кешіме келді. Сол кештен бастап екеуміздің арамызда романтикалық байланыс басталып, содан араға екі жыл жарымдай уақыт салып, екеуміз шаңырақ көтеріп, отау құрдық. Шүкір, екі ұл, бір қыз сүйіп, енді балалардың қуанышын, тойын күтіп жүрген жайымыз бар.

— Мектеп оқушыларымен, жалпы жастармен кездесуге барып тұрасың ба?

— Соңғы кездері ондай жүздесулерге баруды қатты сиреттім.

— Неге?

— Мені қазіргі кейбір жастардың ой-өресінің тым тайыздығы қынжылтады. Мәселен, алдыңғы жылғы кездесулердің бірінде жасөспірімдердің бірі менен «Ауғанстанда қанша кісі өлтірдіңіз?» деп сұрады. Осы да сұрақ па? Ауғанстанға мен өз еркіммен барып, кісі өлтіру үшін соғыстым ба?! Ауған соғысы – мен үшін өмір бойы жанымды жегідей жейтін қайғы-қасірет. Өзім қатысқан соңғы шайқаста менің тағы үш жолдасым, әскерге Семейдің Аягөзінен шақырылған Қайрат Оспанов, Семейдің Үржарынан алынған Бақтыбек Дүйсенбаев және алматылық Евгений Зиятков мерт болды. Қандай жігіттер еді, шіркін! Үшеуі де жиырмаға толар-толмас шақтарында шейіт болды. Үйленіп, ұрпақ сүймек түгілі, қыршынынан қиылған сол боздақтар қыздың ақ білегінен ұстап, бұрымынан иіскеп үлгерді ме екен?..

Ал жаңақалалық Жақсыбек Ғабдуллин елге бір аяғынан, оралдық Виктор Ленкин минаға түсіп, елге екі аяқ, бір көзінен айырылып оралды. Бұлардың екеуі де өзіміздің Оралдағы Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүрген студент кездерінде қайтыс болды. Армияға Круглоозерный кентінен аттанған Сейітжан Аймырзин, оралдық Виктор Гнилометов, қаратөбелік Болат Жаншин, жаңақалалық Мағаз Дәулетов, тайпақтық Жастілек Мырзабаев Ауғанстанда алған жарақаттарының салдарынан елге оралғаннан кейін 3-5 жылдың ішінде бірінен соң бірі өмірден озды. Жүрегіміз соғып тұрғанда ешқашан жадымыздан өшпейтін осыншама қайғы-қасіретті көтеріп жүру маған, менің жер басып жүрген қарулас достарыма оңай дей ме екен қазіргі желөкпе жастар?..

— Соғыстан кейінгі өмірің қалай қалыптасты, Ғайнеке?

— Ауғанстаннан оралған біраз қаруластарым күштік құрылымдарға қызметке тұрып, барлығы дерлік қызмет бабында әжеп-тәуір дәреже-деңгейге жетті. Олардың көпшілігі бүгіндері доғарыстағы подполковник-полковник. Екінші жарақатымның ауырлығына байланысты күштік құрылымдарда қызмет етуді денсаулығым көтермеді. 1986-91 жылдары Орал педагогикалық институтының тарих факультетінде оқып, жоғары білім алдым. Бертін келе кәсіпкерлікке біржола ден қойдым. 1989 жылы ол кезде Орал қалалық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып жүрген Жақыпов Қабиболла ағамыздың қолынан екі бөлмелі пәтердің кілтін алдым. Сүйген қызыма қосылып, жарасты жанұя болып, үш перзент сүйіп, оларды қалаған оқу орындарында оқуына жағдай жасап, қатарынан кем қылмай жеткіздік. Бүгіндері Астанада тұрамыз. Ал өзім кәсібіме байланысты Оралға жиі келіп-кетіп тұрамын.

— Қарулас жора-жолдастарыңызбен жүйелі байланыс бар ма?

4534— Ауғанстанның от-жалынынан өткен жігіттердің жора-жолдастығы – сыннан өткен достық. Біз бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Бүгіндері Пәнжшер шатқалынан аман-есен оралған жігіттердің біразымен хабарласып тұрамын. 2013 жылы Алматыдан Алмасбек Айдарбаев, Атыраудан Марат Құлбарақов және мен Оралдан шығып, үшеуміз (6-беттегі астыңғы суреттер) Ауғанстанда оққа ұшқан семейлік достарымыз Қайрат Оспанов пен Бақтыбек Дүйсебаевтың туған ауылдарына барып, зираттарының басында болып, дұға бағыштап, тағзым етіп қайттық. Марқұмдардың әке-шешелері мен ағайын-туыстары риза болып қалды.

Біраз жылдан бері Алматыда тұрғанымен, Алмаз Айдарбаев негізі Керекудің жігіті. Осы азамат «Панджшер-KZ» атты музыкалық топ құрып, бүгіндері әскери-патриоттық әндер арқылы рухты ұрпақ тәрбиелеуге белсенді атсалысып жүр. Мен тұңғыш ұлыма осы Алмаз досымның атын қойсам, атыраулық Әлмұқан Қайыржанов кенже ұлын менің құрметіме Ғайниден деп атады. Бес перзенттің әкесі Марат Құлбарақов болса, бұл күнде мұнайгаз саласының майталман маманы. Мен алғаш жараланып, жазылғаннан кейін госпитальдан батальонға алып қайтқан қаратөбелік Ерболат Иманғалиев көптен бері салық саласында жауапты қызметте. Екеуміз Ашхабадта учебкада бірге болып, кейін жауынгерлік жолын Ауғанстанның Жалалабад провинциясында жалғастырған Ақжайық ауданындағы Первомай ауылының тумасы Сұңғат Аманбаев ұзақ жыл ішкі істер құрылымдарында абыройлы қызмет атқарды. Доғарыстағы подполковник Аманбаев қазір Орал қаласында тұрады. Молдовалық қандыкөйлек досым Николай Кестрюга – төрт-бес жылдан бері Мәскеудің тұрғыны. Сергей Птащинский сол өзінің Донбасында болса, ал тағы бір молдован бауырым Борис Руссу бұл күндері Англияның Аберден қаласында тұрады. Осы Серега Птащинскиий мен Боря Руссудың Астанаға қыдырып келіп, ерке Есілдің жағасындағы әсем Елордамызды көруге аңсарлары ауып жүр. Ал мені жыл сайын шешен бауырым Алқа Абдолқадыров өзінің атамекеніне, Қап тауына қонаққа шақырады. Алла жазса, алдағы жазда Алқа досыма, Шешенстанға қонаққа баруға ниеттеніп жүрмін…

— Жоспарлап жүрген сапарыңның сәті түссін, Ғайнеке. Әсерлі әңгімеңе бек рақмет.

Сұхбаттасқан Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

   «Орал өңірі»


Әділет генерал-майоры Қабдығали АХМЕТОВ: «Адам қылмыскер боп тумайды»

Күні: , 87 рет оқылды

%d0%b3%d0%b5%d0%bd%d0%b5%d1%80%d0%b0%d0%bb-%d0%b0%d1%85%d0%bc%d0%b5%d1%82%d0%be%d0%b22-001


Құқық қорғау саласындағы қызметін қатардағы тергеушіліктен бастап, әділет генерал-майоры дәрежесіне дейін жеткен Қабдығали Ахметұлы Ахметов — үлкен өмір мектебінен өткен тұлға. Әр жылдары Атырау, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының прокуроры болып қызмет істеген Қ. Ахметов ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Әділет министрлігі құрылымдарында да басшылық қызметтер атқарды. Ал 2002-2008 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты ретінде құқық қорғау саласына қатысты заңдардың жетілдірілуі мен қабылдануына тікелей атсалысты. Өмірден көрген-түйгені мол генерал Ахметов тура күні ертең 70 жасқа толмақ.


– Қабдығали Ахметұлы, сіз әр жылдары Қазақстанның үш облысында облыс прокуроры қызметін атқардыңыз. Бірер жыл Батыс Қазақстан облыстық әділет департаментін басқардыңыз. ҚР Мемлекеттік тергеу комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті құрылымдарында басшылық қызметтерде болдыңыз. 2002-2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болдыңыз. Міне, осы факті-факторлар сіздің үлкен өмір жолынан өткеніңізді айғақтайды. Саналы өміріңізді құқық қорғау саласына арнауға кім немесе қандай жағдай әсер етті?

– Мен Ресей Федерациясының Саратов облысына қарасты Бочкари деп аталатын елді мекенде 1946 жылғы жиырма бесінші қараша күні жарық дүниеге көрініппін. Ол кез соғыстың кесірінен халық шаруашылығы әбден тұралап, қираған, ел-жұрт киер киімді айтпағанда, ішер тамақтың өзіне қатты тарыққан қиын-қыстау жылдар ғой. Соғыстың, жоқшылықтың зардабын көп көрген анам  мен жасы үлкен бауырларым мен өскенде өзіміз тұратын совхозға директор болғанымды қалапты. Тілім шыққасын олар менен «Совхозға директор боласың ба?» деп сұраса, мен ештеңеге түсініп жарытпасам да, балалық қой, екі сөзге келмей, «Боламын!» деп жауап береді екенмін. Ал енді есейіп, ақ-қараны айырып, оң-солымызды тани келе, мамандық таңдауға тура келгенде, заң саласын таңдауыма біздің ауыл-аймақтағы милицияның учаскелік инспекторы Севастьянов деген азаматтың ел-жұрттың алдындағы абырой-беделі көбірек әсер етті-ау деп ойлаймын. Оның үстіне мектеп оқушысы кезімде мен жеті жыл интернатта жатып оқыдым. Балалық шақта өзім көрген әділетсіздік пен әлімжеттік оқиғалары да заңгер болуға ықпал еткен болуы ықтимал. Бұған қоса әділетсіздік көрген ағайын-туыстарым өз құқықтарын қорғау үшін білімі жетпейтіндіктері мен заңды білмейтіндіктеріне налитын. Міне, осындай жағдайлар мені заң саласына жетелегені анық. 1965 жылы Саратов қаласындағы Заң институтына түсіп, осы жоғары оқу орнын 1969 жылы заңгер мамандығы бойынша бітіріп шықтым.

– Тікелей құқық қорғау саласында қызмет істеп жүргеніңізде, өзіңіз куә болған немесе өзіңіз кезінде тергеуін жүргізген, әлі күнге дейін есіңізге жиі түсетін бірді-екілі оқиғаны айтып берсеңіз.

– Мен жас маман кезімде бес жылдан астам бүгіндері Алматы облысына қарайтын Текелі қалалық прокуратурасында тергеуші болып қызмет істедім. Расын айтқанда, ол жұмыстың абыройынан гөрі, қиындығы көп болды. Жылына уақытпен санаспай, адам өліміне қатысты 50-60-қа жуық оқиға орнына баруға тура келетін. Сонымен қатар жылына 40-45 қылмыстық істің тергеуін тиянақтап, сотқа жіберемін және соншама істің материалын жинақтап, прокурорға тапсырамын. Мен үшін адам өлтірілген оқиға орнына бару емес, өзі өзіне қол салған жастардың өліміне бару өте ауыр болды. Перзенттері өзін-өзі өлтірген аналардың аңырап жылап, естерінен танғанын көру маған өте қиын тиді. Ал енді арақ-шараптың кесірінен жасалған ауыр қылмыстарды тергеу аса қиын емес, есесіне мас күйінде өз тума-туыс, жолдас-жорасын өлтірген адамның өзегі өртене өкінгеніне  қарау  ауыр.

Бір жылы Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында мынандай оқиға болды. Ұлы Отан соғысының ардагері өзінің соғыстан олжа ретінде алып келген «Вальтер» тапаншасымен Жаңа жылмен құттықтауға келген көршісін жайратып салған. Көршісінің бар жазығы, отағасымен сөзге келіп қалған үй иесінің әйеліне ара түскендігі ғана. Бұл соғыс біткеннен кейін 25 жылдан соң  болған  оқиға…

Маған заңгер ретінде өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман экономикалық-статистикалық көрсеткіштерді көпе-көрінеу өсіріп жазуға қатысты іс-әрекеттерге сол кездегі биліктің жаза қолдануды доғарғаны әлі күнге дейін түсініксіз. Мәселен, Маңғышлақтағы мұнай өндірісі нысандарын жетілдіруге қатысты әлгіндей асыра сілтеулер көптеп орын алды. Жалпы экономикалық сипаттағы көзбояушылық КСРО-ның күйреуіне әкеп тіреген негізгі факторлардың бірі болды.

– Қазақ арасында «қаны сұйық» деген түсінік бар. Бұлайша сипатталған кісі «бұзықтық жасауға, заңды бұзуға, қылмыстық әрекеттерге баруға» бейім дегенді білдіреді.  Демек, адам баласының қылмыс жасауы тек тәрбиеден кеткен олқылықтан ғана емес, сонымен қатар қанмен берілген кесапаттың кесірі болуы да мүмкін бе?

– Әрине, ешкім қылмыскер болып өмірге келмейді. Яғни айтқанда, адам қылмыскер боп тумайды. Ешкімді бас қондырысынан немесе басқалай дене бітімінен «мынау болашақ қылмыскер» деп анықтау мүмкін емес. Рас, кейбір мінез-құлық перзентіне ата-анасының қаны арқылы берілуі мүмкін екендігін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ көп жағдайда адамның қылмыстық жолға түсуіне оның алғашқы қылмысы үшін лайықты жазаланбауы кері ықпал етеді. Сол себепті бұрынғылар «Баланы жастан…» деп тектен-тек айтпаған. Демек, баланың, жас адамның тағдыры үшін ата-ананың берер тәлім-тәрбиесі ерекше мән-маңызға ие. Сол себепті ең алдымен ата-ана өз перзентін тым шолжыңдатып жібермей, қаршадайынан дұрыс бағыт-бағдар беруі тиіс. Әсіресе, «Тамағы тоқтық, көйлегі көктік, ермегі жоқтық – аздырар адам баласын» дегенді ескеріп, ересектер баланы кішкентайынан адал еңбекке баулығаны  ләзім.

– Қабдығали Ахметұлы, осы жылы жазда Алматы қаласында қолына қару алып, бірнеше адамды жазықсыздан-жазықсыз жайратып салған Р. Көлекбаев дегенге қатысты қылмыстық іс жақында сотта қаралып, сот оны өлім жазасына кесті. Бірақ мұндай ең ауыр жазаға Қазақстан аумағында ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 2003 жылдан бері мораторий жарияланғаны мәлім. Тәжірибесі мол заңгер, құқық қорғау құрылымдарының ардагері ретінде осы жайтқа сіздің көзқарасыңыз бен болжамыңызды білсек деп едік. Нақтырақ айтқанда, Р. Көлекбаевқа қатысты сот үкімі орындала ма, әлде ол өз ажалынан жан тапсырғанша, абақтыда отырып, оның киер киімі мен ішіп-жемі, сондай-ақ ол жазасын өтейтін мекеменің коммуналдық төлемақысы мен басқа да шығындары жылдар бойы мемлекеттің мойнында  бола  ма?

– Егер мен өз пікірімді ашық айтар болсам, Р. Көлекбаевқа қатысты сот үкімі орындалуы тиіс.

Өйткені өлім жазасына жарияланған мораторий бұрындары жасалған қылмыстарға қатысты. Сол себепті әлгіндей ең ауыр жазаға кесілген қылмыскерлер күн ілгері шартты босатусыз 25 жыл түрмеде отыруы шарт. Президенттің өлім жазасына мораторий белгілеу жөніндегі Жарлығынан кейін біздің елде өлім жазасына кесу жөнінде сот үкімі шыға қойған жоқ. Сөйте тұра, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қылмыстық кодексі аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын белгілеуге мүмкіндік береді. Демек, меніңше, Көлекбаевты өлім жазасына кескен сот үкімінің заңи пәрмені өлім жазасына мораторий жариялаған Жарлықтан жоғары.

– Биыл жаз Ақтөбе және Алматы қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларға орай өткен ҚР Қауіпсіздік кеңесінің жиынында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күштік құрылым-дардың дайындығына көңілі толмайтындығын аңғартты. Сіздің ойыңызша, бейбіт күнде, ел аман, жұрт тынышта бұдан былай әлгіндей лаңкестік оқиғалар енді мүлдем  орын алмау үшін билік пен халық не істеуі керек?

– Әрине, мен Президенттің лаңкестік оқиғаларға жол бермеу және ондай кесапаттың алдын алу жөніндегі ой-пікірлерімен толық келісемін. Мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін кешенді шаруаларды жүзеге асыру керек. Мысалы, ең алдымен ел-жұртты, әсіресе, жастарды жұмыспен қамтуды әлі де жақсарта түскеннің еш артықтығы жоқ. Жеке меншіктегі жоғары оқу орындарының тиімділігіне өз басым күдік-күмәнмен қараймын. Осындай оқу орындарын бітірген жастардың мамандығы бойынша еңбек нарығынан өз орнын табуы өте қиын болып тұр. Оның үстіне орын ал-ған қылмыстардың ашылу деңгейі көңіл көншітпейді. Тіпті жасалған қылмыстарды есептен жасыру, санаққа алмау фактілері әлі де әшкереленуде.

Кейбір шетелдерде әскерге шақырылуы тиіс жас жігіттерді әскерге алмай, оны тұрғылықты тұратын аумағы бойынша заңға қайшы әрекеттердің алдын алуға тартады. Мысалы, жаңағы жігіт замандастарымен белсенді араласып, спорттық жарыстарға қатысып, би кештеріне бірге бара жүріп дегендей құрбы-құрдастарын заңды бұзудан сақтандыруға мүдделілік танытуы шарт. Міне, бізге осы жүйеге назар аударып, мүмкін болса, қолданысқа енгізген  артықтық  етпейді-ау.

– Сіз ұзақ жыл өте жауапты және өте қауіпті салада, яғни тәубесіне келуі үшін қылмыскерге жасаған қылмысына сәйкес әділ жаза тағайындауы тиіс құзырлы құрылымдарда қызмет атқардыңыз. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, адамға тән қандай қадір-қасиетті жоғары бағалайсыз және нендей мінез-құлықты жек көресіз?

– Адам баласына тән ең ізгі қадір-қасиет адалдық пен еңбекқорлық, сондай-ақ біреудің ала жібін аттамау, кісі ақысын жемеу, жалған сөйлемеу, жала жаппау, өтірік айтпау деп есептеймін. Ал осыларға кереғар мінез-құлықты жаратпаймын.

– Біраз жылдан бері құрметті демалыстағы генерал Ахметов бүгінгі күннің биігінен өзінің әрі азамат, әрі айтулы маман ретінде қалыптасуына ықпал еткен кімдерді ерекше ықыласілтипатпен  еске  алады?

– Өз мамандығым бойынша қызмет бабында өсу үшін кезінде комсомолдық қызметтен бас тартқанымды жасырғым келмейді. Текеліде тергеушілік қызметте жүргенімде мен жас маман ретінде қала прокуроры Василий Малинин мен соғыс ардагері, прокурор-криминалист Борис Трубачевтен кәсіби тұрғыдан көп тәлім алдым.

Сондай-ақ кезіндегі Батыс Қазақстан облысының прокуроры Мұқатып Әжіханов пен ол кісінің бірінші орынбасары Иван Гапич менің болашағыма сеніммен қарады.  Осындай аға буын әріптестердің сенімі негізінде 28 жасымда Бөрлі ауданының прокуроры болып тағайындалдым. Осы қызметті атқара жүріп, әрі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде 9 жыл бойы құрылыстың сапалы жүруі, егін жинау, мал қыстату сықылды күрделі шаруалардың оңтайлы ұйымдастырылуын қадағалап, аудан басшылығына тек заңдылықты нығайтуға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне де жәрдемдестім.  Егер мен Текелі қаласында жедел-тергеу жұмыстарының жай-жапсарына қаныға түссем, Бөрліде қызмет пен міндеттің халық алдындағы жауапкершілігін айқын сезініп, әрі ортақ мүддеге шынайы жанашырлықпен атсалысқан адамның халықтың ықылас-ілтипатына бөленетініне де көзім жетті.

Мемлекет басшысының және сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдап-сенуімен 2002-2008 жылдары Батыс Қазақстан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайлануым мен үшін үлкен мерей болды. Өз басым қандай қызмет атқарсам да, халық пен мемлекеттің мүддесіне қалтқысыз қызмет етумен болдым. Менің тұлға ретінде қалыптасуыма ықпал еткен барша азаматтарға шексіз ризашылығымды  білдіремін.

Сұхбаттасқан Бауыржан  ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал  өңірі»


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика