21.10.2016, 20:18
Қараулар: 335
Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылды

Құрманғазы мен Динаға ескерткіш ашылды

pri_2618


Жұма күні Орал шаһарындағы Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелердің қиылысар тұсында күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаның композициялық ескерткіші ашылды.


Шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов, белгілі өнер қайраткерлері Орынбай Дүйсенов, Айтжан Тоқтаған, Айтқали Жайымов, Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов, өңіріміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Ескерткішті салтанатты ашу рәсімі облыс әкімі Алтай Көлгінов пен ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, күйші-домбырашы Айтжан Тоқтағанға ұсынылды.

— Бүгінгі оқиға – тарихи оқиға деп айтуға болады. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра» деп Қадыр ағамыз айтқандай, домбыра — қазақтың жан-жүрегі. Осынау ұлы даладан қаншама ұлы тұлғалар шықты. Міне, бүгін күй атасы Құрманғазы мен күй анасы Динаға арнап ескерткіш орнаттық.  Биыл Дина Нұрпейісованың туғанына 155 жыл. Біз зиялы қауым өкілдерімен, халықпен  ақылдаса келе Құрманғазы Сағырбайұлы мен Дина Нұрпейісова атындағы  көшелер қиылысатын осы демалыс алаңына Дина анамызға ескерткішті ұстазымен бірге қойғанды жөн санадық.  Құрманғазы атамыз бен Дина әжеміз өз шығармаларында еркіндікті аңсап, тәуелсіздікті армандаған. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында ашылып отырған бұл ескерткіш – ұрпақ үшін өнеге, — деді салтанатты шарада сөйлеген облыс басшысы Алтай Көлгінов. Шарада театрландырылған көрініс қойылып, Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалды.

pri_2489— Құрманғазы бабамыз бен Дина шешемізге арналған ескерткіштің бой көтергені — біз үшін үлкен қуаныш. Бұл ірі мәдени жаңалық деуге болады. Құрманғазы бабамызға арналған ескерткіш ең бірінші Атырау қаласында ашылды. Кейіннен Астана, Алматы қалаларында бой көтерді. Бүгін Орал шаһарындағы салтанатты шараға келдік, — дейді Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрінің директоры Нұрғиса Дәуешов.

Мәдени шара түстен кейін облыстық қазақ драма театрында өтекен Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік академиялық оркестрі, Атырау облысының Дина Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі және Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрлерінің біріккен «Күй дүлдүлдерінің дүбірі» атты концертімен жалғасты.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

“Орал өңірі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар