Тег: ‘Алтай Көлгінов’


«Жайықты құтқару үшін құзырлы құрылым керек»

Күні: , 34 рет оқылды

Кеше М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде Қазақстан, Австрия, Ресей және Өзбекстанның ғалымдарының қатысуымен «Трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің өзекті мәселелері.

Шешу жолдары. Трансшекаралық бассейндердің экожүйесін басқарудағы озық тәжірибелер» атты дөңгелек үстел өтті.

Аталған шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, РФ Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Наутиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шавхат Өтемісов,  сенатор Сәуле Айтбаева, РФ Мемлекеттік думасының депутаты Юрий Мищеряков, ЕЫҚҰ Астанадағы бағдарламалар кеңесі басшысының орынбасары Диана  Дигол  қатысты.

Дөңгелек үстелді ашқан ҚР Президенті жанындағы Әйелдер ісі және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко шараның басты мақсаты Жайық өзенінің экологиялық жағдайын саралау, Жайық өңірінің туристік ресурстары және табиғатын насихаттау, Батыс Қазақстан және Орынбор облыстары тұрғындарының арасындағы достық қарым-қатынасты  дамыту  екендігін айтты.

– Екі ел үшін зор маңызға ие ұсынысымызды қолдап, игі бастамаларда қатарымыздан табылатын Юрий Берг бастаған орынборлық делегацияға алғысымыз шексіз. Осы сәтті пайдаланып, ресейлік ағайынды халықаралық футбол додасын жоғары деңгейде ұйымдастырып, өткізулерімен құттықтаймын. Өзекті мәселеге арналған мұндай басқосудың жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуы бізді қуантады. Өткен жылғы дәл осындай кездесуде екі шекаралас облыс арасында «Жайық күні» мерекесін атап өту ұсынылып, Орынбор әкімшілігі тарапынан қолдау тауып, алғаш рет сол облысқа қарасты Елек қаласында тойланған болатын. Биылғы жылы біздің қатарымызға көршілес Атырау облысы да қосылып отыр. Енді бұл мереке үш облыс көлемінде аталып өтілетін болады. Қарт Жайық біздің ортақ байлығымыз, мақтанышымыз. Оны осы қалпында сақтап, келер ұрпаққа аман жеткізу де бірлікпен атқарылатын іс. Жайық өзенінің бойында 87 елді мекен орналасса, ол жерлерде өңір халқының 75 пайызы тұрады. Облыс аумағындағы өзен-көлдерге құятын судың 80 пайызы көршілес Ресей елінен келеді. Өздеріңізге белгілі, 2016 жылы Астана қаласында Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин «Жайық трансшекаралық өзені бассейнінің эко-жүйесін сақтау жөніндегі» мемлекетаралық келісімшарттың жобасына қол қойған болатын.

Бұл да болса, 20 жылдан астам уақыт өткізіліп келген екі еларалық экспедицияның нәтижесі. Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Ресей Федерациясының Табиғи ресурстар және экология министрлігі бұл маңызды келісімді одан әрі іске асырады деген ойдамын. Қазақстан мен Ресей елдері халқын біріктіретін өзенді сақтауға, барлық салалардағы мемлекетаралық ынтымақтастықты тереңдетуге және тату көршілік қарым-қатынастардың жаңа деңгейіне жетуге бағытталған мақсаттарға қол жеткізетініне шын жүректен үміттенемін. Бұл кездесу екі жаққа нақты шаралар мен ұсынымдар әзірлеуге мүмкіндік берері сөзсіз, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Айта кетейік, «Жайық – Орал» тарихи-мәдени экожорығы биыл 22-мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған әу баста тек оралдықтар қатысса, соңғы 16 жылда бұл шара Ресейдің Орынбор губерниясымен тығыз байланыста өтіп келеді. Өйткені, Жайықтың жағдайы – оны жағалай жатқан екі облыстың  да  тұрғындарына  ортақ.

Нұрбек   ОРАЗАЕВ,

«Орал   өңірі»


Франчайзинг жүйесі жетілдірілмек

Күні: , 25 рет оқылды

Осы  аптаның  бейсенбісінде  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  «Қазпошта» АҚ-ның  басқарма  төрағасы  Сәкен  Сәрсеновпен  кездесті.

Кездесу барысында компанияның қызметі, даму стратегиясы және басым бағыттары талқыланды. Басқарма төрағасы С. Сәрсеновтің айтуынша, компания азаматтардың өмірін жеңілдету мақсатында жаңа сандық технологияларды енгізумен, онлайн-қызметтерді дамыту және т.б.  жұмыс  түрлерімен  айналысуда.

«Қазпошта» АҚ қаржы және логистикалық қызмет көрсететін ұлттық пошта байланысының операторы болып табылады. Халыққа, әрбір тұрғын үшін компания қызметінің маңызы зор, атқарар ісі ауқымды. Біз сіздермен бірге халыққа, әсіресе, шалғайдағы ауылдық елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тиісті жұмыстарды жалғастыратын боламыз», – деді  облыс  әкімі.

Сондай-ақ  кездесу барысында басқарма төрағасы С. Сәрсенов франчайзинг1 желілерді жүзеге асыру арқылы компания аймақтағы қызмет көрсету нысандарын көбейтуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Шалғай елді мекендерде бұл жобаны іске асыру кез келген адамға пошта қызметін қолдануға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта облыс орталығында  франчайзинг жобасы аясында екі желі  жұмыс істейді.

Өз кезегінде облыс басшысы аймақтағы франчайзингті дамыту мүмкіндіктерін тілге тиек етті. Кездесу соңында  облыс әкімі жауапты тұлғаларға пошта байланысы саласына қатысты инновациялық және цифрлық технологияларды енгізу бойынша тиісті тапсырмалар  берді.

Облыс  әкімінің   баспасөз қызметі

Франчайзинг1  –  нарықтық  субъектілер  арасындағы  айрықша  құқықтық  қарым-қатынас


Жаңа басқарманың алғашқы басшысы

Күні: , 127 рет оқылды

Бүгін  облыс  әкімінің  орынбасары  Миржан  Сатқанов жаңадан  құрылған  ақпараттандыру,  мемлекеттік көрсетілетін  қызметтер  және  архивтер  басқармасының басшысын  таныстырды.  Конкурстық  комиссияның шешіміне  сәйкес  Батыс  Қазақстан  облысы  ақпараттандыру,  мемлекеттік  көрсетілетін  қызметтер  және   архивтер  басқармасының  басшысы  лауазымына  Сәкен  Рүстемұлы  Нұртазаев  тағайындалды.

Сәкен Рүстемұлы Нұртазаев – 1985 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары. 2007 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін инженер-технолог мамандығы бойынша, 2011 жылы Стерлинг университетін менеджмент мамандығы  бойынша  тәмамдаған.

Еңбек жолын 2007 жылы «КазТрансГаз «Аймақ» өндірістік департаментінің жетекші маманы қызметінен бастады. 2009 жылдан бастап мемлекеттік қызметте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басқармасының сарапшысы болды. 2010-2012 ж. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында (Астана) сектор меңгерушісі, 2012 жылдан бастап ШҚО әкімі аппаратының бас инспекторы, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары, Семей қаласы әкімінің орынбасары, 2016 жылдан қазіргі күнге дейін Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы болып істеді. Бұл қызметте «Ашық әкімдік», «Smart city» жобаларын дамыту бойынша мемлекеттік қызмет көрсетудің цифрландыру саласына  жауап  берді.

Еске салсақ, Елбасының «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі Алтай Көлгіновтің өкімімен жаңадан ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы құрылған болатын. Аталған басқарма өңір экономикасының барлық салаларын цифрландыру, халыққа мемлекеттік қызмет көрсету, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен «Smart city» жобаларын дамыту бойынша  жұмыстарды  жалғастыратын  болады.

Облыс  әкімінің  баспасөз  қызметі


БАҚ-тың қоғамдағы рөлі зор

Күні: , 62 рет оқылды

ҚР Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірдегі БАҚ өкілдерін қабылдап, алғысхат пен сый-сияпат табыстады.

– 2017 жылдың 28 желтоқсанында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң, ең бастысы, азаматтардың құқығын қорғау тетіктерін күшейтуде. Қазіргі таңда интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнаға тоғыстырып, дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен жаңа медианың сабақтастығын күшейте түсті. Тіпті, әлеуметтік желілердің БАҚ-қа бәсекелес бола бастауы кәсіби мамандарға сұранысты арттырып отыр. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілгендей, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында лауазымды қызметкерлер баспасөз мәслихаттарын жиі өткізуде. Жылына әрбір тоқсан сайын «Ашық әкімдік» шарасы ұйымдастырылып, тұрғындар тарапынан түскен 300-ге жуық өтінішке облыс және қала басшыларынан бастап, бөлім мамандарына дейін жауап беруде. Бір жылдың ішінде өзім облыстық «Ақжайық» және қалалық «ТДК-42» телеарналарының тікелей эфиріне бірнеше мәрте шығып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап бердім. Кейінгі жылдары ашықтық пен жариялылық БАҚ қолдауымен нақты жүзеге асуда. Биылғы Елбасы Жолдауының бағыты – экономиканың жалпы цифрландырылуы.  Қашықтықтан білім алу, электронды кітап оқу, емханаға бармай-ақ дәрігердің қабылдауына жазылу, қажетті тауарға үйден шықпай-ақ тапсырыс беру – цифрлы экономиканы дамытудың кілті. Осындай мемлекеттік ауқымдағы реформаларды халыққа түсіндіруде ақпарат құралдары аянбай қызмет етуде. Журналистер тұрғындардың мәселесін ашық көрсетіп, атқарушы билік құрылымдарының назарына да жеткізуде, – деген Алтай Сейдірұлы шараға арнайы қатысқан жерлесіміз, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы жетекшісінің орынбасары Мейіржан Әлібекұлын жақында Президенттің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы грантын иеленуімен құттықтады. Кейін «ТДК-42» телеарнасының директоры Табылғали Сапаров, «Ақжайық» телеарнасының тілшісі Тұрар Кенжеғалиев, «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Талғат Жұбанышқалиев және Мейіржан Әлібекұлы әріптестерін құттықтап, медиа саладағы басым бағыттарды тілге тиек етті. Шарада «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин облыс әкімі Алтай Көлгіновке таяуда жарық көрген ақын Ғұмар Қараштың үш томдығын табыстады. Айта кетейік, облыс әкімінің алғысхатына ие болған  әріптестеріміздің ішінде «Орал өңірі» газетінің тілшісі Динара Жұмабекқызы, Нұртай Текебаев, «Приуралье» газетінің тілшісі Динара Киндербаева және осы газеттің безендірушісі Ринат Құсенов бар.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ


«Жол саласына инвестиция тарту қажет»

Күні: , 25 рет оқылды

Бүгінде  облыста  өндірілген  өнімдерді  Қытайға  экспорттау мақсатында   жұмыстар  жүргізілуде.  Аспан  асты  елінің  нарығында  батысқазақстандық  бизнесмендер  үшін  жаңа  мүмкіндіктер  ашылмақшы.

Бұл туралы облыс әкімі  Алтай Көлгінов  инвестициялар тарту жөніндегі кеңес отырысында мәлімдеді. Жиынға «Kazakh Invest» ҰК» АҚ  басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев арнайы қатысты.

Басқарма төрағасының орынбасары Біржан Қанешев айтып өткендей, былтыр құрылған ұлттық компания бүгінде еліміздегі жобалардың жүзеге асуына инвестиция тартумен дендеп айналысып жатыр. Олар ел үшін маңызды жобаларды жинақтап, үкімет қарауына  ұсынады.

«Kazakh Invest»  ҰК» АҚ-ның облысымыздағы өкілдігінің директоры Әнуар Ниетқалиевтың айтуынша, аймақтық өкілдік жергілікті атқарушы құрылымдармен, қаржы институттарымен бірлесіп, белсенді жұмыс жасауда. Өз сөзінде ол облыстағы инвестиция қажет ететін  құны 739 млн. АҚШ доллары болатын жаңа 9 жобамен және жалпы сомасы 2,6 млрд. АҚШ долларына тең  қолданыстағы 11 жобамен таныстырды. Олардың ішінде құс фабрикасын кеңейту мақсатында бройлерді жемдейтін 24 қосымша орын салуға арналған инвестициялық жоба бар. Егер ол жүзеге асса, «Жайық ет» ЖШС жылына 7 мың тонна бройлер етін дайындайды. Ал «Eurasian Logistics» ЖШС көлік-логистикалық орталығын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жобада отель, жанармай құю бекеті мен ауыр жүк көліктерін жуатын орын да қарастырылған. Ауыл шаруашылығы кешеніне қатысты «Батыс Марка Ламб» ЖШС ұсақ мал бордақылайтын алаң құрылысын салу жобасын  жүзеге  асырғысы  келеді.

Осы жерде Алтай Сейдірұлы «Crown Батыс» ЖШС-ның бордақылау алаңын модернизациялау жөніндегі жобасы бойынша ұлыбританиялық компаниямен меморандумға қол қойылғанын атап өтті. Бұл жұмыстар жақын күндері  басталмақшы.

Басқосуда сондай-ақ асфальт-бетон зауытының жобасы таныстырылды. Инвестор «Адал Арна Алматы» ЖШС өкілі Борис Горловтың айтуынша, Бөрлі ауданының Пепель разъезінде салынатын зауыт жобасының құны шамамен 2,5-4,0 млн. АҚШ долларын  құрайды.

– Облыста жолдарды жөндеу басты басымдыққа ие. Сондықтан да инвестицияны осы салаға тарту қажет. Өкінішке орай, біздегі асфальт-бетон зауыттары заманауи стандарттарға сәйкес емес.

Ал бұл зауыт жаңа технологияларды қолданатын болса, келешегі бар жоба болғалы тұр. Облыстағы жол салумен айналысатын кәсіпорындардың деңгейі де төмен. Сол үшін жол кәсіпорындары инвестиция тартып, өздерінің материалдық-техникалық базаларын модернизациялауы керек. Жол салуға қажетті шикізаттың болмауы да бұл сала  жұмысының қарқынын төмендетіп, сапасына кері әсер етеді. Инвесторлар битум шығаруды ойластыру керек деп ойлаймын. Өйткені битум сапалы болса, асфальт та сапалы болады, – деді Алтай Сейдірұлы.

Тасқала ауданында тез пісетін алма бағын қалыптастыру жобасымен «ТексасЭдвансдРисечСенте» ЖШС директоры Газиз Исаев таныстырды. Бұл жобаны жүзеге асыруға өңірдің экологиялық және климаттық жағдайы сәйкес келеді. Оған қолдау білдірген облыс басшысы өңірге тап осындай интенсивті бақша қажет екенін атап өтті. Аталмыш компанияның елімізде жұмыс тәжірибесі бар. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, елімізде алманың 40 пайызы импортталады екен. Соның ішінде біздің де облыс бар. Егер түрік компаниясының жұмысы жақсы жүрсе, облыстағы бағбандардың да олардан бағбандықтың жаңа қыр-сырын үйренуге мүмкіндіктері болмақ. Ал мұндай тез пісетін бақтар Алматы және Түркістан облыстарында  жақсы  дамыған.

Инвесторлардан соң мінберге шыққан ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Исақов «Инвестиция мен бизнесті сыбайлас  жемқорлықтан қорғау» жобасымен таныстырды. Оның хабарлауынша, «DOING BUSINESS 2018» рейтингісі бойынша Қазақстан 190 елдің арасында 36-орын иеленеді. Бүкіләлемдік экономикалық форум шеңберінде айтылған 2016-2017 жылдардағы жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің индексінде әлемнің 138 елі арасында Қазақстан 53-орын алған. Ал инвесторларды қорғау бойынша еліміз 2011 жылдан бері 36-орыннан 3-орынға көтерілген.

Өз кезегінде сөз алған Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев ауданның инвестициялық әлеуеті туралы жан-жақты баян етті. Елбасы тапсырмасының бірі – көлік-логистикалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыру. Соған орай ауданда транзиттен түсетін кірісті көбейту шаралары алынбақ. Бұл мемлекеттің инфрақұрылымға жұмсаған қаражатын аз уақыт ішінде қайтарып алуға мүмкіндік береді.

– Аудан аумағында республикалық маңызы бар 100 шақырымнан асатын «Подстепный – Елек – РФ» аутокөлік жолы бар. Біз жүк ағынына талдау жүргізіп, ағымдағы жылдың бес айында тек Ресей Федерациясының шекарасынан 17 мың дана аутокөлік өткенін анықтадық. Аудан аумағындағы аутокөлік жолы учаскелеріндегі жол жиегіндегі жолаушыларға қызмет көрсететін орындар  жоқ. Тек Бөрлі ауылында екі жол бойындағы кафе және 2016 жылдан бері тоқтап тұрған жанармай құю стансасы бар. Жол жиегінде қызмет көрсететін нысандар ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді, – деген Санжар Жұматайұлы осы олқылықтарды жою үшін арнайы шаралар қолға алынғанын айтты.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімінің айтуынша, ауданда картоптан басқа көкөністер, сүт және ет өнімдері өзге өңірлерден әкелінеді. Сүт және ет өнімдерін өндіру және қайта өңдеумен «Нұр» шаруа қожалығы мен «Шайдецкий» жеке кәсіпкерлігі айналысып келеді. Шағын жылыжайлар салу жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар басталған. Аудан аумағында қуаттылығы 1МВт болатын 50 жел генераторын қондыру жоспарлануда. Бұл үшін Ақсай қаласының солтүстік бөлігінде 100 га жер телімі 49 жылға пайдалануға берілген.

Әлеуеті зор инвестициялық жобаларға қолдау көрсететін кеңес барысында өңірдегі инвестициялық климатты жақсарту бағытындағы жобалар жан-жақты талқыланып, облыс басшылығы тарапынан  тиісті  тапсырмалар  берілді.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Суреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


Мал шаруашылығын дамытудың мүмкіндігі зор

Күні: , 25 рет оқылды

Сейсенбі  күні  облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  өңірімізге  танымал  азамат,  «Айсұлу»  шаруа  қожалығының  жетекшісі  Мағауия  Зайнуллинмен  кездесті.

Кездесу барысында мал шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттары, өңірдегі ірі қара малының санын көбейту шаралары туралы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар асыл тұқымды мал шаруашылығын субсидиялау және кредиттік мүмкіндіктерді кеңейту мәселелері де талқыланды.

Мағауия Зайнуллиннің айтуынша, бүгінгі таңда Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың саясатының арқасында әрбір адам өзінің әлеуетін іске асыруға және Отанымыздың игілігі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Өңірде де мал шаруашылығын дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасалған. «Мал шаруашылығын дамыту бойынша  облысымыздың әлеуеті өте жоғары. Сондықтан ірі қара малын  1 миллионға дейін жеткізуге мүмкіндік бар» – деген ол шаруа қожалығында атқарылып жатқан жұмыстарды  да  баяндады.

Кездесуде облыс әкімі ауыл шаруашылығы саласының ардагерін 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға қосқан үлесін атап өтіп, оған зор денсаулық  пен  ұзақ  ғұмыр  тіледі.

Облыс  әкімінің баспасөз  қызметі

Суретті  түсірген  Александр  КУПРИЕНКО


Полицейлер де мерекелейді

Күні: , 37 рет оқылды

Ел ішіндегі қоғамдық тұрақтылық пен тыныштыққа жауапты Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі сенбі күні Абай алаңында салтанатты түрде аталып өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов бастаған ат үстіндегі азаматтар мен сала ардагерлері,  полиция қызметкерлері  қатысты.

– Бүгін – ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау және әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау жолында абыройлы қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Сіздер Елбасы – Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлының қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі тапсырмаларын абыройлы атқарып келесіздер. Елбасы да құқық қорғау құрылымдарының материалдық-техникалық әлеуетінің нығая түсуін үнемі қадағалап отырады. Қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін былтыр облысымызға 125 аутокөлік берілсе, соның басым бөлігі аудан-ауылдарға жолданды. Цифрландыру бойынша республикалық «Web-АП» жүйесінің онлайн режимінде әкімшілік құқықбұзушылықтың есебі шығарылып, жергілікті полиция қызметкерлеріне планшеттер мен техникалар берілді. «Қауіпсіз қала» жобасы бойынша Орал қаласына алты мыңнан астам  бақылау камералары орнатылса, биыл  ондай құрылғы-қондырғылардың саны 7500-ден аспақ. Бақылау камералары жол бойындағы, аулалардағы, қоғамдық орындардағы, мектептер мен балабақшалардағы орын алған заңға қайшы әрекеттерді әшкерелеу үшін таптырмас көмекші. Алдағы уақытта да тәртіп сақшыларының күн сайынғы қажырлы еңбегі мен қажет кездегі жанкешті ерлігінің арқасында қоғамдық тәртіп сақталып, азаматтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі деп сенемін, –  деді облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтау сөзінде.

Салтанатты шарада ҚР Ішкі істер министрі, полицияның генерал-полковнигі Қалмұхамбет Қасымовтың құттықтау хаты мен бұйрығы оқылып, бірқатар сала үздіктеріне марапаттар мен жаңа шендері  табысталды. БҚО ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Мақсұтхан Әбләзімовтың бұйрығы бойынша 744  қызметкер  марапатталды.

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бергі мерзімде облыста 32 полиция қызметкері қызмет барысында қаза тапқан екен. Жиын барысында міндетін мінсіз атқарып көз жұмған сарбаздар  бір минут үнсіздікпен еске алынды.

Мерекелік шара сала қызметкерлері мен өңір өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Гүлсезім  БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

* * *

Сенбі күні Орал теміржол вокзалы алдындағы  Чапаев алаңында 23 маусым – Қазақстан Республикасының полициясы күніне орай мерекелік шара өтті.

Жауапты қызметтің жүгін арқалап, қоғамдағы қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалайтын құқық қорғаушылардың қатарында  ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаменті Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің де қызметкерлері бар. Салтанатты шарада алдымен  Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Осы салада еліміздің әр түкпірінде қызмет бабында жүріп, қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алу үшін бір минуттық үнсіздік жарияланды. Жүргізуші айтып өткендей, елімізде соңғы үш жылда қызметтік борышын өтеу барысында 76 полиция қызметкері көз жұмып, 352 полиция жарақат алған екен.

Төл мерекелерінде сап түзеген әріптестеріне арнап  «Қазақстан теміржолы» АҚ «Жүк тасымалдау» Орал бөлімшесінің бастығы Мұрат Махамбетов, Орал жол дистанциясының бастығы Дүйсенбай Қожагелді лебіздерін білдірсе, «Вокзал-сервис» АҚ бастығы Қайырболат Ғайнеден Орал станциясындағы ішкі істер желі-лік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Жақияновқа «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ желілік байланыс дирекциясының атынан алғысхат табыс етті.

– Сіздердің отбасыларыңызға ынтымақ пен құт-береке, өздеріңіз бен жанұяларыңызға амандық-саулық тілеймін. Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы мен көркеюі жолындағы ерен еңбектеріңіздің абыройы мен даңқына бөлене беріңіздер! – деді Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Қайрат Жақиянов. Одан әрі Қайрат Тойшыбекұлы теміржол нысандарында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосқан теміржол мекемелерінің бірнеше қызметкерін алғысхатпен марапаттады. Олардың қатарында С. Бисенов, Д. Қуанғалиев, И. Олжатаев,  Қ. Құбашева, Д. Қожагелді секілді сақшылар бар. Сонымен қатар Орал станциясындағы ішкі істер желілік бөлімінің бірқатар ардагері көліктегі ішкі істер департаменті бастығының бұйрығымен «Қазақстан полициясына 25 жыл» төсбелгісі мен грамоталарға ие болды. Ал Р. Кисамеденов, Р. Колтубаев, Д. Нұрышевалар облыс әкімінің  алғысхатымен  марапатталды.

Орал станциясындағы желілік бөлімінің қызметкері, полицияның аға сержанты Ақтөре Закария «Полиция әнұраны» әнін шырқап, әріптестерінің мерейін бір үстем етті. Ал осы мекеменің қызметкері Асхат Нұрмұхамбетовтың ұлы Айдар Шаяхметтің өнеріне көрермен зор ықылас білдірді. Полицейлердің төл мерекесіне облыстағы өнерпаздар да әннен шашу шашып, мерекенің көрігін қыздырды.

Алаңның бір шетінде арқан тарту, 24  келілік гір тасын көтеру, қол күресі және дартстан спорттық ойындар өтті. Білек күшін сынаған полицейлер өзара кім мықтыны анықтап, тартысты сайыс өрнегін көрсетті. Сонымен қатар полицейлер денсаулық айлығы шеңберінде келген қонақтарға салауатты өмір салтын ұстануға үндеген буклеттер табыстады.

Ернар БЕКЕНОВ,

Орал станциясының ішкі істер желілік бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі:

– Мен осы салада 25 жыл қызмет атқардым. Жақында зейнеткерлікке шығамын. Полиция қызметі – қиындығы көп, жұмысы белгілі бір уақытпен шектеле  қоймайтын жауапты да ауыр жұмыс. Полицейлер күн-түн демей, халыққа қызмет атқарады. Әр жұмыстың өзіне тән ерекшеліктері болатыны секілді, бұл қызметтің де қиындығы мен  жетістіктері де жетерлік. Әріптестерімді төл мерекемен құттықтаймын! Қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда қызметтерін адал атқарып, халықтың алғысына бөлене  берулеріне  тілектеспін.

Айнұр ҮМБЕТОВА,

Орал станциясының ішкі істер желілік бөлімінің  жедел  уәкілі, полиция  лейтенанты:

– Біздің қызмет көрсету аумағымызда теміржол аймағы және Орал қаласының әуежайы бар. Жұмысымыз ер немесе әйел адамның қызметі деп бөлінбейді. Сондықтан да біздегі нәзік жандылар ер-азаматтармен қатар бар күш-жігерін аямай қызмет етіп келеді. Құқық қорғау саласында қызмет істеуді бала кезден армандаған едім. Әрине, полиция қызметкері атану оңай бола қойған жоқ. Сонда да арма-ным алға жетелеп, өзім қалаған қызметке орналастым.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал өңірі»


«Біздің міндет – халыққа қызмет»

Күні: , 36 рет оқылды

23 маусым – ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында салтанатты жиын өтті.

Салтанатты шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы қатысып, мемлекеттік қызметшілерді атаулы мерекемен құттықтады.

— Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз өңірімізде мемлекеттік қызметті тартымды әрі тұрақты ету жолында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қабылдаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мен мемлекеттік қызмет туралы ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидасын басшылыққа алып келеміз. Өңірімізде мемлекеттік қызметті жетілдіру үшін үш негізгі басымдық анықталған. Олар – меритократия қағидасының сақталуы, ашықтық пен жариялылықтың қамтылуы және көрсетілетін қызметтерді цифрландыру. Өңірімізде 4 мыңнан аса мемлекеттік қызметші бар. Меритократия қағидасына және ротацияға сәйкес соңғы екі жылда орталық – өңір, өңір – орталық және облыс – аудан, аудан – облыс жүйесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Мемлекеттік құрылымдардағы 100-ге жуық басшылық лауазымға қызметшілер осы қағидаттарға сай тағайындалды. Қызметі бойынша жоғарылаған азаматтардың 95 пайызы – жергілікті кадрлар. Сонымен қатар  мемлекеттік қызметшілерді жыл сайын оқыту жұмыстарын ұйымдастырып келеміз. Соның ішінде 14 мемлекеттік қызметші Президенттің «Болашақ» стипендиясымен білім алып, облысымызда қызмет атқаруда. Біз мемлекеттік құрылымдардың ашық болуын басшылыққа алып келеміз. Жылына төрт мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өткізіледі. Әрбір өткізілген сайын өтінішпен келетін 200-300 азаматқа облыс және қала әкімдігінің басшыларынан бастап бөлім мамандарына дейін мәселенің мән-жайын түсінікті әрі қарапайым тілде түсіндіріп, түйткілді проблемаларын шешуге ықпал етуде. Аптасына екі рет өңірлік коммуникациялар қызметінде өзекті тақырыптарға арнайы брифингтер ұйымдастырылып  жүр. Екінші жартыжылдықта әрбір аудан әкімі ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап беретін болады. Балабақша мен емханалардағы электронды кезек, жер телімдерін аукцион арқылы бөліп беру, қалалық әкімдіктің бірінші қабатында ашылған «Ашық әкімдік» қызметтерге қолжетімділікті арттырды. Ашылғанына тура бір жыл ішінде 56 мыңнан астам азаматқа қызмет көрсетілген. Мемлекеттік саясатты қолдап, оны жүзеге асыру жолында еңбек етіп жатқан әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі зор. Осындай қажырлы еңбекті қажет ететін саладағы жұмыстарыңыз үшін баршаңызға алғыс айтамын! Жаңа табыстар жолында дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! — деген облыс әкімі бірқатар мемлекеттік қызметшілерді марапаттады.

Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Нұретден Құтқожинге «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісі табысталса, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жарқын Жұмаділов, БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаев, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігі төрағасының алғысхатымен марапатталды. Тағы бірқатар мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің алғысхаты  табыс етілді. Сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткен облыстық спартакиадада жүлделі орындар алған Орал қаласы әкімдігінің, облыс әкімдігінің және Бөрлі ауданы әкімдігінің құрамаларына да марапат тапсырылды.

Лауазымды міндеттерін үлгілі атқарған, қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген бірқатар мемлекеттік қызметшілер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ісқимыл агенттігінің БҚО бойынша департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Болат Исақовтың алғысхатына ие болды. Олардың қатарында «Мемлекеттік  қызмет – елдің мүддесіне адал еңбек» эссе байқауының бірінші орын иегері болған Орал қаласындағы №5 мектептің оқушысы Данияр Қадыржанов та болды. Болат Әлмұханұлы құттықтау сөзінде мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бағытындағы  оң өзгерістерге  жанжақты тоқталды. Ол сондай-ақ  мемлекеттік қызметшілер арасындағы «Үздік тәлімгер – 2018» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Мемлекеттік қызмет ардагері Мырзағали Мұхамбетов барша  мемлекеттік қызметшіні  кәсіби мерекелерімен құттықтап, денсаулық,  жемісті еңбек тіледі.

Мерекелік шара Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония әртістерінің концерттік  бағдарламасына  ұласты.

Нұртас   НАБИОЛЛАҰЛЫ,

«Орал  өңірі»


«Салалық кәсіпорындар бәсекелестікке сай жабдықталуы керек»

Күні: , 39 рет оқылды

Кеше  ҚР  Қорғаныс  және  аэроғарыш  өнеркәсібі  министрі  Бейбіт  Атамқұлов  жұмыс  сапарымен  Орал  қаласына келді. Министр  облыс  әкімдігі ғимаратында  өткен  жиында облыс бойынша  индустрияландыру  және  қорғаныс  өнеркәсібіне  қатысты  тапсырмалардың  уақтылы  орындалуын Елбасы  басты  назарда ұстап отырғанын айтты.  Жиынға  облыс  әкімі   Алтай Көлгінов, қорғаныс  саласына  қатысты  өнім  шығаратын  зауыттардың  басшылары,  шекара  қызметі  және  құқық  қорғау  құрылымдарының өкілдері  қатысты.

– Бір ай бұрын мемлекет басшысы Батыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болып, қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарын көріп, оларды жаңғыртуға байланысты нақты тапсырмалар берген еді. Бүгін соған қатысты негізгі бағыт-бағдарды саралап, көтерілген мәселелерді талқылаймыз. Оның ішінде салалық кәсіпорындарды бәсекелестікке сай жабдықтау жайы қамтылады. Облыста қорғаныс өнеркәсібінің төрт кешені орналасқан. Бұл бағытта 2 мыңдай адам еңбек етеді. Өңірдегі қорғаныс өнеркәсібінің кәсіпорындары былтыр 13 млрд. теңгеге жуық өнім шығарды, – деді  ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Министр сол күні «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ кешені мен «Зенит» зауытында болды. Айта кетейік, «Зенит» зауытында 1993-2017 жылдар арасында еліміздің Қарулы күштеріне сыйымдылығы 240 тоннаға дейін жететін 27 катер мен кеме шығарған. Былтыр кәсіпорын шығарған өнім құны 8,7 млрд. теңгені құрады. Биылғы қаңтар-мамыр айларында 640 млн. теңгеге жуық өнімді шығарды. Бұл өткен жылғы есептік көрсеткіштен 87,7%-ға төмен. ҚР ҰҚК шекара қызметі сұранысы үшін «Барыс» кемесін шығаруға және екі кемені жеткізуге келісім жасалған. Қазіргі уақытта кәсіпорын жүктемесінің 25%-ын құрайтын  бұл  тапсырыс  жеткіліксіз  көрінеді.

«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ кешенінде 500-ден астам адам еңбек етеді. Бұл компания Орталық Азия мен Қазақстан аумағына қару-жарақ пен оқ дәрі, сонымен қатар мұнай-газ жабдықтарын шығарады.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында кешен өнімінің көлемі 1813,4 млн. теңгені құраған. Яғни, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 9,9%-ға аз.

Нұртай   ТЕКЕБАЕВ,

Орал   қаласы

Суретті  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


«Сапалы сервис болса, туризм жанданады»

Күні: , 42 рет оқылды

Сенбі  күні облыс  әкімі  Алтай  Көлгінов  жұмыс  сапарымен  Теректі  ауданында  болды.  Ондағы  құрылыс  жұмыстарының  жай-жапсарымен  танысып,  тұрғындармен  де  жүздесті.

Облыс басшысы алдымен аудан орталығы – Федоровтағы үш қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй құрылысының басында болды. Тұрғын үй кезегінде тұрған теректіліктерге жалға берілетін бұл үйді  «Альтаир» ЖШС-ы салып жатыр. Бүгінде іргетасын  құю жұмыстары басталған үйдің үш бөлмелі пәтердің аумағы 70 шаршы метр, екі бөлмелі пәтер 50 шаршы метр болмақ. Бұл нысанға жергілікті және республикалық бюджеттен 436 688,14 мың теңге бөлініп отыр.

– Үйдің алды, айналасы әдемі болу керек. Сондай-ақ ауыл тұрғындарын осы жерде жұмыспен қамту қажет. Ең бастысы, жұмыс сапалы болсын. Ал қаражат жағынан мемлекет қолдау көрсететін болады, – деген Алтай Сейдірұлы үй ауласының абаттандырылуына ерекше мән беру керектігін атап айтты. Маусым айында құрылысы басталған бұл үйді мердігер қараша айында  табыстауды көздеп отыр. Алты техника мен 15 адам жұмылдырылған құрылыста жұмыс көлемі ұлғайған жағдайда жұмысшы саны елу  адамға  дейін  көбеймекші.

Бұдан соң Алтай Сейдірұлы осы ауылдағы бір қабатты 16 арендалық тұрғын үймен де танысты. Мердігер «Өтеш» ЖШС-ның учаске бастығы Ақболат Ізболатовтың айтуынша,  бұл  үй  Астана күні қарсаңында тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға берілмек. Әр үйдің жалпы көлемі 80,7 шаршы метрді  құрайды.

Ауыл тұрғындары мен облыс басшысы осы су жаңа үйлердің қасында  кездесті.

– Теректі, біз апта ішінде аралап шыққан оныншы аудан болып отыр. Сапар барысында Президент ұсынған бағдарламалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысып,  тұрғындармен кездесіп, ақылдасып жүрміз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кезекте тұрған теректіліктер үшін екі үй салынып жатқанын көрдік. Осының өзі – аудан дамуының бір көрсеткіші. Ауылдық жерлерде де баспаналар бой көтеруде. Алайда құрылыс жұмыстарын жүргізгенде әркім өз қалауынша емес, заман талабына және  егжей-тегжей жоспарға сай салулары керек. Құрылыс сапалы, ыңғайлы болғаны жөн. Қарап отырсақ, үйлерді саламыз, ал аулада бір тал жоқ, алды тып-тықыр болып тұрады. Тал-теректі міндетті түрде әкім келіп егіп беруі керек емес шығар. Күзде, көктемде ауыл тұрғындары жұмылып, ағаш екендері жөн. Әсіресе, жастар атсалысуы қажет. Ал  Шалқар көліне келетін болсақ, ол – біздің байлығымыз. Біріншіден, көлді таза ұстауымыз, екіншіден, туристерді тартуымыз керек. Сапалы сервис болса, туризм де жанданады, – деді халықпен кездескен Алтай Сейдірұлы.

Ауыл тұрғындары алдында аудан әкімі Кәрім Жақыпов  Теректінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде баяндады. Аудан  басшысы айтып өткендей, Жайық-Шалқар каналына су жіберетін шалқымалы-насосты бөгет құрылысы жүріп жатыр.  Мердігер «Real Story Invest» ЖШС салып жатқан құны 133,444 млн. теңге болатын бөгет іске қосылған жағдайда  19 мың гектар жер суландырылып,  40 шақырымнан астам жерге Жайықтың суы жеткізілетін болады. Ал ол жерлерде осы суды пайдаланатын  30-дан  астам шаруа қожалығы бар. Яғни бөгеттің  мал өсірген ағайынға пайдасы  шаш етектен болғалы тұр. Сарыөмір ауылында «АлатауАльданАгро» ЖШС аумағы 867, 36 м2 болатын 46 орындық сауықтыру лагерін салуда. Ол үшін жергілікті бюджеттен 101, 333 млн. теңге қаражат бөлінген.  Ақжайық елді мекенінде де үш қабатты көп пәтерлі тұрғын үй салынуда. Үй мен оның инженерлік инфрақұрылымына облыстық қазынадан 85,9 млн. теңге бөлінген. Аудан басшысы  мал және егін шаруашылықтарының  да  жай-күйіне  тоқталды.

Одан әрі Алтай Сейдірұлы «Подстепный-Федоров-РФ шекарасы» тасжолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. «ТүркістанЖолСервис» ЖШС салып жатқан жолға республикалық және жергілікті бюджеттен 2,597  млрд. теңге бөлінген. Жалпы  ұзындығы 19,363 шақырым болатын бұл тас жол 4-санатты жолға жатады. Аудандық маңызы бар бұл жол төсемінің кеңдігі 10,0 метр болмақ.

«Махорин» ЖШС-да болған әкім ондағы шаруашылық жайымен танысты. Негізінен мал және өсімдік шаруашылықтарымен айналысатын серіктестікте бүгінде жетпіс адам еңбек етуде. Өткен жылы 4,700 млн. теңге демеуқаржыға қол жеткізген. Шаруалардың айтуынша, 1200  га егілетін еркекшөп ауа райының қолайсыздығына байланысты жөнді өспеген. Сондай-ақ 600 га алқапқа судан шөбін  еккен. Жалпы, биыл мал азығын жеткілікті етіп даярлауға мүмкіндік бар. Қазір серіктестікте 1300 ірі қара бар болса, жыл соңына дейін олардың санын 1600-1700 жеткізу жоспарланып отыр.

– Жуырда өңірге келіп кеткен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев облыстағы жолдарға бөлінетін қосымша қаражатқа қодау білдірген болатын. Оралдан  Орынборға баратын 144 шақырым жол шекараға дейін жөнделмекші. Ол үшін Елбасы тапсырмасымен үкімет тарапынан қаражат бөлінеді. Биыл жолдың жобалау-сметалық құжаттары дайындалады. Келер жылы екінші санатты төрт жолақты жол құрылысы басталмақ. Ал бұл жолдың теректіліктер үшін маңызы зор болмақ. Жолдың сапасы адам өміріне де, экономикаға да әсер етеді. Сондықтан да қауіпсіздікке баса мән беріледі. Жол салу тұрғындарды  жұмыспен қамтуға  да оң ықпал етпек. Күні бүгін ауданда  450 шақырымнан астам жолды жөндеу басталды. Оларға  қажетті қаржының басым көпшілігі республикалық бюджеттен бөлінуде. Жасалып жатқан жұмыстардың барлығы бақылауды қажет етеді, сондықтан да жергілікті жерлерге арнайы барып танысудамыз. Тұрғындарды мазалайтын тағы бір мәселе – таза ауыз сумен қамту. Өткен жылы облыстағы 55 елді мекенге су берілсе, биыл 50 елді мекен қамтылмақ. Бұл жұмыстар сол ауылдардың тұрғындарының ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады, су сапасын жақсарту арқылы тұрғындар денсаулығын да жақсартамыз. Жасыратыны жоқ, сумен қамтуда біздің облыс республика бойынша соңынан санағанда үшінші орында тұр. 2020 жылы сумен қамтуды 55 пайызға жеткізгіміз келеді. Жалпы, екі жыл ішінде өңірімізде 2000 шақырым  су құбыры жүргізілді. Ал Теректі ауданында  5 млрд. теңге қаражатқа үлкен жұмыстар атқарылуда. Олардың ішінде жеті  елді  мекенге газ жүргізу, 52 шақырым жол салу, екі ауылға ауыз су өткізу бар.

Ауданды аралаудағы мақсат – жергілікті жерлерде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асу барысын қарау. Бұл іс-шаралардың Теректі  ауданында  да жақсы жүріп  жатқанының куәсі болдық, – деді  Алтай Сейдірұлы сапар соңында  журналистерге  берген  сұхбатында.

Ясипа   РАБАЕВА,

«Орал   өңірі»

Cуреттерді  түсірген  Темірболат  ТОҚМАМБЕТОВ


БҚО, Орал қаласы, Мұхит көшесі, 57/1
zhaik_presscenter@mail.ru
oral_oniri@inbox.ru
support@oraloniri.kz

Орал өңірі" газетінің бас редакторы: 51-25-80
Бас редактордың орынбасарлары: 24-17-08, 54-18-08
Жауапты хатшы: 54-38-22
Тілшілер: 50-66-88, 51-50-34
Жарнама бөлімі: 51-51-09
Яндекс.Метрика