21.10.2016, 20:34
Қараулар: 244
«Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитқа шырқау үшін дала керек…»

«Мұхитты тыңдау үшін үлкен жүрек, Мұхитқа шырқау үшін дала керек…»

dsc_0180


Халық композиторы, ақын әрі әнші, дала бұлбұлы Мұхит Мерәліұлының 175 жылдығына орай облыс орталығынан бастау алған «Сары дала сағынышы — сал Мұхит» атты мәдени-көпшілік шаралар легі бабамыздың туған жері Қаратөбе өңірінде жалғасын тапты.


Шара қонақтарын аудан әкімі Асхат Шахаров бастаған топ құрметпен қарсылап алды.

Меймандардың қатарында Түркістан қаласынан арнайы келген ҚР халық әртісі, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушысы, профессор, әнші-термеші Қажыбек Бекбосын, Ақтөбе қаласынан келген «Мәдениет майталманы» белгісінің иегері, әнші-термеші Хайдар Өтеғалиев және ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын, әнші Қатимолла Бердіғалиев бастаған өңірімізге белгілі әнші-термешілер болды. Олар Саралжын ауылдық округіндегі Ақбақай қорымына ат басын бұрып, Мұхит баба кесенесіне зиярат етті. Саралжын ауылдық округінің орталығы Қарақамыс ауылындағы Мұхит Мерәліұлының ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойды.

dsc_0258Сал Мұхиттың кіндік қаны тамған Ақбақайдан аудан орталығына оралған қонақтар Мұхит баба атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне саяхат жасады.

Бабамызды ұлықтауға арналған мәдени-көпшілік шаралар жазира дала төсінде салтанат құруымен ерекшеленді.

— Мұхит бабамыздың 175 жылдығы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Ұлттық болмысымызды сақтап, салтдәстүрімізді насихаттап, ақындарды ардақтап, батырларымызды ұлықтаудан жалықпайтын халқымыздың мәртебесі қашанда биік. Қазіргі таңда ұрпақтарының қолы жеткен азаттықты аңсап өткен ұлы бабаларымыз аз болмаған. Соның бірі өнер саласында өшпес із қалдырған жезтаңдай әнші, халық композиторы, кең байтақ даламыздың бұлбұлы Мұхит Мерәліұлы екендігі анық. Оның өлмес мұрасын насихаттау арқылы біз мәңгілік елге бағыт ұстап, нық қадаммен алға баса беретін боламыз, — деді шараның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Асхат Шахаров.

dsc_0345Ұйымдастырушы тараптан мәдени шараның құрметті меймандарының иықтарына шапан, камзол жабылып, естелік сыйлықтар табыс етілді.

Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов, ҚР халық әртісі Қажыбек Бекбосын, сал Мұхиттың ұрпағы Әсия Мұхитова Үш жүзден ән оздырған бабамыздың мерейтойымен жиылған көпшілікті құттықтады.

Сахна төрінде еліміздің өзге аймақтарынан келген әншілер Мұхит әндерін шырқады.

Алыстан менмұндалап көз тартар той ауылының бір шетінде спорттық ойындар ұйымдастырылды. Оның ішінде қазақ күресі, аударыспақ, кір тасын көтеру, қой көтеру, қол күресі сынды спорттық ойындар шара шырайын аша түсті.

Қазақ күресі бойынша жеңімпаз атанып жүрген қаратөбелік Бауыржан Шүрменнің мерейі осы жолы да үстем болды.

Кір тасын көтеруде ақтайсайлық Әли Орынғалиев, қой көтеруде сырымдық Темірлан Ғаббасов алдына жан салмады. Темірлан 60 келілік қойды 3 минуттың ішінде 50 мәрте көтерді.

Марапаттау салтанатында қазақ күресінен жеңімпаз Б. Шүрменге 100 000 теңге ақшалай сыйлық, кір тасын көтеруден жеңімпаз Ә. Орынғалиев пен қой көтеру сайысының жеңімпазы Т. Ғаббасовқа бір-бір қой сыйға тартылды.

Қол күресі өнерінде аудан аумағына чемпион ретінде танылған жас спортшы Фархат Қалиев жеңіс тұғырына көтеріліп, арнайы сыйлықты иеленсе, аударыспақ ұлттық ойынында Мағжан Серіковтің бәсі биік болды. Жиырма бес шақырымдық аламан бәйгеге көршілес Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан, облыстың Сырым, Теректі аудандарынан, ауданның ауылдық округтерінен барлығы он екі ат қосылды. Мәре сызығын бірінші болып Сырым ауданы Көздіқара ауылының тұрғыны Серік Мүтиевтің Бақторысы кесіп, 1 млн. теңге ақшалай сыйлықты жеңіп алды. Қаратөбелік Ғабит Мақановтың Қызылтаңы екінші келіп, жүлдеге тігілген тоңазытқышты еншіледі. Ал сырымдық Серік Мүтиевтің тағы бір тұлпары – Байшұбар үшінші орыннан көрініп, кіржуғыш мәшинені иеленді.

Үш шақырымдық тай жарысы бойынша бірінші, екінші, үшінші орындарға сәйкесінше елу, отыз және жиырма мың теңге тігілді.

Сулыкөлдік Қадірберген Исақұловтың тайы мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті.

Аламан бәйге, тай жарысының жүлде-сыйлықтарын аудан басшысы А. Шахаров, ҚР халық әртісі Қ. Бекбосын және сал Мұхиттың ұрпағы Ә. Мұхитова табыс етті.

Ертай БИМҰХАНОВ,

Қаратөбе ауданы

 

Суреттерді түсірген Райымбек АБАЕВ