21.10.2016, 20:26
Қараулар: 181
Екі жүзден астам өтініш ескерілмеген

Екі жүзден астам өтініш ескерілмеген


Кеше БҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өңірлік комиссия мен облыс прокуратурасы алқасының бірлескен отырысы өтті. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов төрағалық етті.


pri_2289— Елбасымыз азаматтардың құқықтық сауатын арттыру керектігін айтты. Осы орайда прокуратура органдарының ықпалы айрықша екені мәлім. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» ҚР заңына өзгерістер енгізілгеніне қарамастан, мемлекеттік органдар тарапынан өтініштерді қарау тәртібіне қатысты елеулі кемшіліктер жіберілген. Десек те, облыс әкімдігі мен оның құрылымдық бөлімшелеріне жолданған арыз-шағым, өтініштер  саны жыл сайын азайып келеді. Мысалы, 2011 жылы 324 мың, 2015 жылы 71 мың өтініш түсті. Яғни  бұл көрсеткіш 4,5 есеге қысқарған. Биылғы сегіз ай ішінде 41 мыңнан астам өтініш қаралған. Барлық мемлекеттік орган қызметшілері есепке тіркелген кез келген өтініштерді қараусыз қалдырмаулары және уақтылы жауап берулері қажет. Сонымен қатар облыста тұрмыстық қалдықтарды орналастыру, өңдеу жайы да күрделі болып отыр, – деді  облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Алқа отырысында баяндама жасаған БҚО прокуратурасының басқарма басшысы Жаннұр Ахметбектің айтуынша, сот органдары биылғы тоғыз ай ішінде мемлекеттік органдар шешіміне наразылық білдірген 79 азаматтың арызын мақұлдаған. Мұндай мәселелермен прокуратура органдарына жыл сайын жүздеген тұрғын жолығады екен. Шағымдардың көпшілігі тұрғын үй, жер телімін иелену, еңбек дауы, қылмыстық тергеу, көші-қон түйткілдері және салықтық тексеру мен медициналық қызмет сапасына қатысты. Жалпы, жергілікті атқарушы органдарда жүргізілген тексеріс нәтижесінде биыл арыз иелеріне жолданған хатқа сол тілде жауап бермеуіне байланысты 60 дерек, өтініштерге салғырт қарауға қатысты 200-ден астам дерек анықталды. Мәселен, облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқарма еңбекақысын алмаған бірнеше жұмысшының арыздарын негізсіз себептермен қараусыз қалдырған. Облыстық ішкі істер департаментінде ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 104, 105-баптарына сәйкес жолданған өтініштер уәкілеттігі жоқ лауазымды тұлғаларға, соның ішінде арызда сыналып отырған қызметкерлерге тапсырылған. Ал сот актілерімен келіспеген А. Әзбергеновтің  облыс әкімінің аппаратына жолдаған шағымы 29 күн өткен соң қаралған. Орал қаласының сәулет және қала құрылысы бөліміне түскен 39 арызға мерзімі өткен соң барып назар аударылған.  Жаннұр Ахметбек мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігіне қатысты сын айтты. Оның уәжінше, тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі ұйымдастырмау, ақпаратпен уақтылы қамтамасыз етпеу, әкімшілік кедергілер жасау, мамандар біліктілігінің төмендігі, жауапты басшылардың құлықсыздығы, тиісінше кінәлінің тәртіптік жазаларға тартылмауына қатысты деректер мемлекеттік қызметтегі салғырттыққа себеп болуда.

БҚО бойынша табиғатты қорғау прокуроры Асылан Жанатауов облыстағы  тұрмыстық қалдықтар орындарына қатысты ахуалды баяндады. «Облыстағы 415 қоқыс тасымалданатын жер телімінің 405-інің қоршаған ортаға шектеулі зиян төлеміне (эмиссияға) рұқсаты жоқ. 176 елді мекен маңындағы қоқыс үйінділерінің орны арнайы жабдықталмаған және  құжаттары әлі күнге заңдастырылмаған. 2012 жылдан бері Орал қаласы және Зеленов, Бөрлі аудандарының аумағында өндірістік қалдықтардың заңсыз төгілуіне байланысты 16 қылмыстық іс тіркелді. Нәтижесінде бюджеттен 1,7 млрд. теңгеден астам қаржы шығын болғаны анықталды. Күні бүгінге айыппұлдың 1 млн. теңгесі өндірілген. Бір мұнай компаниясының және тасымалға жауапты үш кәсіпорынның басшысы сотталған. Ақсай қаласынан басқа, барлық аудан орталығында кәріз суын қабылдайтын нысандар жоқ, сол себепті тұрмыстық су қалдығы вакуумдық көліктермен арнайы белгіленбеген аумаққа төгілуде. Орал қаласының маңындағы Деркөл ауылы, Зашаған кенті, Ескі әуежай, Курени және «Самал — 1, 2, 3» ықшам аудандарындағы, Желаев трассасының бойындағы тұрғын үйлер орталық кәріз жүйесіне қосылмаған. Қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін облыстық табиғатты қорғау прокуратурасы  «Урал Ойл энд Газ» ЖШС-нан 2 млрд. теңге салық төлемін өндірді. Алдағы уақытта облыстық прокуратура «Табиғатты бірге сақтайық» жобасын мүдделі органдар назарына ұсынбақ. Облыстық экология департаментінің жаңа басшысы Ербол Қуанов аталған мәселелерді шешумен айналысуға бар күш-қайратын жұмсайды деген үміттемін», – деді Асылан Жанатауов.

Шарада прокуратура өкілдері күн тәртібінде көтерілген мәселелерге сәйкес шағын бейнесюжеттерді назарға ұсынды. Облыс әкімі Алтай Көлгінов күрмеулі түйткілдерге байланысты алқа отырысына қатысқан жергілікті атқарушы орган басшыларына сауалдар қойды. «Қазіргі уақытта қоқыс тасымалымен айналысатын жеке кәсіпорындармен құрылыс қалдықтарын тасымалдауға тариф бағасын бекіту үшін келісімшарт жасалуда. Тұрғындардың жағдайын ескеріп, қоғамдық кеңестердің қатысуымен түсіндірме жұмыстарын жүргізудеміз. «ОралТехСервис» ЖШС қазіргі кезде жекешелендірілуде. Бұдан қосымша мәселелер туындайтыны белгілі. Қалада санитарлық-экологиялық шаралар тұрақты ұйымдастырылып жатыр. Зашаған кентінде полигонның жанып, тұрғындардан шағым түсуіне байланысты жауапты тұлғамен сот арқылы әкімшілік іс қозғалды. Алдағы уақытта барлық кемшілікті жоюмен шұғылданамыз», – деді Орал қаласының әкімі Нариман  Төреғалиев.

– Биыл фин  компаниясы Орал қаласы маңындағы полигон қалдықтарын өңдеуге кіріседі. Инвестор алдымен полигон астындағы биогаз қорына барлау жүргізеді. Егер бар екенін анықтаса, табылған шикізаттан электр қуатын өндірмек. Екінші кезеңде қалдықтарды  іріктеу, келесі кезеңде өңдеу жұмысы қолға алынады, – деді қала әкімінің сөзін толықтырған облыс басшысы Алтай Сейдірұлы.

Алқа отырысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин қоғамдық орындардың ластануына байланысты 18 мыңнан астам әкімшілік заңбұзушылық анықталғанын жеткізді. Оған облыс әкімі Алтай Көлгінов шаһарда бейнебақылау камераларын көбейтуді ұсынса, облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов тәртіп сақшыларының қажетті шаралар жүргізуге құлықсыздық  танытып отырғанына тұрғындардың шағымдануы жиілегенін ескертіп, қазіргі кезде облыстық ішкі істер департаментінде арыздарды қарау тәртібіне қатысты прокуратура өкілдері тексеріс жүргізіп жатқанын, алдағы уақытта заңбұзушылықтар дерегі БАҚ-тарда жарияланып, кінәлі деп танылған басшы-қосшы қызметкерлер жауапқа тартылатынын жеткізді. Жиында өңір жетекшісі жергілікті атқарушы органдардың басшыларына мемлекеттік қызметтің сапасын күшейтіп, қоғамға ашықтық қағидатын нақты қамтамасыз етуді тапсырды және болашақта облыстық прокуратурамен өзекті мәселелерді талқылайтын екіжақты мәжіліс жиі өтіп тұратынын жеткізді. Ал облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыру жолында зор жауапкершілік жүктегенін айта келіп, заңның үстемдігі жүйелі бақылауға алынатынын тілге тиек етті.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар