Тег: ‘Бас муфти  Серікбай  қажы  Ораз’


Алғайдағы ауызашар

Күні: , 75 рет оқылды

Таяуда  көршілес  Саратов  губерниясының  Алғай  ауданына Қазақстан  мұсылмандары  діни   басқармасының  төрағасы,  Бас муфти  Серікбай  қажы  Ораз  бастаған  еліміздің  делегациясы  барды.

Құрамында БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов және өзге дін өкілдері бар қазақстандық меймандарды аталмыш ауданның  басшысы Сергей Федечкин мен Поволжье мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Мұқадес хазірет Бибарсов, жергілікті мешіт имамы Серікбай Еркінәлиев қарсы  алды.

Аудандық мәдениет саябағында өткен кездесуге алғайлықтар ғана емес, Сарытау өңіріндегі көптеген аудан тұрғындары да арнайы келді. Жалпы саны 4 мың адам қатысқан шара жоғары деңгейде өтті.

– Биыл ауданымыздың құрылғанына 45 жыл толып отыр. Осынау мерейтойлық жылдың қасиетті Рамазан айында ауданымызға Қазақстанның Бас муфти бастаған делегацияның келгеніне қуаныштымыз. Құран түскен бұл айда ауданымыздың тұрғындары да ораза ұстап, ағайын-туыс, көршікөлемге, жалпы жұртшылыққа мейірімділік танытып, аз қамтылған жандарға қайырымдылық жасайтындары қуантады. Біздегі ұлтаралық, дінаралық келісімнің салтанат құруы, достықтың өркендеуі көп ұлтты ауданымыздың ырыс-берекесінің молаюына, әлеуетінің артуына себепші болып келеді, – деді жиынды ашқан аудан басшысы Сергей Федечкин.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз бүгінгі кездесу екі елдің қарым-қатынасының нығая түскенінің жарқын көрінісі екендігін айтып, осынау шараға қолдау көрсеткен губерния, аудан басшылығына ризашылығын білдірді.

«Рамазан – бірлік пен жақсылықтың айы, – деді Бас муфти. – Осы айда жақсылықты, ізгі амалдарды көбірек жасаған жөн. Оразада адамның сабыры да сыналады. Алланың разылығы үшін төзе білген пенде мол сауапқа кенеледі. Раббымыз баршамыздың ұстаған оразамызды қабыл етіп, рақымына  бөлегей!».

БҚО бойынша өкіл имам Еркебұлан Қарақұлов Рамазан айының ерекшелігі туралы уағыз айтқаннан соң, Алғай әкімшілігімен көпшілікке арнап ауызашар дастарқаны жайылды. Балаларға балмұздақ пен тәттілер беріліп, саябақтағы аттракциондар тегін қызмет көрсетті.

Мәди  ЫҚЫЛАС


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика