21.10.2016, 20:51
Қараулар: 162
«Орал өңірі» оқырмандар көзімен

«Орал өңірі» оқырмандар көзімен

%d1%82%d0%b0%d1%81%d0%b1%d0%be%d0%bb%d0%b0%d1%82-%d0%be%d1%81%d0%bf%d0%b0%d0%bd%d0%be%d0%b2-%d0%b7%d0%b5%d0%b9%d0%bd%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5%d1%80


Осыдан бірер апта бұрын «Орал өңірі» газеті редакциясының бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин Ақжайық ауданының үш ауылдық округінде жергілікті оқырмандармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікіріне құлақ түріп қайтқан-ды. Осы әңгіме-дүкен барысында облыстық газетте көтеріліп жүрген және көтерілуі тиіс көкейкесті тақырыптар жөнінде ел-жұрт пен редакция басшылығы арасында емен-жарқын рәуіште пікір алмасу өрбіді. Жайықты жағалай қонған ауыл-аймақтың үлкен-кішісі ортаға салған көзқарас-тілектердің арасында барша оқырманымызға ортақ мәселелер де баршылық. Ендеше, ден қойып, зер салып көріңіз.


Алдаберген СӘРСЕКОВ,

М. Әуезов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі, Чапаев кенті:

— Соңғы жылдары тарихи тақырыптағы дүниелерді жиі беріп жүрсіздер. Бұл, әрине, құптарлық қадам. Бірақ биыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай «Орал өңірінде» бар болғаны үш-төрт материал ғана шықты. Өздеріңізге мәлім, келер жылы қазақтың ұлттық мүддесі үшін бастарын оққа байлап, жандарын пида еткен ерлер құрған «Алашорда» қозғалысына 100 жыл толмақ. Міне, осы тақырыпты тарихи тұрғыдан барынша толыққанды қамтуға тырыссаңыздар екен.

Жұмағаным МАШТАҚОВА,

ағылшын тілі пәнінің мұғалімі,  Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Маған «Орал өңірі» газетінің үлкен-кішіні бірдей адал еңбек арқылы ырыздық табуға, дәулет құрауға үнемі үндейтіндігі ұнайды. Бүгіндері «жұмыс жоқ» деп қарап отыру – тек жалқаулардың ғана айтатын сылтауы. Айналаңа ойлы көзбен қарасаңыз, билік кәсіпкерлікке ауқымды қолдау көрсетуді жүйелі жолға қойғалы бері қаншама адам өмірге қоса, еңбек нарығынан өз орнын тапты. Еңбек еткісі келген адамның бірі мал басын көбейтіп, бірі пластикалық есік-терезе жасап, енді бірі монша салып, монша жағып, бірі балық аулап сатып, бірі шаштараз, бірі бағбан, бірі фотограф, бірі етікшілікті кәсіп қылып, алға ұмтылуда. Тіпті ауылдық жерде тұрып-ақ қазақтың қыз-келіншектерінің кейбірі шілдехана мен құдалық, той-мерейтойларға қоса, баршаға ортақ мереке-мейрамдарда торт-пирог, пицца пісіріп сатуды кәсіпке айналдырғаны мені қуантады. Бүгіндері іші кірсе-шыққысыз, патшаның сарайындай, ханның ордасындай сәулетті тойханалар қалаға қоса, ауылдық жерлерде де жиі салына бастады. Осының өзі-ақ халықтың тұрмысының оңала бастағандығын көрсетпей ме?! Тек әркім өзінің қарым-қабілетіне қарай ерінбей, еңбек етсін деңіз.

 Ғазиз АБАТОВ,

 еңбек ардагері, Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Біз кезінде мыңғыртып мал да, жайқалтып егін де өсірген «Родник новый» деген миллионер колхоздың ізіндегі ауыл-аймақпыз. 1937-38 жылдары біздің жаққа депортациямен (мәжбүрлеп қоныс аударумен) келіп, осы жерде күріш өсірген кәрістерді өз басым бала болсақ та, көре қалдық. Біздің ауылдың айналасында күріш өсірген әлгі кәрістердің бірі – Хван әулеті күні кешеге дейін осы біздің ауданның орталығы Чапаевта тұрды. Бәлкім, олардың үрім-бұтағы Чапаевта әлі тұратын шығар. Өзіміз үлкейіп, жүріс-тұрысымыз қиындағандықтан, ол жағынан бейхабармын.

Жаңа еңбек ету туралы орынды әңгіме қозғалды. Ауылымыздың тұрған жері шаруаға керім қолайлы. Іргеде орманымыз, өзен-көліміз бар. Мойыл-бүлдірген тересің бе, балық аулайсың ба, сай-салаға бақша салып, картоп егесің бе, өз еркің. Тек «жұмыс жоқ» деп қарап отырмау керек. Кезінде біздің қатарымыз колхоз-совхоздың бірі-біріне ұласып жататын, өмірі бітпейтін науқандық жұмысынан көз ашпады, бас көтере алмады. Ал қазір рақат қой, жыл-он екі ай бойы күндіз-түні жеке шаруаңды күйтте, кім қой деп жатыр?!

Мәдениет үйіміз жөнделуде, ауылға газ, су келіп тұр. Біздің ауылдан аудан орталығы да, облыс орталығы да қашық емес, яғни қатынас жөнінен қиындық жоқ. Тек тиімді шаруаның көзін тауып, еңбек ету керек деп есептеймін. Осындай мазмұнда, яғни ел-жұртты адал еңбекке үгіттейтін мақалалар «Орал өңірінде» әлсін-әлсін шығып тұрады, бұл өте дұрыс.

Тасболат ОСПАНОВ,

мектептің шаруашылық меңгерушісі, Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Жаңа көпті көрген, көңіліне көп нәрсені түйген Ғазиз ағай өте орынды әңгіме айтты, қазаққа бос сөзді қойып, еңбек ету керек! Ел ішінде «Ер адам – байрақ, әйел адам – қайрақ» деген сөз бар, ерлі-зайыпты екеуі тіл табысып, тізе қосып еңбек етсе, қазақ ауылында береке-бірлік те, ырыс-ынтымақ та болады. Оның үстіне ерінбей еңбек еткен ерлі-зайыптылардың ұл-қыздары қаршадайынан адал еңбекпен ауызданып, бүкіл өміріне жетер дұрыс бағыт-бағдар алады.

 Жайнагүл ӨТЕШҚАЛИЕВА,

қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі,  Жаңабұлақ ауылдық округі:

— Маған «Орал өңірі» газетінің Ауғанстандағы соғысқа қатысқан жерлестеріміздің ерлігі туралы жиі жазатындығы ұнайды. Осы тақырыпқа соңғы екі-үш жылдың көлемінде «Жазылмайтын жара», «Ауғанстаннан кейін Ангола жұмақтай көрінді», «Басына 1 миллион ауғани тігілген қазақтың қыраны», «Патриоттық тәрбиесіз елжанды тұлға қалыптастыру мүмкін емес» деген атаумен бірі-бірінен өткен өте тартымды мақалалар бердіңіздер. Мен мұны ерлікке тағзым және жүйелі патриоттық тәлім-тәрбие деп қабылдаймын.

 Ғайни МАШАЕВА,

 зейнеткер, ардагер ұстаз, Бударин ауылдық округі бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы:

— Менің ойымша, «Орал өңірі» – үлкен-кішіге бірдей керек басылым. Өйткені облыстық газетте қай тақырып бойынша да оқитын дүниелер баршылық. Дұрыс дүниетаным, орнықты көзқарас қалыптастыру үшін, жақсылықтан үйреніп, жамандықтан жирену үшін жастарды «Орал өңірі» газетін тұрақты оқуға тартайық. Тіпті біздің ауылдағы әр үй «Орал өңірін» жаздыртып алса, рухани тұрғыдан олжаға кенелері даусыз.

Хамит САҚАУОВ,

педагогика саласының ардагері, зейнеткер,  Бударин ауылдық округі:

— «Орал өңірінің» көп жылдан бергі оқырманымын. Бірақ соңғы жылдары газет уақтылы қолымызға тимейді. Облыс, аудан орталығынан дер кезінде жеткізілгенімен, халыққа үлестірілмей, «Қазпоштаның» ауылдық округ орталығындағы кеңсесінде жатып қалады. Мұндай жағдай көптеген ауылға тән екендігін газеттеріңізден оқыдық. Ал енді меніңше, халық болып, билік болып осы «Қазпоштаға» ықпал етіп, оның жұмысын бір жүйеге келтіретін уақыт жетті.

Жаңа Бауыржан інім, өзіңіз «Ауылдағы ағайынды қалаға асығыс-үсігіс көшуден сақтандырайық. Себебі соңғы жылдары облыс орталығында үйсіз-күйсіз, азып-тозып жүрген түрі қазақ қаңғыбастар көбейіп кетті. Тіпті олардың арасында әйел заты да баршылық» дедіңіз. Айтып отырғаныңыз, рас әңгіме, әлгіндей келеңсіздікті қалаға барғанда көріп жүрміз. Мысалы, біздің ауыл көгілдір отын, сапалы ауыз су деген коммуналдық игіліктердің рақатын көріп отыр. Бұған қоса ауылымыз үлкен жолдың үстінде. Аудан орталығына да, облыс орталығына да қатынау проблема емес. Міне, осындай елді мекенде тұрып, жеке малыңды көбейтіп, бау-бақшаңды жайнатып, жеке кәсіпкерлікке ебің болса, оны өрістетіп, артылған өніміңді сатып, күйлі тұрмыс кешуге болмай ма?! Меніңше, халықтың біраз бөлігі, соның ішінде жастардың дені еңкейіп еңбек етуден қашықтап кетті-ау…

 Гүлсім ШАЯХМЕТОВА,

 Бударин ауылдық округінің тұрғыны:

— Қазір қаншама қымбатшылық қысып барады дегенмен, ауыл қазағы жиі қонақ шақырудан тартынар емес. Сондай-ақ дастарқанға арақ-шарап қоюдан да айылымызды жия қойған жоқпыз. Сол арақ-шарапқа кететін ақшаға үлкен-кішіге бірдей дұрыс әңгіме айтатын газет-журналға жазылғанымыз жөн. Сосын жаңа халықты, әсіресе, жастарды салауатты өмір салтына жаппай тарту жөнінде сөз болды. Ол үшін ауыл мектептеріндегі спорттық құрал-жабдықтарды молайтып, әрі оларға ауыл халқының қолжетімділігін арттыру керек.

 Светлана САБЫРОВА,

Жаңабұлақ жалпы орта білім беретін мектебінің директоры:

— Егер «Орал өңірі» газетінен «Мұғалім» деген арнайы бет ашылып, кемі айына бір рет әр ауданнан бір мұғалім туралы жақсы мақала-очерк шығып тұрса, бұл редакцияның мұғалімнің беделін көтеруге қосқан нақты үлесі болар еді деп ойлаймын.

Бауыржан ҒҰБАЙДУЛЛИН,

«Орал өңірі» газетінің бас редакторы:

— Орынды ұсыныс-пікірлеріңізге бек рақмет. «Орал өңірі» газетін шығарушы редакция ұжымы болғанымен, облыстық газет – облыс халқының рухани ортақ игілігі. Сол себепті біз оқырман қауымның көңілге қонымды талап-тілегін барынша ескеруге үнемі мүдделіміз. Мәселен, жаңа ғана айтылған «Мұғалім» арнайы беті туралы орынды ұсынысты неге жүзеге асырмасқа. Тек мынаны ескерейік, «Орал өңірінің» мәртебесі (статусы) облыстық қоғамдық-саяси газет. Демек, біз педагогикалық бағыттағы салалық басылым емеспіз. Сол себепті сіз болып, біз болып, айына бір рет «Мұғалім» атты арнайы бет шығарайық. Бірақ қай ауданнан қай мұғалімнің шығатындығын әр ауданның білім бөлімі өздері ұсынсын. Сонда болашақ «Мұғалім» беті ұстаздарға арналған облыстық деңгейдегі «Құрмет тақтасы» іспетті болады.