Тег: ‘Ақжайық’


«АҚЖАЙЫҚ» неге ерден ауды?..

Күні: , 57 рет оқылды

…Әлқисса, сонымен, біздің облыстың футболдан премьер-лига командалары арасындағы  Қазақстан  чемпионатына үкілеп қосқан «Ақжайық» атты арғымағы жоғары топтан  тағы  төмен сырғыды. Маусым бел ортасынан ауғанша, тіпті соңғы турларға шейін Жайық жанкүйерлерінің басым көпшілігінде біздің команда тап биыл ерден ауады-ау деген күдік-күмән болмағаны анық. Алайда «Ақжайық» аяқдопшыларының көмбе таянған сайын кібіртектеуі, әлсін-әлсін сүрінуі тым жиіледі. Әсіресе, өткен айдың соңында ХХХІ турда «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарынан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін қауіп бұлты қоюлана түсті. Мұның ақыр аяғы чемпионат бітпей жатып, оралдық футбол клубының жоғары топпен қош айтысуына келіп тірелді. Біз мән-жайды  білмек болып, «Ақжайық» клубының басшылығына хабарласқанбыз, енді осы пікірлерге зер салып көргейсіз.

Сергей   ЗАЙЦЕВ,

«Ақжайық»  командасының бас бапкері:

– Маусымның соңына таман «Ақжайықта» деңгейі жоғары ойыншылардың тым аздығы қатты сезілді. Бұл енді батысқазақстандық футбол клубының бюджетіне тікелей тәуелді фактор. Әрине, премьер-лигаға бір ілігіп, бір шығып қалып жүргенше, ойын өрнегі тұрақты  команда  қалыптастырған жөн. Бірақ «Ақжайықтың» қазіргі  қаржылық  жағдайымен  әлгіндей команда қалыптастыру қиын болып тұр…

Артур  АВАКЯНЦ,

«Ақжайық» командасы бас бапкерінің ассистенті:

– Біз әлі биылғы чемпионаттың нәтижесіне жан-жақты талдау, түбегейлі сараптама жасай қойған жоқпыз. Әзірше айтарым, тура биыл бірінші топқа түсіп қаламыз деп ойламап едік. Өйткені, күні кешеге дейін көш соңында келе жатқан командалардан ұпай жағынан әжептәуір алда  болдық. Меніңше, бізді өзімізге деген тым сенімділік құртты.

Мейрам  САПАНОВ,

«Ақжайық»  командасының  капитаны:

– Тым жақсы келе жатыр едік… Тіпті «Астананы» «үйде», ал «Қайратты» түзде,  өз алаңында ұтып, «айды аспаннан бір-ақ шығарып», жанкүйерлерімізді ұлан-асыр қуанышқа да бөлегенбіз. Осындай керемет сәттіліктерден кейін, өз-өзімізге орынсыз тым сенімді болып кеттік-ау, шамасы…

Арнайы  заң  керек-ау,  осы…

…Жайық жанкүйерлерінің жылдар бойы көріп келе жатқаны осы. Яғни жергілікті бапкер мен жергілікті жігіттер «Ақжайықты» арқа еті арша, борбай еті борша бола жүріп, жоғары топқа алып шығады. Сосын шеттен бапкер келіп, ол аннан-мұннан қағылған-соғылған біраз легионерді жинап алып, күні кеше ғана «Ақжайық» үшін жан алып, жан беріскен жергілікті футболшылардың денін кәдеге жаратпай, шетке ысырып тастап, іске «қызу кіріскендей» түр байқатады. Сөйте  тұра,  маусымның соңында команда баяғы таз қалпына түсіп, бірінші топқа сырғып, келесі жылы жасыл алаңда жергілікті жігіттер Батыс Қазақстан облысының бетке ұстар командасын қайтадан премьер-лигаға шығару үшін екі иықтарын жұлып жеп, жанталасып  жүреді…

Жалпы, отандық футбол шаруашылығының «ауру-сырқауы» көп. Солардың бірсыпырасын назарыңызға ұсынайық. Мәселен, «Сырт көз – көреген» дегенге сайсақ, бізге Астана мен Алматыдан, шалғай облыстардан, әсіресе, аудан-ауылдардан футбол дарындарын іздеп-іріктеу, яғни  селекциялық жұмыс атаулы жүйелі түрде сауатты жүргізілмейтіндей көрінеді. Сосын біздіңше, допты ұршықша иіруге қабілетті қазақтың қарадомалақтарына жанашырлықпен қарайтын Талғат Байсофыновтай ұлттық бапкерлер толқынын үздіксіз қалыптастырып отыру мәселесі де күн тәртібінен ешқашан түспеуі тиіс. Ал бұл шаруаны ҚР Футбол федерациясы әлі күнге дейін қолға алмағандай әсер қалдырады. Неге? Кең байтақ Қазақстан бойынша аяқдопқа қатысты инфрақұрылым жүйесін күрт жақсарту керектігі кім-кімге де түсінікті болса керек. Ендігі бір екпін түсіріп, астын сызып айтатын мәселе, премьер-лигадағы командаларға бас-көз жоқ легионерлерді топырлатып, олардың басынан төмен қарай ақша құюды доғару керек! Осы мәселе былтыр еліміздің ең жоғарғы заң шыға-рушы құрылымы – Парламентте әжептәуір әңгіме бола бастады да, неге екені белгісіз, соңы сиырқұйымшақтанып кетті. Шынтуайтына келгенде, Қазақстан спортында бүгіндері легионерлерге арқа сүйеу белең алып барады. Бұл керітартпа әдет, әсіресе, командалық спорт түрлері бойынша әбден кең етек жайған. Мысалы, футболдан премьер-лигадағы командаларды қараңыз, келімсектер өріп жүр. Тіпті еліміздің бес дүркін чемпионы (!) «Ақтөбе» командасының қазіргі капитаны, сербиялық легионер қорғаушы Александр Симчевич. Шайбалы хоккейден Астананың «Барысының» құрамына назар аударып көріңіз, шетелдік спортшылардан көз сүрінеді.

Егер мұны азсынсаңыз, «Астана» баскетболшыларына зер салыңыз, еуропид нәсілділерді айтпағанда, зіңгіттей-зіңгіттей зәңгі жігіттер төбеңізден төне қарап тұрады… Бірді айтып, бірге кетті демеңіз, «Жаман әдет жұққыш келеді» дегендей, бүгіндері күрес, ауыр атлетика сықылды командалық емес спорт түрлерінде де Қазақстан азаматтығын күні кеше қабылдап, осыдан 27 жыл бұрын ұлы мәртебелі Тәуелсіздікке ие болған Қазақ елінің ұлттық құрамасына кешелі-бүгінді енген шыққан тегі шетелдік спортшылар-дың қарасы қоюланып барады… Сонда деймін-ау, қазақтың спортқа ден қойған қыз-жігіттері «қайда барып күн көреді?..». Демек, жағдай біржола ушықпай тұрғанда, меніңше, құрамына шетелдік легионерлерді көптеп қабылдауды шектейтін «Командалық спорт түрлері туралы» арнайы заң керек-ау,  осы…

ТОСЫН  ПІКІР

Газет  бетінде  өзінің  аты-жөнін  көрсетпеуді  сұраған  жанкүйердің  пікірі:

– Маған сенімді дереккөздерінен мәлім болғандай, біраз жылдан бері «Ақжайық» футбол клубы үшін қазынадан жыл сайын 900 млн. теңгеден астам қаржы бөлінетін көрінеді. Бұл көп емес. Мәселен, Қызылорданың «Қайсарының» бір жылдық бюджеті 3,5 млрд. теңге көрінеді. Көрдіңіз бе, «Қайсардың» қаржылық әлеуеті біздің командадан бірнеше есе жоғары. Сондықтан да қалталы футбол клубтары команданы өрге сүйрейтін легионерлерді өз қатарына тарта алады. Ал ақшаға байланысты «Ақжайықтың» әлгіндей мүмкіндігі шектеулі. Сол себепті оған бөлінген қаржы-қаражат құмға құйған сумен тең. Оның үстіне біздің облыс орталығының өзіндегі футболға қатысты инфрақұрылым сын көтермейді. Соның кесірінен «Ақжайық» жаңа маусымға даярлықты бірнеше апталап, бір-екі айлап Түркияда пысық-тауға мәжбүр. Ал бұл дегеніңіз, қыруар ақша!

Орал қаласында балалар мен жасөспірім футболшылар, сондай-ақ жас футболшылар күн суықта жаттығатын басыбайлы жабық зал атымен жоқ.

Мекемелік спортзалдар әр түрлі мекеме-кәсіпорындардың ұжымына коммерциялық негізде бекітілген кесте бойынша жыл сайын жалға беріліп, балалар мен жастар футболы үшін еш босамайды. «Ақжайық» футбол клубы жанынан облыстың бірқатар аудандарында футбол орталықтары ашылғанымен және аудан-ауылдардағы жасөспірім дарынды футболшыларды облыс орталығына тартқанымызбен, әзірге олар емін-еркін тұратын интернат жоқ. Ағайын-туысының үйінде бірер ай жатып, қаланың әр қиырынан күн суықта тоңып-шашырап біраз уақыт жаттығуға келіп жүреді де, жағдай болмағаннан кейін барлығы дерлік қолын бір-ақ сілтейді. Өздеріңізге мәлім, біздің өңірде қыс айларын айтпағанда, көктем мен күздің біраз бөлігін суық әрі жауын-шашынды күндер құрайды. Осы жағдайдың өзі-ақ сақадай-сай жаттығу базасы жоқ команда үшін ілгері басқан аяғын кері тартатын фактор. Міне, осындай елеулі факторларды елеп-екшеп келіп, өз басым екі-үш жылға «Ақ-жайық» командасын таратқан жөн деп санаймын. Әрине, бұл жан-күйер қауымға соттың суық үкіміндей естілері сөзсіз. Бірақ сабыр сақтап, салқын ақылға жүгінейік. Мысалға, «Ақжайық» футбол клубын екі-үш жылға тараттық делік, енді жыл сайын оған бөлінетін 900 млн. теңгеден астам қаржыны тікелей облыстың футболдық инфрақұрылымын күрт жетілдіруге жұмсайық. Екі-үш жыл көзді ашып-жұмғанша өте шығады, есесіне, футболдық инфрақұрылымды қарқынды түрде дамытып, сықитып аламыз.  Керемет  емес  пе?!

Бауыржан   ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал   өңірі»   


«Ақжайыққа» қауіп төнді

Күні: , 72 рет оқылды

Футболдан ел чемпионатының ХХІХ турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдады.

Бұл ойын, әсіресе, осының алдында қатарынан үш мәрте ұтылған оралдықтар үшін аса маңызды еді. Оларға жеңіс ауадай қажет болатын.

Өткен турда ескерту алуларына байланысты «Ақжайықтан» хорватиялық Денис Главина, «Қызылжардан» қақпашы Антон Цирин мен гамбиялық шабуылшы Момоду Сисей бұл матчқа қатыса алған жоқ.

Бірінші тайм басында қонақтар белсендірек қимылдап, жиірек алға ұмтылды. Алаң иелеріне тайм ортасына қарай «жан кірді» деуге болады.

Есесіне екінші тайм «Ақжайықтың» толықтай басымдылығымен өтті. Дегенмен «Қызылжардың» қарымта шабуылы кезінде украиналық қақпашы Евгений Боровик екі мәрте қауіпті соққыны қайтара білді.

«Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Зайцев Еркебұлан Нұрғалиевтің орнына Иван Антиповты шығарғанымен, ол командаластарымен түсінісіп, ойнай алмады. Сенегалдық шабуылшы Малик Манені Латвия ұлттық құрамасының мүшесі Артур Карашаускс алмастырды. Бәлкім, шабуыл шебіндегі осы қос футболшы бірден шыққанда, ойын нәтижелірек болар ма еді. Алаң иелерінен украиналық легионерлер Андрей Ткачук пен Игорь Худобякты атап өтуге болады. Оралдықтар үнемі оң не сол қанаттан шабуыл ұйымдастырмақ болғанымен, одан ештеңе өнбеді. Орта тұстан жарып өтетін ешкім жоқ, бойлары аласа болғаннан кейін допты қабылдай алмай жатты.

Қосымша бес минут қосылғаннан кейін Берік Шаиховтың алыстан тоғыздықты көздеп тепкен добын «Қызылжардың» қақпашысы Тимурбек Зәкіров қайтарып, өз командасын голдан аман алып қалды.

Осылайша қос команда 0:0 есебімен тең тарқасып, бір ғана ұпайға ие болды.

Бұл турда Павлодардың «Ертісі» Қостанайда «Ертісті» 2:1 есебімен ұтып кетті. «Ордабасы» өз алаңында «Қайратты» 2:0 есебімен тізе бүктірді. «Жетісу» – «Шахтер» (1:1), «Қайсар» – «Атырау» командалары тең ойнады.

Ақтөбеде жергілікті клубты 2:1 есебімен ұтқан «Астана» алматылықтардан 10 ұпайға ұзап кетті.

Керісінше, көш соңындағы командалардың арасындағы тайталас қыза түсті. Қазіргі кезде «Қызылжар» 31 ұпаймен сегізінші орында қалса, одан кейін «Ақжайық» (30 ұпай) тоғызыншы, «Ертіс» (29 ұпай) оныншы, «Атырау» (29 ұпай) 11-інші, «Шахтер» (28 ұпай) 12-інші сатыда келеді. Оралдықтардың алдағы төрт ойынның үшеуін сырт алаңда (Атырау, Павлодар, Талдықорғанда, П. Атоян атындағы стадионда тек Қызылорданың «Қайсарын» ғана қабылдайды) өткізетінін ескерсек, қауіп бұлты анық төнгенін аңғаруға болады.

Қазіргі кезде Ұлттар лигасының бәсекелеріне байланысты біріншілікте аздаған үзіліс орын алмақ. Ал 20, 21 қазанда өтетін ХХХ турда «Астана» – «Ордабасы», «Ертіс» – «Қайсар», «Атырау» – «Ақжайық», «Шахтер» – «Ақтөбе», «Қайрат» – «Тобыл», «Қызылжар» – «Жетісу» командалары өзара кездеседі.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» «Қайраттан» айласын асырды

Күні: , 45 рет оқылды

Ел біріншілігінің ХХVІ турында ең тосын нәтиже Алматыда тіркелді.  Өткен жексенбіде «Қайрат» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын»  қабылдады.

«Астанамен» чемпиондық атаққа таласып келе жатқан алматылықтар үшін бұл ойын маңызды еді. Ал оралдықтарға соңғы орындарға түсіп қалмау үшін ұпай ауадай қажет болатын.

Украиналық маман Сергей Зайцев жаттықтыратын батысқазақстандықтар ресейлік Андрей Аршавин сынды кілең ығай мен сығай ойнайтын қарсыластарынан ыға қойған жоқ. Бір қызығы, қос команданы байланыстыратын деректер бар еді.

Биылғы біріншілікті «Ақжайықтың» құрамында бастап, сұрмергенге айналған украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың жазда «Қайратқа» ауысқаны белгілі. Сол секілді Орал футболының түлегі Стас Покатилов (оның сыңары Владимир Покатилов осы бәсеке соңында «Ақжайық» сапында алаңға шықты) алматылықтардың  қақпасын  қорғады.

Бірінші тайм басында қонақтар белсенді болғанымен, көп ұзамай алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Дегенмен оралдықтар да қарап қалмай, қарымта шабуылға шығып отырды. Әсіресе, оң қанаттан Азат Ерсәлімов асырған пастан кейін сенегалдық шабуылшы Малик Маненің допқа аяғы дұрыс тимей қалды.

Ойынның екінші кезеңінде алматылықтар жиі шабуылдады. Осындай сәттерде украиналық қақпашы Евгений Боровик «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан мен А. Эсеоланың аса  қауіпті соққыларын қайтарып, екі мәрте  сейв  жасай  білді.

Матч аяқталуға 15 минуттай уақыт қалғанда, оң қапталдан А. Ерсәлімовтің берген добын Еркебұлан Нұрғалиев баспен қақпаға дәл түсірді. Бұдан кейін алматылықтар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген  жоқ.

Ең бастысы, бұл кездесуде оралдықтар сауатты ойын өрнегін көрсетіп, тәртіп бұзбауға тырысты. Есесіне «Қайраттың» футболшылары үш мәрте ескерту алып тынды.

С. Зайцев чемпионаттағы үзіліс кезінде Ұлттар лигасында Латвия құрамасының сапында қос бірдей матч өткізіп келген Артур Карашаусксті бірден ойынға қосқан жоқ. Ол тек екінші таймда ғана М. Маненің орнына шықты. Ал Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, жартылай қорғаушы Иван Антипов анасының өмірден озуына байланысты бәсекеге қатыса алған жоқ. Соған қарамастан, «Ақжайық» күтпеген жерден 1:0 есебімен «Қайратты» ұтып, тарихи жеңісіне қол жеткізді. Яғни премьер-лига аясында алматылықтарды сырт алаңда алғаш рет тізе бүктірді.

«Біз бұл жеңісімізді орны толмас қайғыға тап болған Иван Антиповқа арнағымыз келеді. Ко-манда барлық тапсырманы ойдағыдай орындады», деді «Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Зайцев кездесу соңындағы баспасөз мәслихатында.

Бұл турда «Қайсармен» өз алаңында 0:0 есебімен тең ойнаған елордалықтар да ұпай жоғалтты. Қазір алматылықтардың бірінші орындағы «Астанадан» төрт бірдей ұпайы кем. Ал 29 ұпай жинаған «Ақжайық» турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Дегенмен батысқазақстандықтарға босаңсуға болмайды. Олар ХХVІІ турда 23 қыркүйек күні өз алаңында ел чемпионы «Астананы»  қабылдайды.

Айта кетейік, өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарынан» 0:1 есебімен ұтылып қалған Павлодардың «Ертісі» соңғы орыннан көтерілер емес. Қарағандыда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңген «Шахтер» 10-сатыда келеді. Алғашқы үштіктен үміткер «Тобыл» мен «Жетісу» командалары Қостанайда 2:2 есебімен тең тарқасты. Шымкентте «Ордабасы» – «Ақтөбе» кездесуінде де 0:0 есебі тір-келді.

Ғайса  БӘЙМЕН


«Қызылжардан» өттік, алда «Атырау»

Күні: , 91 рет оқылды

Футболдан ел біріншілігінің кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Бас бапкердің міндетін атқарып келе жатқан Артур Авакянц осы жолы да қақпаны украиналық тәжірибелі ойыншы Евгений Боровикке сеніп тапсырды. Сондай-ақ Руслан Қайыровтың орнында Латвия ұлттық құрамасының мүшесі Артур Карашаускс ойнады.

Матчты жинақы өткізген оралдықтар екінші минутта-ақ есеп ашты. Оң қанатта алыстан пас алған Игорь Худобяк ала допты Азат Ерсәлімовке жылжытты.  Азат айып алаңына асырған допты «Ақжайықтың» сұрмергені, сенегалдық Малик Мане баспен дәл ұрды.

Қонақтар да қарап қалмай, таразы басын теңестіруге тырысып бақты. Дегенмен ойын барысында алаң иелерінің басымдылығы байқалып тұрды. «Ақжайық» сапында екінші кездесуін өткізген, орта тұсты нықтауға тиісті Карашаускс негізі шабуылшы болғаннан соң ба, өз орынын таба алмай жүргендей көрінді. Оның үстіне допты қақпадан асыра тебумен болды.

Малик Мане де бірнеше мүмкіндігін мүлт жіберді. Дегенмен 70-минутта Иван Антиповтың пасынан кейін Малик Мане ортаға қарай ойқастап барды да, айып алаңына кірместен шірене тепті.  Қақпа жақтауына тиіп, ішке енген доп торда тулап жатты. Бұл Маненің биылғы біріншіліктегі жетінші голы еді.

Екінші таймда «Ақжайыққа» жуырда қайта оралған хорватиялық қорғаушы Денис Главина алаңға шығып, сенімділікті үстей түсті. Ивуарлық шабуылшы Идрисса Куяте де өзінің бар екендігін көрсетті.

Осылайша екінші мәрте қатарынан жеңіске жеткен оралдықтар турнир кестесінде бесінші орынға көтерілді.

Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихатында Артур Авакянц «Қызылжармен» айқастың оңайға түспегенін, қазіргі таңда әр матчтың плей-офқа тең екендігін жеткізді. Сондықтан оралдықтарға әр кездесуде ұпай алу үшін барын салуға тура келеді. Алда аса жауапты бәсекелер тұр.

«Ақжайық» 21 шілде күні Атырауда көш соңында келе жатқан, таяуда ресейлік белгілі маман Виктор Кумыков тізгінін ұстаған «Атырау» командасымен шеберлік байқасады. Өткен турда Ақтөбеде 1:5 есебімен ойсырай ұтылған атыраулықтардың шегінер жері жоқ.

Содан кейін А.Авакянцтың шәкірттері 28 шілдеде өз алаңында «Ақтөбені» қабылдайды. Құрамында жалғыз өзі 14 гол соққан армениялық легионер Маркос Пиззеллидей мергені бар ақтөбеліктердің биылғы қарқыны қатты. Егер ФИФА алты ұпайын алып тастамағанда, ақтөбеліктер төртінші орында тұрар еді. Биылғы екінші айналым 4 тамыз күні Талдықорғанда «Жетісу» командасымен өтетін бәсекемен түйінделеді, ол да осал емес, алдыңғы орындарға көз тігіп тұрған клубтардың бірі. Сосын үшінші, шешуші айналым басталады.

Батысқазақстандық жанкүйерлерге, әрине, сүйікті командасының жеңісті жолынан таймағаны керек. Лайым солай болғай!

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


«Ақжайық» — «Астана» 3:0

Күні: , 58 рет оқылды

Футболдан премьер-лига командалары арасында Оралдың «Ақжайығы» П. Атоян атындағы стадионда ел чемпионы «Астананы» қабылдап, 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ХХІІ турдың алға ысырылған ойыны болатын. Ел біріншілігінде жекедара көш бастап келе жатқан астаналықтардың бәсі жоғары екендігі түсінікті еді. Дегенмен жасыл алаңда небір тосын жағдай болатындығын осы кездесу көрсетті.

«Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц чемпионаттың сұрмергені, украиналық Адеринсола Хабиб Эсеоланы бірден алаңға шығарған жоқ. Есесіне Украина елінің тағы бір өкілі, талай жыл Львовтың «Карпаты» командасының намысын қорғаған жартылай қорғаушы Игорь Худобяк 4-минутта Руслан Қайыровтың пасынан кейін Александр Мокин қорғаған қақпа бұрышын баспен дәл көздеді.

Елордалықтар шабуылдап баққанымен, «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук бастаған ойыншылар сәтті қорғана білді. Екінші таймда «Астана» капитаны Дмитрий Шомконың қателігінен кейін сенегалдық шабуылшы Малик Мане есепті 2:0-ге жеткізді.

«Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян сербиялық және ганалық шабуылшылар Джордже Деспотович пен Патрик Твумасиді ойынға қосқанымен, одан көп ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше Иван Антиповтың орнына Эсеола шыққан бойда Мане екеуі алға ұмтылды. Әйтсе де, Маненің тепкен добы қақпадан қиыс кетті. Дегенмен 86-минутта Эсеола оң қанаттан Абзал Бейсебековті алдап өтіп, биылғы біріншіліктегі өзінің сегізінші голын соқты.

Осылайша «Ақжайық» күтпеген жерден «Астананы» ірі есеппен ұтып кетті. Бұл батысқазақстандықтар үшін елордалықтармен ойындардағы бірінші һәм тарихи жеңіс еді.

Кездесу соңында облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы барып, «Ақжайық» ойыншыларын жеңісімен құттықтады.

Елордалықтар 31 ұпаймен бұрынғыша көш бастап келе жатқанымен, олардан алматылық “Қайраттың” екі ойыны кем. Қазір 26 ұпаймен екінші орында тұрған алматылықтар сол қос кездесуін сәтті өткізсе, астаналықтарды қуып жетеді. Ал 16 ұпай жинаған оралдықтар бесінші орынға көтерілді.

«Ақжайық» алдағы жексенбі, 27 мамыр күні өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдайды. Бұл да жауапты кездесудің бірі екені анық, сондықтан босаңсуға болмайды.

Ғайса БӘЙМЕН


«Ақжайық» — «Жетісу» 2:0

Күні: , 69 рет оқылды

Футболдан ел чемпионатының он бірінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдап, 2:0 есебімен ұтты.

Бұл жеңіс оралдықтарға оңайлықпен келген жоқ. Осының алдында Ақтөбеде 3:5 есебімен ұтылып, Владимир Мазяр кеткеннен кейін командаға бас бапкердің міндетін атқарушы, жергілікті маман Артур Авакянцтың басшылық етуіне тура келді.

Бірінші таймда алаң иелерінің адымы ашыла қойған жоқ. Қазақстандық белгілі жаттықтырушы Дмитрий Огай баптайтын талдықорғандықтар көбірек шабуылдады. «Ақжайықтың» ойыны жүрмеді десе де болады.

Ойынның екінші кезеңінде  ғана алаң иелерінің екінші тынысы ашылғандай болды. Көп ұзамай Иван Антипов пен украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеола қақпашыға екеуі бірдей шыққанымен, дәлдік жетіспеді. Дегенмен 67-минутта оң қапталдағы қорғаушы Руслан Қайыровтың пасынан кейін Эсеола өз мүмкіндігін мүлт жібермей, баспен допты қақпада тулата алды.

Екінші таймда Артур Авакянц тағы бір украиналық легионер Игорь Худобяк пен сенегалдық Малик Манені ойынға қосты. Әсіресе, М.Маненің допты ұстаудағы шеберлігі анық көрінді. 80-минутта дәл сол М.Маненің пасынан кейін Эсеола есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы чемпионаттағы жетінші голы еді. Сөйтіп ол мергендер көшін бастады.

Кездесу барысында «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук барынша сәтті ойнап, бірнеше рет қауіпті соққыларды қайтара білді.Ал талдықорғандық жартылай қорғаушы Рауль Джалилов қақпашымен жекедара шыққанымен, оның тепкен добы қиыс кетті. Матч соңына таман доп қақпа жақтауынан кері қайтты. Кей ұрымтал сәттерде қорғаушылар да көмекке келді. Мысалы, Р.Қайыров Давид Мавутордың соққысынан кейін қақпаға еніп бара жатқан допқа тосқауыл бола алды. Р.Қайыров пен Эсеола республикалық sports.kz интернет-порталы жариялаған үздік 11 ойыншының қатарына енді.

Осылайша «Ақжайық» бірінші айналымды алтыншы орынмен қорытындылады. 23 мамыр күні оралдықтар біріншілікте 31 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан «Астана» командасын қабылдайды. Бұл ХХІІ турдың кездесуі болғанымен, қос команданың келісуіне байланысты осы күнге алға ысырылған болатын.

Айта кетейік, өткен турда елордалықтар «Ақтөбені» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «Қайрат» Алматыда Қарағандының «Шахтерін» (2:0) жеңді. Астаналықтардан бір ойыны кем алматылықтар 26 ұпаймен екінші орында келеді. Шымкентте «Ордабасыны» 1:0 есебімен қапы қалдырған Қостанайдың «Тобылы» 22 ұпаймен үшінші сатыға нық беки түсті. Шымкенттіктер 16 ұпаймен төртінші орында қалды. Ең ірі есеп Павлодарда тіркелді. «Қызылжарды» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Ертіс» бесінші орынға көтерілді.

Екінші айналым ойындары 27 мамыр күні басталады. Бұл күні ХІІ турда «Астана» — «Жетісу», «Ақжайық» — «Қайсар», «Ақтөбе» — «Ертіс», «Атырау» — «Қайрат», «Қызылжар» — «Ордабасы», «Шахтер» — «Тобыл» кездесулері өтеді.

Ғайса БӘЙМЕН

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ


«Ақжайықта» жаңа ойыншы

Күні: , 472 рет оқылды


Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» командасына жаңа ойыншы алынды.


«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, украиналық жартылай қорғаушы Андрей Ткачукпен келісімшартқа қол қойылды.

А. Ткачук Украинаның Житомир қаласында футбол әліппесін үйренген. 2004 жылы 23 қарашада осы елдің бірінші лигасында ойнайтын «Полесье» (Житомир) командасының құрамында бірінші кездесуін өткізді. Содан кейін «Карпаты» (Львов) командасында доп теуіп, оның 2006 жылы бірінші лигада екінші орын алып, жоғары топқа қосылуына көмектесті. Украина жоғары лигасында алғаш 2007 жылы «Днепр» – «Карпаты» командалары арасындағы кездесуде ойнады.  2008 жылдан Львов командасының негізгі ойыншысына айналды. 2013 жылы жалға беру негізінде маусым аяғына дейін «Арсенал» (Киев) командасында болды. 2014 жылы «Карпаты» командасынан қол үзіп, «Ворксла» (Полтава) клубына қосылды. 2014 жылдан осы команда құрамында 73 матч өткізіп, үш гол соқты. Жалпы спорттық жолында 226 рет алаңға шыққан.

«Командаға жаңадан әзірге бір ғана ойыншы алынып отыр. 28 қаңтар күні оқу-жаттығу жиыны мәреге жеткенге кейін басқа да футболшыларды қарап, бір мәмілеге келетін боламыз», – деді «Ақжайық» футбол клубының директоры Нұртаза Әбілханов.

Айта кетейік, футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігіне дайындалып жатқан «Ақжайық» командасының бас бапкерлігіне украиналық маман Владимир Мазяр бекітілген болатын.

Оралдықтар оқу-жаттығу жиыны барысында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Ресей премьер-лигасында өнер көрсететін «Амкар» (Пермь) командасымен өткен кездесудің бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Екінші таймда 65-минутта командада сыннан өтіп жүрген, бұған дейін Болгария елінде ойнап келген Еркебұлан Нұрғалиевке қарсы тәртіп бұзылып, 11 метрлік айып добы белгіленді.

Оны Еркебұланның өзі дәл орындады. Бұдан кейін «Амкар» шабуылға шыққанымен, «Ақжайықтың» қорғанысы сыр берген жоқ.

Ғайса БӘЙМЕН


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика