14.10.2016, 22:29
Қараулар: 210
Жылыту маусымына толық дайын

Жылыту маусымына толық дайын

pri_1143


Бейсенбі күні орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалы алаңында өткен баспасөз мәслихатында 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы және атқарылған жұмыстардың жай-күйі талқыланды.


Брифингке БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Орынғалиев, Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Мұхамбетқалиев, «Жайық-жылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов қатысты.

— Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес облыста 2016-2017 жылдардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары біркелкі жүргізілуде. Соңғы күндері күннің күрт суытуына орай «Жайықжылуқуат» АҚ қазан айының он екісінен бері жылыту маусымын бастады. Ағымдағы жылы дайындық жұмыстарын жүргізуге, сонымен қатар сұйық және қатты отынды сатып алуға 6,9 миллиард теңге бағытталды. Өңіріміздегі елді мекендердің табиғи көгілдір отынмен қамтылуы көмір және сұйық отынға деген сұранысты едәуір төмендетіп отыр. Алдағы жылыту маусымына бюджеттік мекемелердің қажеттілігі 4,4 мың тонна көмір және 1,4 мың тонна сұйық отынды құрады. Күні бүгін барлық отын түрлері қажетті орындарға жеткізілді және жылыту маусымына дайын. Бұл жұмыстарға 323,4 миллион теңге қаражат жұмсалды. Бүгінгі күні 645 білім беру, 407 денсаулық сақтау, 379 әлеуметтік нысандар, сонымен қатар 1269 көп қабатты тұрғын үй маусымға толықтай дайындалып, жылыту жүйесіне қосылды. Республикалық бюджет қаражаты, сонымен қатар коммуналдық кәсіпорындардың өз қаражаттары есебінен 12,5 шақырым жылу желілерін, 15,8 шақырым су құбырлары және кәріз желілерін, 666 шақырым электр желілерін, «Жайықжылуқуат» АҚ жылыту қазандықтары мен жылу желілерін салуға, жөндеуге және қайта жабдықтауға 295,7 миллион теңге қарастырылған болатын.  Күні бүгін 141,4 миллион теңге қаражатқа 7,9 шақырым жылу желілері күрделі жөндеуден өтті. Жылу электр орталығын жөндеуге 154,2 миллион теңге қарастырылып, бүгінде барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпорынның теңгерімінде 19 қазандық бар. Күні бүгін барлық қазандықтар тексеруден өтіп, жылыту маусымына толықтай қосылды, — деді Ға-лым Орынғалиев.

Қайрат Мұхамбетқалиевтің айтуынша, күннің күрт суытуына орай 783 көп қабатты тұрғын үй жылыту жүйесіне қосылған болса, қалған үйлерге де бір-екі күнде жылу берілмек. Коммуналдық шаруашылық бойынша осы жылға жоспарланған барлық жұмыстар өз уақытымен толық аяқталған. Көктем айларында жылу құбырларының ақауын анықтау мақсатында бірқатар тексерістер жүргізілген. Жылу құбырларын жоғарғы қысыммен тексеру барысында сексенге жуық ақаулар анықталып, толық жөнделген.

— Қысқы жылыту мерзіміне жүз пайыз дайынбыз деп толықтай айта аламын. Қыс мезгіліндегі жол тазалау жұмыстарына да техникалар толық дайындықтан өтіп, жанар-жағармайлар да алынып қойылды. Сонымен қатар бұл жұмыстарға жыл соңына дейін он арнайы техника сатып алуды жоспарлап отырмыз. Жолдардағы көк тайғақты болдырмау үшін тұзды-құмды қоспа да әзірленді, — деді Қайрат Қуанышқалиұлы.

Сондай-ақ брифингте сөз алған «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының бас директоры Мұрат Байменов атқарылған істермен қатар жұмыс барысындағы түйткілді мәселелерге де тоқталып өтті.

— Биылғы жылыту маусымына біздің мекеме бойынша 311 миллион теңге қаражат қарастырылып, бүгінгі таңда толықтай игерілуде. Осы қаражат есебінен жылу орталығына 106 миллион теңге қаржы бөлініп, күрделі және ағымдағы жөндеулер жүргізілді. 476 миллион теңге қаражат жылу жүйелерін жөндеуге жұмсалды. Бұл қаржыға Т. Масин, Әбілқайыр хан кө-шелеріндегі  магистральды жылу жүйелері жөнделіп жатыр. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары 95 пайызға орындалып, ішінара жылу берілді. Қалған жұмыстар бір-екі күнде толық аяқталады. Айта кететін жайт, «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының «ҚазТрансГазАймақ» мекемесіне күні бүгінгі берешегі 481 миллион теңгені құрап тұр. Бұның сыртында қала тұрғындарының біздің мекемеге бережағы 300 миллион теңгені құрады. Кейбір тұрғындар тіпті бес-он жыл бойына пайдаланған жылу үшін қаражат төлемей отыр. Қазіргі таңда қолымызда берешек тұрғындарға шығарылған 100 мыңнан астам  сот шешімдері бар. Қарызды қайтару мақсатында көптеген шаралар қолданып көрдік. Жылуға бережақ тұрғындардың пәтерлеріндегі жылу батареяларын кесіп алып тастау шарасына дейін бардық. Бірақ әзірге нәтиже болмай отыр. Ендігі жерде заң бойынша жазаның қатаң түрлерін қолдануға мәжбүр боламыз, — дейді Мұрат Болатұлы.

Баспасөз мәслихатына қатысушы сала басшылары журналистердің бірқатар сауалдарына да жауаптар қайтарды. Қаржылық жағдайдың күрделілігіне қарамастан, жылудың бағасы алдағы бес жылда қымбаттамайды деп сендірді сала басшылары. Тұрғындардың тұтынылған коммуналдық қызметке төлеген артық төлемдері келесі есептеулер кезінде ескерілетіндігін жеткізді. Сондай-ақ соңғы жылдары пәтерлерге орнатылып жатқан жылу есептегіш құралдары тұрғындар үшін тиімді екені айтылды. Ал «Жайықжылуқуат» АҚ кәсіпорнының мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы басшысы Бакир Каримовтен 349 миллион теңгені өндіру сот шешіміне сәйкес жүзеге асырылмақ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар